Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  117


Автор: Еркін Оралбайұлы

КӨҢІЛДІҢ ШӨЛДЕГЕНІ

 


 


Адастырар кейде өмір сергелдеңі,


Әуреге сап адам деген шермендені.


Қол жеткізбес арманды алып келіп,


Сағынышпен жүрегіме шер келгені.


 


Қыса ұстап бақытымды шеңгелдегі,


Қу көңілдің екі ұдай боп, сенделгені.


Алаңсыз тіршіліктен түк қалмады,


Өзгергенмін өміріме сен келгелі.


 


Баурап алып, сезім атты жел денені,


Дегені ме тағдырыңды жең дегені?


Қинағанша қу жанды, дұрыс па еді?


Бұл сезімнің жүрекке кеп енбегені.


 


Көңіл алаң шайқағандай жел кемені,


Қиын екен сезімді ақыл жеңбегені.


Кейде күдік ішті тырнап мазалайды,


Емес пе деп, пәк сезімге сенбегені?


 


Ауыр тиген жанды сезім ендегені,


Ғашық болмай ұға алар пенде нені.


Көңілімді бір сұрақ мазалайды,


Сағынышпен ойлай ма деп сен де мені?


 


Несі екен, бұл көңілдің шөлдегені?


Шыққаны ма сағым болып көл дегені?


Сыртқа теуіп сезімімді ақыл-ойдың,


Қиын екен қарсыласып көнбегені.


 


Еркін Оралбайұлы  13.10.2018.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу