Қазақ өнерінің антологиясы. Айтыс 3
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІ ҚОРҚЫТ АТЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ
Айтыс
III
ТОМ
«КҮЛТЕГІН» АСТАНА 2014
ӘОЖ 821.512.12.2 КБЖ 84(5Қаз)-5 Қ17
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару бағдарламасы» бойынша жарық көрді.
Жобаның авторы: М. Жолдасбеков
филология ғылымдарының докторы, профессор
Редакция алқасы:
М. Жолдасбеков (төраға),
А. Мұсақожаева, С. Қасқабасов, Ш. Ыбыраев, С. Негимов, Р. Әлмұханова, Ж. Ерман, А. Әлтаев, С. Дүйсенғазин,
Ш. Қойлыбаев
Қ17Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Құраст.
М. Жолдасбеков, С. Негимов. Астана, «Күлтегін» баспасы. ISBN 978-601-7318-40-6
Айтыс. Т. III. (Кеңестік кезеңге дейінгі айтыс). – 2014. – 400 б. ISBN 978-601-7318-43-7
Айтыстың бұл томына Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы және Ұлы Отан соғысы тұсындағы ақындар айтысы енгізілді. Кеңес дәуіріндегі ақындардың айтыс жырларында ел жуандарын әшкерелеу, қалың мал мен әменгерлікті сынау, тап тартысын көрсету, ауылды советтендіру сияқты тақырыптар қозғалса, 1943 жылы ұйымдастырылған I Республикалық халық ақындарының айтысы классикалық ауыз әдебиеті дәрежесінде өткені мәлім. Шашубай, Майасар, Нұрлыбек, Үмбетәлі, Ке- нен, Тәңірберген, Қуат, Жақсыбай, Молдахмет, Нұрхан, Әлібек, Орынбай, Нартай айтыстары отаншылдық рухымен ерекшеленеді. Сондай-ақ Жібек пен Құмар, Же- леу мен Көпбай, Қайып пен Ілияс, Қалқа мен Қуат айтыстары беріліп отыр.
Антология консерваторияның, өнер университеттерінің, өзге де жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, музыка мектептерінің мұғалімдері мен оқушыларына, айтысты зерттеушілерге, сондай-ақ, қазақ өнерін қастерлейтін қалың оқырманға арналады.
ISBN 978-601-7318-43-7 (Т. III.) ISBN 978-601-7318-40-6 (ортақ)
ӘОЖ 821.512.12.2
КБЖ 84 (5Қаз)-5
© «Күлтегін» баспасы, 2014
© М. Жолдасбеков
© C. Негимов
ХХ ҒАСЫРДАҒЫ АЙТЫС ӨНЕРІ: ТАРИХИЛЫҚ. ДЕРЕКТІЛІК. КӨРКЕМДІК.
Айтыс – ұлт мәдениеті тарихындағы ұлы құбылыс. Импрови- затор ақындардың ішкі әлеуетінің, жоғары мәдениетінің, ой мен сөз тапқырлығының, заман, халық, ұлт атынан ақиқатты айшықты жеткізетіндігінің көрінісі.
Айтыс ақындарында Кеңес заманы шындығы және сол бір уақыттың тыныс-тіршілігі барынша бедерленді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы айтыстарда тап күресі, ел жуандарын кәмпескелеу, ауылды советтендіру, сауат ашу, қалың мал мен әменгерлікті жою, зауыт пен фабриканы жырға айналдыру, қысқасы, айтыстың мәні мен сәнін, айшығы мен өрнегін сұрықсыздандыратын сұрғылт көріністерді көтермелеп көрсету белең алды.
«Аузынан уыз төгілген маңғаз байлар» осылайша сын садағына іліккен, елдің құтпаны, қорғаны бағландардан жаны түршіккен.
Дегенмен де айтыс ақындарының серпін-тегеуріні, аршын- ды да асқақ дауысы, «Үмбетәлі мен Нұрилә» (1919), «Кете Жүсіп пен Қалыш» (1921), «Керімқұл мен Бибіайша» (1925), «Ақтөре мен Жәмел» (1928), «Жібек пен Құмар» (1930), «Саяділ мен Май- са» (1936) айтыстарын Кеңес дәуіріндегі яғни 1919-1940 жылдар ішіндегі келісті де көркем айтыстар деп санауға әбден лайық.
Майсаның «Жылқы адамның қауырсын қанатындай» дейтін түйдегі тұтастай көркемдік қасиеттері өзгеше теңеулерден түзілген.
Немесе: «Даналықтан табылған қиын еңбек, / Деп ойлаймын өмірі өлмейтін зат» – дегені («еңбек-қазына») танымының тереңдігін та- нытады.
Саяділдің: «Жұмыр жер таным таппай қозғала ма?» деген сауалы- на Майса «Үнемі қозғалыста сырын ұқсақ» деп түйінді ой өрбітеді.
Тағы бірде Майсаның:
Аспанның астындағы алтын діңгек,
Көкпен тең деп айтамыз біз көңілді – дегені де тапқырлық. Тосын теңеу. Жаратылыс сырына зерек Саяділ:
Я болмаса:
Оралады оңына Күн мен Ай да, Танытатын жиһанды ақыл-айна.
Ғылым-теңіз қиялға азық болған, Өмірлік қуат беріп ұғымына.
Саяділ мен Майсаның ой орамдары, сөз саптаулары, дүниетаным деңгейі ақындық мәдениетке ие.
Кеңес заманындағы айтыс ақындары, негізінен, құт-береке тасытқан еңбек екпінділері – стахановшыларды, егіншілерді, қойшыларды, сауыншыларды, жылқышыларды, сиыршыларды, комбайншыларды, кеншілерді ықыластана, ынтықтыра жырлады. Әлбетте, уақыт қалауы, қоғам тілегі осылай. Сонда да ақындық сана, зерде көркемдік қиялға, эстетикалық қабылдауға, үлбіретіп айтуға бейім. «Сұлубике мен Зейнептің айтысы» (1943), «Сәт пен Нұрханның айтысы» (1957), «Насыр мен Қалмахан айтысы» (1957) көркемдік кестесі, ой дестесі жағынан алғанда бағалы.
Айтыста сыншылдық көзқарас, шынайы шыншылдық жарқын көрініс тапса, мәні зор есептелмек. Бұл орайда Қалмаханның:
Айнасы ауданыңның газетің бар, Дейсің ғой онда қанша қажетің бар. Қатеден аяқ алып жүре алмайсың, Немене, сауатсыз ба жазатындар? –
деп, Насырға шүйіледі.
Тілеген мен Сейітқасым айтысында ұшқыр мінезді қанатты жол- дар жеткілікті. Ақын Тілеген суреттеуіндегі «қыз-дала» келбеті:
- Гүлі – інжу, алтыны – астық, көлі – шәрбәт, Бойынан бір сұлулық тарағандай.
- Шеңгелдің қоңырауы қозғалады, Бойжеткен шолпысындай сылдыр қағып.
Аманжол мен Бекболат айтысында (1957) ел ішіндегі дінбұзарлар, әсіресе, протестант дінінің бір-тарауы баптистерді Аманжол ақын былайша сөгеді:
Көрдің бе, «Өрнек» тәртіп бұзғандығын, Ұйымын төбелестің құрғандығын.
Қалың жұрт еңбектеніп жүрген шақта, Жол беріп баптистерге тұрғандығын.
Төлеген мен Серіктің айтысында (1957) қазақ газеттерінің оқылмайтындығы, ана тілін кемсіту мәселесі дұрыс көрсетілген.
Ақын ұлттық тілдің дыбыстық жүйесін, сөйлем құрылысының заңдарын, сөздің экспрессивтік-эмоционалдық бояуын, сөздердің орналасу тәртібін, поэзиялық сөздің мәні мен мағынасын талғам таразысына салып, таңдамалысын алып, өлең-жырларын мәнерлі, өткір, шебер құрауға, қиыннан қиыстыруға ұмтылады. Бұл орай- да жалпыхалықтық тілдің қазынасын қалай пайдаланады, сөздің суреттілік, бейнелілік, асыл сырларын қалай таниды, нағыз сурет- керге тән шеберліктің үлгісін қалайша жарқыратып көрсетеді деген мәселелер алдымыздан шығады. «Тілді қолдана білу деп, – жаза- ды Ахмет Байтұрсынұлы, – айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз». Оның ойын одан әрі жалғастырсақ, сөз талдаудың шарттарын ол былайша белгілейді: 1) сөз дұрыстығы,
2) тіл тазалығы, 3) тіл анықтығы, 4) тіл дәлдігі, 5) тіл көрнектілігі. Бұлардың әрқайсысына тән белгілерді айтсақ, ол «сөзді дұрыс сеп- теп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру», «сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналасты- ру», «ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау», «лебіз ашық мағыналы, түсінуге жеңіл, көңілді күдіктендірмеу», «ойлаған ұғымға сөз мағынасының сәйкес келуі» және «толғау сөздің көрнекті болуы». Ал көрнектіліктің өзі бейнелеу құралдарына (айқындау, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, кейіптеу, әсірелеу, шеңдестіру, дамыту, түйдектеуге) тәуелді.
Ақын-жыраулар жырларында ұйқасты сөз тізбектері, яғни ды- быс үйлесімділігіне құрылған фразеологиялық оралымдар көптеп кездеседі. Мәселен, былайша: «Басымды әбжыландай қайқайтайын»
(қыз бен жігіт айтысынан), «Ай мен күндей толқыған» (Сарыбай),
«Бикешім айдай ару, сүттен сұлу» (Сейдәлі), «Қой қоздап, құлын қунап» (Жамбыл), «Теңіз толқып, қайық қалғып» (Үмбетәлі),
«Өлеңді өңгеру» (Нартай), «Ойды орып, қырды қырып» (Төлеу) т.с.с. Ақын-жыраулар поэзиясының лексикалық байлығын, интонация- лық жолын, ырғақтық кестесін көркейтіп көрсететін ассоциативтік тізбектерді айтып өткен дұрыс. Мәселен, «өнер-айла» (Шәріпжан),
«бота-тайлақ» (Оспантай), «жекжат-жұрағат», «ілім-білім», «қазан- ошақ», «аяқ-табақ», «тіл-көмейім», «ақыл-қайрат» «бақ-дәулет» (Омарқұл), «қыдыр-ырыс» (Тезек төре), «жал-құйрық» (Сүйінбай) т.б. Осынау тіркестер жайдан-жай ойға орала бермейді. Тілге шеберліктен, шешендіктен туып жатады. Олардың өлең ішінде қаншалықты әсерлі болып тұратынын білу үшін мына бір жолдарға назар аудара кетейік:
Жерімді туып-өскен сағынамын, Қайтейін жібермей жүр ырыздық-дәм.
(Ақтөре) Айдаған алыс жерден ырыздық-несіп, Кім болжар алдағыны болмақ нешік.
(Жәмел)
Синонимдес сөздер шығарманың экспрессивтік-стилистикалық мәнінкүшейтеді, толқындата сөйлеугемүмкіндікбереді. Зерттеушінің жазуынша, «синоним сөздердің ішінен суреткер өз көкейіндегі сыр мен шындықты дір еткізіп дәл жеткізер ең қажеттісін ғана таңдап алады. Мәселен:
Бәйшешектей гүл шашқан, Өрімдей науша жастарым. Отанымның сәулеті – Айбарым, көркім, мақтаным!
(Нұрпейіс)
Қуанышым, қуатым, жан серігім, Сұм ажалға кез болды түзде жатып.
(Иса)
Айтыс ақындары сөз бәсекесіне, өнер бәйгесіне түскенде, ең алдымен, ақындық қуатын, өнерпаздық қабілетін, сөз қисыны мен нақышын келтірудегі зергерлігін көрсетуге тырысады. Бұл әріден
тамыр тартқан көне дәстүр. Ақын бейнесі өз өлеңдеріндегі бейнелі сөздерден сәулеленіп көрініп тұрады. Небір әсерлі, көрікті сөз – ұғым, сөз – символ осынау ақын образының айналасында жанды, көрікті суреттер жасап, тамырласып тұтасқан.
Өлең сөзге өрен жүйрік екенін таныту үшін «Түлкісін қызыл алтай сөздің қуып», «Шаңқан боздай сөзіме шаң жұқпайды» (Үмбетәлі),
«Өлеңнің тандайымда ұясы бар» (Ләтипа), «Өлеңнің тау мен та- сын құлат маған, кәрі тарлан Жамбылдан дәмең болса» (Жамбыл),
«Өлеңге жел жетпейтін желқобызбын» (Ілияс Манкин) деп тоқылған образдық- поэзиялық суреттерге қарау керек болады.
Оспантай ақын Үмбетәлімен айтысында ақындардың атасы Жам- былды «жалғанды жарық қылып жалғыз гауһар» деп бағалап, оның жыраулық өнерін былайша өрнектейді:
Айтулының бірі еді, Бозбаланың гүлі еді. Домбыра таңдай тақылдап, Тіл мен жағы сапылдап, Қисынын тауып қиядан, Ақсұңқардай іледі.
Тоқсанға жасы келгенде, Тастүлектей түрленіп, Лашын кұстай жүреді.
Қозғалып түптеп сөйлесе, Ебінің дауыл желі еді.
Ағызып алған бұлақтай, Науаша құйған кен еді.
Мұнда фольклор стиліне тән сипаттаулар мен қалыптасқан халықтық сөйлемдер пайдаланылған.
Ал Жамбыл Үмбетәлі мен Нұриләның айтысына төрелік беруінде нағыз өлеңнің өзгешеліктерін қара қылды қақ жарғандай жіктеп, жіліктеп, мүшелеп береді. Сөйтіп, өлеңнің сазы, көркемдігі және мағыналық салмағы жайында былай деп толғайды:
Айтылса әрбір өлең әніменен, Дауыс та құбылады сәніменен. Аршын сөздің асылын ақтар бері, Сәніменен, маңызды дәніменен.
Өлең сөздің болмысы, жаратылысы туралы ой-толғаныстар, ақындық алғырлығына деген сенім мен серт айтыс ақындарының шығармашылығына тән сипаттар. Мысалы:
Жақсы сөз жұпар аңқиды, Жақсы шөптің гүліндей.
(Кенен) Айнадай алғыр сөзім болсын өрнек. Намысын отанымның ойлауға, Шекердей шыққан сөзім бал тілімнен, Дәмі жоқ сөйлемеймін сөзді кермек...
(Әбдіғали)
Ал қанатты ақын Нұрлыбек болса:
Асыл сөз сұңғыла ойдан шыққан қайнап, Көк дауыл толқытқандай толқын айдап. Шарықтап шартарапты ұшқыр қиял, Төгілсін сөзден нөсер нажағайлап, Әйгілі сөз майданы ашылғанда,
Бір күлер дарынды ақын гүл-гүл жайнап, Шын жүйрік той-топырда тоқтай алмас, Тұлпардай ауыздығын қарш-қарш шайнап. Алысқа асқар асып жөнелді ақын, Құлындай құлдыраған салып ойнақ.
Ақындық арнасына сал кұлақты, Салғандай алдаспанды қия қайрап, –
деп, қиял қанатында самғап, толқи тебіренеді.
Айтыс ақындары Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында елінің еңбеккерлігі мен ересен ерлігін, яғни тыл өмірін терең жырла- ды. Халық шаруашылығы мен өндіріс орындарының ішкі өмірін сын көзімен тексеріп, зерттеп, совет адамдарының жанқиярлық еңбегін, онымен қатар ел арасында кездесіп отырған өрескел қылықтарды да ащы тілмен түйреп, масылдықтың, жалқаулықтың, кеселді жағдайлардың түп-тамырына балта шабуға тырысты. Іріген-шіріген құбылыстарды жоюға өлең сөздің уытын жұмсап көмектесті.
Ұлт руханиятының тарихында айтыс өнері айрықша құбылыс. 1943 жылдың 8 тамызында республикалық ақындар айтысын өткізу жөнінде арнайы шешім қабылданды. Мақсаты – айтыс өнерін халық
кәдесіне жарату, сөз өнерін ел мүддесіне қызмет еткізу, пәрменді қуатын елімізге келген дұшпанға соққы беруге пайдалану, елдің еңсесін көтеріп, ердің егесте есесі кетпеуі үшін айбатты болуға үндеу.
1943 жылдың 4 желтоқсаны. Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры. Сахнада көз сүйіндірер ою-өрнектермен нақышталған қазақтың киіз үйі. Тарих қаһармандарын тірілткен Республикалық айтысқа еліміздің әр жерінен келген Қазақстан еңбеккерлерінің өкілдері, әйгілі халық ақындары – Жамбыл, Ке- нен, Шашубай, Қуат, Орынбай, Әбдіғали, Майасар және басқалар. Әділқазылар алқасының мүшелері – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мектептер бөлімінің меңгерушісі Б.Исабеков, саяси-ағарту жұмыстары секторының меңгерушісі С.Ахметов, ака- демик Қ.Сәтбаев, Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Өнер істері басқармасының бастығы С.Толыбеков, Қ.Қуанышбаев, М.Әуе- зов, С. Мұқанов, Е.Ысмайылов, К.Байсейітова, А.Жұбанов.
Өлең-жырды орысшаға аудару ісімен Ғайша Шәріпова бастаған ақындар тобы шұғылданды.
Айтысты жазушы Ғабит Мүсірепов ашты да, кеңестік заманның ұлы жыршысы Жамбылға сөз берді. Ғасыр куәгері:
– Алатаудан, Арқадан, Ақындарым келіпсің, Тілдерінен бал тамған, Жақындарым келіпсің. Ертіс, Еділ, Іле, Сыр, Бас қосқалы келіпсің. Жүрген жері думан жыр, Сендер елге көріксің! –
деп, толқынды, отты, қуатты толғауын бастады. Ол Сүйінбай мен Қатағанның, Кеншімбай мен Орынбайдың, Сарбас пен Майкөттің, Құлыншақ пен Қуандықтың, Шөже мен Кемпірбайдың ақындық дәстүрлерінің мықты желісін, алтын арқауын босатпай ұстап, өлең- жырды көкдауылдай боратып, шарықтап, шалқыңдар, толғанып ша- быттанып, тасқындап тебіреніңдер, сөз нөсерін селдетіңдер, миуа- сын теріңдер, өнер бәйгесінде қарыштап алға шығыңдар, батырлық, ерлік күндердің толғауын төгіңдер деп жар салды.
Қазақстан Жазушылар Одағы Президиумының Төрағасы Сәбит Мұқанов айтыс ақындарының шығармашылығы хақында «Селдет жырды ақындар» деген тақырыпта өлең түрінде баяндама жасады.
Бұл баяндама «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 7 желтоқсан күнгі санында жарияланды.
Тамсана тарих тыңдайтын, Аңыз қылып айтты жыр –
деп, заманның, ақиқаттың тот баспас айнасындай құдіретті рухқа толы қазақ жырының қуатын паш етті. Даңғайыр саңлақтар Жамбыл, Нұрпейіс, Орынбай, Шашубай, Майасар, Кенен, Нартай, Нұрлыбек, Омар, Молдахмет сынды жыр тарланбоздарының ерен тұлғасы Сәбит Мұқанов баяндамасында терең сипатталды.
Сәбит Мұқанов ұлт мәдениеті тарихында халық жыршыларының ұлы қызметін айрықша атайды. Мысалы, Жамбылдың «Өтеген»,
«Сұраншы», «Саурық» туралы дастандарын, Нұрпейістің
«Қобыланды», «Қарасай, Қази», «Төрехан», «Нарқыз», «Ақкенже» жайлы эпикалық жырларын, Қазанғаптың «Ер Есім», Қалқаның
«Қабанбай», Көшеннің «Кенесары-Наурызбай» атты батырлық по- эмаларын жоғары бағалайды.
Республиканың әдеби-мәдени және саяси өмірінде ұлы оқиға есебінде қабылданған Жамбыл бастаған ақындар айтысы алдын- да, Әуезовше айтқанда, «қоғам құрылысының өжет қайраткерлері» үшін, «өнерлі өлең думанында» «қызықты, қадірлі мазмұнға» ие сапалы жырлар туындату мақсатында бір апта бойы семинар- кеңес ұйымдастырылды. Айтыстың мақсаты, бағыт-бағдары, мән- мағынасы барынша терең түсіндірілді.
Республикалық айтысты Қарағанды-Семей ақындары Майасар, Нұрлыбек, Тәңірберген, Жолдекейлер бастады. Шабыты шалқыған ақындардың лебіздеріне тапқырлық, рухани сұлулық, тереңдік тән. Айталық, Майасар толғаныстарында Қобыланды, Асанқайғы, Хан Абылай, Ер Кене, ал Нұрлыбек толғауында «айбыны алпыс құлаш айдаһардай» Ер Қабанбай, Ер Мамай, Ақтанберді, Батыр Барақ,
«ақындықтың шыңында Гималайдай» Абай тұлғалары айқын көрініс тапқан. Солтүстік Қазақстанның ақыны Молдахмет Тырбиев айты- сы тарихилық һәм көркемдік сипаттарымен ерекшеленеді.
Қызылорда-Оңтүстік Қазақстан ақындары желдей ескен Нартай,
«алтын топшы ақиық» Орынбай, «тілінен нұр төгіліп, балы тамған» Әлібек өнер сынында өрелі пікір өрбітті.
Тау мен дала жырлары телегей теңіздей толқыды. Жезтаңдай әнші ақындардың көмегімен керемет күміс әуен, мінсіз жанды сөз төгілді. Қазақ эпосы мен фольклорының асыл үлгілері қайтадан
жаңғырып жаңа мазмұнға ие болды. Халық даналығының ғажайып меруерттерінен шашу шашылды.
I Республикалық ақындар айтысында шыншылдық, шынайылық, өміршеңдік мейлінше басым болатын. Мәселен, Шашубай Қошқарбайұлы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан КСРО Қорғаныс министрлігінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алған, айтыс жырларының басты тұлғасы Сейсенбай Алдажұмановты өзімен бірге ала келген. Өйткені, сол уақытта айтыскердің жеңісі мен жеңілісі мемлекеттік жоспардың орындалу жағдайына, мал жайының өсіп- өнуіне, егіннің өнімділігіне, өндірістің алға басуына, туған, тұрған өңірінде еңбек озаттарының көптігіне байланысты болып жататын.
Сахна іші – көз тойдырар сұлулықтың сарайы іспетті еді. Май- талман ақпа ақындардың қасында айтыстың сәні мен салтанатын арттырып, көрермендердің қызығушылығын тудыру мақсатында қазақтың ай мен күндей ару қыздары Шара Жиенқұлова, Ра- хия Қойшыбаевалар отырғызылған. Ақындар бас қосуының республикалық дәрежеде өтуінің өзі қазақ мәдениеті тарихындағы елеулі құбылыс еді. Сондықтан оның себептерін тексеріп, мынадай оқиғаны айта кеткен орынды.
Халық ақындары Қайып Айнабеков пен Ілияс Манкин Қарағанды облыстық партия комитетіне барып ақындар айтысын ұйымдастырудың қажеттігін айтады. Оны орынды санаған облыс басшылары 1943 жылдың 13 маусымында Қарағанды қаласындағы С.Киров атындағы шахтаның жұмысшылары клубында №18 шахта- ның өкілі Қайып пен № 20 шахтаның ақыны Ілиясты айтыстыра- ды. Оған 700-дей адам қатысады. Осыдан бастап Республикалық айтысқа дейін Қарағанды облысында он алты рет айтыс өткізіледі.
1943 жылы 14 тамызда Қарағанды қаласында Көшен Елеуов пен Шашубай Қошқарбаевтың айтысы болады. Екеуіне тоқсан үш жаста- ғы қарт ақын Доскей Әлімбайұлы төрелік айтады. Соңында Доскей Әлімбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Қайып Айнабекұлы, Сәби Әздембайұлы, Көшен Елеуұлы республикамызға даңқы шыққан ақпа- төкпе ақындарға үндеу тастап, ол «СоциалистікҚазақстан» газетінің сол жылғы 29 тамыздағы нөмірінде жарияланады. Осыдан кейін- ақ ақындар арасында сергектік пен құлшыныс сезіледі. Отанның қаһарлы күндердегі ұлы шақыруын, айбынды міндеттерін, адамгершілік аманаттарын өлеңмен түсіндіріп – мәлімдеуге бел- сене араласады. Халықты майданға, Қызыл Армияның қаһарман жауынгерлеріне жылы киім, азық-түлік, соғыс техникасы мен құрал- жабдықтарын көп және тез дайындап жөнелтуге шақырады. Сондай-
ақ дереу Қызылорда, Қостанай, Гурьев, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарында халық ақындарының облыстық слеттері мен айтыстары ұйымдастырыла бастайды.
Ұлы жиын күндерінде Жамбыл бастаған тоқсан үш ақын дастарқан басында бас қосқан-ды. Ол туралы Болман Қожабайұлы (1880-1972) естелігінде былай дейді:
«Бас қосу өнер мерекесі ретінде өтті. Төрде күндей жарқырап ақындардың алыбы Жамбыл, оның оң жағында күйші Дина Нұрпейісова, сол жағында Кенен Әзірбаев отырды. Дина бір кәмпитті алып, Жамбылдың алдына қойды. Жамбыл кәмпитті Ке- ненге сырғытты. Ақындар күліп мәз-мейрам болғанда Жамбыл маған қарап: әкең Қожабаймен үш-төрт рет бас қосып едік, ақын еді ғой, сен әкеңе тарттың ба, тартпадың ба?» деп сұрады.
- Оны сіз білесіз ғой, мен қайдан білейін, – дедім.
- Осы отырыста бәріміз сені сынайық, мына өнер аспанында аққудай тізілген ақындарды өлеңге қосшы, – деді Жамбыл. Сонда домбырамды қолыма алып:
– Келіп тұр Жәкең бастап жиналысқа, Жиналған ақындарға беріп нұсқа.
Шашекең сырнай алып толғағанда, Ұқсайды гүлге қонған тоты құсқа. Атақты Қарағанды – Майасары
Тұлпардай дүбірі зор дөңасары, – деп ұзақ толғадым.
- Әкеңе тартқан екенсің. Халайық, мұны қандай топқа салсаң да ұялмайсыңдар, – деп арқамнан қақты».
Бұл жағдай тұлабойы толған өлең-жыр Жамбылдың өзге ақындардан шабыт алып, жыр ортасына жарық тілейтіндігін, ән шырқатып, күй тарттырып, жыр айтып қызыққа бөлейтіндігін байқатады.
1943 жылғы Жамбыл бастаған ақындар айтысының мәтіндері – классикалық ауыз әдебиетінің жауһар үлгілері деуге қақымыз бар. Өйткені, осы қаһарлы күндерде өткен айтыс халыққа жігер берді, жауынгерлерді ерлікке үндеді. «Қаһарлы сөз – қамал бұзады» де- гендей соғыстың зардабын тартқан халықтың намысын оятып, елді ерлікке бастады. Ең бір маңызды мәселе – сол кезеңде айтуға, жырлауға тыйым салынған Еңсегей бойлы ер Есім, Абылай, Қабанбай, Хан Кене, Наурызбай батырлардың есімі жырға айналып, халық ақындарының үні арқылы жарыққа шыққаны айтыстың нағыз шындықты, құдіретті тарихты тірілте алатын құнды мұра екенін көрсетсе керек.
Олар сөз қисынын табумен ғана шектеліп қоймайтын. Айтыста шыншылдық, шынайылық, өміршеңдік басым болатын. Қайып Айнабекұлы: «Басыңнан сөз қамшысын айырмаспын, шыққанша сенің шахтаң олқылықтан» деп шу дегеннен Ілияс Манкинге шүйліксе, ол – ақынның істі ойлайтындығы, іске жанашырлығы, мәймөңкелемей, бүкпей, сылап-сипамай, турасын айтқаны.
«Халықтың қасиетін сақтайтұғын, жұртыма атышулы менмін жыр- шы» деп Ілияс та төмендей қоймайды. Ол: «Жеке-дара болдым деп желікпеңіз, шыққанша жауды жеңіп сынасам мен. Ешкім қумай, дыр етіп зырлайтұғын, Ұшқырсың артық емес бөденеден» деп Қайып жыртысын жыртқан, намысын қорғаған шахтаның екпінін бөдененің жүрісіне теңеп сөйлейді. Сөз астарын аңғарғыш Қайып: «Ұшқырсың артық емес бөденеден, деп, шахтамды теңейсің бөденемен. Тексеріп, тегін тауып, теңін тауып, Кісінің теңеуі емес теңеу білген. Ойыңның бар көлемі осы болса, Ілияс, күдерімді үздім сенен» деп жауап қайтарады.
Осыдан кейін Ілияс: «Шын ақын шектен шықпай, шынды айта- ды» деп бастап, жыр тасқынын төгілте жөнеледі:
Сен озып, мен артыңда қалсам-дағы, Шошыма, күдер үзіп менен, жарқын. Табысқа масаттанбай жүрген кезде, Жақсы еді шахтамызда өрлеу, қарқын. Басшымыз кеншілерді басқара алмай, Сұйылтты барған сайын істің артын. Жан салған Отан үшін ерлігімнің, Үлгісін жая алмадым көпке жарқын, Бабымен тұйғындай ғып ұстамаса, Беталды тұлпар да жоқ бәйге алатын. Қалған соң планымыз орындалмай, Сөз айттың, Қайып ақын маған батым. Түңілме, күдер үзбе, жерге қарап, Бәйгіден кім бауыздар қалған атын... Ұласқан Ұлы Отанның жорығында, Салбырап артта қалу – өліммен тең.
Жеңісті қолдан бермейтін сөз сайысының бәйге көгі болсам да («Бермейтін топтан торай тұлпар едім»), табиғат ақындықты сүбеме құйып берсе де, бұлбұлдай сайратса да, Қайып ақынның таққан міні мейлінше әділ, дұрыс екенін мойындаймын дейді. Сөйтіп, шахтаның
артта қалуы бәйге көк ақынның бетіне шіркеу болып, оның өткір де ұтымды сөздерінің, ойларының құнын төмендетіп жатты. Бұл өзі сондай кезең еді.
Ел жүгін арқалаған еңбек адамының образын жасауда ақындардың өнерпаздық еңбегі елеулі деуге болады. «Күн сымбатты, ең қымбатты» Отанымыздың сән-сәулетін арттырудағы, байлығын еселеудегі кен орындары кеншілерінің ерен іс-қимылдарын Орталық Қазақстанның ақындары өлеңдеріне арқау етті.
Шашубайдың Көшенмен айтысында Балқаш мыс зауыты жұмысшыларының жігерлі, жалынды, қажырлы істерін «Көпіртіп көк теңіздің көбігіндей, сол жерден мың-мың тонна мыс қалқыған» деп метафоралық, гиперболалық сипаты бар сөздермен бейнелейді. Немесе «Ернеуі қанша алса да кемімейтін, елімнің шығыстағы қазанымын», «Байлығым ерік берген шарықтауға, келмеген қапталыма Қап тауы да» дейтін көркем ауыстырулар мыс ордасының бейнесін елестетеді.
Шашубайдың қарсыласы Көшен Елеуов те поэзиялық, бейнелеу тәсілдері мен көркемдік әдіптемелерге кенде емес, ақындық ойға кедей емес тармақтарды талғампаздықпен өрнектей тоқыған. Қара алтынның дариясын, қазынасын, Қап тауындай мол мұрасын:
Балқытқан мың тонналап болат темір, Орасан зауыттардың жаны – көмір.
Майданға қару-жарақ, азық-түлік, Таситын темір жолдың қаны – көмір. Мұз бұзып, толқын тілген теңіздерде, Керемет кемелердің жаны – көмір, –
деп шабыттана шарықтайды. Көмірдің қуаты шыңдап соқса, құтырған қасқырлардың жынын қағып алып, жермен-жексен етеді дегенді айтады.
Көшеннің жауаптарында да көрікті, лепті, қуатты жолдар аз кездеспейді. Мәселен, «қырғи-қыран самолет», «кесек тоят»,
«дүрілдеп жауар күндей бомбовоздар», «алмастай қызыл тіл, долда- нып көбік шашқан толқындай-ақ» сияқты ауыстыру тәсіліне ойысқан айқындаулар, «Бұлтарып, бұлтқа қарай жантайсаң да, сыпырып көк тұйғындай бір-ақ ілем» деген әсірелеулермен үзеңгілес, төркіндес тапқыр теңеулер мен «аспанға атқан», «шөпше шапқан», «құрышпен қиялымды қомдап», «саңғып өтсе», «көктен төніп», «ойнақ салу»,
«дабыл қағып», «долданып аттанысты», «кекке жанып» деген сияқты
оралым айшықтар, яғни фразеологизмдер бар. Бұлар айтыстың өткірлігі мен өміршеңдігін, салмағы мен ажарын айқындайды.
Халық жыршыларының тамаша еңбегі – Ұлы Отан соғысының бейне бір алтын парағы. Солардың жарқын мысалы мынадай:
Нұрпейіс Байғанин Ақтөбе облысының 20 колхозы мен 12 кәсіпорынында кездесу өткізіп, 5 мың колхозшы еңбекшілермен ди- дарласып, 42 мың сом ақша, 16 мың сом мемлекеттік заем, 150 мың пұт астық, 4 қашарды Отан қорғау қорына аударды. Нұрпейіс ақын екінші сапарында осы қорға 100 мың сом, 8 қой, 5 бас ірі қара мал, 150 пұт астық құйды. Не деген отаншылдық, елшілдік сезім дерсің! Оңтүстіктің бұлбұлы Орынбай Тайманов Ленгір ауданындағы іссапары нәтижесінде Қорғаныс қорына 50 қой, 11 ірі қара мал, 185 центнер астық, 282 центнер көкөніс, 3700 сом ақша мен заем жинауға көмектесті. Қызыл Армия мен халықтың біртұтастығын шамырқана толғап, ел рухын асқақтатты. Ақынның үндеуіне қосылған жұрт 20 мың сом ақша жинау жөнінде шешім қабылдады. (ЦГА КазССР, оп.
1.д. 244, б.4).
1943 жылдың 20 қазан күні Қызылордада ақындар айтысы ұйымдастырылып, нәтижесінде жеңіс қорына 40 мың пұт күріш тап- сырылды. («Казахстанская правда», 5 декабря 1943 года).
Қазақ мәдениеті тарихындағы сал-серілік дәстүрді мықтап ұстанған әрі жан-жақты дамытқан атақты айтыс ақыны Шашу- бай Қошқарбайұлының өнернамасында көркемдік бейнеліліктің, экспрессивтік мәнерліліктің жарқын, үздік үлгілері, алуан түрлі нақышты, сан қилы реңктер тудырған, мөлдіреген ақындық сөздер тізбегі бар. «Өлеңге болдырмайтын желғабызбын», «Балқаштай ақ айдынның аққуымын», «Еркелеп толқынына күнде шомған»,
«Салмақты Қоңыраттың тасындаймын, желіксем көктен түскен жа- сындаймын», «Өлеңнің қырық қырқасын бір-ақ асқан» деп, Болман Қожабаевпен айтысында өнерпаздық келбетін барынша кеңінен жайып салады. Сонымен бірге ол «Жентектей таудай тасты саздай соққан», «Бура сан, балуан білек, бөрі кеуде, Не сабаз, шомбал дене ер бар менде, Тепсе темір үзетін күш алыбы, Алып ата тудырған ұлы бейне» деп жырға қосады. «Бөрі кеуде, шомбал дене» деген сипатта- улар еңбеккер образының табиғатын, тұлғасын дараландыра түскен. Ал ақындық өресі, жетесі, қабілеті тұрғысынан тетелес Болман
Қожабайұлы да шеберлік танытып отырады.
Ақын сөздерінің көркемдік-эстетикалық қолданысы, образдары- ның символикалық-поэзиялық мәні, экспрессивтік және лексикалық стилистикасы назар аудармай қоймайды. Мысалы, «Мен-дағы асу
бермес асудаймын, Желіксем, бірер таңға басылмаймын. Барында Жезқазғаным жеңілмеспін, Келсе де сексен сегіз Шашубайың» де- ген шумақтағы әсірелеу, «Бір түгіл, салыстырсақ, қырық Қоңырат, Болмайды, астар тұрсын, әдебі де» дегендегі өсіріп те, кішірейтіп те сөйлеу әдісі, поэзиялық лексикасы кеңінен толғап, ұзаққа көсіліп шабатын ақпа ақындықтың жауһар сипат-белгілері іспеттес.
Бұлар еңбектің жеңісі мен жемісін алға ұстаған, ақиқат алдын- да жүгініп, ақ сөйлеген, елдікті, ерлікті тебірене толғаған халық өкілінің, жақсылықтың жалынды жаршысы, турашыл айтыскердің парасатты болмысын биіктете түсетін елеулі, сапалы ерекшеліктер.
Олар халықтың ой-санасынан, дүниетанымынан туған образ- символдар, тілдік бейнеліліктің негізгі құралдарын, символикалық реңктері өзгеше лексикасын, фразеологиялық қазынасын нәзіктікпен пайдалана, кәдеге асыра білді.
Ақындар айтысының көркемдігі бейнелеу, суреттеу құралдарын орынды қолдану, жалпы ұлттық поэзиямыздың эволюциялық дамуы- на, ғасырлар бойы жинақталған көркемдік танымның тәжірибелерін,
«халықтың ғасырлық даналық қорытпасын» қалайша меңгергеніне, дүние құбылыстарын қыран көрегендікпен барлайтынына, ақындық зерде, түйсік қабілетіне, ана тілінің мүмкіндіктерін қаншалықты игергеніне тікелей байланысты.
Шынтуайттап келгенде, палитрасындағы бояулар реңкі, образ- ды ой, суретті сөз – мейлінше күрделі, жаратылысы құпияға толы синтетикалық құбылыс. Ақын мифологиялық, ғарыштық және шексіз табиғаттағы құбылыс-жайларды, ұғым-түсініктерді, заттар- ды ой-санасына түсіріп, затты сөзді нағыз арқауы бар сөзге айнал- дырады. Поэзия тілінің көркемдегіш, бейнелегіш құралдарының танымдық, идеялық-эстетикалық мәні әдебиеттің даму өрісін, сөз- ұғым, сөз-образ, сөз-символдарының өміршеңдігін де айқындайды.
Біріншіден, тарихи оқиғалардың жаңғырығы, арқауы ыдырамаған әдеби-мәдени дәстүрлердің сарыны естіледі. Сондай-ақ, дәстүрлі орам айшықтармен байланысты поэзиялық бейнелілік мол көрінеді. Екіншіден, образды бейнелеу құралдарының жаңа заманды, жарқын өмірді жырлаудағы қызметі қандай, яғни айтыс мәтіндерінің
сөздік-образдық және тарихилық сипаты.
Айтыс ақындары түйінді, негізгі сөз-символдарды молынан қарбытып қолданады. Алуан түрлі, нешеме сырлы мән-мағынадағы сөздер немесе құс атаулары ой тиегін ағытуда, белгілі бір ой-пікірді білдіруде поэзиялық қызмет атқарады. Икемділікті, ептілікті, кұштарлықты айтса, «Көлдегі сен – аққу-қаз, мен – лашын, қайырып
қанатыңды ілмеймін бе» (Кенен мен Бопина) дегені нақты дәлел. Топтап, жинақтап айтқанда, («өйткені, біздің дәуір – шапқан аттай, гүлденген заман мынау – қызғалдақтай», «дарияда жүзіп жүрген балықтаймын» (К.Әзірбаев) сияқты теңеулер де «телегей-теңізіне көптің малтып, халықтың қайнарынан шербет іштім», «Дүниенің жұпар иісі», «бақыттың базары» (Ү.Кәрібаев).
Айтыскерлер тұрақты айқындауларды (мысалы, жез таңдай, сылдыр көмей, қаусырма жақ, от лепті, тілің семсер, сөзің алтын), сонымен бірге, индивидуалдық айқындауларды («улы тісті сұр жылан», «балдыр сөз», «атлас аспан») тудырады. Айқындаудың басты стильдік мәні – эмоциялық мәнерлілігі. Сондықтан, бұл ай- тыс мәтіндерінің көркемдік құбылысындағы өміршең, еленерлік құбылыстардың бірі.
Айтыстың көркемдік, бейнелеу, ассоциациялық жүйесінде перифрастикалық тізбек-тіркестердің өзіндік салмағы бар. Контек- сте экспрессивтік мәнде жасалады. Айтыс ақыны шу дегеннен елін, жерін, өзін дәріптеуден немесе амандықтан бастайды. Оспантай Үмбетәліге: «Онан соң от басында күл шашарың» деп отырғаны – балалар. Немесе Көшен Елеуұлының Ілияс Манкинге: «Еріңді мойныңа алып тулай берме, мініңді бетіңе әкеп басқаныма» дегендегі бірінші сөйлем «ашуланба» дегенді білдіреді.
Халықтық фразеологияның теңізінен халық ақындары көсіп- көсіп алған ғой. Айтыс мәтіндерінің стилистикалық мәнерлілігі (бұл ретте импровизациялық дәстүрде туатындығын ескеруге тиіспіз) осынау інжу-маржандармен сабақтас, арқаулас. Қырандай сорғалау, құлындай құлдырау, нұр төгіліп, балы тамған, самғай шауып, ырғиды ордан (Орынбай Тайманов), көгал қуған шегірткедей (Көшен Еле- уов), сөз таңбасы, сөз қазынасы, сөз қамшысы, сөз қанжары, сөз желісі, сөз асылы сияқты тізбектерді көркемдік мақсатқа жұмсайды. Сөздің поэзиялық, көркемдік қасиеттері айтыс өлеңдерінде айрықша байқалады. Ана тілінің әшекей-кестесін жіті аңғартып, сөздің мағыналық байланыстарының шексіздігін, халық тілінің шалқар байлығын, кесек-кесек оралымдарын, сөздік-бейнеліліктің өлшеусіз мүмкіндіктерін эстетикалық, көркемдік тұрғыдан танып,
қажетке жарату – халық өнерінің өкілдеріне тән ерекшеліктер.
Ақындық шеберлік ішкі қуаты, ішкі сұлулығы ерекше сөздерді іріктеп, сұрыптап ала білуінен де көрінеді. Бұл көріністі мынадай поэзиялық лексикалар арқылы да көрсетуге болады:
Уа, менің республикам – гүлстаным!
Қадірлі шопан, ерлерім – Падишасы даламның.
Бозала таңнан қой жайып.
(Мұса Асайынов)
Айтыскерлердің ойлау амплитудасының мөлшер-шамасын мына бір лексикалық стилистикасынан анықтауға болатын сияқты:
Космоста еркін жүзген корабльдей, Әннен-ән ағытылсын аспанға атып.
(Мұса Асайынов)
Жыр тулап көмейінде тасқындайды, Екпінім ракетадай аңқылдаған.
(Тұяқ Мәжитов)
Асылы, өнерді, ғылымды, мәдениетті жеке дара тұлғалар ілгері ба- стырады. Қазақ халқының рухани өмірінде талай рет ақындық өнердің майталман жүйріктерінің майданы ұйымдастырылған еді. Шеберлік пен тапқырлықтың, ұшқырлықпен сөзді нөсерлетіп, нөпірлетіп төгіп тастаудың үздігі Жамбыл, Доскей, Шашубай, Нұрлыбек, Нартай, Иса, Орынбай, Қалқа, Тайжан, Майасар, Нұрхан сынды дүлдүл ақындар сұрыпталып шығып, оза шауып, өнер аспанында қаздай тізіліп, халықтың көкейіне әсем жыр мен тәтті ән ұялатып, өмірде өшпейтін асыл дәстүрді сақтап, әдемі жалғастырып кеткен еді. Олар кешегі өткен Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында халқымыздың батырлық-қаһармандық қимылдарын, ерлік істерін, еңбектегі ерен та- быстарын ерекше ақындық серпінмен шабыттана жырлады.
Айтысқа қоғамдық-әлеуметтік салмақ, көркемдік ажар қосқан осынау ардақты ақындардың ардақты дәстүрі қандай дәрежеде екендігі толғантпай, тебірентпей қоймайды.
1980 жылғы айтыста ақындар ел өмірін, еңбек адамының тұлғасын, халық шаруашылығының сан алуан түйінді мәселелерін, республика табиғатын, т.с.с. арқау етті. Қазіргі таңда қай ақынның болмасын алдында өнерпаздықтың ұлы мектебі, қасиетті дәстүрі, жинақталған көркемдік тәжірибелері бар. Осы бір сыр мен сым- батты қаншалықты бойына дарытып, өнеріне серік ете алды деген- де, әлбетте, ұлт тілінің негізгі сөздік қоры мен образды сөздерін талғампаздықпен шебер қолданады.
Жоғарыда айтылған айтысты ашқан Мұқаш Байбатыров «домбы- ра-кеуде» деген образды сөзді қолданды. Халық жырында «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» деген образды, бейнелі тіркес бар. Көкірек көзі ояу, даңғыл, саналы ерді алтын сандыққа теңеу соншалықты әсерлі, лепті, ойлы-күйлі. Осы негізде жасалған «дом- быра-кеуде» образы да соны.
Сөз сайысына түскен Қалдыбек Әліқұлов, Мүтәліп Қыраубаев, Қасымхан Алдабергенов, Ғалия Сейдеғалиева, Абай Асылбаев, Әсімхан Қосбасаров, Қалидолла Ізекенов, Тілеумұрат Қожамұратов, Айтуған Шәйімов, Жұмаш Оспанбекова, Шолпан Қыдырниязова, Елеусіз Кенебаев тағы басқа да суырып салма ақындар дәстүрлі тілдік нақыш-кестелерді, образ-бейнелерді аттап кеткен жоқ.
Қызылордалық Мүтәліп Қыраубаев шымкенттік Қалдыбек Әліқұловқа: «Қалдыбек, аманбысың, замандасым, Сөзі – өткір, ойы – терең ақ алмасым» дейді. Дәстүрлі поэзиялық өрнектерді (сөзі – өткір, ойы - терең) және ауыстыруды (ақ алмасым) шебер пайдала- ну арқылы бәсекелес ақынның өткір тілділігі мен сөзі уыттылығын сипаттап жеткізген. Бұларға қоса: «Қойды айтсам, астаудай-ақ семіз бәрі», «Сиыр сүті – тілінде», «Түйе малы даланың кемесіндей» де- ген өлең сөйлемдері дәстүрлі поэзиялық бояу-нақыштар екені анық. Сондай-ақ, жылқы малын «Шапқанда суырылған құйрық-жалы, Еті – бал жануардың, сүті – дәрі. Сойсаң – ет, саусаң – бұлақ, мінсең – көлік» деп, оған поэзиялық сипаттама бергені де бұрыннан таныс.
Әрине, поэзиялық сұлулық, шынайы көркемдік бірегей сөз- образдардан, ауыспалы мәнде сөз қолданудан тумайды. Кейде өмірдің нақтылы көріністерін табиғи қалпында жеткізуден де туады. Қалдыбек Әліқұлов қарсыласы Мүтәліп Қыраубаевқа: «Бұрынғыдай Аралдың суы қайда, Сыр бойының тоғайы, нуы қайда» деп Арал теңізінің аянышты тағдырын осыдан отыз төрт жыл бұрын айтқан еді. Бұл ақынның азаматтық үнін, парасатын танытатын мысал.
Қ.Әліқұлов туған өлкесін айтқанда, Оңтүстік облысының он бес ауданын он бес отауға балап және әрқайсысының «жабдық-жасауы» келіскенін дәстүрлі ұғымдармен бейнелеген. Мәселен, оның қолданысындағы «жерұйық» жайлы қоныс, бейбіт мекенді білдіреді. Бұл – інжілдік нақыл сөз. Көне мағынасын жоғалтып, поэзиялық мәнге көшкен қанатты, өрнекті сөз.
Ежелгі айтыс ақындарындай, кейін де өнер иесі өз тұлғасын, өлең сөзге даңғылдығын айрықша қасиет тұта сөйлейді. Мәселен,
«Қырандай жыр көгінде самғап келем, Тербелген көкірегімде
салмақты өлең», «Шалқимын шағала боп жыр айдында»,
«Тұйғынмын көктің шарлар кеңістігін» (Ғалия Сейдеғалиева),
«Егессең, найзағайдай жарқылдаймын», «Сөздері жай оғындай жарқылдаған» (Шолпан Қыдырниязова), «Бурадай шайнап са- лып отырар ем» (Көкен Шәкеев), «Алтайдың ақиығы Ақтан едім, Жұртымның төрге төсер мақпалы едім» (Ақтан Нұрбаев) деген айшықты, көркем құрылған сөйлемдер ақындық өнерді сан қырынан сипаттайды. Образды сөздер тарихтан, табиғаттан алынған.
Айтыста тұрмыс-тіршілігіміз, шаруашылық-кәсібіміз тара- зыланып, сарапқа салынады. Әсіресе, дәстүрлі кәсібіміз – қой шаруашылығымыз назардан тыс қалмайды. Талдықорғандық Жұмаш Оспанбекова алматылық Айтуған Шәйімовке: «Қойларың шала-пұла таз тырнадай» десе, ақтөбелік Елеусіз Кенебаев оралдық әріптесі Шолпан Қыдырниязованы: «Шырпыдай салмағы жоқ не- ткен малдар, қой емес баққандары көжек дерсің» деп өткір тілмен шенеп, мінейді.
Ақындар поэзиялық шендестіруді де шебер ойлап табуға ұмтылып отырады. Бұл ойымыз дәлелді болуы үшін, мынадай мысалдарға жүгінейік. Қасымхан Алдабергенов торғайлық бәсекелесі Ғалия Сейдеғалиеваға: «Қостанай – миллиардтар қара нары, қараймын қасына ерген Торғай-тайлақ» деген өлең жолдарына қарасақ, бұларда ойды образды әсерлеп, әсірелеп беру үшін, шендестіруге жүгінген.
Айтыс өлеңдеріндегі табиғат суреттері де жүрекке ұялап жатады. Алматы шаhарына келген ақын асқар да асқақ Алатауға ілтипаты мен ізетін аямайды. Мұны мынадай суреттеулерден көреміз: «Баяғыдай сәукелең – төбеңдегі қарлы шың» (Елеусіз Кенебаев). Сондай-ақ,
«Билейді мың тақия, жүз балдақтар», «Көк торғын, жасыл манат көрпе», «Етектей балдырғанның жапырағы», «Бармақтай қарақаты» (Ақтан Нұрбаев) деген сияқты суретті, бейнелі сөздер мен сөз тіркестері де жиі ұшырасады.
Ақындардың II Республикалық айтысын жабарда қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын, филология ғылымдарының докторы Әбділдә Тәжібаев:
«Қазақтың өлең сөздері музыкаға, әнге қосымша ғана емес, әнді өзі туғызушы да сияқты» деген еді. Айтса, айтқандай, осынау ұлы дуда сынға түскен ақпа ақындар өлең мәтінін жасаушы әрі мәнерлеп орындаушы және музыкалық аспаптардың бірінде ойнаушы. Айтыс жырларында осынау хас белгілер, қасиеттер жарастық, бір тұтастық құбылысқа айналған.
Қазақ ССР Мәдениет министрлігі Халық творчествосы мен мәдени-ағарту жұмыстарының республикалық ғылыми- орталығының есебі бойынша, 1987 жылы 106 халық ақыны, 25
жырау, 103 жыршы, 107 термеші, 12 қыл қобызшы, 2 сыбызғышы және 300-ден аса күйші, әнші, биші болған-ды. Осынау өнерлі де өрен тұлғалар халықтың телегей-теңіз қуат-тегеуріні мен ру- хын, әсем өрілген гауһардай мөлдір шәрбат шырынындай таза сөз моншақтарын, даналық мәйектерін, ғасырлық тәжірибесінің қорытындылары мен түйіндеулерін жаңғырта, жаңарта қолданды.
Образ жүйесі, бейнелеу тәсілдері халықтың рухани өмірі мен материалдық мәдениетіне, тұрмыс-салт ерекшеліктері мен қоршаған ортасына (табиғатқа), аңыз-ертегілері мен мифологиясына, ерекше қасиетке ие киелі, керемет дүниелер мен заттарға тығыз байланысты. Сондықтан да образ мәдени-тарихи құбылыс болғандықтан, әр қырлы, сан дауысты болып келеді. Өйткені, ол талай дәуірлерді
қамтиды.
Образ жүйесі мейлінше күрделі, ол ұлттық ерекшеліктерімен бірге, басқа халықтар әдебиетінің образдылық, бейнелілік си- паттарына да кұрылады. Әрі жалпы фольклорлық, жанрлық, индивидуалдық, ұлттық қабаттары қоса зерттелуі қажет. Мысалы, үнді-мұсылман поэзиясында парсының бейнелеу құралдары кең тараған. Түркі халықтары мен әлем поэзиясындағы «бұлбұл» сөз- образы – парсы поэзиясының төл дүниесі.
Қазақ халқының ежелгі өмірі – көшпелі өмір, ашық аспан аясы. Кәсібі – мал шаруашылығы. Образдық, көркемдік жүйесінің даму тарихына үңіле қарасақ, әрқашан да кемелдену, жетілу, шыңдалу үстінде келе жатқанын көреміз.
Айтыс өлеңдерінің табиғатын зерттегенде, сипат-белгілердің сабақтастық, тамырластық қасиеттерін еске тұтумен бірге мына бір ерекшеліктерге назар аударып, ой елегінен өткізіп алған дұрыс бо- лар деп ойлаймыз. Шын мәнісінде, айтыс өнері – синкреттік өнер. Оның болмыс-жаратылысын, қасиеттері мен ерекшеліктерін, алу- ан-алуан қырларын тану үшін, полиэлементті, полифункционалды ерекшеліктерін ашу үшін айтыс тіркестерінің әуенмен, музыкамен, драмалық элементтермен тікелей байланысын атап айтуға тиіспіз.
Сонда ғана айтыс жырларының фольклорлық, метафоралық құрылысы, экспрессивтік-эстетикалық стилистикасы, ассоциация- лық тіркес-тізбектер сырлары, қоғамдық-әлеуметтік сипаттары, көркемдік логикасы толық танылады. Айтыстың әсерлілігі де, әсемдігі де осынау ой мен сезімнің, сөз бен әуездің синтаксисінен,
музыканың, әуен мен гармонияның тұтас келбетінен туындап жата- ды. Өнер иесі не домбырада, не сырнайда ойнап, мәтіннің ажарлы, айшықты айтылуына да зор септігін тигізіп, шырайлылық үстейді.
1980-жылдардағы айтыскерлер замандар бойы жасап, жалғасып келе жатқан ақындық дәстүрді түп-тамырымен келешек күндерге тоздырмай, саф таза, мүлтіксіз күйінде сақтап, әрі қайта құру кезеңінің көкейтесті мәселелерін тереңнен толғап, нақтылы өмір шындығынан нәр алып, қорек алып жырлайды. Сондықтан да символикалық, образдық, суретті сөздерден гөрі, шымыр, салмақты, нақты етіп, тұжырымдап түйеді.
Алайда қазіргі дәуірдің айтыстарында поэзиялық лексика, тұрақты және жаңа теңеулер, тың өрнектер, соны бояу-нақыштар, фольклор эстетикасына тән халықтық ауыстырулар, дәстүрлі поэзиялық жүйе, сөз-образдар мен сөз-символдар, перифрастикалық тізбектер, фразеологиялық орамдар аз кездеспейді.
Шын ақын жарқын дәстүрден қол үзбейді. Сонымен бірге оны қаз-қалпында қайталамайды да. Белгілі бір сөз-образ, сөз-символдар эстетикалық сипаттарын, мағыналық реңктерін толықтыра, молықтыра түссе немесе бұрынғы ақындық салттың өміршең, өшпес өнегесіне құрмет қөрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осынау көркемдік-эстетикалық шарттылықтарға кұрылған өлең соншалықты бір шеберлікпен тоқылады, ой қанаттанады, мағына түлей түседі.
Шымкенттік өнерпаз Қалдыбек Әліқұлов Мұхтар Құраловпен ай- тысында:
Ақ мақта Алатаудай өркештеніп, Астында ақ бұлттардың жатыр көлбеп, –
деген өлең жолдарындағы тұрақты, дәстүрлі, образды сөздер жылы естіледі. Ақ мақта, ақ басты Алатау, ақ бұлт түр-түс жағынан бірімен- бірі ассоциациялық байланыс тауып, арқауласып жатыр.
Тіл ұшына оралатын және өзінің поэзиялық әсемдігі бар фразе- ологизмдер мен айқындау сөздер айтыс ақындарының өлеңдерінде мол ұшырасып отырады. Мысалы:
Жүйрікпін айқай шықса топтан озған, Ақынмын намыстансам арқам қозған. Арындап алдыма кеп түсем деген, Жастардың сіңірін мен біраз созғам.
(Желеу Жақыпов)
Айтыстағы айрықша стилистикалық ерекшелік – халық жырлары- ның, қара өлеңдерінің бойындағы образдардың символикалық- поэзиялық мәнін жоғалтпай, рухын, сырын, лебін сақтап әрі кейбір қырларын толықтыра түсуінде. Көне, байырғы дәстүрдің көркемдік ойлау жүйесінде берік орнағанын осыдан-ақ көруге, түсінуге болады. Ғаламзат дүниесінің мынадай Құбылыстары: ай, күн, жұлдыз, темірқазық, құс жолы, асқар тау, аспан, қайың, терек, тау, жайлау, шынар ағаш, қызғалдақ, қырмызы т.с.с. символикалық сипатқа бөленіп, ерекше екпінмен, әуезбен, мәнермен айтылады. Образ бен сөз тұтасып, құрыштай құйылып, бір-бірімен астасып, бір-бірінің
ара-жігі жоғалып, айтыстың стильдік бояуына әр береді.
Торғай облысындағы Жанкелді ауданының суырып салма ақыны Ғалия Сейдеғалиева қарсыласы Еренғайып Әбдіхалықовқа былай деп сөз тастайды:
Арқаның үкілеген тайлағы едім, Өлеңнің қазанында қайнап едім. Жасымнан жақсы жырмен құндақталған, Торғайдың ән-жырының қаймағы едім. Көктұйғын бұлтқа сүңгіп, көкті шарлап, Жап-жасыл жай отындай жарқылдаған... Ақықтың жарқыраған танасындай, Дүбірде тоты құстай таранамын...
Осы мәтіндегі «үкілеген тайлағы едім», «ән-жырдың қаймағы едім», «көктұйғын», «тоты құс» деген символикалық сөз-образдар табиғи көрік-сәнімен айтылады. Бұлардың біразы халқымыздың тұрмысы мен өмірінен алынса, ал «тоты құс» образының тегі парсы әдебиетінде жатыр.
Айтыскер Ғалия Сейдеғалиеваның «Нартастан ойып алған ұйқастарым» дегені соны өрнек, тың, күрделі ауыстыру мәніндегі тіркес. Өлең ұйқасының ірілігі мен нақыштылығы, шомбалдығы мен шоңдығы айрықша сәулеленіп бейнеленген.
Жетісулық Нұрсапа Аманжолов Айтуған Шәйімовке:
Көреген алдына күн, артына ай, Ауданым Жетісудың арқасындай. Жігітім – Алтынкөлдің жолбарысы, Қыздарым Дегерестің марқасындай, –
дейді. Осындағы ауыстыру мәніндегі сөздер поэзиялық образдық мазмұнын арттырған. Түптеп келгенде, сөз бен образдың ұласып, шектескен тұсында күрделі байланыс болады.
1963 жылы 3-5 тамызда Алматы қаласында Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен республика халық ақындарының мәслихаты өткізілді. Бұл халқымыздың рухани өміріндегі 1943 жылы Жамбыл бастаған ақындар бас қосуынан кейінгі елеулі оқиға еді. Жиналысқа ел әдебиетінің көрнекті қайраткерлері импровизатор ақындар, әнші-композиторлар, жыршы-жыраулар, атап айтқанда, К.Әзірбаев, Қ.Жапсарбаев, М.Жапақов, Б.Қожабаев, Н.Баймұратов, Е.Қандеков, Ш.Әбенов, Қ.Байжанов, Б.Бектұрғанов, К.Елеуов, Б.Меркемелдинов, А.Жексенбаев, Х.Өтеғалиева сынды ел қадірлеген айыр көмей, жез таңдай өнерпаздар қатысты.
Қазақтың халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларын, әуезді үлгілерін сақтаушылар, тамаша жарқын дәстүрлерін жаңғыртып, сабақтастырушылар, шешен тілді, тапқыр ойлы, ақпа-төкпе ақындар өз өнерлерін ортаға салды. Олар айды орап ұшқан болат құс – аспан кемесін, қара алтыны мен сары алтыны теңіздей толқыған кен орда- сын, өндіріс ошақтарын, өздерінің ерлік еңбектерімен ерекшеленген сайыпқырандарын, олардың ер жігітке, нар тұлғалы азаматқа тән ірі мінез, ізгі, нұрлы қасиеттерін, ұлы шайқас күндерінде қаһармандық, батырлық үлгілерін көрсеткен сарбаздарын асқақ шабытпен, терең сезіммен шалқыта жырлады. Мәселен, қанатты ақын Қалқа Жапсар- баев Есдәулет Қандековпен айтысында:
Атанды Қазақстан алтын өлке, Бақыттың базарындай артық өлке. Жерінде мың бір түрлі жеміс бітіп, Иісі қалампырдай аңқыды өлке, –
деп, қазақ халқының өмірін жырға қосты.
Осынау мәслихатта Кенен Әзірбаев пен Халима Өтеғалиева, Бол- ман Қожабаев пен Желеу Жақыпов, Қалихан Алтынбаев пен Әбікен Сарыбаев, Таубай Қирабаев пен Аманжол Әлжанов, Қалқа Жапсар- баев пен Есдәулет Қандеков, Артық Жексенбаев пен Құмар Жүсіпов айтысты.
Айтыс жырларына зейін қойсақ, ақындардың халық тілінің көркемдік құралдарымен қаруланғандықтарын бірден байқауға бо- лады. Кенен Әзірбаев өз сөзінде «ай мүйізді ақ серкені» ауызға алып:
Ат арғымақ бола ма Алыс ұзап шаппаса? Батыр ұлан бола ма,
Бастан шеру тартпаса? Ақын ақын бола ма, Халық ішінде осындай, Төгіп өлең айтпаса? –
деген халық поэзиясының дәстүрлі үлгісіне жүгінеді.
Кененнің әріптесі Халима Өтеғалиеваның:
Әуеде бір жұлдыз бар ай көзіндей,
Шоқ шашбау, алтын айдар мен де өзіңдей, –
дегенінде көне образды теңеу, ұлттық келбетке ие айқындау және көне мифологиялық образ бар. «Ай көзіндей», «Шоқ шашбау» сұлулықты мәлімдейді. «Алтын айдар» – қиял-ғажайып ертегілеріндегі мифологиялық образ. «Айрықша, ерекше туған баланың ертедегі бейнесі».
Айтыс ақындары қазақ тілінің фразеологизмдері мен идиоматика- сын: «нұр жанғандай» (Қожабаев), «нардай шөккен» (Жақыпов), «да- уылша үдеп» (Алтынбаев), «жарқанатша жабыспағын» (Қандеков), т.с.с. көркемдік кәдеге асырған.
Ақындар көркейте айқындауларға да ерекше мән беріп, мағыналық аясын кеңейткен. Мысалы: «Елім бар күміс қазан, алтын қазық» (Желеу Жақыпов). Бұл айқындау сөздер (алтын, күміс) туған еліміздің көз сүйсіндірер сәулетін, әдемілігін сипаттайды.
Ал енді олар ақындық шабытын танытқысы келгенде, эпос тілінің өрнектеріне сүйенеді. Мәселен, «Ойпаң жерді дөң етіп, биік жерді жон етіп» (Құмар Жүсіпов).
Айтқыш, тапқыр ақындар табан астында, ат сүрінгенше, жөппелдемеде, өлең тіліндегі ең күрделі құбылыс – ауыстырулар- ды табуға ұмтылады: «Болғанда, сіз – ақ шортан, мен – балықшы» (Алтынбаев), «Түсемін түлкі болсаң, қыран болып, Егер сен қасқыр болсаң арыстанмын» (Қандеков).
Ақындар дәстүрлі теңеулерді мүмкіндігінше аянбай ақтарады. Мәселен, «Шырағым, жолға түскен жорғадайсың, Шекердей көктен тамған сорғалайсың» (Қожабаев), «Дүниеге келеріңде сынаптайсың, он жаста жарға ойнаған лақтайсың. Отыз бесте тоқтайтын ақыл тау- ып, Көктемде көзі ашылған бұлақтайсың» (Қандеков).
Сондай-ақ импровизаторлар синтаксистік түзілісі ұқсас, лек- легімен құйылған өлең сөйлемдерін айтыстың стилистикалық- экспрессивтік бояуын әрлірек, нәрлірек жасауы үшін көбірек құрады.
Мұны, мүмкін, ой ағыны, сөз ағыны, психологиялық ситуация қажет ететін шығар.
Филологиялық талдау жасап тексерсек және сонымен ғана шектеліп қойсақ, айтыстың көркемдік-стилистикалық құрылысы онша емес сияқты көрінеді. Алайда, оның музыкалық, мелодиялық жағы, ішкі тұтастығы өте-мөте жан-жақты ескерілуі тиіс. Сонда ғана айтыстың болмыс-жаратылысы, табиғаты толық ашылады. Айтыста сөз бен музыка тұтасып біріккен, егіз туған, жарасым тапқан.
Осынау айтыстардың музыкалық құрылысын З.Кереева «Айтыс әуендерінің музыкалық құрылысы» деген зерттеуінде едәуір жан- жақты қарастырған деуге болады. Олардың ақындық өнеріндегі айтыстарының әуенмен, әнмен төркіндестігінің көркемдік және ғылыми мәнін ашып көрсеткен. Желеу Жақыпов қана сырнайда ойнаған және әрқилы өнер мектебінің өкілдері екендігін дәлелдеген. Музыка зерттеушісі Болман Қожабайұлының сазына, төкпелеп айтудағы ерекшелігіне, ырғақ өрнегінің қатаң сақталғанына тоқталған.
Сондай-ақ, Халима Өтеғалиеваның айтыс үстінде лирикалық өлеңнің мелодиясына жүгінгендігіне, соншалықты ойлы-күйлі орындаушылық мәнерінің шеберлік қырына назар аударған.
Асылы, музыка поэзиялық мәтіннің көркемдік байлығын толықтыра түседі, байытып, кемелдендіреді, сөздің эстетикалық мәнін тереңдетеді.
Кеңестік кеңістіктің өзінде өмірдің өзінен туындаған, сәулетті, сымбатты, «шекер дүниенің» қисапсыз жақсылықтары мен жаңалықтарын арқау еткен асыл сүйекті, көркем суретті айтыс өлеңдерінің стилистикалық мәнерлілігі (лексикалық байлығы, синонимиясы, афористік, халықтық-поэзиялық ерекшеліктері) логикалық, көркемдігі, тілінің тазалығы, әуендік келбеті, семанти- касы, бейнелі, суретті тіркестері, палитрасындағы бояулар реңкі, сөз сымбаты ақындық өнер тарихында белгілі бір дәуір болып есептеледі.
Серік Негимов,
профессор
БІРІНШІ БӨЛІМ
(1918 – 1940)
ҮМБЕТӘЛІ МЕН НҰРИЛӘ
Айтушыдан: (Саяділ)
Бай болса, баласы жоқ жаман екен, Шашылып өлгенде мал қалады екен. Қасымы Ысмайылдың деген кісі, Жалғанда баласы жоқ адам екен.
Келгенде жасы алпысқа, сол Қасымның, Қатыны бір ұл бала табады екен.
Осыған бір үлкен той қыламын деп, Жұртына Қасым жарлық салады екен.
Бұл тойдан аянбаймын, - депті Қасым:
«Алпысқа жер ортасы жетті жасым. Жасында пайғамбардың бала көрдім, Күш қайтқан, қуаң тартып сақал-шашым. Келгенде жас алпысқа балам туды,
Той қылып шақыртамын Жетісуды!». Өткізбек үлкен той ғып ойым бар деп, Қызығын, қуанышын көпке ұсынды. Алыста ағайынға ат шаптырып,
Той қылды көп көрмегн аты шулы.
Жиылып игі жақсы Дулат елі, Жасамақ мерекелі болды дуды. Бұл тойға шақыртады талай елді,
Хат жазып қашық жерге хабар берді. Қасымның ұлы туған ұлы той деп, Әр жаққа алашапқын ат жіберді.
Көшелеп алпыс үйді тігіп қойды, Көрсет деп ел құмартып осы тойды. Қонаға келген жұртты күтімге алып, Әр үйге екі-екіден сойыс сойды.
Онан соң екі күндей атын шапты,
Мәз болып бозбалалар көкпар тартты. Сайыс, күрес, балуаны – бәрі болып, Мінеки, осыменен той тарқапты.
Алыстан келген адам он үйлік жан, Тағы да кейінгі күн қонып қапты. Қызығын қыз тойындай қыламыз деп, Жиылып қыз, бозбала өлең айтты.
Қызыққа Бәрібаев қанып отыр, Тамаша ойын-сауық болып отыр. Көтерген жаңқа ағашын ақындар кеп, Қасымға құтты болсын соғып отыр.
Айқымның ақыны екен Үмбетәлі, Түзелді Кенен келіп тойдың сәні. Құлқыны Бармақтың да құрып отыр, Қанай мен Жұбанышты мақтағалы.
Той қылған Қасым Қанайдың қайыны болады. Қайным той қылып жатыр деп Қанай Бәрібаевты ерте барады. Бәрібаевтың алдына келіп, ертедегі күнін көксегендей болып, Бармақ ақынның айтқан өлеңі.
Бармақ:
Інімсің, – Бармақ айтты, – Кенен деді, Бұ күнгі кезек «батыр, сенен» деді.
Жақпайды менің сөзім жас балаға, Мәртебем болып отыр төмен, – деді. Назымды көтеретін Сәт енді жоқ, Бұл дәурен өтіп кетті менен, – деді. Әр жанды алсын құдай қатарымен, Адыра қалған екен өлең, – деді.
Дейтұғын «ақын Бармақ», Бармақ едім, Әр жерде абыройды алған едім.
Сәт, Мәңке, Алпысбай мен Шәбден төре, Алдына солардың да барған едім.
Мінеки, біздің бастан өтті дәурен, Солардың заманында саңлақ едім.
Бұл күнде күркілдейді көкірегім, Несіне өткен күнге өкінемін.
Аударыс-төңкеріс боп мына заман, Өлеңге салқын болып кетіп едім.
Бәрі кетіп жолдастың, жалғыз қалдым, Боп жүрген шер көкірек жетім едім.
Бар қылып айтушы едім ойда жоқты, Қайтарып алмайтынмын атқан оқты. Айтпайын осы өлеңді десем-дағы, Қу «кесел» үйреншікті қайта соқты.
Басамын аңдап-аңдап аяғымды-ай, Дегенмен, жас дәурен жоқ баяғыдай. Бәрі өтіп жолдасымның жалғыз қалып, Жылқының болып тұрмын саяғындай.
Қырықтың сегізіне келді жасым, Әр түрлі қызық істі көрді басым.
Адасқан көп тобынан қаздай болдым, Өзімнің жоқ болған соң замандасым. Кешегінің ақыны деуші едіңдер, Өзгертіп мен байқұсты не қыласың.
Жиналған шілдехана ұлы топсың, Болғанда – бірің ұлық, бірің сотсың. Жас ақын заманында жаңа шыққан, Келтіріп кемеліне Кенен соқсын.
Саяділ:
Кенен де домбыраны қолына алды, Сыпайы ширатылып ән толғанды. Құлағын домбыраның толғай бұрап, Отырып бір тізерлеп орын алды.
Сонан соң шырқап-шырқап әнге салды, Дауысын есіткен жұрт қайран қалды.
Сай шыққан заманаға бұлбұл еді, Қаратты өз аузына тірі жанды.
Кенен:
Өлеңді Бармақ бастап, бұрын айтты, Өзінің өтіп кеткен бұлын айтты.
Тұңғиық, бітеу кеуде кісі емес пе, Жараның ауызын қасып ұлғайтты.
Жаратқан құдай қисық қыңырайтып, Сөзінің сынын бұзды, сырын айтып. Мұңым деп шынын айтқан Бармақ еді, Халайық, жазалайсың мұны қайтып.
Сөз тумас осындайда ақылы аздан, Құтылмас өлең шіркін өнерпаздан. Саңлақтың заманында біреуі еді, Қалыпты қартаң тартып қайран жазған.
Өгейсіп өткен күнін Бармақ отыр, Өткенді, кеткенді айтып зарлап отыр. Кененге кезек берді сөйлегін деп, Кенен де оңды-теріс самғап отыр.
Беремін мен де кезек Үмбет, саған, Сөздің аяқ алысын аңдап отыр.
Адасып айтар сөзден жаза баспай, Бар болса соны өлеңің қамдап отыр.
Ақынсың атың шыққан алты алашқа, Әркімнің әр алуан көңілі басқа.
Әріден қозға ойыңды, қолдан келсе, Бармақша жаза басып, қаталаспа.
Ал, Үмбет, аламысың, келді кезек, Домбырам жұлқынады сені көздеп. Қиынға қия шапқан жүйрік едің, Адырға алғызбайтын бойын тежеп. Ақын жоқ бұл өңірде сенен өткен, Самғайтын сан қараға тілді безеп. Өтініп сөйлер сөзден отырғанда, Күлгізіп кетпеймісің бірдеме деп.
Ешкімге баяндамай саулап өтіп, Домбыра бір айналып келдің жетіп. Желісін үзбей тартып соққан желдей, Айтатын ақын қайда екпіндетіп.
Кененнің бүгін миы ашып отыр, Бармақты да албасты басып отыр.
Менімен айтысатын Бармақ қайда, Үрейі күні бұрын қашып отыр.
Арман қылып өткенін, енді бүгін, Көңілі өз-өзінен жасып отыр.
Үмбетәлі:
Үмбетке кім бермейді қолын жайса, Ер жігіт қор болады серттен тайса. Бұл сөзге мақтан, желік қосқан бар ма, Соғып-ақ кетпеймін бе Сүйінбайша.
Дейтұғын «Үмбет ақын», Үмбет едім, Өлеңді оңды-теріс гулетемін.
Айтысар ақын болса шықсын бері, Түлкідей қызыл алтай індетемін.
Өткенді айтып, Бармақ-ау, ақың бар ма? Өткенде миға қонар нақыл бар ма, Үмітінен ел-жұртты түңілдірдің,
Енді тыңдап ал мені, қапы қалма. Осыдан таң атқанша жалғыз айтса, Бұл Үмбет жалықпайды сапылдарға Мерекең құтты болсын жиналған топ, Менімен айтысардай қатын бар ма?
Зинәділ:
Ей, Үмбет, бір қатын бар біздің елде, Ауылымыз алыс емес жақын жерде. Ол келсе, Үмбетәлі жеңілесің,
«Бәлені сен қылдың», – деп менен көрме.
Айтайын – ол ақынның Нұрилә аты, Өлеңі мына Үмбеттің сөздің заты.
Нұрилә келіп қалса осы араға, Болады деп ойлаймын көңіл шаты.
Қияқты жігіт еді оның байы, Белгілі Нұриләның бізге жайы. Кісіге анау-мынау жібермейді,
Жұмсаңыз Табылғай мен Иманбайды.
Және де дұғай сәлем хат берейік, Кім барса қалтасына сап берейік. Ішінде екі сағат келсін тез деп, Лауға мініп келер ат берейік.
Саяділ:
Жұбаныш Нұриләға қағаз жазды, Білсін деп замандасым айтқан назды. Ішінде екі сағат келсін деді,
Көруге құштар болып өнерпазды.
Осылай ғып жазды да хатты берді, Лауға құла жорға атты берді.
Табылғай, Иманбаймен екі болыс, Хатты алып Нұриләға шапты деді.
Нұрила төре хатын көреді оқып, Отырды көңіліне ақыл тоқып.
Күйеуі жауланады естіген соң, Қылмады ешбір қатер көңілі қорқып.
Әр жерде болып жүрген ойын-сауық, Өлеңге кеткен екен ниеті ауып.
Дәл сонда жиырма бес жаста еді, Басылып қалған екен бала тауып.
Әйел деп кім айтады қайран жасты, Бармасам деп айтады мені қашты. Барғаным, жөні келсе, мақұл ма деп, Нұрилә жолдасымен ақылдасты.
Бірдеме қылар едік хаттың жөнін, Қайтеміз деп отырмын аттың терін. Ойланшы мынау істің жөні қалай, Сен едің құдай қосқан менің ерім.
Нұрилә сонда бұған жалынады, Бір лаж балаңызға табылады.
Осындай дәдуәр боп отырғанда, Көңілді бір ауласаң не қылады.
Жалынды Иманбай да «Жәкетай» деп, Бұл тойға не қылсаң да жібергін деп. Көңілі үшін екеуінің өлгенде әзер, Зорға айтты «барса өзі біледі» деп.
Нұрилә сонда орнынан түрегелді, Барады алып ұшып жүрегі енді.
«Бұл тойға жіберсеңіз барам» деді, Болыстар қуанғаннан күле берді.
Бар десе менің байым бата берер, Құндақта бөпем әзір жата берер. Қынжылмай бар десеңіз жіберсеңші, Бір түнгі азар болса ұйқың өлер.
Алмасаң тұншықтырып, аштан өлмес, Нәр берер нәрестеге құдай шебер.
Көп жылап мен келгенше булықпаса, Көресің ашты-тоқты күнін көрер.
Қатынды байы сонда барсын деді, Шат болып ұлықтарың қалсын деді. Осындай зор құрметпен шақырғанда, Бейшара абыройды алсын деді.
Нұрилә атқа мініп жүріп кетті, Жанына екі-үш әйел жолдас ертті. Ішінде екі сағат жылдам жүріп, Баяғы той боп жатқан жерге жетті. Айтуға аттан түсіп сабыр қылмай, Өлеңді ат үстінен еңіретті.
Нұрилә:
Мен өзім шақыртумен тойға келдім, Кім бар деп осы тойда ойлап едім. Жақсылар жайсаңдармен бас қосқанда, Әр жерде той-жиынның ойнағы едім.
Қылайын бұл тойыңа мен де қошым, Әдет қой кім той қылса менің осым.
Жеткізсін әр пендені мұратына, Талапты қылған тойың құтты болсын.
Барды лау мінсін деген құла жорға, Жорғамен лажым жоқ келдім зорға. Отыр ем жас босанып осы кезде, Болғанда өзім тойда, балам онда.
Әруағы Дулат қожа қолдай көргін, Тар жерде жәрдем беріп тайғақ жолда.
Саяділ:
Нұрилә осыны айтып аттан түсті, Қызады ақын дуда – жыны қысты. Айғайлап әруақты шақырған соң, Болғандай халайықтың көңіл хошы.
Келді деп Нұрилә ақын жер жаңғырды, Көруге құштар болып бұлбұл құсты.
Отырған Бәрібаев Қанайменен, Көрісіп бәріне де амандасты.
Өлеңін енді қашан қозғайды деп, Сырттағы ел тықыршыған жанталасты.
Нұрилә алды төрге қарсы қарап, Безілдеп қызыл тілі, қаусырама жақ. Арқырап, айқай салып қоя берді, Жүгініп босағада отыра қап.
Нұрилә:
Аман ба, Бәрібаев, Қанай төре,
Бұл тойда бас қосыпсың талай төре. Елімнің арқа сүйер азаматы,
Халің мен ахуалың қалай, төре?
Бәрің де жаның құрбы замандассың, Жел сөзге құдай берген қамалмаспын. Жігіт ең көптің болған ағасындай Келеді Жанышқа айрық амандасқым.
Құтылмас сізден-дағы сөз жүйесі, Жиналды жаңа-жаңа елдің есі.
Апта өтіп, көрмегелі ай боп қалды, Жүрмісің есен-аман жұрт иесі.
Мен айтсам, елім де аман, жұртым да аман, Тілеулес елің-жұртың болдық саған.
Сізге мен көп атынан амандастым, Керекті кісі емессің жалғыз маған. Көлеңкең Жетісуға тегіс түсіп, Артылды осы уақытта сенің бағаң.
Жұрт үшін жер әлемді жүрсің кезіп, Амалын әрбір ұлттың білдің сезіп. Мұратқа қазақ аты жете ме деп, Іздендің бір шыбындай жаннан безіп.
Бұл ісің Жетісуға болды зайыр, Алдыңнан бір шығады қылған қайыр. Туғызған құдай жұрттың несібіне, Жігітсің өзің дана, сөзің шайыр.
Жеттіңіз мәртебе іздеп, ілімменен, Жинадың елдің басын білімменен.
Мен сондай болдым ғой деп, үлкендік жоқ, Жігітсің кішіпейіл күлімдеген.
Ташкентке Мәскеуменен қолың жетіп, Кезіңде душар болдым дүрілдеген.
Мен едім Жантудағы Нұрилә ақын, Қалмайды қайда жүрсем қатын атым,
«Қатыны пәленшенің ақын» деген, Кетіп жүр талай жерге менің даңқым.
Мәліммін күнбатыс пен күншығысқа, Сонда да алтын басым ауар мысқа.
Қарсылық жарлығыңа қыла алмадым, Бұл жерге шақырдыңдар не жұмысқа.
Кеңшілік беріп қойған менің ерім, Тамаша ойын-күлкі жүрген жерім. Туғалы жас нәресте үш күн болды, Әлі де бекіген жоқ менің белім.
Қыжалат керек деген бұйрық барды, Бар еді не керегім осы менің.
Құндаққа нәрестемді келдім орап, Қажетіне жарайын енді ненің?
Мен болсам Жантудағы Нұрилә ақын, Шығандап шырқағанда шыққан даңқым. Құбылтып ырғағымен даусым әнді, Тыңдасын ынтасымен сүйіп халқым.
Жасымнан шаршы топқа келіп түстім, Ақынмен көңіл соққан көп айтыстым. Телегей теңізіне көптің малтып, Халықтың қайнарынан шәрбат іштім.
Құдая, мүдірмегей тіл мен жағым,
Сөз айтсам дүр сілкінер гүлден жаным. Ынтасын ел-жұртымның көргенімде, Кетеді көтеріліп әруағым.
Жолдаспын өмір серік өлеңменен, Құдықтан өнер қаздым тебенменен. Кененді бір көруге құмар едім, Атақты әншіл ақын дегенменен.
Жеңіп ем былтыр ғана Арғынбайды, Осы үйде домбырасы даңғырлайды. Айтыспастай мен барда болып еді, Әйткенмен ақын шіркін ар қылмайды.
Шыдамай өлеңімнің таяғына, Жеңіліп ең, Байбурыл, баяғыда. Оспан, Мақыш, сенің де есіңде ме, Жем түсіп ақсағаның аяғыңа.
Айтыспаған менімен Шүкітай бар, Самбырлаған қасыңа Жартыбайды ал. Ұлы тойда осындай кез болғанда, Қалдым демей қапыда айтысып қал!
Үмбетәлі жай сөзге шамданатын, Бар қобызы Бармақтың таңданатын. Менімен осы жерде көп ақын бар, Айтысуға қайсысы қамданатын?
Ортамызда ежелгі жырау отыр, Барлық ақын бас қосқан мынау топыр. Ойымызды бағдарлап, ортамызда, Бізді жай Жамбыл ата сынап отыр.
Шүкітай:
Қапы ма едің, қарағым, Шүкітайдан, Атым түсті аузыңа сенің қайдан.
Өз өнерім өзімді тарықтырмас,
Көмек сұрап көргем жоқ Жартыбайдан. Айтыспаған сазайым тек болмаса,
Сені білем, Нұрилә, кішкентайдан. Инабат пен ізетті сақтамасақ, Ұятымыз төгілер болып айран.
Жанту болсаң, Нұрилә, Жаныс едім. Ауылыңмен ағайын, таныс едім.
Екі бақсы жеңгенде бірін-бірі,
Бір емес пе, ойлашы, намысы елдің?
Аулағырақ әлі бір айқасармыз,
Қара өлеңмен қағысып шайқасармыз. Оңашалау Дулаттың бір тойында, Ақындықтың әр түрін байқасармыз.
Бармақ:
Қобыз қылы қолында мен ғой Бармақ, Әлден келсе абырой әркім алмақ.
Неге қажет жоқ жерде руласып, Шапырашты Дулатпен бола қалмақ. Құбыладан оң тұрып жел соққанда, Жер түбіне кетеді жеңіл қаңбақ.
Айқайласып келгенде арты жеңіл, Шапырашты жай тұрсын жолды алмай-ақ.
Не дейді бір-біріне екі Дулат,
Жай ғана Шапырашты тұрсын тыңдап. Бетіне ұстап келген Жамбылы бар, Сүйінбайдан кейінгі кәрі шумақ.
Айтыспаймыз, әрине Жамбылменен, Басқасының байқасам нарқы төмен. Екі Дулат демесең осы арада, Айтысуға лайық әнші Кенен.
Айтсаң, Кенен, абайлап байқап сөйле, Нұриланың тұңғиық сөзі терең.
Ер жігітке өлгенмен тең болады, Жеңілгенде осындай әңгімеден.
Кенен:
Бір сөзге тиянақты болмай палуан, Имендің бе іздеген өнерпаздан.
Неге састың, сөзіңнен неге адастың, Қажығандай қайқаңдап Нұриләдан?
Ел ақынын қомсынып Бармақ отыр, Бұйрық айтып біреуге арнап отыр. Жұлындырып ежелден отыратын, Мұның сөзі қыршаңқы түйе қотыр.
Атағымды жоймайтын атым барда, Жұртқа Кенен қадірлі нарқым барда. Әнші басқа, әртүрлі ақын басқа, Менің мұндай жарысқа мәнім бар ма!
Аты шулы ақын ғой алты алашқа, Қайрап салса өтетін қара тасқа.
Шапырашты дегенге шыдай алмай, Дайындалып өзі отыр бір шайқасқа.
Безеп қапсың қолыңда домбыраны, Болмағанды болымды болдырады. Қима сөздің қисынын табушы едің, Қамданбасаң бола ма Үмбетәлі?
Үмбетәлі:
Сүйегімнен Бармақтың сөзі өтіп, Табаныма сырқырап барды жетіп. Басқа ақынды Жамбылдан көзіне ілмей, Делебемді қоздырды екпіндетіп.
Өрен жүйрік өлеңге Үмбет едім, Жүрген-тұрған жеріме міндет едім. Түлкісін қызыл Алтай сөздің қуып, Апарып өз ініне індетемін.
Қандай ақын қайтарар қаруымды, Желді күнгі дауылдай сарынымды. Өртіне көңіліңнің су сепкендей, Бір басармын Нұрилә жалыныңды.
Сұрастырып жүргенде осы кезден, Естідің бе бір пенде мені жеңген. Әрбір сөзді аңдысып айтысқанда, Аспау керек шегінен жалғыз сөйлем!
Ақпай-тоқпай келдің де, кеттің қойып, Ортасынан түскендей мұздың ойып.
Әлдеқалай болар деп ойламадың, Сөзбен жұртты барасың қырып-жойып.
Байтал мінсе кейбіреу қылмыңдатып, Шекесінен басады жылмыңдатып.
Арғымақпен құдай-ау жарысқанда, Озып кете алар ма құнжыңдатып.
Зинәділ:
Нұрилә сені тойға шақырған мен, Айтысып жеңемісің Үмбетті сен. Сыртыңнан мақтанады желдей есіп, Не демес әруаққа ақылы кем.
Үмбетті, жөні келсе бір жеңіп бер, Еркекпен адам едің терезең тең.
Нұрила, бар еді ғой ақыл-айлаң, Бала едің атағыңды жұртқа жайған.
Үмбет пен Бармақ ақын, Кенен ақын, Алдырдық айтыссын деп осы жайдан. Айтыспай қайт дегенге мен қарсымын, Жеңіп бер осы болсын тиген пайдаң.
Нұрилә:
Дүлдүлдей қызыл тілім сөйлер шағың, Тарықпай тауып сөйлер сөздің табын. Әлеумет, алдыңа кеп айтпай кетсем, Нәуміт қыл дегендей боп сынар сағың.
Құдайым берген кені өлең деген, Көңілім өлең десе елеңдеген.
Кененді бір көруге құштар едім, Атақты әншіл ақын дегенменен. Дабысың Жетісуға мәлім бопты. Басыңа құдай берген өлеңменен. Көргендей бізден бұрын қуғын-сүргін, Көңілің неге сонша төмендеген?
Аман ба Үмбетәлі, Бармақ ақын, Сендерді деп айтады саңлақ ақын. Бұл Бармақ егде тартып қалған екен, Сөзімнің, Үмбетәлі, аңла парқын.
Айтысып меніменен талай ақын, Бейшара аяғында зар қағатын.
Өлгенде айтамысың айтарыңды, Құрысын, бүйтіп көрген кербез қалпың.
Үмбетәлі:
Нұрилә, жөн көремін арыныңды, Таныдым келген жерден қалыбыңды. Асықпа айтқанымша ақтықпағын, Басады Үмбетәлі жалыныңды.
Үмбет ем озып жүрген осы кезден, Құтылмас талап қылса иман ерден. Аузыңды еркінсітпей, тарта сөйле, Сен бе едің елде қатын байын жеңген.
Келдің де ақпай-тақпай кеттің қойып, Барасың үндемесем төбемді ойып.
Болар деп түбі қандай ойлаймысың, Барасың елдің бәрін қырып-жойып.
Нұрила, сенің жайың маған мәлім, Сөйлейсің жоққа балап жұрттың бәрін. Көзі жоқ көбелектей шоққа түсіп, Қаларсың, байыптамай сөздің нәрін.
Жарамас шешен жауға, батыр дауға, Өлеңнен сұрамаспын сенен сауға.
«Бәйге алмас, байтал озып», - деген сөз бар, Сақа айғыр ап жүрмесін омырауға.
Көзіңді сүзе қарап қылмыңдатып, Әр сөзді айтасың ғой жылмыңдатып. Ішінде ұлы топтың ұялмастан,
Жарысқың келіп отыр жырды ойнатып.
Шешен десем, Нұрилә-ау, шатпақ па едің? Сұлу десем, әншейін сатпақ па едің?
Аты шыққан әйгілі жорға десем, Аяғына жем түскен ақсақ па едің? Үлгі көрген, халықтан шаршы көрген,
Ақын десем, әншейін шап-шақ па едің? Жүйрік тұлпар тұқымы көк байталдың, Өз ойыңша озғанын мақсат көрдің.
Қанша айтқанмен байталдың бағасы кем, Ұрғашы бола алмайды еркекпен тең.
Қара тілді әйелдің талайымен, Қақтығысып әр жерде сөйлесіп ем.
Ырық бермей отырсың сенде маған. Оңай намаз емеспін онша саған.
Ұзақ жолда шыдамай тайталасып, Қарғып кетсем қаласың қанжығадан.
Намыстанба, Нұрилә, жаным оған. Өзіңнен кем еркегің, тидің соған.
Тұяғынан тұлпардың серпінімен, Қаптай берсін бетіңе ұшқан тозаң. Өлеңімнің тасқыны астан-кестен, Жұдырықпен ұрғандай апайтөстен. Үмбетәлі ақынның өшсін аты,
Сен сықылды жеңілсе жөн білместен.
Нұрилә:
Ей, Үмбет, сенің өзің еркек пе едің? Білмейтін сөз нақылын тентек пе едің. Қағысып айтысудың ебін білмей, Аузыңа келген сөзді жентектедің.
Шіркін-ай ақын десем, әңгі ме едің? Бұзасың әңгіменің дәмді жерін...
Адасып айтар сөзге, албырттандың, Албырттың мен талайын қаңғыртқанмын. Жем жеген екі мезгіл сәуріктей боп, Әулігіп айдалаға маңғыртқаның.
Емес пе айтысқан соң жарысқаным? Көк байтал көрдің бе аттан қалысқанын? Айғайлап әйелсің деп айта бердің,
Осы ма білген сөзің данышпаным.
Нұрилә талай тойға баратұғын, Той болса әнім осы салатұғын. Омырауға алам деп талай сәурік, Бір-бір иіскеп өз қиын қалатұғын.
Ей, Үмбет, сөзге құлақ саласың ба? Ақылға түсінбейтін баласың ба?
Жеңілсең қасиетің кетіп менен, Атақты албасты боп қаласың да.
Атандым Нұрилә ақын қыз күнімнен, Жерім жоқ айтар сөзге бір кідірген. Бұл емес шаршы топқа талай түстім, Естіп пе ең мені сірә деп мүдірген?
Сөйледім талай топқа сырмен сермей, Отырмын сермер жерге еркін келмей. Болады өлең деген әңгі намыс,
Бұл жерден мен кетпеймін сені жеңбей. Егерде жеңілетін болсам сенен, Өлгенім жақсы емес пе үйді көрмей?!
Үмбетәлі:
Сөзіме шалып айтқан шамданасың, Еркектен қалыспауға қамданасың. Түзетіп өз мініңді сосын сөйле, Өлеңнің тауып айтып таңдамасын. Сөзіме өзіңе айтқан көңіл қоймай, Ауызымды менің бағып аңғарасың. Әңгі деп ақымаққа мені теңеп, Сәурікке кімді қосып сандаласың?
Неғыпты қатыннан қап сонша маған, Емеспін оңай неме мен де саған?
Алдымда жаңғалақтап сөйлей алмай, Әр жерде қалушы еді сендей адам.
Мен өзім ерте шауып, кешінде озам, Емес қой сен сықылды менің қожам. Екі ауыз өлеңімнен есің шығып,
Боп кетер топырағың сенің тозаң.
Көргенім жоқ, Нұрилә-ау сендей пірсіз, Өнерлінің өмірі жұртқа мінсіз.
Шаңқан боздай сөзіме шаң жұқпайды, Ішегі домбырамның ешбір кірсіз.
Тәуба келтір тіліңнің жазасына, Тие бермей Үмбеттің мазасына. Өнегеде үлкен деп сыйламасаң, Жолығасың шоқпардай назасына.
Шимай-шатпақ сөзіңді шатпақтама, Пәк денесін біреудің сатпақтама.
Сөз аяғы біткенше албырттанып, Ақылы жоқ адамдай асқақтама.
Өлеңі бұл Үмбеттің астан-кестең, Тисе тисін, тимесе апай төстен.
Өлгенім үйді көрмей жақсы емес пе, Жеңілсем сен сықылды жарыместен?
Нұрилә:
Ей, Үмбет, мінезің бар оңбайтұғын, Ақылға сөз айтасың қонбайтұғын. Ләпсіңнен жеңілдің бе, жазым болып, Кезінде қанатыңды қомдайтұғын.
Дәл өзі сен емес пе кеңкелестің, Болады сөзі осындай жарым естің. Бетіме мұның несін қылдың шіркеу, Біреудің оң жақтағы қызы емеспін.
Бақ берсе, бала берсе бағыменен, Үмбеттің сағы сынар тағы неден. Ауырсаң, Үмбетәлі, сүзек болып, Ұшықтат Нұриләның таңыменен.
Не дейді мына ант атқан, төрелерім, Алдына шақыртпасаң келер ме едім. Найсап бейәдептің тіл сазайын, Өлеңім, үстем келіп, төпелегін.
Бұл Үмбет ақын емес, анық шатпақ, Ежелден ескі мінез сөзге тақпақ.
Жігітті абыройлы әр уақытта, Жүреді әр нәрседен құдай сақтап. Әйгілі ақын болсаң ел мақтайтын, Сөзіңді сөйлесеңші екі жақтап.
Әйтеуір ақынмын деп әуектейсің, Білмейсің не айтқаныңды қылжалақтап.
Белгісі өлеңшінің олай емес, Жақсының сөзі балдай, сырлы кеңес. Майда тіл, жұмсақ көңіл болмайынша, Ақындық азаматқа оңай емес.
Өрден өрге бастадың өзіңізді, Мен де өрге айдайын сөзіңізді.
Айтысып меніменен пар келмейсің, Таппасаң менен басқа теңіңізді.
Үмбетәлі:
«Ұят жоқ, иман жоқта» деген де сіз, Көрмедім бұл бұған дейін сендей пірсіз. Шімірікпей, жүзің құрғыр, не деп айттың? Бетіңнің қытығы жоқ, тіпті бүрсіз.
Деуші еді әркім сені долы қатын, Жүрмейді долыменен пері жақын.
Бар болса қалған сөзің тағы да айтқын, Қалған жоқ ешбір жерім қорынатын.
Ұлықтар, бұл қатынның жоғалт көзін, Қарашы найсаптың айтқан сөзін.
Келдім деп шақыртумен міндет қылса, Саулықша маңыратпай қойғыз өзін.
Қиналма таңың созып, табылады ем, Сүзек боп ауырғанға дәрігерден.
Тентектің телі сөзін тергеу түгел, Қош алып мұның сөзін көресің жөн.
Бұл заман болғанменен пейілі қатал, Дүние деген сөз бар алып сатар.
Әйелдің еркек пірі деуші еді ғой, Еркектің серт болмаса әруағы атар.
Барғанда сөздің рас тазасына, Тіліңнің бір тартарсың жазасына. Ақ түйек алтау екен, ой, қара бет, Үмбеттің қап жүрерсің назасына.
Былапыт былғадың ба тілімді енді, Айыпты айтқан сөзің білінбеді.
Төңкеріліп отырмын судай жылжып, Кездеспеген бетіме бір қиындық.
Иегімде бір қыл жоқ – бозбаламын,
Сәні бар ма сақалдың бес тиындық. Мінезіңді, сырыңды білдім сенің,
Бір адамсың бұлт етпе, түлкі құйрық. Долы құйын секілді ұйытқып шалқып, Жылт етесің сынаптай қолдан жылжып. Қабағыңа қара қас сызылады, Сөйткеніңмен кім саған қызығады.
Алты тиын алмаймын бағасына, Атым үркіп арбамнан бұзылады.
Шаптың қарсы, не десем, бетке дүрсе, Ысқырғандай орданың оқ жыланы.
Аулақ кетсін шенімнен, алас!алас! Десем қата болмайды Нұриләны.
Нұрилә:
Ей, Үмбет, ақындықпен арындадың, Арындап, әрі-бері ағындадың.
Антұрған әзіл сөзге наза болып, Қарғанып, қара албасты, қағынбағын. Елімнің жолықпасам сілесіне, Еркектің киесіне табынбадым.
Шалаға жанып тұрған жақындасып, Темірдің қызуына қарынбағын.
Әдептен самғағанда адаспаймын, Саналы сөзің болса таласпаймын. Бойыңда шықпай жүрген ұшығың бар, Өлеңмен оңды-солды аластаймын.
Бетіңде сақал-мұрттан тұлдыр да жоқ, Қағынып жүр екенсің жын қума боп. Секілді кәрі кемпір кейіптенген, Қазақтың сендей көсе ұлтында жоқ.
Ой сала сезіміңді мөлшерлесем, Ақындық ақыл дарқан сымбыл да жоқ Қатыннан қасабалы неңіз артық?
Ер белгің иегіңде бір қыл да жоқ.
Болғанда бетің тықыр, бойың мықыр, Қитықтау мінезің бар, желкең шұқыр.
Кескінің келісімсіз таңқы мұрын, Торсықтай майлап қойған қара жылтыр. Жабысып сары шаяндай елді мақтап, Ән қостың домбыраға тыңқыл-тыңқыл. Сыртымнан жеңемін деп желпінесің, Естіп ем өсегіңді сенің былтыр.
Өлеңге мығым болсаң сығымдаймын, Ер болсаң тыпырламай менен құтыл. Артықша менен астам қай жерің бар? Не жеңіп, не жеңіліп сөзден ұтыл.
Өткендей өңменіңнен болды сөзім, Ал, Үмбет, арыстан боп айға ұмтыл.
Үмбетәлі:
Көрермін, ей, Нұрилә, озғаныңды, Қозбасы әңгіменің қозғатылды.
Ырылдап қаншық иттей қаба бердің, Шығарып тастамасам боздағыңды.
Мықыр кескін бойымнан садаға кет, Сен сықылды емеспін бояма бет.
Сөзіңнен көң-қолаңса иісің шықты, Пайым қылып бір-екі сөйлесіп ек. Мәнері жоқ сөзбенен маза бермей, Сандаласың әйтеуір бірдеме деп.
Басынан балдыр сөзді пысықтаймын, Жел сөзге жүрегімді ысытпаймын.
Аластап әрі-бері, асқындырып, Жегіңді желікпелі ұшықтаймын.
Болса да бетің қызыл, етің сұлу,
Не пайда болмаған соң бойда жылу. Ойланбай, әйелдікпен сөз сөйлейсің, Ашынаға бола ма қастық қылу.
Өлсін деп ол жазғанға алмас бердің, Ағыңды қараменен алмастырдың.
Қолыңда қаза-тағдыр тұрған болса, Құтылып сол байыңнан алмас па едің?
Алғашта айта салмай әр сынадым, Шығарып боздағыңды шымшыладым. Сезген соң сеңді суға түстің байың, Өлсін деп отқа түсіп қарсыладың.
Ол байғұс ажалы жоқ өлмей қалып, Қайғыдан түсің қашып қансырадың. Бетіңде шімірігер шырқау да жоқ, Жалғанды жалпақ басып шаршыладың.
Өз басын тоқтай ма адам тасқа ұрғанша, Күнәға, байыңды арбап баттың қанша. Сөзіме айтпайтұғын асық болдың, Алысып албастыңды қақтырғанша...
Нұрилә:
Дүниенің кең қазына жалғанында, Жарасар араздығым алғаныма.
Қатасыз, қамтамасыз пенде болмас, Толқынды заманының аңғарында. Болғанды о бастан-ақ болды демей, Бола ма болмады деп танғаныма.
Мін қылып осы сөзді тағамын деп, Артымнан ақын Үмбет қалмадың ба? Бір дәмді, бір дәмсізді қосып шайнап, Ащы ма, тәтті ме деп талғадың ба?
Пенденің жұмыр басы не болмайды, Жетпесе жетем деген арманына.
Не түрлі керуен көшіп, заман өткен, Тұрмысты талқы басып тепеңдеткен. Адамзат бірде теңіз, бірде самал, Ондай ісі бола бермек сондай кеппен. Кісінің ерлі-байлы арасына,
Түседі деген сөз бар есі кеткен. Болғаныма байыммен төсек араз, Үмбеттің несі келіп, несі кеткен.
Күнәға істеп өткен кешу болса, Айыпсыз адасқанға шешу болса. Байыма баяғыдай баз қалыбым, Айтпас ең ондай сөзді есің болса.
Ат қойып ала жіпке ала бөтен, Қағынып отыратын Үмбет көсем.
Ант беріп адалдық деп айта алмайсың, Сондайдан өзіңді де тапты шешең.
Жастықтың қызық дәурен науқанынан, Бола ма өткен пенде есен-аман.
Кезегін келер сөздің көп айтасың, Тағы да намыстанып десем, ауан.
Емес пе әңгілігің – алдырмадым, Шапқанда шаңымды да шалдырмадым. Жетерлік жете болса, есең болды, Азасыз айтқаныңды қалдырмадым.
Енеңнен екі туып сен келмесең, Есіңнен осы болды тандырғаным. Жағымсыз жаман сөзбен, Үмбетәлі, Екінші құлағымды даң қылмағын.
Үмбетәлі:
Нұрилә, құтылмады сенен қулық, Мініңді білгізбейсің судай жылжып. Адамның екі аяқты қуы екенсің, Бүктелме, мінезің бар түлкі құйрық. Секілді долы құйын ұйытқып-шалқып. Сынаптай жылт етесің қолдан жылжып. Шарт жұмған екі көзің ұры мысық, Тұрғандай не көрдім деп бәрін сылқып. Орданың сұр жыланы тәрізденіп, Ысқырып осқырасың көкке ырғып.
Арбаған аспандағы бозторғайды, Түскенін алқымыңа, жұттың қылғып. Күндерде бір күндері сол жұтқаның, Ішіңді тесіп шығар болып қылқұрт.
Қолқаңды қолқа құрт боп аралармын, Бүлдіріп бүйрегіңді жаралармын.
Аралап ішек, қарын, қатпаршақты, Паралап жүрегіңді далалармын.
Басыңнан ақылды ұрлап, миыңды жеп, Есіңді есек қылып ала алармын...
Мойныңа артпақ болдың кісі құнын, Осы ма жұрттан асқан кісілігің?
Үмбеті Мұхаметтің бола алмайсың, Еріңе жауыздықпен у ішкіздің.
Нұрилә:
Ей, Үмбет, уға қостың, қуға қостың, Құйынға, түлкі, мысық, суға қостың. Сынапқа, сұр жыланға мені теңеп, Өзіңді боз торғай қып жырға қостың. Құлғана, мерез, кесел тұмау болып, Сырыңды зымиянкестік шынға қостың. Ойымнан ақыл жасым адаспайды,
Мен сені жеңу үшін сынға қостым. Сыпайы сөйлеймін деп тәтті тілмен, Ит қылып ең соңында «ырға» қостың.
«Жығылған сүрінгенге күлер» деген, Өзіңе келер кезек, өйтпе, досым.
Білмейсің кім опалы, кім опасыз, Сөз былғап арасына мыс қосасыз. Ақиқат ақтық, қара таразыға, Түскенде мәлім болар іс опасыз. Тартқанда таразыға жанның бәрін, Азабың ауыр-жеңіл сонда мәлім.
Болады иман жолдас ұят-арға, Әзәзіл ардан безген Үмбет бар ма?! Алтынай қарындасың бірге туған, Баласы Алпысбайдың Жұмақанда, Ақ бата, қызыл қанды судай ұрттап, Қызығып құда түсіп бердің малға. Айнытып онан бұзып алып кеттің, Берем деп өз теңіне – сүйген жарға.
Ей, Үмбет, иман қайда, ұят қайда, Лапсының ізегені бақыр пайда.
Озбырым отбасынан озған емес, Содырың сенің, Үмбет, маған сай ма? Ақ жүрек адал ниет адам болсаң, Бердіңіз содан бері қанша байға?
Баланың жайы қандай – жақсы жүр ме? Жауап бер сөз тастайын Алтынайға.
Үмбетәлі:
Нұрилә, бел-жотаңды баса бердім, Қарғысың қалың сөзден аса берді. Еліне Алпысбайдың құдаласып, Қалыңдық қарындасқа матап едім. Сүйкімді құда болып сүйек алды, Жоқ шығар мұнан бүккен таса жерім. Атаның ұлы ма деп қапы қалдым,
Ол кезде мен де кедей нашар едім.
Кез болған кезегінде байға бердім.
Ақ майға, қызыл құйрық шайға бердім. Артынан қарындастың барамын деп, Өткізіп бір жарымдай айда келдім.
Мән-жайын, мүддағасын қайдан білем, Байқасам күйеудің де түсі күрең.
Үйіне қарындастың он күн қондым, Ішінде ықылас жоқ ашық рең.
Тәрізді жақтырмаған бола ма деп, Дедім ғой ертесіне атқа мінем.
Асықпа деді маған қарындасым, Ілесіп аз шыдасаң бірге жүрем. Білмеймін – қуаң түспен өңі қашып, Бар деді арамызда бір қыр белең.
Күйеу де ақ жарылды, танбаймын деп, Мынаумен ғұмыр кеше алмаймын деп. Жаздырып талақ хатты тағы берді, Басыңды дау-дамайға салмаймын деп. Ұстады етегімнен қарындасым, Ағатай, енді сенен қалмаймын деп.
Құм сірке, үсті-басы көк ала бит, Тірілттім бейбақ қызды үйге ап келіп.
Болғанда бай келіні, күң болыпты, Жүргенде басқан ізі мін болыпты.
Менсінбей кедей қызын байдың ұлы, Жүйкесі жүрсе құрып, құм болыпты. Күс-күс боп екі қолы, қара сирақ,
Ақ беті айғыз-айғыз кір болыпты. Адамның санатына оны қоспай, Итпенен есіктегі бір болыпты.
Біреуге сонан келе таңдап тиді, Онысы өзіне өте сый жолықты.
Өзіне тапты байғұс жанашырды, Осылай Алтынайдың бағы ашылды. Ұшарлы ұлды-қызды отан болып, Үй болды өз алдына жарасымды.
Үйіне түнеу күні мен барғанда, Егіздері жармасты жарасымды. Нұрилә, мұнан да ұпай таба алмайсың, Тоқтатқын жөн-жосықсыз таласуды.
Нұрилә:
Адамға абыройсыз аса мақтан, Орынсыз осы сөзің, ей сен айтқан. Тигені Алтынайдың бесеу бопты, Кеткелі кейін қайтып біздің жақтан. Бес елден жалғыз кедей таппадың ба? Байларға бақал болдың айна сатқан. Шыққалы соңғы жерден үйінде отыр, Екіден егіз ұлды қашан тапқан?
Бір бала өмірінде ол тапқан жоқ, Сен таптың өтірікті оңай жатқан. Адымың ашылмайды, мандымайды, Нысап жоқ адал сөзге жала жапсаң.
Ей, Үмбет, үзгім келді сенен үміт, Қылар ма сондай кәсіп сендей жігіт. Алтынай ондай сауда болмас еді, Басында берген болсаң теңін біліп. Басында байдың ұлы менсінбеді, Өлудің біле алмады емін қылып, Батымсыз оның басы бола берді, Қойған соң құдай сені еміндіріп.
Үмбетім, сөзің жылпың, аузың епті, Жеріген қойша телдің екі бетті.
Алданып әлденеше жас Алтынай, Өлем деп намыстанып у да жепті. Тағдырға жазым болса кімнен себеп, Тұрмыстың тұтқан зәрі оған кепті.
Кінәңді көп қаздырып неғыласың, Қоздырып қай-қайдағы пәле кепті.
Жел сөзім желдей соғып сауылдасын, Қабағың қатып, ішің ауырмасын.
Арқаңа артсаң жүкті шағындап арт, Өтірік өрге баспас, мамырларсың. Сырғытып бірден-бірге бейшараны, Болды ғой есік қақпай қарындасың. Көрем деп байдан опа байғұс бала, Өткізді зая қылып жарым жасын.
Ұлықтар, осы сөзден түйініңіз, Үмбеттің сатқан сиыр тиыны – біз. Аяғын мұнан былай байқап бассын, Жазаға, заң көтерсе, бұйырыңыз.
Қолқаға мұнан артық сіздің сұрап, Алатын бізден болмас бұйымыңыз. Теңгермей тұяғына жүрсе-дағы, Үмбетпен бірдей шығар иығымыз.
Жамбыл:
Жамбыл сөзін бастаса бастан айтар, Түйіп түгел соңына тастап айтар.
Бақ берген маңдайына басбармақтай, Жүлде алады әр жерде жүйрік байтал.
Бағы жанса байталдың бағасы зор, Адасқанын Үмбеттің байқады ол. Бұл жердегі айтыстың кезегінен, Нұриләға беретін теңеуім сол.
Жүйрік озды жүйріктен құлаштаған, Көрген жұрт көз мөрімен растаған.
Кәрі демей жас демей айтысатын, Сүйінбайдан соңғыға мирас қалған. Әйелдің асқан биік құзарынан, Өлеңнің тау мен тасын құлат маған. Кәрі тарлан Жамбылдан дәмең болса, Ауаныңды басайын шыдатпаған.
Ерден басып екпінді жолың озды, Өлеңшінің көбісі шілдей тозды. Шапырашты, мен Жамбыл «Қарасайлап», Ұмтылып менің дағы перім қозды.
Сөзіңе қозды, Нұри, менің арқам, Аузымнан ақтарылды өлең дарқан. Еліңде ерлік бар ма, байлық бар ма, Мәнісін байқасалық айтшы, қалқам.
Айтылса әрбір өлең әніменен, Дауыс та құбылады сәніменен. Аршын сөздің асылын ақтар бері, Сөліменен маңызды дәміменен. Тамаша үшін осындай бас қосқанда, Сөкет болмас айтысқан кәріменен. Бала күнгі өнерім ескі жолдас,
Ада-күде кеткен жоқ әлі менен.
Нұрилә:
Өздеріңсіз жетісем қайда барып, Сөз құраймын мұрадан пайдаланып. Әркім сөздің ішінен қисын терсе, Ақын атқа қонады өлең дарып, Домбыраға ән қосқан сәнді әуенім, Тыңдаған жұрт қалады тояттанып.
Сіз дарқан, сізден үлкен ақын бар ма, Жасым кіші, әйелмін, жолым нәзік.
Дауысыңды не қилы әсемдейсіз, Дауылдатып, кейде жәй бәсеңдейсіз. Сіздің бетке мен қарсы тұра алмаймын, Әлдилеп алдына алған әкемдейсіз.
Киліккенің бола ма енді бұған, Айтыс болып өзінше өтті думан. Теңдесе алман мен сізге жасым кіші, Қинамаңыз, тағы да ізет қылам.
Мен түгіл ат үркеді атағыңнан, Озған басып жүйріксің қатарыңнан. Жасыңа құлдық қылдым мені босат, Айналайын, ататай сақалыңнан.
Келін болып еліме былтыр түстім, Сізге жайын айтпақпын бұл жұмыстың. Нәресте бар үйімде және әлсізбін, Босанғалы болған-ды маған үш күн.
Баланың қарамастан туғанына, Орап тастап кетіп ем құндағына. Ат жіберіп әдейі шақырған соң, Өлең айтып бергелі мұндағыға.
Аяғыма сол менің бала шідер, Қайтуыма сондықтан ұлықсат бер, Бөгелуге емшегім сыздап отыр, Бөбегіме, ататай, мені жібер!
Жамбылдың төрелік сөзі: Жамбылдың жасы жетті жетпістерге, Мұндай бала көргем жоқ өткір тілге. Дауысың көкке жетіп аспан жарған, Естідік әуезіңді бір түн бізде.
Олай болса тоқтату мүмкін емес, Бар, шырағым, ұлықсат бердім сізге. Қара табан болғанда қарашығың, Шақырамын кел сонда біздікіне.
Сөзіңнен сорғалаған тамады алтын, Аңқылдаған адамға көңілің жарқын. Бала жастан өлеңге Жамбыл құмар, Басылатын жәйім бар әнмен мауқым. Тербеткен жүрегімді жас баладай, Құлағымда тұрады осы даусың.
Барғын бала, аман бол жолыққанша, Бәрекелді, үстіңе күн нұр жаусын!
Саяділ:
Не дерін сонда Үмбет біле алмайды, Басында қой дегенде тіл алмайды.
Үш тұрып сасқанынан үш отырды, Аяғын қадам басып жүре алмайды.
Әйгілеп жұрт көзіне Бәрібаев, Мың теңге Нұриләға бәйге берді. Қос жорға құламенен ақбарланып, Үйіне жарым түнде қайтып келді.
Аяғы әңгіменің болмай мешем, Аз ғана түсінігін айтып өтем.
Сонан соң Нұриләға көп кешікпей, Жабысты улы науқас үлкен кесел.
Кез болып келте сүзек, керең болды, Қайғысы күннен-күнге тереңдеді.
Созылып соның түбі ұзай-ұзай, Соңында ісіп-кеуіп шемен болды, Барса да қанша тәуіп сәті қонбай, Ақыры ажал жетіп өлер болды.
Бармағын баса тістеп «өлең», – деді,
«Болмады жарық сәуле көрер», – деді. Аз ғана жүрмедім деп арман қылып, Өкініш өлеңі екен өлердегі:
«Жеңілген тауы қайтып талай ақын, Ішімде бірге кетті өлең», – деді.
Не керек бәрін жазып жүрмеген соң, Еңбегім зая кетіп төленбеді.
Айтысты талай ақын арыстандай, Қолма-қол қойғыласып алысқандай. Мен жүйрік, мен де дүлділ деген сабаз, Жеңілмей кеткені жоқ намыстанбай, Бәрінен Үмбетәлі басым екен.
Таласып ат құлағы жарысқандай.
Құйынға қия шапты қисын тапты, Ауыздық-ауыздыққа қарысқандай. Ішіме түйнектей боп түйілгені,
Сол жерде сонан кесел жабысқандай.
Көңілі не болса да торықсын деп, Қызуда қызба сөзді соғыппын кеп. Бетіме қаптап соққан қалың сөзін, Итеріп иірімге тоғыттым кеп.
Қырық кісі атын білген ер екен бір, Отырмын сілесіне жолықтым деп.
Өтірік айтамын деп егіз ұлды,
Үш тұрып жеңген жерде үш отырды. Байқаусыз қапелімде бір жеңілді, Әйтпесе ақын екен аса құнды.
Тегінде оңайлықпен ақын болмас, Мылтықтың оғындай-ақ назасы ұрды! –
Деді де көзін жұмып жүре берді, Әйелдің абзалы еді-ау бір өнерлі. Өмірмен жиырма бесте қош айтысып, Айқасып кезегінде ажалға ерді.
Сұм тағдыр алып ұрмай қойсын кімді, Ажалға Нұрилә да бой ұсынды.
Қозатын өлең десе делебесі, Жүйріктің демі бітіп, үні тынды.
1919 жыл.
КЕТЕ ЖҮСІП ПЕН ҚАЛЫШ
Кете Жүсіп:
Өтіпті ертеде бір қария адам, Ақылдың шын жолына ұрған қадам. Баруға бір шаһарға етті талап:
«Бітсін, – деп, – көңілімдегі бар мүддеғам». Тоғайда ақбоз үйге келіп түсті,
«Қонақ боп кетейін, – деп, – ішіп тағам». Төрінде толықсыған отыр бір қыз,
Формасы қараңғы үйге қойғандай шам! Ажары ақ бетінің – айдай болып, Назбенен отырады неше баһам1.
Астына атлас, қамқа төсек салып, Төгеді дастарханға түрлі тағам.
Қарт тұрды қызметіне тамаша айлап2, Қонағын бұл формамен болды жайлап. Назбенен неше түрлі қасын қағып, Отырды қаршығаша көзі жайнап.
Баяғы балалығы еске түсіп, Қазандай қарттың іші кетті қайнап. Ішінен судай тынып, байғұс, қария, Бармағын балаларша отыр шайнап...
«Қараққа қадір білер – сөз айтуға,
Кәрілік қойдың, – дейді, – қолды байлап».
Мұны айтып жатады қарт төсегіне, Өткен күн тура келмей есебіне.
«Мен енді бұл сұлуды оятайын, Қалсам да ғайбат сөздің өсегіне. Кідірсе, ақ киіктей – серіппес аяқ, Оқ тиер ұмытылмас меселіме».
Осы оймен ошал3 қызға салды қолын, Бұрынғы ойына алып жүрген жолын. Ақ жүзін алақанмен сипағанда,
Қыз жатты іргесінен беріп орын. Айт, ата, көңіліңдегі жұмысыңды,- Деп сұлу қайнатады шалдың сорын. Мүддесін ойындағы қамданды қарт, Ұстауға ғашық құсты жайып торын. Үстіне ақ төсінің қолын салып, Жауабын қайтарды қарт осы форым: Мен өзі заманымда сұңқар едім,
Бәйге алған бақас4 жерден тұлпар едім.
1Баһам – жай, күй, құбылыс. 2Айлап – етіп деген мағынада. 3Ошал – осы деген мағынада. 4 Бақас – талас-тартыс.
Айдыннан толықсыған аққуды іліп, Құстарды көзге түскен құртар едім. Тұрғанда сол дәуірім бастан кетпей, Досымның ашылғанын қымтар едім. Көрген соң орынымды аңсап кетіп, Қайтадан бір көруге іңкәр едім.
Қыз жатты қарт сөзіне жауап таппай, Кідіріп жан–жағына айналақтай.
Бет бұрып, қарт мойнына салды қолын, Ойнаған құба дөңде құлыншақтай.
Айтылмыш қарт сөзіне ол қыз тоқтап, Тыңдады мұңын бір түн кірпік қақпай. Бозарып ақша беті, сұрғылт тартты – Басынан миуасы ұшқан бақтай.
Қалышжан! Ақылды ма, бұл қыз қалай? Өнерді өрге жүзген көрдің талай!
Жарым ес ақылсыз ба, неткен сұлу, Қарт сөзін қабылдаған базынадай?... Және де өзіменен қатар да емес, Ойнауға жарасарлық жасы қолай.
Қыз көңілін көп ойланып шеше алмадым:
«Иә дұрыс, ия надұрыс» деуге былай. Сонан соң «ашылсын» деп сізге жаздым, Көңілімде кетпесін деп жылай-жылай.
Қармақшы, 1921 жыл.
Қалыш:
Жүсеке, қайтарылды Қалыштан хат, Жабықпай, болсын енді көңіліңіз шат. Шайырдың шынжыр қатар нәсілісіз, Сипаттап айтуынша сыртқы азамат.
Және де есі бүтін ер атың бар, Мүшкілді минутында етуге аңсат1.
Болыпты көңіліңізге бұл іс қиын, Көп ойлап шарланыпты әбден миың.
1 А ң с а т – қиындықтан құтқару.
Білгір боп бізден бұрын бірнеше жыл, Кемеңгер емес пе едің көрген жиын? Аша алмай аз нәрсенің шекарасын, Қартайып қалғаның ба, Жүсіп биім?
Мен білсем, сол шалыңның сөзі жалған, Үйіне жолы түсіп қыздың барған.
Ойында «оятсам» деп ойлап жатып, Қартыңды құдай ұрып, ұйықтап қалған. Түс көріп түнде жатып осылайша, Сұлудан сөйтіп сорлың құр пәр1 алған.
Аңдасаң, ағаңның ол болар түсі, Айтқаны – түсіндегі көрген ісі.
«Сыйлады» сөйтіп сұлу мені, – депті, Аузына бейшараның жетпей күші.
Шынымен көңілін берсе, қыз жарымес, Бір шалға опырайып түскен тісі.
Осылай білгенімді жаздым хатқа, Жолдамын, Жүсіп аға, сіздің атқа.
Мен оны «ақылды қыз» дей алмаймын, Әрі қарт қосса көңілін, әрі жатқа.
Мүбада2 мені «теріс айтты» десең, Салып көр, сараптағы азаматқа.
Қалыштан қарындасың қайтты жауап, Шұбалтып көп созбайын сөзді ұзаққа.
Кете Жүсіп:
Сақталып сандығымда сансыз ұдай, Қалышжан, келіп еді айтылынбай.
«Жойылсын қалың мал» деп заң шыққан соң, Өмірді өткендегі жаздым сынай.
Әйелдер право алды декретпен, Таңында Октябрьдің алтын шырай. Әркімдер теңдік алып, теңін тапты, Енді жоқ нәпсі құмар бұрынғыдай!
Қармақшы, 1921 жыл.
1П ә р – нәр, қуат.
2М ү б а д а – егерде.
КЕНЕН МЕН ЛӘТИПА
Кенен:
Мен едім, Кенен ақын Қордайдағы, Төгейін өлеңімді таңдайдағы.
Ләтипа, дабысыңды естіп келдім, Жатсаң да Төмен Балқаш шалғайдағы. Өзіңдей өнерпазды көргенімде, Қайнайды зығырданым қай-қайдағы. Топардың тоғайында сен бір бұлбұл, Әніңді құбылжытып салғай-дағы.
Ақиық Алатаудың қыранымын, Қондырып бұтағыңа алғай-дағы.
Ләтипа:
Сен бе едің Қордайдағы Кенен деген, Құлағым келеді деп елеңдеген.
Сыртыңнан естуші едім атағыңды, Ойда жоқ түлен түртіп келер деген. Ашадан Сауытбек пен Жидебай кеп, Айтысып менен көңілі төмендеген.
Қайрақбай, Әлдібай мен Көшкімбай кеп, Бейсенбекпен алты ақын шөмендеген.
Болғанда сен іздеген, мен сұраған, Іздеген сұрағанға деген келген.
Ап етпей, қап етпестен, Кенен құрбым, Азырақ сынасалық өлеңменен.
Кенен:
Мен едім Дулаттағы Кенен ақын, Жол жүріп жеті бекет кеген ақын. Тайымда атқа қосып елім мені, Бәйге алған оза шауып арғымақпын.
Жеңдім деп өңшең шалды мақтанасың, Олар қайдан болып ед менен ақын?!
Тіліңді тарта сөйле асқақтамай, Шаңыма ілеспейді сендей қатын.
Ләтипа:
Сен болсаң кім қорқады, Кенен ақын, Жасыңнан жарымаған кедей ақын.
Мақтанба көрмегендей, білмегендей, Қураған Көкшолақпен сірі тақым.
Сен болсаң кім сескенер, Кенен болыс,
«Қолына таяқ алған»1, кедей болыс. Мақтайсың өзіңді-өзің көтермелеп, Келсең де үш жүз түйе сұрап помощь. Бүгіл мына қазақтан серік таппай, Қасыңа қосып апсың «сары орыс».
Кенен:
Ләтипа келтірмеші сайтанымды, Біліп ем осы сөзді айтарыңды. Орыс пенен қазақты бөлетұғын, Көңілің неге орыстан тойтарылды? Үш жүз түйе аламын әскер үшін,
Қом-шомымен айдатып қайтарымды. Талассаң тар кезеңге мен шығармын, Тартаңдап шауып көрші байталыңды.
Ләтипа:
Ей, Кенен, жүйрік емес, жүріскерсің, Өлеңге, әуенменен мініскерсің.
Желпініп жеңемін деп, аптықпағын, Шындасам сөз таба алмай тіміскерсің. Арының қайтпай жүрген ақын болсаң, Қысылып жүрген жолың жіңішкерсін. Көкбайтал күнде озып бәйге алып жүр, К... бәйге алса иіскерсің.
Кенен:
Ләтипа, бір көруге ашық едім, Ауылың Хантаудағы қашық еді. Көкбайтал күнде озып жүргенменен, Оны да жабы сәурік басып еді.
Тұғырдан туған құлын шабан болып, Көшке де ілеспейтін жасық еді.
Қазанның күйесіндей қара байың, Күйеуің таңдап тиген осы ма еді?
1 «Қолына таяқ алған» – Кененнің домбырасын айтқаны.
Кетпеннің ұңғысындай кеңірдегі, Көргенде қалдым түрін шошып енді. Қашар мен арғымақты матағандай, Жатасың қайтіп ғана қасына енді.
Жүрсеңші Алматыға бізбен бірге, Қояйын сүйгеніңе қосып сені.
Тіл алсаң бізден қалма, Ләтипажан, Әйелге теңдік жолы ашылды енді.
Ләтипа:
Ей, Кенен, қоқаң, сестен қорықпаймын, Дүлдүлмін, неше таңға зорықпаймын. Өлеңнің таңдайымда ұясы бар, Ешкімнен үйренбеймін, тарықпаймын. Болса да байым момын, елім жақсы, Үстінде үш болыс ел қалықтаймын.
Елімнің еркелеткен арқасында, Дарияда жүзіп жүрген балықтаймын.
Кенен:
Ләтипа, асыл нарқын білген қандай, Жас шақта күліп-ойнап жүрген қандай! Бұл күні әйелдерге ерік тиді,
Қалайша жүрсің шыдап жаман байға-ай?! Жанымда жау-жарақты жолдастар бар, Жүрсеңші тілімді алсаң, бізден қалмай.
Жоқ болса жанашырың, сүйенерің, Өкімет пана болып қорғағандай.
Ләтипа:
О, Кенен, бұл сөзіңе нана алмаймын,
Шын айтсам, мен соңыңнан бара алмаймын. Ақ бата, қызыл қанды бұзбаймыз деп, Ұзатты байлап, матап ел-ағайын.
Өзіңдей әзілдессем құрбыменен, Еркексіп ұра беред жаман байым1.
1921 жыл.
1 Осы арада жиында отырған Ләтипаның байы Әбжан Тайшыбайұлы жанжал шағарады. Сөйтіп айтыс бітпей қалады.
РАҚЫМЖАН МЕН ЫБЫРАШ
Рақымжан:
Құрметті хат жазамын Ыбырашқа, Хат жазған ұят болмас тұрғыласқа. Замандас тілегің бір, пікірің бір, Болса да елің бөлек, еншің басқа. Туғандай бір анадан еңбекшілер, Менменнің аты басқа, ізі басқа.
Қосылды сіздің елмен тілегіміз, Болған соң бұрыннан-ақ ықыласта.
Азғантай айырушы ем ақ-қараны, Бұл сөзге дей көрмеңіз «мақтанады». Бүйрекке шақырды да Бекіш биің,
«Оқыт» деп жинап берді көп баланы. Болайық біреу құйрық, біреу қанат, Деуші еді көп қараса жоқ табады.
Дарияны бейнетқорлар бөгеп жатқан, Көп көмек ел келеді сіздер жақтан.
Сарғайып кешке дейін үйден шықпай, Әрине, оңай емес бала баққан.
Жалықсам балаларға сайратамын, Әуезін бір бұлбұлдың таңдай қаққан. Сол бұлбұл – Кәдірқұлдың Ыбырашы, Сөзімнің әзілі жоқ, қанағаттан.
Жалықсам көп жұмыстан тыным таппай, Сарғайса жылдай болып, күнім батпай, Түн болса төсегімде келмей ұйқым, Тұнжырап тегіндікпен таңым атпай...
Осындай әлеметке душар болсам, Ауырмай-сырқамай да, жылан шақпай. Көңілім бір тарыққан ашылмайды, Сырласып біреуменен таңдай қақпай.
Жігітсің, Ыбырашым, сырласқандай, Сырласып көңілдегі кірді ашқандай.
Жарамас артық берген қызыл тілмен Сөйлемей дос-дұшпанға бір жасқанбай. Тыңдасам сөздеріңде қасиет бар, Сүйеніп періштелер, жын қашқандай.
Жаралыс тілге шебер сөз бергенге, Құбылып заманыңыз өзгергенде, Отыздың бесеуіне жасың кетіп, Ақылың дұрыс болып, жөн көргенде.
Сөйлесе табылады шайырдан сөз, Жақсыны жаманменен айырған сөз. Халықтың құлақ салсам арасында, Көп екен сізден шығып жайылған сөз. Жақсы сөз өнер көркі шағирия, Назымдап, ұйқастырып қайырған сөз. Бермесең жинап-теріп матбұғатқа, Бытырап болып кетер зайырдан сөз.
Ыбыраш, үлкенбісің, кішімісің, Кішіні жатырқайтын кісімісің. Сырыңа күні бүгін жеткен емен, Әйтеуір, бір шайырдың мүсінісің. Бірдейсің аты қазақ баласына, Демеймін тек Бүйректің пысығысың.
Үш жұмбақ жанабыңа жолдап қалдым, Бұлданбай шешер-ау деп, түсіп ісім.
Үш жұмбақ жолдап қалдым жанабыңа, Алғайсың сөздерімді назарыңа.
Кім бар деп сұрастырсақ, сені айтады,
«Жүйрік» деп Бүйрек елі «Бабалыда». Жасырмай өнеріңді сүйінгендей, Шығаршы дүниенің базарына.
Жұмбақта бәсеке жоқ бұл жазылған, Бәсеке ойлаушыға ор қазылған.
Көрініп дүниеге қызыл тілмен, Белгілі дәметемін болғаныңнан.
Болғансың тілде қалам, қолда қалам, Ауыстыр бізге-дағы қолдағыңнан.
Мен қонақ келіп қонған желкеңізге, Ерулік жөн болады берсеңіз де.
Осындай атаңыздан әдет қалған, Қабірге атаңызды көмсеңіз де. Атанып «тартпай туған тұйық бала», Жолынан бабамыздың үркеміз бе... Мол қылып ерулікке өлең берсең, Ұлықсат біз етерміз серкеңізге.
Бірінші жұмбақ:
Қолымда қазаны бар астананың, Ішіне таза жумай ас саламын.
Көп халық қазанымнан пайда қылып, Жеркенбей қолданады ас-тағамын.
Әркімнің сыбағасын құйып беріп, Қолыма шөміш алып, бас саламын. Тамағын талай адам тауыса алмай, Қысып жүр қолтығына тостағанын.
Көп және сол қазанның кереметі, Ішінде піседі асы жанбай оты.
Шамасы тамағынан жалғыз қасық, Ішеді аспан асты, жердің беті.
Берсем де ашқа-тоққа қызғанбай-ақ, Ортаяр қазанымның жоқ реті.
Не нәрсе қолда жүрген қазанымыз, Ішінде таусылмайтын тамағыңыз? Таусылмай қалған асын қолына алып, Кім болар қарық болған адамыңыз?
Аспазшы көптен шығып, біреу болып, Не болар үлестірген тамағыңыз?
Шешіп бер жұмбағымның мағынасын, Жігітсіз тау жұтқандай талабыңыз.
Екінші жұмбақ:
Көрдім де бір нәрсені қалдым таңға, Көрсеттім таңсық қой деп әрбір жанға.
Біреулер таңырқады мендей болып, Алмады әсемдіктен біреу санға, Сонда да тіршілікке керек болып, Үлгісі жайылған зат жер-жаһанға.
Бұл заттың толып жатқан қанаты бар, Ажары қанатының қара шұбар.
Тұлғасы тартпай туған анасына, Өзінің әлденеше баласы бар, Секілді бірі бүкір, бірі шүкір, Ұқсаусыз бір-біріне қарасы бар.
Сөйледі түрлі тілмен әр бірісі, Тілде жоқ тума болып түсінісі. Сөзінде жалғыз келсе маңызы жоқ, Сөйлейді ишаратпен үн шығармай: Лайық өздеріне ұсынысы, Сөйлесең бір орынға жиып алып, Пікірін анасының жариялап,
Қаз-қатар қанатына сыйып алып, Тілімен табиғаттың сөйлеседі, Адамға үш мың тілді бірдей анық.
Үшінші жұмбақ:
Бір жұмбақ тағы келді қиялыма, Сөйлемей қиялымды тыямын ба?! Көңілге бірен-саран түскен сөзді, Жібердім тарту қылып зиялыға.
Зиялы сөздерімді жерге тастап, Басылмас хайуанның тұяғына.
Көлбеңдеп қыз Шамшия көз алдымда, Секілді құрмет еткен өз алдыма.
Меншіктеп сол сұлуды жалғыз өзім, Қарғыбау ем болмайды тағарыма.
Есімі Шамшияның жер жүзінде, Жынысы қол жетпейді жоғарыда.
Құрметі Шамшияның көпке бірдей, Жәндік жоқ құр қалдырған көзіне ілмей. Тек қана адам емес, құрт-құмырсқа,
Түгел-ақ алады ырзық қарап жүрмей, Әйелден Шамшияның заты басқа, Құрметін көрсетеді ойнап-күлмей.
Тағы бар жеке шыққан қара дәуім, Сол дәудің еш білмеймін елін, жауын, Сол келсе Шамшияның қабағы ашық, Еркімен тақтырғандай қарғыбауын.
Мұтиғы бұл ғамалға іштен тынып, Шығармай жарияға ешкім дауын.
Шамшия сия берер зор мақтауға, Тек емес кереметтен қара дәу де. Кәдеге қисабы жоқ пұл береді, Ұқсаған сәуле беріп саңылауға. Қош болып көңіліміз сол уақытта, Ұқсаймыз әрі соқыр, саңырауға.
Қара дәу өзі қожа, өзі уәли, Қосылған Шамшиямен әуез әні. Бұлжымай үлестірген қалыбынша, Қолына қайтып тұрар кәде малы. Бірталай содан бері заман өтті, Кезегі бір аумастан келеді әлі.
Осымен тамам болды үш жұмбағым, Шешуге бердім оның ұшқындарын. Тырнақтай қиялымда бәсеке жоқ, Осылай түсінгейсің істің мәнін.
Сөзімде жоқ бәсеке бұл жазылған, Бәсеке ойлаушыға ор қазылған.
Көрініп дүниеге қызыл тілмен, Мәшһүр дәметеміз болғаныңнан. Болғасын тілде қалам, қолда қалам, Ауыстыр бізге-дағы қалдығыңнан. Жұртыңыз, туғаныңыз қазақ үшін Жаралыс, сені Ыбыраш, жорға қылған.
Ыбыраш Мырзалыұлының жауабы: Құрметті көп-көп сәлем Рахымжанға, Жігітсің заманыңда жетік заңға.
Жолығып жазған сенің хатыңды алдым, Құрбының мәжілісін сағынғанда.
Арнаған оқып көріп жұмбағыңды, Ойланып біраз уақыт қалдым таңға.
Секілді жазған хатың кеудең ашық, Хат қылып, кім оқымас, берсең ашып. Аспайтын сабасынан сен бір теңіз,
Таусылмай шолақ сайдай жылдам тасып. Осындай қасиетті мінезіңді,
Байқаймын хатқа жазған сөзден басып. Жұмысқа ыждағатты деп айтады, Күнің жоқ бір жалығып қалған жасып. Мезгілде және ауысқан сауық қылмай, Отырсың көрінгенмен қағаздасып.
..............................................................
Түбінде көп қызмет деп миың ашып. (Жиеннен нағашы алар қызыққанын). Сөз емес бұл айтқаным сені қосып.
Нағашы, немді аяйын сұрағанда, Қомсынбай тек ырза бол табылғанға. Мен бірақ айтқаныңдай жүйрік емен, Ілессем аз болмас ед сіздің шаңға.
Шын айтсаң, жобасы осы жұмбағыңның Сын тақпа соқпай кетсе сөзім маңға.
Бірінші жұмбақтың шешуі:
Сия сауыт секілді,
«Астананың қазаны».
«Таза жумай» ұстаңыз, Болмайсың оған қазалы. Жазатын сия қағазға,
«Отсыз піскен тамағы».
«Астанаға жетейік» Ақынның жазған қаламы.
«Аспапшы» болған ғалымдар Өзгелерден саналы.
«Қолындағы шөміші» Жазатұғын қаламы.
Қағаз жүрер қолтықтап,
Өнер қуған жастарым, Бір тілекші соларға, Халыққа қорған болады. Ұқсамайды бөтенге, Жұмбақтың осы сорабы.
Екінші жұмбақтың шешуі: Екінші жазған жұмбаққа, Келейін енді жағалап.
Ақыннан шыққан сөз ғой деп, Оқып көрдім аралап.
Азғантай мимен ойланып, Мұны да шешіп шамалап.
«Бір нәрсені көрдім де Таңға қалдым» дегенің Оқып білген өнерің.
Қатарыңнан ағалап Дәмін татып білген жан Соңыңнан қалмай қуады, Білімдіні сағалап.
«Таңданбақтан біреулер, Санға алмады» дегенің – Оқымаған надандар.
Ғылымның пұлын білсін бе? Пікір етіп шамалап.
«Жайылған зат үлгісі Жер жиһанға» дегенің – Адамзаттың ішінде Өнер білген жүйрік көп. Тұлпар озған сорғалап,
«Қисапсыз қанат»дегенің – Кітаптың сансыз қағазы.
«Қарашұбар ажары» - Жазылған қағаз қаралап.
«Толып жатқан баласы» Қағазға жазған қарыптер – Жоримын соған шамалап.
Үшінші жұмбақтың шешуі:
«Шамшия сұлу» дегенің – Жиһан жарығы Ай екен,
Ай нұрына мақлұқтың Көңілі балқып жай екен. Ай туғанда толығып, Жарығына молығып, Дүниеше қажеті сай екен. Түндерді жарық күндерге,
«Кезегімен аударған» Түнді қуған Күн екен.
«Кәдесіне сұлудың, Қисапсыз берген пұлдары». Сансыз жұлдыз бұл екен.
«Мұтиғы болып қош көріп, Ұқсаған соқыр саңырауға» Ұйқының қалың жолы екен. Қиырдан тауып сөз қиған, Қиыннан тауып тіл жиған, Шайырдың зейіні мол екен.
1923 жыл.
ШАҒЫРАЙ МЕН ҚАРСАҚ
Шағырай:
Аралап жүруші едім елден елге,
Кез болып бұйырған көп тұз бен дәмге. Отырмын қартайған соң халым кетіп, Шыға алмай қадам басып ешбір жерге. Тасқұлдың баласынан алған олжаң, Қайырлы болсын інім, бір мың теңге. Әдетім ескілікті еске түсті,
Өзіңдей кез болған соң кемеңгерге. Дауысың бұлбұл құстың сайрауындай, Сөзің бір бейне ұқсас шалқар көлге.
Адамның өзің қатар жүйрігісің, Келіп тұр айтқаныңның бәрі жөнге.
Жасымда ақын болып еттім сайран, Атымды Шағырай шешен халқым жайған. Сыртыңнан атыңды естіп құмар едім,
Дәм тартып Қарсақ інім, келдің қайдан. Сырнайға әнді қосып өлең айтқан,
Отырмын дауысыңды естіп сонадайдан. Өнердің артық біткен арқасында, Біздердей қарт ағаңа тисін пайдаң.
Қарсақ:
Ал аға, құмар болған мен Қарсағың, Жел сөзге қайым біткен тіл мен жағым, Атанған Шағырай шешен атағың зор, Халыққа мәшһүр болған әруағың, Кетпекке сәлем беріп, жүзің көріп, Менің де әдейі арнап келген шағым, Сыйласқан аға болса, сыйлап кетем, Сынбайды дүние үшін менен сағың, Мінеки, кәрілігіңді есіме алдым, Сүйеді үкімет те кедей табын.
Ақындық атамда жоқ бұрын-соңда, Берген соң сөз ілхамын болдым жорға. Отырсың қартайған соң қозғалмастан, Секілді ақ сұңқардай түскен торға.
Атанып Шағырай шешен халқың сыйлап, Қолыңды сермегенсің оң мен солға.
Өз жолың бұрынғылар бастап келген, Аулыңнан ат пен шапан алдым олжа. Баласы Тасқұлының сыйлап берген, Ал аға, риза бол бір мың сомға.
Жастықта тірлік бер деп тілегім сол, Партия өркендетті дәулетім мол.
Халықты мұңсыз етіп байытпақшы. Алдымда Ленин бабам бастаған жол. Саяси басшылықтың арқасында, Жауларға маңайдағы құрылар тор.
Партия басқа елдермен теңестірмек, Жастардың жаңа тілек мақсаты зор. Байлық пен бостандықтың бәрі бізде, Ал, аға, қартайсақ та болмаймыз қор. Рұқсат бер, кәнеки, енді аттанамын, Келгенше тағы айналып қош, есен бол.
1923 жыл.
КЕРІМҚҰЛ МЕН БИБІАЙША
Керімқұл:
Болдың ба есен-аман, құрбыларым, Күліп ойнап жүрмісің, күллі бәрің. Әдейі сонау Сырдан іздеп келдім, Өлеңнен тарқай ма деп бір құмарым.
Бибіайша:
Әдейі Сырдан іздеп келген болсаң, Шүкір ме, амансың ба деген болсаң. Көңілді өлең жақтан тойдырайық, Кәдімгі айтып жүрген өлең болсаң.
Керімқұл:
Әдейі сонау Сырдан іздеп келдім,
Басқа емес жұмысым сол сіз деп келдім. Жалпылама жаманды іздемеймін, Кәдіріме жететін қыз деп келдім.
Бибіайша:
Өлеңге әр алуан жеткен ғой жын, Сөзімде айтып көрме бар болса мін. Әдейі Сырдан іздеп келген болсаң, Қай жұрттан, қай рудан, нәсілің кім?
Керімқұл:
Байлар-Жандар1 деуші еді елімізді, Көлкөшкенмін2 деуші еді жерімізді. Келес, Талас ауылының баласымыз, Сіздерге баяндаймыз жөнімізді.
Бибіайша:
Жасыңнан бұл өлеңге бопсың көсем, Әр жайда кез келгейміз аман-есен.
Руыңның аты-жөнін айтып бердің, Өз атың кім болады, әке-шешең?
1 Байлар-Жандар – ру аты.
2 Көлкөшкен – жер аты.
Керімқұл:
Шешем аты Айшагүл, әкем Жүніс, Көңілдегі тарайды айтса кір іс.
Қасымдағы Беске3, ал мен Керімқұл, Сұрасқан соң ат-жөніңді айтпақ дұрыс.
Бибіайша:
Өлеңді әр-алуан айттым безеп, Жел сөзді тоқтатпаймын аса тежеп. Руыңды, ат-жөніңді айтып бердің Ал бердім, құда бала, сізге кезек.
Керімқұл:
Шығасың талдап өріп бұрымыңды, Көп қыздан артық көрдім қылығыңды. Сұрасқан соңғылыққа жақсы дейді, Сұрасақ кім болады руыңды?
Бибіайша:
Сұрасаң руымды Телең деген, Өлең десе құлағым елеңдеген. Құдеке, ат-жөніңді айтып беріп, Кешіктірмей сұрадың дереу менен.
Керімқұл:
Сұрасаң Телеу екен асылы-затың, Жасыңнан бұл өлеңге бопсың ақын, Руыңның ат-жөнін айтып бердің Кім болар әке-шешең, өзің атың?
Бибіайша:
Ат-жөнді сұраған соң айтпақ дұрыс, Тарқайды көңіліңдегі айтса кір іс.
Сұрасаң әкем аты Әбділдә ғой, Өз атым Бибіайша, шешем Ырыс.
Керімқұл:
Кісінің жақсы болар туысқаны, Мақұл сөз ғой кісінің жуыспағы.
1 Беске – Керімқұл ақынның қасындағы жолдасы.
Құдаша, барар жерің Тама болса, Мұныңның да айтылсын дұрыс жағы.
Бибіайша:
Өлеңнің бастан-аяқ бәрі сайлы, Сайлап айтқан өлеңім көпке жайлы. Тама деген сөзіме нана көрме, Барар жерім болады Жағалбайлы.
Керімқұл:
Сөзіңнің өтірік бар арасында, Мені де мұндай сөзге саласың ба?
Құдаша, қисаңдамай жөн сөзіңді айт Жағалбайлы бола ма, Тамасы ма?
Бибіайша:
Өлеңді жас кезімнен жіпке тіздім, Өлең білмес жаманнан күдер үздім. Несіне бұл сөзіме шамданасың, Екеуі де баласы Кіші жүздің.
Керімқұл:
Өлеңге жас күнімнен болат болдым, Алдыңды өлеңменен орап көрдім.
Қисаңдамай бірін айтсаң болмас па еді? Сенен мен арғы жерін сұрап па едім?
Құлағыма жақты ғой кеңесіңіз, Ауылыңда той болса келесіміз. Басқа бір үлгілі өлең айталық та, Бекерге шаршамасын өңешіміз.
Бибіайша:
Ақылды халқым неғып аңсамайды, Кейбір надан өлеңді айта алмайды. Мен өлең айтқаныма үш күн болды, Менің неғып өңешім шаршамайды.
Керімқұл:
Сырттарыңнан қылады әркім дәріп, Әр алуан айтасың әнге салып.
Құдаша, баяндашы есітелік,
Үш күн өлең айттыңыз қайда барып?
Бибіайша:
Айтсам өлең түседі ойларыма, Сөз айтамын лайық бойларыңа.
Кідірмей үш күн ұдай сол жерде айттым, Қараспанның барып ем тойларына.
Керімқұл:
Сен барған біз де бардық Қараспанға, Өтірік сөз ұстаттың жанасқанда.
Сол күні өлең болмай кетпеп пе еді, Қайдауылдың бозбаласы сабасқанда?
Бибіайша:
Аралап жиын-тойды көріп пе ең көп, Әр сөзім айта берсем келеді еп,
Кідірмей үш күн өлең сол жерде айттым, Қайдауылдың бозбаласы сабасқан жоқ.
Керімқұл:
Әр жерде құрып жүрміз ойын-сауық, Өлең жақтан қылмаймыз аса қауіп. Өтірік айтып, құдаша, тана берме, Осы жерден де береміз куә тауып.
Бибіайша:
Қараспан алыс емес, жақын-ақ жер, Айтылған соң шығады іштегі шер. Өлең тарқап кетті деп қоймадың ғой, Өлең тарқап кетті деп жаныңды бер.
Керімқұл:
Өлеңнің тарқағаны жалған ба еді, Іздегенің, құдаша, жанжал ма еді. Жаныңды бер дегенің не дегенің, Сенің жаның тастан да, арзан ба еді.
Айтпаймын жайымды аса жамандарға, Сөзімді жақтырмасаң шарам бар ма?
Ауылда бір бұйымым ұмыт қапты, Мұнымды сұрайтұғын адам бар ма?
Бибіайша:
Бір нәрсең ұмыт қалса бопты қиын, Әр жерде айтып жүрмін тойда-жиын. Мұрша келсе тұралық тауып беріп,
Ауылыңда ұмыт қалған қандай бұйым?
Керімқұл:
Шақшамды жүріп едім қолыма ұстап, Насыбайдың құмары отыр құштап.
Сол бойынша кетіпті ұмыт қалып, Бір жерге қоя сап ем асығыстап.
Бибіайша:
Ауылдың жарамайды көп алысы, Кісінің жақсы болар көз танысы. Құдеке-ау, ұмыт қалған насыбай ма, Қайғырма, болар оның бір мәнісі?
Қыз айналы, әсем шақшасын сыйлайды. Бір жылдан кейін бұл екеуі тағы кездесіп айтысады (Керімқұл әдейі іздеп келеді). Бұл жолы Бибіайшаның қасындағы серік қызы ұзатылып кеткен екен.
Керімқұл:
Мейманбыз бұл дүниеге сіз бенен біз, Таусылып өмір өтер жаз бенен күз.
Көп айлар көрмегелі көп күн болды, Жүрмісің күліп-ойнап, Бибіайша қыз?
Бибіайша:
Замандас, мал да аманат, жан да аманат. Заулатқан қаршығаны екі қанат,
Көп айлар көрмегелі көп күн болды, Жүрмісің күліп-ойнап сау-саламат?
Керімқұл:
Ермегім өлең болды жасымдағы, Бұл енді сөз болуға ашылғаны.
Жүрмісің күліп-ойнап, Бибіайша қыз, Серігің қайда кетті қасыңдағы?
Бибіайша:
Құлақ сал менің айтқан кеңесіме, Ойлансам өлең түсер көп есіме. Мал бергені болған соң қиын екен, Серікті табыс қылдым егесіне.
Керімқұл:
Егесіне бердім деп арман көрме, Бибіайша-ау, бұл сөзімді жалған көрме. Күліп-ойнап жүрмісің, Бибіайшажан, Серігің де аман ба барған жерде?
Бибіайша:
Әр жерде керегеңнің көктесі бар, Етіктің қисаймайтын өкшесі бар. Серігім күліп-ойнап жарқылдап жүр, Азырақ бірақ сізге өкпесі бар.
Керімқұл:
Әр жерде айтып жүрмін жиын-көпке, Әр сөзім айта берсем келеді епке.
Мәнісін айтыңызшы есітелік, Серігіңіз қылып жүр қандай өкпе?
Бибіайша:
Бұл жерде ойлап па едің көремін деп, Сөзіңе кім айтады сенемін деп.
Сол бойынша кеттің ғой алдап, тастап, Былтырғы жыл бір көшіп келемін деп.
Керімқұл::
Ауылдың жақыны бар, алысы бар, Кісінің көз көргендей танысы бар. Бибіайша-ау, айтып-айтып өкпе қылма, Ондағы келмегеннің мәнісі бар.
Бибіайша:
Болған соң еріндің ғой ауылың алыс, Болғанда келмей кеттің жаңа таныс,
Кәнеки, айтыңызшы есітелік, Ондағы келмегенің қандай мәніс?
Керімқұл:
Сендерді мен жүріп ем мақтауменен, Бір сөйлескен түріңді ақтауменен.
Шорапалдың ақынын құп жеңдім деп Көрінгенге жүріпсің даттауменен.
Бибіайша:
Жайлауы – біздің елдің Арыс, Бадақ, Сөзіме түсінбейді кейбір надан.
Ондай сөз ауызыма түскен емес, Ол сөзді сізге айтқан қандай адам?
Керімқұл:
Таздардың1 осы сөзді бәрі айтады,
Тым болмаса таздардың жарымы айтты. Сондай сөз ауызыңнан шыққан шығар, Болмаса оны таздар неғып айтты.
Бибіайша:
Дүниеде нақы бар ма, сақы бар ма? Көңілдің онша-мұнша даты бар ма? Ол сөзді айтқан сізге қандай адам, Атын айтып берсейші, аты бар ма?
Керімқұл:
Бұл күнде сөзден танып болдың нашар, Уәделі сөзінен надан қашар.
Бибіайша-ау, атын айтып бер десеңіз, Бұл сөзді айтқан бізге Қайыпназар.
Бибіайша:
Жасымнан ойлағаным өлең-дағы, Өлеңмен таныс болған көп ел-дағы, Ондай сөз ауызымнан шыққан емес, Дұшпансыз ер болмайды деген-дағы.
Таз1 – ру аты
Керімқұл:
Көңіліміз қатты сөзден қалатұғын, Ойың жоқ қабатыңа алатұғын.
Аузыңнан айып, қата сөзің шықса, Әдетің ұстады ғой танатұғын.
1925 жыл.
АҚТӨРЕ МЕН ЖӘМЕЛ
Ақтөре:
Хат жаздым, Жәмел-Жүніс арнап саған, Сексенге жақындаған мен бір ағаң.
Жас жетіп күнім өтіп кеткеннен соң, Кеміді бұрынғыдай пікір санам.
Азырақ білдірейін хал жайымды, Ағаңыз осы күнде сөзге сараң.
Дүниеге азғантай күн мен бір қонақ, Адам жоқ осы күнде менен олақ.
Адайдың бәйгі күрең көк мойыны, Айрылып құйрық-жалдан болған шолақ.
Санаймын батқан күн мен атқан таңды, Кеудеден шықпаған соң бір шыбын жан. Жерімді туып өскен сағынамын, Қайтейін жібермей жүр ырызық-дәм.
Жолдасым қасымдағы Жүніс еді, Кісіге бірге жүрген тыныс еді.
Қайтейін жамандығын көргенім жоқ, Кейінгі жас баламыз дұрыс еді.
Сіздерге жазған осы нұсқаларым, Ағыттым сырларымның қысқы жағын. Ақылы ағаңыздың осы күнде, Жүзіндей ауытқиды ұстараның.
Көп ойлап туып өскен елді-жерді, Толтырдым амалым жоқ ішкі шерді.
Азырақ көңілдегі мұңын шағып, Ағаңыз сіздерге осы сыр жіберді.
Жәмел:
Уа, Ақа, біз оқыдық хатыңды алып, Ел жақсы біледі ғой атыңды анық. Ойласаң өткен күнде белгі бар ма, Сексенге жақындаған жасың барып.
Айдаған алыс жерден ырызық-несіп, Кім болжар алдағыны болмақ нешік. Амал не, келе алмадың кері айналып, Ел іші дейтұғын ед алтын бесік.
Туған жер кеткені ме шығып естен, Кір жуып көлемінде кіндік кескен. Өлеңті жер жұмағы жайлауың ед, Ежелгі ата-бабаң өніп өскен.
Қараоба көрінуші еді асқар таудай, Кісіге уайым бар ма дені сауда-ай. Біле ме ел қадірін, жер қадірін, Әркім де іргесінен қоныс аумай.
Күнделік көрген жайлы қызығыңыз, Теңеле ме туған жерге біреуі де.
Жел үрген туған жердің шаңдағы да, Жігіттің сақталмай ма жүрегінде...
Ақтөре:
Хат жаздым Жәмел-Жүніс, сағынып-ай, Ит көңіл ашылмайды жабығып-ай.
Жас жетіп заман тайып кеткеннен соң Ағаң жүр жорғасынан жаңылып-ай.
Өкініп өткен күндер еске түссе Сарғайып кеміп кеткен аурудай. Ат-мініп, тізгін түйіп жүрген кезде
Халықтың біле алмадық қадірін-ай. Қызығы бұл дүниенің өтіп кетті-ау, Өткінші Сүмбіленің жауынындай. Зауалы бұл пәнидың жылдам екен, Мизамның қыран қаққан қауынындай.
Таң атса тамақ іздеп жүгіреміз, Жайылған қараша үйдің жазығында-ай. Ырызық алыс жерден жазылғасын, Кідіріп қайта алмадым ауылыма-ай.
Бұл күнде шетте жүрген біз бір ғарып, Адам жоқ наз айтатын шағынып-ай, Кір жуып, кіндік кескен қайран қоныс, Көз қиып кеттік екен нағылып-ай.
Көңілім әр тарапқа талпынады, Ажалдың тек тілеймін сабырын-ай.
Жәмел:
Хат жаздың тағы да, Ақа, мұңданып-ай, Дәуренді өткен-кеткен сынға алып-ай. Бой беріп ағымына көңілі еріп,
Сөзіңді құлақ түре тыңдадық-ай. Ат мініп, тізгін түйіп жүрген күнің, Көңілдің ағытыпты сырларын-ай. Кеткенсін қырдан асып, қия басып, Қонысты өлеңменен жырладың-ай. Қашаннан бір дағдылы бұл да әдет, Жүйріктен келе жатқан із қалып-ай. Тегінде тегеурінді туған тұлпар,
Соқпай ма туған жерге бір барып-ай.
Елді айтса көңілің қатты бұзылады, Қиялың әр тарапқа қыдырады.
Талпынып тәуекелге мінбегенсін, Терең ой тұңғиыққа зымырады. Байқаусыз айлар-жылдар өте беред, Бар ғой деп алдымызда ғұмыр әлі. Сол ойдың қараңғылық шырмауынан, Ау, Ақа, құтылмадың шығып әлі.
Оқ тиген кеудесіне ор киіктей, Арманда бір күн көзің жұмылады.
Тарқай ма жырламаса көңіл назы, Келе ме толғанбаса өлең сазы.
Қайрылып туған жерге бір соғар деп, Ойлаған інілердің сынды сағы.
Ер жігіт етпеуші ме ед елді арман,
Отырмыз кетпе ұмытып бұны тағы. Ал, Ақа, есте болсын осы жағы.
Тап бізге үйлесімсіз осыларың – Қыр асып, қия басып жүргеніңіз Ұмытып туған жердің топырағын.
Ырызық айдамайды елден неге, Топырақ бұйырмайды жерден неге? Кемшілік тұрмысыңа келмес еді, Оралып елге қайтып келгенде де.
Өзіңдей күнелтіп жүр елдегі де, Тар емес қонысы да, жерлері де.
Ағайын құшақ жайып қарсы алар ед, Қуанып елге қайтып келгеніңе.
Таусылмайды, айта берсем қалам желед, Оралып әр тарапты қиял кезед.
Ұзартпай осыменен аяқтайын, Келгенше қайта айналып сізден дерек.
1928 жыл.
ЖІБЕК ПЕН ҚҰМАР
Құмар:
Әр жерде өлең сөзден жел тастаған, Әлеумет, мұныңыз кім қолпаштаған? Саралап сөз сөйлейсің жолын тауып, Алқада адам болса сөз бастаған.
Қарындас жасың кіші, жолың үлкен, Жан едің жүз көрсетіп, жолдаспаған. Көрейін шабысыңды шалықтап көр, Бейтаныс жансыз өлең талғаспаған.
Жібек:
Өлеңім сатулы емес бұлдайтұғын, Оймыштап қасық емес сырлайтұғын. Несіне айтар сөзге бой байлайын, Құмекең отыр өлең тыңдайтұғын.
Ескілік кісендеген жүйрік едім,
Тайпалсам айлық жерге талмайтұғын. Жүр бері, болсаң егер, шын қазанат, Қапталдап қатарымнан қалмайтұғын.
О, Құмар, бұл сөзіме қайыр дерек, Болмаса, өлең айту неге керек?
Октябрь – алтын таңның арқасында, Еркіндеп сөз сөйлейтін келді кезек. Қалмаса көңіл өліп, жүрек сөніп, Көрейін өлең өріп, тілді безеп.
Құмар:
Сындырып неғылайын назарыңды, Жыртпайын қатты сөзбен ажарыңды, Жасың жас, жүзің сынық, жас келіншек, Өткіздің қайда жастық базарыңды?
Біз бұрын атыңызға қанық па едік? Жүздесіп бұдан бұрын танып па едік? Бүркіттей бүремін деп қамданасың, Кім сені отыр екен алып келіп?
Қасында қаршығадай сақтағанмен, Жаманды ақ алмас деп мақтағанмен. Шалдығып қалып жүр ме кездескенде, Алқынбас айлық жерге ақтабанмен.
Жібек:
О, Құмар, шамырқанып шығандайсың, Сырымды қанша айтсам да ұға алмайсың, Асқақтап қанша өзіңді мақтасаң да,
Сен бүгін өлең сөзден жыға алмайсың.
Ескілік салды қармақ, жүзім сынық, Алмас ем тасқа тиген жүзім сынып. Жас жігіт сен де реңді көрінбейсің, Бойың бар аумай қалған түзу сырық,
Шалдыққан жан емеспін ақсағанмен, Өзіңді ақтабан деп мақтағанмен.
Қадірлі сөз асылын жұртым сынар, Алында әлеуметтің ақтарам мен.
Құмар:
Сөйледің, ақын Жібек, атымды атап, Сөзіңнің соңын қойдың маған тақап. Қызықты ұлы думан мәжілісте, Тастағың келіп отыр сөзбен матап.
Ақынды сен секілді талай көрдім. Мені сен өзіңіздей қалай көрдің? Әлде сен алым көріп ұрындың ба, Алдымда өлең айтып, аттай желдің.
Әр сөздің басын қосып қапталдайсың, Талассаң байрағыңа шапқандайсың.
Абайла, ілінерсің, байқап сөйле, Құрулы алдыңызға қақпандаймын. Жеткіншек жүйрік болсаң соны қара, Бір жауап сөзіңізге тапқандаймын.
Жібек:
Сөзіме төре берер Тама, Табын, Ойлайды батыр жігіт елдің қамын, Келгенше осы жасқа жолдасың жоқ,
Көбейтіп жүрсің сорлы-ау, кімнің малын? Бетіңе күле қарап қыз сөйлесе,
Болады сыртың түтін, ішің жалын. Сыртыңнан хабарыңды білуші едім, Табатын жігіт деуші ед сөздің бабын. Кезіктің жолың түсіп бүгін маған, Айрылсаң жарар еді сынбай сағың.
Құмар:
Жайықтың жас дүлдүлі сен бір көрік, Жандыртып ән саласың, қасың керіп. Мүлт кетпес айтқан сөзі мен бір мерген, Сен болсаң шаң ілікпес қасымда елік.
Күйеуге қаршадайдан жүгіріпсің,
«Кәрі қыз» атанам деп жасың келіп.
«Әлхаммен» ел алдаған жарың қайда, Жүрмепті қошеметтеп қасыңа еріп? Мал бақтым залым байдың есігінде, Болмады кедейліктен басымда ерік.
Талай қыз таңдай қағып ынтығып жүр, Жүргем жоқ омақасып, жасым келіп.
Жібек:
Құмар-ау, асқақтадың, асып кеттің, Жарамды жүректегі қасып кеттің. Ескілік бұраң саздай бұраса да, Келмейді жөнсіз жүнжіп, жасып кеткім.
Сен болсаң залым байдың малын баққан, Ескілік маған салды қанды қақпан.
Зарладым, еңіредім торға түсіп,
Су іштім қаным кеуіп қанды қақтан.
Табынып жұрт Қажидың атағына, Қалыңның қалдым жастай шатағына. Желпінген қарлығаштай көңілімді, Өлтірді-ау, айуанға матады да.
Жыладым жастық кезді көп азалап, Деп Құмар, желпінесің «Мен қазанат». Зарлаған торға түскен кездерімде, Қайда едің қол беруге ер, азамат?
Жылаған талай сорлы сүртті көзін, Баурады кеше елеусіз жұртты сөзім. Ленин кемеңгерден айналайын,
Би, болыс, хан, қажының құртты көзін.
Құмар:
Сұм заман кім-кімді де азалатты, Жаныңды жастай сенің жазалатты. Жан даусың шыққан кезде торға түсіп, Жолатты қашан біздей азаматты?
Ақынды талай көрдім көшке ермеген, Жібекжан, өлең сөзге дес бермеген,
Мына бір жұмбағыма қайыр жауап, Болсаң шын келер жүйрік бес кермеден. Қара нар қартайғанда мешеу болар, Көнерсе қара мылтық көсеу болар.
Жібекжан, ақын болсаң, ойланбай айт, Тобығы тоқсан қойдың нешеу болар?
Жібек:
Өлеңге сен де бестен, мен де бестен, Алқада сөз сөйлейді көңіл өскен.
Құмар-ау, сен білмесең мен айтайын, Тобығы тоқсан қойдың жүз де сексен.
Талайын шешкен жұмбақ осындайдың, Жүнжіген жамандарға қосылмаймын. Ленин берген ерік рас болса,
Өлең мен жұмбағыңа тосылмаймын.
Қарасы залымдардың батқаны анық, Көңілдің шемен болған жарасы анық, Өлеңің өрге өршіген, ақын Құмар, Көңілге қаяу салмай аттаналық.
Шертемін домбырамды ала салып, Еркіндеп сөзден жүдеп, аласарып. Өрейін ақ Советке сөзден өрнек, Көргем жоқ алдыма әлі қара салып.
1930 жыл.
САЯДІЛ МЕН МАЙСА
Саяділ:
Сыпыртып томағамды Алатаудан, Бүркіттей түлкі көрген ұштым жолдан. Жайылған Жетісудың сазындағы, Сұңқармын тоят алмақ қоңыр қаздан. Майса қыз, алыстағы ауылыңа, Жүйріктей жеттім келіп, бауырын жазған. Саяділ қызға қырғи-қыйғақ қыран, Алапан асып жүрген өнерпаздан.
Алыстан түлкі болсам шаң беремін, Түнемел түздің құсын таң көремін. Жарасаң аң алуға түбінде бір,
Жая мен тоятыңа жал беремін. Жарамсыз бөденеге қырғи болсаң, Тақ-тұқтай таңдайыңа нан беремін. Мақтанның аяғына түсер қақпан, Кезегім байқаусыздан бар демегін.
Саяділ:
Ардақты атың жақсы, ақын Майса, Даңқыңды дәріптеумен халқың жайса. Жылқыдай дара шапқан әуселең бар, Шаң тимес жүйрік болсаң, енді байқа. Аттатпай, не бұлтартпай табаныңды, Соғамын қиғаш келіп қылдан тайса.
Бекерге құр кеудеңді ұра бермей, Қаймағын қалқып сөздің, майын шайқа.
Майса:
Елімде аға-құрбы, бар замандас, Тұсыма талай құрған менің малдас. Бәйгеден дара келген әлденеше, Жүйрігің мың да болса бір шала алмас. Көрейік қайымдасып аптықпастан, Аңғарып аяғыңды аяңдап бас.
Айрылдың шалам десең абыройдан, Басыңның саулығында аулаққа қаш.
Саяділ:
Жанады отынды да отқа ысырсаң, Жанбайды өздігінен босқа тұрсаң. Қашаған жеткізбейтін безбе жүйрік, Жалықпай өмірінше өлең қусаң.
Жел сөздің тізгініне берме ырықты, Сөз жайын менің жаным әмәндә ұқты. Мен емес кекірейіп тұрар кісің, Өзіңмен тіресуге табан мықты.
Майса:
Тауаныңды табанға тірегенің, Шыбыртқыңды тіліңе білегенің. Дүлділ сөздің тізгінін іркіңкіреп, Жүгіріске өнімді үдегенің.
Нықты теуіп үзеңгісін екі жақтың, Табандап тартысуға шірегенің...
Көп түсіп сайыскердей әдіс алған, Менің бір ақын еді тілегенім.
Саяділ:
Татқанда Майса шырын бал екен деп, Естуші ем «бір ақынға зар екен» деп. Жайылып даңқың көпке мақтағандай, Бағаласам басында бар екен деп.
Өлеңімен ән-әуез өнері тең,
Дәл қосылса өзіме пар екен деп. Бағынбайтын басқаға өз теңінен, Тұрмыстанса тұрақты жан екен деп...
Майса:
Қонбас қыран шақыртқы болмай жемі, Жем дегенім жемісті еңбек ері.
Елге сондай қадірлі ер сүйкімді, Жұртқа мәлім, ісімен сіңген тері. Айрылады кейбіреу өз жарынан, Үйге жайсыз, болса да түзге сері. Сондайлардың, Саяділ, бірімісің, Көп уақыт сынаймын онда сені.
Саяділ:
Өткір тілім өтелер кесіп айтқан, Сөз түйдегін ширатып есіп айтқан.
Тұзақтың қылындай боп шатылысқан, Түйінді түгелімен шешіп айтқан.
Еңбексіз осы уақта ер бола ма, Маған да Майса мұның несін айтқан.
Бір жайсыз мұнан бұрын жерге барып, Кісідей сөз төркінің сесі қайтқан.
Қисынды өлең депсіз қиюласқан, Тіркеліп желісіне ұйымдасқан.
Ұйымнан лағатын сөз далаға, Аңғыртқа адасқаның ұғынбастан.
Жағдайсыз жаман жерге бара алмаймын, Сыртымнан сыбырласып алып қашқан. Шошимын еңбексіздің реңінен,
Бетінің үстін ұят, жыбыр басқан.
Саяділ:
Әр сөзің сүйегіме шын батқандай, Жойылмас арзан баға қымбаттанбай. Қолымда бес жүз еңбек книжкем бар, Көзіме оттан ыстық нұр мақпалдай. Ласқа шайпау тілің үйір екен,
Денеге баттастырып кір жаққандай. Сіздің де мінезіңе сын теңесем, Көңіліңе ауыр алма мың батпандай.
Майса:
Зар кешкен жалған сөзді жақтырмаймын, Бойыма болмағанды жапсырмаймын.
Бойымнан бір мінімді дөп таппасаң, Өріне өтіріктің бастырмаймын.
Қамданып қашағандай бұрын көрген, Сен білсең, сезігімді таптырмаймын. Састырып айтатұғын жауабыңнан, Мен қусам, адымыңды аштырмаймын.
Саяділ:
Қалаған қалпыменен өлең шымдай, Қалыпқа қаптап әбден тартқан сымдай. Сақамен сөз кенейін атысқан соң, Айқын ақ ұтылмағың болып жырдай. Керек затын халықтың сөзбен құндап, Сауал етіп сұраймын сізден ыңғай.
Өлеңге сонда мәлім жетік болсаң, Қаруын қайтарасың қата қылмай.
Майса:
Сауалың сауатың көп, соның шығар, Кітаптың біз білмейтін томы шығар, Аттанып асығыспен тез қайтатын, Аттың жалы, түйенің қомы шығар. Ұнаса ұсынғаны халайыққа, Жігіттің топ ішінде жоны шығар.
Сауалдың сондай қиын таразысын, Салмақтың баса алмаған соры шығар.
Саяділ:
Тартылса таразыға сөздің сыны, Тұрады басыңқырап көптің ығы. Бұлжытпай мағынасын дәл тексеріп, Анықтап аударады істің шыны.
Егілген мезгілімен егін пісіп, Бүршікті дәнін бүркеп тұрса қыны. Уқалап бір топ бидай алақанға, Бағалап алғанындай, қанша құны.
Майса:
Ырзығы дүниенің дән емес пе, Адамның әл-дәрмені нан емес пе? Қорегі көздің нұры көзіміздің Өмірдің бір топ бидай нәрі емес пе? Ажарын екі беттің кіргізетін,
Күн көріс, тірлік, қуат – бәрі емес пе?
«Жанға тең» дейтін нанның бағасы бар, Шешкенім осылай деп дәл емес пе?
Саяділ:
Жеткізді шын мақсатқа қыз бидайын, Таба ма тапсынбаса сөз ыңғайын.
Үнемі үзілдірмей тез қайтарып, Жауапты жабдықты адам берген сайын. Табанда айтқан жерде тауып бермек, Ешкімнің назарында тұрмас дайын.
Төрт нәрсе неге қажет – зәру жұртқа, Білсеңіз түсіндірші бізге жайын.
Түкпірі дүниенің кең болады, Кемеріне мекендеп ел қонады.
От пен су, тұз, нан тұрмыс ырызығы – Халықтың қажетіне тең болады.
Жаралып адамзаттың жарағына, Бірі себеп, біріне дем болады.
Осы заттың біреуі болмағанда, Тұрмыста талай нәрсе кем болады.
Саяділ:
Қыран едім қырғидай сөзді ілетін, Тобын қуып торғайдай бездіретін. Қарындастың қапы жоқ ұтқырында, Тапқырлығын тартынбай сездіретін. Өлеңшінің міндеті өзге жаннан, Керек затын өзіне тез білетін.
Бес нәрсенің жұлдызы адамға ыстық, Айтып бер ажыратып қасиетін.
Майса:
Жылқы адамның қауырсын қанатындай, Ешкі мен қой тұрмыстың манатындай, Алыс жолға түйемен жүк тартқанда, Мұқтаждығын көңілдің табатындай.
Ала көнек мал құты сиырлардың, Сүт бұлағы іргеңнен ағатындай, Бес түлігі пенденің қасиеті, Қадағалап өсіріп бағатындай.
Саяділ:
Өрісіне қаптатқан, жерден аңдыз, Басқа сайлы бұл күнде, малға баймыз. Кірпігіне шаруаның шаң жуытпай, Әлпешпенен асырап біз бағармыз.
Мұнан да зор байлыққа, молшылыққа, Жерік астай татқанда дәмі кәусар, Тәтті нәрсе не болмақ сонда жалғыз.
Майса:
Бар дәулеттің, баққанда, парқын білсең, Елдің жаңа саналы салтын білсең,
Келешектің кейінгі көңіліне, Өмірінің өнерлі қалпын түйсең. Қой майына еріткен қорғасындай,
Балқып жүзіп, аршындап, жарқын күлсең. Ең қызық дүниенің тәттісі деп,
Айтады жас баланың бетін сүйсең.
Саяділ:
Жайлауына жаңа жұрт ауыл қонған, Жатырқаусыз ағайын бауыр болған. Аңғар өзен, терең сай өткел берді, Жапан дала, шаң жұтқан қағыр жолдан. Тау көтерді табандап, лақтырды, Тумаластай жұмыскер қауым қолдан.
Сонша халық көтерген бүкіл жүктен, Белге батып нендей зат ауыр болған.
Майса:
Өлеңді ұйытқытып жаңа соқтың, Дүрілі бар өзгеше жанған оттың. Мұнан былай болмаса дәмең мәлім, Сауалыңа жауапсыз қалған жоқпын. Бір бұрышында ойымның жатушы еді, Себеп болып сәтімен пікір қостың.
Ауыр қайғы жұртқа, жүк белге батқан, Қазасы еді Лениндей ұлы достың.
Саяділ:
Бұл жаһанда бір шам бар сөнбейтұғын, Аспан жоқ сәулетіне төнбейтұғын.
Бүкіл әлем қолына ұстап оны, Пенде жоқ оны ұстап көрмейтұғын, Ұзақ өмір сонда бар өлмейтұғын.
Майса:
«Шам» дегенің қағазға жазылған хат, Оқуына дүйімнің бар ұлықсат.
Ұрпақтарға жеткізіп жақсы есімді
Атын айтса халықтың көңілі құрсант¹. Тозбайтын, тот баспайтын ісін көріп, Ғибрат алып, қылғандай жұрт ибадат;² Даналықтан табылған қиын еңбек, Деп ойлаймын өмірі өлмейтін зат.
Саяділ:
Өнер қонып көкейдің кеп сазына, Сөздің қанып тойғандай сырбазына. Шебер іс, қара күштің сый табағы, Әркімнің тартылғандай өз алдына... Өніп, қайнап, өмірі сарқылмаған, Не нәрсе деп ойлайсың бір қазына.
Майса:
Ақиқатқа адамзат анық сенбек, Тұқым шашса көгеріп егін өнбек. Жанданып жаз райы жайнағанда, Мейірбанды иігендей жер желіндеп. Алған, берген, жегенге таусылмаған, Деп ойлаймын қазына болады еңбек.
Саяділ:
Жауап бер тағы да бір сұрауыма, Сөз көнеді не түрлі бұрауыма.
Неше ғасыр өтсе де бұдан бұрын, Түспегендей бір қылшық қылауы да. Талай дәуір толқынын тоздырғанша, Шық тимеген сияқты шылауына.
Жұмыр жер тыным таппай қозғала ма, Немесе, бір қалыпта тұрады ма?
Майса:
Жер тоймайды жеміне түлкі, қарсақ, Күн нұрына сондықтан ол жалыншақ. Бар ғасыр мен дәуірді жалмағанда, Бәрі бөліп жегендей бір бауырсақ.
Табиғаттың сан түрлі құбылысы,
¹ Құрсант - ырза, шат. ² Ибадат – құрмет.
Бірі бермек, бірінен бірі алымсақ. Жұмыр жерде тұрмайды бір орында, Үнемі қозғалыста сырын ұқсақ.
Майса:
Ұшқыныңды байқадым басталмастан, Қағысқанда қалыспай қапталдасқан. Айқайыма дауысың бап келеді, Қабындай шапаныңның астарласқан. Өзекшеден өрбіген бір түп бақша, Өскен ұшы көкпенен жапсарласқан. Жерге орнатқан аспанның тіреуіндей, Мақтан сөзге айтып бер аттанбастан.
Майса:
Адам үшін арналған бақыт гүлді, Терең сүңгіп тексерсек бұл өмірді. Сауық кештен саналы сарайына, Орнатпасам дейді екен ренжуді.
Орман – тоғай, үй – орман, қоғам – мүлік, Шаруалықпен қамтыған құла түзді.
Аспанның астындағы алтын діңгек, Көкпен тең деп айтамыз біз көңілді.
Саяділ:
Бар бөгетін жолында балталаған, Ортасынан қақ жарып паршалаған. Бар нәрсені жаратпақ қажетіне, Өйтпейінше құмары тарқамаған.
Басқа жерге аударып қондыруға, Дамыл көрмей тасынып арқалаған. Жүксіз тұрған арқасын бір көрмейсің, Немене деп ойлайсың шаршамаған?
Майса:
Бітеу істі шабатын балта батыл, Жарылатын қарсы күш таппай тақыл. Жаңа жұртқа тасынып қонған ауыл, Жасыл барқыт жүк жинап қам қып жатыр. Дүниесін меңгеріп өз күшіне,
Диірмені дөңгелек тартады асыл.
Саяділ:
Оралады оңына Күн мен Ай да, Танытатын жиһанды ақыл – айна. Дүние кезіп танысақ әлем түсін, Болды дейміз дегенде сезім пайда. Баданадай көзіме көрінбейді, Жүретінін білмеймін соның қайда. Атқаратын ал сонда қызметі не, Тақырыбын тауып бер осындайда?
Майса:
Ойлаған түпсіз терең ойдың күші, Деп айтамыз сөзімнің жүйрік құсы. Шарықтап аспан-жердің аралығын, Ұшады өнер іздеп бар жұмысы.
Жаһанды кілем мініп мың айналған, Қиялдай болды мынау ел тұрмысы. Қайда барсаң қасыңда өз жолдасың, Бетінің дем қаққандай бұрылысы.
Саяділ:
Бір жүйеден төрт мүше құралады, Машинадай бар денең бұралады. Тірі жанға тірнектей1 еңбек үшін, Аяқ жүріп орнынан тұра алады.
Бір жапырақ нәрсенің әсерінен, Бетің күліп, пейілің қуанады.
Қайтпайтын, айнымайтын адамзаттың, Не болмақ ең ұстамды тиянағы?
Майса:
Сезік берген денеге хабарлы кек, Бадалыма2 сұғымен қадалды кеп. Бұлт қуған буырқанып дауылдайын, Қайтпай жауын жапырған ажарлы бет. Қуанышты тең бөліп үлескенде,
Налып тұрған ешкім жоқ аз алдым деп.
1Тірнектей – тырнақтай деген мағынада.
2Бадалыма – (парсы тілінде «бадыл») адамгершілік деген мағынада.
Ең ұстамды тұлғаға тиянақты,
Оттай жанып айтып бер неден қорек?
Саяділ:
Қанып көңіл Маркстің ғылымына, Сүңгігендей дарияның тұнығына. Жылдан-жылға үйреніп қаздай жүзіп, Ақыл терең шомылды жылымына.
Сезім ауқат әлінше алып жейді, Жұтқанын жұғым қылып жұмырына. Ғылым теңіз қиялға азық болған, Өмірлік қуат беріп ұғымына.
Майса:
Қалың нөсер жауғандай қатқан көнге, Түзелмеген зат бар да басқан тезге.
Астау, науа, бақырмен суарсаң да, Мезгіл осы қонбайтын құлақ сөзге. Қызығына тоймайтын себебі не, Көл-көсір дүниені тартқан көзге.
Жалықпайды неліктен көздің нұры, Тағы көрсем дегендей, тағы да өзге.
Саяділ:
Өмір қандай тамаша өзгергенде, Дүниені тоймайды көз көргенде. Құлақ сөзге қанбаған құмарлығы, Орайына оралғы тез бергенде.
Рабатқа1 жаһанды айналдырып, Іспен жеңіп, еңсеріп меңгергенде...
Адамның асыл алғыр тіл одағы, Дұшпаны ұшырғандай бар бораны. Асудың бел бөгетін кесіп өтіп, Даңғылдаған алдында жол сорабы. Еміреніп ернімен еңбек сүйген, Бөтені жоқ ішінде бір қоралы.
Туғызған күнде қарқын, жүзі жарқын, Аты, затын айтып бер кім болады?
1 Рабатқа – құт-береке.
Майса:
Бояуындай ағаштың емес оңғақ,
Нұр денесі жарқырап тұрған сонда-ақ. Құрылысын күн санап шынықтырып, Ақ жамбысын аспанға атқан уақ.
Түбірімен пікірін шындық жеңіп, Қадірлі қасиетті қоғамға нақ.
Қалпында қаяуы жоқ колхозыма, Сенімді адам ғана мүше болмақ.
Саяділ:
Колхоздың бір мүшесі Майса тегің, Осы еді бағанадан қойған шегім.
Мал анау жер қайысып ызғып жатқан, Ту тігіп алабына жайқалды егін.
Күн құсап көктемдегі күркіреген, Біз көрдік қыруарын машинаның,
Қондырып мұндай бақыт басымызға, Жандырған кім болады ел еңбегін?
Майса:
Дүниені айналдырған асыл кілт, Отырған бентін бұрап екі жігіт. Айбатынан аспан, жер қозғалғандай, Қолынан үзілмеген ұзын кілт, Жеткенде бұл үміттің ұшығына, Сізбенен ортақтасып біздің мүлік.
Сауалдың мүмкін болса бер кезегін, Тең соралық кемігін майлы жілік.
Саяділ:
Он жасымнан өлеңді айттым өңдеп, Домбырамды жүйріктей бақтым сендеп. Әйел бала затыңды сыйлағанға, Артықсынып, асқынып, кетпе дәндеп.
Кезегіңе келетін таласым жоқ,
Мен күтуші, айта бер, сіздің нәубет.
Майса:
Айтысалық, Саяділ, сөзге қыза, Аударатын іріміз шепті бұза.
Алыс, беріс арадан үзілмеген. Болып қалдық екеуміз өлең құда. Аларыңда болып ең алман-жалман, Береріңе келгенде бекем шыда.
Айтпай түсін адамға танытатын СССР-дың белгісі не екен, сірә?
Саяділ:
Өнерді меніменен салғасып ал, Әр нәрсенің ағымды арнасы бар.
Қарым-қатынас халқымнан үзілмейді, Одақ елдің орталық жалғасы бар.
Жер жүзіне әйгілі, танытатын, Айшықталған орақ пен балғасы бар.
Майса:
Жаман істен жасқанбас жақсы бар ма, Адымыңды аңғалдық аштырар ма.
Алыс-жақын араға шабар жылқы, Белгі беріп тұрады ат құмарға.
Тартынбайтын жауаптан жомарт болсаң, Енді қандай борышың бар тапсырарға? Исі келсе мұрныңа жеркенетін,
Деп сұраймын сізден мен ащы бар ма?
Саяділ:
Түнде шашын сұлу қыз тарап шығар, Төсегінің төңірегін қарап шығар.
Білмейтұғын бір пенде бар ма осыны, Әлде тәлкек бұл сөзің мазақ шығар. Кейбіреулер иісінен жеркенсе де, Татпайтұғын тағы да аз-ақ шығар.
Өлеңімнің аяғы той болсын деп, Сұрағаның сол бізден арақ шығар.
Майса:
Адасқанда, Саяділ, қара басты,
Таба алмадың сауалды, сен албасты,
Бір кезде патша зұлым елді тонап, Жеркенішке улатып зәрін шашты. Сол кезде бұқараның босқа кеткен, Десең болад қаналған еңбегі ащы.
Саяділ:
Тұзағыңа жем шашып, шабындырдың, Құрғақ сауда ізіңнен жаңылдырдың.
Жаңылыста орынды жаза басқан, Сөз аяғын бұрмалап жазым қылдың. Ісің бітті, тұсымнан тұр дегендей, Етегімді менің де қағындырдың.
Бастың буын қазандай бұрқыратып, Езе берсең, өзің біл, сабын қылдың.
Майса:
Жайлауына жаңа жұрт ауыл қонған, Жатырқаусыз ағайын бауыр болған. Тау көтеріп табандап лақтырып, Тумаластай жұмыскер қауым болған.
Бір жүйеден алуан ұлт құралады, Машинедей толқыны бұралады. Адамзаттың ақырғы айнымайтын, Ең ұстамды не болмақ тиянағы?
Саяділ:
Адамда арман бар ма туса бүгін, Біледі барлығы да істің түбін.
Құлпырған қызғалдақтай жасөспірім, Қарашы Отанымның ұл мен қызын. Аршындап аттағанда алға басып, Шарлаған біздің халық дүние жүзін. Ең соңғы адамзаттың тиянағы, Аңсаған бүкіл дүние – коммунизм!
Майса:
Бастайтын коммунизм ел қоғамы, Аңқыған қош иісті жел соғады.
Тегістік дәуірінің өткеліндей, Халқымның мәртебесі тым жоғары.
Саяділ, сауатыңды аш газет оқып, Жарайсың көкірекке алсаң тоқып. Білімің өсе берсін барған сайын, Аяғың алған бетке желе жортып.
Саяділ:
Орнады теңдік, бақыт босағасы, Жай адам болып отыр қос ағасы. Ілгері социализм жасай берсін, Өмірдің өте қызық осы арасы.
Тілімнің қамшы басып тұлпарына, Майсаны теңгермедім шынтағыма. Сұрадың қанша сауал – сонша шештім, Кейінгі мақтан болсын ұрпағыма.
Майса:
Болды бұл өз әлінше бір жаңа айтыс, Мұндайда ең қызығы қару қайтыс.
Азды-көпті айтыстық Саяділім, Бұрынғыдай болған жоқ ру тартыс. Талайлардың мұқалып көңілдері, Майсаның өлеңінен болған запыс. Бұл айтыста жеңілген, жеңген де жоқ, Осымен еліңе қайт ақын байғұс.
1936 жыл.
КЕНЖЕҚОЖА МЕН КЕНЕН
Кенжеқожа:
Арғы атам Мәделі мен Майлықожа, Ғылым мен өнерге асқан сайлы қожа. Қазыны, қарта менен сары қымызды, Қонаққа соятұғын тайды қожа.
Сүйеніп құс жастыққа, майлы төсек, Ішпейтін қаймақ қатпай, шайды қожа. Патша менен бай-манап заманында, Санаған жұлдызнама, айды қожа.
Дін Ислам күшті болып тұрған шақта, Халыққа әділ болған жайлы қожа.
Сен болсаң, кедейлерді жиып алып, Бермедің бай, болысқа ешбір маза. Бай-манапқа тілектес қожалар деп, Біздей асыл тұқымға бердің жаза.
Бай-құлақ, қожа менен болыс, билер, Көбісі қорлықпенен болды қаза.
Кенендей жарымаған жарлыларды, Москваға шақырады неңе бола?
Петроград, патшаның ордасына, Жамбылды апарды ма салуға аза. Есек мініп жүретін, ел жағалап, Тоқсандағы тобырға беріп баға. Сапырылған көжедей араласып, Кедей, жалшы бой бермес арашаға. Тұғыр озып, тұлпардан баға кетіп, Төрт аяғы тірелді «тамашаға».
Ал, Кенен, ақын болсаң, бердім кезек, Мен жоқ жерде ақынсың оңашада.
Мен қожа, сен қарасың, арадағы – Тұлпарға көк шолағың жанаса ма?
Кенен:
Ау, Қожа, кедейлерге тіл тигізбе! Келтірді не жақсылық дінің бізге? Жарығы күллі әлемге бірдей түскен, Теңеймін Ильич шамын ай мен күнге. Халықтың ғасыр бойы қанын сорған, Патша, бай, қожа, молда болдың бірге. Оқытпай түрлі ғылым, өнер жолын, Қамаған ер, әйелді қара түнге.
Күрескен Жетісуда байға қарсы, Ұялмай сын тағасың адал ерге.
«Қара сүйек», «ақ сүйек» ауылы деп, Кесірің талай тиген еңбекші елге.
Адамды алдап-арбап айналдырған, Сиқыршы қожа, молда жақын келме.
«Көпті жазғырған көмусіз қалар» деген, Шындық жол мен әділет орнап бізге.
Еліме бақыт берген Ленин жолы, Кедей тапты шығарды асқар белге.
Есек мінсе, Жамбылды кім көріп ед? Бүкіл халық шығарды сыйлап төрге.
Абай менен Жамбылды кім білмейді, Құрманғазы күйлері күмбірлейді.
Балуан Шолақ, Шөже мен Сүйінбайдың, Ақан, Біржан, Сарбас, Орынбайдың,
Ән-жырына құлағын кім түрмейді?!
Көкшолағы Кененнің дүлдүл болды, Өзі совет халқына бұлбұл болды.
Патша менен байларға жолдас болған, Қожа, молда сүйкімсіз құзғын болды. Талай байлар халықты қан қақсатқан, Қойға тиген қасқырдай қуғын көрді. Бай-манапқа тіс қайрап жүрген жалшы, Өшін алып, еліме тұлға болды.
Большевиктік адалдық, ізгі жолы, Езілген еңбекші елге нұрлы болды. Жер жүзі кедей таптың мұңын жоқтап, Партия салған жолы үлгі болды.
Қараңғы елге күн шығып, тұман кетіп, Кәрі-жас, әйел-еркек, сыйлы болды.
Жер-суға жеті атасы жарымаған, Құнарлы құтты жерге кедей қонды. Колхоз, совхоз ұйым боп, қала гүлдеп, Бас пен малы өркендеп көңілі толды. Ішің күйсе тұз жала, Кенжеқожа, Армансыз айтшы тағы, бердім жолды.
Кенжеқожа:
Елшісі пайғамбардың қожа, молда, Бастайтын мұсылманды ұжмақ жолға. Патшалар, бай-манаптар мешіт салып, Талайды қажы қылған Меке жолда.
Жамбыл менен мақтайсың Абайыңды, Ата тілін алмаған жабайыңды.
Ақан сері, Біржан сал, Құрманғазы, Дәріптейсің арғын мен адайыңды. Балуан Шолақ, Орынбай, Сүйінбайлар, Шөже, Түбек, Сарбас талайыңды.
Ишан, төре, қожамен салыстырма, Алтын емес, жеңілтек қалайыңды. Мәделі, Майлықожа сегіз қырлы, Ән, күйге қақтырайын талайыңды. Дәулеткерей бал тамған бармағынан, Ақ пен қара болмайды ағайынды.
Айт десең, Кенен ақын, тағы айтайын, Білемін, өңкей кедей жақындарың, Еркекпен қатар жүріп қатындарың.
Арақ пенен шошқаны арамсынбай, Адал, арам аралас сапырғаның.
Ақтық жолдан адасып, жүрсің байқұс, Жеті тозақ отына жақындадың.
Өмірі жарымаған, Кенен ақын, Сілеңді осы емес пе қатырғаным! Тауықтай тал-тал жүнің жұлынады,
Мезгілсіз таң атты, – деп шақырғаның.
Кенен:
Кезекті бердің маған, Кенжеқожа, Кесір айтпа, сен-дағы пенде қожа. Сәлдеңді орап, Аллалап, таң атқанда, Азан айтып, әлек боп мойын соза.
Қара құстай үймелеп қансонарда, Олжа алам деп бір адам болса қаза. Ештеңе алмай жүрмейді ишандарың, Қанағатшыл ақ ниет болса таза.
Өлім шықса молдалар қуанады, Қаралы үйге бермейсің ешбір маза. Түрлі салық өлгенге саласыңдар, Бермесе боласыңдар тағы наза.
Төлемеген тозаққа күйеді деп, Жалғыз атын кедейдің ап жаназа.
Қатым құран шығарып пидия қылдың, Жұрт алдында тарттырам саған саза.
«Жылдығын», «жетілігін», «қырқын» бер деп, Қаралыға ас бер деп салдың аза.
Бейсенбі, жұма сайын бір тоясың, Бұл қылығың бөріден кем бе, қожа? Құраныңды жерге ұрып кісі өлмесе,
Қасқырдай боп шабасың елге, қожа. Патша, байға тілектес боламын деп, Ағып кеткен ақ сәлдең селге, қожа. Халық сүйген ақынға соқтығам деп, Қақпанға түстің келіп демде, қожа.
Сөзіме, Кенжеқожа, құлақ салшы, Жеті атамнан кетпеген ақын-жаршы. Ерегіссең екеуміз жарысалы, Екіленіп саныңа ұршы қамшы.
Қалың қазақ халқының бұлбұлымын, Таудан аққан мен бұлақ, сен бір тамшы.
Кенжеқожа:
Ау, Кенен, атың дархан кен екенсің, Ән-жырға, әңгімеге тең екенсің.
Әншейін сырттан өсек айтып жүрген, Ақындар күндеп жүрген, ер екенсің. Өнерге жап-жасыңнан талаптанған, Қордайдың саулап тұрған желі екенсің...
1938 жыл.
ІСКЕНДІР МЕН УАМЫҚ
Іскендір:
Уәке, сізге арнап бұл жазылған сөз, Тірлікте дидарласып бола алмай кез.
«Арасы жақсы, жаман – аспан, жердей» , Қашаннан халық аузында келатқан сөз. Жақсының тұқымысыз халық білетін, Мақсат іс көңілдегі: «көрсе, - деп, - көз».
«Жақсыда шарапат бар» деген анық,
«Үлгі сөз үйретеді» деп үміттіміз.
Жас үлкен, жатарлық жер жақындап тұр. Әйтпесе, жоқ, шырағым, міндетіміз.
«Жақсымен етсе сұхбат, дидар көріп, Пайдасы болар» деген өздеріңіз.
Қалған сөз қариядан – қатесі жоқ: Жаманға жақын жүрме күдеріңді үз!
Бірнеше барсам-дағы Жалағашқа, Бола алмай дидар нәсіп қапа жүрміз.
Шырағым, халық біледі атаң даңқын, Жаратқан оның артық топырағын.
Дүниеге талай жақсы келіп кеткен, Тіршілік шаршататын ол бір сағым. Қай бір жан тиянақтап тұра алмайды, Әлемнің алғаннан соң шамшырағын Қайғысыз рахатта өмірлі бол, Кейбіреу айырмайды істің ағын.
Алыстан ұзақ өріс ала алмайды, Қол қысқа болса егер бойы шағын.
Кіші жүз, Алтын, Айдар – шыққан тегім, Қысқартып доғарайын сөз аяғын.
Қол қойған Байсүгірдің Іскендірі, Қорқыттың вокзалында отырамын. Ғашық боп ағаң сырттан сөз жазады, Айырмай руымды Алтын, Табын.
Шал жазған шатпақ сөзін айып етпе, Жағдайлап адал ниет білдіремін.
Қош, сау бол саламатта жолыққанша, Ұзартып сөз аяғын неғыламын.
Қорқыт, 1939 жыл.
Уамық:
Ісеке, сәлеміңіз келді хаттан, Көрсетіп адресін Қорқыт жақтан. Сайраған сандуғаштай секілденіп,
Паруаз қып тамаша айлап ұшқан бақтан. Елестеп жазған сөзден аңданады, Хабардар екеніңіз әр тараптан.
Руың – Кіші жүздің Бай баласы, Алтында Айдар екен сіздің таптан. Іздесін, «Жөніңізді білем» деген, Іскендір Байсүгірұлы деген аттан. Дүниеге келген жанның баршасының, Өзінше олқысы жоқ, бәрі батпан!
Құрулы халық алдында таразысы, Қарасын сол безбенге, нарқын баққан. Меніңше, мұнда да бар жаңылтпаштар,
Аңсызда адастырып халықты алдатқан. Наданға – надан қымбат болғаны үшін, Етеді өз тұстасын әркім мақтан.
Кімге кім кездескенде мінездес боп, Жарасып сұхбаты да соны ұнатқан. Һәм және әр заманның нарқы басқа, Қардарға қарасаңыз нәрсе сатқан.
Сатушы, алушымен әр базардың, Бұйымын қадірлеген қымбаттатқан. Тартымды бір базарда сиыр болса, Тағы бір алушысы жылқылатқан.
Әр заман үстіңдегі – мысалы базар, Сол базар адамды да бағалатқан.
Болыпты бір заманда батыр қымбат, Базарға мал орнына құл айдатқан.
Ақ сүйек, патша мен бек бір заманда, Өзгені өздері үшін зар жылатқан.
Мақтауға біреулерді «шайқы, ишан» деп, Ол жолды шындық жеңіп мүлдем жапқан. Бұрынғы ғалымдарды мақтауға да,
Оны да оқығандар басы қатқан. Фараби, Ибн Сина, Ұлықбектер, Шынымен солар еді ілім тапқан! Жатқанда жұрт ұйқыда олар ояу, Дүниені дабыл қағып таңырқатқан! Данышпан сол секілді ғалымдарды – Орынсыз, жан бола ма жабырқатқан? Заманның өтіп кеткен оқулығы, Болыпты көбірегі құрапаттан.
Жарыққа ілім, білім жаңа шықты, Арасын аспан, жердің жақындатқан. Жетпейтін мың жылда да жерде жүріп, Дыбысты сабырлаған сапылдатқан!
Емес пе құл еткені табиғатты, Жансызға тіл бітіріп қақылдатқан?! Жайнаған жастарды да жаңа көрдік, Халық едік қараңғыда қапыл жатқан. Ісеке, олай болса, балаларға –
Қызық қой бақыт тілеп ауыз баққан.
Жалағаш, 1939 жыл.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
(1941-1945)
ШАЙМЕРДЕН МЕН МҰЗАРАП
Шаймерден:
Отатшы, адам бөліп күріш орнын,
Жай қылып, жадыратып, келтір формын! Несіне оны маған айттырасың,
Істейтін өзің біліп бар ғой орның? Қаулап тұр арам шөптер алас ұрып, Бидайға деп айтады: «Сенен зормын!» Мәдени өсімдіктің мәнісі жоқ, Жағдайсыз, жапырағы түсі солғын.
Қолдағы жас жауынгер, жеткіншектің, Үркердей ұйымдастыр, қаптат жорығын! Аралас арам шөппен мал да сонда,
Еске алып ескермесең егіс қорығын. Жайлаудың өзің қамын ойламасаң, Қайтейін, қайта-қайта айтып болдым.
Мұзарап:
Қазылып жатыр құдық «Көктөбеден», Егістен аулағырақ, шет төбеден.
Өзімнің ойымдағы жұмыс та сол, Отаққа адам бөлу көктегеннен.
Күріш жер күшімді де бөліп жатыр, Қаншама омыраулап өктегенмен.
Бұл ағаң арттан шауып, ақырда озад, Басқа сөз оған дейін тек көлденең.
Кемістік кейбір жерде кез келеді, Себебі күшің толық жетпегеннен. Есептеп күш-құралды жатсаң толық, Өзім де ұялар ем, сөкпегенмен.
Бірақ та, айтқаның жөн, орындаймын, Тап осы сағатында етпегенмен.
Еске алмай егістікті жүрген жоқпын, Өзіме өзара сын өтпегеннен.
Өзің де жәрдемдесіп шығар өрге, Бұл бір сын өмірімде көп көрмеген. Қарауыл әлдеқашан дайындалған, Мал қанша егістікке беттегенмен.
Мұнан кейін Шаймерденнің «Асқақ әнші, қатардағы халық ақыны едің, кейінгі кезде сол өнерді қойып кеткенің қалай» деп Мұзарапқа жазғаны:
Неліктен іні сөзін тыңдамайсың, Ақылды ең, ізгілікті шыңдамайсың? Жүйрік ой, терең зейін ер едіңіз, Әніңді домбырамен шырқамайсың?
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ», Сұлу сөз сары алтындай, сырға байсың.
Мұзарап:
Жақсы сөз жан сүйсінер үміт етсең, Үлгіден шашау қадам ұрмағайсың. Халық үшін қайыспастан қызмет ет, Көңіліңді балалыққа бұрмағайсың. Кішік бол ақ көңілді қалайда да, Алғыстан абыройлы құрғамайсың. Алайда, алаңғасар сотқар болсаң, Ақыр бір арық малдай тұралайсың. Сынауға ағаңа сөз жаз демесең,
Өзің де жастайыңнан жырға байсың. Ісіңе жоба сызып, жұмыс етсең, Әрдайым ыдысыңды былғамайсың. Жатық бол, жар көкірек болма тентек, Ойланбай еш жұмысты қылмағайсың. Бұл мысал ағаңның да басында бар, Десең де: «бітік шыққан мырғадайсың». Басқа өнер ақындықтан ағаңда жоқ, Несіне мені зорлап жұлмалайсың?!
Қармақшы, 1942 жыл.
ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ
АҚЫНДАРҒА АРНАУ
Алатаудан, Арқадан, Ақындарым келіпсің. Тілдерінен бал тамған, Жақындарым келіпсің. Ертіс, Есіл, Іле, Сыр Бас қосқалы келіпсің.
Жүрген жері думан жыр – Сендер елге көріксің.
Шаршы топта төгілген, Сөздеріңді сағындым. Көзге жылы көрінген, Өздеріңді сағындым.
Астананың елімен, Бір қуанған кәріңмін, Алтын Орда төрінен,
Қолыңды алып көріскен, Сәлемі осы Жамбылдың. Жата алмадым тыншығып, Сендер келді дегенде.
Бір отырдым, бір тұрып, Елең қағып өлеңге.
Мұндай дүбір жарыста, Кім қызбайды намысқа! Көтермеші бап келді, – Ақындарым қарышта. Ұлы жиын үстінде,
Сөз сарапқа салынар, Ой тарапқа шабылар. Өрен жүйрік өткендер, Ұзын жол боп қалынар. Тепеңдеген торының, Ізі қайдан табылар!
Жүйрік-жүйрік болар ма, Шаршы төске сермемей?
Қыран-қыран болар ма, Тас қияға өрлемей?
Жорға-жорға болар ма, Төрт аяғы тайпалмай? Батыр-батыр болар ма, Қалың жауды қайтармай? Ақын-ақын болар ма, Арқа қызып, ән салмай, - Жиылған көп халайық Сөзіне ұйып тамсанбай?
Ақындар көз салыңдар, Хиуаны шалыңдар, Қиқу салып талайдан, Келе жатқан сарын бар. Сүйінбай мен Қатаған, Қара өлеңді матаған.
Атын жаттап балалар, Әлі күнге атаған.
Кеншімбай мен Орынбай – Өлең, сөздің қорындай.
Көрінеді сорабы –
Керуен көшкен жолындай. Құл, Құлмамбет, Құлыншақ, Майкөт, Сарбас, Қуандық, Бұлдырайды туға ұқсап, Көңілімізді құмар қып.
Шөже менен Кемпірбай Өлең жырдың жұртындай. Біз солардың өрені!
Көк дауылдай боратып Сөз бастаңдар келелі.
Жырға лайық елің бар, Елге лайық ерің бар.
Төрі толған түлікке, Ұлан байтақ жерің бар. Көкорайлы белің бар, Айдын шалқар көлің бар. Сабасы мол көп өзен,
Өлке толған егін бар. Жаз өрісің көк жайлау, Қыс қонысы – соның бар. Тау мен далаң сақтаған, Қойны толған кенің бар. Алтын, күміс қорғасын,
Мұнай мен мыс, көмір бар. Осы дәулет тұрғанда, Неменеден кемің бар?
Осыларды толғайтын, Ақындарым, жөнің бар!
Қыруар завод, қалаң бар. Гүл жайнаған далаң бар. Сол даланы жайнатқан, Жұртқа үлгі адам бар.
Жауды қуған жөңкілткен, Батырларға қараңдар.
Жас арыстан пішінді Жауға ойран салған бар. Батыр сынды, мүсінді Мәліктей көп балам бар. Қаһарман қып жасаған, Халқымызды заман бар. Не болғанын бүгінде Бөбектерің ілуге
Бәйіт қылып тараңдар. Замананың жыршысы, Сендерде не арман бар? Сол заманның тұлғасы, Лениннің жолдасы, Қамал бұзған қолбасы Ұлы Сталин көсемге Жырларыңды арнаңдар!
Уа, Орынбай, Шашубай, Сендер өзен басындай. Ағытыңдар өлеңді, Жазғытұрғы тасқындай. Нартай, Кенен, Нұрлыбек,
Майасар, Қуат, Жақсыбай, Өлең-жырды дүрілдет – Жарқылдатып жасындай. Сөздеріңнің күшінен,
Жау жүрегі түршіксін. Жырларыңды естіген
Дос құмардан бір шықсын!
4 желтоқсан, 1943 жыл.
КЕНЕН МЕН ӘБДІҒАЛИ
Кенен:
Ел анасы – жер болар, Ел ағасы – ер болар. Кіндік кесіп, кір жуған, Жер анаңмен тең болар.
Ұшқан құс қонбай қоя ма? Еңбексіз қарның тоя ма? Ел мен жерден сыр алмай, Аң қуған жолы бола ма?
Ат мойнында тұмарсың, Ат аунаса сынарсың.
Ал, қызыл тіл, сайрашы, Ажал жетсе тынарсың. Сұлуға көзім қарашы, Топырақ басса жұмарсың. Асылды інім киіп ал, Арғымақ, жорға мініп ал. Көп алдында сөйлеп қал, Жиналған халық тыңдасын.
Жүйрік аттай көсіліп, Жібек жіптей есіліп, Осы жерден ертеде, Жеті ғалам ел өткен. Әркім қорғап Отанын, Атақты талай ер өткен.
Жері байдың – елі бай, Ата-анаң – жер деп өткен. Бас пен малы өркендеп, Көсегеңді көгерткен.
Ерлер туып, жау шауып, Елдің қамын жеп өткен. Тәттіні тісім шайнап қал, Жер астында қирарсың. Осы жерім – ата жұрт,
Ұлы жүз өскен – қоныс құт. Екі жүз болыс ел болған, Төрт ата Дулат көп ұлт.
Албан, Суан үшеуі, Жарықшақтан тарайды. Бәйбішеден Сарыүйсін, Абақ, Тарақ бәрі Үйсін.
Шапырашты, Ошақты, Парлап мінген қос атты. Сыландыдан Ысты боп, Үштаңбалы атапты.
Бақтиярдың тұқымы – Арғы атысы Төбейді. Төбейден бері көбейді. Абақ, Тарақ баласы, Алатауды жебейді.
Әркім шабар ұранға, Бәйдібек пен Домалақ, Бейіті Бөген-Шаянда –
Ата-анамды айтпай қоям ба?!
Әбдіғали:
Көпшілік, бәріңізге сәлем бердім, Бауырлар, жүрсіз бе аман, қаладағы. Көсілтіп топқа салып көріңіздер, Адамның ақын деген жорғалары.
Сөйле деп Кенен ақын кезек берді, Әркімнің өзіне алтын қолда бары. Баптаған жүйрігіңнің мен де бірі,
Сырланған алтынменен арналары. Қырымға шыңнан өрлеп арындамай, Неліктен Әбдіғали қорғанады.
Өлеңнен түйме түйіп, бауын қадап, Сол болсын көпке салған олжалары.
Көпшілік ортасында ән шырқайын, Дауысым көкке шалқып, аспанға өрлеп. Қанішер немістердің сұмырайына, Наркескен алмас болат қылыш сермеп. Қаһарман қайратыма мініп алып, Терейін сөз асылын соттай тергеп.
Намысын отанымның ойлағанға, Айнадай алғыр сөзім болсын өрнек. Кен аға, аман-есен жүрмісіңіз, Кішіге ол да міндет сәлем бермек.
Тереңге сөзді еркімен шомылдырмай, Көрерсіз аспандатып әнге сермеп.
Шекердей шыққан сөзім бал тілімнен, Дәмі жоқ сөйлемеймін сөзді кермек. Жүйріктің шапса шаңы ілеспеген, Құздардың арындаған шыңын өрлеп. Алматы облысы туған елім,
Алатау айналамды жатқан көлбеп. Суреттеп бұл жерімді көрсетейін, Айтарлық қай жерің бар бұған теңдеп?
Тірелген Алатаудың басы көкке, Хантәңірі, Тянь-Шань арғы бетте. Ақ найзадай төбесі қаһарланып, Алып шапқан батырдай жауын бетке. Жемісі жеткілікті түр-түрімен,
Шынарлы миуалы ағаш шыққан бетте. Алабы Алматының қалың орман, Отанның әскеріндей жатқан шетте.
Тастары жаңғырады сөйлегенде, Қазына қойны толған түрлі кенге.
Кенен:
Біздің елдің атақты, Ерлерімен таныссаң,
Айтуға сірә, жалықпан. Төле би шыққан Үйсіннен, Өзі әзиз, өзі әділ,
Атағы зор халықтан. Қаз дауысты Қазыбек
Алшыннан шыққан Әйтеке, Табыннан шыққан ер Серке, Керейден шыққан қос қасқа, Тұрсынбай мен ер Жабай, Шақшақұлы Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Қатар туған арыстан.
Алатауда Ұлы жүз, Сарыарқада Орта жүз, Орал тауда Кіші жүз, Кең өріс тапқан алыстан.
Қысқаша жоба көрсеттім, Айта берсе тауыспан.
Енді бері келейін, Ақбөкендей желейін. Жақсыбай мен Қазанғап, Екеуіңе айтып берейін. Жетісудің ел, жерін, Атақтысын терейін.
Қасқарауда Өтеген, Үйде тұрмас кетеген,.
Қырық жыл өріс қараған, Безіп қатын-баладан.
Жамбыл да айтты бағалап, Ертеде-ақ елге тараған.
Мүйізі бар басында, Ораздан шыққан Жолбарыс Тарихы бар, ел таныс.
Ноғайбай мен Кебекбай – Тілге шешен, сөзге бай. Ауданымыз атақты,
Сұлутөр мен ел Қордай. Түп нағашым Қабанды-ай, Жұртқа мәлім болғандай. Өз ұстазым Сарбас,
Өлеңі жұққан айрандай. Сарбас деген кең ақын, Жамбылменен тең ақын. Тірі жүрсе бұл кезде, Талайыңды жеңетін.
Қалмырзамен айтысып, Қырғыздан бәйге алатын.
Өз нағашым Қаңтарбай, Сүйінбаймен бір парды-ай. Түп атам жүйрік тұлпардай, Ақиық қыран сұңқардай.
Байқап сөйле, ақыным, Тоқталып қалма айта алмай! Топшаңды қиып мен кетсем, Жапалақтай далақтап,
Топ түсерсің ортаға-ай.
Жақсы ақынның өлеңі, Шебер тіккен киімдей. Балдан тәтті ұғылар, Жас баланың тіліндей. Елжіретер көңілді, Құрманғазы күйіндей.
Жақсы сөз жұпар аңқиды, Жазғы шөптің гүліндей. Құлағыңнан кетпейді, Бұлбұлдардың үніндей.
Халқым келді қамалап, Сайра, тілім, мүдірмей. Ақын болсаң Сариев, Жауап берші кідірмей. Сауалым бар Сариев, Тауып берші бөгелмей. Жүк аумайды бұраумен, Сөз ашылар сұраумен,
Қар өседі қылаумен, Бала өседі сылаумен.
Ер Тарғын мен Қобыланды, Исатай мен Махамбет, Құрманғазы, Тәттімбет, Қайдан шықты жауап ет!
Жетісуды атап бер, Малдай санап, матап бер. Аяғы қайда құяды,
Басы қайдан шығады. Атағы зор Алатау, Астана тұрған бақша-бау.
Хантәңірім биік қай жақта? Атап айтшы, қылмай дау! Байқара, Жамбыл деген жер, Жәкең туған кемеңгер,
Дәл қай жақта болады?
Әбдіғали:
Ақын өлең бастайды,
Тас түлек құстай қомданып. Жауап сөзден қашпайды, Ақ домбыра қолға алып.
Біраз ғана сөйлейін, Өткендерден қозғалып. Ер Қарасай ұраным,
Атағы шыққан жауды алып. Батырлығын сұрасаң, Асыра қуған таулардан, Қалың қара қалмақты, Алатаудан жол салып.
Шапыраштының баласы, Сауыт киген, найза алып. Сарыбай мен Сұраншы, Молжігіт қонақ серігі, Қазақты шауып алам деп, Қоқанның ханы келгенде, Сарыкемерден қашырып, Шоқпардан әрі асырып, Төбе боп қалған өлігі.
Тозған елді құраған, Алатаудың бауырына, Мекендеткен елімді.
Тұқымы соның біздерміз, Қылышынан зәр тамған. Жапыра жауды талқандап, Найзасынан қан тамған.
Ақын десең осы елде, Қызыл тілден бал тамған. Сүйінбайдың ұрпағы – Әбдіғали ән салған.
Сарбасты айтасың
Жорға еді деп шайқалған. Оған теңдес Бақтыбай, Хан Тезектей төренің Зәрлі жүзін қайтарған.
Балғамен ұрған шекедей, Төбесінен тойтарған.
Қолқа қойдың, Кенеке, Сұрауды қойып қай-қайдан.
Қарасай бабам ер еді, Әңгімесі көп еді.
Қарасайдың мазарын, Өздеріңдей ақсақал Сарыарқада деп еді.
Ер Тарғын мен Ерсайын Кіші жүзден дер еді.
Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Қазақтың асқан ері еді. Қанжығалы Бөгенбай, Арғыннан шыққан аға еді. Қаракерей Қабанбай, Найманның ұран-жары еді. Бұл айтылған адамдар,
Ел ауызында бар еді. Құнанбайұлы Абайдың, Ақылы дария жан еді.
Әдебиет жазбасы, Сол кісіден қап еді.
Одан бері келейін,
Үш орден алды Жамбылым. Жырдың күйін шалқытып, Заманның қақты дабылын. Мұңын мұңдап ән салды, Еңбекші кедей табының.
Елестетіп көзіңе
Өткен күннің сағымын. Асауын жырмен үйретті, Қырдағы өскен тағының. Жер жүзі түгел естіді,
Күй мен жырдың сарынын. Жамбылдан үлгі сұранып, Басқа елдің де ақыны Жіберіп тұрар жазуын.
Ұлы майдан үстінде, Жүректен шаншып немісті, Аянбай жұмсап қаруын.
Ленинград еліне, Қоршауда қалған кезінде, Жұбатып туған бауырын. Сәлемін жазып жолдады,
Бассын деп қайғы-жалынын. Отан әмірін қолданып, Дұшпандарға долданып, Тарихтың айтты анығын.
Нарынқол қатар жатыр Кегенменен, Айтайын жер көлемін өлеңменен.
Соңыма ер, танытайын соның бәрін, Кенеке, ойың болса көрем деген.
Тянь-Шань, Қырғыз жері, Шудың басы, Айқасып біздің жерге кемерлеген.
Ертеде қырғыз, қазақ жорығында, Жер екен ата-бабам көп өрлеген. Екейде атам Талтаң, Тағай батыр, Ақша, Қосай, Қараштай беренменен.
Біздің ел жау жағының панасы еді, Қаймықпай жолын тосқан кезеңдерден. Жамбыл тауы Шуменен айқас жатқан, Басында Жамбыл сонда туып келген.
Жамбыл туып, әкесі той қылыпты, Атанған Жамбыл ата соныменен. Атап-атап кетесің батырым деп, Көрсетпей ер жорығын терең жерден.
Айтайын Жетісудың арнасынан, Бұлағы шыққан таудың жар басынан. Ақсу барып, Жоңғардың жонын тіліп, Іле қиып ағады жамбасынан.
Қаратал, Көксуменен қатар түсіп, Жарысып бір-біріне жалғасынан. Балқашқа мың тараптан құйылады, Қаратал кен шығарды қамбасынан. Лепсі Сарыжазықты жарып аққан, Канал бар кең қазылған ортасынан. Еңбектің қайраткері қалың колхоз, Тасқынды тарс бекіткен ортасынан.
Егін сап екі жағын тоған тартқан, Жайқалып көк егісі Нілге батқан. Жамбылдың айта қойшы, іс, өнерін, Кәнеки, жер байлығың бізден артқан?! Еншіңе Шуды бердік Жетісудан, Көтеріп жүктей тасты бұрқылдатқан. Пайдаға қандай қылып асырдыңдар, Көрсетші табысыңды бұдан тапқан.
Кенен:
Өршіл мінез шалқасқа, Қамшы ұрғызбас жамбасқа. Ақын болсаң, Сариев, Осылай деп сөз баста.
Жүйріктігің көрінді, Көп алдында ұйқасқа. Сүрінбейді шын тұлпар, Төрт аяғын дәл басса.
Түсіп қалма қақпанға, Алды, артыңды байқаста. Айға қолың жетер ме, Аламын деп жармаспа!
Жамбыл, Абай көпке ортақ, Менікі деп адаспа!
Отан үшін жырлайық, Жау орнынан тұрмасқа. Дұшпан жылдам құрысын, Тілектес боп, көп жасқа.
Тянь-Шаньның тауынан, Тасып, тулап аққан су.
Қапшағайға қайта ұрып, Күнбатысқа тартқан су. Қарағай, қайың ну орман, Жемістен түйме таққан су. Арқар, марал, киіктер, Жүзіп дәмін татқан су.
Бас пен малы теңесіп, Ел қызыққа батқан су. Қазақ, қырғыз даласын,
Қақ жарып ағып жатқан су. Ғасыр бойы кәрі қар, Балқып бойы тасқан су.
Нұрлы судай күй күліп, Ел жүйесін тапқан су. Іргелі қала салынып, Ильич шамын жаққан су. Колхоз, совхоз тең бөліп, Шаттық әнін айтқан су.
Тасөткел деген каналым, Түзеліп тұр заманым.
Осы айтқан табысты Көп алдына саламын. Бидай дәні бармақтай, Тары дәні жаңғақтай. Арпа дәні асықтай, Сұлы дәні қасықтай.
Күнбағыс бар табақтай, Қауын, қарбыз лақтай. Қызылша түбі келідей, Жүзімі тартқан желідей. Жүгері дәні жұмыртқа, Жүгірер бала ымыртта. Әбдіғали әріптес,
Сол сөзімді ұмытпа!
Туып өскен жерімде, Күн құлағы шығып тұр. Тана қашып, тай тоқтап, Саулық егіз туып тұр.
Жүз саулықтан жүз елу, Қозы өндіріп беріп тұр. Шопандар мен жылқышым,
«Құтты құрық» болып тұр. Қартабаев Сатылған, Еңбектері артылған.
Жүз биеден – жүз құлын, Аман-есен қосылған.
Жылқышылар ысқырып, Қарына құрық қыстырып. Арғымақтар астында, Жер тарпиды пысқырып. Насыбайын бір атып,
Тау жаңғырта түшкіріп. Айғырлары арқырап, Таулар суы сарқырап. Таң атарда туады,
Шолпан жұлдыз жарқырап.
Жамбылдағы қой саны, Сегіз жүз жетпіс мың болар. Малды жырға қоспаса, Ақындарға мін болар.
Қаптап өрген сиыр мал, Үйір-үйір жылқы бар. Жылқы совхоз тағы бар, Бәрі тұлпар жануар.
Құлақтары қамыстай, Тұяқтары болаттай, Құйрықтары қылыштай. Әскер үшін жаралған, Бар денесі құрыштай.
Бірінші бәйге алғанбыз, Орта Азиялық жарыста-ай! Енді тоқтар кезің бар, Құры-бекер жарыспай.
Әдепсіздік көрсетіп, Ағаңменен алыспай. Шындықпенен айталық, Құр кеудеге салыспай.
«Жығылған тоймас күреске», Меніменен тіреспе.
Алматыға жақынсып, Астанаға ақынсып, Айтысқалы тұрсың-ау. Мен жеңдім деп мақтанып, Қатысқалы тұрсың-ау.
Ақындық сөз кезегін, Ағаң саған бұрсын-ау.
Әбдіғали:
Сөйлейін мал байлығын табыс артқан, Жоспарын орындаған қойған шарттан. Колхозды совхозбенен атап-атап, Түсейін «Дегересте» арғымақтан.
Асылдан ақалтеке айғыр салып, Биені мың-мыңдаған құлындатқан.
Көп жылқы көлбеп жатыр Дегересте, Аспанның жұлдызындай көрер көзге. Тіл жетіп, байлығына айта алмайтын, Тағы бар колхоз, совхоз бұдан өзге.
Асылын он бес одақ тегіс біліп, Үлгі етіп көрсетеді айтар сөзге. Сүмбідей сымға тартқан сүйектері, Найзадай сұлулығы салған тезге.
Майданға әскер мініп аттанарда, Соларды баптап қойған осы кезде.
Қанатты, қалбағайлы, бөкен санды, Қаз мойын, қамыс құлақ, құлан жалды. Алматы, Аңырақай, Үшшоқыда, Көрерсің қаптап жатқан жылқы малды. Белінен енесінің қарғып ойнап, Туғанда таң қаларсың құлындарды.
Жайлауы Суықтөбе бұлтпен теңдес, Құлпырып шыққан шөбі кілемге өңдес. Балажан арғы шеті қырғызға орап,
Осы жер жаз жайлауға тиген дербес. Таушелек Ілеменен қатар ағып, Көксуы күнге күліп шағылысқан.
Талғардың тал шоқысы Түргенменен, Құмбел мен Алаяқтан басы айқасқан. Алма,өрік, қарағай мен қайың, жиде, Жер беті көрінбейді ну ағаштан.
Майтөбе, Қарақия, Құлансазда, Мекендей әртүрлі аңдар тұқым шашқан. Құндыздар су бойында «қыз ұзатып», Аққу, қаз, қоңыр үйрек маймаң басқан. Кенеке, сізге айтатын сөзім осы, Кейбіреу дәметеді ішпес астан.
Жерімнің, міне, осындай сайранында, Айтайын еңбек ерін күші тасыған.
Қоғалы ауданында Салихадан, Атағы кіміңіз бар, бұдан асқан? Ағызып сүттен бұлақ көл-дария, Ісімен өзгелерге үлгі шашқан.
Қызылшаны таудай үйіп Нұрипа да, Мұнымен ел ерлері үнін қосқан.
Жөнім жоқ бұларды мен айтпасыма, Сайлаған депутатқа Қазақстан.
Жылқыдан Әбдібай да орден алған, Табысы біріменен бірі ұласқан.
Жеткізді жылқы басын мыңға тарта, Биеден сексен ғана ұйымдасқан.
Асырып табыстарын асқар таудан, Қой қоздатып, бұлақтай бие сауған.
Ел еркесі біздерде толып жатыр,
«Қорықпайды шешен – даудан, батыр – жаудан». Жүргізсем еңбек ерін дамылменен,
Таң қалып ауызыңа кірер тәубаң. Кенеке, кедей едің мал жағынан, Аларсың бізден сұрап болса сауғаң.
1943 жыл.
МАЯСАР МЕН НҰРЛЫБЕК
Маясар:
Шежіре домбырамды қолға алайын, Несіне айтар сөзге толғанайын.
Табысын Қарағанды жариялап, Алдында көпшіліктің жорғалайын. Уыстап лақтырады түзу сөйлеп, Өлеңі ақындардың қолда дайын.
Арқадан Алатауға құлаш керіп, Орныққан ордаң едім іргем берік. Қазақтың салтын істеп үлкен үй деп, Астанам сәлем бере тұрмын келіп.
Кешегі кер заманда шалқалаған, Салмағын сен жорықтың арқалаған. Ерлікпен елдік құрған көне жерің, Тапсырды сәлем айт деп Арқа саған.
Басынан күн өткізген не бір қилы, Тарихта атам қазақ атың сыйлы, Жау тисе ел шетіне аттан салған, Ел едің өр мінезді, ер қимылды.
Батыры батырлардың Қобыланды, Қастасып жер алмақ боп торығанды. Қасқайып қан майданда қойдай қырып, Асқар тау, көк майсаңды қорыған-ды.
Атасы ақындардың Асанқайғы, Қазаққа ата қоныс тауып жайлы.
Іргең нық, сескенбестей ел болуға – Деп еді бес қаруың тұрсын сайлы.
Баласы Жәнібектің сардар Қасым, Қазақты біріктіріп құрап басын.
Осы жер ата қоныс, мекенің деп, Найзамен сызып кеткен шекарасын.
Қазақтың ел қорғаған батырлары, Өмірде жауына таң атырмады.
Шұқшиып сан шапқыншы шықса-дағы, Тұмсығын бірінің де батырмады.
Үш жүзде кім жетеді Абылайға, Айбатын ашуланса білеп айға. Қаптаған қара құрттай қалың жауды, Тоғытқан қойдай қылып Бурабайға.
Ер Кене, батыр Науан, бала Баубек, Еш уақыт жасқанбаған жауды жау деп. Арқадан ту көтеріп, дабыл ұрған, Егескен ел шетіне тисе жау кеп.
Ұрпағы осылардың Аманкелді, Мақсаты теңгермек боп азды, кемді. Патшаға, байға қарсы қан майданға, Аттанған ту көтеріп бастап елді.
Қалың қол айқасқанда жаумен е, деп, Туысқан орыс халқы болып медет.
Майданда жеңіп шығып ел болғамыз, Ленин мен Сталиннің туы демеп.
Құт орнап сонан бері айналама, Өң кірді құлазыған айдалаңа.
Байлығы, сәні, салты көз тұндырад, Барсам да қай аулың мен қай қалаңа.
Тең қылып терезесін іргелі елмен, Асырған жақсы атағын асқар белден.
Халқымның қамқоршысы, данышпаны Сәлем ал ұлы Сталин біздің елден.
Елімнің ата жауы бұрыннан да, Тап беріп кеше тағы ұрынғанда.
Лап қойған қалың қазақ қан майданға, Малшынып ат тұяғы қызыл қанға.
Төлеген, Нүркен менен Мәлік, Асқар, Әр бірі он сан қолдық жауды жасқар. Қазақтың сайып қыран батырлары, Еш ерлік ерлігіне келмес астар.
Беттесе беті қайтпай құздан, мұздан, Қасқая қарсы шауып қамал бұзған, Атыңнан атам қазақ айналайын,
Ел көркі осылардай ұл туғызған.
Кен көлкіп, мал мыңғырған Қазақстан, Жауына қаһар тігіп Күншығыстан.
Майданды еш уақыт тарықтырмас, Марганец, молибден мен көмір, мыстан.
Әйгілі бар әлемге аты шулы, Қазыналы Қазақстан қызыл тулы. Болғанда ер майданда, майдан елде, Ақынның қимылдайтын күні туды.
Шыңғысты шынтаққа алып шалқайғанда, Көсілген сонау қиыр Алтайға да.
Екі арыс ел едіңдер Арғын, Найман, Байлығың талай дастан айта алғанға.
Ертеде Абай сынды ұл туғызған, Ел едің әруағыңа бас ұрғызған. Келелі жиын тойда ақыл айтып, Қазақты қадіріңе тік тұрғызған.
Соны ойлап терезесі тең ел ғой деп, Арқадан ат терлетіп келгенде іздеп.
Нұрлыбек, Сапарғали қайдасыңдар, Жөнелмей мына топта түптеп тербеп.
Нұрлыбек:
Шарықта, шалқы қиял асқарға асып, Өр көңіл, өткір тілмен астарласып. Орғытып ой өрісін ор текедей, Селдетіп кетсін сөзден тасқын тасып. Қара алтын, қалың қаймақ Қарағанды, Алыппен алар кезде күш сынасып.
Ағытып жыр нөсерін, сөз бұлағын, Алтыннан алқа тағып, маржан шашып. Жырласақ ел байлығын, жердің құтын, Таң қалсын тыңдаушысы аузын ашып. Айтар жер, алқа әлеумет отырғанда, Алайық жыр көрігін басып-басып.
Екі арыс егіз елдің жайын сөйлеп, Көрейік көп алдында бір шайқасып.
Шендескен шеңберлі Алтай аспан көкпен, Әлемге аты шулы даңқы кеткен.
Қара нұр, қалың нулы орманым бар, Тауларым қойынынан алтын төккен. Ертістен алтын астау аударылып, Күн күліп, жағасына нұрын сепкен. Құндағым алтын бесік анам Алтай, Емізіп ақ төсінде еркелеткен, Құмынан сапа алтынды күреп алып, Тасына қатпар-қатпар гауһар шөккен. Кереку, Өскемен мен Қарқаралы, Енші алып егіз ұлым отау тіккен.
Артында орда иесі үлкен үймін, Алдымда талай өрен тізе бүккен. Суы бал, шөбі шүйгін, жері құтты,
Шыңғысқа Сарыарқада қай тау жеткен?
Оралған мал кіндігі Шыңғыс тауға, Түскенде мал айдауға, жер талауға. Ер Мамай, Ақтанберді, Батыр Барақ, Найзасын көкке білеп шапқан жауға.
Кім жетер ой теңізі Абайыма, Бәйтерек құлаш жайған маңайына. Салсаң да бір саласын салмақ болар, Әр ұлттың ақынының талайына.
Өрбіген осы өреннің ұрпағымын, Самғамай шаршы топта қалайын ба?
Асқан дарын, асқар бел ақын Абай, Сансыз жұлдыз ішінде толған айдай. Ақыл ойлы адамның ардагері, Шыңындай ақындықтың бір Гималай.
Көкпекті көбік атқан Аякөзім, Көсіле құлаш жаяр келді кезім.
Құлыным құланша ойнап, ботам нардай, Арқардай биылғы төл туған қозым.
Көк тоғай балдыр құрақ айналасы, Сары алтын сарқып шөккен сай-саласы. Шаншылған жағасында заңғар зәулім, Баян мен Қозы Көрпеш тұр моласы.
Осындай жер сауыры, құт құндағы, Қазақтың қадірлемес қай баласы?
Шыңғысқа құлаш жайған қара Қалба, Бөленген қайың тал мен қарағайға.
Жеріңде бұл секілді сәулетің жоқ, Тырбиған мәз боласың қарағанға.
Сол құттың сүтін еміп, суын ішкен, Ежелден батыр елміз еркін өскен.
Ел қорып, жерін торып, жауын шолып, Сан батыр туды санын садақ тескен.
Жаулардың жағаласқан жанын сығып, Семсермен серпіп тартып, басын кескен.
Екпіні – соққан дауыл, жауған қардай, Айбыны – алпыс құлаш айдаһардай. Жар қабақ, бұғы мойын, тұлпар тұлға Еспембет Қабекең мен ер Боранбай.
Ол рас Қарағанды халқыма айқын, Алсаң да қалың кенін сарқылмайтын. Қаһарын Қарағанды төгіп салса, Сыртынан дұшпан көрмей қалтырайтын.
Біз сіздей кез боп тұрмыз үлкен күшпен, Істелген санасқалы үлгілі іспен.
Ел мақтар, ер сынардай не бітірдің, Жауының төбесінен жайдай түскен. Майеке, бердім кезек, сөйле кәне,
Ел байлық, жер байлығы – өндірістен.
Маясар:
Жайыңды енді ақыным баяндадың, Келгенше хал-шамаңды аянбадың.
Ән шырқап домбыраңды шерткеніңде, Айтар деп аталы сөз аялдадым.
Қайың тал, тас пен құмды құрасаң да, Маңына мендей шыңның таянбадың.
Қайткенде асамын деп әнмен шалқып, Алтай мен Керекуге иек артып.
Басқаның байлығына жармассаң да, Семейің жас балаша отыр малтып. Бар мәзір дәріптеген табысыңды, Сыйғызам уысыма бір-ақ қарпып.
Болғанда алтын ошақ Қазақстан, Мен биік бәйтерекпін Күншығыста. Бойыма бітпей қалған қасиет жоқ,
Өзегім қара алтын мен қызыл мыстан.
Ақыным толғана бер құлақ салып, Өлшеусіз дариямын жатқан ағып, Қадірлі, қасиетті Қоңыратыма, Дүниеде тең келеді бір-ақ алып.
Нілді мен Жезқазғанды қоссаң бұған, Қояды алып біткен кейін қалып.
Жалынын жанған өрттей лапылдатып, Қайнатсам мыс қазанды сақырлатып. Қазына қызыл алтын ақтарылған,
Арнаға құйған селдей лақылдатып. Бір күнгі мыс кенімді елу мың ат, Бере алмас қазаныма жақындатып.
Апталық мыстан құйған оқтың жүгін, Тасымақ болсаң егер Нұрлыбегім.
Жәй емес, арба жегіп, жинап әкел, Семейдің облысының бар көлігін.
Сайланып бекіністе жатқан торып, Жабыла жауға шапса жетпіс полк. Бір жұма атысарлық оқ жасауға
Бір күнгі берген жезім жетер толық.
Алты жүз ауыр танк салып ойнақ Ұмтылса қандай қамал қалмас жайрап. Соларға оқ өтпейтін сауыттардың, Құрышын мен беремін күнде сайлап!
Одақта мыс қазанмын жеке дара, Өлшеусіз байлығы бар жетпес баға. Алыппын Қарағанды – қара шаңырақ, Көмірден кесек туған кескін жаңа.
Салынған жер астынан заводтардай, Орасан шахталардың кейпін қара.
Еңбектің дүкені деп жұрт атаған, Шыңырау забойларым сала-сала. Құралған алпыс ұлттан мыңдаған ер, Әр лавам алтын піспек, қара саба!
Көпіртіп қара алтынды қопарғанда, Ақ Жайық тасығандай арна тола.
Асқардай өр кеуделі алып жайын, Ажарлы аз мысалмен аңдатайын. Қажырлы Қарағанды кеншілерім, Жөнелткен көмірінен тәулік сайын. Алпыс мың автомат пен мың зеңбірек, Тағы да сексен танк болар дайын!
Көмір өмір адамзат баласына, Қасиет толып жатқан бәрі осында. Жол тартып сегіз қатар вагон тұрса,
Семей мен Қарағанды арасында.
Бір жылғы көмір жүгім сыймас бұған, Осыны он жыл тасып аласың ба?
Мақтандың кемем жүр деп баржы тағып, Суымда көп-ақ дейсің құндыз-балық.
Нұрлыбек, Семейіңнің бар табысын, Әкетем бір сапарда-ақ тиеп алып.
Балқаштан басталатын темір жолым, Оралға Ақмоладан өтеді ағып.
Салт атпен жолаушылап жүрсең егер, Ақыным, жетер едің қашан барып?
Орнымен таласым жоқ тасқаныңа, Табыспен алға аттап басқаныңа.
Бір сұрақ алтын кенің қанша болды? Түңдігін жауып қойып ашқаныңа?
Ертістің мол суынан пайдаланбай, Орнаған өндіріс жоқ қастарыңда.
Жер жоқ деп дүниеде Ертістен бай, Атадың кендеріңді талай-талай.
Ақжалын, Балажалын, Шұқырым деп Қоссаң да тауыңды әкеп Хан Шыңғыстай. Алтыны көл-дария боп ағып жатқан, Қолтығым Майөзекке келмейді сай!
Санайсың жергілікті кәсіп көп деп, Семейде сарқылмайтын нәсіп көп деп. Майдандық айлық план алып қойған, Солардың таптым бүгін бәрін тектеп. Қарқын жоқ жұмысыңның біреуінде, Кер тартып кейін жатыр шегіншектеп.
Айтарлық Семейіңде ең бір қымбат, Ол рас бар екені ет комбинат.
Қос қолдап колбасаңды ұста да отыр, Бар болса жарасарлық сыр мен сымбат. Терісін сойған малдың қарға шұқып, Жатқаны көз алдыңда емес пе ұят.
Кәніки, байлығы мол асыл жерің, Сүйенген түп тірегің мал мен егін. Жоспарың әлі жатыр орындалмай, Қай жылы толтырасың оның кемін. Барыңды қолыңдағы орындасаң, Жеткенің, жетілгенің ол да сенің.
Сапасыз айқайыңа сасатұғын. Ақынды таптың қайдан жатқан тегін. Айта ғой табысыңды халық естісін, Мен бердім көп алдында сөз кезегін.
Нұрлыбек:
Екі ақын, екі облыс тартысқанда, Шындарын сынға салып айтысқанда. Дүмпуі асыл сөздің аз тимеді, Қасқайып қарсы тұрып атысқанға.
Әйгілі жүйрік ақын топта қызбақ,
Хас батыр қан майданда қамал бұзбақ. Ат қосса ұлы топта екі облыс, Бәйгеден бірі қалып, бірі озбақ.
Сондай-ақ, Майеке ақын, түстің топқа, Айтылды артық пен кем, бар мен жоқ та. Орынды-орынсызды соза бермей, Ақыным, үлгім сізге енді тоқта.
Маясар:
Халықтың алып күші Қарағанды, Қуат боп өн бойына тараған-ды.
Өр Донбас жау қолында қалғанында, Майданды жабдықтауға жараған-ды.
Мағынасыз неге керек сөз тергенің, Ер еңбек, отан байлық – күн көргенім. Қолыма он төрт жаста домбыра алып, Сан топта сайысқанда сыр бермедім. Өр Донбас жау қолында қалған күні, Көмірді білемісің кім бергенін.
Соғыстың қару-жарақ құралы үшін, Артылтып тәулік мезгіл үлгергенім. Кенің жоқ, қаруың жоқ, дұшпанға айбат, Барлық пен табысыңды бір көрмедім.
Сен рас алтын ошақ босағамсың, Мендей қып қару-құрал бір бермедің.
Нұрлыбек:
Жау келіп ел шетіне жанасқанда, Алқапты кен байлыққа таласқанда. Шындық, бақыт, әділдік тұтқасына, Оралып қара жылан жармасқанда. Кім не істеп, не қойды Отан үшін, Кімде-кім өз ісімен сынасқанда.
Пердесін осы сырдың ашпақ едім, Айтысқа әуелінде жол ашқанда.
Байқалды артық-кем іс енді ақыным, Істерін екі облыс айтысқанда.
Майекем, кемшілікті түзермін тез, Арттырып таудай үлкен табыстан да. Қош болып ақын аға қолыңды бер, Тілектес боп жүрермін әрқашанда.
1943 жыл.
ҚУАТ ПЕН ЖАҚСЫБАЙ
Қуат:
Сталин ұлы дана жүрегімде, Астанам алтын Мәскеу Кремльде. Енші алған орда тігіп Қазақстан Іргесін нақыстатып мраморге.
Гүлденген облысым Алматының, Колхоз бар жеті жүздей көлемінде. Құяды Балқашқа ағып бәсекемен, Жетісу Алатаудың сілемінде.
Асының кең жайлауы жәннатпен тең, Жеміс көп Талғар, Түрген, Шелегімде. Салмағы алпыс кило қарбыздар бар, Ойғырдың бақша өсіргіш шеберінде.
Алма, өрік, өзі шыққан жидек, шие, Түргеннің айналасы демедім бе?
Алмасы тостағандай Алматының, Жақсыбай, өзің сонан жемедің бе? Шұрқырап көк алалы көп жылқыдай, Балқаштың балық жүзген тереңінде. Майданға мың-мың тонна беріп жатыр, Сатылап үйіп қойып кемерінде.
Жараймын табысыммен талықтырмай, Ерлердің майдандағы керегіне, Талқандап табысыммен жауды жеңіп, Шалқимын заманыма сенемін де.
Келіпсің айтысам деп ожарланып, Баймын деп, Алматыға теңелуге. Фашиске ойран салған кімдерің бар, Сүйінген бүкіл ғалам өнеріне?
Саспай тұр Жақсыбайым аз аялдап, Ерлердің атын атап беремін де.
Табында аттан озған арғымағым, Жолды алған оза шауып дөненінде. Табысым, мақтанышым, батырлығым Сыяды қалай айтсам өлеңіме.
Ораймын алды-артыңды табыспенен, Жеңістің шыққан елмін белеңіне.
Қос қолдап қысып алып көтересің, Болымсыз айраныңды шелегіңе.
Сенен де сөз тыңдасын жиналған жұрт, Жақсыбай келіп сөйле кемеліңе.
Жақсыбай:
Сөйле десең Қуатым, Тарихтан жырды бастайын. Болат таға жорғамын,
Оты шыққан жарқылдап, Тұяғым тиген тастардың. Қазақ десем көп халық, Айта берсем көп тарих. Үш жүздің ұлы жүзінен, Атамыз біздің бопты анық. Ұлы жүздің ішінде
Бәйдібекке тоқталып. Жарықшақ батыр туыпты Домалақтай анадан.
Албан, Суан, Дулат боп Жарықшақтан тараған. Дулаттан Сыйқым, Жаныспен Ботпай, Шымыр жаралған.
Кешпей суды толқытқан, Тумай жауды қорқытқан, Атақты Рүстем Дастандай, Батырлар шықты арадан. Ботпайдан шыққан ұраны Сыпатай мен Аңдасты, Диқанбай, Сәмен, Байсейіт Хандарменен қағысып, Қанды қанжар шабысып, Ел қорғаған қолбасшы.
Қанқой атты қас батыр, Ақмешітті салған ол.
Ақбоз атпен жер шалып, Елпең-елпең желген ол. Ақ қанжарын асынып, Егеулі найза алған ол.
Өрттей шалқып жалыны, Жаудың тобын жарған ол. Бұлт шайнап, мұз бүріккен Байзақ батыр Мәмбетті, Бұғау қырыққан бәйтерек, Жас жолбарыс келбетті.
Жүзжасар батыр о да асқан, Ел қорғаған он жастан, Халық тарығып сасқанда, Қамалды бұзып жол ашқан, Айдаһардан ап қашқан.
Балуан Шолақ ел көркі, Бойына өнер жарасқан, Бір қолымен көтерген, Елу бір пұт кір тастан, Қырық өгізді атқанда, Отыз метр дуалдан,
Асып түсті бұзбастан. Әлемге даңқы жайылып, Елге болды бұл дастан, Сол ерлердің ұрпағы, Жауды қуып барады, Момышұлы Бауыржан, Қашса да көрге қоймастан. Ерлерің болса бұған сай, Батырлығы зор асқан.
Айтқын Қуат ақыным, Ел есітіп, ер білсін,
Қалдырмастан бір бастан.
Қуат:
Ақтарсам сөз қазынасын терең ойдан, Қоймамды таппаймын ба өзім қойған. Өлеңім өнегелі өрнекке бас,
Сайрандап қайтқанымша дүние тойдан,
Ұраным – ер Бөрібай заты Найман, Қалмақтың шебін бұзған қалыңдардан. Қабанбай Қаракерей, Көкжал Барақ, Жүрегі жаудан қайтып шағылмаған.
Түйенің бұлшық еті өркешіндей, Дұшпанға күші басым бағынбаған. Дарынды батырлардың ұрпағымын, Тынысы сасқалақтап тарылмаған. Озбайтын шешен болсаң сөйленерсің, Жүйрік деп естуші едім сарындаған.
Алакеш, Тоқта Барлық, Тарбағатай, Сөйлейін жерлерімнің атын атай.
Ұшан теңіз Ақсу, Сарқант, Лепсі, Жерлеген Қаракерей Садыр Матай.
Алматы облысым даңқы биік, Сайраймын құрметіне басымды иіп. Тамаша салтанаты зор болған соң, Атаған гүлстан деп халқым сүйіп.
Сөйлескен Алатауым аспанменен, Тел өскен еркеленіп арқар, киік.
Елімнің қасиетті ордасына, Жүрмесін аңғалдықпен тілің тиіп. Ал өзің қаның қызыл көбелекше, Жақсыбай жалыныма кетпе күйіп.
Алатау, Жетісудың анасындай, Жер қайда берекелі даласындай.
Секілді сегіз ұжмақ жайнап тұрған, Сән бар ма Алматының қаласындай. Мүлтік жоқ көшесінде цемент жапқан. Оң қолдың оқтан түзу саласындай.
Бойлаған шынар терек күнге еркелеп, Көрінген райханның ағашындай.
Нұр шашып қызыл алтын жанған шамы, Шолпанның таңда туған шарасындай.
Жасалған үйлері бар сәнді сарай, Жарығы құйылады қызыл арай. Айналып қызығынан кете алмассың, Қалаға келе қалсаң әлде қалай.
Жұлдыздай жымыңдаған электрдің, Көрінер жарығынан бүкіл маңай.
Бағында шашақ атқан гүлдер жайнап, Бұлбұлдар неше түрлі үнмен сайрап. Тіреуі мрамордан үйлерінің,
Жасаған шеберлері қалай ойлап. Күмістей жапырағы жарқырайды, Қарайды көрген адам биік бойлап. Елімнің ардақты өскен ұл мен қызы, Ішінде салтанатпен жүреді ойнап.
Екпіндеп өскен елдің сәулетіне,
Сын тағып оңай болмас кінә қоймақ.
Жақсыбай, көрсетемін сөздің кебін, Айтайын анық туған елдің ерін.
Салқын бел, Сартау жүрек, Бала күнгей Құлпырып масатыдай жатқан жерім.
Танысаң Текелінің көрінісін, Жаралған адам үшін, өмір үшін.
Күнінде мың тоннадан кем бермейді, Қарасаң руданың төгілісін.
Саркөл мен үш Кегенде жатқан малдың, Көргенде таң қаласың семіргішін.
Көксу мен Қараталым қатар аққан, Өлкеге суат болған сенімдісің.
Ескелді, Балпық батыр мекен еткен, Мол еді қасиетің тегің Үйсін.
Лепсі басқан Сарқан, Ақсу, Бөпен, Кетпейтін жердің қоры кемерімсің. Қырында сан мыңдаған жылқым жатыр, Өлеңмен аралайын желіп ішін.
Сусындап шүйгін түзіп тұнық ішкен, Ой желке, құлан мойын сұлу пішін. Аттан зор арғымақтай тел өседі, Биенің емген құлын жебіндісін.
Тыңдаған табысымды айтқан сайын, Фашистің тіккен туы жемірілсін.
1943 жыл.
МОЛДАХМЕТ ПЕН НҰРХАН
Молдахмет:
Данышпан Абылай мен Кенесары, Сарбазбен сайран еткен Сарыарқаны. Үш жүздің ортасында орда тігіп, Атанған қазақ байдың дауылпазы.
Жәнібек Шақшақұлы, Шәкір, Жәуке, Төлебай, Қарабатыр, Иман бәрі.
Абылай, Кенекемнен бата алғандар, Біледі мұны бүкіл жердің шары.
Ер болды Аманкелді жұрттан асқан, Мектебі Кенесары оның-дағы.
Олардан мирас алып жауға шапқан, Қазақтың майдандағы балалары.
Әрі ер, әрі білгіш, әрі зерек, Атақты батыр Мәлік майдандағы. О дағы Абылайдың жолын қуып,
Қол бастап қойдай қуған дұшпандарды.
Ай, күнім бас Маршалым ұлы Сталин, Бар жүрек Сталин деп түгел соғад.
Көкшемнің мұнар бұлты көкті сүйіп, Сан қыран кете алмаған көзі қиып.
Ну тоғай баурайында жайлауы ырыс, Мақтаған талай ақын жер деп ұйық. Өскелең өрге ұмтылған Шоқан өскен, Жігіті өскен емес болып бұйық.
Оқжетпес зеңгір көкке құлаш созған, Етекте сексен көлім жатыр сыйып.
Сарыарқа самал желдің саясында, Кең алқап алтын кесе аясында.
Толқытып талай бұлбұл ән шырқаған, Асқар ну биік шыңның қиясында.
Көкшеде Біржан өткен толғап әнін, Ел сүйген естігенде толғағанын.
Ән шырқап домбырасын көкке сермеп, Ағызған сөздің майын, тілдің балын.
Өтіпті ән бұлбұлы Ақан сері,
Топта озып жүлде өңгерген Құлагері. Саласын Сырымбеттің күңірендіріп, Арқаның асау туған ардагері.
Көкшетау ән бесігі, ер ордасы, Көкшетау өлең-жырдың дариясы. Көкшетау сал-серісі мырза болған, Көкшетау тілдің балы, сөздің нашы.
Шал ақын Орынбай мен Ақан, Біржан, Тезекбай, Арыстанбай, Нүркей, Тоғжан, Ыбырай, Орынтай мен Сұлтан, Мұрат, Көкшенің жүйріктері топтан озған.
Осыдан жүз жыл бұрын Шоқан шығып, Қазақтың баласына мектеп болған.
Ыбырай Алтынсарин, Нұржандарым, Шоқаннан сабақ алып қаздай орған.
Бурабай жер сұлуы, жер ұжмағы, Суы бал, дертке шипа топырағы. Сексен көл саясында жарқыраған, Күмістей сымға тартқан бұлақтары.
Сұңқарға ұя болған биік шыңы, Нешелер ер туғызған ел дүлдүлі. Теңіздей терең ойлы тебіренткен, Кемеңгер текті Шоқан Шыңғысұлы.
Батырлар сан жорықта шықты ұласып, Дұшпанға арыстандай қаһар шашып. Ер туған елдің ұлы батыр Мәлік, Жалаңаш жауға аттанды төсін ашып. Жас батыр қамал бұзған қайсар ұлан, Қаһарман, қатарынан туған асып.
Немісті көкбөрінің серкесіндей, Жорықта тақымына жүрген басып.
Домбырам күй төгілер пернесінен, Қанатым жел саулатқан сермесінен. Жел қобыз, нөсер құйған жаңбырдайын, Өлеңді ағытайын термесімен.
Тайпалған тарлан жүйрік топтан озған, Кең алқап айдын көкке құлаш созған. Өлең-жыр, терең сырдың қазынасы, Деген бар күй төгілер кәрі боздан.
Айбынды арыстандай айбарым бар, Желпілдеп желге өрлеген айдарым бар. Жәй тастап, құлашымды кең созамын, Аспанда ән шырқаған айғайым бар.
Ай балқып, күн көрінген сағанақтан, Күй шалқып айыр көмей тіл мен жақтан. Тел өскен, қатар өскен Қостанайым, Сұраймын хал-ахуал сіздің жақтан.
Үнемі кете бермей сөзбен желдеп, Сапқылық қыла бермей жермен көлбеп,
Айтқанда байлығыңды топ алдында, Нұрқаным, бөгежектеп қалма терлеп.
Нұрхан:
Сайраған Сарыарқаның бұлбұлымын, Торғайдың топтан озған дүлдүлімін. Атамыз ала тайлы батыр Шақшақ, Сом алтын Бәйбішенің кенже ұлымын.
Еділден атам Шақшақ есіп өткен, Жайықтың жалпақ суын кешіп өткен. Қазақтың қамын жеген Едігедей, Егескен жаудың басын кесіп өткен.
Кім озар Қошқарұлы Жәнібектен Шақшақтың немересі асыл тектен. Қас жауды қонысынан қойдай қуып, Халық үшін қабырғадан қанын төккен.
Сандыбай садағына сағым ілген, Үйездің басын кесіп, қарнын тілген. Атасы Қобыландының туын ұстап, Ғалидей мың сан қолға жалғыз кірген.
Ыбырай Сарыарқаның бұлағы еді, Халықтың күндей жарық шырағы еді. Алтынның шығар жерін белден қазып, Ғылымның кілтін қолмен бұрап еді.
Атақты Наушабайдың Нұржаны өткен, Арқаға ән тұқымын осы еді еккен.
Тобылдан төңкерілген бір зор айғай, Сібір мен Сыр суына балын төккен.
Атағы Аманкелді мың бір дастан, Ақырса су шығарды қара тастан. Кешегі Рүстем мен Сейітбатталдай, Майданда салды қиғаш тапжылмастан.
Ер талып, күн туғанда ел басына, Шықты ерім шамырқанып дөң басына.
Кескілеп керегесін ойран салды,
Қас дұшпан хан мен бектің ордасына.
Аманкелді батырым, Желігіп жауға тиерде, Шалқасқа атқа мінер ет, Ықшамдап киім киер ет. Ер қаруы бес қару, Еңсесіне ілер ет,
Жауды көрсе күлер ет. Қырымнан көргіш қыраным, Қиядан шауып ілер ет.
Шабытты туған безбелдім, Асқар шыңға түнер ет, Арыстандай жүректі ет, Жолбарыстай білекті ет.
Халқының алтын қазығы ет, Жалғыз малта азығы ет.
Тұлпардай сұлу тұлғалы ет, Қатардан басым туған ет.
Атасы жаудың қайтпаған, Атақты батыр Иман ет.
Ақсарбас қудай арда ет, Атағы шулы дардай ет. Бұлшығын кессең былқ етпес, Бекпатша қызыл нардай ет.
Әділдікпен құрдас ет, Ақиқатпен сырлас ет. Жауыздықпен жаны қас, Жәбірлімен мұңдас ет. Өз айтқаны болмаса, Өктем іске тынбас ет.
Өзеуленіп жау келсе, Өлімнен қорқып қыңбас ет. Аузынан шыққан бір сөзін, Орындамай тынбас ет.
Қайтпайтын қайсар болатым, Тасқа салса сынбас ет.
Ашуланса алмастай, Қынабына сыймас ет.
Ел шетіне жау келсе, Атының ерін алмас ет, Аузына дым салмас ет. Тоғыз сөтке түн қатса, Сөткесіне бір татса, Шалқасқа аты талмас ет. Екі талай күндерде, Еңкейіп жерден шалмас ет. Жабыдайын жайылып, Жау қолында қалмас ет.
Құланға құрық салдырған, Киікке жетіп алдырған, Батырдың серік жолдасы ет.
Ойланып, ерте оянып, ел намысын, Етегін қанға малған ел қамы үшін. Әсерлеп әнге қоссам Әлекеңді,
Бір кісі бекер демес қылған ісін.
Мынау бір қанды жорық құла майдан Көпіріп қан жосыған қыр мен ойдан. Кешегі батыр сұлтан халық ұлының, Ерлігі елге мәлім кетпейді ойдан.
Қимылы батырымның болды күшті, Алмадай жаудың басы жерге түсті. Балта ұрған қу ағаштай жаңқаланып, Немістің борбайлары аспанға ұшты.
Оғынан батыр Сұлтан жауған қардай, Танкісі төңкерілді шөккен нардай.
Оқ тиген қарғадай боп қалбаң етіп, Самолет жанып түсті жерге бармай.
Көтерсем қос айғаймен Қостанайды, Қандай жан рас сөзді қостамайды.
Әдеті Қостанайдың сіздей емес, Егінді қарға былғап тастамайды.
Ерте айдап егінімді алдым басып, Қорама мал азығын болдым тасып.
Қысылмай қысқа мына ерте кіріп, Отырмыз ұядай боп орналасып.
Қар түсіп қарашадан алты ай жатса, Бір малым қылы сынбас түгі жатып. Ақ мылтық, ала қаншық боран соқса, Ала алмас жетім лағын есік ашып.
Тараған тоқсан өлке Тобыл тұрмай, Күркіреп қар суымен жатар тасып. Жалдама, Мұқыр, Сары, Жыланшық, Алыстан Асанқайғы болған ғашық. Өлке ек қабырғаны өрлей жатқан, Қалың ел қонысы кең беткей ашық.
Күмістей сылдыраған суларым бар, Сан түрлі ағаш біткен құмдарым бар.
Көрінбес қырық мың жылқы қамысынан, Нар қамыс найза бойлы нуларым бар.
Басы аман, Қазанбасы, Қарағайлы, Елге құт, егінге бай, малға жайлы. Секілді сегіз жәннәт жерлерімді, Колхоздар меншіктеген басыбайлы.
Жылқы шыңға, қара мал құмға жайлар, Алқапта ақтылы қой мыңдап айдар.
Тоқтысы тоқсан кило етке шығып,
Шар саулық шығыр жеген майға шайлар.
Жері асыл Қошалақтың дымқылдаған, Мамықтай жанға жайлы былқылдаған. Боталап жүздеп інген май айында, Колхозшым шұбат ішіп сусындаған.
Кешкілік құлағына сазы келіп,
Күй қаптап көлдің басы сыңқылдаған. Күркіреп ақ бас бура көбік шашып, Буыршын қыңыржақтап қырқылдаған. Боталар боз торғайға әнін қосып, Інгендер үйді айналып ыңқылдаған.
Кешкілік қыз-келіншек түйе байлап, Бұралып буындары былқылдаған.
Азғындап ата-мекен мұраларың, Жабусыз ашық, тесік қораларың. Сары аяз зымыстаннан қорғанбайтын, Бар ма еді кәрі қыста құдаларың.
Баспақтарың саржамбас қораға аунап, Шықшыты жыбырлап тұр әбден жаурап. Басы таз, мойны қотыр, арқасы бит, Көзінен іріңді жас кеткен заулап.
Қорада қойларың тұр иірулі,
Қор болған құнтсыздықтан қотыр жайлап. Аша алмай екі көзін сығырайтып, Шүйіліп шом түбінде жатыр «шайлап».
Жаны ашып жануарды мал болсын деп, Бір жан жоқ, құнт жасаған қотыр майлап. Колхоздың Сапрон деген бастығы екен, Мас болып түні бойы жатты ойбайлап.
Молдахмет:
Нұрқаным, мақтан етпе құмдарыңды, Құс қонбас құба жонда шыңдарыңды. Аптығып байлығыңды айта келіп, Боласың маған салмақ тырнағыңды. Менің де нелер әсем жерлерім бар, Арнағам тәтті күйлі жырларымды.
Жылқы өрген алқабынан шағалалы, Май шыққан түгін тартсаң көк алалы. Бал қамыс, кең бидайық жері майса, Жайқалған жентте пісіп қоғалары.
Ұласқан қайың көлмен шолақ қайың, Айтайын сен білмесең жердің жайын. Саумалкөл ен дәулеттің қазынасы, Ойнаған құрық тістеп құлын тайым.
Жыр толған аузыма алсам игілікті, Майыса құрақ біткен жері түкті.
Еңбекте үздік шыққан Бәтимадай, Жігіттің орнын басып сыйға ілікті.
Кешегі өзің көрген «Қызыл жұлдыз», Болғанда суы кәусар, шөбі құндыз.
Аңғарға малы сыймай жатқандығын, Ақыным өзің барып байқадыңыз.
Табысым жүйеленген буын-буын, Бал татыр Бестараудың ішсең суын. Колхозым озат шығып алып отыр, Еңбекке ауыспалы қызыл туын.
Атақты бір колхозым Қазақстан,
Қоры мол шығарғандай үш жыл қыстан. Қар өтіп қылшығына дақ сала алмас, Қылышын сүйреп келген қыс зымыстан.
Меңгеріп тракторды алдық жегіп, Колхоздар десте-десте егін егіп, Дәулетті ел тұрмысын қамсыз етіп, Артығын үкіметке берді төгіп.
Орны бар көп сөзіңнің Нұрқан ақын, Кезегің ащы терді шығаратын.
Өрлеген көк Есілдің екі беті, Майданның беріп жатыр ас пен атын.
Шит атты колхозым бар тұрған озып, Сияқты көлі күміс, жері қорық.
Жүйрігін Қостанайдың мініп келсең,
Бес күнде шыға алмайсың малын шолып. Он үш мың қойы жатыр Жанжайлауда, Мыңғырып қаздай қалқып, қудай өріп.
«Жаңажол», «Жалтыр», «Баян» о да сондай, Басына дәулет құсы тұрған қонып.
Баянда қос орденді Қажымұрат, Басқарған шаруаны ақылға озық.
Қиялы, Шағалалы совхоздарым, Береді миллион тонна астық дәнін. Күн-түні жөнелтеді поезбенен, Азығын соғыстағы армияның.
Советте ең бірінші орын алған, Қиялы-Шағалалы жұртқа мәлім, Төбесін ит Гитлердің* тесіп жатыр, Тракторист, комбайнер арыстаным.
Жайлаған Сырымбетті Тереңкөлім, Жұлдыздай аспандағы көрсең түрін. Жүздеген жігіті жүр қан майданда, Басқарған колхозымды Бәйіш ерім. Астықтың планын да ерте орындап, Шақырған қатарына көрші елін.
Отанның керегінің бәрін беріп, Сілкінген кең жайлауда Сартүбегім. Ұлдарым соғыстағы, ауылдағы Дұшпаннан қорғап жатыр туған жерін. Сан топта еш адамға жіберген жоқ, Солтүстік Қазақстан намыс кегін.
Ел үшін еңіреп туған ылғи сабаз, Балуан бәрі саңлақ жігіттерім.
Жазған хат қан майданға әлі есімде Ант берген алуыма жаудан кегін.
Қатты айтқан ұлы сертті орындауға, Бір минут босамайды буған белім. Жаңа жыл қарсаңында вагон-вагон Ерлерге сәлемдеме жөнелтемін.
Меймандос, қолы ашық, жомарт, дарқан, Ежелден үлгісі мол менің елім.
Машинаң, майың, арбаң сайланды ма, Көктемге дайындығың қандай сенің.
Ақыным көрмегендей мақтанасың, Сырыңды өзің айтып баптанасың, Мен айтсам бір мініңді бойыңдағы, Жаңылмай етек-жеңің шақталасың. Сенің бар бір колхозың, құлақ салың, Қозымен қотыр басқан лақтарын.
Тымағын баса киген Қамидоллаң, Мақтамен мықтап тығып құлақтарын.
Нұрхан-ау, есіңде ме Талапкерің? Қайда жүр талаптысы талапкердің?
Шаруасын өз көзіңмен шолып өтші, Осыған бар ма сірә жауапкерің?
1943 жыл.
ОРЫНБАЙ МЕН ӘЛІБЕК
Орынбай:
Орынбай даңқы шыққан кәрі тарлан, Бәйгенің сансыз топта алдын алған. Жетпістің жетеуіне жасы келіп,
Кісі емес шабысынан әлі танған. Сайраған Оңтүстіктің бұлбұлы едім, Тілінен нұр төгіліп, балы тамған.
Жарысқа сол Орынбай тағы түсті, Саңлақтай самғап шауып, ырғиды ордан.
Оңтүстік енші берген үлкен орда, Байлығы баға жетпес ескі қорда. Жамбыл мен Қызылорда – екі отауды, Қондырған сәулетпенен оң мен солға. Енші алып кеткеніне бес жыл болды, Еркің мен тізгініңді алып қолға.
Мол суат, шұрайлы жер қоныс беріп, Жөнелткен жасау артып сансыз нарға. Алдыңа төрт түлік мал түгел салып, Таңдаулы айдатып ем жүйрік жорға. Атаның сол дәулетін қалай күттің, Әлібек, айт домбыра алып қолға.
Әлібек:
Сөз тыңда Орынбайы Оңтүстіктің, Бірісің озған топтан шын жүйріктің. Ілетін шыңнан қашқан алтайыны, Өзісің алтын топшы ақиықтың.
Бірімін мен де Сырдың саңлағының, Бәйгесін алған талай игіліктің.
Ал енді сұрағыңа жауап берген, Сүбелі сөзін тыңда Әлібектің.
Қариясың қалған көне қара орында, Өзіңше отау депсің Қызылорда.
Ең әуел қазақ халқы астана еткен, Қай қала ед, Ореке, оны ұмыттың ба? Бұл жерді қысқа есіңе салып өттім, Таласы әңгіменің емес онда.
Тарауы табысымның толып жатыр, Облысым сендей емес келеді алда. Сұрауың Әлібектен қай табыстан, Балықтан, егістен бе, яки мал ма? Әйтеуір сұрағаның табылады, Байлық мол, көрді көзің, ерке Сырда. Мен қазір мал жөнінен жауап берем, Ореке, зейін қойып сөзді тыңда.
Осыдан бес жыл бұрын өзің айтқан, Мал-басым жуық еді он бес мыңға.
Төрт жүз де жетпіс бес мың малым қазір, Ореке, өтірік жоқ тұрсаң шынға.
Көптіктен Сыр бойына сыймай малым, Бір жағы қаптап жатыр сонау қырда.
Арғымақ ақалтеке, асыл тұқым, Жылмиған жылқыларым жүйрік-жорға. Екпінді мал өсірген ерлерім бар, Ақындар асқақтатып қосқан жырға.
Майданға топтап тұлпар берудеміз, Жау жеңген сыйлық етіп батыр ұлға. Осындай мал өсірген еңбегі үшін, Облысым ие боп тұр қызыл туға.
Табысым-табысыма жалғасумен, Мәңгілік ту тұрмақшы біздің қолда. Қалған қарт қара орында, малың қандай? Жауап бер Әлібектің сұрағына,
Толды ма мал өсіру жоспарларың, Толмаса себеп неде қалған сонда? Білемін бір мал емес, әр жағынан, Облысың көрінеді соңғы орында. Орынбай олқылықтың астындасың, Үлгі алып жаңа отаудан тез қимылда.
Орынбай:
Қуандым Қызылорда, табысыңа, Жұртшылық құлақ қойды дабысыңа. Көп екен еңбек ері балаларым, Сүйсіндік жүйріктердің табысына.
Оңтүстік осал болса Әлібекжан, Топ жарып түсер ме еді жарысуға?
Ұқсайды Қызылорда малы барға, Менің де мейірімім түсті жануарға. Өлкесі Оңтүстіктің малға толды, Тіл жетіп есептеуге саны бар ма?
Қыл құйрық, аруана, желмаялар, Мұндай асыл сіздерден табылар ма? Тоқсан күн шөлде жұрсе мойымайтын. Осындай мал жинау ғой танығанға.
Мінгенде Шәуілдірдің желмаясын, Сағатта аралайсың жер аясын.
Көңілдің күйі тасып, шабыт билеп, Аспанда ай мен күнге қол жаясың.
Тұлғасы тұтас біткен аруана, Жануар тым қолайлы шаруаға. Одақта түйе зауыт Шәуілдірде, Таратқан бүкіл елге ойсыл қара. Он нарға жүк тиесең тау көшіред, Түйенің тұқымы сол асыл-таза.
Он мың түйе өреді келесінен,
Бес мың бір жүз бота жүр енесімен. Шәуілдір кім таң қалмас түйесіне, Тоқталық түйін сөздің жүйесіне.
Басқаларды бұл жерде қоя тұрып, Келелік соны өсірген иесіне.
Тәйтелі бар түйенің патшасындай, Түйесі оның баққан сай тасындай. Қашаннан түйешінің алдын алып, Өзінен өзге жанды тұр асырмай. Жыл сайын боталайды інгендері, Ботасы бесті атанның тұлғасындай.
Арыстағы зауыттың арғымағы, Шабысы мейіріңді қандырады. Батырлар бұған мініп жауға аттанса, Ойрандап жау ордасын қан қылады. Әскерге мыңдап, жүздеп тізіп бердік, Осындай боз бен қара, кер, құланы. Басқасын мен әзірше қоя тұрдым, Осы да сусыныңды қандырады.
Әлібек:
Халқыма осы айтыстың болар мәні, Сондықтан жырдың көркем келсін сәні. Беталды құрғақ сөзді айта берсең, Шықпайды еш нәтиже мағыналы.
Ореке, осы жерде құрғақ сөзден, Жөн еді айтылуға малдың саны. Бұл жөнде жұмған ауыз ашылмады, Себеп не, Оңтүстіктің Орынбайы? Он сегіз ауданыңнан екі-ақ аудан, Болды ма бетке ұстауға қолда бары? Шәуілдір, Арыста да кемістік көп, Белгілі бұлардың да бізге жайы.
Мен айтсам малдарыңыз кеміп кеткен, Ореке, айта алмадың сол себептен.
Көн тулақ, көтерем боп өлген ат пен Жүгімен түйең де көп жолда шөккен. Мал басың біздей болып неге өспеді, Жайына жақсы қарап болсаң күткен? Себеп не, малың қалай өспей отыр, Қамсыз ғып қойған болсаң қора-шөппен? Ореке, осы жазда қанша малың,
Өзің айт өлді орынсыз күтпеуліктен? Тағы да қанша бас мал қысыр қалды, Қой, сиыр, түйе, жылқы – төрт түліктен? Соларды біле тұра көрсетпесең, Қалайша құтыласың кемшіліктен?
Өзің де айта алмассың Орынбай қарт, Орынсыз асылдың деп өтіріктен.
Бітеді мал баққанға деген қайда? Ұят-ау, үйренгенің Әлібектен.
Тұрғанда ойсыраған олқылықта, Баймын деп мақтанасың қай ретпен? Нанар ем нар мен тұлпар бергеніңе, Мал басын біздей болсаң өркендеткен. Ерлерін облысымның айтпақшымын, Атақты мал бағуда еңбек еткен.
Аралда «Сазды» колхоз жері жайлы, Кең алқап, қонысы мол, кең орайлы. Бір жағы боз нұралық, бір жағы көл, Жылқы мал жайылуға өте ыңғайлы. Төлімен төрт түлігі түгел өскен, Белесте қаптаған мал қыбырлайды. Екі айда енесінен артық өсіп, Көргенде танымайсың құлын, тайды. Атақты бұл колхоздың жылқышысы, Барлық ел білер тегіс Ыбырайды.
Тағы да бар колхозы «Иіркөл» атты, Бұл колхоз обылысымда озған даңқы. Шопанын сол колхоздың таныстырам, Жетпіске жеткен жасы Қонай қартты. Бұл кісі жүз саулықтан жүз сексен бес, Қозы алып бәрі де аман, жақсы бақты.
Көрсетсем көз алдыңа Пірімовты, Өсірген колхозында төрт түлікті. Союздық Ұлы Совет депутаты, Халық үшін еткен еңбек игілікті. Пірімов Қазалыда «Қызыл туда», Көр барып, табам десең кемшілікті.
Орынбай көпті көрген жүйрік қартым, Абайла, айтқан сөздің аңдап парқын. Облысым озат, алда келе жатыр,
Көрдің ғой табысымның шама-шарқын. Елімде ерлерім көп орындаған,
Отан мен партияға берген антын.
Айрықша облысымның өсті малы, Бар шығар қолыңызда барлық саны.
Малымның жыл жарымдық шөбі дайын, Түзеттік қысқа қарсы бар қораны.
Қорамның көркемдігі үй секілді, Нанбассыз десем мұнда мал тұрады. Ореке, облысыңның мал жайынан, Сөйлеші қолыңа алып домбыраны.
Орынбай:
Белгілі бұл айтыстың бізге мәні, Сынай бер келмей жатса жырдың сәні. Сенде де толып жатқан кемшілік бар, Ойлама сезбейді деп оны кәрі.
Планың жалпы есеппен орындалды, Сол үшін елің Қызыл туды алды.
Жеке алғанда мыңдаған қой жетпейді, Тағы жоқ бірнеше жүз сиыр малы.
Қазалының «Ақөзек» колхозында, Неге айтпайсың, Әлібек, болған хәлді? Бүкіл елдің денесін түршіктірді,
Аштықтан төрт жүз қойдың қырылғаны. Зіл тастап аңғартыпсың бір мақалды, Ағартқам жоқ, мен де бос шаш-сақалды. Мал баққыштың бір түнде қырық қойын, Қасқыр қырса не деп ең ол сойқанды?
Жер өртеп даңқын жайған тентектерше,
«Бозкөліңнің» бар жерде аты аталды. Ақылыңнан береке таба алмаспын, Осылайша үйретсең бақпай малды.
Бір жарым жылдық жем-шөп жидым депсің, Жалпы санға семіріп гуілдепсің.
Қазалыда жиған шөп Қармақшыға Ас болмайды, онысын сен білмепсің?
Жиырма үш колхозыңның жиған шөбі, Он күннен артылмайды, осы ма ісің? Одан соң бұл колхоздың барлық малы, Жаныр ма шөп болмаса тасқа тісін?
Қыстың көзі қырауда мал жұтаса, Тасуға басқа жақтан келмес күшің.
Мысалға Қармақшының бір колхозын, Алайын көрмей жүрсе сенің көзің.
Микоян атындағы артеліңнің, Жайына тоқталады менің сөзім.
Бұл колхоз аман малын шығаруға, Тиіс еді мың тонна шөп жиюға.
Екі жүз қырық тонна әрең жиды, Әркімнен кәшек, сабан алып сауға. Бұл жерде қыс болғанда жұт болады, Бұл қылмыс, тиістісің мойындауға. Әлібек, жүйесіне тоқта сөздің, Орынсыз сала бермей омырауға.
Жырменен ағартқанмын сақал-шашты, Әділ сөз ерітеді қара тасты.
Екі ауданға ерекше тоқтағанға, Демегін сөз таппады, мені састы. Екі ауданның бар малын есептесем,
Сен айтқан төрт жүз мыңнан мүлдем асты. Сондықтан ишарат қып айтып едім,
Деп ойлап осымен-ақ таласпас-ты.
Ал енді мен тоқтайын дәулетіме, Сабыр қып кідір сөздің нәубетіне.
Мыңғырған мың-мыңдаған малдар бітті, Кең алқап Оңтүстіктің әулетіне.
Қырғызбен шектес жайлау «Оғам», «Шатқал» Тіл жетпес «Ақбұрқанның» сәулетіне,
«Қос Тұра», «Боралдай» мен «Арыс», «Шұбар», Бұлардың жер сай келмес келбетіне.
Осылардың бәріне де төрт түлік мал, Өрбіген симай қаптап тау бетіне.
Арда емген асау тайым өңгеріп ап, Әкетер айғырыңды ел шетіне.
Айтайын енді саған план жайын, Бізде де қыстың шөбі болды дайын.
Орта есеппен мал саны орындалды, Бірақ мен артық сендей мақтанбаймын. Әрине бірен-саран колхоздар бар, Биғам қалған етпестен қысты уайым.
Оларға керек шара қолданылып, Істері түзелуде күн-күн сайын.
Жеңіл мен байқашы өзің ауыр қандай? Қала мен салыстыршы ауыл қандай? Сен оған таласқанмен жұрт біледі, Арасы екі облыс болар сондай.
Әлемді батырлықпен таң қалдырған, Майданға ер бердің бе Бауыржандай? Қазақтың қалың қолын ол бастаған, Қырғанын білемісің жауын қандай? Әлібек домбыраңды құр сабамай, Айтып бер ерің болса нақ осындай.
Әлібек:
Кім көнбес сөз жүйесін айтсаң тауып, Айтыста бәйге алмайсың жалғыз шауып. Дәл сөйлеп сұрағыма жауап бермей, Басыңа түсіп отыр қандай қауіп?
«Мал басы орындалды орта есеппен», Дегенді қайталайсыз ауық-ауық.
Өсімін өз малыңның өзің білмей, Ореке, Оңтүстікке келдің бе ауып? Малыңды өткен жылы азайтып ап, Мініңді жасырмақсың жылы жауып.
Ореке, айқасқалы келдің жуық, Қалмасын сыйламасам көңілің суып. Теріңді қартайсың да шығарармын, Алған соң алдыма сап біраз қуып.
Он төрт мың қоздайтұғын саулығым бар, Ішінде декабрьдің болмақ туып.
Сонымен қойдың санын асыруға, Даяр тұр қойшыларым белді буып. Асады сиырым да бұзауменен, Кемімді кереметім кетер жуып.
Шөпті ол не десең де алдым жиып, Таудай ғып қыстауларға қойдым үйіп. Балауса, көк жоңышқа, жасыл мия, Көргенде кете алмас ең көзің қиып.
Шөбінен Қармақшының кемі бар-ды, Ореке, жақсы кыпсың қатты тиіп.
Ұзатпай бір шарасын қолданамыз, Қоймаспыз Оңтүстікше жауып тұйық. Болар ем, ақын аға, әбден ырза, Жөнсізін өз аулыңның алсаң тыйып.
Жүйрікке ақыным ең теңсің деген, Жігіттен қарт та болсаң кемсінбеген. Жерім деп, отауым деп, өзің бастап, Боласың облысымды менсінбеген.
Қандай жас сені сыйлап құрмет етер, Елімді қызыл тулы елсінбеген?
Абырой мал жағынан ала алмайсың, Келіссіз құрғақ сөзді желпуменен.
Отырсыз арқа сүйеп Бауыржанға, Бауыржан батыр жігіт тиген жауға. Даңқына батырлардың біз де ортақпыз, Көп жігіт жібергенбіз қан майданға.
Сөз соңы сұйылғалы бара жатыр, Ореке, айналыпсың шын шаршауға. Қазанқап, жастау едің, өзің кеп түс, Қартыңды айырып ал салмай дауға.
1943 жыл.
ҚАЗАНҒАП ПЕН НАРТАЙ
Қазанғап:
Ән мен күй ақын сәні шырқап тартқан, Тыңдаған шабыттанып, жігері артқан. Сайраған ақын елге ерке бұлбұл,
Сөз қалмас тізе берсе адамзаттан. Тасқынын өлең-жырдың ағытайын, Суындай Сырдарияның аунап аққан.
Әлібек, домбыраңды сабалама, Жортақтап оза алмадың біздің қарттан¹. Сондықтан деміңді бас, сөз тыңдағын, Інісі Орынбайдың Қазанғаптан.
Әлібек2 тиістісің сөз тыңдауға, Несіне Бауыржанды3 салдың дауға. Оңтүстік тәрбиелеп оны өсірген, Қолынан аттандырған бар деп жауға. Ауылымнан асқан батыр ұл туғасын, Бола ма оны айтып мақтанбауға.
Ол батыр бүкіл елім қуанарлық, Бергенде Ұлы Отаны оған жарлық. Москваның түбінен жауды қуып, Ісіне сүйсіндірді елді барлық.
Қазірше ерлік жайын қоя тұрып, Тылдағы өндірістен сөз қылалық. Атақты Сыр саңлағы Нартай қайда, Нағып тұр, топты жармай айқай салып?! Тыңдасын Оңтүстіктің о да жайын, Жүрмесін абайсызда қапы қалып.
Сөйлейін біраз жыр төгіп, Қазыналы кенімнен.
Леңгірімді айтайын, Суреттеп әуел ерінен. Жасымда жалғыз там еді, Айналасы шаң еді.
Күншілік қазір қала боп, Қара алтын онан өнеді. Онда бар сансыз батырлар, Медальды және орденді.
Депутатым Құлышов – Осылардың бірі еді.
¹Халық ақыны – Орынбай Тайманов.
2Халық ақыны – Әлібек Байкенов.
3Бауыржан Момышұлы.
Ерлерім қайла соққанда, Құлатар тауды қопарып, Мол байлықты күреді.
Нартай:
Жармаспа, Қазанғабым, Әлібекке, Деймісің мені мұнда келді текке. Алайын тозаңыңды қағып-қағып, Шыға ғой мықты болсаң жекпе-жекке. Атама әуре болып Ленгіріңді, Ұқсайтын іс бітірмес салпы етекке.
Жыл сайын өндіре алмай бар көмірін, Ұялмай арқалап жүр елден өкпе.
Кезінде қызу майдан кертартатын, Шығын ғып сөзіңді оған әңгіме етпе.
Міндерің артылады терген сайын, Барады жаным ашып көрген сайын. Бұрқырап зығырданым қайнай түсед, Төбеңе жай тасындай төнген сайын.
Айтпасаң өз басыңның амандығын, Кем емес тасбақадан шабандығың. Жібектей ақ мақтаңды жиып алмай, Сойылым тигелі тұр саған мығым.
Бос сөзді боратқанда алқынбайсың, Жүйрік боп жалғыз шапсаң аңқылдайсың.
Қар басып, жаңбыр жаншып жатыр мақтаң, Батыр-ау, неңе мәз боп сампылдайсың?
Қазанғап:
Соқтырдың, Нартай, сөздің дауылын да, Жоқтай-ақ еш кемшілік ауылыңда.
Бос сөзді желдей есіп кете бердің, Жұмыстың қарамастан ауырына.
Колхозың «Жаңа тұрмыс» жақын Сырға, Салмадың оның ісін неге сынға.
Отыз гектар күріштің жарымы ұшқан,
Аңғармапсың салынып жайдақ жырға. Сексен гектар тарысы құрғап кеткен, Сыр қасында тұрса да, зар боп суға.
Жер жүзі таң қалады Мақтаралға, Тіл жетсе, ол тұрады мақтанарға. Ленгірдің сәл кемісін айтты екен деп, Мен сенің айқайыңнан жасқанам ба?
Күн райы көктемде ауыр болып, Қалуы рас болмашы мақта солып. Бірақ оған еселеп еңбек етіп, Әлдеқашан орыны кеткен толып.
Мақтаралдың совхозы – Мысыр шәрі, Онда өседі өсімдік тегіс бәрі.
Жүзімінен шығарған шарапты ішсең, Денеден дерт қуатын болар дәрі.
Ондағы еңбек ері – Өтебаев, Дегенде құлақ түред жас пен кәрі.
Оңтүстіктің бар халқы тегіс тұрып, Ноқталап Сырдың суын шөлге бұрып. Мырзашөлге орнатқан үлкен қала, Жаңадан Киров атты канал құрып.
Оған шектес Мақтарал ауданым бар, Мақтаның мұхиттары жатқан болар. Сарыағаш, Келес, Арыс, Түркістанмен Фрунзе – ақ алтынның кені бұлар.
Қос орденді мұнда бар Жайлыбаев, Ерлері толып жатыр көңіл толар.
Асырып Атымтайдан жомарттықты, Мақтаралдан қақ жарып Қалпе шықты. Миллион отыз алты мың сомды беріп, Бір өзі танк колоннасын құрды мықты. Ол танктер жаудың бұзып қамалдарын, Сан миллион дұшпанды көрге тықты. Нартай-ау, нақ осындай іс көрсеткен, Адам жоқ іздегенмен сенде тіпті.
Бір жылда бір мың пұттай мақта терген, Аягөз үздік шықты барлық жерден.
Сағындық Фрунзеде үздік шығып, Гектарға алты жүз пұт мақта берген.
Мұндайлар толып жатыр біздің елде, Асандай болса ерлерің айтшы сен де. Сырыңнан аулап алған балығыңды айт, Ұқсамай ұйытқып соққан сары желге.
Нартай:
Қазанғап, неге сонша шытырлайсың, Қалбаңдап қарсы ұмтылып тыпырлайсың, Мақтаң мен Ленгіріңнің мінін айтсам, Жауырды жаба тоқып сыпылдайсың.
Кемісе, кемшілігің, пайда емес пе? Несіне болмашы деп шұқымдайсың.
Мен саған жоқ дедім бе жақсы кісің? Көргенмін көбісінің өзім түсін.
Куйбышев колхозында мың адамың, Бір айда бір баланың істеді ісін.
Жабылып төрт-ақ гектар егін орса, Бәйге алып соларға да беремісің! Жұмысы Жуалының жатыр жусап, Жаным-ау, көзің бар ғой, көремісің?
Бізде де кемшілік бар толып жатқан, Колхозда жеке-жеке болып жатқан. Табысқа не десең де баймын сенен, Жеңісті көрсеттік біз малдан баққан.
Мені де олқы деме байлыққа тым, Көре біл, күрішіме тақпайсың мін.
Шетіне шалқып жатқан шыға алмайсың, Теңіздей бір облысты жапқан бүтін.
Тап биыл бес мың гектар артық ектік, Көрсетіп күштіліктің кереметін.
Күріштің тәңірісіндей өрендерім, Асырды жер жүзінен өнерлерін.
Дүйсенбай, Қашақбай мен Асан, Ыбырай, Бермейтін бәрі палуан жауға белін.
Сақадай сақылдап тұр тракторым, Арналса артық кетпес оған жырым. Озып кеп МТС-терім алды бәйге, Бітіріп бар жұмысын сенен бұрын.
Қазанғап, болғанды айттың, толғанды айттың, Баянда болашақта не боларын?
Қазанғап:
Ойлама, Нартай, мінім жоқ екен деп, Сынасақ мін түзеуге болады сеп.
Еліңде үш МТС-ің олқы жатқан, Білдірмей кетпекпісің оны да ептеп. Директор Жалтанов пен Өтепберген Жұмысын сала алмай жүр, жолға реттеп.
Оңтүстік – мол дария қорғасынға, Ұқсайды зауыттарың ордасына. Союздық жарыстарда оза шығып, Орнатқан Қызыл туы бар басында. Айқайды салғаныңмен, Нартай ақын, Көзің жетсін біздерден озбасыңа.
Айтпастан балығыңды басып қойдың, Қақалып қылтығына қалғансың ба?
Нартай:
Қазанғап, буын жоқ қой қызыл тілде, Табады құрғақ ұйқас әркімдер де.
Мастанып бәрін айтып көки бермей, Жоқты іздеу шын ақынның міндетінде. Кендерің, зауыттарың, алыптарың, Теңдесер тең таппаса жер бетінде.
Қуанып мен де саған үн қосамын, Әндетіп жырмен жұртты тербетуге. Егерде мініңді айтпай қаша берсең, Шынымен айналғаның кер кетуге.
Сұрайсың қайта-қайта балығымды, Балыққа білмейсің бе қанығымды.
Сен шығар балық жесе қақалатын, Теңізге тең көретін арығыңды.
Майданға балықшылар беріп жатыр, Сезбейді жеген ерлер тарығуды.
Трестің Арал еді енді бірі, Болатын бетке шіркеу соның міні. Планын биылғы жыл бере алмады, Басқадан облысымда бәсең түрі.
Болмаймын арашашы айыптай бер, Ақынның жәрдемдессін өткір тілі. Бәрін айт, бәрекелді, мақтаңды айтшы, Оның да келмей жатыр әлі сыны.
Бұл өлең екеумізге бірдей нәсіп, Тербеткен жасымызда жырдан бесік. Жинап ал ақ мақтаңды, малыңды өсір. Баратса көкейіңді жеңу тесіп.
Ойсырап бұл екеуі кем жатқанда, Менімен шаба алмайсың бірге ілесіп. Жел сөзді қутыңдатпай қарызыңды өте, Сөйлей бер содан кейін желдей есіп.
Қазанғап:
Отырсың бар тапқаның өтірік боп, Планын бұл тресің бітірген жоқ.
Әйтеуір суда тірі балық жүр деп, Санайсың құр малданып көңілге тоқ.
Түп-түгел болғандай-ақ пландарың, Желігіп жеңеміз деп ұрандарың.
Жиырма проценттей балық жетпей, Соған да орынды ма қуанғаның?
Астық, мақтаң, өндіріс кейін жатыр, Жалғыз-ақ мал өсіріп ту алғаның.
Белгілі сенің жайың, Нартай, бізге, Аралың масқара боп елімізге.
Жетпіс бір процентке әрең жетті, Жоқтай-ақ тірі балық Сыр теңізде.
Тресті басқарушы Сатаевың, Балық аулау ісінің білмес жайын. Бас балықшы болса да жүзе білмес, Жүзе білмес кісінің ауы жүрмес.
Атап айт болса тағы білген мінің, Түйресін олқылықты өткір тілің. Аямай кемшіліктің аш пердесін, Жұмыстың асыл жырмен жуып кірін. Бірсыпыра мақтаны сен де еккенсің, Көрсетші ол ісіңнің бізге түрін.
Балықтан басқа сенде бар ма өндіріс, Айтып бер кемшілікке соның бірін.
Елім бай майданға көп бердім батыр, Кең байтақ өндірісті жерім жатыр.
Түсінсең тоқтар жерің осы, Нартай, Қызықпай қысыр сөзге қызыл-жасыл.
1943 жыл.
ШАШУБАЙ МЕН КӨШЕН
Шашубай:
Балқаштың құтты жері Саршығаннан, Жыр төгіп, асқақтатып ән шығарған. Тынысы тарылмаған жүйрік едім,
Үш жүзге мәшһүр болып даңқым барған.
Бұл күнде мыспен күптеп босағамды, Шынтақтап Бектау-ата, Босағаңды.
Жастанып шалқар көл мен Дересінді, Байлығым басып жатыр осы араңды. Дариям қандай болса қазынам сондай, Шоқтығым Алатаудан аса алады.
Жерім бар көз жеткісіз кен шалқыған, Дүние таңырқаған зор даңқыңнан.
Көпіртіп, көк теңіздің көбігіндей,
Сол жерден мың-мың тонна мыс қалқығам.
Алыбым күміс күптеп, алтын аптап, Қазынам алқабымда жатқан қаптап. Байлығы сарқылмайтын Қоңыратым, Қойнына алуан кенін келген сақтап.
Айтқанын іске асырып заманымның, Ішінде орнатылған аз-ақ жылдың, Ернеуі қанша алса да кемімейтін, Елімнің Шығыстағы қазанымын.
Дүниеде зауыт болса нелер алып, Келемін баса көктеп, артқа салып, Ертектей елден елге аңыз болып, Шығады Балқаш атым жерді жарып. Өзендей арнасындай қызыл мысы, Сарқырап күндіз-түні жатады ағып.
«Мак-Кули»машинасы үйдей тасты,
Быт-шыт қып қас қаққанша тастай шағып. Дүниеде екі алыптың біреуі - мен, Басқасы астар түгіл болмайды әдіп.
Баса алмас салмағымды менің ешкім, Бірімін шығыстағы алып күштің, Қашан да менікі деп айта аламын, Одақта үштен бірін өнген мыстың,
Байлығым ерік берген шарықтауыма, Келмеген қапталыма Қап тауы да.
Одақта үштен екісі менен өнген, Сыймай ма молибденім мақтауыма! Отыз ту жеңіп алған Күн сымбатты, Жеңіске жеткізгендей іс шыңдатты. Көгертіп көсегемді көсем берген, Ішінде бір Туым бар ең қымбатты.
Біз берген молибденнен сауыт киіп, Танкілер қалың жауға кетсе тиіп, Талқандап темір торын, тас қамалын, Тау-тау ғып өлексесін кетеді үйіп.
Байлықтың биік құзын ұялаған, Қыранмын асқар көрсем қиялаған. Балқашқа тең келетін шың болмаса, Шоқыға анау-мынау ұяламан.
Алтайдай биігімсің Қарағанды, Сен ғана тең келесің мына маған.
Досеке, Көшен қайда, Қайып қайда? Кемшілік ұқсамайды айыққанға.
Осында барды бар деп, жоқты жоқ деп, Өзара сынға салсақ айып бар ма?
«Жатпасын қисық ағаш тез алдында», Ақындар соны түгел сезе алдың ба? Не жайда Қарағанды осы кезде, Елестет бірің шық та көз алдыма?
Көшен:
Шашеке, жұрт алдында шаппай желдің. Алдыңа әдеппенен сәлем бердім.
Орның бар шабыттанып шарықтауға, Қырағы қыранысың айдын көлдің.
Байлығы Балқашыңның ұшан-теңіз, Сай келген бағытына ерікті елдің.
Әйгілі бар әлемге мыс қазансың, Төрінен орын алған туған жердің.
Жүйрік ең, талай топты шыққан жарып. Тағы да кәрі тарлан ойнақ салып, Басына бәйгі төбе шығып тұрсың,
Мен-дағы қосылайын дабыл қағып. Құтырып жау жағадан алған кезде, Долданып аттанысты біздің халық. Іргеміз берік еді әуелден-ақ,
Қас дұшпан жығалмастай сырттан шалып. Қалайша ел қуанбас, сен отырсаң Тұмсығын фашистердің мыспен қарып.
Былтырғы олқылықтан мен де арылдым – Данышпан партиядан нұсқау алып.
Қолымда қазір менің қырық ту бар,
Солардың ортасында күндей жарық - Отанның өзі берген Қызыл Ту тұр:
«Табысқа! Жеңіске!» деп ұран салып.
Балқытқан мың тонналап болат темір, Орасан заводтардың жаны – көмір!
Майданға қару-жарақ, азық-түлік, Таситын темір жолдың қаны – көмір! Мұз бұзып, толқын тілген, теңіздерде Керемет кісілердің әні – көмір!
Бүгінгі техникалы тіршілікте, Көмірсіз, айта алмаймын, бар деп өмір.
Сарқылмас сол көмірдің дариясы, Қапталған қара алтынның қазынасы. Бойында Қарағанды сан ғасырға, Жетеді Қап тауындай мол мұрасы.
Көмірдің күшін байқап қарасаңыз, Қамалдың бұзылмайды қай қиясы? Дегенде Қарағанды, фашистердің Үрпиіп, тік тұрады төбе шашы.
Өйткені, біздің көмір бомба болып, Жауғанда, жерге кірген жаудың басы.
Жау төнсе қаһарланып оқ боратқан, Күші бар тау бұзарлық неше батпан. Соғыстың зор құдайы – зеңбіректер, Құтырған қасқырлардың жынын қаққан.
«Катюша» майдан күйін ойнап берсе, Сұмдардың арам қаны сел боп аққан. Қаһарлы минометтер нажағайдай, Жатағын фашистердің қоймай тапқан. Көмірдің біз өндірген қуаты ғой, Бәрін де осылардың шындап соққан!
Ақиқат менің мұным, емес мақтан, Барып көр, бір-бір зауыт – әрбір шахтам. Ішінде неше алуан механизм,
Көпіртіп машиналар көмір шапқан. Қорытқан құрыш, шойын домна пештер
Отын ғып күндіз-түні соны жаққан. Құрыштан жасалмайды нендей қару, Бар ма еді хабарыңыз майдан жақтан! Дүрілдеп жауар күндей бомбовоздар, Дамылсыз көктен төніп жауға шапқан. Басына сұмырайлардың саңғып өтсе, Әлек қып астан-кестен аспанға атқан. Саны көп, қырғи-қыран самолеттің Моторы, білесіз бе, нендей заттан?
Ол-дағы көмір менен темір тегі,
Шар болат қайнап-пісіп, шыққан оттан.
Алмастай қызыл тілді кекке жанып, Сөйлейін, тыңда біраз құлақ салып. Көмірлі Қарағанды – менің атым, Атағым досыма анық, қасқа қанық. Кемшілік ісімізде аз болған жоқ,
Жасырмай шынымды айтам, мойныма алып. Үдеттім қарқынымды қазір бірақ, Құрышпен қиялымды қомдап алып.
Қара алтын мен тасытқан осы арадан Тоқтаусыз Орал тауын орай ағып, Қаһарлы көп қару боп зауыттардан Майданға күндіз-түні жатыр барып!
Кел бермен, айтыс болса іздегенің, Менің де кесек тоят көздегенім.
Балқаштың артық-кемді жерін айтпай, Бола ма айыбыңды тіз дегенің?!
Шашубай:
Үш жүзге даңқы кеткен Шашубай ем, Айтыста шоқтығы асып жан жеңбеген. Тап берген соны ұмытып бұл жиында, Мынауың қай бала өзі өңмеңдеген.
Аңдап бас аяғыңды, тегі балам, Шашубай қиын тиер түбі өңгеден. Салайын алдыңа әкеп бар мініңді, Санай бер сыбағам деп Шәкең берген.
Мойныңда сан мың тонна борыш отыр, Арылып тұрсаң мақтан бересіңнен, Төлеттір борыштарын мойныңдағы, Қайда әлгі «Ленинуголь» тресіңнен.
Бірінде екі күннің ант-су ішіп, Сен кімді семіртесің бересіңмен.
Шахтаның біреуі алда, бірі кейін, Отырсың бірін жауып біріменен. Тоғыз мың борышы бар «19 бис» Басқадан жағдайының қай жері кем? Көшеңді көмір басып жатса-дағы, Сен қашан мезгілінде жөнелтіп ең? Жағаңа талай зауыт жармасқанын, Балқашта жатсам-дағы білетін ем.
Бөгесең көмір бермей басқаларды, Арт жағы не боларын білетін бе ең? Алыптар айналаңа орнап жатыр, Жүгіңе жүк қосылар тап күні ертең.
«Жүргенде мұртқа өкпелеп, сақал шығып», Аптығып-сасып қалма ала алмай дем.
Батыра айтқан достық деп түсінерсің, Сөз ұғар адамсың ғой өрісі кең.
Ордам деп ортамдағы сыйлай берем, Әйтпесе, мықтап тұрып нықтар ем.
Көшен:
Салсаң да шаршы топта самғап айқай,
«Баласы Қошқарбайдың» – деп Шашубай. Өрлеймін сөз қамшысы өткен сайын,
Шын жүйрік шаба алмайды тер шашылмай. Сыйлаймын, Шашубайсың, әбден білем, Қадірлеп жайшылықта басымды ием.
Үйіме келсең беріп бар мәзірді, Жаямын жастық қойып, көрпе, кілем. Көзіме аңсыраған кез кеп қалдың, Бойлауық бәйге бермес Шашубай ең. Асқанда ақтық жасың жарты жүзден, Кездестің тұңғиыққа мендей терең.
Бұлтарып, бұлтқа қарай жалтарсаң да, Сыпырып көктұйғындай бір-ақ ілем. Жас тұлпар мен жебесем болдырарсың. Болсаң да өрен жүйрік сүрінбеген.
Шашеке, сөйледіңіз сыннан бастап, Ойыңыз – кемшіліктің бетін ашпақ. Болғанда ретсіз іс бізде талай, Кетесің өз мініңді қайда тастап?
Олқылық, жетіспеген Сізде де көп,
Әр жерін жұмысыңның жатқан жасқап. Алты айлық мың алты жүз борышыңа, Жүз жетпіс ысырабыңды әкеп қоссақ. Мың қарыз тонналаған екі мыңдай, Жоспардың тұрған жоқ па кемін қостап? Батасың несиеге шаш-етектен,
Төлейтін борышыңды сомға шақсақ. Тегінде, бұл несие қайдан шықты, Ісіңіз жып-жинақты болса шап-шақ?
Айтыңыз салыстырап іс салмағын, Жарай ма сәл нәрсеге көз салғаның. Бәйгіден келмеді деп бар тресің, Кеміттің бассейннің бір тармағын. Мін етіп осы болса таққан кінәң, Онымен кеміген жоқ күш салмағым. Екі жыл әзірлігі артта қалған,
Қоңыраттың неге айтпайсың кемдік жағын? Шашеке, кешегі алған туың қайда, Балқаштың кім кемітті әруағын?
Шашубай:
Қазақтың ақындары нелер дарын, Шашубай білетін ед жатқа бәрін. Солардан иығы асып, топты жарған, Әзірге естігем жоқ Көшен барын.
Әркім ғой қолда барын теке қоймақ, Байыптап осы арасын ойла, жаным!
Жамандап қазыналы Қоңыратты, Неліктен сені, шіркін, тәңір атты.
Жұмысы мақтағысыз жаман болса, Қалайша ол, Наркоматтың туын апты? Ешкімнен сенен басқа естігем жоқ, Қоңырат, деген сөзді артта қапты.
Құлақ қой, есің болса, мына маған. Мен сені жалған айтып кінәламан. Жақсысын бассейннің жоққа тән ғып, Білесің, айтып тұрсам, күнә маған.
Сондай-ақ Қоңыраттың барын бүгіп, Не шығад құр орынсыз сынағаннан. Ол рас, дайындық іс нашар деген, Бұрқ етіп бір жаманат шыға қалған. Сонда мен Қоңыраттың кемшілігін, Батыра сенен бұрын сынап алғам.
Шашубай, оны естімей Көшен боп па, Еті өліп, кемшілікке шыдап алған.
Қоңыраттың бір зор міні ашылғанға, Шашубай деп қалмаңдар ашынған ба? Ежелден тап беретін әдетім-ді,
Өз мінін көлегейлеп жасырғанға.
«Он жеті бисің»1 де ұқсамайды, Күніне бес метрден асырғанға. Сонда ғой, бір адамның тәулігіне Қазғанын есептеген кісі бар ма?
Тұрғандай жақсылығың жаннан асып, Орынсыз мақтанасың неге тасып?
Екі күннің бірінде авария,
Иығыңнан жатқан жоқ па мықтап басып? Егер маған сенбесең, осы жұрттан, Авария бар ма деп көр сұрасып,
Өйткені, бұған дейін сөйлеспепсің, Новиков, Кинаштармен бір сыр ашып. Авария дегенде, Горькийлықтар, Көрдің бе, бұға беред басын қасып.
1«Он жеті бис» – шахтаның номері.
Әлгі бір номер алты жаңа шахтаң, Құтылад, мінін қазсам, қайда қашып? Екі күннің бірінде тоқтап қалып, Борышың кеткен жоқ па шаштан асып?
Жеңіс те, кемшілік те алмағайып, Ендеше менен тапқан кейбір айып. Үңілсең өз бойыңа тереңірек, Сенде де тұрған жоқ па бадырайып.
«Бас жаққа барыспайық» деген бар-ау, Тіл алсаң, ту жағына барыспайық.
Мен-дағы кемшілікті мойындаймын, ТЭЦ туралы айтқаның орынды айып. Бірақ та жеңіп алған Туы бар деп, Дәріптеп күні кеше ақын Қайып.
Жер көкке сиғызбаған Тарабанов, Туынан қалған жоқ па айырылып? Шашубай, сен болмасаң, сеніп отыр, Ертең-ақ келеріне ту қайырылып!
Көшен:
Шашеке, салыспайық дауға дамай, Сөзіңе сөз айтайын, болсын орай. Қара алтын ордасында отырғанда, Бұл Көшен уысыңа түспес оңай.
Өткір сөз дәл тиген соң шымбайыңа, Салдың ба зор дауысты айғайыңа?
«Алыссаң – атаңды жық» деген сөз бар, Мінгізіп бір алайын оңтайыма.
Келгенде судай сырғып Қоңыратқа, Бой бермей сүйенесің тіл мен жаққа. Баспайсың аяғыңды сүйресем де, Тоңқайып құлап жатқан вагон жаққа. Қойылмай темір жолдың ісі ретке, Аптығып жұмысшылар жүрген жоқ па? Қоңырат сол қырсықтың салдарынан, Төлеп жүр мыңдаған сом штрафқа.
Жоспарды толтырам деп тапырақтап, Мығымын күштің салдың топыраққа.
Табысың жүз мың емес, одан да көп, Көп сөздің көпірмесін қақсаң шотқа. Туынан Тарабанов айрылды деп, Бойыма жараспайтын мінді тақпа.
Өзіміз ауыстырып алып бердік, Шыққан соң онан-дағы озат шахта. Келе ме кемітуге Трабанов,
Әлі отыр ие болып жақсы атаққа.
Құр бекер жеңем деудің жөні осы деп, Буынсыз, тұтас жерге балта шаппа.
Шашеке, авария – басты мінің. Бос тұрған талай рет болды күнің.
Бейқамдық, салақтықтың салдарынан Отырсың өрлей алмай табыс шыңын. ТЭЦ-ың жарты жылда он бір шөкті, Ойлама, мен білмейтін бар деп сырың. Электр станциясы деген кезде Цехтарың зар қағады, айтсам шынын. Июньнің он төртінде барлық зауыт, Отырды жинап қойып жоспар-жүгін. Қаспағын бу қазанның қырмай қойсаң, Өзің айт, мен бе, сен бе, кінәлі кім?
Қоңыратта жойқын күштер істеп жатыр, Тамаша соның бірі – экскаватор.
Діңгектей аузымен кенді көссе, Қалады төбедей жер болып тақыр. Бойлатып болат бұрғы тас қашаған, Күрделі станоктар іске батыл.
Осындай қуаты зор құралдардың Көргенде бос тұрғанын ішің ашыр. Шашеке, жұмысыңда «кілтипан» көп, Қаншама дегеніңмен сөзім асыл.
Бұрғылар тамшы суға зарығуда, Сәл нәрсе үлкен іске болып масыл.
Мақтаған «Мак-Кулиің» ауық- ауық, Қалады тас орнына темір қауып.
Қақалып қалатыны не себептен, Темірді Балқаш қайдан алған тауып?
Балқаштың кен байытқан фабрикасы, Емес пе мыс заводтың бел арқасы.
Астынан руданың сүзіп алған, Осында машинаның тамашасы.
Бас-көзін былғанышқа бастырғандай, Бар еді фабриканың не жазасы?
Күтімі жабдықтардың кем болған соң, Жұмыстың түсті төмен дәрежесі.
Құрал күш іске толық аспаған соң, Ысырапқа кетіп жатыр мыс тазасы. Январьда «демалысқа» шыққан пештің, Шашеке қаланды ма қабырғасы?
Сақталмай берік түрде ережесі, Ісіңнің көбеюде қарбаласы.
Аптыққан бастықтардың қолы тимей, Шаруаның шабандауда кей саласы.
Басынған соң, балақтан басқа шығып, Балқаштың еркіндеп жүр қандаласы.
Шашубай:
Шу бетте өзің келіп ұрынғанға, Мынау бір жеңгізбейтін тірі жанға. Дарынды ақын десем, сөзуарсың, Бос сөзге болдырмайтын бірер таңға. Екі сөздің бірінде Қоңырат деп,
Балқаштан барлық тапқан кінәң сол ма? Вагондар жазатайым тайып кетсе, Баттитып бетке соғар мін боп па ол да? Тереңірек тексерер кісі болса,
Оңып тұрған жоқ еді – ау, Сіздің жол да! Шахта сайын он–ондап вагонеткең, Шашылып жатқан жоқ па құба жонда? Жұрттан асқан пысық боп жиып алсаң, Біреу ұстап тұрды ма сені сонда?
Қазанның өзің түсіп қаспағына, Таң қалдым бетіме әкеп басқаныңа.
Өткен істі сөз қылып неғыласың, Алдақашан қырылып тасталды да. Мен саған ат көтермес «алғыс» айтам, Айтысқа қоспағымды қосқаныңа.
Көшенім, неге керек артық мақтан, Сен онан, тілімді алсаң, ерте сақтан. Бере алмай жер астына бос вагонды,
Малтығып жатқан жоқ па талай шахтаң? Бос өткен шахталардың уақытын, Есептеп көмірге әкеп болсаң шаққан.
Бұл дертке ұшыраған шахталардың, Борышын болар едің немен жапқан? Жөнелткен көміріңнің күліде көп, Заводтар тресіңе айып таққан!
Кезінде сол былықты көрмей қалып, Комбинат басшылығы нені баққан. Кәнеки, мықты болсаң арылып көр, Денеңе осылардан түскен дақтан!
Шырағым, тап бердің бе қандалама? Тағы да айт тапқаныңды, қорғалама? Жалы жоқ, құйрығы жоқ бір шіркінге, Сасқанда жармасқанмен жан қала ма? Өзің содан арылып отырғандай, Өзгеге мін таққаның жөн бола ма?
Отыз бірде* қандалаң сонша қалың, Неге тыйым салмайсың сен соларға. Түн болса барақтарға шабуылдап, Қуады жұмыскерді айдалаға!
Көп жерде барақтарың әлі былық, Мүңкиді әлдененің исі шығып.
Қолыңды қашан келіп бөгеп едім, Ұстасаң тап-тұйнақтай таза қылып? Қырық бесінші шахтаның моншасына, Қыстыгүн жуан елі қырау тұрып.
Ел қатарлы жуыну былай тұрсын, Барлығың жатпаушы ма ең мұзын қырып?
*Отыз бір – шахтаның номері.
Жұрттың қамын ойлайтын жақсы болсаң, Неге соны қоймадың жылы қылып?
Шахтаңда жұмыскерге берген киім, Саудаға салатұғын емес бұйым.
Аз емес базар асып кететіні, Көрместен сол адамның тұрған үйін. Ойласаң тереңірек осы қылық, Төгеді Қарағанды абыройын.
Көзің көріп, көңілің біліп отыр, Осыған салмақшысың қашан тыйым? Сарыаяз сақылдаған қыс келгенде, Ойласаң не болады сонда күйің?
Бақшаңда, ағашыңда шаң бір елі, Күлімсіп, көлің сасып іргеңдегі, Жатқанын, көрмеген боп өте берсең, Қалаңа енді қайтіп сән кіреді?
Бар шығар тағы талай салақтығың, Бастығы горкомхоздың сылбыр еді.
Көшен:
Баспақ боп бадырайтып мінді бетке, Кемшілік жинақтадың кемітпекке. Аумағы ат шаптырым бассейннен, Ізденіп бар тапқаның вагонетке.
Бұл бірақ сізге тоят бола алмайды, Айтылған сөз сияқты күлдірмекке. Мінсеңіз Қоңыраттың вагонына, Шашеке, жете алмас ең бұл дүрмекке. Балқаштың транспорты шапса біздей, Бір күнгі жарамас ең бүлкілдекке.
Қосақтап кемшілікті қалдырмайсың, Бар ма ойың бізге әкеліп телімекке?
Қай жерде көрінеді білгендігің, Қырандай сорғалап кеп ілгендігің, Шындыққа жарасады, жанасады, Қинаш пен Новиковты бүргендігің. Шалағай, дөкір басшы болғаннан соң,
Сан рет сізден бұрын мінегенмін. Мен емес мұндайларды қорғайтұғын, Олақты ұрса екен деп тілегенмін.
Жалғыз-ақ соңғы сөзің орынды емес, Кемітіп көмірімді күл дегенің.
Күннен күн артылсын деп қуат-күшің, Ағыздым көміріммен тастың мысын. Жүз тонна шығын болған ысырабыңды, Көмірдің күлінен деп отырмысың?
Отынды менен алған шашпай жақсаң, Өнімді болар еді көп жұмысың.
Басқаға жаршы болып сайрағанда, Балқаштың неге айтпайсың кемдік ісін?
Шашеке, құтылмайсың қармағымнан, Ілемін келсең–дағы қай жағымнан.
Ақыры қысылған соң моншаны айттың, Бір кезде әлдеқалай қар жамылған.
Айнадай іші-тысы қазір көрсең, Күтіліп, үзілместен от жағылған.
Шашеке, сөйледіңіз көп екпіндеп, Бастасам сіздің жайды мен біртіндеп, Қалалық үлкен моншаң алқам-салқам, Жаз бойы жөндемепсің бір бүтіндеп. Лайы өткен жылғы көпсіп жатыр, Жүніндей арық қойдың жұлған жүндеп. Осындай айыбымды айтады деп, Алдыма кес-кестейсің, көлденеңдеп.
Бір үйді төрт жыл болды салғаныңа, Уақыты бітіретін болмады ма?
Пәтерсіз жұмысшылар қынжылады, Іске аспай игіліктің қалғанына.
Бастығы Шығыс Қоңырат Косих деген, Сол болса адамыңыз пысық деген, Монша жоқ, асханасы тағы былық,
Бір қырсық көрінеді, қисық келген. Шатырда кеншілерің жатыр, көрдім, Қайтесің қыс күнінде қысып келген?
Бесінші, он алтыншы асханаңның, Айтуға былықтарын жасқанамын, Пісіріп берген балық жеуге келмей, Барған жұрт татпай оны тастағанын. Бұл жайды білгенімен Янкин жолдас, Есігін асхананың ашпағанын.
Қоғамға қызмет ету орнына ол, Сайранды базалардан бастағанын. Бастығы общепиттің бола тұрып, Арақты литрмен тастағанын,
Толтырып қойны-қонышын керек затқа, Кергенін кеңсесінде қас-қабағын.
Шашеке, мен айтпайын, Сіз сұрама, Өзіңе тап бермесін ашқарағың.
Шашеке, сөз бастадың өзің тасып, Жібердім тегеурінімді басып-басып. Қарпуым қатты болса, амал қанша, Сіз бірақ қалмағайсыз оған жасып. Кемшілік, тере берсең, әлде де көп, Бастысын жетед-дағы берсең ашып. Қария, адамдарың қайда сенің, Жақсыңа сөйлесеңші бір жанасып.
Шашубай:
Көз тұнған көп міндерін асхананың, Әйгілеп жұрт алдында тастағаның. Көрсін деп бүркеп қалған былығыңды, Мені де асханаңа бастағаның.
«Кировта» жұмыртқа ұрлап қолға түскен, Сенің де бар еді ғой ашқарағың.
Жақында жұрт шулатқан қай асханаң, Айтпай-ақ қойғанымда басқаларын? Түстеп айтсам аузыңа құм құйылар, Сөзді қой, бойыңа құт ашпағаным...
Айт деуің адамыңды өте лайық, Айтпаса келістіріп ақынға айып. Бар өнердің тетігі адамда ғой, Еңбектің ерлеріне бұрылайық.
Соның бірі – Байғазы Ысмағұлов, Айына мың тонналап мыс айырып. Өзіңнің ерлігімен олқылықтан, Есесін алған жоқ па бір қайырып?
Жеңіс деп, жең сыбанып шыққан беттен, Артына қарамайды бір қайырылып.
Алдында таудай бөгет тұрса-дағы, Көрмеген қиындықтан жүрегі айнып. Ісінің қыбын білген шебер адам, Жылдық іс істеп кетсе бір-ақ айлық.
Төрт айдай алдына бір жан салмаған, Жарыста ұлы дүрмек бір талмаған.
Топ жарған әрі батыр, әрі жүйрік, Шашасын, қанша шапса, шаң шалмаған. Мың тонна қызыл мысты балқыт десең, Өмірде қабақ шытып шаршар ма оған!
Атақты Имамбаев даңқы күшті, Бір күнде адақтайды айлық істі. Қасында қорытушы Трофименко,
Өзендей тасқындатып қызыл мысты, Еңбекпен ел алдында ер атанып, Атағы не батырдан артып түсті...
Әр ісім жеңіспенен аяқталған, Кісім жоқ бар өнерін аяп қалған.
Жақсыбектің тапсырған артық мысы, Бір миллион патронға таяп қалған.
Ісіне ел сүйсінген Әли батыр, Қаруын қолына алып перфоратор, Молибден рудасын көл-көсір ғып, Майданға керегінше беріп жатыр.
Атақты адамым көп айтылмаған Өмірде оттан, судан тартынбаған. Бұрғысын Давыдовым қадағанда, Қаратас қимылынан қалшылдаған...
Ел, майдан асқар таудай бел көретін, Жеңіске ерліктерін мол беретін.
Сен-дағы кісің болса, ортаға сал, Табысы осыларға тең келетін!
Көшен:
Ар үшін, намыс үшін, Отан үшін, Салғанда совет халқы барлық күшін. Мадақтап Қарағанды ерлерінің, Тамаша жанқиярлық айтсам ісін.
Долданып көбік шашқан толқындай-ақ, Келеді көз алдыңа кесек пішін.
Шахтам жоқ топқа түсіп жарыспаған, Кек үшін, жеңіс үшін алыспаған.
Отыз үш, қос он сегіз, он екінші Кезекпен қолдарына ту ұстаған. Бұлардың аты шулы бастықтарын, Шашеке, жақсы білу парыз саған.
«Киров» пен «Жиырмасыншы» өрлеп келед, Болсаңыз алыптармен таныспаған.
Кеудеде кектің оты жалындаған, Үн қосып ерлеріне дабылдаған. Көмірдің майданында күреседі,
Ұл-қызы алпыс ұлттың мыңдаған жан. Бір-бірлеп атақтысын санап берсем, Аттары әлденеше мыңға барған.
Біреуі өнерпаздың Николаев,
Жас жігіт алғырлығы таңғажайып. Алуда көмір кенін жүйесімен, Көрсетті көпшілікке үлгі жайып. Қазірде ол бастаған озат шахта, Табысқа ұшан-теңіз отыр байып. Планнан тыс бергені жарты жылда,
Жиырма мың тонна болды келсек сайып.
Еңбегі, еткен ісі тағайынды,
Үш жігіт ортан қолдай ағайынды, Әубәкір, Мұстафа мен Сыздық шапса, Қайламен қара тасты қақ айырды.
Сап түзеп сілтегенде күректерін, Жеткізбей тастап кеткен талайыңды.
Күрекші Жұмажаным жолбарыстай, Қарқынға қойған емес қарқын қоспай. Планын сегіз айдың жарты жылда Орындап, зымырайды ұшқан құстай.
Атақты бригадир Әділ, Сәкен, Солардай ардақтымыз Кәрібай, Шәкен. Жас түлек кеншілердің серкелері, Қапаш пен Гороховтай кім бар екен?
Бәйгіде ұлы дүбір көп сыналған, Бәйсекей, Бекбосын бар қарт қыраннан. Салсаң да өрден өрге өршеленіп, Келеді бір шалдырмай екі тарлан.
Бірінен біреуі асып түсіп жатыр, Талай жас осылардан өнеге алған.
Союзда аты әйгілі Түсіп батыр, Кісі жоқ Балқашыңда бұған татыр. Ордені кеудесінде жарқырайды,
Осындай адамдарым толып жатыр...
Шашубай:
Сан білгіш сөз мәнісін саралаған, Айтыста салмағымды шамалаған. Ырзамын бала бүркіт Көшеніме, Алысып, алдырмаған бағанадан. Осында кемшілік бар деген жерде, Ақтарып түкпірі жоқ қарамаған.
Амал не, басым алтын, кеудем күміс, Шығар жоқ тұяғыңды қадағаннан.
Мінің көп әлі де мен санамаған, Қол үзбей қара ордаңды сағалаған. Айтады дос жылата, қас жұбата, Өзіңдей қынжылмасам, табаламан.
Бас мінің, ашып айтсам тәртіпсіздік, Жыл бойы Біріншіңді¹ сабалаған.
Қырсауың² Садировтай лавада ұйықтап, Жасаған прогулы балалаған.
Қоздатқан Скаковтың өтірігін, Боларсың әлі күнге санамаған. Бес моторды өртеген Расигің,
Шашубай жапты демес жала маған. Алғысынан сөгісі он есе көп,
Уәде жоқ айтқан жерден шыға қалған!
Тап беріп Қинаш отыр бұйрығына, Бұйрықтың боқтау жалғап құйрығына. Уәдесін бүгін берсе, ертең жұтып, Өтірік ант етуден тыйылды ма?
Бір кезде Новиковың мақтау алған, Мешеулеп осы күні артта қалған. Шахталарда не болып жатқандығын, Өзі барып көрмейді бірін алдан.
Телефонмен ұзақ күн бұйрық беріп, Трубкасы түспейді ығи қолдан.
Басшылықтың бар түрі сол болғасын, Қай уақыт мін түзеліп, жұмыс оңған?
Комбинат озық болып жазы-қысы, Балқаштан асып түссе барлық ісі. Не себептен нормасын орындамайд, Дені сау бассейнде төрт мың кісі.
Балқашта ондай адам жүзден асса, Өлер ем қапа болып ішім пысып. Еңбектің өніміндей үлкен іске, Көшеннің келмей отыр тоқталғысы. Менде еңбектің өнімі жүзден артық, Әрең-әрең сенікі тең жартысы.
Келіп қайт, өнегемді үйретейін,
Бұ да бір жақсылықтың жоралғысы...
¹Бірінші – шахтаның нөмірі. ²Қырсау – қырсық мағынасында.
Көшен:
Айтысқа ә деп бастап беттегенде, Айтылды жетіскен де, жетпеген де. Сайыста сөз найзасын салыссақ та, Қуандым ардан аттап кетпегенге.
Ағасың, ауыр айтсам айып етпе, Жүрмейді сөзге қолқа ду-дүрмекте, Ежелден ер мен ақын ел қаруы, Аруағы көтеретін жекпе-жекте.
Сөз шықсын ақындардан ақ алмастай, Туған ел шақырғанда қанды кекке.
Аяқтан алыптарды алмасын деп, Жасырмай басып айттық мінді бетке. Сөзіңе сөз қайырсам ретімен, Шашеке, тағы тулап мені сөкпе.
Адамдар менде болса, сенде де бар, Іске олақ, сөзге мырза ісіп-кеппе.
Сүмеңдеп жалқауың көп артта қалған, Үлгі алған Мақатовтай соғылғаннан. Тезге сал Карнухиндай қырсауыңды, Күні жоқ нормасының орындалған.
Қаншама айтқаныңа көнбейтұғын, Соншама еркелейтін не қылған жан? Жапақтай алаяқты көріп келдім, Қыдырымпаз, бір қуыңды сидаңдаған.
Шайденко Балқашыңда ол да бастық, Болғасын ісіңде көп қарбаластық.
Қалады бір ай озса, екі ай кейін, Аяғын тұсағандай біреу тас қып...
Тағы айтсам былтырғы жыл күзгі айларда, Қыруар шіріп кеткен овощ қайда?
Жасамай әзірлікті Андреев, Қусырып қолын отыр тағы жайға.
Тауып алып комхозымды жатқан бұғып, Сылбыр деп тіліңді бір алдың сұғып, Жұмыстың бітірмеген үштен бірін,
Қоясың Аврамчукті қайда тығып?
Қай қақпаң қирап қалған шаңқай түсте, Аверчук паровозбен бір-ақ ұрып?
Жұмсаған соны менің комхозым ба, Болмаса боран айдап келді ме ығып?
Перебинус сөзге шебер тұрған сайрап, Тағы да жатқан шығар қаулы сайлап! Қаулының жүзден бірі орындалса, Балқашың кетер еді-ау гүл-гүл жайнап!
Шашеке, кемшілікті менен тапқан, Демеймін өтірік сөз жала жапқан. Орынды көрсеттіңіз борышымды, Әзірше етегімнен басып жатқан.
Әзірмін күні бүгін аттануға,
Ағызам қара алтынды күш қайраттан, Күттірмей жыл аяғын Отаныма, Борышты мен болармын бұрын жапқан!
Доскей Әлімбаевтың басалқы сөзі: Жыр қуған он бес жастан Доскей едім, Арқаның адыры емес төскейі едім.
Сөйлесем алқа-қотан шаршы топта, Шұбалған шалқар құлаш көштей едім.
Айтыста қия тартыс алма-кезек, Қызыл тіл мүдірмейді кетсең безеп. Ақындар арындаумен аға бермей, Азырақ бөгеліңдер бойды тежеп.
Делебем қозып кетті дүбір көріп, Алайын мен де біраз жорта желіп. Аузыма түйдегімен жыр түседі, Байқасам айналамды көзбен шолып. Басынан ділмәр ақын Шашубайым, Халыққа сөз таратқан әнмен өріп.
Көшелі көрінеді Көшенім де, Намысын жіберген жоқ қолдан беріп. Кемшілік, жетістігін қос алыптың Екеуі недәуір-ақ айтты теріп.
Талас жоқ жақсы адам мен табысыңа, Орынды сөйледіңдер күшке сеніп.
Тартыста тең түсетін ақынсыңдар. Екеуің екі алыпсың белі берік.
Шешеді жыр түйінін жыл аяғы, Сендерге көрем сонда сөзді беріп. Балқаштың бауыр еті Жезқазған бар, Өлшеңдер оның-дағы ісін көріп.
Секілді Аймұқанов бар кеншісі – Ерлерге жорықтағы болған серік. Әлде де іс салмағы алда жатыр, Майданда қызды бүгін отты көрік. Қаһарлы балаларым қас дұшпанға, Алқымдап жұтқызуда қанды көбік. Басылмай еңбек ету бізге парыз, Жойғанша зұлым жауды жерге көміп!
Отанға халқым менің берген сертім, Ақтайды абыройды емін-еркін.
Күдіксіз бұған куә бола алады, Бірлесіп қимылдаған күшті серпін.
О, жұртым сенем сенің елдігіңе, Көрсеткен ризамын ерлігіне.
Жан сала жеңіс үшін қимылдаңдар, Таңдансын барлық әлем өрлігіңе!
Шашубай:
Табысты тасқындатып селдетейік, Мыс, көмір, молибденді көлдетейік. Екі алып шығыстағы тізе қосып, Құруын фашистердің тездетейік!
Алып күш аяқ бассам қабындаған, Балқаштың сағаты жоқ дамылдаған. Жүкке жүк қосылғанмен жыл соңында, Көтеред, демек емес ауыр маған!
Мыс, молибден екі есе артады деп, Сене бер осы бастан, қауым, маған!
Көшен:
Алдағы жыл салмағы болсын қандай, Әзірмін қимылдауға бір де талмай.
Үн қосқан ақынына кеншілерім, Көмірді боратады жауған қардай.
Серт етем, ант беремін ел алдында, Жаралы, жауға түскен жер алдында, Тарттырман тізгінімнен – белім берік, Ант етем партияның өз алдында!
1943 жыл.
ХАЛЫҚ АҚЫНДАРЫНЫҢ ХАТЫ
И.В. СТАЛИНГЕ
Өмірдің алтын таңына, Өмірдің шырақ шамына, Аңсаған арман бағына, Сан ғасырлар адамзат Сәуле шашып, нұр төгіп,
Жаһанға жарық күн болған. Қабырғадан қан кешіп, Толарсақтан саз кешіп, Жауыздық пен әділдік Айқасқан, ауыр кездерде Сталин! – деген жалғыз сөз, Жеңістікке шақырар,
Ұран болған, үн болған, Кемеңгерім, іңкәрім!
Күн жазады көктегі, Кесте тігіп сәуледен. Әріп тізіп жұлдыздан, Ай жазады нұрменен, Әнші жазады үнменен, Күйші жазады күйменен.
Әділдікті аңсаған,
Жер жүзінде сан халық, Ел жазады өрнектеп, Алуан-алуан тілменен. Қазақтың шешен ардағы, Әр өлкенің саңлағы Адуын сөз, асқақ ой, Айтыса келген шайырлар, Сәлем Сізге жолдайды Жүрегінің түбінде,
Тұнық жатқан жырменен;
Қар төсеніп, мұз жастап, Мұнарлы бұлт жамылған. Бағында алма мәуелеп, Мың құлпырып шешегі. Қалқасынан жарылған, Тасында тағы аңдаған, Шыңында қыран самғаған. Найқала басқан төрт түлік, Кең өлкесін шарлаған.
Етегінде өндіріс, Гудогі нардай боздаған. Қара шойын, көк темір
Машина атты төл тауып, Секунд сайын қоздаған. Асқары зәулім Алатау, Аты шулы Алматы Астананың төрінен, Айбары асқар тауындай, Түтіні қара дауылдай, Фабригі, заводы,
Көк құрыштан өрілген. Шақырлаған қорап тас, Күшімен алып ерлердің Домналарға телінген.
Телінсе жағал кен тастар, Қорғасын боп еріген.
Жойқын соғыс, қан жорық,
Қырқысқан қызу майданда, Жауға атылған он оқтың Тоғызы сонан берілген, Қарт Қазығұрт, Қараспан, Қапталы биік Қара тау, Оңтүстіктің елінен.
Сан ғасырлар тусырап. Тереңде кені сақталған, Аты әлемге мақталған. Сарыарқаның кіндігі, Желпінсе жердің түндігі, Кен ұясы, жер құты, Шежіреде жатталған.
Өндіріске нәр беріп, Заводтарға әл беріп, Талқандауға дұшпанды Қара алтынын ақтарған. Қарағанды кенінен; Теңізі түптен ырғалып, Қаһарын төгіп долданып. Толқыны тулап мөңкіген.
Мөңкісе, жүзген нән балық, Тереңге қарай жөңкіген.
Балдырғаны соққыдай, Боз сазаны тоқтыдай, Аты шулы Атырау, Даңқты Балқаш көлінен.
Тау қопарып, шыңды үңгіп, Тастан алтын аршыған, Мыс, қорғасын қорытып, Жерінен жез талшыған, Жезқазған мен Қарсақбай. Көк тіреген кәрі Алтай, Кеннің байтақ шегінен.
Түгі сұлу құндыздай, Шабысы аққан жұлдыздай, Сыбыс құйрық, күдіс жал,
Шағалалы шаңқан боз, Жусатып жылқы өргізген, Ат, айғыры, биелі,
Дем алғандай тыныс жоқ, Нар өркеші асқардай, Тарақ құйрық аруана, Ебей басты құба үлек, Келесі құт – түйелі.
Мыңғырған сансыз қара мал, Қойы семіз сүбелі.
Есіл, Нұра, Сыр мен Шу, Сарыарқаның жерінен. Халықтың шайыр ақыны, Астанаға жиналып, Безеді қызыл тілдерін.
Алатаудан асыра, Жаудың сұсын қашыра Кремльге, Москва, Жеткізбек зор үндерін.
Ұлы Сталин кемеңгер, Даңқты қазақ елінде, Астанамның төрінде, Бір ғасырды аралап, Домбырасын сабалап
Жүзге жеткен қарт Жамбыл, Жыр алыбы басқарып, Әйгілі жүйрік ақындар Қазақстан жерінің,
Ұлан байтақ кенінің, Өндірісі өнгенін.
Арғымақты баптатып, Қорғасын оқ, көк сүңгі, Сауыт, сайман сан құрал, Қысқа аяқты қара мал, Майданға азық бергенін. Еңсеп бір туған елім – деп, Ұлы Отаным жерім – деп, Қалпе сынды жомартым, Қалтасынан халық үшін,
Бір миллион бөлгенін, Қатал жаумен арбасып, Жағаласып жандасып, Жатқан кезде халқымыз Елдегі ұлы еңбекпен Жауды қалай жеңгенін. Сынады да, жырлады, Байтақ елің тыңдады.
Тоғысқан жауын қашырып,
«Ерні салпы құбаша ұл Ел қамын жеген Едіге» Отаны үшін, елі үшін. Тау көбелеп желгенін.
Қараңғы меңіреу түндерде Қалың қолды бастаған, Қарақыпшақ Қобыланды Қасарса жауын жеңгенін.
«Құралай көрсе көзге атқан, Құланды көрсе белге атқан, Оң келгенін оң атқан,
Сол келгенін сол атқан, Солақай тартса құлатқан, Көксерегін борбайлап.
Қамалды бұзған айқайлап, Тарлан атты Тарғынның, Түтеген оқ, сан қолға Жалғыз төтеп бергенін.
Еңселігі екі елі, Дулыға сыймас шекелі
Жауырыны жазық, мойны ұзын, Жай тартарға қолы ұзын, Толғай-толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай атқан, Бұзбай құлан пісірген, Мұз үстіне от жаққан, Ел арысы – Исатай,
Жалынды ақын Махамбет, Аманкелді, Сырымдар,
Ел үшін қалай өлгенін, Ұрпағына үлгі етіп,
Шешендерің жырлады, Байтақ елің тыңдады.
Аспан да оқ, жер де оқ, Дем алғандай тыныс жоқ, Күркіреп күнше зеңбірек, Шүйіліп көктен самолет, Кетпек болып таптатып,
«Жолбарысын» қаптатып, Түйілсе де қатал жау Москваға біреуін Жібермеген аттатып, Жиырма сегіз батырдың, Ерлікпенен өлгенін,
Өлсе де жауды жеңгенін. Шешендерің жырлады, Байтақ елің тыңдады.
Жауды көрсе түйінген, Ерлігіне ел сүйінген, Алар аңын көргенде, Тау бүркітше шүйілген,
Қарысса жауын қандатқан, Егессе есік шаңдатқан,
Ер Мәлігім бастаған, Тағы он сегіз батырым, Тоғысқан жерде жауымен Қатты сығып шеңгелін,
Талқандап жауды жеңгенін, Жортуылда, жорықта Менменсіген немістің Талайының бастары, Қанжығада келгенін, Шырқата ақын жырлады, Байтақ елің тыңдады.
Қанша толқын ұрса да, Мызғымас шың жартастай, Қасқайып тұрып, қарсы алған Үдей соққан дауылда,
Қанша қиын іс болса, Жыға алмаған тауыңды, Қиқулап елге төнгенде, Жеме-жемге келгенде, Жексен еткен жерменен, Талай да талай жауыңды, Бар батырдың ағасы,
Бар адамзат данасы, Кемеңгерім, ұстазым, Данышпан басшым Сталин, Сары алтындай сөзіңді,
Ел іңкәрі өзіңді,
Ақын, шайыр, жыраулар, Тереңнен толғап жырлады. Байтақ елің тыңдады.
Іші мерез, денесі өрт, Сау тәніме жабысқан, Күйдіргідей ауыр дерт Жер бетінен жойғанша, Қара қарға, сауысқан, Қан сөліне тойғанша, Жауға мірдей қадалар, Жау денесін жаралар, Сөз семсерін тереміз. Ел жүрегін тербетер, Шер көңілді сергітер, Ұраныңды, сөзіңді,
Ту қып көкке көтеріп, Өлеңнен өрім өреміз, Жауды белден асырып, Жаудың сұсын қашырып, Ұлы тойға Кремль Қоңырауын қаққанша, Біз үгітші, ұраншы, Жеңістікке халқыңды, Үндеуге серт береміз!
Москва, Кремль.
1943 жыл.
СӘТТІҒҰЛ МЕН ҚҰМАР
Сәттіғұл:
Ақынға айтысатын сөзім дайын,
Кем емес бір ауданнан сол Бақсайым. Байлыққа Бақсайымның қолы жеткен, Ағындай алған беттен бұрылмаймын.
Тайғара жылқышым бар малға бапты, Ұйқысыз ат үстінде таңдары атты.
Имашев, Көшкінбаев комбайнерлер Қияға құлаш ұрып шолды алапты.
Айбынды күші құрыш алыптарым, Түрлентті мал өсіру бағыттарын. Майдан мен тылға біздер түгел жеттік, Беруде азық-түлік жабдықтарын.
Осындай мақтан етем ерлерімді, Ұйымшыл бәтуалы ер көңілді. Сұраймын, ақын Құмар, білу үшін, Қайтарып айтшы маған дерегіңді.
Құмар:
Сөйле, сөйле Сәтеке, бұлақша ағып, Сөйлер сөздің желісін әнмен шалып. Теңім жоқ, терең жатқан тұңғиықпын, Жай жатқан момақансып, өрге шауып. Тамаша ауданымның байлығы көп, Мен айтсам сіз қаларсыз естен танып. Байлыққа меніменен таласпайсың, Гүлденіп, құлпырып тұр ел жасарып.
«Алға», «Еңбек», «Жаңа құрылыс» колхозым бар, Айтпайын жетістігін оның неғып.
«Степан Разиндей» колхозымның Байлығы Қазақстанда бірінші алып. Белгілі елге еңбегі ерлерім бар, Тыңдаңыз, тамашасын құлақ салып. Шүйіншіқалиев Қапан менен Абуева, Ержүрек жолбарыстай келед жарып.
Есмұратов Қалым атты жылқышым бар, Майданға көмектескен күшін салып.
«Передовик» колхозында Көшекбаева, Көрген жоқ бұл жолдастар артта қалып. Аянбай Отан үшін еңбек істеп, Жеңістің мен отырмын күйін қағып.
Біз алдық ауыспалы Қызыл Туды,
Сен қалдың сасқалақтап, естен танып.
Сәттіғұл:
Қызыл Ту уақытша тұр қолдан кетіп, Оралар қайта өзіме ертең жетіп.
Жұмысым ақсаған жоқ оныменен, Еңбекке шын ұмтылсам түгенденем. Колхозым мақтау алды үкіметтен, Күрделі табыстардың молыменен.
Орындап партияның тапсырмасын, Келемін аумай түзу жолымменен.
Айтыстың меніменен, Құмар ақын, Отырған көп сынайды сөздің парқын. Жан аяр жалқауың көп, екпінді аз, Жұмысқа колхоздарың қарайд салқын. Керенау, жалқаулықтың себебінен, Ауданның бағып жүрсің кейінгі артын. Колхозым әлдеқашан орындады,
Бізде бар екпінділік күшті қарқын. Белгілі облыста бір ауданмын, Жайылып біраз жерге кеткен даңқым.
Құмарым, бермен қара, аш көзіңді, Аянба ағытып қал бар сөзіңді.
Құтылып ең әуелі борышыңнан, Сонаң соң мақтау керек колхозыңды.
Құмар:
Сәтеке, дұрыс айттың мінімізді, Ұялттың көп ішінде ініңізді.
Бұл кеміс шындығыда болуы рас,
Айтайын енді тыңда жөнімізді. Бақсайым керемет деп мақтанасыз, Сәтеке, неге айтпайсыз өзіңізді.
Болмаса тап осындай шабан адам, Қолыңнан неге бердің туыңызды. Колхоздан «Тұңғыш бірлік», Киреевің, Жүздеген жойған екен қойыңызды.
Бір колхозға аз шығын емес қой бұл, Жасырмай неге айтпайсыз соныңызды. Ал, айтшы, қайда кетті осы малың?
Құр босқа көтергенше бойыңызды. Білмейсіз ізі-түзін осылардың, Жасырып жасадың ба тойыңызды.
Бастығың осы жерде бір босапты, Дегендей семіз қойдың еті тәтті. Айрылдың Қызыл Тудан ұйықтап қалып, Көрші ауыл – қасыңдағы бізге батты.
Осындай шалағайлық істері көп, Бұл ақын қалай маған өлең айтты?
Сәттіғұл:
Мұныңа Құмар ақын сөз беремін, Жауапты кешіктірмей тез беремін. Аламын Қызыл Туды ертең жеңіп, Отырсың, Құмар ақын, неңе сеніп? Өзіңнің одан үлкен ұятың бар, Малтығып шыға алмассың айтсам теріп. Мың отыз төрт басты мал төліменен, Кешегі октябрьде қалған кеміп.
Құмаржан, айтпаймын деп жасырасың, Мұқашев Исполкомың отыр сезіп.
Жүгіріп олай-бұлай қымтағанмен, Отырмын осылардың бәрін біліп.
«Ежелден ел құлағы елу» деген,
Сол малдан, сезіп тұрмын, жепсің жілік. Жілікке тоймай қалып тағы жепсің, Тойдың ба төрт түліктің басын мүжіп? Мұныңды есіткенде ел күлді ғой, Шіріпті қарға көмген етің қызып...
Сұраубай:
Ақындар айтысуға келдік бүгін, Жарысып шығардыңыз сөздің сырын. Тақымдап бір-біріңді қуа бермей, Тоқталып ескерелік істің түрін.
Таусылмас көп айтқанмен сөздің арты, Шешілмес сыналмаса істің парқы.
Сәтеке, шаршамайсың тынысың мол, Кемшілік-жетістіктің айтылды аты.
Тіресіп намысыңа жағаластың, Екпінді көрінесің, Құмар ақын. Екеуің екі ауылдың жүйрігісің Көрініп көпшілікке болдың айқын. Қызғындап тұра алмады бойды тежеп, Көргенде қалың дуды Сұрау ақын.
Ағалық Сәттіғұлда болу керек, Болса да Құмар ақын, сөзің алтын.
Тыңдаңыз құлақ салып асылдарым, Айтады тәжірибесін ақындардың. Қиратар қиындықты ерлік, бірлік, Майданға көмек берген батырларым.
1943 жыл.
ЖАҚСЫБАЙ МЕН ЕСДӘУЛЕТ
Жақсыбай:
Есеке, бірінші рет ел аман ба? Жетеміз жауды жеңсек қалағанға. Күш қосып Отан үшін аянба деп, Партия нұсқау берген бар адамға. Шат болмас көңіл сөзге құмарланбай, Басында ауыл едің сый алғандай.
Екінші бір сұрауым тағы келді, Осы жыл орындалған план қандай?
Егісің қалай өсті, малың қандай? Малменен түрлі пайда табылғандай.
Талқандап жауды құртып батыр болған, Ер бар ма, көңілім құмар сағынғандай, Үш түрлі сұрау қойдым алдыңызға, Дәлелді болып шықсын табылғандай. Сөйле деп бізге халық рұқсат берді, Жан аяп отырамыз нағылып-ай?
Есдәулет:
Жалпы елді көп рахмет сұрағаның, Тілегі жауды құртпақ бар адамның. Ел тыңдап, бізді бастан ақын деді, Айталық енді сөздің ұнағанын.
Жақсыбай, көп шабылған тарлан едің. Жарайды, жауап сұрап, сынағаның.
Сұрауыңа берейін енді жауап, Түсініп, құлақ салып тыңдап алғын.
Қызыл тау көлбеп жатқан еліміз бар, Жері саз, шөбі жұпар, төріміз бар.
Әрбір дәні жауға оқ болатұғын, Жиырма бес мың гектарлы жеріміз бар. Талқандап жауды қырып, қуып жүрген, Қасымбеков Қамзадай еріміз бар.
Қордайдан отау болып бөлінгенбіз, Шақтаулы он үш колхоз еліміз бар. Отарда елу мың бас мал жайылған,
«Аңырақай», «Қопалыдай» беліміз бар. Кейіннен түрге бөліп айтып берем, Ауданымда жүз мың бас малымыз бар. Шөп, егіс жауын жоқ боп нашар шықты, Жоспардан сол себепті кеміміз бар.
Үш түрлі сұрауыңа жауап бердім, Ал, Жақа, осылайша жөніміз бар.
Жақсыбай:
Айтылсын дәлелді боп сұрағаным, Жасымнан қулық сөзді біле алмадым. Есеке, бар жағдайды шешіп беріп, Өзің де сауалыңды сұрап алғын.
Есдәулет:
Жауынсыз астық пісті ыстық ұрып, Жақпады шөл астыққа құрғақшылық. Айтпап па ем жоғарыда бұл жағдайды, Қалайша кінәлайсың көріп тұрып?
Малым көп болғаннан соң өлімі бар, Өлгенмен туып жатыр, өнімі бар.
Жыл аяғы қорытынды болғанынша, Мал жоспары асад деп сенімім бар.
Талапты ұлдарым мен қыздарым бар, Тамаша қуанышты жырларым бар.
Артығымен бітірдім заемымды, Бағалы еңбегіме сыйларым бар.
Көрсетші, кіммен түскен жарысыңды, Жоспарды орындаған бағытыңды.
Төрт аудан қазып берген Шу каналдан, Мақтанып айтып берші табысыңды.
Қалдырмай түгел айтқын көрінгенін, Каналдан қандай нәрсе өнілгенін.
Өзіміз көмектескен канал еді, Айқындап көрсетуге ерінбегін.
Жақсыбай:
Каналдың неше түрлі құлағы бар, Есеппен су жібергіш бұрауы бар. Жағалай қарап тұрсаң көз тояды, Саусағы салбыраған құрағы бар.
Ақ күріш меруерттей егіліп тұр, Ақ кенеп жібек ұлпа көрініп тұр,
Қызылша, ақ бидай мен қызыл тары Отанның планына төгіліп тұр.
Орындап сол планды ту алғанмын,
Ту алып, көңілім шат боп қуанғанмын. Осындай қуаныштың арқасында Құлаштап қалай айтсам ұялмаймын.
Секілді қыран бүркіт шабытым бар, Қордаймен социалдық жарысым бар. Барлық елді отынмен қамтама еткен Сексеуіл, сондай қазына табысым бар.
Бар болса кемшілігім тапқын менің, Сөзімнің салғастырып артық-кемін, Сұраған каналыңнан жауап бердім, Есеке, осылайша менің жөнім.
Есдәулет:
Жарай ма бар олжаны бас салғаның, Біздің күш, біздің көмек – мақтанғаның. Еңбегімен көп елдің табыс тауып,
Осы жағын әділетпен еске алмадың.
Тағы бар, Жақа, сіздің адасқаның, Адасып айтылған сөз жараспадың, Сексеуіл мемлекеттің мүлкі емес пе, Дұрыс па менікі деп таласқаның?
Көрмегендей қомпайып мақтанасың, Бір жыл план төктім деп мастанасың. Бес колхозың қылшасы¹ шіріп кетті, Қай жерге бұл кемістікті апарасың?
Кемшілік айта берсе толып жатыр, Әркімде-ақ оның өзі болып жатыр. Бір жылға тәуірмін деп масаттанба, Айналып тағы барар өзіңе ақыр.
Құлаштап аянбастан сөйлеп қара, Ойланып елде болса қалмай ғапыл. Әншейін мейман ғой деп сыйлап тұрмын, Болмаса айтар сөзім толып жатыр.
Жақсыбай:
Сөз туар қуа берсе осындайда, Есеке, мына сөзің кімге пайда?
¹Қылша – қызылша.
Біреудің еңбегіне қолың созбай, Қызықсаң біздің жерге егін айда.
Еңбекті артық етсең ембейсің бе? Сен менің бұл сөзіме сенбейсің бе? Сапырып ойды-қырды борандатып,
Орайсың алды-артымды сермейсің де. Тіл жұмсап көңіліңді бөлген болсаң, Қатені ішіңдегі жеңбейсің бе?
Өзіңе ешнәрсені жолатқың жоқ, Сұлулап бар жағдайды өңдейсің де. Өзің тұрған Ақтерек колхозыңның, Тұқымын сеппей қойған мен дейсің бе?
Бәріміз түсіндік қой ұстаз жөнін, Еңбекпен өндірмекпіз табыс кенін. Келешекке халықтың қамқорлығы – Тағы да жоқ дейді ғой тұқым қорың. Дайындықсыз, бейқамдық жетпеді ме? Қауіпті болып отыр биылғы егін.
Есдәулет:
Кемшілікті айтқан жақсы осы бастан, Өседі деген бар ғой бала жастан.
Тұқымы жетпек тұрмақ, асар еді Ақымды қолға берсең қажет ашқан.
Жақсыбай, бұрын мұнда келген жоқсың, Қызығын біздің елдің көрген жоқсың.
Он мыңдаған центнер қарыз бердім, Ешкімге мендей қажет берген жоқсың.
Демегің ажал қайдан, қатер-қауіп, Келіпсің біздің елге дәмің ауып. Колхоз-совхоз болғалы сырың мәлім, Қай жерде олжа алып ең оза шауып? Төрт ауданның күшімен суланып ап, Мақтандың амал бар ма төске шауып.
Ірі аудансың қырық жеті колхозың бар, Ауданыңды осылай деп байқауым бар.
Төрт түлік шаруа малдың саны қанша, Кең өріс қандай қыстау, жайлауың бар?
Жақсыбай:
Біздің Шу өзек талмас үлкен өзен, Сіздің тау құс ұшпайтын биік кезең. Әрқашан өрісіңе мақтанушы ең, Әдейі көрейін деп іздеп кеп ем.
Бұйрақұм мал жатады Түлкіліде, Қыстан малдың қисаймайды бүлтігі де. Қызылқұм онан төмен еркек¹ шөбі,
Ат тойып мас болады бір түбіне.
Шөбінің бір түрі бар – Қызыл өзен, Жайлайды сол жерімді боталы інген. Жерім бар шөбі шүйгін жұтқа бермес, Бойдақ мал шөл далада түнеп жүрген.
Қар жатпас қыстыгүні жерім жайлы, Қыстауға бөліп қойған әрбір сайды. Құланға ұқсап үркеді жақын барсаң, Аунаған көк шалғынға құлын-тайы...
Жауапты сұрауыңа даярладым, Тіл жұмсап Отан үшін аянбадым. Есеке, мендегі бір жалғыз қата
Ескеріп малдың санын ала алмадым.
Бұл сөзді дәлелді деп сенерсіңіз, Бар болса артық-кемі көрерсіңіз. Шаруасы бір ауданның оңай болса, Түгелдеп малын санап берерсіңіз.
Өзің мақтан, кең өріс жерің қанша? Айтып бер білген болсаң малың қанша? Бухгалтердің есебін менен сұрап, Пысықсынып осы жерден табылғанша.
¹ Еркек – жабайы шөп.
Есдәулет:
Кең өріс ел сүйгендей жеріңді айттың, Тамаша өсіп-өнген малыңды айттың. Көрсетпей еш кемшілік түп-түгел ғып, Сұлулап кір жуытпай жайыңды айттың...
Сұрасаң мен айтамын малдың санын, Білемін ауданымда қолда барын.
Саралап көрсетейін түріменен, Жақсыбай, құлақ салып тыңдап алғын. Кең өріс, қыстау, күздеу көрсетелік, Тағы санап берелік шаруа малын.
Бұйрадыр, Құлжабасы көлбеп жатқан, Әр сайда мал жайылып өрлеп жатқан. Алмақыз, Батпақтыға асып түссең, Көресің малдың түрін кернеп жатқан. Сорқұдық, Үшжелтөбе, Қаражырық, Кең күздеу өріс болад желі тартқан...
Елу мың бас малым бар отардағы, Малшының оңалып тұр сапарлары. Бір түгі малымыздың қисаймайды, Ыңыранып семіздіктен баса алмайды.
Бір қыстау Қопа деген үлкен өзен, Ақтерек, Балажаннан биік кезең,
Сол жерде тағы елу мың малым жатыр, Айырып танысаңыз ат пен дөнен.
Қарасаң асыл жылқым тамашалап, Көзің тояр құмар боп тұрсаң қарап. Ақалтеке, Энгельс, Донскийден, Жылқышым бағып жатыр жалын тарап.
Қой, ешкі сексен үш мың толды басқа, Алты мың жылқы және үш мың шошқа. Сегіз мың сиырым бар толған өріс, Сыртында мына санның түйе басқа.
Айтпадың тым болмаса жалпы санын, Мен құсап бөлмесең де баспа-басқа.
Ауылыңа қайта барып сұрап келгін, Малыңның санын сұрап ақылдас та.
1943 жыл.
СҰЛУБИКЕ МЕН ЗЕЙНЕП
Зейнеп:
Жұмысқа шықпайсыз ба, Сұлубике? Неше жыл жұмыс қылмай болдың ерке. Кигенің шерсть костюм, қыжым пальто Оранып жатып алмай шайдан көрпе.
Сұлубике:
Жалғыз-ақ сұлу сымбат менде бар ма? Жек көрер сұлулықты пенде бар ма? Қағытпай, қалжыңдамай жайыңа жүр, Ақындық, Зейнеп, жалғыз сенде бар ма?
Зейнеп:
Соғыста сіздің ер де, біздің ер де,
Бар ма екен Сұлубике-ау, сенде зерде. Еңбексіз сұлулықтан түк пайда жоқ, Тіл алып еңбек тапқын бізбен бірге.
Сұлубике:
Ай менен сұлулыққа күндей болсам, Бұлбұлмен ашықтығым гүлдей болсам. Бейнетті Зейнеп істеп, мен ұйықтап Еңбекке күзді күні бірдей болсам.
Зейнеп:
Ай менен сұлулыққа күндей болсаң, Қурайтын үш күн жайнап гүлдей болсаң. Қала ма қасиетің, сұлу бикеш,
Еңбексіз ел алдында түндей болсаң.
Сұлубике:
Аспанда жалтылдаған жұлдыз болсам, Судағы аққу менен құндыз болсам.
Көре алмай күндеп күнің өтер еді, Бейіште жігіт ашық нұр қыз болсам.
Зейнеп:
Аспаннан ағып түскен жұлдыз болсаң, Қақпанға қарғып түскен құндыз болсаң. Бейіштен бидай іздеп маған келсең, Тепкілеп қуар едім үр қыз болсаң.
Сұлубике:
Аспанда періште мен пері болсам, Жалғанда жұмыс қылмай сері болсам. Зейнептей бір тебетін бригадіні Арыстан көкжал барақ бөрі болсам.
Зейнеп:
Жоқ нәрсе періште мен пері деген, Арыстан жыртқыш аң ғой бөріменен. Атпен қуып ауызға қан жалатып, Ілермін тірсегіңді теріңменен.
Сұлубике:
Алмаймын жұмыс қылып сенен астық, Қолыңнан келсе, Зейнеп, істе қастық. Қызыл жүз, қызыл шайды жөндеп берсем, Береді еңбек жазып колхоз бастық.
Зейнеп:
Бола ма соның, Бике, адал еңбек, Әй, сорлы түбі борыш арам еңбек. Колхоздың басқармасы түсіп қалса, Қалмай ма балаларың босқа еңіреп.
Сұлубике:
Шығамын бастық түссе бір себепке, Қызыл шай кім келмейді қызыл бетке. Бригадім қарсы болса меніменен Еңбексіз тастамайды сельсовет те.
Зейнеп:
Сельсовет еңбек берсе сеспей кетер, Сұлуға қош аман бол деспей кетер. Әр кетер, шай таусылар, киім тозар, Халыққа қадірсіз боп жүрме бекер.
Сұлубике:
Соңыма мұнша түстің неге, Зейнеп, Сенен мен сұрадым ба тамақ, көйлек? Жүруші ем сұлулықтан пайдаланып Райзо, маған таныс Райсовет.
Зейнеп:
Әй, Бике, еңбек тапсаң көп бола ма, Тамағың істемесең тоқ бола ма?
Сұлулық қар суындай тез құриды, Білмесең достығымды өкпелеме.
Сұлубике:
Әй, Зейнеп, сұлулығым көре алмайсың, Мен құсап жолың тауып жүре алмайсың. Дегенге стахановшы мәз боп жүріп, Болдырып өлгеніңді біле алмайсың.
Зейнеп:
Әй, сұлу, сенің күніңді итке берсін, Бір күні бармақ тістеп күйінерсің. Соғыстан байың келіп басқа тепсе, Колхоздан қайыр сұрап күн көрерсің.
Сұлубике:
Күн өшпес, су суалмас, сұлу өлмес, Білмейсің ғашық жайын сен жарымес. Ойнаған, күлгенімді көре алмайсың, Тапқанын менің ерім саған бермес.
Зейнеп:
Ал десе ұшқыр құнан аттан озған, Еңбексіз ерке әйел шілдей тозған. Сенем деп құр күлкіге қор боларсың, Кем қалған қатарынан сен бір жазған.
Сұлубике:
Сұлулық қалада ма, далада ма, Болмаса төреде ме, қарада ма? Сұлуға қаладағы жұмыс қылғыз, Зейнепжан, жалғыз маған жалаңдама.
Зейнеп:
Сұлудың қаладағы жұмысы көп, Зауытта, кеңседе істеп тыныштық жоқ. Қаланың халқы қарап жүр дейсің бе, Еңбексіз сенен басқа бір кісі жоқ.
Сұлубике:
Жалғанда жалқау бар ма менен басқа, Айтпайды еңбек тап деп сенен басқа. Зейнетай, жұмыс қыл деп қыстамағын, Қасардым соттасаң да тіл алмасқа.
Зейнеп:
Жалқауды қорқытпаймын, үгіттеймін. Ешкімді соттайды деп үркітпеймін.
Білмесең достығымды бір білерсің, Түсініп жұмыс қылсаң кейін-кейін.
Сұлубике:
Колхоздан еңбек тауып көргенім жоқ, Сұлулық арқасында тамағым тоқ.
Көзімді көрінгенге қысып қойсам, Болады тұрмыс түгел, көйлегім көк.
Зейнеп:
Сұлулық тілімді алсаң еңбекте тұр, Ертерек елдің жауын жеңбекте тұр. Әйелге сеніп отыр ұлы Отаным, Соғыста Отан үшін еркектер жүр.
Сұлубике:
Шөлдесем шайға қанбай жүре алмаймын, Түс болмай төсегімнен тұра алмаймын.
Енбейді жүз айтқан сөз құлағыма, Жүргенде үйде қарап ұялмаймын.
Зейнеп:
Кім сұлу, осы күнде еңбек сұлу, Отанның жауын құртып, жеңбек сұлу. Кемпір-шал, жас балалар еңбек қып жүр, Ұят қой жалғыз саған қарап тұру.
Сұлубике:
Әй, Зейнеп, мазамды алдың күнде келіп, Ұйқымды шайдай аштың түнде келіп.
Комбайыншы, дүкенші мен ферма бастық, Тұрады керегімнің бәрін беріп.
Зейнеп:
Ау, сұлу, бұл мінезің бәрі теріс, Бұл істеп жүргеніңнің бәрі керіс.
Түбінде бармақ тістеп, бас шайқарсың, Онан да ұлы Отанға көмек беріс.
Сұлубике:
Отанға тілектеспін үйде жатып,
Ән шырқап, гармонь тартып, билеп жатып. Өткіздің өміріңді қызық көрмей, Зейнепжан, жұмыс пенен бейнет тартып.
Зейнеп:
Жатқаннан үйде жалғыз еңбек қызық, Айдасам трактормен жерді бұзып.
Сауықта ойын-күлкі, көп ішінде
Қол жайып тұрған жаман, көзді сүзіп.
Сұлубике:
Бола ма жан қиналса үйде сауық, Жұмыстан келгеніңде есің ауып. Зейнеп-ау, жаздай тапқан еңбегіңнен, Үш есе артық еңбек алам тауып.
Зейнеп:
Әй, Бике, жүр баралық қос басына, Күлипа, көрсін сені іс басында.
Нұрғиса, Күлжан да жүр еңбек етіп, Солардан сендей жалқау нұсқа алсын да.
Өтірік сөз айтпайды, шын большевик, Жалқауды түзетеді сын, большевик.
Жақында жауды құртып той тойлаймыз, Бикеш-ау, көрсетелік біз де көмек.
Сұлубике:
Зейнепжан, қоямысың жанымды енді, Айтқаның бәрі рас дәлелді енді.
Түс көрдім бүгін түнде бір қуаныш, Жарқылдап, жауды жеңіп байым келді.
Зейнеп:
Жақсы екен көрген түсің, байың келер, Отанның қызыл ерлер жауын жеңер.
Түсінсең, Сұлубике, жеңілдім деп, Тұра кеп көп алдына қолыңды бер.
Орнынан сонда Бике тұрып келді, Көпшілік ду шапалақ ұрып берді.
- Зейнепжан, мен жеңілдім, сен жеңдің деп, Жұмысқа білек түріп кірісті енді.
Сөйледі Зейнеп сонда елге тұрып, Қарсы алды колхозшылар қолын ұрып.
- Колхозшы, колхозшы әйел, тыңдаңыздар, Мен-дағы еңбекке енді бердім ырық.
Орнынан қол көтеріп тұрды Бикеш, Мойнын аққудай боп иді Бикеш.
Берсең де қандай міндет атқарамын, Көпшілік неше жылғы өкпеңді кеш.
Кештік деп сұлуларды қалың халық, Келген соң бригадирдің тілін алып. Сұқсырдай Сұлубике жер айдады, Гүрлетіп тракторге мініп алып.
Сұлудың күннен-күнге еңбегі асты, Қайраты халық алдында судай тасты. Қасқайып, күрек тісін, қасын керіп, Еңбегі сұлулыққа құп жарасты.
Сұлудың бойы сұңғақ құмырсқа бел, Шаштарын желпілдетіп таң шолпан жел. Нормасын үш есе артық орындап жүр, Бикештен үлгі ала көр, жалқау әйел.
Шынығып Сұлубике қатып алды, Еңбектің асыл дәмін татып алды. Көп еңбек көркіменен қосылған соң, Алтындай ақ маңдайы жалтылдады.
Меңгеріп жүргізем деп тракторды, Ұқпайтын түрлі винтін сұрап білді. Дос болып Зейнеппенен ойнап-күліп, Жоғал деп жалқаулықты лақтырды.
Жарасты сұлулығы еңбекпенен, Атанды стахановшы қыз құрметпенен. Аққудай мойнын иіп шалқардағы, Шынардай шатқалдағы қол жетпеген.
Әйелдер Март мейрамын тойлап алып, Клубта сауықтарын ойнап алып.
Егіске көктем науқан жүрді, Бике Гүрлетіп тракторын айдап алып.
Айтысын екі әйелдің көзбен көрдім, Бір баттым қызығына келіндердің. Өлеңін екеуінің жазып алып,
Көрсін деп писательге мен жібердім.
1943 жыл.
ҚАЙЫП ПЕН ІЛИЯС
Қайып:
Ілияс, үнің шықпайт, тірімісің, Саңлаусыз санды адамның бірімісің. Шахтаңның көптен бері көре алмадым, Жұрт болып сүйсінгендей бір жұмысын. Артта қалды дегеннің несі жақсы,
Салмақтап, санаң болса, соны түсін. Көтеріп, көмір берлеп елдің рухын, Шықпады өз ортаңда бір дыбысың. Ақыным, жөніңді айтшы қайда жүрсің, Айтшы сен, күрестің бе көмір үшін?
Беріліп жатса көмір планнан тыс, Сонда сен күрестім де өмір үшін. Шахтамда жеңіс туы желбіреген, Мақтану біле білсең менің ісім.
Топ жарған Төлеубектей батырым бар, Бір өзі он жігіттің істер ісін.
Өндірген планнан тыс көміріммен, Арттырып жатқан жоқ па елдің күшін.
Ен сөздің балуанымын көпті жыққан, Күнім жоқ жеңілем деп қорқып-бұққан. Басыңнан сөз қамшысын айырмаспын, Шыққанша сенің шахтаң олқылықтан.
Ілияс:
Тірімін, аманбысың, Қайып досым, Тым ерсі асқақтапсың, сөзің жосын. Мақсатың мінімді айтып жеңбек шығар, Бірақ та бапты тимес өзіңе осың.
Білдің бе менің шахтам қандай шахта, Бір кезде жұрт мақтаған маңдай шахта. Майданға көл-көсір ғып көмір бергін, Сен бүгін ту алдым деп мақтанғанша. Соншалық неменеге мәз боласың?
Әуелі өткен жылғы борышты ақта.
Ел-жұрттан алғыс алған біз емес пе ек, Малтығып Сіздің шахта жатқан шақта. Ғазиздей орден алған батыры бар, Болады әр қалай-ақ мақтансақ та.
Ілияс көмір бер деп жырламап па ед, Үндемей сен үйіңде жатқан шақта. Жүлде алған ердің бірі – Николаев, Бір кезде ие болып құрметті атқа.
Шахтаңды олқылықтан шығармақ боп,
Сан рет барып қайтқан Сіздің жаққа. Ғазиздей бүкіл елге даңқы шықса, Сен барып Төлеубекті сонда мақта. Күні ертең бассейннің алды болып, Ту ілер қақпасына біздің шахта.
Ие боп қалып жүрме сонда Қайып,
«Шахтасы артта қалды» деген атқа!
Қайып:
Шахтаңды салыстырсаң шахтамменен, Ілияс мақтанбақсың, айтшы, немен?
Жоспарың жылында бір орындалмай, Осынша қара басты сені неден?
Өткен іспен күнәңді жумақ болсаң, Айыптың деп ұққайсың бәрі менен. Жеңісті айтып, мініңді көрмеген соң, Қайтып сабақ алады басқа сенен?
Күні өткен аз кірісті жаттап алып, Олқылықты шығардың неге есіңнен? Табысқа бір азырақ мастау болып, Рас, ол, өткен жылы сәл сүрінгем.
Бірақта кемшілікті сылып тастап, Ширады бұрынғыдан тағы денем. Кешегіден бүгінім асып түсіп,
Оқ бойы бассейнде алда келем. Сен соны бұл күн кеше естімеген, Неден ғана құлағың болды керең? Бір кезде бассейннің алды болсаң,
Бұл кезде неге қалдың артында сен? Қатарыма ертең ту ілем дейсің, Аласы туың бар ма несиеден?
Бүгін неге көзіме көрсетпейсің, Тамағымды ісірмей несиеңмен. Шахтама бірер қабат келіп ең сен, Сыртыңнан сонда сені байқап ем мен. Әлі де сол жағдайың өзгермепті, Берекесіз құрғақ сөз көрініп ең.
Майданға көл-көсір ғып көмір берсең, Неге бере бермедің сол бетіңмен.
Ел-жұрттан алғыс алғам деп айтасың, Арылған адамға ұқсап міндетіңнен.
Бір Ғазизден басқаңды атамайсың, Басқа адамың, Ілияс, қайда кеткен? Екі сөздің бірінде озам дейсің, Көмір келіп түсе ме өзі көктен?
Ілияс, жан екенсің мақтан жақтар, Бірақта жүлде алмайтын мақтаншақтар. Білген адам мақтанды былай қойып, Әуелі мойныңдағы борышты ақтар!
Сен мені тілмен жеңбей көмірмен жең, Егерде абыройыңды болсаң сақтар!
Ілияс:
Ақыным, арындаған сөзің жақсы, Шахтаңыз жақсы адамға емес тапшы. Қалдырмай қайдағыңды сарнайсың кеп, Секілді құрыстаған кәрі бақсы.
Аяулы азаматтар бізде де көп, Ісімен көпшілікке болған басшы. Ғазиз бен Серафиннен асып түскен,
Айта ғой, адамың бар қандай жақсы, Қорғауға ұлы Отанды зұлымдардан, Ашынып совет халқы күрес ашты.
Жорыққа жалпы жұртым лап қойғанда, Әрине біреу қалып, біреу асты.
Жүрексінген кісідей жөпелдемде, Жарыста кейіндедің, сен алғашқы. Бір кезде шабан шахта аталдың ғой, Оныңды болып жүрсің жасырмақшы. Бәйгіні ұлы дүрсін көрдік талай,
Жүйрік бол жүлде алатын тимей қамшы. Ағыншыл, алғашқышыл, тыз етпенің Болатын тілерсегі талдырмашы.
Нысана әлі де алда жауды жеңу, Бәйгені сонда ғана жеңіп алшы! Халықтың қасиетін сақтайтұғын, Жұртыма атышулы менмін жаршы. Сен мені омыраумен соғам дейсің, Сөзіңді сонау шәлкес қайтып алшы.
Көп ерлер елден туған бір жерде емес, Тыл менен майданда жүр іркес-тіркес. Жел сөзбен ауызыңды толтырасың, Бір қолға жинағандай бәрін тегіс.
Түбінде мақтан – зиян, дандайсыма, Ақылым саған айтқан етпе ерегіс.
Жұмысты қайта құрып бел буындым, Бізде де басталады енді жеңіс!
Ақыным, абайлап бас аяғыңды, Күн алда сынайтұғын байқап өріс!
Шахтаңды мақтан еткен мен де білем, Білген соң бар шындықты айтып берем. Қайыржан Серафиннен сабақ алып, Атанды шебер басшы анық өрен.
Тасқыны тасқын судай асты дейсің, Лотогтан Жүзбаевтың әлі төмен.
Қайып досым, сөзіңді салмақтап айт, Мақтан, жалған қашанда зиян деген. Жеке қара болдым деп желікпеңіз, Шыққанша жауды жеңіп, сынасам мен. Ешкім қумай дыр етіп зырлайтұғын, Ұшқырсың артық емес бөденеден.
Қайып:
Ілияс, сөзің жаман, қорқам сенен, Деген сөзің жел буаз, түбі жеңем. Асығыс жоқ артымнан мықтаймын деп,
Шахта оңар ма, сен болсаң сабақ берген? Бұл бетің, Ілиясым, адасқан бет,
Құр бетіңмен лақпай, орал бермен. Терісіңді дұрыс деп далбастасаң, Кенеуің кеткен сайын кетер төмен. Нақтылы басшылық бар менің шахтам. Көмірі күннен-күнге үдеп өнген.
Арың болса айтпас ең ағыншыл деп, Көре-тұра үш туды желбіреген.
«Ұшқырсың артық емес бөденеден» Деп, шахтамды теңейсің бөденемен. Тексеріп, тегін танып, теңін тауып,
Кісінің теңеуі емес теңеу білген. Ойыңның бар көлемі осы болса, Ілияс күдерімді үздім сенен.
Несиемен жеңетін жауың бар ма, Көмірің қайда, көрсет артық берген? Он бесінде бітіргем май жоспарын, Көзің сенің, Ілияс нені көрген?
Естімепсің, көрмепсің Жүзбаевты, Ақыным, өзің айтшы ұйықтап жүр ме ең? Бітеу соқыр болмасаң келіп көрші, Шилкеевич көп артық еркегіңнен.
Шахтаң көмір бермесе бізбен бірдей, Сөйлеспеймін мен енді сеніменен!
Ілияс:
Ақын деп, Қайып құрбым, кімді айтады? Шын ақын шектен шықпай шынды айтады. Ләззәті балдан тәтті, оқтан ұшқыр, Сүйкімді, сөзі орамды тілді айтады.
Тілінің орамы жоқ топас ақын, Баттитып бетке басып мінді айтады. Сөз білмес сүйкімдіні алыстатып, Жақсыдан жаман атты ұлғайтады.
Бірақта емеспін мен сендей ақын, Айырам асыл, жасық сөздің парқын. Сен озып, мен артыңда қалсам-дағы, Шошыма күдер үзіп менен жарқын! Табысқа масаттанбай жүрген кезде, Жақсы еді шахтамызда өрлеу қарқын. Басшымыз кеншілерді басқара алмай, Сұйылтты барған сайын істің артын. Жан салған Отан үшін ерлерімнің, Үлгісін жая алмады көпке жарқын.
Бабымен тұйғындай ғып ұстамаса, Беталды тұлпар да жоқ бәйгі алатын! Қалған соң планымыз орындалмай, Сөз айттың, Қайып ақын, маған батым. Түңілме, күдер үзбе жерге қарап, Бәйгіден кім бауыздар қалған атын!
Мен Ілияс, жұртым түгел атым білген, Не, дүлділ, жүйріктермен қатар жүргем. Жоймайды беделімді менің шахтам, Ардақта ақыныңды мол көмірмен!
Күшің мен құралың сай дегендейін, Орның жоқ кем қалатын ештемеден! Ұласқан ұлы Отанның жорығында, Салбырап артта қалу – өліммен тең! Жоспарым келгендегі орындалмай, Масқара, ойлап тұрсам, бұл не деген. Қалыспай ең болмаса, қатар жүрсе, Қайыпты бір қаққаннан қалдырмас ем.
Мен, бірақ кейігеннен кері кетпеймін, Өрлесе алып шахтам мен де өктеймін. Бастықтар, шахтерлерім, жоспарды арттыр Десеңдер Ілиясті жүдетпеймін!
Уа, Қайып! Айта берме қалғанымды, Сен менің білмей жүрсің арманымды, Таразы тарта алмайтын өлшеусіз ем, Завшахта жеңілдетті салмағымды.
Бермейтін топтан торай тұлпар едім, Күйсіз ғып арықтатты тарланыңды. Тартушы тізгінімнен болмаған соң, Амалсыз тістедім ғой бармағымды.
Егесте ел біледі ердің құнын, Сүрініп көрмеп едім бұдан бұрын.
Біржаннан жеңілгенде Сара айтқандай, Жоспарым орындалмай бітті үнім.
Қаншама сайраса да бұлбұл тілім, Завшахта обалыма сендер қалдың. Кем еді Қайып менен анағұрлым! Жөн сөзге арсыз адам таласады,
Жұрт көрдің, Қайып жеңді, мен жеңілдім. Қайыптың айтқанының бәрі дұрыс Жолын бер – қазақ салты, менің мұным!
1943 жыл.
ШАШУБАЙ МЕН БОЛМАН
Шашубай:
Шырағым, аманбысың, ақын Болман? Дауылмын жан беттемес, соқсам оңнан. Өлеңге болдырмайтын желғабызбын, Жүлде алған сан дүрмекте талай қолдан. Балқаштай ақ айдынның аққуымын, Еркелетіп толқынына күнде шомған.
Желпісем қанатымды дауыл тұрып, Тітірер екпінімнен небір қорған.
Он Болман іздеп келіп жарысса да, Тарланмын таймайтұғын даңғыл жолдан.
Салмақты Қоңыраттың тасындаймын. Желіксем көктен түскен жасылдаймын. Өлеңнің қырық қырқасын бір-ақ асқан, Іліндің қармағына Шашубайдың.
Ақыным, осы жолы мерт болмай қайт, Жүргенде шығамын деп төсіне айдың.
Күшейтіп шабуылды майданда ерім, Тазартып қасиетті кеңес жерін.
Қарыштап күнде алға басып барад, Талқандап, бұзып-жарып жаудың шебін. Ынтымағы жарасқан алуан ұлтты,
Кім орнынан қозғалтпақ кеңес елін?! Отан үшін, ел үшін, өмір үшін, Жырлайық екі алыптың не бергенін. Сөйле ақын, серме құлаш, көсіл, қарман, Қапыда қалдым деме мына шалдан.
Жентекте, жетіле айт білгеніңді, Аяма мінім болса ойыңа алған.
Келмейді шаршы топта аялдағым, Аз сөзбен хал-жайымды баяндадым.
«Амандық, ағаданның» салты осы ғой, Кезек ал, барыңды айт, аянбағын.
Болман:
Адамға ақындығын бағалаған, Жөн шығар өз күнін де шамалаған.
Қорықпай-ақ қанатыңның дабылынан, Сол көлді мен де, ақсақал, жағалағам. Ғажайып сұрапыл боп сұр үрсең де, Қозғалмай отырмын ғой бағанадан.
Иіріп тәулік сайын жүз вагонды, Жеткізіп рудаңды бере алмаған. Сол қанат маған бітсе Руденконы, Болар ем күніне жүз сабалаған.
Мен-дағы асу бермес асудаймын, Желіксем бірер таңға басылмаймын. Барында Жезқазғаным жеңілмеспін, Келсе де сексен сегіз Шашубайың.
Жезқазған бар алыпты қарына іле, Атағын жеңіп алды бәрінің де.
Бір түгіл салыстырсақ қырық Қоңырат, Болмайды астар тұрсын әлібі де,
Арқада үлкен үй боп қазыналы. Көтеріп не сұрасаң базынаңды, Шешеке, осы маған өкпең бар ма, Әкеліп тұрсам да ылғи қазынамды.
Болғанда үзігі алтын, түндігі мыс, Уығы, керегесі аппақ күміс.
Қазығы қорғасыннан алып үйін, Жабылып қозғай алмас батыс, шығыс. Мыс беріп, қатал жаумен жұлысуға, Сүрінбей шауып өткен ұлы сында.
Әрбірі, әр заводтай шахталарым, Ақсақал, толар білем уысыңа.
Табыстан он ай бойы, табысқа өрлей, Келемін жарысқанның алдын бермей. Қолымнан сонан бері ту түскен жоқ, Соны да жүріп пе едің көзің көрмей?
Жаныңа жабырқама кетсе батып, Біз емес күн өткізер үйде жатып. Бәйгеме анада алған, қажет болса, Бір айлық рудаңды алам сатып.
Жанарың, ақын аға, жетпес шолып, Бергенім жеңіс үшін жатыр толып. Өндірген жоспардан тыс рудаммен, Түп-түгел қаруланад сексен полк.
Қияның қол жетпестей қиясымын, Деп бүгін мақтануға сыясымын, Тудырған таңырқалық, алып ерлік Өйткені, рекордтар ұясымын.
Атағы Алатаудай асқаралы,
Жетерлік мың-сан жауды жасқарға әлі. Атқарған қырық адамның қызметін, Алып жоқ Балмұханнан асқан әлі.
Бұрғышы кім білмейді Әйгеловті, Самғаса сан жарыста бәйге ілікті. Бітірген айлық істі бір тәулікте, Өнері ерлігіне сай келіпті.
Кімің бар пар келетін Ақшаловқа, Ерлікпен даңқы шыққан шартарапқа. Нормасын жиырма адамның жабар еді, Бір күнгі еңбегінен енші алып та.
Семірген өтірікке Селиванов,
Қайғы жоқ, тіл буынсыз, қорынарлық. Жаны тыныш, жол ісімен жұмысы жоқ, Саусағын жылы суға отыр малып.
Күніне неше вагон құласа да, Қылмысы тексерілмей жатыр қалып. Балқаштың толқын қуған құр аққуы, Көрмедің соны неге қырыңа алып?
Үнемі жолдан тайып, вагон құлап, Аптығып тұрғыза алмай жатсаң сұлап.
Шашеке, мен айтпай-ақ, өзің айтшы, Бересің составыңды қалай құрап?
Құрағаннан құлату оңай дейді,
Сол жерін Топченкодан көрші сұрап.
Ана бір жылтыңдаған Волоканов, Келгенде құлатуға деседі алып.
Бір емес, әлденеше пойыз құлар, Соңына сол жұмыстың қойсаң салып.
Шашубай:
Әлемге даңқы мәлім, атағы асқар, Қатталған қойнауында қымбат тастар, Қазыналы Қоңыратқа салғастырсақ, Еш алып Еуропада болмас астар.
Алыппын аты шулы асқан шеннен, Құралған тұтас тұлға алуан күннен. Егер де керек қылса сексен зауыт,
Еш уақыт тарықтырмас жейтін жемнен.
Өзім оқ, өзім бомба, өзім танк, Өзім кен, өзім қазына, өзім алып. Майданға көмегімнің көптігіне, Жетеді қашаннан да көзім анық.
Қоңына қадасаң да тоқсан бұрғы, Білінбес шыбын-шіркей шаққан құрлы, Не ғажап алып күшті машинам бар, Келтірген асты-үстіне ой мен қырды.
Қозғалмай бір орында табан тіреп, Сан батпан салмағымен соқса шіреп. Жеті қат жерден өткен зұлпықардай, Қашауым қара тасты кетер іреп.
Салмағы соншалықты шектен шыққан, Инедей сол қашауды жерге тыққан.
Батыр бар Абзалбектей елге мәлім, Жентектеп таудай тасты саздай сыққан. Анадан алып туған Өтебаев,
Алдынан қаһарланса жұмыс ыққан.
Тебінсе тегеуріні темір үзер, Нұржанов бір ұрғанда тауды жыққан. Кім жетер Парпенов пен Сыздықовқа, Мылқау тас сөйлеп кетер тілін ұққан. Болманым, мына көпке айтыл бергін, Осындай ерім бар деп менен шыққан.
Біреуі бір-бір шахта экскаватор,
Шақ келмес теңеуіне мың-сан батыр. Атандай кесек тасты бір-ақ қауып, Күніне мыңдап вагон тиеп жатыр.
Үйреткен сол асауды Елемесов, Алысса құз жартастан ерегісіп. Аумағы бір ауылдай кен алқабын, Ожаумен қас қаққанша алар көсіп. Маманов, Петришев, Секербеков, Қайнатып қара тасты қалған бекіп. Қопарып боршалаған ерлік ісін, Жеткізіп айта алман тілім жетіп.
Бір күндік рудамды берген артып, Жүз пойыз әкетеді әрең тартып. Құралған барлық мүшем машинадан Көтерем сан Болманды бір-ақ қарпып. Кел-дағы мың пойызбен тиеп әкет, Кенімді керек болса берген артық.
Мақтадың, Болман шырақ, комбинатты, Есіңе аламысың майдан жақты?
Алты айда кем бергенің білемісің Екі жүз отыз мыңдай снарядты?
Балқашқа берген кенің тат боп шығып, Бес жүз тонна мыс соңынан жетпей қапты. Рудадан жиырма төрт мың борышың бар, Мұны кім саған тағы арқалатты?
Мені былай қойғанда өз зауытың, Он екі мың тоннаны ала алмапты.
Басқарған Новоселов екі шахтаң, Оныңды айтамысың етіп мақтан?
«Он бір» мен «Жиырма тоғыз» оған серік, Хабарың бар ма, сірә, олар жақтан?
Қаншама мың патрон болар еді, Есептеп кем бергенің болсаң шаққан?
Біліп ем Байқоңырдың жайын ашып, Жабырқап өз-өзімнен қалдым жасып.
Не сапа жоқ, не сан жоқ, – күл шығарып, Отанның мыңдаған сан пұлын шашып. Ақынмын деп сол жерде неге жүрсің, Олқылықтың көрсетпей бетін ашып?
Көмірші, жұмысшының төрттен бірі. Нормасын орындамайды осы күні.
Еңбекте өнім, ісінде береке жоқ. Даурыққан у да шу, ығы-жығы,
Етек басты борышты болған Болман. Ақын атын арқалап жүрсің тірі, Балқаш пен Қоңыратта жүрмес едім, Болса егер осы міннің жүзден бірі.
Болман:
Шашеке енді нең бар мақтанарға, Құрғақ сөз бұта болмас паналарға.
Құз болдың, кеме болдың, аққу болдың, Ешнәрсе қалдырмастан басқаларға.
Ұшсаң да мың сан таудан ақиық боп, Қайтсең де тең келмейсің біздің нарға. Мақтаған Қоңыратың жарты жылда, Тоқсанға проценті жетті зорға.
Байқоңыр көмір бермей күл берді деп, Саласың дауды қуып басын шарға.
Қаншама баптасаң да сөзбен түйреп, Жөнсізге, сірә, Болман қозғалар ма.
Байқоңыр жалғыз жемдеп комбинатты, Жыл бойы мыңдап тонна көмір шапты. Көмірі Байқоңырдың электр боп, Забойға ауа болып бұрғы ойнатты.
Күшімен сол көмірдің қопарған кен, Ағылып сіздің елге келіп жатты.
Жемдесе бір алыпты көмірімен, Отанға қай жерінен зиян сапты.
Шарықтап құлаш ұрдың биік көкке, Абайлап көз салмастан төңірекке.
Болса да сексен завод жемдеймін деп, Тағы да үдей салдың өр көкірекке.
Шынында сексен түгіл бір Балқашты, Отырсың қамти алмай жекпе-жекте. Қол ұшын бермегенде Жезқазған кеп, Белшеңнен батар едің берешекке.
Алыптың көрсетейін айтып түрін, Аңдарсың естімесең бұдан бұрын. Шахтам бар жеті қат жерді ойып түскен, Ішінде ел көшкендей неше дүркін.
Күш алып электрден, болат жолмен, Тасиды мың сан вагон нардың жүгін. Басқарған Байқоңыров бір топ шахтам, Жоспарын орындады елден бұрын.
Бес айдай жоғары ұстап келе жатыр, Ұстаған қолдарында Қызыл туын.
«Покро», «Злотоуст» шахталары, Шалқытты күн-күн сайын жеңіс жырын.
Ойран ғып жердің астын жеті қабат, Бұрғылап, шыңды тесіп, тасты қашап. Қопарып аумағымен қалың құзды, Тау жарған екпінімен өңкей санат.
Ақтарған жер астының қазынасын, Ерлерді дәріптеймін мыңға балап.
Бір ғана Жезқазғаннан бір мың кенші, Жүлде алды оза шауып өңкей саңлақ. Сол топтан үздік шыққан отыз ерді, Мақтан ғып айтуыма аузым толад.
Алты айда орындады жылдың ісін, Бір мезгіл дамыл алып, етпей тағат. Бұрғышым батыр сынды Шаталюкті,
Бар жұрты қадірлейді тәрбиелеп. Жоспардан жүз алпыс тонна мыс артылтқан. Күшіне ел таң қалды тамашалап.
Жасалған сол мысынан патронмен, Он мың қол қаруланып жауға аттанад. Атақты Ғиятулин, Оралбаев,
Еңбекте тыным алмас жарты сағат. Қозыбағар, Нұрмағамбет батырлардың, Қолынан талай құздар бордай тозад.
Ешпаев, Жабағинов тәшке айдаса, Рулы ел үдергендей думан болад.
Күлайшә, Вера сынды аруларға, Еліңде тең түсерлік әйел бар ма? Шығарған екеуінің рудасы,
Күн сайын жүк болады бес жүз нарға. Айлығын жиырма күнде орындады,
«Покро» он екінші шахталар да. Шахтасын тәулік сайын алға тартқан, Синицин, Ысқақ сынды батырлар да.
Шашубай:
Төгіл жыр, көмекейден, сөйле тілім, Болмандай келгенде іздеп ақын інім. Жетектеп жетегіме алайын мен, Заводтың аралатып ойы қырын.
Қыран көз көргіш болса шолып өтсін, Балқаштың ішкі сыры, сыртқы түрін. Бура сан, балуан білек ерлерімнің, Көрсін көз тиеп жатқан өмір жүгін.
Қазбалап бәрін түгел айта алмаспын, Салмақтап айтайын тек мыңнан бірін.
Орнындай ақ орданың жеті қанат – Кең үңгір, апан ауыз, түпсіз ғажап. Жатағы түйетайлы шыңырауда, Басың шырқ айналады тұрсаң қарап. Осы апанға күніне мыңдап вагон, Руда келсе, жұтады қылқып жалап. Дәл түбінде орнатқан қос болат тіс,
Шақыр-шұқыр бір тасты мыңға шағад. Жезқазғанның жыл бойы берген кенін, Бір-ақ күнде ұнтақтайды, жайын табад. Кеннің бұл кірер жері тіреліп кеп -
«Мак-Кули» машинасы деп аталад.
Шыпылдап арнаға лай лықып-толып, Бетіне мысы шығып көбік болып.
Қалқылып қалақпен мыс алынады, Бір емес, бірнеше рет көбіктеліп. Байыту фабригі бұл айтқаным, Сөйлесең осыны сен көріп келіп. Алдымда тізе бүгіп отырар ең,
«Өзің біл» деп өзіме ерік беріп. Әттең ғана табандап бармай тұрсың, Өр көмейге өршіте желік беріп.
Күнде үдеп фабригім жатыр шалқып, Бір күннен бір күнгі өнім түседі артып. Осы жылдың алғашқы алты айында, Миллион снарядтық мыс берді артық. Он миллион патрон болар еді,
Осы мыс жоспардан тыс алған қалқып. Жалыны көкке шапшып, айды шарпып, Түтіні аспанға алыс шеру тартып.
Түн шырағы атанған алтын айға – Сұңғыла биік труба иек артып.
Жер тұрсын көк әлемі жұлдыздарға, Адамның кереметтей сырын айтып. Мыс балқытып алатын ғажайып пеш, Айтсам да сыйымды ол қалай қамтып. Жезқазғанның өндірген айлық кені, Бір аптада шығады қорып-балқып.
Алыптың алып ісін көрген сайын, Кетеді Шашубай да тасып-шалқып. Мотор мен ер қимылын жырлап келем, Құлаштап гармонымды өлең айтып.
Сұлу ән, өткір жырдан күш алған ер, Табиғаттың бермесін алды тартып. Елімнің бостандығын қорғағандар –
Күніне ондап вагон тиеді артып. Басқанша аяғыңды шіреп, Болман, Мыс берген жеріңді айт менен артық?
Кең иық, құлжа мойын, бөрі кеуде, Не сабаз шомбал дене ер бар менде. Тепсе темір үзетін күш алыбы, Алып ата тудырған ұлы бейне.
Әубәкір топтан озған саңлағымды, Мақтауға тіл жетпейді қалай деуге. Ұйысқан қалың қайрат, қажырлы күш, Тәмамдайды қандай іс болса демде.
Жарты жылда миллион снарядтық,
Берді мыс жоспардан тыс майданда ерге. Төрт миллион оқтық жез берді асырып, Белик деген қырмызы қыпша бел де.
Күләштің жоспардан сырт алған мысын, Бір үлкен тау болады үйсе жерге.
Пугач пен Иманбайдың баласына, Шенессе шақ келерлік кім бар сенде? Осы екеуі ағызған мысты көрсең, Теңер ең өзің айтып шалқар көлге.
Қанатай артық көрген молибдені, Сауыт болад жүздеген танктерге. Мыңнан бір мысал ғана бұл айтқаным, Ерім көп лайықты дәріптеуге.
Айды аптап, күнді күптеп көпіресің, Мақтанып қай ісіңе лепіресің?
Аяқты аттап бассаң авария,
Жүре алмай қоянша орғып секіресің. Бұзылып екі күнде бір тоқтайды, Черновтың қолындағы компресің.
Ишенко, Гришиннің шахталарын, Жақсы деп қалай мысал келтіресің?
Үзіліп темір екеш темір арқан, Қолынан Ишенконың болды талқан. Гришин басқаратын алып шахта, Кетеуі кетіп қалған алқам-салқам.
Үзіліп қирағанды түзеумен-ақ, Босамай қойған жоқ па сенің арқаң!
Шахтаң аз маған айтып мақтанғандай, Мәз болып табысына шаттанғандай. Тәжбенов пен Мальцев сияқтылар,
Басқарған шыныңды айтшы шахтаң қандай? Нормасын айында бір орындамай,
Керенау, жалқау деген атты алғандар. Бұларға сірә алғыс айтты ма екен?
Майданға Отан үшін аттанғандар.
Фабрик байытушы кенді көптеп, Қыбырлап келе жатыр ептеп-септеп. Бір жүріп, бір бұзылып кейбір күні, Бір диірмен шығады сыртқа шеттеп. Сәтті түскен бір күнді айтып берші, Бір беткей жүріп кеткен алға беттеп. Кінәлі осы іске Безбатконың, Білмепсің ең болмаса ісін тектеп.
Менімен сүйте тұра шендеспексің, Мініңді ат сүрінер баса көктеп.
Бүріліп тырнағыма қаларсың құр, Сұрап ап жан сауғаны құтыл ептеп!
Болман:
Шашеке, жек көруші ед биікті кім? Мақтай бер трубаңның биіктігін.
Бірақ та онын әкеп жалғасаң да, Көрдің бе артпағанын биіктігін. Тегінде кері болып жүрмегей-ақ, Баяғы ұста пышақ жиынтығың.
Өндірген мысыңды айтпай, трубаңды айтып, Ісіңнің көрсетіп тұр сұйықтығын.
Білдің бе қанша мысты ысырап еткен, Әлгі бір мақтап жүрген сүйікті інің? Соны сіз бұл күнгеше білмепсіз ғой, Трубаның өлшеймін деп биіктігін.
«Мак-Кули» аса ашқарақ демейім де, Сонда да қақалуы көбеюде.
Басқарған адамыңның аты шықпайды, Жоқ па екен бір қылтанақ көмейінде. Қаншама зауытымды сынасаң да, Бірақ та темір түспейд көмейіне.
Зауытым отырған жоқ отқа қарап, Майданның керегіне жатыр жарап. Өндіріп жоспардан тыс қаншама мыс, Сізді де соңғы екі айда қалды жанап.
Жапаров Айтқұловтай горнобойлар, Майданның күн-түн істеп қамын ойлар. Осылар тақымыңа толар деген, Шашеке, сіз сияқты бізде де ой бар.
Кім білмес конверторшы Қожановты, Меңгерген өз ісіне қожа мықты, Майданның сұрағанын үзбей беріп, Бәйге алып сан дүрмекте оза шықты.
Білікті бір мастерім Ахметов, Көрмеген еш жұмыста хақы кетіп. Өмірде оттан, оқтан беті қайтпас, Сындардан келе жатыр аман өтіп.
Шашеке, өзім бомба, өзім танк,
Дей берме бар байлықты еншіңе алып. Кеткенін кімнен танк көрер едің, Байқасаң майдан жаққа көзің салып.
Әлемге атағы аян Жездімізді,
Бар майдан арқасына отыр таңып. Көп беріп зауыттарға марганецті, Өргізген біз болармыз мыңдап танк.
Кім білмес Жездідегі Грипасты,
Жүлде алып сан дүрмекте шоқтығы асты. Бір өзі қырық кісінің ісін істеді,
Қақ жарып қайратымен қара тасты.
Тізеден фабрикаң, лай-балшық, Тазартып болар емес адам аршып.
Жылтырап екі көзі Матвесенко, Жүргені жас мысықтай күнде малшып. Айтқаным, сол байғұсың суға кетед, Бір күні көл боп кетіп сонау шалшық.
Шашубай:
Айтсам мен ерлерімнің атын даттап, Төгіліп сөз тасқыны кетед қаптап.
Паровоз машинисті Дюжев дейтін, Басамын айшылықты алты-ақ аттап. Ыңқ етпей тау салса да көтеремін, Үстіме, Омаровша неше қаттап, Атақты аты әйгілі Пухкише ұста, Бір күнде неше батпан соғам қақтап. Зерекпін флататор Қасымжандай, Мүлтіксіз мың тетікті алған жаттап. Көзімнен жайдың оты шашырайды, Сварщик Бекеевті айтсам мақтап.
Балдырған баладайын Коначеев,
Әп сәтте мыңды алатын, мыңды саптап. Мен ұста, мен машинист, мен жүкшімін. Шал емен, үйде отырған шайын баптап.
Жерім көп мақтанарлық неше түрлі, Көрікті сәнді қала, қызыл гүлді.
Саялап самалында Иран-бақтың, Кәрі, жас, дем алады, жазды күні. Ой толғап радио шырқайды әнді, Суырып түптеп тартып сұлу күйді. Кәрі-жас күнде кино-театрда,
Ду қылып, тай шаптырып зәулім үйді. Мыңдаған адамы бар Жезқазғанда, Бір бақ жоқ ауыз толар осы ғұрлы.
Күн қызып ыстық бойды шарпығанда, Үйіншек пана болад үйдің түбі.
Кіршіксіз менің алып өндірісім, Бұл себеп мол беруге өндірісін.
Жарқырап ту сыртына тұрған жоқ па?
Мойның соз, иланбасаң көрші кісім. Айна деп кескініңе қарар едің, Алыптың өз көзіңмен көрсең ішін.
Сендегі кейбір цехты тұрсам көріп, Кір басқан, шаң ұялап, өрмекші өріп. Жүректі айнытады қоңырсыған, Мұрныңа әлдененің иісі келіп.
Жылы болсын дегендей зауытыңды, Қойыпсың белдемшеден күлге көміп. Осыны көре тұра жақ ашпайсың Кеткендей боп үйреніп, етің өліп.
Көретін ойын-сауық халық келіп, Клубың құлауға тұр жалп беріп. Өрінен ойға қарай тіреу сапты,
Бір ғалымның жобасын салып беріп. Жарықтық осыны өзі істеп пе екен, Моласына Насырдың барып келіп. Болман, сен кетпейсің бе «ғалымыңның», Бізге де бір үлгісін алып беріп.
Тұз үйіліп жатса да қастарыңда. Тұз салмай ас ішкенді көрген емен, Болмандай ақын түгіл басқаның да. Сақал-шашы будырап кетіпті өсіп, Жігітің еріп келген қастарында.
Қалаңда шаштаразы жоқ па, жаным, Мұртты басып, сақал мен шашты алуға?
Жатақ үй кейбір жерде шеннен өткен, Бүрге менен қандала үңгір еткен.
Бүр түн түнеп ішінде шыққандардың, Ақ етін көк тырнағы күлдіреткен.
Сұқашовың басқарған жатақ үйді, Кім төсексіз, көрпесіз бұлдыр еткен.
Суым мол деп көпіріп, көп жырлайсың, Тамшы суға зар қылып сылдыр еткен. Естімепті осыны ел көре тұра,
Үніңді тым болмаса міңгір еткен.
Барыңды бар деп айтып, жоқты жоқтап, Түсірдім кемшілігін баудай таптап.
Аталы сөзге ақын тоқтар болар, Ақиқатты мойындап, шынды құптап.
Болман:
Өзінің мінін бүркеп адалсынған,
Кей адам қорқып тұрар адал сыннан. Сіз-дағы сол айтқанның керін етіп Осында жалтардыңыз талай шыннан.
Ойлама білмеді деп мінімізді,
Сол міннің жетегіне ап мыңы бізді, Сүйрелеп осы топқа алып келді, Жеткіз деп Шашекеңе мұңымызды.
Ақсақал, Қоңыраттай асқар алып, Жұмысың кеткендіктен басқаланып. Борышты болып жатса зауытыңа Мынауың барып тұрған масқаралық.
Бір ғана авария жүзден артып, Етектен Қоңыратты жатыр тартып. Осыны тәртіптесең өспес пе еді, Майданға жөнелтетін мысың артық?
Шөліркеп шөлдегідей алыптарың, Көргеміз тамшы су деп тарыққанын. Ауданнан станоктік су таппасаң, Келгейсің Кеңгіріме алып бәрін.
Шашеке, жомартпыз ғой біз баяғы, Өзіңдей талай дос-жар қол жаяды. Тезірек адам жібер алып қайтсын, Балқаштың аз көрінер шыны-аяғы.
Қораштау көрінгенмен көзіңізге, Жетерлік ыдыс беріп өзіңізге.
Сіз тұрсын, басқаны да жабдықтарлық, Осының зауыты бар өзімізде.
Сұлу қыз, сұлу бақ пен әсем клуб, Ісіңе неге сенің әсер қылып.
Су мүжіп, итіндірген моншаңызды, Бермеді ремонттап әсем қылып.
Көптеген скважинаң шыққан бұрап, Неліктен пайдаға аспай қалды құлап? Ақсақал, жақсы ініңіз Фоменкодан, Соны бір көріңізші әдейі сұрап.
Мастерлер жерге салса қашауы өтпей, Жатқаны азаптанып жұмысы бітпей. Көп болып соны неге түзетпейсіз
Бақ кезіп, сұлу аңдып, сауық етпей.
Айталық Қоңыраттағы Наумовты, Өтірік талай рет ауырыпты.
Жаны тыныш жарты жылдай жатып ішіп, Бірталай басшыларды сауын ғыпты.
Медцехқа шақырғандай ұйықтағалы, Бүрісіп сұр қамзолын тұйықтап ап. Шашеке, қазір барып көрсең-дағы, Захаров жатқан шығар ұйықтап әлі.
Үнемі жұмыс тастап қыдырғаннан, Басыңа қырсық орнап «Қыдыр дарыған». Алаяқ аты шулы жалқауларың,
Шашеке, өлеңіңнен неге қалған?
Ақсақал, аса сөйлеп тым есірме, Ісіңде былық көбін ал есіңе.
Болсаң да жүлде тиген жүз Шашубай, Мен кепіл бұл айтыста жеңбесіңе.
Шашубай:
Жұмыс қой сүйсінерлік ту алғаның, Хабарын естігенде қуанғанмын.
Өзің айт төрелігін, ақын Болман, Дұрыс па жалғыз туға жұбанғаның?
Төгілтіп Балқашыма күннің нұрын, Төрт жерден желбіреп тұр қызыл туым. Ту тіккен зауыт, Қоңырат ТЭЦ-іне Арнайды Шашубай қарт барлық жырын.
Төрт туды қатар алып желбіретіп, Сүйдіріп алтын айды елжіретіп, Шарықтап шың басында отырмын мен, Астымда ақ айдынды мөлдіретіп.
Қолымда жеңіс туы айқайласа, Даусымнан селк етеді тау дір етіп. Күш алған қызыл тудан Лениндік, Ерлерім жау жасағын селдіретіп. Қарыштап күнде алға басып барад, Фашисті жеңіліске мәжбүр етіп.
Қайтсең де маған, шырақ, теңелмейсің, Мен тұлпар сен ғой торы көбендейсің. Тартуым төрт құбыламда тұрғанында, Қалайша мені Болман жеңем дейсің?
Болман:
Халқымен ұлы орыстың қанаттасып, Өрледік талай асу, қабатты асып.
Фашистің техникасын талқан еттік, Келсе де тоқсан тоғыз қабаттасып.
Қуатты, батыр халық, батыр балуан, Жеңістің шыңына өрлеп нешеме алуан. Мықты ұстап коммунистік қызыл туды, Тезірек құтылайық фашист жаудан.
Ол үшін еселеген еңбек керек, Жеңісті де осы ұлы еңбек беред. Ұлы еңбекпен тұтасқан күшті күрес,
Қандай жанды болса да жеңбек керек.
Ендеше жезқазғандық батырларым, Қопарғын жер қоймасын батыл бәрің. Майданның керегі үшін жан аяма, Сұрайды осыны тек ақындарың.
Шашубай:
Қайнаған табысымның мол бір көзі, Сарқылмайд өмірінде оның өзі.
Ол – Лениндік партия қамқоршымыз, Онсыз жоқ Шашубайдың айтар сөзі.
Не табыс аспанды алған, жерді жарған, Не жеңіс жау жасағын талқандаған.
Тек оның есіміне байланысты, Сондықтан аты ардақты оның маған. Болманның да, менің де табысыма, Мың алғыс ұйтқы болған айтам саған.
Биылғы жыл табыс пен жеңіс жылы, Биылғы жыл қалмасын фашист тірі. Жер үстінен зұлым жау өліп бітсін, Елімде желбіресін жеңіс туы!
Балқаш пен Қоңыраттың қыз бен ұлы, Өнімді арттыра бер күндіз-түні.
Майдандағы еріңнің күшін шыңдап, Табысыңмен қарсы ал жеңісті ұлы!
1944 жыл.
НИЯЗ БЕН БОЛМАН
Нияз:
Өлеңге зор мұхиттың саласымын, Жайлаған өлең-жырдың бар асылын. Талмас жақ, сүйір тілмен топқа кірген, Жүйріктің өзім теңді данасымын.
Айтыста екіталай – алма-кезек, Жібермей ел намысын алысамын. Серпіліп шапқан сайын алыстаймын, Болманым, қиын соғар жанасуың.
Айтыста сан ақынды сөзбен ұтқан, Шешенмін Ұлытаудай, шыққан құттан.
Байлығым басып жатыр аймағымды, Біледі дабысымды әркім сырттан.
Мен саған аңдатайын сөздің парқын, Адамға білмек керек шама-шарқын. Айтулы алабың кең ақын болсаң, Еліңнің ісін айтып, көтер даңқын.
Сондықтан байлығыңды ортаға сал, Тыңдасын мына отырған қауым-халқың.
Болман:
Ниеке, сөз сөйледің әуел бастап,
Әр түрлі кеңес құрдың, домбыра ұстап. Топ жарған шын жүйрікті халық байқар, Өзіңді көтермегін, өзің мақтап.
Сұрасаң жер-суымды баяндайын, Көптен-ақ жүруші едім ішке сақтап.
Басынан Ақтау, Ортау көзі қайнап, Таласып Атасумен тауды қойнап. Жолшыбай Сары өзенді қосып алып, Сарысу ағып жатыр төмен бойлап.
Сарысуға өрлей біткен сары қамыс, Сарғайып мұнарланад сағымды айдап.
Жайлауы көп елімнің шағын құзда, Санаса сан жеткісіз құлын нуда.
Түйе өркеш, қыз емшекті сұлу төбе, Түгел-ақ біткен екен бәрі құмға.
Жерұйық тамылжыған әшекейлі, Жайлауым алды қырда, арты суда.
Қыс көрмей жыл бойына жайған қойым, Салады тойынған соң асыр ойын.
Мамырлап семіздіктен қозғала алмайд, Жануар қошқар құйрық, бейне жайын. Жүндері нар бураның шудасындай, Сүттері көл қылғандай өлке бойын.
Ұлытауда мал баққан шопандарың, Берер ед біреуіне екі қойын.
Нияз:
Біреудің иемденіп Сарысу, құмын, Тауыпсың майлы қоныс жердің нуын. Таңбалы, Сәкен тұзын баса көктеп.
Орғытып, орағытып Жамбыл, Шуын. Соншама алыс сапар шөлге шықтың, Болманым, торсығыңда бар ма ед суың?
Жер бар ма Сарыарқада Ұлытаудай, Шөбі май, ішсең шарап, суы балдай. Алабы күндік жерден көз тартады, Қасына бұлт айналып шөккен нардай.
Сол таудың шыққандай боп шарасынан, Су ішіп мөлдір бұлақ жағасынан.
Жайлауға қаптап жатқан қалың малдың, Жол тауып жүре алмайсың арасынан.
Өңірін Жыланшықтың баса көктей, Еркелеп Қорғантас тұр жас бөбектей. Бұлдырап Едігенің етегімен, Ырғайлы ағып жатыр ойға беттей.
Сыңғырлап әсем таудың күміс суы, Жер бетін гүлдендірген бәйшешектей. Бір келіп осы тауға тынығуға,
Болманым, жүрген жоқ па қолың жетпей. Кішітау кір жуытпай денесіне,
Қол созып бақытты өмір келесіге. Еңкейіп Ұлытауға бас иеді, Құмартқан құлындай боп енесіне.
Айыртау, Қызылсай мен Сарыбұлақ, Көштен-ақ көне жерлер елге тұрақ. Қақ жарып Иген шыңнан тас бекітіп, Төрт колхоз тоған салды басын құрап. Сол таудың алпыс екі саласынан, Тоғанға құйып жатыр су зырқырап.
Сияды мен мақтансам жарасымға, Мал симай Ұлытаудың шарасына.
Отарлап отыз мың бас малым жетті, Торғай, Есілдің менен жағасына, Осындай байлығыңды көрсет маған, Ақыным, ойың болса таласуға!
Болман:
Бөктерлей Майтөбені сылдыр қағып, Дүйсенбай батысқа өрлей жатыр ағып. Кең байтақ, құтты өзеннің кең арнасын, Бес колхоз қоныс еткен малын бағып.
Не судан, не шабыннан мұқтаж болып, Ұлытауға барған емес мұңын шағып.
Деген бар жері байдың елі де бай, Төрт түлік малға толды сала мен сай.
Құм жайлап, өзен қыстап жыл құсындай, Ыңырсып қыдыр қонған ауданым бай.
Жүлде алған бір ауылым Аралтөбе, Өсірген мал кіндігін ұрық себе.
Жезқазған озып шықты Ұлытаудан, Секілді күші басым алып дене.
Орындап жыл-жыл сайын мал жоспарын, Көтерді армияның көкке белін.
Өткен қыс шығындатпай малдың басын, Жаз бойы аман сақтап малдың төлін.
Жыл сайын елден бұрын орындады, Отанға ет пен майдан берешегін.
Беретін қолқаласаң сөзден сыйым, Лебім жел, дауысым дауыл, үнім құйын. Шапқанда қырық бүктеліп, ширатылам, Тау мен қыр шабысыма болмас бұйым. Алты ай қыс қақырап, мұз түкірген, Ұлытауда малға сыйлы бар ма жайылым. Қыс бойы тау күңіренткен ақ бораннан, Ақыным, көресің бе бір күн тыным?
Паналап әр бұтаны бүкшеңдейсің, Тілейсің құдайы айтып, жаздың күнін.
Уыстап шөбін беріп желге айдасам, Малыңда қалай болмас көптен шығын. Жыл бойы қыс көрмейтін құмның жерін, Ол түгіл түсіңде де көру қиын.
Нияз:
Ежелден мал анасы құт дарыған, Құнарлы жерің болса оты қалың. Шөп сұрап Ұлытауға неге бардың?
Сол жерін айтып берші, болсаң балуан. Өткен қыс Жезқазғанның комбинатын, Асырап шыққан жоқ па біздің аудан.
Қарсақбай жазы-қысы дамылдай ма, Шөп тартып ертелі-кеш Кішітаудан, Айтқандай жер байлығың болған болса, Осылар ойнап жүр ме, неге барған?
Мен саған баяндайын аудан жайын, Сөзіңе кезегімен сөзім дайын.
Екі жыл ауданыма азық болар, Тапсырған мемлекетке ет пен майым. Асырып мал жоспарын орындаған, Бір ғана биыл емес, жыл-жыл сайын. Мен құсап алдағы жыл есебіне,
Бар болса, айт ақыным, берген малың... Сарыкеңгір самғай ағад оңтүстікке,
Су беріп Ақбасбұлақ екі жікке. Жүз гектар аяғында егісі бар,
Мың пұттан астық берген көпшілікке. Мұрабым тоқсандағы Жапсарбаев, Бастаған бір колхозды игілікке.
Алтындай «Алғабастың» ақ бидайын, Қайтушы ед кісілерің алып текке.
Қыс болса, біздің елден бидай іздеп, Келуі колхозыңның өтірік пе?
Беретін керегімді күшің бар ма, Беріп кет уәдеңді мына көпке?
Болман:
Төгілсін көмекейден алтын жырым, Бұлбұлдай сайра шешен қызыл тілім.
Жұмысы үлгі болған басқаларға, Арналсын батырларға сөзім-жырым.
Ту тіккен Аманкелді Қызыл байрақ, Жусатқан елдің жауын салып ойнақ. Қопалы тоқсан көлдің төсіне еніп, Қаптаған колхоз малы жатыр жайнап. Батырдың атындағы колхозымда,
Жыл сайын қарға түсед, бір мың бойдақ. Көгені үш түйеге жүк болады,
Көктемде үш мың саулық бірдей қоздап. Құтындай осы малдың Жүніс қария, Өсіред әр қозысын жастай баулап.
Батыры зор еңбектің ер Мейірман, Екпіні жер шарпиды өрттей лаулап! Суарып жалғыз өзі жүз гектарды, Көк бидай өрім талдай өсті қаулап.
Құрман қарт қошақанның анасындай, Көреді іштен шыққан баласындай.
Колхозға сегіз жылдай құт шопан боп, Көзінің сақтайд төлді қарасындай.
Жүз қойдан жүз қырық алты қозы өсірді, Ұлытауда батыр бар ма дәл осындай?
Фермамен бірге жасап келе жатқан, Таңдаулы сауыншым бар Аққамалдай. Өсіріп жүз он екі бұзау қосты,
Бәрі де асыл тұқым, қасқа маңдай. Колхоздың аты шыққан ауданыма, Қосшығұл бастап келеді неше жылдай. Іскерлік, басшылықтың арқасында, Елімнің келе жатыр сағы сынбай.
Үш колхоз – егінші ауыл, жері Сарысу, Жеріне суық түспей ұшады бу.
Көктемде қозы жамырап, сиыр мөңіреп, Неше алуан ауыл үстін басады шу.
Үш колхоз он үш мың мал өргізгенде, Болғандай ел үстінде ұлы бір ду.
Бәйге алған алтын сағат Тұңғышбаев,
«Бірлестік» колхозына байлатқан ту.
Бір құтым «Бірлестікте», Сарке шалым, Бір өзі табыстырад төлдің бәрін.
Қоздатып, сол колхозда үш жүз тоқты, Мақтау алды ел алдында Әби қартым. Елгезек, кең кеуделі, бура санды, Шеніне пар келтірмес ешбір жанды. Бар жұрты «Жетіқоңыр» ардақтайды, Теңгеріп бір өзіне үш адамды.
Шопаны бұл колхоздың Жылқыбай қарт, Жүз елу – жүз ешкіден лақ алад.
Ошақбай «Байқоңырда» жап-жас бала, Жасы келді он алтыға биыл ғана.
Иесі үш жүз қойдың бір отарлы, Айрықша қатарынан озған дара.
Біледі қозы, лақтың ашы-тоғын, Түсімен іздестіріп малдың жоғын. Мақтаймын Ошақбайды жырға қосып, Қақ жарып талқандаған жаудың тобын.
Нияз:
Өсірген алты жүз бас төл-торпақтан, Кім асар Сансызбайдай малшы қарттан? Зейнел мен Ұмсын сынды сауыншылар, Көктемде бір жүз сиыр бұзаулатқан.
«Большевик» колхозында Егізбаев, Өсірген бес жүз сиыр бес торпақтан. Осындай мал өсірген ерің болса, Ақыным, көрейік те Сіздің жақтан.
«Талаптың» басқармасы батыр Саржан, Бәйгенің сан жарыста алдын алған.
Көрнекті көзге түсер табысына, Көлденең көрген жанның мейірі қанған. Төрт жүз қой, отыз сиыр, он бір жылқы, Жоспардан жарты жылдық артылдырған.
Атақты бір колхозым «Бірінші май», Дәулеті қаулап өскен даңқына сай. Сан атты күні кеше баптап берген, Ерлердің майдандағы қанатындай.
Ауданның ауыспалы туын алған, Колхозың бар ма «Қызыл коммунадай?»
«Ұйымшыл» бірлігі асқан, жұмысы артық, Үлгілі колхозың жоқ осылардай!
Болманым, салыстырсақ колхоз малын, Қазір де жұрт алдында болар мәлім.
Ер Шекеу Далабаев бүркіт қабақ, Талайға өнеге боп берген сабақ.
Бір малды жазы-қысы шығындатпай, Індеттің әр уақыт ебін табад.
Бір емшім – Кеңесұлы Жайлаубайым, Біледі аудан түгіл, облыс жайын.
Сарбуын, жамандат пен қотыр, маңқа, Қолынан жазылып жүр жыл-жыл сайын.
Бар жақсы бір колхоздың ағасындай, Қадірлі қамқа тонның жағасындай. Алдынан неше мыңдай қой өргізген, Шаһардың пұлы қымбат бағасындай.
Қарашы, бала тұйғын асса сынды, Он екі Ағайынбек жасқа келді.
Істеген істеріне қарай қалсаң,
Бір бөлек өз алдына дастан-сынды.
Үш жылдай бес жүз алпыс қозы бағып, Баладан өзі қатар озған еді.
Болман:
Сөйледің, ақын Нияз, екі жақтап, Ерлерді еңбек еткен зор мадақтап. Айтар деп кемшілікті отыр едім, Манадан бойым бағып ішке сақтап. Мен айтсам бар мініңді жіпке тізіп, Қаларсың дымың құрып қаупалақтап. Бассаң да етегіңмен жабылмайды, Кемдігің көрініп тұр айдан аппақ.
«Октябрь» колхозында Қалықұл бастық, Ала қыс шөп іздеді елден ақтап.
Жоқ еді бір айыр шөп «Октябрьде»,
Соққанда қаңтар желі ұйытқып-қаптап. Сойдиған тісі қалды Қалықұлдың, Көтеріп көтеремді шанаға сап.
Теңселіп көтеремдер зар жылады, Қалықұлдың қиянатын жұртқа даттап.
«Октябрь» қысқа даяр шөбі мол деп, Қалайша қағаз берген аудан мақтап?
Жүз елу сиыр бар-ды «Коммунада», Түнетіп қар қаптырып қу далаға.
Жығылған көтеремді тік көтеріп, Қалықұл алып ұрды ақ шанаға...
Қомпиып ақын Нияз шаттанасың, Шегініп шыныңды айтпай сақтанасың. Сіздің ел «Большевикпен» шөп алды деп, Құр бекер өтіріктен мақтанасың,
Шөбі көп, шаруалары жайлы болса, Бұл колхоз қалай қырды көп танасын. Ор қазып өлімтікке толтырдыңдар, Алты ай қыс Кішітаудың айналасын. Қыс өтті, өлекселер сүрге айналды, Қамбаңды, ақын, қашан ақтарасың? Осындай қырсықтардың кесірінен, Ауданым көп кемітті малдың басын. Егерде салыстырсаң мал шығынын, Бізден сен екі-үш есе артыласың...
Бастығың білмейді екен жұмыс парқын, Сел қылып бүлдірді ғой істің артын.
Еңбекті амалсыздан оймен жазып, Ақыры келістірді істің шартын.
Қалыбек тағы да бар былшық сарың, Бар ма екен бұдан асқан жалқауларың. Шаң қылмас, өсек тасып еңбек етпей, Шақ-шақ қып бүлдіреді – айналасын.
Тұратын колхозында «Қызылдиқан», Тағы бар Бірәлідей үлкен сойқан.
Басында ділгек қалпақ, шашы дудар, Құр қалған еңбек етпей абыройдан.
Мойнында киіз сөмке, қолда қалам, Еп-ерсі жігері жоқ неткен адам.
Үстіне тор жорғаның тола мініп, Жортады ел аралап салаң-салаң.
Біз көрдік «Қардырыда» шикіл сары, Денесі көрсетеді шөккен нарды.
Отырған тышқан аңдып күшігендей, Тұнжырап жылауық көз қабақтары.
Адамға қосылмайды тағы киік, Ешкіммен сөйлеспейді бірге жүріп. Егерде жұмыс деген сөз естісе, Ыңқылдап жатып алады тұмау тиіп.
Сұрасаң мұның аты Ысмағұл дер, Қалайша бұл қырсықты көтерді жер? Бөліске алай-пұлай нәрсе келсе,
«Жігіттің маңдай алды мен едім» дер. Еңбекке жұмылғалы барлық халқым, Жалқаулар бермей келед көштің артын.
Нияз:
Ақыным, осы ма еді айтар сөзің? Барыңды шығаратын келді кезің. Термелеп алғаныңды аудан бойы, Бар екен бетіңе ұстар бес колхозың. Сен бірақ Аманкелді колхозының, Жүр екен шаруасын көрмей көзің.
Өткен жыл сол колхозың сен мақтаған, Іріктеп төрт жүз сиыр қорға салған.
Солардың тең жартысы қотыр болды, Ұқыпсыз салқын қарау салдарынан. Қорасын алты күнде бір тазалап, Сиырды екі күнде бір суарған.
Малға деп жазды күні шабылған шөп, Тасылмай қар астында шіріп қалған. Біразы арықтықтан көтерем боп,
Бір қыста алпыс төрт бас шығын болған. Тап соның қырық төртін етке өткізіп, Он басы бір бас үшін кете барған.
Алшаңдап Мырзабегің жүр ғой әлі, Осынша қыруар малды қырып салған. Өлтірген Таңқабайдың он торпағы, Неліктен мәліметтен ұмыт қалған?
Ақыным, сен күлесің Бірәліге, Көргенің байтақ елден Бірәлі ме? Өлтірген он бұзауды Бижан сылқым, Ортаңда қасын керіп жүр әлі де.
Салатын салға тиым жайың болса, Көрмедің соны мінеп неге әріде?
«Пионерде» бір қызың бар Сара саңлақ. Керіліп жауап бермейді кісі таңдап.
Есепші сол колхозда бола тұра, Малыңның мәліметін білмейді оңдап. Өлді деп тірі жүрген бес жылқыны,
Сол қызың жүрген жоқ па ауданды алдап. Кескіні келіспеген байғұс екен,
Тұңғиық тұнжыраған сұрша жайдақ.
Жаз болса ұмытатын қыстың жайын, Еліңде салдыр-салақ, аз ба жаның.
Сейітің өткен қыста шөп таба алмай, Қырып ала жаздаған барлық малын. Қысылғаннан шөп-шөп деп амал таппай, Центнерден үй басы салған салым.
Көк мұзда қыры кетіп, қияқ орып, Мықшыңдап жатпап па еді Мұқан шалың. Ақыным, ерте бастан шөп шаппасаң, Тағы да солай болар биыл халің.
Аз емес шығын болған сенің малың, Бір-бірлеп санасаң да ұзын санын.
Тірі мал есебіне етке өткізіп, Сондықтан қалып жүр ғой, сірә, жаның.
Болман:
Селдеттік өлең-жырдың дариясын,
Сөз шырын, көңіл құршын қандыратын. Мақтадық алып елдің ардагерін,
Батыр деп ел еңбегін жандыратын. Оқ қылып сүйір тілді тура нұсқап,
Сөз айттық жалқауды естен тандыратын. Күш қосса барлық елім зор майданға,
Іс болар достың мейірін қандыратын. Шайнаған ауыздықты қаракөктей, Емессің, ақын Нияз, болдыратын.
Елімнің бақыты үшін, мерейі үшін, Біз қартпыз үкілеген домбырасын. Тізбектеп болымсызды, елді кірлеп Біз емес бұзатұғын ел арасын...
Жасыма, ақын Нияз, жеңілдім деп, Жеңем деп еліңнің бер уәдесін.
Екеуміз тізе қосып жауды жеңіп, Халықтың көтерелік мәртебесін!
Нияз:
Сен шыққан, Жезқазғаннан Болман едің, Бұлбұлдай қызыл гүлге қонған едің.
Қаншама салыссам да бой бермедің, Табысты жырыңменен толғап едің. Етектен іле тартты сәл кемдіктер, Мен-дағы қасарысып болмап едім. Жоюға кемшілікті іс үстінде, Қанатын отыр міне, қомдап ерің.
1944 жыл.
СӘЛЕМДЕМЕ
Бұл жинақты Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның жауынгері, қазақ халқының батыр ұлы саған арнадық, саған жіберемін.
Ақындар айтысы, Қазақтың Мемлекеттік Біріккен Баспасы.
1944 жыл.
Қазақтың ұлы ақыны Абай:
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» – дейді.
Ер қазақ халқының талай ғасыр, талай белге созылған елдік күрестерінің қандайын алсаң да, ақын сөзі – өлең, соның бәрінің басы-қасында болып келді. Елдік мінез, ерлік істердің ізіне қылау туғызбай, күні бүгінгі бізге дейін сақтап әкелген де қазақтың халық ақындары.
Сонау буалдыр шалған арғы замандардан бастап күні бүгінге дейін, сан-сапалақ сыртқы жаулармен алысқанда қат-қабат ерлік көрсетіп, жұбын жазбай, қаз-қатар тұратын қазақ батырлары жайындағы мол жырды жазған да, жазатын да сол ақын, жазушылар. Қысқасы, ақын сөзі қазақ халқының әр адымын бірге аттасты.
Қазақстан Орталық партия комитетінің қаулысы бойынша, жақын арада ғана барлық облыстарымызда, одан кейін республикамыздың астанасы Алматыда өткен ақындар айтысы Қазақстанның саяси- мәдени өміріне тағы бір үлкен оқиға болып кірді: халықтық шығарманың ең күшті саласы – айтыс қайтадан қатарға қосылып, біржола іргесін бекітті.
Қара алтын мен түрлі түсті асыл металдардың қордасы – Қарағандыдан, алтынды Алтай мен алма бағы Алатаудан, суы ырыс, жері құт – Сыр мен Ертістен, жайылған малдан белі қайысып жатқан қазақ даласынан топ-тобымен келген ақындар, мынау алып соғыс тұсында ел алдындағы азаматтық борыштарын қалай өтеп жүргендерін айтып, бүкіл Отанымызға өлеңмен, жырмен ра- порт берді. Майданнан сырт отырған елдің еңбек майданындағы ерліктерін жырлады. Сұм жауымыз Гитлер басқыншыларын ар- тына қаратпай айдап бара жатқан ер ұлдарының қан майдандағы ерліктерін жырлады.
Бар ісіміздің басшысы, бар ойымыздың бұлағы, жоғарғы қолбасшымыз, совет елінің ұлы маршалы, сүйікті көсеміміз Сталин
жолдастың мәңгі әлсіремес атақты даңқын жырлады. Халықтың поэзиясының алыбы – Жамбыл бастаған қазақ халық ақындары сол толғауынан майдандағы ер ұлдарына сәлемдеме жіберуге ұйғарды. Міне сол ақындар сәлемдемесі! Қазақтың майдандағы ер ұлы, бұл саған, сенің тап өзіңе әдейі – арнап жіберілген сәлемдеме. Қашанда қалтаңда болсын!
Ғабит Мүсірепов
БОЛМАН МЕН НҰРТАЗА
Болман:
Нұртаза, шешен болсаң сөзге тақпақ, Есіңіз жел қайықша екі жақтап.
Қимылда барың болса осы жолда, Жүйрігі Марганецтің жүрген баптап. Бәйге алған Жезқазғанның жүйрігімін, Тарылтам тынысыңды бір-ақ аттап.
Таны, сен, топтан озған ардагермін,
Сан топқа салып жүрген халқым баптап. Өзіңдей өзен сайды кетем басып, Толқынды дариямын шыққан қаптап.
Жезқазған Қазақстан тұңғыш ұлы, Ешқашан қарсыласып келмес тілі. Тойына Қазақстан 25 жыл, Жарыспен социалды күні-түні.
Кірісті өндіріске елдің жасы, Ешкімнің меніменен жоқ таласы. Өсірдім мың-мың жасты маман етіп, Атымды түгел білед жер шарасы.
Теңі жоқ СССР-да мыс кенінен, Таусылмас ұлы қорым асыл тасы. Жауына ажал, халқына бақыт болып, Артылған қатарынан дәрежесі.
Мерекең құтты болсын, ақын інім, Қалдырмай барың болса сөйле бүгін. Ақыны Марганецтің кезек бердім, Өткіздің қай табыспен жарыс жылын?
Нұртаза:
Мерекең құтты болсын басты қосқан, Табысқа күңіренген жер мен аспан.
Халықтың қуанышы жүрегінде, Осы еді ұлы тойды көптен тосқан. Жасасын елдің ері еңбек еткен, Өмірлік келешекке үлгі шашқан. Маған сіз енші берген үлкен үйсіз, Табыстың тамашалай көзін ашқан. Мен-дағы сүтін емген кенжесімін, Тұңғышы сіз болсаңыз Қазақстан. Қан майдан қатты соғыс уағында, Күшімді көрді халық алға басқан. Мен сенің артыңдағы жеткіншегің, Қосылып қол ұстасып қадам басқан.
Мен-дағы дамыл алып жатқаным жоқ, Қырандай шалқып ұшып таудан асқан. Тұрғанда дауыл соғып тозаңдатып, Жездінің қақ төріне орналасқан.
Көк майса жатқан жалпақ үлкен Жезді, Шатырдай жаңа салған сәнді қалам.
Буланып, сәулеленіп нұрланды аспан, Күші бар бір мың аттың дизель құрдық, Ерлерім екпінімен тау құлатқан.
Асыл тасы Марганецтің жауға оқ болып, Бірінші СССР-да күші батпан.
Бұл соғыс басталғанда мен де тудым, Ішінде атағы зор Қазақстан.
Снаряд, бомба, танк, брон болып, Күшімен Марганецтің жау қиратқан. Тылдағы менің берген күшімменен, Ерлерім қан құстырып жауды атқан. Өзінің ортасында талқандадық, Құрыттық сұр жыланды ел жылатқан. Жарасып жерге лайық салған қала, Мал мен бас бірдей өсіп таңырқатқан. Мектепте білім алып оқып жатыр, Жайнаған жауқазындай жас ұрпақтан. Ақыным алып келген табысыңды айт, Мен-дағы кісі емеспін бекер жатқан. Орындап жоспарымды артығымен,
Өкімет құр қалдырмайд наградтан. Досетов, Ұмытшақов, Қыстаубаев – Осындай ерлерім бар топтан асқан. Үйреніп техниканың неше түрін, Бірнеше ерлерім көп ізін басқан, Қатпаған бұғанамыз жас болса да, Жерім жоқ кейін қалып сізден сасқан. Дыбысың көптен бері шықпай жатыр, Әуелде екпіндеп ең судай тасқан.
Бұл күнде ісім де артық, күшім де артық, Сөйлеп көр ақын аға ен табыстан.
Көлденең сөздің түрін байқадың ба? Қайтпайтын мен жас ұлан тау мен тастан.
Жездімнің шөбі шүйгін, суы шарап, Кең байтақ сай-саласы жатыр тарап. Топырағы күміс, тасы алтын, тауы биік, Мәңгілік қазынасы жатыр алап.
Ертеден көпті көрген көне Жезді, Өткізген неше ғасыр өмір санап. Алыстан бетке жұмсақ самал желі, Тапқандай жанның жайын тұрсаң қарап. Күндіз-түн, түнде Айдың сәулесіндей, Өмірлік Ленин шамы тұр жарқырап.
Нұрланған осы шамның сәулесімен, Көркейіп келешекке өскен талап.
Өмірге қозғалмайтын темір қазық, Советтің жолыменен тәрбиелеп, Бұл күнде аға сені екі ораймын, Табысым асып түсті күн-күн санап. Ал аға, барың болса шығар енді, Аузыңа халқың тосып отыр қарап.
Болман:
Екпінім бұлтты жарған самолеттей, Көк жүзін жұлдыз сүйген қанат қақпай. Аралап жердің жүзін сағат сайын, Ұшады желдей заулап дамыл таппай.
Аралап жердің бәрін көріп келдім, Теңдесін Жезқазғанның жүрмін таппай.
Қойнымда үш жүз жылдық қазынам бар, Тұтасып арқаны алып жатыр таптай.
Одақта кен байлықтың ордасымын, Секілді темір қазық тұрмын саспай. Орнаған ортамызда алтын қазан, Құйылып жатыр мысым бал қаймақтай. Атасы осы мыстың асыл тасым, Дайындап темір жол тұр піскен астай. Балқаш пен Қарсақбайды қамсыз етіп, Артылып миллион тонна тұр запаста-ай. Шашама шаң жұқпайтын жүйрігіңмін, Топтардан озып жүрген тұлпар аттай.
Сен түгіл біздің табыс көпке жеткен, Бәйгені сан жарыста алдым шаппай. Жезқазған орнағалы дәл жиырма жыл, Келеді ешкім маған кінә тақпай.
Өсірдім маман етіп мың-мың жасты, Шығардық мыс пенен жаз – асыл тасты. Миллион жыл жер астында жатқан кеннің, Сәтбаев – ер Қанышым көзін ашты.
Кенімнің байлығымен жауды құртып, Жеңіске ұлы табыс араласты.
Мен алдым жер жүзінде екінші орын, Кені деп Қазақстан атақ шықты.
Тыныштықта он төрт жылғы өнімінен, Кезінде қан майданның бес есе асты. Барлатып сол күшімді айтсам шолып, Қай шахта болар екен менен толық?
Соғыста асыл тастан аққан мысты, Оқ қылып атты жауға жүздеп полк. Он алты ай жеңіс туын мен ұстадым, Сайма-сай табысыма бақыт қонып. Мен болам майлы қоныс алтын орда, Сияды қалай айтсам ауызым толып.
Мен-дағы екпіндетіп келдім жетіп, Шығардым он үш шахта дайын етіп. Құрылған Жезқазғанда отыз шахтам, Кеңейтіп алып өріс барад кетіп.
Үйретіп техниканың жаңа әдісін, Шығардым жүздеп маман, дайын етіп. Мысалы, алғы шахтер Ғизатова, Үлгісін көп әйелге жүр үйретіп.
Шахтасы комсомолдың қызыл тулы, Тамаша төрт жыл ұдай қарқын туды. Жер астын сексен метр ойып түсіп, Шаңдатып шығарған ер көкке буды. Тоқаев осыларды жүрген бастап, Жас жігер қайраты асып туған ері.
Қоңқаев, Рахметов, Рахима Ерліктің еркін ашып жолын қуды. Ысқақов, Шакинов пен Тоқтаевта,
Құздардың жігін ашып шыңды бұзды. Құсайын, Әлімбаев, Боровпенен Уақта алға шықты қызды-қызды.
Хасимов, Омаровпен қайраты асқан, Шахтаның он бесінші көзін ашқан. Қоқанов, Есенгелді, Есетовтер, Жүздеген ерлерім көп етсем дастан.
Сіздің ер біздің ерге болмас қатық, Тәшке айдап биік өрге тозаңдатып. Жер астын ел көшкендей күңірентіп, Нормасын екі есе істеп шыққан артық.
Тағы айтсам Жезқазғанның батырларын, Іріктеп ішіндегі батылдарын,
Жарыста социалды жарып шыққан, Түскенде қалың топқа артылғанын.
Жарыстан социалды қарқын туды, Қопарып қат-қат тасты қалың нулы. Айында жылдық жоспар өнім берген, Айтайын алып күшті туған ұлды.
Балмұқан елу жігіт ісін істер, Қопарып жүз-жүз тонна терең құзды.
Көтеріп жиырма пұт тас тәшкеге ұрды, Ер бар ма Марганецте осы сынды.
Денесі алып, маңдайы жарты қарыс, Зор кеуде, жауырыны жатыр алыс. Саласы саусағының сом темірдей, Жайнаған екі көзі бір жолбарыс.
Ер жүрек, балуан білек, қайтпас беті, Кезінде аты шыққан ұлы жарыс.
Үзбестен он бес жылдай шахтада істеп, Күні жоқ қатарына берген намыс.
Мысалы Шаталюкті алған болсақ, Атақты бұл да ерім тапқан табыс. Қазақта Балуан Шолақ секілденген, Көтерер елу пұтты етпей шалыс.
Ақшалов, Анарқұлов келер тағы, Баптаулы бұл да елінің арғымағы. Ағыбай, Бұхарбайдың болар еді, Кездессе жауға шабар намыс шағы. Елім де майданға дем берген соң, Өмірлік сынған жоқ па жаудың сағы. Соғыстан наград алып келген ерлер, Айтып келді рахмет олар-дағы.
Қосылған қуанышпен жауды құртып, Ерлерді наград алған айттым тағы.
Танкисті Ұншынбаев Жақсынбегім, Толтырған наградқа көкірегін.
«Слава» орденнің екеуі бар, Босатқан Будапешті қайсар ерім.
«Қызыл Жұлдыз» ордені мен медаль алған, Жас батыр – Мусин ұлы Қасымбегім.
Тылдағы менің берген күшімменен, Қиратып шықты ерлер жаудың шебін. Күн батыс, күн шығыстан жауды құртып, Шаттандым ерлерімді көріп көзім.
Тойладық тыныштықта екі тойды, Осындай қуанышты барлық елім. Халқына еңбек еткен батырларды, Айтып бер көп алдында інішегім.
Нұртаза:
Сөйлейін соққан желдей екпіндетіп, Інің мен артыңыздан келдім жетіп. Ақсақал сөздің бетін өзің аштың, Тоқталып отыр едім құрмет етіп.
Көрсетсем көп алдында табысымды, Ақыным, шошынарсың зәрең кетіп. Атандым өз өлкемде бірінші орын, Дабысым жер үстінде жатыр жетіп. Айтысын екі алыптың тыңдаймын деп, Жиналып жалпы жұртың отыр күтіп. Ал енді көрсетемін ердің атын, Баяндап көп алдында мағлұм етіп.
Ақыным, сіздің дұрыс сынағаның, Ер болса айтып берем сұрағанын. Отыр ем күні бойы ойға сақтап, Көрсетіп айтқанымша шыдамадың, Көп болса батырлардың аты шыққан, Белгілі менен озып ұзағаның.
Толмай жүр не себеппен жоспарларың? Өзіңе берген өлшеп сыбағаның.
Ту алып он алты ай тұрғанында, Мен едім бір қанатың құрағаның. Өзіңді осы күні борыш басып, Белгілі кісім жоқ деп сұрағаның. Орындап жоспарыңды сексен екі, Тұлпарым, не себептен тұраладың? Өскенін көлемімнің айта берсем,
Менде бар бірнеше үздік бағландарым. Жетеді екпіндері екі жүзге,
Көзіңе көрінбей ме осыларым. Орташа бір мың сексен болған кісім, Ақыным, білмек болсаң бір шаманың.
Он сегіз комсомолда бригадир бар, Ішінен жүз жиырма бір толтырғандар. Смирнов, Слесарев бастықтары, Ақыным бұған-дағы құлағың сал.
Екі жүз он процент орындаған, Ерімді Ивановтай есіңе ал.
Табатын аса байлық жерлерім бар, Осындай әлденеше ерлерім бар.
Бес жылдың көлемінен есептесең, Үздіксіз артық істеп келгенім бар. Бұл-дағы бір көрнекті табысымыз, Берілген жиырма адамға наградтар. Көбейіп бірте-бірте қосылғандар, Жүз жиырма төрт кісіге грамота бар. Отыздан жүзге жетті стахановшы,
Арасын жылмен жылдың салыссаңдар. Сан батыр орден алды еңбегі асып, Тағы да толып жатыр қосылғандар.
Медалін тағы да алад Тоқтыбаев, Бірінен бірі қалмай ерлерім нар. Ашылған он бір шахта, төрт бөлімім, Осындай дайындықтан запасым бар. Сыяды Жезқазғанның кеңдігіне Нанбасаң тағы мыңдап кісіңді сал.
Шығарған рудам мен болатыма, Жүздеген қамсыз болды дивизиялар. Қатарда ең алдында танкім жүрді, Броны оқ өтпейтін біздің сталь.¹ Мақтан ғып айтар болсаң құрышты айт, Мысыңда марганецпен айырма бар.
Алдында снаряд, бомба, танк болып, Кей жерде біздің табыс алға шығар. Болғанда мен снаряд, жырым жебе, Айқассам айбыным бар жауды жығар. Жеткізем Отанымды керегіне,
Әлі де жиырма жылдық запасым бар. Көлемін екі жүзді жалпақ жатқан, Сізбенен ұшырасат мұны да аңғар.
Жылына жүз миллион сом үнемдедім, Бұл-дағы бір табысым мұны ұғып ал.
¹ Сталь (орысша) – болат.
Егессем бір Жезқазған құрып алам, Жетеді запас тұрған қазыналар.
Электр станцияда Асқаровым,
Тоқ беріп жарқыратқан күн-күн сайын. Мінеки, жас маманның батыр ұлы, Секілді дәл он бесте туған айым.
Құлатқан тілсіз кеннің жігін тауып, Айтайын ерлерімнің осындайын.
Баяндап сізге айтайын Шағай ерді, Айтулы ердің бірі бұл да белді.
Мейірің еңбегіне тұрар қанып,
Бұл жігіт қайраткерім шын жігерлі. Жасынан оқу оқып, білім алып, Жол танып, көріп еді талай жерді. Соғыстың кезеңінде күш көрсеткен, Қайраткер қажымайтын туған еді.
Қайтпайтын қасқа маңдай, ұзын бойлы, Батыр жүрек, балуан білек, терең ойлы, Қақпақтай жауырыны, бүркіт қабақ, Салса да қандай іске абыройлы.
Көргенде таң қаласың Әнибекті, Қайтпайтын қара тастан ер жүректі. Қудиып қазып барад құздың түбін, Тонналап шығарады бір минутте.
Қайратты әрі мықты, әрі ақылды Болар ма кен қазуға мұндай епті?!
Болман:
Ақыным, жөнің білмей мақтанасың, Көрмеген әлі ештеңе жас баласың. Тоқталып күні бойы отыр едім, Мініңді келді кезім ақтаратын.
Ағаңмен әлің білмей жағаласып, Бара ма басын бермей шапқан атың? Шын келсем сапасына жұмысыңның, Ұялып көп алдында тоқталасың.
Өсірген жергілікті кадрің аз, Өсетін талабы бар жоқ па жасың? Өсіріп жас маманды тәрбиелеп, Олардың күтпеймісің нәтижесін. Ауданға арыз айтып келгендер көп,
Әскердің жұмысқа алмай семьясын. Қаратілеуова Балауды көрмедің бе, Арқалап мана келген жас баласын. Кәдірлеп әйел жасын ойламайсың, Қарайсың өзің не деп осы арасын? Әскердің семьясына көңіл бөлмей, Білмепсің міндетіңді атқаратын.
Бірнеше жолсыз ісің толып жатыр, Ақыным, жерің осы еске алатын. Көрмейсің бірге жүріп мұның бәрін, Отын, су, семьяның баспанасын.
Ойыңда бар ма, ақыным, Герасимов, Отырған түзедім деп шаруасын.
Ақшасын үкіметтің шашып жүрген, Сіз неге тоқталмайсыз бұған ақын? Орынсыз жұмсағаны жүз мың сомдай, Кемісін мұның қалай толтырасың?
Менде жоқ мұндай зиян, табысым көп, Егессем үш марганец орнатамын.
Үкімет бассыздығын тексергенде, Алмай ма заң орнынан сыбағасын? Екінші темір жолдың начальнигі, Киімсіз жұмыскерін қалдырасың. Бұл-дағы салақтығың білсең, ақын, Мініңе бастан-аяқ тоқтап кетсем, Алдында көлденең тұр найза тасың. Алтай жаз істегені үш процент,
Бұл неғып көтере алмай жатыр басын? Сол шахтаң басқарушы Леоненко,
Бұл сөзге намыстанса қарқындасын. Дегендей жер оңаша, ел оңаша, Жоспарын есіне алып ұйықтамасын. Мініңді айта берсем есебі жоқ, Санасам атын атап адам атын.
Шаухин, Машенов пен Откаригің,
Жалқауды прогульщик жасырасың. Бір жалқау Гулотикин кочегарың, Қалайша көрсетпейсің мұның атын? Мініңді шауып таста көзің көрмей, Биікке қолың жетпес ұмтыласың.
Құтылып прогульщик жалқаулардан, Ақыным, қай уақытта ақталасың?
Менімен пар келем деп әуреленбе, Байлықтан күшім артық жоқ таласың. Қозғалмас Сарыарқада алып үймін, Мекендеп туып едің босағасын.
Айтып бер мінім болса сен секілді, Береді енді кезек отағасың.
Нұртаза:
Халықтың ақынысың көргенің көп, Сөзіме құлағың сал ырза болып.
Хосетов, Архиповпен екі жалқау, Орындап жарты норма тұрғаны тек.
Шахтасын Бокроның тұрсаң қарап, Кейінде шаңы жетпей қалған ұзақ. Қарасаң төбесіне көзің жетпейді, Адамға қауіп тумақ тастар құлап. Начальник бұған дұрыс жауап бермейді, Себебін бұл қалай деп айтсаң сұрап.
Мақсатын жұртшылықтың орындамай, Жүргені тек болмаса естіп құлақ.
Мән-жайын халыңыздың көріп білдік, Мініңді айтып берем тастамай-ақ.
Отыр ем күні бойы бойымды іркіп, Аузыңды қутыңдайсың шөппен сүртіп. Көп тіреу клубыңда үлкен қауып,
Бір жаққа көшетіндей ертең үркіп. Жауыпсың бір шахтаны адам жоқ деп, Төрт шахтаң жатыр көптен аузы бітіп. Көшеңді басып жатқан құм мен кесек, Алынбай тазалық жоқ жатыр бықып. Сұп-суық от жақпаған ауруханаң,
Шамы жоқ қап-қараңғы келсең кіріп. Үстелсіз, орындықсыз балабақша, Күтусіз балаларың көзі былшық.
Сол үйде киетұғын киімдері, Жатады бірін қағып, бірін сілкіп. Емхана, столовый бір жерде тұр, Аралас бір-біріне исі сіңіп.
Үйінде жұмыскердің радио жоқ, Начальник ақша жоқ деп алған қырқып. Қарасаң столовыйың ашық-тесік, Қарасаң айналасы жатыр бықып.
Ұйықтапсың енді соғыс тоқталды деп, Өзіңше уақыт тауып бір тыныштық.
Ашылар санаң болса енді ұйқың, Алайын жұрт алдында қысып-қысып. Осындай кемістіктің бірін көрмей, Ақыным, үлкейдің бе, бұл не қызық?
Ал енді кезек бердім отағасы, Қайнаған асыл тастың босағасы. Көрдіңіз көп алдында шабысымды, Қытықтар көңіліңді осы арасы.
Болман:
Ақыным, жармаспаңыз көрінгенге, Сынастық көп алдында сен де, мен де. Оқия оқшау тұрған мініңді айтса, Аласың кәдімгідей көңіліңе.
Өзіңнің шапса түспес мінің тұрып, Жығылған күлед деген сүрінгенге. Майданда ерім орнын басып қызым, Ерліктің нұсқаулары тегіс менде.
Екі етпейт тапсырмасын үкіметтің, Тегеуріні темір үзген шіренгенде. Маман ғып жергілікті кадрларды, Шашубай, Кеншінбаймен айтысқанда.
Қоңырат, Балқаш пар келмеген біздің кенге. Қанша ма қайраттанып салысқанмен.
Кім жетет Сарыарқаның кіндігіне? Әр шахтам әр зауытты қамсыз етед,
Тұтасқан қымбат тастан алып дене. Тойына Қазақстан шашу етіп, Асыл тас үюлі тұр төбе-төбе.
Бесжылдық запасымды қойдым жиып, Сен түгіл асып тұрмын әркімнен де.
Сен болсаң бір қанатым менің ұшар, Қалдырмай кемісіңнің бәрін жөнде. Адамға есептесем еңбек күшін, Жетеді процентім екі жүзге.
Туғызып күшті қарқын жарыспенен, Планым екі есе асты осы кезде.
Мен саған осы кезде жеткізбеймін, Көлденең алдымнан бір өткізбеймін. Дайындал барың болса ақын інім, Көрерміз күшің болса жылға дейін. Бес жүзден Стаханов асып түсед, Ерлік күш еңбегіне туған бейім.
Санасаң ударнигім мың жарым бар, Асады үш мыңнан да жеткіншегім. Беремін уәдемді көп алдында, Ілгері асып түсем қалмай кейін.
Сен-дағы жетем десең уәдеңді бер, Анықтап ел алдында мен көрейін.
Жүрмеңіз осы шартты серттен тайып, Өнімді көбейтейік қанат жайып.
Марганец Жезқазғанның кіндігі бір, Табыспен өркендейік тағы ұлғайып. Тоқтамай толқынына өте шыққан, Моторлы жеткізбейтін мен бір қайық. Жезқазған атағы зор әлемді алған, Арқадан шыққан алып құлаш жайып. Сен маған жетем десең туғыз қарқын, Сөзіңді баян етші жұртқа лайық.
Нұртаза:
Қарсы алам бұл сөзіңді, ақын аға, Артық-кем істеріңе бердім баға. Ертеден көпті көрген көнем едің, Мен сенің бір өңірің алтын жаға.
Қатардан екеуміз де артылайық, Досқа күлкі, дұшпанға болмай таба. Мен-дағы кішілікпен құрмет еттім, Істерлік айтқаныңды келсе шама.
Бұл күнде процентім бір жүз болса, Серт осы бұдан былай көпке бала. Еңбек қолы көрініп әр қырынан, Халқыңның мейірі қансын тамашаға. Табыспен тамашадай басты қоссақ, Алдында еліміздің жарасады.
Келмесем келешекте мол табыспен, Ініңе сол уақта талас, аға.
Өзіңе осы күнде жетіп қалдым, Ініңіз әлде болса аласа ма?
Сұраймын сіздің тағы асуыңды, Елдерің жарысуға жараса, аға. Бұл намыс екеумізге бірдей нәрсе, Азамат ұяты бар білсе сана.
Шашубай, Кеншімбаймен тағы айтысса, Болармыз аса алмасақ шын масқара.
Планды сол себептен көтерейік, Жырласын ақын шығып мұнараға. Алдына шығамыз деп өндірістің, Халықты сендіреміз ұғадаға.
Алдында кеншілердің оттай жайнап, Қонады сол уақта тұғырына.
Арқаның бұлбұлындай ақын сайрап, Кейінгі жас ұрпақтар қолын соғып Елімнің табысына алақайлап.
Арттырып Жезқазғанның абыройын, Ерлерім тауға шығар күліп-ойнап.
Табысты жаңа жылда бір көрсетсек Жеткенше сайлауымыз ойын тойлап. Жемісті алма біткен ағашындай, Басына Алатаудың шықсақ бойлап. Мен жеңілдім, айтыста сіз жеңдіңіз Ал, аға, бердім сөзді басты байлап.
Бетіне Жезқазғанның жан келмеген. Егессе ел намысын жібермеген.
Балқашты Қоңыратпен бірдей жерге, Түбінде тең шығармын сеніменен.
Ал, аға, қолыңды бер үлкен жасың, Екі алып мұнан былай қарқындасын. Арттырып күннен-күнге табысымды, Еңбекті екі есе етем байлап басым.
1945 жыл.
НҰРХАН МЕН МАЙТАШ
Нұрхан:
Ал десем, ақтарылар сөзден алтын, Әрі бал, әрі сусын қоңыр салқын. Ақынның асыл қазына асқақ жырын, Аңсайды, ардақтайды бүкіл халқым.
Сұңқардай бұлтты аралап, тауға қонып, Тұлпардай жер танабын жорта шолып. Ақын елдің игі ісін мадақтайды, Аңызы артта қалмақ үлгі болып.
Ертеден қанық еді Маймұра атың, Майташ деп еркелетіп айтар халқың. Алыстан әдейі аңсап іздеп келдім, Оралып Оңтүстікке барды даңқың.
Еліңнің есігі кең, аймағы көп, Естідім – үкілі бір тайлағы деп.
Ашық жүз, сұңғақ бойлы, терең ойлы, Шын жүйрік Сарыарқаның саңлағы деп. Мәпелі бақтың жасыл бір гүлі деп,
Әр сөзі жас та болса үлгілі деп. Айдынның тұнығынан сусындаған, Ерке өскен Бурабайдың бұлбұлы деп.
Халқының қамын шертіп жырлайды деп, Орынсыз солға қылыш ұрмайды деп, Найманның аты шыққан Сарасындай, Сан топта сандуғаштай сайрайды деп.
Жырыңнан жайдың оғы жауға атылса, Жау тобы жансын, күйсін, жайратылсын. Халқымның қаһармандық күшін қозғап, Жиналған жыр тыңдаушы пайда қылсын.
Толғап өт толқын жырмен елдің ісін, Баянда батыл сөзбен барлық күшін. Аймағын ауданыңның әнге қосып, Жеріңнің жырлап өтші енді ірісін.
Майташ:
Ал аға, домбырамды қолға алайын, Аққудай көлден ұшқан қомданайын. Әнімді тоқсан толғап, жүз құбылтып, Қиялдың кілтін ашып, толғанайын.
Ақмоншақ әлпештеген айшық тұрман, Шалқытып шанқан боздай жорғалайын. Елімнің еркелеткен бұлбұлымын, Несіне сөйлер сөзге қорғалайын.
Атақты ақын едің асқан нағыз, Елеулі ел аузына болған аңыз. Алдында астананың асқақ жырмен, Басқадан тұрды биік өр тұлғаңыз.
Жүйрік ең жүлде бермес топтан озған, Тұлпардай делебесі дуда қозған.
Сізбенен сырласуға сырттан аңсап, Қалпым бар қарындастық қолым созған.
Келіп ем мен де сізбен танысқалы, Ардақты ағамен қол алысқалы.
Сізбенен бір-екі ауыз тіл қағысып, Ортаға табысымды салысқалы.
Жүйрікпін желден озған буырылдан, Жүгірсем жер танабы қуырылған.
Сілтесең қай жағыңа тұрмын даяр, Семсердей қынабынан суырылған.
Нұрхан:
Дауысың дабыл қағып, желдей есті, Көркем сөз көкіректің кілтін шешті. Қиялдың қылын шертіп жүрек тербеп, Тәтті сөз жаңа шықты көкейкесті.
Әуезім көтерілсін көкке сермеп, Теңізден кешіп өтіп, тауға өрлеп, Тұлпардай жер шарысын дөңгелентіп,
Тоқтаман бауырым жазып, қызсам терлеп.
Қашаннан халқым қалап сүйген жері, Ертеден еншісіне тиген жері, Алқакөл-Сұламадан шұбырғанда,
Ор қазып, омақасып үйген жері.
Үй тігіп елім жайған керегесін, Үзікке қатар қадап дөдегесін.
Атымның құйрығы ұзын, қызы көркем, Жігіті жұртқа жайған өнегесін.
Өлкенің отыз екі саласынан, Оңтүстік Ұлытаудың даласынан. Жарыса жалдаманы өрлей салған, Мен келдім Аманкелді қаласынан.
Батырдың Аманкелді туған жері, Ерлікпен елдің кегін қуған жері, Асыра асуынан ақтарды айдап,
Ой-қырын қызыл қанмен жуған жері. Зер салдым бала жастан төңірекке, Тергенмен сөз маржанын жатпай текке. Талабым тауды тербеп, тасты жарып, Орнаған жыр ұясы көкірекке.
Алтайдан асыл жырмен алтын шашқан, Оралды өткір жырмен орайласқан.
Аңқылдап Алатаумен әнін қосып, Ұлы Абай өтті кеше жұрттан асқан.
Атақты ұстазымыз ақын Жамбыл, Жамбылдай тәтті жырды артқа қалдыр. Әлемге ақындықтың көшін тартып, Көрсетті ұрпағына жолын даңғыл.
Ақмолда, Есенжолдай ақын өткен, Жайылып Қырым-Хиуа аты кеткен. Халқына қазынасын үлестіріп, Көмейден күміс маржан жырын төккен.
Майташ:
Алакөл балығы көп көлдің байы, Көктерек азығы мол жер шұрайы. Түріндей түкті кілем көзге тұрмай, Құлпырған май айындай көк орайы.
Тас құлап, тау қозғалды ер ісінен, Тұлпардай дүбір қаққан желісінен. Жарқылдап жай отындай жалын шашып, Батырлар жауға аттанды ел ішінен.
Қаһарман Молдағали, Павелдарым, Жоқтаған, намыс кернеп, елдің арын. Деген бар жері асылдың ері де асыл, Баса алмас біздің елдің дұшпан жерін.
Аймаққа Спандияр аты мәлім, Баулыған болат топшы сұңқарларын. Сыпырып томағасын жібергенде, Заманы болды жаудың көрден тарын.
Шәкірті атақ алды үлгілі істе, Шошынған жаулар оны көріп түсте. Емес пе ердің ері Досымғали, Берлинді бомбалаған шаңқай түсте.
Тарихтың тағылым алып мұрасынан, Білімнің асқар алып нұрасынан.
Секілді Секең қарттың балапаны, Біз ұштық мәпеленіп ұясынан.
Мен өстім осы арада еңбектеніп, Сүйріктей сұңғақ бойлы өзектеніп. Ағаке-ау, алдыңды орап, кете бермей, Тыңдайын сізге да бір кезек беріп.
Нұрхан:
Менің де келді кезім шешілетін, Жүйріктей бауырын жазып, көсілетін. Ағын су, қоңыр бұйрат, тоғайлы орман, Жерім бай төрт түлік мал өсіретін.
Колхоздар қабырғалас жатқан жайлап, Мамырлап семіздіктен малы шайлап. Өргізген он қорадан бір колхозым, Шаңдатып шопандары мыңдап айдап.
Арғымақ айғай шықса тығылмайтын, Қамалып қазған орға жығылмайтын. Жылқысы жеті көлден кешіп ішіп, Колхоз бар сексен бие құлындайтын.
Мыңнан кем колхоздарым санамайтын, Жөні жоқ бақ құсының қарамайтын, Мың жарым сиыр біткен колхозым бар, Алты жүз аналық бас балалайтын.
Сән-сауық көзің тоймас тамашама, Еңбекте: үлкен-кіші, бала-шаға.
Жаз болса сапырулы сары қымыз, Иіндеп емізікті қара саба.
Халқыма қалың ырыс қарайлаған, Малшылар дабыл қағып, ен жайлаған. Ту алып ауыспалы қызыл жібек,
Төрт колхоз жиырма үш мың мал айдаған.
Бұлбұлдай ботақандар тұрған сайрап, Түйекеш тұзға жайып, бағар жайлап. Бұрқырап бұйра тұлым, жібек шуда, Буралар жарап-ақ тұр тісін қайрап.
Дайындап, жаз басынан соқа-сайман, Қамытын, шыбыртқысын іліп қойған. Күтімге күз басынан бағылған соң, Өгіздер жатыр шайлап жүрмей майдан.
Көктемге елім шықпақ жаппай қаптап, Соқтырып соқа сайлап, кетпен саптап. Арықты аса тартып асу қырдан, Дайындап аузын ашып, қойдық сақтап.
Майташ:
Кішілік сөз сөйлейтін қалыппенен, Халық ісін қанағат ет, қанып менен. Көптігін жылқы, қойдың мадақтайсыз, Әркімде қолда барын дәріптеген.
Таппасам сөз қалмасын жазық менен, Кім болар облыста озық менен.
Фашистің ордасына оқ боп тиіп, Алтын дән мол шығады азық менен.
Арқаға айшық салып, егін екті, Аударып қара нұрға тұқым септі. Көктемде Көктерегім көзге түсіп, Жаңғыртты табысымен жер мен көкті.
Байлығым көрінеді әрбір жерден, Дабылы кеткен асып, асқар белден. Табыста ешбір колхоз мұнан озбас, Охотник, Верный труд, Новый Мирден.
Басқарған бір колхозды Верещенко, Жайылған елімізге атағы ерте.
Егіннен қырық бес мың пұт астық беріп, Табыстың тамашасын жатыр серпе.
Бұрқырап бұйра түтін бұлтқа жетті, Ызғытып тракторды атша жекті.
Күші бар Көктеректе бір ауданның, Бір өзі отыз мың пұт астық төкті.
Ту байлап қызыл байрақ азық артып, Жоспардан бұл колхоздар береді артық. Қыбырлап жол бойында жер қайысып, Жатады қызыл керуен көшін тартып.
Жерімде шыны зауыт орналасқан, Мартен пеш ертелі-кеш жалын шашқан. Белгісіз жұмбақ болған кен байлықтың, Ерлерім еңбекпенен бетін ашқан.
Айтасыз төрт түлікті малдың көбін, Белгілі бізде-дағы байлық шегін.
Қайсы бір колхозымның көлеміндей, Аумағы ауданыңның екпейді егін.
Сапталып соқаларым қайраулы тұр, Зіркілдеп тракторым майлаулы тұр. Бедеу ат, атан, өгіз ерте бастан, Бордақы майға пісіп байлаулы тұр.
Көктемге ат құйрығы түюлі тұр, Жалтырап жер жарағы жиюлы тұр. Жаңа жер майлы шыққан қара нұрлы, Өлшеніп омақасы үюлі тұр.
Нұрхан:
Еңбектің неше алуан саласында, Ерлікпен озған елдің арасында. Мал алып колхозшылар еңбегіне, Қой салды қырық-елуден қорасына.
Аңғарсаң әр сөзіммен абайлаттым, Талайды тамсандырып қарайлаттым. Төрт түлік семіз малдың маңдайынан, Майданға он сегіз мың мал айдаттым.
Байлықта оза алмайсың, қай жағынан, Ет, май зат алтын аққан қаймағынан.
Бір жылда майданға айдап берген малым, Табылмас ауданыңның аймағынан.
Алты ай қыс тракторды оңдатасың, Көктемде күркіретіп боздатасың.
Екі айда екі гектар жер айырмай, Бұзылып тракторың тек жатасың.
Көктемде трактормен айырасың, Ысқыртып күндік жерден қайырасың. Сапалы жоспарыңды бітіре алмай, Асығып әр тәсілге бой ұрасың.
Ескермей жаңа жерді тастап кетіп, Айдайсың қайдағы бір жер ласын. Жеріңде мысық құйрық, қодірен қаптап, Орғанда таба алмайсың тары басын.
Алтай жаз ала бота қурай шауып, Айырып дән ала алмай сабылатын. Жарты есе жоспарыңды орындамай Азыққа байлық етіп неғыласың.
Кезінде мен де айтамын көргенімді, Ойыншық дәріптеме ермегіңді.
Аспаннан аузыңды ашып жауын тілеп, Жатырсың пайдаланбай көлдеріңді.
Көркейттім колхозымның қалаларын, Жұқпайды тартымы жоқ жалаларың. Байладым таудай бөгет тосқын салып, Торғайдың толып жатқан салаларын... Асықтай ақ бикешті мөлдіретіп, Жерінен жетпіс қаптай тары аламын. Атасы ақ тарымның Аманжолдай, Орденді бар ма дихан балаларың.
Сыбырлап сумен, жермен сырласатын, Оспандай ойшыл қарт бар ағаларым. Қамзадай қариям бар тәжірибелі, Болжайтын күннің рай ауаларын.
Кісің жоқ жылқы атасы Күлекеңдей, Жылқының сылап жазған жараларын. Шертсең де шебер тілмен, ақын Майташ, Қашаннан маған мағлұм шамаларың.
Майташ:
Бойында Бурабайдың ен жайлаған, Жемісі женттей пісіп, гүл жайнаған. Ақсуат, Киров атты колхоздарым, Ызғытып қара орманда мыңды айдаған.
Өтірік ойдан алып бал ашпаймын, Шындықтың дабылынан адаспаймын. Көптігін қой мен жылқы айта берме, Шын сөзге шіміркеніп таласпаймын.
Көп болса мал байлығы болған шығар, Жүз қойдан жүз бес қозы алған шығар. Бәрінен жеріңіздің жетпіс қаптан, Мүлтіксіз тары алғаның жалған шығар? Атақты Аманжолдай арагідік,
Еңбегі жанған кісің болған шығар. Қашаннан қара көкбек, жерің сортаң, Көктемей талай тарың қалған шығар.
Отырмын аға едің деп көңіл жықпай, Ұялып ашылайын бекер бұқпай.
Тоқанай Торғайдағы құмарында, Қалыпты тары түгіл қурай шықпай.
Жаңа бір хабарым бар анықтаған, Жарамас бәрін мақтап мадақтаған. Колхозы «Крупская» малдарының, Қотыры әлі күнге айықпаған.
Осындай колхозыңды тыға тастап, Құр болмас ақындықпен шарықтаған. Күтімі малдарының маған мәлім, Жазда су, қыста шөпке жарытпаған.
«Мереке» колхозы мен «Онбесжылдық», Жоспары малдарының толықпаған.
Ойласам осылардың бастықтарын, Ентігіп еңбек етпей солықтаған.
Нұрхан:
Бермедің менің жауап сұрағыма, Кетпелік сөздің қия жырағына.
Сәлем айт менен барсаң, қарындасым, Елдегі ерлеріңнің құлағына.
Қарамай толтырмаған астығына, Мақтандың тауды киіп, тасты жыға. Сәлем айт менен барсаң, ақын Майташ,
«Қарқынның» Шоман дейтін бастығына.
Басшы боп тартам десе елдің көшін, Еңбекте ерлік етсін, төсеп төсін.
Үш сиыр сауыныңа азар сауып, Жоғалтқан 30 аттың жиырма бесін.
Сәлем айт, Сәлмен ұлы Қамзаға арнап, Шығып жүр жаман аты жерді шарлап. Ербеңдеп, егін алмай, мал өсірмей, Халқынан атақ алған «ол бір бейбақ».
Кер тартып, кір келтірмек кім өзіне, Кім тақпақ жаман атақ кінә өзіне.
Ең төмен деген колхоз «Он бес жылдық», Жетпейді бес колхозың бір өзіне.
Қалдырма ақын Майташ артығыңды, Шалықтап сал ортаға алтыныңды.
Жетпейді «Мерекеме» бәрін қоссаң,
«Новый путь», «Еңбек», «Шиелі», «Қарқыныңды».
Алты жыл «Ақсуаттың» елін бастап, Жаманат жалғыз ауыз тағылмаған. Еңбекке елді түгел ұйыстырып, Арнасы өндірістің арындаған.
Сарыарқа самалында мал өсіріп, Жоспарын артығымен орындаған. Айтулы ерлерім бар ауданымда, Ешбір тауы жарыста шағылмаған.
Төбесі Көктеректің көкке жеткен, Ерінбей ел қамы үшін еңбек еткен.
Он үш жыл бір орында тапжылмастан, Атақты келе жатыр Шәкір көптен.
Жазылып жаз жайлаған көк аралды, Тарысы «Кировымның» көкке жеткен. Шұрайлы малы семіз азығы көп, Асып тұр көркемдігі төңіректен.
Колхозда қаһармандық іс істеген, Жан озбас Жүрімбеков Меңдібектен. Секілді лағы серке, қозысы қойдай, Малынып жібек шашақ жерге төккен.
Қашаннан Көпей жеңгей бұзау баққан, Шығынсыз аналарын бұзаулатқан, Оташы Дүйсекеңдей қариям бар, Тұрғызад ауру малды өле жатқан...
Сәлем айт үлкен-кіші бар кісіңе, Мұқият болсын бекем бар ісіңе. Алты мың, жеті мыңнан қой өсірген, Көз салсын біздің елдің үлгісіне.
Мәпелеп баласындай елін баққан, Он бес жыл еңбек етіп келе жатқан. Үлгі алсын колхоздағы басшыларың, Медальді Шаяндағы Бисалақтан.
Алты мың қой өргізген қорасынан, Мың жарым сиыр өрген даласынан. Атағы астанаға мәлім болған,
Үлгі алсын Ақшонтаев ағасынан. Бес тарау Байғабылдың жері сулы, Колхозы Калининнің аты шулы.
Үлгі алсын Есбол ұлы ер Досаннан, Облыстан озып алған Қызыл туды.
Ел бағып, егін салып, мал өсірген, Еңбекке көңілі өсіп, күндей күлген. Сәлем айт жеңгелер мен қарындасқа, Үлгі алсын Еркеш, Бәтеш, Айшагүлден.
Теңіздің дауылындай қарқындаған, Қырандай дауысым көкте саңқылдаған.
Жұмыстың тоқсан тоғыз тарауынан, Ісім жоқ кәмтемел боп қамтылмаған.
Көрініп бірлі-жарым көзге түскен, Жоямыз кемшілікті там-тұмдаған. Арманда қалып қоймай, ақын Майташ, Сөйлеп қал, сөзің болса айтылмаған.
Майташ:
Мәдени үлгі шашқан арамыздан, Үлгі алсын Боробойдай қаламыздан.
Ағеке-ау, жаудан қорқып қорынбадық, Олардың қарасы өшсін даламыздан. Ғафу ет, қата кеткен сөзім болса, Рұхсат ет отыруға қолыңды алып.
Нұрхан:
Кел енді, келіскенің жөн емес пе, Қол берсең қошеметпен, сен егеспе. Салтанат сауық-сайран тәрбиеге, Алдымен сахна ашқан мен емес пе?!
Айтыстық алтын отын аймақ үшін, Табысты жариялап жаймақ үшін. Алдағы Қазақстан тойына арнап, Серт етіп кемшілікті жоймақ үшін.
Бұл айтыс көтереді халқымызды, Батырлық өнерпаздық салтымызды. Қазақтың 25 жыл тойына арнап, Берелік отаншылдық антымызды.
Асыққан асқақ фашист жығылды орға, Желөкпе жер тағысы түсті торға.
Болғандай жан есірік жан таласып, Азар тұр шыбындары шықпай зорға.
Жыландай інде жатқан, иіріліп, Кірпідей ши түбінде жиырылып. Ақырып екі көзден отын шашып, Заманы жатыр жаудың қуырылып...
Майташ:
Десең де мен білмейтін елде кім бар, Мақтасам мақтау сияр ерлерім бар. Көрініп жұрт көзіне үлгі етерлік Неше алуан айтарлықтай еңбегім бар.
Бақыт күш маңдайымнан арылмаған, Өндіріс өрге тартып, қабындаған.
Арқаның алтынды асу-алабынан, Нендей зат іздесеңіз табылмаған.
Еңбектің қиясынан тайынбаған, Жастар көп жай отындай жалындаған. Қайратын Уәлидің мадақтайын, Ержүрек құрыш білек қабындаған...
Қан тамған аспаһанның садағынан, Залымның құтқармаққа қармағынан. Қаһарман Қызыл ерлер залым жауды Қамап тұр қаусырмалап жан-жағынан.
Аумайтын отаншылдық туын ұстап, Сығымдап өкпесінен жатыр қыстап. Қолбасшы компартия өзі бастап, Бақыттың асқаралы шыңын нұсқап.
Сұм фашист бұл ғаламнан жау жойылсын, Әлемге бостандықтың дабылы ұрсын.
Құрысын жер бетінен соғыс бұлты, Төбемде күн жарқырап мәңгі тұрсын!
1945 жыл.
ҚАЛҚА МЕН ҚУАТ
Қуат:
Еліме шықсын менің шаттық дауысым, Бетінен тура тартқан қалай аусын.
Ақынның асыл сөзі ақтарылып, Еліме нұр төгіліп нөсер жаусын. Айтайын тапсам сөзді жарағандай, Жырлайын халқым сүйіп қалағандай. Азаттық алып берген Ұлы Октябрь, Халқымның туған айы самаладай...
Алтын мен ел еңбегі күміс төккен, Береке берік тылға таудай шөккен. Ежелден жол торушы қарақшы жау. Болсам деп қиялданды бұған өктем. Әзәзіл нәпсіге еріп, әлектеніп,
Жан-жаққа мойнын созды аттап шектен.
Қаптап ед қара бұлттай қанды долық, Серпілтті оны біздің ұлы жорық.
Шыдамай батыр – Қызыл Армияға – Жау қашты жардан ұша жанын қорып.
Қылышын ер ұмтылды кекке қайрап, Жарқылдап найзағайы көкте жайнап. Доңыздай домалатып кез келгенін, Ұшырды күлін көкке жерден айдап.
Еңбекпен ел дәулетін көтерелік, Қажымас қызыл қыран елге сеніп, Сенген елі біз болсақ көмектесіп, Фашистің созған қолын тез кеселік.
Өлеңді гулетейін әдемі үнмен, Ырғағын толықсытып әсем түрмен. Халыққа көрінісі кем болмасын, Ағарып сахарада шыққан жерден. Телмірсең терең ойдан сыр шығады, Дүниеге хабар берер қызыл тілден.
Алдына осынау көптің сынға беріп, Жайымнан сөз сөйлейін өзім білген.
Лепсі мен Ақсу, Бүйен, Басқан, Сарқан, Толқыны тас көтеріп аққан тарпаң.
Егін сап, малын бағып жағасына Өрістеп колхозды елім өсті дарқан.
Ежелден сол бес өзен жерленгенім, Қонатын саяхаттап кернеп елім.
Қаракерей Қабанбай, ер Бөгенбай, Білесің жауға намыс бермегенін. Ел үшін жанын қиған қаныменен,
Батыр, Шоңай, Бұғыбай, Сәрімендемен. Қалмақты Жетісудан қуған солар, Түсірген табанына сермегенін.
Халықтың қорғаушысы батырлардың, Әшейін атын атап тербегенім; Ұрпағы сол батырлар ер Нұрсұлтан,
Кім білмес сары жұлдыздай өрлегенін. Жиырма сегіз батыры қасындағы, Білесің жауға қылыш сермегенін.
Кировтың ардақтаған Қалқасына, Дұрыс па жөн көрсетіп бермегінім. Кешегі ақын Майкөт, Толғанбайдың, Су ішіп, суатынан жем жегенмін;
Құл ақын, сал Ниязбек, өр Кеншінбай, Осылар уақытында өрнегі елдің.
Осы айтқан ұрпағымын ақындардың, Өлеңнен айтатұғын кенде ме едім.
Сөзімді ақын Қалқа анық тыңда, Қырандай шарықтайын биік шыңға. Әдемі тәтті жырды ортаға сап, Күмістей жарқыратып тартып сымға. Үлкен аға ініден баһар алып,
Өнеге боларлықтай миллион мыңға. Әркімнің жүрегінде жалын болса,
Қанжардай суырылар жатпас қында. Сен едің аты шыққан, ақын Қалқа, Өлеңге бала жастан жақын Қалқа.
Дәуірлеп отырсың-ау тоқтай алмай, Албыртып, асау екпін басылғанша. Жетістік, кемістігін ауданыңның, Сөйлеп бер жұрт тыңдасын мақұлдаса. Ер болмас ережеде қабылданбай, Міндетін атқарумен дамыл алмай.
Әрине, табыстарың мол-ақ шығар, Сонда да кемшілікті айт арындамай. Қызылбұлақ, Быжыда тоғыз колхоз, Солардың осы күнгі халы қалай?
«Бесқайнар» мен «Мұқаншы» тілемсегің, Жүрген жоқ па әркімге жалынғандай.
Астығы қар астында қалай қалды, Солардың бастығының мәні қандай? Колхозда жәбірлеуші ешкім жоқ па, Таудағы құм қыстаған малың қандай? Дайын ба егініңнің құралдары, Олардың сапа менен саны қандай?
Миына сөз қонады саналы ердің, Байқатып алды-артымды тежеп бердім. Көпті көрген Қалқа едің, көне болып, Айтылған ишаратты сезед дедім.
Қытығыңа әдейі тие сөйлеп,
Тіліңді, түйрер болсаң, безеп бердім. Дауысыңды көтеріп домбыраңды ал, Тербете сөйлесін деп кезек бердім.
Қалқа:
Опасыз зәлім, сұм Гитлер, Қан ішер болған жасынан. Сұқтанып келген сұр төбет, Өзінен-өзі құтырып, Қақпанға түсті тұтылып, Кетпейді енді құтылып.
Қырандары елімнің, Алып жатыр немістің, Бас терісін сыпырып.
Күніндей жайдың күркіреп. Ерлеріміз жас түлек,
Ақ балдағын алғанда, Ленин деп ұран салғанда, Жаудың қаны төгілді, Қылышынан сіркіреп.
Үріккен қойдай барады, Бұл күнде фашист дүркіреп. Береке кетті Берлиннен, Ерлердің даусы шыққанда, Тап іргеден зіркіреп.
Жау жағасы жығылды, Жерінің барған шегіне, Жаңылған еді тобадан, Кездеспеген теңіне...
Қайратты біздің қызыл ер, Германия жерінде – Тығып жатыр немісті, Әкесінің көріне.
Азғана біздер жолықтық, Өмірдің ылди-өріне.
Алыс емес шығар күн, Бақыттың шамдал беліне. Жеңіс туын тігер күн, Берлиннің нақ төріне!
Біразырақ толғайын, Көмейден сөзді желдеген. Қалам-сауыт менде жоқ, Сырлап оқып жөндеген. Адыра болса асамын, Қарағай, қайың ну жатсын; Қарғығанда көлденең!
Қаратал, Көксу жерім бар, Мекен қып халқым, көлбеген.
Жарлыөзек пен Мұқаншы, Мұқыры, Көксу арасын, Есепсіз мал – ең дәулет , Құрымдай болып кернеген. Сөзіңді Қуат түсіндім,
Ел жайын айтып бер деген. Ал сөйлейін сөз тыңда, Жүйрік пе озбай терлеген. Тілдіде ешкім жеткен жоқ, Кешегі біздің Қабанға.
Сөз беріп пе еді Бақтыбай, Қатар жүрген адамға.
Бақтыбайдай емеспін, Балаға енші бергендей. Шарпыны тиген маған да. Сөзге-сөздің кезегі, Келгеннен соң, Қуат-ау, Барынша бір көсілмей, Тежеліп мен де қалам ба? Жетісудай жерім бар, Берекелі елім бар.
Мұсабек пен Шадрин, Батыр туған ерім бар. Қандай жауап сұрасаң, Айтып берер жөнім бар. Шаруаға келгенде,
Бес қолым бірдей демеймін. Менің де біраз кемім бар.
Құмда жатыр қой-жылқы, Құландай ойнап, семіріп. Сиыр жағы нашарлау, Жасырып оны қайтейін, Әлі-ақ қалар көрініп.
«Бесқайнардың» бидайын, Отырған жоқ колхозшым, Басуға тіпті ерініп.
Ол колхоздың бастығы, Сұрасаң аты – Қиялов.
Еңбегі сіңген ерлерді, Даттауға қалай қиялық. Ардақты бүгін еліме, Отаннан орден сый алып. Сұрасаң тағы мал жатыр, Өз жайында бағылып.
Бес-алты колхоз тұқымы, Кемшілдеу еді басында. Түгел болды бұл күнде, Арамыздан табылып.
Қант зауыт халқыма тұр қойнын ашып, Ақтарып мол қазына жеміс шашып.
Ақ ауыл айналасы колхоз, совхоз, Ең байлық құт-береке жатыр басып. Жетісу арнасында қант зауыттың,
Байлығы тұрған жоқ па жұрттан асып?
Көшесінде биік үй, Төбесі көкті шалып тұр; Қарасаң көзің талып тұр. Ертеңгісін, кешкісін, Радио саңқылдап,
Бұлбұлдай әнін салып тұр! Бізде кәрі, жас демей, Москва берген хабарды, Үйді-үйінде алып тұр.
Электірі жанып тұр.
Сатылының басынан, Көксудың шыққан жарнасы. Күндіз күміс, түнде алтын, Ағатұғын арнасы.
Мақтанарлық «Кировтың» Тең өскен бүгін шаруасы. Көлемінде ауданның Берекенің қамбасы.
Береке бар елімде,
Қыдыр бар менің жерімде.
Далам толы егінге. Қасиет бар байқасаң, Басқарып жүрген ерімде. Айтып болдым, ал Қуат Сөйле шаруа жөнінде.
Ақсу биыл астықты Жоспарға жетер алды ма. Еңбекке астық берді ме? Колхозшының алдында, Әйтпесе, тағы, Қуат-ау, Белшеден батып борышқа – Құтыла алмай қалды ма?
Әлде топтап мал әкеп, Бидай деп кірге салды ма? Жасырмай айт, ей, Қуат, Кемшілікті ар қылма, Көргенім жоқ естимін, Ақсу сенің еліңді.
Бересіге мол-ақ деп, Жұмыртқа мен теріңді.
Қуат:
Қиялды сергітейін көкке өрлетіп, Қозғайын әнімменен жыр тербетіп. Дүниеден құр қалам деп кім ойлайды, Ұстамдық жөнін тапса қолы жетіп.
Өлеңді сұлу тізіп шығаралық – Ел сынар арасында қалса кетік.
Болса деп өзім шыққан тауым биік, Отырсың Қалқа менен үміт етіп.
Сөз қоспай арасына өтіріктен,
Екі елдің айтысалық сырын шешіп. Шындыққа қайта айналып сөз келеді, Ассаң да асқар таудан теңіз кешіп.
Жерімес құлан қағынан, ойнағынан, Әркімнің өскен жері алтын бесік.
Адымы өтіріктің ұзамайды,
Тастайды шындық көрсе белді кесіп. Ақсудың кең даласы ұлан-байтақ, Өседі өлкесіне шалғын жайқап.
Ойы саз, қыры киік сағым жүзген, Көз салып көлеміне көрсең байқап.
Кей пенде ішке сақтап сыр ашпайды, Өлеңім қазған сайын құлаштайды.
Шаршы өрге қатар шапқан екі жүйрік, Таласпай тар кезеңде сынаспайды.
Ақсудың шөбі шүйгін, малы семіз, Екінің бірі мұны растайды.
Мол сыйып кең жатады төрт түлігі, Жер іздеп бөтен жаққа шұбатпайды.
Жоюға кемшілікті серт беремін, Бос мақтап даурығуды жек көремін. Астықтан мемлекетке өткен жылы, Отыз мың центнердей төккен едім.
Ешкімнен қарыз сұрап алғаным жоқ, Кеміне азын-аулақ ет төледім.
Екпінің Қараталдың ағынындай, Шағанның сөзің бұлдыр сағымындай. Үй саның артығырақ болғанменен, Жоспарың біздікінің жарымындай.
Жеңістің үн қосқанбыз ұранына, Мысқалдап мол дүниені тұрамын ба? Сегіз мың центнер ет бермек едім, Отыз мың ғып өткіздім – ұнады ма? Жүн мен сүт артығымен орындалды, Бұл да жауап болмай ма сұрағыңа.
Қуаттың өлең жыры таусылмайды, Осындай білмек болсаң елдің жайы. Борыш жоқ мойынымда өтелмеген, Асыра орындалған жүн мен майы.
Сөзіңнің көрдім байқап өкше-іздерін, Білмейтін шаруа жайын епсіз бе едім. Жоспарға келешекте беретұғын,
Жеті мың центнер ет өткіземін.
Өлеңнің шешілмеген сымбалы бар, Бұтақтап соғатұғын жымдары бар. Өсуге құлаш ұрып қанат жайған, Ақсудың тоқсан жеті мың малы бар.
Колхозым тәрбиелеп өсіреді,
Қыс құмға, жаз жайлауға көшіреді. Әркімнің келешекте үміті зор, Дүниеде жалғыз сен бе несібелі.
«Көптің аузы – уәлі» деген рас, Мақтанар осы Қалқа десіп еді. Жаңа шыққан мүйізін едірейтеді, Қараталдан бөлініп көшіп еді!
Қалқа:
Біздің елдің жайлауы, Қора, Шажа, Балықты. Еркелеген баладай, Бауырында Дегерез, Шығарады шалықты. Қарасырық, Қараүңгір, Таудың бірі даңқты.
Қарала ағаш қазанның, Құзар-құзар тасына, Бүркіттер ұя салыпты. Тау ешкі мен бұғысы, Жазды күні төсенген, Атлас, қамқа мамықты. Айыр кезең майлы ошақ, Арасанның етегі.
Арасан деген суым бар, Үш күн жатып шомылса,
Адамның қалмас кеселі. Ақтөбенің түбінде, Солдаттың сайы Текелі, Текелі жайын сөйлесем, Асыл қазына мекені.
Бауырсақтай тауымның, Бүлдірген мен шиесі.
Таңдайыңа салғанда, Тамыр дәрі ішкендей; Босайды адам жүйесі. Бір ай жатып оттаса, Қомдығынан жарылад, Күн қақты болған түйесі. Ертеңгісін желіге, Алшаңдай басып келеді, Өрістегі биесі.
Сайларымда саялап, Тау ешкі мен елік тұр,
Мың-мыңнан өсіп, өніп тұр. Бұзаумен бірге ілесіп, Қорама өзі келіп тұр.
Бірінші қыдыр елден де, Екінші қыдыр жерден де, Сол қыдырлар дарыған, Оразбай сынды ерлерім, Үш жүз мыңнан майданға, Көмектерін беріп тұр.
Адамымыз осындай, Отанға шын берілген. Істері көзге көрінген, Ойнасаң тегі болмай ма, Қуатым-ау теңіңмен.
Кировтың алда ауданы, Ысылған іскер бастықты, Қырық төртінші жылында,
Отыз мың пұт майданға, Аттандырған астықты. Естуші едім Ақсуды,
Бір қатар аудан алды деп, Астығы көп, малды деп. Биылғы жыл, Қуатым, Жоспарың жетпей қалды деп.
Биеннің өлкесінде жердің нуы, Қыдырдың шығып жатқан қайнап буы, Басынан берекелі Ақсу-Лепсі,
Белгілі ежелден-ақ диқан туы.
Елі бай кем болмаған мал мен бастан, Бір кезде ен дәулеті шалқып тасқан. Жоспардан биыл Ақсу құтылмапты, Сол жердің берекесі неден қашқан?
Қуат:
Аршалы, Қоянкөз бен Сарытау, Жүрек, Шыңдары паңданады көкті тіреп, Қоянкөз, Ақшұнақтың аңдары ну, Бауырында ойнақтаған арқар түлеп, Аспанға мойнын созған қарағайы, Тұрғаны табиғаттан тілек тілеп.
Төгілген төмен қарай қорым тастар, Шатқалға тастағандай біреу күреп. Құрақ, су, құмға барсаң, Ақжал, Бүйен, Балқашқа құлаш ұрып жатыр иен.
Тайсойған, Үлек пенен Жарамжалда, Кең байтақ өрісім сол отар малға.
Су ішіп Сарытұмадан күніне бір, Тірілді Ақтау менен Қаражар да.
Қалың мал кернеп жатыр ақ даланы, Көлдері малға сусын арнадағы.
Май шығып түгін тартса төр түлегі,
Көрген жан шүйгініне таңғалады. Қар жауса үш күн жатып көрген емес, Он күнде барған арық жалданады.
Жұт қарасын көрмейтін бұл жердегі, Ақсудың малы семіз таңдамалы.
Асыра құлашыңды кең сермейсің, Сөзіңнің артық-кемін теңгермейсің.
Бір жұтсаң сапырулы сары қымызынан, Тайлақтай бүйі тиген дөңгелейсің.
Самалы көк майсаны тұрар шайқап, Ауасы өте салқын шөлдемейсің.
Жансебіл неткен, Қалқа, өлерменсің, Тисе де сөзім ауыр теңдемейсің.
Көңілді өтірік сөз жаралаған, Сезімім ойдан күтіп хабар алған. Жұрт байқар кемшілігін екі жақтың, Тауды да, даланы айттық бағанадан. Тауларды тасырқамай басып кеттің, Жорғадай төр аяғын тағалаған.
Ауданда орден алған бастықтарың, Ішуге толық шығар астықтарың.
Ей, Қалқа, Түрксибтің қасындасың, Біріңді екі қылып асырғансың.
Қызыл құлақ саудагер бәрі сенде, Ауданыңның тәртібін басынғансың. Самагонды қайнатып жалақ қағып, Сатып жүрген жерінде шатылмасын. Жараспай ынтымағы еңбек десе, Колхоздың берекесін қашырмасын. Алып сатар дегеннің аты жаман, Байқа бір күн газетке басылмасын.
Қалқа:
Мақтанғанда көңілің, Мұхитта жүрген жайындай. Өнеріңді байқамай,
Қуат батыр пайымдай. Төпеп кетіп барасың, Алды-артыңа қайрылмай. Орынды жауап сұрап ем, Кімнен болған кемшілік,
Осыны қалдым айыра алмай.
Он шақты күн болып ед, Мен барғалы ауылыңа. Жоқ дүниені бар етіп, Сөйлейсің, Қуат, даурыға. Құрғақ сөзді сұлулап, Берекесіз дау қыла.
Мен тұрғанда кем еді, Жетпіс екі пұт тұқымың, Сонан бері Ақсуға, Аспаннан бидай жауды ма?
Жайлауың мен қыстауды, Орынсыз, Қуат, мақтадың. Көсіле бермей көрпеңді, Бойыңа қарай шақтағын. Қатты сөзді білерсің, Қабырғаңа батқанын.
Сондай жерің бар болса, Малыңды неге бақпадың, Ретін неге таппадың.
Өтірік берген мәлімет, Тыйылар қашан шатпағың Тілесең, Қуат ашамын, Өлеңнің қазына қақпағын.
Сол жайлауға тимеген, Өмірі сенің керегің.
Жапырағын жайқалған, Қойың мен жылқың жемегін. Он екі айдың ішінде, Қаншама сізде мал өлді?
Өлшеусіз шығын не деген!
Етке берген малдарың, Матайдан барып өтпеген, Ақсуға қайтып жетпеген.
«Бастаушы» деген колхоздың, Өгіз бен аты өлгелі, Сықырлап тұр қотырдан.
«Көкжайдақ» деген колхоздың, Жиырма төрт танасы,
Төрт-ақ күнде өліпті, Нені қарап отырған, Райзоңның маманы?
Қуат:
Алдағы егісіме тұрмын дайын, Сұрасаң тәрбиелеп айтам жайын, Толық па сіздің елдің тұқым қоры, Сонан-ақ сезіледі кедей, байың.
Менен, Қалқа, тоқпысың, Сөзіңнің көрдім соққысын. Топтап айдап малыңды, Қараталға шұбатып, Астық іздеген жоқпысың? Өтпеген соң астыққа, Адамдарың сатып жүр, Жолда сойып тоқтысын.
Айтар сөзге данасың, Қисынсызға қалай нанасың.
«Қызыларық» колхозың, Бір күнде арам өлтірді, Шөп бермей тоғыз танасын.
«Суықтан ұшып өлді» деп, Аязға жапты жаласын.
Аяздан тана өле ме, Жылылап қойса қорасын.
Басы жерге жеткенше, Дауылға шыбық сынбайды.
Түріңді мен де таныдым, Енді, Қуат жырлайды.
Аузынан өлең атқылап, Тоқтатса да тұрмайды. Ауданыңның бастығы, Жан екен деп барғанда,
Ешкімге мойнын бұрмайды. Орден алған кісіге, Тәкаппарлығы үшін беріп пе, Естігем жоқ мұндайды.
Аты шулы ақынсың, Аңғарып аз парықта. Кемшілікті жасырсақ, Пайдасы қанша халыққа. Ленин атты колхозың, Он сегіз қотыр танасын,
Көрсетпей бізден жасырып, Клетке қамап қойыпты, Осының сірә анық па?
Үйір болу дұрыс па, Мұндай нашар қалыпқа?
Шабақ түгіл шортанға – Бел бермейтін жайынмын.
Бес жүзден артық соқам бар, Жүретұғын көлікпен.
Ақсудың жайын білем деп, Сен де келдің Кировтан.
Шың басына шығам деп, Көңіл шіркін желіккен. Байлығың асып мақтандың, Ақсуға жәрдем беріп пе ең?
Өлеңді өрге айдадым, Сөзіме іс айғағым.
Бес жүзден артық соқамен Дайын құрал-сайманым.
Дайындаған тұқымым, Бес мың үш жүз центнер, Шынтуайтқа келгенде, Сөзіме бүкіл ел сенер.
Өткір болсаң қиярсың, Мықты болсаң жығарсың, Белдеселік келсең кел!
Жазғы егіске сақадай,
Екі мың үш жүз жетпіс бір, Өгізбенен атым бар,
Неге айтпайсың төрелік, Мақтанға тілің тақылдар.
Қалқа:
Баяндама бергендей, Сөз айтайын жаңадан.
Қырық төртінші жылында, Талдықорған, Қаратал, Жоспар сызып санаған.
Қызылшадан өнімді, Кем алды олар шамадан. Кировтың қант заводы, Үш ауданға қараған.
Сиырына «Құрақты» Биыл келді ала өкпе. Хабарладық кезінде, Әуелі райсоветке.
Дәрігер келіп көрген-ді, Кемдік деп оны дәметпе. Анықталған соң кеселің, Айырбастап жылқыға, Оның да таптық есебін. Сиыр жақтан кемдік жоқ, Орынсыз, Қуат өсегің, Кеше тәуір сес едің.
Онан-дағы айталық – Кемшіліктің кеселін.
Колхозды айтсақ болмай ма? Малды жақсы бақпаған, Шөпті толық шаппаған,
Қар жауғанша дыр-думан, Қораны тегіс жаппаған.
Ауданды айтсақ болмай ма? Жоспарынан құтылып, Себуге тұқым таппаған.
Мамандарың қайда жүр, Өгізбен тұқым сепкенде. Комбайнмен тоқпақтап Шудабаев төккенде.
Қайдан келсін береке – Бұлайша еңбек еткенге?
Сіздің Ақсу ауданы,
Қырық төртінші жылы көктемде, Тұқымын түгел сеппеген.
Екі пұт бидай апарса – Бір пұтын сеппей ептеген. Он бидайдың орнына –
Жалғыз-ақ бидай көктеген. Ақырында жоспарға, Шыққан бидай жетпеген. Ауыстың, Қуат мақтанға, Комбайндарың қайда еді? Селдіреп шыққан егінді, Сексен үш күн шапқанда. Қырманның түбі тақылдап, Далада бидай жатқанда.
Тоғандарың қайда еді? Алты ай жаздай су ішпей, Шақылдап аңыз қатқанда. Айдасаң жерді суарып, Шықпай ма егін ырғалып. Жақсы шықса егінің,
Қалар ма ең бүйтіп шырмалып?
Қуат:
Ауданымда үш МТС, Тракторы жөнделді.
Жүз он бес саны трактор, Жолбарыстай күрілдеп, Жазғы егіске белсенді.
Айдайтын жерге қар үйіп, Төкті талай көңдерді, Мұқырыңның МТС-ы, Бізбен қашан тең келді, Тракторы біткен жоқ, Айтайын көзбен көргенді. Май айында біте ме?
Биыл егін салудан, Босатып па еді сендерді? Бастықтарың білмейді, Бітсін деп көңіл бөлгенді.
Серпіле сөйле ойыңды, Көрсетіп қал бойыңды. Колхозыңнан «Құрақты», Өткен жылы неліктен, Қырық сиыр жойылды? Ауданыңды алғанда, Анықтап көзді салғанда. Қаншама сиыр, қой, ешкі, Жүз елу ат өліпті, Осыным да жалған ба?
Байлық айтып отырсың, Ие болып қалғанға!
Отырған жоқ па үйіңде, Алпыс балаң оқымай. Сен тіліңді безейсің,
Сүйкене сөйлеп қотырдай. Төрт жүзден артық оқушың, Жаман деген баға алды, Көрмейсің оны соқырдай.
Сөзімнен менің шошыма, Қатты айтамын досыма ай.
«Талапты» деген колхозың Ат қора қыпты клубты, Мәдениетің осы ма?
Осыныңды көргенде, Көңілім жаман торықты.
«Бесқайнар» деген колхозда, Өткен жылы қызылша,
Жүз елу гектар болыпты. Жүзімнен өнім алған жоқ, Не кеселге жолықты?
«Мұқаншы» деген колхозың, Екі гектар бақшасы, Орталыққа салғаны.
Күзді күні болғанда, Жалғыз қияр алмады. Қызылшаң қайда өткізген, Барып хабар алдың ба?
Отардағы малыңнан. Жайылымы жоқ болса, Қайыспай ма қабырғаң. Сиырының бәрі арық,
«Бозтоғанға» неғылған. Бес тана мен төрт сиыр, Көтеремнен өліпті, Әуелден нашар бағылған. Күз басынан шөп шаппай, Малың бүгін аңырған.
Қалқа:
«Кировтың» мынау байлығы, Табысы жетті «Өрнекке».
Ақсуға өте қиын-ау,
«Кировке» тең келмекке. Төрт жүз сиыр, он мың қой,
Алпыс жылқы тағы бар, Үлестірген еңбекке.
Мың жарым қой, жүз қара Бәйгі мұның сыртында.
Еңбекке қанша мал бөлді Ақсу сынды жұртында?
Аз әңгіме сөйлейін,
«Кировтегі» фермадан, Өркендеп, өсіп өрлеген.
«Қаражырық» колхозында, Абайбек деген бас шопан Қасқырға бір қой бермеген, Бір қозысы өлмеген.
Алпыс қой алды бәйгеге, Еңбегі артып өзгеден.
«Октябрь» атты колхозда, Естай деген жылқышым, Алты құлын еңбекке, Шешіп алды кермеден.
«Калининде» Түлкібай – Қырық қой алды бір басы, Малшы бар ма Ақсуда – Бұларға сірә тең келген?
«Еңбекшіқазақ» колхозында, Алпыс бесте Тазабек – Ерініп шаршау білмеген.
Төрт сиыр алды бір басы, Істеген адал терменен.
Ауданында Кировтың – Үш-төрт колхоз болмаса, Колхоз жоқ мал бермеген. Төрт-ақ колхоз бізде бар, Еңбекке бидай бөлмеген. Не айтайын, Қуатым, – Шұқанақ бірдей бола ма, Шалқып жатқан көлменен! Оразбайдай бастықтың,
Еріп жүр қыдыр соңынан. Шаруасы ыңғайлы – Оралып жатыр оңынан.
Еңбекке берді дәл биыл, Екі кило астық, он бір сом,
Былтырдан қалған қорынан.
«Бозтоғаның» колхозы – Жеті жүз елу мал берді Байлығының молынан.
«Октябрь» атты колхозым – Тоғыз жүз елу қой айдап, Еңбекке берді қолынан.
«Кировтың» асқан байлығын Толғай-толғай жырласам, Тұра алмассың орнынан.
«Еңбекшіқазақ» біздің өнегелі, Бір үй сегіз бөлмелі балаларға – Орнатқан алтын әйнек терезелі.
Көк клуб көкті шалып күмбірлеп тұр, Сыланған цементпенен керегелі.
Ақ монша, көк диірмен қасында тұр Осыған қай колхозың теңеледі?
Көшесіне егілген, Алуан ағаш талы бар. Үш жүз елу қойменен,
Қырық бір сиыр еңбекке, Биыл берген малы бар.
Оған қоса он соммен, Екі кило астығы Азырқансаң тағы бар. Көршіге берген қарызы –
Мың центнерлеп табылар.
Қуат:
Жоюға кемшілікті ұмтылайық, Көтерем сиырларың, жылқың арық.
Жаман өгіз, жауыр ат жүні түскен, Бәрінің қойғансыңдар сиқын алып. Лепірген мақтаныңа сене алмаймын, Әншейін су моншақтай жылтырауық. Бұл қалай өтірікке жол бергенің, Ақын деп ойлап едім шыншыл анық. Бүргедей шаққаныңды елемеймін,
Қойғанмен анда-санда шымшып алып. Бас болып игі іске сөзімізбен
Татымды шын жүректен сын шығарып. Баруға ұлы тойға табыспенен,
Еңбекке жан аямай құлшыналық. Көтеріп жеңіс туын шаттықпенен, Түбінде саясының салқындалық.
Қолайсыз нашар екен мал күтуің, Дұрыс па артықпын деп албытуың. Малыңның күйі кетті құмыңдағы, Кемшілік жасырғанмен бұғынбады. Беталды сабай бермей екі жақтап, Сөзімді тосып отыр ұғын-дағы.
Адасып кешегі айтқан сөздеріңнен, Әр жерде көрінбеген сырың қалды.
Қалқа:
Гектарынан егіннің, Төрт центнер алғансың.
Жоспарыңнан сондықтан Құтыла алмай қалғансың. Жетпіс екі мың пұт тұқымың. Әлі күнге жетпейді,
Оны қайдан табасың? Егіске керек тұқымың Істеу керек шарасын. Айтайын сөздің тазасын. Тағы да келіп қыңқылдап Облсовет, обкомның Кетіріп жүрме мазасын.
Ауданыңа сәлем де, Қамыты болса қамдасын Соқаның жүзін таптасын. Күш көлігін семіртіп, Тәрбиелеп баптасын.
Кезі келген қу тақым Бекерге мініп шаппасын. Доғарылып далада – Болдырып көлік жатпасын. Облысты ұялтып,
Тағы да артқа тартпасын.
Қуат:
Қалқаның негізсіздеу керістері, Бірден-ақ көрінбей ме ер істері. Өлеңді бұрқыратып соғып отыр, Өзім деп тіл біткеннің желіскері. Бөркін түре киеді көтеріліп, Өткен жыл тәуір шығып егістері. Өрлейсің, өрекписің бетіңменен, Ісіңнің көп болса да кемістері.
Сен менің жоспарымды өтедің бе, Біздің ел сенен қашан жеміс жеді? Ақсудың асау суы ылдыйға аққан, Елім бар егін салып, малын баққан.
«Үлгілі» атындағы колхозымның,
«Еңбекшіқазағыңнан» өрнегі артқан. Көрініп түстік жерден аппақ үйі, Көшесін атқан оқтай тура тартқан.
Клубы, мектебі мен контор үйі – Адамның қарағанда көзін тартқан. Алты пар ақ моншасы тақтайлаған, Отын мол, үйіп қойып күнде жаққан.
Қарасам әр сайманның сарайларын, Көргенде кеп тұрады маңайлағың. Салынған неше жерде пункттері, Қызығып әлде неше абайладым.
Әр жылда бұл колхозда өнімі артқан, Артады малдың саны қойған шарттан; Түгімен төлежіген буаз тайлар, Түлеген малым семіз құмда жатқан.
Неліктен зауытыңды тоқтатасың, Біреуді тоқтатам деп соттатасың. Кеудеңді керіп тұрған сасық мақтан, Дәмі жоқ бейпіл сөзді босқа айтасың. Көп сөзің есебі жоқ текке кетті, Мақтағаның дем алмай аудан басын. Жойылса кемшілігің маңайыңнан, Домалар сонда ғана өрге тасың.
Әдетің бойыңдағы қалай қалсын, Білімің, мәдениетің болмай басым.
Әй, Қалқа, енді сөзді ұзатпалық, Ұялтып әркімдерді қызартпалық.
Екі аудан артық-кемін айтқан болдық, Қалсын деп еңбекшілер құлақтанып. Табысты келешекке таудай үйіп, Түбіне жеңіс туы тұрақталық.
Қалқа:
Колхоз бар ма Ақсуда,
«Қаражырық», «Бұрғандай». Келбетіне қарасаң,
Айдын көлдің бетінде, Ақ шағала тұрғандай.
Колхозын көрсең Ақсудың, Сын-сыйқы жоқ, қоқыр там, Сыланбаған қотыр там,
Өрт бұршағы ұрғандай. Енді, Қуат, қояқ-қой, Өтірікке буланбай.
Салынған үй жоқ жаңарып, Сыланған үй жоқ ағарып. Өзіңнен, Қуат, сұраймын,
Ауданында Ақсудың, Айтшы бар ма тазалық?
Астанамыз Алматы, Он алты отау тараған.
Талдықорған, Көкшетау, Енші алып шыққан жаңадан. Жерім қыдыр, елім бай, Үлкен үйге балаған.
Шаруасын жинақтап, Намысқа ерлер қараған.
Бітірелік егісті,
Жеті күнге жетпестен, Жердің дымы кеппестен. Малды жақсы бағалық,
Бір жарым жылға жетердей, Мол етіп шөпті шабалық.
Еңбекпен салған егіннен, Берекелі астық алалық. Талдықорған, Павлодар, Бәсеке түстік жарысқа.
Аянбай қайрат жұмсалық, Көмбеміз біздің алыста.
Шаруа кетсін теңеліп, Мемлекетке қарызды, Артығымен берелік.
Үш жүзден алып қызылша Еңбекке астық бөлелік.
Қазақстан тойында – Табыспен рапорт берелік.
1945 жыл.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
(1946-1957)
СӘТ ПЕН НҰРХАН
Омар Шипиннің айтысты ашқаны: Бұл айтыс атамыздың ата салты, Айтысты әдет еткен қазақ халқы.
Шортанбай, Шөже, Орынбай, Базар жырау Ақындық ел ішіне шыққан даңқы.
Ақын қыз: Дәме, Ырысты – Қызылқұмнан, Кеншінбай, екі Жүсіп1 шыққан Сырдан.
Айтысқан Жарылқасын, Айымторы, Өлеңі Әсеттің де бұлтты ысырған.
Тобылдан – Өске2 менен туған Нұржан, Айтыста Сапарғали белін буған.
Жұмбақты Сапар айтып, Нұржан шешіп, Өлеңмен Наушабаев жауын ұрған.
Сара мен Біржан салдың айтысқаны, Көрсеткен атпағының әйел таңы.
Ол кезде аяқ асты жүрген ақын, Жалғыздан үн, жаяудай шықпай шаңы.
Халыққа қырық бір жыл таң атқалы, Ғасырдан артық минут сағаттары.
Жапырып жан таласқан талай жауды, Жер жүзі Октябрьді мадақтады.
Ақындар, айтысқаның – амандасқан, Қарасып бір-біріңе хал сұрасқан.
Ағаңның айтар осы беташары, Болмасын ешбір ақын сыннан қашқан!
Сәт:
Көркем ән көкке өрлеп шалқығандай, Аймалап айдың бетін шарпығандай. Самсаған сұлу әнді құлақ сүйіп, Естіген есі кетіп балқығандай.
1 Екі Жүсіп – Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіп.
2 Өске – шын аты Ысмайыл, өткен ғасырдағы атақты ақындардың бірі.
Көңілін тыңдаушының құмартатын, Жүрекке барғанында тиіп балдай. Сөзіммен көп көзіне көрінейін, Жорғадай дөңгелеген аяқ шалмай. Ауданның Аманкелді ақынымын,
Сан топта сайрайтұғын бұлбұл таңдай.
Қиялым қияға өрлеп шалқып-тасып, Арнасын ақындықтың сөзбен ашып. Өткізіп ой електен өлеңімді, Қайраткер қаламыммен ақылдасып. Бұл күнде сөз базары көтеріңкі, Жүлдеде жүйріктермен тақымдасып, Жасаған қырық жылдың жеңістерін,
Аймаққа жырдан маржан шашу шашып. Облыс ақындары айтысына,
Арнаулы келіп тұрмын қадам басып.
Сайысып сынасуға бірі-бірін, Тереңнен сөз асылын теретұғын. Шешендер ойы алымды, сөзі шырын, Домбыра қызықты етіп айтыс күнін. Ақыны Жангелдиннің інім Нұрхан, Сөйлеші ауданыңның шаруашылығын.
Нұрхан:
Топ көрсем тоты құстай таранамын, Қырандай қиқу шықса қаранамын. Желдетіп жыр нөсерін төге салсам, Көлдетіп толтырамын жер алабын. Самғаған қиялыммен көкті шарлап, Басында бұлдыр шыңның дем аламын. Сайраған сан бақшада мен бір тоты, Жайлаған гүл райхан, көк алаңын.
Сәтеке, маған бір сөз арнап едің, Жарыста жаннан кейін қалмап едің. Ұлы шу, той-томада топтан озып, Желіспен жер таныған тарлан едің. Кешегі кер заманның ақындары, Жағынып жауыздарды мақұлдады.
Мадақтап маңғазсынған манаптарды, Сұранып сұр таңдайлар тақылдады. Бір есер бір сом ақша тастай берсе, Зар-жағы жалыққанша қақылдады.
Жамандап жарым теңге бермегенге, Қазбалап көп алдында тақымдады.
Айтысып талай ақын ерегісті, Егесті жөндейміз деп жөн еместі. Ежіктеп елді екіге бөліп алып, Бергісіз айтыстары төбелеске.
Ақыны біздің заман жүзі жарқын, Өзінің мадақтайды туған халқын. Сауыққой, салтанатты, көңіл ашар, Қостайды қазағымның сүйген салтын.
Тамаша біздің заман, қандай заман, Сандуғаш, бақта бұлбұл, сайрайды адам. Елімнің бұлттан асты бел өркеші, Секілді алтын қанат көк еркесі.
Әлемге нұрын шаша соқты самал, Секілді жер жаннаты көлеңкесі.
Өсті елім шұғыла жайнап шырайланып, Жау, шіркін, қалды білем бір ойланып, Жасанды жер серігі жұлдызша ағып, Шыққанда жердің шарын шыр айналып.
Суайттар соғыс құмар судай тынды, Аузына өсекшінің құйды құмды.
Жаһанға жаңа ғылым жарық еткенде, Селк етіп, зәресі ұшып көзін жұмды...
Қарасам таңғажайып жастарыма, Ғылымның шыққан биік асқарына. Талпынып таң нұрына қанат сермеп, Жетті еркін ғұламаның аспанына.
Нұр жанған ауылымның түні күндей, Қарайды түндігімнен күн күлімдей.
Тұтқасы алты әлемнің Совет елі, Айналған жер шарының кіндігіндей.
Жиналды облысымның ақындары, Сыр ашып сынасуды мақұлдады. Торғайдың топтан озған жорғасымын, Жанкелдин Әлібидің атындағы.
Ауданым Алатаудың алқабындай, Көлдердің аумағы мол шалқарындай. Келеміз табиғатты бағындырып, Өмірде қонған бағым шайқалынбай.
Алатау Талғарының тұлғасындай, Ауданым облысымның құбыласындай. Бәрінен дулығасы асқақ тұрған, Үдетіп екпініміз бір басылмай.
Қар суы – қатық болып құт оранған, Ырыстың алтын қазық шынғасындай.
Бұл өзі қилы заман көрген Торғай, Жайратып жау жазасын берген Торғай. Өткізіп бір басынан талай тартыс, Қария жүз он беске келген Торғай.
Болды оның нелер жүйрік шешендері, Тербелген тал-қайыңдай көшемдегі. Торғайдың күнгейіне көлеңдетіп,
Ту тіккен революция жаса ерлері!
Ақыным біздің жаққа қарасаңыз, Сөйлеп бақ, теңдесуге жарасаңыз. Табысым таудан биік болса-дағы, Таспаймыз, кішіпейіл – аласамыз. Мәдениет сән-салтанат сауық құрған, Біздің көп таңғажайып тамашамыз.
Келсе де Қазақстан қай түкпірі, Тайқымай, табан тіреп таласамыз. Көрдіңіз ел аралап талайларды, Тағы да сіз көрмеген талай қалды. Нақыштап, әшекейлеп зәулім биік,
Салдырдым сауық үйі сарайларды. Жайнаттық гүлдендіріп көк алаңды, Айнала колхоз елі қалаланды.
Радио үй басына саңқылдайды, Жеп-жеңіл жер бетінен хабар алды.
Көріп пе ең «Партсъездің» зор қаласын, Көркіне көзің тоймай таң қаласың.
Жалықпай «Жаңа тұрмыс», Шұбалаңға, Жеті күн тамашалап айналасың.
Біреуі Жангелдиннің жаңа ауылы, Толтырған байлықпенен ел қамбасын. Атақты алтын кентті Албарбөгет,
Дер едім көрмей жүрсең, құр қаласың. Барып қайт, тілімді алсаң тағы аралап, Осыдан таңғажайып үлгі аласың.
Ғажайып төрт түлікті мекен-жайы, Салдырттым салтанатты мал қорасын. Менде бар толықсыған тоғыз қала, Өтінем, тілімді алсаң бір барарсың.
Бар десем кей ісіңде кемшілігің, Несіне мойындамай арланасың?
..........................................................
Салақсың, кем-кетікті санамайсың. Радио колхозыңның көбінде жоқ.
Жым-жылас құлаққа ұрған танадайсың.
Бар екен колхозыңда қамыс қора, Халыққа аты мәлім таныс қора. Әйтеуір әлеуметтің көзін алдап, Салыпсың ауданыңда он үш қора.
Таң қалдым сіздің елдің қорасына, Келмепті жаңа құрылыс жобасына. Жарбиып жар басында жантайып тұр, Ұқсайды Қожанасыр моласына.
Жарылып бүйірінен дал-дал болған, Тәсілін таба алмапсың о басында.
Кеткендей қасқыр талап қабырғасы, Жазылмас май жақса да жарасына.
Сәт:
Көп сурет беріп өзің ауданыңа, Биік шың, теңеп құздың аңғарына. Байлықты, берекені, көркемдікті, Алыпсың бәрін жиып албарыңа.
Қала ма барлық аудан артта сонда, Кеткенде бәрі саған аударыла.
Кетіпсің шығыңқырап шеңберінен, Көлеңке келем беріп аумағыңа.
Жалғыз-ақ өзің ғана араласып, Қырық жыл табыспенен толғанына. Тілде сөз, қаламда із көп деген рас, Сенің бұл айтқаныңнан аңғарыла.
Мәдениет баспалдағын басып көшіп, Көрсеткіш артық үлес табыс қосып. Ғылымның салмақты көп саласына, Мәдениет баспалдағын басып көшіп.
Ақыным, құлағың сал, қара маған, Түрлерін жұмысымның салалаған. Келісті көңілі зерек, қолы шебер, Меңгерді техниканы үш жүз адам. Ешкім жоқ сырттан келген осыларда, Өзімізден оқып шыққан кадр – маман Ойы алымды, өнерпаз жетік ұста, Тудырған осыларды жаңа заман.
Қостамдағы Молдаштың қойыменен, Кіріп шық, жатқан шұқыр қазбасына. Сауысқандар тұғыр ғып күлісіп жүр, Қотыр қойдың мініп ап таз басына.
Сұлулап салдым дейсің сәнді сарай, Сөз бен шаруаң арасы алшақ қандай?
Нұрхан:
Ақын сөйлер халыққа пайдалыны, Таппаса талғап-талғап ойдағыны. Сөйлессе әдеппенен бір ғанибет, Соқпаса қайдағы мен жайдағыны.
Көріп пе ең «Аққұм», «Тосын», «Қарақұмды», Сыртында қоңыр бұйрат «Балақұмды».
Жерінің жемісінен шық тамшылап, Май қылған кебісім мен балағымды.
Көріп пе ең Сары тосын дүлейімді,
Жаз көшіп, қыс қыстайтын тың ойымды. Ішіне тал, көк теректі, көк ырғайы, Бұтадан аттың басы бұрылмайды.
Салбырап мәуелері тәжім етіп, Сыбдырлап жас арудай сыбырлайды.
Гүл майса шырмауықты талға бөлеп, Қайтады қарашада қаз бен үйрек.
Білгендей ел келерін ертең-бүгін, Батысқа аң жосиды тау жебелеп. Түскенше боқыраудың бозқырауы, Тұрады мұнарланып алқара көк.
Жаз жайлап Қарасайды, Майқараны, Ерте өргізіп, кеш қойын қайтарады. Болғанша күзгі мезгіл күзем айы, Теңелді ақауызға марқалары.
Шел басып тұла бойын туырлықтай, Мамықтай ырғалады арқалары.
Ерқаттың етке берген бағландары, Гір тартып алты пұттан шалқалады.
Ғажайып сиырымның сүті артты, Бұзауым құлан-өгіз гірін тартты. Түйедей ту сыртына қом арқалап, Шыға алмай өрге басып жүре жатты.
Жылқым бар сәйгүлікті қазанаттан, Жығылмас шабуылда қазақ аттан.
Тай қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, Тең-теңдеп қара нарға сабаны артқан.
Қарттарым жиналысып ертеменен, Шаттықта жүрегінде жел кернеген. Тегештен тай жүзгендей қымыз құйып, Алыңыз, алыңыздар, кел-кел деген.
Әңгіме-думан қызып қызғылықты, Жатқаны ажуаласып тең-теңімен.
.........................................................
Түндігі ақбоз үйдің желпілдеген, Осындай салтанатың бар ма сірә? Озбасаң бүгін қалып, ертең менен.
Сәт:
Аралап барып қайттым Сіздің елге, Екеулеп зер салайық осы жерге.
Үйінде Алпысбайдың алты бұзау, Бірге отыр адамымен бұда да жөн бе? Тұтасқан қотыр барлық денелері,
Әлі жоқ алдындағы шөбін жеуге. Сыпыртып отыр сөзді Қайырбегің, Жұмсамай мал дәрігерін емде деуге.
Қораның қидан қалап қабырғасын, Дедің де суық соғып дамылдасын. Қар боран, үскірікте қора салып,
Сақтайсың қалай аман малдың басын?! Қыс күндер қора салу, айғағы ғой, Өрісі шаруашылықтың тарылғасын.
Шырағым ал мойныңа кемшілікті, Айтылған анық факт, сөз расын, Еске сап ескертемін достықпенен, Түзет деп кеміс-кетік шаруасын.
Жөні жоқ жаурап өлген сегіз жүз бас, Бұл қойлар мойындайсың, шындық рас. Күзетпей түнде қойын жалқаулықпен, Қасқырдан көп шығынды көрді Молдаш.
Нұрхан:
Тұра ма сөз қуған соң бадаладай, Сыпайы сөйле, ақыным, қараламай.
«Хан сыртынан жұдырық» соқпа, Сәке, Аймағын ауданымның араламай.
Осы ма өтірікпен мықтағаның, Аға деп көңіліңді жықпағанмын.
Жағалап өтірікке жамбастадың,
Білмеп пе ең қортынды әлі шықпағанын.
Бұл сөзің халыққа шын көрінген жоқ, Дәл бүгін еңбекке ақша бөлінген жоқ. Сен өзің жасадың ба бұл есепті, Отырсың сырттан соғып мақтаған боп. Сенің де қойларыңда күй қалмапты, Күй түгіл, бойда қуат, жәй қалмапты. Жылы су, жем жегізіп байқайды екен, Малға жай жанын күтіп үйге алмапты.
Менің бір құмартатын аңсағаным, Соларды көрсем сүйіп, тамсанамын. Колхоздың шаруасын басқаруда, Менің бар жүз қаралы комсомолым.
Мақтасам артық емес Қонысбайды, Ай сайын шүйгін жайып қоныстайды. Жұтқызып Қошалақтың құдық суын,
................................................................
Жас жігіт көріп пе едің Шортанбайды. Ол өзі тірі жаннан қорқа алмайды.
Жарылып қошқарлары құйрығынан, Таяқтап қуаласаң жорта алмайды.
Сарагүл оның сүйген келіншегі, Майысып сынғалы тұр шеміршегі. Жарыста одан озған ешбіреу жоқ, Бордақтап баққан малын семіртеді. Қалаңда қыз-келіншек көп-ақ екен, Бозбала, жастың жалқау еріншегі.
Бозбала Бұзауғали бұзау бақты, Әкесі алпыс сиыр бұзаулатты. Болған соң малы семіз көңілі жай, Өзіне бір жан жолдас қыз аулапты.
Қалайша қызымды айтпай жай қалайын, Көргенде балаларымды аймалайын.
Қой бақты орта мектеп бітірген соң, Қарағым, Күнжамалым, айналайын.
Оңай ма жеті жүз қой жас балаға, Ер жүрек туған бала жасқана ма?
Бәрі де сыйлық алып қырық жылдықта, Атағы мәлім болған астанама.
Қарасаң жас сәбидің қабағына, Күн сүйіп, ай қонғандай тамағына. Ойланып осы жылы кіргізіпті, Малшылық мамандықты сабағына.
Ата мен мұғалімдер анасындай, Бәрі де мәпелейді баласындай.
Ғылымның кең бұлағын ағытты олар, Сан өлке, тоқсан судың саласындай.
Менің көп таңғажайып мектептерім, Көп әлі бізге қуып жетпекке елің.
Сен-дағы жеңілместің қамын істеп, Бір талай омыраулап төкпектедің.
Сәтеке, нағыз заржақ шешен едің, Мен сендей көшеге гүл төсемедім. Ескі үйде есігі тар әлі отырсың, Қалаңның қоқыс басқан көшелерін.
Қатты айтам, құлағың сал, естідің бе, Кірсейші бір шатырлы есікті үйге.
Аралай клубыңды барып едім, Ишанның әлі отырсың мешітінде.
Сөйлесе жиып-теріп сөз қала ма? Сен-дағы құрғақ даумен созбалама, Қойсайшы, егіз қозы секілді едік. Мен қойдым, сен де енді қазбалама.
Сәт:
Отырған Аманкелді ауданы елдің, Ерекше бір байлығы тағы жердің.
Бәрі де дүниеге шығып жатыр, Тығылып жер астында жатқан кеннің. Пайдасы мемлекеттік қаншама көп, Бокситтен жасалатын алюминнің.
Қызылқозы және де Қызылталдың, Байлығын іздеп тапқан өзің көрдің. Алюминнен жасалған самолетпен, Қалаға екі сағат ұшып келдің.
Зауыт үшін керекті көп материал, Күнде алып жатқаны инженердің.
Нұрханым, елу сегіз осы жылда, Табыспен тасқындаймыз өрлеп шыңға. Ынтаның, ынтымақтың салтыменен, Ерекше қой өсірмек болдым тыңға.
Көбейтіп қөйдың түрін, малдың санын, Береміз сонда саған тура сынға.
Белгісі байлығымның осы емес пе, Жаңа жылда ие болдым Қызыл туға. Қызыл ту қызықтырып бар әлемді, Бөленді менің халқым асыл нұрға.
Партия съезінің тапсырғанын, Орындау осы жылы түгел бәрін. Табыстың тасқындайтын кілтін бұрап, Жасаймыз қаһарман күш, жігер жалын.
Нұрхан:
Елге бір жаңа хабар сөз келіпті, Зор бақыт ырысыма кез келіпті.
Бестаудан жаңа совхоз ашылмақ боп, Бұл хабар қуанышты тез келіпті.
Кеудесін мақтаншылық жел керіпті, Болады табыспенен ел көрікті.
Келеді енді қашан деп тұрғанда,
Біз көрдік жалғыз келген Қарбеновты.
............................................................
Бір сыр бар ел көңілінде көтермелі,
Сансыз күш сар даланы күңірентіп, Жиналды жаңа қоныс мекенге елі.
Халыққа келді тосын бір сын қатты, Деп сызды қала орнайды бір сымбатты, Ақорқаш алпыс көлдің айналасы,
Ай болмай айқай-сүрең гүрсіл қақты.
Таң қалдым өнерпаздың келбетіне, Қор төкті таң-тамаша жер бетіне. Ғалымдар қазық қағып, сымдар керді. Ақбелес, Арал көлдің жел бетіне.
Қолданып жеңіл тәсіл-амалдарды, Орнатты айналаға қамалдарды.
Қаратас, асыл болат тау-тау болып, Сырғытты қолдан-қолға самандарды.
Бұралап фундаментті жатты төсеп. Қаланды қабырғаға тас пен кесек. Бір күнде үшкүндікті орындады, Еңбегін ешбіреуі етпейді есеп.
Сайыстың сан алуан батырлары, Жалықпай жанын салып жатыр бәрі. Сырылдап нәскүріктер, балта шауып, Басында балға, қашау шақылдады.
Арқасын күнге төсеп шағаладай. Жарқырап жабылуда шатырлары. Аз уақыт ауқаттанып алғаннан соң,
Түкіріп асыққаннан қақырмады. Мынау күш таңқалдырды тамам елді, Толтырды тамашаға Алакөлді.
Түскендей ел басына көк жүзінен, Ғажайып бір сәулетті қала келді.
Гүрілдеп тракторлар тыңды айырды, Ел бетін ауыр істің бір қайырды.
Теңіздей тербетіліп егіні өсті, Шұбыртып жүргізді кеп комбайнды.
Ел жұмсап қолға түсіп табылғанын, Еңбекке көрдім елдің жабылғанын. Үйілді тау-тау мая баз басына, Білмеймін қалай жиып шабылғанын.
.............................................................
Күркіреп көкке атылды күш борасын. Зырқырап «Победа» мен шыр айналып, Қар түспей көріп қайттым үш қаласын. Жайлады Қайыңды мен Мүлкіләнді, Қосқыз бен Бөбекейге жылқы барды.
Ақшақұм, Қарасайдың арасында,
Қой қаптап, майға пісіп былқыған-ды.
Сиырлар Базылбек пен Жалау барды, Ентікті майға пісіп танаулары.
Қарқынның қаһармандық арқасында Еңбектің жанған оты алаулады.
Жырластық елдің күшін біраз сермеп, Ортайды ойдағы сөз жүрген кернеп. Сәтеке, аяқтайық осы айтысты, Айқаймен ауыз кеуіп, кеттік терлеп.
1957 жыл.
ТӘҢІРБЕРГЕН МЕН ШӘКІР
Тәңірберген:
Біз емес, құрғақ сөзбен таласатын, Кім жеңіп, кім қалды деп санасатын. Қызметкер біз халықтың ақынымыз, Жырлаушы партияның саясатын.
Мақсат бір, қуаныш бір, тақырып бір, Өмірдің өзі шабыт шақырып тұр.
Дауылдай бұрқыратып соғайын да, Өлеңнің тау теңізін сапырып бір.
Шәкір:
Ақын ба ақындығы ақталмаса, Қазынасын асыл сөздің ақтармаса.
Аузына «ал» дегенде сөз түспейді, Алдымен ақын шалқып мақтанбаса.
Арқада ағынды өзен Есілдеймін, Керілсем Алатаудың төсіндеймін. Түйінмін тоқсан түрлі тетігі бар,
Ой жорып ми қорытпай шешілмеймін. Айта алсам ел дәулетін, жердің кенін, Міндетім атқарылар еді менің.
Жер бетін, күннің астын таңырқатты, Халқымның дәулетінен өнген өнім.
Ал, інім, бердім кезек, көрсет өрнек, Кеудеңді тұрған шығар өлең кернеп. Тіліңнің майын ағыз, балын тамыз, Ақынсың сезімі алғыр, ойы сергек. Жабыстың кәрі ағаңның жағасына, Жас озады, бәйгемді шаппай бер деп. Абайдың ықтап ұшқан балапаны ең, Талдырма қанатыңды қарсы сермеп.
Ол анық, туған елді сүйесің де, Сөзімнің тоқта, інім жүйесіне. Рахатын көрген елдің, суығына, Тоңасын, ыстығына күйесің де,
«Кескекке кез болады» деген мысал, Ақпанда бура ұмтылса иесіне.
Аптықпай алды-артыңды аңдап сөйле, Абайдың ұшырарсың киесіне.
Тәңірберген:
Ақыным, ашуланба айтқан сынға, Айтысайық келелі тоқтап шынға. Біз салдық сауық үшін он бес клуб,
Ақшадай төрт миллион, бес жүз мыңға.
Байлығым бұл тұрғыдан тағы артық. Қарыштап барған сайын бастым артып. Өткізіп сауық кешін клубымда, Жастарым сайран салар ән-күй тартып.
Тағы бар оқу үйім жеті жерде, Оқудан үлкен кіші емес кенде. Отарда қызыл отау үш жерде бар, Үйренсең өнер-ғылым біздің елде.
Жиырма үш кітапхана ол да бізде, Өзіңде жоқ кітапты бізден ізде!
Үлгілі дәл осындай ісің болса, Көрсетші көп алдында айтып бізге.
Темір жол тереземнің көзінде тұр, Станция колхозымның өзінде тұр. Барсам да қай тарапқа бөгетім жоқ, Тізгіні паровоздың өзімде тұр.
Алматы ауыл үйдей біздің жаққа, Барсаңыз саяхатқа жүр қонаққа .
Қыс болса бар машинаң тоқтап қалып, Көбіңнің қолың жетпес жүрдек атқа. Сырың жоқ мен білмейтін, ақын Шәке, Алды артын ауданыңның байқап мақта.
Шәкір:
Артыңда ардақтарлық ат қалатын, Тарихтың дәптерінде сақталатын. Ерлерім ер жүрегін елжіреткен, Маған да келді кезек мақтанатын.
Түйешім айта кеткен Мұсаны да, Мұсаға бір бақташың ұсады ма. Суретке түсірсе де артық емес, Сиғызып ботаны да құшағына.
Жұманбай, Сақтаған мен Мейірханым, Түсінген мал бағудың әбден мәнін.
Әйел шопан Күлипа, Несібелді, Еңбектің ел алдында татты дәмін.
Тәңірберген:
Кем емес, мың қақпадан әр колхозы-ай, Ағаш үй көк төбелден салған сарай.
Қаламның көрік беріп көшесіне, Бау-бақша, түрлі жеміс, еккен тоғай.
Болғанмен атағың зор, атың дардай, Отырсың сол жеріңді ұқсата алмай. Гүлденіп Абай елі кетпес пе еді, Қажымай еңбек етсе елің талмай.
Шәкір:
Облыстың отырсың қолтығында, Шойын жол, техника бәрі дайын. Егер де мүмкіндігі сендей болса, Қиындық емес бізге, тіпті уайым.
Сөзімде қате болса сынат көпке,
Сірә, жүрмес сын менен шындыққа өкпе. Байлығымды айтпаймын цифрменен, Ақын тілі айналар мәліметке.
Елді ел, егін, малды өсірер жер, Халқының қырағы бол, міндетін көр. Үгітпен ел бастайтын ақын болсаң, Озам деп келешекте сертіңді бер!
1957 жыл.
ҚАЛИХАН МЕН ТӘҢІРБЕРГЕН
Қалихан:
Асқақтап аршындаса адуындап, Өршитін, өрекпитін сөз туындап. Тұяғы тегеурінді Тәкең тарлан, Қалған жоқ шығар әлі қарт буындап. Семей мен Қарағанды айтысында,
Жүлде алған, жеңіс алған сәтті жырлап. Өлкеге, астанаға даңқың кетті,
Әлеумет әуеніңді тәтті тыңдап. Теңіздей түбі шалғай ағаң Абай, Толқын ат, жатпа сіз де тек шымырлап. Дәріптер дарқан елміз ақын жанын, Келіп тұр мерекелік салт сыбырлап.
Ал, Тәке, қырық жылдықтың құрметіне, Қырандай қия беттен тарт зуылдап.
Тәңірберген:
Айғайлап алсам қолға домбыраны, Әсерлеп бойға өлеңді қондырады... Асқақтап ақын жыры салса құлаш, Тұлпардай шапқан жерін ор қылады. Ойнақтап ұшқыр қиял шықса шалқып, Теңіздей терең ойды кетем малтып.
Ақындық арнасынан ақтарылса, Аузыма сөз тасқынын алам тартып.
Партиям десем бойды қуат кернеп, Жүректен ел шаттығы шығат тербеп. Шарықтап, шалқып тасып бір кетейін. Қырандай қияға ұшқан қанат сермеп.
Екпіндет шаттық жырын ескек желдей, Қарышта құлашыңды тастап сермей.
Тойында Ұлы Отанның қырық жылдық, Бәйгеден қартайғаның қалсаң келмей.
Ардақты ақын інім алыстағы, Жармадан іздеп кепті танысқалы. Қалбаның қызыл балақ жас қыраны, Шар топта күш сынасып алысқалы.
Албырт жас, айтты сөзін бұрын бастап, Созғалы сөз аяғын маған тастап.
Ебінің тас боратқан дауылындай, Басайын екпінімді аз толастап.
Қалихан:
Ауданым аты шулы Жармам менің, Самал тау, сырнайлы өзен арнам менің. Секілді Жаңа Семей сияды үшеу, Жеріме жеке бөліп алған менің.
Кен қазып, мал өсіріп, егін еккен, Кәсібім, қаракетім алуан менің. Қалбаның қара бұйрат тауын тескен,
Білегім, балтырыммен балуан менің. Ортамнан орын алған Түрксибім,
От жанды, жел жүрісті арбам менің. Аякөз, Алматыңыз көрші үйімдей, Қанатты қайда барсам шаруам менің. Айтыста адымымды арттырмасам, Кетпейтін көкірегімнен арман менің.
Айтпақшы, айтпаппын ғой балығымды,
«Балықтыкөл» секілді алыбымды. Көрсетші Әбдірахман, Кәкім, Омар Меңгерген мал ғылымын дарыныңды. Әрқайсың он сегіз мың сыйлық алдың. Айтыңдар қымсынбай-ақ анығыңды.
Отыз жылдан озатым шопан Омар, Кәрілік қайтарған жоқ жалыныңды.
Қасымда баздарымның маяларым, Мал азығым, тірегім таянарым.
Тасып жүр тракторым күндіз-түні, Жазда жоқ жалқау тартып аянарым.
Аюлы, Қопа менен Ұрысайым, Төл жатыр бетегенің түбі сайын.
Қаз-үйрек, аққу-құтан қойны толған, Айтыста енді неден ығысайын.
Барайық «Скотовод» совхозына, Егіннен көрсетейін көп қазына. Шат тұрмыс, шағалалы үйлері бар, Көз жібер көшесінің шандозына.
Өрістеп малы жатса қырманында, Тауы тұр қызыл маржан қыр жағында. Кетеді керуендей шұбатылып,
Көп машин қатар тізіп тұрғанында.
Көп жылдар құлазыған жерді қара. Күн салып көзіңізге енді қара, Тоғыз жүз бір айында гектар орған, Комбайнер Арысовтай ерді қара.
Астықты артық беріп мемлекетке, Келгенде тағы да оздым жұмыртқа, етке. Етімнің ең жоғары сапалысы,
Жетіп тұр жүзден алпыс процентке.
Көрсеткіш көтеріңкі тамашалы, Сол үшін қалай айтсам жарасады. Совхозым «Скотовод» бірме-бірге, Сіз түгіл Көкпектімен таласады.
Тәңірберген:
Ауданым алға ұстаған Жаңа Семей, Не десін оны халқым Семей демей. Ортама ет алыбы орнағалы,
Отырған қайсының бар ақ май жемей?
Қаламен салтанаты теңдеседі, Бір шеті Семейтаумен шендеседі.
Салынып, қабат-қабат зәулім үйлер, Молайып құрылысы күнде өседі.
Батыс жақ Семейтаудың сағасында, Құт қонған Қара Ертістің жағасында. Қаз-қатар көше бойлап көктөбелі үй, Мін бар ма колхозымның қаласында?
Аймағы атшаптырым тартқан көше, Осындай бір көше емес, әлденеше. Таңырқап тамашасын сайран салып, Қайттың ғой өзің барып күні кеше.
Самсатып, өн бойына тоғай еккен, Төбеңе күн тимейді, жүрсең көктен. Қаланың көшесіне тартқан электр, Күн батса шапақ атып, нұрын төккен.
Клубы театрдың клубындай, Жармадан клуб көрдік қашан мұндай. Колхоз түгіл ауданың салған емес, Өрнегін әшекейлеп, дәл осындай.
Мектептің өзің көрдің тамашасын, Салынған қандай әсем жаңашасын. Онжылдық мектебің де ондай емес, Қалайша енді бізбен таласасың?
Жаңадан салды және он төрт ферме, Ішіне неше тарау, тартқан бөлме.
Қопалы мол қорықтан қоныс алып, Бәрі де орналасқан жайлы жерге.
Колхозың бар ма осындай, дараланған, Табыстың мол күшімен қала салған.
Екі-ақ жылда орнатып, бір қаланы, Тағы құлаш сілтеп тұр, одан да арман.
Ежелден ойы байлық, қыры киік, Мәйегі арылмаған дәулет ұйып. Көк жойқын қасиетті қара Ертіске, Табиғат бар байлығын берген үйіп.
Есіл мен Сарқурайдың екі арасы, Айтулы Арқадағы жер сарасы.
Бауырынан Семейтаудың бақша орнатып, Жеміске лық толып тұр сай-саласы.
Вагонға қарбыз тиеп, неше состав, Қиырға кетіп жатыр кең құлаштап. Шегінен Қазақстан арман асып, Сібірдің орманынан шықты ойнақтап.
Кенелтіп, Улан-Удэ, Красноярді, Үркітке одан да асып даңқым барды. Бір жазда бес-алты рет базарлайтын,
Қалыпты жылда осындай, салтым бар-ды.
Бау-бақшам басқалардан ерек жатыр, Атаққа, алғысқа да бөлеп жатыр.
Алқызыл қарбызымды орай тіліп, Аузыңа асағанда балдай татыр.
Тапжылмас таразыны, салмағы бар, Қазандай кіші-гірім аумағы бар.
Осындай кереметті туғызатын, Ертістің толқынының толғағы бар.
Ерлерім ел шеңберін шолғайтұғын,
Шеп құрып, шет жаулардан қорғайтұғын. Ту ұстап, тұлпар мінген батырлардың, Сапарын қайда барса оңдайтұғын.
Ежелден ер қанаты осы жылқы, Жеткізіп, мұратына қолдайтұғын.
Жылқышым сол жылқыны басқаратын, Алты ай қыс мұз бен қарды жастататын. Қабдішүкір, Түсіппекпен, Сәрсенғали, Міз бақпай сұрапылға қасқаятын.
Үскіріп, соқса-дағы қызыл жалын, Көрген жоқ жұтқа беріп баққан малын. Жыл сайын бір жылқыдан сыйлық алып, Еліме атақтары болған мәлім.
Бұларды отырғам жоқ босқа мақтап, Ерлікпен мақтауымды отыр ақтап. Жүз биеден жүз құлын өсіреді, Жұттан да, қасқырдан да аман сақтап.
Слетке бір жылқышым биыл барып, Жүлде алды еңбегімен топты жарып. Озаты колхозымның Сәрсенғали,
Ол қайтты астанадан наградталып.
Сөзіме мен қоспаймын артық мақтан, Құнарсыз түк өнбейді, құр лақаптан. Айтарлық Қабдішүкірдей кісің бар ма, Қымыздан елу мың сом ақша тапқан.
Аттары өңшең сығай теке жәуміт, Жылқысы өмірінде көрмейді жұт. Құлындары құландай, тайлары аттай. Баққалы осы үшеуі орнады құт.
Кешегі тойға келген жирен жорға, Топ жарып сілтегенде қалың қолға. Таңқалтып, жер қайысқан қара қолды, Қаратып, қойған жоқ па оң мен солға.
Осындай жылқы бар ма тұлпар тапқан, Қандай жан бұл сөзімді дейді мақтан. Көмбеге жалғыз қара келді емес пе, Жарқылдап жай отындай көктен аққан?
Бәйгеден тағы келіп менің атым, Жармадан асқан жоқ па салтанатым. Өсірген жорға менен жүйрік баптап, Мұқанның айтпай кетем қайтіп атын.
Бастығы бар жылқыны баптайтұғын, Көзінің қарасындай сақтайтұғын.
Асырған еңбегіне елдің даңқын, Мұқанды кезім келді мақтайтұғын.
Еңбегін талдап айтсам ерлерімнің, Шеніне келе алмайсың шеңберімнің. Қалинин колхозының күші осындай, Ал қайтіп, енді бізбен теңгерілдің?
Тағы айтсам Ысмайыл мен Махамбетті, Орындап Отаныма берген сертті.
Жүз жиырма қозы алып, жүз саулықтан, Мыңғырған мол дәулетке қолы жетті.
Қойлары асыл тұқым, жібек жүнді, Етке ауыр, жібек жүні сатсаң құнды. Қарыштап, қаулап күнде еңбек еткен,
Қойшың бар ма Махамбет, Төлеу сынды.
Қарт Матай бір шопаным алпыстағы, Жарысқа салмай болмас айтыстағы. Жүз саулықтан жүз отыз төл алған соң, Ардақтап, аудан мұны алға ұстады.
Шопанның жылда барып, слетіне, Жасарып, қайта шықты нұр бетіне. Үш жылда үш қайтара наградталып, Бөленген партияның құрметіне.
Колхоздың жұмыс істеп, кәрі-жасы, Еңбектің бізде осындай тамашасы. Төл алып, артығымен төрт түліктен, Жоспардан асып түсті малдың басы.
Калинин атындағы колхозымның, Қарқынмен домалап тұр өрге тасы. Бәрі де ойдағыдай орындалды, Болса да шаруаның қай саласы.
Қалихан:
Кетейік «Победамен» орталыққа, Бас изеп көшедегі көп халыққа. Сәулетке, салтанатқа көзің тұнып, Сүйсіне шалқаярсыз Арқалыққа. Бар сексен оқытушы, үшеу мектеп, Бұған курс қосылды, кеттім өктеп. Түскен ине табылар тас жолымнан,
Барып қалды Өскемен, Семей беттеп. Көрсеткіші жүз сексен шофер Яков, Жарыста көрген емес тайқып шеттеп.
Көріңіз көрші жатқан «Расцветті», Қарқынын қырық жылдықта тіпті үдетті. Шолпаным, шор алтыным маңдайдағы, Шаруасы бар саладан құдіретті.
Үй сайын құдық анау, бақшасы анау, Қаз-тауық, қоңыраулы қақпасы анау. Сап-сары шіләпісін жел қозғаған, Өскелең күнбағыстың патшасы анау.
Сүйеміз сауыншы қыз Мәрияны, Ағызған аппақ сүттен дарияны. Тракторист Ламерт, Иван Волков, Есімдер ежелден-ақ жариялы.
Жеті жүз сексен гектар тұр жүгері, Өнімі жоңышқаның тіпті ілгері.
Құндыз қара жүз түлкім күтімде тұр, Кем емес екі мыңнан әрбір тері.
Қарақат, мейіз және лимон, өрік, Жеріме жиырма гектар берген көрік. Ойлайсың Қырым көшіп келген бе деп, Бассаңыз таңдайыңа татып көріп.
Арасы құжынаған бес жерде бал,
Мың шошқа төрт түліктен елу мың мал. Жылдық табыс бес миллион сомнан астам, Емес пе жекпе-жекке бабыңдай дәл.
Бар мұнда білім кені кітапхана, Ішінде томдары бар төрт мың дана. Бір миллион екі жүз елу мыңға, Мәдениет сарайын салдым жаңа.
Тоғайлы үй аурухана тұрған жалқы, Екінші облыста оның даңқы.
Көршілес аудандардан кеп жатады, Жарманың былай тұрсын тұрған халқы.
Тағы да Түрксибтей жолым жатыр, Оған да өлеңімнен орын жатыр.
Іргелі станциям Жалғызтөбем, Мекемем мақтанарлық толып жатыр.
Автобаз, нефтебаз бен селхозснаб, Жиыны он мекеме етер тұрақ.
Бәрінен бой асырып элеватор, Кеңеске шақырғандай басын құрап.
Жол келер жақыннан да, қиырдан да, Күршім, Самар, Көкпекті жиылғанда. Жүгіріп диспетчерлер зыр қағады, Составқа кезек тимей жуырмаңда.
Мен Жарма ғалым шыққан, батыр шыққан, Боксерлік балуандықпен атым шыққан.
Ұрт тілді, ұрымтал ой ақын менде, Айтыста дәл сұлатып атып жыққан.
Есте ме облыстық фестивальда, Болдым ғой спорттан да сізден алда, Шәріпов, Базанова, Әлімбетов, Байдосовты туғызған біздің Жарма.
Қайт, Тәке, осы сыймен Семейіңе, Жетпедің өзім түгіл деңгейіме.
Бой жазып, құлаш ұрып кетер едің Ауданың кесе тұрды-ау көмейіңе.
Тәңірберген:
Айтарлық бір совхозым «Жаңа Семей», Көншімес көңілім оны суреттемей.
Ауданмын алдағы істің қамын жейтін, Жармадай мен емеспін зябьке кедей.
Үндеуге қостанайлық үн қосқанмын, Норма артып, еңбеккүнге күн қосқанмын. Мың сегіз жүз гектардың зябін жыртып, Үлгімді осы жылға тың қосқанмын.
Осындай дайындығым келер жылға, Бет беріп, өзге ауданға тарттым шырға. Далалық бригадасын бастай білген, Мұсадай кім сүйсінбес ардақты ұлға.
Тағы арттым тұқым құю, сүт сатудан, Байлықтың өзі білсең ұқсатудан.
Отыз төрт озат бізде сауыншы бар, Қаларсың бұларды айтсам тіл қатудан.
Шалқыдым құрғақ сөзбен, ақын інім, Албырт жас қайдан білсін елдің сынын. Тау мен тас табиғаттың көркін жырлап, Кетірдің босқа лағып, сөздің құнын.
Дәләлсіз құр даурығып, соққанменен, Қалмай ма тезге түссе қаусап мұның.
Орныңнан үш ұмтылып тұра алмассың. Тапжылтпай Жармаңыздың айтсам мінін.
Ең алды мақтаныңның совхоз Жарма, Жауып қой Жармамызды аузыңа алма. Дайындық, келер жылға күзгі егістен, Алдағы зябь жұмысы ойда бар ма?
Мақтайсың соны қалай ұстап бетке, Жұмыста көңіл бөлдің қай міндетке. Совхозың зябь жыртудан әлі күнге, Зорға жетті сегіз-ақ процентке.
Елдің алды аяқтап біткен кезде, Отырсың қол қусырып, қарап текке. Алпыс бес проценттен аспай отыр, Өткізген бас астығың мемлекетке.
Михайлов атындағы бір совхозың, Айтуға аузым бармас мұның өзін. Сүрлемнен алты-ақ процент орындапты, Газеттен өзім оқып көрді көзім.
Он алты комбайнер бар совхозыңда, Ал қандай нәтиже бар айтшы мұнда? Жеті бірдей жап-жаңа комбайның,
Қырманның бос қаңқайып тұр басында.
Жұмысқа жиырма адам отыр шықпай, Үгіттің аздығынан сөзіңді ұқпай.
Өздерің тәрбиелеп, ала алмасаң, Оларды бізге жібер үйге тықпай.
Егісі басқа елдердің аяқталды, Қыс келіп, кеңірдекке таяп қалды.
Зябь жыртпай, егін жимай, жем сүрлемей, Қалайша бұл совхозың тоятталды.
Жарманың дайындығы қысқа нашар, Айтыста кемшілігің бетке басар.
Отыз мың гектар шөбің шабылмай тұр, Жармаңыз көрінбейді, қыстан сасар.
Берілген елу бес мың зябьтен жоспар, Келетін бұдан саған үлкен нос бар.
Осыдан жыртылғаны он төрт-ақ мың, Ал қашан орындалмақ айтшы, достар.
Сауыншы дәріптейсің Мәрияңды, Саласың бос даурығып жарияңды. Жармадан Жаңа Семей үш есе артық, Көргем жоқ сүттен аққан дарияңды.
Белгілі әр сиырдан сауған сүтің, Кетірдің ұқсата алмай оның құтын. Алты жүз алпыс литрге әрең жетті, Ал мұнан шығармақсың қандай ұтым?
Сүтіміз әр сиырдан осы күзге, Тоғыз жүз қырық литр болды бізде. Цифрын екі ауданның салыстырып, Нанбасаң мәліметтен бар-дағы ізде.
Біз сенен тағы отырмыз жүннен артып, Проценті тоқсан үштен асты қамтып. Артында бар ауданның сіздің Жарма, Қырық сегіз процентте отыр малтып.
Облыста жүн жоспары орындалды, Малтығып сіздің аудан артта қалды. Дұрыстап жаймаған қой, жүн бере ме, Мақтайсың өсірдім деп қалай малды.
Жарма алды жүз саулықтан неше қозы, Қозыдан өседі ғой қойдың өзі.
Сексен сегіз қозы алып сіздің аудан, Қараған қандай жақсы малға көзі.
Бұл жөнді біздің аудан үздік шыққан, Өсіріп, жүз төрт қозы жүз саулықтан. Сөзіңе мен сияқты дәлел салып, Табыстан қай жерің бар мені жыққан?
Мақтаулы шопандарың нені баққан, Мақтаннан қай жерің бар олжа тапқан.
Арқар мен ақбөкендей қойым бар деп, Байқамай өз сөзіңнен бастың қақпан.
Мақтайсың шошқа малы бізде көп деп, Оныңмен кете алмайсың баса көктеп. Екі есе артығымен торай алған, Табысың маған сенің қалай жетпек.
Қалихан:
Кемшілік сізден тағы табылады, Көмекке қала ылғи жабылады. Бөлектеп жинайтұғын егінді айтсам, Тапжылтпай табандатып тап ұрады.
Қасында қарт айдынын Ертіс бұрып, Ауданың әлі аспанға табынады.
Сол үшін совхозының директоры, Орден ғып сөгістерді тағынады. Бес күндік мәліметке қарай қалсаң,
Жүгерің де менен аз шабылады. Астығым менің берген бес есе көп, Фактіге кім де болса бағынады.
Өзі алып гектарынан үш центнер, Біреуді мінеп, сірә, не қылады.
Клубын мектебімен сипаттайсыз, Жармадан оған теңдес үй таппайсыз. Мен айтсам жаңа салған құс фермамды, Қысылып кәрі тарлан қипақтайсыз.
Шошқаң бар жүз шамалы «Калининде», Мақтаң ғып көрсетесің оны кімге.
Ертістің жағасында жатса-дағы, Өспепті қаз-тауығың әлі күнге.
Айтасың айналдырып қарбызыңды, Бедел ғып бетке ұстайсың жалғызыңды. Бәрі бос өлген қойдың өкпесіндей, Көргем жоқ ішінен бір қан қызылды.
Отыз-ақ сауыншыдан озатың бар, Соны да мақтан етіп жазасыңдар. Оның да механика емес көбі, Емшекті қолмен жұлқып созатындар.
Бар-жоғы алпыс-ақ мың қойыңыз бар, Түйе жағын айтпай-ақ қойыңыздар.
Бір емес, мал жағынан үш ораймын, Жеңістен енді қандай ойыңыз бар?
Тәңірберген:
Жаныңа кеткеннен соң сөзім батып, Білдің ғой жеңілгенді сілең қатып. Қазақтың ел аузында мақалы бар,
«Жығылған бет тырнайды аста жатып».
Ауданың тұрды білем тамағыңа, Жас қой деп қарай бердім қабағыңа.
Жармаңның жақсысыңа біз де ортақпыз, Жалғыз-ақ қынжыламыз жаманыңа.
Айтыстық бағанадан артық-кемді, Дәріптеп, үздік шыққан еңбекші ерді. Байлығын ұлы Отанның жырлай білген, Ақынсың жас та болсаң өзім теңді.
Жырладық екеуміз де ел табысын, Демейміз біреу қалып, біреу жеңді. Көп сыншы өз көзімен көре жатар, Жарайды қол алысып қойсақ енді.
Қалихан:
Мен-дағы мұныңызды құп аламын, Ағаның ақылы деп ұға аламын, Туысқан «Жаңа Семей» табысыңа, Шаттанып шын жүректен қуанамын. Өзім де жетіспеген жерді түзеп, Еңбектің шыңдарына шыға аламын. Шақырсаң социалдық жарысыңа, Мен даяр білегімді сыбанамын.
Осымен қол берісіп қоштасайық, Басында достық атты мұнараның.
1957 жыл.
ҚҰЛЖАБАЙ МЕН АЙНАБЕК
Құлжабай:
Ал, жырла, қызыл тілім, бүгін талмай, Сөз сөйле халқым сүйіп қалағандай! Арнасын асыл сөздің ақтарамын, Халыққа үлгі болып тарағандай.
Кең қиял, ой-өрісім тоқталмады, Елдегі ер еңбегін бағаламай.
Табысты таңырқарлық айтпақшымын, Біртіндеп қолмен тізіп санағандай...
Халқым бар бақыты өскен салтанатты, Достығы, татулығы балдан тәтті.
Қолдағы алтын заңның правосы, Туғызған бәрімізге күш-қайратты. Өтсе де неше мың жыл талай заман, Кім көрген мұндай қызық-рахатты?! Шыңына коммунизм елді бастап, Бақытты партиямыз шамын жақты. Бақшаға шөл даланы айналдырдық, Гүлге орап ерні кепкен топырақты. Асаудың алқымына құрық салдық, Еріксіз бағындырып табиғатты.
Өскелең өміріміз сағат санап, Балбырап балаусалы нұрға батты. Жетілген техника кемелге кеп, Орнатты құла дүзден, зауыт, шахты. Қоймасы жер астының қопарылып, Жүзінде дүниенің судай ақты.
Бау-бақша, орман тоғай аудан, ауыл, Салынды сәнді қала салтанатты.
Шаяннан келген ақын Айнабегім, Құлжабай сөз кезегін сізге артты. Айрықша шаруашылық жағдайында, Бүгінгі айтылған сөз болсын нақты. Жасырма кемшілікті бастан-аяқ, Облысты сіздің аудан артқа тартты. Табысты ортаға сал көреміз ғой, Дегенмен бола алмассыз біз сияқты!
Айнабек:
Арнаулы сәлем бердім, Құлжабайым! Мен неге бұл дүбірден құр қалайын. Келіпсің менімен бір айтысқалы, Айнабек әруақытта жырға дайын.
Бұрыннан жарыстамыз Созақ-Шаян, Созақтың табыстары бізге аян.
Ауданның қолы жеткен жетістігін, Етейін тәтті жырмен сізше баян. Байжансай аудандағы алтын кенім, Күн сайын артып отыр оған сенім. Жоспарын өткен жылы орындады, Тонналап мол қазына беріп өнім.
Кені көп Байжансайдың кеннен келген, Байлығы қорғасынның жерден өнген. Сауға қуат, ауруға ем болатын, Алдыңыз тағы хабар дерменемнен.
Иісі дермененің тұрған аңқып, Серігі анабаз бар өнімі артық. Көк бұйра елтірідей көз тартатын,
Үлкен байлық емес пе, тұрған шалқып?!
Ауданда шопандар көп табыс тапқан, Мәпелеп жем-шөп беріп малын баққан. Осындай жақсы күтім нәтижесі,
Күн сайын мал семіріп салмағы артқан...
«Алғабас» колхозында осы табыс, Көрейік күшті болсаң бізбен таныс. Тонналап Ұлы Отанға ет өткізген, Колхозбен теңдесуге ауылың алыс...
Ардақты Дөңбай шопан қырық жаста, Өзінің кәсібі жоқ малдан басқа.
Түймебай Қалымбетов серігі бар, Біресіп қой өргізген тау мен таста. Ауданда ардақты аты аталады, Депутат Әбіш шопан «Алғабаста». Құлжабай, гармоныңды алшы қолға,
Болып тұр ақындарға өлең норма. Жаттап алған өлеңді жақсы айтасың, Ақын болсаң, ақын бол, жырау болма.
Құлжабай:
Тұрағым Созақ ауданы, Оңтүстікке қараған.
Шолаққорған орталық, Бес совхоз бұдан тараған. Бес ауыл тағы бар, мұнда, Қонысым байтақ саладан. Түстігім жатқан Қаратау, Табиғат тасын қалаған.
Арғы шетім Сарыарқа, Ашылған қоныс жаңадан.
Бер жағы Сарысу, Мойынқұм, Есепте бұрын болмаған.
Берекелі бес түлік Жайлауын тапты жаңадан. Ауданымның байлығы Жайлауды осы ораған.
Мың түрлі шөптің атасы, Еркек, селеу, бидайық, Сексеуіл, жыңғыл ну біткен, Кем емес салған қорадан.
Қыс райы жазбен тең,
Қар болса көктен бораған. Жетпіс алты бөлім бар, Жер құты дейді оны адам. Үюлі шөбі басында,
Жүз мыңдап асад тоннадан. Шөлсізден суды шығардық, Шығырлы құдық орнаған. Жиырма жеті тұз кен бар, Қажетке күнде жараған.
Жабылып малым жеп жатад, Орнатқан астау шанадан.
Бір малым шығын болмайды, Қотыр мен көнтек жарадан. Дала аңында есеп жоқ, Қақпаншы, мерген оны алған. Ұйымдасқан артель бар,
Ұстайды балық тұмадан. Бір балықтың салмағы, Келеді жиырма килодан. Шаянға кезек беремін, Сөзіңді айт сен де қалаған.
Айнабек:
Құлжеке, табысыңды суреттедің,
Құм мен Шу, Сарыарқаны тізбектедің. Құрғақ сөз жақсы табыс болмайтынын, Ақын болып жүрсең де білмеп пе едің. Тарыдай табысы жоқ тау мен тасты, Сөз етіп қиыстырып түйдектедің.
Сенікі сөзден өрнек ою ғана, Өйткені, үгітшілдік қызметте едің.
Жүрсең де көп аралап совхоз ішін, Алға басып жүрген жоқ ешбір ісің. Сіздерде мал шығыны тым көбейді. Етіне қуанасың тисе тісің.
Кемшілікті жоюға көмектеспей, Жүрмісің өзіңнің бас пайдаң үшін. Төрт түлік өскен малдың жыл ішінде, Өлтірдің төрт жүз сегіз мүйіздісін.
Малдан өлім беруге бағытталған,
«Үгіттің» тауып апсың тиімдісін. Дәм татқан ауылының жайын білем, Қалайша совхозға сен сыйып жүрсің?
Тағы да бір сын айтсам шошынбағын, Көбейді ауданыңда қотыр малың.
Үгітшілік ісіңмен сиыса ма? Қотырды емдеп алмай отырғаның.
«Тым сезгіш» ақын болсаң енді бүгін, Білмейсің таудан үлкен бойда-ай мінің.
«Калинин» совхозыңыз екі мың қой, Аз уақыт ішінде берді шығын.
Мал саны ауданыңда көп болған соң, Бұл шығын, тұр ма әлде болмай жұғын. Жылқыдан алты жүз бас кеміп кетті, Мұны айтуға келгенде шықпайды үнің.
Соңғы екі айда екі мың қойың өліп, Күн санап малдың басы жатыр кеміп. Осындай кемшілікті неге айтпайсың, Жүрсең де үгіт айтып көзбен көріп? Жапсырмай шындықты айт, бұрмалама, Отырмын сөз кезегін саған беріп.
Құлжабай:
Бес түлік малым қаптады, Ен даланы ендеген.
Қой, жылқы, түйе, сиырлар, Бағылад бөлек фермамен.
Жер қайысқан қойым бар, Зор байлық бұрын көрмеген! Облысқа айқын ауданым, Жерім жоқ мұны өңдеген.
Қаракөл, мәліш, меринос, Егізден бұлар төлдеген. Семіз егіз туады,
Өседі малым төлменен. Сегіз мыңдай жылқым бар, Асылсыз тұқым кемде-кем. Шапса жерді қусырған, Ұшқандай мысал желменен. Сары қымыз тасып сабадан, Аурулы жанды емдеген.
Сегіз мың бас сиыр бар, Желінін сүті кернеген. Сиырдың сүті тілінде, Тұрамыз сауып дембе-дем. Екі мың бас түйем бар, Астаудай қомын теңдеген. Аяқты күшті жануар, Түйені қазақ піл деген.
Сегіз жүз бас шошқа бар, Бұрында Созақ білмеген. Осындай байлық тұрғанда, Қаламын тоқтап мен неден?! Сөйлесін біраз Шаян да, Жарамас кезек бермеген.
Айнабек:
Құлжабай, сенен міне, кезек алдым, Тағы да жерді мақтап әнге салдың. Құм мен Шу менікі деп мақтанасың, Бұларды меншіктеніп қайдан алдың? Ал, інім, түсіндіріп айтшы маған,
Құмның сен қай байлығын пайдаландың?
Орылмай құрақтарың қурап кетті, Ақын болсаң бұл кезде қайда қалдың? Табиғат әсемдігін жырлағанша, Алдымен ойлау керек қамын малдың.
Сіздерде орылмайды неге қамыс, Емес пе қамыс жайы сізге таныс? Қамыстан берік қора жасалатын, Шыққанын білмедің бе жаңа әдіс?
Құлжабай:
Созақтың табысы мол таңырқарлық, Жеткізген бұл табысқа батыр халық. Екі мың үш жүз жетпіс шопаным бар, Қоғамдық бес түлікті жатқан бағып. Ерлерім еңбек сүйгіш, ерінбейді, Съездің қаулысымен қаруланып...
Сондықтан өткен жылы төл алуды, Біз бір жүз үш процент орындадық. Екі жүз процентке шошқа жетті,
Бұл жағдай халқымыздың бәріне анық. Мал қыстау жөнінде де біздің аудан, Қазір тұр облыстың алдын алып.
Артезьян жиырма екі құдығым бар, Атылып аспанға суы жатыр ағып. Қай түрлі шаруашылық болса-дағы, Алдыма көргенім жоқ аудан салып. Белгілі қатар жатқан Шаянсың ғой, Айтыста тоқтатасың мені нағып?
Жай беріп жайлауымнан әр жыл сайын, Беремін қырық мың қой өзім бағып.
Берейін сөз кезегін Шаяндыққа, Айнеке, сен де сөйле қанат қағып.
Айнабек:
Кемшілік түзелмейді сын болмаса, Өтіріктен пайда жоқ шын болмаса. Қаптаған Мойынқұмда қалың малға, Бір қора соғылмапты тым болмаса. Астау жоқ малдарыңды суаратын, Осыған болғанбысың қуанатын.
Жеткізбей бұл хабарды басшыларға, Бұл сенің малға неткен қиянатың.
Көп малың біздің жерге аттап өтті, Жер таппай кең Созақтан сыя алатын. Созаққа бір мемлекет сыяды деп, Айтудан болдық енді ұялатын.
Құмдағы әрең жиған қамыс шөбің, Мал таптап кетсе керек оның өзін. Алдымен жем-шөп қорын жасап алмай, Қалай алам деп жүрсің малдан өнім?
Аспанға лақтырасың тымағыңды, Түймедей-ақ табысқа жетсе қолың. Тағы да айтам десең кезек берем, Бар болса ақындықтан бойда қорың.
Құлжабай:
Өткен жыл төрт жүз он бес қазған құдық, Бұлақтай ақты сыртқа суы шығып.
Қол салып қолқасына қара жердің, Асауын табиғаттың алдық мініп.
Қаптады қаракөл қой жер қайысып, Кемінде әр құдыққа мыңға жуық.
Көктемде көк шалғынның ортасында, Егізден қойлар жатты қозы туып.
Күмістей жалтырайды елтірісі, Алтынмен тастағандай сыртын жуып.
Қазіргі Созақтағы игілікті іс,
Бірде-бір болмайды адам жұмыстан тыс. Зор іске барлық халық ұйымдасқан, Тәрізді байқалады бір жойқын күш.
Отырмын кемшіліктен айтайын деп, Көп ақын мінін айтсаң көреді кек.
«Сын болмай, мін түзелмес» деген ұран, Кім жойса қателігін сол большевик.
Съездің жиырмасыншы қарарында. Табысқа мастанбайық деген жоқ па ед? Газеттен оқып және тексергенмін, Шаянның кемшілігін айтқым келед.
Он айда мыңдаған бас қой өлтірдің, Жауапты бересіңдер бұған не деп? Санашы бір колхоздың малы емес пе, Шаянды Созаққа сіз тұрсыз теңеп.
Жауапсыз, күтімсіздік салдарынан, Осындай мал өлімі болу керек.
Шаянда болып өткен пленумның Көрсеткен қаулысында осылай деп. Мал қыстату жөнінде артта қалдың, Менімен айтысасың қалай тең кеп. Табысты шындықпенен салыстырсақ, Кім озып, кім қалғанын халық білед.
«Шалдардың» совхозының директоры, Ұмыттым айтыңызшы аты кім ед?
Өлтірді бірталай қой білесің бе, Ақын боп сонда жүрсіз, сіз Айнабек. Қалдырмай осымызға жауап қайтар, Кезекті Созақ сізге тағы беред.
Айнабек:
Құлжабай, кезек бердің, інішегім, Өлеңге сен де, қалқам, дұрыс едің. Ал тыңда құлақ салып, көңіл бөліп, Мен енді әділ сынға кірісемін.
Өткен жыл тұтынушылар одағында, Әдейі кезім түсіп болғанымда.
Жемқор деп тоғыз адам босатылды, Кемшілік емес пе, айтшы, оларың да? Дұрыс қой кемшіліктің көрінгені, Мақтау сөз болып жатыр көбіндегі.
«Энгельс» совхозында өткен жылы, Бидайдың нашар болды өнімдері.
Құлжабай:
Жасырма шыныңды айт, Айнабегім, Әр ақын айтады ғой пайда жерін.
Өзің тұрған «Красный нива» колхозында, Екі мың қойдың басын жайлап едің.
Күн жылы, биыл тіпті қыс болған жоқ, Ол малды жазда қайда жайған едің?
Өлтірдің тоқсан сиыр, қырық жылқы, Осындай кемшілігім қайда менің?
Шошиды шошқа десе басқармаңыз, Өлтіріп елу басын қайда бердің?
Алдайсың облысты ақпарменен, Шамалы осындай бар айла жерің.
Берілген Шаяныңда шөп жоспары, Алпыс төрт процент-ақ орындалды. Одан соң шөп сүрлеуде он мың тонна, Міндеті жоспарына жетпей қалды.
«Ортақшыл», «Екпіндімен» екі колхоз, Шөп таппай күш-көлікке отыр әлі.
Ауданбыз қатар жатқан қашық емес, Шаянның белгілі ғой бізге халі.
Жетпейді төрт түлік мал жоспарына, Бола ма Шаян үшін бұ да заңды.
Бір колхоз Сыпатаев атындағы, Сегіз жүз қой болыпты өлген малы. Айтысқа екі ауданға қатар салдық, Бірнеше сұрағым бар сізден әлі.
Еңбектің рахаты табыста деп, Қаулыда партиямыз айтқан еді. Бөгеннің МТС-і ремонттан,
Шықты ма соқа-сайман құралдары . Әзірше осыларға жауап қайтар, Тағы да сұрағым бар сізден әлі.
Айнабек:
Бар суың пайдаға аспай жатты босқа, Зияны тиіп те тұр мұның басқа.
Мұнан да сорақы ісің толып жатыр, Мақтанып, ширатылып асып-таспа.
Білемін ауылыңда бар ескі клуб, Жататын жазды күні ешкі кіріп. Моншаның төбесі тұр құлағалы, Көрмепсің мақтан қуып көкіп жүріп.
Клубың жақсы істесе болар ма еді, Жарамсыз ескілікті әдет-ғұрып.
Құлжабай, бұл айтылған сын сабағы, Адамның жүзі төмен сынса бағы.
Отырмын өлеңімді доғарсам деп, Көпшілік ерік беріп тұрса-дағы.
Құлжабай:
Созаққа қырық мыңдай қойың барад, Әлжанов жаз кезінде жүрді аралап.
Сарбастың құдығында шопандарың, Жатқаны күндіз-түні ішіп арақ.
Жоғалтып тоқсан қойды Ахметов, Таппады төрт-бес күндей құмды аралап. Ақшаға кей малдарың сатылады,
Аз емес әр колхоздан айтсам санап. Біразын Әлжановтың өзі ұстады, Шындығын тексерерсің осыдан-ақ. Сіздерде кейбір жалқау малшыларға, Тиісті қолданбайды заңды талап.
Семізі арық малға ауысады, Үстінен қырық-елу сом пайдаланад.
«Алғабас» совхозыңыз бізбен бірге, Жолдағы батпақ суға егін салад.
Гектарға үш-төрт деген центнерден, Әр жылы өте төмен өнім алад.
Тастайды айдалаға сабандарын, Болмай ма сабан сізде малға тамақ. Тиісті осыларға жауап қайтар, Айнеке, сөз кезегі тағы барад.
Айнабек:
Айтысу болмай жүрді көптен бері, Бұл айтыс келешектің өткелдері. Ал енді айтқан сыннан сабақ алып, Жоялық кемшілікті өткендегі.
Жарысы екі ауданның алға басып, Ерлердің байлық болсын төккен тері. Аса зор дайындықпен кірісейік, Алдағы қызу іске – көктемдегі.
Құлжабай:
Шаянның тұтынушылар одағында, Айтуға мұны сізге болады ма?
Жаңадан үш магазин салынды деп, Бір хабар тиген еді құлағыма.
Екі жылдан бері қарай бітпей жатыр, Кесегі суға тиген оңады ма,
Тиісті материал таба алмасаң, Қоя сал оны малға қора қыл да!
Арналған саған сыным тағы да бар, Шаянда бар мейман үй қонағына. Өзім де бір күн түнеп кетіп едім, Ешкім де бара қоймас оларыңа.
Қолымнан он сом ақша төлеп кеттім, Жалғыз-ақ қалдым соның обалына! Аудандық газеттерге шыққан бұлар, Айнабек, жауап қайтар, соларыңа.
Бармайды фермаларға киноаппарат, Жұмысы өте нашар мәдениет.
Айрықша алыстағы малшыларға, Тимейді уақтылы газет пен хат. Өскелең халқымыздың тілегіне, Сай жұмыс болмаса егер, үлкен ұят.
Айнабек ақын, абайла, Мақтанып қайда барасың. Ашып айттық осында, Кемшілік істің саласын.
Айтысқа салып отырмыз, Аудан мен аудан арасын. Бізден жақсы білмейсің, Мал күтудің шарасын.
Мәдениет жөнінде, Созақтан кейін қаласың, Дәнді төмен аласың.
Көшеңде тағы суың жоқ, Қурап тұр тіккен ағашың. Жиналған халқым шешеді, Айтылған сөздің расын.
Тоқтайтын жерің келді ғой, Жасың үлкен ағасың.
Шақырамын жарысқа, Шаянға менен сәлем айт, Тағы да артта қалмасын.
1957 жыл.
НАСЫР МЕН ҚАЛМАХАН
Насыр:
Жарқырап коммунизм шашқан нұрын, Кім көрген мұндай дәулет бұдан бұрын. Кәсібім ақын емес темір жону, Шарықтап көмейімнен төгіл жырым.
Ән салып бұрын топта көргенім жоқ, Көпшілік айып болмас менің мұным. Атақты туған жерім Созақ аудан, Өсірген өркендетіп төрт түлігін.
Белгілі ауданымда озаттар көп, Сіздерге байқатайын табыс түрін. Осындай баянды еңбек арқасында, ЦК-ның біз алғанбыз Қызыл туын. Көз жетпес көлеміне ауданымның, Сиғандай бір мемлекет кіші-гірім.
Жайлауым – Жетіқоңыр Арқадағы, Шу алқабы қыстауым ортадағы.
Қанаттас Қызылорда Жамбылменен, Бір шеті Қарағанды, Қарқаралы.
Сен-дағы табысыңды баяндай бер, Қалмахан, сөз кезегі саған барды.
Қалмахан:
Айтылды табыстарың Созақтағы, Белгілі еңбек ері озаттары.
Бірақ та кемшілікті жасырмаған, Бізде де айтылады озат бары.
Бар табыс менің-дағы мақтанышым, Әркімдер жатыр қазір мақтап ісін.
Білесіз табыс түбі – баянды еңбек, Шындықпен адал міндет атқарылсын.
Басып айт, білсең егер бетке мінді, Білейін достық көмек еткеніңді.
Мен айтсам, нашарлығын сынға аламын,
«Алтынтау», «Сызғандағы» мектебіңді...
Оқудан жиырма бала шала қалды, Қажетті өнер-білім ала алмады.
Сондай-ақ Шолаққорған мектебінің Оқыдық өткір сынын «Арадағы».
Тыңдағын, ызаланып, ашуланбай, Насыр-ау, ұғып алғын және-дағы. Кластан класқа өтпей қалып қойды, Ауданның екі жүздей балалары.
Осындай жан төзбейтін кемшілікке, Қолданған бар ма басшы шаралары? Мен айтсам ауданыңда толып жатыр, Қалдығы ескіліктің санадағы.
Жылқыбай деген жігіт өткен жылы, Қыз ұрлап қанша жерді аралады.
Он бесте Шәке қызы көнбеген соң, Сол үшін есіңде ме сабағаны?
Ал қазір Жақсыбала үйінде отыр, Өйткені, арсыз жанды қаламады. Не керек көңілінде қалып қойды,
Қайғының айырылмайтын қара дағы. Бұл жағдай заң орнына көптен мәлім, Қылмысты іс қашан енді қаралады?
Насыр:
Қалмахан, неге мұнша қуыстандың, Деп жүрсем Шаян-Созақ туысқанмын. Салтымен халқымыздың сәлем бермей, Алқымнан келе сала уыстадың.
Мен сенің бұл жалаңа төзе алмаспын, Өйткені облыста ту ұстадым.
Мен де аяңдап барайын мектебіңе, Көнбейді Созақ мұндай ептеріңе. Жас қыздың өткен жылы оқу тастап, Мектептен айтшы қалай кеткенін де? Өзің соны оқытқан мұғалімсің, Тәрбиең жастар үшін жетпеді ме?
Жас та болса азғырып ап қашады, Жақындап қыздар барса шеттеріне. Кетпепті ескілікті әдет-ғұрып, Әдейі айттым бүгін беттеріңе.
Қалмахан:
Сөз айттың, Насыр аға жалпылама, Судай-ақ түбі таяз сарқырама.
Фактімен аудандағы мен сынасам, Жүрегің деп ойлаймын алқына ма.
«Құмкентте» тоғыз мыңдай мал өліпті, Жақсы ақын мінін айтпай тартына ма? Бидайың талай тонна суда қалып, Көгеріп шіріпті ғой ақырында.
Бұл кезде көп адамың көкпар шауып, Бой ұрған ескі әдеттің салтына да.
Жазым боп сол көкпарда біреу өліп, Түсіпті талай адам талқыға да.
Мұны да, Насыр аға, жасырасың, Сол үшін қылмыстысың халқыңа да. Бұдан да сорақы ісің толып жатыр, Бұл сөзге ашуланып қалтырама.
Сын айтсаң дәлелді ғып тауып айтқын, Болмаса бекер босқа шапқылама.
Насыр:
Жығылған күле ме екен сүрінгенге, Бұрын сізден бұл мінез білінген бе? Адамды арақ ішкен қалдырмастан, Жазып алып келіпсің тізіміңе.
Күлуге бұған сенің орының жоқ, Мұндай іс болған жоқ па сіздің жерде? Ішуден Шаяндық та кем түспеуші ед, Келгенде салыстырып бірме-бірге...
Қалмахан:
Жауапқа жауап берем, Насыр ақын, Жөнің жоқ артық сөйлеп тасынатын. Кемшілік ауданыңда толып жатыр, Әдетің бар кемдікті жасыратын.
Сын айтсам мойындамай жалтарасың, Байқаймын Созақта жоқ өзара сын.
Келтірген конференция фактілерін, Қалайша өтірік деп айта аласың.
Сұрасаң Қоспанбетов өзі де айтар, Әділін айтылған сын байқағансын. Терлерсің, қызарарсың, мойындарсың, Ақыры уәж таппай шаршағасын.
Насыр:
Сегіз мың жылқымыз бар өрістегі, Өлеңім оны айтпасам келіспеді.
Майда жал, күміс құйрық кілең тұлпар, Жел ескен сағым қуып желістері.
Шілдеде сазына бір бие байлап, Сапырып сары қымызын ел ішкен-ді. Баладай екі өркеші – шөл кемесі – Түйем де басқа малдан кем түспеді. Шошқаны біздің аудан мол өсіріп, Жағдайын жануардың тегіс білді...
Қалмахан:
Насыр-ау, ер тумайтын ел бола ма, Байлықсыз, қазынасыз жер бола ма? Ер де бар, ер еңбегі табыс та бар, Созағың бірақ бізге тең бола ма?
Ал сана, жетпіс мектеп, жиырма клуб, Созақта мектеп, клуб кем бола ма?
Совхозың Энгельстің атындағы, Кемшілігі түзелмей артта қалды. Малшылар уақтылы айлық алмай, Басшыларға ренжіп жатыр әлі.
Көрсе де көрмегендей бүркемелеп, Созақтың неге айтпайды ақындары?
Жұмыс көп ауданыңда нашарлаған, Сын емес кемшілікті аша алмаған. Факті – сол Шолаққорған селосында, Асханада тазалық жасалмаған.
Сондай-ақ мәз емес қой клубтарың, Кетпейді есігінен құлыптарың.
Ауданның басшылары көрмей жүрсе, Мұны да айта барғын – ұмытпағын.
Насыр:
Қалмахан, қуанамын, келгеніңе, Тағы да сөз кезегін бергеніңе.
Байқап ем малдарыңның жағдайларын, Аралап анау күні келгенімде.
Қалмахан, енді сырды ақтарасың, Тексеріп кемшіліктің ақ, қарасын. Колхозда Ленин атты төлің нашар, Өсе ме өздігінен бақпаған соң.
Ақындар шындық сөзді безбендеді, Айтады нақты-нақты көз көргенді. Бар кеңсе орналасқан бір мешітке Ол неге осыншама өзгермеді?
Шаянның бір әдеті нашар екен, Тұрады кеңсе етіп кез келгенді. Кірпіші бір жағының құлап жатыр, Отырмын ескерткелі сіздерге енді.
Қалмахан:
Айнасы ауданыңның газетің бар, Дейсің ғой онда қанша қажетің бар. Қатеден аяқ алып жүре алмайсың, Немене, сауатсыз ба жазатындар?
Тұрғанда солай болып баспа орының, Мәз ғой деп мақтамағын басқа орным. Одан да әділ сынды мойныңа алғын, Келмесе жеке мүдде – бас қорығың.
Ойлама артық сөйлеп жалынды деп, Отырмын кемшілікке жамылғы боп. Осымен айтысты енді тоқтатамын, Созаққа сәлем айтқын жалынды көп.
1957 жыл.
ЖЕЛЕУ МЕН КӨПБАЙ
Желеу:
Ақындар, құтты болсын бас қосқаның, Үлгілі қарт, білімді жас достарым.
Көптің мейірін қандыра ән шырқайық, Өлеңнің кеңнен жайып дастарханын.
Ісімнің алды жарық, арты қалың, Мен неге көре тұра тартынамын. Көтеріп көкке шырқап жырлап өтем, Аталық қамқорлығын Партияның.
Айтысқа түспекші едім Шымкентпенен, Көпшілік, тыңдаңыздар, құрметпенен. Талантты жас қаланың ақынымын, Далаға көздегені құр кетпеген.
Баулыған батырлыққа елім менің, Қаланың қазыналы төріндемін.
Ұранын Отанымның ту ғып ұстап, Еңбекке көзімді ашып берілгемін.
Еншіме тауды да алдым, тасты да алдым, Үлгілі қарт, білімді жасты да алдым.
Жайнатып жер бетінде жаңа қала, Сарқылмас мол қазына астық алдым, Екі жыл болды, міне, содан бері,
Үн қосып қырық жылмен тасқындадым. Көпбай ер, сәлем бердім халқыңызға, Колхозшы, қалаң менен жалпыңызға.
Кенжеңмін Кентаудағы жаңа талап, Ілескен қолқанат боп артыңызға.
Арнаймын жеке сәлем өз басыңа, Демеңіз кінә қылды болмашыға. Алайық көп алдында бір шайқасып, Белдесіп облыстың ортасында.
Көпбай:
Қырандай қалықтайын қанат қаққан, Аққудай құлаш жайып көлде жатқан. Жез таңдай жыр жібегін дестелеші, Асқақ үн, ақын жаны бойға жаққан. Толғансам сөз тасқыны төңкерілер, Сарқылдап тау суындай толқын атқан. Ашпаса ән іргесін осындайда, Ақынға үлкен кінә күйбең қаққан.
Ойланып шабан ақын алдырмайды, Шалшықтай жырадағы жылжып аққан. Айқайлап әупіріңді бір басайын, Өлеңім көпке тарту менің тартқан.
Ойнақтап ұшқыр қиял тұра алмадым, Аңқытып ән еркесін шығандадым.
Бас қосқан жиналысты құттықтаймын, Алғыр ой, іске шебер ұландарым.
Оңтүстік облысым, Шымкент қала, Қондырған он бес отау шыр айнала. Ағашы құшақ жетпес аспандаған, Төрт қабат үй салынған бәрі жаңа. Асырып сағат сайын өнер, білім, Ер, әйел, оқып жатыр қыз бен бала. Электр, асфальт көше әсемделген,
Жаз курорт, тамаша бау сай мен сала.
Желеу:
Ақыным, қазыналы ел едіңіз, Біз інің, жасың үлкен бел едіңіз. Орнаған облыста жас қала едім,
Халқыма құтты болсын демедіңіз. Қазақтың сара жолын ұмыттың ба, Көп жеген елдің нанын ер едіңіз. Кентауда жолыңызды жаздай күттім, Үлкендік ойладың ба, келмедіңіз.
Мен сізден жәрдем сұрап тұрғаным жоқ, Бұйырсын өздеріңе көмегіңіз.
Кентауға күйеу ме едің ұялатын, Қайсы еді бармай жүрген себебіңіз?
Жұмыстан қолым тимей қалдым дер ме ең, Келеді енді осыған не дегіңіз?
Мен келдім, сіз бармасаң өзім арнап, Сізде жоқ бізден өтер ауыр салмақ. Желеуді қайтсем орға жығамын деп, Жинапсың материал ерте қамдап.
Сізге ұқсап шабан үйрек бола алмадым, Көзбенен көріп айттым жеке талдап.
Болғалы Шымкент қала қаншама жыл, Қара орын, қазыналы үлкен шаңырақ. Тұрғын үй, баспанадан нашарсыңдар, Бұл жағын байқадың ба өзің аңдап?
Қадірлі қаладағы басшыларың, Осының айтар өзі есептерін.
Айтқанда біреуіңді шымшып алып,
Деп айтар труба жөнде демеп пе едім. Осындай кемшілікке көмектеспей, Сен өзің бұл қаладан бөлек пе едің?
Көпбай:
Шымкентте бала жастан жүрмін жайнап, Зор табыс, қызу еңбек жатқан қайнап.
Бау-бақша, өлке бойы қалың дарақ, Ән салар бұтағында бұлбұл сайрап. Бау-бақша, Кентауыңда дарағың жоқ, Жаз болса Шымкентіме шұбырасың,
Алма, өрік, қауын, дарбыз аламын деп. Таңырқап тәтті жүзім жемісімді.
Бізден ап кетіп жүрсің амалың жоқ. Орынсыз айта берме мысқылыңды, Айтқаным есте болсын қысты күнгі. Шақырғаным жазда кеп біраз жатып, Кетсейші бір шығарып ыстығыңды.
Қаламның қалай айтсаң көркі келген, Қарқынды, қазыналы келдің жерден. Кентауым отауымсың ортадағы, Ағаңмын, өз қолымнан енші берген. Қаламды, Желеу ақын, келіп көрдің, Аралап алтын орда отау тігіп.
Еншіңді Түркістаннан бөліп бердім, Зейнеттеп, отауыңды құлпыртар деп, Келешек жеміс күтіп сеніп бердім.
Желеу:
Жемісті ағаш дегенің терегің бе, Бара алмадың табыстың тереңіне. Бойы биік, саны көп теректі айтпай, Жарайтынды айтсайшы керегіңе.
Бізден артық сізде жоқ жемісті ағаш, Мен сенбеймін артықпын дегеніңе. Бәрін көрдім аралап бау-бақшаның, Біраз күн болды осында келгеніме. Көпке берген көлемді жемісің жоқ, Мақтанбасаң өзіңнің жегеніңе.
Тыңдаңыз Николаевтың жеке басын,
Жеті айда орындады жыл нормасын. Екпінді озаттарым есепсіз көп, Кенімнің көпке ұсынған қазынасын.
Осындай батырлар көп біздің жақта, Еңбегімен ілінген зор атаққа...
Осындай озаттарды айтып берші, Болмаса кеш қалдың ба, туып ерте?
Көпбай:
Ардақты Ащысайды кен деп едің, Кеніңнің қазынасын кем демедім. Әр төбенің басында отыз кепе, Кеніне үйлеріңді тең демедім.
Көп болды Ащысайың ашылғалы, Жай салып айналасын жөндемедің. Үкімет қамқорлық қып, үй сап ал деп, Босатты миллиондай теңгелерін...
Сөйлесіп төрт-бес әйел тұрғанында, Түсіпті көз қиығың трубаға.
Мінімді аянбастан қаттырақ айт, Бірақ та әуес болма құр жалаға.
Желеу:
Жерімнің астында алтын, үстінде үйім, Кемдігі бар демейді ешкім мұның.
Тоқсан түссе тоқтаусыз бу жіберіп, Жаздан жылы етеміз қыстың күнін.
Сынық мінез, кең пейіл басшыларым, Көрдің ғой істі алға бастырғанын.
Жайнаған электрлі зәулім үйлер, Салынған үлгісімен Москваның. Дариямын толқыным бар, екпінім зор, Қарқыным озып өтер ар жағыңнан.
Қазыналы қаласын жамандатып, Қайтып шыдап отырар мұндағы жан! Қалама тіл тигізді Бердалинің, Ашулы зіліменен бержағының,
Осы ма үлкен үйден күткен сыйым, Панасы деп жүргенде жел жағымнан?!
Көпбай:
Мен айтсам шынымды айтам, мініңді айтам, Көруге кемшілікті белді буып.
Ұйтқисың соққан желдей Бердалинге, Қарамай біле тұрып өз әліңе.
Өзің соғып алғандай мақтанасың, Желеужан, Кентау үшін елеуреме,
Сәрсенбай басқара алмай асхананы, Жұмысын қожыратып тастағаны.
Есігін асхананың жауып қойып, Көшеде арақ ішіп мас болады... Желеу:
Көрмейсің жалқауларды еліңдегі, Кесірлі, кербез басып керілгенді. Қалтада дипломын бос шіріткен, Ақсаусақ, қызыл тырнақ келіндерді. Ауылдың тілегіне жауап бермей, Ақиқат отырғанын көзім көрді.
Қаладан қия басып шықпаймыз деп, Кейбірі араға сап жүр көрінгенді.
Дұрыс па Роза мен Нағиманың, Ауылдағы еңбектен жерінгені!
Көпбай:
Табыспен өркені өрлеп, ассын даңқың, Қарқынды ұлы табыс еңбек алтын.
Қояндай жалғыз аяқ жолмен қашып, Келмейді сұрағыма жауап айтқың.
Бұл сыныма бір жауап айта алмайсың, Тарыдай бойың тартып сөз ұқпайсың. Тағы да келер жылы кездесейік, Орындап әрбір істің барлық шартын.
1957 жыл.
РАХМЕТ ПЕН ӨКІМ
Рахмет:
Өр қиял, асқақ ойым жарқылдаған, Жүйрік тіл, желпіп көңіл, шалқы қалам. Кеудемнен жыр тұйғыны қақшы қанат, Шалқардай кезім жоқ ед шалқымаған.
Қытықтап құлақ құршын, жан айызын, Ақын ба ән мен күйі аңқымаған.
Халық үшін кең ойлыға келісе ме, Сөзінің бал қаймағын қалқымаған. Сырымды халық алдына тарттым міне, Сабамды сараң емен сарқымаған.
Жүйрігі Жамбылымның сен де сөйле, Ықыласын отыр барша артып саған. Естідім көптен бері белгілі еді, Дүбірің, даңқың менен дәрпің маған. Төк кане, үй ортаға, жи ортаға, Сөзіңнің сары алтынын жарқылдаған. Және де шаһарымда еттің сайран,
Ой салды қандай сізге халқым, қалам? Байлықтың атын әлі атағам жоқ, Табыс мол, таразыма тартылмаған.
Өкім:
Армысыз, ақын ұлы нулы Сырдың, Өрені өнер қуған нұрлы өмірдің, Өркендеп өңі жайнап өскен ауылың, Ежелден бесігі еді өлең-жырдың.
Естідім дабысыңды сырттан танып, Тыңдадым лебізіңді мейірім қанып. Қашаннан қадірменді халқымызға, Сәлемін Жамбылымның келдім алып.
Шабытым шалқып құстай қанат қақты, Қиялым кезді дала, қала, бақты.
Өзгерген өмір көркі, өскелең ел, Көңілге шаттық жырын қонақтатты. Партия жолы жарық, басшы дана.
Ойлаған бақытыңды қамқор, пана. Ойымыз жеткен іске қол да жетті, Сәулетті аясында Отан-ана.
Өзек қып өлеңіңе заман сырын, Өзендей ағындасын, ақын жырың. Мадақта ел еңбегін, ердің ісін, Бөлеген сұлу гүлге ой мен қырын.
Қиялдың мұзбалағы ағындады, Алтайдың түлегіндей бабындағы. Сыпырып томағасын өрен көңіл, Қашаннан самғауды бір сағынғаны. Басайын арынымды, аптығымды.
Қызық қой тердің тұңғыш алынбағы. Қосылдым облысымның бәйгесіне, Жүрегім қуансам да жарылмады.
Облысым – Қызылорда туған өлкем, Көлі көп, желі салқын, жері көркем. Ойы орман, қыры қырман, қырқасы мал, Құлпырған қызғалдағы, гүлі-көркем.
Өндіріс оңы-солы, ойы-қыры, Байлықтың желісі ұзап, жайған өркен.
Үйім жоқ, ыза басып, көк шөп өскен, Көшем жоқ жел қуалап, қоқыс көшкен. Қоярға қойма таппай қойған көміп, Ұрам жоқ, дауыл ашып, тышқан тескен. Тандыры кеуіп тамбай жалғыз тамшы, Далам жоқ қу татыр боп ылғалы өшкен. Қашанғы ескі обадай, иесіз аулақ, Төбем жоқ құлазыған, құмдағы өскен.
Сан ғасыр салып келген топалаңды, Сыр суы шідерленді, ноқталанды. Інгендей жетекке еріп, сылқ-сылқ күліп, Сылдырап шөлге барды, баққа барды, Аралап көше бойын, дала қойнын.
Даланы, қаланы да баққа орады, Бұрынғы бүйі, шаян мекеніне, Қарашы, қандай сұлу қала орнады!
Ол қала, плотина су байлығы, Елімнің осы еді ғой ой-арманы. Тағысы табиғаттың басын иіп, Кеткен соң керней ағып көп арнаны. Еріксіз шаттық сезім биледі де, Қиялдың бұлағынан сөз парлады.
Құрылыс жайды жедел керегесін, Еңселі үй, көтерді асқақ кенересін. Көбейіп мектеп, зауыт, фабрик, парк, Көрсетті басқалардан кем емесін.
Келмесін көңіліңе, ақын достым, Артықпын, жасырамын неменесін?!
Өкім:
Көріп пе ең, ақын досым, Жамбылымды, Естіп пе ең шырқап салған ән-жырымды. Қаламның хал-жайымен таныс болмай, Қалайша ашып салдың жан сырыңды.
Елім бай, жерім жомарт, халқыма аян, Өзгерген кең өлкесі өмір саям.
Тасыған тау суындай табысымды, Жыр етіп, мақтан етіп жұртқа жаям.
Жадырап жаңа өмірмен жаңғырды аймақ, Жыл санап Жамбыл қалам өсті жайнап. Арқырап Талас аққан іргесімен,
Көк долы толқынында балық ойнап.
Көз тартқан әсем көше, жасыл бағым, Нұр шашқан төңірекке Ильич шамым. Келеді қатар түзеп сәулетті үйлер, Жамылып қайың, терек жапырағын.
Қаламда өндіріс көп жаңа салған, Коллектив біздерде аз артта қалған. Өнімін еселеп сан өнеркәсіп, Жарыста Қызыл туды жеңіп алған.
Қалаңды Қызылорда көп мақтадың, Сынауға басшыларды бір батпадың. Жасырып ісіңдегі кемшілікті, Жалтақтап жай нәрседен сырғақтадың.
Ол рас, келеді тез өсіп қалаң,
Бар екен не бір жақсы үй, парк, алаң. Сонда да Жамбылымның сәулетіне, Жетпейді көп жағынан Қызылордаң.
Өкімім, өрекпіме, баспалама, Батыл сөз байбаламнан жасқана ма.
Әділет – сынның, шынның таразысы, Ол үлгі өзімізге, басқаға да.
Жел соқса қалаңызға дала беттен,
Шаң-тозаң бұрқырайды жерден-көктен. Көрсетсем кемшілікті көзге түртіп, Әрине, менің айтқан сөзім өктем.
Түн түгіл, күндіз тауып жүре алмайсың, Сүрініп көшедегі тастар шөккен.
Ақын-ау, көрмейтін бұл кемшілікті, Қаланың бастықтары қайда кеткен? Көргенің көңіліңе көркі тұтар,
Па, шіркін, Қызылордама қай жер жеткен.
Есіңде бар ма сонау Шолақтауың, Ол жерге мүмкін мені жолатпауың. Өзің-ақ сол араны шолып қайтшы, Ағытып қиялыңның балақ бауын.
Отырмын сонан тауып бір сұмдықты, Байқалды құрылысқа олақтауың.
Бітпепті монтаждауы әлі күнге,
Жан-жаққа көп болғаннан алақтауың.
Өкім:
Керек қой, достым дәйім сөздің шыны, Көрсеттің меймандостық сен бір күні. Үйіңде шайға қосып берген ақ қант, Ойласаң облысымның о да өнімі.
Нашар ғой дүкеніңде сауда-саттық, Дей алман овощь, жеміс, жеуге таптық. Ауылымның әдейі әкеп алма-өрігін, Қыдырып қыздарыңа сыйға тарттық.
Рахмет:
Тағы да кеттім шырқап, шалықтадым, Жыр десе, жыр жырлауға жалықпадым. Тұрмыс-салт, байлығымды жырға қосып, Көрген соң кемшілікті анықтадым.
Аралда алты балық зауыты бар, Таңырқап, жеп жүрсіңдер балықтарын. Елу үш миллионер колхозым бар,
Озат ер, шыңға шыққан алыптарым.
Біреуі ауданымның Шиелі еді, Әркім-ақ Шиелімді сүйер еді.
Мун Син Ок, Ким Ольга, Ыбырайым бар, Мұнда көп өрен күштің иелері.
Күріштің күміс тауын көрсе көзің, Бетінен Жақаевтың сүйер едің.
Осындай ерлерім көп тізе берсем. Суымда маржаным көп сүзе берсем. Жерімде ырыс-құт бар, берекем мол, Бағымда миуам көп үзе берсем.
Олқылық, кемшілігің көзге түсер, Айналып Жамбылыңа, сізге келсем.
1957 жыл.
ҚУАНЫШ ПЕН АЙТБАЙ
Қуаныш:
Айтбай інім, кіші санап жасыңды, Саған менің кең құшағым ашылды. Жамбыл ақын атындағы колхоздың, Біраз жерге табыс-даңқы шашылды.
Жаңғырыққан жайлауында жаңа істің, Үстіндеміз ұлы бәйге жарыстың.
«Озу – мақсат, қалу – ұят» дегендей, Шыңына өрлеп шықтық бірге табыстың.
Ұлы Октябрь жайды бізге құшағын, Қуанамын, мен де құстай ұшамын. Ел сүйсінген еңбегіңді жыр етіп, Алғыс айтып қолдарыңды қысамын.
Мынау клуб, мәдениет үйлерің, Жарасымды жан толқытқан күйлерің, Дегенменен бітпей жатқан ісің көп, Ағалықпен ескерткенім бұл менің.
Мал азығы – майы, құты – жүгері, Білем-білем жеген малы сүбелі.
Майы шығып түгін тартса, сүт лықсып, Келіндерім сүт ішінде жүзеді.
Жүгері – сүт, жүгері – құт сазына, Өмірге бұл берекелі қазына.
Он грузовой, сексен жігіт әкеліп, Фермамыздың үйіп жатыр базына...
Бастықтарың ескі жайын қия алмай, Жүр ме әлде кең байтаққа сыя алмай? Түсінбеймін бұнысына бұлардың, Үйлері онда, өзі мұнда, бұл қалай?
Айтбай:
Үлгілі айттың бізге ақыл, аға, Ақылың әбден дұрыс, ақын аға. Колхоздың демалыс күн сауығында, Кездесіп қалдық, міне, сахнада.
Ақынның әлемге ортақ шебер тілі, Кетеді ашып айтса көңіл кірі.
Дегендей «сын түзелмей, мін түзелмес», Шындықта жатыр терең ақын сыры.
Ол рас, жүгеріңді сүрлегенің, Малыңның кім жек көрер сүр жегенін, Біздерде сегіз-ақ жан істеп жатыр, Сексеніңнің жабылып сүйрегенін.
Ұйымдасса болады іс өнімді. Артығымен бітірдім пішенімді.
Сегіз мың төрт жүз елу тонна шөп бар, Ол да түгел қораға түсірілді.
Көзіңмен көрдің сиыр сарайымды, Сәулеті таңырқатқан талайыңды. Алты жігіт көтеріп кете алмайды, Шан Су-фо асыраған торайымды.
Отырғаным айып па қаладағы, Жұмысым бітіп жатса даладағы. Есігімнің бір шеті Бірқазанда Қалай барып бір күнде оралады?
Қуеке, байқаңызшы өз ісіңді, Сынағанша уақытша қонысымды. Бастықтарың басында отырса да, Жатырсыңдар шірітіп овощыңды.
Быршыған помидорың іріп жатыр, Зіл түсіп қауындарың шіріп жатыр. Қуеке, өзіңіз-ақ айтыңызшы,
Осы жұрт неге сонша күліп жатыр?
Қуаныш:
Сұқтандың көптің неге күлгеніне, Тамаша ойын-сауық күнде елімде. Айтбайжан, жылағанның беті құрсын, Ондайда әдеттенбе үйренуге.
Ол рас, ұйымдасқан іс өнімді, Жұмсалған көзін тауып күш өнімді. Жуыспай жүгеріден тайып шығып, Айтасың қайта-қайта пішеніңді...
Бар шығар шіритіні көп болған соң, Көптіктен рет тимей тоқталған соң,
Тоқтыдай торламасы қауынымның, Бір түрі колхоздағы сауынымның. Табысы соның миллион болғалы тұр, Көркейтер келешегін ауылымның.
Он мыңдай Сарысуда қойым да бар, Өсіру екі есе ойымда бар.
Жүз бас қойдан жүз отыз қозы өсірген, Әжібек Ысмайлов қолымда бар.
Тағы бар Байтекеев Жүсіпназар, Күнде той жүрген жері, күнде базар. Қалменов қасындағы жас шопаны Кәне, айтшы, осылардан кімің озар?
Айтбай:
Кімің бар дейсің, аға, озатұғын, Озғанын кім жек көрер өз атының. Дәріптеп қолы жеткен табыстарын,
Арқасы әркімнің-ақ қозатұғын. Қуеке, қой жөнінен мақтанбаңыз, Қыруар табыс тауып жатқан да біз.
Тек қана Қараөткелден бес жүз мың сом, Пайданы биылғы жыл тапқан да біз.
Атақты шопанымыз Абылайды, Қай кісі облыста танымайды?!
Жүз қойдан жүз отыз бес қозы өсірді, Сіздерден мұндай шопан табылмайды.
Жас шопан және айтамын Жетібайды! Жетібай баққан қойдың еті майлы.
Тамаша табысының арқасында, Бір емес, Москваға екі барды.
Бақша бар бір қазғанда, бақша десең, Жүз мыңдап түсіп жатыр ақша десең. Қуеке, қанттан тәтті қарбызым бар, Біреуін тауса алмайсың апта жесең.
Свердлов қаласының тұрғындары, Қансын деп таңсық астан бір құмары. Жөнелттік бес вагонға қауын тиеп, Сары ала, торы ала мен күләбіні.
Бақшадан аз ба біздің бергеніміз? Кеткен жоқ босқа зая еңбегіміз. Көшеге тал орнына тамаша боп, Япырай, қалай өскен шеңгеліңіз?
Етектен тартады кеп танығандай, Қашады қарай қалсаң жаны қалмай. Мен емес, мен емес деп шайқайды бас, Қуеке, мұнысының мәні қалай?
Қуаныш:
Сынайсың көшемдегі шеңгелімді, Айтқаның әбден дұрыс кем жерімді. Тартқылап етегіңнен басын иіп, Қарсы алса айтыпты ма келгеніңді? Дірілдеп тұрса біраз басын шайқап,
Шошиды жағдайыңды көрген байқап. Сенің де көшең толған топыраққа, Кетеді сәл жел тұрса ұйпап-тұйпап.
Тоқтап тұр қыш зауытың көптен бері, Міндет қып істегенін көктемдегі.
Қораға бастап қойған жетпей қалып, Айқаймен арып-аршып біткен еді.
Төбесі төңкерілген бұзау қораң, Құлап тұр жайшылықта соғып боран. Шиферы салып қойған аспанға ұшып, Шығын боп біраз ақша кетіпті оған.
Босқа тұр агрегатың, кесек құйғыш, Шығарған әр құйғанда сегіз мың қыш. Осының тұрып қалған себебінен, Ақсатты көп жұмысын бар құрылыс.
Соларды айтпай неге мақтанасың? Мініңді ашып салмай жасқанасың. Мақтайсың аз табысты қайта-қайта, Анадай қолға ұстаған жас баласың.
Досының кім жек көрер жақсы жайын, Барыңды жоқ деп айтып неғылайын, Баяғы ескі тамда отыр әлі,
Шопаның – ең атақты Абылайың.
Біз мынау көріп тұрмыз клуб ішін, Сырттағы жатыр қызып жүріп ісің, Барлығы жүріп жатса, қызып жатса, Бітпей тұр неғып анау құрылысың?
Айтбай:
Құреке, жақсы айттыңыз құрылысымды, Істелген баяндайын жұмысымды, Жылма-жыл орталығым гүлденуде,
Сіз қалай көрмегенсіз бұл ісімді?
Құрылыстың түп қазығы - қыш зауыты, Қуеке-ау, неңіз бар ед қыстап оны?
Сіздерде атыменен зауыт жоқ қой, Бәлкім салмақ шығарсыз қыста оны?
Жұмсалған баяндайсыз қаржыларды, Сізде де бұзаулардың арызы бар-ды. Жатқанда, біздің бұзау жылы орында, Құшады сіздің бұзау қар, ызғарды?
Біздегі айттың құм мен топырақты, Көңіліңізге топырақтар тоқырапты. Көрерсіз әлі-ақ ертең көшемізде, Жайқалған жасыл ағаш жапырақты.
Қараңыз мына тұрған клубыма, Риза боп отырсыз-ау, сұлуына, Қонаққа анда-санда келіп тұрсаң, Іш нәрсе сұрамас ек жылуына.
Кино бар өзіміздің ортамызда, (Анығын ашып айтпай қорқамыз ба). Тотыққан денемізді тазартатын, Таяуда дайын болмақ моншамыз да.
Тамаша істеп жатыр тақтай тілгіш, Өнімді пайдасы зор екен бір күш. Сіздерде мұндай құрал болмаған соң, Тосырқап тұрсыңдар-ау етпей үрдіс.
Мақтаймын аурухана, мектеп үйім, Салынды түнікелеп көптен үйім.
Енгенде есігінен кеңсеңіздің, Еңсені көтеруге тіпті қиын.
Қуаныш:
Келісті боп тұрған жоқ өз кеңсең де, Жүз құбылып күніне өзгерсең де.
Аласа үй ала шаңғыт астыңдағы, Қалпынан өзгерген жоқ жүз көрсем де?! Медпункт, гараж, кеңсе, астық қойма,
Биыл салып жатырмыз алып қолға. Радиом сайрап тұр, электрлі,
Ерекше Әбдірасыл еккен күріш, Әбекең адал еңбек еткен дұрыс.
Төрт тонна гектарынан өнім бермек – Сонда бұл колхозыңа кеткен ырыс!
Демек, биыл, Қуеке, күріш бізде, Палауым мол болады осы күзде! Айтайын жомарттықпен күнілгері, Кезінде кеусенімнен күдер үзбе!
Өсірген бітік егіс Дәндібайым,
Деп отыр қойны-қоншың дән қылайын. Ал сіздің Мәдібайың жоңышқаны, Сиырға жегізіп ап салды уайым.
Су жұқпас Теңгешің мен Батырбегің, Жегені еңбегіне татыр ма еді?
Басшысы құрылысының Әбдімұрат, Ұялмай жаздай ұйқтап жатыр дейді.
Бітпеген қораңды айтып мақтанасаң, Оңдамай малшылардың баспанасын! Оларға салып бермек он үй қайда?
Өтірік айтсам Тәкең ақтап алсын.
Қуаныш:
Айтбайжан, қымсынасың «сынадың» деп, Мақтасам, күлімдейсің «ұнадың» деп.
Барынан зауытыңның жоғы жақсы, Болса егер «бас ауру мен тұмауы» көп.
Қарағым, сұрай бердің неше айтсам да, Түсінбей-ақ қойдың-ау бес айтсам да... Көз салмай өз жолыңның ирегіне, Шірендің «жетпейсің, – деп, – ширегіме».
«Жығылған сүрінгенге күлед» деген,
Ағаңды күлкім келді түйреуіңе.
Көп болды колхозыңның шықты даңқы, Қонысы бірақ әлі бытыраңқы.
Малшыға жеті жылда жеті үй салған, Ол да толық бітпеген жарым-жарты.
Колхозда жақсы да бар, жаман да бар. Білімді мұғалім мен маман да бар.
Пак сияқты «тақ» десең тыңдамайтын, Жатып ішер маскүнем арам да бар.
Айтбай:
Қуеке! Пакка сонша жабырқадың, Таң қалып қылығына таңырқадың. Қорқамын мастықпенен машинасын, Сындырып ала ма деп Садырханың.
Тауықтың емес түгел бәрі қораз, Мүмкін жемге таласып болады араз. Үстірт алған ақпарға сене бермей, Қуеке, әділ айтып, анығын қаз.
Қырықбайтақ кеше жапан дала болып, Шөл еді су таппайтын ара қонып.
Қырық жас Октябрьдің мүшелінде, Тұрғанын енді қара, қала болып!
Жарқырап Ильич шамы көгімде тұр, Күй тыңдап халқым үйде көңілді отыр. Еңбектің рахатынан ләззат алып,
Ел тегіс ерлігі мол өмірде тұр.
Сіздей мен жартыламай бүтін айтам, Ферманың шалқып жатқан сүтін айтам. Мақтаулы Күлпарадай сауыншыңа – Сауыншы Бибігүлдей құтымды айтам.
Мақтаулы және айтам Күлжанымды, Еселі еңбегімен нұр жамылды.
Келтірмек сиыр басы үш мың литр, Күлжаным місе тұтпай мың жарымды!
Алты айда орындады сүт жоспарын, Процент бір жүз елу алты жарым.
