Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  214


Автор: Еркін Оралбайұлы

ТҮНГІ МҰҢ

 


 


 


Бұрын біліп, сезбеппін мүлде мұңды?


Көңіл хошың болмаса тіл де мұңлы.


Жүрегіңе мұз қатса шыңдағыдай,


Ыстығымен ерітпес шілде шыңды.


 


Жел сияқты ұшырар күнде құмды,


Тағдыр білер кезерін кімге ұңғы.


Қалың ойға батырып мына тағдыр,


Уайым атты әкелген түнде сұмды.


 


Еңсені езіп сол ойлар жаншып түнгі,


Ет жүрекке жатқандай шаншып сүңгі.


Айдын көлдей жарқырар бақ орнына,


Тағдыр сыйға беріпті шалшық суды.


 


Естігендей боламын таңсық үнді,


Жарқыратып кетердей аршып түнді.


Бақыт келген ғұмыры өте қысқа,


Күн көзіне кебетін таң шық сынды.


 


Шауып түсер қылыштай ашып қынды,


Сол мұң келген бурадай шашып жынды.


Қыстың қысқа күніндей сол бір бақыт,


Мұңға орын босатып қашып тынды.


 


Солдырғандай өмірім гүлдерімді,


Сүйреп жүрген сияқты сүлдерімді.


Басқан сайын мұң келіп, ширай түссем,


Үзгізе алмас сол бір мұң күдерімді.


 


Еркін Оралбайұлы  8.05.2018.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу