Өлеңдер ✍️

  07.10.2022
  89


Автор: Түрік поэзиясы

ДАДАЛОҒЛУ

1
Жаз айлары келді тағы,
Біз көшеміз дедектеп.
Сілкілеуде сел бұтаны,
Қара нөсер шелектеп.
Жапырақ жайды таныс бағы,
Шулап құстар шыр айналар.
Елін ойлап Алыстағы,
Кемсең қағып жылайды Анар.
Жасыл бақта əнге басты,
Көсем құстар, шешен құстар.
Біздің тағдыр мəңгі адасты,
Қайғы бізге екен құштар.
Дадалоғлу шер төгеді,
Дертім меңдеп барады деп.
Ал, бұлбұлдар өтеп оны,
Мұңлы əуенге салады кеп.
2
Отыр таста ақ келіншек,
Қобыраған түйіп шашын.
Жолай ма ол, жат көрінсек,
Сəлем берді иіп басын.
Қарлы таудан тас құлаттым,
Бара жатты ол домалап.
Түбі үзермін жас құрақты,
Ғашық болдым хорға балап.
Ақ бозыма тақтым моншақ,
Болды арудай бек бір өңді.
Жаз дидарлы жас қызды аңсап,
Тағы аралап кеттім елді.
Дадалоғлун дерт меңдеді,
Еске түсіп өскен мекен.
Үстімде тон өткендегі,
Бұлғар жаққа көшсем бе екен
3
Қол бұлғады афшар елі, көш жүріп,
Атқа қамшы басқан кезде біздің ел.
Тік секірді тұлпар біткен осқырып,
Асқар таудан асқан кезде біздің ел.
Белімізде жарқылдайды қылыштар,
Тас тесетін оқтарымыз бар тағы.
Шешім берген бізге өзі ұлықтар,
Бас кесетін жігіттер деп арқалы.
Дадалоғлу ертең шайқас бастайды,
Оқ борайды секілденіп күзгі жел.
Ерлер өлер, жаулар да жер жастайды,
Ал, қалғаны біздің ел.
4
Он бесімде жігіт болып бел будым,
Дүниенің қос сұлуын тең қудым.
Аулақ болдым ұсақ-түйек күйбіңнен,
Ақ боз ат пен сұлу қызды сүйдім мен.
Атты сүйдім ұзын мойын, қақпан бел,
Оғланым деп меніменен мақтанды ел.
Қарап бақты көзін сүзіп айналам,
Қыздың сүйдім талдырмашын жайнаған.
Хас тұлпардың жер жарады дүбірі,
Ат жалында жүр түріктің бір ұлы.
Ат толады бестісінде, кете аласың жорық қып,
Қыз толады он бесінде толған айдай толықсып.
Осы екеуін деп білемін көркі үйдің,
Мен екеуін алаламай тең сүйдім.
5
Жеті ықылым, төрт төңірек кезгенім,
Мынау əлем қайда барсам өз жерім.
Бүкіл дүниені Алосмандікі дер едім,
Білесіңдер төрт сұлтандық бөлгенін.
Батырың да, қарашаң да бас иді,
Аққан қаны өзен болып тасиды.
Алты араб атты шахбаз көз жұмды,
Бізді көрсе, əлем түгел жасиды.
Ғалымдарды бір ортаға жиыңдар,
Айналамда шешілмеген түйін бар.
Тер төкпестен мал табатын кез келді,
Жан беруің жан алудан қиындар.
Дадалоғлу сөзіне енді сеніңдер,
Сеніңдер де маған енді еріңдер.
Ақылсыз боп қалмау үшін ұрпағың,
Насихатты менен ала беріңдер




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу