Өлеңдер ✍️

  26.06.2023
  302


Автор: Серікбай Оспанов

Ұршық

Көзі көрмей қалғалы


Ойға батып,


Ұршықты алып ақ әжем күрсінеді.


Талай жылдар ойнатып, жорғалатып,


Қолынан түспей келген ұршығы еді.


 


Әжем іске бүркіттей шүйілетін,


Жібек қолда жібек жүн есілетін.


Сағат сайын бір ұршық киінетін,


Сағат сайын қайтадан шешінетін.


 


 


Жіппен ойнап жүгірсе бала мысық,


Өзі де ойнап кеткісі келуші еді.


Енді бүгін, қараңыз, жанары шық,


Әлемдегі әженің көңілшегі!


 


Көрмеп еді иіліп ол тұрғанда,


Отырса да белі бір бүгілмейтін.


Таңнан кешке тапжылмай отырғанда


Ертегі де, жібі де үзілмейтін.


 


Кетуші еді тік тұрып баяғыда,


Тұру қайда орнынан бүгін ыршып.


Көтерілді сүйеніп таяғына,


Зырылдайды тек енді ғұмыр-ұршық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Жанна
Жанна 10.11.2025 14:48
Менің жасым 41де. Маңғыстаудың қызымын. Астанаға биыл көшіп келдік. Мен ес білгелі, үйде анам ұршық иіреді. Нағашы мамам келсе, ол да иіреді. Солардың ұршығын қызықтар, иіріп қарап, өзім де үйреніп кеттім. Ұршық иіретініме 30жылдан асты. Әлі иіремін. Астанада отырып та, ұршық иіремін. Мынау өлең менің әжемді еске түсірді. Өте әсерлі екен

Пікір жазу