Өлеңдер ✍️

  11.05.2023
  114


Автор: Қайырбек Шағыр

Мәңгілік қала Алматы – Алаштың бағы!

 


 


Алматы қаласы, «Қазақстан» қонақ үйі, 5 шілде, 1984 жыл


(Бала кезімде бір кітаптың мұқабасына 


осылай жазыппын)


 


Қала дегенді көрмеген «қараңғы» шағым,


Қиялмен жасап алғашқы қадамды шағын


Кітапқа жазып алыс бір армандарымды,


Алматыда да боп қайтқан адам құсадым.


 


Қиялдауменен күн өтті, жаңарды жылым,


Турист боп алғаш аттадым табалдырығын.


Ақынды көрсе арбайтын Алатау менен


Алматы сонда салған-ау маған құрығын.


 


Абитуриент боп келдім аңқылдап жазда,


Шаппаса бағың, бабыңмен талпынған аз ба?


ҚазМУ-ден құлап, қол бұлғап далама қайттым,


Ұқсап бір отқа қанаты шарпылған қазға.


 


Студент емес, көшеңде керзі етікпенен


Солдат боп енді келем деп мен де күтпем ем.


Алматы мені сынадың, шынықтырдың да,


Есейіп қайттым едәуір ержетіп сенен.


 


Ауылда жүріп өзіңді сағына бердім,


Жығылған тоймас күреске, тағы да келдім.


Телмірттің жетім бұрышқа, жаймабазарға,


Сонда да сенен безбеген бағы бар ердің.


 


Заманға қарсы ту етіп арды ұстағанмын,


Арманым ылғи жетелеп алға ұшқан әр күн.


Кітабын оқып, өздерін көре алмай қалған,


Ақындарды іздеп Кеңсайға барғыштағанмын.


 


Жұмыссыз, үйсіз, көңілсіз жатқанда налып,


Жанашыр жандар құшағын ашқандары анық.


Жоғалтып алғаш өзіңде сүйген аруды,


Көшеңді кездім көзімнен жас парлап ағып.


 


Алматы, кешір, ауылға жүрегім бейім,


Сонда да сенсіз мен өмір сүре білмейім.


Сынай да жүріп төріңнен орын ұсындың,


Жар тауып сенде көшімді түзедім кейін.


 


Әлі де талай ауылдан шайыр қаптаған,


Келеді балаң жырларын дайындап саған.


Қаланың алтын тәжіндей – «Қазақстанды»


Парфенон, Колизейлерге айырбастаман!


 


Алатауың тұр аялай қарап шыңдары, 


Өркениеттің, өнердің ғажап құндағы,


Алмасы және алмадай арулары көп,


Мәңгілік қала Алматы – Алаштың бағы!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу