Өлеңдер ✍️
Шілденің түні
Жарық көше,
Тымырсық ауа тұншықтырған жапырақтар
Шөлдеп, кенезесі кепкен,
Түсіне теңіз кіріп қалғып тұрғанда
Тереземнен үңілген көшенің жарығымен
Өлі көлеңке қымтаған болмемде
Үш өркешті түйенің көлеңкесі кезіп жүргендей
Үрейлі.
Шілденің тымырсық түні...
Таудағы, жасыл шалғынды, орман арасындағы
Сүйспеншілікке толы ағаш үйді есіме алдым
Ауасын сезінуге тырысып көрдім
Бірақ...
Үрей сейілмеді,
Перденің артында тұрған көлеңке
Үш өркешті түйе сияқты...
Жалғыз аяқты адам
Жылқы құйрықты ешкі,
Сібірткі мінген кемпір
Қайнаған суға тұншыққан тасбақаның үні,
Суға батып бара жатқан титаник кемесі...
Өңім мен түсімнен шаршап
Келер көктемде көк шөп арасындағы
"Сүйспеншілікке толы ағаш үйге барам" деп
Өзіммен өзім күбірлеп сөйлестім...
Өз құлағыма өзім сендім.
Өз көзіммен көргім келді
Ағаш үйдің іргесіндегі өзенді,
Сайраған құстарды
Ай астындағы ауаны
Қалғыған тауды, мүлгіген орманды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter