Өлеңдер ✍️

  20.02.2025
  1460


Желтоқсан оқиғасына қатысушы МОНОЛОГЫ

«АҚТАЛДЫМ»


Желтоқсан оқиғасына қатысқан шығысқазақстандықтың 


М О Н О Л О Г Ы


 


Бейбіт күнде қара жамылып жатқанмын,


Сырымды тек жақындарға ақтардым.


Уа, жарандар, Тәуелсіздігімнің арқасы!


Мен бүгін шыныменен ақталдым!


 


Желтоқсанмен қан жұтып талай батқан күн,


Қазақ үйі жоқтау айтып жатқан күн...


Уа, халайық, қуанышымды бөлісем!


Себебі, мен бүгін, міне, ақталдым!


 


Жүрегімде шаттық сезім тұр толқып,


Егеменді ел жастары жүр шалқып.


Уа, ағайын, мен де ақталдым, сенесің бе?!


Отырсың ба, білгің келіп, сыр тартып...


 


Айғақ бәрі, айқын, әділ заманда


Мен шындықты айтпай енді қалам ба?


Желтоқсанның ызғары мен сұрқайы


Тимей қойған жоқ, қазағым, маған да...


 


Ыстық су мен суық судан шектік азап,


Мүсәпір кейіп киді ол күн текті қазақ...


Шашымыздан сүйрегенде тайсалмай


Қан боп жуып кетті бір сұмдық ғажап...


 


Сонда-дағы қайсар мінез қойсын ба?..


Өрекпіген өршіл саясат тойсын ба?..


«Мен ақталдым» деп қуанам бірақ та...


Қыршын кеткен замандас орны толсын ба?..


 


Отырамын билеп кеудем қорқыныш,


Қалған мына кеудемдегі жарты күш...


Ақталсам да естен кетпес түстей боп


Оянамын әлі ұйқымнан шошынып...


 


Жүрген күнім, күлген күлкім жасанды


Сияқты боп ұйқысыз түндер жас алды...


Құдайым-ау, неткен қатыгездік ед(і)


Шаш ал десең, сұмдар келіп бас алды...


 


Төрт құбылам тең болса да, ел аман,


Тауым, суым, ауыл-аймақ, жер аман,


Бір күдігім тұрады секем шақырып


Ел аман болса, Тәңірім, шүкір, мен аман!


 


Шындықты айту – тарихты алдау, тегінде,


Шырғалаң мұндай болмасын енді елімде.


Ақталып жатыр енді ғана «Алаштық»


Ел үшін деген үлесім бар шығар менің де.


 


Желтоқсан оқиғасына қатысушы сұрауымен жазған Абирова Салтанат Кабылхановна 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу