Рафаэль Ниязбек 2 том өлеңдері
Рафаэль НИЯЗБЕК
ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ
КӨПТОМДЫҚ 2-ТОМ
Алматы 2014
УДК 821. 512. 122-1
ББК 84 (5 Қаз)-5
Н 65
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді.
НИЯЗБЕК Р.
Н 65 ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ: Өлеңдер/
Р. Ниязбек. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2014.
ISBN 978-601-03-0225-9
Т.2. - 2014. – 380 б.
ISBN 978-601-03-0227-3
Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің бұл томында Тәуелсіз Мемлекетіміздің мерейі, замана келбеті, ауыл тұрмысы, уақыт тынысы, адамдар арасындағы қарым-қатынас шы- найы суреттелген. Оқушы жүрегіне сара жол табады деп сенеміз.
УДК 821. 512. 122-1
ББК 84 (5 Қаз)-5
ISBN 978-601-03-0227-3
ISBN 978-601-03-0225-9© «ҚАЗақпарат», 2014
ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕРЖҮРЕК АҚЫНЫ
Қазақ халқының азаттық алып, Тәуелсіз мемлекет болғалы бүгілген белін жазып, қыр астынан көтерілген мұнарадай еңсесін тіктеп, өткен күндердің өзек өртеген өкініштерін есте ұстап, ендігі жерде қателікке ұрынбауға тырысып, артынып-тартынып, көрікті көш түзеп, жарқын болашақты бетке алып, нұрлы жолға түскенін бүкіл әлем жақсы біледі. Бұл ғасырлар бойы ат үстінен түспей түн қатып жортып, ақырып теңдік сұрап, қылыш сілтеп, найза толғап, жұмыр басын қатерге тігіп, жырынды жаумен шайқасып өткен ата-бабаларымыздың төгілген тері мен сарқырап аққан қанының бодауына келген Азаттық болатын. Сарыарқаның көкмайса жазығында түлеп өсіп, шашасына шаң жұқпаған әйгілі Құлагердің қорасына доңыз қамап, киесін қашырған орыстың боданында күн кешіп, тағдыр тауқыметін көп тартып, табанында тапталып, рухы жасып, жігері құм болған елдің ендігі мезетте өз жолын тауып, тереңнен тамыр тартып, қайта жаңғырып, қалғыған намысын оятып, дүр сілкініп, жығылған жалын тікірейтіп, төңірегіне айбар сұс танытып, айдын асырып, ақжалданып тұрмасқа шарасы жоқ-ты. Өйткені күн жаумай бордай езіліп, алда-жалда көкжиектен көрінген тулақтай бұлттан сескеніп, көкірегін үрей билеп, бас сауғалап бұғынған жұртты кез-келген көк атты басынып, төріне шығып, төбесін ойрандап, адал асын арамдап кете барады – обал-сауапқа қарамайды.
Ендеше уақыт өткен сайын жасампаздықпен бірге қиратқыш күшке айналып үлгерген қазіргі жұлымыр
заманда мұхит айдынына жаңа ғана кеме салған қазақтың дүниенің қабағын бағып, маңайын жіті шолып, сауысқаннан сақ болып отырмасқа шарасы қайсы?! Бірақ дүниенің қабағын бағып, қанша сақ отырса да тамырында асау қан тулап, көкірегінде асқақ рух атойлап тұрмаған елдің жүзі мұқалмай мұратқа жетіп, баянды ғұмыр кешуі екіталай.Сондықтан қазірі таңда көкірегін шел, көзін шел басып, құлдық санадан әлі күнге шейін арыла алмай сансырап, әрі-сәрі хал кешіп, сарсылып жүрген қазақтың жігерін жанып, намысын шабақтап, рухтандырып, сілкіндіре білетін өжет жырлар қажет.
Асылы, арыстан елдің ақындары қай кезде де азуын айға білеп сөйлеген. Өйткені ақын халықтың – тілі, заманның – үні.
Соңғы он бес, жиырма жылдың беделінде көкірегі қыжылға толы өжет өлеңдер жазып, сардарлық мінез танытып, тарлан ашқан талантты ақындарымыздың бірі – Рафаэль Ниязбек. Ол қай тақырыпқа қалам тартса да буырқанып, тұла бойы отқа оранып, өртеніп жазады. Тереңнен тамыр тартып толғайды. Аз сөзбен көп мағына білдіруге тырысады.
Алтын арай ішінде гүл ырғалып, Дүр дүние барады сұлуланып.
Тәуелсіз ел болғалы Қорқыныштан
Көрген емес жапырақ діріл қағып.
Ақынның осы жалғыз шумақ өлеңі талай сырды аңғартып тұрған жоқ па. Кеңес дәуірінде желкесін күзетіп, әр қимылын қалт жібермей бағып, қатер төндірген қанды қылыштан құтылып, азат болған елде дүр дүние бұрынғыдан да сұлу көрініп, алтын арайдың ішінде гүл ырғатылып, жапырақ екеш жапырақ та
қорқыныштан діріл қақпай самал желге тербетіліп, жайқалып өседі екен. Сонда деймін-ау, еркіндікке қолы жетіп, баянды ғұмыр кешіп жатқан адамдардың қуанышы қандай болғаны? Тағдыр тауқыметін тартып, зорлық-зомбылықты көп көріп, маңдайы сордан, көзі жастан құрғамаған қазақ үшін бұдан артық бақыт бар ма, бұ жалғанда?!
Жоқшылықтың ішімде қасқыры ұлып, Жанарымда көрмеді жас тығылып.
Тәуелсіз ел болғалы Кетілмеді
Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып.
Ақын бұл арада қасқыр боп ұлыған жоқшылықтың келмеске кетіп, көздің жасы құрғап, тұлпардың тұяғы тасқа ұрылып кетілмегенін жырлау арқылы тәуелсіз еліміздің бүгінгі жарқын көрінісін бейнелеп отыр. Мәселе ол мінген тұлпардың тұяғы тасқа ұрылып кетілмегенінде емес. Мәселе, ажарын кетірмей ашып айтқанда, бүгінгі арайлы таңда кім-кімнің де алдынан ақ күн туып, еңбек етіп, тірлік жасауына даңғыл жол ашылғанында. Бұның өзі, сайып келгенде, қазақ елінде демократияның өрістеп, өркен жайып келе жатқанын көрсетеді.
Жүйріктерін жаратып, таңасырып, Атады ылғи даламда таң асығып.
Тәуелсіз ел болғалы Ата қазақ
Күллі әлемге келеді бақ асырып.
Әдетте кеудесі жоғары ақын ғана көтеріңкі көңілмен сөзін осылай сабақтайды. Өйткені ақылды бастары кезінде қанша шабылып, құр кеудесі қалса да сал
бөксеге айналмай, көкірегінен өр рухы көктеп өсіп, сәт сайын түлеп, жаңғырып отырған туған халқының кеудесі жоғары.Жалпақ әлемге айдын асырып, айдарынан жел ескен асқақ елдің ақыны да асқақ болатыны, міне, содан.
Тәуелсіздік жолында күресіп, азаттыққа қол жеткізіп, Бейбітшіліктің бесігін тербетіп, баянды өмір сүру бір мұрат болса, сол тәуелсіздіктің тұғырын мәңгі етіп берік қалап, биікте желбіреген Көк Байрағын құлатпай қорғап, көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аман жеткізу бір мұрат емес пе. Ол үшін не істеу қажет?
Бұл сауалдың жауабын ақынның мына өлең жолдарынан іздеген жөн.
Күңіреніп күй шерткен күрең күнде, Кісі қанша бақ қуған бұл өмірде.
Болашақтың қамы үшін білсең егер, Жүріп жатыр сынақтар жүрегімде.
Ақын жүрегінде жүріп жатқан бұл сынақтар тәуелсіздікке қолы жетіп, осыны қанағат тұтып, жайбарақат күн кешіп, жалпақ далада бейғам отырған қазақ елінің жүрегінде жүріп жатыр ма. Өткен күннің өкінішінен сабақ алып, ертеңгі күннің көкжиегіне терең үңіліп, уақыттың ау-жайын аңдап, бағыт-бағдарын байқап, болашақ ұрпақтың қамын ойлап, жанын жалдап, шыр-пыр боп жүрген жұмыр басты пенде бар ма?! Бар десең - өзіңе сын, жоқ десең – еліңе сын. Бірақ жұрттың көбі дүние, ақша қуып кеткені өтірік емес. Оның үстіне жалғыздың үні шықпайтын қазіргі жұлымыр заманда жусан иісі жұпар атқан далаңа, қазыналы жеріңе көз алартып, сұғын қадаған алпауыт елдердің көңілін тауып, аптығын басып, қанша достық қарым-қатынас жасап жүрміз десек те, сайып
келгенде, кешегі жауың бүгін дос, бүгінгі досың ертең жауыңа айналып, суық қабақ танытып, найза кезеніп шыға келетін мына жалған дүниеде оларға сеніп бола ма?!
Р.Ниязбектің «Ей, Алаштың баласы!» деген өлеңін оқысаңыз осы сауалға жауап таппай сарсылып, өзегіміз өртеніп, көкірегіміз қыжылға толып, алабұртып, қызынып шыға келесіз.
Толқындарын қозыдай жамыратпай, Көкірегіңнен неге өзен жатыр ақпай. Суық желдің өтінде қалып қойып, Қалтыраған кезің көп жапырақтай.
Қаптап жүрген кезінде сұр жыланның, Қасиеті арта ма құр ұранның.
Ей, алаштың баласы, ұмытпағын Саған қарап тұрғанын зымыранның.
Қанша ғұмыр кешсең де арандамай, Қасқыр тістер тұра ма жалаңдамай. Ей, алаштың баласы, тұрған жоқ па Оқтың бәрі ұшқалы саған қарай.
Шырқалғанда өмірдің тылсым әні, Көңіліңнен сөнбесін нұр шуағы.
Ей, алаштың баласы, қалт-құлт етіп, Қылкөпірдің үстінде тұрсың әлі.
Көкірегінде асқақ рух көктеп өспей, тамырында намыстың асау қаны бұлқынып жүгірмей тұла бойы, жұлын-жүйесі көк мұз боп қатып, сіресіп, қасарған қатал да қатыгез қоғамды аярлық, көзбояушылық, жемқорлық, жалғандық, жарамсақтық жайлап, елдің
қауіпсіздігін естен шығарып, сақтықты ұмытқан кезде ақын жаны бозторғайдай шырылдап, жылан көрген сәбидей шырқырамағанда қайтеді. Ноғайбай шешен:
«Ақын құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деген. Ендеше ақын жүрегі қайшылыққа толы мына күрделі уақытта жұмыр жердің үстін бір қатерлі зауалдың кезіп жүргенін неге сезбесін. Жұрттың бәрі сана қумай жаппай ақша қуып, кедей бай, бай құдай болсам деп жанталасып жаныққан заманда кімге үміт артуға болады? Қадыр ақын айтпақшы, дүниені адам болсам деп жүргендер емес, құдай болсам деп жүргендер бүлдіріп жатқан жоқ па. Басынан бұлт арылмай қилы- қилы тағдыр тауқыметін тартып, рухы жасып, жігері құм болған елдің бұған көнбеске шарасы қайсы?!
«Ел қорғайтын ер жігіт жүрсе егерде, Күн көрістің жегіліп арбасына», «Ұлтқа тұтқа болатын азамат па, Ат үстінде жүргеннің бәрі бірдей», «Туса анадан бір жақсы, жағасына Туады ма жүз жаман жармасқалы»,
«Елім азып бара ма кім біледі, Азаматтар азайып тау тұлғалы», «Халқым!-деп сөйлегеннің бәрі бірдей, Азамат па халықтың қамын жеген», «Қараулықты жеңе алмай бұл күндері, Ақиқаттың жидіген шашы ағарып», «Қайран ауыл жатты ұшып жаңқаланып, Жоқшылықтың «бомбасы» жарылғанда», «Кең дүние тұрғандай көрінеді, Жүрегімнің малшынып көз жасына» деп күңіренгеннен басқа қолдарынан не келеді. Өйткені: «Адалдықтың үні өшіп бұл күндері, Қараулықтың есігін тұр күзетіп».
Адалдық қараулықтың есігін күзетіп, жанын жалдап, соған қызмет етіп жүрген елде қайдан әділдік болсын. Ал, әділдік жоқ жерде өмір салтанат құрмайды. Ақынның өз сөзімен айтқанда, Төлегендер өліп, Бекежандық ел ішін жайлап, рухани өміріміздің бойына қан жүгірмей тамыры қурап, жапырағы суық желдің өтінде қалтырап, әлі күнге дейін көктемей тұр. Өйткені ескі қоғам қирап, жаңа нарық заманы
орнаған өтпелі кезеңде өткел іздеп сарсылып жүргенде Арсыздық атқа қонып, атойлап шыға келген жоқ па. Қазіргі таңда халықтың қайғысынан қаймақ айырып, көз жасына нанын малып жеп отырған да, міне, осы Арсыздық.
Ғашық болған бір кезде өмір еді, Жұрттың неге көз жасы төгіледі. Күйі қашқан ауылдан
Сұрқы кеткен
Тас қоғамның келбеті көрінеді.
Дүниені кім сонша жаңқалаған, Күндер қайда бармақтан бал жалаған. Қазақстан айналып қан базарға, Жұрттың бәрі ала қап арқалаған.
Басқа қонбай бақ құсы үркіп еді, Көк ала бұлт көгінде дүркіреді. Адамдар да тас қоғам секілденіп, Тас бауыр боп бара ма кім біледі.
Сұм заманның көп көрген бүлінгенін, Бордай тозып бара ма дүбірлі елім.
Асхананың ішіне Терезеден
Талай көрдім намыстың үңілгенін.
Күнің жүдеп тұрғанда, Айың жүдеп, Кісі бар ма білетін жайыңды кеп.
Арамдықтың қайда да бағы ашылып, Адалдық жүр базарда қайыр тілеп.
Азаттықтың ақ самалы есіп тұрған қазіргі ақжарқын заманда қазақ жұртының азып-тозып, күйі қашқан ауылдан тас қоғамның сұрқы кеткен келбетінің көрінетіні қалай?! Қазақстан қан базарға айналып, жұрттың бәрі ала қап арқалап, кісілік сезімнен айырылып, тас бауыр боп бара жатқаны қалай?! Асхананың ішіне намыстың көзін сатып үңілетіні қалай?! Арамдықтың қай жақта да бағы ашылып, адалдықтың базарда қайыр тілеп жүретіні қалай?!
Ендеше қайшылыққа толы мына бұрқасынды заманда өмір сүрген ақынның жүрегі сыздамай, жаны күйзелмей жыр жазбасқа шарасы қайсы?! Бағзы заманнан бері қуғын-сүргінде күн кешіп, әбден ит сілікпесі шығып, тілі мен ділі ұмытылып, құруға айналған тұста ойда жоқта Құдай қолдап, тәуелсіздік алып, бүкіл дүниенің көз алдында мерейіміз үстем боп, асқақтап тұрсақ та әлі күнге дейін жыртылған жерімізді жамап, сөгілген жерімізді көктеп тігіп, уақыт құмының астына терең көміліп, тұншығып жатқан жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды аршып ала алмай босқа далақтап шауып жүргеніміз өтірік емес. Содан да болар, ақын өткен күндерге өткел салып қарап:
Даласында өзені жырлап аққан, Жұрттың бәрі бүгінде мұңға батқан. Еңіреген кешегі ерлер қайда, Кеудесінде жолбарыс тулап жатқан.
Тал бойында жүгірген самала ағын, Сардар ері қайда бұл сахараның?! Ұнтақталып кетті ме қайран жұртым, Диірменіне тартылып замананың, –
деп шамырқанады. Бүгінгі адамдардың күйкі тірлігіне,
ұсақтығына налып егіледі. «Кеудесінде жолбарыс тулап жатқан кешегі ерлер қайда?» деп, ағысты қиял кешіп, күркірейді.
Ақынның бұлай ұлт бойында бұғынып жатқан рухты тірілтуге тырысып, намысыңды шабақтап, жігеріңді жанып, буырқанып сөйлемеске шарасы жоқ-ты. Өйткені айналамызда алпауыт елдер байтақ даламызға, қазыналы жерімізге көз алартып, анталап тұрғанда салғыртыққа салынып, бейғам отыруға бола ма?!
Елбасының «Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпеді» деген семсер сөзін серт етіп ұстаған ақынның қайда жүрсе де, қара орман қалың елдің ішінен егеулі найза ерлерді сабылып іздейтіні, міне, содан. Өйткені ол дүниені шарлап жүрген бір қатердің барын сезеді – сезеді де:
Қатер барын сездіріп бұл күндері, Соғады ылғи азынап қырдың желі. Сақтанбасаң бола ма қайран қазақ Көк желкеден қапыда тұр бүргелі, –
деп шырылдайды. Содан кейін шарасыз кейіпте: «Ал жауыздық жалғасып жатпаса егер, Неге өшпейді киелі жер бетінен?» деп кескекті ойға батады.
Оныңкейдеадамқолыжасағанқиянат, сұмдықтарды көргенде:
Арманыма жете алмай дүрбелеңде, Қалам ба деп қорқамын бір белеңде. Құлагердің құлыны бәйге ала ма, Батыраштың тұқымы жүрген елде, –
деп торығатын сәттері де жоқ емес.
Тәуелсіз Мемлекетіміз бен егемен еліміздің сән-салтанатын, халқымыздың баянды бақытын, болашаққа жол тартқан көрікті көшін жырлағанда Рафаэль ақын шұғыл жадырап, найзағайдай жарқылдап, ажарланып, түлеп сала береді.
Маңайына баянды бақ таратып, Елдер қанша гүлденген ақ таңы атып. Ата қазақ азаттық алған еді,
Дүниені өзіне жалт қаратып.
Саумалымды біреулер іріткенде, Арынымды кім менің ірікті елде. Алтын тулы неге елге айналмаймын, Алты тулы алты алаш біріккенде.
Қанатымды жайғанда өрге керіп, Туған елім жайғасқан төрге келіп. Ұшып бара жатады болашаққа Жанарымда дүние дөңгеленіп.
Найзағайлар ойнаса төбемде көп, Қажығанда жүгінем өлеңге кеп. Болашақтың көзіне үңілемін Туған елді төрінен көрем бе деп.
Қазақ жұрты қатал да қатыгез заманда көкірегін шер басып, көзі жастан құрғамай азап шегіп жүрген күннің өзінде де үмітпен өмір кешкен. Ертеңгі күнге де, одан арғы күнге де үмітпен қараған. Болашақтың өздеріне не дайындап жатқанын білмесе де оның тұңғиық сырына үмітпен үңілген.
Ендеше қолына алғаш қалам ұстағалы елдік пен ерліктіталмайжырлапкележатқанөжетақын«дүниені
өзіне жалт қаратып», азаттықа қол жеткерген туған халқын болашақтың төрінен көргісі келіп, тұңғиық сырына үмітпен үңілсе, оның несі айып?! Малынан – жанын, жанынан – арын биік санап, қырында сағым ойнаған сайын даласын жаттан қорғап, бүкіл өмірі ат үстінде өткен жауынгер елін болашақтың төрінен көрсем деп армандап жыр толғауы, сайып келгенде, бұның өзі оның шыбын жаны шырқырап, туған елінің жолына жүрегін төсеп жүргенін көрсетеді.
Рафаэль ақын Тәуелсіз Мемлекетіміздің Көк байрағы биікте желбіреп, мәңгі – бақи салтанат құра беретінін жан-тәнімен жіті сезіп: «Бостандықтың ботасы боздамайды, Қайғы-мұңның торына шырматылып» деп толғанады. «Туым неге құласын, мәңгі-бақи Азаттықтың тұрса есіп ақ самалы» деп және тебіренеді. Содан соң: «Азаматы кеуделі болған елдің Кеудесіне басынып жау шыға ма» деп өркештеніп тұрады да, іле сөзін қайта сабақтап: «Туған жерге тамыры кеткен елдің Дауыл жұла алмайды жусанын да» деп, өршіл рух, өр кеуде қайсарлықты бойыңа сіңіріп жібереді.
Әдетте Рафаэль Ниязбектің ақындығы сөз болғанда Қадыр ағаның ол жөнінде жазған мына бір ой толғамдары еске түспей тұрмайды. «Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншіде дәл түседі деген әңгіме бар... Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара сабаларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі – Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін.» (Мырзалиев Қ. «Сөз сиқыры». Алматы.
«Жазушы». 1982. 250 бет ).
Қадыр ағадан асырып сөз айту қиын шығар. Бірақ
Рафаэль Ниязбектің таланты жыл өткен сайын толысып, жылдар жаныған сайын кемелденіп, өткірленіп, өркештене түскені ақиқат. Әйтпесе ол
«Құлагердің құлыны» сияқты көлемді өлеңдер мен поэма кітабын өртеніп, отқа оранып жаза алмас еді.Шынын айтқанда, кітап бүтіндей тамырында қан тулаған қуатты өлеңдерден құралған. Оқыған кісіні бей-жай қалдырмайды. Қалғыған көңілді дүр сілкіндіріп, қалың орманның үстінен дауыл жүріп өткендей адуынды күйге бөлейді.
Осы орайда айта кеткен жөн. Жағымпаздық пен жалғандық, өтірік мақтау өріс алып, ақиқат алыстаған заманда өмір сүріп отырмыз. Рафаэльдің бүкіл шығармашылығын, бір сөзбен, «Рух қашып кеткен заманда Рух шақыру дастаны» дер едім. Орыс – шешен соғысы басталған тұста бүкіл журналистер мен ақын-жазушылар әділ сөзін айтуға батылы жетпей бұғынып, үнсіз қалғанда, Рафаэльдің қалың жұрттың ішінен жалғыз өзі жеке дара суырылып шығып,
«Шешендер» деп аталатын үлкен дастан жазып, атойлап шығуы көзсіз ерлік болатын. Оның қабілеті, қарымы, буырқанған ақындық қуаты күшті болмаса Махамбеттің рухын толғап, оған 200 өлең арнап, тұтас бір кітап жазар ма еді. Бұл өзі тарихта болмаған оқиға. Гинестің кітабына кіргізсе де артық болмас еді. Бірақ, амал не, ақынның бұл төтен ерлігін біліп жатқан жұрт бар ма бүгінде. Алайда Рафаэльдің бұл кітабына өлеңмен жазған алғы сөзімде: «Ақындық жеткен жерлерге, Сендегі бізге батырлық жетпей жатыр-ау!» деп ақиқатын айтып, ағымнан жарылғаным бар-ды. Расында солай. Оның өзге ақындарға қарағанда өзгеше бір қасиеті – жүректілігі. Жазықсыз жапа шеккен жанға да, тағдыр-таланы талқыға түсіп, қасірет шеккен халыққа да болысып, намысын жыртып, шындықтың көзіне тура қарап, Ар атынан жасқанбай сөйлеп, жыр толғай білетіндігі. Оның сөз боп отырған мына кітабы
да сол мен айтқан батырлық пен мәртіктің жарқын көрінісі. Кітапқа енген өлеңдер жәй қызыл сөздің жиынтығы емес. Жүректің қанымен қайнап шыққан шыншыл, шынайы және көркем бейнелі, әрлі де нәрлі туындылар екендігінде ешбір шүбә жоқ. Қазіргі қазақ поэзиясының шырқау бір биігін көрсететін шымыр шығарма деп көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің осы «Құлагердің құлыны» деген өзлеңдер мен поэма кітабын іркілмей батыл айтуға әбден болады.
Сөз соңында: Ақан серінің Құлагері мәреге жетпей жауыз қолдан мерт болып еді, ал құлыны қауіп- қатерге ұрынбай бауырын кең жазық болашаққа тарта берсе екен деп тілеймін. Иншала солай болғай.
Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ, Халықаралық Жамбыл және Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтардың лауреты.
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ БОЛҒАЛЫ
Алтын арай ішінде гүл ырғалып, Дүр дүние барады сұлуланып.
Тәуелсіз ел болғалы Қорқыныштан
Көрген емес жапырақ діріл қағып.
Жоқшылықтың ішімде қасқыры ұлып, Жанарымда көрмеді жас тығылып.
Тәуелсіз ел болғалы Кетілмеді
Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып.
Ердің неге жетпесін елге ұраны, Жауын жеңіп, жігерін жер қылғалы. Тәуелсіз ел болғалы
Жігіттердің
Бүтінделіп үлгерген ер-тұрманы.
Қателігін түзетіп кесірлі елдің, Бағы жанған заман бұл есіл ердің. Тәуелсіз ел болғалы
Жетім өксіп,
Төгілмеді көз жасы жесірлердің.
Жаңа күннің жарқылдап белесінде, Сақталатын шығармын ел есінде.
Кісілікті ту етіп мен көтердім, Кісіліктің тербеліп кемесінде.
Күңіреніп күй шерткен күрең күнде, Кісі қанша бақ қуған бұл өмірде.
Болашақтың қамы үшін білсең егер Жүріп жатыр сынақтар жүрегімде.
Жүйріктерін жаратып, таңасырып, Атады ылғи даламда таң асығып.
Тәуелсіз ел болғалы Ата қазақ
Күллі әлемге келеді бақ асырып.
ТАМЫР
Азаттықтың таңы атып, жаңғырғалы Қазақ жұртқа айналған қабырғалы. Терезесі теңескен қай елмен де, Жігіттерді өсіріп нар тұлғалы.
Жер-жаһанға айбынды көрінгелі, Алты алаштың бұл күнде көңілді елі. Бүршік жарған бұтаның түбінен де, Құс түлетіп, еседі өмір лебі.
Алыс қырға сағымы бұлдырлаған, Туған елдің жолында кім тұрмаған. Талай ұры заманды өткерген-ді, Көкірегінің көзінен күнді ұрлаған.
Азаматтар мінетін ат туғалы, Жүрген жоқ па барлығы бақ қуғалы. Өрісіне құландар қайта оралған Қыр төсіне мөлдіреп қақ тұнғалы.
Мұхит суы ішкенге таусыла ма, Қыран өмір мені әлі қаусырама. Азаматы кеуделі болған елдің Кеудесіне басынып жау шыға ма.
Өр кеуделі өжеттер туса ағында, Сексеуілдер өседі құм, шағылда. Туған жерге тамыры кеткен елдің Дауыл жұла алмайды жусанын да.
АЛТЫН ЗАМАН
Шұбатылып алдында жол жатқалы, Туған елдің көп еді жоғалтқаны.
Атқа мінген азамат толып жатыр Алтын заман еліме орнатқалы.
Жалғандықтың көбесі сөгілгенде, Кімнің көзі күлмеді көңілді елде. Алтын заман орнайды,
Қазақ түгел
Ақ боз аттың үстінен көрінгенде.
БОЛАШАҚҚА ҮҢІЛЕМ
Қабырғалы елімді көбісі ұғып, Жарық әлем келеді төр ұсынып. Менің сардар жүрегім сескене ме, Жалғандықтың тұрса да бөрісі ұлып.
Маңайына баянды бақ таратып, Елдер қанша гүлденген ақ таңы атып. Ата қазақ азаттық алған еді,
Дүниені өзіне жалт қаратып.
Анам мені туса егер Айға асылып, Жетсін қалай жеріме қайғы асығып. Туған елдің кеудесі күйге толған Жұмақтардың есігі қайта ашылып.
Саумалымды біреулер іріткенде, Арынымды кім менің ірікті елде. Алтын тулы неге елге айналмаймын Алты тулы алты алаш біріккенде.
Күн күркіреп, көгінде шатырлаған, Қызығымды менің де жат ұрлаған. Қараулықтың төбесі көрінгенде, Шындығымның шынысы шатынаған.
Қанатымды жайғанда өрге керіп, Туған елім жайғасқан төрге келіп. Ұшып бара жатады болашаққа Жанарымда дүние дөңгеленіп.
Найзағайлар ойнаса төбемде көп, Қажығанда жүгінем өлеңге кеп. Болашақтың көзіне үңілемін Туған елді төрінен көрем бе деп.
ДҮНИЕНІҢ КӨЗ ЖАСЫ
Тіршіліктің сүт саулап анарынан, Өмір көктеп тұрғанда балағынан, – Көңілімді кей-кейде мұңға орайды, Дүниенің жас тамып жанарынан.
Дүниенің көзінен жас аққанда, Кешпеймін деп ойлама азапты алда. Көңілімнің көп сынған терезесі Жауыз қолдар жасанып тас атқанда.
Неге елімде ар-ұят ұмытылған, Күндер қайда көзіме нұры тұнған? Дүниенің жанары мұңданғанда, Көңілімнің көгінде күн тұтылған.
Мына мисыз қоғамда басы қатқан, Күндер қайда көзінен жасын атқан? Дүниенің көз жасы шығар, бәлкім, Өзендердің барлығы тасып аққан.
Жұрттың бәрі бұл күнде қырға ағылып, Шындық іздеп,
Бақ қуып жүр сабылып. Көңілімнің қайтейін жылағанын Дүние әлі көз жасқа тұр малынып.
Күн көзінен тұрса да нұр ағылып, Көңілімнен көрді ме мұң арылып. Дүние көктеп тұрғандай сезіледі, Көз жасына өзінің суарылып.
САРДАР ЕРІ ҚАЙДА БҰЛ САХАРАНЫҢ?
Жүрсем егер өмірді өктем көріп, Өзенінен өткізбес өткел беріп.
Қоңыраулы құлыным секілденіп, Қуанышым келмеді көктемге еріп.
Қайда менің жоғалған нұрлы ағысым, Шынжырланып кеудемде тұр барысым. Бабаларым қан кешіп, қорғап қалған Далам еді бақытым, қуанышым.
Қалың елде ер жоқ па баққа қорған, Бұл күндері сол дала жатқа толған. Зауал болып жететін туған елге Заман ба бұл Қараулық атқа қонған.
Ту көтеріп, мен қалай ұрандайын, Болашағым бұлыңғыр тұмандайын. Барысы бар жігіттер кеудесінде Кеткен жоқ па азайып құландайын.
Жұрттың бәрі анадан туған жылап, Ар-намысты оятсын кім қамшылап. Көңілімнің ақ шаңқан шатырына Болашақтың көз жасы тұр тамшылап.
Болашақтың дәм татпай жемісінен, Үзіле ме бұл өмір желісінен.
Іздегенде таба алмай қор боламын, Ел қорғайтын жігітті ел ішінен.
Қаны тулап тұрғанда жүрегімнің, Қабарғаны бұл қалай түр-өңімнің? Ел қорғайтын ер жігіт ел тонаса, Абыройын ойлайды кім елімнің?!
Даласында өзені жырлап аққан, Жұрттың бәрі бүгінде мұңға батқан. Еңіреген кешегі ерлер қайда, Кеудесінде жолбарыс тулап жатқан.
Тал бойында жүгірген самала ағын, Сардар ері қайда бұл сахараның?! Ұнтақталып кетті ме қайран жұртым, Диірменіне тартылып замананың.
АЗАТТЫҚТАН НЕ ПАЙДА?
Көңілімде бір толқын тулағасын, Неге өмірді жүрегім жырламасын. Азаттықтан не пайда,
Арайланып
Ақиқаттың ақ күні тумағасын.
Заман қандай,
Заң қандай ел біледі.
Туы қашан жетімнің желбіреді. Ақиқаттың ақ күні туса егерде, Арғымақтар неге әлі мертігеді?! Татулықтың бұзылып шекарасы, Тіршіліктің қираған бел ағашы.
Ақиқаттың ақ күні туса егерде, Жазылмай жүр неліктен ел жарасы.
Қазынасы бұл жұрттың тоналғасын, Өзен қанша жоғалтқан мол арнасын. Ел қорғайтын ер жігіт көк базарда Жүрген жоқ па сүйретіп қол арбасын.
Азаттықтың ескенде ақ самалы, Арманымның бұл қалай ақсағаны. Ақиқаттың ақ күні емес пе еді, Туған елдің ту ұстап аңсағаны.
Азаттықтан не пайда, Бейбіт шақта
Оқ атылып, боздақтың ақса қаны.
Әлі талай соғады азап желі,
Алты алаштың бұл күнде азалы ері, Азаттықтың жоқ болса өз зауалы, Неге ендеше сатылды қазақ жері?!
Түн ішінде шырақтай талай жанып, Жыр жазсам да бойымда қан айналып, – Азаттықтан не пайда,
Тумаса егер
Ақиқаттың ақ күні арайланып.
ЕЙ, АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ!
Рухы бірге көктеген көгерсе елі, Ей, алаштың баласы өр еңселі.
Қилы-қилы заманнан жетсең де аман Ақ семсердің жүзінен көрем сені.
Сөйлесең де өр кеуде өрелі үнде, Семсер ізі қаншама көк етіңде.
Ей, алаштың баласы, әлі күнге Тұрғаныңды ұмытпа оқ өтінде.
Толқындарын қозыдай жамыратпай, Көкірегіңнен неге өзен жатыр ақпай. Суық желдің өтінде қалып қойып, Қалтыраған кезің көп жапырақтай.
Қаптап жүрген кезінде сұр жыланның, Қасиеті арта ма құр ұранның.
Ей, алаштың баласы, ұмытпағын Саған қарап тұрғанын зымыранның.
Қанша ғұмыр кешсең де арандамай, Қасқыр тістер тұра ма жалаңдамай. Ей, алаштың баласы, тұрған жоқ па Оқтың бәрі ұшқалы саған қарай.
Шырқалғанда өмірдің тылсым әні, Көңіліңнен сөнбесін нұр шуағы.
Ей, алаштың баласы, қалт-құлт етіп, Қылкөпірдің үстінде тұрсың әлі.
Жаратса егер жүрегін ақын етіп, Кімнің туы жығылсын бағы кетіп. Ата рухың асқақтап тұрады әлі, Қылкөпірден аман-сау тағы да өтіп.
*** ******
Шаң боратып өзгенің жемісіне, Сыймай жүрген жан қанша терісіне. Жүргенімде Алланың ақ жолымен Қуғындады сыйдырмай ел ішіне.
Қараулықтың жолына түскенімде, Қыңсылаған қаншық боп сұсты өмір де. Жұрттың бәрі алдымда құрақ ұшып, Мені жырлап сайраған құс көгімде.
Жоғалғасын ар-ұят жер бетінен, Айырылған ел түгел келбетінен. Адалдықтың бесігі сындырылды, Айлы аспанның астында тербетілген.
Мына опасыз жалғаннан түңілгенде, Ауыртпалық салмақтан бүгілді ел де. Кең дүние қаптаған жын ұясы – Ақиқаттың көзімен үңілгенде.
Кімнің жарқын жүзіне жел тимеген, Қайғы бар ма шекпен ғып ел кимеген. Жүзі қара Қараулық билік құрып, Адалдықты балшықтай жерге илеген.
Қара жойқын тасқыннан жүзіп өтіп, Тас қоғамды көркейтсін кім түзетіп. Адалдықтың үні өшіп бұл күндері Қараулықтың есігін тұр күзетіп.
АДАМДАРДА ЖҮРЕК БАР МА?
Оһ, қандай жақсы болды туылғаным Адамдарда жүрек бар кезінде мен.
Т.Айбергенов.
Шаршағанда кім келіп күш береді, Бөрі ашуым ызалы тістенеді.
Адамдарда жүрек бар десем егер Қалың елдің ішінде кім сенеді.
Абыройын кісінің асыратын Азамат ер қайда бар бас ұратын. Адамдарда тулаған жүрек барда Кіл жақсылық жасауға асығатын.
Ал қазір ше?..
Мен неге түңілмейін,
Жүзім сұмдық қабарып іңірдейін. Адамдардың жүрегі етке айналып, Қатып қалған сіресіп сіңірдейін.
Айың тумай қалғанда қияқтанып, Кім тербесін жаныңды күй ақтарып. Адамдардың жүрегі жібімейді, Самарқанның көк тасы сияқтанып.
Өміріңнің өзені тұнып ағып,
Тұрды қашан көзіңнің нұры жанып. Алда-жалда сүріне қалсаң егер Кімнің жаны кірмеген қыбы қанып.
Жұрттың бәрі лақтырып тастаған ба, Кеудесінен жүрегін жұлып алып.
Қапталында көсіліп тарлан белес, Бізді қайда бастайды арман... елес. Жүрегі жоқ адамның барлығы да, Қуыс кеуде екені жалған емес.
Күн кешуде күллі әлем шырғалаңда, Қатер жоқ деп ойлама сұр ғаламда. Адамды адам оқ атып өлтіре ме, Жүрек егер бар болса бұл адамда.
БАРА ҚАЛСАМ АУЫЛҒА
Ауылыма көп болды бармағалы, Жұлдызымның сонан ба жанбағаны. Алматыдан шыққанды қойдым білем, Өмірімді өлеңге арнағалы.
Ауыл еді мал баққан қырға барып, Тұрған шығар кірпігін мұңға малып. Бұрындары бұғынып отыратын Қызыл құммен іргесін қымтап алып.
Көшесінде құтырып құм бораған Ақ кебінге ауылды тірі ораған.
Қуанышын өңінен жұлып алып, Түн жамылып қызығын кім тонаған.
Жер бетінен ар-ұят жоғалғалы, Қыршыннан қиылған көп арманы.
Ауыл жүдеп барады күннен күнге, Тіршіліктің арбасын доғарғалы.
Бара қалсаң ауылға бұл күндері, Соғады алдан азынап қырдың желі. Бір жылға азық болар деп кім ойлаған Ауылымның жадырап бір күлгені.
Дүрлігеді көңілдің құсы неге, Серттен тайған жандарды кісі деме. Бара қалсам ауылға кейінгілер Қарттарымдай жанымды түсіне ме?!
ХАН КЕНЕНІҢ БАСЫ
Жайқалған бөктерінде жасыл шынар, Бәріне тауқыметтің асыл шыдар.
Жер шары білсең егер қилы шақта Кесілген бір алыптың басы шығар.
Жан бар ма сұрап көрген дана қарттан, Жер шары – жұмыр тас па далаға атқан. Кесілген хан Кененің басы ма әлде, Домалап болашаққа бара жатқан.
Тағдыры тұла бойын жасын еткен, Хан Кене дария еді тасып өткен.
Мерт болған асылдардың Болашаққа
Домалап бірге өзімен басы жеткен.
ДҮНИЕНІҢ БАСЫ
Адамдардың бар деме бір білгені, Дүниеге келе ме бүлдіргелі.
Қайдағы жоқ қаруды ойлап тауып, Соғыс ашпай тұра ма бұл күндері.
Көкірегіне күмбірлеп күй келгенде, Қан тілейді неге адам күймелі елде. Бозторғайын жанымның шырылдатқан Тіршілікті шашынан сүйрегенде.
Көңілінің көздеген бұлдырығын, Кім кешеді қанды қол бұл қылығын. Қара шоқпар көзіме елестейді, Адамдардың көргенде жұдырығын.
Кекті ызасын қоздырып атыраптың, Оқ жұлғаны бұл қалай жапырақтың? Ақылды деу адамды қиын шығар Ісін егер істесе ақымақтың.
