Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  174


Автор: Жібек Ысқақова

МҰҚАҒАЛИ, АБАЙДЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

Таң атады, күлімдеп күн көгімде,
Күн батады қызарып нұр төгіле.
Аққу құстар тербелді айдынында,
Қанат жайып, жайғаса жыр еліне.
Жыр елінде бәрі де өзгеше тым,
Сазды әуен жүректің төрінде тұр.
Жүзімізді өбеді салқын самал,
Айналамыз нұрлана көріне бір.
Кешкі бейне кіреді тербетіле,
Бір ғажайып енгендей жер бетіне.
Балалардың дауысы баурап алып,
Үн қосады жайнатып келбетіме.
Аталар мен әжелер: «Балам» дейді,
«Сендерменен көрікті далам» дейді.
Немересін құшақтап, еміреніп,
«Кірпіш болып дүниеге қалан» дейді.
Аналар жүр үйінде, күйбең тірлік,
Ішіндегі айтылмас күйден сыр қып.
Әкелер жүр айналып үй алдында,
Аналарға бір дана гүлден сый қып.
 Ғашықтар жүр жарқырап жұлдыздары,
Болашағын талқылап ұл-қыздары.
Жыр елінің жастары қол ұстасқан,
Еліміздің ертеңі… құндыз бәрі…
Үлкен-кіші клубқа жиналып ап,
Өлеңдерді оқиды жылдамырақ.
Мұқағали үні боп, бірі Абайдың,
Алады олар рухани жырдан қуат…
Осы міне, бейнесі жыр елінің,
Жарқын сәті ғажайып бұл елімнің.
Мұқағали, Абайдың ұрпақтары,
Бұлағындай сарқылмас жыр кенінің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу