Қазақ өнерінің антологиясы. Айтыс 2


ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІ

ҚОРҚЫТ АТЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ

Айтыс

II

ТОМ

«КҮЛТЕГІН» АСТАНА 2014

УДК 821.512.122.-1

ББК 84 (5Каз)-5

Қ 17

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі

 «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару бағдарламасы» бойынша жарық көрді

Жобаның авторы: М. Жолдасбеков

филология ғылымдарының докторы, профессор

Редакция алқасы:

М. Жолдасбеков (төраға),

А. Мұсаходжаева, С. Қасқабасов, Ш. Ыбыраев, С. Негимов, Р. Әлмұханова, Ж. Ерман, А. Әлтаев, С. Дүйсенғазин,

Ш. Қойлыбаев

Қ 17Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық.

Құраст. М. Жолдасбеков, Р. Әлмұханова. Астана,

«Күлтегін» баспасы. ISBN 978-601-7318-40-6

Айтыс. Т. II. (Кеңестік кезеңге дейінгі айтыс). – 2014. – 400 б. ISBN 978-601-7318-42-0

 «Қазақ өнерінің антологиясы» көп томдығының екінші кітабына кеңестік кезеңге дейінгі ақындардың ең үздік айтыстары енгізілді.

 Антология консерваторияның, өнер университеттерінің, өзге де жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, музыка мектептерінің мұғалімдері мен оқушыларына, айтысты зерттеушілерге, сондай-ақ, қазақ өнерін қастерлейтін қалың оқырманға арналады.

ISBN 978-601-7318-42-0 (Т. II.) ISBN 978-601-7318-41-3 (ортақ)

© «Күлтегін» баспасы, 2014

© М. Жолдасбеков

© Р. Әлмұханова

АЙТЫСТАР

ЖАМБЫЛ МЕН АЙКҮМІС

Жамбыл:

Әдейі ат терлетіп, келдім тойға, Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда. Әуірі басылмаған албырт едім, Асығыс айтқаныма кінә қойма!

Айкүміс:

Аптығып, ә дегеннен, амандаспай, Әдепті үйренбепсің, Жамбыл, жастай. Асылға арсыдағы қол жетпей ме, Ақылмен қимылдасаң, аспай-саспай?

Жамбыл:

Айкүміс, асықпауға шамам бар ма? Жасшылық ұрындырды талай жарға... Сен үшін жатсам-тұрсам арманым көп, Жем болып кете ме деп жамандарға.

Айкүміс:

Біле ме пенде, шіркін, өз кемісін, Ел кезіп, есер мінез сен де жүрсің.

Жаралған жат жұрттыққа ұрғашымыз, Жарқыным, өкінбеші, сен мен үшін!

Жамбыл:

Барарсың бір жаманға өзің қор боп, Отырсың қарқарадай әзір зор боп. Көзіңе көк шыбынды үймелетер, Көргенің өле-өлгенше ылғи сор боп.

Айкүміс:

Жамбыл-ау, күпінесің неге сонша? Құтқарып қыз біткенді қалған жанша. Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың, Тұтқасы дүниенің сенде болса?

Жамбыл:

Жалғанның сорлысы екен қыз бен жігіт, Жүрмеген бірге ойнап, бірге күліп.

4

Арыны басылмаған арсыз көңіл Тағы да етіп отыр сізден үміт...

Айкүміс:

Жігітке көрінеді үміт жеңсік, Жарымас ол мінезге көңіл көншіп.

Жарқыным, одан қайта қолқаңды айтшы, Әрнені тере бермей, құр білгенсіп.

Жамбыл:

Түйме емес, тоғыз емес тілегенім, Жұбатпас көңіліңді құр өлеңім.

Болмасаң сөзге қашақ, ішке тосаң, Сырымды айттырмай-ақ білер едің?

Айкүміс:

Жамбыл-ау, жан екенсің сөзге сараң, Жақпады қай мінезім бүгін саған?

Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы, Саласың қандай қолқа тегі маған?

Жамбыл:

Ауылым жайлап отыр Көксеңгірді, Көз сүзіп, сіздің жаққа еңсем құрды. Қолыма бір ұстатсаң, түсінерсің, Томпайған төсіңдегі «өртеңгірді».

Айкүміс:

Жамбыл-ау, ұстатпаймын, кінә қойма! Кетейін қайтып ардан мына тойда.

«Жақсы сөз жан семіртер» деген бар ғой, Әдепті мінездерің жүрсін ойда.

Жамбыл:

Айкүміс, амалым жоқ, қош, ендеше, Кетелік сыр білдірмей жат пендеше. Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын, Кеудемнен қашан менің от сөнгенше.

ЖАМБЫЛ МЕН САРБАС

Сарбас:

Мен келдім домбырамды қолыма ала, Бір сөзді өзім тұрып айттым жаңа.

Мен келген соң бұл жерде неге тұрсың, Қара сирақ, қалбағай, қара бала.

Ішінде Қасқараудың Сарбасың – мен, Шапырашты кенеңнен, Дулатым – кең. Домалақтай* енеңе тіл тигізсең,

Аруақ пен Құдайға жолықтың сен.

Қасқараудың ішінде атым – Сарбас, Жақсылап сөйле дейсің, алдияр бас.

Бұл жерден жарты ауыз сөз алдырмаймын, Былжырамай, сен өзің, еліңе қаш!

Дулат деген ел едім,

Мені байқап қарасаң, Орнап жатқан көл едім. Шапырашты ел ме екен,

Ойқастау саған жөн бе екен?

Мен – Майкөттің сегіз ұлының бірімін, Мен сендейдің бәрін де,

Жаныштап, жастап жүр едім. Шақырған соң қауымым, Бұл жиынға кеп едім.

Нағашым Жалбыр, Он Қабан, Осал жерден шықты демегін.

Қабанның арғы атасы – Әлік Аман, Біреу жүйрік болғанда, біреу шабан, Біреу жақсы болғанда, біреу жаман, Қара баланы әдейі жалтақтатып, Сақтап па едіңдер, бектер, маған?

Сыртыңнан сені бағармын, Қазықтай жерге қағармын. Талай-талай мінің бар, Іздеп жүріп, табармын.

Көптігімді айтайын: Жарықшақтың үш ұлы – Дулат, Албан, Суанды. Қоңырбөрік ішінде, Кездестірдің жуанды.

Ұзынағаштағы егінші, Бұл араға келгенге, Неменеге қуанды?!

Шапырашты сенен – Дулат көп едім, Бәрі бай, мырза, бек едім.

Тіленшінің құнындай, Берекесіз ел едің.

Үміт қылып келіпсің, Мені алдырар демегін.

Төрт Дулаттың баласы, Албан жатыр алыста,

Суан жатыр Арыста, Менімен түстің жарысқа, Өңкей бектер қарап тұр, Бәрің бірдей қалысқа.

Озбаспенен жарыспа, Күш жетпеспен алыспа! Дулаттап ұран шақырсам, Ноғайбай мен Байбұлан, О да келер намысқа.

Құр бекерге жарбаңдап, Болмас жерде жабыспа!

Елімнің шетін айтайын, Жаркентті барып жерлеген, Малы жерді кернеген.

Байлық пенен көптікке, Ешкімге намыс бермеген. Сарбас ақын бұл жерде, Көл дүкендей орнаған.

Нағашы атам – Мақтамазам әулие, Қысылған жерде қолдаған.

Домалақтай енеме, Тіл тигізген оңбаған.

Бейнет айдап келді ме, Шапырашты, осында. Сарбас ақын қасында,

Аз елге, сірә, күн бар ма? Бұл сөзімде мін бар ма, Мен бір жүйрік бәйгілі, Шапқанымда сын бар ма?! Төрт Дулаттың баласы, Жер дүниеге сыймаған.

Айдап, малын жинаған, Ерегіскен дұшпанды, Еңкейтіп жүріп, қинаған.

Есепсіз қылып мал берген, Қисапсыз қылып жан берген. Дулат деген еліңмін,

Асуы жоқ беліңмін.

Көптігіме қарасаң – Тастаса, ине жерге түспейді. Бектігіме қарасаң,

Жаман тамақ ішпейді. Кербездігі осынша – Ат үстінен түспейді. Ақылына қарасаң – Қайратпенен істейді. Көшсе, түйе тіздеген,

Дұшпанды көрсе қарысқан, Алтыннан қылыш сілтеген. Қалың Дулат ішінде,

Бай десең де, менде көп, Бек десең де, менде көп, Көп десең де, менде көп, Жер қайысқан мал да көп, Ақыл айтар шал да көп.

Бестеректен шыққан Сәлімбай, Бендеден тілін тартпаған.

Бетінен қаны тамылған, Сөйлескен кісі жағынған, Қорыққан кісі бағынған. Ерлігіне қарасаң – Кіреуке сауыт жамылған. Кербездігіне қарасаң – Етек, жеңін қағынған.

Сағаты жеткен ер екен, Көрген кісі сағынған. Күнту деген елінен – Намаз деген ер шыққан. Төмен жатып құмсаған, Қырық жігітті жұмсаған. Қан көрмесе қылышы, Қылышы жаман сусаған.

Күнтудан шыққан ер Намаз, Дұшпанның қолын шегелеп, Естіген кісі шошынған.

Талапкер болған жігіттер, Кеткен емес қасынан.

Үшінші Ботбайға келейін, Атасы болған Ботбайдан, Жеті жылдай қыз қарап, Сұлуды құшқан оқтайдан. Бұл Дулатқа тіл тигізбе, Адам татқан, жұрт ерің, Бейіс шекер тақтайдан!

Үсенбай шықты жасынан, Майемердің қасынан – Көрген кісі шошынған, Бұлбұлдай тілі сайраған. Елдің қамын ойлаған, Аңырақайды жерлеген.

Тілегі бар ма бермеген? Қасқарауда Қарабай, Жасынан шыққан бөлініп, Туған айдай көрініп, Тартқан жайдай керіліп, Майлыбайдың ұлы еді, Кәрім шықты жасынан, Қайратын жұрттан асырған. Елін жауға бермеген,

Сөзін дауға бермеген. Кісісі жоқ батырдың, Сөзіне ешкім ермеген. Батырлықпен ол кетті, Шешендікпен ол кетті, Ана пішкен тон кетті. Жау ашпаған есігін, Кеудесін тұнық жаратқан, Шешен өзі кісі екен, Жанды аузына қаратқан. Кәрім батыр атанып, Елдің шетін шетінетіп, Ерегіскен дұшпанға, Даяр болып ержетіп,

Кебекпай шықты жасынан. Қызыл тілі сүрінбей,

Ер сасатын жерінде,

Ақыл тапқан бүгілмей. Ерегіскен дұшпандар, Кеткен емес кездессе, Бір жанынан түңілмей. Жан таң қалған сөзіне, Кім шақ келген өзіне?! Заманында болған жан, Уақытымен толған жан, Сөйлеп кетсе сөзіне, Келтірсе Құдай кезіне, Дуа берді өзіне.

Жақсы көрген кісіге, Оң көзімен қараған.

Нәсілі нұрдан жаралған. Үлкен сиез, топ болса, Жан аузына қараған.

Жақсы көрген жігітті, Өз көңіліне санаған. Ерегіскен дұшпанды, Көктырнадай талаған. Тәуір болған жігіттер Кебекеңе жараған.

Жылағанды күлдірген, Әділдігін білдірген.

Әділдікке келгенде, Қара қылды қақ тілген. Бір Құдайды хақ білген, Ақылы толып кіріскен, Атты мінген жүрістен,

Сұлуды құшқан, сүйіскен. Тамағына бал жеген, – Шекер менен күріштен.

Топ ішіне барғанда, Сөз бастаған дұрыстан.

Заманында ешкім аспаған, Әділсіз сөзді айтпаған, Айтқан сөзден қайтпаған. Жамбыл, сенің дәмеңе – Айтысам деп келгенге –

Жалпы Дулат күледі. Шапырашты ел едің – Үш жүз үйге толмаған. Қыдыр мен бақ ол баста, Саған, тіпті, қонбаған.

Егескендер менімен, Бармақтарын тістеген. Теңім болса, айтар ем, Оңым келсе, байқар ем, Қара бала, көнбесең, Қысылады тақымың.

Жарылқамыс, Жанту ұлымын, Басылады қарқының.

Ерегіспе менімен – Езіледі алқымың. Ерегіссең менімен, Ісім түссін сенімен.

Тілімді алсаң, қор болмай, Жүре бергін жолыңмен.

Енді не деп айтасың, Алдырмаймын қайтесің? Алатұғын жеріңді айт, Ішіңдегі шеріңді айт, Кетпейтұғын жөніңді айт! Жеңетұғын еліңді айт!

Ат жүздіріп келемін, Айдын шалқар көліме. Менің күлкім келеді, Шапырашты еліңе.

Еліме енді қарасаң – Адам ұлы батар ма!

Шабынып қылыш шабар ма, Шамырқап мылтық атар ма! Мұның бәрін есітіп,

Тірі адам тыныш жатар ма?! Мен жетпестен қоймаспын, Өзім айтқан сертіме.

Жүйрік пен жорға жетелеп, Сөз сөйлеші төтелеп,

Көп Дулаттың ішінде, Мен туып ем өктеген. Шапырашты сықылды, Қолы қысқа мен емес. Қысқа жібі шолтаңдап, Күрмеуіне жетпеген.

Бағып едің Салықты, Бір көрмедің жарықты. Жүгіремін алысқа, Жүйрік тартар дабысқа. Терісінде шелі жоқ, Керіліп жатқан елі жоқ, Құр бекер не айтады, Іштеменің жөні жоқ.

Кеңірдектен алайын, Саған тісті салайын, Айтып қара еліңді, Қай айтатын елің бар,

Қай сөйлейтін жөнің бар? Айта алмасаң еліңді, Дыбысыңды шығарма.

Кетпеймісің қасымнан, Ерегіссең менімен.

Шапыраштым, абайла, Жеңбей тұрман қасыңнан!

Жамбыл:

І

Алматы деген шәһәрда – Жұрт жиналып жатқанда,

Қырбай, Қожамберлі болыстың Сәскеде жетіп үйіне,

Би, болыстар жиналып, Қол, аузы етке майланып, Табаққа қол қойғанда, Домбырамды өңгере, Кіріп келдім еркіндеп.

Ноғайбай мырза шіренген:

  • Домбыра алған бұл кім? – деп

Теріс көзбен қарады. Танып тұрып, танымай, Екі көзі жеп барады.

Осы неме екен деп, Түрімді көріп Ноғайбай Деді бекер: – Шошыма! Өңкей дәудің қасында, Сөйлемессің мұңаймай. Сүйінбайым бір күнде, Былай өлең айтқан деп, Бір ағашты құшақтап, Отырды кеп шынтақтап.

  •  Жамбыл деген немеңіз – Екейдегі осы ма?

Ноғайбайдың алдында, Сөз сөйлеші ашыла!

Орын тауып айтпасаң, Қамшы тиер басыңа! Сағынып жүрген немедей, Отырдың тақап қасыма.

Бір ауыз сауал сұрайын, Айта алмасаң өлеңді, Шықпыртайын басыңа. Қожамберлі мақтайды, Бұл неліктен жақтайды? Кейбіреу айтса өлеңді, Бекер аузын боқтайды. Сүйінбайға іні деп, Парасат қып мақтайды. Сүйінбайдан басқа өлеңші, Сірә, маған жақпайды.

Домалақтан қозғашы, Жарықшақтан озбашы. Бет алдыңа бақырып, Таңдайыңнан тозбашы.

ІІ

Жамбылдың келді кезегі, Мықты Мазамқызы екен –

Домалақтай енеміз. Қасиетті енеден – Енді сөйлей келеміз. Домалақтай енеміз –

Үш қатынның бірі екен. Сары бәйбіше мықты кеп, Бай қарамай жүр екен.

Байлық пен байдың жылқысы, Есебі жоқ көп екен.

Жұлым үйі бар екен,

Жұлым үйден саңылау көрінді... Домалақ енем қасында, Құшақтасып, сүйісіп,

Әзілмен ойнап күлісіп, Отыр екен бір қожа.

Жүзінен нұр тамғандай, Мейірі жанның қанғандай, Сүйкімді бір жан екен.

Түн қойнында оранып, Бәйбішеден ұрланып, Түнеп жүрген шағында, Жүкті болып қалады.

Айы жетіп тұрғанда, Ел көшпекші болады. Толғатады анамыз, Ертең көшіп барамыз, Деп жұртында түнейді. Таң атады күн шығып, Бесін уақыт болғанда,

Қырғыздан шыққан Аққошқар, Шаппақ болып келеді:

  •  Байдабектің мен бүгін Көп жылқысын аламын. Батаңды бер, Домалақ, Сенің батаңды аламын.
  •  Қалағаным берсеңіз, Қуанышы сенде болсын деп, Түп қазығы менде болсын деп, Қол жайып, батасын береді.
  •  Қандай бата мұның деп, Аққошқар кетті аттанып.
  •  Барасың, барасың да аласың, Қуанышы сенде деп.

Таңға жуық болғанда, Сан жылқыны шулатып, Тай, құлынын тулатып, Айдап алып жөнелді.

Домалақ тысқа шығады, Аққошқар тағы келеді.

«Қалағаның бар ма?» деп, Келіп, сөйлей береді.

Көп жылқының ішінде, Тоқсан екі құлынды.

Бір сары айғыр бар еді Енесінің шуынан – Басқаны, тіпті, көрмеген, Шыбыннан басқа қонбаған, Желден басқа мінбеген, Мойнына құрық тимеген, Соны ғана бергін деп, Солай жауап қылады.

Асауды қалай ұстайсың, Жүген, құрық тимеген?

Ұстасам, ұстап алайын, Ұстамасам, қалайын.

Құр, құр, құр, жануар! Құтың менде жануар, Бері келші бізге деп, Күдеріңді үзбе деп,

Қазығың қалды менде деп, Құрайттады Домалақ.

Айғыр сонда келеді, Омырауын иіскеп,

Алды айғырды жүгендеп, Айдады жылқының өзгесін, Аққошқар батыр түгендеп.

Екі аяқты тұсады,

Тырп етпеді жануар, Жуас малға ұсады. Түс мезгілі болғанда,

Сегіз ұлы келді артынан, Айғырды нағып байладың,

«Топ жылқылар қайда?» –деп, Домалақтан сұрады.

Домалақ жайын айтыпты:

  •  Балалар, оған бармаңдар, Түп қазығы бізде деп, Таңға жуық болғанда, Жылқың қалар мұнда кеп. Арттан қуып барсаңдар, Мерт боларсың, балалар, Шылбырына оралып, Жалына анам айтады.

Бірақ тілін алмады,

«Барамын» деп болмады, Сегізі бірден жөнелді, Сағаға таман келеді.

Саға судан өтеді, Сонда қырғыз қуады.

Бұқтырма қойып жүз кісі, Бір тасаға тығады.

Алдына аңдып түсіріп, Сегізін ұстап алады.

Сегізін бірдей бауыздап, Жосадай ғып салады.

Байдабек бар артынан, Бір тобымен келеді:

  •  Балаларың тіл алмай, Осы жерден жөнелді.

Балаларың мерт болды, Қайтпайтұғын серт болды, Барып қара өлікті,

Жалған деме мұнымды. Байдабек те жөнеді, Қайта оралып келеді: Балалар тегіс өліпті...

Деп жауабын береді. Домалақ енем бас болып, Сүйреткі сап айғырға,

  •  Өлгенге енді қайғырма, – Деп жұбатып, әл беріп, Дереу жинап өлікті.

Бір жерге әкеп көміпті. Домалақтай енемнің, Қасиеті көп еді.

Таңға жуық болғанда, Жылқы келер деп еді... Түн ортасы болғанда, Құрайт салды Домалақ. Сары айғырдың даусына, Тас жаңғырды домалап. Таң сарғайып келгенде, Қалың жылқы шұрқырап, Келеді шаңы бұрқырап. Көшіп ауыл жөнелді, Сегіз күндей көшеді, Күні-түні тыным жоқ Тыным қылған күні жоқ. Кіші жүз бен Орта жүз, Маңайына қонды кеп.

Домалақ сонда толғатты, Сырық, бақан орнатты. Бебеулетіп ананы

Бала келді дүниеге. Қуанды ана масайрап, Қолына алып баланы, Бар денесін қарады: Еркек бала туыпты.

Бірақ басы жаралы – Ана болды назалы.

Сары бәйбіше қылғанын, Сонда ақылмен табады. Кіші жүз бен Орта жүз, Байдабекті көшіріп, Аламыз деп ауылға,

Ат терлетіп келеді. Кіші жүзде көпке аян, Бір оташы бар еді.

Кейде еміп, кейде ембей, Талып жатқан баланы, Оташы кеп көреді.

Суық қолдың орны деп, Көзінше айтып береді. Жарық жерін басының, Ойып алып оташы, Тасбақаның сүйегін, Жамап, соған егеді.

Бала оңалды үш айда,

«Жарық төбе болды деп – Жарықшақ ат» қойды көп. Жарықшақтан туды үш ұл: Бірі – Дулат, бірі – Албан, Бірі – Суан, білсең бұл.

Бұрынғыдан есіткен, Ата жайы, ел сөзі.

Домалақтай ананың. Бізге дастан әр кезі. Ата жайын ұқпастан,

Құр мақтанға жармасқан, Сен – Дулаттың бір езі.

ІІІ

Сарбас ақын менмін деп, Нан пісіріп кеудеңе, Неге мұнда келдің деп, Ақиландың сен неге?

Аузы-басың қуарған, Ұрты-басың суалған. Қайда атаң мен түп бабаң, Тұлпар мініп, ту алған?! Бір жақсылық көрмеген, Артынан ешкім ермеген.

Мен Шапырашты ұлы едім, Алтыннан қылыш сермеген!

Көп Дулаттың баласы, Рас сенен аз едім,

Аз да болса, батыр ем. Топты жерге барғанда, Саулап тұрған сөз едім... Жаулы жерге барғанда, Атамын деп оқталған, Көк берен болат кезедім. Келді менің кезегім, Келсе, айтайын шешіліп, Кезекті бермей манадан, Өртенді менің өзегім.

Сақалыңмен жалпылдап, Тересің Жамбыл тезегін. Шапырашты мен едім, Қалың Дулат сен едің.

Аз да болсам, әуелі, Ширегіме келмедің. Бір қадалған жерімнен,

Қан алмай кетер демегін. Есқожа деген елімнен, Кім кетті екен ерлікпен,

Кім жүрген менің шенімнен? Асыл, жауһар кеткен жоқ, Әсте, менің жерімнен.

Саурық шыққан басынан, Көк шыбықтай иіліп, Ерлік қылған жасынан.

Әкең Саурық дегенде, Күндік жерден дұшпанын, Дабылымен қашырған!

Ал, ал Саурық дегенде, Қалтырамады қандай жау? Қарсыласып келгеннің, Қайтқаны бар ма одан сау?! Мінген атын жаратқан, Жұртты өзіне қаратқан, Қылышы қия шабылған, Жүйрік аттың бәрі де, Пұшпағынан сабылған.

Найзасын тасқа түйреген, Мақтанбағын, Сарбасжан, Қалың Дулат ішінде,

Дәу Сыпатай басында, Андасы бар қасында, Әлі төре жанында, Қасқарауда Қарабай, Бет-жүзіне қарамай,

Қасқарау Қырбас батырды. Шылбыр тағып мойнына, Қан тамшылап қойнына, Маңайына бара алмай, Сонда Дулат қарғадай, Шулап, жылап күңіренген.

Сонда батыр Сұраншы:

  •  Екі-ақ кісі қырамыз, Барып, ойран саламыз! – Өзгені ертпей артынан, Тек қасына серікке Сұраншы еді сүйреген, Атамқұлды-ақ шақырған. Атамқұл келді қасына, Қылышы бар бұлқынған. Дұшпанды жерді көргенде, Арыстандай жұлқынған!

Қалың Дулат көргенде, Қорқып, бұққан сиқынан.

Сұраншыдай батырдың, Жан жүрмеген шенінен. Алмастан соққан ақ қылыш, Еш кетпеген белінен.

Ашуланған кісіге, Қабағы жаман түксиген. Досы қатты сүйінген,

Дұшпаны жаман күйінген.

Сұраншыны көргенде, Аузын ешкім ашпаған,

Аяғын қадам баспаған. Қарсы келген кісіні, Сүйретіп жерге тастаған. Сабырлықпен іс қылып,

Көлденең жатқан мылтықтан, Жан сауғалап қашпаған.

Тілеуқабыл, Майемер – Саркемерде шабылған. Қоқанның ханы Құдиярға, Албан, Дулат жиылып, Көп болғанда не қылған?!

Үш бөлінді бұл Дулат, Бір бөлігі Іле өтті, Айсаның қарын өрледі... Батыр деген Сыпатай, Жау қарасын көрмеді.

Сыпатайдай батырың, Қашқаннан соң өлгені! Сарбалақтың басында Аңырақайдың қасында, Қоянға ұсап ерлері, Сол жерінен келмеді.

Тойшыбек пұшық түксиіп, Қасқарау Кәріммен қас екен. Қырғызда Жантай, Жанғараш, Кәрімменен дос екен.

Шап деген екен Кәрімді, Досына енді болысып. Сені шауып алар деп, Хабар айтқан оған кеп. Түнделетіп сол Кәрім,

Үш күн, үш түн жосылып, Көше берген төмендеп, Ақтоғайға құдиды, Тілеуқабыл, Майемер.

Іле бойын жағалап,

Бір түбекке тығылды. Қоқан қолы қоқаңдап, Сала берді дығырды. Қыз бен жігіт тізіліп, Су шетіне жығылды. Жаудан ұшып зәресі, Суға кетер сорылар, Берді құмға денені.

Қыз, келіншек дегенді, Мінгестіріп түйеге, Жаулап алып жөнелді. Мал-мүлікке таланған, Қоқан қолы кенелді.

Сонда к.. ашылды,

Мал мен мүлкің шашылды. Жауға біткен асыл ер, Найзасын тасқа таянды.

Қасқарауда Кәрібоз, Сұраншыға барады:

  •  Сенен қайрат болмаса, Тағы да жау шабады.

Біздің Дулат көп жылап, Сенен басқа пана жоқ, Баруыңды тұр сұрап.

Батыр деген Сыпатай, Жалғыз басын жүр ұрлап. Сенен қайрат болмаса,

Ел намысын, ел кегін, Жоқтар кісі болмады. Шағатайдай халықты, Жібермеді Тойшыбек, Ойлағаны оның тек – Өз қамы ғой, оңбады... Жауды көрсе, қуанған, Тұлпар мініп, ту алған.

Дұшпанды жерді көргенде, Миықтан күліп, қуанған.

Сұраншыдай батырға, Қасқарауда Кәрібоз, Бәуке келіп жылаған...

«Жүр батыр» деп сұраған. Жаулы жерде бақ берген, Дұшпанға жетер жақ берген, Таңдайына сөз берген,

От ұшқынды көз берген, Құтылар ма сенен жау, Қан майданда кез келген Қатын, бала кетті деп, Жарамдысын алды деп, Сенен қайрат болмаса – Бердік жауға арды деп, Айтқан сырын оңаша.

Көп Дулаттың баласы, Көп болғанмен, күші жоқ, Қарсы келер кісі жоқ.

Көп Дулаттың ежелден, Шабылған елде ісі жоқ. Сенен қайрат болмаса, Дулаттың өңі, түсі жоқ. Құлағың сал сөзіме: Баққа біткен батырсың, Қырылып біз жатқанда, Қайтіп шыдап жатырсың? Найзаңды тастан өткізген, Артық туған ұл едің; Сенен қайрат болмаса, Ажалымыз жетті деп,

Қыз, келіншек, қыруар мал, Жау қолында кетті деп, Сенен рақым сұраймын, Айтпай, қалай шыдаймын? Қалың Дулат дегенмен, Жауды көрсе, жасыған.

Бақыт берген жігіт ең, Даңқың шыққан жасыңнан. Қырық мың қолға қаймықпай, Қарсы шығар ешкім жоқ, Атыңа мін, батырым,

Жәрдем берер бір Құдай. Қырық мың қолға қарасаң:

Іледен бері қаптаған, Жас әйелді таптаған, Қарсы келер кісі жоқ, Ел қалмады шаппаған.

Желісін қиып, жылқы алды, Ойран қылып, мүлік алды, Сенен басқа бұл жерде, Жауға шабар кім қалды?!

Қалың Дулат белгілі, Ерлігінен саны көп, Жауға шабар жаны жоқ, Жаудан қорқып, жосыды. Аңырақайда тағы боп, Жылап, шулап біздің ел, Деді саған хабар бер!

Мұны естіген батырдың, Түгі шықты сыртына.

Жаудың көріп қырғанын, Жаны ашыды жұртына. Қол ұстасып келгенде, Қалың қазақ өз елім,

Ел намысын қорғамау – Ер жігітке өзі өлім!

Ашуы кеп батырдың, Даусы шығып, ақырды, Жолдастарын шақырды. Қасына үш жүз қол ертіп, Ақтұяққа мінеді,

Он мың қолға тиеді.

Үш күн, үш түн соғысып, Жауды шөптей жапырды. Қырып-жойып қалғанын, Ел шетінен қашырды.

Жау шапқанда өз елін, Жымиып қашқан қояндай, Дулаттың батыр дегенін, Сол уақытта сақтаған, Сұраншы біздің ер еді.

Кәне, осындай ерді айтпай, Жатқа намыс бермеген.

Құр созасың өңешті, Байларын айтып еліңнің, Қолынан боқ келмеген, Дулат деген ел екен, Жадағай, жайдақ дер екен. Шапырашты ел екен, Батыр туған дер екен!

Ерегіскен дұшпанды, Найзаменен шанышқан. Күні-түні тынбаған, Дұшпаннан сағы сынбаған. Шын ашуы келгенде, Мұрты кетер түксиіп, Тақиясын шашы көтерген, Намысыңды әперген.

Жауды көрсе, тап берген. Маңдайыңа бақ берген, Шешен қылып, жақ берген. Өзіне еркін шақ берген, Қырық жасқа келгенше, Сөзін жаман демеген.

Ешбір төре еріксіз, Шеніне оның келмеген. Ерлік пенен намысқа, Ат сауырын бермеген! Жандаралдың алдында,

Қаймықпай, сөзін жөндеген. Төре, қара жиылып,

Құм төбедей үйіліп, Ешбір адам болмады, Сұраншы білсін демеген! Қайрап қойған ақ болат, Сермегенде жау кесер, Жаудан асып, тау кесер. Тастан өтер қылышы, Қырық тоғызға келгенше, Ерлігі оның өрлеген.

IV

Есқожа деген елімнен, Ерлер шыққан еңіреген. Кім жүрген менің шеніме?!

Саурық та – менің батырым, Он жеті жасқа келгенде, Аттың қонды беліне, Белгілі болды еліне.

Жетісуда қазақтың – Көрген күні кем еді. Жан-жағынан күнде жау, Елге тыныштық бермеді.

Бір жағынан – қалмақтың Ұрылары талады.

Бір жағынан – қырғыздың Орман ханы ойқастап, Күнде мазаны алады.

Үшінші жақтан – Қоқанның Бегілер бегі қоқаңдап, Әскерімен топырлап,

Ауыр салмақ салады. Күнде тонау, шабыстан, Ел титығы құрыды.

Мал мен жаннан түңілді, Жер мен судан қуылды. Ел басына күн туды, Қатын-бала, жас-кәрі, Беті жаспен жуылды.

Міне, сондай заманда, Екіталай күн туып,

Ел қыспақта тұрғанда: Ел намысын жоқтаған Батыр туған кім еді?! Ел шетінен жау қуып,

Ерлікпен қайрат жұмсаған, Батыр туған кім еді?!

Қалың жаудан қаптаған, Қаймығып, беті қайтпаған. Ел тыныштығын сақтаған,

Халқы сүйіп, мақтаған, Ардагер батыр кім еді?! Саурық еді, арыстан, Туысы оның Шапыраштан. Дулатпын деп мақтанба, Кеше елді жау шапқанда, Сақтап қалған кім еді Қырғын, талау, шабыстан?!

  •  Саурық еді ардагер, Ел қорғасқан сондай ер. Дулатпын деп көпсінбе, Бай, бекпін деп тепсінбе!

Саурықтай болат батырдың, Алтын нұр толған ішіне.

Жаулы жерге барғанда, Кіреді екен күшіне.

Мың қарғаның тұяғы, Бір тұйғынға өтпейді. Ашуы келген жерінде,

Бір ойран салмай кетпейді. Тамам қарға жиылса,

Бір сұңқарға жетпейді!

Саурықтай ер батырым, Маңдайына бақ берген, Дұшпанды көрсе, өшігіп, Талқандауға тап берген! Амалменен ер Саурық, Шөгіп жатқан Орманды Бәнде қып алдына әкелген! Көбелектей көп Дулат, Көптігіңмен ісің жоқ, Дұшпанға қылар күшің жоқ. Мың болсаң да, бір ғана Саурықтай берен кісің жоқ!

Жау жағына ел бермей, Дау жағына сөз бермей, Қай дұшпаның кетіп ед,

Саурық ерге бой бермей?! Сауыт-сайман сайланып, Жалаң қылыш байланып, Найзасын тасқа түйреткен, Саурыққа ерден кім жеткен?! Ашулы жерді көздеген, Жігіттің бәрін түзеген.

Саурықтай күшті батырға, Дулат түгіл қазақта,

Кім бар еді шақ келген?!

Шапырашты, ол рас, Сенен, тегінде, аз едім. Аз да болсам, татымды, Сенен Дулат баз едім. Даулы жерге барғанда, Саулап жатқан сөз едім. Жаулы жерге барғанда, Найзаның ұшын безедім. Келді ме менің кезегім? Кезегімді бір бермей, Өртедің менің өзегім.

Шапырашты мен едім – Елдің шетін қыстаған, Көлденең найза ұстаған. Дұшпанынан қашпаған, Ақыл, қайрат іс қылып, Кезеңді жерде саспаған. Ерегіскен дұшпанды, Тарттырған қара текедей, Шоқытып қана тастаған. Шапырашты мен едім – Етімде бар тірлігім.

Бойымда бар бірлігім. Ерегеспе менімен,

Қай жауыңнан қаймығып, Жәкетай деп жалынып, Қайда саған айтып ем?!

Ақ найзаның басына,

Желекті ту байладым. Қайнаған қалың жауыңды, Бір шыбықпен айдадым.

Уа, қауым жұрт, жиылған! Ақылменен ойлаймын; Ешкімнен сағым сынбады! Ерегескен дұшпанды, Түбіне жетпей, тынбадым.

Сен, Қасқарау, осында Қашан қара дауыл ең?

Малдыбай мен Қоныспайдың, Қашан туған бауыры ең?

Сен Қордайдың астында, Көбік құрттап жатыр ең. Қанша малың болса да, Нағыз сірі тақым ең.

Үстің айғыз, кір едің, Сан тимеген сасықтың, Кеше ғана бірі едің.

Сен Қасқарау ішінде, Сұлтанкелді Бөкенсің, Атып салған текемсің. Өзіңе өзің сұқтанып, Өз түбіңе жетерсің.

Өз малыңды міне алмай, Өз асыңды іше алмай, Өсерсің, бәсе, өсерсің! Шапыраштым ішінде, Тіленшімдей екенсің.

Аузы-басың бүрісіп, Қол-аяғың құрысып, Көрінгенмен ұрысып, Долы қатын сияқты,

Құдайдың ұрғаны екенсің.

Мен отырмын сөз сөйлеп, Нұрым қызыл шоқтай боп, Жаныс, Сиқым, Ноғайбай,

Тағы да мырза Ботпай боп, Екі бетте тамтық жоқ; Бұршақ ұрған жайлауда Былжырайсың шөптей боп.

Ағыным ақ боз аттың арынындай, Дауысым аққан судың сарынындай. Екі бетте тамтық жоқ, Құдай ұрған, Қазып алған қурайдың орынындай.

Мен сөйлеймін адырдың ішіндей боп, Үлкен үйдің орыным төріндей боп,

Сен отырсың шал болып, шөкімдей боп, Мен отырмын жас жігіт, өрімдей боп.

Жан біткенді бойыңа қомсынбайсың, Майлыбайдың баласы Кәрімдей боп.

Жұртқа аян менің дабысым, Кеткен жоқ жанға намысым. Би, болыстан кем емес, Жөні келсе, танысым.

Бәйге атынан кем емес, Екпіндесе, шабысым. Мақтана берме, сен, Сарбас, Ерегесіп Саурықпен, Байұзақтай батырдың, Қоқандай ілескер Құсбегі, Терекке байлап атылған, Бәлеге басы шатылған.

Сөз мәнісін қарашы: Кешегі дәу Сыпатай,

Ол – Ботпайдың баласы. Оны ілескер Құсбегі Таңып алып арбаға, Өлтірем деп әуре еткен – Өлім десіп жазасы.

Сыпатайдың «жазығы» – Қалмаққа қашып кетті деп, Дулаттың салған жаласы. Сонда сенің Дулатың,

Саурыққа кеп жалынды. Сенен қайрат болмаса – Сыпатай батыр кетті деп, Сыпатай бұған не етті деп, Саурық батыр барыңыз, Зарға құлақ салыңыз, Деген сөзді есітіп,

Саурық барды артынан. Сыпатайды босатып, Алғыс алды халқынан. Саурықтай шын батырым, Көзіңді оттай жандырған. Ерегескен кісіні –

Ес-түсінен тандырған. Жігіт жиған өнерден – Жалаңдатқан найза ұшын. Қай дұшпанға ел-елде, Кетіп еді намысың?!

Жер жарады дабысың Саурықтан асып нең кетті, Қолыңдағы асылдың, Білмейсің ғой мәнісін!

Саурықтай біздің батырдан Қозғайын оның затынан.

Саурық барып жауды алса, Қиюлы шешіп дауды алса, Ілесуші ең артынан.

Мойны озған ерлер ғой, Қатардағы халқынан.

Ол батырлар ұмтылса, Етек-жеңін қымтанса, Турамай, сірә, кетпейді, Айбаты оның кем емес – Темірден соққан талқыдан. Жауды көрсе, тоқтатқан, Дауды көрсе, сөз қатқан.

Елге залал қылмаған, Шашылғанын жинаған, Меймандарын сыйлаған, Қай ісі бар Саурықтың

Бұл халыққа сыймаған?! Қасқараудың ішінде, Малдыбай мен Қоныспай, Сен қай уақта бір едің: Сен қай уақта Дулаттың Жығылғанын сүйедің?

Қой болғанда ұры едің, Түн жамылып жүр едің. Адамзаттың қоры едің, Жылқы болса, торы едің, Ауызыңнан қағынған, Тұла-бойың құрысқан, Шеке басың тырысқан, Жүрген жермен ұрысқан, Бәлекетті бастаған, Басыңа бәле жастаған, Екі бетте тамтық жоқ, Кісі демей Қасқарау

Сені жолға тастаған. Аузы-басың шошаңдап, Өсектен басқа айтпаған. Бәлекеттен қайтпаған, Ұялатын бетің жоқ, Ұстасатын к... жоқ.

Өсек болды айтқаның, Дардай кісі боп қалдың, Жақсы емес пе, шіркін-ау, Жаман сөзден қайтқаның! Басың жаман – жалқау бас, Бұл сөзді менің айтқаным. Бойың сенің құрыс боп, Жүрген жерің ұрыс боп, Қатынша өсек айтқаның.

Ұялатын түсің жоқ, Сүйенетін кісің жоқ. Қырық-елуге кеп қапсың, Адамшылық пішін жоқ. Кісілік сенің арың жоқ,

Бұл ұяттан сақтанған. Арыңды байлап беліңе, Етек-жеңің жұлынып, Қармағыма іліндің, Аяғыңнан сүріндің, Сөз қадірін білмейтін, Сөзің жаман кісі екен. Жатқандай ін түбінде, Көзің жаман кісі екен.

Аузыңды сөзбен кілттеймін, Енді өлеңді айтпағын.

Осы да жарар өзіңе, Келдің қарпыр кезіме,

Жүйрік бауыр жазғандай, Жоқ еді тізгін тартпағым. Айтар сөзім көп еді, Әдейі артық айтпадым.

Қызыл тілге келгенде, Бөкендейін желгенде, Ашсаң енді аузыңды – Құрулы тұр қақпаным.

Сарбас қайтып сөз айта алмай, жеңілді.

ЖАМБЫЛ МЕН ДОСМАҒАМБЕТ

Жамбыл:

Самғаймын қанатымды ал аспанға, Дүбірлеп дауысым кетсін таласқанда. Иірем сені сөзбен, Досмағамбет, Аяғың тисін жерге анда-санда.

Сен мені жеңе алмайсың, арбасаң да, Төрт бұрышын төңіректің жалмасаң да. Жалаңдап, аш бөрідей келдің қайдан, Жақсылық Жалайырдан алмасаң да?

Арғы атам – аруақты ер Қарасай, Теңселген дүбіріне тау менен сай. Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан, Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай.

Ілгерде Шөже, Балта заманда өткен, Асекең, Бұқар жырау арманда өскен. Солардың аруағы маған қонып,

Ел мұңын жырмен толғап, нөсерлеткем. Сөйлеймін ерегіссем өктем-өктем, Түскендей жайдың оғы саған көктен.

Шын қызсам, сөзім – жалын, домбырам – найза, Құрсаулы сауыт болар маған шекпен.

Баласы Ұлы жүздің – Абақ-Тарақ. Көтерген ақылгөйге мені балап. Қаңғырған аш бөрідей ақын келсе, Бұл Жамбыл жіберетін сөзбен сабап.

Құйындай көкке шапқан мен бір пырақ, Арамыз екеуміздің тым-ақ жырақ, Төменде шықылдаған сен торғайсың, Айтыспа, меніменен, ақын шырақ.

Досмағамбет:

Ай, Жамбыл-ау, Жамбыл-ау, Сөз сөйлейін мен саған, Таудан аққан бұлақтай.

Жасөспірім баламын, Жапырағы жайқалған. Көлге біткен құрақтай. Лақ, текедей бақылдап, Мазамды алдың шыдатпай. Қойдағы азбан қошқардай, Сөзіңді мен отырмын,

Сірә да, сенің ұнатпай. Өлеңіңді қысқартқын, Мұнан былай ұзатпай. Буындырам мен сені, Бір шығармай үніңді,

Жілігіңнен түскен дұзақтай.

Жаудыратам көзіңді, Қалдырамын сөзіңді, Қараңғы түн болғанда, Алдыңда жанған шырақтай. Ақында шайыр ақпанмын, Аспанға ұшқан пырақтай.

Сөзіңде сенің асыл жоқ, Құбылып тұрған сынаптай. Меніменен айтысып,

Жете алмайсың мұратқа-ай! Шалмайсың мені қуғанмен, Белді қынай буғанмен.

Арғымақтан туғанмен. Сұлыға тойған қазанат, Маған қайтіп жетерсің. Алдыңда жүрген пырақпын, Енді маған нетерсің, Меніменен айтыссаң, Түбіңе өзің жетерсің,

Бұл арадан кетерсің. Ала алмасаң, алысып, Арманда болып өтерсің. Ақындығың шамалы, Ала қашпа екенсің.

Талауға түскен ұрыдай, Ат-тонынан айрылған. Қанатынан қайрылған,

Жасыған жездей майрылған. Басыңда сенің бөркің жоқ, Адам көрер көркің жоқ, Ақынмын деп мақтанба, Сөзіңде қуат, серпін жоқ.

Өз пиғылыңнан тапқандай, Кейпің жаман, Кейқуат, Байдың малын баққандай. Құлаққа маза бермедің, Дауылпаз дауыл қаққандай, Алдыңда жиған малың жоқ, Қу кедейсің қаңғырған, Жауласарға әлің жоқ.

Жыршы емессің, бақсысың, Дүниеге тапшысың.

Бақсы да, сірә, болмадың, Өлең айтып, оңбадың.

Ел ішінде азыпсың,

Бір Құдайға жазыпсың. Шекпенің жоқ сенің де, Сен бір жүрген зәлім-ді, Бір бойыңда сәнің жоқ. Аралап Абақ жүрсең де, Үш күн жатар жайың жоқ. Жаман тамды салдырған, Жатқа жерді алдырған, Ағайын көңілін қалдырған. Еліңде бір байлық жоқ, Қазан асқан жеріне,

Сабан-топан жаптырған. Кеште ойнаған бақсыдай, Саған қобыз шалдырған. Сені көріп отырмын, Өзімнен өзім қапалап, Түсіңе сенің қарасам, Жүні түскен жапалақ.

Жаратқан Тәңір жасаған, Нағашы жұртым ер екен, Көтерген сені ақын деп. Біздің елде бұл болса, Аяқ жолын таба алмай, Кетер еді қаңғырып.

Еркек болсаң, қашпағын, Қайратыңды қарыштап, Өнеріңді бастағын.

Ұрысқақ қатын секілді, Аузыңнан от шашпағын. Мен де айтып беремін, Ақын Жамбыл, саспағын. Асқанға тосқан кезекті, Алдын ала баспағын.

Армансыз болып, ақыным,

Ақындығың болмаса, Жоқ екен басқа нақылың. Кім жығылып, кім жығар,

Байқармыз сөздің ақырын. Қартайғанша қақылдап, Жел сөзге бір тоймайсың. Жеңемін деп ойлайсың, Қонақ қонса үйіңе, Тышқан мұрнын қанатып, Тышқақ ылақ соймайсың. Өзіңді өзің көтеріп,

Өрге неге бойлайсың? Бергеніне Құдайдың Қанағат қылып тоймайсың. Елден-елге тіленіп, Жамбастай жатып шіреніп, Жасыңнан қылған кәсібің, Тентіреуді қоймайсың.

Астыңа мінген ерің жоқ,

Қол берген мықты пірің жоқ, Не басыңа күн туды?

Бір жаныңда тыным жоқ. Көп сөзіңнің ішінде,

Бір дәлелді шының жоқ. Есігің бар, төрің жоқ.

Алысып, әлің келе алмас, Ылдиың кеткен, өрің жоқ. Бір өткен соң өмірің, Қайта айналып келу жоқ.

Қорықпайсың, бейшара, Өлеріңнің шағынан.

Кетер ем ұрып бір жерге, Азырақ қорқып отырмын, Сақалыңның ағынан.

Отырсың ғой қушиып, Қой баққандай қу кедей.

Байлығын айтсам Тарақтың, Қаларсың сен үндемей.

Қалдай, Маман, Көлібай Байлығы тасқан күнде үдей. Іледен арман көсілген, Жерін қаптап малдар жүр, Кім айтар мұны шын демей, Қалдайдың бағы жанып тұр, Жарқырап ашық шілдедей. Жылқы мен қой есепсіз, Жұрттан асқан байлықпен, Түйесін жүр жүндемей.

Елімдегі байлықты, Айта берсем, сөз жетпес, Сусап қалар тіл-көмей. Ақын болсаң, ашық айт, Еліңдегі байлықты, Біздің елді күндемей.

Елің сенің оңбаған, Енді не деп айтамын, Кедейлікті мін демей.

Жамбыл:

Солай ма, бала, солай ма?! Зығырына Жамбылдың, Тисең, саған оңай ма?!

Қуырамын енді мен, Ақындықтың апшысын. Көргенім жоқ өмірде,

Жел сөздің мен тапшысын. Өлеңім асау теңіздей,

Өрге қарай шапшысын. Толқындай сөзді сапырып, Арыстандай ақырып, Шығайын енді айтысқа.

Нажағайдай сөзімді, Жарқылдатсам алдыңда, Есің шығып адасып, Біле алмассың әкеңнің, Өлгендігін қай тұста.

Сөз білмейтін баласың, Ақындыққа шаласың,

Меніменен айтыспа. Кемітесің кедей деп, Басқа сөзді таппайсың. Жетісіп жүрген немедей, Еліңді құр мақтайсың.

Малды санап, мақтанбан, Малыңда емес ел бағы.

Қорғаған жаудан халықты, Ерлік пенен даңқты, Елімнің күшті аруағы, Елімде болды батырлар: Қарасай атты ұранды.

Асынып жау жарағын, Еліме шапқан қалмаққа, Орнатып қара тұманды, Салатұғын ылаңды.

Заһаріне шыдамай, Қалмақ кезген шығанды, Қылышынан өткізген, Қара кесек Қағанды.

Жауынан жерді босатып, Осындай атақ кім алды? Бүгінгідей сөзіме,

Ол да саған күмәнді. Көп сөзіңнің ішінде, Бір сөзің жоқ ұнамды.

Байқалып, әбден сыналды. Елден алғыс алмайсың, Көтеріп кітап – Құранды. Меніменен ұстасып, Білмейсің Құдай ұрарды.

Ерлігің болса мақтанған, Жауын қуып қашырған, Айдарымен жел есіп, Алатаудан асырған.

Айбалта, қылыш асынған, Жанындағы жабдығы, Наркескен, қанжар асылды.

Қарасайдай батырлар Қиқу салып аттанса, Еліме тиген жаулардың

Алмадай басы шаншылған. Айтшы осындай ерлерді Елінде даңқын асырған.

Айта алмасаң бұндайды, Айтыспа сен, антұрған.

Қорықсаң, неге айтыстың, Ағарған сақал, шашымнан? Ата-ана сыйлап көрмеген, Бейәдеп өскен жасыңнан. Сен бір жүрген сауысқан, Кесірің үлкен басыңнан.

Меніменен айтысқан, Сендей талай көппенің, Көкірегі басылған.

Уа, қу таңдай, Жалайыр! Менен асқан еліңде,

Бар ма, сірә, бір шайыр? Жамбыл жырау толғанса, Домбырасын қолға алса, Пар келтірмес ешкімді. Сөз дауылмен соғушы ем, Сендей ақымақ мүскінді. Ауылыңа алып бар,

Шашылған бізден ұшқынды. Сүйінбай ақын – ұстазым, Сөз қанжарын суырып, Дұшпанға өстіп күш қылды. Құдай атқан, қу молда, Берекеңді ұшырып, Кетірейін пыстыңды!

Арба өткелдің түбінде.

Бір күн, бір түн шайқасып, Өнерін әбден байқасып, Құлмамбет те жеңген жоқ. Жеңбек тұрмақ Құлмамбет,

Нысанаға келгенде, Қара Керей Түбек те, Жалайырда Қарқабат,

Бұ да айтысып, көрген жоқ.

Жамбыл, Жамбыл болғалы, Жамбыл атқа қонғалы, Жеңіліп, намыс берген жоқ. Көпшілікке бет бұрып, Азғырушы адамға, Қараспайтын қабанға, Ежелден Жамбыл көнген жоқ. Еңбегім сіңіп еліме,

Ел ішінде еріме,

Сол үшін бағым сөнген жоқ. Тарта сөйле тіліңді, Танымайсың піріңді, Танымасаң піріңді, Айтайын сенің мініңді.

Әдеппенен сөйлегін, Ғалым болсаң білімді. Сен сықылды молдалар, Бетіне ұстап Құранды, Өтірік айтып, елді алдап, Таратқан қисық ұранды. Аятын оқып, ышқынып, Ауруға дем үшкіріп, Молдалар ұқсас жыланға. Балуан болсаң белсеніп, Шық күреске сыбан да.

Барың болса, қарышта, Емеспін саған құданда.

Сен – күйкентай, мен – тұйғын, Жүр жайыңа бұдан да.

Әліңді білмей асылып, Аптығып сөйлеп, асығып, Жолықтың қырсық ылаңға! Арқа тұтып ақырып,

Бұл Абақтың баласын. Жаңғырықтырып мен шықсам, Алатаудың саласын.

Қу ауызды қу молда, Қарамды көрмей қаласың. Қайтер екен десем мен, Өршеленіп барасың.

Тіл тигізсең бабама, Өртке күйіп, жанасың. Ажырата сөйлегін, Бай, кедейдің арасын.

Құр кепкеннен пайда жоқ, Сөйлегін сөздің данасын. Жығылғанды, жыққанды, Сонда білер әр адам, Өзінің білсе шамасын.

Ұзынсонар жүйрікпін, Отымнан жырды тербетсем, Ақылыңнан танасың.

Албырт жиен Жалайыр, Дедің маған кедейсің.

Мен қорғасын сақамын, Сен ұтылғыш кенейсің. Мен бір соққан дауылпаз, Сен салмақсыз, к... бос, Ебелек қаққан ебейсің.

Бір ұстасып қалсам деп, Күшіңді байқап, шенейсің. Қысы-жазы ау салып, Іледен балық қоймадың.

Шіріген сүйек жесең де, Қарның шығып, тоймадың. Тұздап, балық қақтадың, Сары майдай сақтадың.

Жайың қалай болар деп, Дарияны жақтадың.

Өз малыңды өргізіп, Жеріңде мал бақпадың.

Тайдың майын бермейтін, Несіне байды мақтадың? Би мен болыс қолына, Шығын болып кетеді, Жазы, қысы тапқаның.

Ел байлығы – өзімде, Тіл байлығы – сөзімде,

Малы жоқ тақыр кедей деп, Өтірік жала жаппағын.

Ерегіссең менімен, Мен ұстассам сенімен, Шығып кетер аптабың!

Молда емессің, соқырсың, Зікір айтып зарлаған.

Жаназа оқып өлгенге, Підия алып жалмаған. Шариғат жолы мынау деп, Қараңғы, надан халықты, Көзді жұмып алдаған.

Кедей өлсе үйіне, Күңіреніп бармаған. Аттана шауып, бай өлсе, Қирағаттап Құранды Күні-түні сарнаған.

Жақсы көрсе молданы, Көзбояушы зұлым деп, Көпшілік неге қарғаған?

Досмағамбет:

Кезекпенен сөйлелік, Сөзімді тосқын, Жамбылым.

Дабысты жүйрік, Жамбылым, Алпысқа жасың келгенде, Төгілген тасып дариядай, Басылып қалған, Жамбылым. Молдалығым айып па, Үйреткен саған Құдайды.

Құран сөзін ұқпаған, Сендей надан оңбайды.

Зекет алса молдалар, Ұжмаққа жұртты жолдайды. Молда өтірік айтпайды, Оны Құдай қолдайды.

Елеуретіп сөйлейсің, Алақтатып көзіңді. Әзәзілден сабақ ап, Бүлдіріпсің сөзіңді. Құранға тіл тигізсең, Күпір деймін өзіңді.

Мен де асқақтап сөйлейін, Жалайырдың бегінен, Белгілі ата тегінен.

Айтуға тура кеп отыр Абақ-Тарақ шегінен – Ноқта ағасы, қол басы. Дулаттан бізге не пайда, Құмырсқадай көбінен. Теріп айтып келемін, Меркіден – арғы еліңнен.

Әулие-Ата, Шымкенттен, Бозадан басқа асы жоқ.

Жар-жатақтың астында, Күнге күйіп түскендей, Қыздарыңның шашы жоқ, Бірін-бірі көптескен, Бозақормен ептескен.

Жақыннан басқа қасы жоқ, Меркіден бергі туғаның Салған қыстақ, қаланы.

Үй басына бес тауық, Кірсян боп қарады.

Қыстыгүні болғанда, Таудан бұта алады, Базарға әкеп салады. Бес тиыннан ақша алса,

Жерден алтын тапқандай, Қуанып, үйіне барады.

Енді айтайын, Жамбылым, Меркіден бергі еліңді.

Өткенде айтып, менменсіп, Көтересің көңіліңді.

Ол күндегі батырлар, Бәрі жерге көмілді. Елді, міне, бүлдіріп, Жайлады жау жеріңді. Айта бермей өткенді,

Шығармай құмар шеріңді. Айтсайшы, Жамбыл, тағы да, Абақтан енді ұл бар ма, Құтқаратын еліңді?

Сенен қорқып қайтпаспын, Қорқып, бұғып қалмаспын. Егер, қырсық шалмаса, Алдыма жүйрік салмаспын. Шапқан жерін қиятын, Күшін қолға жиятын,

Өткір қылыш – алмаспын, Тарлан тартып қалыпсың, Азуыңнан шалыпсың.

Буыныңды бекітіп, Аяғыңды дәл басқын. Құмар болса айтысу, Жыққанымыз алуға, Жұртқа олжа салуға, Бәйгіге тігіп мал, басты. Айтысам деген ойда жоқ, Келе-ақ өзің жармастың.

Сендей-сендей көп ақын, Көргенде мені өтінген.

Меркіден бергі туғаның, Он-он үйің бірігіп, Әрбір тауға бекінген.

Шекаралас болған соң, Қырғыз тиген шетіңнен. Сенің тиіп кесірің, Көштерің басып жыл сайын, Берекемді кетірген.

Сия салдым сауытқа, Ақыным, Жамбыл, ауытпа. Елің кедей болған соң, Қызыңды саттың зайыпқа. Ақыным, Жамбыл, талықпа, Асығып өлең айтам деп,

Бір киеге жолықпа.

Мал таба алмай, қыз сатқан, Менің жеген балығым, Мұнан жаман болып па?

Асқан жүйрік емессің, Бұл арадан біз көрген. Менменсінген сендейді,

Біз де ақынбыз дүз көрген. Үйіңнен жылан қуғандай, Жаз кетсе, қаңғып күз көрген, Байлығың сенің қайда бар, Мал орнына қыз берген.

Бір жарамды жігітің Дулаттағы Алпысбай, Күнде арақ ішкені, Төренің үйі түскені. Жегені жасық қирадан, Алдында тақтай үстелі. Сен – Абақтың жүйрігі, Мен – тұлпары Тарақтың, Бәрекелді, Жамбылым, Салты осы ма еліңнің?!

Қаскелеңнің жігіті, Босатпас алдын қабақтың. Арақ десе, жымыңдар,

Құлқыны құрып, қылмыңдар.

Ішпесе, басы ауырар, Еліңнің басшы адамы, Қалаға жақын қонысы. Күнде салып салықты, Зар қақтырып халықты,

Мойнынан түспес борышы. Жеріңді сатып ұлыққа, Тарылған жұрттың өрісі.

Оразалы дегенің, Қарындасын өзі алып, Естімеген жол салып. Бір тентектің кесірінен, Шулады Дулат қозғалып, Көп ұзартып созбалық. Бұл да жетер басыңа, Әділдіктен озбалық.

Жамбыл:

Албырт жиен Жалайыр, Еліңде бұзық жоқ болса. Қожақан ішті неге арақ, Әулие, сопы көп болса. Көпке тиер кесірің,

Қожа мен молда бек болса, Дәулетті ата тек болса, Бойында арам кек болса.

Молда емес, ол – әзәзіл, Сүйкімсіз, жұртқа жек болса.

Сол Қожақан болысың, Меккеге барды қажы боп. Боза, арақ ішкен соң, Айтады несін қажы деп? Пара тағы жейді екен,

Ел ішінде қазы боп. Арамтамақ, ақ білек,

Қол астын жемей, қолдай ма? Басшы әділ болмаса,

Жұртқа әділдік орнай ма?

Ел қорғайтын ұл туса, Елді дұшпан торлай ма?

Шаңымды менің шалмайсың, Ұрсаң да қамшы борбайға!

Қырсық шалса жолыңды, Ісіңді Құдай оңдай ма?

Төрт түлік мал тұрғанда, Сойдырып шошқа соғымға, Шариғат жолы сондай ма?

Сен білмейсің, мен айтам, Қойшыбайдың атасы, Қайырсыз бай Қалдайың. Торғайдан торай қоймаған, Адалдап жиған малдайын. Ажырата білмеген,

Адал мен харам қандайын. Шариғаттың жолында, Арам жемек бар ма екен?

Тағы да жайың мынадай: Жасын кәміл толтырып, Қыз өсірдің бұладай.

Алыстан келген сәудегер, Керегіңді сатып ап, Қыздарыңменен жатып ап, Зауыққа сая қылады-ай... Желпінген көңіл басылып, Желіккен жүйрік тынады-ай. Сәудегер, молда зұлымсың, Халықтың көзін боядың, Қайыр басқан тұмадай.

Алты ауызды ала боп, Басыңды төре сұрады-ай, Мен боламын ханың деп, Хандығым жұртқа мәлім деп, Еліңді қысты қынадай.

Ханнан көріп қысымды, Күйзеліп жұртың жылады-ай.

Көтерген жұртқа бас қылып, Қайырымы жұртқа тимеген, Қаны қара залымды, Залымдығы мәлім-ді.

Алдына тура бара алмай, Барып, жауап ала алмай, Айта алмадың зарыңды. Жылқы, түйе, сиырмен, Қой, ешкіні сойып ап, Тартуға тарттың барыңды. Тартып алды еріксіз,

Жүк артатын нарыңды. Көз жасына қарамай,

Жылатып кемпір, шалыңды. Хан жарлығы солай деп, Бұқара бізге оңай деп,

Өрісі қатты тарылды. Ел қорғайтын ерлерің,

Алдына барып бас иіп, – Алдияр! – деп, жалынды. Арамтамақ құзғындар, Жоқтамай намыс, арыңды. Жауға бердің еліңді,

Қаны қара сұмырай, Қатты басты беліңді.

Үн шығармай тұншықтың, Шығара алмай шеріңді.

Ханның сесін қайырып, Еліңді даудан айырып, Алмадың қалай кегіңді? Әулие болса қайда еді, Ескелді би жалпағың, Төреге елін сұратып, Нашарларын жылатып, Қадірін білмей халқының Байтақ жатқан кең елге, Тиді кесір шарпының.

Елеурейсің ентігіп, Басылар қазір қарқының.

Ат-тоныңды олжа ғып, Қайт, еліңе, жарқыным. Жалайырдың ішінде, Сенің бабаң – Балғалы. Балғалының байлығын, Отырсың ба салғалы?

Байлығың сонша көп болса, Не ғып жүрсің бұл жақта Зекет, құшыр алғалы.

Антұрған деп айтады, Жалайырда қарғалы, Сөзімнің жоқ жалғаны. Әлі де айтып беремін, Тағы да болса қалғаны. Ауыз бірлік қыла ма, Ашулы болған кектісің. Байдан кедей бөлініп, Байға қара көрініп, Кедей ашу етпесін!

Аузың бармай отыр ма – Айтуға Көлбай, Маманды? Мырза, Күшік, Жалайыр, Аңдысты зұлым әманды. Кедейге жаны ашымай, Жақсылық іздеп басына, Жоламай бәнде қасына, Маман берер сазаңды.

Қарсы жауап айтуға, Келтірмеген шамаңды. Жалақор деп айтамыз, Жұртына бүлік салғанды. Би мен болыс, бай, манап, Пристав, князь, чиновник, Шулатып бала-шағаңды. Қай жақсың бар оларға, Қарсы тұрған табанды?

Қариямын, сұраймын, Сөзіме жауап бер деймін. Сиқыршы, залым, қу молда,

Бұған жауап бермесең, Қыс к... мен деймін, Ашып қара көзіңді, Сөз иесі мен деймін.

Бола алмайсың сен, сірә, Меніменен тең деймін. Сендей-сендей ақынның, Сөзбен жанын емдеймін. Өлеңмен шын тасысам, Ағып бір жатқан селдеймін. Айтайын мен білмесең, Өлгенменен пара-пар,

Қу басыңды кірлесең. Көмусіз бір күн қаларсың, Көпшілікті тілдесең.

Көпшілік дария көлдейін, Сол дариядан қансам деп, Әркім-ақ аңсап шөлдейтін. Бақыты жұрттың өрлесе, Мәңгі қалар сенбейтін.

Есеңгіреп жүрмесең, Елді неге даттайсың? Екі жүзді болмасаң, Байды неге мақтайсың? Қайыры көпке тимеген, Әкімдікпен билеген,

Жарлы-жалшы сүймеген, Ханды неге жақтайсың? Жегенің көп шашыңнан, Қылмысың үлкен басыңнан, Халыққа тиген пайдаң жоқ, Қайтіп тұзыңды ақтайсың? Екі ұртыңды қампитып, Сөйлейсің сен аптығып.

Еліңде ер бар ма деп, Сұрайсың және шаптығып. Зығырданы қайнаған,

Елім кірді кеңеске,

Ерлік туған емес пе. Жердің шелін сел жуар, Елдің кегін ер жуар.

Дауыл тұрса, бұлт қуар, Жердегі жауды жұрт қуар, Ерліктің оты лапылдап, Аспанға шығар күн туар. Сол майданда жалындап, Қолына алмас қару ап, Алатаудан ақырған, Жауын жеңіп жапырған, Қарасайдай ұл туар.

ҚҰЛМАМБЕТ ПЕН ЖАМБЫЛ

Құлмамбет:

Құлмамбет – менің атым, Құланаян, Менің Құлан екенім Тәңірге аян.

Албан, Дулат жиылып, бата берсе, Кеңес айтып, жырлайын етіп баян.

Құланаян Құлмамбет – менің атым, Сайрайды кеудемдегі жазған хатым. Албан, Дулат жиылып, бата берді, Құлақ салып, ұға бер, жамағатым.

Руым – Құланаян, мен – Құлмамбет, Сөйлесем, көңілімнен тарқайды дерт. Әрі-бері бұ жазған зуылдасын, Сөзімді ұға бергін, отырған жұрт.

Қара күңнің баласы Ысты бақыр, Кім өлсе, соған түсер заман ақыр. Жамбыл деген бар дейді бір немесі, Ақын болса, ол неме, қайда жатыр?

Сол немең қай жақта отыр, бермен шақыр! Әлінің, Сейітбаттал соғысындай,

Не болса да, боп қалсын ақыр-тақыр.

Айтыспай, бүгінгі күн кеткенімен, Шаужайдан ертеңгі күн алады ақыр.

Жамбыл деп осы арада жан мақтайды, Еркек қойдай құйрығын салмақтайды. Көрерміз әуселесін аздан кейін,

Болар болмас немесін ардақтайды.

Құдайберген, кісі жібер Жамбылыңа, Жамбылды болмады ма алдыруға?

Жамбыл деп осы арада ел мақтайды, Сол неме жарар ма екен пар қылуға?

Албан, Дулат тобында мен бір жорға, Менімен жарар ма екен шалдыруға? Тең жорға төрт аяғым бірдей шалыс, Менімен болар ма екен салдыруға?

Топтан озған о-дағы жүйрік болса, Кешікпей, шапшаңырақ шақыр мұнда!

Жамбылды Құдайберген алып келді, Жиылған халайықтың бәрі көрді.

Жамбылды ол Құлмамбет көргеннен соң, Жамбылға сүйкенісіп, сөйледі енді.

Сондағы Құлмамбеттің сөзі мынау, Арам тер талай ақын болды бұлау. Жамбылға сонда тұрып былай деді, Басқасы болмаған соң аяққа ылау.

Болғанда жол ағадан, тон – жағадан, Арлан бөрі соғады тау сағадан.

Бас қосып, бағландармен қалмақ үшін, Ізденіп, келіп тұрмын Қарқарадан.

Аузыңда сәлемің мен аманың жоқ, Үлгісіз көргенім жоқ сендей надан. Жүрмегін омақаса орға түсіп, Өмірі кішілікке баспай қадам.

Өлеңші иттен де көп, боқтан да көп, Әйтеуір, айтады ғой бірдеме деп.

Қайтқан құстай жиналып қалған екен, Біразырақ сөйлесін Құлмамбет кеп.

Өлеңші өршеленген толып отыр, Бірі көшіп, біреуі қонып отыр.

Мысалы дүниенің сол секілді, Бәрі де көрмегендей болып отыр.

Өлеңші толып отыр көбелектей, Тоғыз ақын толғанып төңеректей. Тоғыз тұрмақ, ақының он бір болса, Немене, бәріңді де басып өтпей.

Қамалып, қам теріге бүрмеленбе, Қысты күн қар астында қалған шөптей. Менімен жеңемін деп, желікпей-ақ, Қойыңдар, абыройды шашпай-төкпей.

Апырма-ай, Құлмамбеттің келді кезі, Қалай теріс болады айтқан сөзі.

Албан, Дулат бәрі кеп, атқа мінсе,

Ысты, Ошақты, Шапырашты дегенің немене өзі?!

Шапырашты дегеннің некесі жоқ, Бай болады диқаншы шекесі тоқ. Албан, Дулат бәрі кеп, атқа мінсе, Дегенің үш таңбалы керегі жоқ.

Шапырашты, сөйлесең, жаманың жоқ, Шүу десең, бәрің жүйрік, шабаның жоқ.

«Қанайлаған» қырғызды бөкселеген, Баяғыдай гулеген заманың жоқ.

Есіктен кіріп келдің, тайпақ қара, Өзің қандай, мен қандай, байқап қара! Аузыңда сәлемің мен аманың жоқ,

Не басыңа күн туды, дүзі қара?!

А, Жамбыл, үндемейсің дертің бар ма, Бір сапар үндемеске сертің бар ма?

Шапқанмен күнің мәлім, Шапырашты, Менімен сынасарға к...ің бар ма?

Мен айтсам, айтам қалың байлығымды, Дулаттан жиып жүрсің шайлығыңды.

Албан, Дулат жиылып, бата берді, Бұзбайды жандарал да жарлығымды. Ашулансаң, аспаныңды тастап жібер, Сен де аянбай қимылда барлығыңды.

Албан аға болғанда, Дулат-іні, Сөзінде Құлмамбеттің бар ма міні? Албан, Дулат – бәрі кеп айғай салса,

Ысты, Ошақты, Шапырашты не болар көрген күні?!

Домалақтың төрт ұлы есен болса, Барпу ішсең де қоймаспын бүгін сені. Жөнделіп, жүйткуші ем жөнсіз жерден,

Мен жауға алдырмаушы ем елсіз жерден.

Мылтыққа түтеп тұрған қарсы шауып, Асықсаң ажалыңа, келші бермен!

Болғанда мен ақсұңқар, сен – бір тауық, Сен – әтеш, айғайлағыш ауық-ауық.

Болмаса, аты шыққан – Сүйінбайың, Басқасын қою керек жылы жауып.

Ажал түртіп жүрмесін аңламастан, Оқтаулы ақберенге қарсы шауып.

А, Жамбыл, Албан да – ағаң, Дулат та – ағаң, Не қылса да, артық тұр менің бағам.

Қасқарау Нұрқанның жылқысын мен қаптатсам, Қырылар, Шапыраштым, бұзау-танаң.

Мылтыққа салып қойған мен бір пестон, Асықсаң, ажалыңа, келші, балам.

Бұлбұл қонақ бастанған Екейім- ай, Жұлып алып басыңды кетейін бе-ай!

Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді, Түбіңе таза тақыр жетейін бе-ай!

О, Жамбыл, бүгін болар ұрын тойың, Ертеңгі күн болады дәл шын тойың. Тобықтай тозаңынан жол таппайсың, Бабаның мен қаптатсам қалың қойын.

Аңлашы, Албан бай ма, Дулат бай ма, Сенің байың Шолақ бай Дулаттай ма? Әуелі Албан салайын, Дулат жайға.

Басқа сөз жайын қоя тұрып,

Қалың жатқан келейін Майлыбайға. Мұнан соң мен барайын Бектембайға, Тарпаң мен Тоқсейіттей байың қайда? Жүз мың теңге сандықта шіріп жатыр, Баласы Ниязбектің Сәрсенбайда.

Дәметкен сары майдан кеудең қайда, Жамбылым, енді келдің ұрар сайға. Ойың бар айтыспаққа меніменен, Түбінде кімге зиян, кімге пайда?!

Баласы Өтегеннің Нұрақан бай,

Хан Шойбек Қараүңгірде жатыр былай. Кебекбай, Қарабаймен алыс жатыр, Сатыбалды, Қанайды қайтесің-ай!

Және бар Тілеуқабыл, Үсенбайым, Сөйлейді шаршы топта бұлбұлдайын. Алма тартқан кісіге ат береді,

А, Жамбыл, білуші ме ең мұның жайын?

Тағы бар Жайылмыста молда Сәтім, Бақ пен қызыр іздеп кеп жалғасатын. Әулеті Сегізбектің серке болды, Салмағы қорғасындай қол басатын.

Бай болған Ормақайға қызыр дарып, Ысмайыл келген еді қажы барып.

Солардың үлгі көрген ұрпағы еді, Соғайын ер Мәңкені ауызға алып. Алпысбай, Мәлібекпен тағы да бар, Қалай айтсам сыйғандай шағы да бар. Ыдырыс, Құстоты мен ер Шұманақ, Кеңпейіл, кетпес дәулет бағы да бар.

Аманжол, Қасқарауда бек-Ноғайбай, Түп-түгел мал мен бастың бәрі де сай. Ерте жатып, кеш тұрған өңшең сырбаз, Ішкені шай, бұлардың жегені май.

Атасы қызыр шалған Малдыбайдың, Пірім, медет тіледім Әжібайдан.

Күйкі тұғыр сықылды, бір немені алып келдің, Әйтеуір, біреумізден төгілді айран.

Жамбыл:

Ал, қадыр, атыңыздан әуел қадыр, Бұл жерге келіп отыр Екей − Жамбыл. Көсілген аяғыңды бір жимайсың,

Не басыңа күн туды, Тәңір алғыр!

Ал, қадір, атыңыздан қадір дана, Құлыңа Алла деген болғын пана. Көсілген аяғыңды бір жимайсың, Не басыңа күн туды дүзі қара!

Құлмамбет, сөз сөйлейсің анықтамай, Алды-артыңды сөйлейсің парықтамай. Айтатұғын кісіңнің өзіне айтқын, Делбекезек кісідей шалқақтамай.

Ыстыда толып жатыр қой мен жылқы, Қасабек, Дәулетбақпен қызыл түлкі. Бабаның қата қойын маған салып, Досқа таба, дұшпанға болма күлкі.

Ал, Құлмамбет, Құлмамбет Ағып жатқан сумен кет!

Сумен кетсең, ел ішер,

Судан шыққан бумен кет! Онда да кесірің тиеді, Қызарып батқан күнмен кет! Күн де қайтып шығады, Оттан шыққан күлмен кет! Күлден ауру жұғады, Қараңғы тұман түнмен кет! Түн де қайтып келеді, Асқаралы таумен кет!

Кесірің жұғар Құлмамбет, Қу пәлекет, әрмен кет!

Таз Құлмамбет, сен салсаң, Мен де салдым байымды. Мен де байдан ап жүрмін, Азын-аулақ шайымды.

Асықпасаң, Құлеке, Табарсың әлі-ақ жайыңды.

Менің де Құтықсейіт байым бар, Қайтетұғын ойың бар.

Қалың байды қаптатсам, Болатын әлі-ақ тойың бар. Жылқысының бір шеті, Алматының өзенінде.

Бір шеті Қарақыстақ, Қастектің кемерінде.

Несі болмас құданың бермесіне, Бұған қайтіп жетесің?

Жалған сөйлеп не керек, Айтайын сөздің төтесін. Жылқысының шетіне Жарамды атпен сабаулап, Он күнде әрең өтесің.

Оны саған салып не етейін, Оны да тастап кетейін.

Алматыда аяңдап, Медеу байға жетейін.

Пар келмес сенің байың Медеу байға,

Бұл Жамбыл Медеуді айтпай, кетпес жайға.

Тоқсан екі шолақты жинағанмен, Жазған-ау, бұған жетер байың қайда? Қырық мың сомға жалдатып, Қалаша көк үй салдырған.

Асыл тастан оюлап, Қараса, көзді талдырған. Әнжан, Тәшкен, Марғұлан,

Қызылжар, Семей, Жаркенттен, Керек болса ақшаны

Көн қапқа салдырып, алдырған. Ел көшкенде қазынасын, Алпыс нарға арттырған.

Асыл кілем жаптырып, Жібектен арқан тарттырған. Әлемді алып байлығы, Әсемдігін арттырған.

Оны саған салып не етейін, Мұны да тастап кетейін.

Алатауды бөктерлеп, Бұны да сырғып өтейін. Қалай айтсаң, олай айт, Құлмамбет, саған төтейін. Бұдан шығып аяңдап, Қастекке барып жетейін. Ол Қастекті жерлеген, Ырысы судай өрлеген,

Сұраншы, Сауырық батырым, Шеніне дұшпан келмеген.

Ақ кіреуке жамылып, Ат кетпеген кермеден.

Садағын белге байланып, Жауға қылыш сермеген. Қамын ойлап халықтың, Тар кезеңде бермеген.

Тоятын тілеп алыстан, Тұғырда тұрып, жем жеген.

Барайын енді аяңдап Сыпатайға,

Бұл Жамбыл Сыпаны айтпай, кетпес жайға. Қайыры қарашыға сондай жақсы, Қандырар сусындатып, қант пен шайға.

Жылқысының жоғары шетін айтайын, Қарақыстақ, Қастекте.

Аралауға амандап, Жылқышы мінер мескөкке. Таз Құлмамбет жолықтың, Ашылмас тұман, ескекке.

Ырғайты, шеті жатыр Ақтеректе, Арғымақ мінгізеді ат керекке.

Түгендеп, бір жұмада бола алмайды, Көсілтіп, қамшы басып Көксерекке.

Өзінде 83 мың жылқысы бар, Асыл тұқым жинаған әр түлік мал. Зар емес еш нәрсеге балалары,

Жегені – шекер мен бал, жая мен жал. Тоқсан екі жылқышы аралайды, Оларға тіл тигізген жарамайды.

Қанша халық аралап жүрсем-дағы, Жалғанда көргенім жоқ ондай байды.

Мына шетін айтайын: Қозыбасы, Қордай-ды. Оған тіл тигізген оңбайды. Қасиеті сонша мол,

Егіз де екі болмайды. Жүгі қалып жұртында,

Керегесін көк ішінде қомдайды.

...Аузы асқа жарымай, Сөйтіп, Құдай жондайды. Көсегесі көгеріп,

Көгал жерге қонбайды. Бұл сөзді мұнда тастайын, Сабыр қылып саспайын. Теріскей тұрсын жайына, Күнгей жақтан бастайын. Ол күнгейді жерлеген, Желмая мініп желменен, Түрікпеннен Түктіқұрт,

Сол кісіден тараған. Байтелі, Қамен, Дәулет-ті, Жәпекпенен төртеуі – Бәрі бір-ақ әулет-ті.

Үш мың бес жүз жылқы айдап, Түзеген кәсіп, сәулетті.

Асықпай тыңда, Құлмамбет, Берейін кезек нәубетті.

Онан бері асайын, Теріскейге қадам басайын. Жоғары шеті – Мырзабек, Бар еді өңшең қаракөк.

Арғы атасы Қашке хан болған, Қылған ісі Құлпейіске таң болған. Аруақты бек болып,

Ауданымен көп болып, Сондай-сондай жан болған. Төменгі шетін айтайын, Әлі менен Нұрабай,

Хан Қашке тұқымы. Атасы жауға аттанып, Ат құйрығын бұлады. Онан былай өтейін,

Көзіңді сенің көр қылып, Көлденеңдеп кетейін.

Ертерек жүріп ентелеп, Серектасқа жетейін.

Серектасты жерлеген, Байлығы тасып көлдеген, Қилыбайұлы Қожманбет, Көк берендей түтеген.

Көкірегіне Құдайым, Тоқымдай нұрды бітеген. Айға білеп азуын,

Әр шыңға қолын сілтеген. Көтерілсе талайым, Түстік жерге тоқтамай,

Өтеген, Қазыбекке барайын. Сол жерде жатқан Өтен деп, Атамыз қылған мекен деп,

Ыбырайымның алты ұлы – Патшадайын өңленген.

Ең үлкені – Нұрқожа, Онан кейін Айқожа, Онан кейін Байқожа, Райыс, Допас тағы бар,

Алланың берген бағы бар. Ең кенжесі Аспар-ды,

Бұл Жамбыл көк қабандай қасқарды. Шын пәлекет басталды,

Таз Құлмамбет, сен болсаң, Көлемін көктің бөктеріп, Тіресең, таста аспанды!

Құлмамбет:

Жамбыл, отқа салар майың жоқ па, Құдайға айтып сояр малың жоқ па? Есқожаға сүйенген жазған екен, Саларға өз еліңде байың жоқ па?

Шүу десең, Шапырашты, шабаның жоқ, Бәрің жүйрік гулесең, шабаның жоқ.

Қырғызды «Қанайлаған» бөкселеген, Саурық, Сұраншыдай заманың жоқ.

Өлеңді бір соғайын түйдегімен,

«Әжібайлап» соғайын бүйрегіңнен. Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді, Сен тұрмақ, үміткермін үйдегіңнен.

Ойбай-ай, мына к..і түртті Құдай тағала, Ісіне құдіреттің не дүр шара?

Шапырашты басымен шалқақтайды, Орыстың заманына не дүр шара?

Шапырашты, мақтанба к...т белгілі, Әркім-ақ тұрған шығар беп-белгілі. Құландыда қайырып қуға салса, Тышқан алған көруші ек бөктергіні.

Сен маған салғалы отырсың ба көптігіңді, Тіпті, керек қылмаймын септігіңді.

Айыл жіптен тартып кел шеттігіңді, Ерегіссем, үземін көпшігіңді.

Салғалы отырсың ба ерлігіңді? Ерлігіңмен саласың беклігіңді.

Ерлік пенен беклікте нең бар, сорлы, Ерлік пенен беклігім сенен артық.

Селтеңдеген серкенің ажалы дөп,

Ақыр түбі Сауырық, Сұраншы жаудан өлген, К...ді сүртпеймін ендігіңмен.

Сұраншы сарттан өлген Сайрамдағы, Ерлікпен тапқан олжа, пайдаң-дағы. Қамалға қан тартқан соң қойып кетіп, Жайғады Сарыбоздың саймандары.

Саймансыз Сайрамдағы сарттан өлген, Шоқпарлы Сарыбоздан жәбір көрген. Ерлікте, батырлықпен нең бар жазған, Быт-шыт қып, денелерін жерге көмген.

Жамбасы Сарыбайдың сонда шыққан, Дәлелді сөзім – осы, естіп ұққан.

Иман айтып, жаназа шығармастан, Апарып, екі бүктеп, жерге тыққан. Алдымнан айғақ болып шығады-ау деп, Жүрмісің көлбелектеп, қорқып сұқтан.

Жамбыл:

Екейден мен айтайын Байсалбайды, Тең жорға төрт аяғы тайпалмайды. Аңырып әніме аңдар қалатұғын, Өлеңді бүйтіп жыршы айта алмайды. Апиыншы Албанды сонша мақтап, Құлмамбет немене деп сайтандайды. Миллион сом сандықта шіріп жатыр, Мың сегіз жүз түйе бар Байсалбайда. Пақыр мен желісіне мүскін келсе,

Ат пен түйе мінгізбей қайтармайды.

Мың-мыңнан қойы қоздап шулап жатыр, Бес жүз құлын желіде тулап жатыр.

Екі адамға бір саба орнатады,

Қонақ қонса, қой сойып, қол қусырып, Күнде той, тамашамен дулап жатыр.

Тағы бар бұ жағында Асылбегім, Шынжырлы, шұбар балақ, қаракөгім.

Байсерке, Байғабат пен ер Шотай мыңғып жатыр, Айта берсем, таусылмас оның көбін.

Жақсылық жамандықпен теңшеледі, Кім жүйрік, кім шабан екшеледі.

Сатайдың сақасы өрде жатыр, Оны да көрген дұшпан сескенеді.

Жалғыз-ақ, сен болмасаң, таз Құлмамбет, Жамбыл да сенен өзге ақынды еңселеді.

Оның рас, таз Құлмамбет,

Сұраншы Сауырықпен жаудан өлген, Құдайдан шейіт болып, қаза келген. Осы сөз қырсық болар, қойсаңшы сен. Қажылық қып кетіп пе ед Мақсұт ағаң, Шытыр жеген түйедей көні кеуіп,

Бір сайда іріп-шіріп, даудан өлген. Ұрысып, ағайынмен, аунап өлген. Әртүрлі жамандықты естіп өлген, Қорлықпен буындырып, күшпен өлген. О немең өлгенде де жөндеп өлген,

Аузына бірдемесін тістеп өлген.

Не деп айтқалы отырсың, таз Құлмамбет, Керейқұл мен Сақаудан аз Құлмамбет.

Алақандай басыңда бір қылың жоқ, Боласың неменеге мәз, Құлмамбет. Құлмамбет, мен білемін түбің уақ, Арқадан кісі өлтіріп, келдің шуап. Басыңды осы арада кесіп алсам, Құныңды алар кісі жоқ, іздеп-сұрап. Үстіңе жайдың оғын жайлатармын, Екі қолыңды артыңа байлатармын.

Безбелет, кісі өлтірген қашқын жүр, − деп, Жұртыңа здавайттап айдатармын.

Қызыңды төрт ат, жүз теңгеге сатып жүрсің, Қызыққа, тамашамен батып жүрсің.

Соттан сотқа басыңды шатып жүрсің, Сары иттей ине жеген қатып жүрсің.

Құлмамбет, ақын Шаншар, суандалдың Нашар едің, бұл күнде жуандалдың.

Сенің де мақтанатын жайың да жоқ, Қуарып, үш бешпетпен қуаңдадың.

Құлмамбет, Суанды алдың Албанменен, Албандай бай болмадың алғанменен.

Байғұс-ау, қай жеріңнен мақтанасың, Ісің жоқ, шешең жұртта қалғанменен.

Арқадан ауып келген ақтабансың, Елді алдап, ақынмын деп мақтанасың.

«Таз Албанның баласы Құлмамбет» деп, Дүйсенбай, Сәт, Мәңке жанын беріп, ақтап алсын.

Жамбылдың жеңіп, бәйге алған жері, Жеңіліп, Құлмамбеттің қалған жері. Ішегі Құлмамбеттің үзіліп қап,

Осы екен, бір азғантай арман жері. Желөкпе, Құдайберген тентек адам, Жеңді деп біздің Жамбыл, не қылса да, Ұрыс-керіс, шатақты салған жері.

Сонан соң бұл Жамбылдың даңқы шыққан, Болған соң абыройлы барған жері.

НОҒАЙБАЙ МЕН ЗЫЛИҚА

Ноғайбай:

Ішінде қалың Найман әкем туған, Мен, Ноғайбай, жасымнан өлең қуған.

Көзімді алып, Құдайым сөз беріпті, Болсын деп жүрген жері күнде думан.

Зылиқа:

Жиын десе, Ноғайбай, жының бар ма, Ел қыдырмай жүретін күнің бар ма? Сал жігіт салтанатты сен емессің, Келісті, ел көретін түрің бар ма?

Ноғайбай:

Көзің соқыр демесең, мінім қайсы? Соқыр көрсе, иектер жының қайсы? Ел дария болғанда, біз – қоңыр қаз, Елсіз жерде көретін күнің қайсы?

Зылиқа:

Елге қонбас қоңыр қаз көл болмаса, Естігеннің бәрі – ағат, көз болмаса. Ел қолында сайраған мен бір бұлбұл,

Сөз бермейтін сыңар жақ кез болмаса.

Ноғайбай:

Есерсоқсың, Зылиқа, той тойлаған, Суық жүріс әдетің бір қоймаған.

Жол жағасы бір түп ши пана тапса, Кім көрінген сүйрелеп, сор қайнаған.

Зылиқа:

Көзі соқыр, кейіпсіз түрі шұбар, Кеудесінде жаны бар, тірі шығар. Кім екенін білмеймін, кез келіпті, Өсек-аяң тергеннің бірі шығар.

Ноғайбай:

Асыл жасық болмайды кеміткенмен, Есек жылқы болмайды семірткенмен. Адам болып келіп ең қай балшықтан, Калай жүріп-тұрса ерік берген.

Зылиқа:

Адам болып келіп ең қай балшықтан, Ауырғаның жоқ па еді айланшықтан?

Тіл-жағыңа сүйенбей, жөніңді айтшы, Адамсың біз білмейтін кайдан шыққан?

Ноғайбай:

Руым – Каракерей, шешем – Мұрын, Жеті ата Жолымбетке төккен нұрын. Батыры Каракерей ер Қабанбай, Аталған кімнің аты одан бұрын...

* * *

НОҒАЙБАЙ МЕН АЙБАЛА

Айбала:

Сұрасаң, Шонтай қызы Айбаламын, Құлпырған түлкісіндей айдаланың. Келсе де, рулы елді асырайтын, Бәрі бай толықсыған айналамның.

Ноғайбай:

Сүлейменнің баласы Ноғайбаймын, Алты арыстың ішінде жоғалмаймын. Өлеңменен жан сақтап жүргенім жоқ, Ат пен түйе берсең де, мен алмаймын.

Айбала:

Жақынырақ Зайсанға қоныстарың, Қара нан жеп көбейді-ау борыштарың.

Екі ауыз тіл орысша үйренем деп, Алексеймен дос бопты болыстарың.

Ноғайбай:

Алексей арамдықты қаламайды, Ақкөңіл, білсе, ақылын аямайды. Өтірік-өсек, ұрлық жоқ әдетінде, Өмірін өз қолымен жаңалайды.

Татар да бар арада, орыс та бар, Алыс-беріс арада борыш та бар.

Адалдықпен жақын боп сыйласқандар Алысынан сыйысып, қоныс табар.

Достықты дұшпан адам қаламайды, Сүйеуге қолын созып, жарамайды. Орыс, қазақ сыйлаған Бұтабайды Дос болса, Таңғыт неге қаралайды?

Айбала:

Өзің надан, еліңде бар ма молда? Жастайыңнан жарытпас түстің жолға. Жар басына шыққандай шалқаясың, Күңіренген қу тақтай алсаң қолға.

Ноғайбай:

Тумай жатып, Құдайым көзімді алған, Қолдан келмес нәрсенің бәрі де арман. Көзім соқыр болса да, ойым – ояу, Бұтакеңнен сақтасын, көңілі надан.

Айбала:

Ақшаарал, Ақаралмен жерің байтақ, Ылай судан өте алмас адам аттап.

Қалың қамыс, қопадан жол таба алмай, Жақындарың адасқан жүр ғой қаптап.

Ноғайбай:

Бұтакең жер шұрайын алған таңдап, Айналыпты тақырға жері шандақ.

Сасайдың қуысына қуып тастап Еліңді тозғындатты жаудай шарлап.

Айбала:

«Терісайырық» – теріс аққан бұлақ екен, Кең өріс, жері шүйгін құнарлы екен.

Қойнынан төрт түлік мал арылмаған Ырыс қонған ауылдың тұрағы екен.

Майшілік, Қандысудың жағасында, Ақ астық Шіліктінің даласында.

Тәңірім өзі ұйғарып, бөліп берген, Бес Саты, алты Жұмық баласына.

Ноғайбай:

Ақ бидай Майлыбайдың алқабында, Шалғын шөп Ақарал мен Алпарымда. Мал жұтап, ел күйзеліп көрген емес, Кақаған қыстың аяз қаңтарында.

Алпардың ауылым қонған алқымына, Саялап, мал жатады салқынында.

Ақ сұлы, қызыл тары, көк жоңышқа, Несібе құт-береке халқымызға.

Айбала:

Батыры Қаракерей Қабанбайды, Казақта кім білмейді Шаянбайды?! Жас бөрі Қоңыр менен Құрбан кажы, Жанына дұшпан батып, бара алмайды.

Бір ру Байжігітте аты – Мәмбет, Құдайым аямай-ақ берген дәулет. Шығыпты сол Мәмбеттен ер Қабанбай, Атынан жарықтықтың садаға кет.

Ноғайбай:

Баймұрат, ер Жәнібек, Мырзаш батыр, Батырлар атай берсем, толып жатыр.

Жиен қыз тентектікке сала берме, Қабакең бар қазаққа бірдей батыр.

Ел қорғаған елімнің батыр қызы, Наркескен, ақ семсердей өткір жүзді. Қаптаған «Қызыл аяқ» қалың жаудың, Садақшы қыз Жәнделі шебін бұзды.

Гүліндей жауқазынның нәзік жүзді, Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызды. Азаттықтың аққуы – Жәндәлімнің, Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі.

Айбала:

Содан бері көп жылдар өтпеді ме, Арманы асыл, есіл қыз кетпеді ме? Қызға сойыл ұстатып, аттандырып, Ер жігіті еліңнің жетпеді ме?

Ноғайбай:

Ару қыздан ардақты ат қалыпты, Кыз болса да, ер ісін атқарыпты. Ерлік жігер, ар-намыс қызға жат па? Ел намысын қорғауға аттаныпты.

Айбала:

Ағажан, бойың – мынау, ойың – мынау, Біраз күн мұнда келіп, тойындың-ау.

Бір шырпы тигізетін септігің жоқ, Қапылыста қамаса, еліңді жау.

Ноғайбай:

Бой сұрамас қысқа бой ұзын бойдан, Ар-инабат табылар ақыл-ойдан.

Домбыраммен мен шықсам, елмен бірге, Өзің қайда боласың, оны да ойлан.

Айбала:

Бүйтіп жүріп, сен қайтып оңаласың, Алдырсаңшы көзіңнің ноғаласын.

Алдырмасаң, көзіңнің ноғаласын, Қарақұрық болғанда жоғаласың.

Ноғайбай:

Әкең – Шонтай, Бұтабай – саған ата, Қалыңмалың болыпты бір топ мата. Бақалшыға кез келген сені тартып, Жұлған қаздай қылыпты сата-сата.

Айбала:

Естуші едім жігіт деп тобындағы, Асатаяқ зар тұтқан қолындағы.

Жеті жыл мешел болды деп естіп едім, Жаман иіс кетті ме тоныңдағы?

Ноғайбай:

Жиналған қайдағылар айналаңа, Сала берме, Айбала, байбаламға. Бесік табы сенің де арқанда жоқ, Менің тоным қалыпты айдалада.

Айбала:

Ақманатқа ақаусыз шаң жұғады, Өтірік-өсек досты да жау қылады. Өнімсіз өсек сөзді теріспейік,

Сау басыңды сандалтып, даң қылады.

Ноғайбай:

Ноғайбай он жасымнан атанған ем, Иіліп, үлкендерден бата алған ем. Кіршіксіз жүрегіңді кір шалған ба? Сұрауға аялдадым, бата алмап ем.

Айбала:

Болады кейде бойды мұң басқандай, Іздетер серік болса мұңдасқандай.

Көңілді жабырқаған жадыраттың, Ағажан, жанашырым жолығысқандай.

Қалбаның қалың дейді қарағанын, Бесті атың сұлу дейді жарағаның.

Сыйласып, дос құшақпен жолығысайық, Ағатай, менен бар ма қалағаның?

Ноғайбай:

Аққайран су ішінде тоңбайды екен, Жүзгенде ол да қанат қомдайды екен. Өмірде ащы да бар, тұщы да бар, Жалғанның жарығындай болмайды екен.

Айбала, асыл жансың білдім танып, Көрмесем де сындарлы жүзіңді анық. Қалаудың қадірлісі – ұмытпағын, Жүргейсің есімімді есіңе алып.

Айбала:

Үміттің самал желі есе берсе,

Жан біткен жақсылыққа жете берсе. Оралмас өткен істің керегі не, Аңсатып, арман алға жетелесе.

Дүниеде адам аз ба жүрген жүдеп? Сонда да талпынамыз өмір тілеп. Тағдырдың тәлкегіне берілмейтін, Ағатай, Сізде емес пе үлкен жүрек?!

АЙҚЫН ҚЫЗ БЕН ЖАРЫЛҚАСЫН ҚОЖА

Айқын:

Қожеке, есенсіз бе, сәлем бердік, Мүбәрәк дидарыңды жаңа көрдік. Жүзіңде рақымың бар жан екенсің, Жоқ шығар көңілінде такаппарлық. Өзің біл сөйлескенде не деріңді, Әлік алып, қолыңды көрісерлік.

Жарылқасын:

Жарқыным, сәлем берсең, сәлемет бол, Жетеді мұратына өлмеген құл.

Сіз сәлем берсеңіз, біз әлік алдық, Сүндеті пайғамбардың қазулы жол. Көріссең, көрісем деп айтқан сөзің Әрқашан шариғатқа теріс емес бұл. Таранған тотықұстай бала екенсің Және де екі бетің – алқызыл гүл.

Порымың қатарыңнан артық екен Болғанда қасың қара, шашың сүмбіл. Ат біліп, жүз танымақ бір ғанибет Абзал-дүр сөйлеспекке атың білдір!

Айқын:

Бексары – әкем аты, Айқын – атым, Сүйгеннен Айымторы дейді халқым. Бекмұрат бірге туған жалғыз ағам, Осылайша айтайын сөздің салтын.

Осындай түсіндіріп тамам еттім, Шұбалтып, не қылайын сөздің артын?! Көңілімді қалдырар деп ойламаймын, Секілді сөзің – жібек, жүзің – алтын.

Адамзат айтса, білер, ашса, көрер, Білмейді бұл жақтағы сізді халқым. Қожеке, өзің айтып, білдірмесең, Қожаңның кім біледі қазақ, сартын?

Жарылқасын:

Ойлап ем бір бала деп жүзің жарқын,

Тілің – кілт, кеудең – сандық, ақылың – алтын. Ақылың көп те болса, шашың ұзын,

Жібердің келістірмей сөздің артын.

Қыз Торы, мына сөзің не дегенің Қожаның білмеймін деп қазақ, сартын? Қазының сондай жақсы баласымын, Еліңде жөн білетін жоқ па қартың?

Айқын:

Қожеке, сөзің – шырын, жүзің – алтын, Тартты ма малал келіп, көңілің салқын. Айтты деп мұндай сөзді көңіліңе алма, Айтып ем әшейін-ақ сөздің салтын.

Қылатын елді таныс қосшы еді Сұрамай, қайдан білсін сізді халқым? Баян қыл, тақсыр, маған өз затыңды, Бабаңа кір келетін жері бар ма, Атаңның айтсаң маған қойған атын!?

Жарылқасын:

Айт десеңіз, айтайын атымды мен, Қылайын сізге баян затымды мен. Темір, жауһар артығы асыл тас-ты Көтерсең, айламенен батымды сен. Ер тұтып, әйел басың сөз айтасың, Болмаспын өтірікші батыр десем. Атымды өздігіңмен біле алмассың, Қыз Айқын, өзім айтып, білдірмесем.

Өтіпті бізден бұрын Хазірет Әлі Ұжмақтан шыққан оның Зұлпықары. Сұрасаң, арғы атамды Сүгірәлі, Бергі атам онан туған Ібірәлі.

Бабам – хан, атам – Нұржан, әкем – сері, Пір тұтып, қол тапсырған жұрттың бәрі.

Сұрасаң, өзім атым – Жарылқасын, Жел сөздің қайдан білдің табылмасын? Атам мен өз атымды баян қылып, Келтірдім осылайша сөздің нәшін.

Айқын:

Қожеке, нағыз әулет пір екенсіз, Артықша сөйлер сөзге дүр екенсіз. Қожеке, нағыз әулет пір де болсаң, Жел сөзбен жеңіл тартып жүр екенсіз. Қожаға нағыз өлең бұйрық емес, Қоймасаң, ата жолын кір етерсіз.

Жарылқасын:

Өнерді Тәңірім берген, Айқын, маған, Ер едім айтар сөзден тоқталмаған.

Тілеуқор нағыз пірдің баласымын, Бармаспын жамандыққа келсе шамам.

Орынсыз жаман сөзді айта алмаймын, Ұятты Тәңірім берген, Айқын, маған. Бұл өлең ұят болса, неге айтасың?

Естідім сен де оқыпсың Құран кәләм. Бұл өлең күнә де емес, сауап та емес, Айтады күнә ғой деп білмес надан.

«Жығылған сүрінгенге күлер» деген, Келді ме соның кері, Айқын, саған?

Айқын:

Атыңды жаңа білдім, Жарылқасын, Көреді әркім тәуір ықыласың.

Басыңда бақыт құсың бар шағында Кем емес падишадан қара басың. Есітіп көрген жерден абайларсың Айқынның айтқан сөзін, даражасын. Жігітке мақтап айтқан жарамайды, Айтамын мақтамай-ақ сөз расын.

Қоймасаң жігіттікпен өлеңіңді Халқыңның қайтарарсың ықыласын.

Жарылқасын:

Жарқыным, бұл сөзіме құлақ салшы, Қалмайды ердің жерде қара басы.

Ерді әйел кемітеді деген рас,

Қыз Айқын, солай ма еді сөздің нәші? Айтамын насихатпен мен өлеңді Жұртымның неге қайтсын ықыласы?

Айқын:

Түйе мал жүк көтермес мешеуінде, Сөзімді қалдырмаңыз кешеуілге.

Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз, Өлерін пенде білмес неше күнде. Сұраймын сізден, тақсыр, білмек үшін, Жасыңыз жиырманың нешеуінде?

Жарылқасын:

Түйе мал жүк көтермес мешеуінде, Сөзіңді қалдырмаймын кешеуілге.

Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз, Өлерін пенде білмес неше күнде.

Қай жылы туғанымды білмей жүрмін, Жасымыз ата-ананың есебінде.

Білмесек те, шамалап айтар едік, Көңіліңіз разы болса нешеуіне? Кәдімгі қырық жартысы жиырманың Қыз Айқын, уәлле ілім, үшеуінде.

Айқын:

Қожеке, дидарыңды жаңа көрдік, Алдында мырзалардың айтпай желдік. Дүние фани деген кітапта бар,

Бұл үш күндік дүниеде дәурен сүрдік. Білмей айтып, ұялып қалмайық деп, Сол себептен жасыңызды сұрап едік. Бізге сіз екі жылдық аға екенсіз, Ағаға қарсы келмес, жаңа білдік.

Жарылқасын:

Дәм айдап, келіпсіз сіз сонша жерден, Дұшпанның көп жақсы емес сөзіне ерген. Тарқамас сөзден құмар, Айымторы, Сенімен бір сөйлеспей арман-бермен.

Адамзат айтса білер, ашса – көрер, Бұл жаққа сіз келдіңіз не түрменен?

Айқын:

Білмейді Хақ әмірін надан кісі,

Сөз айтпақ тыңдамаққа көңіл хошы. Бір елдің Айымторы ақыны едім, Өксітіп не қыласың мен байғұсты? Шығуана ат та қашып, ұстатпайды Егесі қылған болса, жақпас істі.

Жұлдыздар аспандағы жерге түсер, Құдіреті Құдайымның сондай күшті. Дәм айдап, сонша жерден келіп жүрміз, Ежелден бұл оқиға – Хақтың ісі.

Жарылқасын:

Жарқыным, ерге сіңбес ердің малы, Тәңірінің екі болмас бұйырғаны.

Тәкаппарлық көңілге келіп қалып, Еліңнен көшіп шықтың көп түйелі.

Жастықпен мұнша жерге қалдың келіп, Арадағы дұшпанның тіліне еріп.

Тағдырға шара бар ма солай болса, Кісі жоқ еріп шыққан саған серік. Ағайынды ұмытып жүрмегейсің Сөзге жауап берсең де, аттай желіп.

Айқын:

Әуелі сиынамыз құдіретке, Сиынсақ, медет берер қатты дертке. Сыр ашпай, сүйенісіп отыр едік,

Қожеке, бір сөз айттың, шауып бетке. Ғалым бар кітап өртегендей дегендейін Көңіліңіз толмай тұр қай ретте?

Жарылқасын:

Біз-дағы сиынамыз құдіретке, Сиынсақ, медет берер қатты дертке. Сыр ашпай, сүйенісіп отыр едік,

Сен-дағы бір сөз айттың, шауып бетке. Ғалым бар кітап өртегендей деп айтасың, Аяғы шын боп кетті сол себепте.

Көңілін күйеуіңнің неге ауырттың, Қыз Торы, көңілің теріс құдіретке.

Айқын:

Сол ма екен басымдағы барлық мінім, Сіз айттың біз білмеген сөздің шынын. Бекмұрат бірге туған жалғыз көкем, Отыр ем кейін көрмей сізді бұрын.

Келмей-ақ сүйеу сөзге тамырландың Жоқ па еді айтып көрген оны бұрын? Көп жеңіп, осы сөзбен дәм татыпсың Шөп желке, жаман-жәутік қызды бұрын.

Әйелше өсек ашпақ сөз айтасың, Қожеке, солай ма еді сенің сырың? Ризасыз неке харам деген қайда, Жоқ па еді оқығаның оны бұрын?

Жарылқасын:

Жарқыным, жүзің көркем, сұлу сыртың, Қияды көрген адам не ғып ұлтың?

Білгенімді еш адам білмес дейсің, Осылайша, Айымторы, пиғыл-құлқың. Ризасыз неке харам деген болса, Қалды ма ризаланып қайын жұртың?

Айқын:

Қалдырма, қожа, бізді қасіретке, Толады ішім менің қайғы-дертке. Біз жүрміз сөзімізге жетелік деп Бірнеше ерегесіп еткен сертке.

Өзінің өз қылғаны келді алдына, Дүниенің өші қалмас ақиретке.

Жарылқасын:

Жарқыным, ерге сіңбес ердің малы, Тәкәппар біреу болса, шықсын жаны. Нақақтан бір жаратқан падышаны?

Нақақтан сізге келіп, ол ұрынса, Мойнына, мейлі, болсын өз обалы.

Айқын:

Болыпты сізге мағлұм барлық сырым, Сіз айттың біз білмеген сөздің шынын. Шығардың қара өлеңмен түрлі қаяу, Сіз айттың, біз сұрадық сауал түрін.

Сұраймын сізден, тақсыр, білмек үшін, Тәңірім не жаратты жаннан бұрын?

Жарылқасын:

Жарқыным, сөз сұрадың қиын қатты, Жел сөзбен көтерейік көңіл шатты.

Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айталық, Әуелі Хақ Тағала тау жаратты.

Қызыл, көк тау ішінде бау жаратты. Жаппар ғазым өздері рақым сөйлеп, Жаратушы ол тауға назар етті.

Тау еріп, қорғасындай балқыған соң, Маужырап, көбіктері аспанға атты. Тәңірім сол көбіктен жер жаратты. Ерімей түбіндегі қалған тастан Бәйтүл мақсұт атты бір нұр жаратты. Бір үлкен түсі жасыл құс жаратты.

Кеңдігі бұ дүниедей он мың шәһәр Баршасын құдіретімен Хақ жаратты.

Толтырып сол шәһәрдің бәрін дәнге, Хақ Тағала ол құсқа әмір етті.

Сол дәні таусылған соң өлесің деп, Әр күнде сол дәнінің бірін жұтты. Ақырында, сол дәні таусылыпты. Біреуі сол дәнінің қалған екен

Оны да қырық бес жыл сақтап, тағы жұтты. Сол дәнді жұтқаннан соң жанын апты,

Сол құстың денесінен адам шықты. Қалайша жаралғанын бұл дүниенің Сұрасаң, Жарылқасын тамам етті.

Айқын:

Қожеке, көтерейік көңіл шатты, Жаратқан жадыма алып жаббар Хақты. Жел сөзді Тәңірім берген сөйлесін деп Жаратқан мимен қосып тіл мен жақты. Тіршілікті өтейік базар етіп,

Болса да, өзге жалған, өлім хақ-ты. Дүнияға нәзіл болған жанның бәрін Бір күні жұмырады топыраққа.

Сұраймын сізден, тақсыр, білмек үшін, Тәңірім бұрын жаратты қай қаріпті?

Жарылқасын:

Ойлайды ақылды адам сабырлықты, Ойлайды жаман адам жәбірлікті.

Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айталық,

Тәңірім бұрын жаратты «нұн» мен «кафті», Жаратты «кафтан» жерді, «нұннан» – көкті.

«Кафтан» – жер, «нұннан» көкті жаратқан соң, Он сегіз мың ғаламды тамам етті.

Айқын:

Қожеке, құлақ салып тыңласаңыз, Алдына қазір болсын сөзің бәрі. Бір ақ қой, бір қара қой кезек оттап, Тынбайды бір сағатта ауыздары.

Қара қой отқа шықса, қалқа ұрып Қалмайды отырған жан еш манзелі. Ал, ақ қой кезегімен отқа шықса, Болады шат һәм харам жанның бәрі. Қожеке, сол екі қой не қылған қой, Баян қыл, біз сұрадық, тақсыр, соны.

Жарылқасын:

Тілеймін әуел тілек Құдайымнан, Пайда жоқ ер жігітке уайымнан. Болса да, саған қиын, бізге асан, Жарқыным, сөз сұрадың оңайынан. Бірі Күн екеуінің, біреуі – Ай,

Деп айттың мұны сауал қалайынан? Түн болса, жұрт ұйқыдан арылмайды Жорыдық бұл сөзіңді солайынан.

Халайық күндіз болса, сайран етер, Мен сенің тоқталмаймын мұндайыңнан. Сөз сұра мұнан гөрі қиынырақ

Жел сөздің озып жүрмін талайынан.

Айқын:

Кімнен өтпей қалады дүние жалған? Пасық – антқа, мұсылман сертке нанған. Армансыз бір сұрайын сауалымды, Білімің сіздің артық жүмле жаннан.

Жауап бер бұл сөзіме, ақылың кәміл, Неше жыл Әбубәкір патша болған?

Жарылқасын:

Қыз Торы, пірлі сөзге келдің жаңа, Тіліме медет бергін, Хақ Тағала.

Айтайын білгенімше хикаятлап Сұрасаң білмек үшін, Айқын бала. Хазірет хақ өмірден өткеннен соң Мекке мен патша болған Мәдинаға. Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айтайық,

Екі жыл алты ай патша болды Әбубәкір. Туғаннан өлең сөздің мекенімін, Қойсаңыз, тигізермін нысанаға.

Жүйріктің озып жүрген тұқымымын, Ғазиздің әулетімен нағыз ғана.

Жүйрігі Қоңырат елінің, сұлу Айқын, Бар болса, тағы сөзің сұрап қара.

Айқын:

Хазірет Әмір, хазірет Оспан, Әлі Бұлар да болған екен шариярдан.

Бұлардан жасы үлкен бе, жолы үлкен бе, Ол Сыдық неге бұрын патша болған?

Жарылқасын:

Қайынды, күйеу еді барша атасы, Қыз Торы, бұл сөзімнің жоқ қатасы. Алла елшісі Меккеден шыққан шақта Әбубәкір – Расулдың жан жолдасы. Перзенті Әбубәкірдің Бибіғайша Хазіреті пайғамбардың зағипасы.

Сол себептен Сыдықтың жолы үлкен, Сұрасаң, осылайша сөздің нәші.

Айқын:

Айтады діннің сөзін Хақ, пайғамбар, Үмметі пайғамбарға мұсылмандар. Перзенті Әбубәкір Бибіғайша Тақсырға жұптылыққа жазған шығар. Жауап бер, бұл сөзіме ақылың кәміл, Неше жыл патша болды Хазірет Әмір?

Жарылқасын:

Құдай артық жаратқан Ай мен Күндей, Жігітке дәулет бітсе, перзент гүлдей. Пендеге туғаннан соң өлім – рас, Білмейді бенде, байғұс, оң мен солды-ай. Сұраған сауалыңа сөз айтайын,

Тоғыз жыл алты ай Әмір патша болды-ай.

Айқын:

Құдай артық жаратқан Ай мен Күндей, Жігітке дәулет бітсе, перзент гүлдей. Бендеге туғаннан соң өлім – рас, Білмейді бенде, байғұс, оң мен солды-ай. Әмірдің бұрынғы аты Әмір дейді

Фаруқ аты не себептен пайда болды-ай?

Жарылқасын:

Бұ дүние ойлап тұрсам, жалған екен, Бұрынғы пайғамбардан қалған екен. Әуелден таққа мініп, патша болмақ Жігітке хакім болмақ арман екен.

Бір жөһит пасықпенен даулы болып Алдына пайғамбардың барған екен. Жөһиттің ойлап тұрса, ісі мақұл Турасын әділдікпен берген екен.

Ол пасық разы болмай тұрғаннан соң Әмірге бар деп, жарлық қылған екен. Екеуі келіп, Әмірге арыз айтып, Алдында тағзымменен тұрған екен. Разы пайғамбарға болыңыз деп

Көп өтініш екеуіне қылған екен.

Ол пасық разы болмай тұрғаннан соң Калласын Әмір патша алған екен.

Расулдың сол жерде көңілі бітіп Фаруқ атын сол жерде қойған екен. Сұрасаң осылайша, сұлу Айқын, Фаруқ ат сонан пайда болған екен.

Айқын:

Өзіміз ағайыннан артық дұшпан, Достықтан айрылмайды Құдай қосқан.

Қожеке, ұстазыңа көп рақмет, Сөзіме жауап бердің тоқталмастан. Жауап бер, бұл сөзіме ақылың кәміл,

Неше жыл патша болды хазірет Оспан?

Жарылқасын:

Ұласты сөзге сөзің айрылмастан, Отырсың бөтен сөзге қайрылмастан. Дұшпанды ағайыннан артық дейсің Кісідей жат орынға бауыр басқан.

Қыз Торы, ағайыннан түңіліпсің Кісідей залал көрген қарындастан. Сұраған сауалыңа сөз айтайын

Он екі жыл патша болды хазірет Оспан.

Айқын:

Құдайға тәуекел қып, бел байлаған, Өлем деп ажалынан қорықпаған.

Жауап бер, бұл сөзіме ақылың кәміл, Неше жыл патша болды Шаһимардан?

Жарылқасын:

Жарқыным, ерге сіңбес ердің малы, Алланың екі болмас бұйырғаны.

Қыз Торы, әлде болса қайт еліңе, Есіңе ал бір Жаратқан падишаны. Сұраған сауалыңа сөз айтайын,

Бес жыл патша болған ғой Шаһимардан.

Айқын:

Қожеке, сіз айтасың ақылыңды-ай, Кім білер кімнің жаман, мақұлын-ай. Әркімдер айтқаныма тоқтаушы еді, Отырсың тоқтай алмай, япырым-ай! Ежелден жан жоқ еді жолдас болған,

Қалыспай, бір тоқтаттың қарқынымды-ай! Бір елдің Айымторы тұлпары едім, Озушы ем айбатымнан ақырында-ай.

Қылушы ем құйын соққан, жолым үйдей, Екпінім қоңыр судың салқынындай.

Сұраған сауалыма жауап бердің, Әркімнен жаңа білдім артығыңды-ай. Өткен соң сол ғазиздер бұ дүниеден Қайсысы таққа мініп, патша болды?

Жарылқасын:

Бұл сөзді сөйлей-сөйлей болдық ғасы Кемшілік көрмеген соң адам басы.

Жаратқан өзі беріп, өзі алады, Болмайды құдіретіне кім разы? Өткен соң сол ғазиздер бұ дүниеден

Алты айлық патша болды Хасан қазы.

Айқын:

Біледі сөз мәнісін сіздей ерлер, Сөзге сөз қайырады кемеңгерлер. Жауап бер бұл сөзіме, ақылың кәміл, Мысалы бұл дүниенің неге меңзер?

Жарылқасын:

Алтын деп ұстағаның мысқа меңзер, Жақын деп дос тұтқаның қасқа меңзер. Інжу-маржан, жақұт деп ұстағаның Өтпесе, бір «простой» тасқа меңзер.

Мың, миллион малың болса, еш пайда жоқ, Тоқпын деп жүргенде де ашқа меңзер.

Дүниеден өтпейтін жан еш қалмайды, Ұйқыда анық көрген түске меңзер.

Айқын:

Көп дейді тарихатта назым жырлар, Тамамдап ұстар оны қандай ерлер? Жауап бер бұл сөзіме, ақылың кәміл, Пиғылы адамзаттың неге меңзер?

Жарылқасын:

Қыз Торы, сұрайсың-ау білмеген соң, Лұқпан мың жасаған, өлмеген соң.

Ердің пиғылын былай деп айтып болмас Көзбенен қиянатын көрмеген соң.

Әйелдің неше түрлі мекері бар, Білмейсің өз басыңа келмеген соң. Әйелдің бір пиғылы шайтанға ұқсар, Артықша ақыл иесі болмаған соң.

Әйелдің бір пиғылы қасқырға ұқсар, Аманатқа қиянат қылғаннан соң.

Әйелдің бір пиғылы итке ұқсайды, Қанағат адалына қылмаған соң.

Әйелдің бір пиғылы аюға ұқсар, Ақырып, ер бетінен алғаннан соң. Әйелдің бір пиғылы есекке ұқсар, Орынды бір сөзге құлақ қоймаған соң. Әйелдің бір пиғылы доңызға ұқсар, Осқырып, сөзге жауап бермеген соң. Әйелдің бір пиғылы маймылға ұқсар, Ыржыңдап, әркімдермен бір күлген соң. Әйелдің бір пиғылы сауысқандай,

Шиқылдап, сырттан ғайбат қылғаннан соң. Әйелдің бір пиғылы қара құстай, Жемтіктей, әркім әкеп бір берген соң.

Әйелдің бір пиғылы қоңызға ұқсар, Көзіне түскен нәрсені жиғаннан соң. Әйелдің бір пиғылы торғайға ұқсар, Сіздердей әр бұтаққа бір қонған соң. Қыз Торы, бұл бұзғынның біреуі сен, Шара жоқ, көңіліңде болмаған соң!

САРЫШОЛАҚ ПЕН СӘЛІМ

Сәлім:

Біздің мынау Дерекең, Байлығы шалқар көл екен. Жүйрік мініп, құс салған, Көңілі шат сері екен.

Ата жолын ұстаған, Лайық, Барлық ер екен.

Халықтың салтында бар қонақкәде, Күтеміз өздеріңнен сондай дәме.

Дым білмес болсаңыздар, күл тасыңдар, Ат орнына даяр тұр есек, әне.

Сарышолақ:

Мен білетін Сәлім ең, Баяғыдан мәлім ең, Білгіш болып кетіпсің, Ақылға қашан жарып ең? Салт-сананы айтқыштап, Кімге жолды салып ең? Байлығыңды көрді ме, Қаумалаған қалың иең?

Мен – жауынгер – Әлім ем, Қашан сөзден танып ем?

Қай жеріңде өлең-жырдан қалып ем?

Білерсің Қабақ-Тілеуді, Сом соғылған білеуді. Күпіне келіп, сөйлесем, Мен де білем шіреуді.

Тоқтамайсың «Қой», – десем, Білмей, шатып біреуді.

Жүрем десең, елде есен, Түрткілеме сіреуді.

Сөйледің ғой ерекше, Қонақкәде керексе, Әріден жырды бастайын, Баяғы өткен дерекше.

Біздің Әлім – көк теңіз, Ортасы – жылым – қатпайды. Барған кісі еш мінді,

Ауыл-үйден таппайды. Талайлар келіп, ес білді, Тәңірге астам жақпайды. Ортаға келген қонағын, Сары майдай сақтайды. Жағалбайлы шетінен, Дерекесін мақтайды.

Қойшы мінген қасаңға,

Қазанат айғыр шаппайды. Асылдан туған бекзада, Күңге көзін сатпайды.

Алмасың болса, шын таза, Қап түбінде жатпайды.

Лайық мырза, шын асыл Тұқымын буданға шатпайды. Қосыла ұшқан аққуды,

Оқ болса да, атпайды. Лайық кімнен артықсың, Қай бабаңа тартыпсың? Алды-артыңа қарамай, Қонағыңды тарпыпсың. Бықси жанған шаладай, Көк өрімді шарпыпсың.

Қырғидан қашқан бозторғай, Бұтаны да паналар,

Құзғын тырнақ батқанда-ай, Шарасыздан ағалар.

Есердің ісі батпандай Босқа алқынып, сабалар. Жаманның ісі шатқалдай, Ой жетпес, терең шамалар. Бағың тайып, шалқайсаң, Әсіре достар табалар, Жауменен бірге қамалар,

Ақ ордаңды ән орнына зар алар. Қасыңда жүрген көп жаман,

Бет-бетіне таралар. Тұрғанында ел аман,

Асыл текті ой жүгіртіп, саралар.

Белгілі ел едіңдер, Жағалбайлы, Байлығың ұшан-теңіз, жанға жайлы. Қойшының бипылымен ойын қылған, Дерекең топ алдында тана алмайды. Тәңірім, әр кезде де сақта сұмнан, Мырза көңіл несіне сараңдайды?

Келіп ек шаруамен Ұлықұмнан, Түсінбей, Сәлім босқа арындайды.

Ел едік тыныштықпен судай тұнған, Шайқалса, екі жаққа болар қайғы. Айқын із ажырайды шиыр-жымнан, Бұлт алмас әр кезде де Күн мен Айды. Шөлмек те білгеніңе бір күн сынған, Үйірінен айырма жалғыз тайды.

Ғашыққа болған дейді талай құрбан, Теңінен айырмассың сұрқылтайды.

Мен емес айтылған сөзден танар, Дерекем Мырзағұлды қатар санар. Құрбыны құрбы білсе, қадір кетпес, Халықты демеушінің бағы жанар.

Қатты сөз қалдырады көңіліңді, Дереке, тиярсың мына жеміріңді. Сөзбенен қағытпақшы болсаң егер, Қиярсың өлең жолда өміріңді.

Жіліктің көктемеде дерті туып, Бір байтал кетіп еді сәурік қуып. Сәурігім қайта барды піштіріліп, Қасасын көлденеңдей белге буып.

Иеленген сол байталды сіздің айғыр, Кәпірдің жаман дейді түсі суық.

Дереке, жұмбағымды сараларсың, Шындықты қалай ғана қараларсың? Жетті ме қонақкәде, айтқан өлең, Ар жағын ақыл ойлап, параларсың. Түбінде рас сөзге нана аларсың, Өйткені, бір елдегі қара нарсың.

САРЫШОЛАҚ ПЕН ТОҚСҰЛУ

 Мырзағұл Шыманұлы бастаған жолаушылар тобы Орынбор- дан елге қайтып келе жатса, шуылдасып, суға түсіп жатқан қыз- келіншектер бұларды аңғармай, тек қасына жақындағанда ғана байқап, қоғажай қамыс арасына жасырынады. Бір қыз арғы жағаға

жүзіп өтеді де, асықпай киініп, құрбыларының киімдерін алып ба- рып, береді. Сол сәтте қарсы беттен Сарышолақ қыздарға дауыстап:

Қара судан көрінген нұр бейнесі, Жел қақпаған, ақ күміс пәк денесі. Әдептілік қайда еді, оу, сұлулар, Көрініп қалды, әттең, «күн тимесі», –

дейді. Сол сәтте арғы беттен бір қыз:

Аузыңнан суың шұбар жегендей, алуа шекер, Көп қарама тесіліп, көзің өтер.

Күн ыссы, суға түсіп жатыр едік, Көрмегендей өтсеңіздер, неңіз кетер? Қарауға құмарлансаң жалаңашқа, Көңіліңде не бар еді одан басқа,

Сен ұялмай, орныңа мен қысылдым, Қарап тұр, сол жағада аузыңды аш та, –

деп айтыпты да, қыздар күлісіп, ауылдарына қарай жүре беріпті.

 Жолаушылар өткелменен айналып келсе, әлгі қыз-келіншектер қырман басында тары суырап жатыр екен. Бағанағы өлең айтқан өткір қыздың кім екенін білгісі келіп, жолаушылар ат басын бұрады. Сөйтсе, әлгі қыз қараторының сұлуы, шашы тобығын қаққан, күлім көз, ерекше тартымды жымиысы бар Шүрен елінің Тоқсұлу атты ақын қызы екен.

Сарышолақ:

Қара қыздың көңілі арыда, Сары қыз құмар тарыға.

Ұяла күліп, тұр бәрі, Шіркіндердің бары да.

Тоқсұлу:

Арбалған жыландайын қалмадыңдар, Жолаушым, бізде қандай алмағың бар? Көрдім деп қыз денесін су ішінде,

Көп болса, әзіліңнің салмағы бар.

Қасқырдай қойға келе араласқан,

Жол білмей, ел қыдырған қара басқан.

Тәтті түс көргендей-ақ тамсанасың, Ақыл сұрай жүрсің бе жалаңаштан?

Сарышолақ:

Жігіттің қыздан әркез алмағы бар,

Сіз – ақшабақ, аулаушының қармағы бар. Қырғи ем, аққу алған, шындағанда,

Ал, құрбым, сайлан-дағы, қорғанып ал.

Тоқсұлу:

Кемерге тағып жүрген қының бар ма Әйелсіз бұл жалғанда күнің бар ма? Қарғы түсер аққу үшін тамағыңа

Ал, сенің қызды көрсең, жының бар ма?

Сарышолақ:

Мен жүйрік топ алдында іркілмеген, Сен – қулық, алға оза бүлкілдеген.

Сұлу қыз, келбетіңе сөздерің сай,

Көргенде жүрегім май ішкендей кілкілдеген.

Тоқсұлу:

Бұл жалған өтеді-ау бір күн деген, Жүйрік пе топ алдында сілкінбеген?! Дауысың ащы екен байғыздайын,

Өлең қайдан шығады осындай сұрқыңменен?

Сарышолақ:

Егіншінің ісі көп, қара борбай, Жауы бар, қаптай ұшқан қараторғай. Ауылыңа маңдай тіреп келгенімде, Жігіттің біз секілді жолы болғай.

Тоқсұлу:

Жолың болмай, о, шіркін, жүр едің бе, Әлде түнде далаға түнедің бе?

Шұбыртпадай соңымнан қалмай қойдың, Бір запыран бар секілді жүрегіңде.

Сарышолақ:

Жолаушының жайы жоқ түзде жүрген, Мен едім сендейлерді іздеп жүрген.

Жастың жас табады сұрағанын, Аман ба, оу, кербезім, қоныс-іргең?

Тоқсұлу:

Талай шөңге кірді ғой табаныма, Көктемеде келмедің сабаныма.

Тары пісті, маржандай қырман толы, Қап әкеліп, баспақсың-ау амалыңа.

Сарышолақ:

Қыздары бұл жатақтың сөзге ұста, Әр сөзді өзің айттың осы тұста.

Ауылыңа келгенімде жолым түсіп, Шаруаңды неге айтпадың өткен қыста?

Тоқсұлу:

Сөзіңнің түрі қызық, ақын шырақ, Болды ғой көктемде ауылың жырақ. Есіңнен бәрі ұмыт болғаны ма,

Келмеп пе ең ауылымызға астық сұрап?

Сарышолақ:

Егіншінің тілегі мөлдір бұлақ, Сөздерің өткір, секілді қияқ-құрақ. Біздің ел малыменен қоса өрген, Көшеміз жайылым қуа, алыс жырақ.

Тоқсұлу:

Малдарың қыс болғанда желмен кетер, Не керек, босып жүріп, жесең шекер. Қаптап алып отырамын астығымды, Көп көшкен, түбі ойласаң, телмеңдетер.

Сарышолақ:

Қыздарда уайым жоқ жаннан басқа, Тап болдым уәж еместе сүмбіл шашқа. Көрер ем қалыңмалды санап берсем, Мінезің басылар ед алыпқашпа.

Тоқсұлу:

Жігітім, байлық айтып, босқа таспа, Жарасар, әзіліңіз асыл жасқа.

Кедейдің тыраштары толып жатыр, Түзде мырза, жарымас ішер асқа.

Сарышолақ:

Егінші атыздарың миялаған, Сұлу қыз, сөзің шебер қиялаған. Көңілімде бір сөз бар тасаланған, Ала қаздай ін түбінде ұялаған.

Тоқсұлу:

Қаршыға қияласа, құсқа түсер, Кедейдің осы кез ғой шіреп ішер. Малыңмен несін маған мақтанасың,

Көжем жақсы тыныштықпен үрлеп ішер.

Сарышолақ:

Егінші майды көрсе, жаланатын, Шықпаған мешкей деген жаман атым. Ұрысқа шеберсің-ау, о, сұлу қыз, Дүние үшін қисық жолға бара алатын.

Тоқсұлу:

Шыққан жоқ ұрысқақ деп жаман атым, Жақсы еді есендік пен саламатың.

Майды айтып [сен несіне] шылқып тұрсың, Білсеңіз, Құранға шығып нан алатын.

Сарышолақ:

Ел едік талайлардан алға озған,

Жетем деп, нелер жүйрік мойнын созған. Өлең сөз бірге өскен құрдасымдай,

Қыз көрсе, екіленіп, арқам қозған.

Тоқсұлу:

Көшесің су жағалап азып-тозып, Жанжалға жүрген шығар арқаң қозып. Отырсаң егін айдап, бақша салып, Қала салған, білсеңіз, орыс – озық.

Сарышолақ:

Сөзімнің түйіні бар зергердей, Қаңғуға біздің қазақ ерінер ме-ей?! Тыншулап бір жерлерді мекен етсе, Бір пәле барлығына көрінердей.

Тоқсұлу:

Қазақтың жері ұшан, шексіз қиян, Қоныс тепсең болады құстай ұяң. Маңғазсып мал жиғанға мәз боласың, Мақтаншақ сол мінезді қалай тиям?

Сарышолақ:

Айтқаның әр қазақтың қанында бар, Көбінің жақсылыққа іштері тар.

Орыстар мекен салып, қарашекпен иемденді Қол жая сұрағанды етпейді ар.

Тоқсұлу:

Құдайым сақтасын тілемсектен, Не күттің жарымаған келімсектен? Басында ақылы бар тау қопарар,

Ісі жоқ сақтасыншы өзіңдей еріншектен.

Сарышолақ:

Жердің де ат жүрдірмес кебірсегі, Адамның басын жұтар еріншегі. Елімде батырлар көп, жауға шабар, Қазақтың озып жүр ғой көңілшегі.

Тоқсұлу:

Көңілшек пен еріншек – ағайынды, Не айтып, өзіңізге жағайын-ды?

Батырлықты не қыласың бас кететін, Егін салып, сынасайшы талайыңды.

Сарышолақ:

Салар ем егініңді сынар болсаң, Отырып, жай салмаққа құмар болсаң. Жер жайын сен білерсің дән егетін, Көңілден топ алдында шығар болсаң.

Тоқсұлу:

Көңіліңді неменен ластадым, Келе сала, өзіңше құлаштадың. Ел кезіп жүретін көп, қап арқалап,

Жақсы еді жөн-жосықты сұрасқаның.

Сарышолақ:

Сұрасаң, біздің есім – Сарышолақ-ты, Сөзбенен талайлардың бабын тапты. Мырзағұл ана тұрған би болады, Әлімнен сөзі озған әруақты.

Тоқсұлу:

Ат тіреп, тоқтадыңдар шаңырақ деп, Қонақты қарсы аламыз Тәңір-ақ деп. Сөзіңіз қызық екен, мақтаншағым, Біздің жақта айтады өлікті әруақ деп.

Сарышолақ:

Қыз екенсің, япыр-ай, тілің ащы, Ақыныңның сөзбенен мауқын басшы. Жүрген жерден кез келмей өзіңіздей, Теңім жоқ, болып жүрмін басқа тапшы.

Тоқсұлу:

Сынық түймеге даяр-ау қисық ине, Тілім ащы, уына босқа күйме.

Қамыс күрке жас күннен мекенім-ді, Кіргізерсің белгілі ақбоз үйге.

Сарышолақ:

Өзімде болмаса да, өзгеде бар, Болады барлығына Тәңірім жар. Тіршілік жұбыменен өмір сүрер, Таппадым ел кезсем де, өзіме пар.

Тоқсұлу:

Бұл жалған екі айналып, тағы келмес, Іздеп жүр ме едің маған теңдес?

Көңілім патшада еді біле білсең,

Кім бар ед содан басқа маған шендес?

Сарышолақ:

Көнбеспін, Тоқсұлуым, ыңғайыңа, Батармын аша майдай шымбайыңа. Сөздерің ақ көжектей құмнан қашқан, Мінің жоқ, қарап тұрсам, тал бойыңда.

Тоқсұлу:

Айтылған сөздерімді деме бекер, Көп қарама бойыма, көзің өтер. Сөздерің ұрысқақтың сөздеріндей, Түбіңе зарылдаған тілің жетер.

Сарышолақ:

Секілді айтқан сөзің маған шекер, Деген бар, жастығыңда көңіл көтер. Бір түнді меніменен өткізсеңіз, Көңілің алып ұшып, әрмен кетер.

Тоқсұлу:

Сарышолақ, белгілі ғой көңіл құртың, Ақ шалып, қырауланған сақал-мұртың. Ботадай керуенге ілесетін,

Жүрем бе өзіңменен, ой-бой, шіркін?!

Сарышолақ:

Сарышолақ сұлу қыздың жайын білер, Кезің ғой жақсыменен ойнап-күлер.

Сұлудың тарпаңдары толып жатыр, Мен − қырғи, бабындағы аққу ілер.

Тоқсұлу:

Тілеулер қойын айдап, қыр жайлаған, Біз едік егін үшін су бойлаған.

Малыңды мақтан тұта, шіренерсің, Жүресің ұшыр сұрап, сор қайнаған.

Сарышолақ:

Жоқшылық не істетпейді таршылықта, Әркім шіреп сөйлейді баршылыққа.

Малыңды жау алды ма, жұт алды ма? Күнің осылай өте ме жалшылықта?

Тоқсұлу:

Кедейде біз боламыз арлы кедей, Сөз айттың мына бізді жарлы демей. Адамға бұл жоқшылық мін бе екен, Несібе талап қылып, тауып жемей?

Сарышолақ:

Аққайранда ойнайды күміс шабақ, Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақ. Сөзіңіз терең екен тұңғиықтай, Күлім көз, келбетіңіз, беу, ақтамақ.

Тоқсұлу:

Жүрсің-ау талай жерде қызды мақтап, Жолаушы солай ғана жанын бақпақ. Темірдің мал айдатпай базарына, Жүрмісің қыл-қыбырмен жаның сақтап?

Сарышолақ:

Жақсы мен жақсы әр кез тең болады, Жайлаған біздің Тілеу ен даланы.

Қыл-қыбыр, сауда-саттық – ноғай білер, Ат аунаған жерінде түк қалады.

Тоқсұлу:

Тілеуде толып жатыр сасық байлар, Биім деп, Мырзағұлға тақтың айдар. Би болар, батыр болар жасқанбаса, Тоқтатар табылады оған жайлар.

Сарышолақ:

Егінші көктемеде соқа сайлар, Астығын себетұғын қаппен тайлар. Біздің ел малын айдап, қона көшіп, Ор асып, Жем жағалап, тауға жайлар.

Тоқсұлу:

Тең болсаң меніменен көш бастарсың, Артыңа өсиетті сөз тастарсың.

Қыз жолы жіңішкелеу келеді-ау, Кедейлікті мін қылып әрі аспассың.

Сарышолақ:

Жақсының әр кезде артық түсінігі Бұл ағаң талай топқа түсіп еді.

Сөзім жүред еліме, қатарыма, Айтқаным халқыма несіп еді.

Тоқсұлу:

Бар болса, толып жатқан шеберлігің, Қыздар сөзін сөйлер өнерлінің.

Ноғайдан бір тең былғары алып едік, Білген-ау етікші Сарышолақтың келерлігін.

Сарышолақ:

Барады, Тоқсұлужан, сөзің өтіп, Болдың-ау қағытпаға сондай жетік. Сен жүрсең, су басында торғай қуып, Сарышолақ көксауырлап тігер етік.

Тоқсұлу:

Билігің бармай жатып менде кетті, Тоқсұлу шаруасына болар епті.

Ән қуып, кетесің бе ала жаздай, Не қылам дәйегі жоқ жеңілтекті?

Сарышолақ:

Тұрған шығар барлығын ішің біліп, Кірерсің ақ боз үйге, есік түріп.

Оң жақта отырғанда осындайсың Барған соң жүремісің бөріктіріп?

Тоқсұлу:

Табады әркім-дағы қылығынан,

Сол байлық келмейді-ау жұлығымнан. Апарып кіргізердей көлгірсисің,

Мені іздеп келгендей-ақ Ұлықұмнан.

Сарышолақ:

Мені де өлең сөзбен жетеледің, Әзілдеп, жеңбек үшін төтеледің. Өзіңді батыр болып, алып қашсам, Ауылға барғаннан соң нетер едің?

Тоқсұлу:

Піспегім – алтын, тай теріден болсын сабам, Артады көп ішінде Тілеу бағаң.

Батырлықпен сен жүрсең, жау қуалап, Ал, мен өзіңнен айнымайтын бала табам.

Сарышолақ:

Ауылыңа ат тіредім, жолым түсіп, Қыз екенсің суырылған сөзге пысық. Қырғидың аққудан да дәмесі бар, Қан шеңгелмен көрер ме еді Көкіректен жаймен қысып.

Тоқсұлу:

Күлесің қызға қарап мұртыңыздан, Естіп ем дабылыңды сыртыңыздан. Тең іздеп жүрсең осы жақта, Барлығы тәкаппарлық құлқыңыздан.

Жәрмеңкемен гуілдер Қарақамыс, Тары теңдеп, ол жаққа бара аламыз. Келесің қап арқалап, астық сұрай,

Ағайынның көңілі үшін, жоқты да таба аламыз.

Сарышолақ:

Жәрмеңкеңді көріп ек Қарақамыс, Арқаңды қыздырды ма тапқан табыс? Шойынжолда зырлаған отарбамен,

Орынбордан әрі асып, Петрборға бара аламыз.

Тоқсұлу:

Отырғаным сөзіңе қайран қалып, Батып жүр, деп естіп ем, салған салық. Шойынжолмен Петрбор өзің барып, Қызметіңе жүрсің бе шапан алып?

Сарышолақ:

Патшаның кей салығы қиын болды, Есеттен соң оларға тыйым болды. Сұрап алған аурудың емі қиын, Бұрдырып ек Торғайдан шойынжолды.

Тоқсұлу:

Бұрғызғанда шойынжол ауылыңа, Бір жақсылық болды ма қауымыңа? Орыспен ерте дос боп отырсыңдар,

Қарайлас біздей жатақ – кедейлеу, бауырыңа.

Сарышолақ:

Орыс келді, әуелі қала салды Елекке, Мұжықтары қаба сақал, өлермендеу желөкпе. Үйренгенше мысық табан жүрісі,

Ал, қазірде, біздің сөз жарамайды керекке.

Тоқсұлу:

Мұңыңды айтып, әр нәрсені қақсама, Найза алып, шаптыңдар ғой баста да. Мен періште болғанменен сөз ұғар, Барлық билік Петрборда, патшада.

Сарышолақ:

Барармыз ол жаққа да дәм айдаса, Сіздей қалқа арт жақта қарайласа.

Патша да өз халқын біздің елге бостырды ғой, Сөз мәнін терең ойлап, абайласа.

Тоқсұлу:

Түлкіні құтқаратын көп айласы, Әркімнің ойлағаны – бас пайдасы. Көңілшек болса, ағалар, сырт басынар, Айтпай сезер көңілімнің ішкі айнасы.

Сарышолақ:

Қырғи ем дауылдата жалғыз ұшқан, Кездестім құба үйрекке қапыл тұстан. Сөзіме сөздерің сай, теңдесім-ау,

Сен бір жан, Тәңір айдап, жолығысқан.

Тоқсұлу:

Асылдар сөз маржанын түптен терсін, Аңдамай сөйлесең, тіліңнен таяқ жерсің.

«Ауылыма сөзім жүреді» дедіңіз ғой,

Бір сұрағаным, Мырзағұл түсіп, атын берсін.

 Сарышолақ сасып, Мырзағұл биге қарапты. Сөз қадірін білетін би атынан түсіп, шылбырын жерге тастай салыпты.

Сарышолақ:

Дедің бе мені тағы сөзден таяр, Би ағам інісінен несін аяр?

Бір қылқұйрық не тұрады би ағама? Інісі өлеңменен атын жаяр.

Тоқсұлу:

Атын мен не қыламын бұл ағаның? Ағаңның мәрттігі ғой сынағаным. Қыз ғой деп, менсінбес деп ойлап ем, Мен-дағы айтқан сөзге тұра аламын.

Жас талдай жаңа өскен бұраламын, Жалғыздық әркезде де бір алаңым. Біреудің жалғызы едім маңдайдағы, Алат [ұғ] ын халқынан сұрағанын.

Жүретін өздерін ұстап елге биік, Кетті ме айтқан сөзге ішің күйіп, Аттан түс, барлығың да, кербезсімей, Асықпасаң, беремін тары түйіп.

Сарышолақ:

Тарының қатығына майың болса, Біз даяр ондай істер жайың болса. Ән шырқап, көңіліңді көтеремін, Істеген қызметіңе көңілім толса.

Тоқсұлу:

Мен емес айтар сөзден бек жаңылар, Іздесем, көкіректен сөз табылар.

Атыңнан түс, жолаушым, шалқақтамай, Ниетім қонақжайлық, құп қабыл ал.

Сарышолақ:

Құрады қалың жымға үзбес тұзақ, Кеттік қой айтыспенен алыс ұзап.

Сұлу қыз шақырғанда шырайменен, Қонақжайлық – ата салтын кімдер бұзар?

САРЫШОЛАҚ ПЕН БАҚИ СҰЛУ

Сарышолақ:

Қыздардың қызығына біз жараған, Жақсы сөз желдей есіп, тез тараған. Сылқылдап, бәрің кербез көрінесің, О несі түртіншектеп, жұрт қараған?

Бақи:

Ауылдың қонған жері – Тобылғылы, Келесің ысылдатып сыбызғыны.

Аңдамай, әлдеқалай қолдан тайған, Сырғамды іздеп жүрмін күн ұзыны.

Сарышолақ:

Ауырды өлшейтұғын безбен еді, Сырғаңыз күміс пе еді, жез [ден] бе еді? Құдайым сәтін оңдап тұрғанында,

Бақ орнап, жігіт қызға кез келеді.

Бақи:

Жүрегім бір пәлені сезген еді, Бар шығар әркімнің де көздегені.

Сұңқылдап тұра қалдың ат-жөні жоқ, Ел құртқан дәруіш пе, кезбе ме едің?

Сарышолақ:

Жақсыны әрқашан да көз көреді, Айтар сөз неге ғана өзгереді?

Қалқам-ау, сырғам жоқ, деп жыланасың, Дүниеден ақылдылар безген еді.

Бақи:

Қаракер атың бар да, өзің сары-ай, Келесің сыбызғылап, жөнің қалай? Өзіңді таныстырсайшы сарнағанша, Дегенше сөйлер сөздің бәрі солай.

Сарышолақ:

Әлімдегі наз бедеу, Сұрасаң, болам бел Тілеу, Жалтума болам содан соң, Толқынданған боз селеу.

Бақи:

Шежіредей барлығын жіпке тізіп, Жан екенсіз, өзіңнен сөзің қызық. Ел кезіп, сендейлердің талайы жүр Бірі − дұрыс, бірінің ниеті бұзық.

Сарышолақ:

Сұрасаң аты-жөнді, біздің жайды, Сарышолақпын, баласы − Боранбайдың. Саралап сөйлегенде өлеңдетіп,

Іші тар сіздей қыздар көре алмайды.

Бақи:

Жекейде толып жатыр нелер сахи, Сұрасаң, менің атым − сұлу Бақи. Жау іздеп жүретұғын Тілеу-Қабақ, Шетінен найза ұстаған кілең ақи.

Сарышолақ:

Керекте найза аламын жауға қарсы, Домбырамен топқа түсем нелер шаршы. Әніме салғанымда «Тілеу-Қабақ» Тыңдаған Кіші жүздің небір арысы.

Бақи:

Әніңді естіп жүрміз «Тілеу-Қабақ» Көтібар өлді дейді Адай сабап.

Батыр болса, ел-жұртың қайда кеткен, Қалмаған неге сонша арашалап?

Сарышолақ:

Бар ма еді біздің жақта өшің, кегің, Қазымыр болар, бәлкім, түпкі тегің! Мыстандай көпті көрген айтасың сөз,

Көтібар Маманды шапқанда ішінде бар ма едің?

Бақи:

Үлкендерден болатын қалған нұсқа, Ән айтып, келіп қапсың біздің тұсқа. Асаудай бас білмейтін бір езулеу, Жігітсің-ау, шамасы, алып-ұшпа.

Сарышолақ:

Қыздарға жарасады берік ұстам, Көңілім сіздейлерге алып ұшқан. Дариға-ай, арман бар ма, жалғаншыда, Өзіңді айдалада жеке құшсам?

Бақи:

Өзің сары, көрінер көзің шегір, Ұқсайсың, саудагерге нағыз жебір. Сұлудан дәмең бар ғой Бақи-сынды, Қор болар сендейлермен қандай өмір?

Сарышолақ:

Саудам бар қыздарменен оңашада, Батар ем оңашада тамашаға.

Кірпідей жиырыласың, түгің шығып, Сұлуым, бұл өзіңе жараса ма?

Шегір болар жігіттің арыстаны, Қалушы ед өлең сөзде жарысқаны. Түніменен дөңбекшіп, іздегеннің, Жақсы емес пе оңаша табысқаны?

Бақи:

Қалмады-ау, мына Тілеу соңымыздан, Күн орнына түн туар оңыңыздан.

Сөзіңді естіп қалса ағаларым,

Таспа тілер, шырқыратып жоныңыздан!

Сарышолақ:

Сол ма еді келетіні қолыңыздан,

Таспа емес, арқан шығар қоңымыздан. Ауылың, қорғаштаса ағаларың, Қалайша құтылмақшы кәрі қыздан?!

Бақи:

Не дейді Тілеудің бұл сауысқаны, Шіркіннің келмей жатып жабысқаны. Ыза боп тұрғанымда жайым кетіп, Жақсы еді ғой жағыңның қарысқаны. Сөзімде болмаушы еді әсте бүкпе, Жетпей қал салауатты кәрілікке.

Ақынға сен сияқты қарамаймын, Көңілім алып ұшар ірілікке.

Сарышолақ:

Жігіт жоқ өлген қыздың қарғысынан, Қарғысың артық кемпір алғысынан. Қарғыспен жайпап салсаң жігіттерді, Нең артық еді солардың жалпысынан?

Бақи:

Қалып ед осы жақта сырғам түсіп,

Не айтпас кездескенде сендей пысық? Қыз, қыз деп, зарлап қалдың, о, жырауым, Тіліңе шықса екен сенің ұшық.

Сарышолақ:

Сырғаңнан, айналайын, айдай болған, Өзің де жан екенсің, жаңа толған.

Жігітпен ақсүйекке таласып пе ең, Шығарғансың сырғаңды қалай қолдан?

Бақи:

Жігітпен ақсүйекке таласпадым, Жұмбақтап, Сарышолағым, әрі аспағын. Атыңнан айрыларсың ағам келсе, Жақсы еді біздейменен жарасқаның.

Сарышолақ:

Беріпті, айналайын, саған көрік, Болады-ау қызда әр кез үйде ерік. Кеткенде ұзатылып басқа жаққа, Жүре ме мәңгілікке ағаң еріп?

Бақи:

Болады маңдайыма өз жазғаны, Не дейді Тілеудің мына азбаны? Батырлығым асады сендейлерден, Жігіттің жаман дейді түп қазғаны.

Сарышолақ:

Соғайын әр кезде де сойылыңды, Білейін қанағатшыл тойымыңды. Батыр болсаң, көрсетші «азбаныңа», Қос бұлдырық, төстегі мойылыңды.

Бақи:

Қызықсаң төсімдегі анарыма, Шоқ түссін, күлімдеген жанарыңа.

Қол түгіл, жел тимеген, о, ақыным, Сақтағам барлығын да барарыма.

Сарышолақ:

Сақтасаң барлығын да барарыңа, Ақылың болған шығар шамалы да. Құрбыны қатар білер бірге жүрген, Тап келдің әлдекімнің амалына.

Барарсың бір күн ұзап песіріңе, Кезіккенде осындайда кесіріңе. Сайрап қал бұлбұлдайын, замандасым,

..................................................................

Құрбының қадірін бірге жүрген білмес, Барлығы бұл жалғанда ойнап-күлмес. Әзілін қатарыңның түсінбесең, Көксауың барғаннан соң құлаққа ілмес!

 Жеңілген Бақи жылап жібереді. Сарышолаққа алтын сырғасын ұсынады.

Сарышолақ:

Құрбыда кездеседі қадір білмес,

Кей жаман асыл сөзді құлаққа ілмес. Жисаң да, қанша алтын қоймалатып,

Сол байлық ақыретке еріп жүрмес. Болмаңыз жаман үшін жұртпен күндес, Жақсымен кезіксеңіз анық тілдес.

Сырғаңнан, айналайын, өзіңе құт, Емеспіз сырға тағар біз жарымес.

Бақи:

Ағатай, ұялттың-ау топ алдында, Өзге қыздан сыйлықты көп алдың ба? Сырғамды ұсынғаным, жырау аға, Жүрейін дегенім де көз алдыңда.

Бақи қолынан ағытып, гауһар көзді алтын сақинасын береді.

Сарышолақ:

Айналдым сақинаңның көздерінен, Бал татыр айтқаныңда сөздеріңнен. Құралай секілденіп мөлдірейсің, Қалайша осы кеште кез келіп ең?

Бақи:

Қалалық айтыспай-ақ бауыр болып, Кездесіп осылайша тәуір болып.

Бір ағам өзіңіздей бола алмады-ау, Көрмеді оларға да көңіл толып.

Сарышолақ:

Жақсының жаман жүрер бағын байлап, Кездестің қалың кеште Құдай айдап.

Көңілің көншісінші, текті құрбым, Көшті ірік, жырлайын бір үзбей, сайрап.

Бақи:

Басыңыз қайғы жұтқан жүрегімді, Ойлама, қарындасың құр егілді.

Ән болса айтатұғын, тыңдар құлақ, Көш іркілер, орындап тілегіңді.

Қыздың ағасы келіп қалады.

Сарышолақ:

Ассалаумағалайкум, ауылнайым, Мінезің көл шайқаған дауылдайын.

Өлеңнің желігімен келіп қалдық, Көрейік, Жекейдің де малды байын.

Оу, аға, құлдық ұрдық пәрменіңе, Асықпыз әрқашанда жәрдеміңе. Сән-салтанат, көшіңіз думандатқан, Мәз болып мен келемін көргеніме.

Сүйреткен ақ құрығың қолыңызда, Кездестік көш-жөнекей жолыңызда, Көңілін ел-жұртыңның көтерейін,

 Үй тіктір, жайлы жерге қоныңыз да, − дегенде, ағасы көшті тоқтатады.

САРЫШОЛАҚ ПЕН ТАМА ҚЫЗЫ

Сарышолақ:

Хабарлас, пенде бар ма, бері шығып, Қорқаудай қалғаны несі бәрі бұғып? Сұлу қыз, шыға келіп, қайта кірдің, Бар ма еді жасырғаның бізден тығып?

Тама қыз:

Жаушыдай сырттан келіп, шүйлігесің, Болмасқа келмей жатып, килігесің, Несіне аттың басын тіреп тұрсың?

Білмесең, қонар жерде үйдің иесін.

Сарышолақ:

Қазақтың түп атасы бірге туған, Аулыңа әдет пе еді қонақ қуған. Ел жақтан мал айдатып жіберейін Тарығып отырсаңыз ас пен судан.

Тама қыз:

Кім едің байлығың сонша асып жүрген, Қонатын жерлеріне шашып жүрген,

Көк атты көлденеңдеп, тұра қалдың Жақсы екен қонақтың да әлін білген.

Біздің ел жайлады Жемнің бойын, Қонағым, неде еді сенің ойың?

Құр сөзден мал болмайды айдап салар Жетеді ауылымда баққан қойым.

Сарышолақ:

Тебетей киіпсіңіз, маржан тағып, Өштідей сөйлесесің бізбен неғып? Үйіңде еркек жоқ па хабарласар? Тұрысың жаман екен есік бағып.

Тама қыз:

Тебетей киіп едім, маржан тағып, Өлеңге мен де жүйрік тұрған ағып. Таныспай келе сала қағытасың

Сонасы секілденіп Ор бойының қуа шағып.

Сарышолақ:

Естуің бар ма еді Сарышолақты, Талайдың талай дуда жынын қақты. Ұлықұм – қыс қыстауым, Ор – жайлауым, Мырзағұл ағамыз бар салтанатты.

Тама қыз:

Деп едім дала кезген біреу екен,

Ән қуған Құм бойының Тілеуі екен. Қарақшы секілденіп бей уақытта Көңілге келтірдің ғой нелер секем.

Сарышолақ:

Сұлу қыз, сөзің жақсы сыналаған, Қай жерім өзіңізге ұнамаған?

Тұрғанша қайымдасып, тізгін ұста Ат байлар жоқ па еді іні-ағаң?

Тама қыз:

Бұл үйге талай келіп, кетті талай, Қонағым, келмей жатып сөзің қалай?

Атыңды мама ағашқа байлай салғын, Іні-ағамды қыла алмаспын саған малай.

Сарышолақ:

Бұндай сөз жараспайды қызға тәуір, Болды ма шылбыр ұстап қолың жауыр. Қонақтың келгенінен,

Кетпегінің аяғы ауыр.

 Қыз сөзден тосылыпты. Сөйтсе, аяғы ауыр, жүкті екен. Бәрін естіп отырған ағасы Сарышолақты қасындағыларымен аттан түсіріп, қонақ етіп, ертеңіне ат-шапан айыбын тартып, аттандырыпты.

САРЫШОЛАҚ ПЕН ҚҰЛЫЙ

Сарышолақ:

Зергер сатар өнерін,

Жақсы адам жұтпайд жегенін. Алып жатқан көп жылқы,

«Сүтті көлдің» кемерін. Жақсылықтың белгісі,

Ағайынға бұлдамайды әрқашан да берерін. Көп жылқышы ішінде,

Мырзасынған пішінде, Толықсып, толып ісуде, Өзінше біреу бар екен, Есенқұл-Бабай дауысты, Есенқұл емес Мөңке екен, Сыр-сипатын санасам, Жақсыларға баласам, Айналдырып қарасам, Мал жігіттің көркі екен.

Көп жылқының ішінде, Қой бастаған серке екен. Ақылын бұның кім білген? Шалдуырлау ерке екен, Өзінше былай сән қуып, Кигенде тоны келте екен.

Сыртына киіп тай жақы, Басындағы әлеміш, Тотанның қалған бөркі екен. Мінезіне қарасам,

Қара тастан салмақты. Көп жылқышы ішінде, Жалғыз ұлдан ардақты. Сөйлеген сөзі малжанды, Жігіттей-ақ жан-жақты. Алып келді қосына, Шәугім ілді мосыға, Сапырулы сары қымыз. Бәрекелді, масына!

Ат сұрай келген құрбыңа, Көкке қарап сөйлейсің, Өй дейсің де, бүй дейсің, Әбу, құрдас, тасыма, Мақтаныш деген осы ма? Жазғытұрым болған соң, Басыңа тағдыр салған соң,

Тотан жылқысын алған соң, Қаңғырған қудай қаларсың, Айтқан сөзге нанарсың, Өткен істі шаларсың, Шалқақтаған бұл басың, Ісінген қазір, құрдасым, Еңкейіп барып, күн туса, Пұшпағын местің жаларсың. Не болды деп бұл күнге, Есіңнен сонда танарсың, Әлпештеген жұртыңды, Елді есіңе аларсың.

Айтқан сөзге нанарсың, Бармақты тістеп белінен, Гөй-гөйіңе саларсың.

Жақсы адам әсте бұлдамас, Кем-кетікке берерін.

Терең сайлар құрғамас, Суға толар тереңім.

Атадан қалған алтын жоқ. Өмір болса көрермін, Бостан босқа тасыма,

Бір күнгі ішкен асыңа. Бағың таяр күн туса, Жан жуымас қасыңа.

Бұрыннан қалған сөз бар еді:

Құдай қарсы – асыға, Ілгері кейін күн болса, Қаларсың сөзден тосыла. Іркіт бермей сары тоқал Шөмішпен ұрар басыңа. Барар жерің қысқарып, Ақ соғар сақал-шашыңа. Көптен бері естімей, Жүрген де сөзің осы да.

 Содан Әбу, қайтсе де, Сарышолақ шайырды жеңбек болып, аулының оқыған ақыны Құлыйға бір жылқы беріп, айтысқа қосады:

Құлый:

Сұрасаң, әкем аты − молда Жолай, Жақсылар өткен екен елде талай. Дәулетім асып-тасып жатпаса да,

Мен сорлы болғаным жоқ Боранбайдай. Біз білген Бестоқалда ерлер көп ед, Дүниеден өткен әкең, сол − Боранбай, Көрінген алысынан бізге дара-ай.

Сарышолақ, сол көбінің бірі едің, Өзім бір санап жүрген мыңға балай.

Туралап, сөз айтайын Сарышолаққа, Шолағың сөз бастады Әбу жаққа, Жүгіртіп не бір ойын әрбір жаққа, Шіркіннің дәмесі бар әрбір сақта.

Бәрін де бес Тілеудің өзіңдей көр, Білместі табан жерде сөзге шашпа. Жел сөзді ұялмасам мен де айтамын, Сыйынып, бір Құдай мен әруаққа.

Арқасын Шолағымның күн шалыпты,

Жинаған той-думанда, Тоқты-торым, ешкі-лаққа.

Сарышолақ:

Барғаның дұғай сәлем айт, Тінәлі мен Молдаға, Қызықпасын мәрттеніп, Әркімнен алған олжаға.

Жақсыға тиер залалы, Жаманды жаудан қорғама. Шабысы аз жабыны, Топқа қосып, зорлама.

Батыр шабар ар үшін, Түсі суық найзаға.

Хас әдіскер салады, Неше түрлі айлаға. Шешен сөйлеп, тіл безер, Хандар тіккен ордада.

Шорағай бөгет болар ма, Еділ менен Ақ Жайық, Қосылып аққан арнаға. Шіркей бөгет болар ма, Құлази аққан дарияға.

Жортақ жолдас болар ма, Теңселе басқан жорғаға. Хас жүйріктің баласын, Басыңа күн туса да,

Сала көрме арбаға. Сұңқар жолдас бола ма, Сауысқан мен қарғаға. Тілеудің ұлы Жалтума, Шалқыған өзен секілді, Басқалар қонған айнала,

Айырдың күші пар келмес, Аруанадан туған түс нарға, Біз секілді алтынды,

Қор қылмаңдар мыстарға. Айызыңды қандырам, Жетпей де жүрсең құштарға.

Қаз ілетін қаршыға, Салмаңыздар тышқанға. Тіресетін алыппен, Әбуіңде күш бар ма?

Айқайға қосып сүренді, Сескенетін тыс бар ма?

Таз бала түсіп жүр ме екен, Өлең деген жоспарға.

Әлі де болса, кейін қайт, Түсінерсің астарға.

Әулекілеу сөзге еріп, Бостан-босқа мастанба, Ағаңның сөзін сынап көр, Қиырдағы дұшпанға.

Атырау мен Аралдың, Арасына оқ жетпес, Шетінен ұшқан құба үйрек, Қанаты талып қонады, Тәңір берсе сананы,

Бұл сөзіме түсінед, Әлімнің жақсы адамы. Таппай айтқан жаманның, Халқына тиер залалы.

Алуан-алуан жүйрік бар, Әліне қарай шабады.

Боқпен сыбап нетесің, Тас кесетін араны.

Таз бала неғып бөгейді, Жетеден құйған сағаны. Жорғаңды сүрдір, айқында, Болаттан соғып тағаны.

Көп ішінде білерсің, Бізге қойған бағаны. Түсінерсің сол сәтте, Шарық пенен шаманы. Басыңа күн туғанда,

Еске аларсың алдыңдағы ағаны. Қанша көлгір болғанмен, Белгілі және түсінсең,

Артқа ерген қарамы. Топқа салар туралап, Тереңнен сілтер дараны. Шу дегенде белгілі, Жеңер сөзді қаралы, Бала күннен сезілер, Сөзінің болса орамы.

Басыңа бір бақ қонса, Ешкім төкпес шараны. Орайлы жерде сөз алар Кеңдеу болса орамы.

Батырлар да шалықтар, Туып тұрса оралы.

Барымташы мал алар, Тәуекелшіл талабы.

Айналайын, Құлыйжан, Айналдырсаң нетеді, Бізден соңғы баланы? Әбудікі айтақ қой,

Жан-жағыңды байқап қой. Оны тағы түсінсең,

Адам емес саналы, Ақыл, ойы шамалы, Менімен тірессе, Кесілер алған талабы. Жеңілгенін білгенде, Жасқа толар жанары.

Тартынып неден сасамын, Кімнен бұғып қашамын, Болған соң әбден болары. Нағыз өртке қосты ғой, Бықси жанған шаланы.

Боларсың әлі, Әбуім, Айықпастай жалалы.

Құлый:

Жағдайсыз сөз естідім Сарышолақтан, Өзіңді билеп алған қандай мақтан?!

Күпсініп, сөз сөйлейсің әлдеқалай, Жігітке жақсы емес пе аузын баққан?

Шежіре қартымдай-ақ көп білетін, Сөйлейсің шалғай орап әр тараптан. Тұғырдай құр жіберген көбеңсисің, Шалқарға жаққан екен қымыз сатқан. Тұқымың кедей еді бұрынғыдан, Жарымай жүретұғын ішер ақтан.

Сыйынып Мөңке атама өлең айтам, Сендей құл қорықпай ма әруақтан? Ескі бидей сөз айтасың алмағайып, Қолыңнан келсе егер сөзден сақтан. Білерменсіп сөйлейсің күпінгеннен, Аяғыңды аңдап бас, қара қаптал.

Қайтадан шығуыңа қиын соғар,

Мен өзім бой жетпейтін терең шатқал. Кешегі қаңғып жүрген Шолақ едің, Толысып қалғансың ба мал мен бастан? Паралап айтатұғын сөздерім бар,

Мен емес қалың топта сенен қашқан. Жыныңды қағып алам дұғалықпен, Талайдың ісін қозғап, көзін ашқан.

Өзіңше еліресің жұрт алдында, Екеуге тең емес пе ашық аспан? Мен тағы әруақтанып кеткенімде, Сен секілді бейбақтар тұра қашқан.

Сарышолақ:

Тілеудің ұлы Мөңке еді, Алты Әлімге бас болған. Қара мойын серке еді, Ақылы зерек әулие, Қияға көңіл сілтеді.

Ағарып атқан таңымдай, Шөлді жерге бұлт еді.

Онан туған Қыстаубай, Алтыны кетіп, мыс қалды-ай. Мен – Жалтума, сен – Мөңке, Жарамайсың нұсқауға-ай.

Бұлдырықтай бойы бар, Сұңқардан ұшқыр құс бар ма-ай?

Сөз ұғатын баласың, Түсінерсің тұспалды-ай. Мен қаршыға бүретін, Шын желігім қысқанда-ай.

Жолайдан туған таз бала, Ақылың сенің аз ғана, Жусап тұрған жайынның, Құйрығын басып, қозғама.

Мен – бір жайын, сен – шабақ, Өзім бастан қозғайын, Барлығын құртқан қу тамақ.

Мен – Жалтума, сен – Мөңке, Сенен неғып озбайын?

Сыйынған әруақ ортақ-ты, Атаңның атын айтпайын, Әруағынан жазбайын.

Тай туласа, үзілмейд, Шаптан тартқан қос айыл. Кірісі мықты сарыжа, Тартқан сайын қайқаяр.

Тоғай сүзген бүркіттей, Қанат қомдап қалқайын. Тоқпақ жалды торы атпен, Дәмең болса, жалпы айыр. Төзімің жетсе, тірескін, Жиғаныңды сарқайын.

Айтысар болсаң, дерек айт, Сөзіңді естіп, айтайын.

Қопаңдайсың құр бекер, Шабысыңды байқайын. Тура сөйлеп дұрыстап, Мен несіне тайқайын? Дауылдатып құйындап, Аз миыңды шайқайын.

Құлый:

Бекіре едім мен өрге жүзген, Іркіліп қалғаным жоқ айтар сөзден.

Бақадай шөлде қалған домаланып, Көңілі Шолағымның нені сезген?

Сарышолақ өлең айтса, есіреді, Жабыдай жалғыз шапқан көсіледі.

...............................................................

Күнәсін бұрын айтып, кешіреді. Жалтума бұрын мөрін басқанменен, Торшаңыз Әйтпенбеттің жесірі еді. Сөз келед бұрынғыдан созбақталып, Шолақтың іздегені кесір еді.

Ақымын, жұртта қалған тайлақтайын, Өкшеңіз маған ерсең тесіледі.

Жақсының атын айтып неғыласың, Бұйырған Шолағыңа несібе еді.

Пайдадан босқа келген айрыларсың, Тілегің айтпастан-ақ кесіледі.

Сарышолақ:

Әулие болып өткен атаң Мөңке, Әлімге болған екен көсем серке. Бізбенен арғы жағың бір туғанмен, Тұғырдай жал-құйрығың болды келте. Пақырсың таста ойнаған құмырсқадай, Сені біз өсіріппіз, қылып ерке.

Қабақтың қосын тігіп, кетіп едің, Ел қылған өз алдыңа сол Мырзеке.

Жарқырап жердің жүзін алып жатқан Көлшікке пар келмейді ағынды өлке. Аңдап бас аяғыңды, тазша бала, Ағаңның сенен, сірә, сөзі төте.

Алдымды орағыштап қайқаңдайсың, Менімен айтыспағың әлі ерте.

Сүйреген өрге қарай жампозыңмын, Сол болады жанамада сынбас терте.

Құлый:

Баласы Боранбайдың сенсің – Шолақ, Ақылың болған екен мұнша молақ, Күпініп, сөз бермейсің,

Сені ақын деп жүрген жұртың дорақ.

У беріп, өз ағаңды өлтіріпсің, Үйіңде көрген екен қонған қонақ.

Келгенше жиырма беске қатын алмай, Сорлы едің Бәйінбеттің артын баққан. Өлгені Бәйінбеттің саған жаққан.

Есіңнен кетпей жүр ме сол күндерің, Кірме боп талайлардың асын татқан.

Сарышолақ:

Ылдидан Құлый келді есек мініп, Мұны мен айтпай жүрмін, өсек біліп. Қуырып, әйелдерге бидай сатып, Келеді жазғытұрым жүнін жиып.

Тотанның асқақ дәулет арқасында, Сен, Мөңке, не қыласың мінге күліп? Мырзағұл, біле білсең, біздің ағай, Мөңкесің дөңгеленген алдың тұйық. Ел болдың өз алдыңа жерді алып, Әйтпесе, артқы жағың болған сұйық.

Мөңкені не қыласың тіліңе тиек қылып? Сенсіз де тұрған жоқ па жұрттан биік? Жаманның өресі тар шермендедей, Кетеді осындайда тілің тиіп.

Жалтума – ең үлкені Тілеуімнің, Жататын ұлы өзенге өзі құйып. Үлкенді сыйламаған бетің қара, Жүрмессің бұ қылықпен елге сыйып. Жанып кет шаладайын бықсығанша, Отырса, айтқан сөзге ішің күйіп.

Құлый:

Өз айтқаның дұрыс деп, Бөдене борбай, шүріш көт, Кезбедейін елеуреп, Бүріскен табан, бұрыш бет. Әкеңнің атын сұрасаң, Құдай соққан Әйтпенбет, Шалап ішкен көнектен,

Ас ұсынған шелекпен, Ақыретке кетіпті,

Жарымаған қорекпен. Екі ноғай, төрт орыс, Параға беріп бешпетін, Уақпай көпір аузында,

Қызыңды зорлад кезекпен. Соларды қорғап алмаған, Айырмаң қайсы көжектен?

Қатеден бір Жаңғылыш өле қалып, Ауылыңды құмға қарай сүйрегенсің. Ішінен Құлекеңнің қашып келдің, Артыңды шанышқымен түйрегенсің. Қопасор қондың-дағы адам болдың, Қолтықтан Қабақ-Тілеу сүйегенсің.

Сарышолақ:

Ит болсаң, қарғы тағып жүрер едің, Ас бергенге жағымпаздана үрер едің.

Қатын болмай, аман қалған тазша бала, Әйел болсаң, шағыстырып, бүлер едің. Сауысқан секілденіп боқ шоқыған, Арсыз боп өміріңді сүрер едің.

Көргендей барлығын өз көзіңмен, Еліріп, бос сөз айттың түрегеліп.

Қисынсыз айтар сөзің бәрі − жалған, Сен құсап күнә жаққа әсте барман. Әулие болып өткен атаң Мөңке, Жұқана қалмады ма асыл ардан?

Әруағы ұрып кетсін соларымның, Көбіме дұғалығы болған арман.

Сөзімнің жоқ қатасы, Қабыл болған батасы, Күлтөбеде сөз айтқан – Тілеу елдің атасы.

Биік еді бәріңнен Жалтуманың жотасы. Атамыз өткен Жолдыаяқ, Хас жүйріктің шашасы.

Ақырып, жасақ сайлаған, Кекті қылыш қайраған, Қабағың сонда Есет пе? Жауын қойдай айдаған, Зорлықшыл мен үстемге, Шойын қазан қайнаған, Қасарысқан дұшпанын, Алдын орап байлаған, Ата жаумен алысып, Жеңбей тағы қоймаған. Сендей нәтсіз жеңбекке, Атасының сақалын, Былғауыштай ойнаған.

Мәнжубас туған сендейлер, Қайсысын соның санапты. Бүкіл Әлім сөзге ұстап Тілеуді, Жауға салды Қабақты,

Өзіңді-өзің жамандап, Сарттан аласың ба манатты? Жақсыларды табандап, Қайдан таппақсың санатты?

Битке өкпелеп, күпіңді отқа жақпассың, Тотан жаппас жанатты.

Еріп алып өсекке, Қабақ десең сөз қозғап, Тілің тиді Есетке.

Орайлы сөзге әрқашан, Керек еді есеп те.

Бауыздамай салайын, Теріңді теспей іреуді. Сыйынған Алла біреу-ді, Шаңырақты ұстаған, Алтын діңгек тіреу-ді.

Тоз-тоз болып ірірсің, Құрт жемей-ақ, шірірсің, Жау шаппай-ақ алыстан, Өз-өзіңнен құрырсың,

Жамандасаң, өз атаң – Тілеуді,

Асылдан соққан білеуді. Басқалар да жетпей ме, Қозғағанша сіреуді.

Аузыңа сөзді кім салған, Сынау менен мінеуді.

Менің жолым айқын-ды, Найзам жауға тіреулі.

Алды-артыңды анықта, Шамаңа қарай шалықта, Сен секілді көрдемше, Қараған ба парыққа?

Білерменсіп сөйлейсің, Шықпай жатып жарыққа. Тірілей түсіп қаларсың, Шықпайтұғын табытқа. Ақылың болса, тереңдеу, Бостан-босқа сарықпа.

Хас жүйрікпен тіресіп, Басыңды тықпа қамытқа. Аз сөзден шығып үлкен өрт, Зияның тиер халыққа.

Сен секілді көрдемше, Қараған ба парыққа? Теңесем деп өрменен Бостан-босқа салықпа. Шамаңа қарай шіренің Айтқаның, сірә, болып па?

Құлый:

Тап болдың өрлі жердің қайқаңына, Кезікпес біздікіндей жай табыла.

Көшкен елдің соңына ілесіп-ай, Еріпсің Мырзағұлдың айтағына. Намысың неден қозып отыр, Шолақ, Тотанның тап боларсың қай жағына?

Тотанның қазір отыр мерейі асып, Айтқан сөз жүріп тұр ғой өзгелерге, Ақылы, байлығы да судай тасып.

Шалқарда үй салдырды оязыңа, Ұлыққа керегінше ақша шашып. Ояз да құр қалдырмай Тотекемді, Шен берді қағазына мөрін басып.

Битше өрген Бестоқалсың жалаң аяқ, Ел көшсе, жұртта қалған өңшең сасық. Шақпалап, аш кенедей жабысасың, Байлықтан әлде отыр ма құтың қашып? Жеңілсең, Мырзағұлдан жерсің таяқ, Тұрғаны сендей құлға жаным ашып.

Желпініп, сөз сөйлейсің ескі байдай, Қашаннан жарып едің,

Бұйырып адалдықтан саған нәсіп?

Сарышолақ:

Қайраған сайын сөзбенен, Еліре шабам туралап.

Межем бар еді көздеген, Қиып түсер топшыдан.

Ақ алмастай түрленем. Нәсілі жаман кей тексіз Сөйлер сөзін білмеген, Ойсыз айтқан сөзіңді, Құлағыма ілмегем, Сасық сордан шығатын, Жел секілді іргеден.

Арам қанды төгейін Найзадай өткір тілменен. Өспес елдің шолжаңы, Асылдарын құл деген.

Шірігі мен қасаңын, Топ алдында пұл деген. Сөз тимеске сөз тиіп, Өзінше шіреп гүрлеген. Сенен жақсы маң төбет, Қара қорыр түнменен. Жуынды ішіп Тотаннан,

Мастанып, көңіл бірлеген.

Қияға салсаң, төсте озған, Қаттылығым сырлы емен. Қаншама сөз айтқанмен, Туралап ешкім жүрмеген. Мырзағұлда нең бар еді, Не біледі кейінгі,

Қасына еріп көрмеген. Біз секілді жібектің, Сыны әсте бұзылмас, Сен – бөз шұлғаусың, Аяқта жүріп, кірлеген.

Сөйлер болсаң, дұрыстап, Тураға қарай дұрыс бақ, Сүйегіңді шығарам, Дауылдатқан жырменен.

Жырлаған сайын құлпырып, Ағылады аузымнан, Құпиялы сыр деген.

Алынбастың қамалы, Алдыңда тұрған биік тау, Неше түрлі саналы,

Сөз төркіні тереңде, Келтіретін тобаны. Арлан қарсы шабады, Таусылғанша амалы. Сөзімнің қиуы қиылған, Алысқа кетер хабары.

Іркітке тойып көбеңсіп, Қалай-қалай көсілед, Тотанның мына шабаны? Талайдан озған сүлеймін, Мырзағұл – елдің барары. Ойланып істеп әр ісін,

Оң болып тұр талабы. Жағымпаз болсаң кірмеге, Басыңа тиер қарары.

Тотанға ерсең, телмеңдеп, Ұқпассың әзір шаманы.

Қисық ісің көрінер,

Күн туғанда қаралы. Болыстық Тотан не теңі, Жолы бар ма саралы?

Байлығын бұлдап әркімге, Орысқа берген параны.

Шындықты терең түсінсең, Бар ма содан табары?

Мақтағанға есірсе, Өзін-өзі өсірсе, Моншақ болар тағары. Ретті сөзі келген соң,

Тілекті Құдай берген соң, Айтпас сөзді айтқыздың, Жасқа толар әлі жанары. Дерексіз сөйлеп қайтесің, Тіліңді қысқарт шамалы. Басыңа бәле қу тілден, Айдап салған өзіңді, Пейілінен табады.

Үйірі азса асылдың, Жабы қарсы шабады.

Осы жолы жеңілсең, Мойныңа іліп құрымды, Көк шыбынға жем қылып, Көз жасыңды сел қылып, Пістіріп қояр сабаны.

Тотанда қулық жетеді, Ретін еппен табады.

Итаршылық – қу өмір, Сараңшылық – қу жемір, Тотанда жүріп тесілген Талайлардың табаны.

«Шолақ» деп, мені кекетсең, Қашан саған соғып ед, Байлықтың қоңыр самалы? Бөлтірікке бал берсең, Өскенде ол да жетіліп, Иесін, сірә, қабады.

Таппай айтқан жаманның,

Айырмасын анықтап, Жұртым өзі табады. Оқыған деп жүруші ем, Өзіңдей өскін баланы. Жүндіқұдық, Ердене, Мойынқұмдай саланы, Мекендеген ел едің, Сүйеген соң Мөңке боп, Тілеу менен Қабағы, Мырзағұл емес пе ед, Орысқа айтқан жобаны. Ұмытып қазір бар істі, Жақын менен алысты, Ұмытып түлкі намысты, Өзінше салды шабысты.

Құлый:

Шолақтың тілі ащы, бит буғандай, Қатын жоқ, үйің қайда, о, қу маңдай? Қалыңға беретұғын лақ таппай,

Әр жерге бір түнейсің ит қуғандай. Жолды бер де, ретке көш,

Бергенше көп алдында көп сумаңдай.

Сарышолақ:

Қу тазша, біздің жолға түсе алмассың, Өреңді бергенменен соза тартып, Көтеремдей, бәрібір, күш алмассың, Байлығы Тотаныңның бір-ақ қыстық, Сыласын түсінерсің ішер астың.

Мен қыранмын топ жарған алыс самғап, Қыранмен [ен] бірігіп, ұша алмассың.

Жыланды үш кессең де, кесірткелік, Түртіп тұр өзіңді қай албастың?

Балақтан кіріп, өрмелеп, Жағама келіп жармастың. Заманым келсе, тозарсың, Мен де көштен қалмаспын. Сендей пақыр сөз білмес,

Бостан-босқа қармастың, Кедейліктен басқа мінім жоқ, Қиып түсер алмаспын.

Арым таза еліме, Өзіңе ұқсап сүмеңдеп, Жуындыға бармаспын. Есесін Алла жеткерер,

Сыбағамнан қалмаспын. Айыртілді жыланмен, Келіп тұр ма арбасқың? Түбін тартып қопарам, Тотанда құр бір қалмасын. Кердері Әубәкір жеңбеген, Түсінсең, әріге бармассың. Түбі бірге түртпесті, Менімен келсе, сырласқың. Қанша шайтан болсаң да, Сұм дүниеде қалмассың.

Босқа ағаңа тиісіп, Байлық үшін алжастың. Қарауыл қой сөзіңе,

Әр ісіңді аңдасқын. Айтаққа еріп сандалып, Артын қума болмастың. Асылыңды қазбалап, Тотан, сен де оңбассың.

Тазыңды тый да, жөнге көш, Мен айтқаннан танбаспын. Абыройың шашылып, Ауылыңды басар сел-тасқын. Кектенді деп ойлама, Дұрысқа қарай жол ашқын. Араң кетер ажырап,

Күлкісі болып көп қастың,

Сені буған ақындық па, шабыт па, Басыңды әлде тықтың ба,

Байлық атты қамытқа? Құдайым өзі бермесе, Жарымассың алып та. Дүние-түлкі жеткізбес,

Үлгермессің шалып та. Тотанның ана жиғаны, Жеті әкеден қалып па? Босқа сөйлеп аптықпай, Алды-артыңды анықта, Насырын шұқып үлкеннің, Зияның тиер халыққа.

Қыранды қуып құр бекер, Атыңды босқа арытпа.

Тотан берсе, бір жылқы, Кетпессің одан жарып та. Есікте жүрген Әбу құл, Айтар сөзге жанықпа.

Безбенге сал, Құлыйжан, Кейінгіні налытпа.

Сөз түсінсең терең деп, Түсерсің әлі қалыпқа. Барлық айтқан сөзімді, Түптеп келіп, толықта. Тотан жалғыз ел болмас, Барлық байлық халықта. Мұнан былай, жарқыным, Жолықпасқа жолықпа.

Айтар сөзім көпшіл-ді, Осы сөзді парықта.

Құлый:

Алдыңа келіп қалдым желеуменен, Алтын да табылды құмды елеуменен. Ағеке, кешірім қыл білместікті, Өмірді қайрап едім,

Байлық атты егеуменен.

Бәріміз бірге тудық Қабақ-Тілеу, Боз секілді қатар өскен селеуменен. Ақиық топжарарым, алмасым-ай, Өзіңді арқа тұтып, демеу көрем.

Сарышолақ:

Құлыйжан, айтаққа еріп арындадың, Ол-дағы жастығың да жаңылғаның.

Кемшілік әркімде де болады ғой, Әркімдер айтад тағы табылғанын. Толқынға қарсы тұрған мен бір жартас, Тағдыр білер кімнің бұрын алынбағын. Дүние артың – қызық, алдың – жұмбақ, Секілді бұлдыраған қалың сағым.

Сөзімді тұспалдаған түсіндің-ау, Шыбықтай жаңа өскен саңылағым. Біз келген мына өмірге аз күн қонақ, Ішінде Қабақ-Тілеу жансын бағың.

МӘШҺҮР-ЖҮСІП ПЕН БІР ҚОЖА

Мәшһүр-Жүсіп:

Айтамын: «Айт!» – дегеннен әуелі Айдан, Бір Құдай орын бергей бейіш жайдан!

Соны тапсаң, бір тыныс алдың, қожам, Жаратты пайғамбардың нұрын қайдан?

Қожа:

Ырсай Алла, жан Алла пида болған, Пайғамбар – қазынасы нұрға толған. Ғабдолла Бұтырашқа нұрын төгіп, Нұрынан бір Құдайдың пайда болған.

Мәшһүр-Жүсіп:

Он түйме өңірімде қатар-қатар, Шешкенше сол түймені таңдар атар. Үлкендікке талассаң, жол болады, Дария мына жатқан қашан қатар?

Қожа:

Олла, ағылым демесе, ғасы болар, Желді менен тоқсанда дария қатар. Қарағай садақ қырық кез оқ барымда, Сендей ақын жоқ па еді өзі атар?

Мәшһүр-Жүсіп:

Екі сексен бір тоқсан жұмбағым бар, Жүйрік болсаң, соны тап, құла[ғың] сал?

Қожа:

Қарағай садақ, қырық кез оқ бар белімде, Мендей ақын бар ма еді өз еліңде?

Екі сексен, бір тоқсан жұмбағыңыз, Есептесең, екі жүз елуің де.

Мәшһүр-Жүсіп:

Сүйгенге бейіш іші сарай болар,

Екі он бес күн, төрт жұма – бір ай болар. Кей байлар жүзден бірін зекет бермес, Оның жайын сұраймын, қалай болар?

Қожа:

Әр не қылсаң, Аллаға аян болар, Қылған ісің алдыңнан даяр болар. Жиған малың зекетсіз, ақын, олжа, Ақырында, жылан мен шаян болар.

Мәшһүр-Жүсіп:

Қожеке-ау, ояу қалай, ұйқы қалай, Болғанда жаугершілік жылқы қалай? Ақыретке барғанда, тақсыр қожам, Жалғандағы ойын мен күлкі қалай?!

Қожа:

Жанның қамын ойламас ақымақ, есер, Үйде отырып, арымен өлшеп-пішер. Бұ дүниеде көп ойнап, көп күлгендер Жылай, еңірей, тозақта күні кешер.

ҮКІЛІ ЫБЫРАЙ МЕН ҚҰДАЙБЕРГЕН

Ыбырай:

Есіктен кіріп келдім басып қадам, Он үште сөз сөйлетті Хақ Тағалам. Ассалаумағалайкүм үлкен аға,

Қызығың құтты болсын, тақсыр бабам.

Асқар тау қиядағы белден келдім, Тасыған дария бұлақ көлден келдім.

Көкшетау дуанындағы атым Ыбырай, Татуға зәмзәм суын шөлдеп келдім.

Құдайберген: Уағайлейкүмассәлем, Ыбырай аға, Миһарбан дидарыңды көрдім жаңа. Адамға бір ғанибет дидарласпақ,

Елу жылда – ел, жүз жылда – қазан жаңа.

Ыбырай:

Көкшетау дуанында атым Ыбырай, Патшаға сөз сөйлеуші ем бір жылымай. Алдыма ешбір адам шыққан емес, Шықты ма жер астынан мына сұмырай?

Құдайберген:

Ыбеке, сұрасаңыз, затым – Қыпшақ, Арғы атам сұрасаңыз, Сейіт болмақ. Баулының тоқсан екі бұлбұлы едім, Сайрасын мартабаңда тіл менен жақ.

Ыбырай:

Ия, балам, сен мәз болма ішпей-жемей, Жол берген әркім маған кімсің демей. Кереку, Омбы уезі маған мағлұм, Жазбайтын қолын бүйтіп сорлы кедей.

Құдайберген:

Ыбеке, ел қаралау сізге жөн бе? Барыпсыз мырза болып біздің елге. Жерің жоқ кінә қояр мырзаларға, Керек пе мырзаларға сіздей делбе?

Қатты-қатты сөйлесем, дұшпан, – дейсің, Бөгелсем балалықтан пысқан, – дейсің. Кетпесін бүйте берсең миың шіріп, Қартайса кәрі бүркіт тышқан жейсің.

Ыбырай:

Ия, балам, шықтың сөзге мына дайын, Мен саған көрсетейін сөз ыңғайын.

Сыймаған тіл аузыңа ақын болсаң, Үш ауыз кеңесім бар мен сұрайын.

Құдайберген:

Аспанның бауыры жазық бір кең дала, Жаратқан ғарып қылды Құдай пана.

Ақын боп сөзден қашсақ жүреміз бе? Ыбеке, кеңесіңді сұрап қара.

Ыбырай:

Ия, балам, тыңдап отыр сөзді барлап, Мен саған ұқтырайын сөзді ыңғайлап. Мұхаммед пайғамбардың заманында Бір ғарып дарияға салды қармақ.

Дарияға сол ғарыбың қармақ салып, Алыпты дариядан нені қармап?

Құдайберген:

Ыбеке түсіп кеттің бұл мінезге, Жоқ па еді жұмбағыңыз бұдан өзге! Моллалар шариғатқа қарап отыр, Қалмасын бір жаласы соңыра бізге. Сегіз жыл мектеп жүзін көріп едім, Кітаптан көрініп тұр біздің көзге.

Қамыстан күркесі бар бір кемпір, шал, Бір түнде жайнамазға жатып жылар.

Жылағанда мал бер деп, жылаған жоқ, Құдайдан жалбарынып бала сұрар.

Алла емес, түсінбейтін айтқан сөзге, Тілегін қабыл етті сол бір кезде.

Дейтұғын Зейнілғабиден бала туды, Нәрсесі қармақ салған сол емес пе? Дыбыста сират көпір дәл қасында, Күмбезде Зейнілғабиден тұр емес пе?

Ыбырай:

Ия, балам, нағып болды саған оңай, Құрылған мен емес пе сөзге тоғай?

Сыймаған тіл аузыңа ақын болсаң, Қонады бір ағашқа дәл үш торғай.

Екеуі ұшса, бірі қозғалады, Бірі қалып, екеуі жоғалады.

Ия, балам, бұл жұмбақты шешіп берсең, Осыдан ақындығың сыналады.

Құдайберген:

Ыбеке, бұл сұрағың мін емес пе, Әгеркі шешіп берсем, жөн емес пе? Екі торғай дегенің ол екеуі –

Ұйықтап барып, ашылған көз емес пе? Жалғыз бір торғай дегенің қаза келіп, Кеудеден шығатұғын жан емес пе?

Ыбырай:

Он алты дария бар көз көрмеген, Ішпеген онан пәнде кез келмеген. Он алтысын қақ жарып жүзге бөліп,

Жартысын пенделерге өлшеп берген. Білейін, иә, балам, жүйріктігің, Бекінді бұл кеңесім қайсы жөнмен?

Құдайберген:

Ыбеке, адам жоқ қой кәсіп тыйған, Пәндеңіз кең сарайда дүние жиған. Он алты дария бар дегеніңіз Аятпенен бекіткен он алты имам.

Жасымнан сөйлер сөзге болдым құмар, Сөйлесем жүйріктермен көңілім тынар. Үш ауыз сөзбен бөгелтем деп еді ғой, Ыбырайды, тақсыр, төре, үйден шығар.

Ыбырай:

Есерлер аз табысқа жынданады, Әзілге жөнді мәзір кім табады? Айтысқан ақындарды қуа берсең, Дүниеде сенен басқа кім қалады?

ҚҰДАЙБЕРГЕН МЕН ҚАДИША

Құдайберген:

Тоты едім Құдайберген Қыпшақ текті, Баласы Әлсейіттің даңқым кетті.

Аралап Орта жүзді жүргенімде, Салдықпен жанаушы едім талай бетті.

Бір қызбенен айтыстым Қадиша атты, Атбасар, Қараөткелде сонау шетте.

Қарауыл, Атығай мен Мүлтік, Сары, Сыртынан шыққан екен сонша даңқы. Дейтұғын үлкен Қараой, кіші Қараой, Аққұдық жайлауы екен онан да ары.

Айтысқан Құдайберген сонда барып, Сөзімді тыңдап отыр, құлақ салып. Онымен ата болып айтысқам жоқ, Төрт-төрттен сегіз уйез бөліп алып.

Атбасар, Қараөткел мен Көкшетауды, Қызылжар – бұл төртеуін Қадиша алды. Кереку, Қарағанды, Омбы, Семей, Жамағат, бұл төртеуі маған қалды.

Сезімді екі жақтап орнықтырып, Мінекей, қыз сөйлейді онан әрі. Әдейілеп барған маған кезек бермей, Әуелі қыз өлеңді қоя берді.

Қадиша:

Басайын түрлендіріп әннен өрнек, Мағлұм бір Аллаға алмақ-бермек. Бір ақын Омбы уезден іздеп кепті, Менімен айтысуға аты терлеп.

Бір ақын іздеп келген Омбы уезден, Бишара ат терлетіп сонша жерден. Береді сендей ақын ат пен шапан, Қожахмет іздеп келіп, шапан берген.

Қадиша, сұрасаңыз, менің атым, Қарауыл Мертік еді арғы затым. Ұжмақтан хордың қызы келмейді ғой, Құрбыдан артық туған қияпатым.

Мен өзім әрі баймын, әрі молмын, Әуелден қыдыр қонған шалқар көлмін. Айтайын төрт уезден құтым санап, Төрт-төрттен сегіз уйез берген балап.

Ей, сорлы, менің жайым мынадайын: Мен сөйлеп, тыңдатайын сөз ыңғайын. Қызылжар уезімнің бір шеті еді,

Бақ қонған, қыдыр дарып Өсербайым. Тағы да Бесқоңырда Бекен мырза,

Ей, мырза, мырзаң бар ма солардайын?

Көкшетау дуанында Науан хазірет, Бақ берген тірлігінде бір құдірет. Елінде Торайғырдың асыл дана, Тоғыз мың жылқы айдаған Қожахмет. Әдейі сонша жерден келсең-дағы, Біздермен теңелуің қиын рет.

Қырғызда қос қапамен, міне, екі қол, Атанған мұсылманға Ташмұхамбет.

Елінде Жағалбайлы Сәрсен байым,

Мың-мыңнан о да өргізген құлын-тайын. Қараөткел Қыпшаққа да мың қой бітіп, Басшысы – аға сұлтан Ыбырайым.

Құдайберген:

Сиынып мен сөйлейін құдіретке, Бір қыздан жеңілуім маған еп пе?! Қыпшақ деп а дегенде ауызға алмай, Барайын Қарқаралы анау шетке.

Кетейін біраз ғана сөзбен жанап, Жарамас өнер аяп, бойым тежеп. Қызыл тіл, қу көмекей, сен де сөйле, Саған да құт сынайтын келді кезек!

Тобықты естіп пе едің Құнанбайым, Ол болған заманында бұландайын. Меккеден сауап үшін бір үй салды, Қадиша, асылың бар ма осылардайын?

Мұндайын сауапты ерді таппадың ғой, Еліңнің құр санайсың құлын-тайын.

Қадиша, осынау күнде болды Қасен, Елімнің құтын санап, мауқым басам. Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер, Қадиша, апрықтың деп, неге сасам?

Қаракесек, қаздауысты Қазыбегім, Бақ қонған тірлігінде Исламбегім. Затында Алтай бөрі Қазанқабым, О-дағы болып өткен қаракөгім.

Сөзімді тыңдап отыр жұртым біліп, Жылмиған жорғадайын кетем жылжып. Исадан Бердалының Қабыш боп тұр, Қабыш тұр қанша жұртты қарына іліп.

Жақсының әр атаға шығар даңқы, Сөзімнің қисық сөйлеп, келмес мәні. Патшаға тоқсан өгіз сый беріп тұр, Қайсыңнан кем болып тұр Темірғалы?

Әр ата бір адамның айтсам затын, Сөзімді келісімді жұрт тыңдасын. Жантөбет өзі қажы, өзі молда, Бақ қонған тірлігінде Ілиясым.

Ақыпта, Жолабада янды Домақ, Жүз кісі сіздің елден болса қонақ.

Татқандай зәмзәм суын Мекке барып, Келеді күнде арбамен жолаушылап.

Арғында Тәкен, Жансар ол Боқсары, Солардай болмады ғой жұрттың бәрі.

Шортанбай Орта жүздің ордасы еді, Сұршаға айтса батар сөз ызғары.

Әлмүсірә – әрі қажы, әрі указ,

Бұл кезде Мұқаммедияр указ болды. Кереметпен құс боп ұшып Мекке барып, Бағдаттың намазында қайта айналды.

Құтымның әрқайсысын айтсам керек, Санаған құр құлын-тай неге керек?! Құтымды жоғарыда айтып өттім, Қадиша, сен сөйлеші, бердім кезек.

Қадиша:

Сиынып сөз сөйлейін құдіретке, Сұршада шығып кетті сонау шетке. Жылында жүз кісіні айдатады, Мырза деп бекер айттың Исламбекті.

Керейде тек Текеде Бүртебайым, Парақор Ташмұқаммет білдім жайын. Қасен де қартайғанша пара жейді, Еске алып, ойламайды бір Құдайын.

Құдайберген:

Құтыма тіл тигізбе, босқа шатпай, Сөзіңді тура сөйле алшақтатпай. Аптығып, әйелдікпен қаралайсың, Барайын мен де аяңдап сіздің жаққа-ай.

Бұл сөзге неге тидің сорың қайнап, Айтпадың әйелдікпен соңын ойлап. Меккеге Науан қазірет жіберіп пе ең, Тақсырды жібердің ғой Үркітке айдап. Қарағым, Ташмағамбетті мақтадың ғой,

Бір қой үшін жіберген өз ағасын сотқа байлап. Басыңды, қыз Қадиша, көтермейсің,

Көрпеңді сөзбен жапсам әбден жайлап.

Жасаған өнер берген бір құдірет,

Қата айтсам, бір Құдайға боламын шет.

Шақман тек мақтадың кезебіңді,

Жылында бір ұрлап жемесе, малына тиер індет. Құтымның менің сендей кезебі жоқ,

Елімнің аруағынан садаға кет.

Қадиша:

Өлеңді айтсам дейсің ептей, ептей, Жеңем деп ойлайсың ғой гауһар тектей. Отырып, өз-өзіңнен ырғақтайсың, Түсетін отқа барып көбелектей.

Бір мырзаң айтқандайын іздеп келген, Қожахмет іздеп келіп, шекпен берген. Бересің ат пен шапан сен де сұрша, Жеңіліп Қожахметтей шекпен берген.

Құдайберген:

Ілгері сөйлегенде шеру тартам, Қозғалсам, аруақ қорып, қозып арқам. Жезтырнақ секілденіп шашбау тағып, Топқа кеп сылдыр қаққан сен бір шайтан.

Рас па, Қожахмет іздеп келді,

Бір қызы Қарауылдың сені көрді. Сенімен ойын ойнай келгенім жоқ, Қиын ғой киім бер деу маған енді. Мен кепіл бұл дүниенің тұрмасына, Күлесің құрбың менен құрдасыңа. Балаға он төрт жасар әкең беріп, Құмарсың біздің елдің мырзасына.

Мен тұрмын тұрпатыңды жаңа көріп, Шын қызсам, кетуші едім аттай желіп. Кейінгі жастарымнан кет садаға, Кетеді сенен көріп шалым жеріп.

ОҢҒАР МЕН ЫРЫСТЫ ҚЫЗ

Оңғар:

Етікші етік тігер бізіменен, Бізден соң, ине жүрер ізіменен.

Түрленіп, түспес қолға дүние, шіркін, Сағымдай алдап жұртты жүзіменен. Қызылдың қиясынан көмір айдап, Бір жылша кіре салдым күзіменен.

Басынан Қаратаудың көшкен күні, Қалыпты бір ат дорба тұзыменен. Сол тұздың түсіп қалған себебінен, Айтыстым бір Төбеттің қызыменен.

Атыңды мен білмеймін, қарағым, қыз, Келе жатқан ұзақ жолдан жолаушымыз. Ағаңның арнап келген жұмысы бар, Қайырға болар ма екен бір салым тұз?

Ырысты қыз:

Сұрасаң, менің атым – Ырысты қыз, Айтайын, керек болса, ат-есіміміз.

«Тұз» деген қажетіңді жеңгем білед, Болмаса, одан өзге жұмысыңыз?

Көмірші кіре айдаған толып жатыр, Өзің де айт аты-жөнің, кім боласыз?

Оңғар:

Баласы ата-ананың жатжұрттық – қыз, Кететін бөтен елге, айдап дәм-тұз.

Білмесең, атымды Оңғар деп айтады, Бозғұлда Қаратамыр, аты-жөніміз.

Жұмысым тұздан да өзге толып жатыр, Айтайын, қарындасым, бітірсеңіз.

Ырысты қыз:

Базардан алып келген қызыл керсен, Керсеннен кім дәм татпас, тегін берсең. Қажетің иә табылар, иә табылмас,

Мән-жәйін білер едік, айтып көрсең.

Оңғар:

Адамзат қайда жүрмес, айдаса – тұз, Талпиды әр тарапқа көңіліміз.

Айтайын «Айт» десең, мен жұмысымды, Өзіңдей іздегенім – бір сұлу қыз.

Ырысты қыз:

«Бір салым – іздегенім – тұз» деп едің,

«Жолаушы, шын мүсәпір – біз», – деп едің. Сөзіңнің алғауы көп жан екенсің,

Қаруы қайтпайтындай ештеңенің. Жолыңнан қалмай-ақ қой, дәмеленіп, Алдыңнан шыға берсін іздегенің.

Оңғар:

Керуен күн-түн қатар сүргін болып, Көңілімде қалды айтқаның, кірбің болып. Істерсің, істемессің айтқанымды,

Үйіңе кетсем қайтед бір күн қонып!

Ырысты қыз:

Үйімді қызғанбаймын, «Қонам» десең,

«Жай жатып, жақсы қонақ болам» десең. Кісідей ұстамалы ауруы бар,

Орныңнан түнде тұрып елірмесең?

Оңғар:

Кей-кейде әдетім бар елеурейтін,

«Бітір, – деп, – қажетімді!» жеделдейтін. Күтініп, кең салып жат төсегіңді, Қонақтан дәмең болса, «Келер» дейтін. Қалмасын қатарыңның көңілі ренжіп, Нәрсе жоқ өзгеріліп, «көнермейтін».

Ырысты қыз:

Күте бер, олай десең, «көнергенше», Тілеуқор болып сырттан өле-өлгенше. Болмаса, адал жолмен ізденсейші, Қол жайып көрінгенге, тіленгенше.

Оңғар:

Көбейер, күз басталса, жел менен құз, Кеткен соң қырық күн шілде, сарша-тамыз. Секілді олжа малы – қардың суы, Қашаннан жұртқа жеңсік қыз бен қымыз. Несіне білмейтіндей бұрмалайсың,

Болмап па ед атаң жігіт, анаңыз – қыз?

Ырысты қыз:

Алты айдың үшеуі – жаз, үшеуі – күз, Екі елу – ердің жасы болады жүз.

Кездестің келе жатып көш жөнекей, Отырсаң, үй тіккенше кідіріңіз.

Оңғар:

Болғанда үш ай тоқсан, қатады мұз, Қар жауып, қара жерде болады сыз. Үйің тік, олай десең, малыңды сой, Бір қоста, жолдасым бар, он кісіміз.

Ырысты қыз:

Шаруаның қар жалаған малы семіз, Туады, мал семірсе, төлдеп егіз.

Қонаққа қойымыз жоқ соятұғын, Шұбыртып сонша бәрін біздің неміз?

Оңғар:

Қолыма, «Жырла» десең, домбыра бер, Мейманға назарыңды оң бұра бер.

«Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөз бар, Он түгіл, жүз де болса, қондыра бер.

Ырысты қыз:

Қыс болса, түлкі, қарсақ жортар саймен, Санаспас, білмеген жат, жай-жағдаймен. Күніне жүз кісіні сыйлайтұғын,

Жомарт бар деп пе едің тең Атымтаймен?

Оңғар:

Қашаннан хан мен төре – ел ағасы, Шығады жоғарыдан су сағасы.

Жомарттық етпесең де Атымтайдай, Ағаңа бермеймісің қонақасы?

Ырысты қыз:

Бұл кезде, би мен болыс – төр ағасы, Жылқының көзге қораш көк аласы. Қыс болса, шаруаның жайы мәлім, Көп болмас, көңіл-қоштық ырадасы. Қар жауып, үй тігілмей жатқанында, Қой, жаным, қонақасы сұрамашы.

Оңғар:

Дау болды-ау қонақасы арамызда, Бар болса, түсінер ең санаңызда. Еншіміз қонақасы айрылмаған, Айрылып, көре тұра қаламыз ба? Құдайым қайдан бізді кез келтірді,

Кескенде, қан тамбайтын сараң қызға?

Ырысты қыз:

Қонағым, ақырында, қас болдың ба? Білместей жай-жағдайды жас болдың ба? Мен саған «Жөн сілте» деп тұрғаным жоқ, Айта бер ақылыңды басқа орныңда!

Аузыңа келген сөзді қайтармайсың, Базаршым, тентіреген, мас болдың ба?

Оңғар:

Ау, жаным, мынау сөзің тиді жаман, Айтасың ашындырып қалай маған? Кемді күн қыз да – қонақ, біз секілді, Бұтына ошағының болмас таған.

Сөгесің неге бізді жүрген түзде, Далаға шықпайтын ба ед сенің ағаң?

Ырысты қыз:

Қолында құсбегінің биялай-ды, Атады мерген тосып құралайды. Айтылған ишаратқа түсінеді,

Жақсы адам жайды білген, сынамайды.

Далаға менің ағам шықса-дағы, Тентіреп, қонақасы сұрамайды.

Оңғар:

Болмады айтпасқа сөз саған тағы, Шымшыған тиді тілің маған тағы.

«Атаңнан мейман ұлық» деген қайда? Білмесең, ол – кемістік, шалаң тағы.

«Қайырды – қабаған ит байлар» деген, Ауылды сен билесең, қараң-дағы.

«Тентіреп, қонақасы сұрадың» деп, Тек жапқан сылтауратып жалаң-дағы. Бетіңше кеткеніңе қайырусыз, Жеңгең мен жақсы ат алмас ана-дағы. Бола алмай ауылға ие, әйелге – ер, Ойлап көр, не болғаны ағаң-дағы?

Қыдырып, қонақасы іше алмаса, Атаң да бір нәсілсіз жаман-дағы. Осымен тоқталарсың, тілімді алсаң, Болмаса, бұдан да өзге табам тағы.

* * *

Сол жерде қыз жауаптан кідіріпті Деп айтқан: «Аға тілін алам-дағы». Қоштасып, тарасыпты жөн-жөніне,

«Сау бол, – деп, – көріскенше аман-дағы». Оңғардың Ырыстымен айтысының

Аяғы осыменен тамам-дағы.

ҚЫЗЫЛ ЖЫРШЫ МЕН ӘКІМГЕРЕЙ

Қызыл жыршы:

Құдая, әлі жабы – біз – бір пендең, Болмайды кемшілігі елдің елден. Қай түрлі құрмет қылсаң жарасады, Еліңе мүсәпірміз біз бір келген.

Сыйысып, іштеріңе кетіп жатыр, Қазалы келген адам Түркістаннан. Бақтияр, Данияр мен Құдияр боп, Бір туып, бір емшектің сүтін емген.

Атасы үшеуінің Анас екен, Үшеуі Анас байдың баласы екен. Данияр мен Құдияр – кішілері, Бақтияр екеуінің ағасы екен.

Данияр – ортаншысы – менің бабам, Есігі Бақтиярға жалғас екен.

Құдияр – ең кішісі – сенің бабаң,

Үш үйден үш жұрт қылған қадір Аллам. Енші алып, үй ішінен отау тіккен, Білсеңіз, хисрат болып сонан қалған.

Анастан арғы жері екен Ысқақ, Сөзбенен көрсетейін саған нұсқап. Жіберіп екі үлкенін енші беріп, Қолына Құдиярды қалған ұстап.

Біз, жырау, жақсыларды базар еткен. Дүниеден көшіп жатыр қаза жеткен. Үш жүз [дің] кенжесінің баласы еңдер, Басынан бабаңызға дұға кеткен.

Арымас дұғалы құл деген сөз бар. Отырсың қонысыңда сол себептен. Атаңнан атам үлкен, өзіңнен – мен, Қол алып, көріспедің Мырзабекпен. Менмендік осыншама қылатұғын, Сен қандай ақын едің менен өткен?

Әкімгерей:

Жыршы боп жүр екенсің мен жоғымда, Шыр болып түлкі, қарсақ ел жоғында. Қаңғырып Қазалыдан келген, қасқа?

Бұл жерде кім қарайды аш-тоғыңа?

Қызыл жыршы:

Жан ба едің жайын өскен қысым көрмей, Бұл сөздің халық айырсын алтын, мысын. Қоқиып келген жерден мұны айттың ба? Алтын десем, әншейін мыс екенсің.

Бендесі әр қиырда жүргенменен, Ақымақ, Алла берер ризықысын.

Айттың ба тойғаннан соң бүгін мұны, Әркімнің бұл сөзіңе келер жыны.

Несіне тойғаныңа мас боласың, Қаңғырып ішкен, қасқа, жуындыны. Бұл жерде әулеті жоқ, тумасы жоқ, Осының өлсе түсер кімге құны?!

Қызыл жыршы:

Еш жерге жете алмайсың бұл ойменен, Кей жаман жүрген жерін лайлаған.

Ақымақ алды-артын болжамайды, Өз сөзін өзі мақтап, шырайлаған. Қаһары келсе, фишрат таптырады,

Жүргенде ойының келіп Құдайменен.

Әкімгерей:

Еш адам бай болмайды сараңдықпен, Мақсатқа әкім жетпес арамдықпен. Есебін еш нәрсенің біле алмай, Халықсың тозып кеткен жамандықпен.

Қызыл жыршы:

Еш адам бай болмайды есеппенен Дүние тең суға еріген кесекпенен. Бұл нәубәт өз басыңа кеп қалмасын, Дүние ешкімге опа көрсетпеген.

Әуелі Құдай, әулие жар бола гөр, Ұстастық бір ақырған есекпенен.

Әкімгерей:

Сөйлейсің қалай-қалай сөзді, қасқа, Әлі тиген жоқ па еді басың тасқа? Өмірінше тозғындаған халықсың ғой, Тимеген ауыздарың өмір асқа.

Қызыл жыршы:

Артық па біздің елден қызықтарың? Еліңе ел екен деп қызықпадым.

Тозғында, дуана боп жүрсе халқым,

Тағдырдың көрген шығар сызықтарын. Атаусыз өлгендерің қалып жатыр, Кірмейді құлағыма быжықтарың

Інісі ағасының қызын алған, Көп екен елдеріңде бұзықтарың.

Әкімгерей:

Ақтайсың бұзықтықпен бұзылғанды, Маңдайға қайдан білдің сызылғанды? Бес жасар, он жасардан ұстап беріп, Бірталай біздің халық қызыңды алды.

Қызыл жыршы:

Қарашы айуанның ауызына,

Мас болып бес-алты пұт азығына. Қыз бенен қой қай жерге кетпеуші еді, Қартайған қыз көрдің бе қазығында?

Тағдырдың қууымен қылсаң, жазығы не? Өзіңнің қыз, қатының талақ болды, Қарыған қаз көріп пе ең қаз ішінде?

Әкімгерей:

Ай, қасқа, тарта сөйле тіліңізді, Сандалдың, бірің көрмей біріңізді. Әуелі келген кезде біздің елге Көрген жан шошушы еді түріңізді. Жерлеріңде қасиет болмаған соң, Көре алмай сандалдыңыз күніңізді.

Қызыл жыршы:

Ақымақ, жамандама елімізді, Жылан кеп, үзіп кетті белімізді. Өзіңнің бар қатының талақ болды, Қасиетсіз деп айттың жерімізді.

Бет алдыңа ақырған есексің ғой, Білмейтін ата мен тегіңізді.

Білмейсің Қожа Ахмет Иассауиды, Қой енді былшылдаған кебіңізді. Шайқысылам, осыны өзің ап келдің бе, Айтысып, ап берер деп кегімізді?

Сөйлейсің қалай-қалай, қасқа кедей? Ауызы жарымаған асқа кедей.

Асымды ішіп, халқымды жамандайсың, Ақыры, сазға отырарсың саспа, кедей. Жыршы боп жүр екенсің, мен жоғымда, Ізімді бұдан былай баспа, кедей.

Қызыл жыршы:

Артық па бізден сіздің ішкеніңіз? Қуырылған құр шаймен іштеріңіз. Асына асып жатқан кел демейтін, Сай емес мұсылманға істеріңіз.

Тағы да ұнамайды ит мінезің, Келгенді талайтұғын күштеріңіз.

Мұрттарың басылмаған, шашың өскен, Секілді мұжық орыс түстеріңіз.

Құдайды – бір, пайғамбарды хақ білетін, Сіздерден біз хақ дінге ішкеріміз.

Әкімгерей:

Ай, қасқа, байқап сөйле, Қазалың жоқ, Үстіңде үй, бауырыңда қазаның жоқ. Қарашы, жан-жағыңда жігіттерді, Қалмағай қапелімде ажалың боп.

Сөйлейсің кімге сеніп үстем-үстем, Есен мен Ахметкерейдей адамың жоқ.

Қызыл жыршы:

Қайтеді Ахметкерей, Есен деген,

Мен ондай қорқа алмаймын есерлерден. Ораза, намазбенен жұмысы жоқ, Баланың ісін қылған еленбеген.

Осыларды алдына танау қылсам, Ойың ғой үні сонда өшер деген. Елімнің берекелі уақытында,

Болғанмын мен де жолдас талай ермен. Ахметкерей, Есенді мықты десең, Апаңа жүгіртіп ал қатыныңды.

Әкімгерей:

Ай, қасқа, байқап сөйле, есірмегін, Басыңа жетіп кетер кесірлерің.

Көңіліме менің бүйтіп тие берсең, Басыңның білмей қалма кесілгенін. Қолыңнан қыздарыңды қойдай сатып, Қашып кеп, тиіп жатыр жесірлерің.

Қызыл жыршы:

Күлкіңді біздей болсаң, тыя алмайсың, Біздей боп ешбір жерге сыя алмайсың. Көргенін біздің елдің көрсең егер, Өмірі естеріңді жия алмайсың.

Қыз түгіл, еркегің [де] жүрісті боп, Теріс қылық жасауға ұялмассың.

Әкімгерей:

Болса да, аямассың келсе күшің, Елімнің ішкен, қасқа, жуындысын. Қарашы жан-жағыңа, жігіттерге, Қалмасын опырылып отыз тісің.

Қызыл жыршы:

Жаратқан жалынамын жан иеге, Тоқтарсың келсе егер сөз жүйеге. Әкеліп неміс арба сыйғызбап ең, Кесірің артса, сыймас бір түйеге. Көп қой деп сен сенесің адамыңа, Құдаймен мен де сендім әулиеге.

Әкімгерей:

Әулие деп жүргенің адам шығар, Деп жүрген оны әулие надан шығар. Осындай сыйынғанда қолдайтұғын, Әулие тірлігіне болса-дағы,

Құл болып өлгеннен соң қалған шығар.

Қызыл жыршы:

Әулие өлген емес, тірі ғайып,

Шын ақымақ болмасаң, мұның айып.

Көресің әулиенің кереметін, Табаның бұл жалғаннан кетсе тайып.

Құдайды – бір, пайғамбарды хақ білмейтін, Тұқымын не қылады мұның жайып?

Әкімгерей:

Ешкімнен тоқталмаған Әкімгерей, Түзелмес жігіт адам зәкүн көрмей. Қаңғырып, Қазалы өтіп келдің неғып, Бар болса, әулиенің нәпін көрмей.

Сөйлейсің кімге тиісіп үстем-үстем, Қонысың осы арада жақын жердей.

Қызыл жыршы:

Сырттан сол әулие оңдайтұғын, Пендесі Құдай сүйген тоймайтұғын Иланбай әулиенің барлығына,

Неме екенсің соры бар қайнайтұғын. Білмесең Қожа Ахмет Иассауиді, Неме екенсің тұқымын жаймайтұғын. Құдайы – екі соғым бердің жәдігөйсіп, Қоянсың орда өстіп жан сақтайтын.

Әкімгерей:

Еліңде байың бар ма Шәді молдамдай, Бола ма тәуір жігіт Байқадамдай?

Қобдада Әбіш деген бір бай жатыр, Жылқысын көптігінен қайтара алмай. Келгелі біздің елге үш жыл болды, Болыпсың сырын алып байқағандай.

Қызыл жыршы:

Мақтарлық Әбіш байың кісі ме еді, Бар ма деп оның несін ісінеді.

Еліңнің айтулысы Әбіш болса, Сенің де сәл-ақ болды күшің енді.

Тыңдасаң, құлақ салып, Әкімгерей, Ақшалы отырмына кедей.

Төрт адам кешқұрымда барып едік, Үйіне қонақ қылып, түсірмеді.

Күн суық, ұйқы-тұйқы боран боп тұр, Сәл кідірсек, тұрмыз енді үсігелі.

Мақтама малы бар деп Әбішіңді, Айтпасаң, қайыры бар кісілерді.

Әкімгерей:

Қажыдай Аллаберген кісің бар ма, Толтырған Құдай көңілін бас пен малға. Мал мен бас, абырой, бақ, барды беріп, Жеткізіп мұратына қойған Алла.

Қызыл жыршы:

Баратын талай қажы біздің елден,

Әр жылда-ақ мыңы барып, жүзі келген. Қайтып кеп дүниеге араласпай, Қажының сауабы көп сол жақта өлген. Сен менің бұл сөзімді жалған десең, Сұрашы молдалардан кітап көрген.

Әкімгерей:

Еліңнің енді сен айт берекесін, Әр түрлі той-тамаша берекесін.

Бәріне біздің елдің сын тақтың ғой, Есітейік сендер қандай ел екенсің. Көңілің еш адамнан басылмаған, Басыңда тұрмысың көп неме екенсің. Сірә, бір осы көптен жасқанбадың, Сондай бір тәуекелшіл ер екенсің.

Қызыл жыршы:

Айтайын елімізде әулие бар,

Әр түрлі түнеп жатқан аяты мал. Айтайын еліміздің берекесін, Аңғарып, Әкімгерей, құлағыңды сал. Әр жылы мың үй тігіп, ат шаптырар,

Мүкарам қайтыс болса кемпір мен шал. Халыққа бір ай бұрын хабар беріп,

Той жасап, қыз ұзатар не мырзалар.

Серкені қырық шақты додаға сап, Бес-он күн бозбалалар көңіл ашар. Болса егер аты жақсы, өзі мықты, Шақырып, сол додадан салым салар. Дәстүрін біздің елдің көрсең егер,

Қайран қап, көңілің бітіп, мейірің қанар. Миуаның неше түрлі бәрі сонда, Болушы еді ішкеніміз шекер мен бал.

Жатып қалған уақытта қонақ барса, Түрегеп, қол қусырып, қойын шалар. Жолына бес, он мың сом қаражат қып, Әр жылда Мәдениге қажы барар.

Олардың қажылығы қабыл болып, Болмаса бірлі-жарым келмей қалар. Десең сен қасиетсіз жерімізді, Ақымақ, әулие атып, аруақ табар.

Кезекті, Әкімгерей, саған бердім, Әр түрлі елімізден айтып хабар.

БОЛМАН МЕН НЕСІГҮЛ

Несігүл:

Атамыз бірге туған Арғын, Найман, Нәсілім Қарақожа Қаптағайдан.

Арғынның ноқта ағасы жүйрігімін, Сан топта озып жүрген екі ұдайдан.

Сөйле деп, жол бергенде халқым маған, Мен едім айтар сөзден тартынбаған.

Арғынның екі жүзді алмасымын, Болаттай тас кесетін жарқылдаған. Еліңнің жақсыларын айтып берші, Найманның белгілі еді қалпы маған. Баянда сұрағыма жауап беріп,

Сөз бердім енді кезек, Болман, саған.

Болман:

Найманның деп сөйледің қалпы маған, Найманнан Арғын, тіпті, артылмаған.

Байлыққа, батырлыққа бірдей туған, Дариядай көлемі көз сарқылмаған.

«Елді сөкпе, кенді төкпе» деген сөз бар, Қызына жақсы қайда тыю салған?!

Несігүл, аса сөйлеп, арындадың,

Ақын деп ем, айтқан жерден табылмадың. Еліме келген жерден тіл тигізіп,

Тәңір алғыр, не себепті жаңылғаның? Батасын екі жердің бірдей бұзып, Әуреге басың шатып, сабылғаның.

Тарақты әуейі екен жүрген мақтап, Осы ма ділмар қызың жүрген баптап? Орныңнан тұра алмассың, қыз Несігүл, Құйылса, терең жырым екі жақтап.

Кеше кеп Жәнібекті жау шапқанда,

Малды айырып, Ерден батыр қалған сақтап.

Арғынның бекер демес кәрі-жасы, Аулыңның шаң болғанда айналасы. Малыңды жаныңменен алып қалған, Төлек, Тулақ, Сандыбайдың ер баласы.

Несігүл:

Ақыным, мінің сол ма маған таққан? Арғыннан батыр Шақшақ шыққан ақтан. Жантөре, білемісің Жәнібекті,

Барақ көлінде аулыңды барып шапқан. Ерденің Жантөремен ұстасам деп, Омбының қаласында қаза тапқан.

Сұраусыз осыменен Ерден кеткен,

Ер болсаң, қайда жүрсің, қолың жеткен? Ағыбай, Алтынсары, Абай, Қунақ – Теңдікті сіздің елге бермей кеткен.

Болман:

Мақтайсың Жантөре мен Ағыбайды, Ерліктен сол мінезі табылмайды.

Қырғызбен Алатауда шабысқанда, Тастап қашқан Кенесары, Наурызбайды.

Жантөре орыспенен ақыл қосып, Ерденге жамандықты жүрген тосып. Улаған Ерден жатқан үйін келіп, Сонымен Ерден өтті, ажал құшып.

Жантөре өзі тартты қайғы сана, Сандыбай Орта жүзге болған пана. Орысқа бақыт үшін ақыл қосқан, Жантөре екі дүниеде жүзі қара.

Демейді бұл сөзімді ешкім жалған, Ерден ер Орта жүзде ұрандалған. Үш жүздің жақсылары бас қосқанда,

Батыр деп Сары Ерденді ауызға алған.

Несігүл:

Аққошқар Сайдалым бар бақыты асқан, Салдырған күйдірген үй таран тастан. Олардың салтанатын айта берсем, Тамаша таң қалғандай мың бір дастан.

Бұларға қандай адам шақ келеді, Артуға түйе, кедейге ат береді. Өзі бай, өзі батыр, өзі сақы, Халықты әділдікпен меңгереді.

Найманда тап келетін бұған кім бар? Ақшолақ Жанайдар мен Батырхан бар. Алмастай екі жүзді тас кесетін, Қайтпайтын қайсар туған Мейрамым бар. Қақ жарған қара қылды әділдікпен, Болманым, тауып берші осыған пар?

Болман:

Несігүл, артық сөйлеп мақтанасың, Құр мақтанып, өзіңе-өзің дақ саласың.

Сөзіңнің жүзден бірі бәрі – өтірік, Сен қалай осы істен ақталасың?

Батыр деп және айтасың Қамбарыңды, Түйедей бойға сенген заңғарыңды.

Елдегі бұзық пенен ұрыңды айтып, Көрсетпей қасиетті ұлдарыңды.

Найманның бір баласы – Бағаналы, Алты мың жылқы біткен сары алалы. Егесі сол қыдырдың Ибескі бай, Тоғыз жүз нар байлаған тоғаналы.

Жылына құлындайды екі мың тай, Байлыққа кім тең келеді бұларға сай? Жазғытұры қоздайды он мың саулық, Ыңырсып, малға толад сала мен сай.

Мәйгелді халық білед қуатымды. Артылған Орта жүзден мұратымды. Арғыннан бес жүз үй боп көшіп келген, Ашып ед сол нашарға суатымды.

Несігүл, өтірікпен сандаласың, Бөрідей басып жеген өз баласын. Еліңнің басын дауға кеттің салып, Зарлатқан, Несігүл, сен ата-анасын.

Несігүл:

Сөйлесін Болман ақын асып-тасып, Ер сасқан уағыңды етек басып.

Шабам деп Кенесары келгенінде, Ағыбай шапқызбаған ақылдасып. Қаперден Ағыбайға сын тағасың, Жақсылығын ұмыттың ба қара басып?! Арғынсыз Найман сенің күнің бар ма, Шығатын менсіз жерде үнің бар ма?

Сарамен айтысқанда Біржан сері, Арғынның топтан озған ақтанкері.

Найманнан өзіне серік тең таба алмай, Жығылып осы емес пе ед қайтқан жері?!

Ақыным, аса алмассың менен өзің, Жаныма қатты батты әрбір сөзің. Атағы алты алашқа мағлұм болған Қайда жүр Сарыбайды көрмей көзің?

Болман:

Несігүл, жауап берші өз басыңнан, Айрылдың не себепті жолдасыңнан? Өзіңнің сіңліңді зар жылатып, Қорықпадың соның қалай көз жасынан?

Өзіңе бай етіпсің сіңлің байын,

Көп алдында масқараңды шығарайын. Ешкімге опа бермес, Несігүл қыз, Алмаңыз көңіліңе, ер Құсайын.

Несігүлді, Құсайын, сен алып қашқан, Тұлпардың құлын едің ізін басқан.

Тіл алсаң, Несігүлді қайтар, жаным. Жері осы Несігүлді қара басқан.

 * * * Бұзаудың тура келді Ыбырайы,

Белгілі болды деді Несігүл жайы. Несігүл, жеңілдің сен, шапан жап, – деп, Халықтың қабылдады жарлы-байы.

Сынастық сөзімізді көпке салып, Сөздерін екі ақынның көрді халық. Аузымнан шыққан сөзді кешіріңіз деп, Несігүл шапан жапты, қолымды алып.

Мен-дағы кештім дедім сосын тұрып, Жан-жаққа жүрген кезім құлашты ұрып. Тарқады жұрттың көбі бата беріп, Осындай сайран еттік, дүкен құрып.

БОЛМАН МЕН ТАЙЖАН

Тайжан:

Жақсының таныс болдым баласына, Ән салдым Сарыарқаның даласында. Домбыра ап, Болман інім келіп отыр, Жармасып қалайын деп ағасына.

Бұл ағаң бой бермейді, күш бермейді, Көрген жоқ жан жармасып жағасына.

Әкеңіз кеңес сөздің дариясы, Сөз десе, қайтқан емес ықыласы. Ағаңа мен сияқты жармасам деп,

Болманым, болып жүрме Аллаға асы. Мен-дағы Ұлытаудың сұңқарымын Сөзбенен даяр отыр сыбағасы.

Қиядан бөрі келсе, шап беремін, Басынан сыпырғанда томағасы.

Су ішкен алмауытпын биік өрден. Халыққа сөзім анық Құдай берген. Қожасты қолдан бағып, бөлгем енші Сондағы менің атам бата берген.

Именбей, ағаңа сен жармасасың, Кісідей жаңа туып, көктен келген.

Болман:

Тайжеке, құнан да бар аттан озған, Болсаң да, ардагер боп, топтан озған. Бал мінез Қожабайдың баласымын, Мен-дағы жүрмін озып қалың қолдан.

Тайжеке, үлкен жасың, құрмет етем, Артыңнан қашсаң-дағы, қуып жетем. Түп бірге, түтін басқа, қайран аға, Сөзімде айтқан осы бар ма бөтен?

Әрине, деп айтасың енші бердім, Ағасың, дәмін татқан талай жердің. Қожастың төрт баласы мал мен басты, Бұл күнде кемеліме мен де келдім.

Атамыз Сағындықтан кімдер асты? Егескен дұшпанымның сұлқын басты. Еліңді жау шапқанда атам шығып, Жылаған көңіліңнің зарын басты.

Туыпты Орта жүзден жеті бала, Бақытты артық қылған Хақ Тағала. Қожасты мен бақтым деп, кемітесің, Ал, Тайжан, алды-артыңа бірдей қара.

Кешегі маған ерген сен емес пе ед, Сенен сол біздің ата кең емес пе ед? Атаңыз Қалмағамбет молда болып, Біздің елде бала оқытып жүр емес пе ед?

Ал, аға, байқап сөйле, ойды таңдап, Орта жүз бас қосқанда, өңкей саңлақ. Сондағы ішіндегі Ырсай еді,

Баласы бұл Үш жүздің алған таңдап.

Ырсайға, Ерденменен кімің жеткен? Кіші жүз сіздің елді шауып кеткен. Әперген намысыңды сол екеуі, Осыны ұмыттыңыз не себептен?

Ал енді кезек бердім, Тайжан аға, Өнбейді еш бір нәрсе құр өсектен.

Тайжан:

Жол берген менің әкем шариғаттан, Шариғатқа қарсы келме, Тәңір атқан. Қожастың намыс қылма енші алғанын, Қорықпай, қалай айттың әруақтан?!

Әр істі мына Тайжан көрген жоқ па, Соңынан не жақсының ерген жоқ па? Әкесінің асына жар шақырып, Тұтқыштан, қастан әкең өлген жоқ па?

Сол кезде кім шауып еді намысыңа, Жер жарған Сары аталық табысына? Тұтқышты қолмен барып, ұстап алған, Әуелі өзіңді-өзің танисың ба?

Ұлы жүз, Орта жүз боп бас қосқанда

Сен үшін шапқан жоқпын ба намысыңа?! Кісідей сөз сөйлейсің көктен түскен, Тұтқыштың мен емес пе қанын ішкен?! Әперген намысыңды менің атам,

Қай жерім кем болып еді қайрат-күштен?

Осындай ірі ісімді еске алмайсың, Айнала жан-жағыңа көз салмайсың! Адасып, Болман, інім, теріс кетпе, Біздерден бата алсаң, бос қалмайсың.

Шындасаң, атаң Қожас құл деп айтар, Шынылы шынжыр балақ біз деп айтар. Өзіңше тере берші өз сөзіңмен.

Қожастың арғы атасын кім деп айтар? Ал енді кезек бердім, інім Болман, Сұрашы, өз әкеңнен кім деп айтар?

Болман:

Сұрасаң, арғы атамды – Матай-Найман, Жері жоқ қай уақытта серттен тайған.

Қожас та сыбағаңды берген жоқ па, Ұранда кім асып ед Қаптағайдан?!

Қожастың алты болыс төрт баласы, Әруақтың Төлек, Тулақ босағасы. Кім өтті қатарыңда Сандыбайдан, Адасып, сөз сөйлеме, отағасы.

Белгілі орынымыз қазулы арық,

Бақ қонған бабамызға, Қызыр дарып. Өсірген атам қорғап мал-басыңды, Қалайша адасасың, аузың барып?

Елге-ел қоныс тұтып, айқасқанда, Кім озды Ұлы жүзбен шайқасқанда? Үш жүз боп бас қосқанда не деп еді, Жеріңде Мұқыр, Сары бас қосқанда?

Сондағы Абайділда шыққан жарып, Өтейін әрбір істі еске салып.

Кешегі Масақ батыр емес пе еді, Кек алған Ұлы жүзді шауып алып.

Сондағы осы істерім сендер үшін, Атамның сол сияқты көрдің күшін. Бас қосқан отыр, міне, Орта жүз боп, Осы ма, Тайжан аға, үлгілі ісің?!

Ал енді кезек бердім, аға, Тайжан, Сияқты айтқан сөзің көрген түсің.

Тайжан:

Шырағым, көп сөйледің, інім, Болман, Еліміз ертеден-ақ нұрға толған.

Елімде бай Тоғызбай малы асқан, Оған да осал емес бақыт қонған.

Бес мың қой, үш мыңдай боп жылқы біткен, Асырып сақилығын, мейман күткен.

Ұлытаудың сағасына үш үй тігіп, Осындай адамың жоқ мейман күткен.

Әм байлық, әм сақилық біздің елде, Жаңбыр жауса, шөп бітеді қара жерге. Елімде Айбас пенен Нөгербек боп, Әуелде сізден бұрын шыққан төрге.

Атамын бұрын туып, жарық көрген, Ешқайдан бақытың жоқ алып келген. Несіне Ырсайыңды мақтай бердің, Жанбайды байлап, матап, ұстап берген? Ал енді кезек бердім, інім, Болман, Нәрсенің анығын айт, көзің көрген.

Болман:

Көрдің бе осы күні Жаңабайды? Бетіне жан баруға жарамайды. Көп оқып, әбден үлкен білім алып, Адам деп оларыңды санамайды.

Қай жерден, Тайжан аға, мақтанасың, Кеш болса, малды ауылға аттанасың.

Әркімнің түйе, қойын сойып жедің, Нақақтан жан бересің, ақталасың. Жұмабай, Тұрсын еді ұры басы, Қиянатшы солардың бар жолдасы. Осындай жамандыққа үйір болдың Ісіңнің толып жатыр масқарасы.

Кешегі Ұлытауда бас қосқанда Ұрының беріліп еді сыбағасы.

Ұрлыққа батырмын деп мақтанасың Өзіңе кетпейтұғын дақ саласың.

Ахметтің екі нарын бірдей сойып Оларда бар ед сенің қанша аласың? Осындай ұрлық қылған кесіріңнен Жауықтырдың тату елдің екі арасын. Өзің біл не сөйлесең, Тайжан аға, Жұрт білер мына отырған сөз расын.

Тайжан:

Ғапу ет, Болман, інім, үлкен жасым, Ағаңның тарттың сыйлап сыбағасын. Ал енді сөз аяғын тоқтатайық, Болған соң ұяламын үлкен жасым.

Тұрушы ең қай уақытта орын беріп, Бәріміз қалып едік ата көріп.

Бәріміз атаң Найман баласымыз, Ежелден халық едік іргем берік. Осыған риза бол, інім, Болман, Қайтармын Қожакеңе сәлем беріп.

ИМАНЖАН МЕН БИБІҒАЛИ ҚЫЗ

Иманжан:

Күн ыстық, июль айы, жаз күн шілде, Жайлаған Есіл өтіп, салқын көлде.

«Дәуімбай қыз ұзатып, той қылад», – деп, Құлаққа хабар тиді пәлен жерде.

Шақырды сәрсембі күн тойын сәтке, Той десе, бозбаладан кебеді өкпе.

Жиылып, шақырған соң тойға бардық, Той екен сауын айтқан жалпы көпке.

Ат ұстай дәйекшілер түсірді үйге, Шалқытып, қарттар кіріп, шықты төрге. Иіндеп, қара саба ортада тұр,

Құй, – деді дияғашы жігіттерге.

Той десе, ел жабыла қалмай гулер, Кеп жатыр сәлем бере пәленшелер. Шөлдеген аңызаққа ат үстінде, Шақырды қымыз іш деп дәйекшілер.

Үйге еніп, қол алысып, сәлемдесіп,

  • Төрге шық, қымыз іш, – деп, шауқылдасып.
  •  Қайырлы жиын болсын, мереке, – деп, Күлісіп, қарт пен қарттар қауқылдасып.

Сөйледі сонда біреу тұрып шеттен, Гулеген басылды жұрт төңіректен. Болмайды тойдан тойым тапсын деген Жайлаулас қатар елміз, қалар өкпең.

Көкпары, палуаны бар, құнан, аты, Бай еді құдасы да мол қуаты.

Дәкеңнің бұл ұзатар кенже қызы, Қартайды қызығының ақырғы арты.

Және де осы тойға палуан келген, Адақтап жыққан екен талай елден. Пілтабан Ералының інісі екен, Адамның зор, жуаны өзім көрген.

  •  Сіздерге түсіндіріп айтамын сөз, Жайлаулас, дәмдес қатар болдыңыз кез. Тойымды тамашалап тарқатам, – деп, Дәукең бай алдырыпты бір жыршы қыз.

Нәзік бел, қасы қара, қызыл жүзді, Балдызы Дәуренбайдың нағыз өзі. Әрі әнші, домбырашы, суырма ақын, Ақжарқын көңіл ашар қыздың өзі.

Айтысқан талай жігіт іздеп келіп, Қайтарған айтысқанның бәрін жеңіп. Артылған жиырмадан жас шамасы, Бармай тұр қайнысына, күйеуі өліп.

Ел шықты, мерекеге атқа мініп, Қарақшы тіккен жерге тұрдық келіп.

  • Күреске палуан шықсын, – деді жаршы, Болған соң жарысуға ат жіберіп.

Дәйекші бұл хабарды айтқан заман, Халық көп, шыға ала ма жаман-жұман?! Ұзыны, көлденеңі бірдей болып, Майданға келді жүріп бір пілтабан.

Қарады тамашаға халық дулап, Майданда қара үлектей жатқан аунап. Балтыры нар бураның санындай боп, Жалаң бас, жалаң аяқ жатты сұлап.

Көрінед түсі суық, түрі мықты, Дембелше, орта бойлы, кең иықты. Кезі еді жиырмадан жаңа артылған, Дәукеңнің қарсысына Нияз шықты.

Осы той күрестірді қарт пен жасты, Екеуі бара сала, жағаласты.

Үсті еді бір төбенің айдай тақыр, Ұшырды топырақ борап, майда тасты.

Көтерді Ниязды әуел ол да бастап, Белбеуден, сүбеліктен алған ұстап. Діңк ете қалды, Нияз жығылмады, Үйіріп, жанбасқа алып, кетті тастап.

Екеуі түсті алысып қара терге,

Тең келген күштері сай бірме-бірге. Сүбелік қабырғасын бірге ұстап, Бұл дәуді Нияз келіп ұрды жерге.

Әкеліп атан түйе бәйгі малды, Бәйгіні көк ат келіп, тағы да алды. Ал енді шабыс тарап, бозбалалар, Отауға аужар айта ел жиналды.

Аужарға төңіректен келді халық, Ақ киіз, масатыдан ою салып, Орнатқан дөдегеге алтын оқа, Жарқырап, ақ отау тұр ажарланып.

Үзігін ақ отаудың кейін түріп,

Қақ жарып, қалың топты ішке кіріп. Қолға алып, домбыраның шегін бұрап, Ақын қыз отыр екен әзірленіп.

Іркусіз ойдан шығар сөз дегенің, Ісім жоқ тойдан бөлек өзге менің.

«Баста», – деп, осы тойды халық ұнатып, Япырм-ай, болды қалай өз дегенім?!

Барады керуен мысал сапарға ауып, Ойласаң, аз күн мейман қыз дегенің. Тойыңыз құтты болсын, ел жинаған, Сәт-сапар тойыңызға кез келгенім.

Тойыңыз құтты болсын, жұртты жиған, Тамаша, бозбалаға бұл бір думан.

Жүздеспей, аужарды айтып тұрмын шырқап, Көрісерміз түнгі ойында неке қиған.

Бибіғали қыз:

Жарайсыз, құтты болсын, айттың келіп, Алдың ба тойдан мүше, еттен жілік?

Жалғанда қыз баладан мұңлы бар ма? Болмайды өмірінде басында ерік.

Несіне қуанамыз той болад деп, Айырбас болып барам, малға беріп. Қыз бала жез бұйдалы тайлақ тағы, Біреудің жетегіне кетеді еріп.

Иманжан:

Замандас, олай деме, шаттық күнің, Қайырлы болсын, құтты, барған жерің.

«Келед деп балаларым» қарауылдап, Күтіп тұр қуанышпен ондағы елің. Қыз туып, ұзатылып, той болмаса, Халықты кім қосады ұлы жиын?

Ата, ана, туған-туыс онда да бар, Қуандың екі жақсы, қай жер қиын?!

Бибіғали қыз:

Ау, құрбым, сөзің шырын, лебізің балдай, Тыңдаған ләззәтыңа жатыр қанбай.

Ұл болсам, отырмас па ем өз үйімде,

Қор қылды-ау, малға сатып, мені мұндай! Жазуда тең теңіне қосылып жүр,

Болмай ма, сондай қылса, мені Құдай? Мұңы бір замандастың деген бар-ды, Себепкер сіз боларсыз бұған қандай?

Иманжан:

Құдаша, лебізің – бал, сөзің – шырын, Ер, әйел жұпты болған әуел бұрын.

Жаралған Адам ата, Хауа анадан, Қалдырған ұрпағына жұптылығын. Бозбала – елдің көркі, қыз-келіншек Асылдың қиқымындай өрнектігін. Жалғанда қыз, бозбала қосылмаса, Таралар халық болып, қайдан өнім? Аз емес бұл қызығың бір басыңа, Жарқыным, қысқа пікір бұл тілегің.

Бибіғали қыз:

Ау, құрбым, бұл қызық па малға сатқан? Айырып, өз жұртынан зар жылатқан?

Бұлаңдап, еркін ойнап өскен оң жақ, Айрылар жатқа барса, бұл сыйпаттан. Иіліп, келін болып, төрге шықпай, Қызық па су әкеліп, отын жаққан?

Иманжан:

Қыранды желге қарсы асырмас шың, Естідім, құдашажан, айттыңыз мұң. Ұлын үйде қалдырып, қыз ұзатқан, Обалың болсын соған басында кім! Биопа дүниеде ерге шықпай,

Келіп пе ед, жарықтығым, үйде отырғың?

Бибіғали қыз:

Қойылған жаралғанда атымыз – қыз, Лақапқа ие болған бозбала – сіз.

Сүйіп алған қызын місе тұтпай, Кетеді жүріп, тастап ер опасыз. Қайтесің, талпынғанмен, бағаң төмен. Қайран күн өтеді солай теңгерусіз.

Иманжан:

Құдаша, күдігім бар осы сөзден, Сөйлейсіз нақ кісідей көрген көзбен. Ірияны басыңызға қатты тиіп, Адамдай зәбірленіп, ерден безген.

Зыр етіп, еркек десе ышқынасыз, Сұрайын сөз мәнісін өзіңізден.

Кісідей ері тастап, ел бүлдірген, Кетпестей көрген зәбір есіңізден. Құдаша, аты-жөніңді баяндашы, Бірінші кездескенім бүгін сізбен.

Бибіғали қыз:

Сұрасаң, менің атым – Бибіғали, Атаған Бибікен деп елдің бәрі. Оңғарбай – әкем аты, дәулеті сай, Халқыма қасиетті сөзі дәрі.

Ер, әйел қосылғанда, Алла қосып,

Өзімен бірдей болса сүйген жары. Талжібек той иесі жиенім кеп, Шақырып мені алдырған, жездем, бәрі. Осылай менің жайым, сіз айттыңыз, Танысып, білісейік сізбен-дағы.

Иманжан:

Бибіхан, бердің бізге жауап толық, Басың бос, саяхатта, халық танып. Жылқайдар – әкем аты, мен – Иманжан, Талпынған арманыма қанат қағып.

Келдіңіз бұл жиынға не жайменен, Жүрсіз бе елді шолып, жерді шолып? Бұл маңға сіз келгелі көп күн бопты, Таныстым, жүзіңізді енді көріп.

Бибіғали қыз:

Ау, құрбым, жаңа білдім атыңды анық, Жүруші ем көрмесем де, сырттан танып. Талжібек айттым мана жиенім деп, Танысып, ертіп келді өзі барып.

Сізде де серік бар деп естіп едім, Құрбыжан, жүрсіз бе, алмай серік тауып?

Иманжан:

Жасымнан өлең айтып, жыр зерледім, Әр жерде сіздей қызбен бір жүргенмін. Ат арытып, тон тоздырып іздемей-ақ, Сүйсе қыз, іздеп, келер деп жүргенмін.

Бибіғали қыз:

Жігітке қыз келе ме іздемесе? Алар ма таңдап тауып көздемесе?

Үйіңде жатар ма едің шал болғанша, Өзіңді сүйетұғын қыз келмесе?

Иманжан:

Осы ма, жаның ашып, айтқан себің? Іздеме, өзің қам қыл, менің мұңым. Әдейі ерден безіп шыққансыз ба, Өзіме жар болар деп өлең-жырым? Көрінед асқан жасың жиырмадан,

Ойлашы, боп жүрмесін өлең қиын. Отызда от басында отырарсыз,

Кәрі атақ алып қалсаң, бітіп сыйың. Мен әлі, жиырмаға жеткенім жоқ, Сізден көп кіші, жүрмін жасым кейін.

Бибіғали қыз:

Шаяндай шағып-сорып барад тілің, Атымды Бикенім деп атайды елім. Сен үшін қалай, құрбым, қысыламын, Түсті ме ел таусылып, саған күнім?

Мүше алар жас санап орын емес, Түсейік қара өлеңге, ақын інім. Мақпұзда Хақ жазғаны болар деген, Сіз оқып, көрмеп пе едіңіз Құран сөзін? Жаманға сағың сынар, сан соғарсың, Болмаса, шын сүйетін өмірлігің.

Жолдасым оң жағымда қайтыс болып, Алғалы үш жыл болды, шіркін, өлім.

Орнында інісі бар он бес жаста, Ата, анам деп айтады соған берем. Баруға ырза емен жас балаға,

Мен үлкен, ол кіші ғой, не деп сенем? Көз жасын екі жұрттың қимай жүрмін, Болмаса, таппай ма жас іздеп теңін?!

Иманжан:

Бибікен, жаңа таптым, сөз расын, Бұза алмай жүр екенсіз ымырасын. Мақпұздың басындағы жазуы да Жазбаған қосылуға шын жолдасың. Жүректің өзі білер нақ түйінін, Біреудің біреу білмес тоқ пен ашын. Базарлы бақытқа бұл кім қызықпас, Миуалы пісіп тұрған жас алмасың. Жас өсер, жіті кесер деген бар ғой, Қайтесің жауықтырып ел арасын?

«Он бесте – отау иесі» дейді халық, Ата, анаң тәрбиелер өз баласын.

Бибіғали қыз:

Атыңды естуші едім, құрбым, көптен, Кез болдық арқасында тіріліктің.

Құтылар дау-жанжалдан құлақ тыныш, Жасында бойға жетпей, өліп кеткен.

Сұрайын молда болсаң, ақын інім, Дүниеде неше қатын байсыз өткен?

Иманжан:

Апайдың қандай оймен сөз сұрасы, Айтылар сөйлей берсе, сөз расы.

Екі әйел дүниеде ерсіз өткен,

Біреуі – Биби-Мәриям – Ғайса анасы.

Пірғауын қатысқан жоқ деп айтады, Өтіпті қыз қалпында Әсиясы.

Пірғауынға бір жын қызы қатын болған, Жатқанда Әсияның нақ ұқшасы.

Мәриям Ғайса ұлын ерсіз тапқан, Нұрынан пайда болып Күн шұғыласы. Махшарда Мұхаммедке қосад деген, Елдің бар айтып жүрген дабырасы.

Дүниеде ерсіз өткен дейді осылар, Ерінбей тұрып қалар, бар шыдасы.

Бибіғали қыз:

Айырып, талдап бердің сөзімді ашып, Сұрасам, берер ме едің бәрін ашып? Қосылып өткені бар, қосылмаған Өтіпті бізден бұрын қанша ғашық?

Иманжан:

Апеке, оқыпсыз ғой кітап ашып, Біреуге боп жүрсіз бе ғашық-мағшұқ? Ішіңнің от жалынын білдірдіңіз, Жүрегің өртенгендей қайғы ұласып. Апеке, сұрасаңыз, мен айтайын, Өтіпті бізден бұрын он төрт ғашық.

Жетеуі дүниеде қосылмапты,

Сізбенен мына ғашық он бес болды, Артылды бұрынғыдан біреуі асып.

Бибіғали қыз:

Түйе мал арықтаса, мешеу болар, Тасқыны қайтса, дария кешу болар. Сұраймын білмек үшін, ақын бала, Атасыз жаралғандар нешеу болар?

Иманжан:

Атамыз Адам, Хауа бұрын өткен. Халилге түсті қошқар келіп көктен. Біреуі Хәзрет-Муса асасы еді, Ғайсаны Мәриям тапты құдіретпен.

Бибіғали қыз:

Сұраудың уақасы жоқ білмегенге, Қиын сол қараңғылық көрмегенге. Айтып бер, анық білсең, ақын інім, Мақал бар ел аузында зіл деген не?

Иманжан:

Білмесең, мен айтайын, апекежан, Жаратқан дүниені Қадір-Мәулан. Жаратып, алты күнде тамам еткен, Өрбіген бұл дүниеге алты мың жан. Басып тұр дүниенің төрт бұрышын, Кішкене өзі ауыр зіл деген аң.

Денесі зор аңдардан сонша кіші, Ауыр жоқ мұнан артық жаратылған. Қозғалтпай дүниені басқандықтан, Халыққа ауырлығы мақал болған.

Апеке-ау, маған кезек бересіз бе, Сұрайтын сауалым бар ойыма алған?

Бибіғали қыз:

Інішегім, құр емессің сен өнерден, Жасыңнан шешен болып, сөзге үйренген. Қариядан естігенді сұрап тұрмын, Жасымнан жан емеспін мектеп көрген.

Аузыңа етегіммен құм құймасам, Адамға жеңдірмессің қызыл тілден.

Иманжан:

Бар болса, түстік өмір, мал жи кештік, Артылса, жаздық жиған қалсын қыстық. Құм салып, етегіңе көтергенде,

Көрінді емшек, кіндік және төстік. Сыйың ба көпшілікке тартқан, апа? Қылдың ба барлығына мақтан, апа? Ұялмай, көп алдында көйлек түріп, Халыққа сыйың ба ол тартқан, апа?

КЕНШІМБАЙ МЕН АҚСҰЛУ

Кеншімбай:

Сиыр жыл Сырдан шығып, бардым Орға, Хат жаздым темір қалам алып қолға.

Жағалбайлы елінде бар екен деп, Есіттім ақын қыздың даңқын сонда.

Ор өзенін жағалап, Рай келдім, Аулын ақын қыздың сұрай келдім. Сол қызбен айтыспаққа құмар болып, Аулында таныс болып, бір ай жүрдім.

Әдемі мінген ат пен киген киім. Білгенше қыздың мінін болды қиын. Бір адам қыздың сырын айтып берсе, Бергендей болып жүрмін түрлі бұйым. Құмар боп айтыспаққа бардым іздеп, Әйтпесе, жұмысым жоқ жалғыз тиын. Жиналып, көп әлеумет әр тараптан.

Той болып жатыр екен ұлы жиын.

Жұрт маған: «Мына тойды баста!» – деді, Айтысып, ақын шықса, баспа, – деді.

Бір қыз бар, аты – Ақсұлу біздің елде, Он жеті осы биыл жаста, – деді.

Айтысып, осы қызды жеңе алмасаң, Сен онда ақындықты таста, – деді.

  • Қойып па ең, ақыныңды маған сақтап. Қашады айтысудан қандай ақымақ?!

Жағалбайлы – Жетіру, жаман елсің, Шуылдап, бір қызыңды сонша мақтап.

Бір жігіт сонда маған келді шеттен, Ол қызбен егес екен бұрын көптен. Бұл да бір ақынсынған жігіт екен, Екі рет қыз айтысып, жеңіп кеткен.

  • Бұрын да неше ақындар келген, – деді, Бәрін де қыз Ақсұлу жеңген, – деді.

Ол қызбен айтысам деп, әуре болма, Болмасаң өнеріңе сенген, – деді.

Сенің де бастан-аяқ оқиғаңды, Есітіп қыз да бұрын жүрген, – деді. Қайыны Есерқожа – Адай, – деді, Лайық берген жері оған, – деді.

Бес жүздей бір аулынан жылқы өреді, Байлығын сұрасаңыз солай, – деді.

Аққожа, Балқожадан асқан бала Өзі де артық көркем, шырайлы еді. Сымбаты өзге қыздан озығырақ, Аққұба, бидай өңді, қынай белді. Ол қызбен айтысам деп әуре болма,

Айтысып, жеңе алмайсың оңай, – деді. Ол қыздың еш міні жоқ өз басында, Қарасаң, хор қызындай тұлғасы да.

Он-он бес (қошаметке сәндік үшін), Ереді, барса, тойға қыз қасына.

Дәрежесі өзімен тең болмаса, Керіліп, сөз айтпайды болмашыға. Өзіне сенген адам айтысады Жетсе көзі, жеңіліп қалмасына.

Көрген жан ішпей-жемей болады мас, Ақкұба, бидай өңді, бір қиғаш қас.

Өзі нақ осы биыл он жетіде, Бойында жалғыз міні – күйеуі жас. Болғаны күйеуі жас – жалғыз міні, Жарымжан қыздың көңлі осы күні. Және де түсі қара, ерні жырық, Айтыссаң, бір тоса гөр, айтып мұны.

Ал сонда мұны есітіп, қалдым ойға, Мін тағып, сөйлетпес деп жүрдім бойға. Сол жерде көп жамағат ортаға алып, Еріксіз не қылсам да, бардым тойға.

Баласы Балқожаның Төлеміс-ті, Жігітке өнер деген керек іс-ті. Айтысын екі ақынның көреміз деп, Үш жігіт, төрт-бес қызбен жөнелісті.

Үш жігіт, төрт-бес қызбен барып келді, Ақынды Ақсұлудай алып келді.

Қызығын екі ақынның көреміз деп, Жиылып, тамашаға халық келді.

Қарасам, қыздың түрін енді байқап, Манағы жігіт сөзі анық келді.

Отырмын жүрексініп айтысуға, Артықша қыздың өзі дәріпті еді. Ақсұлу әлеуметке сөйлей келді, Халқы да қошаметтеп, көңіл бөлді.

«Сен едің, қыз да болсаң, алтын дарақ. Айтысып, жаным, сені жеңемін деп.

Тілімен біреу отыр орып орақ. Өзі де ақынмын деп мақтанады,

Біз әзір көрген жоқпыз сөзін сынап»,– Жақсы деп, әлеуметке бір сөз айтып, Қыз сонда өлеңменен берді жауап.

Ақсұлу:

Мақтаншақ жігіт болса, мастан шығар, Мас болып, өнеріне тасқан шығар.

Сүйенген тіл-жағына нағыз ділмәр, Болмаса, жаман жігіт қостан шығар. Болғанда ол іздеген, мен сұраған, Құдайым екеумізді қосқан шығар.

Құйрығын жатқан жылан өзі басса, Арам тер ақыныңды қысқан шығар.

Келемін төмен жақтан жоғары өрлеп, Өлеңмен әрбір жұртқа салып өрнек, Мен-менсіп талай ақын келгенімен, Есектей жуаситын мінген ерлеп.

Бұрынғы үлкендерден қалған нақыл:

«Жақсының жарым ырыс жүзін көрмек, Дидарын мың кісінің танығаннан Артық қой бір жақсының атын білмек», Атыңыз, ақын аға, кім болады, Сұраймын және-дағы затың кім деп?

Кеншімбай:

Ақсұлу, артық бала сөйлер сөзге, Ақынсың дара туған көрер көзге. Мүләйім сөзің жатық жан екенсің, Жасанып, шыға берме аса дүзге.

«Ақынды пәлен түрлі жеңуші ем!» – деп, Кісіге айт бұл сөзіңді менен өзге.

Мақтаншақ жігіт емен мақтанатын, Ешкімнен қорқып-сасып сақтанатын. Дегенді: «Пәлен айтқыш!» мен де көрдім. Олар да жауап таппай, тоқталатын.

Бәйгіден озып жүрген наз бедеумін, Көңліне жабылардың дақ салатын. Ішінде Қаракөздің Құрманаймын,

Бес Жаппас Сыр бойында бар-ды халқым. Жетіру Жағалбайлы таң көреді, Жаппастың көрсе көркі-салтанатын.

Жақсысын сіздің елдің көріп жүрмін, Білмейді сыпайылықтың ешбір парқын. Парықсыз істеріңді баян етсем, Тартпай ма мәлел келіп көңлің салқын. Тең құрбым өнеріме тең келмеген,

Бұл жаққа келген жоқ па менің даңқым?! Жүйрікпін өрге шапқан өнеріммен Белгілі Кеншімбай ғой менің атым.

Ақсұлу:

Кеншеке, айтар сөзге кен екенсің. Еліңнен шығып жүрген ер екенсің. Арамза, аңқау елге заңқой болған, Кеншімбай деген ақын сен екенсің.

«Кенді төкпе, елді сөкпе» деген қайда?» Байқадым ақылыңды, кем екенсің.

Атадың Иса менен Қаракөзді, Айтасың маған неге жаман сөзді? Еліңе сыймай жүріп жалғыз басың, Осының лайық па көрер көзге?!

Сен, үйтіп, біздің елмен болма қасты. Қас болсаң, салар жөнге сендей масты. Парықсыз деп ешбір адам айтқан емес, Аралап жүрген жігіт алты алашты.

Жаппастан біздің елдің байлығы асты, Садақа, қайыр-зекет болмаған соң, Береке сіздің елден Қыдыр қашты.

Еш мінді біздің елден таба алмассың, Болмаса, сендей Жаппас жалғыз басты.

Кеншімбай:

Ақсұлу, мұнша сөзді айтпа тасып,

Мен саған сөз таба алмай қалман сасып. Көрген жоқ, қанша айтсаң да, Жағалбайлың Жаппастан бұрын-соңды байлығы асып.

Таласпа біздің Жаппас баласына, Айтар ма мұндай сөзді ағасына? Үйлер бар Мырқы салған өз күшімен Ақмешіт, Перовскі қаласында.

Ол үйдің әр бөлмесі біткен деді,

Отыз бес-қырық мың теңге шамасына. Үйлерін сіздің елдің көріп жүрмін, Жаппастың жете алмайды қорасына. Еліне бес Жаппастың асып айтпа, Жаратқан Құдай артық о басында.

Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі Меймандос келеді оның барша жұрты. Шығады қыз-бозбала серуенге

Үстіне масаты мен киіп құлпы.

Нүреке, Жүсіпбегім жүйрік заңға,

Бұл күнде жол бермейді жүрген жанға. Тәрбие неше түрлі дәрежесін, Көргенде салтанатын қалар таңға.

Меймандос мырзалығы асып кеткен Бөгейді қонақ қонса, жал-жаяға.

Жақсысын Жағалбайлы көріп жүрмін, Пар келер осыларға кісің бар ма?

Ақсұлу:

Жаппасым, мақтай берме Мырқыңызды, Алдымен Мырқы бұзар шырқыңызды. Байлықпен бар адамын әлек қылып, Неше жыл бүліндірген жұртыңызды.

Етпейді бір-біріне ешбір рақым, Аударып арамдыққа құлқыңызды.

Нүреке, Жүсіпбек пен Әлім болыс, Біздерге үшеуі де мәлім болыс.

Сүгір мен Батырбайды ұстап берген, Ары жоқ адамдықтан зәлім болыс.

Мақтама Нүрекедей дөң жігітті, Мақтайсың қайдағы бір кем жігітті. Жаппасың адасқан жұрт ақылынан, Ақылға таппадың ба мол жігітті?

Жігерлі – қатарынан асқан жігіт, Мақтасаң, әні, мақта сол жігітті.

Жарастың болыс қойдың Нүрекесін, Әкім ғып Нүрекені тұр екенсің.

Қай күні Нүреке болыс болғаннан соң, Еліңнің алған жоқ па берекесін?!

Қашанда желіккенді адам санап, Ақылсыз Жаппас деген ел екенсің.

Жаппасым, сен мақтама пәс адамды, Мақтайсың қайдағы бір нас адамды. Ысырап қайта малын шашып жүрген, Мақтама дәулетіне мас адамды.

Берәлі, Дербісалы, Есқожаны,

Сен, Жаппас, білмеймісің осы адамды?!

Үйінде кім болса да, кет демейді, Ешбір жан қайратына беттемейді. Кем емес әділдігі Наушаруаннан, Біреуден алып пара, ептемейді.

Жүз кісі маған десе қонақ келсін, Ұлыққа тапсырма деп, өктемейді. Сүгірді, Батырбаймен ұстап берген, Нүреке, Жүсіппегің көктемейді.

Сұрасақ ишандар мен молдалардан, Тегінде ол кісіні тек демейді.

Кеншімбай:

Ақсұлу, айтар сөзді аңдамадың, Аузыңа келген сөзді талғамадың. Әкесін, шешесімен нандырады Көп болса өтірігі қыз баланың.

Қыз бала елдің жайын қайдан білсін, Білмесе қыз бен жайын біз баланың. Ақсұлу, қайыспайтын жас баласың, Тәңірі алғыр, болмашыны еске аласың. Патшаға Қоран болыс ұстап берген, Кінәсіз Боранқұлдың бес баласын.

Айдатқан қысастықпен алты адамын, Еліңнің білмейсің бе масқарасын?!

Балтамен шапқандай мін басында тұр, Мініме пышақ жонбас көз саласың.

Мініме назар салма пышақ жонбас, Сіздің ел біздің елдей, сірә, болмас. Патшаға өз жақсысын ұстап берген, Екі бірдей дүниеде Қоран оңбас.

Жазылып молдалардың хаты қалған, Өзі өлсе, жақсылардың аты қалған. Білемін Дербісәлі, Есқожаңды,

Әр шендерін ер құнына сатып алған. Кісі бар сіздің елде Мәмбет деген, Ол шенді беделі елден асып алған.

Есепсіз қайраты да асқан адам, Жылқысын Қазыбектің тартып алған. Бұларға ешбір адам таласпайды, Бәріне орыс, қазақ даңқы барған.

Емберген, Шілдебай мен Қалыбай да, Бұл елде ол байлардың малы қайда? Байларын сіздің елдің көріп жүрміз, Қыс – қызыл, жаз қымызға жарымайды.

Алады ағаш кесіп, авансы деп,

Он сомға сатады оны базарға әкеп. Шанаға екі мәстек жегіп алып, Жүргені ол ақшаға арақ іздеп.

Мас болып, тапқан пұлмен арақ ішіп, Балықтай торға түскен жатады ыршып. Қалпыңа қазақшылық бұл дұрыс па?

Кетеді көрген адам мазақ қылып, Тоқтарсың осыныма санаң болса, Қайтеміз бұдан әрі ұзаттырып.

Ақсұлу:

Жаппасым, өтірік айтпа, дінің күйер, Халқымды жамандасаң, тілім тиер. Баласы бес Жаппастың жайы мәлім, Сенің де мінезің жоқ Құдай сүйер.

Сыр бойлық, сен ежелден ғарып едің, Сен қашан қыр еліндей жарып едің?

Бір жылы сіздің жақтан дәм бұйырып, Мен-дағы Сыр бойына барып едім.

Жағалай Сырдың бойы халық екен, Ішкені су, жегені балық екен.

Кәсібі болғаннан соң балықшылық Кигені аяғына шарық екен.

Кедейлер Сыр бойында толып жатыр. Жаппасты бай ел деген дәріп екен.

«Бәленің мыңы Сырда, бірі – қырда», – Деген сөз, көзім көрді, анық екен.

Келеді күн шыққан соң арығына, Барады түстен кейін балығына.

Бір тыным қысы-жазы көрмейді екен, Жаппастың көңілім қайтты қылығына. Жаққаны кешке дейін қамыс екен, Өткізіп шуда жібін шарығына.

Тары көже ішеді тұзын салып, Ішіне сапырады мұзын салып. Жабады нақақ жала бір-біріне, Отырар жақынына көзін салып.

Жаппастың штаты бар және қызық, Штатқа жиналады өңшең бұзық.

Біреуі біреуіне бәле салып, Жатқаны күні-түні қағаз сызып. Патшаға мақтанбаққа ұстап берер, Айдатып, азаматын қойдай тізіп.

Болыс болдым дегені мал береді, Жаямен, кім барса да, жал береді. Ақшаға он сөлкебай дінін сатып, Нақақтан бір-біріне жан береді.

Бұл жақта ондай істер болмаған соң, Біздің ел сіздің елді таң көреді.

Қоймаса, егер халықтың өзі қалап, Әкімдік сатып алғанды ар көреді.

Мақтанғаның Қалыбай мен Шілдебайың, Білемін мақтасаң да, оның жайын,

Арқадан бір теңгеден алып келіп, Сатады үш теңгеден Сырға шайын. Секілді сусыз арық қайыры жоқ, Бермейді қонақасы, аттың майын. Баласы Меңдіқұлдың Ермағамбет, Нияз бен жұртқа мәлім Меңдібайым. Жеріне Жаманқала мешіт салып,

Бір мың сом қайыр берер әр жыл сайын. Байлығы, мырзалығы, әділдігі,

Алашта жан бар ма екен солардайын? Жаппастың түрлі міні толып жатыр, Бұл жерде бәрін айтып, не қылайын?!

Шығады не жақсылық Есбергеннен, Келеді сараңдықпен ес білгеннен.

Үйіне жалғыз қонақ қондырмайды, Жұрт бар ма оның жайын естімеген?

Кеншімбай:

Ақсұлу, Жағалбайлы, Жаппас қандай, Жаппастан ел өтпейді мақтасқандай. Әлемге әл білмеген таң болады,

Сен – бота, ойнақтаған от басқандай.

Ор менен мен де көрдім Жайығыңды, Саласың Жайығыңа қайығыңды.

Артық мін айта берсе, толып жатыр, Жимаймын айтты екен деп айылымды. Сен кімге теңгересің Байұлымды, Сөзіңді өзің айтқан қайырмалап, Білгенше мен де айтармын айыбыңды. Жағалбайлы – Жетіру – арпа ішеді, Шамалап, тақыл-тұқыл тарта ішеді.

Қаспағы қазанының екі елі боп, Жумай-ақ, кір ыдыстан қайта ішеді.

Белгілі Жағалбайлы бойдақтары, Қызы көп, кірлі мойын бейбақтары. Жүреді алтай жазға пішен шауып. Қап-қара балшық болып сирақтары.

Таласқан Нияз бенен Меңдібайың, Шашылған ысырап боп қанша малың? Екі айда үш қайтара штат құрған, Тынымбай, Қоранменен болар мәлім, Ант беріп, он бес кісің судьяға, Бекерге олардың да күйді жаны.

Меңдіқұл, Ермағамбет, Төлемісің, Соларды мақтайын деп келемісің? Еліңде мен білмейтін кісің бар ма Айтпасаң, өтірікті өлемісің?

Меңдіқұл мешіт салса, бір қалаға, Ол үшін сен мақтанба құр далаға. Мекке мен арғы шеті Мәдинеге Салдырған Мырқы мешіт әр қалаға.

Мың сомдық әрқайсының дағбыры бар, Сауабы пайғамбардың аруағына.

Жылгелді болыс болды он бес жаста, Жайылған оның даңқы алты алашқа. Халық билеп, он екі жыл әкім болды, Тиген жоқ еш залалы қарындасқа.

Тағы асқан оның жұрттан салтанаты, Көргендер өнеге ғып, алған нұсқа.

Бұл ерді ешбір адам қылмайды өсек, Жақсыны күнә болар жаман десек. Үйінде алтын аяқ, күміс табақ, Жинаған қазынада болмас есеп.

Тай сойып, қозы орнына қонағына, Төсейді қалы кілем, қымбат төсек. Бұларға ешбір адам таласпаған, Болмаса Қара Мәмбет, Қабақ Есет.

Айрықша Жылгелдінің салтанаты, Нашарға және қандай мархабаты. Байлығы, мырзалығы – бәрі сай кеп, Патшаға Петрборда білінді аты.

Әкесі бай Тұрғанбай Мекке барған, Жаппастан байлықпенен жеке барған. Дабысы Орынбор мен Теке барған, Жырауға бірлі-жарым ат мінгізіп, Сонымен жақсымын деп кете барған. Байлығың, мырзалығың, әділдігің, Жоқ екен біздің елге жете қалған.

Ақсұлу:

Жаппасым, біздің мекен – Құмақ пен Ор, Екі су – Еділ, Жайық – онан да зор.

Әлемге әл білмеген таң болады, Ер жігіт әлін білген болмайды қор.

Кеншеке, бұл жерлерде не ғып жүрсің? Ер жігіт елден шықпас ақылы мол.

Болмаса, ел қыдырған сыншымысың, Сапарың осы жүрген не деген жол?

Еліңде бар шығар ғой жақсы адамдар, Зейін сап, менің айтқан сөзімді аңғар. Қорғалап қойыныма күн көреді, Елінен қашып шығып жүрген мұндар.

Жаппасым, маған мәлім барлық ісің, Менімен ерегіске шығармысың?

Еліңде қадірің бар жақсы болсаң,

Ол жақтан не ғып келдің қашып түсің?

Қаштым деп Ақмешіттен Арқа келдің, Алыстан арып-ашып, зорға келдің.

Арамза аңқау елге заңқой болып, Келдің де, біздің елге күнің көрдің. Қадірлі жігіт болсаң, нешік қаштың? Жазғы су жалаң аяқ кешіп қаштың, Өкіметке орасан жазықты боп Патшаның палитсасын кесіп қаштың. Еліңе жарты тиын қадірің жоқ, Келдің де, біздің елге көзіңді аштың. Білмедің ел қадірін, сыйлағанын,

Көз салдың қайда сұлу ажарлыма.

Бұл елде болыс та жүр, мырза да жүр, Мас болдың жазған қағаз-қаламыңа. Мен сенің бұл мініңді айтар ма едім, Отырсаң әлің біліп манағы да.

Барады басымыздан дәуір өтіп, Жат елді жүрдің қанша бауыр етіп? Елінен ауып жүрген мүсәпір деп, Сыйлаған халқым сені тәуір етіп. Сырыңды жасырынды білсе-дағы, Патшаға көрсеткен жоқ зәбір етіп. Баласын Сопекемнің алып қаштың, Бірталай қыздың басын әуре етіп. Масқараң бұл сияқты болса-дағы, Бөтенге білдірген жоқ дабыра етіп. Әшейін бір қаталық іс болды деп,

Сыртқа жұрт шығарған жоқ дабыл етіп. Сопы мен қадірлі еді Тынымбай да.

Аузыңнан шыққан сөзің қабыл етіп. Жарымес екеніңді және айтайын, Отырсаң бір азырақ сабыр етіп.

Жаппасым, осы қылған мақұлың ба, Болмаса, біліп қылған ақылың ба? Бір үйдің баласындай болып жүріп, Көз салдың қызы менен қатынына. Бар ма екен сопылардың әдетінде, Жақсы адам көз салатын жақынына? Жетіру Жағалбайлы мінін айт деп, Еліңнен сені мұнда шақырды ма?

Қоймасаң бұл сияқты әдетіңді, Табарсың мұнан кесел ақырында. Песір боп тұрдың тәулік Тынымбайға. Болып ең мұндай адам бұрын қайда? Біреудің ақ некесін айырыпсың

Берер ме ақыретте мұның пайда? Білмедің ел қадірін, сыйлағанын, Жүрмесін кесір болып өз басыңа. Білмейтін ел қадірін есер болсаң, Бұл елде, қолыңды әкел, тұрмасыңа!

Кеншімбай:

Ақсұлу, маған таққан мінің сол ма? Айтқаның соны мін деп, бұл да жол ма? Кемітер ерді әйел деген сөзбен,

Бұл жерде өтірік айтып, дұшпан болма! Қолымнан Тынымбайыңды болыс қылдым, Өнерлеп, арыз жазып Орынборға.

Мереке жүрген жерім, күнде сауық, Нәсібін теріп жүрген мен бір тауық. Ақсұлу, сенікі рас бола қалсын, Жастар жақын болмай ма, көңілі ауып? Ұстаған Нияз бенен Меңдібайың, Нақақтан бір-біріңе жала жауып.

Арызын олардың да өнерменен, Қолымнан жазып бердім, закон тауып.

Ағайын, туысқаным жоқ болса да Жүремін жатырқамай таныспенен. Елімнен кісі өлтіріп шыққаным жоқ, Бұл жаққа келіп едім ақ іспенен.

Екі жыл елдеріңе мейман болдым, Кешегі өткен сиыр, барыспенен.

Басы уйез барша халықтың тілін алмай, Кездестім, ерегісіп бір іспенен, Ұстасып, уйезбен де беріспегем.

Құдайым, жалғыз көрген бір бұл емес, Айқастым мұнан гөрі зор іспенен.

Айырған елде жесір жалғыз мен бе? Өзің де күйеуіңмен дұрыс па едің? Мен-дағы бастан-аяқ баян етсем, Мінің бар, шапса кетпес, қылышпенен. Ақсұлу, көп баладан келімді едің, Айтуға өтірік сөз ерінбедің.

Жетіру, Жағалбайлы мақтаса да, Білгір қыз онша маған көрінбедің. Қанықпын көрмесем де, хабарыңа, Адайға Есерқожа келін бе едің?

Болсаң да өзің тәуір, жарың жаман,

Оңбаған жолдас бопсын көрімменен. Теңіңді жалпақ елден таппағандай, Жолдас бопсың бір жырық ерінменен. Еріні күйеуіңнің жаман екен, Қоймасаң жабыстырып желімменен. Әр түрлі масқараңды шығарармын, Жарқыным, ерегеспе меніменен.

Даңқымыз шыққан жүйрік баяғыдан, Ат міндім, жылқы айырып саяғынан. Ертерек, уақытың өтпей, теңіңді тап, Айтамын бұл сөзімді аяғаннан.

 Осыны айтып болған кезде, бұрынғы жеңіліп жүрген жағы қызға сөз кезегін айтқызбай, Кеншімбайды жеңді етіп көтермелеп, алып кеткен.

САУЫТБЕК ПЕН СЫБАНБЕК

Сауытбек:

Сыбанбек, жүр дегенде қалдың неғып, Өте ме жас өмірің жылқы бағып?

Бола ма тәуір жігіт деп ойлаушы ем, Жүр дейді Жеріндіктің отын жағып.

Қатын алсаң болмай ма қаңғығанша, Тамағын Жеріндіктің аңдығанша.

Жігітке бір тіршілік болмай ма екен, Отын жоқ дегеніме тарынғанша.

Бар тапқаның мал бағып жалғыз бөрік, Соған да шіренесің амал бар ма?

Сыбанбек:

Атамыз малға бастан жарыған ба? Сен жүрсің қошемет қып малы барға. Айтасың әйел ал деп, жаның ашып, Бересің неменеңді қалыңмалға?

Аз уақыт күнелтейік, уақыт болар, Ыза боп неғыласың тарынғанда?

Басыма шаруа боп кидім тымақ, Ауылым Майтүбектен кетпейді ұзап.

Баққаным менің жылқы зиян емес, Бөркімді киіп жүрсің тойға сұрап.

Түйелі сиырлымен жанаспайды, Сыбанбек жылқы бақса, адаспайды, Бөркімді қара бұйра киіп жүрсің, Кигенмен көзің соқыр жараспайды.

Сауытбек:

Домбыра өлеңімен біткен бағым, Талмайды күн-түн айтсам, тіл мен жағым. Қорламай біздің ауылды алысқа кет, Атаның төмен баспа аруағын.

Ата жөнін істелік біреуміз-ақ, Сен түбін ойласаңшы шаруаның.

Шырағым, неғыласың мені қинап? Қинасаң, айтысармын өлең жинап. Бетіме бір бөркіңді еттің салық, Көріп пе ең бұдан бұрын аға сыйлап?

Бетіме бір бөркіңді еттің салық, Оныңды қимай жүрсең, қалғын алып.

Мен саған міндет қылып неге айтпаймын, Жасыңда асыраттың жетім қалып.

Мал бағып, не боласың қаңғып жүріп? Ауылды иесіз қалған аңдып жүріп.

Құрай берсең бірталай мал болмай ма, Ақыңды төрт-бес жылғы алып жүріп.

Сыбанбек:

Той десе, домбыра алып аттанасың, Мәз болып, әйел күлсе, шаттанасың. Екі қыз тұсыңа кеп, өлең айтса, Қалдырмай ішіңе өлең ақтарасың.

Бес жылқы бесеуіңе бітпей қойды, Үлкенсіп, неменеге мақтанасың?

Рас, сен жас күнімде асырадың, Намыс қып, оның несін жасырамын? Отын жақ Жеріндіктің дегеніңе, Терезем тең болғасын ашынамын.

Жел тұрса, шөптің басы селкілдейді, Жақсы адам айтқан сөзге серпілмейді. Өтіпті бізден бұрын талай жетім, Құдайым қуат берсе, өлтірмейді.

Сауытбек:

Салмақты болар деуші ем қорғасындай, Кісіге өнер бітпес, жол ашылмай.

Көреміз әніңменен бір қыз алсаң, Есектің китіңдеген жорғасындай. Басымда ән де, өлең де жеткілікті, Мың қойдың көлемі үлкен қорасындай.

Сыбанбек:

Түсінде үлкен атам өлең алған, Өнерін маған қаптап бере салған. Анадан сені тапқан мен де тудым, Маған да бір қой сойып қалжа жеген. Ауылдың бәрі кедей, бәрі күйші, Малсыз боп біреуі жоқ аштан өлген. Өлеңім аз болса да, әнім сұлу, Қайғыңды қайтып алғын маған деген.

Сауытбек:

Шешеңді жалмап туған жетім едің, Он жасқа келгеннен соң жетіп едің. Жетімді есіркеме деген екен, Қарашы, міне, алдыма келтіргенің.

Сыбанбек:

Бір гүлім он екіде ашылмаған, Дәуірім өлең айтпай, басылмаған. Өтіпті не жақсылар жетім болып, Сен бе едің соның бәрін асыраған?

САУЫТБЕК ПЕН МАЙСА

Сауытбек:

Келіп ем, Майса, сізге амандаса, Қалмайды тойдан Күнту хабарланса. Жігіттің бағы ашылар деген екен, Танысып, ағайынды араласа.

Майса:

Келгенің жақсы бопты нәсіп ауып, Сәмбетті іздеп келдің қайдан тауып? Сарқымастан шықпайтын кедей Күнту, Келіпсің бір-бір сайман жалта шауып.

Сауытбек:

Аман ба, ақын Майса, елдегіңіз, Тамаша ойын-сауық ермегіңіз. Хантауын жайлап жатқан сұлу бар деп, Ізденіп, айтысуға келгеніміз...

Майса:

Хантауын мен бір ерке жайлап жатқан, Бауырында жаздай бие байлап жатқан. Айтысуға келгеннің аузын буып, Үйіңе аман бар деп айдап жатқан.

Сауытбек:

Хантауы біздің ауыл бауырында, Арнайы іздеп келдім ауылыңа.

 Бес, он ауыз айтысқанда сұлу қыздың Талайын тартушы едім бауырыма.

Майса:

Қай жақтан айтысам деп келдің жортып? Кетесің бай ұлындай толқып-толқып.

Бойың қысқа, көруге түсің солғын, Жеңер деп сескенбеймін сенен қорқып.

Сауытбек:

Оншалық қортық емес, аласамыз, Бәйгеге бай ұлындай таласамыз.

Әнім зор, өлеңім мол, өнерім көп,

Зор байлық – өлең, сауық, тамашамыз.

Майса:

Бойыма біткен өлең айтсам, дайын, Саған мен байлық айтып неғылайын. Сауытбек, шіренесің неменеге, Келіпсің сұрап мініп тайдың майын.

Сауытбек:

Келгенім рас, Майса, тайды мініп, Отырсың сұрамастан жайды біліп. Айтыссам, сұлу қызбен таңдамалы, Талайы беттен сүйген қайырылып.

Майса:

Көктемде сиыр қашар оқырадан, Ауылым күнде жиын топырлаған. Ақын деген мақтан ғой, әнге кедей, Бәріміз ақын қызбыз, соқыр адам.

Сауытбек:

Тұрмысың бүгін көріп Сауытбекті, Бір көзім бір көзіме ауып кетті.

Атақты Балта атаның тентек қызы Бетімнен оңдырмай-ақ қауып кетті.

Майса:

Өлеңші келіп-қайтқан талай-талай, Артына қашып кеткен бір қарамай. Атаңызды мына жұрт Абыз дейді, Ұқсаттың адамзатты итке қалай?!

Сауытбек:

Сен менің неғып едің бір көзімді, Мен сенің ұнатпадым мінезіңді. Екі жас дос болуы қиын емес, Ұстасаң от боп тұрған білегімді.

Майса:

Сауытбек, есте бар ма, түнеу күнгі, Кетіп ең көрместей боп бұл өңірді.

Кедейдің қара қасқа өзі екенсің, Шыдамай, жарып алма жүрегіңді.

Сауытбек:

Өзіме өз обалым шыдамасам, Көзден бұл-бұл ұшасың шыдамасаң. Сауытбекті өлдіге санай бергін, Жақында сенен сұлу қыз алмасам.

Майса:

Өлең қызық болмайды сөз болмаса, Қисық ағаш көбейер тез болмаса.

Кедейге қыз тимейді біле тұрып, Байы өлген жесір қатын кез болмаса...

Сауытбек:

Айтайын саған бір сөз мақұлдасаң, Қыздар жақсы көреді, жақындасам... Дүниеден бос өткенім жақсы емес пе, Қыз алмай, жиырма үште қатын алсам.

Майса:

Сені жігіт деуші ем білерлікті, Сұрап, мініп келіпсің бір көлікті. Тойға барса, ауысып киеді дейді, Алтауың кезек-кезек бір бөрікті.

Сауытбек:

Ау, қамыс күрке өзіме, Сәмбеттің аппақ үйіндей. Сауытбектің өнерін Жүрмісің, Майса, түсінбей? Қамыс үйде ән салсам, Кетпейді сұлу керілмей.

Басылмайды дауылым, Жүз деп кісі үйірмей. Таң қалады әніме Бұлбұлдың сұлу үніндей,

Айналып тыңдап қыздар тұр Төңіректен сыртымнан,

Реңі жұпар гүліндей...

ӘСЕТ ПЕН ЫРЫСЖАН

Ырысжан:

Бір таудың жан салмаған тағы кері, Шыдайды егес жерде ердің ері.

Сыпайы, сынық қылмай, келтіріп айт, Болады өлеңнің де оқа-зері.

Сіз – Әсет, мен – Ырысжан, әлем білген. Екеуіміз тартысалық әрі-бері.

Қорғалап не қып отыр, бойын бағып, Жұрт бұлдап, тұмарлаған белгі тағып.

«Адырға атар киік» дегендейін, Атпасаң, нысанаға келдің не ғып? Аянып өлеңіңді отырмысың,

Жұрт көңіліне құмардың отын жағып. Бара-бар Ырысжанмен деуші еді жұрт, Жүр екен өсекшілер босқа лағып.

Осы ма атақтыңыз Әсет деген, Бере ме өнер пайда көрсетпеген?! Топастау тор шолақтың біреуі ғой, Мұны кім сөз білгішке есептеген? Үрейің мұнша неге ұша қалды,

Бұл жерде жалмауыз жоқ кісі жеген. Шаппайтын, желмейтұғын жорға десем, Семірген ақша майға екен көбең.

Әсет:

Басында нұрын мақтап, нәзік белден, Сөз ұғар нәсілі таза айтқан жерден. Қатты, жұмсақ сөзінің бәрі әдемі,

Шыққандай тыңдаған жан қайғы-шерден. Алдыңнан адам шығар болмаған соң, Үйрендің қатаң шауып ылди-өрден.

Тірі жан менен өзге туған жоқ деп Алыпсың күпір мінез әзәзілден.

Шөпжелке, шошаңдатпа таяғыңды, Дәндеген бастай берме баяғыңды. Шарам кеңнен шабылған қара шормын,

Асықпасаң тартармын табағыңды. Албастыңды соғатын әкең менмін, Аңдап-аңдап басқайсың аяғыңды.

Ырысжан:

Сөзің қалай шығады қардан суық, Қасыма ақырындап келдің жуық. Тасымалдап артынан әзер таптың, Апшыңды қуырайын сөзбен буып. Бес қазылық ой теңдік Сарыарқада, Арғын теңдік алып па менен туып. Алты ақын Аязбай мен Шашубайлар, Артымнан жете алмаған құстай қуып.

Дау айтып күні бұрын көрсетпелік, Майданда озса жүйрікке есептелік. Орта жүз түгел білген Ырысжанмын, Үш кессе, қаукерім бар кесірткелік.

Әсет:

Дәндеп қапсың Аязбай, Шашубайдан, Болыпсың өнегелі үлгі жайған.

Қиюсыз мақтан сөзді сөйлегенмен, Қыран бүркіт жасқанбас бозторғайдан. Бошан түгіл Орта жүз түк қылмайды, Уақ, Керей жеңілген Арғын, Найман. Сәулелі ой бар аңғарар сөздің түрін, Аңдамай бір сынайсың елдің сырын.

Қарқаралы, Семей, Омбы, Қараөткелмен Білемін он дуанның ойы, қырын.

Екінші сөзін тектеп сөйлесін деп, Көрсеттім алты қырдан әннің түрін. Мінезіңнен, бойыңнан мін таптырдың, Қабағым емес еді қызға қырын.

Екі ердің ерегессе, бірі – өлер,

Тең тартсаң, желқомыңнан қойман жырым.

Ырысжан:

Осы жерге бата беріп көп әкелген, Айтыс, сен, Әсеағаңмен деп әкелген.

Кекетіп келген жерден ұрынады, Бойына таудан үлкен кек әкелген. Жар қадірін білмейтін әулекіге, Өлшемей, осы жұртым неге әкелген?

Әсет:

Бұ сөзің дұрыс емес, тәйір атқан, Байқадым шымбайыңа сөзім батқан... Тату дос шын ниетпен саған теңмін, Асылын өлшеп сөйлер жөнін баққан. Айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақ, Алты арысқа білінген әкең менмін,

Сөз тамырын байқармыз тартысқанда Жығылмай, түзу кетсең, ақын дермін.

Ырысжан:

Рас, ақын осындай дүрден шығар, Соқтадай сорақы сөз кімнен шығар? Қасқыр болса, қой жейтін анық сырттан, Арлансып, өз ойында жүрген шығар.

Арлан қасқыр екен деп жасқанам ба, Қайдағы қу сұмдық сөз сізден шығар. Мен – Ырысжан екенін байқай алмай, Әншейін бір қыз ғой деп кірген шығар.

Әсет:

Тиер сөздің тиегін айттың шенеп, Көтермелеп өзіңді өрге демеп.

Кеудесі кең өрескел, албыт ауыз, Әдептен аттаған соң солай демек.

Ырысжан:

Ақынның тура келмей данасына, Соқтықтым жанып тұрған шаласына. Қоржын толмас бойыңның кескіні бар, Бойыңның көзім тоймас қарасына.

Осы жұрт жөнін білмей соқтырады-ау, Майқының жұдырықтай баласына.

Табысып, татулықпен сөйлеселік, Қыстырмай ұят сөзді арасына.

Әсет:

Топанның тура келдің тасқынына, Тасыған Ніл дарияның басқынына. Бұйырған қай жұмысың толмап еді, Не кінә тауып отырсың жастығыма? Жанарлы жас кәдірін білмейтұғын, Жетті ғой жаңа көзім настығыңа.

Ырысжан:

Әсеттің біліп едім бала екенін, Жарқырап, жанып тұрған шала екенін. Жеткен жоқ жиырмаға жасым әлі, Ырыстың қайдан білдің кәрі екенін?

Шалығын әр сөзіңнің абайлаймын, Шекеңнің ашуланшақ тар екенін. Бағана көрген жерден байқап едім. Бойыңда зор кесапат бар екенін.

Әсет:

Абайла, қызға жігіт дәрі екенін, Сүйікті, сұлу болса, жар екенін. Атжақты, албыт ауыз, көкіме қыз, Өңіңнің жаңа көрдім сары екенін. Мен қашан әжетіңе жарамап ем, Баланың қайдан білдің бала екенін?

Ырысжан:

Жіңішке бойың нәзік қылдырықтай, Сүйтсе де, сөзің ұшқыр бұлдырықтай. Қу бала-ау, бала демей, не деуші едім? Көзіме көрінесің жұдырықтай.

Қалай қашсам мойныма түсем дейсің ЬІңғайлы қашағанға тал құрықтай.

Қызығып, қыз екен деп далбаңдама, Тұйғынның жемін қуған кезқұйрықтай!

Әсет:

Өзіңе өзің болдың әулиедей, Бақсыға аруақ қонбайды ел сүйемей.

Бәлендей затың таза көрінбейді, Болса да, бетің қызыл қан шиедей.

Ырысжан:

Қой, Әсаға осы сөзден адасалық, Азғана ақыл сөзбен жанасалық. Біреу үлкен, біреуіміз кіші болмай, Кел енді жасымызды санасалық.

Әсет:

Кәрі, жас айырамын беттің нұрын, Білемін жауабыңның бақсам сырын. Сынаспақ болсаң егер шамамызды, Жасымды мен айтпаймын сенен бұрын. Есітіп алып, кетерсің кішірейіп,

Қылт еткізбей білемін қыздың сырын. Ет пен сүйек толықсып түгелденіп, Болған жоқ анық толып түгел сыным.

Ырысжан:

Қараңыз, келістіріп келбетіме, Дауа жоқ сұрап алған бейнетіме. Әсаға, анық жасым баян болсын, Шығып ем он алтыдан он жетіге.

Жастығымды танымай бет-бейнемнен, Жұртым-ау, жолығып па ем әулекіге? Қалайша көңлің толмай, олқысындың, Талай ер мас болушы еді сәулетіме.

Әсет:

Тағады теңге шашбау қыз артына, Жаққанмын жас күнімнен өз халқыма. Ырысжан, ынтаменен сырласайық, Шығып ем он бесімнен он алтыға.

Басымнан сөз асырып көрмеген соң, Күйдірдім кәрісің деп сөз салтына. Орнығып, ойқастамай сырласалық. Екі сөз түгел келсін бір шартына.

Ырысжан:

Біреу ойда, біреуміз қырда екенбіз, Мұқтажы көңіл, бара-бар мұңды екенбіз.

Көркем сөйле, жұрт тыңдап көңілденсін, Отырған халайыққа үлгі екенбіз.

Шешен тілі, шебердің өнері ортақ, Әр жерде ақылдыға жолды екенбіз.

Әсет:

Өлеңге ағып тұрған жел екенбіз, Жиылып тыңдаушыға мереке – біз. Он алты, он жетіде айырма жоқ, Арамыз бір-ақ жылдық төл екенбіз. Көңілің баласынбай, жаңа орнықса, Қашалық Семей жаққа, кел екеуміз.

Ырысжан:

Қарқабат, Қаракесекті етпеймін бел, Аузымнан ә дегенде заулайды жел, Жігіттің қыз алатын түрі қандай, Нарқыңды айырайын, қасыма кел.

Әсет:

Мирасы қыз-жігіттің алған, берген, Басынан заман өтсе, арман көрген. Құда түсе келгем жоқ, қыз айттыра Түріңді көрем дейсің салған жерден. Қасына сендей қыздың бармаушы едім, Бересің, барсам орын, қандай жерден?

Ырысжан:

Көшкенде жылқы айдаймын күрең кермен, Бозбала айқай салса сүрен бермен.

Қасыңа қыз шақырса, тартынбай кел, Аласың қыздан орын сүйген жерден. Босағада отырып үйреніп пе ең.

Арқада аты шыққан хандарым бар, Ел кезген кедейлікпен аңғарың бар. Әлде сен сонан қорқып отырмысың

Бұтыңда жыртық-жыртық шалбарың бар.

Әсет:

Өнерлі би, үлгілі хандарым бар, Қадірлі, қасиетті жандарым бар. Тұсыма шыдамастан сауда қылдым. Әйтпесе, күн көретін малдарым бар. Жақсының жамансыз дос күні болмас, Бір киген қорушыға шалбарым бар.

Семейдің бір мырзасымен таныс болып, Осы жерде өліп кетсең, не арманың бар?

Ырысжан:

Қу бала-ай, сөз табасың не керектен, Қай сөзің дәл тиеді зеңбіректен.

Олай десең, қасыма қорғанбай кел, Танимын ер сүйегін кебенектен.

Әсет:

Қол қойдым осы қыздың данасына, Көздеріңмен көрмесең, нанасың ба? Алдап айтқан сөзіңе аңқау басым, Аңдамай бардым жетіп дәл қасына Дұспаны өз алдына келгеннен соң, Бетімді тырнап алмай аясын ба?

Әркімнің өзі шыққан тауы биік, Әсеттің беделіне қарасын ба?

Ырысжан:

Шапқан бірдей болмайды желгенменен, Мен жар болман көңіліңді бөлгенменен. Алдағанға келесің адыраңдап,

Қасыма не бітірдің келгенменен? Ел аралап, бір жүрген сері десем, Бар екен талай мінің жөнделмеген.

Қарасам шалбарыңа жалбыр-жұлбыр, Алдағанда көнесің надан қылжыр.

Әншейін келемеж қып, кел дегенге, Келуін шын өңмеңдеп, Құдай ұрғыр!

Әсет:

Сүйкімсіз қай-қайдағы сөзге барсың Құрбыңа қызыл гүлдей ынтызарсың. Итті де шақырып ап, ұрмаушы еді, Сен қандай екісөзді майталмансың?

Кигенің аяғыңа шегелі етік,

Сылқым қыз жаралар ма сенен өтіп?! Әлгіде шақырғанда сүйдемеп пе ең, Заматта бұзыласың қылт-сылт етіп. Қасыңа сырыңды алса, шайтан келмес, Сен алдарсың әзәзілдей бір бұлт етіп. Сыртың адам, шақпалы тілің жылан, Барасың, қараң қалғыр, қайда кетіп?

Қос түйме омырауда жарасып тұр, Келіп ем ұстайын деп, әуес етіп.

Ырысжан:

Қой бала, бұл сөзіңе сыналмаймын, Тіліңе жалған айтқан көне алмаймын. Иесі бар түймемнің, қолқалама,

Құның жетпес қымбатты бере алмаймын. Семейден бір салт атты келіпті деп, Соңынан жолаушының ере алмаймын.

Қайда сенің қу мінезің көрінбейді,

Бір кетсең, Қарқаралыдан көре алмаймын.

Әсет:

Қарашы, мына қыздың айтқан сөзін, Аудармастан қарайды екі көзін.

Кәрі қыз кәдірменен отырмаған, Маған түйме бермейтін кімсің өзің?

Сен, құрғыр, жолаушыны менсінбейсің, Ежелден тар болмаса, сыр мінезің.

Байқағанға паңдығың толып жатыр, Ұсайды Ебліске бой күйезің.

Ырысжан:

Аяулы Әсағаңның санасы бар. Бойымда түйме деген жаласы бар.

Түйменің жөнін тапсаң, ұстар едің, Санаулы төрт-ақ жұмбақ бағасы бар.

Жол тауып, жүре алмасаң, көзіңнен көр, Сөз тауып, шеше алмасаң, өзіңнен көр. Төрт сөзім түгел тамам таба алмасаң, Түймем саған тимейді, өзіңнен көр.

Ізденіп, таба алмасаң, далаға кет, Екі көзің телміріп, қалаға кет.

Түймемнің төрт-ақ ауыз жұмбағы бар, Таппасаң, шұлғауымнан садаға кет.

Әсет:

Ерегіс майдан құрдық екеу ара, Соқтығып, алаяқпен жеке-дара. Қорғанып қыз жеңер деп отырғам жоқ,

Жұмбағың төрт мың болсын, сөйлеп қара, Байлап қой, төрт сөзіңе уағыдаңды, Сертіңнен жұмбақ шешсем, тайқақтама.

Ырысжанның жұмбағы:

Қыз айтты әуелінде бір жұмбағым, Ауызыма ағытылып, кір, жұмбағым. Отырған Қарқараның хан, қарасы, Жүйріктен екі қыран сөз тыңдадың.

Бір сарай нұрланады жалғыз «миммен».

«Ра» мен «нұн», «хи» менен «зи» оған ерген. Бұл бес әріп бес сөздің бесеуінде,

Білдің бе мағынасын қайдан келген?

Және де бір бәйтерек шыққан биік, Көрінер көлеңкесі көкке тиіп, Жемісі мәуесімен жарасулы, Сенімді сегіз бұтақ тұрған тиіп.

Ол бұтақ қорқытады жүрек шайып. Теректің жапырағын елге жайып.

Жұмыртқа шайқап ішіп екі ителгі, Өргізіп ұшырады бір бидайық.

Аз атаның баласы жалғыз қыран,

Сегіз-тоғыз лашындар жүрер баулап. Ішінде отыз-қырықтан құзғындар бар, Үш жылда бір нәр татар өліп талып. Баршасын таратады бір ителгі, Жапалақ жалбаң қағып, шыр айналып. Аса ақын даңғайыр болсаң-дағы, Әсеке, таба аласың мұны не қып?

Ішінде жүзден аса күйкентай бар, Олар да қорек алар тышқан қағып. Бір теректен осынша құс өрбітіп, Алып кел, бәрін атап белгі тағып.

Әсет:

Бір сарай нұрланады Мекке дүрмен, Қажы парыз бай кісіге Хақтан келген. Нұн-намаз, ра-риза, зи-зекет дұр, Парыздың енді бірі иман білген.

Қажы исламның бесіншісі парызын сол, Канзарақ мағынасында көзім көрген.

Сұрасаң, әділ кеңес көпке жеткен, Көңіліңді сөз кемітіп өкпелетпен. Бәйтерек жапандағы ақ падыша, Көңлі ұлықтықпен көкке жеткен.

Ұлық тақтан таймайды, елге жақса, Қатын байға еркелер, бала тапса.

Иілген сегіз бұтақ – сегіз санат, Жайылған жапырағы – қағаз ақша.

Пәнденің Алла деген тұрар бағы, Ақынның жарамайды сыңар жағы. Бәйтеректе жұмыртқа шағып ішкен – Ояз бенен би, болыс дуандағы.

Қазақтың Сарыарқада елі жиі, Жетіп тұр қызыл тілден сөздің иі.

Бір бидайық – ел жейтін жебір болыс, Баулыған сегіз лашын – сегіз биі.

Бақты кісі күледі бағы кемге, Құдайдың риза боп берген демге.

Отыз-қырықтай құзғындар – елу басы. Үш жылда нәр татқаны он бес теңге. Сайлауда шарын салып, соны алады, Оларға не пайда бар онан өзге?

Ел мазасы кетеді мұндайлардан Халыққа тынышталмас ыңғайлардан. Жемтік жеген құзғындай жел өкпелер, Он қаршыға – онбасы ыңғайланған.

Сот бізді түзеткен бір әділ – қазы, Жапалақ – жағымпаздар шырайланған.

Таппағанға жұмбағың қиын екен, Көлігі жоқ қылады үйін мекен.

Жүзден аса күйкентай – онбасылар, Қағып жеген тышқаны тиын екен. Хан, қара, би, болысты сипаттаған, Жұмбағың ақиқатқа сыйымды екен.

Ырысжан:

Жұмбағым сыры терең, сөкпе деймін, Әліңнен артық сөйлеп кетпе деймін. Азырқансаң, әлі төрт жұмбағым бар, Мен сені кіргізейін көпке деймін.

Қос әйнек – шыны да емес, темір де емес, Жан адам түзете алмас болса көмес.

Ашылып, жабылады пружинасыз, Ол – өзі қымбат нәрсе, арзан да емес.

Ол үйдің екі тесік бір пешінде, Қаланған кірпіші жоқ іргесінде. Сырттан ауа тартады магнитпен, Қалқиған екі ұра бар терезесінде. Өзіңдей жөнді ақыннан сұрамап ем. Әсаға, мұның жайын білесің бе?

Ол үйде машина бар неше бөлек, Қозғалар градыспен әр дөңгелек. Талай жан таң қалатын сол машина, Бір кезде сап-сасық боп, қалады өліп.

Сол үйде майсыз лаулап, жанады шам, Әртүрлі машина бар қаларлық таң.

Шам сөнсе, біткен тетік бұзылады, Жаға алмас қайта өзіндей ешбір адам. Түгелдеп, осы сөзді шеше алмасаң, Түймемнен үш айналып, кет садағам!

Әсет:

Түп-түзу оқтан өткір айтқан сөзің, Осы көп сөз шешуі жалғыз өзің.

«Қос әйнек шыны да емес, темір де емес, Қалқиған екі ұра» – екі көзің.

«Ол үйдің бір пешінде екі тесік – Желбезек – қос өкпе тұр ауаны есіп – Ол тыныс – дем тартатын мұрыныңыз. Бұл сөзді сынамаққа сұрадыңыз, Шешейін қабыл болса мұрадыңыз.

Сырттағы тамам сөзді есітуші — Екі үңгір дегеніңіз — құлағыңыз.

Адамның көре алмайсың ішін ашып, Тәні тұр перде болып, сыртын басып. Машина әр түрлі шек, өкпе, жүрек, Шықпассың бұл сөзіме қарсыласып.

Пружинамен жаратқан адам тәнін, Себеп қып тіршіліктің татар дәмін. Майсыз лаулап жанған шам дегенің ол: Қан, қуатпен қозғалған жалғыз жаның. Бұл бір оңай жұмбақ қой көңілдегі, Дұрыс па қыздан Әсет жеңілмегі.

Арғын, Найман, Алты арыс, Уақ, Керей. Сап жүйрікпін Сарыарқа өңірдегі.

Адамның бар денесін жұмбақ қылып, Бар ма еді мұнда әкеңнің кеңірдегі?

Ырысжан:

Әсаға, сыртыңыздан көп естуші ем, Халық жалған айтпаса, неге естуші ем?

Бұтып-шатқан ақынның бірі ме деп, Күнәңді бөле-жара, жеп естуші ем.

Жұмбағымның айтайын үшіншісін, Сөзімді түгелдеп бер, жетсе, күшің. Төрт сөз түгел болғанда, түймем – сіздік, Жалғанда жауап сұрап, түскен ісім.

Арықтап, бір түйе өлді, жетіп ажал, Алты батпан бұлы бар, безбенге сал. Сүйегі жерден, көктен табылмайды, Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал?

Артылған мәртебеңіз талай жұрттан, Көрген жоқ сізді сөгіп біреу сырттан. Алты батпан көтерген алып малдың, Санасаң, әр батпаны жеті бұттан.

Жілігі жиырма төрт, топайы бес, Шамалап, өлшеп байқа ерте мен кеш. Осыны нажағайдай жарқылдатып, Тегістеп бас-аяғын анықтап шеш.

Әсет:

Ырысжан, бұлбұл қызсың жаннан аса, Сүйтсе де, бір сырың бар менен таса. Менен өзге бір адам таба алмайды, Мұны да бір күн, бір түн ойламаса.

Домбыра – саған ерген – бұлбұл екен, Ырысжан қара сөзге қырғын екен.

Арықтап, оттай алмай, өлген түйең, Ақылмен абайласам, бір жыл екен. Ол түйең арық емес, семіз еді, Халыққа түрлі нығмет жегізеді.

Жылды өлтіріп, өтірік арықтатып, Осынша жалған сенің неңіз еді?

Болады осылайша сөздің жайы, Ақынның жарамайды құр айқайы.

Әлгі бір алты батпан артқан малың, Санаулы бір жылдағы жаздың айы.

Тамаша тапқан сөздің бар ма міні, Болады осылайша сөздің шыны. Әр батпаны жеті пұт деген сөзің, Оралған бір жұманың жеті күні.

Жүрекке таппаған сөз жүда болар, Бір үлкен жалған айтсаң, күнә болар. Жілігі жиырма төрт деген сөзің, Оралған алты айдағы жұма болар.

Жыл сүйегі жер менен көкте де жоқ, Атын бар ғып жаратқан Құда болар.

Белгілі маған сол мен оңқайыңыз, Таба алмасам, өкпелеп, томпайыңыз. Бұл арадан намақұл болып жүрме, Бес намаз – бесеу деген топайыңыз.

Ырысжан:

Бағыма бұлбұл Әсет болған ақын, Кім сөгер Орта жүздің қолқанатын. Сөз көшесін қыдырған көрегенсің, Жерің жоқ, бір мүдіріп толғанатын.

Мәселе бір-ақ ауыз жұмбақ қалдым, Орын жоқ онан ары зорланатын.

Алты мың жан иесі хайуанаттар, Олардың қандай адам қойған атын? Хайуанат набат атпен, нажас атпен, Әлемнің он сегіз мың білген затын. Есім берген ұстаздан өзі үйренбей, Ұнатқан оймен тауып үш қажатын.

Ол өзі қай есімді таққа мінді?

Ол адам қай пірқадан, қандай дінді? Періштелер білмеген ғылым еді, Ойменен соның сырын қайдан білді?

Он сегіз мың әлемге ат қойған кім, Иесі кімге ат қой деп әмір қылды? Онан әрі сұрайтын жұмбағым жоқ, Ашып бер, шамаң келсе, бұл мүшкілді.

Әсет:

Айтпассыз, ағат сөйлеп, білсек қата, Ақын деп қазақ маған берген бата. Әлемді он сегіз мың үшке бөліп,

Ат қойған өз ойымен Адам ата.

Ол өзі Рас-Рап деген таққа мінді, Анық Хақ та таныған асық дінді. Бірі – жарық, біреуі қараңғы деп, Аспанға мәжбүр еткен Ай мен Күнді.

Құрт-құмырсқа, ұшқан құс, мал хайуан, Жан иесі адамзат, пері, жынды.

Көкте жұлдыз, Ай мен Күн, періште, аспан, Жансыз нәрсе, тағы ағаш, шөп пен құмды. Қар, жаңбыр, қыс пенен күз, жаз пасылы, Оларға ішін ашып, ізет қылды.

Енді қыз, боп жүрмесін еңбегім жер, Осы жұрт бірімізді уәдесіз дер.

Төрт сөзің түгелденіп, бітіп отыр, Аттамай әдебіңнен, түймемді бер.

* * *

Сонда қыз әдебінен аспай келді, Аяғын титтей қия баспай келді. Шетіне орамалдың жүзік түйіп, Алдыма бір торғынды тастай берді.

Торғынға түйген екен алтын жүзік, Майданда екі қыран қандай қызық. Бозбала айғай салып, еркек жыныс, Омыраулап барады үйді бұзып.

Мен келгенде қызыл үй сегіз қанат, Сүйрелеп, түк қоймады түңлік, үзік. Басында бүржің қағып отырсам да, Жүлде алдым, аяғында қамал бұзып.

Осындай Қарқаралыға барған жерім, Серуенді қыз-қыранмен салған жерім. Түбінде ақындықпен жеңгенім жоқ, Уәдемше тоқталып қалған жерім.

Серт бойынша белгілі боп екі түйме, Алтын жүзік, бір торғын алған жерім. Заты ұрғашы демесек, уа, жігіттер, Әйелдің көрдім сондай бағлан керін.

МӘУЛІМБАЙ МЕН МҰҒЛИПА

Мәулімбай:

Мұғлипа, Мәулеш келді, аманбысың, Білмеймін жақсымысың, жаманбысың? Не жетсін жүз көріскен амандыққа, Қолыңды сақиналы маған да ұсын.

Қатарда жөн білетін құдаша едің, Жатырқап, шыныменен, қалғанбысың? Сырыңды, сыныңды алып, түймеген ем, Айтылған сөзге құлақ салармысың?

Құмар боп сөйлеспекке баяғыдан, Бұл тойға іздеп келдім аяғымнан. Мырзада аты-шулы ақын қызсың, Жанасып отырайын қаяғыңнан?

Мұғлипа:

Жүрсіз бе, өзіңіз де аман-есен, Ілтифат, міне, қолым алам десең. Айта бер мүддеңізді ойыңдағы, Менімен бір кеңесіп қалам десең.

Жаманды ел ішінде жау алады, Кетеді жақсыда емес, жаманда есең. Өзіңдей жақсыларға біз де құмар.

Жасқанбай жақын отыр маған десең.

Мәулімбай:

Мұғлипа, жақынның да жақыны бар, Сөздің де мақұл емес, мақұлы бар.

Халайық екеумізді тыңдай қалды, Айталық жақсы сөзді татымы бар. Сөзіміз ерсі болып көрінбесін,

Бұл елдің бізден басқа да ақыны бар. Байымдап әр нәрсені білетұғын,

Қыз едің қатарыңда ақылы бар. Есікте сыйлаған ер отырмайды, Дейтұғын бұрынғының нақылы бар. Дұшпанға таба қылмай, досқа – күлкі, Қасыңа құрмет етіп, шақырып ал.

Қолынан өзге қыздың келе қоймас, Істесең, сен істерсің батылы бар.

Мұғлипа:

Мәулеке, демедім бе қасыма кел, Келсеңіз, шабандатпай, асыға кел. Сөзінен қай қазақтың құтыламын, Екеуі, қиын қылса, ашына дер.

Болады қыздың қасы қыруар сөз, Деміңді ап, алқыныңды басыла кел. Үйдегі құдағидан қорқар болсаң, Жүгіңді кейін қарай тасына бер.

Қыздармен айтыспай-ақ, үйге қайтып, Үйреншік қотырыңды қасына бер.

Мәулімбай:

Құдаша, шу дегеннен өрге салдың, Құдаңды қиқар болса, жөнге салғың. Дегендей көк дөненнен көңіл жүйрік, Дарияға қармағыңды сен де салғың.

Отырсың ердің қамын жеген болып, Арманың қалжың менен өлең болып. Ноғайдың ақырынан арпа жеп пең, Елеріп қалыпсың ғой көбең болып.

Түссе де, басың дауға жасымайсың Әндетіп, бір жеңгеңді қасыңа апсың. Қасысам, өз қотырым үйреншікті, Қотырын өзің кімнің қасымақсың?

Мұғлипа:

Қасыма орын сұрап келгені не, Қазақтың демегені дегені не?

Өзің де алды-артыңды байқап сөйле, Жеткізер кімді Құдай дегеніне?

Байланған әркімде-ақ бар бір қылжуыр, Бос сөздің арадағы керегі не?

Жаманнан әркім басын аршып алсын, Монтайсып жаттың қамын жемегі не?

Бір елдің айдаладан атын тартып, Жігітке беттің әрін төгері не?

Басқаның мінін айтып қазбаламай, Көз салсын өз басының төбеліне.

Мәулімбай:

Түспепті қысық көзің өнеріме, Түсіпті менің тыртық төбеліме. Менен де сенің мінің баданадай, Судай боп сыймай тұр ғой кемеріне. Ақын қыз, оныменен ақсатпайсың, Дәл сені көзім жетед жеңеріме.

Туыппын Күшік болып, андас болмай, Әйтпесе, көндірер ем дегеніме.

Түлкі де қолға түсер, сасқалақтап, Жұмсайтын айла-тәсіл өлерінде. Сыйпалап, құдаша деп сыйлай айтам, Әйтпесе, сөз қор қылман көк ерінге. Одан да асқақтамай, жөніңе көш, Ілінбей болат тұяқ тегерінге.

Біреудің көз салғанша тыртығына, Өзіңнің қарасаңшы жыртығыңа. Сенің де мойыныңда тыртық тұр ғой, Бас салып, азулы айғыр қыршыды ма?

Қасқырдай тамақ тартып, жата бермей, Азбанды тепсең еді тұмсығына.

Бәледен, Мұғлипа, құтылмасаң, Қырсықтың жолығарсың қырсығына. Шықпаса, көріп айтқан, менің көзім, Ілініп, бір қаларсың ұршығыңа.

Мұғлипа:

Сен сонша дәріптедің андасыңды, Андаспен бір жинап пең мал-басыңды? Ежелден Күшік елі даукес келер, Білемін малта езгенге талмасыңды.

Екі елдің арасында шыбын өліп, Кім білер бір бәлеге қалмасыңды? Бағана келген жерден байқап едім,

Жайлырақ жақсы сөзге бармасыңды.

Мәулімбай, жөн білмейтін сөлекет пең, Білмейсің жең ұшынан жалғасуды.

Одан да ара ағайын әділін айт, Таста да ақын қызбен арбасуды. Басымды одан жаман қатырдың ғой, Былай өгіз, былайда арба сынды.

Мәулімбай:

Дейсің бе өгіз өлді, арба сынды, Арбаға кім үйретті жармасуды? Ноғайдың арбасына мініп алып, Кетпексің адастырып андасымды.

Қораны тышқақ қойдай былғасаң да, Байқадым шоқырақтан танбасыңды. Көпеске тоқал болсаң, отырмассың, Төрінде құрып алып малдасыңды.

Жүрерсің отын жағып, суын құйып, Жығылып, сары ала ғып жамбасыңды. Келтіріп тәубә-тәупиықты ауызыңа, Күң қылар бәйбішелер хан басыңды. Мұғлипа, түспес жолға түсіпсің ғой, А, Құдай, аман қылсын мал-басыңды.

Мұғлипа:

Андасты сүймегенім, сүйгенім не, Ноғайға тимегенім, тигенім не?

Араз боп андас, мырза шабысса да, Күшіктің арадағы күйгені не?

Алқынып, арыныңмен тойға кепсің, Өсекті қатын құсап сүйредің де.

Айтысып, ерегісіп, қызда нең бар? Құдайың қуат берсін үйдегіңе.

Тәуір-ақ андас сөзін сөйлеп бақтың, Қу сөзбен өй дедің де, бүй дедің де.

Мәулеке, мұндай сөзге барыспаушы ең, Бір пәле түртіп келді-ау бүйрегіңде.

Мәулімбай:

Бәле жоқ саған деген бүйрегімде, Бар ма еді сенің өшің үйдегімде? Көпестің байлығына көзді тіктің, Шешеңді әкеңмен [ен] биледің де.

Қышуы екі қолдың қанбаған соң, Пұшпағын кәрі терінің иледің бе? Өзеуреп, Мұғлипа, обықпағың, Мені де лай суға тоғытпағын.

Арасын Андас, Мырза шу ғып жүрсің, Құдайдан жақсы шығар қорыққаның. Жалғыз үй кәрі көпесті арқа тұтып, Екі елдің әруағына жолықпағың.

Алғандай алтын тауып арындадың, Күйдіріп, әркімдерді жалындадың.

Қояды әркім теке өз лағын Қыстырып әйелімді не ғылғаның?

Сұлусың, Мұғлипа, маған ти деп,

Дәл саған жерім жоқ қой шағынғаным. Несіне кәрі байға қызығасың, Жемейсің оның, бәрібір, қалыңмалын.

Әкең жүр бір басыңды саудаға сап, Әйтеуір, көбейтсем деп алым жағын. Көкпарға тартылатын лақ құсап,

Екі елдің додасына салынбағын.

Туардай келер жылы бала көпес, Жуандап қалған екен қарын жағың.

Мұғлипа:

Ер жігіт қорқар деуші ед Құдайынан, Қорыққан сені көрдім жұбайынан.

Әйелің тұйғын емес, сұңқар емес, Тұқымы қарақұстың құмайынан. Арадан қандай пайда табасың сен Нең кетті маған түскен уайымнан?

Сен өйтіп әруақты айтып қорқытқанша, Одан да сөзді ұқсаңшы былайынан.

Көңілдің ашықтығы жақсы емес пе, Кір батпақ қоюланған лайыңнан?

Андастың атын тартып терге шомдың, Байқадым сөзіңіздің шырайынан.

Құда деп Қашағанға намыс жырттың, Ерніңнің көрініп тұр сыңайынан.

Мәулімбай, білеміз ғой ақыныңды, Көргеміз салдыр-салақ қатыныңды. Екі елдің арасына қыстырылмай, Үйдегі қатыныңа айт ақылыңды.

Әйтеуір, құр құда деп намыстанба, Егескен озсам дейді жарысқанда. Әркім-ақ тауым биік болса дейді, Дұшпанын жықсам дейді алысқанда.

Екі елге араша боп не ғыласың, Сорлыға шоқпар тиер қағысқанда. Таз елі дақпырт қылып құр мақтапты, Мен сені теңеп жүрсем данышпанға. Дұшпаны тура беттеп, тап бермесе, Жөніне кетед дейді арыстан да.

Дауымның басындағы мәнін ұқпай, Қиғаштап, жүйрікпін деп, шалыстанба!

Мәулімбай:

Айтпайын десем-дағы, болмадың ғой, Кедей деп, өз теңіңді қорладың ғой.

Кедейден ажырасып, байға барып, Үшінші тоқал болсаң, сорладың ғой. Шекеңді кәрі күйеу қыздырмайды, Анық-ақ оған тисең, оңбадың ғой.

Құда деп ат тартпаймын Қашағанға, Не жетсін тыныш жүрсең, бас аманға. Менен де сенің нәпсің үлкен екен, Құмартып, ғашық бопсың жасамалға.

Жасты тастап, кәрі байға қатын болсаң, Қазысын кекірерсің асағанда.

Болмаса, сенің мыйың ашыған ба, Айтатын сөзімді айтпай, жасырам ба? Бетіңе іздеп барып, түкірермін, Көпестің жүн сирағын қасығанда.

Сөзімнің ойымдағы барын айттым, Әзірше қанағат қыл осыған да!

Мұғлипа:

Мәулімбай, айтысып ең меніменен, Тоқтадым, айтыспаймын сеніменен. Мынадай ел жыйылған ұлы тойда, Тиістің андастардың кегіменен.

Сыйымды маған деген сөзің болса, Астыртын айтсаң еді ебіменен.

Жолдыққа жүзігімді сыйладым мен, Алмағың осы болса тегі менен?!

Мәулімбай:

Сөзіме менің айтқан көнбедің бе, Ақыл сөз, мәмілеге келмедің бе? Жеңілсең, менің теңім сол болып па, Суырып, сақинаңды бергенің не?

Мен саған тоғыз қылып беретін ем, Ақиқат сөзден ұтып, жеңгеніңде.

Сақинаң жол-жораға жарамайды, Әдейі ат терлетіп келгенімде.

Көпесің аламын деп, алмады ма, Қапталдап, қалың андас қалмады ма? Ол итің миллиончик бай демеп пе еді, Қалтаңа бес-он теңге салмады ма?

Бүлдірдің момын елдің екі арасын, Қағынып, байдан байды таңдадың да. Ақын қыз, мұнша неге дандайсыдың, Ноғайдың берген торғын дамбалына. Дәрияда жүзіп жүрген балық едің, Іліндің қазандықтың қармағына.

Несіне Ғайнитдинге қызықтың сен, Басыңды әбжыландай арбады ма? Халыққа белгілі боп шыға келдің, Басылып көпес таңба сан жағыңа.

Мұғлипа, текті атаның қызы емес пең, Мен сені сүттен таза деп ойлаушы ем, Іш нәрсе қалмапты ғой ар жағыңда.

Жеңілсең, тоғыз жолдық бермес педің, Құдаша, Құдай сені қарғады ма?

Алмаймын сақинаңды өзің алғың, Саларсың әбзиіңнің бармағына! Дегенде ыза болып жылады қыз Ақынның құшағына құлады қыз.

Сіз жеңдің, мен жеңілдім, артық айтсам, Құрбы едің, кешіргін, – деп, сұрады қыз.

Сөзіне Мәулімбайдың болып ыза, Намысқой шу шығарды барлық мырза.

Екі жақ ұрандасып, ду боп кетті Ақыры, соғыс болды қыза-қыза.

Ұран сап, қалың андас басып кетті, Ғайнитдин өлтіред деп, қашып кетті. Жігіті андас, мырза қамшыласып, Соғысып, тойдың мүлкін шашып кетті.

Қамшылар шатырласып қорғасынды, Ұрысып, бас жарылып, қол да сынды. Андастар Мұғлипаны тартып алып, Үш жылда жесір дауы зорға тынды.

Андастар Мұғлипаны тартып алып, Аттанды барымтаға жалпы халық.

Той болмай, тойдың арты топалаң боп, Ақыры, зорға тынды арты барып.

МӘУЛІМБАЙ МЕН БАЛАТЫ

Мәулімбай:

Атақты сұлу келіншек Балатысың, Бұхардың дүрия мақпал манатысың. Бағаңа бағаласам, жан жетпейді, Құндызсың, судың сусар жанатысың. Желғабыз жезтаңдайлы қаусырма жақ, Сұқсырдың сусылдаған қанатысың.

Тартасың магниттей бозбаланы, Құдайдың мінсіз қылып жаратысын. Өзіңмен айтыспаққа құмар едім, Ежелгі ақындардың санаты үшін.

Балаты:

Мәулімбай, таудың тағы қыранысың Халқыңның бәйтерегі, шынарысың. Ойлайтын ердің қамын, елдің қамын, Көзі ашық ел-жұртыңның шырағысың. Ақынсың алды-артыңды байқайтұғын, Көреген сұлуларға қырағысың.

Асылды асыл тартып алатындай, Менің де жақын тартып тұрады ішім. Бұрыннан өзіңізге құмар едім, Сөйлесіп, бір мәслихат қылар үшін.

Мәулімбай:

Балаты, тәуір көрдім сөзіңді енді, Сыртыңнан естуші едім көзім көрді. Базарда сүйген жанға сәлем берер, Қаладым осы топта өзіңді енді.

Іздеген сұрағанға дегендейін, Келтірдім, міне, бүгін кезімді енді. Жүрегім сізге қарай аласұрар, Құрбы деп жөн білетін сезімді енді. Күмісті дәнекерлеп, жапсырып қой, Кетпегің жерге тастап сөзімді енді.

Балаты:

Мәулімбай, бар іс қандай, жоқ іс қандай, Қандайлық мұң-мұдаң бар болысқандай? Белгілі сен де ақынсың, мен де ақынмын, Болса да көңіл жақын қоныс шалғай.

Жаттық болмас жақсыда демеушімед, Аспанда Ай мен Үркер тоғысқанда.

Мәулімбай:

Біріміз білмеуші едік бірімізді, Болдық қой ұғысқандай сырымызды.

Торсаңдап жаман байың жүрмес пе екен, Айтысқан ерсі көріп мұнымызды.

Соныңды шын жүрекпен сүйемісің, Айтсаңшы сырласқанда шыныңызды. Бір сөзге түйін тастап, белгілеп айт, Алыстан шырға деймін мұныңызды. Түлкідей қызыл алтай бұлаң қағып, Білдірмей кетіп жүрме жымыңызды.

Балаты:

Мәулімбай, бұл сөзіңе мен не дейін, Өзіңдей жақсыларға мен де бейім.

Ақсақ қойдай маңырап түстен кейін, Атадан бұрын туып, қалдың кейін. Қажыдан тумай кеткір жаман болыс, Жүр едің не бітіріп бұған дейін?

Кигенім аяғыма көк етігім, Әйтеуір, жаман-жақсы өз етігім. Болса да, ерім жаман, елім жақсы, Жетілер соныменен кем-кетігім.

Мәулімбай, келуші еді бір кеңескім, Сөйлестім сеніменен, бір теңестім. Әкеңе мінез-құлқың түк тартпаған,

Мәулеке-ай, шыныңды айтшы, кімнен өстің? Сенің де сырттарыңнан мен де естігем, Жеткізші пайымына бұл кеңестің?!

Мәулімбай:

Балаты, жас шағымнан дүр боп өстім, Ел үшін ән менен күй, жыр боп өстім. Мен сенің сауалыңа түсінемін, Пернені ұғынбайтын жынды емеспін.

Болса да, әкем – шеңгел, шешем – тікен, Солардың арасынан гүл боп өстім.

Әкемді кім десе де, о десін жұрт,

Өз басым халқын сүйер ұл боп өстім.

Сен мені қағыттың ғой өлеңменен, Дарынды бойыңдағы өнерменен. Халқыма әділдікпен қызмет етіп, Жорғалап жүре берем төбемменен. Балаты, саған берер жауабым сол, Кімсің деп сұрасаңыз егер менен. Ойымда үш ұйықтасам жоқ ед менің, Балаты өлеңменен сөгер деген.

Есіңе ал халқымыздың салтында жоқ Құрбыдан күдер үзіп, өлер деген.

КӘРІБАЙ МЕН ӘСЕТ

Кәрібай:

Алланың бір – Бісмілла – есімі, заты, Пенденің Хаққа міндет ниғыматы.

Сөйлейін саясаттан біразырақ, Бар болса, тыңдаушының иқуаты.

Сыпырған томағасын қыран құстай, Жақсының көпке жеткен шарапаты. Қызыл тіл қалай тартсаң – солай кетсе, Жастықтың сол емес пе талап аты?!

Ал, енді, шіркін, көмей бипыңдасын, Сөзімді дәмсіз айтқан кім тыңдасын?! Қынаптан суырып алған наркескендей, Қызыл тіл отыз тістен жылтыңдасын.

Қалмасын жаңа сөзім ескідей боп, Орғиын күрең төбел бестідей боп. Халайық, мені көрсе, бір таңырқар, Бау көрген ақсабанда ешкідей боп.

Атадан Хақ бұйрығы бізге тумақ, Атаның жұртқа мирас жолын қумақ. Жылмиып жай отырсам, кім сыр білер, Кетейін арғымақтай серпе зулап.

Ыңғайлы қанат – қолым сап алуға, Жақсының жуық едім жамалына. Азырақ жастан қалған бұл қыйқуым, Үйренген ғадет қылып қамалымда. Сөзімнің қала берсін ұмытылғаны, Құп тыңда, мәжілісте елдің отырғаны. Сөйлейін саясаттан білгенімді, Демесең, қай Мұрынның құтырғаны.

Әуелі сыйынамын патша, құдай, Шайтанның шариғаттан жолы былай.

Жеріне тоқты сойып, топыр қылған, Бұлбұлы Орта жүздің мен – Кәрібай.

Біздің ел өсіп-өнген Қалба жайлап, Сонылап, ел үдерер малын айдап.

«Тамызда Көктұмада сияз бар», – деп, Бұл істен хабар тапты түгел аймақ Бойында Көкпектінің көк шалғында, Отырған Әуелекең бие байлап.

Сол кезде жиырманың төртіндемін, Асыр сап жүрген кезім, құлынша ойнап. Жетекте жас тайлақша жүрген кезім, Кете қойған жоқ едім шығып бойлап.

Жайсаңға біздің болыс қарайтұғын, Ояз деп он бесінші санайтұғын.

Десетін Нарын елі – Жанболатты, Хабарасу болысын жанайтұғын. Молайып, Байжігіттің өскен кезі, Өзінен екі болыс тарайтұғын.

Жарымы – Байжігіттің арғы бетте, Қытайға екі үкірдай қарайтұғын. Осылай үлкендерден ұғуымша, Санатқа кезім емес жарайтұғын.

Сиязға жүрмек болды болыс, билер, Әр жерге дайындық қып тігілді үйлер. Бәрінде тамашашы, әнші, күйші,

Әр жерде сыбызғы мен тартқан күйлер.

Көктұма жалғас екен Еміл, Бақты, Жігітке жердің жөнін білген жақсы. Қытаймен шекаралас орын – дейді, Мәлімсіз сияз күні қанша, уақыты.

Байжігіт араласып Мұрынменен, Санасып ерлер жағы білімменен. Жүруге бір жүз кісі дайындалды, Біреуден біреу естіп, білуменен.

Жүз кісі тәуекел деп түстік жолға, Кейі аяң, кейі мінген кекек жорға.

Жүйріктен тұлпар шауып, бәйге алатын, Будақтатып шығарған кез шаңды аспанға.

Жаңадан жүрген кезім өлең дарып, Қолыма екі ішекті домбыра алып. Атақты Көктұманың сиязына,

Дәм тартып, мен де бірге қалдым барып.

Көргенім сиязды осы қадам басып, Именіп көрмеп едім, көңілім жасып. Жылында мың сегіз жүз жетпіс екі, Келіппін дүниеге есік ашып.

Келгенде он жетіге өлең айтып,

Үн қостым, домбыраға перне басып. Ел жайын, ата жөнін, халық салтын, Үйретті көп өнеге ақылдасып.

Алаңдап, бойым қызып тоқтамаймын, Тұрғандай бір керемет жақындасып. Келіпті Әсет деген ақын жігіт,

Мүмкін, – деп, – айтысуың болса нәсіп.

Барып ем Тоқжігіттің қасына еріп, Атын баптап күтемін, бағып беріп. Қажеті кезегінде боп қалар, – деп, Үйреткен ата жөнін маған теріп.

Қазақша дәл тамыздың он бесінде, Бойына Көктұманың түстік келіп. Қатарлап тігілген үй, қайысқан қол, Қарасаң, таңғажайып көз жіберіп. Найманның өскен жері – Қаракерей, Дұшпанның көңілін басқан теңдік бермей. Бәйгеге Найман баптап сан қосқанда, Жері жоқ Кәрібайдың қалған келмей.

Болғанда атам – Байыс, анам – Мұрын, Жеті атам Жолымбетке құйған нұрын.

Алдында қырық сан Қырым дес бермеген, Қай қазақ сөз сөйлеген бізден бұрын.

Жігітке оңай емес дүние қумақ, Нарқы бар осы сөздің талай тармақ. Арғынның Қаракесек Әсетіне, Сиязда тәуекел деп, салдым қармақ.

Табылмас жүйрікке ақыл жан сасқанда, Ақылдың сабыры – жерде, кілті – аспанда. Бір жігіт Қожағұлда опат болып,

Сияз қып, қытай, орыс бас қосқанда.

Арғын мен Қаракесек сөз сөйлестім,

Алты арыс қырық сан Қырым бас қосқанда. Бас қосқан төрт үкірдай, елу болыс,

Ұстады екеумізді қолдан-қолға.

Тағы бар жесір дауы, жердің шегі, Келіпті бұған бола елдің көбі.

Бітімге келу үшін бас қосыпты, Атақты Керей, Найман бай мен биі. Сараппен осы жолы теңелмекші, Арада бұрын болған өштік кегі.

Ту алып, тұлпар мінген елші халдай, Егескен күндер болды-ау екіталай. Шығысып екі ханнан сексен шерік, Құрыпты патшалықты тартып сырнай.

Егесі екі жұрттың болып алды, Сүлеймен даулы болып ер Жалбағай. Ат шабыс, қыз қуар мен көкпар болып, Көрсетпек күш өнерін ер Молдабай.

Қобызын дуылдатып Бұйдаш келді, Көрсетті екі жұртқа не өнерді.

Осындай қызық, думан жиын болып, Таңқалдырды орыс пен қытай елді. Атақты Ақсуаттың тышқан көзі,

Қысы еді-ау, қасиетті асыл сөзді. Пар ат жегіп, салтанатты пәуескемен Келгенін бұл жиынға елі көрді.

Сөйлейтін енді келдім біраз күйге, Жандарал алтын сурет таққан түйме. Күнін кес, мына дауды тез бітір, – деп, Кіргізді он екі би сияз үйге.

Кіргізді Бөкенші мен Мамырбекті, Демежан ғарып шешен, абзал текті.

Жайылған екі патша ел сиязында, Қаратты ауызына талай көпті.

Алдында Сүлекемнің ән шырқадым, Жинадым айқайменен тамам жұртты.

Байысқа болды ақсақал Бөкенші – нар, Білеуші, Тілепалды, Әзібай да бар.

Асылбек, Қыдыр молла, би – Бекбосын, Омары Мерекемнің өңшең дегдар.

Тілеген, Қабдылсамит, Қалым болыс, Жапабай асыл бекзат – өңшең салдар. Ел дауы, ер құнына кесім айтпақ, Құралған сайыпқыран өңшең көкжал.

Арыстың өстіп кірдім қайырына, Бас қосқан қытай, орыс жиынына.

Найманның шарықтаған қыраны едім, Түсем бе, байқаусызда жайған торға. Алаштың әлібі едім бейне алмастай, Құдайым, сапарымның артын оңда.

Сөйледім тыңдаушының қалағанын, Қалауға қасиеттеп жарағаным.

Осындай шаршы топта жүлде әпер деп, Құрыштап, Төлегетай тағаладың.

Әсетпен сөз сөйлесіп осы жерде, Арыстың сөз тыңдаттым даналарын.

Сүйтсе де, аты шыққан жампозбенен,

«Тәуекел», – деп, өз ісімді шамаладым.

Жаратқан ғаршыл-күрсіл лауһүл ғалам, Біткен жоқ бұл туралы сөзім тамам.

Халқым қалап, сенім артып, сөз берген соң, Сүйсінерлік сөз моншағын мен де табам.

Ісімді өзің оңда, Хақ Тағалам,

Сиынар жарлыққа – деп, – ғалам саған. Бал жұтқан бармағынан ер еді, – деп, Келдім де, Сүлекеме бердім салам.

Сүлеймен Қабанбайдың баласы еді, Сауыттың оқ тимеген жағасы еді.

Аралас, сүйек-шатыс, құдандалы, Солардың жолдастығы рас еді.

Бұрын да біздің жаққа келген еді, Азырақ ән тартқызып көрген еді. Аулына Шерекеңнің ертіп барып, Батасын ықыласпен берген еді.

Сүлекем, сәлемнен соң сөгіп кетті, Көрмеді бұрынғындай, сыртқа тепті.

«Ерім өліп, ырысым бұзылғанда, Кәрібай, көңіл айтпай, саған нетті?! Ақырып, төре, қара жинап бер!» – деп, Алдырып, бір домбыра жарлық етті.

Алдырып, бір домбыра қылды әмір, Қоймады ән салмауға Сүкем сабыр. Ішімнен Хаққа жылап: «Тәуекел», – деп, Жағынан күншығыстың соқтым дабыл.

Шақырдым Қабанбайдың аруағын, Жерді ойған Төлегетай салмағын. Отырған он екі би, сияз үйге.

Көрсеттім ата заттан сөз ырғағын,

Ерлігін Сүлекемнің «Көл» деп айттым. Қозғалтпас талай жайын қарымағын, Әркімге тыйып жүрген зар-ылажын.

Жақас пен Әділбекті тең сөйледім, Алашқа өлшеу қылмай дәулет жағын.

  • Ұрпағы Қабекемнің батырларым, Дәстүрін ұстаған ел ата бағын.

Қаракөк тұқымынан үзілместен, Ұстадың Қабанбайдың алтын тағын.

Ту алып, тұлпар мініп, ер Қабанбай, Күніне қырық сан қолдың жолын ашқан. Тақ мініп, тәжі киіп Әбілпейіз,

Ұрандап, мұсылманға жарлық шыққан.

Қақ жарып қара қылды, қиып айтқан, Боранбай өз тұсында билік айтқан.

Хан Қамбардың артынан ер Ботабай Алты алашқа әділ сөз түйіп айтқан.

Найманда ие болдың алтын таққа, Жерің жоқ есең кетіп жүрген жатқа. Сүлеке, ашуды қой, көш ақылға Ісінді бергеннен соң шариғатқа.

Бөкенші, Мамырбек пен елдің басы, Құн келсе, қалдырмайды жаман атқа. Осындай ұлы жиын ойпаң жерде, Жарап ем сол ерлерге қолғанатқа.

Естіпті Әсет ақын бізді қазір, Сол жерде болған екен ол да әзір.

Екі айғай хан сиязда душарласып, Жиылып, мың жарым қол болды кәміл.

«Бір Алла таразысын ауғызба», – деп, Дұғаға қол көтерді аға-бауыр.

Бас қосқан зор жиыны екі ханның, Бірлескен мәжілісі хан, сұлтанның.

Ер кұны, қазақ жолы – ереже бар, Және бар шариғаты мұсылманның.

Дүниеге ойлап тұрсам, ғапыл едім, Аллаға құлшылыққа жақын едім. Сымпиып, сұр жыландай Әсет келді, Сөз сайлап, осылайша жатыр едім.

Тысы – ләмбік, іші – құндыз, камшат бөрік, Өзіне келді өзі, сәулет беріп.

Үстінде шағи-шапан, қүлдәрі белбеу, Құбылып келді Әсет қырын беріп.

Жиналған Керей, Найман құмарланды, Жүйрігі екі арыстың душар келіп.

Сүлекем оны-дағы сөгіп кетті.

«Сен де ән сал! Сауық қыл», – деп, жарлық етті. Ол-дағы әзір жауап, бейпоз екен,

Қиқулап, қоңыр қаздай сөйлеп кетті.

Ән салды буырқанып Әсет ақын, Байқаған оқып, тоқып сөздің парқын. Төрт ұлын Төлегетай тең сөйлейді

О да жаттап алыпты елдің шарқын.

Ер екен, айтса, айтқандай жүз құбылған, Сыпайы сөзге шешен, ашық-жарқын.

Іркілмей салған жерден кетті желіп, Сезіндім шын тұлпардай бар деп қарқын. Алдынан екі ұлықтың ән шыққан соң, Қалың ел басып кетті қара барқын.

Бір жазым сөзден оқыс бола ма? – деп, Бойсырап, көп толғанды біздің алқым. Дүбірге көп қосылған ол да жүйрік, Көрсетті сөзбен сөйлеп елдің нарқын.

Домбыраны Әсет шертіп, маған берді. Майысып, тілін тежеп, қасын керді.

Байқағанға тартымды, сөзі жүйелі, Шығарды мандайынан ашшы терді

Сөзінің басы – мақтау, түбі – кекеу, Порымдап, осылайша сөзін терді.

Әсетпен айтысарлық түстім жолға, Мен сонда домбырамды алдым қолға. Әсеттің кекесінін көргеннен соң,

Намыс қып, барлық Найман отыр зорға.

  • Сүлеке, біз Найманда мазалымыз, Түседі жатты көрсек ажарымыз.

Перімнің ғайыптағы бәрін жидым, Келсе де, қазір жаудан ажалымыз.

Секілді қараңғыға сәуле берген, Найманның жанып тұрған панарымыз. Тез тапсақ, ақы иесін, сөз жүйесін, Көрінеді алынатын қамалымыз.

Көсілген кексе жүйрік болмасақ та, Көк зеңгір асқар таудай талабымыз. Аз сөзден көп мағына, – дейді халық, Таразы – алдыда тұр, сарабымыз.

Тындады екі патша, ел көзбен көріп, Бола алмас, шіркін, дүние, жасқа серік Сонда Әсет домбырасын жұлып алды, Сөзімді ажал деген шажы көріп.

Айғайлап, Әсет дауысын көтереді, Ақыл мен парасатқа бермей ерік.

Ән салды сонда Әсет шығанақтап, Кемсітіп Қәрібайды, өзін мақтап. Асылы ат пен құстың өзі болып, Қарғаны кетпек болды жерге таптап. Түк қоймай аты-үстімді айналдырып, Сімердің балғасындай мыс қып қақтап. Арындаған аптығын бір басайын – деп,

Мен де ағыттым, сөз сарасын іле жалғап.

Кездескен дәл осындай хан сиязда, Қытай, орыс патшалығы келген мұнда.

Айтысқа Әсетпенен сол жиында, Кәрібайдың маржан сөзін, халқым, тыңда.

Ел білді енді Әсетпен айтысарды, Жанжал қып, жағаласып, тартысарды. Кәрібайдың бар көргені Әсет емес Тарқатқан айғайменен сан базарды Өзінен шерік төмен өлшеген соң

Бұл сөзге Қаракерей намыстанды.

Іздеді біреу шауып, мінә ағашты. Минутта алып келді қу ағашты. Ішімнен Хаққа жылап, тәуекел деп Дауластым, жүдетпен деп қарындасты. Әсет те буырқанып, әнге басты,

Сөз тыңдап, жиналған жұрт анталасты.

Жүйріктен су төгілмес теңселгенде, Жау алар, батыр жігіт белсенгенде. Әсеттің айғайынан шошымадым,

Мен-дағы «Келсең – кел», – деп шендескенде.

Тыңдады сөкпей, соқпай қытай, орыс, Жайсан – қала, Лепсі – ояз, Семей – облыс.

«Кәрібай, қара басып отыр ма?», – деп, Ақнайман түртіп қалды Қалым болыс.

Айтысшы, бұл қашқынмен ұрыс салып, Тойпаңсып, неге отырсың шалыстанып? Көкітпей бұл бәдіктің жазасын бер, Сөзімнің кем-артығын көрсін халық.

Шабандама, біз – Арғыннан қалыспалық, Сөзіңді жақсы-жаман қарысталық.

Осындай хан, халайық дулаған соң, Қалайша екі жүйрік жарыспалық?! Әсеттің даңқын білген бұрын халық, Бұрыннан да жүреді екен есіне алып. Бапталған екі арыстан, екі тұлпар, Таласып, бәйге обаға барысалық.

Жарқырап ақ маңдайы кім озады, Санасып, ер өнерін танысалық.

Әсеттің сөзі биік көрінгенде,

Бар Найман қалған екен намыстанып.

Әсет:

Мұсылман қайтарған жоқ қабағымды, Дағды алған көрсетейін амалымды.

Қалым түртіп, бар Найман қостай қалдың, Көрсетші, кәне, маған зауалыңды.

Жөн білсе, сені, Найман, қой, – деп айтар, Көтеріп, бос терлетпей обалыңды.

Отыр ғой сені Найман шағыстырып, Бір көрсін меніменен жарыстырып. Каңтарда қалшылдаған қарт бурамын, Байқасын жас тайлағын алыстырып. Жұлайын екпеттетіп иығыңнан.

Бар Найман жер шұқысын, намыс қылып. Азуым бір тиген жер оңалмайды,

Ойлама емдеймін деп, шатыстырып. Аруағым арындаған Арғын – Әсет, Қарамаспын Қарабайыңа мойын бұрып.

Қой, болмас, қорыққанменен кекесінің, Бір зорлық көрсетейін сөз ершімін.

Ербеңдеп, иығыма шыға қалдың Үйреткен өзім тәлім, текешігім.

Кәрібай:

Мұнда мен ләбіз қылдым, «Иә, Құдайлап», Шақырдым екі ұранды Боранбайлап.

Түйіліп, бұл қашқынды бір ілейін, Тас түлек – ақ иықтай көзім жайнап. Қондыбай Дүйсенбінің баласы, – деп, Бір күні Найман сені алар байлап.

Боқ-жының араласқан, пітіна құл, Қаларсың ат үстінде сорың қайнап. Сыймаған ел-жұртына сен бір безер, Емес пе жалған десең, халқым – айғақ.

Арғынның қаңғырғаны талай келген, Біреуі, мынау – Әсет, көзім көрген.

Бүтіндеп, Найманға кеп «ит көйлегін», Таңлақсыз «Жалғыз жүйрік – менмін! – деген!

Мың қойды өткіз судан серке болсаң, Былпылдақ жүз кісілік көрпе болсаң. Қазы шайнап, қаз мойынды сұлу жайлап, Өз еліңде жүрсең нетті ерке болсаң.

Әсет:

Ақынның ел таңдайды тамашасын, Ақылың – бойға қонған арашашың. Ежелден Арғынды артық жаратты Алла, Қалайша бәсеке қып таласасың?

Қол созған қара нарға, сен, бір қанден, Өзінің байқамайтын аласасын.

Арғынның ауылы алты болғанда, Толықсып малы мен бас толғанда. Шошайған Найман екен жалғыз ауыл, Шамасыз арлы-берлі толғануға.

Найманға Арғынекең пана болған, Жығылып туысы бір болғанына.

Кәрібай:

Найманнан – Белгібай бай жалғыз туған, Ескі сөз естуім бар бұрынғыдан.

Жасы кіші болғанмен берекелі,

Келіп жүр Арғын жақтан көп қаңғырған.

Туыпты Белгібайдан тоғыз бала, Бәріне пана болған Хақ Тағала. Барлығын әлпештеген Назым еді Берген соң қадір Алла артық сана. Арғынның алты ұлына есе бермей, Ел болып өз алдына жүрген дара. Білетін үлкендерден ұққан едім, Бір жері бұл сөзімнің емес шала.

Әсет:

Арғыннан талай ақын шыққан кеше, Ешбірі берген емес Найманға есе.

Арысқа аты әйгілі бұлбұлдарым, Орынбай, Жанақпенен ақын Шөже. Сен де жолда қаласың шаң астында, Абайлап, өз әліңді біл ендеше.

Құдай берген жел сөздің қазынасымын, Ешкім қарсы келмейді Әсет десе.

Әуелі сыйынамын бір жалғыз Хақ, Екінші, қолда мені, жақсы аруақ. Алмаған сөзден жүлде Сабырбайың Жеңіпті өмірінше біздің Жанақ.

Кәрібай:

Төреші бұл сөзіңе Арғын, Найман, Жеңілген ол Жанағың Нұрлыбайдан. Бас қосқан жеті болыс ел, ер Тана бар, Бойында Қарамола жеңіліпті.

Айтысып Орынбайың Кеншінбайдан. Алмаған сөзден жүлде ақымақ Арғын Бейшара-ау, бейнет айдап келдің қайдан? Алдыңда ақын аға, Кәрібай отыр,

Ғибрат қып үлгі алсаңшы осы жайдан.

Бұл елге сұлтанбысың, ұлтанбысың, Қаңғырып, ей, бейшара, жүрсің қайдан? Сыналар ер өнері – ел алдында,

Кез болды екеумізге мына майдан.

Естісем, ақын Шөжең соқыр екен, Шыға алмай өздігінен отыр екен. Сандалып жоқты әкеліп қыстырасың, Ақының топ көбейтер осы ма екен? Жанұзақ, Сұртай, Жылтыр, ақын Түбек, Керіліп кер маралдай шыққан үдеп.

Маржандай сөз кестесін жіпке тізіп. Бәйгеден келген сызып түйдек-түйдек.

Естісең осылардың аруағын, Қаласың ақыл таппай, бекер жүдеп.

Әсет:

Арыстың жігін бөлген Сара бейбақ, Біржаннан о да көрген сөзден зардап. Не шабақ, не шортан боп өшінерсің, Жазылған қашан сенен біздің қармақ? Еріксіз ақырында тұралады, Қаншалық сайраса да, сілеп-қарғап.

Жеңіліп, шын масқара болмады ма, Басында ысқырғанмен, жыланша арбап. Білмейтін сөздің жөнін, елдің жайын Әкепті Найман сені маған арнап.

Емессің менің теңім сөйлесетін,

Кәрібай, сен – тобышақ, мен – бір саңлақ. Әкелген қолдап-қорғап, би мен болыс, Мынаны әкетіңдер менен аулақ.

Кәрібай:

Ол – Сара бейбақ емес, анық саңлақ, Бетіне бар Арғының салған таңлақ. Біржанды қаңғып келген итше керіп, Әлі сенен кеткен жоқ өткен зардап. Сараның жауабының міні бар ма, Айтпапты қарағайды талға жалғап. Біржанды сең соққандай мықты жеңіп, Батыпты сүйегіне өткен зардап.

Сен үшін ел мақтаған үлкен олжа, Алсаң да, жалғыз тиын бірер жармақ. Күн көріп кайда жүрсің, кімге сіңіп, Кім-кімге тең келмейді ойла, барлап.

Кімдікі ішкен асың, татқан дәмің, Сілеме, тіл тигізіп ел адамын.

Көметін бүгін өлсең, Арғын бар ма, Адамсың ақылың аз, ойың шағын. Арғынға неге сыймай, қаңғып жүрсің, Бар болса, адамшылық баста бағың.

Әкелген құштар болып Найман бар ма, Сарнаған неге керек тіл мен жағың?!

Әсет:

Делбе ақын ұран салып ел мақтайды, Үйірін байсалды айғыр ат жақтайды. Қолыңды көрінгенге тарбайтасың, Көтеріп иығыңа қу тақтайды.

Көпіріп, ақынсынып елді алдайды, Ершімді ел ұғарлық сөз таппайды. Мінерге – ат, киерге киімі жоқ, Көпестей мыңды айдаған алшақтайды. Емініп, ешкі сауып, ескі киіп,

Күн көріп, әрең-пәрең жан сақтайды.

Кәрібай:

Жүреді әркім де өзі пайдасына, Алланың рыздығын алмасын ба?! Бетіме қу тақтай деп қылдың салық, Қолыңдағы әкеңнің найзасы ма?

Арғыннан жалғыз тиын алғаным жоқ, Тентіреп елдеріңе барғаным жоқ.

Жарыдың Найманға кеп, Әсет, атқа, Кетсең де, қазір өліп, арманың жоқ. Найманның садақасын күнде алсаң да, Екен деп анау-мынау арлану жоқ.

Өзіңе келер сөзді түсінбейсің, Екенсің шын есірік, саңлауың жоқ.

Әсет:

Арғынның алшаңдадым еліменен, Ен дәулет еркіндеген беліменен. Кәрібай, ауданыңды қойдым байқап,

Қой жолдас бола алмайды бөріменен. Далада құс қонбаған бір шалшықсың, Боласың қайтіп теңдес меніменен?

Жетпейсің шабыс түгіл желісіме, Сөйлесу маған ұят сеніменен.

Шыңғыстың ат жүгірттім көліменен, Байқасып ед талай саңлақ меніменен. Найманда сен де алмас, семсер едің, Тәңірім айтыстырды-ау сеніменен.

Кәрібай:

Арысым бір тыңдап қал сөз орайын, Жаратқан шопанды артық бір Құдайым. Қасқыр қылмай, шопан кылғаныңа разымын, Байлардың ұрлап жейсің арық тайын.

Көрсетіп сол шопанның қасиетін, Құланың айғырындай қаңғыртайын. Келсең кел, айтысуға сөзім дайын, Жеңіліп қалып жүрме, жеп уайым. Қасқыр болсаң, қанжығада көрісерсің, Ит қосып, тірсегіңді қидырайын.

Арғынның алшаңдаған ұлы десем, Сұранып нағып жүрсің аттың майын? Найманның шалқып жатқан дәулетінен, Жалғайсың жүрегіңді келген сайын.

Әсет:

Кім жетер ән-жырымның орамына, Ұлытау бір келтірер боранына.

Сені мен ермек үшін айналдырдым, Шын шапсам, жете алмайсың бараныма.

Кәрібай:

Құданың құдіретіне таңғалғандай, Ертеде Ғәзірейіл жанды алғандай. Қырымның қызыл желін мен де жидым,

«Сен тұр ғой», тамам Арғын сандалғандай. Сөз берген сөйлеу үшін патша–құдай,

Сөз тізген маржандай қып тіл мен таңдай. Өрме жал үш Назардың жүйрігі едім, Көрген жан дүбірімді аңғарғандай.

Әсет:

Найманның тіл бұлғаман делбесіне, Көрген жоқ қазақ шыдап сермесіме.

Алдына ақ патшаның ән салғамын, Сүйсінген жеті болыс ел кеңесіме. Қайраулы Қарқабаттың қанжарымын, Жүрмісің көзің жетіп өлмесіңе?

Арғында асыл текті адамым көп, Мен кепіл қолдан намыс бермесіме.

Кәрібай:

Арғынның тіл бұлғаман шатпасына, Үйтентек қазан бұзар от басында.

Жасыңда жарты мата көйлек киіп, Жылаушы ең Белгібайдың қақпасында. Найманда екі жүзді, мен – наркескен, Тұр ма екен көзің жетіп шаппасыма?

Әсет-ау, әлі-ақ сенің көзің жетер, Асыл кездік қын түбінде жатпасына.

Әсет:

Тұсы бір, заманы бір, тұрғысы бір, Тұлпардың бағы өлшеулі тауаны бір. Ұлы жүз, менің теңім Үйсін екен, Кезікпей өз теңіме, құр мысым жүр. Сөзімді өңменіңнен өткізейін, Жауапқа, жас тайлағым, сен дайын тұр.

Кәрібай:

Менің де атағым бар, аруағым бар, Даңқымды естіген жан болған құмар. Қалайша мен Арғыннан кем боламын, Кенжесі Жолымбеттің атам – Назар.

Арғындар дауысыма құлақ салар, Жарысса, бәйгені озып, Найман алар. Тарихтың тамырына көз жіберсек, Арғыннан Найман ылғи алда болар. Арғыннан сөзге жетік ұл туған жоқ, Найманды сөзге жеңіп, жүлде алар. Байқарсың, мен – Найманның алтын тезі, Кезбені шекеге ұрып, жөнге салар.

Әсет:

Кәрібай, ұзын қандай, шолақ қандай, Қадірлі байға қонған қонақ қандай?! Сиықсыз, сипатың жоқ қайдан келдің, Жапанда жалғыз жауға тонатқандай? Секілді жүнін жұлған тырнадайсың, Маңыма түрің бар ма жолатқандай?

Надансың, ғылым жақтан хабарың жоқ, Мінің көп айта берсем қолақпандай.

Кәрібай:

Батырлық, патшалық – бәрі байлық, Жігіттің қолын байлар, шіркін, тарлық. Кімде-кім өз елінде мырза болса, Болады сонда айтуға бойға салық.

Серілік, әумесерлік – бойға қорлық. Жоқ болса үйде қажет нан мен шайлық. Бұлданып, қаңғып жүріп неңді алып ед, Басыңда баспана жоқ меймандарлық.

Әсет:

Есеп қыл, Арғын бай ма, Найман бай ма, Бақ-мүлкі бар Найманның Қарпықтай ма?! Тоқсан құс, тоқсан қақпа аброты бар,

Қай Мұрын өлшеседі Шорман байға? Баласы сол Шорманның кеше Мұса, Сермесе, қолы жеткен Күн мен Айға. Азулы Қарқабаттың арғымағы ем, Кез болдым өлшеспейтін қолау тайға.

Азулы ел айшылық жол өлеңім бар, Қаларсың түстік жерден сілең катып. Қаптал тонның битіндей бір жабайын, Аларсың сол арадан дәмін татып.

Кәрібай:

Есеп қыл Арғын бай ма, Найман бай ма, Бақ-мүлкі бар Арғынның Назардай ма? Қаңғыған Найманда Арғын толып жатыр, Қотыр ат арба шеккен қолау тайға.

Туысын сен сияқты тентіреткен, Жақының Мұса, Шорман ар қылмай ма? Ішінде Керей, Найман сөз таластық, Өнерді көрсетелік осындайда.

Секілді Мұса, Шорман бар мақтаның, Шашатын тантық сөзді әлдеқайда.

Шорманың Мұсаңменен тең келе ме, Баласы Келгенбайдың Шерубайға.

Ұсынған шүйіншіге үш жүз жылқы, Танадай Орта жүзде мырза кайда? Тыңдаған сөзімізді жан мысқылдар, Сауданы тез қайырған дәл қылмай ма?

Әсет:

Тең келер қай жақсың бар Жексенайға, Дұғасы қабыл болған Күн мен Айға.

Баласы Жексенайдың мырза Айтқазы, Міскінге ен сап берген тоқсан тайға. Байлығы, жомарттығы, міне, осындай, Деушедім өлшемейін бұл маңайға.

Кәрібай:

Енді іліндім Тойке мен Көкебайға, Қалмасын кезегінде бұлар жайға. Саны бар қошқарының дәл екі жүз, Тең келмес Жексенайың Кененбайға. Сүйкімді болсаң, мұнда неғып жүрсің, Еліне ер қадірлі деген қайда?

Әсет:

Шығарды Арғынға ұран – Қарқабаттан, Кәрібай, сөйлесеңші парасаттан.

Болғанда Найман –жалғыз, Арғын – алты, Сол күннен кемшіл едің тізе қаққан.

Ежелден жер мен көктей ағалығым, Құр бекер сөйлесесің, Тәңір атқан. Әрдайым айтқан сөздің өлшеуі бар, Ем болар артық сөзден ауыз тартқан.

Кәрібай:

Шығады Найманға ұран Қабанбайдан, Саналы ақылды би – Боранбайдан.

Жолымбет оң қанатын мыңға жайған, Мал басы бірдей өсіп тау мен сайдан. Көшкенде тоқсан нарға жүгі сыймай, Озбаған қазақ халқы Бұланбайдан.

Мүлгіген жүз жаяуға ат мінгізіп, Әбіштен оза алмаған Арғын-Найман. Затыңның қомағайлық – құлдығынан, Жеңілген Тіленші ағаң Кегенбайдан. Бөлінсе, тоқсан ауыл жоқтамайды, Қай Арғын басқа өсімді Тоқабайдан?

Әсет:

Кез болдың ажалыңа сен, Кәрібай, Шықпайсың топтан тірі жалбырамай. Ат сауырын бермеген мұсылманға, Итқұсты, Нұрмұқан мен Досан, Жанай. Найманға сөзден есе берген емес, Байлығы, батырлығы ұшан-теңіз.

Ол түгіл бір шабақтай болсаң қалай? Баяғы Сартай, Құсбек, Шыңғыс төрем, Жол айтқан мұсылманға талай-талай. Жиылса, қырық сан Қырым жол бермеген, Барында Мұса-Шорман, ер Құнанбай.

Кәрібай:

Ел озбас алты Байыс ұруынан, Айтпаймын өзге Найман қырымынан. Басы – мұхит, аяғы – Қара теңіз, Дариға ғайып ерен тұқымынан.

Аттанса, ертең ерте кешке жетер, Желіде ұзын жатқан құлынынан. Ел екен, Уәли мен екі Құтым, Аспаған қалың тоғай құрығынан.

Ер Қасен, бай Мұрсәлім, мырза Ыдырыс, Күйзелмес алты мың үй ұлығынан.

Айтайын Жолымбеттен бері қарай, Жауапқа дайын тұрмын ұруымнан.

Құнанбай, Құсбек, Сартай, Шыңғыс, Мұса, Талай кедей зардап шеккен болып құса.

Шорман – Мұса зорлықшыл қылығынан Жер ауып не көрмеді Жаяу Мұса?

Байларың көп, бірақ та қайырымсыз, Нашар мен кедейіңді сор қайнатса.

Әсетжан, бәрін айтсам жабырқарсың, Салтанатына Найманның таңырқарсың. Қашып кетіп, өкпелеп, көңілге алып, Әзірге доғарайын сөздің артын.

Ер Молдабай мәнжүрмен күрес алып, Орыс, қытай таң қалды көрген халық. Қысырақтың үйірі ат пен түйе,

Бас жүлдеге ақ жамбыны кетті алып.

Жылқысы Ақшабайдың алтын шұбар, Ақ-қара, қоңыр-жирен, көп түрі бар. Құланның айғырымен шағылысқан, Күміс құндыз жалтылдап, көз тұндырар. Көненің көзі болған асыл тұқым, Тарбағатай, Ақсуатта әлі де бар.

Жат елдің адамдары таңғалысып, Жылқыны бір көруге болған құмар. Жүз тайлақ атанған Бәтіш сұлу, Шөбересі Ақшабайдың қызы болар.

Құр бөсіп мақтанасың, «Арғынмын», – деп, Бұларға тең келетін қай жақсың бар?!

Тізсем бәрін жақсыларым таусылмайды, Найманға арғындарың тең келмейді.

Онан да жеңіл-дағы жолымды бер, Ұмытпай Тәңірменен бір Құдайды.

Әсет:

Сүйіндік сөз сөйлейін Қарашордан, Түстікке көше алмайды дәулет молдан. Олжабай Орта жүздің батыры екен, Құтқарған неқиратты түскен тордан.

Жарайсың бір сөткелік тоятыма, Қанатым аю ілген, бұған қомдан. Арғынның осы бір ата озған жері, Анықтап, үзілместен кыдыр қонған.

Баласы Бекболаттың Тіленші би, Кезінде Орта жүзге болған қорған. Төбемді аздан кейін көре алмайсың, Саулатсам бейпіл сөзді оң мен солдан.

Айдос, Қайдос, Жігітек – әкесі Олжай, Бұларға кім тең келер білсең, болжай? Төртеуі бір атаның баласы екен, Ырғызбай, Көтібақ пен Топай, Торғай. Салыстыр осыларға болса аруағың,

Өз обалың өзіңе, қалсаң, томай.

Кәрібай:

Салайын «Қарашорыңа» Байжігітті, Шаянбай, Ботабай мен екі құтты.

Қазақ жоқ малы халал Шайекендей Ұстаған қажы Бөгіс жомарттықты, Ұрқынан дәл он екі қажы барып, Мақтан емес болып тұр дінге мықты, Жақастың мына отырған Сүлеймені, Қалмақтар Құлыстайдан қойдай ықты. Бұл күнде хан Тоғастан Сасан шықты, Баласы Еркенженің Құрманқажы,

Бір күнде қырық сан қалмақты жерге тықты. Ерлікпен көп қалмақтың қанын төккен, Арғында батыр бар ма тыңғылықты?

Еңсе үкірдай, шотайда Қонжа батыр, Қай қазақ өлшесуден үзді үмітті.

Жаз-қысы өлдік қой деп қу қаладан, Арғында жылап жүрген газет шықты. Барларың жоқтарыңа қайыр қылмай, Кереку, Семей жаққа елің ықты.

Еліңнің ескі салты болған кекті, Кебек өліп, Қалқаман қайда кетті?

Рақымсыз, бауырсыз ел, ол – Тобықты.

Ежелгі ел тарихтан сабақ алмай,

Неге жимайд, қаңғығанын болса, мықты.

Олжабай заты – сіңбе, қырғыз еді. Арғын да шикілігін білгізеді.

Батырлығын, палуандығын қайрап салып, Нашарларға жуандығын білгізеді.

Тобықты Саптаяқ та батыр еді, Қалмаққа қолға түсіп жатыр еді. Құтқарған сол бұғаудан, түскен тордан, Найманның Тәукесі мен Тоғас еді.

Бағалаған қасиетін Найман елдің, Батырды Саптаяқтай естіп педің.

«Тәуке мен [ен] Тоғастай батыр бол», – деп, Атапты екі бірдей немересін.

Әсет:

Арыстың асқан жері Ырғызбай бай, Арыста қай ұлың бар Ырғызбайдай? Меккеге екі барып, дәурен сүрген,

Бай ұғылы Өскенбайдың қажы Құнанбай. Меккеге Құдай үшін үй салдырған, Сауапты адамың жоқ сенің ондай.

Алдында қажылықтың қылды жарған, Билеген әділдікпен төрт дуанды-ай.

Тұсында Мұса бала қатар шығып, Жүрісі екеуінің кер бұландай.

Арапша, орысша оқып, түгел жеткен, Озып жүр Орта жүзде мырза Ыбырай. Ұрхымен болыс болып ел биледі, Найманда дәл кімің бар осыған сай?! Ғалымды білімменен қатар ұстап, Ақылы Орта жүзге жанған шамдай.

Таба алмай бұған орай сандаларсың, Қаншалық болсаң-дағы құр жез таңдай. Ойлама Арғын жөнін білмейді, – деп, Елінен осы күнде жүр деп шалғай.

Еліңде бұған орай кісі бар ма, Әйтпесе, тарт тіліңді былжырамай.

Тәкежан қатар шықты Оспанменен, Өзінің дізе қосып достарымен.

ІІІұбар, Ысқақ дегендер қатар жетіп, Дұшпанын жексен қылды топтарымен. Бәрінің жүлдегері Абай болып, Дұшпанын құрта соқты тосқауылмен. Көрдің бе жүлде алғанын өзің естіп, Бәйгеге мәстекті әкеп қосқаныңмен.

Кәрібай:

Тілеміс, құт Шаянбай, Танасымен, Боқбасар үлгілі би Жарасымен.

Найманды арғындай қып жау алған жоқ, Барақтың қыбыладағы панасымен.

Билеткен Тобықты кеп Қаратайға, Көп жеген Құнанбайдың парасынан. Қали, Орман Қарамолла сиязында, Ұстаған Ыбырайдың жағасынан.

Саламын Ырғызбайға Тоқабайды, Орайын тарихыңа үш Жанайды. Жамантай, Назарбелі, құт Бәйтеке, Түп-түгел жисаң, Арғын арзымайды.

Ырсақ, Сары, Қарабай, Қожетпен – төрт, Көрдің бе Жанболаттай өскен байды?

Найманның Сарыарқасын сая қылып, Өз елін мақтауды Әсет ар қылмайды. Наймандай қоңыр көрпе халық қайда, Біріне-бірі өшігіп, қар қылмайды.

Тілеуберді, Әлқанның заманында, Ыбырай озып па еді одан Мұса.

Тозбай ма Тобықтыдай саржомартым. Еліне Ыбырайдай обыр туса.

Кәрібай қара даудан алғызбайды. Осындай жерден санап, өрен қуса.

Қаратай Тобықтыға болыс болды. Бар Арғын бұл сөзіме болар құса.

Арғын келіп, Найманға хан болған жок, Мінеки, озғандығын білсең нұсқа.

Ей, Әсет, саған өлең біткен дарын, Мұндайда кім аяйды қолда барын? Сөйлесіп Ыбырайың Бекбосынмен, Аузының білмеймісің буылғанын. Бөкенші Қаратайды қатты сөгіп, Апшысын естімеп пе ең қуырғанын. Жалмаған бірін-бірі бөрі бауыр, Осы ма бар мақтанып, бу кылғаның?

Бес ұлы Құнанбайдың болыс болып, Шоқынып, бәрі бірдей орыс болып, Семейге Ыбырайды қаматты елі,

Тұра алмай, Тобықты іші қоныс болып. Бура қызы Уазипа кепілге алып, Босатқаны бар шығар есіңде анық.

Залок төлеп, бес жүз сом алып шықты, Сүргінге айналғанда кетуге алып.

Арғын тұр ғой, Тобықты жоламады, Іздейміз деп Абайды несін барып. Бөрі бауыр, қандықол, өңкей жемқор, Осыны да мақтайды-ау есіл халық.

Әсет:

Бір бай бар біздің елде Иса деген, Жылына жүз ту бие соғым жеген. Өзге бақтың қисабын не қыласың, Кәміл бар жылқысы да бірер түмен. Үйіне келген жаяу атпен кайтқан, Найманда болған емес ондай шүлен. Бар болса, бұған орай дәлдеп сөйле, Тұқымы қаракөктің жаппай кілең.

Кәрібай:

Манақтың сен естіп қайт мың мен санын. Кәміл бар алты жүз мың ақшалары.

Ескі ақшаны жаңа ақшаға айырбастап, Семейдің құртқан жетпей төрт дуанын. Еліңнің қаражатпен қараспаған, Қайырсыз неге керек жиған малы?

Түйесі қар үстіне боталаса,

Қастық қып, қасқыр жемес қозы-лағын. Ауылынан мың сан қонақ аттанады, Арғынға теңемеймін дәулет-бағын.

Үйірлі бай боп өткен бабасынан, Шұрылдап үйрек ұшқан сабасынан.

Он мың қой, үш мың жылқы, бес жүз түйе, Бақ-дәулет қыдыр қонған о басынан.

Дөртуыл Омар батыр, Көпен болыс, Дұшпанның әлі аман жүр табасынан.

Ей, Әсет, түк шықпайды таласыңнан, Сен қарыз, құтылмайсың аласымнан. Ботабай, Құт Шаянбай – екі құтым, Аумаған алтын тағы баласынан.

Жамболат, Сұрша, Байбол, Ер Қаптағай, Ескі үлгі адаспаған жобасынан.

Боқбасар, Қоман, Сасан обасынан, Әділдік билік айтқан турасынан. Бекіткен жүз түйе деп ердің құнын, Айталық куәлік сөз расынан.

Әсет:

Қаржаста бір құтым бар – Мұса-Шорман, Үзілмей келе жатқан ескі қордан.

Қазының бел баласы – Сәдуақас, Бағы өрлеп келе жатқан елде қайдан.

Кәрібай:

Ей, Әсет, арғыныңды арқаланба, Жақсы деп кісілерің шалқаланба. Дүние үшін, мал үшін арын сатқан,

Мәнсап үшін жанын қиған жақының да.

Мен айтсам, адамымды жарасады, Қай Арғын бұл сөзіме таласады? Ақылды, адалдығы, санасы мол, Кедей-кепшік, кемтарына қарасады. Тағы да есіме түсті мына бір жай, Арғында болған емес дәл мұндай бай. Гүберналық, үйездік, жандаралға,

Ақшамен шай қайнатқан Ақшабай бай.

Ақшамен самаурынды қайнатқанда, Петрдің шыдай алмай шыбын жаны. Боғастың суы ақпай қалады екен, Бұланның суға түссе жылқы-малы.

Әсет:

Антұрған, Құдай ұрған, Тәңір атқан, Осыған қайтып сияр мұнша мақтан? Байжігіт беріп жылқы, саумал ішті, Зәлім де одан бұрын қулық артқан. Көңілге келген істің бәрін мақтап, Менімен сөйлестің-ау әбден шатпан. Өз іші Байжігіттің ала болып, Шабылып, Қамбар төре түсті тақтан. Еліртіп Байжігіттің надан елін, Жолына ер Қамбардың құрды қақпан.

Кәрібай:

Естідік қой Ақсуаттан Тышқанкөзді, Атамыз қасиетті шешен сөзді.

Салып ед Ақсуатқа алтын сарай, Мінеки, оны-дағы көзің көрді.

Ақ бөлке, ақ тоқаштың исі мүңкіп, Дүрілдеп жүріп жатқан диірмені. Прауиласы ағаш үйде орналасқан,

Бас қосатын Жанболаттың жиын жері. Саялы қалың тоғай көлеңкелі, Моншасынан тазаланып кеткен кірі.

Мысырдың шаһарындай сайрандайтын, Масайраған Жолымбеттің қалың елі.

Кәрібай, хат білмеген сен бір надан, Наданның ғылымы жоқ көңілі қараң. Әуелі Хақ, одан соң Нұқ пайғамбар, Менімен сөйлесесің қай арадан?

Талғаусыз дін исламнан караңғысың, Түсінбей шариғатты қалған надан.

Көрінген әр жұмысқа жармасасың, Кісідей суға кетіп, тал қармаған.

Жынды бота секілді бір делбесің, Сені де ақын дейді-ау аңғармаған.

Кәрібай:

Бола алман енді молла сенен оқып, Өз дауымды аткелдейін іштен тоқып. Ғылымды молла болсаң, әкеңді күт, Зар илеп жүр, өкпесін кене шоқып.

Мінген ат, үстіңдегі киген киім, Былтыр емес, сөйлеші, биыл кімнен? Өлетін баладайын көрге қашып,

Бар болсын күнің бүйтіп ғылым білген. Елден тілеп аласың тоқты-торым, Бүтіндейсің жейдеңді жетсе қолың.

Халифа болсаң, күтсеңші ата-анаңды, Арылтсаңшы басынан соның сорын. Қу мүйізді құшақтап әкең жүрсе, Қайтіп қана болады сенің жолың?

Әкең қоян болғанда, сен – бір көжек, Осылай деп айталық, келді кезек.

Өз әкеңді алдымен сыйлар едің, Ғалым болсаң оқыған алтын өзек.

Әсет:

Кел бері, сөйлеселік шариғаттан, Фанихат, мағрифат, тарихаттан. Есесі әлгі сөздің бұл емес қой, Барасың қайда лағып, Тәңір атқан.

Оң сөйлесем, лағасың теріс сөйлеп, Әдетің бе үйренген бала жастан?

Қарапайым дал ұрған делбе екенсің, Ақын ғой деп ойлап ем елден асқан.

Кәрібай:

Баққаны патышаның жаяу солдат, Жегені құйрықты қой, сұлу жалды ат. Әкең менен шешенді күтпеген соң, Кірмейсің түстік жерге келсе жаннат.

Ей, Әсет, сенің өзің пәкене құл, Емессің нақтылы Арғын, шәкене құл. Кеміртіп қу мүйізді жылатқанша, Қалпелігің бар болса, әкеңе қыл.

Хадисте Хақ бұйрығы осылай ма, Беруге шариғатқа қылдым қимыл.

Сөйтсе де, маңайымды шала алмайсың, Өйткені, саған біткен кәпір – пиғыл.

Бар-дағы күшігенге шоқына бер, Болсаң да, тең келмейсің қанша білгір.

Білмейді деп ойлама Кәрібайды, Бармасам да еліңе, білем жайды. Өзіңмен бірге оқыған ер Асылбек, Ерте күнде ұқтырған бұл ыңғайды.

Тапқаныңды үстіңе жапсырасың, Есті болсаң, сөзімді жақтырасың.

Ата-анаңды қаңғыртып жүрген байғұс, Өстіп жүріп, кімге опа таптырасың?

Өркеудесіп, өрекпіп, қиқаңдама, Сөзіміздің дұрысын ел сынасын.

Екеумізге төреші ел емес пе, Бірі өледі екі ердің, ерегессе. Төрелігін күтуге сарапқа сап,

Сынға беру жұртшылық жөн емес пе?

Үш жүздің қыранымын шарықтаған, Емеспін қараторғай қалықтаған.

Сөзім – бал, үнім – бұлбұл, көмейім – күй, Ақын деп атақ берді халық маған.

Күнде той, күнде жиын жүрген жерім, Көтеріп ұлы думан сауық салам.

Кәрібай, кейпің қандай нашар еді, Секілді күрең мәстек арықтаған. Өнермен ел ішінде жүрмін шалқып, Ұсынад күнде бір ат халық маған.

Көпестің қазыналы біріндеймін, Бақшаның жайнап тұрған гүліндеймін. Тұлпармын айлық жолды алты аттаған, Үш қабат ор қазсаң да, сүрінбеймін.

Өзің біл, мақтасаң да, сөксең-дағы, Ашу қып, ыза тартпай, күлімдеймін.

Кәрібай:

Ей, Әсет, сен немені сор қамаған, Жүйрік жоқ дәл өзімдей жорғалаған. Арқаулы ой, асыл сөздің иесімін, Тамылжып, үнім көкте сорғалаған. Екенсің өз сөзіңде қазыналы бай, Күніне мың мен санды олжалаған.

Дейді екен орны тозақ шариғатта, Ата-анасын өмірде сыйламаған. Алдымен ата-анаңды жиып алып, Ей, Әсет, сөз айтсаңшы сонда маған. Өз әкесін күтпеген шын надансың, Онан да үш айналып, бол, садағам.

Жылқы емес, Байжігітім жамбы берді, Арғынға мал қажет деп іздеп барман. Атамыздың байлығы сол емес пе, Қойнына сендей жетім қорғалаған.

Қырып бәйге Қырымнан алдым, – дейсің, Әкеңді Көктұмада ит талаған.

Шақшамен әкең сатқан насыбайды, Бұл сөзді Айтмұхамет елге жайды.

Мен Арғыннан Найманға барғаннан соң – Депсің ғой, – сөйлетпеймін Кәрібайды.

Баянды пайда келер абайламай, Мына Әсет серілікпен жалтырайды.

  •  Мына дауды ұстасын би Тілеген, Жетісудың төресі Қоңыр деген.

Бар екеуің имамға жүгініс – деп, Ерегеспей, қой – деді хан Сүлеймен.

  •  Оң, терісін айырсын шариғатпен, Қазылардың алдына барғаны жөн. Отырған он екі би кеңеске кеп, Шешілсін шариғаттың өлшемімен.

Әсет:

Сүлеке, жолдастықтан тайғандығың, Әсеттің сырын сыртқа жайғандығың. Артық-кемді өз алдыңда қарыстамай, Болысқан Кәрібайға наймаңдығың.

Кәрібай:

Ежелден сөзге жуан арғындығың, Палуансып тарлан мінген тарғындығың. Әкең менен шешеңді жегжат етіп, Сұраған менен қисап малғұндығың.

* * *

Осындай ұран болды ақырайлап, Хан сияз қарап тұрды тамашалап.

Қашты имамнан, мына Әсет жеңілді, – деп, Төре Қоңыр ұран салды одағайлап.

Тоқтатты Кәлім болыс, молла Қызыр,

  •  Екеуің би сынарлық сөз айттың, – деп. Келіп елу теңгемен бетімді сүртті, Шықшытың талды ғой деп көп айғайлап. Бар Найман ұран салып, хан көтеріп, Бөленді тамашаға бүкіл аймақ.

Жігіттер Көктұмаға барған жерім, Дәміне Шұбарағаш қанған, жерім. Ер өнері кем болмай тауып емін, Әсетті сүріндіріп шалған жерім. Әсет тоқтап, Кәрібай жеңді – деген, Атақты хан сиязда алған жерім.

Сол жиында көрдім алғаш Әсет ерді, Аршыстық азды-көпті ішкі шерді.

Адамда өз теңдестің жампозы екен, Намыс үшін шырқатып, төкті терді.

Мен айтысқан ақындардың дүлдүлі екен, Ел-жұртым және өзімнің көзім көрді.

Өнерді салыстырып сан жүйрікпен, Аралап көріп едім талай жерді.

Орыс, қытай бас қосқан сол сиязда, Таңқалысқан Керей мен Найман елі. Екі ұлы патшаның жиынында, Атағым алты арысқа жайылып еді.

МАНСҰР МЕН ДӘМЕ

Мансұр:

Тыңдаңыз, сөз сөйлейді ақын Мансұр, Атағым бұл өлкеге болған мәшһүр, Азырақ бір мысал сөз аңдатайын, Сәдептен аңғарғанға аршылған дүр.

Болады асылым – Арғын, Шұбыртпалы, Шиелі мекен жайым – Сыр, Жұтпалы. Жасымда дәл жиырма бес барған едім, Бай елге құмда жатқан Құдықтағы.

Жайылды Қызылқұмға ақындығым, Кітаптан қаншама сөз нақыл қылдым. Ол елдің қанша жиын мәжілісінде, Алдында жақсылардың айтып жүрдім.

Қанша күн өтіп кетті мұныменен, Мен тердім несібемді жүріп елден.

Жетпейді бұйырмаса пәнде, сірә, Қол созып, көрінгенге жүгіргенмен. Бұйырған напақамды жүрдім теріп, Аралап, Шөлдің елін жортып-желіп. Қадірлі Қарақалпақ жиынына, Шақырды сол күндерде біреу келіп.

Жүрмекші болды соған тамам халық, Шақырған есіткен соң хабарды алып. Жұрт айтты: «Бұл жиында ақын қыз бар, Сол қызбен айтыс»,— деді маған барып.

Жүрмекші болды соған тамам халық, Шақырған есіткен соң хабарланып. Абайлап халайықтың әңгімесін, Қоймасын айтыстырмай, білдім анық.

Ал сонда барлығымыз жүрдік енді, Қарулы жарамды атқа күндік еді. Абайлап халайықтың әңгімесін, Қоймасын айтыстырмай білдім енді.

Мереке болған екен үлкен жиын, Қондырған жүзден аса тігіп үйін. Түсірді ретімен әуел бастан, Ауылдың ақсақалы, болыс-биін.

Жібектей ширатылған бар мінезі, Қыз Дәме бозбаланың болды сөзі:

«Әрі әнші, әрі ақын, сұлу қыз!» – деп, Дүңкілдеп бара жатыр жердің жүзі.

Жігітті қызды көрген бәрі талып, Маған да айтып жатыр хабар салып. Болысқа ақыныңды айтыстыр деп, Жаушылар келіп жатыр хабар салып:

«Сабыр қыл,– деді болыс ашуланып, – Алыстан жолаушы ғой келген арып. Азырақ демін алып тыныққан соң, Көрермін ақын қызды өзім барып...» Шашына өңкей алтын тағынғаны,

Сырғасы меруерт, маржан құлағындағы. Он бестен он алтыға жаңа келіп, Ойланып жүрген екен, қағынғалы...

Аппақ тіс, қиғаш қасы, қызыл жүзді, Шашының жерге түскен ұзындығы. Адамзат қанша айтқанмен ондай болмас, Болмаса ұжмақтағы үрдің қызы.

Сап-сары қолы толған гауһар жүзік, Мысалы құмырсқадай белі үзік.

Қыз маған қарап тұрды аз ойланып, Сәулетпен неше түрлі көзін сүзіп.

Мен сонда қиялдандым тұра қалып, Әлеумет жан-жағымда тұр қамалып. Шеттегі қарақалпақ бір жігітпен, Қыз жайын білдім тегіс сұрап алып.

«Апыр-ай, – жігіт айтты, – расың ба, Шын кеңес қыз Дәмемен құрасың ба? Айтайын қыздың жайын, тілімді алсаң, Қоя қой, желікпей-ақ расында.

Ол қыздың өз әкесі – Тобағабыл, Алысқа байлықпенен шашқан дабыл. Дәулет көп, Сарыбелде жайлап отыр, Білмеймін мекендеген қаншама жыл. Есіттік Дәме қыздың сырттан даңқын, Жеңілген талай жігіт, ойлап білгін.

Біреуі соның болып сен кетерсің, Тұлпар аяқ болсаң да, тілің бұлбұл.

Ол қыздың түк міні жоқ бір басында, Қыпша бел, әдемі-ақ тұлғасы да.

Әм және бір ауылнай елдің малы, Тағынған құлағына сырғасы да. Айтайын бір мінезі тәкәппарлау, Келеді деп жүр өзі кім қасыма?

Өлеңді сенен бұрын айта бастап, Тағады абайлап бар – мін басыңа». Жігіттің бұл сөзіне зәрем кетіп, Баяғы қайтып келдім қыр басына.

Мен барсам, қыз үйіне кірген екен, Айнала үй іргесін түрген екен.

Қызығын екі ақынның көреміз деп, Көпшілік, үйдің сырты дүрмек екен. – Ол келмес, өзім іздеп барайын, – деп Жиынға бұл қиялмен келген екен.

Өлеңді шырқап, әнмен қоя берді, Ақын осы дегенді білген екен.

Дәме:

Жүрмісің аман-есен, ақын, ар ма?! Алдыма айып етпе шақырғанға.

Ақындық өнеріңе сенбей келсең, Қасымнан алыста тұр, жақындама. Жабыдай келте бақай, мойның қысқа, Қарғысаң, жығыларсың ақыр жарға. Теңізге кешу бермес келіп қалдың, Шамала алды-артыңды, қапы қалма. Екінші жауап айтып, білдір тағы: Өзіңнің атың бар ма, затың бар ма?

Ойланбай бұл сөзіме жауап қайтар, Болмаса, ақынмын деп тақылдама!

Мансұр:

Біз жүрміз аман-есен, өзің де ар ма?! Сен теңіз болсаң, менің көзім жарда,

Жарды айттың, жарқабақты білмей жатып, Дәме қыз, мұнан басқа сөзің бар ма?

Жарқыным, айып емес «Кел» дегенің, Деген соң – өзің келсін, мен де келдім. Келсем де, досты танып, дұшпан көріп, Қасымнан алыста тұр, келме, – дедің. Атымды затымменен білдірейін, Келіспес бұған жауап бермегенім.

Болады асылым – Арғын, Шұбыртпалы, Дәм айдап Сарыбелге биыл келдім.

Өз атым – ақын Мансұр һәм және де Сөйлетер жақсылардың ермегі едім, Ақынсып ат пен түйе сұрадым ба?

Сен өзің шақырған соң келген едім.

Дәме:

Шақырттым есіткен соң хабарыңды, Қылмаймын дедің айып, аға, мұны. Келсе де, көңіліңе, келмесе де, Тағамын бірте-бірте саған мінді.

Болмасаң жабы, жарға қарар ма едің? Мініңнің осылайша тағы бірі.

Аңдысып жардан ұшқан жапалақтай, Жоғары көтермейсің қабағыңды.

Айқайшыл әңгі жігіт көрінесің, Қырындап жақтырмаймын қарауыңды. Қасыма келсең мейлің, келмесең де, Менен сен ала алмайсың қалауыңды. Үш өліп, үш қайтара тірілсең де, Ашумен қусырарсың танауыңды.

Еліңнен жалғыз жүріп, шөлге келдің, Байтақта жатқан аңқау елге келдің.

Желігіп, көңілің жаман тасқан екен, Алдыңнан табылған соң көрмегенің. Айтыста бетіме жан келмейді деп, Бола ма құр көңілмен өрлегенің?

Болмаса болыс пен би аты шыққан, Дедің бе бәрі надан өңгелерің?

Алмасаң ат пен түйе менсіндің бе Шаруаның шапан, шекпен, теңгелерін. Сен сияқты талайлар бізге келіп, Аралап алатұғын теңгелерін.

Шақырдым айтайын деп осы сөзді, Пәлендей жұмысым жоқ сенде менің.

Мансұр:

Дәме қыз, бәрекелді білгеніңе, Қайылмын тауып айтқан міндеріңе. Жаныңа жақыныңды жармастырып, Әркімді жүргізіп пе ең ілгеріде?

Жапалақ болсам, саған бармас па едім, Бағана көріп үйге кіргеніңде.

Қалыпсың сұңқарыңды тани алмай, Жолдас боп жапалақпен түнде бірге. Бар болса, жігіттігім болған шығар,

Орын жоқ бұған сенің күлмегіңе. Дейсің бе: жеңе алмайсың, желігесің, Көремін сенген болсаң тілдеріңе.

Елімнен жалғыз жүріп, биыл келдім, Болыс пен Жетіруды биыл көрдім.

Жеткен соң халық жақсысын қадір тұтып, Жақсыға бұл себептен үйір болдым.

Берейін сөздеріңе тегіс жауап, Шешілсін көңілге алған түйіндерің. Сөз парқын адырайып аңламайсың, Білмейсің сыйлағанды, сиыр ма едің?

Дәме:

Ағатай, тілің артық, шешен екен, Көңілің жүйрік сөзге көсем екен. Сыр берме болмашыға, халайыққа, Деп кетер: ел қыдырған есер екен.

Мен сенің білмедім бе міндеріңді, Абайлап, тартып сөйле тілдеріңді. Шығады жалындай боп сыртқа сөзің, Көрсетіп қояйын ба бір көрімді?

Өсекке ептейлі екен тіл мен жағың, Қойнымнан ұстап едің түнде кімді?

Өзіңе жақсылықты жөн көрмедің, Болмаса өнеріңе сенген бе едің? Басыңды қанша мақтап көтергенмен, Сөзінің бәлесі көп жерден келдің.

Арпаны ат жейтұғын тамақ етіп, Сырдағы қырма кедей елден келдің. Тиеді тікенектей тілің ащы, Есіңнен кетпейді екен шеңгелдерің. Елімнің дәулетіне көтеріліп,

Байғұс-ау, лайық па желденгенің? Ақылың анық кәміл жігіт болсаң, Адам мен айуанды теңер ме едің?

Мансұр:

Дәме қыз, жаңа білдің шешенімді, Бойыма таппай, тақтың неше мінді?

Сегіз ай болды шөлге мен келгелі, Жұрт біліп, неге айтпайды есерімді? Сен жетік айтар сөзге ақын-ақсың, Сөзімді жалған деме, нақ расым.

Елді елден, жерді жерден кемітесің, Балалық мінезің бар, ақымақсың.

Айта бер өз мінімді шамалаймын, Сонда да жауабыңды тамамдаймын. Беремін дұрыс сөзге дұрыс жауап,

Айтсаң да бұрыс, тоқтап, қала алмаймын.

Түбінде қыз емессің сен білімді. Оманның ұзын аққан дариясы – Жай қылған әулиелер жер бұрынғы. Қарасаң, он саусағың теп-тегіс пе? Қайда жоқ азды-көпті елдің міні?

Көтеріп өзіңді-өзің мақтаған соң, Сырыңды ағаң сенің енді білді. Жеріме елімменен тілің тиді, Бұған бер енді менің теңлігімді.

Дәме:

Ағатай, басыңнан мін таппадым ба,

«Менен мін таба алмас», – деп, мақтандың ба? Болдым деп, шөлге келіп: жалғыз қара,

Жүр ме едің жан келмес деп қапталыма. Байғұс-ау, елің қожа, төре ме еді, Дегенің: «Тілің тиді» – сасқаның ба?

Бар дейді мың бейнетке бір рақат, Жеріңді мақтаймысың жұртқа мына?

Сырыңның қараңғы көр кепелері, Жалаңаш жазды күні шекпен киіп, Қураған кедейіңнің шекелері.

Жеріңнің беті шимай атыз-арық, Жүрмейсің жолды тауып, төте жерді. Сөзімнің өтірігі болса ішінде Сынаушы, деші, кәне, бекер еді.

Айтпассың сен жамандап түбі құмды, Айтарсың кеміткенде – құдығымды. Кедейің шиқылдатып ала жаздай Жүргенін мақтаймысың, шығырыңды. Тұзақ қып, қырғауылға қылын жұлып, Құйрықсыз қор қыласың тұғырыңды. Сенімсіз бір-біріне болды халқың, Көбейтіп қатындарша сыбырыңды.

Жүреді кей кедейің кесірленіп, Желбегей жеңі болмас сұғынулы. Көтере көк тарыға киім киіп, Тапқанын саудагерге тығынулы.

Ал, Мансұр, сол кедейдің сен де бірі, Айтпасам болмайды ғой қылығыңды.

Мансұр:

Дәме қыз, айтылмаған сырың бар ма? Тастап айт, өтірікті шының бар ма?

Бәрі рас, айтқаныңның жалғаны жоқ, Ойланшы тағы тағар мінің бар ма?

Қарақалпақ – сараң ел, қайыры жоқ. Мырза деп, бекер сөзбен сұлуланба.

Баласы біз қазақтың Сыр бойында, Жатамыз жайлап-қыстап қыр бойында. Сырдағы тамашаның бірі де жоқ, Қырдағы мақтанасың құр қойыңа.

Бейнетсіз рақат жоқ қайда барсаң, Арамдық – тек рақат жайда қалсаң. Көмірге көк теңгені алар ма едің,

Күз болса, қимылдамай жайға қалсаң. Түн қатып, түсің қашып Самарқанға Түйені айтар едің, айдамасаң.

Дәме қыз, бұл сөзіңнің шын ба бәрі? Жұрт отыр сенен сөзді тыңдағалы. Теп-тегіс малға, сірә, жұрт бола ма? Аз емес айта берсең құмда жарлы. Халқыма, тентекпісің, тіл тигізбе,

Бар бізде тоқсан тоғыз машайығы – Сұлтанның Қаратауда Сырдан арғы.

Сол таудан шыққан байлық қайнап тасып, Дарияға ағып құяр жылғалары.

Дарияның басы дұрыс Хантәңірден Аяғы өн қорыққа су барады.

Осының бәрі де бар елдерімде, Сөзіме я болмаса сенбедің бе? Қайнаған бұлақтайын дариям бар. Құмыңды Сыр бойына теңедің бе? Күн ыстық, көлеңкесіз, көктемі аз, Сыйы жоқ Кербаланың шөл жерінде. Ат мініп, асын ішіп жүргеннен соң,

Айыбыңды айта алмадым сендердің де. Белдестің маймылдай-ақ айуанменен, Көрерсің жемтігіңді шеңгелімде.

Асу сөз айтылмағы әлі алдыңда. Айта бер, көзің жетсе, жеңбегіңе. Кеміттің кедейсің деп, келмей жатып,

Баймын деп мақтандым ба сен көрімге?

Дәме:

Ал, аға, мен сөйлеймін шыныменен, Білерсің сұрай берсең, сырымды елден. Көрінген бойыңдағы мініңді айтпай, Тоқталып тартылады тілім неден?

Аша алмай айыбыңды отыр едім, Мейман деп, қадір тұтып күніменен.

«Сараң», – деп, – қарақалпақ – бір сөз айттың Дабысыңды өшіре ғой үніңменен.

Қазақ пен қарақалпақ бастан егіз, Аралас қашаннан-ақ жатқан елміз. Жері жаз, суы тұнық болғанменен, Қоныссыз қор болады шалқар теңіз. Егіліп түрлі жеміс миуаланса, Тамаша теңізден де қазған керіз.

Тамаша құмда болмай, кімде болар,– Асы көп, ақшасы мол, аты семіз.

Аламыз көмір сатып көк теңгені, Кәсібі еліміздің көптен бергі.

Кигізіп жазыларды нарға артады, Самарқан, Бұхар барып төгер жері.

Бір нардың қырық теңгеден жүгін сатып, Дызақтан ұн алады шеттен бергі.

Осының бәрі де шын, жалғаны жоқ, Бекері бар ма ішінде – аңғар тым көп. Талпынып, тіл байлаймын дегеніңмен Тоқталып, сірә, қорқып қаларым жоқ. Барасың үндемесем едірейіп, Жігітсің түсі жұқа, салмағың жоқ.

Саспағын айтар сөзге бүктелерсің, Жоқ екен ойлап тұрсам, тіпті, есің. Білемін Сырда әулие көп екенін,

Не пайда қадір тұтып күтпеген соң?!

Сырыңның сылдыр бақай адамдары, Тұрмайды уәдеде табандары.

Ертеден кешке шейін пікір ойлап, Асылы жоқ ақыреттен хабарлары. Болған соң көп әулие аяқасты, Ұзамай, қысқарып жүр қадамдары. Жарамды жақсыларын жасық билеп, Қояды болыс етіп надандарды.

Парқы жоқ, қанша айтқанмен, ел-жұртыңның Болса да, мінсіз тегіс саған бәрі.

Біздегі болыс-би мен байға келдің, Бірі емес, бәрінен де пайда көрдің. Селтеңдеп, семіздікті көтере алмай:

«Ішемін шекер салып шайға», – дедің.

«Арғымақ ат, түйеден нар болмаса, Көңілім жоқ тайлақ пенен тайда», – дедің? Қайырлы елің менен жерің болса, Тентіреп, жалғыз өзің қайдан келдің?

Сырыңның көлі сасық, шөбі жасық, Жарлылар жалаң аяқ түсі қашып,

Таң атса, өгізіне жүгін артып, Далаға шұбырады асып-сасып.

Көк шөптен маса шығып күн батарда, Зарланып дыбыс қылар заһар шашып. Жыртығын киізінің шөппен қымтап, Жан адам шыға алмайды есік ашып. Тезектен ортасына түтін салып, Жатады жер бауырлап, бетін басып.

Шабады жаздай тоған, күздей арық, Шақырып, бірін-бірі іздеп алып.

Қастасса, бір-біріне нақақ жала Жабады жіпке тізіп бәле-пасық. Әлі бар мақтансаң да осы еліңде, Көрерсің аман болса, күзге барып.

Өң түгіл, мұндай жұмыс түсте де жоқ, Жұртыңды теңгересің бізге не қып?

Ісініп, сөз саласың таңдайыңа, Болмаса, дауға қылған далбайың ба? Ері арық, Сырдың семіз қатындары, Соры көп еркегінің маңдайында.

Балыққа суда жүзген қармақ салып, Үңіліп отырады жар бойында.

Жаулығы мен көйлегін күнде жуып, Әйелі жуытпайды шаң бойына.

Еліңнің қылған ісін жаңылыпсың, Ал, ағай, айта берем, ал ойыңа.

Көйлегін Сыр қатыны бүрмелеген, Қынама қара бешпент түймелеген. Базардан бәсекемен товар алар, Дегенмен бай болмассыз, кигенменен. Жұртыңның әдеті осы баста үйренген.

Қараспас кедейіне байларыңыз,

Деп ойлап, мынау болсын пайдалыңыз. Еліңді қанша мақтап көтергенмен, Белгілі біздің жұртқа жайларыңыз.

Қайғы ұрып күні-түні дүние үшін, Жыл бойы қараңғылық айларыңыз.

Қай жақта айтылмаған асыл сөзің, Бар болса, айтатұғын келді кезің. Қадірлі болмай, не қып келіп қалдың, Еліңде аю жігіт болсаң өзің.

Естідім кедей жігіт деп сыртыңнан, Мұны өзіңе айтайын, тұр ғой көзің.

Жел сөзді, жылдам-жүйрік епті екенсің, Қиялмен айтар сөзге бөп-бөтенсің.

Сөзіме менің айтқан ерегісіп, Халқымды қыла берме көп кекесін. Сыртында көп жастар бар адырайған, Қамшысын, тисе тілің, жеп кетерсің, Бишара қаңғып жүріп, сорың қайнап, Қайтерсің, азар болса, өкпе етерсің.

Мансұр:

Дәме қыз, шыныңнан көп өтірігің, Ашылған ұятсыз боп, бетің бұрын. Алдыма айыбымды сала ма деп, Сезіктен кетті өзгеріп сенің түрің. Сенімен ерегісіп, тілім тиді, Халқына қарақалпақ жеке рудың.

Айырдың тауды құмнан, Сырды қырдан, Құтырған екенсің ғой шын жын ұрған. Ал енді елдің мінін мен де айтамын, Табасың қандай пайда, құрғыр, мұнан. Қояйын қорғалатып саспа, Дәме, Торғайдай тұрымтай мен қырғи қуған.

Болған соң асылы пенде елде мін бар, Мін айтпа, күшті болсаң, жерге мұндар. Алланың қылған ісін айыпсыз деп, Дәлелді әр нұсқадан көргенім бар.

Суы – сүт, топырағым десең де алтын, Болмайды Сырдан ешкім суға құмар. Айтайын атын атап бірте-бірте.

Қарашы, шөл жеріңмен тең бе бұлар?! Жайлайтын жазды күні құралайы, Мұнарлы бұлт кетпес белдерім бар.

Қаз қонып, ыңырсыған, үйрек ұшып, Шалқыған шағалалы көлдерім бар. Перденкі патроны ататұғын,

Айлалы әбжін туған мергенім бар. Бұл біздің сіздің жерден артық жері, Елімнің осындай көп ермегі бар.

Жаз жайлауы – Сарысу мен саласы бар, Сырты жон – сексеуілді қара-шұбар.

Боз біткен бетегелі жері – шым, саз, Ат шабар айдын тақыр даласы бар. Сұлтанға зиярат қып жылында бір, Қыстатып қойын айдап тағы шығар. Нәзірге берген теңге есеп емес, Апарған ат пен түйе қарасы бар.

Аздырмас жастарына ақыл айтып, Халқымның қарт-қария данасы бар. Шөлде жоқ, қанша айтқанмен, мұның бәрі, Халқыңның қанша мұндай шарасы бар?

Қайырға қатар біткен талдарым бар, Жайылған тал арасын малдарым бар. Жасатқан піскен қыштан, әйнек құрып, Қыс болса, орнатқан тамдарым бар.

Кедей деп, Сырға тағып қалың қайғы, Бұл сөзден кегің сенің алынбайды.

Қой айдап, түйе жинап, бақпағанмен Азығы қамбасынан арылмайды.

Сендердей қошеметті қылып малға, Жарлысы байға барып, жалынбайды.

Көктемде түрлі дақыл себіледі, Қос айдап, кетпен шауып, егіледі.

Күз болса, жинап алып мұның бәрін, Қайғысыз тапқан дәнін тегін жейді. Халқымның әдеті осы, баста үйренген, Жамандап, қанша айтсаң да, кемімейді.

Дәме қыз, сөзің бар ма айтылмаған? Бар болса, тағы білдір айтып маған.

Әңгіме дәлелі жоқ көп айтасың, Бәлеге жолығады жай тұрмаған. Сабырсыз салмағы жоқ түрің мынау, Келісті кеңес шықсын қай тұлғаңнан?

Айтуға өтірік сөз ерінбейсің, Әрі бай, әрі мырза елім дейсің Әуелі шатпақ сөзді айтқан өзің,

Сен мені не қып жұқа, жеңіл дейсің? Қол салып, қай жеріме көріп едің?

Салмақсыз, түбі жұқа терің дейсің.

Келмейді жақсы сөзге, тіпті, ебің, Алды-артын ойламайсың түктеменің. Болғанда сен шоқалақ, мен – асқар тау, Астыңа қайтіп сенің бүктелемін.

Дәмежан, мен – бұйра нар, жазыңды тап, Деп едің: бір сөзіңде жүк берермін.

Кедей деп, көп кеміттің біздің елді, Кемітпе қиялыңа түзу келді.

Алды жөн адасқанның дегендей-ақ, Білмейсің өз мініңді ізіңдегі.

Көрсетіп дәлелменен көзіңізге, Айтайын бір азырақ сіздің жерді.

Бар дедің берекесі Қызылқұмның, Тауыса алмай өтірікті ұзын қылдың. Ұялмай өтірікті шын ғып айттың, Баласың, әжептәуір қызыл жүзің.

Мұнда жоқ аққан теңіз, қайнар, бұлақ, Тұрады қай жерінде Қыдыр мұның?

Жақсысын сіздің елдің тегіс көрдім, Дәм айдап, биыл келіп, өрістедім.

Берген соң Құдай өзі шараң бар ма? Бәрінің бармағынан жеміс жедім.

Көнбейсің мәмілеге көңілің көр, Көбейді айтқан сайын керістерің. Шыға ма жаман кеңес жақсы адамнан?

Қасыма, сірә, жақын келіп пе едің? Берген соң Құдай өзі шараң бар ма? Шай емес, шекер мен бал мен ішкемін.

Мен шөлден адам көрдім әр білімді, Бәрі де біліп жатыр қадірімді.

Ақындық ат көтертіп ақырында, Жайып тұр Қызылқұмға дәрібімді. Болсын деп үлкен жолың өзгелерден, Ат, түйе, мықтап берді нәзірімді.

Мен көрдім өнерменен пайда құмнан, Мен пайда таптым өнер жиғанымнан. Ат міндім, ат жетелеп – бәрі де рас,

Қоңырат, Арғын, Қыпшақ, Найманымнан. Ат тонын алып едім, біліп айтшы,

Қай бегі, қарақалпақ қай байыңнан?

Сөзімнің енді келді салмақтары, Айтамын мысалменен аңғартқалы. Жете алмай, мысық тұрып айтқан екен, Сасық деп жайған етке шаңырақтағы. Сен Сырдың шөбін, суын кеміткендей, Бау-бақша бар ма шөлдің шарбақтары? Суырып ысырапыл тартқандай-ақ!

Бұрқырап, дауыл тұрса, шаң қаптады.

Көп қойдың жатақтағы құмалағы, Желменен құдығыңа домалайды. Шықса да, әр қауғадан қырық құмалақ, Амалсыз содан барып, су алады.

Ыстыққа шыдай алмай, суын ішіп, Сорлылар суық-ақ деп қуанады.

Болғанда Сырда дария, бұлақ – тауда, Құдыққа атпен салған құмға қауға.

Өлшеумен су аласың, арқан салып, Тартысып, қара жермен қылып сауда. Қызылда жүрген елдің көзі ашылмай, Өмірі өтіп кетер жанжал-дауда.

Жапанда жүрген елсің отар малдай, Я Бұхар, я Түркістан, Қоқан бармай. Мырзаңның таңдап алған ақ білегі, Құйқалақ кірлі мойын тоқалдардай. Жарығы табанының тоқсан тілік, Зырлайды жалаң аяқ от арбадай, Шалағай келер өңшең бойдақтарың. Үстіне бар тапқанын киіп алып, Шабады шала өлтіріп тойда аттарын. Көрінсе, сен сияқты жарық табан, Тұрады қоқырайып қой баққаның.

Бұл сөзді саған айттым сынағалы, Долданып отырмысың жылағалы. Ақ көйлек алтын ілгек біздің елдің Әйелі киер барқыт қынамалы.

Сан алуан тазалықтың парқын білер Пакиза не қылғанмен Сыр адамы.

Тек көйлек қатындарың жамап киіп, Жылтылдар жыртығынан шығанағы. Барабар алыстағы Сібірменен,

Қыс қоймен Жетіжалға лағады.

Сен Сырға кедейсің деп, сын тағасың, Әр сөзбен ажыраттың жұрт арасын.

Ақылың болса, алдына асу сөздің Өткердің пернеменен бір парасын.

Елімде жақсымын ба, жаманмын ба? Сен жаман дегенменен кемідім бе? Болсам да, Сырға қарсақ, шөлге келіп, Арыстан, аю болдым саған мұнда.

Үнемі жүйрік, шебер үлгіліңмін, Өнерім сен көрмеген тағы алдымда.

Айтасың бозбаланы сыртымдағы. Ұмтылса, сен қой деме, жұрт ұрғалы. Деген сөз ерегіссе, ер өледі.

Тілімнің қорқып қиын құр тұрмағы.

Кідірсін неден сасып бүгежектеп, Қызыл тіл бастан бұрын қырқылмайды.

Дәме қыз, айтып сөзді тауыстың ба? Жамандап, ашып салдың ауыз Сырға. Сағырдың мойнындағы аманатын Ішіңде мықтап сақта, ауыстырма.

Жас бала, жесір қатын, қайын жұртың, Біреумен жанжалды қып, жауықтырма. Аманын өз басыңның ойлана бер, Қолдасын мені Құдай, қауіпсынба.

Аңласаң, осы сөздің бәрі де асыл, Ақсарсың аңсағанда оң жағыңнан. Өнерлі халық сыйлады болғанымнан, Ойлансам өлең кетпес толғауымнан, Аңғарып өз шамамды жүргеннен соң Ерлердің орын алдым оң жағынан.

Бұл көптің топқа салған жүйрігімін, Ойлаған қалма, Дәме, жолдарыңнан.

Дәме:

Ал, аға, жалғаншыңды білдің бе анық, Бетіме ұятсыз деп, қылдың салық.

Жасыр деп айыбымды жалынбаймын, Шығарсың дабысыма сырттан қанық. Сен ептеп қанша өтірік айтқанменен, Кең іші, кектенбейді біздің халық.

Көрінген жасырынбас көмгенменен, Байғұс-ау, жайың бар ма мен көрмеген. Қаралап біздің елді сөз айтқандай, Залалың бар ма сенің шөлден көрген? Көріксіз күйкентайсың мақтансаң да, Түсе алмай әр нәрсеге ербеңдеген.

Жайсыз деп жамандадың жұда құмды, Мақтадың көлің менен бұлағыңды.

Көкорай шалғыным деп мақтанасың Көлдегі сасық қамыс, құрағыңды.

Берейін сөздеріңе тамам жауап, Тыңда, сал, ақын Мансұр, құлағыңды.

Қураған қурайларың көп десең де, Нанбаймын өтірікпен ептесең де. Сауысқан, ала қарға – қалың құсың Айтайын ақиқатын, жек көрсең де. Болатын қоян сойса, қой сойғандай, Болмаса, мысал айтылған кеп-кешегі.

Мақтадың көлі көп деп Сырларыңды, Сарысу, Сырдан арғы қырларыңды.

Мақтаған мергендерің атып жейді, Тамағы қоян менен қырғауыл-ды.

Қып-қызыл Сырың тікен, шеңгел шығар, Аз түп тал қайырына өнген шығар.

Шошқаны көл жағалап қашып жүрген Бірталай мал деп, көзің көрген шығар. Нәзірге ат пен түйе деген сөзің Әшейін құр көтерген кеудең шығар.

Мас болсаң, арақ ішіп, мал не керек, Есепсіз соған берген теңгең шығар. Бейқадір халқы қылмай аяқасты, Бола ма есті жігіт елден шығар.

Кеңеске, асыл сөзге кем екенсің, Деп едім өнеріне сенген шығар.

Қалтаңдап шамға айналған шіркейдей-ақ, Сор қысып сен жазғанды келген шығар.

Ал, аға, сенен сырды жасырмаймын, Орынсыз ептеп айтып, асырмаймын. Аңласаң, әңгімеме назар салып,

Ақ балдақ тасқа шабар асылдаймын. Ағатай, қадіріме жетсең танып, Гауһардың жанған шырақ тасындаймын. Сабырсыз, салмақсыз деп кемітсең де, Түбінде озбай сенен басылмаймын.

Маңызы әңгімеңнің шамалы екен, Бір атым маңызындай насыбайдың.

Ал, ағай, айыбыңды аңламайсың, Айтты деп ашуланып қалмағайсың. Болғанмен тілің желді, ернің епті, Киерлік қабір жазы нар болмайсың. Көшкенде кереге артып, кемпір мінер Қисық төс бақырауық қылағайсың.

Кедейді кім нанады бай дегенмен, Жиылған пұл, айдар малға сай дегенмен. Шолпанның жұлдыз аты жасырынбас Жалтырап жаңа туса, Ай дегенмен.

Кемітпе қызырсыз деп Қызылқұмды, Жерің ғой биыл сенің пайда көрген.

Ал, аға, өрге жүздің өнеріңмен Шығады түрлі кеңес көмейіңнен. Казақтан асып келген азамат деп, Біздің ел құрмет етті-ау, келгеніңнен. Көзіңе тарыдай нәп көрінбеді,

Канша ішіп, біздің жерден жегеніңмен. Жер жетпес қадіріңе шөлдер артық, Болыстың құрметіне муапық деп,

Жай бердік бәріміз де төбемізден. Ойлаймын бір қиялда жүрісіңді Халқынан шыққан ба деп безерінен. Басында қадіріңе халқың жетсе, Тентіреп, не ғып келдің өз еліңнен?

Түбінде, қанша айтқанмен, шөлде мін жоқ, Жалғыз-ақ аққан бұлақ, көлдерім жоқ, Қарақалпақ сараң деп кемітесің,

Ішіне шақырса да, келгенім жоқ. Шалқақтап, бағынбаған байға қарап, Бәлені сен шығардың елдегі жоқ.

Тастай бер салмақты сөз, тапсаң егер, Кісіні Құдай алсын, сасса егер.

Бейнет деп бір құдықты кемітпесең, Сөздерің – айтқаныңның бәрі бекер.

Ағатай, ілімнен бар талабыңыз, Бар дейді жазған қағаз-қаламыңыз. Ел ішкен бұлаққа тең таза құдық, Бар болса, әр нәрседен хабарыңыз.

Мұныңды өтірік деп айта алмаймыз, Қаттырақ сол себептен табаныңыз. Жан болса, жалаң аяқ, кебіс киген, Ыстыққа біздің қылған амалымыз.

Біздің жұрт ат мінеді арғымақтан, Құйысқан, күміс жүген жарқыратқан. Мереке күнде жиын бәйге қосқан, Байтақты тамашалы халқым жатқан.

Елінің еркегінен қатыны – би, Кіргені қараңғылық кепеден үй. Болған соң еркегінен даражалы, Әйелі ізет тұтып, қылмайды сый. Қай баққа, қай дәулетке әйелің мас, Бар болса, жұдырықтай басыңда ми.

Саған сөз айтып болмас қонбаған соң, Келіп жүр Сырдан кедей оңбаған соң, Барлығы сыпайыдай сылдырайды, Жалғыз-ақ жалаң аяқ болмаған соң.

Ағатай, сынадың ба сырымды алып? Білдің бе мінезім мен мінімді анық? Қиялмен жоқ нәрсені табамын деп, Қинады қиял сенің миыңды алып, Ешкі, қой, есек, сірә, аттан озбас.

Қосылып марал болмас сиыр барып.

Білмейсің басыңа мін болған жерді, Біздің шөл көңіліңнің толған жері. Көрген соң Сырдан жәбір түрлі-түрлі Қаңғырып, басың мұнда сордан келді. Арыстан, аю болдым дейсің шөлде Жартас көп құр әшейін тұрған тегі.

Еліңде қарсақпысың, түлкімісің

Абайла, қалдың жұрттың күлкісіне. Бұл айтқан сөзің сірә, жалған емес, Дабысың жайылып тұр жұрт ішіне.

Ал, аға, қайдан білдің ақ сырымды? Ақсатып байқадың ба бастан мінді. Жақсылар жәрдеміне сені алды деп, Қорғалап көресің бе сасқанымды? Қазақтың хан, қарасы артында тұр Тастай бер, тіреп тұрған аспаныңды.

Болдым деп жалғыз шайыр ақын құмда, Қазақты, қарақалпақ айырдың ба?

Келсең де, кеуде керіп, жарлымын деп, Іркіліп айтар сөзден тарылдың ба?

Насихат маған айтпақ болғың келді, Қадірлі қайнағам мен қайыныма.

Ағатай, бұл не сиқың – жалғыз жүрсің, Айрылып ағайыннан, қаңғып жүрсің. Отызға келгеніңше орын таппай, Ісіңнің бәрі екен қарадүрсін.

Менімен ерегісіп ерсінгендей,

Бар еді қай көмегің, қай бір күшің?

Әңгімем ада болмас кідірмесем, Тоқтатып ала алмайсың түбінде сен. Қисайып кесірленіп кейіп жүрсің, Кедейлік Сырдан келген мінің десе.

Бай болсаң, Сырдан тысқа шықпай жатып, Болмай ма басқа жұртқа білінбесең?

Ісіңді өзің ашқан айып дейсің. Болса да, ақылың кем, тілің шешен.

Бір сөзді жаңа таптың қорынарлық, Айтайын бұған жауап, толық, анық. Етеді өнбес дауды есуас жігіт,

Көп екен маңдайыңда сорың анық. Шығардың ар-намысын, айта қалдың, Келіп пе ең доверносын қолыңа алып:

Қолыңнан келсе мені апарып бер, Отырдың жақын жерден орын алып.

Айтасың әдетіңді халқыңдағы,

Сыр елі, қыз қашырған салтың-дағы. Сырдағы қырық мың қулық бір кедейге Келуге біздің шөлге артылмайды.

Бір қызға отыз күйеу, он құдағи, Сыр елін әлдеқашан ант ұрғалы.

Торлаумен өлеңіңді толғана бер, Жеріңді қорғалатар қолға ала бер. Ақылың Аплотондай болса да артық, Сорыңнан артық емес сенде өнер.

 Мансұр: «Бұл сөзге тоқталдым», – дейді. Екінші бір ретте өзімен бірге туысқан Нартай ақын: «Бұған жауап оңай ғой, жеңілуге бол- майды»,– дейді.

Нартайдың Дәмеге берген жауабы:

Дәме қыз, шын қыласың жалғаныңды, Дабысыңды әркім сырттан аңғарулы. Елге мін, жерге сынды таққаныңнан — Ұятқа білмеймісің қалғаныңды?

Айыпты ақылды адам аша ма екен? Шамасы байқап қалдым жан-жағыңды. Айтайын білгенімді мен де анықтап, Айтты деп, көңіліңе дық алма мұны.

Дәмежан, ақыл шақыр, ашуды қой, Көп сөзді тоқтат енді, асырдың ғой.

«Асауды жібере тарт!» –деп отырмын, Ойланшы, қарқыныңнан басылдың ғой. Айтыпты көп балалық мінезіңді, Ағаңмын, аяғына басыңды қой.

Бар шығар өз жұртыңа еркелігің, Елімнің мен де сендей тентегімін. Болмалық абыройсыз – айып ашып, Екеуміз ала алмаймыз ел теңдігін.

Бір жылша құрмет қылған қонағыңмын, Қайтамын өз жұртыма ертең бір күн.

Дәме қыз, жаман емес, жақсы адамсың, Айыбын енді еліңнің ашпағайсың.

Бірінші зор айыбың бұл емес пе, Жылатсаң, бір момынның жас баласын?

Секілді кей мінезің құтырғандай, Сөйле сөз сабыр қылып, тыпырламай.

«Өз атын көкек айтып шақырады», Қой, Дәме, сен де көкек сықылданбай.

Сен қыз – Сыр бойының қашқан қызы, Жақсы қыздың тұрмайсың басқан ізі. Көңілің күйеуіне толмаса егер, Қайтарып аламыз да ақшамызды.

Ерді әйел кемітеді жарлы болса, Қойғандай ерісін деп тасқа мұзды. Қайнына байы жас қыз хабар салар,

«Балаң жас, қалаймын,– деп,– басқа ізді». Қызығып кейбір әйел бақ-дәулетке, Сүймейді бай болмаса басқамызды.

Ақ Дәме, әйел болсаң, бәрің бірсің, Айтылған бұл сөзіме өзің түсін.

Әйелдің осы айтылған бірі болсаң, Сөзіңнің, сорлы Дәме, дәмі құрысын. Күндікке алтынмын деп отыр едің, Көрдің бе, әні, шықты енді мысың?

Жігітке қашқан да қыз, құшқан да қыз, Қыз көрсек, бәріміз де құшқандаймыз. Осы айып болса, егер өз басыңда, Қалдыңыз қашқан қызға ұқсап нағыз.

Бұл сөзге сонда Дәме тоқталады, Айтуға оған жауап жоқ болады.

«Жүйрікке – томар» деген нақылдай-ақ, Бір атым ажалдыға оқ болады.

ӘЖЕК ПЕН ШӘРІПЖАМАЛ

Әжек:

Әуелі сөз сөйлеймін ойда бардан, Анадан өлмей қалмас туған адам. Біз тұрмақ, Адам ата олар да өткен, Болады кімге жолдас пәни жалған?

Сыртыңнан ақын деген атыңды естіп, Әдейі айтысуға келдім саған.

Даңқты сен сықылды болмасам да.

Бұл жолы бәйге алмақпын келсе, шамам. Қарышта, барың болса, қапы қалма,

Деп жүрме бұл Әжекті жәй бір адам. Мен саған біле білсең, келген тажал, Із қуып, сұрастырып одан-бұдан.

Бұл сөзді бұл неліктен айтты деме, Түсінсең пернелеген наздық саған. Әуелі тосырқамай өзің менен, Өлең айт, отыр-дағы бері таман.

Шәріпжамал:

Мен-дағы сөз сөйлеймін ойда бардан, Ер жігіт қор болмайды талаптанған. Барында талабыңның талпынып қал, Әр жерде-ақ талапсыздар қарап қалған. Таластан, тартысудан, шекісуден, Адамға өнер-айла сабақталған.

Бұл өмір басымызда тұра бермес, Бір күні-ақ өте шығар жарақталған.

Жас өсіп, кәрі еңкейіп, орта ер жетіп, Бұл тағдыр уақытыңды санап болған. Талпынып ойда барды қарыштап қал, Қызық шақ кетпей тұрып жастық қолдан. Кез болдың дәм-тұз айдап бұл жиында, Болғанда сен іздеген, біз – сұраған.

Аптықпа, Әжек батыр, сабырлық қыл, Асығу өз басыңа болар жаман.

Әркімнің тауы өзіне биік деген, Біле білсең, ескеріп айтам саған. Сен-дағы іздеп келген бір ер едің, Өлең айт, тәуір сайлап, қарап маған.

Әжек:

Сирағы мылтығымның қу тал болды, Атқаным сілеусін деп, сусар болды. Бұл сапар жолым менің болады екен, Іздеген сұрағанға душар болды.

Шәріпжамал:

Сөйлей бер, жеке батыр, сөзіңді енді, Сыртыңнан естуші едім, көзім көрді. Болғанда сіз іздеген, біз – сұраған, Тойында Жәмиланың кезім келді.

Әжек:

Сөйлейін, олай десең, алғы биден, Кімдер кеп, кім өтпеген бұл дүниеден? Шәріпжамал, көрмесек те, есенбісің, Шырайлы жұрт қараған жақсы күймен?

Шәріпжамал:

Саумысың, Әжек, сен де көрмегелі?! Пәнденің жүз көрісер өлмегені.

Болғанда сен іздеген, біз – сұраған, Қоялық есендесіп келсе, жөні?

Әжек:

Келмесін пейілі кеңге неге жөні, Қолың бер, расын айтсаң, сен де оны.

Болғанда сен ақ шәйнек, мен – самаурын, Мен келдім ақ шәйнекті демдегелі.

Ұядан ұмтыла ұшқан ақ балапан, Қолыңа келіп қондым жем жегелі. Шәріпжамал, осы бастан есіңде ұста. Қалайда тояттаймын, келсе, жөні.

Шәріпжамал:

Сен, Әжек, жел сөзге еріп, болма сері, Қырғи сап, ілдіргендей бөденені.

Өлең айт, тәуір сайлап жөніңменен, Желігіп, қозғай берме әлденені.

Талпынып, бала құстай ұмтыласың, Еңбексіз ақ төсімнен жем жегелі.

Өзіңе қанша уақыт болып еді, Жолына боз [бей]бастық ермегелі?

Жүзіңді [мен] манадан зорға көрдім, Адамдай асық болған көрмегелі.

Бар ма еді араздығы бұл Әжектің, Тұсыма ерте басып, келмегені?

Әжек:

Дауысың, Шәріпжамал, таудан биік, Жалғаннан кім безіп жүр нәсіп тиіп? Қаңлының барлық қызы ақын шығып, Тұсыңа жаңа келдім кезек тиіп.

Шәріпжамал:

Сен, Әжек, ой жіберші бері қарап, Сыймайды бір кеудеге екі талап. Ұстаған екі кеме суға кетер, Есіңде жоқ па сенің дейтін сабақ?

«Алыстан әдейі іздеп келдім мен», – деп, Айттың сен оның несін сөзге балап?

Ер болсаң, уәделі сертке жеткіз, Қаңлының не таппақсың қызын санап?

Әжек:

Болады кімге жолдас дүние деген, Би, шешен жиын десең үймелеген. Тұсыңа ерте-ақ басып, келіп едім, Бозбала жол бермейді кимелеген. Қаңлының жігіттерін сұғанақ қып, Жаратқан мен не дейін бұл иеден?

Шәріпжамал:

Көшкенде мінетінім таған керсін, Алыстан іздеп келген, Әжек, сенсің. Адамға анау-мынау жолың беріп, Жүретін жайбарақат қандай ерсің?

Алдыңда қайда барсаң, есік жабық, Сен қашан тең құрбыңмен теңелерсің? Бозторғай қой үстінде жұмыртқалап, Боламыз қай уақытта, Құдай білсін?

Әжек:

Дүние бір қисық жол бұраңдаған, Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған. Әр іске асы болма сөз қуарлық, Өмірің алдап кетер тұмандаған.

Шәріпжамал:

Ал, Әжек, сен айтты деп молда барман, Құдайдың көрдім ісін басқа салған.

Жүректің шын жұмбағы бір шешілер, Шешілмесе, кетед те іште арман.

Әуелде аса жүйрік болсаң-дағы, Кәзірде сен боп тұрсың кейін қалған.

Әжек:

Мінгенім астымдағы қоңыр дөнен, Азырақ, көбеңдігі сұлы жеген.

Танбайды сонда-дағы шабысынан, Әдейі жарысуға келген сенімен.

Әуелде жаралуы шыны құрыш, Болатты жасық болмас соққанменен. Болмаса, шебер салған асыл өрнек, Өзгермес жауын шайып, кепкенменен, Жоқ деген игіліктің ерте-кеші, Бұйырған кетпес, уақыт өткенменен.

Шәріпжамал:

Арғымақ ат та жақсы шаппаса да, Қақпанға түсер қасқыр сақтанса да. Жапалақ қайырғанмен қаз алмайды, Басына жез томаға қаптаса да.

Жетесіз жабы шауып, бәйге алмайды, Сүт беріп, ақ бидаймен баптаса да.

Өжет бол, алғың келсе, тіршілікте. Басыңды қанжарменен ап қалса да.

Асылдың сыны кетпес, сыры кетер, Берікте Әжек батыр сақталса да.

Әжек:

Шырағым, сөз айтасың қалай-қалай? Әр істі көріп жүрміз жастан талай.

Мақтанба жетелімін, жүйрікпін деп, Қайтер ең, жеңіп өтсем алдыңды орай?

Кездескен нелер жүйрік, кетті олар да, Жарыста бұл Әжекке шыдап тұрмай. Қаңлының биігінде сен бір шынар, Бұтағың өрлей бермес бір күн сынбай.

Білемін сының кетпес, сырың кетер, Айрылып жапырағыңнан болсаң жұрдай. Егерде сен жүйрік боп, мен жабы боп, Бәйге алам жарыссам да, бақытым солай.

Шәріпжамал:

Білемін сенің атаң – Құнанбайды, Той десе, Шәріпжамал бұлаңдайды. Шабысты былай қойып желісіме, Жабылар қатарласып, жүре алмайды.

Қанатым күн шалмаған мен бір тұйғын, Жолымда жапалақтар тұра алмайды.

Өрем кең: шапсам – озам, қусам – жетем, Менімен ерегескен тыңаймайды,

Байқап бас аяғыңды, Әжек, батыр, Аңғарып, білмек болсаң, біздің жайды.

Әжек:

Онтағар, Қызылбөрік Албаным бар, Бәйгені таласқанда алғаным бар.

Кешегі жиырманың әсерінде, Бұғалық талай қызға салғаным бар.

Әжекті танымаған дұспандардың, Талайын бөктергімен алғаным бар.

Шырағым, желік сөзге ере бермей, Әуелі алды, артыңды аңғарып ал.

Шәріпжамал:

Онтағар, Қызылбөрік Албан болсаң, Бәйгені таласқанда алған болсаң, Ұсташы, кәне, мені қолың жетсе, Бұғалық талай қызға салған болсаң.

Әжек:

Онтағар, Қызылбөрік Албан едім, Бәйгені таласқанда алған едім.

Сен түгіл мыңнан озған қашаған да, Бұлтартпай, шалма құрық салған едім. Шәріпжамал, жүйрік болсаң бауыр жазып, Құлаштай келді бүгін зымғыр жерің.

Қайтсең де, қамданып қал, қапы қалма, Басып кетіп жүрмесін менің перім.

Қаңлының құрық жетпес қашағаны, Байқамассың ноқтаның тиген жерін.

Шәріпжамал:

Болжайды есіктегі төрдегіні, Мал жейді төрт аяқты жердегіні.

Әй, Әжек, асқақтамай, аңғарып бас, Басыңа тауып аларсың ермегіңді.

Тірі Албан жабылсаң да, жеңе алмассың, Қоймасаң, алып келіп көрдегіңді.

Әжек:

Түн жарып, Ай туады кесесінен, Өлеңнің жол салайын төтесінен. Қаңлыдан әлі ондай қыз шыққан жоқ, Жүрмесе, қайта туып шешесінен.

Сонда-дағы жарармын шабысына. Екі емес, туса да, үш есесімен.

Қалай айт, олай айтсаң, Шәріпжамал, Қаңлының мен қорықпан кесесінен.

Шәріпжамал:

Қаңлының бір үлкені – Қара Қаңлы, Қағады ұрыс сақтай барабанды.

Қаңлыдан хан қойсын деп айтып кеткен, Бұрынғы көрген Албан Қаңлы шалды.

Қаңлының бір баласы – Сары Қаңлы, Ежелден уыздығы жарыған-ды.

Жете алмай біздің елге сіздің Албан, Болсам деп, мен де сондай, налыған-ды.

Қаңлының бір баласы – Ережемді, Бақытқа тең жаратқан тереземді. Алсейіт, Түрке тағы балалары, Осындай бір-бір бастан келеді енді.

Тауының Бірке деген баласы екен, Бір ұлы оза туған Қараш екен.

Өлең тұрмақ, жауыңнан қашпайтұғын, Ақылдың ерлік асқан сарасы екен.

Ежелден бақ дарыған ел Қаңлыға, Сен, Әжек, қалай оған дейсің жетем?

Әжек:

Болғанда алдым Дулат, артым – Албан, Бір ауыл не қыласың, Қаңлы, маған?

Албаннан озамын деп әуреленбе, Ақылым менің айтқан, жаным, саған.

Шәріпжамал:

Әй, Әжек, тілімді алып, жүрсеңші тек, Құдайға жамандасаң, боласың шек.

Қыстықпен, Қызылбөрік, не ғып жүрсің, Сен енді тентіремей, Бақайдан кет.

Әжек:

Бұл Бақай білемісің, Албан жері, Қоныстап бұрын жерлеп қалған жері. Арқадан сенің елің ауып келіп, Осында есін жинап алған жері.

Әжекті бұдан әрі ашындырма, Қаңлының шығып жүрер ащы тері.

Шәріпжамал:

Құй ашын, құй ашынба, Бақай – жерім, Әуелде мекендеген менің елім.

Басында Бақай батыр өзі берген, Килігіп, Албан, мұнда нең бар сенің?

Әжек:

Шырағым, не сөйлейсің сенің өзің? Бақайдың білемісің, қайдан өзін?

Білмесең, білдірейін, бері қара, Сонан соң оған сенің жетер көзің.

Тұқымы – Албан, Дулат, Бақай батыр, Әр іске ерлігімен болған қапыл.

Баяғы қазақ-қалмақ соғысында,

Бұл тауға батырлықпен тіккен шатыр.

Содан-ақ Бақай деген ат қойылып, Аталып бұл күнге шек келе жатыр. Еш уақытта жұртқа аты әйгілі боп,

Қаңлыдан шыққан емес мұндай батыр?!

Шәріпжамал:

Мен өзім жас күнімнен көрдім қызық, Періште қылғаныңды тұрар сызып.

Айтасың бетсіздікпен өтірікті,

Сен неден, Қызылбөрік, болдың бұзық?

Әжек:

Қаңлыға бұзылғаннан Қали келген, Қалидың келгеніне ел нали берген.

Қой қосып, атын байлап қорыққанынан Бір қызын Жаркейің де босқа берген.

Шәріпжамал:

Қатардан жүйріктікпен жүрмін озып, Өнерге мен де сондай қолым созып.

Кешегі ер Қожабек өткеннен соң, Тентіреп, сенің аулың кетті тозып.

Әжек:

Сұрасам, Үкібайды Арғын, – дейді, Қаңлыға мұра болып қалдым, – дейді. Сен тұрмақ, мен ойласам, құса болам, Нәубетін әкеңіздің алдым, – дейді.

Шәріпжамал:

Құдайдан жүргін, Әжек, түбін сұрап, Береді, тәубе қылсаң, анық жылап.

Кешегі ер Қожабек өткеннен соң, Басыңды тұрған жоқ па Ораз құрап?

Әжек:

Көпбайың құсаменен қалған өліп, Кетті екен кейінгі елін кімге беріп? Еліңде бас көтерер адам бар ма?

Соңынан бір Арғынның жүрсін еріп.

Шәріпжамал:

Келемін жастайымнан өнер бағып, Топ жарып, өрлей ұшып, қанат қағып. Сен, Әжек, Тәңрі атып, мақтанасың. Мақмұтың Керей құлдан өлді не ғып?

Әжек:

Бұзығын біздің Албан өлтіргені, Қисығын түзу жолға келтіреді. Мұндайды айта берме, есі кеткен, Шоқынып, Сыздық неге тентіреді? Шәріпжамал:

Әй, Әжек, естіп пе едің бұрын мұны. Білмесең бері қара, сөздің шыны.

Сен неге, Тәңрі атып, мақтанасың, Мақмұттың қайда кетті бір топ ұлы?

Әжек:

Айдатып Жантай барған Ақмолаға. Жігітке дәулет бітпей бақ қона ма?

Тіленіп, батыр Сәтбек қайтып келген, Құдайым, мұнан артық жақ бола ма?

Сол Сәтбек дүниеден кеткен көшіп, Құдайым берген екен артық несіп. Орнына Шаңтай Құран оқымады, Жүрсе де, жанқалтасын ақша тесіп.

Шәріпжамал:

Біркеңді мен білемін, Туғанбайды, Ежелден жамандыққа туғандай-ды. Көрмедім Онтағардай сімтік елді, Бақайдан кет десем де, жоғалмайды. Үйіне Абиырдың қонақ қонбас, Сорлы Әжек баласымен қоғамдайды.

Әжек:

Асының күні суық, жауын жауған, Елің көп аспай жүрген осы таудан. Мен кірсем Абиырға ол да – өз үйім, Жүргем жоқ қайыр сұрап Қаңлыдан. Несіне көрмегендей мақтанасың, Жантайың Аңламастан сауын сауған. Бас ұрып Аңламастың үш биесін, Зорға алды ер дейтінің қайтпас жаудан.

Шәріпжамал:

Аңламас жас күнінде есек сатқан, Жүргенде есек сатып есеп тапқан. Харам мақлұқ ақшасын жанға салып, Не іздеді Аңламасың Мекке жақтан?

Әжек:

Байырын Аңламасым білген екен, Есекті пайғамбар да мінген екен. Жантайың Аңламастан сауын алмаса, Сабасын керегеге ілген екен.

Шәріпжамал:

Қаңлының етек-жеңі кең болады,

Бұл Бақай қыдыр шалған жер болады.

Албандай кеусен сұрап, қыдырмаймыз, Ақ бидай елім еккен, кен болады.

Айтпаймын Албан жедік тарыларын, Сұлысы атқа жақсы жем болады.

Еліңе [әкет] Қаңлының ақ бидайы[н], Күш беред, ауруыңа ем болады.

Әжек:

Біздің ел астық салмай, өліп жүр ме? Қаңлы көпке бидай беріп жүр ме?

Қыласың жазы-қысы бірдей бейнет, Сонда да қызық өмір көріп жүр ме? Жантайың еліңдегі жақсы дейтін, Неге ұшырай береді мұндай күйге?

ҚАЗАҚБАЙ МЕН НҰРПЕЙІС

Қазақбай:

Қанатым талмас қаршыға – Жайнап дәурен сүргенім.

Шеңгелім қайтпас шын болат Шын күйіме түскенде, Қиядан көзім шалған-ды

Не болса да, ілгенмін. Жасым жеткен арыстан, Дүбірден әлі қалыспан. Екіталай жер болса, Таптап жерге жанышқам. Әркімдер әуес сыртымнан Қазақбай деген дабыстан. Жүйріктің жайы көрінер Алқалы дуда шабыстан.

Тауым қайтып көрген жоқ Жақын менен алыстан.

Алқалы топта айтыссам, Бергенім жоқ намыстан Қамал бұзған қайратты

Қызыл тілім ерікті. Тарлан тартқан Қазақбай Қиялап шауып, желікті. Жырдан дауыл тұрғызам, Көмейден басып көрікті. Шын желденіп желгенде Өзгеге бермен ерікті.

Жас жыршыны көрген соң Желігер жерім келіпті.

Қиядан жарды ұрармын, Екпініме шыдар кім?

Егескенде егеулі

Жар қылышын шығардым. Құрлыққа шыққан шынармын, Айтысуға құмармын.

Азу тісім сақылдап, Қандай жүйрік болса да, Қос өкпеден сығармын. Тұяғым болат тұлпармын, Дуда неғып шыдармын?! Руымды сұрасаң,

Мен – Майлыбай Кетемін. Қашқан жерде құтылып, Қуғаныма жетемін.

Осы отырған, жамағат, Жаңа талап балаға Домбырамды қолдағы Енді ұсыныс етемін.

Нұрпейіс:

Жырыңды байқап қарасам, Ешбір жоқ сенің ғапылың. Жаңа өспірім бала деп, Жетіспеген шала деп Толмады ма тақымың?

Өзіңді сонша зорайтып, Мұнша неге тасыдың? Түлектен шыққан шынығып, Балапан бүркіт мен болам, Құлағыңды сал, сұңқарым.

Тұяғым тастан қайтпайтын, Жарауым түскен тұлпармын. Бәйгелі жерге қосқанда

Жер танабын құртармын. Қазақбай ақын келед деп Сәрсенғали, Құлназар

Ат жіберіп шақырды. Қанша бала көрсең де, Толтырармын тақымды. Өзіңді зорға санайсың, Мені кімге балайсың? Ар жақ пенен бер жағын Алыстан орап қарайсың. Қарағанмен, Қазеке, Сен – бір гүлсіз қу ағаш,

Миуалы – мен – балдырған. Сүйексіз қызыл тілімді Жаңылдырман, талдырман. Тарлан тартқан көкжалға Жастығымнан шалдырман. Қырқып, қиып желісін, Ағыным бөгеп өрісін, Кілтсіз кісен салдырған.

Естуімше сыртыңнан, Жырдың ағыс көзі едің, Айтулының өзі едің.

Сіздей жүйрік шежіре Іздеген менің керегім. Аңсағанда алдымнан Тілегенім табылған. Тарлан тартқан жүйріксің Талай топта шабылған.

Екпінің күшті көрінді Тас аунатқан ағыннан. Айрылмасам бағымнан, Кесілмесем қарымнан,

«Сөйле», – деп, кезек бергенде Айтарымнан жаңылман.

Тас кесетін алмастай Жыр күштісі табылған.

Алшысында ақ алмас Сенен қорқып, тарылман.

Даңқыңды естіп сыртыңнан, Бір кездессем деп едім.

Дүбірің алып тыншымды, Жанымды жастай жеп едің. Әр мысалдан жыр жырлап, – Домбыраны беремін.

Жасы үлкен қарт аға, Қазекең алсын кезегін.

Қазақбай:

Домбыраға үн қоссам, Әнге жырым жарасқан. Алпысқа жасым келсе де, Жерім жоқ бұрын адасқан.

Шүреннен шыққан жас бала Меніменен таласқан.

Талай айтқыш егесіп, Тозаңымнан адасқан. Жыр қанаты қомдалған, Жыр қымбаты таңдалған. Етектен бала алды деп, Арланбан да, шамданбан. Дуа тиген Майлыбай, Енді бастап сөйлейін Ожырай, Кете елімнен, Елімде өткен бай менен

Қайтпайтын жаудан ерімнен. Дау дегенде желіккен,

Кілең мықты серімнен, Дербісәлі, Сүлекең, Кетенің биі – данасы,

Халқымның қорған, панасы. Әулие өткен жан еді,

Үлгі болған халқыма Керемет үгіт, санасы. Ел бастаған ер еді, Ерлер мен биім көп еді. Ежелден-ақ Майлыбай

Мақтауыма сиятын, Аузыма толы сөз еді. Ақынды айтсам мақтанам: Ожырай, Кете – астанам Жастілеу мен Бақберген Тасыған судай қаптаған, Майлыбайдай ерім көп, Елді берік сақтаған.

Білімі артық биім көп Екіталай жерлерде Елдің сөзін бастаған. Малы өріске сыймаған Сан жетпейді байларым. Ақсүйектің ұлындай Елден озған паңдарым, Таршылықта жол тауып, Орындаған арманын.

Осынымның бәрі рас, Айтпаймын сөздің жалғанын. Көпті көрген көнемін,

Біраз жерден қармадым. Екіталай кезеңде

Қабады жайын қармағым, Ежелден ақын үлгілі,

Мен – Майлыбайдың бұлбұлы, Басады, балам, салмағым.

Қартайып, жасым жетсе де, Батпай кетпес бармағым.

Жыршының сөз табады тіл мен жағы, Майлыбай, Бақтыбайдың артық бағы. Ерегіс екіталай сөз болған соң Қартыңның айдын көлдей шалқыр шағы. Аяма барың болса, қимылдап қал,

Жас бала, кезегіңді бердім тағы.

Нұрпейіс:

Ақылмен ойлап, сөз табар Адамзаттың данасы.

Өзіңе аян, Қазеке, Әлімнің алты баласы:

Біреуі – Кете Майлыбай, Терістаңбалы Ожырай. Ән мен жырым сайма-сай, Ата тектен жырласаң, Бола алмассың, маған сай. Ерлерімді екшесем, Сонда менің көңілім жай. Біз – баласы Әлімнің, Өзімнің атам – Жаманақ, Жыр жырлаймын саралап, Жөн білмейтін олақтай, Сөз айтпаймын қаралап.

Қаймығып, кімнен қорқайын, Кім қымбат та, кім арзан, Атадан бастап айтайын.

Тұқым, текте кемім жоқ, Айтыстан неге қашайын? Орыстан өрген үш бала: Есенәлі, Айдарбек, Есенәлі баласы,

Жетеу екен шамасы. Шектінің шексіз ерлігіне Болмаған ешкім таласы. Құрманай мен Құттық, Жиеншора, Жолшор, Асан, Үсен, Кішкене – Осылар туған баласы.

Өзімнің атам – Бөлек-ті, Бөлектен туған кім десең, Шамаң келсе, Қазеке, Айта бер бетке мінімді.

Тіл найзаңды салып көр, Аяма жас деп ініңді.

Сендерді жерге қаратсам, Сұрама, жұртым, құнымды, Тілеу-Қабақ мың айдап, Қай жауынан сүрінді?

Оқпен атып шіркейді Мергендігі білінді.

Алысқанмен алысып,

Әділдікке жүгінді. Сөзбен егеп, Қазеке, Шығарма сыртқа түгіңді. Тілеуімнің ішінде

Әулие өткен Мөңке би, Дәулет пен баққа асқандар, Қайырын судай шашқан бар. Халқыма жаққан бар, Халықты қорғап, баққан бар, Түрлентіп салған әнім бар, Әнде көркем сәнім бар.

Өркешті туған нарым бар, Ұзынсақал, Қарақұл, Батақтан туған Сарым бар... Жайнап туған жас жанмын, Аруағым бар ар, намыстан, Айтуыма сыймай ма, Көтібар мен Арыстан?!

Шектінің туын шыңға ұстап, Талай жаумен алысқан.

Дұшпанын жерге жанышқан, Ерегескен жерінде,

Табан тіреп қарысқан Жауды көрсе, ақырған, Ұрысқа елін шақырған, Егескен жауын қашырған. Қарсыласқан қалың жау, Аяғына бас ұрған,

Сол секілді ерлерді Халыққа айтпай, жасырман. Көтібардың алты ұлы Алтауы да – берен ер, Дұшпанын басып, жеген ер Бәрі айтулы кемеңгер, Ерінген күнде би болып, Еріккен күнде ер болып

«Жау табылса» деген ер. Есет ер елде бас болған, Ерлігіне елі мас болған.

Хандарменен қас болған Хан алдына келгенде, Қаймықпас қара тас болған, Есет емей кім еді, Ақсүйекті жылатқан Айқайлап салған ұраны, Кетпейді әлі құлақтан.

Тоғыс арыс Назарым, Назарымды жырласам, Кіреді сонда ажарым. Өлең – жырдың, Қазеке Қыздырамын базарын. Бес Шүреннің ішінде Елубай, Жарас ерім бар. Туғаннан туға таласқан, Туы күнге жанасқан, Ешкім мықты болған жоқ, Елубай мен Жарастан.

Айтысардан бұрын, Қазеке, Көзіңді сал еліңе.

Қаратаңды мақтама Қоңсы қонған жеріне, Қатынымен екеуі, Жылап барған кешегі, Дәрібай, Есет еріме. Батырлары Есеттің

Ат жаратып, баптаған, Қарағай найза саптаған. Елге келген қонақ деп, Дәрібай, Есет ерлерім Қаратауды сүйген ер, Талай жерді кезген ер, Талай жауын езген ер. Сол ерлерді кемітпей Тарлан тартқан, Қазеке, Тіліңізді тарта көр.

Қазақбай:

Білікті кем болмайды болса дана, Сөзімді менің айтқан тыңда, бала.

Майлыбай Бақтыбаймен бөтен емес, Қарағым, ойға салып, ойлап қара.

Екі елдің жігін ашып, таласпайық, Ішінде Тама, Табын адаспайық.

Айтыстың алды, арты осы болсын, Бұл сөзді бөтен жерге таратпайық.

Жаңа өспірім баласың, Дауылдап өрттей жанасың. Балалықтың жөнінен Қатты кетіп барасың.

Қарт ағаңды сыйламай Найзадай тілді саласың. Біздің Арыс, Кетеде Байқошқар мен Құттық-ай, Бәрі тегіс, бәрі бай.

Малы жонға сыймаған. Есмағамбет, Өмірбай, Байлықпен озды Көздібай. Көздібайдың Бітені Болып өтті қонақжай.

Мал мен бағы сайма-сай, Байыңды айтшы расындай? Мақсатқа мақтау сиятын Байқошқарда Оразбай.

Қайсыбірін айтамын, Біздің Кете – бәрі бай. Ағып жатқан аппақ май, Дәулеті мен бағы тең.

Қайнатулы қызыл шай. Шалқып жатқан жерім кең. Теңгерісіп айтыссақ, Майлыбайдан елің кем.

Өте алмассың, шырағым. Қиыннан өткел салармын. Қазулы ор сен болсаң, Өткел бермес дариядай Алдыңнан орап ағармын. Жеңемін десең жырымның Қиынын келтір желімдеп.

Айтып өттің бірталай Шектімде көп ерім деп. Мен – Майлыбай Ақкете, Сүйегім қызып, желігіп, Өзіме-өзім сенемін, Дуды көрсем, желемін.

Байың менен еріңнің Қалдырмай айт дерегін. Жалын атқан жас бала, Жастығына мас бала, Кезегіңді ал, беремін.

Нұрпейіс:

Қазақбай, білдім жайыңды, Болдың ба айтып байыңды? Мен білмейтін байың жоқ, Қайыры жоқ малынан, Зекеті жоқ жанынан, Байдың несін мақтайсың? Құдайы қонақ келмеген, Бір аяқ ас бермеген,

Бөтен түгіл, өздері Мал рақатын көрмеген. Табындар отыр арада, Екеумізді сынаған.

Ұят та болса, айтайын, Бір сөзің жоқ ұнаған. Қайыры жоқ байларың Бір мал өлсе, жылаған. Шеберлікпен, Қазақбай, Жоқтан барды құраған. Жасы жеткен ақсақал, Алыстан айтып, орадың. Бейсенғали, Құлназар, Екеуміз де – қонағың.

Бұл Қазекең мақтайды Құнсыз болыс – Оразын. Әдеттенген кісі екен Айтысқанда әр жерде Ақынның тауын қайырған.

Құрыш болат – мен – алмас Тасқа салса, қайтпайтын.

Бәрін айтып нетейін, Білдіріп қана өтейін. Егізімнің сыңары Тілеу-Қабақ, ауылым, Бірге тума бауырым.

Айтпен, Бұжыр дейді жұрт Кіші жүздің сауырын...

Күркіреген Көтібар, Қаймығып жолдан таймаған, Қалың қолды көргенде, Жігері тасып, қайнаған.

Халықтың қамын ойлаған, Жолдастарын қорғаған.

Қарақұлдай ерім бар Қарағай найза толғаған, Талай-талай жауларға Аттанысқан аламан Ханмен, баймен қас болып Талайын жұлып, талаған. Өтірік десең, көзіме айт, Дәрібай менен Қарақұл Бар ма еді жауды санаған? Ерлігіме мақтанам

Дұшпанын қылған қара қан... Жауға бүлік салған ер, Беттеген жауын алған ер, Бұл дүниеде опа жоқ – Соларды да алды қара жер.

Сен – қараңғы тұмансың, Мен – жайнаған панармын, Қиыннан өткел табармын. Шындықпенен шідерлеп, Аяғыңнан шалармын.

Жырмен болат суарып, Алдыңа бөгет салармын. Өтірікті өнер көрмеңіз, Негізін іздеп табармын.

Бала екен деп, басынба! Жасың үлкен болса да, Қасқайып, кезек алармын. Бай, мырзаға жалбақтап Бағынасың сонша тым, Ар емес пе өзіңе?!

Айтқаным достық көзіңе

Емес пе, жұртым, мұным шын?!

ЖАҢЫЛДЫҚ ПЕН ҚҰДАЙБЕРГЕН

Құдайберген:

Өлеңде бісміллә айтпақ, бұйырық жоқ, Азырақ өлең айтсам, көңіліме тоқ.

Алайын амандасып Жаңылдықпен, Біздерге рұқсат берсең, жиылған топ.

Ал енді, байдың қызы, жүрсің бе аман? Сарғайып ашығылықтан болдым саған. Аулыңа үлкен-кіші мейман келді, Күтіп ал, мейманыңды келсе, шамаң.

Жаңылдық:

Құдеке, көп қуандым келгеніңе, Лұқпандай мың жасадым көргеніме. Әдейі арнап, маған келген болсаң, Жарармын бір күн, бір түн ермегіңе.

Құдайберген:

Біз келдік Әйтпенбет бай ауылына, Істің жеңіл көруші ем ауырын да. Аулына Әйтпенбеттің барамыз деп,

Кемпірдің* мәслихат қылдық бауырында.

Жаңылдық:

Кемпірдің мәслихат қыпсың бауырында, Белгісі шұбар аттың сауырында.

Әдейі арнап, саған келдік дейсің, Бар еді не жұмысың ауылымда?

Құдайберген:

Біз келдік Әйтпенбет бай базарына, Көріндің сен базардан назарыма.

Өзіңді көрмесек те, естуші едік, Сыртыңнан құмар болып ғазалыңа.

Жаңылдық:

Қай өлең, мына өлең жиырма өлең, Шығады жиырмадан бұйырма өлең. Тығармын екі аяқты бір етікке, Апырмай, жұтамаса биылғы өлең.

Құдайберген:

Қарағым, менде де бар елу өлең, Көңіліңді толтырармын елуменен. Асықпын деп өзіңді көтермегін, Алу сенен болғанда, беру менен.

Жаңылдық:

Ауылым көшіп барады Өліктіге, Жаяу жолдас болмайды көліктіге. Аталық*, еркексініп, сөз сөйлеме, Мен сендей қарамаймын бөріктіге.

Құдайберген:

Тоқсан түссе, қарайды мұз алғанға, Күйеу деп көп ойнайды қыз алғанға. Егер де бөріктіден қаша қойсаң,

Мен сендей қарамаймын қызарғанға.

Жаңылдық:

Өлеңге жас күнімнен өзім тоқпын, Сілтеген қараңғыда жалғыз оқпын. Қалай айтсаң, олай айт, Құдайберген, Мал құдайы қылсаң да, саған жоқпын.

Құдайберген:

Өлеңге мен білемін үдеріңді,

Мен саған қайдан білдің не дерімді?

Аталық атастырған жұртың еді, Үзесің не себепті күдеріңді?

Жаңылдық:

Әуел айым, дегенде әуел айым, Сіздерден аямайын тілдің майын. Аталық, күдер үзбей, мен қайтемін, Бұрынғы атастырған өлген байым.

Құдайберген:

Байың өлсе, мұрасы бар емес пе, Ол да саған, қарағым, зар емес пе? Аталық атастырған жұртың еді, Кетем деген өзіңе ар емес пе?

Жаңылдық:

Рас-ау, кетем деген ар емес пе, Қолыма жетектеген нар емес пе?

Аталық, мен қатарлың құрып қап па ед, Таңғаның маған бүгін шал емес пе?

Құдайберген:

Ағамды дұшпандықпен кәрі дейсің, Көзі көк, сақалы жоқ сары дейсің. Нәсіп болып, қолына тие қалсаң, Кәрі емес, мұның өзі дәрі дейсің.

Жаңылдық:

Күрең ала дегенде күрең ала Әркімге медет берер Алла тағала.

Қу шандыр, қу ағаңды мақтай берме, Сүйретіп, не қылайын ағашты ала?

Құдайберген:

Ағама сөйтіп қана тиіскейсің,

Ол жайын жүре-жүре біліскейсің. Қолына оңашада түсе қалсаң, Астынан тамағының иіскейсің.

Жаңылдық:

Бақыбай, Қуанышпен алдың қоныс, Көп күліп, ыржаңдайды ана Толыш.

Намысқой, ондай жесір жібермесең, Қатыныңды неғып алды Бапал орыс?

Құдайберген:

Жаңылдық, бір қоймадың айтқаныңды, Білмей қалып жүрмеңіз қайтқаныңды. Кісінің ширек мінін сөз қыласың, Өзіңнің қоя тұрып батпаныңды.

Жаңылдық:

Қара керім, дегенде қаракерім, Еті бар қаракердің алым-берім.

Өзің ширек, біздерді батпан қылдың, Сол батпанның мәнісін айтып берің.

Құдайберген:

Өлең қылып берейін аймағыңды, Пайда қылма, Жаңылдық, жайғаныңды. Екі қызы орысқа бірдей тиген, Қайтесің бөлек тілеу Шайманыңды?

Жаңылдық:

Мен тұрған осы күні піскен алма, Құдеке, білгеніңнен айтпай қалма. Екі қызы орысқа тиген дейсің, Олардың қайынжұрты бар ма сонда?

Құдайберген:

Біреуі Шуылдақтың қатыны еді, Ол, байғұс, қатынынан қапыл еді. Дінін бұзып, орысқа тигеннен соң, Соттасып, осы уақытта жатыр еді.

Жаңылдық:

Базардан алып келген қызыл алма, Құдеке, білгеніңнен қапы қалма. Әшейін жала сөзді көп айтасың, Мән-жайын білетұғын куәң бар ма?

Құдайберген:

Салайық айтқан сөзді осы көпке, Шығам дейсің, қарағым, өзің шетке. Сенің ағаң, Зәуірбек, мынау отыр, Куәма өткіземін Зәуірбекті.

Жаңылдық:

Сиыр сұлу көрінер тұқымымен, Қыздар сұлу көрінер мықынымен. Бірің ақсақ болғанда, бірің – соқыр, Қисайтып, ұрған екен тұқымыңмен.

Құдайберген:

Қыз іздеген жігітке сұлу керек, Сылай төс, қырлауырақ мұрын керек. Әттең, сені замандас демеген соң, Шал да болса, біреумен құру керек.

Жаңылдық:

Ағаңыз мені алатын Құрманәлі, Қандай ед айтып бергін оның қалы? Алам деп иектерің қышымасын,

Он шақырым аулақ жүр менен әрі...

Құдайберген:

Жаңылдық, келіп едім сені мақтап, Төрт арыс ауылыңа келді қаптап. Бармасаң, ағамызға бармассың сен, Ауылыңда жүруші еді қойшың жақтап.

БАҚТЫБАЙ МЕН МӘЙКЕ ҚЫЗ

Бақтыбай:

Кітапқа қисса болар жазған өлең, Шерменде пенде, сірә, бар ма менен? Жатқанда бидай орып орақпенен, Айтыстым Мәйке қызбен іздеп келген.

Шұбарға салдым бидай, біраз тары, Адамның дұшпан екен алған жары.

Найманға жолаушылап кеткенімде Жеп қойды егінімді елдің малы.

Сол жерде қайғы түсті батырыңа, Еш нәрсе тиянақсыз ақылымда.

Мазамды келген жерден кетірген соң, Еркексіп, қоқаңдадым қатыныма.

Сол жерде бәйбішемнен кетті мазам, Өзіме азар болды қылған жазам.

Бидайды асарлатып орғызбаққа, Істедім бидай көже екі қазан.

Үстіме шоқай етік, кидім шекпен, Қолыма орыс орақ, алдым кетпен. Әулігіп, ел қыдырып жүремін деп, Оратын бидайдың да уағы өткен.

Бидайды орайын деп икемдедім, Қолыма орақ алып, түйтеңдедім. Төбесі кезден ұзын қалпағым бар, Міндім де, бір сиырға тепеңдедім.

Бидайдың өзі піскен аса шөлдеп, Болып тұр мойны сынып, қирап өлмек. Шаруамды төкпей, жинап алайын деп,

Сиыр мініп шықтым үйден күйбелеңдеп, Артыма екі қарын көже теңдеп.

Бидайға сәске түсте жетіп бардым,

Бардым да, «Пысмылда» деп, орақ салдым. Отыз бау түске дейін байлап қойып, Басында бір қырманның демімді алдым.

Жаратты Бақтыбай ғып Хақ Тағала, Үйдегі не демейді қатын-бала.

Көз салып, ауыл жаққа қарап тұрсам, Келеді тура жүріп жалғыз қара.

Қасыма ер Меңдібай жетіп келді, Келді де, Бақтыбай деп, жауап берді.

Секілді қортық қошқар, жазғаным-ай,

«Басыңды бермен қарай көтер», – деді.

  •  Ауылға Сыпатайдан бір қыз келді, Өнері сенен артық екен, – деді.

Ол сенің ақындығың бекер дейді. Басыңнан кісілігің кетер дейді.

Бақтыбай, барың болса, қамданып қал, Ажалың осы қыздан жетер, – дейді.

Хабаршыға айтқан Бақтыбайдың сөзі:

Ертіске ел қонғанға түсер кеме, Мақтадың, ей, Меңдібай, мұнша неге? Алдыма адам ұлы түскен емес, Қашырма дегбірімді, жаман неме.

Ауылдан бір топ адам шыға келді, Екпіні самалданған соққан жел-ді. Қолында сырлап қойған сары домбыра, Түрленген тоты құстай бір қыз келді.

Жан екен сыны түзу сырлы аяқтай, Бақаңның жерде тұрып көзі көрді.

Қыз екен қызылсары, бойы сұңғақ, Қолына сары домбыра алған сырлап. Аққудай желді күнгі аспанға өрлеп, Толқытып шығарып тұр әннен ырғақ.

Қызығып, қыз сөзіне бойы балқып, Еңкейіп тұра берді Бақаң тыңдап. Көрген соң Бақтыбайды олқысынып, Төрт ауыз өлең айтты Мәйке жырлап.

Мәйке:

Бақтыбай топтан шыққан ақын еді, Ақынға ақын адам жақын еді.

Есітіп Алатаудай атағыңды, Көңілім көлеңкеңе балқып еді.

Жаралып топырақтан Адам ата, Әйелден еркек заты артық еді. Ұмыттың Адам ата әуел жолын, Қадірлеп, үйден күтіп жатыр едім.

Жалайыр, көп мақтаған ісіңізді, Өнер мен тілге біткен күшіңізді

Көрген соң көңілім жасып, қатты ұялдым, Күйкиген күн қақтаған түсіңізді.

Бақтыбай:

Көңілім осы күні басылып жүр, Әркім-ақ дәулеттіге бас ұрып жүр. Үстімде шолақ шекпен, шоқай етік, Кедейлік берекемді қашырып жүр. Бұтымда жеті жылғы қатқан шалбар, Әр жерден әбүйірім ашылып жүр.

Бақтыбай тау суындай қылтылдап жүр, Буыным бидай орсам, сыртылдап жүр. Бір сиыр әрі көлік, әрі сауын, Жоқшылық мені сынап, сыр тыңдап жүр.

Жасымнан сөйлеп жүрген сөзім еді, Бидайға келіп тұрған кезім еді.

Тұрмысың қорашсынып, қарындасым, Бақтыбай – тақыр кедей өзім едім.

Мәйке:

Абылай аты шыққан үш төре боп, Көк шығар көктемеде тістеме боп. Аруағың Жалайырдан асып еді, Жәкетай, не ғып тудың кішкене боп? Ертіске ел қонғанда түсер кеме, Жаны бар, бұл сөзді де бекер деме. Даңқыңыз Жалайырдан асқанменен,

Қортық боп тудың, сорлы-ау, мұнша неге?

Бақтыбай:

Қарашы шамасына мыс пен қола, Шырағым, өкпелеме бойға бола.

Болғанмен бойым тапал, ойым – биік, Кеудемде шірімейтін алтын тола.

Өмірі Бақтыбайдың осы деме, Келіп ем шаруам үшін бидай ора.

Көктегі мен ақ тұйғын Көлден аққу ілетін.

Таудағы жүрген ақиық Бақаң бүркіт емес пе, Сайдан түлкі бүретін?

Нарқымды білсең, Мәйке қыз, Жөнің емес күлетін.

Сары тоғайда қырғауыл Мәйкетай сіз емес пе? Кәрі тарлан қаршыға, Үйрек пенен тоты құс, Қанша жарлы болса да, Алқымында жүретін.

Мәйке:

Қыдыр шалып, бақ қонған Ескелді бір атаңа.

Махшарда Құдай сүймеген Меккенің дәмін тата ма?

Көрмекке іздеп келіп ем, Жалайырға сүйікті, Тіліңе біткен опаңа.

Қалжың да болса, тоқтадым, Аузымнан шыққан қата ма? Ұлықсат етсең, келіп ем, Алайын деп батаңа.

Бақтыбай:

Өзен судай кемелім, Салқын үйде отырсам, Шығар еді өнерім.

Әрі-бері сапырсам, Әуселеңді көрермін. Қырыққа жасым келгенмен, Әзілдесіп ойнауға

Қыздар деген шіркінмен Әлі күнге шебер ем.

Жарамайсың жалғыз-ақ, Еркек бала сен болсаң, Өлеңім бәрі кетсе де, Аямай, бата берер ем.

Мәйке:

Бақтыбай, босқа желікпе, Еркек – дарақ, біз – бұтақ. Аңғарып айт, демікпе.

Әйел де адам баласы,

Бір жақтан ауып келіп пе? Қыз да болсам, мен сені Жібермеймін ерікке.

Өзіңді өзің қамбаздап, Бізді мұнша кемітпе. Ақылмен ойлап шешесің Осы сөздің егесін.

Ақыретті ойласаң, Дүниеден тегі безерсің. Жаман болса ұрғашы, Жазы-қысы тыным жоқ. Көрінгенге күл шашып, Жазған-ау, неге кезесің?

Бақтыбай:

Бақтыбай қылып Құдайым Жасымнан мені жаратты. Ішпек-жемек уажіп, Пендеге берген санақты. Арсалаң ақын о да аман, Түбек пенен Жанақ-ты.

Айтыспақ түгіл бұлар да Нұсқауымнан қамапты. Үш кессе де, жыланды, Кесіртке әлім бар-ақ-ты. Араладым бірталай Абақ пенен Тарақты.

Өлеңменен айтыста Тартушы едім қадақты. Таразыға түскенде Тартынбай сөйле, Мәйкежан, Бала екенсің талапты.

Сен қандайсың, мен қандай, Белгілі болар әлі-ақ-ты.

Мен – ақ тұйғын, сен – торғай, Жаздым, міне, қанатты.

Мәйке:

Ілгері кеткен егдесің,

Құнан да, тай да табың жоқ, Байлықтан біткен бағың жоқ, Көрмегендей шағың жоқ.

Мақтаннан еш береке өнбегендей, Қамтитып көкірегіңді қаққанменен, Қайда бар мал мен басың өрлегендей Аттыдай жаяу тұрып мақтанғанмен. Мұныңмен сөз орнына келмегендей, Без, шіркін, мысыққа да бітетұғын, Мияулап, мауық іздеп, шөлдегендей. Көтеріп өзіңді-өзің қампиясың, Жайыңды Мәйке барып көрмегендей.

Бақтыбай:

Тау суындай тасулы, Келтірме, байғұс, ашуды. Перінің қызы болсаң да, Кемітпей сөйле басымды. Танымайсың нәсілді,

Он екі жасқа келгенде, Аруағым әлде шашылды. Кедейсің деп кемітпе, Мен сияқты асылды.

Жаратты Бақтыбай ғып Құдай мені, Бір сөздің айтатұғын келді жөні.

Келді ме Түлен түртіп сен, бейбақты, Қалайын бір айттырып, келсе, жөні.

Мәйке:

Жақсы айтсаң, Бақтыбай, Ақ маңдайда бағың бар. Қалыңмалға жеткендей

Жазған-ау, қанша малың бар? Көрініп тұрған түгің жоқ, Көрсетпей жиған қазына, Қанша сенің халың бар?

Күшік деген халықта Некелеп қойған жарым бар! Қара суда балық бар, Айтқан сөзде парық бар, Күшік деген халық бар,

Он үш айда жетемін, Соған шейін алып қал.

Бақтыбай:

Әрі-бері сөйлесем Шығарамын шиіңді, Тарттырамын күйіңді.

Мен – қаршыға, сен – үйрек, Ілейін деп, түйілді.

Жалайыр басын бір қосқан, Барармын мен де жиынға. Қалыңмалың жетпейді, Түтінге бес-он тиынға.

Қалыңмалды қоя тұр, Үйіңе барып істей бер, Киетұғын киімді.

Мәйке:

Ауызша сенің көңілің Жанып тұрған шаладай. Әңгір-әңгір сөйлейсің, Бастықпаған баладай.

Әлің келсе, ат-түйе, Батаяқ алар, бабам-ай.

Ертең ұят болмасын, Ат-түйені қоя тұр, Батааяққа беруге

Қотыр бұзау таба алмай, Әулікпе, Бақа, әулікпе, Өзіңді-өзің шамала-ай. Қор боласың, байғұс-ау, Екі қатын алған соң Көзің болар шарадай.

Елге күлкі боларсың,

Мал тауып беріп, Мәйкені Тоқалдыққа ала алмай.

Ел бетіне жүрмегін Ұялғаннан қарамай. Мәйке бала келгенде, Мәйкенің жүзін көргенде, Әлек болып жұлқындың, Азбан бұқа сияқты

Топырақ шашып далада-ай.

Бақтыбай:

Аламын десем мен сені Жалайыр берер көмегін. Жалғыз-ақ, Мәйке, айтайын, Жалғыз атты қаңғыған Сорлы екен демегін.

Басылып жатқан қазына – Таңдайға біткен өлеңім. Домбыраны қолға алып, Біраз ғана желемін, Жасырмаймын, кедеймін, Елден нәсіп теремін.

Бір қыздың малы немене, Бір жылда-ақ тауып беремін. Кепиетсіп жөн бе еді, Адамзаттың баласын Айуанға теңеуің?

Жаныма менің тигенің, О да мені сүйгенің.

Өнерлі туған ер еді, Алсын мені дегенің. Домбырамды тағармын, Жалайырға барармын. Ашулансам малыңды Жеті күнде табармын.

Мәйке:

Қыз да болса, Мәйке қыз, Көрген сендей талайды. Орнатарсың бай болсаң Ағаш үйден сарайды.

Шамаң келсе, Мәйкені ал, Өнері бар Мәйке қыз

Бір кәдеге жарайды. Сөйлейсің Жәке құбылып, Қатының жаман болған соң. Үйің сенің қалыпты,

Бір арыққа тығылып, Дүмбірлеп тұрған үйің жоқ. Үйіңнің сенің ішінде Ораулы тұрған шиің жоқ.

Ыштансыз отыр қатының, Қай жаққа кеткен ақылың?

Бақтыбай:

Мәйкетай, айналайын, ақылыңнан, Жалғанда қорлық көрдім қатынымнан. Берсем де, ердің құнын сені алайын, Үйдегі озамысың «батырымнан»?

Мал шығын ғып алмаймын, Дәйттен сен аспасаң.

Боласың жақсы бәйбіше, Шаруаны бекер шашпасаң. Мен кетсем, қаңғып ұзаққа, Сен кетсең, қаңғып бір жаққа, Хас масқара болармыз,

Осы күнгі, шырағым,

Жүрісіңді бастасаң, Сондай қызық болармыз. Шаруаны сүйтіп тастасаң. Қарағым, Мәйке, баласың, Балалықпен білмейсің, Адамның байқап бағасын. Ақылың маған жеткен жоқ, Білместіктен, қарағым,

«Кедейсің», – деп шаласың, Ескелді, Естай бір туған, Әулие өткен білесің, Бақтыбайдың бабасын.

Сиыршы деген елі бай, Шұбар деген жері бай, Сиыршының беремін Сиырының бір жылғы Азар болса танасын, Онда Құдай бермей ме Бақтыбайдың шамасын?!

Не десең, о де, Мәйке қыз, Тірі жүрсең, әйтеуір, Бақаңның отын жағасың.

Мәйке:

Қыз да болса, Мәйке қыз, Сиыршы жайын біледі.

Сенің айтқан сөзіңе Көңілім менің күледі. Қанша айтсаң да, келмейді, Еліңнің сенің реңі.

Бақал боп бәрі құрыған, Бір тиынды алам деп Жол тосумен жүреді.

Андас мырза сияқты Атақты ерің кім еді? Сиыршының қыздары Ақ бидайды ора алмай Бороздаға сүрінген.

Қатқан шалбар, қу шекпен,

Үстінде жүр сүрілген. Қанша қатын алып ең Бұдан бұрын тіліңмен, Сенікі еді бір әлек, Әншейін бір бүлінген. Құмар едім, Бақтыбай, Бір көрмекке өзіңді, Не десең де, байғұс-ау, Ала алмайсың өзімді.

Бидайда Құдай келтірді Бақтыбай, сенің кезіңді. Бақтыбай, қисық, қыңыр ең, Бүгінгі күні кез қылды Түзететін кезіңді.

Қораң толған малың жоқ, Кедейсің, сорлы, құның жоқ, Кім сөйлейді сөзіңді?

Бақтыбай:

Байтулақ тартар атымды, Сөйлейтұғын ерінбей.

Байтұрбай сөйлер сөзімді, Ебінің соққан желіндей, Бекмұқамбет сол сөйлер, Атасы Балпық емес пе, Қазанның асу, беліндей.

Исабек сөйлер сөзімді, Бейбіт бидің баласы Сөйлейтін топта шегінбей, Байқоржын мен Тарағым, О да менің қарағым,

О да сөйлер сөзімді, Аспанда жүрген перімдей.

Замандасым Дәнең де, Өзі болыс, өзі ояз

Жәлменде жатыр төменде, Осылар тірі тұрғанда Жасымаймын, Мәйке қыз, Сен кедейсің дегенде.

Мәйке:

Байтулаққа беретін

Байғұс-ау, сенің шайың жоқ, Баймұқамбетке апарып, Аруаққа байлайтын Жылқыда асау тайың жоқ. Кәрі шалға берер пұлың жоқ, Қалтаңда сенің дымың жоқ, Әншейін де жақынсың, Шынтуайтқа барғанда, Елтірі құрлы құның жоқ, Тараққа берер малың жоқ.

Тамағы кең кісі еді, Байқоржынға беретін Дулыға өркеш нарың жоқ. Ақсақ тоқты, қотыр қой, Осыменен күн көрген Ақындығың болмаса, Маңдайға біткен бағың жоқ.

Бақтыбай:

Байтулақ – о да қатарым, Айтқанымнан шыға алмас. Адамнан пара алмаған, Пәлеге көзін салмаған.

Қараның ханы – Байтұрбай, Тегінде пара сұрамас, Балпықты айтып барған соң, Парақор қанша болса да, Бекмұқамбеттен шыға алмас. Дүйсембі еді бабасы,

Бейбіт бидің баласы. Адамнан шыққан бидайық, Ақылға зерек Тарағым.

Қасқырдан жемқор кісі еді, Қоймас, сірә, тамағын.

Ел боп Жәкең сөйлесер, Әрі болыс, әрі ояз, Құдай артық жаратқан Қатарында талабын,

Кедейлікті бетіме Шіркеу қылып салмағын. Не десең, о де, әйтеуір, Наурызға жеткізбей, Сөзсіз, сені аламын.

Бүгіннен бастап күліңді, Аудара бер, қарағым.

Мәйке:

Ағасың, жасың үлкен, Бақа, сенің, Сөйлесем шығарамын сөздің кенін. Тоқтайын, жасың үлкен адам едің, Жел сөздің не қылайын артық-кемін?! Тоқтадым, тоқтайды деп, Бақа, саған, Өлеңім таусылмайды айтсам менің.

Қайтайын, ұлықсат бер енді, Бақа, Айтыстық көңілдегі сөздің жөнін.

* * *

Бақтыбай алмақ болды деп, Жайылды жұртқа хабары. Өзіне үлкен намыс боп, Бектемірдің жабылды Одан сайын қабағы.

Келінімді берсін деп, Байгөзге кісі салады.

Бас салып, тартып алмақ боп, Неше күндей қамады.

Қыздың жаны шошынып, Бәйтік ойға түскенде, Қысылып, оттай жанады. Күшіктей Мәйке қысылып, Бақтыбайдың жолына Күннен-күнге қарады.

Бақтыбайдан бір хабар Бола ма деп Мәйке қыз Құдайдың күнін санады. Екі айға дейін еш хабар Бақтыбайдан болмады.

Қапаланды Мәйке қыз Болдым деп неден жазықты, Сәлем хат жолдап жазыпты...

Мәйке:

Бақтыбайға не болды, Өлеңге желдей есе алмай? Заты кәрі кісі еді,

Қой қосағын жүр ме екен Қолы мұздап, шеше алмай?

«Байтал түгіл, бас – қайғы», Отыр ма екен жұртында Түйе тауып, көше алмай?

Бақтыбайдың Жәлмендеге айтқаны:

Ассалаумағалайкүм, Жәлменде болыс, аман ба? Адамға адам сүйеніп,

Жан бақпақ еді әманда. Әрбір ханның тұсында Бір сұрқылтай деген ғой, Қатарында Балпық би Ескелдіге көз салған Қасына ерген заманда.

Жанақ, Түбек Найманда, О да өзінің тұсында Сүйенген досы бар еді Байлығы дария Маманға Ескелді, Балпық тұсында Болған екен Қабаны, Соларменен сөз алтын, Болған екен бағалы.

Шортанбай, Шөже, Орынбай, Қаздауысты Қазыбек, Құсбегі, Шыңғыс, Құнанбай – Солармен кірген ажары.

Екейден шыққан Сүйінбай, Қасқарау Жайнақ, Сұрабай, Сарыбаймен құрдас боп, Кірген екен ажары.

Адамға адам себепкер, Қалған екен мұрасы.

Біреу – жарлы, біреу – бай, Жаратып отыр құдасы.

Қара Бәйтік, Кенжебай, Уағында шығыпты Қырғыздан асып расы. Қатарымда сен шығар, Саяңда мен бұлбұлдың Алдыңа күнде сайраған, Топқа салған жорғамын, Табаны мұзда таймаған, Ақылға дарқан кемеңгер, Ер мұқтажын ойлаған, Алтын сөзді аға боп Қабар менен Найманнан, Қара Балпық аруағы, Жәке, сізге айналған.

Лауқылмақфуз кәламда Жазылған артық ирегің. Аруақтым Бәйшегір, Жалайырдың аз елін Андас пенен Мырзаға Теңгеріп, өрге сүйредің. Үйсін, Найман баласын Ояз болып, биледің.

Сіз Жәлменде болған соң, Жалайырда белгілі

Саяда мынау жүргенім. Ішім– ауру, сыртым – сау, Запырандай күйдемін.

Осы жүрген кезімді, Айтпай-ақ өзің білесің Ойымдағы сөзімді.

Өлеңге жүйрік болсам да, Жақтырмаса, айтады Қайыршы деп өзімді, Алтын жүнді сұр тоты,

Байланған шынжыр арқанмен Арманда боп тұр бір тоты.

Қызығамын түсіне, Мойнындағы асыл ісіне, Шынжырды егеп, қиятын

Асыл егеу және жоқ, Мен байғұста шама жоқ, Осы құс түсті көзіме,

Қапаста бұлбұл сайрайды, Бұлбұлды көзім көргенде Қазандай ішім қайнайды. Сол бұлбұлды алам деп, Қайтейін, көңілім ойлайды... Есігін ашып кірерге

Қолым қысқа, бұлым жоқ, Ол қапастың ішінде

Мен байғұсқа орын жоқ, Тілге келсе, бұлбұлмын, Малға келсе, құзғынмын, Бір шабар менің қоңым жоқ, Егеуім жоқ қолымда, Шынжырды егеп, кесерге Аяқбауым қолым жоқ, Әдісін тауып шешерге.

Таудан қашқан ол түлкі, Қайратым жоқ жетерге. Осы қалған дүниеден Арманда басым өтер ме? Сыртым – бүтін, іш – түтін, Жолықтым мұндай кеселге. Көрген күнім күн емес, Және менің бұрынғы Өзіңіз де білесіз,

Қалтамда жоқ бұлымды. Айтайын деп келіп ем Алдыңызға мұңымды.

Ел мен ерді қуат қып,

Бір сертке Бақаң ұрынды. Ер жігітке серт екен, Жете алмаса сертіне

Жазылмас ойдан мерт екен, Өмірлік жолдас – ғашықтық

Жүректің жанған өрті екен. Жақсы әйел мен жүйрік ат Жалғанның сондай көркі екен.

Жалайырдың ішінде Ашты Құдай жолыңды. Жеткізіп отыр қолыңды. Әрі болыс, әрі ояз, Төрден алдың орынды. Нашарға көзің салатын,

Жосылып кеткен нашарлар Саяңда жаны қалатын.

Арқаңызбен алатын. Бақ орнаған кісі едің Аруағыңыз толымды. Ақылға дария кен едің, Асқар таудай көбелі.

Алтын бұтақ бәйтерек, Жәлменде би сен едің, Саялай келген мен едім.

Жәлменде:

Бақ қонбайды жасыққа, Көңіліңді, батыр, жасытпа! Жігіт адам жетеді

Шын қамданса мақсатқа. Құмарлық іс ғашыққа.

Мен аянып қалмаспын Келгенін саған қолымнан, Байқоржын, Тарақ жалғассын, Туғызып Айды оңынан.

Мәйке кетпес еш жаққа, Бұрылып сенің жолыңнан.

* * *

Екі ай жүрді Бақтыбай, Мәйке қыздың соңында, Сар домбыра қолында,

Әркімге жүрді жай айтып, Жетсе деп ісім орнына.

Бас қосып, қалың ел келді, Қол ақы жесір ұлықтан, Сөйлейтін сөздің өрнегі.

Біреуге біреу теңдік ап, Топтағы мақсат бермегі. Кәрішал шыны, Байтұрбай, Байқоржын, Тарақ Найманнан, Жәлменденің үйінде

Бас қосып, солар кез келді. Бақтыбайды көргенде,

Иек қағып, Жәлменде Көз астымен меңзеді. Сол уақытта Бақтыбай

Жұмбақтай қылып мұң айтып, Біраз ғана сөйледі.

Бақтыбай:

Басында мына Алатау ойлаған жоқ, Негізі, тамам таудың бел болам деп; Негізі, мынау теңіз ойлаған жоқ, Жетісу теңдей құйып, көл болам деп; Ақ құмы Атыраудың ойлаған жоқ, Тұз шығып, берекелі кен болам деп; Қызылқұм Жетіжалмен ойлаған жоқ,

Дым тимес, жазды күні шөл болам деп; Күйкентай бөктергімен ойлаған жоқ, Қайратсыз, тамам құстан кем болам деп; Кесіртке тышқанменен ойлаған жоқ, Күйкентай, жапалаққа жем болам деп.

Мен болдым сөйлер сөзге шапқан жорға, Дәулет жоқ сөзден басқа біздің қолда.

Мен көрдім жібек баулы бір тоты құс, Қапаста байлаулы тұр темір торда.

Күнқақты қаңғып жүрген мен – бір жазған, Орнымнан көтерем боп тұрған зорға.

Көзқұмар, көңіл ғашық, ә, дариға,

Жетпейді созса қолым оң мен солға. Сендерсің жел тимейтін орман-тоғай, Ақ мылтық қиын-қыстау боран болса, Мұң айтам алдын ала, халқым, қорға. Айтқан серт мәртебеге жетемін деп, Келіп ем бір талаппен осы жолға.

Жалғанда жақсы да жоқ, жаман да жоқ, Негізі, маңдай менен бақ пен сорда.

 Бақтыбайдың кедейліктен тартқан тақсыретін, құлашын кең жаза алмайтынын терең түсінген, әрі оның адамгершілігі мен ақындық, азаматтығына сүйсінген, бір жағынан, Мәйке қыздың аянышты халіне, шын мәнінде, жаны ашыған Жәлменде Мәйкенің қайын жұрты Бектемір адамдарын дереу Жалайырмен бітімге келтіріп, Мәйкені Бақтыбайға алып беріпті.

БАҚТЫБАЙ МЕН БӘЙІМБЕТ

Бәйімбет: Ассалаумағалейкүм, Бақтыбай, Бағарыңыз көбейсін,

Осы болса бар малың, Бес ешкілі кедейсің. Бес ешкіңнен айрылсаң, Қатыныңа не дейсің?

Қу тақтайды құшақтап, Сұмырай тілді безейсің. Сүйір пышақ, қу табақ – Мезгілмен соғым жемейсің. Өлеңменен байлардың Мінін айтып, шенейсің.

Қақсап жүріп бір күні Өлемін ғой демейсің.

Құдай берген өнердің Қызығын қашан көресің? Бес күндік пәни жалғанға Осынша неге сенесің?

Өлмеймін деп жүрмісің

Қырыңнан жерге енесің. Бақтыбай ақын дегенге Мәз боласың есіріп.

Бір тойып ішкен көжеңе Терлейсің, сорлы, шешініп. Жамыларға көрпең жоқ Жатарлықтай көсіліп.

Айтыспаққа құмар ем, Сеніменен шешіліп.

Саған айтар сөзім жоқ, Қалмаса тілім кесіліп. Сен Бақтыбай болғалы Қос атпенен жүресің, Жеке атқа қашан мінесің? Дүниенің шолағын Айтқызбай, өзің білесің.

Далаға шықсаң мақтанып, Үзеңгіңді шірейсің.

Үйде отырсаң омалып, Боқтығыңды күрейсің. Біздей сұғып тіліңді Қанағат қылмай Құдайға Елден жылу тілейсің.

Шұбардан, тіпті, көшпейсің, Көксаудан бұлай өтпейсің. Құдай тойым бермесе, Мұрадыңа жетпейсің.

Қай уақытта, Бақтыбай, Көресің елдің қарасын? Құдай жазған емес пе Әркімнің тағдыр қазасын. Дүниеқордың береді Өлгенде Құдай жазасын. Қолыңды жайып, сұранып, Кетірдің жұрттың мазасын. Онан-мұнан құрайсың, Қайырыңды сұрайсың.

Бет алып барған жеріңнен

Алмай, тіпті, тұрмайсың. Домбыраңды бетке ұстап, Зулап тұрған сұмырайсың Бай болмайсың, Бақтыбай, Барлық қанық бергенге.

Сұраншақтық азапты Тартарсың кейін өлгенде. Тырайып барып жатарсың Өлген қайтып келген бе? Неңді сойып бересің Үйіңе мейман келгенде? Бақтыбай деген атың бар, Қазаның толмас асың бар. Сен бір жүрген шерменде. Жарымаған сорлысың, Тақыр шалбар тоңдысың, Берер Құдай бергенге.

Бақтыбай:

Ал, Бәйімбет, Бәйімбет, Сөйлеп кеттің тоқтамай. Мақтанбағын баймын деп, Отаубайша оттамай.

Енді маған кезек бер Тұрдым тыңдап сөзіңді Өзің келіп тиістің Жеңбей қойман өзіңді.

Менің атам – Сырманақ Сенің атаң – Шуманақ. Табаныңда бүрің жоқ. Келдің қалай сырғанап? Шуманақтан Барақ-ты, Бақтыбай ақын аралар Абақ пенен Тарақты.

Байқап сөйле, Бәйімбет, Ашылар артың әлі ақ-ты, Құрт жеген соң басыңды, Шөкімдей миың қалмапты. Сүйір пышақ, қу табақ,

Жарымаған ел едің, Айтып бір салдың әуелден Ішіп, бір жеген тамақты.

Сенің атаң әуелі, Күшік емес, Көмшік-ті. Сұрастырсам атаңды

Атамнан атаң кем шықты. Бақтыбай кедей болғанда, Сенің елге нең шықты?

Қысы-жазы босасың, Тоғаның жоқ меншікті. Қыздырып ең аузымды, Маңдайымнан тер шықты.

Қайда көрсем шұбайсың, Бір орын мекен қылмайсың. Астықты қайдан алам деп, Құдайыңа жылайсың.

Қақпан, тұзақ арқалап, Сексеуілге барасың.

Шырпының түбін сау қоймай Қақпан, тұзақ саласың

Тұзақ пенен қақпанға Ертең түсте барасың. Арам өлген қоянды Арқалап, жиып аласың. Ақкөз қоян адал деп, Біле тұра арамды Қазаныңа саласың.

Құдай өзі береді Арамқордың жазасын. Баққаныңды мал демей, Еңбек қылып, нан жемей, Біздің елдің дәніне

Күзді күні болғанда Айырбастап тұзыңды Аласың елдің мазасын. Менің атам – Байкөбен,

Сиыр бағып жүргенде, Ақсақалды шал келген. Шұбардан қоныс ал деген, Ақ бидайды сал деген.

Ақ бидай салып, нан жеген, Нан жеген соң, дәндеген.

Қараталдан тоған ал, Тоғанға қарай қоғамдал, Иесіз жатқан Шұбардың Егістігі мол деген.

Қыдырлы тоған болған соң, Орыс деген ел келген.

Өнері көп орысты

Үйір қылдым жерменен. Сенің елің қорқады

Мен емес пе тең келген? Арық аттай, Күшігім,

Шом тесіп, арқаң жауыр боп, Ел қатарына енбеген.

Базардан алған кездеме, Жаманның сөзін сөз деме. Бақтыбаймен айтысты-ау, Бәйімбет деген таз неме. Бақан өлең қозғаған, Алдынан жүйрік озбаған. Бәйімбет, қайдан кезіктің Айтпайтын сөзді қозғаған. Жүзден озған тұлпармын, Сөз тауып, сөзден қоздаған.

Бәйімбет:

Бақтыбай, шешен ақын сөйлер сөзге, Бақтыбай боп атандың осы кезде.

Дәуірлеп барған сайын мақтанасың, Қанша ешкің бар отарда мұнан өзге?

Осы болса бар малың, сенбей-ақ қой, Қандай күнге кебенек салар күзде?

Сарысуланған салықшы, сорлы кедей,

Бидаймен тапқан малды көрсет көзге.

Бақтыбай, сене берме домбыраңа, Бес ешкің сауын болып, оңдыра ма? Кебенек кеп, ешкіден жұрдай болсаң, Байларың сені қоңсы қондыра ма?

Тіліңді безеп, сауын сұрайсың ғой, Қу тақтай сабай берсең, болдыра ма?

Қу кедей, не бетің бар мақтанардай, Малың жоқ сойып жейтін басқалардай. Жасыңнан көргеніңнің бәрі бейнет Күнің жоқ тойып ішкен шаттанардай.

Біздің ел тауды жайлап, құмды қыстап, Жартысы өзен бойын қылар қыстақ.

Құдайым мал мен бақты бергеннен соң. Білмейміз жер шабуды кетпен ұстап.

Бақтыбай:

Баймын дедің, Бәйімбет, Қалай айттың, ұялмай? Отыр едім әуелде Жаман сөзге қия алмай. Жүр екенсің, байғұсым, Өзіңді-өзің ұға алмай.

Көпірме ауыз сорлысың, Орынсызға мақтанып, Тіліңді кеттің тия алмай. Берекелі бай болсаң, Жүрер ең ғой сұранбай. Маса менен шіркейге Қамалғаныңды білмейсің, Қаратал мен Көксуға Еркін жатқан сия алмай. Сұрамаймын бестіңді, Өлең қылдың ешкімді Жайлауыңды мақтайсың Тыртаңдайтын бес күнгі. Шын ақымақ екенсің

Деуші едім сені ес білді. Кебенек кеп, қырылса, Төлеуіне сұраман Қойың менен ешкіңді.

Кенелеп малы өлді деп, Сіздің елден бір өсек Біздің елге естілді.

Ешкім өлсе – қорамда, Бидайым бар ұрамда. Намыстансаң, Бәйімбет, Бізден келіп сұранба.

Жұтап кейде қаласың, Сасытып құмның арасын. Берекесіз, қайырсыз Байлығыңды ұрам ба?

Боғыңды көрмей шашылған Кеттің шырқап шығанға.

Ақ сүйек боп қырылдың, Өткен жылғы жыланда.

Ақ шомшы болып сандалып, Бидай сұрап зарланып, Қарымбай құсап жер жыртып, Өлсең еді мұнан да.

Жалайырдың баласы ең Жер сұрасаң, берер ем,

«Еңбек етсең, емерсің» − Сенен артық қылам ба? Жөніңді білмей, Бәйімбет, Қарға ұқсап қарқ еттің Алысқа қарар қыранға!

Бәйімбет:

Бақтыбай, өлең айтасың Кешке шейін жалықпай. Бәйімбеттен жеңілмей Сені Құдай тауып па-ай! Жатақ жаттың, Бақтыбай, Күрік болған тауықтай.

Жұтап Күшік қалғанда, Бес ешкілі Бақтыбай, Сенен сауын сауып па-ай? Той-томалақ көрмейсің Шілдехана, сауықты-ай.

Мақтансаң жөні келеді Білемін деп орысша-ай. Білінбейді, Бақтыбай, Адал менен арамың.

Мақтанасың семірсе, Астыңда бір-бір шолағың. Қанағат етсең болмай ма, Құдайдың берген шалабын...

Неге айтасың демегін, Базардың кидің кенебін Тесік, жыртық шалбардан Көрінуші еді керегің.

Бай болмайсың, Бақтыбай, Қой жайып, мал жиғанмен. Істеріңнің бәрі ерсі, Өздеріңе сыйғанмен.

Орыстың мініп шанасын, Базарыңа барасың.

Көйлек-көншек аласың, Ақшаң жетпей, тапшы боп, Сонда бір жасып қаласың. Антон менен Шодырдан Ақша қарыз аласың.

Келер жолы көктемде Топырағыңды саласың. Мақтанбағын, Бақтыбай, Білеміз ғой сырыңды Өстіп құрып қаласың.

Біздің ел құмда жатады, Қалтаға ақша басады.

Құнан қой мен дөнен қой Кездемеге сатады.

Бексұлыға сіздің ел Белшесінен батады. Жаздай тапқан астығын Бексұлыға тартады.

О да жетпей, тапшы боп, Жалғыз атын сатады.

Сіздің елді Бақтыбай, Өстіп Құдай атады.

Бақтыбай:

Бәйімбет, кепсің сандалып, Айтыспаққа қамданып.

Там босаға, тар есік, Байқап сөйле, аңғарып. Соқыр болса ұлығың, Көзіңді, тазым, қысып жүр. Оған арнап ор қазып, Өзіміз түсіп қалмалық.

Орыс деген халық бар, Сөйлер сөзде парық бар. Көрінбейсің, Бәйімбет, Сөзімді менің нарықтар. Өтірікті білмейді, Ұрлығыңды қылмайды, Біле білсең, Бәйімбет, Орыста талай парық бар. Несі жаман көрінді Орыс салған қаланың?

Қазақ барып алады Одан керек-жарағын. Өнерінен именбей, Одан да жиренбей.

Тілімді алсаң, қаңғырып Айдалада қалмағын.

Дейсің бізді орыстас, Орыс та болса қоныстас. Қалай жемей тұрасың Сыйлап берген тамағын.

Қаласы соның сатады Көйлегі менен көншегін Қатын менен баланың. Сол орысқа, Бәйімбет, Қарамай, кәне, қалғаның. Орыс деген өнерлі

Оны аузыңа алмағын. Қыздырдың ғой тілімді Домбырамды қағамын. Қойға ере алмай жүруші ең Құмға күйіп табаның.

Байқап қалдым, Бәйімбет, Тәуір екен самалың.

Бақтыбайдың алдына Айдап келген түрткілеп, Бәйімбет, сенің ажалың. Ноғай менен орыстар, Старшын мен болыстар, Орыс та болса, басыңды Осы күні сол ұстар.

Талдықорған базарым, Базарсыз болмас ажарым. Араласып, бәрі жүр – Орыс, ноғай, қазағым.

Барын халық алады: Шыны, шәйнек, қазанын. Басында тұр зор қауіп.

Жатырсың құмда бор қауып. Сорың қалың маңдайда Арылар қашан азабың?

Бәйімбет:

Жақсы айтасың, Бақтыбай, Домбыраңды қақтың-ай.

Үйсін, Найман бас қосса, Сөз нақысын таптың-ай. Намыстас боп орыспен Жатақ болып жаттың-ай.

Орыс пенен қазақтың Бәріне де жақтың-ай. Ендігісін өзің айт,

Бірталай тісім батты ма-ай? Жаяу едім өлеңге,

Ере алмадым аттыға-ай.

Бақтыбай:

Мақтан қылдың, Бәйімбет, Қойың менен жылқыңды. Егін салып, нан жесең, Бұзбайды ғой шырқыңды. Жеңемін деп желпеңдеп, Едірейттің мұртыңды.

Жамандама орынсыз Орыс деген жұртымды. Теңемегін Шұбарға

Құм сексеуіл шырпыңды.

«Илләләға» келтірген Пейілі жаман құлқыңды. Көрмей кепсің жығылар Алдыңдағы шұқырды.

Сенен несін аяйын Өлең деген шіркінді. Ең артынан айтпақ ем

Басыңды жеген құртыңды, –

дегенде Бәйімбет күліп, Бақтыбайдың қолын алады.

Бақтыбай:

Осылай едім, жайым деп, Жөнге келдің, Бәйімбет. Мұнан былай осылай Сәлем бергін дәйім кеп. Ақынды қорлап қайтесің Тілінің жүрген майын жеп. Жеңуім менің сөзсіз ғой, Боп кетпесе астыртын

Бір қиямет-қайым боп.

ҚАДЫРБАЙ МЕН БАЙТОҚ

 Бір күні Жәңгір хан билер алдында отырғанда сыртта Байтоқ ақын келіп, түсіп жатыр дейді. Мәжілісте ханмен бірге Қадырбай ақын бар екен. Хан Қадырбайға: «Байтоқты есіктен кірмес бұрын бір ауыз сөзбен тоқтатшы», – дейді. Есіктен кіре берген Байтоққа Қадырбай:

Осы үйде үлкен-кіші толып отыр, Шай менен қымыз ішіп, болып отыр. Байтоқ ақын келгенмен, орын бермей, Басыма дәулет құсы қонып отыр, –

дейді. Сонда Байтоқ тоқталмастан:

Біреуі бес намаздың бесінде тұр, Әлгі бір айтқан сөзің есімде тұр. Алақандай басыңның бәрі жылтыр, Дәулет құсы таз баста несіне отыр? –

дегенде, отырған халық шулап, ақынға орын беріпті.

ҚАРАІШІК ПЕН ҚУБАЛА

Қубала:

Осы жерге біздер келдік той бар-ау деп, Күреңді бос жібердік ойнар-ау деп.

Бұ тойдан соң қалсам да, үмітім бар, Жолдықты бізге деген қояр-ау деп. Алдында есігімнің сыдырым тал, Қабығын сыдырып жейді қой деген мал. Біздерді көп сөйлетіп, не қыласың?

Әкел де, жолдығымды алдыма сал.

Қараішік:

Алдында есігімнің сыдырым тал, Қабығын сыдырып жей ме қой деген мал? Тоқ бала біздің елде толып жатыр,

Әй, бала, жолдығыңды айтысып ал.

Қубала:

Кім еді айтып желсөз өңмеңдеген, Алладан келмей бұйрық өлмен деген. Кешегі ел қыдырған есер күнде

Қыз бар ма Байбақтыда мен көрмеген?

Қараішік:

Сен едің азбан Тана, азған Тана, Жығылсын атың жүрмей сазға жана. Еш нәрсе өз еліңнен таппай келіп, Құдықты біздің елден қазған тана.

Қубала:

Мен едім азбан Тана, азған Тана, Жығылсын атым жүрмей, сазға жана. Қараішік, келген жерден құдықты айттың, Немене құдық деген, Құдай тоба!

Қараішік:

Тезегін таза көлдің термеймісің, Жүгіртіп, ат құйрығын өрмеймісің? Болмасаң, есің кеткен есер Тана, Құдықты мал суарған көрмеймісің?

Қубала:

Қараішік қызығарсың қылығыма, Келтірме бұндай сөзді бұлығыма. Жолаушы, атым шөлдеп келе жатса, Салайын тері қауға құдығыңа.

Қараішік:

Қубала, қызығарсың қылығыма, Келтірме бұндай сөзді бұлығыма. Жолаушы, атың шөлдеп келе жатса, Қояйын астау құрып құдығыма.

Қубала:

Өлеңге сен де жетік, мен де жетік, Айтсайшы жетік болсаң, мендей етіп,

Мінезі құнанымның тентек еді, Сындырмасын астауыңды қарғып кетіп.

Қараішік:

Қызды көрсең, япыр-ай, күлімдейсің, Өзіңе өз қылығың білінбейсің.

Қызығып, қыз үйіне кіремін деп, Мұрының сағанаққа ілінгейсің.

Қубала:

Күлмеймін, ойнамаймын баламын деп, Ойнасам, бір пәлеге қаламын деп.

Неталы Бисалымен алып келді

Бір тұқым осындайдан аламын деп.

Қараішік:

Келе жатқан мына жақтан жүз қарақшы, Ішінде жұртты құртқан бір қарақшы.

Тананың Қубаласын алып келіп, Неталы, Бисалымен сен қарақшы.

Қубала:

Келе жатқан мына жақтан жүз қарақшы, Ішінде жұртты құртқан бір қарақшы.

Қалмақтан біз ұрласақ, жылқы ұрлаймыз, Өз бетін өз ұрлайтын қыз – қарақшы.

Қараішік:

Қубала, айта алмадың жардан ұшқыр, Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір.

Үйіңнің барлық жаны қырылып қалып, Байларда малайлыққа күнің кешкір.

Қубала:

Қараішік айта алмадың, жардан ұшқыр, Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір.

Қазақтай көп қарғысты мен білмеймін, Әкеңнің оң жағында ішің өскір.

ЗАМАН МЕН ҰМСЫН

Заман:

Ай, Алла, аманатың бізге міндет,

Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет. Күнәдан пәк қылғайсың, иа, Құдірет, Ажалға сабыр бергей екі жендет!

Ай, Алла, аманатың бізге міндет,

Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет. Күнәнің зардабынан қорыққаннан, Кетіпті кей дәруіштер Меккені іздеп.

Жомарт ер ақыретте иман табар, Сираттың көпірінен бәріңді айдар. Күнәдан бұ дүниеде пәк болсаңыз, Ішінен сегіз бейіш орын сайлар.

Жомарт ер ақыретте иман табар, Сираттың көпірінен бәріңді айдар. Күнәдан бұ дүниеде пәк болмасаң, Ішінде жеті тозақ сорың қайнар.

Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,

«Қол берген сауап дейді жеті пірге!» Ақыретке барғанда, сұрау жоқ-ты, Ішіне сегіз бейіш кіргендерге.

Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,

«Қол берген сауап дейді жеті пірге!»

«Ассалаумағалейкүм!» – дегенмен тең, Парызға дуа қылып жүрген ерге!

Ассалаумағалейкум – парыз сәлем, Ғаршы, Күрсі жаратты, Лаух ал-қалам.

«Үлде киіп, хор қызын құшар, – дейді, – Ішіне сегіз бейіш кірген адам».

Ассалаумағалейкум – парыз сәлем, Ғаршы, Күрсі жаратты Лаух ал-қалам.

«Жеті тозақ ішінде жатар, – дейді, – Иманынан айырылып қалған адам».

Қыз шыдап отыра алмады, өлеңді қоя берді: Ассалаумағалейкүм, бердік сәлем,

Біз сөйлейік, рұқсат берсе қожам.

«Білмегенді сұра!» – депті Алла Тағалам, – Қай сауаптан бейішті көреді адам?!»

Заман:

Дін мұсылман пендеге жаза қылмас, Ораза мен намазын қаза қылмас.

Малдан – зекет, қолынан қайыр берген, Сол себепті бейіштен құры қалмас.

Ұмсын:

Ассалаумағалейкум, бердік сәлем, Біз сөйлейік, рұқсат берсе қожам.

«Білмегенді сұра!» – депті Алла Тағалам, Қай қылмыстан тозаққа барады адам?!

Заман:

Қиямет қайым болғанда, ақыр заман, Ақыретте жаныңа күнә жаман.

Өтірікші, зинақор, ұры болса,

Сол себептен тозақты көреді адам.

Ұмсын:

Кім көнбейді Алланың салғанына, Бейшараның тозақта қалғаны ма?! Күнә менен зинадан мұқым болып, Тамам қожа бейішке барғаны ма?

Заман:

Мұсылманшылық көп пайда жандарыңа, Жан қиналар күнәның салдарына.

Қожа, қара демеңіз, бәрі бірдей, Жолықпаса Алланың оңдарына!

Ұмсын:

Қол берейік пірлердің төрт жарына, Жолықтырғай Алланың оңдарына! Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсем, Қандай пайда болады жандарыма?

Заман:

Нияз берсең, берерсің өз қамыңа, Өлгеннен соң жатарсың жер тарына. Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсең, Қожекең басшы болар алдарыңа.

Ұмсын:

Ажал келсе аңсызда, не айла болар, Он екі иман жаныңа пайда болар. Алланың аманатын тапсырған соң, Жұмла жанның тұрағы қайда болар?

Заман:

Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар, Иман берсе, өлгенмен, несі қурар? Жұмла жанның тұрағын иман сұрар, Иншалла, бейіш бар, сонда тұрар.

Ұмсын:

Ажал келсе аңсызда, не айла болар? Он екі иман жаныңа пайда болар.

Алланың аманатын тапсырған соң, Періштенің сұрауы қайда болар?

Заман:

Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар, Иман берсе, өлгенмен несі қурар? Сираттың көпірінен сауал қылып, Періштенің сұрауы сонда болар.

Ұмсын:

Ажал келсе аңсызда, не айла болар? Он екі иман жаныңа пайда болар.

Алланың аманатын тапсырған соң, Қыз, жігіттің күнәсі қайда болар?

Заман:

Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар, Иман берсе, өлгенмен, несі қурар? Күнәң үшін қожаңа ысқат берсең, Жаныңа бір шыбындай пайда болар.

Ұмсын:

Ажал келсе аңсызда, не айла болар? Он екі иман жаныңа пайда болар.

Алланың аманатын тапсырған соң, Естір құлақ, сөйлер сөз қайда болар?

Заман:

Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар, Иман берсе, өлгенмен, несі қурар? Еститұғын құлағың, сірә да, өлмес, Сөйлейтұғын қызыл тіл – аруақ болар.

Ұмсын:

Ажал келсе аңсыздан, не айла болар? Он екі иман жаныңа пайда болар.

Алланың аманатын тапсырған соң, Көздің нұры көгісіңмен қайда болар?

Заман:

Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар, Иман берсе, өлгенмен, несі қурар? Әлхамды ат қылып, мініп жүрер, Топырақты тон қылып, киіп тұрар.

Ұмсын:

Алланың мың бір аты «Аллажар» ма? Қожеке-ау, сізден бізге дәрмен бар ма? Адамды өлгеннен соң, бес бөліпті, Оның, сірә, қосылар жері бар ма?

Заман:

Қожа – Құдай пендесі, о да не дер? Мұхаммедтен басқада жоқ-ты өнер. Қиямет-қайым болғанша қосылмақ жоқ, Заманақыр болғанда, сөз күн сұрар.

Жамиғы жан сол шақта түгелденер!

Ұмсын:

Қожеке-ау, сіз – ақсүйек, біз – қарамыз, Бәріміз Тәңірі алдына бір барамыз.

Тәңірі алдында табамыз сізден сауап, Дәнемені білмеген бейшарамыз.

Заман:

Ұмсын-ау, мұнша неге қысағаның? Көп дейді сұрағаныңнан сұрамағың.

Шыныңменен: «Пірім!» – деп, нияз берсең, Сауабымен Тәңірге тапсырамын.

Ұмсын:

Бір мағына сұрайыншы, Заман-еке, Қиялы бұзған қалай-ды халал неке?! Мүридін бастап Құдайға пірі апарса, Елді неге іздейді мүрид Мекке?

Заман:

Қожаң айтар кітаптан, көрген сөзін, Күнәң қалмас, Меккенің көрсең жүзін. Ғалым қиған некені арам қылсаң, Қаса доңыз болғаның, бір мегежін.

 Қожа қайраңдап қалды, не айтарын білмегеннен, қалбалақтап айтқаны:

Ұмсын:

Қожекем – қара құлып, алтын сандық, Тақсыр пірдің жауабына қайран қалдық. Сөз сұрасам, теңейді мегежінге,

Қай жерінде қалды екен мұсылмандық?

Заман:

Әркім-ақ бұ дүниеден өтер, Ұмсын, Өткен жанның жұмысы бітер, Ұмсын! Ісіне шариғаттың талас қылсаң, Күнәһың асып таудан кетер, Ұмсын!

Ұмсын:

Қожеке-ау, адал көп пе, арам көп пе?! Жеті қат жер, жеті қат аспан көкте.

Көрер көз, сөйлеген сөз – бәрі күнә, Қожеке-ау, өлең айту сізлерге еп пе?

Заман:

Шыныңмен Құдайдан қылсаң қауіп, Тілеулі құл жүреді иман тауып.

Шын дініңе берік болсаң, Ұмсын ақын, Өлеңнің күнәсы жоқ: істер сауық.

Ұмсын:

Қожекем кітабымен болжайды екен, Екі жендет кітапты сұрай ма екен?

Көз бен тілден, күнәдан пәк болса адам, Қожеке-ау, енді күнә қандайда екен?

Заман:

Ұмсын-ау, сөз күнәсі – өтіріктен, Нәпсінің бір күнәсі – мәкүріптен. Залалы жоқ адамды ғайбат қылма, Аллаға тіл тигізбе, үміт етсең!

Ұмсын:

Қара кісі қожаны: «Иа, пір!» – дейді,

«Аллаға тіл тигізген кәпір!» – дейді.

«Пендесінің күнәсі сол-ақ па екен, Білмеген қанша күнә жатыр?» – дейді.

Заман:

Иар солы Жаббардың ісі таса,

«Сауаптан обал көп!» – деп ойламаса. Қол берген пірді салма көңліңізден, Күнә сол – ата-анасын сыйламаса!

Ұмсын:

Қожеке-ау, пірлігіңмен қолдармысың, Пірді ұмытқан Құдайға болар дұшпан. Тәңірі алдына барғанда, тақсыр қожам, Біз сол жерде көреміз қандай қысаң?!

Заман:

Ұмсын-ау, айтқан сөзге нанбаймысың? Сен данышпан ақылды өз жынысыңнан. Тәңірі алдында бар дейді талай қыспақ, Әркім тартар өзінің қылмысынан.

Ұмсын:

Қожеке-ау, көрген сөз бе салдамаңнан? Пендесі құтылмайды бір қазадан.

Қара кісі тартады қылмысынан, Қожа қалай болады ысқат алған?

Заман:

Ұмсын-ау, мен ысқатты алушы емен, Ысқат алған қожаның ақылы кем.

Ысқат алған қожаның рауаяты бар, Өтейді намазының сауабымен.

Ұмсын:

Қожеке, олай деме, бір Алла де,

Кім сыйынбас Алланың құдіретіне?!

«Ысқатқор», – деп, шақырса екі жендет, Сонда берер қожаның жауабы не?

Заман:

Иар сол Жаббардың ісі көп-ті,

Екі жендет: «Ысқатқор қайда?» – депті. Сонда берер қожаның жауабы жоқ.

Күнә болар, айтпаймын өтірікті.

Ұмсын:

Қожалардың қойнында сөз бар екен, Өлгеннен соң кеңдік жоқ, жер тар екен.

«Ысқатқор», – деп шақырса, үндемесе, Қожамда да бір сұрау мол бар екен!

Заман:

Иары сол Жаббардың ісі бір дүр, Өзің құрбы әйелде сен бір – дүлдүл. Айтқан сөзің кем емес шариғаттан, Құдайдың ұсындырған жері бар дүр.

Ұмсын:

Шариғат қапия ма, жария ма, Қожеке, біз – шұқанақ, сіз – дария. Сұрамаған бір сөзім қалған екен:

«Өлмес жан, өтпес дүние жаралған ба?»

Заман:

Сірә, жоқ Мұхаммедтей арызы жеткен, Ыдырыс, Ғайса пайғамбар тірі кеткен. Ұмсын-ау: «Өлмеймін!» – деп, қапы қалма, Мынау жалған дүниеден бәрі де өткен.

Ұмсын:

Иманды адам өлгенде, қалай – демес, Көкіректе дәрмен жоқ, денеде – күш.

«Мән раббик!» – деп, келгенде екі жендет, Сонда пенде тіріліп, не дейді-міс?

Заман:

Тірлікте көңіл қой бір әдетке, Иманды адам барады қаны бетке.

«Мән раббик!» – деп, келгенде екі жендет, Жауап берер таянған Құдіретке!

Ұмсын:

Иа, Бисмилла, сақтай гөр «Мән раббиктен»! Тақсырға қол бермедік әйелдіктен.

Сұралмаған бір сөзім қалған екен, Елден бұрын сауапқа нені біткен?

Заман:

Иа, Бисмилла, сақтай гөр, «Мән раббиктен», Бір бисмилла мың жылда әзер біткен.

«Сауаптың бисмиллада байлауы», – деп, Имам Ағзам осылай айтып кеткен.

Ұмсын:

Қожеке-ау, айттың тауып, сәлемет бол, Сізден біздің сұралмай қалды бір жол. Заманеке, сізді біз пір тұтайық,

Таңда махшар күнінде хабардар бол!

Заман:

Ұмсын-ау, екі дүние сәлемет бол, Жабулы бойыменен қалсын ол жол. Бізді сыйлап, қожа деп, пір тұтсаңыз,

Таңда махшарда имам Ағзам қаумында бол!

Ұмсын:

Дәуіт темір соғады, мылтық ата, Бір Алладан басқада көп-ті қате. Заман-еке, сізді біз пір тұтайық,

Ықыласыңмен қол жайып, берсең бата!

Заман:

Мүсәпірдің көңілінде бар дүр сана, Жаратқан Жаббар Құдай, өзі пана! Ұмсын-ау, түрегеліп, қолыңды жай, Өмір мен иман берсін, иа, Раббана!

ШЕРНИЯЗ БЕН ҚЫЗ

Шернияз:

Жатады жайын шөгіп терең суда, Кейбірде желді жігіт шыдамайды Осындай алқалаған ұлы дуда.

Ақсұңқар асыранды құс алмаған, Қатқақты қалың ылай ылайлаған. Біз-дағы топты көрген жүйрік едік, Намысқа, сөзге шыдап тұра алмаған. Жиналған ұлы, кіші, жақсы ағалар, Бір бала келді ортаңа сыналмаған.

Төменгі тоғыз арыс әкетеді, Қиырға жөн сілтейді жолын тауып. Жүйрік ат сүре шабад жерді қауып,

Баласы – мен – Әлімнің ен-таңбалы, Барамын жөнге қарай жалғыз шауып.

Сөз айттың әңгімелей сөзді құрап, Орамал жолдық алдың сөзбен сұрап.

Қызыл жел қыз аузында бар дегенмен, Дауысым зордан шығад қорқыңқырап. Атағың алты алашқа жайылған қыз, Отырсың әлі күнге неғып шыдап?

Қыз:

Жігітсің өзің сері, елің алыс, Болыпсың серіліктен елге таныс. Манадан сөзге шыдап отыр едім, Намысқа шыдатпаған сөзің шалыс. Дұшпанға өзі ұрынған үндемесең, Кісіге үлкен аға болар намыс.

Қабығы қалың болар қара талдың, Қонысы су аяғы қара малдың.

Жырынды көпті көрген жүйрік жігіт, Сөз сөйлеп, бір-екі ауыз жолдық алдың.

Желденбе, желді жігіт, жел қабарсың, Сөзіне қыздың айтқан арланарсың.

Бұл – Табын, өлең баққан ел болады, Пәлеге, аңдап сөйле, жолығарсың.

Шернияз:

Сен болсаң, пәлелі қыз, жолығайын, Несіне пәле екен деп қорынайын.

Сен емес менің жалғыз көрген жауым, Құдайдан жолықтырған, айналайын, Ақырсаң, арқам қызар дауысыңа, Келген соң өзің іздеп дабысыма.

Желсөзбен табанымды тайдырған соң, Жетіліп, жел аяңдай шабысыңа.

Сырғисың аққан судай ағызам деп, Тұрайын қарсы қарап ағысыңа.

Қыз:

Құдеке, тағы келді кезек сөзге, Қиырдың қылаңындай келдік кезге. Сұраған аты-жөнің айыбы жоқ, Айтсашы, ат-жөніңді енді бізге?

Шернияз:

Ауылдың ақсақалы батыр, бегім, Жаманға теңдік бермей, қағып жедім. Сұрасаң, аты-жөнім мен айтайын, Көшпелі руымыз Кете дедім.

Қыз:

Барады кешкі даусым жерді жарып, Бай болған біздің Табын, дуа дарып. Көшпелі көшіп жүрген, сорлы Кете, Қыс болса, күнелтесің қайда барып?

Шернияз:

Жоғары елдің көбі біздің Шекті, Көтібар, хан-төресі – Әлібек-ті. Сұрасаң, қыс қыстауым мен айтайын, Атырау біз қыстаймыз кең түбекті.

Қыз:

Қаз ұшса, үйрек қонар айна көлге, Қалады көл суалса, бақа шөлге.

Қара өлең қайымдасып, айтысалық, Құрысын, ерегіс сөз қалсын енді.

Бір сөзді аңдаусыздан айтқан болсам, Аяғын қара өлеңмен өзің жөнде.

Өзің бай, ел сауырсы Кете болсаң, Қаңғырып, қайдан жүрсің біздің елде?

Шернияз:

Жеті айыр Жемнің бойы – жердің төрі, Жігітті шаршатады шымның өрі.

Жас күннен тиянақсыз болып өстім, Зауықшыл дегенменен қыстау желі. Шығады ыссы ай жылда сағым белде, Табанды үй шыдайды дауыл, желде. Түбірсіз, тиянақсыз, жас құдаша, Сіңіп кет, қыз ойыңша біздің елге.

Жүрейін сіздің елге әзіл білсең, Ауызбен әзілдесіп, ойнап-күлсең.

Жігіті сіздің елдің мен болайын, Құдаңның осы жерде жайын білсең.

Қыз:

Құдеке, жаратамын тап өзіңді, Тар жерде сала берме сен көзіңді. Берейін үйге жүрсең қонақасы,

Қоя тұр, жай айтарсың бұл сөзіңді.

Шернияз:

Зергерлер шабады алтын қола, жезге, Қиғаш қас жарасады бота көзге.

Қаңбақтай жел аударған Тәңірім айдап, Қиырдың қылаңындай келдік кезге.

Осы елге сөз айтам ба қадір білмес, Құрбыға базына айтам ба сенен өзге? Аузыңнан ризалық сөз шыққаннан соң, Ықылас мен риза айтқан сөзге.

Қыз:

Анттасқан айырмайды ақ батасын, Әуелі әзіл айттың сөздің басын.

Нанасың алдағанға Тәңір алғыр, Аламын таңдап өзім жігіт жасын. Қасыңа жақындасам, исің жаман, Өртенгір, насыбайды неге атасың?

Есірме, есті жігіт, есің таңғыр,

От жанып, сақалыңнан күйіп-жанғыр. Сен өзің ел қыдырып жүргеніңде Сүйегің құба жолда қурап қалғыр!

Шернияз:

Өзіңе болсын енді қарғағаның, Жігіттен болсын сенің бір ажалың. Райдан тәуір көріп, қайтып едің, Бояудай шамшыл өзің айнығаның...

Арқаның қалың болад қара талы. Қара отқа семіреді қырдың малы.

Алашқа атың шыққан бір қыз десем, Нағыздың өзі екенсің айнымалы, Қызбын деп әлдеқандай бола берме, Сендей қыз қажеті жоқ қолаңсалы.

Қыз:

Шай, шекер – менің асым, жегенім – бал, Берейін бес қалампыр, аузыңа сал.

Өзіңше сен де бізді кемітесің, Беу жігіт, теке сасып, әдіре қал?!

Шернияз:

Апырмай, сөзі қалай ақылсыздың, Ашуы жылдам келед жаман қыздың. Атағың алты алашқа жайылған қыз, Сен емес көрген жауы, сірә, біздің. Алашқа атың шыққан бір қыз десем, Нағыздың өзі екенсің көргенсіздің.

Қыз:

Жоғары көтерілген біздің талай, Әнекей, ашулансаң сөзің солай. Сөзіме ашулансаң, еліңе кет, Барында аттың қоңы еліңе жет.

Шернияз:

Мінгенім мен астыма қалың сауыр, Мінсем де, жайдақ ерсіз болмас жауыр. Кетермін, Тәңір айдаса, мен еліме, Бола ма атым өлсе, саған ауыр?

СЕЙДӘЛІ МЕН АЛТЫН

Сейдәлі:

Мен бір жүйрік шабылған, Шапсам, оздым тобымнан. Мерекелі жиында Асылдан шапан жамылған.

Құдайдың, берген жел сөзі, Өз жанымнан табылған.

Руымды сұрасаң, Руым менің, Қаражон,

Мен – Сейдәлі ақынмын, Шыққан жүйрік Табыннан. Алтын қыз бар ма бұл үйде, Орын алсын жанымнан.

«Айтысамын» деп келдім, Айтқан сөзден жаңылман.

Алтын:

Жолаушы, сөйле оңталып, Қанатың қудай қомданып. Арманда қалған кісідей, Дауысың қалай шығады, Көп ішінде зарланып?

Тікедей тік жөнелмей, Абайлап сөйле барланып. Бұл сөзім мақұл емес пе, Қарашы өзің ойланып?

Атыңның жалы жатыңқы, Қабағың жаман қатыңқы, Жол болсын! Сенен сұрайын, Келесің қайдан сайланып?

Сейдәлі:

Мен сөйлейін, балалар, Ақылға жетік даналар. Құлақ салып тыңдаңыз, Жиылған көп ағалар!

Жол қыдырған мен жоқшы, Бұл тойда қандай хабар бар? Менен бір байтал жоғалды, Төрт аяғы ала аяқ, Тобығының ағы бар, Қаламменен жазғандай, Жүзінде сұлу меңі бар.

Құлағының артынан, Жаңа да ойық ені бар. Азырақ зерлеп қарасаң, Танауының шегі бар.

Менің сондай жоғым бар, Той қыдырған тойшылар, Жоқшының сөзін ұғыңдар.

Алтын:

Жолаушы, сөйле сөз келді, Аузыңда сөзің бар болса. Сөйлер жерің кез келді, Пірлерің бүгін жар болса. Менде бір байтал бар еді, Бұрнағы жылы күз келді. Жаз жіберіп тепсеңге, Қыс аламын бағымға.

Қайдан алдың жоғыңды, Қолыңда туған малың ба? Сүйіншіге не айттың?

Берер жерің барында. Ала алмайсың сонда да,

Жығылыс таппай, жалынбай!..

Сейдәлі:

Менің атым – Сейдәлі, Малға жарлы, тілге бай. Келер жерін кең қылсын, Тілекті берді бір Құдай! Біреудің малы жатар ма? Іздеген жоғым табылды-ай! Алып едім тамырдан, Денем сүйген малымды.

Сүйіншіге жоқ еді, Қалаулы нәрсе қайымды. Сүйіншіге берейін,

Бір жабағы тайымды. Жабағы тай жеміңе, Бер қолыма малымды! Ерегессем алармын,

Сірә дә саған жалынбай! Тәуекелің сай тұрса, Айтысып көр тайынбай!

Меніменен айтыссаң, Ауызың қалар жабылмай. Мен – арғымақ баласы, Әлі қызбан, шабылмай.

Айтысып көр, қарағым, Тәубеңізден жаңылмай!

Сейдәлі:

Айтысамын дегенге Келмесін, шырақ, намысың. Шу дегеннен байқадым, Жақсы екен аяқ алысың.

Әлгі айтқан сөзіңде

«Арғымақпын» деп мақтандың, Арғымақ та болсаң, байталсың, Қара көрінім жер шабысың, Естіп келдім мен сені, Құлағыма тиген соң,

Алтын деген дабысың. Алтын қыздың алдында, Шығарайын деп келдім, Аяғымның шалысын!

 «Іздеп келген адам екен ғой», – деп, бір кесе шайды қолына алып, амандасқалы далаға шығып, мына өлеңді айтады.

Алтын:

Астымда алып мінген сұр қарагер, Ағады сұр қарадан сорғалап тер. Көріспек, қол алыспақ міндет дейді, Жолаушым, көрісейік, қолыңды бер!

Сейдәлі:

Айтамын айт дегеннен, қыз-ау, Алтын, Лебің бал, аузың шекер, жүзің жарқын. Көргеніміз, көріскеніміз болады да, Аман ба ата-енең, елі-халқың?

Бұл тойға мен қыдырып келіп едім, Алтын қыз, байқадың ба сөздің парқын?

Берсейші бағанағы байталымды, Жоғалтпай жауаппенен сөздің артын!

Алтын:

Жолаушы, айтар сөзің біле алмайсың, Жала етіп, дәнемені таба алмайсың, Өзімнің қолда туған байталым ол, Біздерден куә өткізбей, ала алмайсың.

Сейдәлі:

Е, бәсе, айтар сөзім таба алмаймын, Шала етіп, дәнемені жаба алмаймын. Байталды «Сенікі» деп айттың өзің, Уәдеңнен ант ішсең де, тана алмайсың.

Алтын:

Барады көшіп аулым Қаражарға, Сонарлап құсым салдың қалың қарға. Аласың байталыңды айғыр берсең, Алашқа шашып жүрген малым бар ма?

Сейдәлі:

Барады көшіп аулым Қаражарға, Сонарлап құсың салдың қалың қарға. Байталды бір бересің, бір аласың, Сөзіңде сен сайтанның наным бар ма? Бар еді бір айғырым кер қара жал, Ала ғой, аяйтұғын жаным бар ма?

Алтын:

Жолаушы, байталымды бердім саған, Инедей айыбы жоқ нансаң маған.

Біреудің о-дағы бір аманаты, Иесіне тапсырайық есен-аман.

Сейдәлі:

Бір байтал сенен қалап алғаннан соң, Бір айғыр өз қолыңда қалғаннан соң, Байталың айғыр түгіл майып болар,

«Тусын» деп, арғымаққа салғаннан соң.

Жолаушы, өз айғырың өзіңізге, Байталым тұра қойсын өзімізде. Аяғын тұмандатып, еліктірген, Сенбедік мынау айтқан сөзіңізге.

Сейдәлі:

Е, бәсе, өз айғырым өзімізге, Байталың тұра қойсын өзіңізде. Түсуге төзер едім тезіңізге, Байқаймын, бәтуә жоқ сөзіңізде.

Алтын:

Қожа елі қой айдадым базарына, Жаманның жақсы күмән ажарына. Отырған орынымнан садаға кет, Алмаспын сен қазақты назарыма!

Сейдәлі:

Байқадым әу дегеннен әуеніңді, Білмейтін жан екенсің өлеңіңді. Ыршыма, саған менің әуесім жоқ Әр сөзім кессе-дағы көмейіңді.

Алтын:

Әуеден қатар ұшқан қаз болмасын, Құданың қысы кетіп, жаз болмасын. Қазақтың түсі бозғылт көрінеді, Құдай-ау, осы адам таз болмасын!

Сейдәлі:

Дұрыс-ақ, қатар ұшқан қаз болады, Жігіттің хас мырзасы таз болады. Таңданып, таздың несін айыптадың, Таз көрсе, қыз көңілі жаз болады!

Үйіңде әкең де таз, шешең де таз, Байғұс-ау, неменеге боласың мәз? Күйеуің атастырған кәрі Жәкең, Отыңның басы толған өрен де таз.

Алтын отырып қалады, Сейдәлі өлеңін жалғап:

Алтын қыз, білмедің бе айтарымды? Бұл тойдан айтып өлең қайтарымды. Бағана «Жеңілмеймін» деп едің ғой, Шаба бер тарбаңдатып байталыңды!

 Қыз осымен тоқталып қалған соң, қасындағы жеңгесі өлеңді қоя береді:

Айтамын айт дегеннен арма, қайным, Тассаң да, төгілерсің, толма, қайным. Құрбыңды көп ішінде сонша ұялттың, Кегіңнің біткен жері сол ма, қайным?

Сейдәлі:

Ар қандай, ақыл қандай, намыс қандай, Жүйріктің бірі озады жарысқанда-ай!

«Алтынды жұрт жеңбеген жеңді» деген, Шашылған әрбір елге дабыс қандай?

Басыма менің киген төбетейім, Өлең айтсам келеді елекейім. Тапқанша алты бала әйгілі боп,

Жүр ме едің айтып өлең, жеңгетайым?..

СЕЙДӘЛІ, МОЛДА БӘЙІМ, ДІЛДӘ

Сейдәлі:

Иманбай, аңдамадым, сен не дейсің? Аузыңнан шыққан сөзді сермелейсің. Үстіңе мен қыдырып келгенімде:

«Түрегел, төрден орын бер» демейсің. Бетіңе «тіпә» күйе болсын сенің, Ұялмай, маған не деп сөйле дейсің?

Бұл күнде сөз сенікі қалай десең, Жиналып би мен сардар отыр екен. Қорқамын айбатыңнан сөйлемесем, Бөркіңді баса киіп, етің жеген, Өзіңе құтты болсын мынау пешең. Көріссем, үлкендерің қолын бермей, Жастарың түрегеліп, орын бермей,

Бәрің де етке тойып алғаннан соң, Орданың жатсың көлбеп төрін бермей...

«Аш Баубек – атаң сенің» деген сөз бар, Ешкімге жүр екенсің жолың бермей.

Мынау кім, жатқан төрде шынашақтай. Көпшігін қойған бүктеп шиыршықтай? Мойнына әйкел тұмар тағыпты ғой, Күйеуі жаңа келген қызалақтай.

Ежелден Құдай тілді бергеннен соң, Мен неғып сөз сөйлейін өрісін таппай?!

«Жақсының алды – көпір» деген сөз бар, Ағалар, мен сөйлейін аузым бақпай.

 Иманбай: – Әй, Табын, аңдап сөйле, жазада қаларсың! Бұл ме- даль таққан мировой судья, – дейді.

Сейдәлі:

Халқыңды құтты болсын меңгергенің, Кәнекей, еліңізді тең көргенің?

Қолында ұсталардың балғасы бар, Көңілімнің өлеңнен арнасы бар.

Осынша бір Табынды ортаға алып, Ойлап көр бүгінгінің таңдасы бар. Судья отыр қарап, мұртын талдап, Басында ақ шарқаттан шалмасы бар. Кетпейтін өлгенінше сүйегінен, Бетінде отқа күйген таңбасы бар.

Мынау кім жапсардағы мұрны пұшық? Су аққан танауында арнасы бар.

Үндемей, отыра қап мынау бала, Қалай да, кітап көрген молда шығар. Жүз басты Қанатбайдың тойханасы Ежелден дуа тиген орда шығар.

Сөйлеген алдымызда Табын молда, Тең басқан төрт аяғы жорға шығар.

«Ит басты, сиыр аяқты» бұл ауылға, Біздерді душар қылған Алла шығар.

 Сейдәлімен айтысатын ешкім жоқ. Әлімнің азаматы арланады. Сол кезде осы елдің жас ақыны Молда Бәйім деген табақ тартып

жүр екен. Төрде отырған Иманбайдың: «Сейдәлімен айтысқа түс», – деген сөзін ести сала, бір табақ етті ала келіп, алдына қоя сөйлейді:

Молда Бәйім:

Бісмілда деп сөйлейін, Аша көр, Құдай, бағымды! Сүрінте көрме жағымды! Айт жөніңді, кім едің,

Отырған сөйлеп жаңылмай? Маған қарсы жауап айт, Болсаң жүйрік Табындай.

Танымайсың молда Бәйімді! Ежелгі жұртқа мәлім-ді, Шынымен келсе қаһарым, Жайылып кетер заһарым, Сын тағасың Әлімге Білмейсің неге әліңді?

Әлім мен Табын болғанда, Бір-біреуге мәлім-ді, Керегің ет пе, шырағым? Алдыңа табақ қояйын, Мінекей, жей ғой зәріңді.

Сейдәлі:

Бісмілдә деп, Бәйеке, Айтайын сөздің келгенін. Тәңрі қайтып алмаса, Тіліме менің бергенін.

Естісем де атыңды,

Жоқ еді бұрын көргенім. Келтіре берме кәріңді, Тигізе берме зәріңді, Қорқатұғын мен бе едім? Көбең тайдай ұшымды, Көрген жауым сен бе едің? Әлім, Табын болғанда,

Бір-біреуге мәлім-ді. Айта берсейші әзіргі Өз табыңа келгенін. Атаны қозғап нетесің, Бұ да сөгіс бергенің.

Жаратқан Тәңір, жан ие, Бақыт дария бергенің.

Өзің тойып болған соң Сарқыт алып келгенің. Келіні ме едім еліңнің, Қайда сенің көргенің? Абайласам азырақ Әйелше құлқың бар екен,

«Зәріңді же!» деп бергенің.

Молда Бәйім:

Айтамын сөзді осындай, Сөйлейсің неге шошынбай! Ойлап мұнымды қарашы. Әлім, Табын болғанда,

Кім еді мұның ағасы? Дүние іздеп, мал жинап, Жүргенің кімнің арқасы? Қарның асқа тойған соң Қаңғырып келген, қу Табын, Мас болғанын қарашы!

Танымайсың ағаңды, Шақыртайын ба бабаңды?! Әлім деген ағаң-ды, Ағаңның ісі жаман-ды!

Сейдәлі:

Мен сөйледім жақсымды-ай, Жақсыға қосып басымды-ай. Шабылып, талай сыналдым, Мен деген жүйрік асылға-ай. Тұлпардан туған жүйрікпін, Тартса тізгін ерік бермей.

Атаны қозғап сөйлеме, Болса миың басыңда-ай. Айтып, сүйек тербетсе, Қала ма сүйек ашынбай?! Ата-бабаң қозғарға

Халқыңнан қорғалап отырмын, Ағайыным жоқ қасымда-ай, Көп аламан тап берсе,

Қорғаймын кімге басымды-ай?! Халқымнан жалғыз жүргенім, Әр жерде басқа тиеді,

Егескен жерде осындай. Жаңылсам тілден көрейін, Сүрінсем көзден көрейін, Құлағың сал, Бәйеке, Баяғы айтқан сөзіңе,

Енді жауап берейін. Басыңның болмас жаласы, Жаманның қалмас табасы, Әлім менен Табынның, Ежелгі түп сағасы, Қыруар батыр бабасы, Әлім екен ағасы,

Табын екен інісі,

Бір-бірінен кем емес, Екі атаның баласы.

Әлімнен Табын кем дейді, Ақылы жоқ әр елдің Сендей беті қарасы.

Жасырмаймын, жүргенім – Сіздің елдің арасы.

Жүргенім жоқ ашымнан Несібем бар шашылған. Тойдың деп, міндет қыласың, Күн көрдің бе қасыңнан?

Бердің бе зекет малыңнан? Алдың ба пітір басыңнан? Қалай айтсаң, олай айт – Айбатыңнан шошынбан, Шақыртасың қалай бабамды? Мен шақырғанда бабамды, Сен танымайсың атаңды,

Ата дерсің бабаңды. Бәйеке, болсаң ілімді, Келтіре берме жынымды. Неше түрлі сөз айттым, Үлкендерден сұранып, Ойланып көр мұнымды. Қалет болса айтқаным,

Мойныма қой мінімді. Шығармай отыр үніңді. Рас болса айтқаным, Бұзған екенсің дініңді. Шариғатқа лайық па, Бәйеке, қақпай қойғаның Мұртыңа шыққан түгіңді?..

Молда Бәйім:

Молда екенсің жол жүрген, Хабар бердің әр жерден.

Нағылып жүрсің бұл елде, Жөн сұраймын сіздерден? Айтшы маған жөніңді, Білдір ата-тегіңді?

Білесің бе Бәйімді, Ежелгі жұртқа мәлім-ді?

Жасымда шықты дабысым, Әлім менен Шөменге; Неше жүйрік болса да, Өткізбеймін тұсымнан, Шығармаймын уысымнан, Сөйлеген сөзім от-жалын, Жүрегімде ұшынған.

Бәйім десе тұрады, Алты алаштың баласы. Біледі елдің арасы, Табын – ағаның баласы, Неше түрлі сөз айттым, Енді ойланып қарашы!

Сейдәлі:

Мен сөйледім жасымнан, Алдым неше асылдан, Теріп жүрмін әр жерден, Несібемді шашылған.

Мені де халқым біледі, Сөйлеп жүрмін бұрыннан, Буыршын қуған бурадай, Қарайсың неге қырыңнан? Талайы майып болып жүр,

Сендей адам ұрынған. Құда болып, қыз бермей, Жөнімді сұрап нетесің?

Мен тастан аққан тас бұлақ, Сен Борластан шыққан бекесің, Ата-тегім сұрасаң,

Руым Табын ішінде, Сүйегім шыны болатпын, Білдіремін сөзбенен, Ешкімге жөнім сұратпан, Жазылған көңілім шежіре, Жеті атадан келе жатқан. Және тегім сұрасаң, Айдарбек дейді бабасы, Бергі атасы Татыдан, Бітіген деп айтады,

Елдің үлкен ағасы.

Мен – сонан туған жиенмін, Неғылып менен озасың?

Ала берме, Бәйеке, Былшылдап жұрттың мазасын. Айтсаң айт сөздің тазасын, Мен – бір жарық шарайна, Көргеннің беті шағылған, Олжасынан аламын, Өткізбейтін тұсыңнан.

Сен жөргекте ұшынсаң, Мен іште жатып қағынғам.

«Іздегенге – сұраған», Осы бүгін табылған. Айырмаса Тәңірім, Өзі берген бағынан,

Шабысымды көргенде, Сен ұсаған жүйріктің Нешеуі есінен жаңылған.

Молда Бәйім:

Бір үйде көрдім төрт есік, Біле алмадым бұл нешік? Әр есікте үш қыз бар,

Әр қыздың отыз ұлы бар,

Әр ұлының басында, Шанышқан бес гүлі бар, Мұны тапқан адамның Айнымайтын діні бар, Басында кетпес бағы бар, Жұмбағым айтсам, тағы бар.

Сейдәлі:

Бәйеке, үйің жыл болар, Төрт есігің – төрт уақыт – Баһары, қысы жаз болар, Әрқайсысы үш айдан, Айың отыз күн болар, Отыз ұлы сол болар; Әрқайсысы үш айдан,

Шанышқан бес гүлі сол болар. Жұмбағыңды айта бер,

Таба алмасам, қалғаным, Тапсам шығар жалғаның. Қанатбайдың тойы емес, Бәйеке, менің жүйрік болғаным.

 Біраз кідіріп болған соң, Сейдәлінің жеңгенін біліп, сол елдегі Асан батыр деген, киіп кетпе кісі, жиылған жұртқа: «Әй, Бәйім, көп оттамай, Табынның жолдығын беріңдер!» – деп, жолдығын бергізіпті.

Төр жақта отырады ақсары қыз, Ақ емес, көгілдірлеу, сап-сары қыз. Жасынан мерекеңді көрген талай, Бетінің қаны қашқан нақ сары қыз. Бәйімнің айтқан сөзі ұнамады, Болған соң ұлы жүйрік шыдамады. Ақынға өлең айтып қоя берді,

Аз емес, азырақ кем шыдағаны.

 Бәйім кідіріп, самсөз болып, тынып отыр. Қарындасы Ділдә ол да ақын екен, жұрт: «Айтыс», – деп қоймапты. Қасына бір қызды ертіп алып, қосылып, ән салып, өлеңін қоя береді.

Ділдә:

Ағалар, сөз бастайын бісмілда деп, Кешірген бір Жаратқан, кінәйім көп.

Айтекем еш еркіме қоймай отыр, Ақынға бір-екі ауыз сөз сөйле деп. Айтайын бес-алты ауыз мен де өлең, Молдекем біразырақ берсе кезек.

Тақсыр-ау, құлағыңды бері маған сал, Алдыңда бұлаңдайын тілім безеп.

Шалқыған жанған оттай сөз сөйлейін, Келеді сөздің өзі бөлек-бөлек.

Молдеке, жұрттан озған болсаң жүйрік, Соңымнан жетші қуып, кеттім жөнеп.

Сейдәлі:

Япырм-ай, қандай бала ең шұбарланған, Мойныңа әйкел тағып, тұмарланған!

Күн түскен Тербенбестің бауырындай, Қарасам, ақ жүзіңе мұнарланған.

Алмадай падишаның бағындағы, Сыртыңнан көрген адам құмарланған. Балқыған қорғасындай кеттім еріп, Даусыңды көп ішінде шығарғаннан. Сымбатың шын алтындай кір шалмаған, Түлкідей шын алтайы бұлаңдаған.

Таң қалар көрген адам келбетіңе, Қасында адам шыдап тұра алмаған. Жақсы еді үйреніскен Бәйім ағам, Тұс болдым бір жүйрікке сылаңдаған. Табаным әлдеқайдан тиеді деп,

Тіледім «Жәрдем бер» деп бір Алладан. Жоқ болсын неге менің мейлім сенен, Алтынды жолда жатса, кім алмаған?!

Шырағым, айбатыңнан жасқанбаймын. Көтеріп үлкен таяқ ұра алмаған.

Сен қашсаң, мен соңыңнан қуар едім, Күлмесе сырттан дұспан көре алмаған.

Ділдә:

Замана түрленеді жылдан жылға, Қайрылмас ата ұлға, ана – қызға. Халқына ердің ері қоғам болар, Осында мейірі кеткен заман сұмға. Молдеке, құлағың сал, сөзім тыңда,

Болса да, сөзім жалған, мұным шын да, Меңзеймін хан-төреге келбетіңді, Ойлаймын болады деп халыққа тұлға. Айрылып халық, ағайын, қарындастан, Қыдырып не себептен жүрсің мұнда? Жүргенде өз еліңде, шыныңды айтшы, Назарың түсіп пе еді мендей қызға?

Сейдәлі:

Қашаннан сөйлеп жүрген мен бір жорға, Я, Жаппар, өткен бабам, өзің қолда!

Адамның ала жібін алған емен, Рұқсатсыз иесінен, жатса жолда. Тең басқан төрт аяғың, Ділдә жорға, Отырмын ізіңе еріп зорға-зорға.

Жас күнімнен бұл несібем шашылған соң, Жігітті тартады екен әрбір жолға.

Жүргенде өз елімде сендей қызды, Жүруші едім сатып алмай қара пұлға.

Ділдә:

Жат қандай, жақын қандай, жаман қандай! Зат қандай, затсыз қандай, асыл қандай!

Екі көз, екі аяғы болса-дағы, Арасы адамзаттың жер – аспандай. Өлеңге өзім-дағы сенгендіктен,

Ду болса, көп сөйлеймін бір жасқанбай. Жасымнан Ділдә сұлу өлеңші деп, Дабысым шықты жұртқа, әне, сондай, Бүгінде пенделерде тазалық жоқ,

Ішіне алтын зердің мыс қосқандай.

«Алмаймын қара пұлға сендей қыз», – деп, Сөз болды бұл не деген, япырм-ай!

Тентіреп, Үргеніштен келген молда, Осы, шіркін, бай ма екен мақтанғандай?!

Сейдәлі:

Жаратқан жан біткенді Жаппар Құдай, Құдайым бар пендені өзі оңдағай.

Аянба, қызыл тілім, барың болса, Сөйлейтін келді кезің, сорлы таңдай.

Бай менен жарлылықты теңдестіріп, Нетесің сөзге қосып, сорлы маңдай?

«Бай ма екен мақтанғандай» деп айтасың Жаман сөз айта ма екен қыз да сондай? Байманға сыбай болып әкең де отыр,

Бай болса неге отыр жалғыз қонбай? Қанатбай керуенбасы той қылғанда, Өкпелеп әкең кетті етке тоймай.

Шырағым, бұл сөзіме ашулансаң, Жылай бер бетің жыртып, салып ойбай.

Ділдә:

Молдеке, «шіркін» десем, ойнағаным, Көңілде еш жамандық ойламадым.

Қатты айтсаң, қатты – жай айтсақ, жай, Еркіңе, ашулансаң, қоймағаным.

Халқына өкпелесе, бопса етеді, Әкемнің қайдан білдің тоймағанын? Сөз сөйле молда болсаң жөніменен, Ешкімнің көтермеймін ойнағанын.

Сейдәлі:

Қасыңа жаман көрсем келер ме едім? Сөзіңе айтқан жауап берер ме едім? Иманбай байталыңды ұрлап мініп, Мен көрдім ерте тұрып жібергенін. Ойыны еш адамның керекпесе,

Сен сонда неге ашуланып, түнермедің?

Ділдә:

Аулымның ақсақалы Байкөп еді, Арқаның қу көдесін мал жемейді. Молдеке, ол сөзіңнің бәрі жалған, Көп жаман көре алмаған не демейді?

Сейдәлі:

Еліңе былтыр қонақ болғанымда, Үйіне молда Әйтім қонғанымда. Шулады ел ішінде бала-шаға, Оянсам түн ішінде болғаныңда.

Үйінде молда Әйтімнің қонақ едім, Қашан да өтірік сөзге олақ едім.

Байқасам, сол бейхая сен екенсің, Әйтімнің қатынынан сұрап едім.

Ділдә:

Молдеке, айттың сөзді таң көрсең де, Өзіңде ықтиярың, шам көрсең де.

Нанбайды ол сөзіңе біздің ауыл, Қатардан сегіз кісі жан берсең де.

Сейдәлі:

Бас болып би мен сардар аттанар қол, Қалады қол аттанса қазылып жол.

Мегежін иттен қорып аяйын ба? Ықтияр, маған десең, қатыным бол.

 Ділдә кідіріп отырғанда, шаптыға тұрып, молда Бәйімнің әйелі, қыздың жеңгесі сөйлейді:

Көрінер түлкі Алтайы іннен шыққан, Өсек сөз бұ секілді кімнен шыққан? Бикешім айдан ару, сүттен сұлу, Өзіңдей молда айтады діннен шыққан.

Сейдәлі:

Ей, жеңгей, бір мен емес өсек айтқан, Өсек пе өзіңдегі бешені айтқан?

Бәйеке, жұрттан асқан керемет деп, Қатының осы ма еді кешегі айтқан?

Әй, жеңгей, меніменен ерегеспе, Лайық кісі емеспін ерегеске.

Аузынан әр түрлі сөз шығарады, Молдаңыз шыныменен ерегессе. Өтеғұл шешесіне ас бергенде, Бар едім сонда болған төбелесте.

Билерден бір таяқ жеп қалмадың ба, Сен сонда сөйлеймін деп Елемеске? Жалпылдап арасында сен жүресің, Қай жерде екі кісі төбелессе.

Қашаннан атың шыққан бір әйелсің, Ұлы жүз, Арғын, Жаппас құн егессе. Осынша бір қатынды тел өсіріп, Япырм-ай, Әлім деген ел емес пе?

Әлі де айтар сөзім толып жатыр, Көре ғой қызығымды ерегес те...

Әйелді бір жігіт итермелеп, шығарып жібергенде, Ділда сөйлейді:

Ділдә:

Молдеке, шам көрсең де, осы сөзің, Өзіңе білінбейді өз мінезің.

Әстемсіп маған не деп сөз айтасың, Келіп пе ең түзетуге сенің өзің?

Болады біреу тентек, біреу мақұл, Пенденің Құдай сұрар әр мінезін. Абайла, көпке тентек болып жүрме, Шарпыды от-жалындай айтқан сөзің.

Сейдәлі:

Қыз бала, әне, сондай менің сөзім, Ежелден Құдай берген бір мінезім. Кісіге қарап тұрған өзің тидің, Сенің де мақұл емес бұл мінезің. Ісіне өзі қылған өкінбейді, Сөйледім мақұл етіп көптің сөзін.

Ділдә:

Молдеке, көп күн болды келгеніңе, Қайтарсың аман болсаң елдеріңе. Құрбы деп құрбы ішінде айттым өлең Мас болма мендей қызды көргеніңе. Ашуым келе қойса, мен – бір тұлпар, Сөйлермін, қарамаспын өлгеніңе.

Сейдәлі:

Екі жыл болды мұнда келгеніме, Мен сені қуанбаймын көргеніме. Айтысып, енді сені жеңбей кетсем,

Ризамын елді көрмей өлгеніме. Шайтаным сескенбейді сендей қыздан, Шыдасам, ере алмассың желгеніме.

Ділдә:

Молдеке, аш көзіңді, айт сөзіңді, Балайсың мың кісіге бір өзіңді.

Сен неге жалқау тарттың ерінгендей, Құлқыңды біле алмадым, мінезіңді?

«Бір күнгі шабысыма ере алмас», – деп, Сыртыңнан шамалайсың сен өзіңді.

Ақын деп, жұрттан озған бір жүйрік деп, Біздің ел мақтайды екен құр өзіңді.

Сейдәлі:

Отырмын сөйлей алмай, ұйқым келіп, Азғана отырсайшы сөзді бөліп.

Біреудің мен де өзіңдей баласы едім, Қаларсың обалыма кетсем өліп.

Теңселген торы жорға секілденіп, Тұрмайсың басың тартса кежірленіп. Мен сендей желпінгенге жеңсік едім, Тап болдың таланыма Құдай беріп. Сыртыңнан құмарланып жүрсем-дағы, Көрген соң өнеріңнен тұрмын жеріп.

Ділдә:

Молдеке, орын тауып жерінбейсің, Айтуға қаңқу сөзден ерінбейсің.

Қудалап, айып-шамды айта берсең, Шырағым, сен де мінсіз көрінбейсің.

Сейдәлі:

Айта бер, Ділдә сұлу, мінім болса, Шын сөйле, жалған айтпа, дінің болса. Бетіме қаратпастай қылар едім, Өзімнің елімдегі күнім болса.

Ділдә:

Жайлауға ел көшпейді жаз болмаса, Айналып көк аралға қаз қонбаса.

Тілінен жағы бұрын сөйлеп барад, Жақсы еді осы ақының таз болмаса?

Сейдәлі:

Әй, Ділдә, сен де тазсың, жеңгең де таз, Қышиды таздың басы көргенде таз.

Өзіңді өзің айтып, жұртқа жайдың, Таз болса, қыз болады шерменде таз. Сау болсаң, орамалың қолыңа алшы? Алады бас киімін өлгенде таз.

Үйіңде әкең де таз, шешең де таз, Әкеңнің кенже інісі, жеңгең де таз, Үйіне сол жеңгеңнің бара қалсақ, Отының басы толған әпенде таз.

Қатыны Құрымбайдың Үрім де – таз, Өзінің жалғыз қызы Дүрім де – таз. Айтасың салық қылып оның несін, Шығады екі үйіңнің бірінен таз.

Бәрі таз Қолбарақтың төрт баласы, Гулеген шыбын болад ел арасы.

Ішінде отыз екі таз бар екен, Бәрінен мынау пұшық отағасы. Құдайдың шүкір етемін бергеніне, Айналып, сөз өзіңе келгеніне.

Манадан айтпадым ба, Ділдә сұлу, Шындасам, ере алмассың деп желгеніме. Құйрығын жатқан жылан өзің басып, Мінекей, тиді шарпу елдеріңе.

Ділдәның, сірә, бағы ашылмады, Көрінді жағасынан жасырғаны. Ду болды ұлы күлкі үйдің іші,

Бір шәйнек шай ішкенше басылмады.

 Күлкімен отырғанда, бір шәйнек шай ішіліпті. Сейдәлі қалжың- дап, Ділданы тағы қағытты.

Қайдасың, Ділдә сұлу, ұрандасым? Абайла, сырттан дұспан сыр алмасын.

Шай салып, ақ шәйнекке су құйсайшы, Қайтарып самауырынның бұрандасын.

Ділдә:

Бұл күнде көңілім қайғы, көзім сағым, Тәңірдің кім алады берген бағын?

Бір мүрде тауып бүгін осы жерден, Осынша құнығып туған неткен Табын?!

Сейдәлі:

Әркімге бір Жаратқан пана берсін, Ұзамай, Ділдә, саған бала берсін. Сөйлей бер сөзің болса өз жөніңе, Орнында айтылған сөз қала берсін.

Ділдә:

Болады жылда осындай мерекеміз, Құрбыға жарасады не десеңіз?!

Молдеке, есітейік көрмесек те, Түрін айт, қандай адам жеңешеміз?

Сейдәлі:

Ділдәжан, жеңешеңіз, әне, сондай – Аршын төс, алма мойын, жазық маңдай. Үйіне қатар-құрбы бара қалса,

Жүзіне кете алмайды мейірі қанбай.

Алаштан алдым таңдап, аты – Ханша, Болып тұр заманында қызға патша.

Мен оны аса мақтап, не қылайын,

Сен жоқсың, Ділдә сұлу, бір сынынша.

Ділдә:

Молдеке, айт өлеңді сөз келгенде, Тәңірдің берген сөзі кез келгенде. Жүргенде өзің мұнда, жеңешеміз Қайтесіз, айнып кетсе, сөз бергенге?

Сейдәлі:

Айныса, айни берсін сөз бергенге, Ат майын кім мінбейді кез келгенде?

Құдайым бір тәубасын жаңылтпаса, Жоқ еді ондай мінез бір көргенде.

Ділдә:

Молдеке, айт өлеңді сөз келгенде, Аяйсың не жайыңды біз келгенде? Көңілің қорғасындай балқыды ма, Қасыңа біздей сұлу қыз келгенде?

Сейдәлі:

Мен, сірә, қызықпаймын қыз келгенге, Болса да қызыл алтын қыз бергенге.

Ділдажан, ит мінезім келіп отыр, Қасыма сен ұсаған қыз келгенде!..

Ділдә:

Лашын сұңқар өлді де, басар қалды, Байлар көшіп кетті де, нашар қалды. Жиғанымның бәрі де сиыр еді, Жалғыз көні құрыған қашар қалды.

Сейдәлі:

Мал болмас жалғыз қашар қанша бақсаң, Тоңар деп күндіз-түні жабу жапсаң.

Пұл беріп, қашарыңды мен алайын, Қайтеді қашарыңды маған сатсаң?

Ділдә:

Молдеке, қашарымды ала алмайсың, Алсаң да, келістіріп баға алмайсың. Қыдырып түнде тұрып, оттап кетсе, Іздесең, оны қайтып таба алмайсың.

Сейдәлі:

Өлеңді мен айтайын зордан ойлап, Екеуміз отырайық күліп-ойнап.

Кеткені түнде тұрып айып емес, Үйренер бір-екі күн қойсам байлап.

Ділдә:

Қашарым биылдан соң сиыр болар, Сиыр болса, ол өзі бұйым болар.

Молдеке, сол қашарды алмай-ақ қой, Сірә да, өз басыңа қиын болар.

Сейдәлі:

Атымды мініп шыққан қыр басына, Тұс болдым сауда білмес ұрғашыға. Сатпасаң, сатпай-ақ қой енді, Ділдә, От түссін қашарыңның жанбасына.

Алмаймын қашарыңды құнын беріп, Өзің-ақ қуана бер түрін көріп.

Сатпаған сат дегенде қу қашарың, Ұрының кетер өзі соңына еріп.

ЕШНИЯЗ САЛ МЕН КЕНЕКЕС

Ешнияз сал:

Құрысын, Елібайың, су бермейді, Жатқаны жазы-қысы, той көрмейді. Сол жерде құнын бір-ақ жоқтатар ем, Толыбай қолымды ұстап, жібермейді.

Кенекес:

Құрысын, қыр қазағы, қондырмайды, Сексеуіл отын жақсам, тоңдырмайды. Үйіне зәуіқайыр қондырса да, Онымен тамақ беріп оңдырмайды.

Ешнияз сал:

Берейік Елібайға ет пен майды-ай, Елібай қайдан білсін қант пен шайды-ай? Елібай көже берсе ішер еді,

Елібайға жүгері көже қайда-ай?! Мір тілі Елібайдың зәрден ащы, Шығаршы үйден сабап Елібайды-ай.

Кенекес:

Ешнияз, бәрекелді, мынау ісің, Айтады осы сөзді үлкен-кішің.

Аулыңа келсе қонақ «Қуамын» деп, Өзіңнің болса бұ да көргенсізің.

Ешнияз сал:

«Келді» деп бұл Елібай бұғайын ба, Бұққандай, бұл Елібай құдайым ба? Мір тілі Елібайдың зәрден ащы, Осы итті үйден қуып шығайын ба?

Кенекес:

Шөмекей, Кетеменен – жез бенен мыс, Жетіру: Тама, Табын – алтын-күміс.

Ауылым Бұқарбай мен Сейілдікі, Артыңа қарасайшы, байғұс, Құлыс.

Ешнияз сал:

Бұқарбай, Сейілменен ағайын ба, Дегенің «ағайыным», абайың ба? Алып кел Бұқарбай мен Сейіліңді, Шыққанша салың судан сабайын ба?

Кенекес:

Қорқады үргеніштік түрікпеннен, Бар еді қай тегіңде ұрып көрген? Атыңа мін де ауылыңнан шық далаға,

«Құйрығы ауыл итінің түрік» деген.

Ешнияз сал:

Еліңнің жазы менен күзі қалай? Айтатын бір-біріне сөзі қалай?

Ау, жаным, сенен мен бір сөз сұрайын, Болады Елібайдың қызы қалай?

Кенекес:

Ішкені қыздарының қант пенен шай, Не қылсын қант, шай ішпей, әкесі бай. Аршын төс, алма мойын әрбір сұлу, Бар еді Елібайда жазық маңдай.

Таққаны өңіріне өңшең күміс, Жүреді омырауын көтере алмай...

 ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР

 АҚЫНДАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР

 Жамбыл Жабаев (1846, 28.02, Жамбыл обл. маңы, Шу өзенінің бойы – 1945, 22.06, Алматы обл. Ұзынағаш) – екі дәуірді көрген қазақ поэзиясының алыбы. 15 жасында Сүйінбай Аронұлынан бата алып, ақындық талантын шыңдаған. Тегі: Ұлы жүз, Шапырашты, Екей.

 Айкүміс (т.ж.? – қ.б.ж.?) − Жетісудағы әйгілі ақын қыз, әзірше өзге мәлімет белгісіз.

 Сарбас Майкөтұлы (1849, Жамбыл обл., қазіргі Қордай ауд., Долаңқара, Мәтібұлақ – шамамен, 1914) − Кенен Әзірбаевтың ұстазы, аталас ағасы. Тегі: Ұлы жүз, Дулат. Жалайыр ақыны Қабан (Қабылиса) жыраудың жиені.

 Досмағамбет (Доспамбет) (1883, Алматы обл., Қаратал ауд. − 1910, сонда ) – тегі: Ұлы жүз, Жалайыр, Балғали.

 Құлмамбет (1826/1840, қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауд., Күрметі аулы − 1903/1906, Алматы обл., Еңбекшіқазақ ауд., Түрген) − Жетісуда Сүйінбай бастаған айтыс мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Әкесінің есімі ел есінде сақталмағандықтан, Құланаян Құлмамбет атанған. Тегі: Ұлы жүз, Албан, Қызылбөрік, Құланаян.

 Ноғайбай Сүлейменұлы (1855, маусым, Ертіс жағалауы ? – 1919/1923 ?, Ал- тай, Бурылтоғай өңірі). Ол туралы 1888 ж. «Қырғыз халқының ақын-жырауы Ноғайбай» атты мақала «Этнографическое обозрение» басылымында жарияланған. Мақала авторы А.Ивановский ақынмен Зайсан көлінің жағасындағы Қарабатпақ жайлауындағы Көлденең судың бойында Садықан Ақатұлы деген қазақтың аулын- да 1888 ж. жазында кездескен, бұл кезде ақын 33 жаста болған. Зағип болған деседі.

Ноғайбай Сүлейменұлының басқа да айтыстары бар.

 Жарылқасын Сырманұлы (1857, Қызылорда обл., Жалағаш ауд. – 1905) – көрнекті ақын Омар Шораяқұлы ұстаз тұтқан.

 Айқын, лақабы – Айымторы, Бексарықызы (1859 – қ.б.ж.?) –мәлімет сақталмаған. Атажұрты Сарыарқадан, бірақ айттырған адамына қыз көңілі толмаған

себепті әкесі Бексары Түркістан өңіріндегі Қоңырат ортасына көшіп келген. Бұл жерде де Айқынның ақындық атағы жайылған.

 Сарышолақ Боранбайұлы (1858, Ақтөбе обл., Шалқар ауд. – 1929, сонда, Нияз (Құмдық) қорымы ) – ұлт мүддесін көздеп, отаршылдыққа қарсы болған себепті есімі де, шығармалары да аталмай, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мұрасы халқымен қайта табысты. Атақты Мөңке би – Тілеудің бел баласы, ал Сарышолақ Тілеудің Жалтума деген немересінен тарайды. Тегі: Кіші жүз, Әлім, Шекті, Тілеу.

 Тоқсұлу (1887, Ақтөбе обл., Мұғалжар ауд. – қ.б.ж.? ) – тегі: Кіші жүз, Әлім, Назар.

 Бақи сұлу (1862, Ақтөбе обл., Мұғалжар ауд. – қ. б.ж.?) – тегі: Кіші жүз, Әлім, Жекей.

Құлый (1888 − 1909) − тегі: Кіші жүз, Әлім, Тілеу.

 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858, қазіргі Павлодар обл., Баянауыл ауд., Қызылтау – 1931, сонда) – ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы. 15 жасынан өлең жаза бастады. 1875 ж. біраз уақыт мұғалім болды. 1887−1890 ж. Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұхара, т.б. қалаларды аралап, араб, парсы тілдерін үйренген, Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысқан.

Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы (1858, Солтүстік Қазақстан обл., Айыртау ауд.

−1930) – кеңес кезіндегі асыра сілтеу науқанына қарсылық танытқаны үшін «халық жауы» атанып, түрмеге қамалған.

 Құдайберген Әлсейітұлы (1871 ?, қазіргі Павлодар обл., Ертіс ауд. – 1935, Ре- сей, Омбы обл., Шарпақ ауд., Жұмабай ауылы) – Сарыарқаның атақты ақындарының бірі, Иса Байзақовтың ұстазы, желдірмені осы Құдайбергендікі деп те орындайтын нұсқалары болған.

 1965 ж. «Айтыс» жинағында (1, 542-б.) тегі аталмаса да, қайтыс болған жылы 1931ж. деп көрсетілсе де, Үкілі Ыбыраймен айтысқан Құдайберген ақын осы екені түсінікті.

Құдайберген Әлсейітұлы Қадишамен де айтысқан. Тегі: Орта жүз, Қыпшақ.

Қадиша (т.ж.? – қ.б.ж? ) – тегі: Орта жүз, Қарауыл, Мүлтіксары, Жауар.

Құдайберген Әлсейітұлымен айтысқан.

 Оңғар Дырқайұлы (1859, Қызылорда обл., Қармақшы ауд. – 1902). 1895 ж. Ал- тын руының ақыны Топжан Байназарұлымен де айтысқан. Тегі: Кіші жүз, Әлім, Қаратамыр.

 Ырысты қыз (т.ж.? – қ.б.ж.?) – тегі: Кіші жүз, Әлім, Шөмекей, Аспан, Төбет аталығынан. Қазалы, Қармақшы өңірінде көшіп жүрген. Ол қарақалпақ ақыны Әжінияз Қасыбайұлымен (1829 – 1878) де айтысқан.

 Қызыл жыршы (Мырзабек Байжанұлы) (1870, қазіргі Оңтүстік Қазақстан обл., Отырар ауд. Маяқұм ауылы –1945, күз, сонда) – Майлы қожа, Мәделі қожа,

Нұралы, молда Мұса, Айтбай, Балтабай, т.б. ақындармен айтысқа түскен. 1939 ж. Шымкенттегі олимпиадаға қатысып, Алматыға шақырылған, бірақ партиялық цен- зура: «Алланы көп айтасың», – деген желеумен шетқақпайлық жасаған.

Классикалық жырау типіне анық келмегендіктен, жыршы деп беруді жөн көрдік.

Тегі: Орта жүз, Қоңырат, Көтенші, Жаманбай, Қира.

 Әкімгерей Қостанов (1878, бұрынғы Орынбор обл. Бөрте ауылы – 1932, Қарақалпақстан, Шымбай қыстағы) –А.Затаевичке ондаған ән мен күй жаздырған, жыршы.

Болман Қожабайұлы (1880, Қарағанды обл., Ұлытау ауд. − 26.9.1972, сонда).

Тегі: Орта жүз, Найман.

 Тайжан Қалмағамбетов (1878, Қарағанды обл., Ұлытау ауд. − 1938) – атақты Ыбырай Сандыбаевтың туған жиені. 1936 ж. Мәскеуде өткен қазақ өнерінің бірінші онкүндігіне қатысқан.

 Иманжан Жылқыайдаров (1882, Қарағанды обл., Ұлытау ауд. – 10.8.1973, сонда).

 Бибіғали Оңғарбайқызы (т.ж.? – қ.б.ж.?) − Иманжан ақынның жерлесі, ауыл- дас.

 Кеншімбай Қабанұлы (1865, Қызылорда обл., Сырдария ауд. – 1925, сонда). Кейбір деректе: Көншімбай. Өз елінен қуғын көріп, Ор бойындағы Жағалбайлы еліне келіп, болыстың хатшысы болып, қызмет еткен. Сол жерде Ақсұлу қыздың сұлулығы мен ақындық даңқын естиді. Тегі: Кіші жүз, Байұлы, Жаппас.

 Ақсұлу Орысбайқызы (1873/1874, Қостанай обл., Жетіқара ауд. – 1930). Тегі: Кіші жүз, Жағалбайлы, Балқожа. Кейбір деректе: Орынбаева.

 Сауытбек Ұсаұлы (1868, қазіргі Жамбыл обл., Шу ауд. – 1931, сонда ) − Ашаның алты салының бірі. Тегі: Ұлы жүз, Дулат, Күнту, Мәмбет.

 Сыбанбек Ұсаұлы (1878, қазіргі Жамбыл обл., Шу ауд. – 1932, сонда) − Сау- ытбек Ұсаұлының туған інісі. Ол да ақындық дарынымен белгілі болған. Тегі: Ұлы жүз, Дулат, Күнту, Мәмбет.

 Майса – Суан еліндегі Байта деген байдың қызы деу бар, бірақ олай емес, Сәмбеттің қызы.

 Мәулімбай Саяқбайұлы (1871, көктем, қазіргі Алматы обл., Қапал ауд., Ақтөбе-Шұрық – 1918, күз, Сарыбұлақ).

Кәрібай Таңатарұлы (1872, Семей өңірі, Ақсуат ауд.– 1931, шекара сызығы).

 Әсет Найманбайұлы (1864/1867, қазіргі Шығыс Қазақстан обл., Үржар ауд., Бақты ауылы − 22.03.1922/1923, ҚХР, Құлжа ) − ақын, әнші, композитор. Өмірбаяндық деректерін анықтауда түрлі пікір бар.

 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жазалаушы отрядтардан дүрліге қашқан елмен бірге Әсет Найманбайұлы Қытайға өткен.

Ол Қали, Қызыр, Қосымбай ақындармен және т.б. ақындармен айтысқан.

 Мансұр Бегежанұлы (1875, Қызылорда обл., Шиелі ауд.−1933, Өзбекстан, На- манган) − көрнекті ақын Нартай Бегежановтың туған ағасы.

Дәме Тобақабылқызы (1894, Бұқар әмірлігі, Елібай өлкесі, Сарыбел мекені

– қ.б.ж.?) – қарақалпақ әдебиетінің көрнекті ақыны. «Ақ Дәме», «Ақын Дәме» атанған. Өмірінің кейінгі кезеңі белгісіз, ата-бабалары да, барған жұрты да бай болғандықтан, тарихта орын алған жағдайларға орай Ауғанстанға ауып кеткен де- ген хабар бар.

 Әжек Мырзаұлы (1885, Алматы обл., Райымбек ауд., Қарабұлақ ауылы − 1934, Қытай) − түпкі атасы – жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарда ерекше көзге түскен Шағаман батыр. Тегі: Ұлы жүз, Албан, Қызылбөрік.

 Қазақбай (XIX ғ. алғашқы жартысы, Ақтөбе өңірі) – «Қырымның қырық баты- рын» жырлаған. Онымен айтысқа түскен жас Нұрпейіс Байғанин Қазақбайды ұстаз тұтқан. Бірнеше эпосты содан үйренген, тәлім, тәрбие алған. 1906 ж. 23-наурызда Қазақбайды Орал уезі Жиренқопа болысынан (қазіргі Ақтөбе обл.) Орынбордың архив комиссиясы арнайы шақыртып, бірнеше жыр жазып алған. Ғалым В.Карлсон:

«Қазақбай 56 жаста екен, өлеңдерді бөгелмей, суырып салып айтумен бірге көптеген күйлерді, батырлар жырын біледі», – деп жазған. Тегі: Кіші жүз, Әлім, Кете.

 Нұрпейіс Байғанин (1886, Ақтөбе обл., Байғанин ауд. − 1945, 9.04). Ақынның анасы – атақты Бұқарбай жыраудың қызы Үміт күміс көмей әнші әрі суырыпсалма ақын. Тегі: Кіші жүз, Әлім.

 Жаңылдық Әйтімбетқызы (1902, қазіргі Жамбыл обл., Талас ауд., Үшарал ауылы − 1957, сонда) − бірнеше айтысы ел аузында сақталған, бірақ дер кезінде жазылып алынбағандықтан, көбі толық емес. Бізге жеткен айтыс мәтінінде Жаңылдықтың әкесі Әйтпенбет делінген, бірақ ұрпақтарының айтуынша, дұрысы: Әйтімбет. Тегі: Ұлы жүз, Ошақты.

 Құдайберген Қайырлапұлы (т.ж.? – қ.б.ж.?) – Жаңылдық Әйтімбетқызымен айтысқан, өзге мәлімет белгісіз.

 Қадырбай (т.ж.? – қ.б.ж.?) – тегі: Кіші жүз, Байұлы, Алаша, Бөкейлікте өмір сүрген болуы керек.

 Байтоқ (т.ж.? – қ.б.ж.?) – Батыс Қазақстанда, Жәңгір ханның Жасқұстағы са- райында болған. Халел Досмұхамедұлының «Аламан» жинағында Байтоқ жырау ретінде (1991, 58-б.) аталған. Тегі: Кіші жүз, Байұлы, Алаша.

 Қубала /Сұлтанғали/ Қуанышқалиұлы (XIX ғ. 2-жартысы, Батыс Қазақстан обл., Казталов кентінің маңы). Тегі: Кіші жүз, Жетіру, Тама, Дәулеткелді.

 Сейдәлі Жұмабекұлы (1839, Ақтөбе обл. – 1928) – соңғы мәліметтер бойынша, ата-анасы Қарақалпақстандағы Бесқала өңіріне көшкен. Тегі: Кіші жүз, Жетіру, Та- бын, Қаражон, Болат.

 Алтын (1858, Арал теңізінің оңтүстік өңірі, Қаражар – қ.б.ж.?) – қарақалпақ халқының арасында «жуаби», «ділуар» («айтқыш») деп танылған сөз шеберлерінің бірі. Алтын қыз кәсіпқой шайырлықты емес, ауылдың алтыауызын дамытушылардың бірі болған.

Сейдәлімен айтысқаннан кейін бір жылдан соң, 1884 ж. Тасбайға ұзатылған. Тегі: қарақалпақ еліндегі Қолдаулы тайпасы.

Бәйім (т.ж.? – қ.б.ж. ?) – ақын. Ділдәнің туған ағасы. Тегі: Кіші жүз, Әлім.

 Ешнияз Жөнелдікұлы (1834, Қызылорда обл., Қармақшы ауд. – 1902, сонда) – Сыр өңіріндегі салдық, күйшілік өнердің көрнекті өкілдерінің бірі.

АЙТЫСТАР ТУРАЛЫ ТҮСІНІКТЕР

 Жамбыл мен Айкүміс. Бұл айтыс 1872 ж. болған. Жаз айында Ақтасты жай- лауында Есқожа ауылына Жамбыл ақын келген. Осы тойда сұлу қыз Айкүміспен кездескен. Жастар өлең айтып, алтыбақан теуіп, тарасқан. Антологияға Жамбыл Жабаевтың екі томдық шығармалар жинағынан (2010, 44-46-б.) алынды.

 Жамбыл мен Сарбас. Айтыс 1885 ж. өткен. Верный (Алматы) қаласындағы Қожамберді байдың үйінде Жетісудың атқамінер болыс-билері, елдің игі жақсылары бас қосқан думанды жиын өткен. Осы топта Сарбас ақын ешкімге дес бермей оты- рады. Осыған байланысты шапыраштылар: − Бұл өзі Жамбылмен шайқасып көрді ме екен? Шын ақын атанса, абыройын Жамбылдың алдында сынап көрсін, − деп, ұсыныс тастайды. Дереу Ұзынағашқа кісі жіберіп, Жамбылды алдыртқан.

 Ұсынылып отырған мәтін Жамбыл Жабаевтың екі томдық шығармалар жинағынан (2010, 79 − 114-б.) алынды.

 *Ескерту: Айтыста «Байдабек» деген кісі аты кездеседі, бұл ақынның өзіндік сөз қолданысы болуы мүмкін деген оймен осылай қалдырдық.

 Жамбыл мен Досмағамбет. С.Мұқановтың анықтауынша, бұл айтыс 1902 ж., ал кейінгі зерттеушілер (С.Садырбаев) 1907 ж. болған деп санайды. Айтыстың орын алу тарихы: Жалайыр елінің молда ақыны Досмағамбет Үйсіндегі нағашысы Көбісбайдікіне келеді. Оның ауылы Іле өзенінің солтүстігіндегі Арқарлы тауын ме- кендеген. Осы ауылдағы отырыстың үстінен түскен Жамбыл мен Досмағамбет екеуі айтысады. Ұсынылып отырған мәтін Жамбыл Жабаевтың екі томдық шығармалар жинағынан (2010, 115-137-б.) алынды.

 Құлмамбет пен Жамбыл. Айтыс, С.Мұқановтың анықтауынша, 1881 ж., ал кейінгі зерттеушілер (С.Садырбаев) 1897 ж. болған деп санайды. Айтыстың шығу тарихы: Ұзынкөпір деген жерде бүкіл Жетісу аймағының билері мен болыстары жиналған. Сол жерде Жамбылды шақырып, Құлмамбетпен айтыстырған Есқожа руының Құдайберген деген кісісі (болысы).

Ұсынылып отырған нұсқа филология ғылымдарының кандидаты Т.Әлібектің

«Құланаян Құлмамбет және оның ақындық ортасы» атты монографиясындағы қосымша ретінде берілген «Текстологиялық саралаудан өткен мәтіндер» бөлімінен (228−240-б.) алынды. Оған ОҒК қолжазбалар қорындағы 317-бумада сақтаулы Ү.Кәрібаевтың нұсқасы негіз болған.

 Ноғайбай мен Зылиқа. Айтыстың қай жылы болғаны белгісіз, Ноғайбай ақынның өмірбаяндық деректері ескеріліп, осы басылымға енгізілді. Айтыстың шығуы тарихы баяндалғанда, оны Қара Ертіс жағасында, Сарманақ деген жердегі Әубәкір бидің үйінде өткен деп айтылады. Ақынның шығармалар жинағы соңғы жылдары «Отырар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен жарық көрген. Антологияға осы орталықтың дайындаған «Ноғайбай Сүлейменұлы» атты жинағынан (22–24-б.) алынды.

 *Ескерту: Ақынның жинағын құрастырушылар: «Соңы табылмады. Қабанбай батырдың аты аталып, аруақ шақырған соң ел іші бөлініп кетер деп, айтысты тоқтатуы да мүмкін»,–деген түсінік берген.

 Ноғайбай мен Айбала. Айтыстың қай жылы болғаны нақты анық емес, бірақ ол Шілікті өңіріндегі Бұтабай қажының үйінде болған деп айтылады. Ұсынылып отырған мәтін «Ноғайбай Сүлейменұлы» (24 – 28-б.) атты жинақтан алынды.

Айқын қыз бен Жарылқасын қожа. Жұмбақ айтыс. Айтыс 1880 ж. болған.

Айтысқа қатысты мәліметтерді 1964 ж. тауып, жариялаған Мардан Байділдаев.

 1908 ж. Қазан қаласында Хұсайыновтар баспаханасында 17 беттік кітапша болып шыққан. Айтыстың алғы сөзі мен соңғы сөзін өлеңмен жазып, баспаға дайындаған Шәймерден Нұрахметұлы Бәйкиев. Оның айтуынша, бұл айтысты ол 1901 ж. Жарылқасын Сырманұлының өз аузынан жазып алған. Бұл айтыс 1908- 1913 ж. аралығында Қазан қаласында 4 рет жарық көрген. Кеңестік дәуірде айтыс жинақтарында (1-том, 1965, 318-325-бб.; 2-том, 1988, 183-194-бб.) жарияланған. Соңғы кездегі жарияланып жүрген нұсқа Қазан қаласында жарық көрген 1908 ж. басылым бойынша берілген. Оны дайындаған тілші ғалым Арынов Тоқтар. Антологияға соңғы басылым, яғни «Айтыс» жинағы (2-том, 1988) бойынша берілді. Алдыңғы (1965 ж.) басылыммен салыстырғанда, мәтінде кейбір сөздердің қолданысында айырмашылықтың бар екендігі анықталды.

 Сарышолақ пен Сәлім. Айтыстың қай жылы болғаны нақты емес. Алайда, айтыстың шығу тарихы: «Жағалбайлы Дербісәлі − патшадан полковниктік шен алған, бай, ел-жұртына белгілі адам. Оның Лайық, Барлық дейтін балалары болған. Лайық Мырзағұл ауылындағы бір малшы қырғыздың келіншегін тартып алып, дес бермейді. Қырғызды ортамызға келген қонақ деп сыйлап, Мырзағұл қасына Сарышолақты ертіп, Дербісәліге келеді, әлгі келіншекті қайтарып алу үшін. Сол жерде, Дербісәлі үйінде оның Сәлім деген ақыны бұларға тиісіп, айтыс бастайды»,

– деп, аңыздалады.

 Ақтөбе обл., Шалқар қаласының тұрғыны Оңдасын Үсеновтен филология ғылымдарының докторы Ж.Асанов 1997 ж. жазып алған. «Сарышолақ Боранбайұлы. Шығармалары» атты жинақтан (276 –279-бб.) алынды.

Сарышолақ пен Тоқсұлу. Айтыс 1905 жылы өткен. Ұсынылып отырған нұсқа

«Сарышолақ Боранбайұлы. Шығармалары» атты жинақтан ( 280–293-бб. ) алынды.

 Сарышолақ пен Бақи сұлу. Айтыстың қай жылы өткені белгісіз. Айтыстың орын алу тарихы: Елдің алды жайлауға көшіп жатқан кез екен. Астында Қарагер аты, қасында қасқыр алатын Топжар атты тазысы бар Сарышолақ келе жатса, ал-

дынан көшкен елдің жұртында жүрген бір топ қыз кездеседі. Қыздар жұрттан бір нәрсе іздеп жүргенге ұқсайды. Олар Жекей руынан екен. Топ ішінде Жекей елінің ақын қызы Бақи сұлу бар екен. Іздегенге сұраған дегендей, жас Сарышолақ топқа жақындап, тиісе сөз қозғапты. Содан айтыс басталған.

 Антологияға «Сарышолақ Боранбайұлы. Шығармалары» атты жинақтан ( 294– 300-бб.) алынды.

 *Ескерту: «Сайрап қал бұлбұлдайын, замандасым»,деп басталатын шумақта бір жол жетпейтін сиякты әсер береді, бірақ сілтеме жасалған кітапты басшылыққа алып, осылай қалдырылды.

 Сарышолақ пен Тама қызы. Айтыс 1884 жылы өткен. Айтыстың шығу та- рихы: Сарышолақ жолаушылап, Жем өзені бойындағы бір үйге ат басын тірейді. Жақындай бергенде, үйден бір бойжеткен қыз шығып, қайта кіріп кетеді. Хабар- ласса, үйден жаңағы қыз шығып, есіктің жақтауына сүйеніп тұра қалады. Дәстүр бойынша, үйден ер адам шығуы керек. Үй иесі сараң болса керек. Сондай келеңсіз көріністі тілге тиек етіп, Сарышолақ өлеңдетіп жібереді. Қыз да өлең сөзге қара жаяу емес екен. Айтыс осылай басталған.

 Ұсынылып отырған нұсқа «Сарышолақ Боранбайұлы. Шығармалары» атты жинақтан (301–303-бб.) алынды.

 Сарышолақ пен Құлый. Айтыс 1907 жылы өткен. Айтыстың шығу тарихы: Қазыбай тайпасының Қуат бөлімінің атақты байы Тотан жылқылы болған. Көп жылқысын үлкен қос қылып ұстаған. Тілеу руының Мөңке тайпасының Әбу атты пысық жігітін бас жылқышы еткен.

 Әбу Сарышолақтан бір зергерлік бұйым алып, қысқа қарай ат берем десе ке- рек. «Сүтті көлде» отырған жылқышылар қосына Сарышолақ шайыр мініске ат сұрап барады. Сарышолақтан құтылғысы келген Әбу тұғыр ұстап береді. Әбудің жақтырмағанын сезген Сарышолақ сол арада айтысты бастайды.

 Айтысты Шалқар қаласының тұрғыны, журналист Мұханбетәли Есмағамбетовтен филология ғылымдарының докторы Ж.Асанов 1997 ж. жазып алған.

 Ұсынылып отырған нұсқа «Сарышолақ Боранбайұлы. Шығармалары» атты жинақтан ( 306–326-бб.) алынды.

 *Ескерту: Бұл айтыстын екі жерінде бір-бір сөзден жетіспей тұрған сияқты, бірақ айтыскердің өзіндік сөз қолданысы, т. б. жағдайларды ескеріп, өзгерту жа- самауды ұйғардық.

 Мәшһүр-Жүсіп пен бір қожа. Айтыстың қай жылы болғаны және қандай жағдайда орын алғаны туралы мәлімет сақталмаған. Мәтін ОҒК қолжазба қорындағы 1176-бумадан алынған. Антологияға ақынның коп томдық шығармалар жинағынан (6-том, 177-б.) алынды.

 Үкілі Ыбырай мен Құдайберген. Бұл жұмбақ айтыстың дәл қай жылы болғаны белгісіз. Айтыстың шығу тарихы: Атығай Қожақмет отыз кісімен Көкшетауға құдалыққа бара жатып, өлең айтқызуға бала болса да, Құдайбергенді арбаға мінгізіп, ала барыпты. Жас та болса, ақын аты шыққан Құдайберген ақын, өлеңді айтып-айтып, домбыраны қасына қойып отырғанда, Көкшетаудың елу жастағы Ыбырай деген ақыны естіп, қолында үкілі домбырасы бар, есіктен кіре, айқай сала кіреді, – деп баяндалады.

Айтыстың қолжазбасы ОҒК қолжазба қорындағы 256, 2396-бумаларда сақтаулы.

«Айтыс «жинағына (1965, 1 том, 256 – 259-б.) енген.

Антологияға «Гәкку» жинағы (156 – 158-б.) бойынша берілді.

 Құдайберген мен Қадиша. Бұл айтыстағы Құдайберген – Әлсейітұлы. Айтыс бұрынғы Көкшетау облысының «Қызыл Ту» ауданына қарасты Үлкен Қараой мен Кіші Қараой аралығындағы Аққұдық деген жерде өткен. Өзге мәлімет белгісіз. Алғаш рет «Айтыс» жинағында 1965 ж. (448 – 453-бб.) жарық көрген, антологияға сол басылым бойынша ұсынылды.

 Оңғар мен Ырысты қыз. Айтыс 1885 ж. шамасында болған, Қызылорда экс- педициясы кезінде 1964 ж. Мардан Байділдаев жазып алып, ӘӨИ қолжазба қорына тапсырған.

Антологияға «Айтыс» (1988, 1 том, 144 – 148-б.) бойынша берілді.

 Қызыл жыршы мен Әкімгерей. Мырзабек Байжанұлы (Қызыл жыршы) 1916- 1917 жылдары Ақтөбе өңірінде үш жылдай тұрған. Ашаршылық болса да, ел ішінде ақындығымен танылып, қиындық көрмей, тұрмысы түзелген. Осыдан соң туған еліне қайтпақ болған кезде Ақтөбедегі белгілі дәулетті Шайқыслам деген бай оны бірер күнге тоқтай тұруын өтініп, Әкімгерей Қостановпен айтыстырған. Бұл айтыс сол кезде болған.

Антологияға «Қызыл жыршы» жинағынан (52 – 65-б.) алынды.

 Болман мен Несігүл. Айтыс 1905 ж. өткен. Айтыстың орын алу тарихы ОҒК (237-бума, 5-д.) және ӘӨИ қолжазба қорларына (244-бума) Болман Қожабайұлы арқылы жеткен мәліметтерден белгілі болады. Атап айтқанда: ОҒК қолжазба қорына айтыс мәтінін 1946 ж. Болман ақынның өзі тапсырған. Ал ӘӨИ қолжазба қорындағы осы тақырыппен сақталған мәтін екеу болғанымен, негізі − бір, ол 1940 ж. Болман Қожабайұлының айтуынан жазылып алынған. Оның айтуынша, айтыс Оспан тауында, руы Найман Толысбай байдың тойында өткен. Несігүл сол кезде өзінің сіңлісінің күйеуімен қашып келе жатқан екен. Сол жиында Болман Қожабаев пен Несігүл қыз айтысады.

 Алғаш рет Ақылбек Шайхы құрастырған «Ақын Болман» атты жинағында жарық көрген. Кейін «Айтыс» жинағында (1988, 1-том) жарық көрді. Антологияға Қожабай Тоқсанбайұлы мен Болман Қожабайұлының шығармаларына арналған

«Бізге де сөйлер кез келер...» атты жинақтан (93-97; 373-бб.) алынды.

Болман мен Тайжан. Айтыс, Болман ақынның айтуынша, 1914 ж. болған. 1965 ж.

«Айтыс» жинағында тұңғыш рет жарияланған (2-том, 427-432-бб.). Осы басы- лымды негізге алып, «Бізге де сөйлер кез келді...» жинағында жарияланды. Кейбір сөздердің берілуінде өзгеріс қана болмаса, мәтін − біреу. Антологияға кейінгі түзетілген мәтін бойынша Қожабай Тоқсанбайұлы мен Болман Қожабайұлының шығармаларына арналған «Бізге де сөйлер кез келер...» атты жинақтан (107-111- бб.) алынды.

 Иманжан мен Бибіғали қыз. Айтыс, Иманжан ақынның айтуынша, 1916 ж. шамасында болған. Айтыс мәтінін ақынның өзі ӘӨИ қолжазба қорына 1964 ж. тапсырған. Алғаш рет «Айтыс» жинағында 1965 ж. жарық көрген, осы басылымда

мәтін соңында 1910 деген мәліметтің тұруы қолжазбаны баспаға дайындау бары- сында байқаусызда кеткен қате болуы керек. Осы жинақ басшылыққа алынды (2

-том, 433-442-бб.).

 Кеншімбай мен Ақсұлу. Айтыс, шамамен, 1890 ж. болған. Айтыстың мәтінін және екі ақынға қатысты мәліметтерді ел арасынан іздестіріп, жинаған ӘӨИ ғылыми қызметкері Мардан Байділдаев. Антологияға «Айтыс» жинағы (1-том, 1965, 326 −340-бб.) бойынша берілді.

 Сауытбек пен Сыбанбек. Айтыстың қай жылы болғанын анықтауда әркелкі пікірлер айтылған. Дегенмен филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбековтің зерттеуінше, ағайындылар ақын болғандықтан, олардың ара- сында айтыстар жиі болып тұрған. Ал бұл айтыс 1895–1897 ж. болған. Айтыстың шығу тарихы: Сауытбек алты ағайынды: Зәуірбек, Күсебек, Сауытбек, Іңкәрбек, Тәтелбек, Сыбанбек. Сауытбек бес жасқа келгенде әке-шешеден бірден айрылып, жоқшылықтың кесірінен Жеріндік деген бай әйелге жалданады. Сауытбек бұған қатты намыстанады да, кенже інісі Сыбанбек екеуінің арасында айтыс туған. Қаттылау сөздер айтылғанымен, ағайындылардың бұл сөз сайысында бір-біріне ой салу бар. Антологияға «Айтыс» жинағынан (1-том, 1988, 158-160-б.) алынды.

 Сауытбек пен Майса. Айтыс 1890 ж. болған. Мәтінді 1974 ж. халық ақыны Смайыл Қалипановтан жазып алған Әбді Шынбатыров. 1977 ж. «Мәдениет және тұрмыс» журналына жарияланған. «Айтыс» жинағына (1-том, 1988, 158–160-бб.) енген, ұсынылып отырған мәтін осы басылым бойынша берілді.

 Әсет пен Ырысжан. Айтыс 1849 ж. мамыр айында болған. Қарқаралы – Қызылжар жолының бойындағы Қоянды бекетінде, орыс саудагерлері мен қазақтардың съезі ашылған. ...Атақты Қоянды жәрмеңкесінде болып, әсіресе, Хамитжапар байдың ақыны Ырысжан қызбен айтысып, оны жеңуі Әсеттің есімін елге танытқан.

 Бұл айтыс «Қазақ әдебиетінің нұсқалары» (1931), «Айтыс» (1942, 1964, 1965) жинақтарында басылған. Антологияға соңғы басылым (1-том, 341–356-бб.) бойын- ша ұсынылды.

 Мәулімбай мен Мұғлипа. Айтыстың нақты қай жылы болғаны белгісіз. Айтыстың шығу тарихы: бастапқыда қыз бен жігіт айтысы ретінде басталғанымен, сол замандағы әлеуметтік мәселелер көтерілген. Айтыстың, ақыры, қыздың намы- сын қорғамақ болған мырзалар Мәулімбайға ұмтылғанында, айттырылған жері ан- дас болғандықтан, олар осы сәтті пайдаланып, Мұғлипаны алып қашқан. Ұсынылып отырған мәтін «Ақтөбе - шұрық мекенім» атты жинақтан (151-159-б.) алынды.

 Мәулімбай мен Балаты. Қыз бен жігіт айтысы. Антологияға «Ақтөбе-шұрық мекенім» атты жинақтан (164-167-б.) алынды.

 Кәрібай мен Әсет. Айтыс 1916 ж. болған. Айтыстың шығу тарихы: сол жылы тамыз айында Қаракерей түселіндегі (Көктұма сиязы) кезінде болған. Айтыс 3 күнге созылған. Сол кезде Жайсаңға қарасты Саты, Сайболат, Жұмық, Тәуке руларының болысы, руы Ақнайман Кәкім көзіқарақты адам болғандықтан, екі ақынның айтқан сөзін түгел жазып отыруға адамдар тағайындаған. Бірақ съезд біткен кезде жазған адамдар тарап кетіп, бас-аяғы түгел жиналмай, ел арасында үлкенді-кішілі бірнеше

түрде, яғни толық емес күйінде тараған. Бейсенғали нұсқасы көлемдірек, оны 1943 ж. Кәрібай ақынның үлкен ұлы Құнапияның жатқа айтуынан жазып алған. Әріпжан ақынның үшінші ұлы Сапиолла 1974 ж. жатқа айтып, қағазға түскен. 1996 ж. Шатабай Кенжебайұлының айтуынан жазылған тағы бір шағын мәтін бол- ды. Алтай өңіріне тараған мәтінді Асқар Татанайұлы 1960 ж. халық ақыны Бол- мас Төлемісұлынан жазып алып, оны «Мұра» журналында (1983, №3) жариялаған. Және 1985 ж. Шыңжаң «Жастар» баспасынан шыққан «Қазақтың байырғы айтыста- ры» атты кітапқа енген.

 Бұған қарағанда, көлемі шағындау, бірақ екі ақынның өз руын асыра мақтап, екінші жақтқа және қарсыластың жекебасына тиісу жағынан мазмұны ұқсас нұсқа

«Айтыс» жинағына (1-том, 1988, 163 – 165-бб.) енген, бірақ ол ұсынылып отырған айтыс мәтінін қайталамайды. Антологияға ақынның «Арман да, арман, шын арман» атты жинағынан (158-189-б.) алынды.

 *Ескерту: Кітапта «Күнін кес, мына дауды тез бітір - деп» берілген. Әңгіме құн кесу туралы болып отыр, бірақ кітапқа сүйеніп, осы жолды қалдырдық.

 Мансұр мен Дәме. Айтыс 1910 ж. болған. Қазақстанда кеңестік дәуірде 3 рет жарияланған. Сондай-ақ бір нұсқасы Қарақалпақстанда, 1995 ж. Ә.Пахратдинов, Х.Өтемұратова авторлығымен «ХIХ ғасырдың соңы − ХХ ғасырдың басындағы қарақалпақ әдебиеті тарихы» атты хрестоматияда жарық көрген. Тағы бір нұсқасы Өзбекстан ҒА Қарақалпақстан бөлімі Ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында сақтаулы. Ұсынылып отырған айтыс мәтіні «Айтыс» жинағынан (2-том, 1965, 303−325-бб.) алынды.

 Әжек пен Шәріпжамал. Айтыс 1913 жылдың жазында Бақай елінде, қазіргі Алматы облысының Шелек өңірінде өткен. Бақай тауының етегін жайлаған Қаңлы Құнанбай деген кісінің Шәріпжамал атты қызының атағы елге жайылған. Сұлу қыздың айтыстағы алғырлығын Әжек те естіп, бақ сынау үшін арнайы Қарқарадан іздеп барған. Бұл кезде Шәріпжамалдың Жәмила дейтін рулас сіңлісінің ұзату тойында екеуі болған, сонда жүздесіп, айтысқан. Айтыс әжуа, қалжың, мысқыл сөздермен басталған, қыза-қыза әлеуметтік жағдайларға ойысқан.

 Шәріпжамал мен Әжек айтысының куәгері болған Әдия әжей (ол кісі өткен ғасырдың 60-жылдарында қайтыс болған) жарияланып жүрген мәтін өмірде болған айтыстың үштен біріндей ғана көлемін қамтиды (Нұрпейісов К. Заманның бір әуреге салғаны-ай. //Ана тілі газеті, 1992, 18-қазан) деп ескерткен.

 Айтыс 1942 ж. бастап академиялық жинақтардың бәрінде жарық көрген, бірақ кейінгі басылымдарды шығарушылар жеке сөздерді өзгертіп, басқа жолдар қосқаны анықталды.

Антологияға «Айтыс» жинағынан (1942, 65 –74-б.) алынды.

 Қазақбай мен Нұрпейіс. Бұл айтыс Нұрпейістің 22 жасында, яғни 1882 жыл- дары өткен. ОҒК қолжазба қорында 120-бумада, айтыстың машинкаға басылған екі нұсқасы сақталған. Айтысты 1941 ж. Нұрпейіс Байғаниннен хатшысы Ахмет Ескендіров жазып алған. Алғашқы нұсқаның көлемі – 587 жол, екіншісінің көлемі 2000-ға жуық. Екі нұсқа да кейінгі буын адамдар тарапынан өңделген. Сондықтан айтыстың алғашқы нұсқасы ұсынылды.

Н.Байғаниннің 1991 ж. шыққан жинағында айтыстың көп жері қысқарып қалған.

Толық нұсқасы Алматыдағы мұрағатта сақтаулы.

 Антологияға «Нұрпейіс Байғанин. Естеліктер. Таңдамалы шығармалары» атты жинақтан (296 – 306-б.) алынды.

 Жаңылдық пен Құдайберген. Құдайберген Қайырлапұлының сөзі бойынша, ол Жаңылдық Әйтімбетқызымен екі рет − 1916 жылы және 1918 жылдың жазында айтысқан. Антологияға ұсынылып отырған айтыс біріншісі болуы керек. Айтыс фи- лология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбековтың жеке мұрағатынан алынды.

 Бақтыбай мен Мәйке қыз. Айтыс 1870 ж. болған. Шығу тарихы: Мәйкенің айттырып қойған жігіті бар екен. Бірақ айтыс үстінде Бақтыбай мен Мәйке бір-бірін ұнатып қалып, екеуін қосу мақсатында ел ағасы Жәлменде ауылдан 50 тиыннан салық жинап, Мәйкенің атастырған жерінен қалыңмалын қайтарып, қыздың басына бостандық алып берген. Солайша екеуі қосылған.

Айтыс 1965 ж. жарияланған. Қолжазбасы ОҒК 19-бумада сақтаулы. Антологияға «Айтыс» (2-том, 1988, 128-143-б.) жинағынан алынды.

Бақтыбай мен Бәйімбет. Айтысқа қатысты мәліметтер әзірше белгісіз.

Айтыстың нұсқасын ӘӨИ қолжазба қорына (360-бума) тапсырған Ақжолтаев.

 Қадырбай мен Байтоқ. Қай жылы болғаны белгісіз. Айтысты Тоқыш Қиданбеков тапқан, ӘӨИ қолжазба қорында сақтаулы (327-бума). «Айтыс» жинағында (1-том, 1988, 255-б.) жарияланған. Антологияға осы басылым бойынша берілді.

 Қараішік пен Қубала. Айтыстың қай жылы болғаны белгісіз. Айтысты 1957 ж. Гурьев (Атырау) экспедициясы кезінде Төлеген Бадырақовтан жазып алып, ӘӨИ қолжазба қорына (312-бума) тапсырған Б.Адамбаев пен Ә.Омаров. «Айтыс» жинағында (1-том, 1988, 166-168-б.) жарияланған. Осы басылым басшылыққа алынды.

 Заман мен Ұмсын. Айтыстың қай жылы болғаны белгісіз, бірақ жазып алу- шы – М.-Ж.Көпейұлы. Ол 1915 ж. желтоқсан айында Айдабол, Тайкелтір Байба- тыр абыздың баласы Шалқарбай қажыдан жазып алған. Айтыстың шығу тарихына байланысты мәлімет ретінде М.-Ж.Көпейұлы берген ескертпе: «Ұлы жүз Үйсіннен шыққан ақын Ұмсын қыз бен Заман қожаның айтысқаны. Қыз айтыпты:

 − Бұл қожамен айтысқанда, үш түрлі сауал сұраймын. Екеуіне жауап берер, біреуіне келгенде, тоқталар. Егер оған тоқтаса, шын қожа болғаны, онда пірлікке жарайды. Егер шешендікке салып, оған да жауап беремін деп далбасаласа, өтірік қожа болғаны. «Әділ биде ата жоқ, тура биде туған жоқ; туғанына бұрған биде иман жоқ!» – деген. Көп жиылған әлеуметтің ішінде қыз айтысады деген ойында жоқ қожа өлең соқты».

 Антологияға М.-Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағынан (6-том, 250-257-бб.) алынды.

 Шернияз бен қыз. ОҒК және ӘӨИ қолжазба қорларында сақтаулы. ӘӨИ қорына (700-бума) тапсырған Сапарғали Бегалин. Ол Ештай Сәлімов деген кісіден жазып алған. Антологияға «Айтыс» жинағы (2-том, 1988, 91-95-б.) бойынша берілді.

 Сейдәлі мен Алтын. Айтыстың нақты қай жылы болғаны белгісіз. Айтыс жинақтарында 1965 ж. бері жарияланып келеді. 1988 ж. басылымда алғашқыдағы

кейбір сөздер түзетілген, мәселен, «Мен бір жүрген шабылған», «Жоқ қыдырып мен жоқшы», «Айтысып көр, қазағым» дегенді «Мен бір жүйрік шабылған»,

«Жол қыдырып мен жоқшы», «Айтысып көр, қарағым» деп түзеткені дұрыс деп қабылданып, осы жолдар берілді. «Іздеп келген адам ғой» деп басталатын қарасөз кейінгіде алынып қалған. Сондықтан антологияға толық мәтін ретінде 1965 ж. ба- сылымнан (2-том, 138 – 144-б.) ұсынылды.

 Сейдәлі, молда Бәйім, Ділдә. Айтыс 1838 ж. шамасында, Сейдәлінің Сыр бой- ын мекен еткен кезінде болған. Айтыстың шығу тарихы: «Сейдәлінің жиырма екі жасқа келген шамасы. Жаз, қымыз піскен мезгіл. Әлімнің жұрттан озған Қанатбай деген байы болыпты. Елге ат шаптырып, ас беріп, той қылады. Сол елге Сейдәлі жиен болғандықтан, тойға тіккен үш жүз үйдің ең қадірлісін таңдап, кіріп келсе, сол елдің сардары, билері отыр екен. Көрісейін десе, ешкім оның сәлемін елемепті, орын да бермепті. Сонда ол босағаға отыра кетіпті. Көп кешікпей, ет тартылып, екі кісіге бір табақтан бергенде, жалғыз болып, еттен құр қалыпты. Қымыз келіп, бір- бір кеседен ішіп және қайталап, қызып отырғанда, төрдегі Иманбайдың көзі сон- да түсіп, танып: − Жиен, мерекеге қызмет көрсет, өлең айт, – дегеннен-ақ Сейдәлі өлеңді қоя беріпті», – деп, баяндалады.

 «Айтыс» жинағында 1965 ж. жарияланған, 1988 ж. басылымда біраз жолдар қысқарған. Сондықтан антологияға алғашқы басылымнан (2-том, 1965, 145 – 163- б.) алынды.

Ешнияз бен Кенекес. Айтыстың қай жылы болғаны нақты емес. Алғаш рет

«Айтыс» жинағына 1965 ж. (2-том, 210 –212-бб.) жарияланған. Қолжазбалық негізі ОҒК қолжазба қорында 270-бумада сақтаулы. Оны жинаушы Әбубәкір Диваев. Антологияға «Айтыс» жинағы (2-том, 1988, 157–158-бб.) бойынша берілді.

СӨЗДІК

 Азбан – бұрын үйірге, күйекке, келеге түсіп, кейіннен кестірілген еркек мал; айғыр.

 Арсы (ғаршы) – мифтік сана бойынша, жеті қат көк үстіндегі тақ орны. Құдайға лайықты құрметті орын мағынасында.

 Асай-Мұсай – шығыс елдерінде дінге байланысты айтылатын Мұса пайғамбардың қасиетті таяғы; асатяқ.

 Аткелдейін – актілейін /акт/. Ескерту: Ноғайбай Сүлейменұлының айтысына қатысты осы сөзді филология ғылымдарының докторы, проф. Тұрсын Жұртбай дау- шарға қатысты куәға тартып жасалатын «ісқағаз», акті болуы керек деп түсіндірген.

Әзәзіл – шайтан, Ібіліс қатарындағы қаскөй рух.

Әйкел − әйелдер мойнына тағатын алқа.

Әулекі − даңғаза, есерсоқ.

Әуірі – көңілдің құмары, желігі.

Баз, паз /п/ – қаршыға тектес асыл едім деген мағынада.

Батбан – батпан.

Баһар /п/ − көктем маусымы.

 Без билет, безбелет /о/ − безбилетный – билетсіз, бұл арада: жөнсіз жүрсің де- ген мағынада.

Бейпоз − кейбір нұсқаларда бейбоз, жанпоз бұлбұлы екен делінеді.

Бейрәһім – рақымсыз.

Бейхая /а/ − ұятсыз.

Беке − жаман су, шалшық.

Бексұлы − вексель /неміс/ − ақшалық міндеттемесі бар құжат.

Бент – бәнд /п/ – бекіту, байлау мағынасында.

 Бидайық – астық тұқымдас көпжылдық жабайы өсімдік; бұл арада: қаршыға тұқымдас ең қыран құс.

Бұлдырық – құр тұқымдас, сұр түсті қарабауыр кішкентай дала құсы.

Бұт – пұт.

Градыспен – градус /латын/ − шама, деңгей.

Ғазал /а/ – 1) өлең; 2) үні.

Делбекезек – жылқы түлігінде кездесетін кесел.

Дорақ – дурак /о/ – ақымақ.

Дуан – бір уездік көлемдегі ауқымдық бекініс, аймақ.

Дүр – күрт, қауырт, бірден.

 Желқом – жауыр аттың арқасына ер батпау үшін желдік үстінен қабаттап салынған қалың киіз, жауыр атқа салынатын ортасы ойық тоқым.

Жүзтайлақ – ұзатылғанда төркінінен жүз ақ тайлақ.

Здавайттап /о/ − сдавать − ұстап беру.

Зәуіқайыр – кездейсоқ.

Зеңберек – зеңбірек.

Ителгі – сары шұбар, қанаты ұзын, мойны ақ жағал, кішкене қыран құс.

Калиматтай – Аллаға жалбарыну, Құрандағы бір аяттың аты.

 Кебенек – 1) сырт киім. Ертеректе жауынгерлер, малшылар жауын-шашыннан, бораннан қорғану үшін киген. Жұқа киізден тігіледі, шапан тәрізді болып келеді; 2) ешкі ғана ауыратын жұқпалы індет.

 Кезқұйрық – ұсақ жәндіктермен, өлекселермен қоректенетін жыртқыш дала құсы.

Көнек – Бие саууға арналған көннен жасалған шүмегі бар ыдыс.

Көрдемше /жерг./ – некесіз туылған жас бала, нәресте.

Күйкентай − орманды дала алқабын мекендейтін қырғи тұқымдас қыран құс.

Күпір /а/ – діннен шығу, дін жолынан адасу.

Кірсиян, крестьян /о/ – шаруа. Кірісі – кіріс: садақтың керме бауы. Қаукерім – қауқар.

Қашаған – қашып, ұстатпайтын бие.

Мағрұр − алданған; меншіл, мақтаншақ, тәкаппар.

Мәнжубас – топас, ақымақ.

Мәрту, мәрпу − ішірткі, дәрі.

Мөңке – сазанның кішірек түрі; тұнық, таза суларда ең көп тараған балық.

Мұқам /а/ – мақам, сөзді ырғағына келтіріп айту. Мықдарыңа (миқдат, миқтар) − өлшем, шама, саны. Намақұл – мақұл көрмей.

Нәтсіз – нәті: нәсілі, тегі.

Нығмет /а/ − бақыт.

Палитса – полиция /ежелгі грек/.

Панар – фонарь /ежелгі грек/ − жарық, сәуле.

Пар /о/ − тең.

Пружинасыз – пружина /о/− ширатылған темір сым.

Пірқадан /а/ − бұл арада: қай жіктен, қай бағыттасың деген мағынада.

Пітінә – аласа, қортық, мәстек.

Рас-Рап /а/ − биік, мәртебелі орынға ие болу.

Самсөз – сөз таппай, дағдару.

Сарыжа, саржа – сүйекпен әшекейленген әдемі садақ; жақ.

Сахи – жомарт.

Сиыр, барыс – бұл жерде: жыл аттары ретінде қолданылған.

Соқтадай, соқталдай – үлкен, дәу, ірі денелі адам.

Сүлей – жыршы, суырыпсалма.

Таңдасы − ертеңі деген мағынада.

 Таһазір − кешірім сұрау сылтауы, себебі; болмайтынын, мүмкін емес екендігін мойындау, әлсіздік, дәрменсіздік.

Тәзір − сөгіс, ұрсу, кінәлау, айыптау; жаза, жазалау.

Топайы, топай – жылқының бақайшақ сүйегі; ірі қара малдың асығы.

Торғын − қымбат бағалы жұқа жібек мата, торқа.

 Тулақ – төсеніш ретінде қолданылатын, жүні алынбаған мал терісі, кептірілген көнтері. Көбіне ірі қараның, құлынның терісінен жасалады.

Тұйғын – қаз, үйрек аулап, қоректенетін лашын тұқымдас жыртқыш құс.

Уажып /а/ – істеуге міндетті болған іс.

Үкірдай – Қытайдағы ел билеушілердің болыс дәрежесіндегі лауазымы.

Часабай /о/ – часовой – күзетші.

Шалығы – шалық – шала.

Шаһуат − аса күшті; тілек, арман; құмарлық, ынтызарлық; сезімталдық.

Шор – денеде қатып қалған ісік.

Шорағай – тайыз суларда мекендейтін шортан.

Штат – сайлау мағынасында.

Шұлғау – қонышты аяқ киімнің ішінен аяққа орайтын қалың мата.

 Шүлен – мырза, дарқан, жомарт кісі. Шүлен таратты – барын мырзалық етіп үлестірді.

Шытыр − сортаңдау далада өсетін гүлі ұсақ шөптесін өсімдік.

Шығуана /а/ − мезі болу, ығыр болу.

Ілескер Құсбегі – Қоқанның әскер басы, бегі деген мағынада.

Янды – қайтты.

ТАРИХИ ЕСІМДЕР

 Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (29 шілде (10 тамыз) 1845, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Қасқабұлақ жайлауы – 23 маусым (6 шілде), 1904, сонда, Балашақпақ жайлауы, бейіті Жидебайда) – ұлы ақын, философ, ағартушы, компо- зитор.

 Абылай хан – Әбілмансұр (1711/1713 − 23.5.1781, Оңт. Қазақстан обл., Арыс жағасы) − ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі – Жошы хан, бергі бабалары Қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы.

 Ағыбай (XIX ғ.) − Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліс кезінде ерекше ерлік көрсеткен халық батыры.

Ақшабай - шын аты Түгелбай.

 Алтынсары – қазақтың алғашқы ағартушыларының бірі Ыбырай Алтынсариннің әкесі.

 Атымтай жомарт – Шығыстың фольклорында кездесетін кейіпкер, өзінің қайырымдылығы мен жомарттығына сай аты жайылған, VI ғасырда өмір сүрген деген жорамал бар. Түп-төркіні тай тайпасының ақыны Хатим ибн Абдаллаһқа (Хатим-тай) тіреледі.

Аухат – пайғамбар.

 Әжібай Найманбайұлы (1699 − 1779) – Албан руындағылардың ұранына айналған батыр. Дулат Өтеген батырмен бірге Жетісу жерін жоңғар шапқыншылығынан азат етуге атсалысқан.

 Әзірет Әлі − Мұхаммед пайғамбардың күйеубаласы, ислам дініндегі әділ халифалардың төртіншісі, аты аңызға айналған батыр. Әзірет Әлі қазақтардың ис- лам дінін қабылдауымен батырлардың қолдаушы киелі піріне айналған.

Әуелеке, Әуел – Сарының бір ұлы.

 Байзақ, Байұзақ Мәмбетұлы (1789, Тараз − 1864, Шымкент) – Қазақстанның оңтүстік өңірінде Қоқан хандығына және Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушы батыр, Тараз қаласында елді отырықшыландыруға көп күш жұмсаған. Тегі: Ұлы жүз, Дулат.

 Батыраш Әбутәліп – Мұхаммед (с.ғ.с.) әкесі Абдуллаһ ол дүниеге келме- стен бұрын қайтыс болды. Атасы Әбдімүтәліп немересінің аты көкте де, жерде де мақтаулы болсын деп Мұхаммед (с.ғ.с.) деп қойды. Арабтарда бұрын-соңды мұндай есім болмаған еді. Кішкентай Мұхаммедті (с.ғ.с.) анасы Әмина күйеуінің қабіріне

зиярат етуге және Мәдина шаһарында тұратын төркіні Бәни Нәжжар әулетін көріп қайту үшін сапарға алып шығады. Қайтарда ол кенеттен қатты науқастанып, көп ұзамай, жолда көз жұмады. Жетім қалған баланы атасы Әбдімүтәліп бауырына ба- сады. Бірақ ол арада екі жыл өткен соң дүниеден озады. Осыдан кейін пайғамбарды (с.ғ.с.) сегіз жасында көкесі, әкесі Абдуллаһтың туған бауыры Әбутәліп бауырына басқан.

 Бәйдібек – Жетісудағы Сарыүйсін, Ошақты, Шапырашты, Ысты, Албан, Суан, Дулаттың бабалары. Үйсіннен – Ақсақал (Абақ), одан – Қараша би, одан Бәйдібек тарайды.

Бәйтік – қырғыз манабы.

 Бәтіш – М.Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасындағы Жүзтайлақтың прототипі, яғни шығармаға негіз етіп алынған. Онда Бәтіштің калыңмалына жүз ақ тайлақ берілген делінеді (филол.ғ.д., профессор Тұрсын Жұртбайдың анықтауынша).

 Бекет Мырзағұлұлы (1750, Маңғыстау – 1813, сонда, Оғыланды) – батыр, әулие, ағартушы, сәулетші. Көпшілік Бекет атаны әулие тұтып, қабіріне түнейді.

 Ғайса, Иса (б.з. 30 ж. шамасы.) – Құран Кәрімде оның Мәриямның баласы екені, оған Інжіл берілгені және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың келетіні туралы хабар айтқаны және Алланың құлы екені айқын айтылған. Құран Кәрімде ең үлкен бес пайғамбардың бірі ретінде он бес сүренің тоқсан үш аятында Исаның есімі не- месе сипаты аталған.

 Ғалы, Ғали, Әли, Әли ибн Әбу Тәліп – әділ халифтердің төртіншісі және соңғысы. Шын аты-жөні – Әбу-л-Хасан әл-Мұртада. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) немере інісі әрі күйеу баласы, қызы Фатиманың күйеуі. 656 ж. Осман өлтірілгеннен кейін халиф болып жарияланады. Тарихта Әли ибн Әбу Тәліп сунниттер үшін қарапайым пенде, батылдықтың, қайырымдылықтың өнегесі ретінде қалса, ши- иттер үшін ол Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) тікелей мирасқоры, оның аллаһпен байланысын жалғастырушы. Кейбір шииттік секталарда Әли ибн Әбу Тәліпті Құдай мәнді адам деп біледі. Қазақтар арасында Әли ибн Әбу Тәліп есімі «Әзірет Әлі» (Хазірет Әлі) тұрғысынан аталып, үлкен құрмет көрсетіледі. Бірақ Құдай мәнді деп қабылдамайды, сунниттердің ұстанымында Құдай − біреу, ол – Алла.

 Дереке (Дербісәлі) – патшадан полковник шенін алған, ел-жұртқа белгілі бай адам. Тегі: Кіші жүз, Жағалбайлы. Балалары: Лайық, Барлық.

Домақ – адам аты.

 Домалақ ене, Нұрила (1378, Түркістан қаласы – 28.5.1456, Қаратау, Балабөген өзенінің жағасы) – би әрі батыр Бәйдібектің кіші тоқалы, Ұлы жүзде әулие, көріпкел атанған. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі, әкесінің есімі − Әли Сы- лан, шешесінің есімі − Нұрбике.

 Жанақ Сағындықұлы (1770, қазіргі Шығыс Қазақстан обл., Абыралы ауд. – 1846/1856, Қарағанды обл., Нұра, Төре ауылы) − «Қазақ әдебиетінің тарихында» Жанақ Сағындықұлының өмірбаяндық деректері 1770 –1856 ж. деп, ал туған жері бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі Темірші болысы, қазіргі әкімшілік- аймақтық бөлініс бойынша, Қарағанды обл. Қарқаралы ауданы (4-том, 2005, 152-б.) деп берілген.

 Жарықшақ – Бәйдібектің кіші тоқалы Домалақ енеден туған ұл, шын есімі − Тілеуберді.

 Жиренше (т.ж.?– қ.б.ж.?) – Қазақ хандығын құрған Жәнібек хан (XV–XVI ғ.) тұсында өмір сүрген атақты шешен. Жиренше шешен есімі түркі халықтарының арасында ақыл, парасаттың үлгісі ретінде қабылданды.

Шақшақ Жәнібек – Тоқал Арғын руынан шыққан атақты батыр, сардар.

 Исатай Тайманұлы (1791 − 12.7.1838) − Бөкей Ордасы мен Кіші жүздің ба- тыс бөлігінде болған ұлт-азаттық көтерілістің (1836-1837) басшысы. Тегі: Кіші жүз, Байұлы, Беріш.

 Кенесары Қасымұлы (1802, Көкшетау өңірі − 1847, Қырғызстан, Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғары) – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының (1837 − 1847 ж.) ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы (1841 − 1847). Шыңғыс ханның 27-ші ұрпағы, Абылай ханның немересі.

 Қамбар – 1) қазақтың наным-сенімінде жылқы малының пірі, иесі. Кейбір аңыздарда Қамбар ата есімі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегі болған Ганбар есімді тарихи тұлғамен байланыстырылады. 2) «Қамбар батыр» жырының бас кейіпкері. Оның тарихилығын дәлелдеу мүмкін емес. Халық қиялынан туған батырлардың жинақты бейнесі.

 Қасен, Хасан – Хасан бин Әли Мұхаммед әл-Мужтаба (669 ж.қ.б.) – Әли мен Фатиманың үлкен ұлы, Мұхаммед пайғамбардың немересі, шииттердің екінші имамы. Әли қайтыс болғаннан кейін 661 ж. Хасан отбасының үлкені ретінде, пайғамбардың алдында ерекше еңбек сіңіргені үшін Ирактың халифасы болып сайланған. Әлидің Иракты жақтаушы достары Хасанды сириялықтармен қайта күрес жүргізуге азғырады, алайда, ол халифа Муғаиямен келіссөз жүргізуге ұмтылады. Оны бұған қаражат мұқтаждығы итермелеген болуы керек. Ақырында, Хасанның қылығы Әли үйіндегілердің екіге жарылуына әкеп соқты: бірі мұны теріс десе, екіншілері дұрысқа жатқызды. Алайда, шииттердің бұдан кейінгі ұрпақтары Хасанның мұра боларлық бейнесін жасап шығарды.

Қоршының Сүлеймені – қырғыз.

Құсайын, Хұсайын, әл-Хусаин бин Әли Әбу Абдаллах аш-Шахид (626 -10.10.680)

– Әзірет Әлінің Фатимадан туған кіші ұлы. Ағасы әл-Хасан 669 ж. қайтыс болғаннан кейін әулеттің басшысы ретінде Куфадан Мединеге қайтып оралды.

 Лұд, Лұт – Ибраһим (а.с.) туысқаны, һарунның ұлы. Ибраһиммен ұзақ жыл қарым-қатынаста болған. Алла Тағала Лұтты Иорданиядағы Содум қауымына пайғамбар етіп жіберген.

Маман – атақты бай.

 Махамбет Өтемісұлы (1803, Батыс Қазақстан обл. Жәнібек ауд. −20.11.1846, Атырау обл. Махамбет ауд., Қараой ауылы) – ақын, күйші, Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы.

 Мөңке Тілеуұлы (1675 – 1756) – Кіші жүздегі атақты би, әулие, қазақтың болашағын болжаған дана.

 Мұса – Израиль халқына жіберілген пайғамбар, Алланың елшісі. Лауи тайпа- сынан шыққан. Б.з.б. XIII ғасырда Мысырда дүниеге келген. Оған қасиетті төрт кітаптың бірі – Тәурат түскен. Інжілде Моисей атымен аталса, Құран Кәрімде есімі ең көп аталып, өмірі туралы ғибратты хикаялар баяндалған.

 Мұхаммед – пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.), 571 жылдың 20-сәуірінде дүйсенбі күні дүниеге келді. Атасы Әбдімүтәліп немересіне атын көкте де, жерде де мақтаулы болсын деп Мұхаммед (с.ғ.с.) деп қойды. Арабтарда бұрын-соңды мұндай есім болмаған.

Орынбай Бертағыұлы (1816, қазіргі Солтүстік Қазақстан обл. Айыртау ауд.

−1891, Аягөз) − қазақтың көрнекті айтыскер ақындарының бірі, А. Янушкевичпен кездескен. Антологияның 1-томында айтыстары берілді.

 Сәрке Өмірқұлұлы (шамамен 1680 − 1724) – Сыр өңіріне белгілі батыр. Кіші жүздің Табын руынан шыққан. «Ақтабан шұбырынды» кезінде есімі белгілі болған, Сейіл батырдың бабасы.

 Саурық Ыстамбекұлы (1814, қазіргі Алматы обл. Жамбыл ауд. – 1854, сонда) – Қарасай батырдың алтыншы ұрпағы. Тегі: Ұлы жүз, Шапырашты, Есқожа.

 Сұраншы Ақынбекұлы (1815, Алматы обл. Жамбыл ауд. – 1864, Оңтүстік Қазақстан обл. Сайрам қаласы) – Саурық батырдың немере інісі. Тегі: Ұлы жүз, Шапырашты, Есқожа. Аталары Қарасай батыр, Түрікпен, Мырзабек, Кәшке ел арасына атағы шыққан шешен, батыр болған. Ш.Уәлиханов 1863 ж. 14-шілдеде К.К.Гутковскийге жолдаған хатында Сұраншы батыр туралы: «...қазақтарды қоқандықтардың езгісінен құтқарушы» деп таныстырған.

Саржала – Сырым батырмен замандас, Себек-Беріш руынан шыққан батыр.

 Сарыбай Айдосұлы (1821 − 1864) – Ұлы жүз, Шапырашты Екей руының беделді биі. Жетісу жеріндегі Қоқан билігін құлатуда ерекше көзге түскен. Жамбыл Жабаевтың аталас туысы.

 Сүйінбай Аронұлы (1815/1822, қазіргі Алматы обл., Жамбыл ауд. Майтөбе жай- лауы – 1895/1898) − «Қазақ әдебиетінің тарихында»: 1822 –1895 ж. деп көрсетілген (4-том, 2005, 331-б.). Тегі: Ұлы жүз. Шапырашты, Екей.

 Сыланды – Бәйдібек батырдың Жалмамбет атты ұлының кіші ұлы.Үйсіндегі Ысты тайпасы осы Сыланды анадан өрбіген.

 Түбек Байқошқарұлы (1780, қазіргі Шығыс Қазақстан обл., Жарма ауданы, Үшбиік – 1870, Жалғызтал).

 Шақшақ – Шежіре бойынша, Орта жүздегі Арғын тайпасының Момынынан тарайды.

 Фатима, Бибі Бәтима (635 ж.қ.б.) – мұсылман әлемінде ерекше қадір тұтатын әйел, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мен Қадиша анадан туған қыз, Әзірет Әлінің әйелі, Хасан мен Хұсейіннің анасы.

РУ АТТАРЫ

 Арғын – шежіре бойынша, Орта жүз құрамына енеді. Қазақ шежіресінде Арғындар Бәйбіше Арғын, Тоқал Арғын деп, екіге бөлінеді. Ергүл бәйбішеден өсіп, өнген арғындар бірлестігі «Бес Мейрам» деп аталады. Олар: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік (Қозған), Шегендік (Қақсал), Қаракесек (Болатқожа). Тоқал Арғынға жататындар: Момын ананың атына байланысты «Жеті Момын» аталады. Олар: Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиін, Қарауыл, Атығай, Сарыжетім, Шақшақ.

Аталық – Ұлы жүз, Ошақтының бір атасы.

Әлім – Кіші жүзге жататын рулардың бір құрамы.

Баба – Күшік елінің бір атасы.

 Бағаналы – қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша, Орта жүздегі Найман тайпасынан таратылады.

Бошан – Қаракесек руына кіретін аталық.

Бөлек, Тілеу – Ұлы жүз, Дулат, Ошақты руынан тарайтын аталар.

Дүйсе-Құдас – Қаратоқай-Беріштен тарайтын бір аталық.

 Екей – Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамындағы Шапырашты тайпасынан таратылады. Екей өз ішінде Бәйімбет, Жәрімбет болып, екіге бөлінеді. Сүйінбай, Жамбыл ақындар Екей руынан шыққан.

 Есқожа – шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамындағы Шапырашты тайпасынан таратылады. Шапыраштыдан Малды, Екей, Еміл рулары тарайды. Емілден тарала- тын Жайық пен Есқожа жасынан батырлығымен аты шыққан қолбасшы, көріпкел абыз болған. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш аталары тарайды. Есқожа руынан Қарасай, Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек, Кәпике, Қараш, Саурық, Сұраншы, т.б. ба- тырлар, билер, шешендер шыққан.

Естек – Кіші жүздегі Әлім аталығынан тарайтын Кете руының бір тарауы.

 Жалайыр – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамына енеді. Диқанбай батыр шежіресі бойынша (Н.Аристов жазып алған), Үйсіннен – Ақсақал (абақ таңбалы), Жансақал (тарақ таңбалы) таратылады. Жалай- ыр соңғысынан тарайды.

Жамбол – ру аты.

 Жетіру – Кіші жүзді құрайтын үш ірі тайпаның бірі. Оған: Төлеу, Рамадан, Тама, Табын, Кердері, Керейіт, Жағалбайлы кіреді.

 Керей – қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Шежіре деректері бойынша, Орта жүз құрамындағы Керей тайпасы Абақ Керей, Ашамайлы Керей деген екі бөлімге бөлінеді.

Керейіт – шежіре бойынша, Кіші жүз құрамындағы Жетіру бірлестігіне кіреді.

Керейіттен Ақсақал, Бозаншар рулары тарайды.

Қаптағай − Найман тайпасы Матай руынан тарайтын аталық.

Қара қожа – Найманның Көкжарлы руының қара аталығы болуы мүмкін.

 Қаракесек – шежіре бойынша, Орта жүздегі Арғын тайпасының «Бес Мейрам» аталатын рулар бірлестігіне кіреді. Қаракесектен Қамбар, Майқы, Бошан, Таңас та- райды.

Қасқарау – Дулат руының бір атасы.

Қуандық – Орта жүздегі ру аты.

Майлыбай – Кете руының ұраны.

 Мейрам – Орта жүздегі Арғын тайпасының құрамындағы бес рудан құралған бірлестік.

Найман – қазақ халқын құраған ежелгі тайпалардың бірі.

Оймауыт – Жаныс руының бір бұтағы.

Ошақты – Ұлы жүз құрамындағы тайпа. Ошақты тайпасының ұраны –

«Бақтияр».

 Сиқым, Сыйқым – Ұлы жүз, Дулат тайпасына кіретін рулар бірлестігі. Шежіре бойынша, Дулаттан Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр тарайды.

 Суан – Ұлы жүз құрамындағы тайпа. Шежіре бойынша, Бәйдібектің Жарықшақ (шын аты – Тілеуберді) деген баласынан Албан, Суан, Дулат тараса, Суаннан Бай мен Дай тарайды, оларды Байсуан және Дайсуан деп атаған. Бірақ Дайсуанды ешбір шежіре таратпайды. Ал, Байсуанның шежіресі белгілі.

 Сіргелі – Ұлы жүз құрамына кіретін тайпа. Қазақтың барлық шежіре деректерінде Үйсілмен бірге туған Ойсылдың ұрпағы.

Табын – Жетіруға кіретін бір ру.

 Тоқтамыс – Кіші жүздегі Байұлы тайпасындағы Шеркештен тарайды, Тыныштық ақынның ауылы.

 Шапырашты – Ұлы жүз құрамындағы ру. Шежіре бойынша, Абақтан тарай- тын Бәйдібектің екінші әйелі Зеріптен Жалмәмбет (Жәлменде), одан Шапырашты, Ысты, Ошақты тарайды. Диқанбай батыр шежіресінде, Шапыраштыдан Асыл, Шы- был, Екей, Еміл, Есқожа, Айқым өрбітіледі.

Шымыр – Ұлы жүз, Дулаттан шыққан бір ру.

 Уақ – шежіре бойынша, Шоға, Сарман, Байназар, Сарыбағыш, Сіргелі, Еренші, Әлімбет, Бидалы, Жансары, Баржақсы, Шәйкөз руларына бөлінеді.

 Үйсін – қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Қазақтың дәстүрлі шежіресінде, Үйсінді Шыңғыс хан заманындағы Майқы биден таратады. Ботбай руынан шыққан Диқанбай батырдың шежіресінде, Н.Аристовтың жазбасында Майқы биден: Қаңлы, Бақтияр, Қырықжүз, Мыңжүз. Бақтиярдан: Үйсін, Ойсыл. Үйсіннен: Ақсақал Абақ, Жансақал Тарақ. Абақтан – Қараша, одан Бәйдібек, Байтулы.

Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар Бәйдібектің балалары болып саналады.

Олар: Албан, Дулат, Суан, Шапырашты, Сарыүйсін, Ошақты, Ысты.

Ысты – Ұлы жүз, Жалмамбеттен тараған.

ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ

Ақмешіт – Қызылорда қаласының бұрынғы атауы.

Ақыпта – жер атауы.

Арқа – Каспийдің теріскей бетіндегі Ойыл, Орынбор аймағы да осылай аталған.

Атырау – мәтін бойынша: Каспий теңізінің қазақша ескі атауы.

 Бесқала – Қоңырат, Ходжейлі, Шымбай, Нөкіс және Төрткүл қалаларының XVIII−XIX-ғасырлардағы жиынтық атауы. Бесқала атауын, негізінен, Кіші жүз қазақтары қолданған.

Елек – Қазақстанның батысындағы өзен.

 Ертіс – Павлодар облысының Ертіс ауданындағы ауыл, аудан орталығы, өзен айлағы. Ертіс өзені Солтүстік Мұзды мұхит алабында жатқан өзен, Обь өзенінің сол жақ саласы. Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары арқылы ағады.

Жолабала – жер атауы.

Кемпір – Жамбыл облысындағы жер аты.

 Көкөзек – Ертіс алабындағы өзен; Шығыс Қазақстан обл. Үржар ауданындағы ауыл, ауылдық әкімшілік округінің орталығы.

 Қазбек – Алматының солтүстік батысындағы тау аты, батырдың есімімен аталған.

 Қараөткел – Сарыарқа қазақтары Есіл өзенінің қазіргі Астана қаласы орналасқан, көшкен ел аттылы-жаяу өте беретін тайыздау тұсын ежелден Қараөткел деп атаған.

 Қарқаралы – Қарағанды облысының солтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік; Қарқаралы қаласы да бар.

 Қиыл – Ойыл алабындағы өзен. Ақтөбе облысының Ойыл, Қобда аудандарының жерімен өтеді.

 Қобда – Елек алабындағы өзен. Ақтөбе облысының Алға, Қобда аудандарының жерімен өтеді.

 Қоқан – Қоқан хандығы – XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бас кезіндегі Орталық Азиядағы мемлекет. Орталығы – Қоқан қаласы болды. Қоқан қаласының негізін салушы Шахрук би, шамамен, 1710 ж. Бұхара әмірлігіне тәуелсіз шағын иелік құрды. 1813 −1814 ж. Сайрам мен Түркістан қалалары бағындырылды. XIX ғасырдың бірінші жартысында Қоқан хандығына қазіргі Қырғызстан мен Оңтүстік Қазақстанның көпшілік аумағы бағындырды. 1876 ж. 19 ақпанда Ресей өкіметінің жарлығымен Қоқан хандығы жойылып, оның орнына Ферғана облысы құрылды.

 Қуаң – Қуаңдария – Сырдария алабындағы құрғақ арна, Сырдарияның ескі та- рамы. Қызылорда облысындағы Қармақшы, Қазалы аудандарының жерімен өтеді.

Қызылжар – Батыс Қазақстандағы елді мекен.

 Қызылтау – Қазақстанда осы атаумен бірнеше жер бар. 1) Қарағанды обл. Шет ауданындағы ауыл; 2) Сарыарқаның орталық бөлігіндегі аласа тау; 3) ерте палео- лит ескерткіші, ол Жамбыл обл. Қаратау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 24 км жерде.

 Меркі, Мерке – Шу алабындағы өзен. Жамбыл облысында Мерке ауданының жерімен өтеді.

Мысыр – Египет.

Нарын, Кемин – Қырғызстандағы өзен аттары.

 Ойыл – Жайық алабындағы өзен. Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан об- лыстары жерімен ағады.

 Омбы – бүгінде Ресей қаласы, Омбы обл. орталығы. Омбы бекінісін 1716 ж. Петр I патшаның бұйрығы бойынша генерал-губернатор М.П.Гагарин салдырған. 1782 ж. қала мәртебесін алып, Тобыл (1782–1798) округінің, Тобыл губерниясының (1804–1822, 1839–1868), Омбы (1822–1839) және Ақмола (1868–1918) облысының, Батыс Сібір (1824–1882) және Дала губерниясының (1882–1917 ж.) орталығы болған.

 Ор – Жайық алабындағы өзен. Ақтөбе облысының Мұғалжар, Хромтау аудандарының жерімен ағады.

 Орал, Жайық, Теке – осы күнгі Орал қаласы (1775 ж. бастап қала), Батыс Қазақстан облысының орталығы (1932 ж.).

 Орынбор – Қазақстанның бірінші астанасы болған. Бүгінде Ресей Федерация- сына қарайды.

 Өтеген – Алматының солтүстік батысындағы тау аты, батырдың есімімен аталған.

 Перовск – Қызылорда қаласының бұрынғы атауы, Ақмешіт атанған қала. Кейін, 1853 ж. Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтауратып, орыс әскерлерімен қоқандықтарды қуып шыққан, қала бұдан кейін Перовск атанған.

 Семей – Шығыс Қазақстан облысындағы қала. Семей әскери бекінісінің іргесі 1718 ж. қаланды. 1782 ж. уездік қала болды.

 Созақ – Оңтүстік Қазақстан облысының солтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлініс.

Сүрелі – жер, өзен аттары.

Тайсойған – Атырау облысындағы құмның аты. Темір – Ақтөбе облысындағы қала типті мекен аты. Тербенбес — жер аты болуы керек.

 Терісаққан – елімізде осы аттас үш өзен бар. 1) Жайық алабындағы өзен, Ақтөбе облысында Қобда ауданының жерімен ағады. 2) Сағыз алабындағы өзен, ол Ақтөбе облысы Байғанин ауданының жерімен ағады. 3) Есіл алабындағы өзен.

Тор (Синай) тауы – Мұса пайғамбарға Құдай дауыс арқылы хабар берген тау.

 Троицк – Ресей Федерациясындағы қала. Негізі 1743 ж. бекініс ретінде қаланған. Онда 1750 ж. Орта Азия мен Шығыс Түркістанмен сауда жүргізу мақсатында жәрмеңке ашылды. XIX ғ.-дан бастап Троицк қаласы қазақтардың өмірінде елеулі рөл атқарды. Мұнда татар зиялыларының атсалысуымен «Расулия»,

«Уазифа» атты медреселер ашылып, қазақ балалары көптеп қабылданды. Алғашқы қазақ баспасөздері: «Қазақ» газеті (1907−1918), «Айқап» журналы (1911 – 1915) осында шығып тұрды.

 Үргеніш – ежелгі қала, ортағасырлық Хорезм мемлекетінің астанасы. Орны қазіргі Түрікменстан Республикасындағы Ташауыз уәлаятындағы Көне Үргеніш елді мекенінің жанында.

 Хабар асу – ақ патшаның Хабаров деген генералы 500 әскермен осы асудан асқандықтан, «Хабаров асуы» атанған. Кейін ел «Хабар асу» деп кеткен.

Шоқпар – Шу өзенінің шығысындағы жер аты.

Шу − Қырғызстан мен Қазақстан жеріндегі өзен.

 Шыршық – Орта Азиядағы ірі өзендердің бірі, территориялық жағынан қазіргі Өзбекстанға тиесілі болғанымен, Сырдарияның оң сағасы.

 Шідерті – Шідерті өзенінің, Ертіс-Қарағанды каналының оң жағасында, Павло- дар облысындағы Екібастұз қаласынан 50 км жерде орналасқан кент.

ФОЛЬКЛОРЛЫҚ БЕЙНЕЛЕР

 Албасты – әлемдік фольклорда кең тараған бейне. Ғылымда бұл образдың шығу тарихы туралы екі түрлі пікір бар: 1) оны жас босанған немесе толғақ үстіндегі әйелге және нәрестеге қаскөй күш ретінде таниды; 2) анаеркі дәуірінің ықпалы ыдырағаннан кейін жағымсыз бейнеге айналған әйел образы деп бағалайды.

 Ебліс− Ібіліс – Құдайдың қарғысына ұшыраған, адамды азғыруды мақсат ететін сайтан. Шайтан, әзәзіл атауларының баламасы ретінде қолданылатын Ібіліс аса көп тағат-ғибадатымен ежелгі аңыздарда айтылғандай, үш жүз мың жылдық білімді иеленіп, періштелерге сабақ үйреткен. Кейіннен осынша зор біліміне мастанған ол тәкаппарлық дертіне ұшырап, тәубасын ұмытқан. Тәкаппарлығы соншалық кейіннен тағат-ғибадатпен де ісі болмай кеткен. Адам атаға сәжде жасамағаны үшін Құдайдың қаһарына ұшырап, лағынет қамытын киген. Хауа ана мен Адам атаны азғырып, жұмақтан шығуына себепкер болған Ібіліс адамзатқа тек дұшпандық ой- лайды.

Түрікпен мен Түктіқұрт – мифтерде кездесетін әулие, даналар.

ҚЫСҚАРТЫЛҒАН СӨЗДЕР

/а/ – арабша

/ауд./ − аудан

/ӘӨИ/ – Әдебиет және өнер институты

/ж.қ.б./ − жылы қайтыс болған

/қ/ – қырғызша

/о/ – орысша

/обл./ − облыс

/ОҒК/ − Орталық ғылыми кітапхана

/п/ – парсыша

/т/ – түрікше

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 XIX ғасырдағы қазақ ақындары. //Құраст.: Ә.Дербісәлин. – Алматы: Ғылым, 1988. – 352 б.

 XV−XVIIIғасырлардағықазақпоэзиясы.//Құраст.:Б.Ақмұқанова, Ә.Дербісәлин. – Алматы, Ғылым, 1982. – 239 б.

 Айтыс. //Алғы сөзін жазған С.Мұқанов. Құраст.: Ш.Ахметов, Б.Ысқақов. Т.1. – Алматы, Жазушы, 1965. –556 б.

 Айтыс. //Құраст.: Ш.Ахметов, Б.Ысқақов, М.Байділдаев. Т.2. – Алматы, Жазу- шы, 1965. –664 б.

 Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы (Киргизская хрестоматия). –Алматы: Білім, 2003. −112 б.

 ӘуезовМ.Әдебиетхрестоматиясы.6-сыныпқаарналған.−Алматы, Қазмембаспасы, 1937.

 Боранбайұлы Сарышолақ: Азаттық еді аңсаған: Таңдамалы шығармалары. – Ал- маты, Ел-шежіре, 2011. –384 б.

 Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. /Құраст.: Б.Адамбаев, Т.Жарқынбекова. − Алматы, Жазушы. –320 б.

 Жамбыл Жабаев. Шығармаларының толық жинағы. //Құрастырып, алғы сөзін жазған филол.ғ.д. С.Садырбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 370 б.

 Жолдасбеков М. Асыл арналар. I том. Зерттеулер. Мақалалар. –Астана: Күлтегін, 2012. –344 б.

Жолдасбеков М. Жүз жыл жырлаған жүрек. Зерттеу. – Алматы: Жазушы, 1992.

– 320 б.

 Жыр мұра //Құрастырып, алғы сөзін жазған филол.ғ.к. Әзілхан Оспанұлы. − Астана: Елорда, 2001. −496 б.

 Ислам. Энциклопедия. /Бас редактор Р.Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопе- диясы» Бас редакциясы, 1995. −288 б.

 Көпейұлы М.Ж. Көп томдық шығармалар жинағы. Қазақ фольклоры, ауыз әдебиет үлгілері. – Алматы, Алаш, 6 том. 2006. – 396 б.

 Көпейұлы М.-Ж. Көп томдық шығармалары. 1 том. //Ескі араб (хадим) жазуы- нан аударған, құрастырып, түсініктерін жазған Е.Жүсіпов. – Алматы, Алаш, 2003.

– 304 б.

 Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 4-том. //Жалпы редакциясын басқарған – филол.ғ.д., профессор А.Егеубаев. – Алматы, ҚАЗақпарат, 2005. − 438 б.

 Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 5-том. //Жалпы редакциясын басқарған – филол.ғ.д., профессор А.Егеубаев. – Алматы, ҚазАқпарат, 2006. −555 б.

 Қазақ халық әдебиеті: көп томдық. (Қаз.ССР Ғылым акад. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты). //Ғылыми түсініктерін жазып, баспаға әзірлегендер: Ә.Алманов (жауапты шығ.), С.Дәуітов, М.Жармұхамедов, Ғ.Махмутова, Ф.Оразаева.

– Алматы: Жазушы, 1986. –Т.1. –288 б.

 Қазақ халық әдебиеті: көп томдық. (Қаз.ССР Ғылым акад. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты). //Ғылыми түсініктерін жазып, баспаға әзірлегендер: Ә.Алманов (жауапты шығ.), С.Дәуітов, М.Жармұхамедов, Ғ.Махмутова, Ф.Оразаева.

– Алматы: Жазушы, 1988. –Т.2. –352 б.

 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1 том. //Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 1998. – 720 б.

 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2 том. //Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 1999. – 720 б.

 Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы. 3-том. //Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2001. – 720 б.

 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 4 том. //Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2002. – 720 б.

 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 5 том. //Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2003. −720 б.

 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 6 том. //Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2004. −693 б.

 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7 том. //Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2005. −728 б.

 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8 том. //Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2006. −704 б.

 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9 том. //Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2007. − 688 б.

 Қанайұлы Ш. Қай заман? //Жыр-толғаулар, айтыстар, сын-зерттеу мақалалар. – Астана: Фолиант, 2011. – 288 б.

Қасқабасов С. Жаназық. Әр жылғы зерттеулер. –Астана: Аударма, 2002. – 584 б. Қызыл жыршы //Құрастырып, алғы сөзін жазған А.Жұмашев. −Алматы, Білім,

2009. −168 б.

 Саяқбайұлы М. Ақтөбе – шұрық мекенім //Ел аузынан жинастырып, алғы сөзін және түсініктерін жазған Ораз Исмаилұлы. – Алматы: «Баспа үйі», 2004 – 176 б.

 Сүлейменұлы Н. Шығармалар жинағы. // Жинақты құрастырып, қолжазбаны баспаға дайындаған Салтанат Шоқыбаева. – Алматы: «Ел-шежіре» баспасы, 2007.

– 168 б.

Нұрпейіс Байғанин. Естеліктер. Таңдамалы шығармалары. /Құраст.: Ж.Асанов.

–Алматы, Арыс, 2006. – 312 б.

 Сыдиықұлы Қ. Біртума жыр саңлақтары (XVIII-XX ғғ.). Көмекші құрал. – Алма- ты: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2001. − 268 б.

Сыдиықұлы Қ. Өмір өрнектері. Таңдамалы зерттеулері. − Алматы: Арыс, 2006.

−384 б.

 Тоқсанбайұлы Қ., Қожабайұлы Б. Бізге де сөйлер кез келер... Шығармалар жинағы. – Астана: Фолиант, 2008. – 392 б.

 Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы. Гәкку. Өлеңдер, айтыстар және әндер жинағы. // Құраст.: Кәкімбек Салықов. −Астана, Фолиант, 2005. –184 б.

РЕЗЮМЕ

 Предлагаемый второй том «Айтыса» двадцатипятитомной «Антологии казах- ского искусства») является продолжением издания текстов – айтысов досоветского периода. Данный том, как и первый, состоит из двух частей. В первую часть вклю- чены айтысы ярких представителей поэтического мира акынов-импровизаторов: Жамбыла Жабаева, Сарышолака Боранбайулы, Болмана Кожабайулы, Сауытбека Усаулы, Асета Найманбаева, Жанылдыка Айтимбеткызы, и др. Их произведения расположены по хронологическому принципу - со второй половины XIX по первую половину XX века. К сожалению, не у всех акынов-импровизаторов известны пол- ные биографические данные, это связано с тем, что сведения о творческой жизни, как сами тексты айтысов, передавались через поколения устно.

 Во второй части − даны научные приложения, в которых кратко представлены биографические данные акынов-импровизаторов. Каждый текст оснащен научны- ми комментариями, пояснениями, помещен краткий словарь исторических имен и географические сведения.

 В сборник вошли айтысы, опубликованные в изданиях «Айтыс» 1965-66 и 1988 годов. Вместе с тем, в данный том включены айтысы, взятые из сборников без цензуры, увидевших свет лишь в годы независимости Казахстана. Например, про- изведения Сарышолака Боранбайулы, чье творчество считалось «не достойным для советской идеологии», или Мырзабека Байжанулы (Кызыл жыршы), отстраненного из литературной сферы из-за набожности.

 Антология предназначена для преподавателей и студентов консерваторий, уни- верситетов искусств, и других высших учебных заведений, учителей и учеников му- зыкальных школ, исследователей жанра айтыс, также широкого круга людей, кого интересует казахское искусство.

RESUME

 The proposed second volume of «Aitys» (Twenty-five volume edition «Anthology of Kazakh art») is a continuation of the publication of texts - it is aitys of pre-Soviet period. This volume like the first, is composed of two parts. The first part included aitys of brightest representatives of the poetic world of akyns-improvisers: Zhambyl Zhabayev, Sarysholak Boranbayuly, Bolman Kozhabayuly, Sauytbek Usauly, Aset Naimanbayev, Zhanyldyk Aytimbetkyzy and others. Their works are arranged in chronological order - from the second half of the XIX and the first half of the XX century. Unfortunately, not all akyns improvisers have complete biographical data, it is due to the fact that information about the creative life, as well as the texts of aitys, handed down orally through the generations.

 In the second part are scientific applications that are briefly presented biographical information of akyns-improvisers. Every text is equipped with scientific comments, explanations, includes a brief dictionary of historical names and geographical information. The collection includes Aitys, published in editions of «Aitys» in 1965-66 and 1988.

However, this volume includes Aitys taken from the collections of uncensored, released only in years of Kazakhstani independence. For example, the works of Sarysholak Boranbayuly, whose creativity was considered «not worthy of the Soviet ideology,» or Myrzabekov Bayzhanuly (Kyzyl zhyrshy), detached from the literary sphere because of piety.

 Anthologyis intendedfor teachers and students of conservatory, university of the arts and other high schools, it is also addressed to teachers and pupils of music school, researchers of aytis, a wide rangeof readers who respect Kazakh arts.

МАЗМҰНЫ

АЙТЫСТАР3

Жамбыл мен Айкүміс4

Жамбыл мен Сарбас6

Жамбыл мен Досмағамбет34

Құлмамбет пен Жамбыл53

Ноғайбай мен Зылиқа66

Ноғайбай мен Айбала68

Айқын қыз бен Жарылқасын қожа73

Сарышолақ пен Сәлім86

Сарышолақ пен Тоқсұлу89

Сарышолақ пен Бақи сұлу102

Сарышолақ пен Тама қызы108

Сарышолақ пен Құлый110

Мәшһүр-Жүсіп пен бір қожа129

ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ АНТОЛОГИЯСЫ

АЙТЫС II ТОМ

Кітаптың шығуына жауапты Ш. Қойлыбаев

Редакторы Р. Әлмұханова

Дизайнері Б. Жапаров

Техниикалық редакторы С. Жапарова

Беттеуші Ә. Байзақова

Корректоры Б. Бодаубаев

Басуға 02.10.2014 қол қойылды. Пішімі 60х90/16. Офсеттік басылым.

Қағазы офсеттік. Шартты баспа табағы 25,0.

Шартты бояулы беттаңбасы 26,25.

Есептік баспа табағы 24.0 Таралымы 2000. Тапсырыс №



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады
Пікір жазу