Дүниеге болсам деп тұтқа бәрі, Қабағынан қар жауып, бұлттанады. Шақша басым шарадай болған жоқ па, Адамдардың қылығын ұқпағалы.
Ит озатын заманда құмай қалып,
Ғұмыр кешкен жұрт бар ма шырайланып. Адамдардың қанды қол қылығынан Дүниенің басы да тұр айналып.
ҚҰЛАГЕРДІҢ ҚҰЛЫНЫ
Шұбатылып соңында шаңы қалған Жүйріктер көп десек те бағы жанған. Құлагердің құлыны – өлең еді, Тағдырымның құрсағын жарып алған.
Ертелі-кеш тапқанын ішіп, жеген Қай тобырдың көрейін күшін ерен. Құлагердің құлыны – өлең еді,
Ел ішінен кісі іздеп кісінеген.
Көңілімнің көліне тұнған арай, Көктем болып еседі қырға қарай. Құлагердің құлыны өсе келе Айналмасын құлагер жырға қалай.
Ерді сыйлап ар жолын күнде қуған, Жаман бар ма тізгінін ірке тұрған. Құлагердің құлыны туған кезде, Батыраштың тұқымы бірге туған.
Арманыма жете алмай дүрбелеңде, Қалам ба деп қорқамын бір белеңде. Құлагердің құлыны бәйге ала ма, Батыраштың тұқымы жүрген елде.
*** *** ***
Өркештеніп жүрмін деп өр көшемде, Өйтіп-бүйтіп шықтың-ау төрге сен де. Жазушысы халықтың атандың-ау, Сөзін сөйлеп халықтың көрмесең де.
Шындық тілі шешілмей күрмелгенде, Ақиқатты көздейді сұр мерген де.
Үкімет те жүрді ылғи сені үкілеп, Көп азамат еленбей жүргенде елде.
Көрмесең де ұласып самалаға, Атақ алып, атандың жағалы аға. Дүниенің көйлегі жыртылғанда, Жамау болып жүрегің жамала ма...
Көңіліңнен жылыстап жыр қашқаны – Өміріңнің көздерін құм басқаны.
Жетісуға келдің бе арғы беттен Жаны жайсаң жандармен ұстасқалы.
Жүргендерді күндейсің ат үстінде, Қызыл қаншық қыңсылап жатты ішіңде. Жат жерде өскен кісі едің құныс ойлы, Сөйлейтінің сонан ба жат пішінде.
Сөз сөйлесең егерде бағамдамай, Елдің іші жылысын саған қалай. Ауыл кезген бұралқы ит секілді, Ағын суды өтпейсің арамдамай.
Асам деме алдыңда тау жатқанда, Алжасқаның бұл қалай шау тартқанда. Өзім аман қалам деп ойлайсың ба, Тіршіліктің арбасын қаусатқанда.
Тірі өліктің бірісің бұл күндері, Саған қарай еспейді жырдың лебі.
Сені айналып жүретін болған жоқ па, Қасиетіңнің жоқтығын жұрт білгелі.
Сені көрсе, жұрт түгел дүрлігеді, Содан, сірә, көзіңде мұң жүреді. Арғы бетте қап қойып ар-ұятың, Арсыз болып келдің бе, кім біледі?!
СЕНСЕҢ ЕГЕР
Қанжығада кетпедім бөктеріліп, Көп өмірім өлеңмен өтті өріліп. Біреулердің көзіне елестеймін, Қорғасыннан құйылған оқ көрініп.
Жолымды егер бермесе тоқтай қалып, Кеудесіне қадалам оқтай барып.
Біреулердің сан мәрте өлтіргенмін, Ішіндегі сайтанын шоқтай қарып.
Мына өмірді қып-қызыл майдан көрген, Елге қатер ер барда қайдан төнген.
Сенсең егер түзеліп кісі болған Жанның бәрі ішінде сайтаны өлген.
ЖЫРТЫҚ ШЕКПЕН
Өксігенде көңілдің күйі налып, Ауылыма жүремін жиі барып. Күзгі дала ақырын тербеледі, Сары шекпен үстіне киіп алып.
Көшесінде жүгірген құм суырып, Ауылынан безінсін кім суынып.
Жалғыз тамшы көгінен тамбаса да, Көз жасына өзінің тұр жуынып.
Неден менің көңілім үркектеді, Бәлкім, нұрлы, шуақты жыр жетпеді. Бұлт кетпесе басынан Қаратаудың, Ауылымның көзінен мұң кетпеді.
Рухы қайда нарықты жеңген елдің, Неге тозған көйлегі жеңгелердің?
Оқтары да, кім білсін, таусылды ма, Құралайды көзге атқан мергендердің.
Жақсылардың жолында кім тұрмады, Ай тұтылып, көгінде күн тулады.
Ауылымның жатыры тозды білем, Ұлтқа тұтқа болатын ұл тумады.
Қуанышқа жүргесін өлең бөлеп, Бақытымды айта алман төменде деп. Ауылымды тегінде ойладым ба, Жыртық шекпен ішінен көрем бе деп.
АДАСЫП ҰШҚАН ОҚ
Сыбайласып, Өзара қоғамдасып,
Қорқау қанша тонаған моланы ашып. Азамат ер қапыда неге өлмесін, Жүрегіне тисе егер оқ адасып.
Ұшыратын кезімде құс түлетіп, Мұқалды ма семсерім жүзі кетіп.
Болашағымды көздеген оқтар қанша, Жүрегімнің жүрегін сызып өтіп.
Талай тарлан асауды жүгендеген, Кісі көп те тұрманын түгендеген. Кеңістікте адасып ұшқан оқтан Мына бұзық заманда кім өлмеген.
Тұғырлы елі жанындай жақын көрген, Батыр да өлген,
Азулы ақын да өлген.
Қаңғып ұшқан оқтардан болған талай, Құралайдың ажалы салқында өрген.
Ұзын жылан секілді бұратылған, Қанды жолдар көп әлі шұбатылған. Оқтан гөрі шынында қаңғып ұшқан Өлген артық оқтардан тура атылған...
ӨМІР ДЕГЕН...
Күндер қайда көзімнен нұр саулаған, Көңілімді бұл кезде мұң жаулаған.
Қоғам менің кеудемді қысып ұстап, Саясаттың сымымын құрсаулаған.
Өрт жүрегім кеудемде сығымдалып, Тас бітелген көмейім тығындалып.
Мына қарау қоғамның қолыменен Жырым қанша боздаған жырымдалып.
Сауда қуған заманда пұл санаған, Менің сәби жырымды кім сабаған.
Қылмыстарын көрсетпей Қоғам өзі
Ақ пердемен көзімді тұмшалаған.
Шындықты айтқан тұра ма суға батпай, Қалай жатам арнамда тулап ақпай.
Тілімді де тастаған күрмеп байлап, Қызыл жылан секілді сумаңдатпай.
Сөз айта алмай ызалы қыжырланып, Бір орында шырақтай тұрмын жанып. Үй күзеткен төбетке айналғанмын, Саясаттың қолымен шынжырланып.
Жігерімнен шыңғырған шылбыр есіп, Түсі суық тағдырым тұр тіресіп.
Бостандыққа шыға алмай жүрмін әлі, Өмір деген түрмеде ғұмыр кешіп.
Көңілімнің көзінде күн күлгелі, Еседі алдан самал боп қырдың желі. Өмір деген түрмені талқан етіп, Бостандыққа шығармын бір күндері.
ӨСЕК ҮСТІНДЕ ӨСКЕН КӨК ТЕРЕК
Алда-жалда қалса егер жұрт сын тағып, Қарайтындар жоқ емес тым сызданып.
– Адам десем, бұ да ақын екен ғой, – деп, Жөнеледі өсек сөз сыпсың қағып.
Дарға асқалы тұрса да көр жанында, Азамат ер сынбайды өр шағында.
Аласұрған кездерім аз емес-ау, Өсектердің қап қойып қоршауында.
Жер үстінде жүрегім кімге сенер, Өлмеген жан мұратты күнге жетер.
- Неге үндемей қалды, – деп дігерлейді, Оңашада ой кешіп жүрсем егер.
Көңілімнің көздері жалқынданып, Үлгергенде үкілі халқым танып.
- Тілі шыға бастапты, – дейді өсектеп, Намысымды қорғасам шамырқанып.
Бір бүйірден тұрғанда жау қадалып, Басым талай дал болған дауда қалып.
- Қайда құрып кетті, – деп сұрланады, Дамылдаған кезімде тауға барып.
Ақ самалым аңсаған қырдан есіп, Күндер қайда тербелген нұрға көшіп. Кейде өзімді ұқсатам көк терекке Өсектердің үстінде тұрған өсіп.
ЕЛДІҢ ЖОҒАЛҒАН ҰЯТЫ
Күрк-күрк жөтеліп, тұмаулатып, Келе жатқан кезімде қыраулатып. Өмір деген арғымақ оқыста үркіп,
Кетер ме екен, кім білсін, қырға аунатып.
Жауған оқты елемей сауыт денем, Алпыс үш жыл құйғытып шауып келем.
Туған елдің жоғалған ар-ұятын Жықпылынан қай жылдың тауып берем.
Ар-ұяты елімнің жоғалғанда, Тамырынан суалған көк орман да. Қазақстан жалаңаш қалған еді, Үстіндегі киімі тоналғанда.
Айға азуын ақырып білегенде, Кімнің жалы жығылсын жүдегенде. Қазақстан қайыра құлпырған-ды, Кеудесіне Қыдыр кеп түнегенде.
Ат жегіліп тұрмыстың арбасына, Өзендердің су толған арнасына. Жұрттың бәрі бүгінде білсең егер, Байлық басып үлгерген жамбасына.
Асуынан жаңа асқан қия белдің, Бәрі бірдей өр емес зиялы ердің. Мол қазына жерімнен табылса да,
Табылмайды-ау деп қорқам ұяты елдің.
ҚАҢБАҚ КӨРСЕМ...
Айдарынан аңқылдап жел ескенде, Бәрі мықты адамның белес-белде. Бір-бірінің келеді басын шауып, Тіршілікте ұстасып, егескенде.
Құзырлының алдында жорғалаған, Қай кісі де өз басын қорғалаған.
Қаңбақ көрсем егерде тұрам ойлап, Кімнің басы екен деп домалаған.
АСПАН
Жылы самал алдымнан жиі еседі, Көңілім де көңілді күй кешеді.
Жарқыраған жұлдыздар түнгі аспанда, Шекпенімнің ақ алтын түймесі еді.
Шырқыраған шындықтың зары қалған, Дүниенің бұл күнде бәрі жалған.
Білсең, айтшы, ағайын? Аспан қалай
Менің алтын түймемді тағып алған?!
Жаратса да табиғат тылсым етіп, Қателікті жүр дейсің кім түзетіп. Киіп алып жұлдызды сұр шекпенін, Аспан, сірә, ғаламды тұр күзетіп.
АҚТАНГЕР
Ұлағатты ұстазым Мырзатай Жолдасбековке
Күңіреніп көрмеген күрең күнде, Ақтангерсің бақ қуған нұрлы өңірде. Көңіліңнің шуағы жылытқалы Тонған емес жүрегім бұл өмірде.
Қатал тағдыр өң-түсін суытқанда, Ұрыдан да сескенбей, ұлықтан да, – Қасиет боп еліңе жетіп едің, Қасиетін мына жұрт ұмытқанда.
Тіршіліктің біткен бе дүрбелеңі, Сардаланың өзіңсің бір белеңі. Желкен керген кемесің қайық етіп, Жетелеген айдынға күнде мені.
Тарлан ашып, тағдырлы датқа болған Азамат ер қашанда баққа қорған.
Қараулықтың төбесі көрінгенде Сенің сардар жүрегің атқа қонған.
Қайғы-мұңнан арылып, жеңілденіп, Өмір неге күлмесін бетін беріп.
Аға, кейде көзіме елестейсің Адалдықтың ақ туы секілденіп.
Өжет мінез, өр кеуде арынды деп, Біреулердің көрмедің бағын күндеп. Тал бойына сіңіріп күннің нұрын Тұрады ылғи қыста да жаның гүлдеп.
Туған елмен жүрегің сырласқалы, Сені биік көтерген жыр-дастаны. Кеудесінде күні бар азаматсың Аласарып көрмеген нұрлы аспаны.
АСАУ АҚЫН
Көктем болып жүгірген жиі еліне, Қолға қалам ұстаған киелі ме.
Қарабайыр жыр жазып атақ алған Сөз сіңбеген ақын көп сүйегіне.
Шындықтардың сорғалап қаны тамған, Біздің елде солардың бағы жанған.
Асау ақын қор болған шетке ығысып, Тас құрсағын тағдырдың жарып алған.
Құлагері кісінеп құлындаған, Ақиқаттан бұл қоғам құрылмаған. Асау ақын қалыпқа сыймағасын, Халыққа да сыйдырмай қуғындаған.
Қалам тербеп, өмірдің көркін ашқан, Ақын сосын арақпен өртін басқан.
Найзағайдың қамшысы осқылаған Сірә, талант болғасын көңілі – аспан.
Тамырында асау қан ағындаған, Ақын бар ма бақ іздеп сабылмаған. Өзгертуді ойлайды бұл қоғамды Тіршіліктің заңына бағынбаған.
Жалғандықтың жасқанбай бұлтын тілген, Ақын барда ел ішін кім бүлдірген.
Өзі сыймай жүрсе де дүниеге, Дүниені жырымен сілкіндірген.
БАС КЕТЕТІН ТҰСТАР ДА...
Жасырған уын жағына, Дұшпан көп туған бағыма. Талқандалып кете жаздағам, Бағынбай тағдыр заңына.
Айналып достар қасыма, Қатер көп төнген басыма. Тартылып кете жаздағам, Уақыттың диірмен тасына.
Ән шырқап ауыл кешінде, Өскенмін балғын сезімде. Жоғалып кете жаздағам, Жоқ іздеп жүрген кезімде.
Жарық дүние жалғанда, Кеткендер көп-ау арманда. Басылып қала жаздағам, Басыма бейнет салғанда.
Дамылдап жасыл белеңге, Жыр арнап жазам мен елге... Түбіне бата жаздағам, Сүңгіген кезде тереңге.
Демімді ішке жұтқанда, Жай тартам бура бұлттан да. Биіктен құлай жаздағам, Басына өрлеп шыққанда.
Өмірде талай ұтылғам, Бөздейін боздап жыртылғам. Бас кететін тұстар да, Шашымды беріп құтылғам.
ҚҰЛАҒАЛЫ ТҰРМЫН БА КІМ БІЛЕДІ
Қайда барам тулақтай тозбағанда, Солғын тартып үлгерген көз, жанар да. Жанар ма едім лапылдап, кім біледі, Жанашыр кеп шоғымды қозғағанда.
Жылан жатса жолымда оратылып, Көңілімнен ақ дауыл борады ұлып. Кейде вулкан секілді сезінемін, Көкірегінің оты өшкен көп атылып.
Қуатымыды жүргенде арқаланып, Алтын кемем соғылған жарға барып. Уақыттың жүзі өткір балтасынан Бөренедей жұқардым жаңқаланып.
Жанарымның ішіне мұң қамалып, Жүрегімді көк мұзға тұр ма малып. Басқа арнада бұрқанып тулап жатты Өмірімнің ағысы бұрмаланып.
Қарақшы өскен қоғамда кеткен сынды Бақытымды біреулер ұрлап алып.
Тауқыметтің жүгі ауып арқасынан, Адам бар ма ұшпаған жар басынан. Құба жонға жайғасып,
Тіршіліктің
Мен де бір күн түсермін арбасынан.
Көңіл кейде осылай сілкінеді, Үмітімді кім келіп үкіледі.
Жартаста өскен кәрі ағаш секілденіп, Құлағалы тұрмын ба, кім біледі.
ҚАТЕЛІКТЕН ТУҒАНДАР
Таудың кәрі мұзындай сіреспелі, Өзің жақтан ызғырық тұр ескелі. Өрт жанымды келемін жалау етіп, Жалғандықпен ұстасып, тірескелі.
Өзендердің ағысы іркілгенде,
Ар-намысым ызалы бұлқынды елде. Қозғалысқа көшеді бар дүние, Жырым менің қоғамды сілкігенде.
Тасқа тиіп тұяғым сүрінгенде,
Құйын бар ма жығатын туымды елде. Қате табам деймісің
Өлеңіме
Саясаттың көзімен үңілгенде.
Жаттап өскен қалың жұрт, асыл аға, Тиіспеген жырыма – қазынама.
Жырдың бәрі жүректен туындаған Саясаттың көзімен жазыла ма.
Жұлдыз жауып тұрғанда аспанымнан, Жаралды деп ойлама басқа ағыннан.
Талай тарлан жырымды күзедің-ау, Өлеңімнің пәле іздеп астарынан.
Сені көрсем жырымды жырымдаған, Бозторғайым кеудемде шырылдаған. Елдік пенен ерлікті жырлағандар Қателікке ешқашан ұрынбаған.
Көз жазбаған туғалы ата ерліктен, Ақын бар ма алдынан қатер күткен. Өлеңімнен саяси қате іздейді, Туған жанның бәрі де қателіктен.
*** *** ***
Көрмесе егер көз тігіп алысқа әлі, Тулап қайдан бұрқансын намыс қаны. Балақтағы битті де, қайран аға,
Өлең сөздің дедің-ау арыстаны.
Ата аруақ кімді де жебегенде, Жарқырайтын маңдайы кемел елде. Айдарымнан дедің бе жел еседі, Аласаны асқарға теңегенде.
Тіршіліктің бітпесе таласы әлі, Басыла ма суырған дала шаңы. Көз алдыңда Алатау тұрған кезде Мақтай беріп қайтесің аласаны.
Жапа шегіп заманның ұлы ақыны, Бас сауғалап бұл қалай бұғатыны?
Алдаспанға айналған ағалардың Итті кит деп бұл қалай ұғатыны?!
Түсінбеймін, Осыған түсінбеймін.
Бірақ жырмен елімді мүсіндеймін. Тәуір ақын болсам да жұртқа еленбей, Сабағынан үзілген жүзімдеймін.
Жанарына өлеңнің нұры тұнған, Шын ақынның өлген соң күні туған. Талант қанша тірі де бағаланып, Табытқа түскен бойда ұмытылған.
*** *** ***
Шырақ алып соңыма түспегенде, Тауға айналып тұрар ең түз-белеңде. Аға, сені таба алмай көп сарсылдым, Тірілердің ішінен іздегенде.
Қасиетін сіңірмей өркенді елдің, Тіршілікте бағы артып көрген бе ердің. Іздеп жүрсем сені, аға,
Жүр екенсің
Арасында тірідей өлгендердің...
МҰҢАЙМА
Жан аз ба жүріп-жүріп бағы жанған, Мұңайма!
Дүниеде бәрі жалған. Махаббат – шоқ болса егер,
Қыз екенсің
Жүрегін ыстық шоққа қарып алған.
Бұлқынып тамырыңда тулайды ағын, Әлі де жел тербеген нұрлы аймағың. Қызығып жапырағын жел тонаған Қайыңға ұқсадым деп мұңаймағын.
Қанатын қаз секілді сабаланып, Қайығың қайда сенің барады ағып. Үйренген мылтық атып сұр мергеннің Оғынан қалдың ба әлде жараланып.
Көзіңнен күнің бар ма нұр атпаған, Қай жігіт сенен алыс жырақтаған. Мынау арсыз тірлікте саят құрып, Қоғалы көлдің құсын кім атпаған.
Үмітін қарлы боран таңда үсітіп, Сорлаған жандар аз ба жанұшырып. Қызғыштай қорып жүрген қорығыңа Алдың ба аңдаусызда мал түсіріп.
Шыққалы сыртқа қарай атырылып, Ызалы бөрі ішіңде жатыр ұлып.
Бірер мал қорығыңа түскен шығар Қалмайды оған бола жапырылып.
Өздерін құлан сүйек құрыш көрген, Жігіт көп ер-тұрманы күмістелген. Мұңайма!
Бағың алда жанады әлі,
Қасқыр тартқан байтал да мініс берген.
*** ****** Тұғырына күн қондырып түнеткен, Қыран еді туған елі түлеткен.
Тас құрсағын жарып шыққан ғасырдың Махамбеттің ат үстінде күні өткен.
Азамат ер жүрегіне көп сенер,
Ел қамын жеп күн-түн қатып жол шегер. Неге, неге жалғыз қалды Қараойда, Махамбеттің қалың елі болса егер.
Қилы шақта Айы туып оңынан, Қалғанда аман жаудың атқан оғынан, – Махамбеттің елі жақсы болса егер
Неге ажалға байлап берді қолынан.
Қаратаудай қайғы салып көңілге, Өлу үшін келе ме адам өмірге.
Азаматын қиғанымен өкпеге, Қазақ қашан қиып еді өлімге.
Әділдіктің күйремесе жеңісі, Тіршіліктің үзіле ме желісі. Ерлер құрбан болады ма алдымен Жөнге көнбей бүлінгенде ел іші.
Сөзге, сірә, тоқтамаған жүйелі,
Қай тұлғаның шекпеді азап жиі елі. Өңір қанша арқалаған қасірет Жердің бәрі десек те ұлы, киелі.
Сырын кейде ішке бүккен ердеймін,
Бірақ қалай шындықты айтпай желдеймін.
Махамбеттің басын шапқан өңірдің Қасиеті бар дегенге сенбеймін.
*** ****** Түспесін ісің жаманға Ол емес сені қолдайтын. Тап келдік пе заманға
Жігітте жігер болмайтын.
Көгіңнен қалай күн күлсін, Күндер көп алда сорлайтын. Тоздық па жұрт боп, кім білсін, Қызыңда қылық болмайтын.
Адасқан қарлы боранда Талайдың басын жалмаған, – Қатыгез қарау қоғамда Қарттарда қасиет қалмаған.
Бау-бағын жоқтап қайғырған Тағдыры қиын бұлбұлдың.
Жастарды жолдан тайдырған Кемпірі мыстан бұл күннің.
Еркектер кімді қорғасын Бір қатынға байланған. Ел неге жалтақ болмасын Ерлері езге айналған.
*********
Жанар еді көзімде сөнген арай, Кемем егер жүзгенде өрге қарай. Өмірімнің көбісі кетіпті өтіп, Шығамын деп жүргенде төрге қалай.
Көкірегімде тулайды өлең қалай, Таудан түсіп келемін төмен қарай. Жұмыр басым егерде аман болса Бұл өмірдің қызығын көрем талай.
Төрі даяр болса егер іріге елдің, Көрі даяр мендейге жылы жердің. Жүремін бе бір күні кім біледі, Тізімінен сызылып тірілердің.
Көрген күнім жоқ еді елден артып, Мерген қанша ту сырттан келген атып. Арбам менің қырқаға сапар шегер Тағдыр мені сызғанда белден тартып.
Сауыт кеудем сөгіліп көбесінен, Мүмкін өлем сатқынның жебесінен. Жерле мені биікке
Тірілердің
Қарап ылғи жатайын төбесінен.
*** ******
Өз елімде жүрсем де арқаланып, Біреу мені кетердей қанға малып. Нән бөрене секілді Қазақстан
Ұшып жатқан жан-жаққа жаңқаланып.
Өз байлығы өзіне бұйырмаған
Бұл қазақтың тағдыры қиындаған. Сүт кезінде іріген жұрт секілді Айран болып ешқашан ұйымаған.
Қанша өкпе артсаң да ірілерге, Шыға қоймас өрмелеп күнің өрге. Елге орнаған болатын бұзық заман Табыт тасып жүгірген тірілерге.
Азамат ер оққа ұшып жатқа атылған, Құзырлыға жағынып бақ сатылған.
Ірілердің көбісі мақұлық қой Терісімен адамның қаптатылған.
Солар түгел бүгінде ат үстінде,
Бір-бір қаншық қыңсылап жатты ішінде. Өз халқынан бәрі де алыстаған
Сырт айналып жүргесін жат пішінде.
Шаң суырып ізінен, құм бораған, Сұмдар аз ба көңілді мұңға ораған. Солар еді жабылып ел тонаған, Ал олардың ұятын кім тонаған?!
БӨЛТІРІК ШЕШЕН ЕСКЕРТКІШІ
Хан Кененің үстіне төте кірген, Шешен едің даусынан от өрілген. Қаратаудың қуатын бойға жиып, Бақанаста тас тұлғаң көтерілген.
Ескерткішің тұр, міне, өр еңселі, Ғасырлардың көзінен көрем сені. Рухың сенің қолдаған шығар, бәлкім, Қабырғалы қазақтың көгерсе елі.
Жолбарыстың жаралып жүрегінен, Кісінетіп сен едің күрең мінген.
Туған елдің егеулі найзасы едің, Егескеннің етегін түре білген.
Тулағанда бұрқанып намыс қанда, Айға шапқан сен едің арыстан да. Шу бойында жұлынын үзген едің Жолбарыспен жеке өзің алысқанда.
Ұранына айналып көшелі елдің, Замандардан заманға көше бердің. Дау туғанда сөз бастап,
Жау төнгенде
Қол бастаған бірі едің көсем ердің.
Тал бойында жеті өзен тулап ағып, Құйып жатқан секілді қырға барып. Сөйлеп кеткің кеп тұрма қайран баба, Жүрегіңді толқыған нұрға малып.
Нұрын жерге ағындап төккенде арай, Көктемесін кеудеңде көктем қалай.
Өсіп бара жатқандай сезіледі Ескерткішің қол созып көкке қарай.
САЯСАТКЕРЛЕР СӨЙЛЕГЕНДЕ
Жұмыр жер боп жаралған жұмыртқаны, Бір аждаһа қапыда тұр жұтқалы.
Содан, сірә, саяси күшке айналған Тізе қосып өзара жұрттың бәрі.
Көктем лебі еседі қанатынан, Сөйлегенде ақ жүрек ар атынан. Бәрі азамат секілді көрінеді Ақиқаттың өзінен жаратылған.
Өткелдерден өртенбей өте біліп, Сөйлегенде даусынан от өріліп. Аруақтанып атыңа сен қонасың, Жатқан жалың кеткенде көтеріліп.
Сөйлегенде мұңды айтып елге батқан, Зұлымдыққа дерің хақ жебе ме атқан. Кеудесіне жан бітіп бас көтерген
Ала арқан да шұбалып жерде жатқан.
Көңіліне бұл жұрттың тоң қатқалы, Саясаткердің сөйлейді толғап бәрі. Суырылып шетінен ағылғанда Алтын заман жүргендей орнатқалы.
Бір қатынның шыға сап етегінен, Тіршіліктің дәм татқан шекерінен. Саясаткер өседі
Туған елін
Саясаттың құрбаны ете білген.
АҒА ЖАЙЛЫ ЖЫР
Уақыттың көзінде оты өріліп, Арманына жеткен көп төте жүріп.
Найзағайдай жай тартып тұрсың ба, аға, Сеңгіріне сексеннің көтеріліп.
Көрді қашан алдыңда бақ тарынып, Көңіліңнің шуағы жатты ағылып.
Буырқанып мұхитқа құйып жатыр Көкірегіңнен дария ақтарылып.
Қанатыңды жайғанда қырға қарай, Көтермесін сізді өмір шыңға қалай. Мықтыларға иілмей бұтақтары Түзу өскен сен едің бір қарағай.
Кеме жүзген айдынға нұры тұнған, Ел ішінде жан бар ма ұмытылған. Сізді көрсем көзіме елестейді
Ақ арғымақ таңасып суытылған.
Мына марғау тірлікке серпін беріп, Жайқалғанда орманы ел гүлденіп, – Аға, кейде көзіме елестейсің Алатаудың ақ шыңы секілденіп.
Ірі неге болмасын даласы алып, Жүректерге көрмедің жара салып. Сеңгірінен сексеннің қарағанда Дүр дүние тұрады-ау аласарып.
Білесің желдің қайдан соғатынын, Білесің бақтың қайда қонатынын. Қырандардың дәлелдеп самғай бергін Қартайғанда қауымды болатынын.
ШАМЫРҚАНҒАНДА
Ойлы Ойықтың сен едің ақымағы, Ойлы Ойықтың мен едім арғымағы. Туған елдің көңілі жыртылғанда Жамау болған жанымның жапырағы.
Ақиқаттың балта ұрған терегіне, Сендейлердің жалғанда керегі не! Арлы ақынның бірі едім намыс қуып, Кеме салған теңіздің тереңіне.
Жанарында күн күлген өнерлі елде, Оза шауып тобымнан келем өрде.
Жегі құрттай жүйкемді жеп барасың. Қанады ма қышуың мен өлгенде.
Ақымаққа серейген бой береді, Кәрі арыстан алжасса қойға ереді. Адамзаттың алаңдап тағдырына, Қара орманын шулатып ойлы өледі.
Мұнара боп шаншылған құба белге, Айналам деп ойлайсың тұлғалы ерге. Сен секілді сумақай болатұғын Айбалтасын сілтеген Құлагерге.
Қасарысып ырқыңа көнбегелі, Жайғастырғың келеді көрге мені. Туған бала секілді көрінесің, Ақыл-ойдың орманын өртегелі.
Мені көрсе, сендейлер қуаратын, Кісі қайда жақсыға қуанатын.
Өмірімнің өзені жатқанда ағып, Жұрттың бәрі аттарын суаратын. Сені туған өңірде қатын бар ма, Мендей өжет ақынды туа алатын.
Толқын тулап атқанда тереңімнен, Қарсыласын кісімін жеңе білген.
Ағайыннан бөлсең де, сумақайым, Бөле алмайсың ешқашан мені елімнен.
*********
Өмірдің суық неге түсі неден,
Бір-бірін қазақтан ба түтіп жеген. Өзара шұрқырасып табысқалы Жылқыны жылқы көрсе кісінеген.
Жасынан өспеді ме тауға қарап, Бір-бірін ұстады ма дауға қамап. Неліктен түнереді бейбіт шақта Қазақты қазақ көрсе жауға балап.
Қазақты тағдыр неге тұмшалады, Жау іздеп атылғалы тұр садағы. Бір-бірін олар неге бауыр көрмей, Неліктен жатқа барып мұң шағады.
Бұлттанып көңілімнің боз аспаны, Осыны көріп келем көз ашқалы.
Жат жұрттың аспанынан биік тұрған Қазақтың бар емес пе өз асқары.
Заманда жұрттың бәрі сөз түсінген, Жан аз ба ел ішінде көзі ісінген.
Іздей ме жаттан жақын қайран қазақ Көп шығып жырынды жау өз ішінен.
ЕЙ, АҒАЙЫН!
Ей, ағайын, жауласпай жүлдемді бер, Қатты кетсем ашумен тілдеді дер.
Сүйген білер арудың қасиетін, Арғымақтың қадірін мінген білер.
Өжет мінез ел болсаң ерге сенер, Жеме ақымды – шырағың ерте сөнер. Серт үстінде дауласпай жүлдемді бер, Құлагердей мерт қылғың келмесе егер.
Жөнің бар ма, ағайын, бұлданатын, Қасиетің жоқ па еді үлгі алатын.
Торы шолақ тоқалдан туған жоқпын Сыбағалы үлестен құр қалатын.
Сұм заманда Құдайдан мұнай артқан, Жандар жоқ деп ойлама Құдай атқан. Бәрін бұзып жолдағы бөгеттердің, Өмірімнің өзені тулай аққан.
Қалған жан деп ойлама ел шетінде, Ғасырлардың қайғысы келбетімде. Махаңа арнап екі жүз өлең жазған Ақын бар ма жаһанда,
Жер бетінде.
Ескі тарих бетіндей көнермеген
Хас талантты сыйламау өнер ме екен. Ақындардың ақысын жеген елдің Көсегесі ешқашан көгермеген.
Өзегіне құрт түскен жемістеймін, Жүлдемді бер, бопсаңа келіспеймін. Ақиқаттың тілінде сөйлемейтін Арды аттаған ел болсаң не істеймін?!
Көңіліңнің дауым жоқ кеңдігіне, Неге бірақ баспайсың ерлігіңе.
Алда-жалда бермесең жүлдемді егер, Ей, ағайын, сын болар елдігіңе.
Қысастықтың алдымнан желі еседі, Қайғы азабын әлі де ел кешеді.
Махамбеттің басының шабылғаны – Елдікке тән қасиет емес еді.
Жүрегімді жүргенде арман жаулап, Зауал туып, бір белде қалам ба аунап. Өміріңді өксітіп, мазаңды алып, Көрімде де жүлдемді жатам даулап.
*** *** ***
Болашаққа жол тартқанда жұрт ағылып, Құйын мінез тағдырым тұр тарынып.
Алпыс үшке келгенше бір көрмеді Көңілімнің көгінен бұлт арылып.
Жүре бермей тірлікте құр алданып, Дүниенің қабағын тұрам бағып.
Қарқаралы басымнан бұлт кетпеді, Бұлым-бұлым көз алдым тұманданып.
Жұрттың бәрі кетсе де қырын қарап, Жанарымның сіңірген нұрын алап.
Өз жарасын жалаған бөрідейін Жыртығымды келеді жырым жамап.
Тыңда, ағайын! Шамданып сөз қозғайын,
Жатқа қисын қай кісі өз тоғайын. Күндер қанша азапқа салған мені Шырылдатып жанымның бозторғайын.
Күндерге ылғи тап болып тұнжыраған, Ғұмыр бойғы азапқа кім шыдаған.
Өзегімді тырмалап күндіз-түні Өкініштің қаншығы қыңсылаған.
Күнім аз ба қабарып мұңға батқан, Қасқа бұлақ – көз жасым қырдан аққан. Көкірегімді қақ жарып шығар бір күн Жолбарысым кеудемде тулап жатқан.
ҰСТАЗЫМ
Елден Аққошқаровқа
Елінің жоғын іздеген
Ер бар ма шәрбат ішпеген. Өзіңдей жанның шуағы Шашырап кімге түспеген.
Сыр тартып жастық шағыңнан, Жарылып айтсам ағымнан: Кімдер кеп жеміс термеді Жайқалып өскен бағыңнан.
Тереңнен тулап нәр алған Шуақ боп елге таралған, – Көңілі көктем ағасыз Көктемнен ғана жаралған.
Жапырақ жайып тас құмда, Бұрқанып ақтың тасқында. Бауырын сіз ғой жылытқан Бауыры суық тастың да.
Арайлап атқан ақ таңда, Өзенім тасып ақты алда, – Найзағаймен тұтатып, Жүрегімнің отын жаққанда.
Жыртығын жұрттың жамаған Ағамсың тауға балаған, –
Кетігін тауып өмірдің Кірпіш ғып мені қалаған: Ақиқат, ардың көзіне Жасқанбай тура қараған.
БАРАР ҮЙІҢ ЖОҚ БОЛСА...
Күндер қанша басыма қан шабатын, Жөнім бар ма көңілді ән салатын.
Бірге туған анамнан жоқ туысым Барсам егер ауылға қарсы алатын.
Ардан туған ақынның жүрегі – елде, Көкірегі күй тартып түлегенде.
Білсең, айтшы?
Қай үйге мен түсейін Ауылыма ат басын тірегенде.
Жақынымның көбісі жатқа айналып, Күн кешкенім аз емес қақпайланып. Ауылыма барғанда түсетін үй Сорлаймын ба деп қорқам таппай қалып.
Атым барда, басымда бағым барда, Барсам деймін ауылға сағынғанда. Көңілімді жұбатып қайтсам деймін, Тауым тауға соғылып шағылғанда.
Жалғыздықтан қабырғаң сөгілгенде, Кімдер келіп ішпейді сөліңді елде.
Мұздап қоя береді тұла бойым Суық сәуле кей үйден көрінгенде.
Көзді арбаған сұм жалған түлкі ме еді, Қабағымның ішінде мұң жүреді.
Барар үйің жоқ болса, Өз ауылың
Суық тартып тұра ма кім біледі?!
СЕКІЛДІМІН БІР БИДАЙ АРПА ІШІНДЕ
Өр дауысым күркіреп естілгелі, Желпімеді самал боп ешкім мені. Бұл ағайын күншіл боп жаралған ба, Көріп келем қысастық ес білгелі.
Жаралмаса күншіл боп бұл ағайын, Жаудырмай ма төбемнен нұрлы арайын. Бұлтқа қамап ұстауға болады ма,
Бір әулеттің жарқырап туған Айын.
Жуас түйе секілді жүндегелі, Түртпектейді бәрі де күнде мені. Құралайды көзге атып құлататын Сұсты мерген сияқты сұр жебелі.
Солар мені сан сызған тізімнен де, Жеміс теріп жүргенде жүзімді елде. Түңдіктері шетінен желпілдейді, Түңдік бауы үйімнің үзілгенде.
Құдай қолдап, аруақ жебегелі, Өмірімнің өрге жүзген кемелері.
Тал бойымның қасиеті тұрмаса артып, Бұл ағайын күндейді неге мені?!
Кең дүние тұрса егер зар күшінде, Жүрем ылғи өр мінез, нар пішінде. Ей, ағайын!
Түсіне білсең егер
Секілдімін бір бидай арпа ішінде.
ОЛ КЕЗДЕ
Бөрідей күндер жоқ-тын ұлытатын, Жұрт түгел қайғы барын ұмытатын. Мейірім ол кезде елде бар еді ғой, Тоңғанда жүрегіңді жылытатын.
Ол кезде өскен емес жас кектеніп, Тұрмайтын тамағыңа ас кептеліп. Мейірім ол кезде елде бар еді ғой, Жұрт түгел үлгермеген тас беттеніп.
Шалып қап, кісі жоқ-тын құлататын, Жұрт түгел жақсы көріп ұнататын. Мейірім ол кезде елде бар еді ғой, Көңілің жылағанда жұбататын.
Көк шалғын шашың болып өрілетін, Көгіңнен жаңбыр жыр боп төгілетін. Ол кезде мейірім бар-тын
Жұрттың бәрі
Көзіңе жылыұшырап көрінетін.
Сескеніп өсек терген жұрт сөзінен, Бақытын қуады, айтшы, кім өзінен? Жаныңды нұрға бөлеп жіберетін Үзіліп түскен сәуле күн көзінен.
Тіршіліктің арбасы тоқтасын ба, Кім отырсын омалып отбасында. Елде мейірім болғасын
Тұрған еріп
Самарқанның сазарған көк тасы да.
****** ***
Бізге бөтен екен деп ер-тұрманы, Жігерімді бұл қалай жер қылғаны? Ақиқаттың тілінде сөйлейтұғын Жоқ па еліңде азамат өр тұлғалы?!
Көңіл қашан қалғымай серпіледі, Жершілдіктен қай кезде ел түледі. Тал бойында Құлагердің қаны ойнаған Тұлпар неге оқыста мертігеді?!
Жас қайнардың көзіне құм суырып, Қара құйын тірлікті тұр қуырып.
Ер намысын қорғаштап Бір кісінің
Шықпағаны бұл қалай суырылып?!
Қайғы жұтып, жүрегім қабынғанда, Шындық іздеп сарсылғам сағымнан да. Жер болмас ем,
Сөзімді сөйлейтұғын
Ел ішінен бір абыз табылғанда.
Аламанға ат қосқан сайран белде, Қапа болып, қан жұтқан майдангер де. Бәйге алам деп, ағайын, әуре болма, Әділдіктен безініп тайған елде.
САҚТАНБАСАҢ БОЛА МА
Жүрмесе егер ішінен іріткелі, Елін неге тонайды жігіттері. Билік жақтан суық қар борағанда Көктемдердің үсіген үміттері.
Биігінен биліктің ызғар есіп, Халық әлі келеді мұз, қар кешіп.
Тұлғалы елге мүмкін бе айналмауы, Елін егер басқарса тұлғалы өсіп.
Көңілдерге мұз қатып көптен бері, Өзендердің өксуде өткелдері.
Жаны суық болғасын бұл биліктің Еседі деп ойлама көктем лебі.
Күннің нұры көгіңнен төкпегенде, Гүл жамырап өсе ме көк белеңде. Әлдеқайдан кетеді үсік соғып, Арманы елдің жаңадан көктегенде.
Ғұмыр кешіп жүрсек те көргенді елде, Жұлдыз аз ба мезгілсіз сөнген демде. Бірге өртенген жанының жапырағы, Ақыл-ойдың орманы өртенгенде.
Жылығанда биліктің көңілі ептеп, Мүмкін алда құлпырар өмір көктеп. Қой қораны торыған бөрідейін
Бір кесапат жүр елді төңіректеп.
Қатер барын сездіріп бұл күндері, Соғады ылғи азынап қырдың желі. Сақтанбасаң бола ма қайран қазақ Көкжелкеден қапыда тұр бүргелі.
АЛПЫС ҮШ ЖАС
Бағы артқанда бұтағын жайған талдың, Албырт шағым адасып қайда қалдың? Пайғамбарлық құдірет бұйыра ма, Жасына еркін жеткенмен пайғамбардың.
Қарамайтын заманда көңілге ешкім, Ыстық аптап қуырған өңірде өстім. Пайғамбарлың құратын шама қайда, Алыс-жұлыс тірлікпен өмір кештім.
Құралайдың жетілген салқынында, Халқым еді туысым, жақыным да. Шырқыраған кезімді неге ұмытам, Түсі суық тағдырдың тақымында.
Тіршілікті құраған сан-салалы, Дүниенің өзі де жалдамалы.
Ғұмыр бойы келген-ді мені көздеп, Қанжығасын аңшы – өмір қандағалы.
Алпыс үш жыл өмірді кезгенімде, Жамандықтан жүрегім безген мүлде. Сардарайын есімді тез жинадым, Сатқын барын тірлікте сезгенімде.
Арындаған ағысқа көшкенімде, Бәйтерегім жайқалып өскен күнде. Күркіреген күндерім аз емес-ау, Ақ найзағай шатырлап өз көгімде.
Құм суырып тулаған тереңіне, Балта ұрмадым өзгенің терегіне. Отаным мен отбасым аман болса, Одан өзге бақыттың керегі не?!
****** *** Қаратаудың басынан қайғы көремін, Алатаудың басынан Ай көремін.
Жұрт аманда мерт болған арыстары Менің қара жамылған қайда өлеңім?!
Көк бөрісі ұлыса Айға қарап, Қазақ ғұмыр кешеді сай жағалап.
Қуаныштың желі еспей бұл күндері Елдің ішін жүргендей қайғы аралап.
Көңіл бөлмей өмірдің өрнегіне Зауалына тағдырдың көнгені ме. Сәби қазақ өсті ме кім біледі, Қуаныштың бөленбей жөргегіне.
Жоқшылықтың тұрғанда бораны ұлып, Жүдемесін ел неге қоңы арылып.
Сүйегіне сүйеніп қалған жоқ па, Тіршіліктің арбасы доғарылып.
Өрге өрмелеп шыға алмай қайран талап, Тозған жоқ па кемедей қайраңда қап.
Болашаққа бұл қазақ бармаса екен Қаратаудан тым ауыр қайғы арқалап.
Тыйым сала білетін тентегіне, Арлы заман бұл күнде ертегі ме. Қандай қиын кезде де ата қазақ Үміттеніп қараған ертеңіне.
*********
Мына қарау қоғамды сілкіп өтіп, Көңіл құсын ұшырсын кім түлетіп.
Жершілдерді қорғайсың қызғыштайын Бозторғайы жаныңның шыр-шыр етіп.
Шындық болып о баста жаратылған Таланттыны қиған көп қанатынан. Қара қылды қасқайып қақ жаратын Сөйлегеннің бәрі де ар атынан.
Аналары албырап арыс туған Намысты елдің ерлері намыс қуған. Туғандардың бәрі де жасық болып, Жатқа барып жалданып қамыс буған.
Сатқындықтың тұр соғып желі сайдан, Содан, бәлкім, қазақтың жері – майдан. Азаматы егерде кісі өлтірсе, Зауалынан құтылсын елі қайдан.
Жамандығын үйренген ерге сілтеп, Кісілерді көтерме жерлесім деп.
Азаматтың бәрі де ардан туған Жанталасқан елге ұят келмесін деп.
Қалай сені ту етем ерге балап, Қан базарың үлгерген ерте тарап.
Өздеріңнен көріңдер жолдан тайған Дүйім елің қалса егер жерге қарап.
БІР ДОСҚА
Бас болатын заман ба құл жиылып, Жұрттың көбі үлгерген тым сұйылып. Сен кеткелі достықтан күннің нұры Көкірегіме ағындап тұр құйылып.
Көкке биік жайқалып қарағайым, Ғұмыр кешем әлі де қарапайым. Көңілімде бір жаңбыр жауып өтіп, Қалғандай бір тазарып жансарайым.
Дос табылмай қалмайды сенен кейін, Сырқаттансаң жырыммен мен емдейін. Құлатам деп ойлама көзден атып, Құралайды көзге атқан мергендейін.
Өмір күліп тұрса да бетін беріп, Жетілгенді көргем жоқ жетімге еріп. Ел ішінде жүрген ек күні кеше Жауға шабар қос батыр секілденіп.
Қара орманның шайқалмай желге Емені, Шипа болған жан бар ма елге демі.
Елі қорғай алмаса Махамбетті, Қорғай алмай сарсылдың сен де мені.
Жетеді елге жамандық кімге ілесіп, Ақиқат пен Жамандық тұр тіресіп.
Ойда жоқта жалт беріп, тайқып шықтың Ұстасуға жарамай сілкілесіп.
Қылығыңды кім білген бұрын мұндай, Шәйнектейін тез қайнап суындың ба-ай! Жауға сілтер кезіңде
Қынабыңнан
Неге қалды қылышың суырылмай?!
*********
Қайда тартып барасың байқа, жалған, Менің жарқын күндерім қайда қалған? Таулы өлкенің тұманы секілденіп, Көкірегімді бір үрей жайлап алған.
Үрейлі ойдың азынап күнде желі, Емен-жарқын көп болды күлмегелі. Түсінбеймін бүгінгі бұл өмірді, Төңіректеп бір қатер жүрме мені.
Кілең шие бөрілер түнде өргелі, Жұрт аманда оғынан кім өлмеді.
Мені көздеп сыртымнан жүрген шығар Мына арсыз тірліктің сұрмергені.
Тышқандарға жем болған ер-тұрманы, Үрейленіп үлгерген елдің бәрі.
Жоқтығынан емес пе қасиеттің Ел ішінде қатерлі жел тұрғаны.
Өмір сүрем десеңіз сен егерде, Көзі күлген жандарға сене берме.
Қарақшының болмауы мүмкін емес Мұхиттарға жол тартқан кемелерде.
Кімді қалай жайғарын өзі білген Жауыздың да жымыңдап көзі күлген. Бұл күндері ит жоқ деп кім айтады, Туған елдің көрікті көшіне үрген.
Қанша өзімді жүрсем де сүлей көріп, Бас салардай қапыда дүлей келіп.
Түнде қорқып ұйықтап төсегіме, Түрегелем азанда үрейленіп.
****** ***
Қазақ неге жылайды өз жерінде? Қазақ неге жылайды өз елінде? Жылап ағып жатқандай сезіледі, Сардаланы қақ жарған өзені де.
Үй тұрғызған қазақты “Шаңырақтан”, Билік бишік үйіріп аңыратқан.
Бұзылмаған қаймағы ауыл еді, Қозы-лағын кешкісін жамыратқан.
Мұнар тұнған көзіне мұңданғанда, Боран болып соғатын бұрқанғанда. Қазақ жерге зар болып үй салатын Жылайтынын кім білген бұл жалғанда.
Бастан бағы қазақтың жиі көшіп, Тұрған жоқ па ызғырық үйіне есіп. Өз елінде кім білген сорлайтынын Өгей жетім баланың күйін кешіп.
Шырылдатып, жылатып жас баласын, Қанмен тағы жумақ па тас қаласын.
Үйлерінен бәрін де айдап шығып, Бұздырғаны бұл қалай баспанасын?!
Аспан ашық кезде де күн бұлттанып, Жылағаны аз ба еді жұрттың налып. Бұздырмаған жігіттер үйін қорғап, Кете барған түрмеге тұтқындалып.
Ақша бұлты аунаған асқарында, Намыс жоқ па тулаған жас қанында. Төбесінде найзағай неге ойнайды Жалғыз шөкім бұлт жоқта аспанында?!
Азамат жоқ қорғайтын ер тұлғалы, Жайылады қайда енді елдің малы. Қазақ ұйықтап жатқанда
Түн ішінде
Кетсе керек сатылып жердің бәрі.
Өкіметі өзінің жатқа айналып,
Күн кешкені жалған ба қақпайланып. Қазақ әлі сорлайды болашақта Көметін жер өлгенде таппай қалып.
*** ****** Өлгендердің көзіне құм саулаған, Тірілерді бұл қоғам құрсаулаған. Торы шолақ байталын таршылықтың Тас емшегін созғылап кім саумаған.
Адырнасын өгіздей мөңіретіп, Жатыр әлі өксумен өмір өтіп. Мұражайға, шіркін-ай, сақтар ма еді, Ауылдардың көз жасын мөлдіретіп.
Дүниенің барса да қай тұсына, Қолы жетпей жіліктің майлысына.
Жел шайқаған қайыңдай қалт-құлт етіп, Ауылдар тұр сүйеніп қайғысына.
Көшесінде қиыршық құм суырып, Тарыдайын қыр елін тұр қуырып. Ауылдарды қажетсіз бұйым санап, Үкімет те үлгерген тым суынып.
Бұзық заман құтырып жын атқалы, Адасып жүр жұрт түгел жырақта әлі. Саясаттың шоқпары тұр ма соғып, Бәйтерегін ауылдың құлатқалы.
Тіршіліктің көз жазбай сағымынан, Бақыт тапқан даланың сан қырынан. Бар қазақтың тамыры ауылда еді, Үзілмесе игі еді тамырынан.
САРДАР АҒА
Қарақшылар қашанда түнде өреді, Жауар бұлттай қабағым түнереді. Бейбіт күнде жүрсе адам адамды аулап, Қазақ қалай еліңде күн көреді?!
Шеккен еді кезінде азап талай, Күн көреді еліңде қазақ қалай?! Бес қаруын қолына түгел беріп, Сарбазыңды бола ма жасақтамай.
Көңілге үрей тудырып жел тұрғалы, Ауызыңа тұр қарап елдің бәрі.
Сізге жақын кісі ме... кім біледі, Жігіттерді өлтірткен ер тұлғалы.
Шындықты айтып жөн шығар арылғаның, Жетер енді ой кешіп сарылғаның.
Ақиқаттың тілінде сөйлемесең, Жаратқанның жолынан жаңылғаның.
Сізден биік жалғанда жоқ асқары, Қазақ сорлы не көрді көз ашқалы. Қарақшы атқан оқтардан ерлері өліп, Қара орамал жамылған көк аспаны.
Азамат ер айдынға кеме салған, Тіршілікте сөйлесін неге жалған. Өз қолыңды кессең де, сардар аға, Кісі өлімін тыярсың белең алған.
Қақпан қапқан сирағын қиып тастап, Көкжал бөрі жортақтап кете барған.
ТҮРМЕДЕ ТУҒАН БАЛАНЫҢ МҰҢЫ
Кім мені сонша қорлаған, Жырым көп жүрек толғаған. Түрмеде туған баланың Көңілі көктем болмаған.
Қасиеті сіңбей даланың, Түрмеде туған баламын.
Ағарып таңым ата ма, Ақ сүтін ембей ананың.
Тас жүрек болып өспей ме, Тас емшегін сорған қаланың.
Түрмеде туған баламын, Болашаққа қалай барамын. Дүниенің түскен тәніне Сыздап бір тұрған жарамын.
Қарайлап өскен қалаға, Қызықсын қалай далаға. Өмір – өксік екен ғой, Түрмеде туған балаға.