Атақты ең мақтаулы сауыншыңыз, Сауар ед, мұндай сүтті бір жыл жарым.
Қуаныш:
Айтбайжан, әдейі арнап көңіл бөліп, Ағалап қолымды алдың көңілденіп. Шақырдың шын ықыласпен колхозыңа, Төріңнен құшақ жайып орын беріп.
Сапырып сары қымыз, аппақ нанды, Жайылып кең дастархан күтіп алды. Рахмет ақын келіп ортамызға, Отырдық сауық құрып салып әнді.
Ақындар ортасында Асқар да бар, Бастарын қоса қалды басқармалар. Ер, әйел, үлкен-кіші, ұл менен қыз, Жайнаған жаз күніндей жастар да бар.
Колхоздың қалың қауым мүшелері, Арылған еңбекте озат іс-өнері.
Қалмастан қалтарыста келді бәрі, Толмайтын аз еңбекке міселері.
Мақсаты екі ақынның бүгін таңда, Колхоздың көркейгенін қосып жырға. Қырық жылдық мерекені қарсы алайық, Көрмеген көп табыспен бұрын-соң да.
1957 жыл.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
АҚЫНДАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
Жамбыл Жабайұлы (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені. Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық-жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал-құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Майкөт, Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Бұлар ғана емес, қырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манас- шылармен өнер өрелестіріп, қырғыздың көл-көсір поязиясынан тағылым алады, ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі. Жамбыл енді ақындық суырыпсалмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап
жырлап, ақындық жыраулық өнерін соны қырымен таныта бастайды.
Жамбыл – әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты.
Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жан- рында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі.
1945 жылы 22 маусымда Жамбыл дүние салды.
1946 жылы ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның жүз жылдығын салтанатпен атап өтті. Мерейтойына қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялык жинағы орыс және қазақ тілінде басылып шықты. Жамбыл Жабаев Ле- нин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Үмбетәлі Кәрібаев – (1889-1969) Алматы облысы, Жамбыл ауданында туған. Жиырма жасында қазақ, қырғыз арасына ақындығымен кең танылған. Орын- бай, Нұрилә, Иса, Кенен, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Жақсыбай т.б. белгілі халық
ақындарымен айтысқан. 1937 жылы СССР Жазушылар одағына мүшелікке өтеді. 1961 жылы Қазақ ССР-інің Халық ақыны атағын алған.
Нұрилә Сәтбайкеліні (1894-1921) – суырып салма айтыс ақыны. Келін болып түскен жері Қаскелең өзені бойындағы Дулат елі. Нұрилә 1918 жылы бір жиындағы айтыста Бармақ, Арғынбай, Мақыш ақындарды қатар жеңіп, Жетісу өңіріне кеңінен танылған. Келесі жылы аталған ақындармен қоса Үмбетәлі, Саяділ, Шүкітай, Оспан, т.б. он бір ақынмен кезек айтысып, жүлде алған. Нұриләның ақындығын Жамбыл жоғары бағалаған.
Кете Жүсіп Ешниязов (1871-1937) – ХХ ғасыр басында Қаңлы Жүсіп (1873-1923), Керейт Даңмұрын (1870-1923), сонымен қатар Сыр елінде дәстүрге айналған «16 шайыр», «8 шайыр», «5 шайыр», «3 шайыр» тәрізді айтысу тәсілдерін өркендетуге, ақындық-тапқырлық қабілеттерін сынауға араласқан ақын. Кете Жүсіптің әкесі Ешнияз да, баласы Мұзарап та ақын болған.
Кете Жүсіп «Шаһзада», «Зейпін қыз», «Бір қарт адам», «Өткен заман», «Сұр мер- ген», «Барымта», «Мекер қатын» дейтін дастандар шығарған. Ал «Бүркіттің сыны» (1911) деген жыры көркемдік әсерлілігі өзгеше туынды. Ақын шығармалары «Ай- тыс», «Үш ғасыр жырлайды», «Пернедегі термелер» жинақтарында жарияланған.
Қалыш Мұхамедиярова – 1920 жылдарда Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық партия комитеті әйелдер бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 1961 жылы дүниеден озған. Басқа мәлімет табылмады.
Кенен Әзірбаев (1884-1976) – қазақтың әйгілі халық ақыны, компози- тор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Туып-өскен жері – Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Мәтібұлақ деген өңір.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманның жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі туындатып, бұған қоса асқан шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі. Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарын- да оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кеніші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы.
Ләтипа Баймағамбетқызы (1900-1930) – Жамбыл облысы, Көктерек ауданын- да (қазіргі Мойынқұм) өмір сүрген. Шу өңірінің алты ақынын (Сауытбек, Жидебай, Қайрақбай, Әлібай, Көшкімбай, Бейсенбек) жеңіп, халыққа танымал болған. Бұл айтыстар ел арасына кеңінен тараған. Әулиеата мен Жетісу өңіріне айтыс ақыны ретінде белгілі болған Ләтипа жиырма бір жасында Кенен Әзірбаевпен айтысқан.
Рақымжан Малабайұлы мен Ыбыраш Мырзалыұлы жайында әзірге дерек- тер табылмады.
Шағырай Төбетұлы (1836-1933) – Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ау- данында (бұрынғы Қызылжар үйезі, Аққұсақ болысы, Беркін ауылы) туған. Ақын, шешен.( «Жұлдыз», 1996, № 7. 183-202 беттер). Шағырайдың шәкірттері – Рай ақын, Бұлқайыр жыршы, Баймағамбет Ізтөлин (1899-1921). Ол Біржан салға шәкірт
болған. Нұралы (1897), Есенбай (1903), Доскей (1923) тәрізді тарландармен сөз сай- ысына түскен. Шағырай 1915 жылы Баймағамбетпен айтысқан.
Қарсақ Қопабайұлы (1886-1974) – жырау, халық өнерпазы. 1916 жылғы ұлт- азаттық күресті шын ықыласымен қолдап, «Қызылқұмнан хат», Амангелді жиы- нында «Он алтыншы жыл» деген жыр-толғауларын шығарған. Қарсақтың «Қайран ел», «Шырқа әнім», «Желдірме» атты әндері халық арасына кең тараған.
Керімқұл Жүнісов – 1889 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Көккөлкөшкен ауылында туған. Қайтқан жылы белгісіз. Ақынның «Бадам аңызы»,
«Шеризат», «Ұры Зәйіт» дейтін халық әпсаналары негізінде жырлаған дастанда- ры мен Бибіайшамен әзіл-қалжың айтыстары 1964 жылы Ташкент экспедициясы кезінде жазылып алынған.
Бибіайша Әбілдақызы – Кіші жүз, Тама руынан шыққан ақын қыз. Әзірге басқа дерек табылмады.
Ақтөре ақын жайында мәлімет әзірге табылмады.
Жәмел Аймырзаұлы (1889-1969) – Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Қырыққұдық ауылында туған. Әуелі ауыл мектебінде, кейін орыс-қазақ мектебінде (Орал қаласы) оқыған. Уездік, болыстық мекемелерде хатшылық қызметте істеген, кейін ұстаздықпен шұғылданған.
Жібек Ерубайқызы – 1910 жылы Батыс Қазақстан облысы, Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданы, Балықты ауылында туған. Қайтқан жылы белгісіз. Көбіне сын- сықақ өлеңдер шығарған ақын.
Құмар Жүсіпұлы (1905-1987) – Қашаған жыраудың шәкірті. Ығылман Шөрековпен дидарласып, оның «Исатай–Махамбет» дастанын жаттайды. 1943 жылы Сұраубай Үттібаевпен (1887-1970), 1957 жылы Сәттіғұл Жанғабылұлымен (1876-1966), 1961 жылы Артық Жексенбаевпен (1905) айтысқан.
Саяділ Керімбеков (1895-1954) – ақын, Жамбылдың ақын шәкірттерінің бірі. Майса қызбен 1936 жылы айтысқан. Ақынның «Өшкен жанды» деген поэмасы
«Қазақ совет фольклоры» (1935) жинағына енген. «Арқалық батыр», «Бес мылтық»,
«Екі қойшы» және т.б. шығармаларында қазақ халқының басынан кешкен тари- хи оқиғалар кестеленген. Ақынның «Ақын шабыты» (1937), «Өлеңдер жинағы» (1939), «Бес мылтық» (1940), «Еңбек-ата, жер-ана» (1951), «Өлеңдері, поэмалары, айтыстары» (1956) деген жинақтары жарық көрген.
Майса ақын туралы әзірге дерек табылмады.
Кенжеқожа Қалмырзаев (1898-1945) – айтыс ақыны. Қызылорда облысы, Сыр- дария ауданы, Аламесек ауылында туған. 1931 жылы ашаршылықта Меркеге келеді де, бірер жылдан кейін Ташкент маңына қоныстанады. «Мың бір түн» ертегісінің 72 түнінің әңгімесін өлеңмен жырлаған. Жанынан шығарып, терме толғаулар айтқан. Айтыстарының ішінде жазылып алынғаны – Бармақпен (1914-1915) және Кенен- мен (1938) айтысы. Басқа айтыстары қағазға түспеген. «Ақындар», «Шын жүректің белгісі» деп аталатын термелері «Пернедегі термелер» (1965) жинағында жария- ланды.
Іскендір Байсүгірұлы (1886-1968) – Қызылорда облысы, Қорқыт станциясын- да ғұмыр кешкен. Ақын әрі шежіреші болған. Құлты әулиенің шөбересі.
Уамық Қалжанұлы – 1895 жылы Жалағаш ауданы, «Коммунизм» совхо- зында туған. Қайтқан жылы белгісіз. Бұхара медіресесін тәмамдаған. Шығыс халықтарының тілі мен әдебиетін жақсы білген.
Шаймерден Шегебаев – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өмір сүрген. Агроном болып жұмыс істеген. Басқа дерек табылмады.
Мұзарап Жүсіпов (1905-1972) – ақын, әнші, композитор, күйші, фольклорлық мұраны жинаушы. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында туған. Өнерде әкесі Жүсіп пен Ешнияз салдың жолын ұстанған. «Тамшы» (1925), «Үш насихат» (1926), «Үш жұмыртқа» (1927), «Самұрық» (1948), тағы басқа дастандардың ав- торы. Бірнеше әндері «Тасқын», «Үш бөлім», «Жастармыз», «Балымша-ай» әндері мен «Көркем қыз», «Мұңлы қыз», «Қаз дауысы», «Шаттық» күйлері бар. Ақын он мың жолға жуық ауыз әдебиеті жәдігерлерін жинастырып, Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорына тапсырған. М.Жүсіпов туындылары «Пернедегі термелер» (1965), «Айтыс» (1966), «Ленин деп халық жырлайды» (1969), «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» (1973) жинақтарына енген.
Әбдіғали Сариев (1900-1964) – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді кеңшарында туған. Сүйінбай, Жамбыл дәстүрінде тәлім алған ақын. Өлеңдері алғаш 1924 жылы Жетісу облыстық «Тілші» газетінде жарияланады. Халық ақындарының республикалық айтыстарына (1930, 1943) қатысқан. Өлең-жыр, толғау-дастандарын ауызекі шығарып, өзі қағазға түсіріп отырған («Қарасай», «Саурық», «Асу», «Ала- тау майданы», «Қойшы», «Капитан Гастелло» дастандары). Өлеңдер жинағы 1951, 1976 жылдары жеке кітап болып шықты.
Қызыл Жұлдыз орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған.
Майасар Жапақов (1889-1965) – әнші, ақын, композитор. Ол Доскей, Үкілі Ыбырай, Мәди сынды саңлақтардың шәкірті. Сал-серілік өнерді дамытқан дар- хан дарын иесі Болман, Көшен, Қайып сынды ақындармен айтысқан. «Шөже мен Кемпірбайдың айтысы», «Шал мен қасқырдың айтысы» туындылары Майасардың аузынан жазылып алынған.
Нұрлыбек Баймұратов (1887-1969) – Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1939), КСРО Жазушылар Одағының мүшесі. Ол Иса Байзақұлы (1922), Нартай Бекежанұлы (1939), Төлеу Көбдікұлы (1949) сынды жыр дүлдүлдерімен сөз жарыстырған. «Ер Төлеген» (1945), «Қанды жорық» (1962) атты дастандарының авторы.
Қуат Терібаев (1891-1952) – Қазақ ССР-інің халық ақыны, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі. А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын қазақы дастанға айналдырып жырлаған. «Күнсағила», «Айжан-Жанша»дастандарының авторы. Ол Төлеу Көбдіковпен, Жақсыбай Жантөбетовпен, Қалқа Жапсарбаевпен айтысқан. Ұлы Жамбыл Қуатты өте-мөте қадірлеп, «Тұйғын ақын» деп атаған.
Жақсыбай Жантөбетов (1888-1958) – КСРО Жазушылар Одағының мүшесі,
«Құрмет» орденінің иегері (1945). «Мәлік батыр», «Нәзім қыз», «Түркісіб» дастан-
дарын туындатты. Сонымен қатар Қуаныш Баймағамбетовпен және қырғыз ыршы- сы Османқұлмен хат түрінде айтысқан.
Молдахмет Тырбиев (1881-1957) – ақын-жыршы, композитор. Жанақ, Тоғжан, Орынбай, Сегіз сері, Шәрке сал, Шағырай, Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса шығармаларын ел ішіне айтып, таратушы. «Терме», «Жеңіс», «Ақан серіге», «Ама- нат» әндері мен айтыстары «Қазақтың халық әндері», (1959), «Пернедегі термелер», (1965) жинақтарда жарияланған.
Нұрхан Ахметбеков (1903-1964) – Қазақ ССР-інің халық ақыны. Торғай елінде 1937 жылы театр ұйымдастырып, мәдени-ағарту жұмыстармен шұғылданды. 1946- 1950 жылдарда Торғайда Аманкелді Иманов музейінің директоры, 1951-1955 жыл- дарда Торғай селолық Кеңесінің төрағасы болып істеді. Эпик әрі суырып салма ақын Сәт Есенбаевпен (1943), Майташ Смағұловамен (1945) сөз майданына түскен. Нұрхан Ахметбеков «Мың бір түн» ертегісінің негізінде «Қамар заман», «Албан
Жұпар ханым», «Есім сері», «Қарға», «Аманкелді» дастандарын дүниеге әкелді.
Топжарған ақынның репертуарында халық әндері мен күйлері жеткілікті еді. Өрі-қыры бірдей өнерпаз «Күй басы», «Июнь толқыны», «Жеңіс» атты күйлер тудырған.
Орынбай Тайманов (1866-1946) – жыршы, орындаушы, айтыскер. Ноғайлы заманының жорықтарын, батырлық-ерлік қимылдарын сипаттап айтатын «Жәнібек батыр» дастанын шығарған. «Домбыра» атты толғауы (П.Кузнецовтің аудармасы бойынша) Правда газетінде (1936, 18 мамыр) жарияланған.
Жамбыл Орынбайды «Тауқұдірет» деп атаған.
Әлібек Байкенов (1889-1944) – КСРО Жазушылар Одағының мүшесі. Сыр бойы шайырларының шығармалары мен қисса-жырларды төгілте айтқан. Нартай Бекежановтың концерт бригадасында қызмет еткен.
Қазанғап Байболов (1889-1945) – Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ау- данында туған. Ауыл молдасынан сауатын ашып, өз бетінше білімін жетілдірген. Шығыс сюжетіндегі қисса-дастандарды көп жырлап, Ташкент, Шымкент, Түркістан өңірлерінде жыршылығымен мәлім болған. Классикалық хикаяларға еліктеп «Төрт дәруіш», ел ішіндегі аңыздардың желісімен «Еңсегей бойлы ер Есім», «Төле бидің тарихы», тағы басқа тарихи дастандарды өзінше жырлаған.
Отан соғысында ерлік көрсеткен Сыпатай Қарсақбаевқа арнап «Сыпатай» по- эмасын шығарған. 1943 жылы республикалық айтыста Нартай Бекежановпен жыр сайысына түскен («Айтыс», 3-т. 1966). Шығармалары ұжымдық жинақтарда, мерзімдік баспасөзде жарияланған. «Бау-бақша», «Дайын бол» атты толғаулары халық арасында кең тараған. Ел аралап, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен де шұғылданған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен үш мәрте марапатталған.
Нартай Бекежанов (1890-1954) – КСРО Жазушылар Одағының мүшесі (1937), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1949 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысқан. Халық өнерпаздарының басын қосып, концерт бригадасын ұйымдастырды. Бұл – «Нартай ансамблі» атанып, абы- рой биігінен көрінді.
Халық әндерін шебер орындаушы Нартайдың өзі де әндер шығарды. Мысалы,
«Нартай сазы», «Толқын». 1939 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық ауылшаруашылық
көрмесінің этнографиялық концертіне қатысып, академиялық Үлкен театрда ән шырқап, «Қызыл Москва» толғауын айтты.
Шашубай Қошқарбайұлы (1865-1952) – Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Кемпірбай тәрізді әнші ақындардың, сал-серілердің дәстүрін дамытқан дарабоз. Атақты «Ақ қайың» әнінің авторы. Оның репертуарында қыруар қисса-дастандар, толғау-термелер, халық әндері көп болған. «Тотынама», «Қамбар батыр», «Сұраншы- Бөкей», «Ақтанберді» дастандарын жырлаған (ұзын саны 24 эпосты жатқа айтқан). Ол Жамбылмен (1909), Болман Қожабайұлымен (1944) айтысқан. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. «Сөйле, Шашеке!» (1942), «Ақ қайың» (1984, құрастырып, алғы сөзі мен түсініктемесін жазған профессор Серік Негимов) жинақтары басылған.
Көшен Елеуов (1892-1971) – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бесоба ау- ылында туған. КСРО Жазушылар Одағының мүшесі.
Қазақстан Жазушылар одағының 1938 жылы Алматыда халық ақындарына ар- налып ашылған қысқа мерзімді курсында оқыған. 1943-1961 жылдарда аудандық, облыстық, республикалық халық таланттарының мәслихатына қатысып, Шашубай, Майасар, Жолдекей, Ілияс Манкин сынды ақындарымен айтысқан.
Сәттіғұл Жанғабылов (1876-1966) – Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауда- нында туған. Атырау төңірегінің атақты ақындарын ұстаз тұтып (Абыл, Қашаған, Нұрым, Қалнияз, т.б.) өнеге алған. 1896, 1910 жылдардағы жұтта, 1916 жылғы ма- усым жарлығында күйзелген елдің ауыр халін, шаруаның мұңын жырлады. «Досан батыр» дастанында Маңғыстау маңындағы халық көтерілісін суреттеді. 1937 жылы Алматыда өткен көркемөнерпаздар слетіне, 1939 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің ашылу салтанатына, Қазақстан жазушыларының екінші сьезіне (1939), 1943, 1957 жылдардағы ақындар айтысына, Абайдың, Жамбылдың 100 жылдық тойларына қатысып, жыр толғады.
Толғау және айтыс өлеңдері «Ленин» (1928), «Ақын жырлары» (1958),
«Пернедегі термелер» (1965), «Айтыс» (3-т., 1966) жинақтарына енген. «Тоқсан толғау» атты кітабы 1967 жылы жарық көрген.
Қазақ ССР-інің халық ақыны, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі.
Құмар Жүсіпов (1905-1987) – бұрынғы Орал облысы Гурьев уезі, Сібірті болы- сында (қазіргі Атырау қаласы маңындағы «Теңдік» кеңшарының Бесікті бөлімшесі) туған. Ақын, жыршы. «Қырымның қырық батыры», «Сейфіл-Мәлік», «Бәдіғұл- Жамал», «Зияда», «Көрұғлы», «Әмира», «Мәлік-Хасан», «Қорлығайын» сияқты дастандарды халық арасында жырлаған. Алғашқы «Сергелдең» толғауы 1924 жылы жазылған. «Ерлерге елден алғыс жауын жеңген», тағы басқа өлең, толғаулары жұртшылыққа танымал. Қ.Жүсіпов шығармалары «Ақындар жыры» (1963),
«Пернедегі термелер» (1965), «Айтыс» (1966), «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» (1973), «Шұғыла» (1977), жинақтарында жарияланған.
«Құмар – Сыпыра жыраудан бастап Қашаған, Мұратқа дейін көп ақынның не айтқанын, қай кезде, қашан өмір сүргенін, біздің талай жылдар іздейтін тағы сондай аса құнды, қызықты мәліметтерімізді он минут ішінде айтып берді» – деп жазады ғалым Есмағамбет Ысмайылов.
Есдәулет Қандеков (1887-1971) – ақын, жырау. Алматы облысы, Жамбыл ауда- ны, Ақтерек ауылында туған. Есдәулет – Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Қалқа Жапсарбаев, Әбділдә Жүргенбаев, Рақмет Мәзқожаев тәрізді жүйріктермен сөз
жарыстырған. 1916 жылы Жетісу өлкесінде Әли Нұрқожаұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісте жасақ жыршысы болған. Бұған «1916 жыл», «Тауда» деген дастандары айғақ. Патша жандармы Есдәулетті тұтқындап, жиырма жылға жер аударады.
Кеңес дәуірінің тынысын арқау еткен «Заманың туды, кедейлер» (1928), т.б. өлең-жырларын шығарды. Ұлы Отан соғысы жылдары ұстазы Жамбылға үн қосып,
«Жеңіс үшін», «Жауынгерлер», «Жылы киім береміз», «Ерлер естен шыға ма», «Күн бүгін» деген өлең-толғауларын жырлап, елді жігерлендіреді. Халық батырлары жай- ында «Жетіген батыр», «Күреңбай батыр», «Шаян батыр» дастандарын шабыттана жырласа, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтің ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолы хақында «Қос жұлдызды Жазылбек» дейтін дастаны бар.
Ақынның шығармалары жергілікті баспасөзде, жинақтарда жарияланған. Өлеңдер жинағы 1964 жылы жеке кітап болып шықты. 1982 жылы «Жазушы» ба- спасынан «Тұлпар тұяғы» атты өлеңдері мен дастандары, айтыстары жеке кітап бо- лып басылған.
Қайып Айнабеков (1885-1955) – халық ортасынан шыққан көрнекті талант иесі, ақын. Нұра өзенінің жағалауындағы Кеңқия ауылында (қазіргі Қарағанды об- лысы, Нұра ауданы, Көгілдір ауылы) шаруаның отбасында туған. Жас кезінде Қайып әңгіме-жырға әуес болады. Жастық, достық жайында өлең шығарып дағдыланған ақын бірте-бірте ширап, жетіле береді. Сөйтіп, өлең Қайып өмірінің өзегіне айнала- ды. Қ.Айнабеков ақындық жолға ерте түскенмен өлең жазуға машықтанып, өлеңді шын мәнінде өнер деп тануы 1907 жылдардың тұсы. Сол кезде шығарылған «Сұлу қызға жазған хат», «Сұлудан жауап» сияқты лирикалық қысқа өлеңдері мұның айқын дәлелі.
Қ.Айнабеков Октябрь жеңісін, Қазақстанда совет өкіметі орнауын өз көзімен көріп, оны жыр өзегі еткен ақындардың бірі. «Өмірді ұқсату», «Тану», «Жұмсау»,
«Азат құс», «Үндеу», «Кедейлерге», «Әйелдерге», «Тілеу ниетім», «Қазақстанның мүшелеріне» секілді т.б. ақын туындылары осы кезеңнің үлесіне жатады.
Қайып Айнабеков 1921 жылы Орынборда ұйымдастырылған Советтердің Бүкілқазақстандық съезінің делегаты болады. 1923 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық этнографиялық көрмеге қатысып, қобызбен ән шырқаған. Музыка зерттеушісі А.В. Затаевичке «Әупілдек», «Сұлушаш», «Жеңеше», «Назқоңыр» сынды халық әндерін жаздырған. Ол Сәби Әздембаев, Ілияс Манкин, Көшен Елеуов тәрізді ақындармен айтысқан. «Қолаң», «Алып туралы аңыз» дастандарын шығарған. КСРО Жазушы- лар Одағының мүшесі.
Ілияс Манкин (1880-1950) – халық ақыны, ескі қисса-хикаяттардың сырына қанық саңлақ, дастаншыл кісі болған. Қарағанды облысы Нұра өзені бойындағы Ботақара деген жерде (қазіргі Қарағанды қаласы) туған. Мұсылманша сауат ашқан. Ақындық жолға түсуіне себепші болған нағашысы Соңтуған ақын. «Қобыланды»,
«Алпамыс», «Қыз Жібек» қиссаларын жаттап, жиын-тойларда айтатын болған. 1900 жылы Спасск мыс зауытында, Қарағанды шахтасында жұмыс істеген.
«Нұра бойын жағалап», «Қайысты қабырғасы жұмысшының», «Көмір ері»,
«Қимылда кеншілер», «Алтынды Қарағанды даңқың артты» шығармаларының,
«Қуат қашқын», «Лұқпан хакімнің өсиеті», «Қара соқырдың жорығы», «Бек- болат» дастандарының авторы. Ұлы Отан соғысы тұсында Орталық Қазақстан ақындарының айтысын ұйымдастырушылардың бірі.
Манкиннің өмірі мен шығармашылығы жайында «Қазақ әдебиетінің тарихын- да» (І-т., 2-кіт., Алматы, 1964) Б.Ысқақов жан-жақты зерттеп жазған.
Болман Қожабайұлы (1880-1972) – Қарағанды облысы, Ұлытау ауда- нында туған. Белгілі айтыс ақыны. 1961 жылы Әдебиет және өнер институты
ұйымдастырған халық ақындарының конференция негізінде өткен ақындар айты- сында Болман жеңімпаз атанған. Ақын өлендері «Айтыс» (3-т., 1966), «Қаһарлы сөз қамал бұзады» (1955) жинақтарында жарияланған.
Нияз Ожанов (1882-1953) – Жезқазған (қазіргі Қарағанды) облысы, Ұлытау ауданында туған. 1938-1945 жылдары аудандық, облыстық ақындар айтысы- на қатысқан. «Қожа мен қыз», «Қойшы мен қыз», «Қара Адыр мен үлкен бұлақ айтысы», «Екі пионердің айтысы», т.б. осы тәрізді айтыс тәсілімен шығарған өлеңдерімен қатар өзі Ақайдар, Әлмағамбет, Болман, т.б. Жезқазған, Ұлытау атырабының ақындарымен айтысқан. Болман Қожабаевпен айтысы «Социалистік Қарағанды» (1944) газетінде жарияланады. Өлең-жырлары, толғау-термелері, айты- стары Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы.
Нұртаза Айранбайұлы (1913-1990) – Байқоңыр өңірінде дүниеге келген.
Белгілі айтыс ақыны.
Майташ Ысмағұлова – Қостанай-Торғай өңірінің ақыны. Басқа дерек табыл- мады.
Қалқа Жапсарбаев (1886-1976) – КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақ ССР-інің халық ақыны (1961). Жергілікті театрда, мәдени-үгіт бригадаларында қызмет істеген. Кенен, Үмбетәлі, Есдәулет, Иманжандармен өнер жарыстырған.
«Орақ батыр», «Қарлығаш пен Дәуіт», «Тұрымбет туралы аңыз», «Мұсабек Сеңгірбаев» дейтін дастандарды туындатқан, сонымен қатар әндер шығарған.
Еңбектері «Жайқоңыр» (1959), «Таңдамалылар» (1962), «Жетісу жырлары» (1970) деген атпен шыққан. «Мұсабек батыр» дастаны (1951) жеке кітап болып ба- сылды.
Сәт Есенбаев (1893-1975) – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі Аманкелді Иманов сарбаздарының бірі. Қостанай облысы, Амангелді ауданында дүниеге келген. Жастайынан қисса-дастандар жаттап, оны домбырамен айтқан. 1944-1950 жылдары Амангелді ауданы, Сартал ауылдық кеңесінің төрағасы болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында айтысқа қатысқан.
Отанды, туған жерді жырлаған өлеңдері «1916 жыл» (1940), «Ақын жыр- лары» (1958), «Пернедегі термелер» (1965), «Айтыс» (3-т, 1966) жинақтарында жарияланған. Халық батыры А.Имановтың өмірі мен қаһармандық күресін бейнелейтін «Амангелді» (1944) дастанын жазды. Халық ақыны Н.Ахметбековпен 2 рет (1943, 1958) айтысқан. Ақын қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинауға елеулі үлес қосты.
Тәңірберген Әміренов (1907-1985) – Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Сарыжал ауылында туған. Ақын, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы. Ауыл мұғалімінен оқып, хат таныған. Отан соғысы жылдары Семейдің эстрадалық концерт бюросында қазақ труппасын басқарды. Маясар Жапақовпен, Жолдыкей Нұрмағамбетовпен, Қалихан Алтынбаевпен айтысқан.
Шәкір Әбенов (1900-1994) – Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Құндызды ауылында туған. Халық ақыны, фольклоршы, сазгер. Мұсылманша сауат ашқан. С.Сейфуллинге атқосшы болып, ақынмен бірге Қазақстанның көп жерлерін аралаған. Ш.Әбеновтың халықтық дастанды жаңаша толғаммен жырлаған “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” поэмасы 1937 жылы “Әдебиет және өнер” журналында
жарияланған соң ақындық атағы шықты. Сол жылы “халық жауы” атанып, ақыры көрші қырғыз еліне асып кетеді. 1939 жылы Алматыға қайтып оралып, Жанақ, Са- бырбай, Түбек, Дулат, Байкөкше ақындардың әдеби мұраларын алғаш қағаз бетіне түсіріп, Қазақстан ғылыми-зерттеу ордаларына тапсырды. Маман-зерттеушілер Әбеновтің орындауында ондаған ән-күйді нотаға түсірді. 1940-1941 жылдары Жамбылдың әдеби хатшысы қызметін атқарып жүргенде жалған айыпталып, Семей түрмесіне қамалды.
Ұлы Отан соғысы басталған соң өз еркімен соғысқа аттанып, Сталинград май- данында ауыр жарақат алып, елге оралады. 1945 жылы саяси қуғындау қайта ба- сталып, Әбенов Сібірге, Александров абақтысына айдалды. 1955 жылы түрмеден босап, 1961 жылы толықтай ақталды. Абайдың әдеби мектебінің Кеңес дәуіріндегі белді өкілдерінің бірі. Әбеновтың тарихи-танымдық тақырыптарды қозғаған “Кейпін батыр” (1939), “Таңшебер-Жапал” (1962), “Ортақ арал” (1968), “Қорқыт қобызы”, “Пәрмен”, “Алданған қыз”, “Патша мен байғыз”, “Ана махаббаты”, “Тоқтамыс ба- тыр” атты дастандары “Шыңғыстау” (1980), “Шыңғыстау сазы” (1985), “Дастандар” (1991) деп аталатын жыр жинақтары мен басылымдарға енген.
Айтыс ақыны ретінде оның Т.Әміреновпен айтысы “Айтыс” (3-т., 1966) жинағында жарияланады. “Алтай аруы”, “Сары жұлдыз” т.б. 20-дан астам төл ән-күйлері бар. Қарт шежіреші, батагөй қария Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа 1992 жылы ұлттық дәстүрде салтанатты жағдайда халық атынан бата берген.
Қалихан Алтынбаев (1927-2002) – айтыс ақыны. Республикалық айтыстардың жеңімпазы. «Дала-бесік» (1973), «Қиял қанатында» (1985), «Қалбатау» (1997) жыр жинақтары жарық көрген. «Қойбағар», «Тепек», «Мамай батыр», «Барақ шыққан бауырында», «Ақырғы айқас» т.б. тарихи дастандары бар.
Оның ұлттық мәдениет тарихы, Абай мен Мұхтар, белгілі ақындар мен жыраулар, атбегілік, балуандық өнері туралы ғылыми-көпшілік, этнографиялық мақалалары облыстық, республикалық баспасөзде жарияланған. Қ.Алтынбаевтың суырып- салма ақындық өнеріне С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайылов, М.Қаратаевтар жоғары баға берген.
1961 жылы тамыз айының 3-5 күндерінде ұйымдастырылған Халық ақындарының Республикалық Кеңесінде Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Е.Ысмайылов Қалихан жайында «жазып та шығаратын, қолма-қол суырып салып та (импровизация) айтатын», оның үстіне «ақындық өнер үлгісі Исаны еске түсіретін талант» деп жазады. (Қазіргі халық поэзиясы. Ақындар жыры. Алматы, 1963, 42-бет).
Құлжабай Төлеуов жайында дерек табылмады.
Айнабек Нысанов (1909-1972) – шығыстың классикалық поэзиясын терең оқып-тоқып, соңынан қисса-дастанға айналдырып, нәзира түрінде жырлаған Нұралы Нысанбайұлының (1857-1930) шәкірті. Ұстазының «Мұңлық-Зарлық», «Кербаланың шөлінде», «Шәкір-Шәкірат», «Орақ-Тағай» дастандарын үйреніп, елге жайған. Жасынан зағип Айнабек Зұлпықар, Жылқыбай, Италмас тәрізді өнерпаздарға еліктеп, өнерін ұштаған. Домбыра мен сырнайда құйқылжытып ән салған. Мыңбай Сұлтанбеков, Көлбай Әлімбетов тәрізді ақындармен сөз сайысына түскен.
Насыр Жарымбетов – 1957 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының атынан айтысқа қатысқан. Басқа мәлімет табылмады.
Қалмақан Анарбеков – 1957 жылы айтысқа қатысып, Оңтүстік Қазақстан об- лысы, Шаян ауданының намысын қорғаған. Өзге дерек кездеспеді.
Желеу Жақыпов (1904-1970) – ақын, әнші, жыршы. Оңтүстік Қазақстан об- лысы, Ащысай ауылында туған. Қаратаудың теріскейі мен күнгейін, Сыр бойын аралап, ел аузындағы жыр-дастандарды көп жаттаған. Нұралы Нысанбайұлы, Мұса Байзақов (Молда Мұса), Сұлтанбек Аққожаевтан көптеген эпостық шығармалар үйреніп, оны кейін қағазға түсіріп, Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына тапсырған. Ол өткізген “Алпамыс батыр” жыры көптеген ғылыми жұмысқа негіз болды.
Сонымен қатар Болман Қожабаевпен (1961), Құлжабай Төлеуовпен (1949), Ай- набек Нысановпен (1946,1951), Мыңбай Сұлтанбековпен (1947) айтысқан.
Көпбай Әлімбетұлы (1904, Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Шалдар ауылы – қайтқан жылы белгісіз) – халық ақыны. Ақындық өнерімен жа- стай танылған. Оңтүстікке аты жайылған ақын Нұралы Нысанбайұлының шәкірті. Негізінен ауыл өмірі, бейбіт тұрмыс, достық, бейбітшілік тақырыбын жырлады.
Ол Айнабек Нысанұлы (1943), Мыңбай Сұлтанбеков (1945), Желеу Жақыпұлы (1957), Әбдіғаппар Айтақов (1964), Құлжабай Төлеуов (1965), т.б. ақындармен ай- тысты. Айтыстары мен өлеңдерінің біразы «Айтыс» (3-т., А., 1966), «Ақындар жыр- лайды» (1968) жинақтарына енген.
Рақмет Мәзқожаев (1881-1976) – Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Амангелді ауылында туған. Халық ақыны Н.Бекежанов басқарған концерттік- эстрадалық бригада құрамында өнерін көрсетті. Облыстық, республикалық айты- старда Е.Қандековпен, Ә.Жүргенбаевпен, Ө.Жайлауовпен өнер жарысына түскен.
«Қойдың арызы», «Қызыл сиырдың арызы», «Малдарды шақыру», «Сырдария сағасы» деген өлеңдері «Пернедегі термелер» (1965) жинағында жарияланған. Исі түркі халқына кең тараған «Көрұғлы» дастаны (1973) Мәзқожаевтың нұсқасы бой- ынша жеке кітап болып басылды.
Өкім Жайлауов – 1929 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауы- лында туған. Республикалық «Қазақстан пионері», «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс», Жамбыл облыстық «Еңбек туы» басылымдарында еңбек еткен.
«Шәкірт ойы» (1958), «Жасыл бақша» (1961), «Шопан даусы» (1968), «Жарқын жаз» (1971), «Арай» (1973), «Күміс жаңбыр» (1976), «Соны соқпақ» (1977),
«Шұғылалы шақ» (1978), «Дарқан дала» (1979), «Мезгіл бояулары» (1993), «Шар- тараптан шарапат» (1999), т.б. жыр кітаптарының авторы.
М.Лермонтов, К.Хетагуров, С.Маршак, С.Михалков, А.Барто, т.б. ақындардың жырларын аударған.
Қуаныш ақын туралы әзірге дерек табылмады.
Айтбай Дүйсенбаев – Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Бесарық ауылын- да туған. Саналы ғұмырын ұстаз болуға арнаған ақын.
АЙТЫСТАР ТУРАЛЫ ТҮСІНІКТЕР
Үмбетәлі мен Нұрилә (1919).
Үмбетәлі Кәрібаев пен Нұрилә Баймағамбеткеліні арасында болған бұл айтысқа Жамбыл төрелік айтып, Нұриләның ақындығын жоғары бағалаған. Ай- тыс Жамбылдың ақын шәкірттерінің бірі ақын Саяділ Керімбековтың өңдеп, толықтыруымен көпшілікке тараған.
Мәтін «Айтыс» (Алматы, Жазушы, ІІ том, 1965. 373-398 беттер.) жинағы бой- ынша әзірленді.
Кете Жүсіп пен Қалыш (1921).
Бұл айтысты қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Әлқуат Қайнарбаевтан (1898-1979) ғалым Мардан Байділдаев 1964 жылы 15 қазанда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында жазып алған.
Ә.Қайнарбаев ҚР ҰҒА Орталық ғылым кітапханасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазбалар қорына 100 мың жолдай қисса- дастандар, ертегі-аңыздар, өлең-жырлар, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, тәмсілдер тапсырған ел зиялысы.
Материал «Айтыс» ІІІ том, (Алматы, Жазушы, 1966. 25-28 беттер.) жинағы бой- ынша беріліп отыр.
Кенен мен Ләтипа (1921).
Драмалық айтыс 1921 жылы Іле, Балқаш өңірінде өткен. Ревком Кенен жаңадан ұйымдасып жатқан Қызыл әскер полкіне көлік жинауға барғанда, сол ауылдың Ләтипа деген ақын келіншегімен айтысқан.
Айтыс мәтіні К.Әзірбаевтың ІІ томдық таңдамалы жинағынан (Алматы, Жазу- шы, 1984. – ІІ том. 13-16 беттер.) алынды.
Рақымжан мен Ыбыраш (1923).
Рақымжан Малабайұлы мен Ыбыраш Мырзалыұлы 1923 жылы айтысқан. Мәтін «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 29-37 беттер.) еңбегі бойынша әзірленді.
Шағырай мен Қарсақ (1923).
Шығырай Төбетұлы мен Қарсақ Қопабайұлы арасындағы айтыс Солтүстік Қазақстан облысы, Төңкеріс ауданында 1923 жылы өткен. Оны хатқа түсірген қарт журналист Мұқаш Мәжікеев (1964 жыл).
Материал «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 37-39 беттер.) жинағынан берілді.
Керімқұл мен Бибіайша (1925).
Айтысты ақын Керімқұл Жүнісовтың өз аузынан 1964 жылы хатқа түсірген М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері М.Жармұхамедов.
Айтыс 1925 жылы болған. Зайсан деген жерге Арқадан бір ел көшіп келеді. Оның ақын қызы бар дегенді естіп, жасталап Керімқұл сол қызды іздеп жолға шығады. Жол-жөнекей Қараспан деген жерде той болып жатыр екен, сонда Керімқұл мен Таманың ақын қызы екеуі жолығып айтыспақшы болады. Бірақ ол тойда жаншал шығып, екеуі айтыса алмайды. Ертеңінде Бадам деген жерде ақын қыздың ауылын- да той болып, жұртпен бірге, Керімқұл да келеді. Бір топ жігіт ақын қызбен кезек- кезек айтысып, Керімқұлға сөз тимейді. Сонда қыздың әкесі Әбділда: «Мына мей- ман жігіт айттыссын» - деп, оған кезек әпереді. Айтыса келе Керімқұл мен қыздың сөзі жарасып, жігіт қыздың ауылына көшіп келуге уәде береді. Бірақ артынша қыз
«қоңыраттық бір жігітпен айтысып, бас көтерместей етіп жеңдім» деп лақап тара- тады. Мұны естіген Керімқұл уәдесін бұзып көшіп келмейді. Келесі жылы бір той- да бұлар тағы кездесіп, бұрынғы айтысты жалғастырады. Айтыс жігіт пен қыздың әзіл-қалжыңы тұрғысында шығарылған.
Мәтін «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 39-47 беттер.) жинағы бой- ынша әзірленді.
Ақтөре мен Жәмел (1928).
Екі ақын 1928 жылы өнер жарыстырған. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қорында №245 бумада сақтаулы.
Антологияға «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 51-55 беттер.) кітабынан алынып берілді.
Жібек пен Құмар (1930).
Жібек Ерубайқызы мен Құмар Жүсіпұлының айтысы 1930 жылы Атырау об- лысы Махамбет ауданындағы Ақсерке ауылындағы Машанның үйінде болған. Құмар шабыттанып-шарықтап, көңілденіп отырғанда домбырасымен Жібек ақын кіріп келеді. Ел ақылманы Есқазы: «Жібек, сені ер мінезді, ақындық қуаты ере- сен, екпінді қыз дейтін едік, тап мына Құмар ақынға айызымызды қандырарлық лебізіңді жеткізші» – дейді. Бірі өлең айтып, бірі ән шырқап отырады. Аяғы қызу айтысқа ұласады.
Жібек пен Құмардың айтысы академик Қажым Жұмалиевтің 8-сыныпқа арналған оқулығында (1969) жан-жақты талданған.
Мәтін «Айтыс»(Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 55-60 беттер.) еңбегі бойын- ша әзірленді.
Саяділ мен Майса (1936).
Халық ақыны Саяділ Керімбеков Майса қызбен 1936 жылы айтысқан. Саяділ бұл айтысты ел арасына Алмабек пен Майсаның айтысы деп таратқан. Кейбір нұсқада солай аталып та жүр. Айтыстың негізгі нұсқасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорындағы 247-254 бумаларда сақтаулы.
Материал «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 62-77 беттер.) кітабынан берілді.
Кенжеқожа мен Кенен (1938).
Айтыс 1938 жылы 1 май мерекесі күні Кіндіктас колхозында болған. Кенжеқожа Кененмен «әнші ақын қой, қалайда жеңермін» деп айтысқан. Бірақ көпшілік Кененнің сөзін уәж деп тапқан.
Айтыс Кенен Әзірбаевтың 1967, 1984 жылдары шыққан еңбектерінде басылған. Антологияға К.Әзірбаевтың (Алматы: «Жазушы», 1984. ІІ том. 18-23 беттер.)
жинағынан алынып берілді.
Іскендір мен Уамық (1939).
Айтыс 1939 жылы болған. Айтыс мәтінін 1964 жылы Абыт Нұркенов М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына тапсырған.
Материал «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 81-87 беттер.) еңбегі бойынша әзірленді.
Шаймерден мен Мұзарап (1942).
Шаймерден Шегебаев пен Мұзарап Жүсіпов 1942 жылы айтысады. Сол тұста бірі колхозда агроном, екіншісі бухгалтер болған. Шаймерден – Шораяқтың Омарының інісі, ал Мұзарап Кете Жүсіптің баласы. Айтысты Мұзарап Жүсіповтың аузынан 1962 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері Мар- дан Байділдаев жазып алған.
Мәтін «Айтыс»(Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 127-130 беттер.) жинағынан берілді.
Жамбылдың арнауы (1943).
1943 жылдың 4 желтоқсаны күні Алматы қаласында Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Республикалық айтыста айтылған.
«Социалистік Қазақстан» (1943, 7 декабрь, № 248) газетінен алып қостық.
Кенен мен Әбдіғали (1943).
Бұл сөз сайысы 1943 жылы Алматыда өткен. Әбдіғали Сариев – Алматы облы- сы, Кенен Жамбыл облысы атынан өнер жарыстырған. Айтыс Кенен Әзірбаевтың (Алматы, «Жазушы», 1984, ІІ том, 23-37 беттер.) еңбегінен алынды.
Майасар мен Нұрлыбек (1943).
Бұл айтыста Маясар Жапақов – Қарағанды, Нұрлыбек Баймұратов Семей об- лысы атынан сынға түскен.
Айтыстың негізгі мәтіні «Айтыс»(Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 110-118 беттер.) жинағынан алынды.
Осы айтыстағы Майасардың:
Арқадан Алатауға құлаш керіп, Орныққан ордаң едім іргем берік. Қазақтың салтын істеп үлкен үй деп, Астанам сәлем бере тұрмын келіп.
Кешегі кер заманда шалқалаған, Салмағын сен жорықтың арқалаған. Ерлікпен елдік құрған көне жерің, Тапсырды сәлем айт деп Арқа саған –
деген шумақтары «Айтыс» (1966) кітабында қалып қойғандықтан, «Социалистік Қазақстан» (1943, 7 декабрь, № 248) газетінен алып қостық.
Қуат пен Жақсыбай (1943).
Айтыс 1944 жылы жарияланған «Ақындар айтысы» жинағы (27-32 беттер) бой- ынша берілді.
Молдахмет пен Нұрхан (1943).
Бұл айтыста Молдахмет Тырбиев – Солтүстік Қазақстан, Нұрқан Ахметбеков – Қостанай облысының атынан өнер жарыстырған.
Молдахметтің осы айтыста «Көкшетау ән бесігі, ел ордасы» дейтін лебізінің алдындағы мына шумақтар бұрынғы жарияланымда қалып қойғандықтан, өзінің тиісті орнына жайғастырдық.
Көкшемнің мұнар бұлты көкті сүйіп, Сан қыран кете алмаған көзі қиып. Ну тоғай баурайында жайлауы ырыс, Мақтаған талай ақын жер деп ұйық. Өскелең өрге ұмтылған Шоқан өскен, Жігіті өскен емес болып бұйық.
Оқжетпес зеңгір көкке құлаш созған, Етекте сексен көлім жатыр сыйып.
Сарыарқа самал желдің саясында, Кең алқап алтын кесе аясында.
Толқытып талай бұлбұл ән шырқаған, Асқар ну биік шыңның қиясында.
Көкшеде Біржан өткен толғап әнін, Ел сүйген естігенде толғағанын.
Ән шырқап домбырасын көкке сермеп, Ағызған сөздің майын, тілдің балын.
Сонан кейін «Үнемі кете бермей сөзбен желдеп» деген жолдың алдында мына түйдектер бар екен:
Домбырам күй төгілер пернесінен, Қанатым жел саулатқан сермесінен. Жел қобыз, нөсер құйған жаңбырдайын, Өлеңді ағытайын термесімен.
Тайпалған тарлан жүйрік топтан озған, Кең алқап айдын көкке құлаш созған. Өлең-жыр терең сырдың қазынасы, Деген бар күй төгілер кәрі боздан.
Айбынды арыстандай айбарым бар, Желпілдеп жерге өрлеген айдарым бар. Жай тастап, құлашымды кең созамын, Аспанда ән шырқаған айғайым бар.
Ай балқып, күн көрінген сағанақтан, Күй шалқып айыр көмей тіл мен жақтан. Тел өскен, қатар өскен Қостанайым, Сұраймын хал-ахуал сіздің жақтан.
Осыны қостық.
Айтыс «Ақындар айтысы» (Алматы, 1944. 33-42 беттер) жинағы бойынша ұсынылды.
Орынбай мен Әлібек (1943).
Орынбай Тайманов – Оңтүстік Қазақстан, Әлібек Байкенов – Қызылорда облысының атынан сөз додасына түскен. Айтыс «Оңтүстік Қазақстан» газетінің (Шымкент) 1943 жылдың 15 желтоқсанындағы санында жарияланған.
Антологияға «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 130-139 беттер.) жинағынан алынып берілді.
Қазанғап пен Нартай (1943).
Қазанғап Байболов пен Нартай Бекежанов 1943 жылы Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының атынан («Оңтүстік Қазақстан» газеті, 1943 жыл, 15 жел- тоқсан) айтысқан.
Мәтін «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 139-146 беттер.) жинағы бойынша әзірленді.
Шашубай мен Көшен (1943).
Шашубай Қошқарбайұлы мен Көшен Елеуовтың айтысы 1943 жылы Қарағанды қаласында ұйымдастырылған. Айтысты 600-дей адам тамашалаған. Ол 1945 жылы Алматыда шыққан «Айтыс» жинағында жарияланды.
Антологияға «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 87-110 беттер.) кітабы бойынша ұсынылып отыр.
Халық ақындарының хаты (1944).
Республикалық айтысына қатысушы Халық ақындарының атынан Иосиф Вис- сарионович Сталинге жолданған.
Бұл хатта халық жыршыларының отаншылдық рухқа толы толғаныстарын,
«өмірдің алтын таңына, өмірдің шырақ шамына, аңсаған арман бағына» жетуге деген ұмтылыс-бұлқыныстары, «Кен ұясы, жер құты, шежіреде жатталған» жерұйықтай ал- тын мекенін тереңнен толғап жырлағаны, оны байтақ елге тыңдатқанын баяндалады. Хат мәтіні «Ақындар айтысы» (Алматы,1944, 48-55 беттер.) жинағынан берілді.
Сәттіқұл мен Құмар (1943).
Сәттіқұл Жанғабылов пен Құмар Жүсіпов 1943 жылы Гурьев (қазіргі Аты- рау) облысындағы екі ауданның (Бақсай мен Есбол) атынан айтысқан. Матери- ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында (№452 бума) сақтаулы.
Мәтін «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 123-127 беттер.) еңбегі бой- ынша ұсынылды.
Жақсыбай мен Есдәулет (1943).
Жақсыбай Жантөбетов пен Есдәулет Қандеков ауданаралық (Шу мен Красно- гор) айтыста өнер сынасқан. Айтыс М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти- туты Қолжазбалар қорында (№454 бума) сақталған.
Мәтін «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 146-153 беттер.) еңбегінен алынды.
Сұлубике мен Зейнеп (1943).
Колхоз бригадирлерінің өтініші бойынша айтылған тұспал айтыс. Оны халық ақыны Кенен Әзірбаев 1943-1945 жылдары егіс бригадалары арасында жырлап жүрген.
«Айтыс» жинағының ІІІ томында (1966) «Айтыс 1943 жылы болған. Оны өңдеп, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазбалар қорына (№181 бума) тапсырған халық ақыны Кенен Әзірбаев» деген түсінік берілген. Шындығында айтыс болмаған. Сұлубике, Зейнеп ойдан алынған кейіпкерлер.
Айтыс шарттарына жауап бергендіктен әрі көркемдігі жоғары болғандықтан антологияға қосып отырмыз.
Материал «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 153-160 беттер.) жинағынан әзірленді.
Қайып пен Ілияс (1943).
Қайып Айнабеков пен Ілияс Манкин 1943 жылы Қарағандыда екі шахтаның атынан айтысады. Қарағанды облысының айтыс ақындары. «Айтыс» жинағында (Алматы, 1943) жарияланған.
Мәтін «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 160-167 беттер.) еңбегі бой- ынша берілді.
Шашубай мен Болман (1944).
1944 жылы 17 тамыз күні Балқаш қаласында Мыс өнеркәсібі озаттарының мәслихатынан соң, Шашубай Қошқарбайұлы мен Болман Қожабайұлының айтысы ұйымдастырылған. Мыңнан аса адам жиналған. Орыс ақыны Николай Титовтың іле-шала аударуымен айтыстың орысшасы оқылды. Айтыс «Балқаш жұмысшысы» (1944 жыл, 20 тамыз №167) газетінде басылған.
1966 жылы жарық көрген «Айтыстың» ІІІ томында (612 бет) айтыс Жезқазған қаласында өтті деп көрсетілген. Мұның үстіне Болманның «Шашеке, енді нең бар мақтанарға» деп басталатын кезегі (74 жолдық) мен Шашубайдың «Төгіл жыр көмекейден, сөйле тілім!» деп басталатын түйдегі (94 жолдық) енбей қалған. Осы- ларды қалпына келтірдік.
Нияз бен Болман (1944).
Нияз Ожанов пен Болман Қожабаевтың айтысы 1944 жылы болған. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазбалар қорында (№123 бума) сақтаулы.
Материал «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 197-209 беттер.) жинағы бойынша ұсынылды.
Сәлемдеме (1944).
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғабит Мүсірепов Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы жауынгерлерді жігерлендіру үшін жазған.
Анығырақ айтқанда, «Ақындар айтысы» деп аталатын жинақтың көптеген дана- сы Ғ.Мүсіреповтың жазған сәлемдемесімен бірге 8-гвардиялық двизиядағы әр қазақ жауынгерінің жанқалтасында жүру үшін майданға жолданған.
«Ақындар айтысы» (Алматы, – ҚМКӘБ., 1944) жинағынан алынды.
Болман мен Нұртаза (1945).
Айтыс 1945 жылы қараша айының 10 күні Жезқазған қаласында ұйымдастырылған. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазбалар қорында (№253 бума) сақтаулы.
Мәтін «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 209-224 беттер.) еңбегінен алынды.
Нұрхан мен Майташ (1945).
Нұрхан Ахметбеков пен Майташ Ысмағұлова Қостанай өңіріндегі Аманкелді мен Меңдіқара аудандарының атынан 1945 жылы айтысқан «Большевиктік жол» газеті (Қостанай),1945, 13 наурыз).
Материал «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 224-238 беттер.) жинағынан әзірленді.
Қалқа мен Қуат (1945).
Қалқа Жапсарбаев пен Қуат Терібаевтың айтысы 1945 жылы болған. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазбалар қорында (№457 бума) сақтаулы.
Мәтін «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 238-265 беттер.) еңбегінен ұсынылды.
Сәт пен Нұрхан (1957).
Сәт Есенбаев пен Нұрхан Ахметбеков 1957 жылы Қостанай қаласында ұйымдастырылған облыс ақындарының айтысында сынға түскен. Айтыс Қостанай облыстық газетінде жарияланған.
Антологияға «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 265-278 беттер.) жинағынан алып енгізілді.
Тәңірберген мен Шәкір (1957).
Тәңірберген Әміренов пен Шәкір Әбеновтың айтысы «Ақындар шықты айтысқа» (Алматы, 1960) деген кітапқа басылған. Кейіннен «Айтыс» (Алматы, «Жа- зушы», 1966, ІІІ том, 296-300 беттер.) жинаққа да енгізілген.
Антологиядағы айтысты осы соңғы әдебиеттен алып отырмыз.
Қалихан мен Тәңірберген (1957).
Қалихан Алтынбаев пен Тәңірберген Әміреновтың айтысы «Ақындар шықты айтысқа» (Алматы, 1960) жинағына және «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 300-314 беттер.) еңбегіне енгізілген. Екі дереккөзде де айтыс еш өзгеріссіз басылған. Антологияға сол қалпында енгізілді.
Құлжабай мен Айнабек (1957).
Құлжабай Төлеуов (1912) пен Айнабек Нысанов 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ пен Шаян аудандарының атынан айтысқан. Айтыс «Оңтүстік Қазақстан ақындарының айтысы» (Шымкент,1958, 37-57 беттер.) атты жинақта
басылған. 1966 жылы шыққан «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 318- 331 беттер.) еңбегіне де енгізілген. Антологияға жоғарыдағы дереккөздер негізінде алып отырмыз.
Насыр мен Қалқаман (1957).
Насыр Жарымбетов пен Қалмақан Анарбеков Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ пен Шаян аудандарының атынан айтысқан. Материал «Оңтүстік Қазақстан ақындарының айтысы» (Шымкент,1958) жинағынан алынды.
Желеу мен Көпбай (1957).
Желеу Жақыпов пен Көпбай Әлімбетов 1957 жылы Шымкент пен Кентау қалаларының атынан сынға түскен. Айтыс «Оңтүстік Қазақстан ақындарының ай- тысы» (Шымкент,1958) жинағында жарияланған.
Антологияға «Айтыс»(Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 342-348 беттер.) еңбегінен алынып енгізілді.
Рахмет пен Өкім (1957).
Рақмет Мәзқожаев Қызылорда облысының, Өкім Жайлауов Жамбыл облысының атынан 1957 жылы Сыр бойында сынға түскен.
Айтыс «Ақындар шықты айтысқа» (Алматы, 1960,71-75 беттер.) жинағына және
«Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 386-391 беттер.) еңбегіне жарияланған.
Қуаныш пен Айтбай (1957).
Айтыс 1957 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек елдімекенінде өткен.
Материал «Айтыс» (Алматы, «Жазушы», 1966, ІІІ том, 391-399 беттер.) кітабы бойынша ұсынылды.
СӨЗДІК
Ақалтеке – түрікмен халқының арғымақ түрі. Қаз мойынды, қамыс құлақ, артық майды бойына дарытпайтын жылқы баласын түркімендер мақтаныш етеді.
Ақсаусақ – қара жұмыс істемеген, еңбекке үйренбеген деген мағынада.
Ақсүйек – қоғамдағы әлеуметтік топ. Дәстүр бойынша “қара халыққа” үстемдік етуші таңдаулы әулеттердің өкілдері ақсүйек саналған. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы ақсүйек ұғымы әлеуметтану ғылымындағы “аристократия”, “элита” ұғымдарына жақын келеді.
Ара – сатиралық журнал. 1956 жылдан жарық көре бастады. Алғашқы шығарушылары – Ғ.Мүсірепов, А.Тоқмағанбетов, Қ.Жармағанбетов. 1998 жылы шығуын тоқтатты.
Артезиан – су өткізбейтін қабаттар арасындағы кездесетін қысымы күшті жер асты суы. Францияның Артуа провинциясында 1126 жылы шыңырау құдық казы- лып, су алынуына байланысты осылай аталған.
Әлхам /араб/ – Құранның аятында кездесетін діни сөз және осы аяттан баста- латын аяттың аты.
Әмәнда – әр уақытта, ылғи, ұдайы, әрқашан.
Болыс – қызметтік лауазым,басқарушы. Болыстар 50 үйден бір сайлаушы қатысатын елубасылардың съезінде 3 жыл мерзімге сайланып, оларды әскери гу- бернатор бекітіп отырған.
Бүйі – өрмекшілер тобының бүйі туысына жататын ірі өрмекші.
Жабы – байырғы қазақ жылқысының бір түрі. Алыс жолға төзімді, денесі ірі, басы дөрекілеу, мойны қысқа, омыраулы, кеудесі кең, жоны жалпақ сауырлы, құйрық-жалы қалың әрі ұзын, денесі тығыз, етті болады.
Жапан – елсіз, мекенсіз, айдала.
Желғабыз – көз ілеспейтін жүйрік.
Жетісі – қазақ халқында адам дүниеден өтіп, жеті күн толғанда берілетін нәзір осылай аталады.
Жыңғыл – құрғақшылыққа, сортаң жерге, суыққа төзімді өсімдік.
Зұлпықар /араб/ – көктен түскен төрт қылыштың бірі. Кәшек – шөптің мал жегеннен кейін қалған қалдығы. Кеней – асық ойынында ұпайға тігілетін кішігірім асық.
Көн – ірі қара малдың түгі түсірілген терісі. Бүтін терінің жүнін ұстарамен сы- пырып тастайды да, 2 – 3 күн шошала төбесіне жайып, не киіз қайнатқан құрымға
салып қояды. Кейін оны сорғытып, шамалы құрғатып, үлгіге салып, саба, көнек, торсық, кейкерін, қауғаға арнап пішеді де, терінің қыртысын сыртына қаратып, шуда жіппен жиі жөрмеп тігеді.
Көнтек – малдың терісінде болатын қышыма, қотыр.
Күде – шошайта жиналған шөп, үйме.
Қасабалы – жасамыс, тісқаққан.
Қарасүйек – байырғы қазақ қоғамында ақсүйек тобына жатпайтын жай халық, қара халық. Қарасүйектер ертеректе қараша, қара кісі, қара халық деп те аталған.
Қаратабан – сіңірі шыққан кедей, жалшы, жалаңаяқ.
Қодырең – бұрынғы егін орнына жабайыланып шыққан бидай.
Құмсірке – адам басында болатын ұсақ жара, қотыр.
Қыжырлат – қыжыру, мұқату, ұрсу.
Қыжым – сапалы жүннен тоқылған түкті мата.
Қыршаңқы – қырсық, қыңыр, шақпа тілді адам.
Лау – межелі жерге жеткенде ауыстырылып отыратын күш көлік. Лау көмегі көбіне сырттан келген қонақтарға көрсетілген.
Мәліш – Қырымда дамыған қой тұқымы.
Мәшһүр /араб/ – әйгілі, белгілі.
Месел – көңіл, пейіл, ниет, қалау
Мизам /араб/ – қыркүйек айының ескіше атауы.
Мырғай – кеніш, молшылық, байлық.
Мысыққұйрық – астық тұқымдасына жататын бір жылдық өсімдік. Оны ерте көктемде мал жақсы жейді.
Нәумеш – ренішті, өкпелі, наразы.
Сақы /араб/ – қолы ашық, береген, жомарт.
Сарыжамбас – науқастанып, төсекте ұзақ жатып қалған, күні кісіге қарап қалған адам жайында айтылады.
Сүмбі – мылтықтың ұңғысын тазалайтын жіңішке, жұмыр темір немесе тобылғы таяқша.
Сүмбіле – шығыс күнтізбесі бойынша жылдың алтыншы айы.
Талақ /араб/ («тастау», «ажырасу»; тәж, талок, түрік, босама) – некеден айырудың көп тараған түрі. Ажырасудың бұл тәртібі қазіргі Ислам мемлекеттерінің бірқатарында толық сақталып отыр.
Тыл – майданда әрекет етуші әскер шебінің артқы бөлігі немесе арт жағы.
Тілерсек – бүркіттің тобығы.
Үйез /орыс/– уезд бастығы, болыс.
Үлек – сыңар өркеш түйенің (аруананың) ұрпағы. Өте жүрдек әрі ұшқыр келеді.
Шайт – қойды қайтару үшін айтылатын одағай сөз.
Шайыр /араб/ – суырып салма ақын.
Шығыр – өзен-көлден су тартып, егін суаруға арналған құрылғы.
Шым (Дерн) – топырақ көкжиегінің ең жоғарғы бөлігінде орналасқан және ау- алы ортада бітетін шөп фитоценозының бөлігі.
Ыждағат /араб/ – ынта-жігер, ықылас.
ТАРИХИ ЕСІМДЕР
Андас Стамбекұлы – XIХ ғасырдың бас кезінде туып, 120 жастай жасаған қазақтың биі әрі батыры. Ол шамамен 1804-1807 жылдары туып, 1924-1927 жыл- дары қайтыс болса керек. Андас бидің шыққан тегі Шапырашты.Ол Шапырашты, Айқым, Есқожа ұрпақтарының басын құрап ел етуде, олардың жаудан қауіпсіз бо- луы жолында зор еңбек сіңірген ел басы, аға биі.
Балпық би (1694-1784) – әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр.
Шыққан тегі – Жалайыр.
Балуан Шолақ Баймырзаұлы (1864-1916) – халық композиторы, жауыры- ны жерге тимеген балуан. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде, Атығай, Қарауыл руларының арасында өскен.
Барақ Шүрекұлы, Көкжал Барақ (т.ж.? - ө.ж.?) – батыр. Аңырақай, Бұланты, Шыңғыстау, Шаған, Шорға, Сібе шайқастарына қатысқан. Қабанбай қолының бір қанатын басқарған.
Бармақ Мықанбайұлы (1866, Жамбыл облысы Шу ауданы – 1942) –ақын. Жамбылдың шәкірттерінің бірі. Бармақ өлеңді көбіне қобызға қосып айтатын болған. Ақын 1937 жылы жазықсыз жаламен ұсталып, 1942 жылы айдауда қайтыс болған. «Өмір соқпақтары», «Төрт түлік мал», «Кәрілік туралы», «Дәулетияр мырзаға», «Қасым датқаға», т.б. өлеңдері мен термелері, «Бармақ пен Жанат қыз»,
«Бармақ пен Кенжеқожа» атты айтыстары бар.
Бәйдібек Қарашаұлы (VІ-VІІ ғғ.) – Жетісу алабындағы көшпелі тайпалар көсемі. Ақыл-парасатымен, ерлік істерімен елге ұйытқы болған тарихи тұлға. Далалық ауызша тарихнама бойынша (ДАТ) Ұлы жүздің Үйсін бірлестігінің құрамындағы Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты тайпа- лары Бәйдібекті өздерінің түп атасы деп біледі.
Боранбай Қалқаманұлы (шамамен 1704-1802) – қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы соғысына қатысқан батыр, белгілі би. Тарихи-әдеби де- ректерде Боранбай мен Қаракерей Қабанбай есімдері қатар жүреді.
Бұқарбай Естекбайұлы (1822, Жалағаш ауданы – шамамен 1898, Қараөзен өзені бойы) – батыр, шешен. Кіші жүздегі Табын руының Теке атасынан шыққан.
Жәуке Назарғұлұлы (1822, Қостанай облысы Амангелді ауданы Ақшығанақ қонысы – 1904, сонда) – Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы күрескен батыр. Ортажүз құрамындағы Арғын тайпасының Төлек руынан шыққан. Ақын Н.Ахметбековтің «Қарға» дастанында Жәуке батырдың тұлғасы көркем су- реттелген.
Сапарғали Ысқақұлы Бегалин (1895-1983) – Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында туған. Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі.
Сауытбек Ұсаұлы (1870, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қосқұдық мекені - 1932, сонда) – халық ақыны, әнші. Сауытбек есімі Шу өңірінде өмір сүрген «Ашаның алты салы» атанған өнерпаздың бірі ретінде кеңінен танымал болған.
Сәмен Дәненұлы (шамамен 1704-1777) – батыр, қолбасы. Ұлы жүздің Ботбай руынан. Аңырақай, Бұланты-Білеуті шайқастарында ерлігімен көзге түскен. Бұқар жырау ол жайында «Сәменім ерім Ботбайым, Екі көзі оттайын. Тіл өткір тесіп өтер оқтайын. Ботбайдың қолы тұрғанда, Көп қалмақтан қорықпаймын», деп жырлаған. Сейітбаттал Маманұлы (1862, бұрынғы Қапал уезі, Ақтасты мекені – 1913, Қарағаш) – қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкерлердің бірі. Тегі Найман руының Ма- тай тармағындағы Қаптағай (Сары) атасынан. Атақты Маман байдың бәйбішесінен туған екінші ұл. Ағасы Тұрысбек қажыдан кейін, 1891-1910 жылдар аралығында
Арасан болысын басқарып, өмірінің соңына дейін Матай аталығының биі болды.
Сыпатай Әлібекұлы (1781-1868) – батыр. Ұлы жүздің Дулат тайпасының Бот- бай руынан.
Майкөт Сандыбайұлы (1824, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Шабақты өзенінің бойы, Бестоғай алабы - 1902, Сарыарқа) – ақын. Қаратау өңірі,Сыр бой- ына, Жетісуға, Сарыарқаға аты шыққан. Ол Құлыншақ, Молда Мұса, Майлықожа, Сүйінбай,Бақтыбай, Түбек, Мәделіқожа, Бөлтірік, Құлмамбет, Қазанғап, т.б. ақындармен айтысқа түскен. Жамбыл: «Қаздай қалқып ерінбей, Өлең тердім жа- сымнан, Майкөт ақын, Құлмамбет, Орын берді қасынан», - деп Майкөттті үлгі тұтқан. Әулиеатаға әдейі іздеп барып, Майкөттен «Көрұғлы» дастанын үйренген.
Кебекбай Байтарұлы (1821, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Мәтібұлақ басы – 1908, сонда) – би, шешен. Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Жа- ныс руынан шыққан. Ол кезінде Тезек төре, Ескелді, Балпық, Тәнеке билер, Бәйтік, Төрекелді, Анатай батырларға жөн-жосық, тоқтам айтқан би.
Кеншімбай Қабанұлы (1865, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы – 1925, сонда) – айтыс ақыны. Бізге жеткен айтыстарының ішіндегі шоқтығы биік әрі көркемі – ақынның Ақсұлу қызбен айтысы.
Кемпірбай Бөгенбайұлы (1834-1895) – ақын, әнші. Шөже, Тезекбай, Әсет, Жәмшібай сынды ақындармен айтысқан. Әсет ақынның Кемпірбай ауырып жатқанда келіп, өлеңмен көңілін сұрағаны, оған Кемпірбайдын қайтарған жауабы – көркемдік жағынан қазақ айтысының інжу-маржаны.
Қабден Рахманқұлұлы Байдосов (1934, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ау- даны – 1997, Алматы) – палуан. Еркін күрестен тұңғыш қазақстандық спорт шебері (1955), Қазақстанның 6 дүркін чемпионы (1955-60).
Науан, Наурызбай Қасымұлы (1822, Көкшетау өңірі – 1847, Қырғызстан, Кекілікті тауы) – батыр. Абылай ханның немересі, Кенесарының туған інісі. 1837-47 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысында ерекше ерлігімен көзге түскен. Соғыста тапқыр, ұрыста ба- тыл Наурызбайдың сөзге шешен, әнші-күйшілігімен, жауырыны жерге тиме- ген палуандығымен аты шыққан, бүркіт, қаршыға, лашын ұстап, құсбегілікпен айналысқан. Оның көркем бейнесі Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» да- станында, М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында сомдалған.
Ноғайбай би Дәулетбақұлы (1834-1910) – Жетісу өңіріне белгілі шешен, би.
Дулат тайпасының Қасқарау руынан шыққан.
Нияз сері Бекдәулетұлы (1818, Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауда- ны, Гүлтөбе қонысы – 1893, Ресей, Түмен губ. Қосқарағай орманы) – ақын, саз-
гер. Біржан сал ұстаз тұтқан. Оның жас кезінде шығарған «Аққұм», «Іңкәр» әндері халық арасына кең тараған.
Нұржан Наушабаев (Нұрмұхамбет) (1858, Қостанай облысы, Алтынсарин ауданы – 1919, сонда) – ақын. Діни-ағартушылық бағыттың көрнекті өкілі. Оның
«Көкем-ай», «Көңіл ажар», «Жан сәулем», «Асылай», «Мұқидаш», «Бес тілек», т.б. әндері ел арасына кең тараған.
Тәттімбет Қазанғапұлы (1815, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы – 1862, сонда) – күйші-композитор, домбырашы. Шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі.
Тезекбай Шоқтыбайұлы (1827, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы – 1912, сонда) – ақын. Заманында Тезекбайды жеңген ақын болмаған деседі. Атақты Кемпірбай, Жәмішбай, аға сұлтан Құнанбайдың ақыны Балтаны, тағы басқа белгілі ақындардың тізесін бүктірген, Шөжені айтыста сүріндірген де осы Тезекбай ақын болса керек.
Бірде Жүсіп деген кісі Тезекеңнің ауылының үстінен өтіп бара жатып, Тезек- бай ақынның «үйге түс» дегеніне қарамай кетіп қалады. Сонда Тезекбай ақын: Жүсіпжан, кімге жолдас бұл дүние боқ, Желкеге таяп тұр ғой ажалды оқ. Үйге түс, асықпа сен, дәм татып кет, Келгенше енді айналып кім бар, кім жоқ, – дейді. Бір-екі күннен кейін Жүсіп Тезекбай ақынның сөзін есіне алып үйіне келсе, Тезекбай ақын ол дүниеге жүріп кетіпті.
Ұлықбек Мұхаммед Тарағай (1394-1449) – Орта Азияның ұлы астрономы және математигі.
Иван Васильевич Панфилов (1893, Ресей, Саратов облысы, Петровск қаласы – 1941, Мәскеу облысы, Волоколамск ауданы, Гусеново село) – әскери қайраткер, генерал-майор. Кеңес Одағының Батыры (1942). 1941 жылы Алма- ты қаласында жергілікті ұлт өкілдерінен 316-атқыштар дивизиясын жасақтап, Мәскеуді ерлікпен қорғады.
Шоңай Қожамқұлұлы (шамамен 1700, Шығыс Қазақстан облысы, Шұбартау ауданы – 1760 сонда) – батыр. Тегі – Орта жүз Найман ішінде Матай руынан. Аңырақай шайқасында ерлік көрсетіп, Қабанбайдың оң қолын басқарған.
РУ АТТАРЫ
Адай – Кіші жүздегі Байұлы тайпасының құрамына кіретін ру аты. Келімберді және Құдайке деген екі атадан тұрады.
Ботбай – қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасынан тарайды.
Жаныс – Ұлы жүздің Дулат руынан тарайтын төрт атасының бірі.
Жағалбайлы – Кіші жүз ішіндегі Жетірудан тарайтын ру аты.
Керей – қазақ құрамындағы көне тайпалардың бірі. Орта жүздің құрамына жа- тады.
Ошақты – Ұлы жүз құрамындағы ру. Тасжүрек, Байлы, Аталық, Қоңыр деген төрт атадан тұрады.
Садыр – Найман руының бір атасы.
Табын – Кіші жүз құрамындағы Жетіру бірлестігіне кіретін ру. Кіші жүзде та- бындарды «Ноқта ағасы» деп төрге отырғызған.
Шажа – Албан тайпасының бір тармағы.
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Ақжал – Қарағанды облысының Шет ауданындағы кент.
Ақбұрқан – Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Қазығұрт, Төлеби аудан- дары жерінде осы аттас жайлау болған, кей деректерде Төле би Әлібекұлы сонда қайтыс болған делінеді.
Ащықұдық – Ақтөбе облысы, Шалқар ауданындағы тұйық, ащы көл.
Ащысай – Кентау қалалық әкімдігі аумағындағы кент. Іргесі 1911 жылы поли- металл (қорғасын-мырыш) кенін өндіруге байланысты қаланған.
Бадам – Арыс алабындағы өзен. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ау- даны аумағымен ағады.
Байқара – Шу-Іле тауларының қиыр солтүстік-батысындағы тау. Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында орналасқан.
Бақсай – Ырғыз алабындағы өзен. Ақтөбе облысының Хромтау және Әйтеке би аудандары арқылы ағады. Аралтөбе ауылынан оңтүстікке қарай 3 км жерде Ырғыз өзеніне құяды.
Балықты – Солтүстік Қазақстан облысының Есіл аудандағы көл.
Басқан – Алакөл алабындағы өзен. Алматы облысының Сарқант және Ақсу ау- дандары арқылы өтеді. Төменгі жылғасы Аралқұм құмына сіңеді.
Бектауата – Сарыарқаның оңтүстігіндегі тау. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауда- ны жерінде ұсақ шоқылы-белесті жазықта орналасқан.
Бөген – Сырдария алабындағы өзен. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ау- даны жерімен ағып өтеді. Қаратау баурайынан бастау алатын Үлкен Бөген және Балабөген өзендерінің қосылған жерінен бастап Бөген деп аталады.
Бүйен, Биен – Қаратал алабындағы өзен. Алматы облысының Ақсу, Сарқанд аудандары жерімен ағады.
Жалдама – Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы өзен.
Жетіқоңыр – Бетпақдаланың батысында Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы жерінде, Сарысу өзенінің сол жағалауындағы құмды алқап.
Кеңгір – Сарысу өзені алабында, Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы өзен. Арғанаты тауынанбастау алады.
Кішітау – Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының орта тұсындағы тау.
Қазанбасы – Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы ауыл.
Қаңтарбай – Желдіқара тауының солтүстік-батысындағы тау. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Тарбағатай ауылының солтүстік-батысында 20 км жерде орналасқан.
Қап тауы – Шығыс әдебиетінде, аңыз-әңгімелерде жиі кездесетін тау аты. Оны қазіргі Кавказ тауы дейтін де пікір бар.
Қоңырат – мыс кен орны. Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 15 км жерде. Кенді 1927 жылы Михаил Петрович Русаков ашқан.
Қопа – Шу-Іле тауларының шығыс сілемі – Кіндіктас тауының солтүстік- шығысында орналасқан тау аралық жазық. Жамбыл облысының Қордай мен Алма- ты облысының Жамбыл ауданының жерінде жатыр.
Қос тұра – Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы сеңгір. Осы жерді кейде жергілікті жұрт жекелеп «Үлкен тұра» және «Алакүшік» деп те атайды.
Қошалақ – Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы құм.
Құлжабасы – Жамбыл облысы, Отар станциясы маңындағы тау. ежелгі түркі жазуы. Осы таудан 1965 жылы жартасқа шекілген ежелгі түрк жазуы табылған. Ол ғылымда Құлжабасы жазуы деген атпен белгілі.
Құмкент – ортағасырлық қала орны. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының орталығы Шолаққорғаннан 37 км жерде орналасқан.
Мекке /араб/ (Макка, Макка ал-Муккаррама) – Сауд Арабиясының батысында орналасқан қала. Мұсылмандардың қасиетті қаласы болып саналады. Бұл қалада Мұхаммед (ғ.с.) дүниеге келіп, пайғамбарлығын осында бастаған. Ислам сенімі бойынша мұнда Адам ата мен Хауа ана, Шис, Ибраһим, Исмаил пайғамбарлар (ғ.с.) тұрған.
Ортау – Қарағанды облысының Шет ауданы жеріндегі тау. Ағадыр кентінен батысқа қарай 40 км жерде орналасқан.
Сағыз – Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы ауыл. Іргесі 1939 жылы Атырау-Қандыағаш темір жолын салуға байланысты қаланған.
Салқынбел – Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданындағы әкімшілік бірлік.
Құрамына Сегізбай, Қарабұйрат ауылдары кіреді.
Саумалкөл – көл. Қарқаралы ауданының солтүстік батыс Қарағанды тауының етегін ала теңіз деңгейінен 632, 2 м биіктікте орналасқан.
Сусамыр – жайлау аты. Бұл жайында қазақтың халық әні де бар. Жамбыл об- лысы аумағында орналасқан.
Үшшоқы – алтын кен орны.Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 120 км жерде орналасқан.
Хиуа – Өзбекстан Республикасындағы қала. Әмудария өзенінің сол жаға- лауында, теңіз деңгейінен 91 м. Биіктікте орналасқан. Зерттеушілердің болжауын- ша, Хиуаның негізі б.з.б. 5 ғасырда қаланған.
Шелек – Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл. Шілік өзенің сол жағалауына таяу орналасқан. Шілік көп өскендіктен ауыл бара-бара «Шелек» деп аталып кеткен.
Шолақтау – Жамбыл облысы, Қаратау қаласынан оңтүстігінде орналасқан фос- форит кен орны.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Айтыс. // Алғы сөзін жазған М.Әуезов. Құраст.: Ш.Ахметов, Б.Ысқақов, К.Сейдеханов. Т.3. – Алматы: Жазушы, 1966. –619 бет.
Айтыс. // Алғы сөзін жазған С.Мұқанов. Құраст.: Ә.Алманов, С.Дәуітов, М.Жармұхамедов, Ғ.Мамутова, Ф.Оразаева. Т 1. – Алматы, Жазушы, 1988. – 288 бет.
Айтыс. // Алғы сөзін жазған М.Жармұхамедов. Құраст.: Ә.Алманов, С.Дәуітов, М.Жармұхамедов, Ғ.Мамутова, Ф.Оразаева. Т 2. – Алматы, Жазушы, 1988. – 352 бет.
Айтыстану : Ғылыми жинақ. – Астана: Жалғас-Print, 2013, – 420 бет. Айтыстың даму жолдары. Жармұхамедов М. Алматы: Ғылым, 1976.
Асанов Қ. Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты. – Астана: Фолиант, 2010. – 400 бет.
Әзірбаев К. Айтыстар, дастандар. Екі томдық. // Құраст.: Н.Төреқұлов, Б.Әзірбаев. – Алматы: Жазушы, 1984. – 352 бет.
Бір қыз бен он алты ақын. // Құраст.: А.Қыраубаева. – Алматы: Жалын, 1985 жыл.
Дүйсенов М. Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты. – Алматы: Ғылым, 1982. – 180 б.
Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы. // Құраст.: М.Байділдаев, С.Негимов. Ал- маты: Ғылым, 1975. – 271 бет.
Жүз жыл жырлаған жүрек. Жолдасбеков М. Алматы: Жазушы, 1992. Көкейкесті әдебиеттану. 3 кітап. // Құраст.: Р.Нұрғали. Қазіргі айтыс: Дәстүрі,
келешегі. Астана: Күлтегін, 2003. – 264 бет.
Қазақ сөздігі. (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі) // Құраст.: Н.Уәли, Ш.Құрманбайұлы, М.Малқаев, Р.Шойбеков және т.б. – Алматы: Дәуір, 2013, - 1488 бет.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1 том. // Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 1998. – 720 б.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2 том. // Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 1999. – 720 б.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 3-том. // Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2001. – 720 б.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 4 том. // Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2002. – 720 б.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 5 том. //Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2003. –720 б.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 6 том. // Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2004. −693 б.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7 том. // Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2005. −728 б.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8 том. // Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2006. −704 б.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9 том. // Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2007. − 688 б.
Қазақстан айтыс ақындары: Анықтамалық жинақ. // Құраст.: Е.Қайназар. – Ал- маты: Ан-Арыс, 2013. – 280 бет.
Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясы. Генезис. Стилистика. Поэтика. Алматы: Ғылым, 2001.
Сыдиқов Қ. Ақын жыраулар. – Алматы: Ғылым, 1974. – 240 бет.
Тоқсанбайұлы Қ., Қожабайұлы Б. Бізге де сөйлер кез келер...: Шығармалар жинағы. – Астана: Фолиант, 2008. – 392 бет.
Халық поэзиясы және бүгінгі өмір. // Жауапты шығарушы Н. Төреқұлов. – Ал- маты: Ғылым, 1976, 174 бет.
Ысмайылов Е. Ақындар. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас., 1956. – 340 б.
РЕЗЮМЕ
В ІІІ том двадцатипятитомной «Антологии казахского искусства» включены айтысы акынов, начиная с первых лет советской власти, времен Великой Отечественной войны и послевоенных лет (1919 - 1957 г.г.)
В данных айтысах разносторонне отражаются летопись и дыхание того времени. Классовая борьба, конфискация имущества баев, советизация аула, ликвидация неграмотности, отмена калыма (выкупа невесты) и аменгерства (при смерти мужа выдача женщины замуж за его родственника), воспевание заводов и фабрик - приподнятые восхваления таких явлений стали стержнем айтысов тех лет.
В этих айтысах отражались внутренняя культура, полет мысли, наход- чивость акынов, их умение правдиво преподносить актуальные проблемы и происходящие события.
В І-ом республиканском айтысе народных акынов (1943 г.) по клас- сическим традициям устного народного творчества воспевался подвиг советскғого народа против врагов-захватчиков.
В частности, айтысы таких акынов, как Шашубай, Кенен, Майасар, Нурлыбек, Умбетали, Танирберген, Куат, Жаксыбай, Нурхан, Алибек, Орын- бай, Нартай, Болман насыщены духом патриотизма, критическим настроем, картинами правдивого отражения пульса времени. Также, словесные со- стязания Умбетали и Нурилы, Керимкула и Бибиайши, Сулубике и Зейнеп, Калихана и Танирбергена отличаются умелыми выпадами, острыми пере- палками, находчивостью в ответах, верностью канонам устоявшихся тради- ций айтысов.
В этот том включены 36 отобранных, лучших айтысов 1919 - 1957 го- дов, которые отличаются правдивостью отображения действительности, ма- стерством владения словом.
Антология предназначена для преподавателей и студентов консерва- торий, университетов искусств, и других высших учебных заведений, учи- телей и учеников музыкальных школ, исследователей жанра айтыс, также широкого круга людей, кого интересует казахское искусство.
RESUME
Volume III of twenty-five volume «Anthology of Kazakh art» included aitys akyns since the first years of Soviet power, the Great Patriotic War and post-war years (1919 - 1957)
These versatile aityses recorded annals and breathing of that time. The class struggle, confiscation of property of the riches (bais), Sovietization of the village, the eradication of illiteracy, the abolition of dowry (bride price) and amengerlik (when her husband’s death issuance women marry his relative), the chanting of the factories – upbeat praise of such phenomena became the core aityses those years.
In these aityses reflected internal culture, flight of ideas, resourcefulness of akyns, their ability to present a truly topical issues and current events. In the 1st republican aytys people akyns (1943) in the classic tradition of folklore chant the feat of the soviet people against enemies-invaders.
In particular, such Aitys akyns as Shashubai, Kenen, Mayasar, Nurlybek, Umbetali, Tanirbergen, Kuat, Zhaksybai, Nurkhan, Alibek, Orynbai, Nartay, Bolman saturated with the spirit of patriotism, critical attitude, paintings of truthful reflection of the pulse time. Also, verbal contest of Umbetali and Nurilya, Kerimkul and Bibiayshi, Sulubike and Zeynep, Kalihana and Tanirbergen differ skillful attacks, sharp skirmishes, resourcefulness in the responses, loyalty to the canons established traditions aityses.
This volume includes 36 selected, best aityses in 1919 - 1957, which differ truthful representation of reality, mastery of the word.
Anthology is intended for teachers and students of conservatories, universities of the arts, and other higher education institutions, teachers and students of music schools, researchers of aitys genre, a wide range of people who are interested in Kazakh art.
МАЗМҰНЫ
ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ АНТОЛОГИЯСЫ АЙТЫС
III ТОМ
Кітаптың шығуына жауапты Ш. Қойлыбаев Редакторы С. Негимов Дизайнері Б. Жапаров
Техниикалық редакторы С. Жапарова Беттеуші Ә. Байзақова Корректоры Р. Асанова
ИБ №003
Басуға 02.10.2014 қол қойылды. Пішімі 60х90/16. Офсеттік басылым.
Қағазы офсеттік. Шартты баспа табағы 25,0.
Шартты бояулы беттаңбасы 26,25.
Есептік баспа табағы 24.0 Таралымы 2000. Тапсырыс №
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?