Өлеңдер ✍️
БІР КЕМ ДҮНИЕ БІЛСЕҢІЗ...!
Қию-қию тіршілік,
Жастығым тұр күрсініп.
Ластанған бұл ғаламнан,
Жан дүниесі түршігіп.
Өтіп жатқан өмір-ай,
Қалып қойған көңіл-ай.
Үміт оты жоғалып,
Ақталмаған сенім-ай...!
Алданған көп адамдар,
Дөрекі көп надандар.
Денсаулыққа зиянды,
Сөреде көп тағамдар.
Жетімдер жүр далада,
Жесірлер жүр қалада.
Ата-анамыз без бүйрек,
Қарамайтын балаға.
Ісімізді «жөн» дейміз,
Ойым дұрыс, «көн» дейміз.
Үлкендерді тыңдамай,
Сөзін бұрып, жөндейміз.
Тұрамыз-ау қырсығып,
Жатсақ-дағы тұншығып.
Жаратқанға сыйынып,
Қылмаймыз-ау құлшылық...!
Жанымызды қинаймыз,
Ақша, атақ жинаймыз.
Өліп бара жатсақ-та,
Ашкөздікті тыймаймыз...!
Мазаласа құм дала,
Үн қатамыз мұңдана.
Болмай қалса ісіміз,
Шығамыз-ау бұлдана...!
Сабыр қалды жат болып,
Тәубе қалды мат болып.
Шүкірлік жүр біртіндеп,
Репрессияға тап болып.
Ашу, ыза көбейіп,
Өзімшілдік кеңейіп.
Мейірім тұр жұрдай боп,
Жетімсіреп, мөлейіп.
Қанағат жүр далада,
Сыймай үлкен қалаға.
Үндеп келсе сыйластық,
Ақша түсер араға...!
Ұят қалды жоқ болып,
Көрсе қызар көп болып.
Ай көреміз басқаны,
Жан дүниеміз от болып.
Қалды отбасы жырақтап,
Ажырасу тұрақтап.
Бойдақ өмір көбейді,
Бір-бірлерін қуаттап...!
Сіз-біздікті жоғалттық,
Тасада қап жомарттық.
Сұрамаймыз кешірім,
Жасасақ та ағаттық.
Оңай затқа құнықтық
Жалқаулық көп былықтық.
Жағымпаз боп сөйлейміз,
Екі жүзді қылық қып.
Шетте қалса ойымыз,
Болмай қалса тойымыз.
Өзімізден көрмейміз,
Аштан өлсе қойымыз....!
Кінә іздейміз өзгеден,
Болса ісіміз көздеген.
Түсіреміз қармаққа,
Жылы-жылы сөзбенен...!
Ойлаймыз-ау, білем деп,
Мәңгі өмір сүрем деп.
Ысырапты жасаймыз,
Етті әкеліп білемдеп...!
Сосын бәрі қалады,
Жұлдызымыз ағады.
Өте шығар бұл өмір,
Болса-дағы бағалы...!
Жүректер көп жаралы,
Үйлерім көп қаралы.
Үлкен-кіші кетуде,
Төмпешік қып даланы.
Бір кем дүние, білсеңіз,
Ертеңді ойлап жүрсеңіз.
Аялайық өмірді,
Маған құлақ түрсеңіз...!
10.11.2024 ж
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