Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  44


Автор: Серікбай Оспанов

Ғұмырлы қарт

Елің үшін,


Қамы үшін бала-шаға,


Масақ тердің қар жауған қарашада.


Ер көңілмен,


Еңбекпен шыға білдің


Қамал болып қиындық қамаса да!


 


Өткен күнде еске алсаң бүгін кейде


Денең ата, тоңазып, дірілдей ме?


Сол жылдары суықта үсік шалған


Әлі күнге саусағың бүгілмей ме?


 


Қандай сыр бар, апыр-ай, сірә, мұнда


Кейінгілер түртпектеп сұрады ма?


Белін кейде жаздырмай қала ма әлі,


Естіп кейде ауырлау құлағың да?


 


Сан азапқа, төзіп ең сан қайғыға,


Талай-талай көтеріп айқайды да.


Өткеніңді білмейтін бәз біреулер


«Саңырау шал» деп сені атайды ма?!


 


Ағайынның алғансың мол алғысын,


Кейінгіге өнеге болар ісің.


Ойланбайтын кей жастар қайдан білсін


Болғаныңды мүгедек солар үшін!


 


Мәз болып тек жүрмедің қарайғанға,


Жүру үшін талпындың қалай да алда.


Қар астынан сен терген алтын масақ


Ғұмыр болып жалғанды талайларға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу