Өлеңдер ✍️

  16.12.2022
  218


Автор: Дүйсебай Дәуірбек

Әмір Кәбір

 


 


Персияның бас уәзірі, реформатор Әмір Кәбір 1852 жылы Кашандағы сарай моншасында кісі қолынан ажал құшқан. Қазаға оның халық алдындағы биік беделінен сескенген шаһтың қатысы бар деседі.


 


Бұл жерде Әмір Кәбір өлтірілген,


Шарпыған зұлымдықтың өрті мүлдем.


Алмастай перзентінен айрылғанда,


Қашыпты Иранбақтың көркі бірден.


 


Бұл жерде бас уәзір пышақталған,


Көрдік қой көресіні ұсақтардан.


Адамзат асылдарын қорғай алмай,


Өлген соң еңіреген, құшаққа алған.


 


Көз жұмды бейбақ жұрттың көрегені,


Жалғанбай ісі қалды өнегелі.


Алғашқы, бұл қастандық соңғы да емес,


Қанша елдің өлді осылай көп өрені.


 


Тақты ойлап, бес-ақ күндік жалғанды ойлап,


Не істемес дүниені алған жайлап?


Солардың қолдарынан жер құшты ерлер,


Қапыда құлагерлер қалған жайрап.


 


Жаңғыртып жүректерде жарқын үнін,


Алыпты Заман бегі жан шырымын.


Кеудесі қарс айрылып өкініштен,


Мынау ел аңсайды әлі алтын ұлын.


 


Алтын бек туар ма екен тағы да елден?


Гүл болып өнер ме екен қаны жерден?


Құлазып қалған бақ пен сарай мынау,


Ей, тарих, бұл моншада Әмір өлген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу