Өлеңдер ✍️

  12.10.2022
  471


Автор: Гүлсім Сатыбалды

Әлихан Бөкейханды аңсау

 


Қалу үшін ел болып мәңгілікпен,
Ұлт тарихын зерттеді, сан күдікпен.
Қол астынан Рессейдің шығу үшін
Бастап еді, Әлихан, таң үмітпен!
Кенесары-Наурызбай ізіменен,
Жасап ұлттық қозғалыс, жан үгіткен.
Сызып карта, енгізіп шекараны,
Отау етті, Қазақты заңдылықпен.



Отаршылдық саясат, қақпан құрған,
Аңқау елді, орыстар мақтан қылған.
Қолдау таппай Әлихан, бүкіл елден,
Өнер- білім бағытын аттандырған.
Ру-тайпалы шежіре жазып тұңғыш,
Тұрмыс-салтын қазақтың сақтандырған.
,,Аңқау елге арамза молда көп” - деп,
,,Би һәм билік”- жазбасы, жат тандырған!


 


Бойындағы көсемнің, қылықты ұғып,
Жазалады орыс мың, құрық құрып.
Тайсалмады, сынбады, елі үшін,
Абақтыға жүрсе де, қырық кіріп!
Шығармасын тұңғыш боп, Абайдың да,
Жинақтады бағалап, ғұрыпты қып.
Қуылса да, елінен жер аударып,
Дүниесін шет елдің, ұғынтты жұрт.


 


Жала жаза, жан кетті, жел өтінде,
Арнағанды…, ғұмырын ел етуге.
Түп-тамырын, Қазақтың жою еді,
Империясы Кеңестің ниетінде.
Енді келіп, төрімде қонақтап жүр,
Ұқсаған боп, біздерге иетінге.
86- жастары алып келген,
Азаттықтың таңы бұл, ие Күнге!


 


Әлихандар…,
күнелтіп, торда шерлі,
Ұрпағы біз білеміз, жолдас елді.
Жауыздықтан ішегі ағармаған,
Арлы пенде, момын жан болмас енді.
Еркіндіктің, сәулесін жағып берген,
Боздақтарым, ел үшін мұң бас еді.
Ал отанға опасыз жасағанның,
Мақшар мекен, меншігі, оңбас жері!


 


Төңірегі, төркіні астан-кестен,
Аз болмай тұр, көргені бастан кешкен.
Алихандар, айбарлы көп болғанмен,
Дәл өзіңдей бұл күнде көштен өшкен.
Жалдамалы батыр көп, бұл қоғамда,
Оңашада, кейбірі, ескен-бөскен.
Батырмын деп, кеудесін қаққан көбі,
Әйелінен төмендеу, көшке көшкен!
Өзің аңсап, жан берген, бұл еліңді,
Әруағың қолдасын, өшкен естен!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу