Өлеңдер ✍️
АЗ ҒҰМЫРДА
Түсінбеген сөз төркінін мән біліп,
Талайы жүр ақыл ұқпас әңгүдік.
Ақыреттік амалдарын ойға алмас,
Қалатындай бұл өмірде мәңгілік.
Ақылын жеп көрсетеді сан қылық,
Досы түгіл дұшпанын да таң қылып.
Ренжітсе де жақындарын ойланбас,
Сияқты оған мұның бәрі заңдылық.
Қалғандай бір саналары уланып,
Ақыл қайда, кеткені ме буланып?
Ақшасы бар адамдарды дос тұтып,
Жақындайды дүние үшін қуланып.
Қырсығады ағайынмен санасып,
Мойын бұрмас туысына жаны ашып.
Көрсеткені жылы шырай жақынға,
Дәмсіз етіп берген еттей шала асып.
Алла білер жасайтынын кім қанша,
Өтеді өмір көзді ашып- жұмғанша.
Қартайғанда керексіз боп қалмағын,
Сыны кетіп шеті сынған құмғанша.
Өте шығар мына жалған бес күнде,
Мәңгі қалар жоқ-ау сірә ешкімде.
Аз ғұмырда жамандықтан аулақ бол,
Иман нұры, күлкі тұрсын кескінде.
Еркін Оралбайұлы 26.08.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