Күн кештім ылғи ашынып, Өлем бе, қайтем, асылып. “Түрмеде туған” деген сөз Жазылған тасқа басылып.
Жабырқап жалғыз жүргенде, Теперіш көрдім кімнен де.
Намыстан өлгем денеме Түрменің иісі сіңгенде.
Бүк түсіп қалсаң іргеде, Талайды сені бүрге де. Түрмеде туып, жазған-ай, Өлгендер қанша түрмеде.
Азабым бар ма шекпеген, Тағдырға кейде кектенем. Түрмеде тудым...
Түрмеде
Өлмесем екен деп келем.
*********
Ақ самалы қырынан көңілді ескен, Қазақ небір сұмдықты көріп өскен. Бүлік іздеп өзге жұрт тиіссе де, Сабыр сақтап саналы өмір кешкен.
Жайшылықта суырып ақ алмасын, Қазақ неге жау іздеп жалаңдасын. Әдеп сақтап күн кешкен шығар, бәлкім, Қай жұрттан да биік боп жаралғасын.
Дүниені кісі аз ба бүлдіретін, Күндер қайда көзінде күн күлетін. Соқтықпаған қазаққа сойқан бар ма, Сұм заманда қанден ит пілге үретін. Бодандықтың босаған түрмесінен, Ата қазақ жаралған күн көзінен.
О заманда бұ заман көріп пе еді, Іргелі елдің жау кетіп іргесінен.
Қателігін қай қоғам түзетеді, Әлі талай табаннан сыз өтеді.
Менің сардар жүрегім бір қалғымай Тыныштығын елімнің күзетеді.
ЕЛ БОЛЫП ҚОЛДА ҰЛЫҢДЫ
“Ұлым!” дейтін халық болмаса, “Халқым!” дейтін ұл қайдан болсын.
А.Байтұрсынов.
Айы көктен туғанда қияқтанып,
Бақ іздеген жұрт қанша жиі аттанып. Жалмамбеттің күн кешкен үш баласы, Бір ошақтың үш бұты сияқтанып.
Туған елде жақсылық желі тартып, Азаматын көтерген сенім артып.
Қара ошақтың үш бұты мықты болса, Төңкермеген қазанын жел құлатып.
Ғұмыр кешкен үш бала білікті елде, Ірі күшке айналған біріккенде.
Ей, ағайын, шынында не түседі, Жұртты аздырып ішінен іріткенде.
Нұрын құйып тұрғанда жаңбырлы аспан, Ел басқарсын ер жігіт ақылы асқан.
Найзағайдан жүрегі зарядталып, Бағаналы жұртының бағын ашқан.
Атқа мінсе Таластың бел баласы, Қуанбай ма алаштың кең даласы. Батырбекке, ағайын, дауыс бергін, Дауыс бергін тұғырлы ел ағасы.
Биігіне ұшырып түлеткелі, Сөзін сөйлеп келеді жүректі елі. Көңілінде күн күлген бұл азамат Туған елдің көгілдір бір көктемі.
Тасқындаған қуаты екпінге еніп, Жүрген марғау өмірге серпін беріп, Батырбектің кезі жоқ солқылдаған Сазға біткен сары ағаш секілденіп.
Қилы-қилы өткелден өткен талай, Қара күзге айналсын көктем қалай. Батырбек кеп ауданды басқарғанда, Көрікті көш жол тартқан көкке қарай.
Байтақ дала өңірі шуақтанып, Туған елдің үміті тұр ақталып. Қаратаудың жүрегі қайта соққан Батырбектен қан тарап қуаттанып.
Жаралғасын сомдалып тұғыры Айдан, Өмір деген бітпейтін ұлы майдан.
Халық болып: “Ұлым!” деп қолдамасаң, Атқа қонсын: “Халқым!” деп ұлың қайдан.
ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ
Ақын Нұрлан Оразалинге
Тамырыңда бұлқынып жыр аққалы, Жүрген қанша туыңды құлатқалы. Бабалардың өр рухын бойға жиған Бірақ сенің жүрегің қуатты әлі.
Жылғаларды көргенде жылап аққан, Кезің сенің аз емес мұңға батқан.
Жетісудың жеті өзені шығар, бәлкім, Буырқанып кеудеңде тулап жатқан.
Күмбірлетіп күй шертіп күрең күнде, Бақ қумаған жан бар ма жыр елінде. Тулап сенің тереңің жатар ма еді, Бір тереңдік болмаса жүрегіңде.
Таулар асқақ тұрмай ма шыңы барда, Нұрлы жандар туады нұрлы таңда.
Көк бөріге айналып сен кетесің, Көк бөрі жыр кеудеңде ұлығанда.
Тасқындаған бойыңда өлең селі, Ақын барда таулар да өр еңселі. Көк аспанға қарасам Жарқыраған
Жұлдыздардың ішінен көрем сені.
Болашақты бетке алып, төте жүрген Ақындардың көзінде от өрілген.
Жарық жұлдыз шығарсың кім біледі, Хантәңірдің басынан көтерілген.
СҰЛУЛЫҚҚА НЕГЕ АДАМ ОҚ АТАДЫ?
Тербетіліп жайқалған дүр қарағай, Киік кетіп барады қырға қарай.
Сұлулығы болатын боз даланың Жанарына жарқылдап тұнған арай.
Қабағынан қар жауып қыс түнерген, Сұм ажал да жағынып күштіге ерген. Қарағайдың түбінде жатқан еді, Киікті аңдып мылтықты сұсты мерген.
Шара қайсы сұмдыққа төзбегенде, Көңілімнен суынып көшті өлең де. Қыбы қанып тұратын секілді бір Сұлулықты адамдар көздегенде.
Сусылдаған жыландар оратылып, Қара дауыл ішімде борады ұлып. Киік кенет ышқынып құлап түсті Қарағайдың түбінен оқ атылып.
Самал есіп таңдардың қанатынан, Сұлулықтан киік бұл жаратылған. Адам атқан сұм оқтан мерт болғанда Қара жердің қан атқан қабатынан.
...Көк ала бұлт көгімде сызданама, Ерте түскен секілді күз далама.
Сұлулыққа неге адам оқ атады, Іші күйіп, өртеніп қызғана ма?!
*** *** ***
Көрген емес бұлттанып ел аспаны, Пайғамбардың жасынан мен асқалы. Алатаулар төріме жайғасуда, Көңілімнің есігін кең ашқалы.
Қар боратып, уақыт қағынғанда, Неден қорқып, сескенем бағым барда.
Жігіт кезім шығады ат ойнатып, Қанжарымды беліме тағынғанда.
Адырнасын өгіздей мөңіретіп, Өмірімнің үлгерген көбі кетіп. Көз жасымды үзіліп тасқа тұнған Күндер аз ба сімірген мөлдіретіп.
Жылдарымның көбісін ұрлатқалы, Есігімді тұр дейсің кім жапқалы.
Анам мені албырап туған еді, Тереңімді тулатып жырлатқалы.
Жүрегімде жоқ еді сөнген арай, Тау басынан түсемін төмен қалай. Айдарымнан желпініп жел есетін Атым шауып тұрғанда өрге қарай.
Нұры сөнбей тұрсын деп күн киенің, Тіршіліктің отына мың күйемін.
Ойшыл болып барам ба кім біледі, Тұтастығын көп ойлап дүниенің.
*** *** *** Даланың барда құланы, Таулардың барда қыраны, – Көк бөрі болмай тұра ма, Көк бөрі елдің ұланы.
Бойында тулап ағысы, Жайқалып өсіп тарысы, – Жолбарыс болмай тұра ма, Жолбарыс елдің арысы.
Көзіңнің жасын бұлама, Сүрініп кетіп құлама.
Арыстан елдің ұлдары Арыстан болмай тұра ма.
Бағынған жұртпыз әйелге, Жатамыз сонда қай елге?!
ҚЫЗҒАНЫШ
Көктемдердің көзіне қырау қатып, Ауырмаған күн бар ма тұмаулатып. Өмір деген ақ боз ат бір күндері Жығып мені кете ме қырға аунатып.
Күн көзіне жарқылдап сауыт денем,
Бір жұлдызды бетке алып шауып келем. Қызғаныштың көздері қызарғанда Қатер төніп тұрғандай қауіптенем.
Көктем есіп тұрғанда қанатымнан, Мені көздеп сұм оқтар сан атылған. Орман болып орыстар жайқалғанда, Қызғаныштан бұл қазақ жаратылған.
Ауыртпалық көп әлі елге батқан, Күндер қайда күркіреп жебе тартқан. Қазақ көрсем көшеде,
Ой, жазған-ай,
Қызғаныш па деп тұрам келе жатқан.
АДАМДАР
Заман бетін өзгертіп, суытқалы Дүниенің аз емес булыққаны.
Жүректері үлгерген тасқа айналып, Бұл адамдар мейірімді ұмытқалы.
Олар жүріп өткенде шаң боратып, Сықырлайды үйлердің уықтары.
Тұрмаса егер жүзінен арай қашып, Күн кешпей ме жұртына қарайласып. Адамдардың өкірген өзендері
Бау-бағымды жапырған талай тасып.
Бір-біріне сызданып, шіренгенде Күреңітіп тұрамын күрең белде. Күздің қара суығы еседі алдан Қара бұлтқа айналып түнергенде.
Қабағына ызғарлы қырау қатып, Бір күндері кете ме құмға аунатып. Қатыгездік ел ішін жайлағасын Адамдарды адамға тұр аулатып.
Жазық дала болса егер атырабы, Мертігеді неге елдің арғымағы?! Адамдарда мейірім болса егерде, Қалтырай ма жанымның жапырағы.
Кейде солай көңілім дүрлігеді, Үмітімді кім менің үкіледі.
Адамдардан жақсылық күтпейтіні Жұрттың, сірә, сонан ба кім біледі?!
АҚСАҚАЛЫ ЖОҚ ЕЛДЕ
Қарсы алдыңнан есетін ақ самалы, Жөн білетін қайда елдің ақсақалы?! Сасық ауыз шалдардан көз ашпадық, Туған елдің арманы ақсағалы.
Шуақ болып есетін жиі еліне, Бақыт көнбей тұра ма киеліге. Шалдың бәрі ақсақал емес шығар Сақал қойған шошайтып иегіне.
Бағы жанып сертінен тайғандардың, Белі кеткен заман бұл қайран нардың. Шалдар қанша намазға жығылмаған Кетсе де асып жасынан пайғамбардың.
Үйлер құтты саналып көсе қонған, Өсек сөзге бұл күнде көше толған. От көсеген шалдарды көп көрсем де, Шалды бірақ көрмедім көсем болған.
Алға түзу тартқанда өмір көшін, Тіршіліктің көбесі сөгілмесін.
Елді жүзге бөлетін шалдар барда, Елім неге үш жүзге бөлінбесін...
Тағдыр кімнің алдына тор құрмаған, Қарттар қайда тонға орап тоңдырмаған.
Ақсақалы жоқ елдің кеудесінде Дариясы ақылдың толқымаған.
*** ****** Күреңіткен өмірден түңілгенде, Көтеретін жан бар ма жүгімді елде. Жүрегіме түсетін сәулең сенің Өлең іздеп көзіңе үңілгенде.
Жөнге салған тентегін, телпегін де, Арман қуған жас қанша текті елімде. Көктем болып алдымнан сен кезіктің, Өлең іздеп өмірге келгенімде.
Мұқалатын мен емес жүзі кетіп, Тасқындардан келемін жүзіп өтіп. Келсең егер жыр болып, Саусағыңа
Кигіземін жұлдызды жүзік етіп. Сырғып өте шықса де өмір демде, Ғұмыр кешіп келеміз көңілді елде. Үйлендім бе мен саған,
Кім біледі
Өлең болып көзіме көрінгенде...
Қарт емеспін сүйенген күрегіне, Неге ендеше жетпейін тілегіме. Ағаштардан жасалған қағазға емес, Өлең жазып келемін жүрегіңе.
****** ***
Мені өзгемен, шырағым, салыстырма, Ауылынан шындықтың алыс тұрма. Кеудесінде нан піскен жастың бәрі Бастырмайтын кеудесін намысты ұл ма?
Үміт арта қараған үмітті елге, Жайсаң жандар шығады күліп төрге. Жастың бәрі аузымен орақ орған Орақ ауыз, от тілді жігіттер ме?
Намысыма ендеше тие берме, Ұқсамайтын жансың деп киелі ерге. Ағыл-тегіл жыр болып төгілем бе, Көңілімнің жоқ болса күйі егерде.
Көктем сайын көңілім мың түледі, Қайдан менің ағысым іркіледі.
Көкірегі дария абыздардың Мүмкін бірі шығармын кім біледі.
ШАРШАСАҢ ДА
Тіршіліктен өтсең де көктем көрмей, Тағдырыңа бола ма өктем келмей.
Қайық болып өткізген сен емес пе, Өзендерім тұрғанда өткел бермей.
Рухы биік көрінген тұлға алдында, Туысым да жоқ еді, туғаным да.
Сен емес пе өткізген мені арқалап, Асулардан аса алмай тұрғанымда.
Шуақ шашып тұрса да күн көгінде, Неге азапты күн кештім нұрлы елімде? Сен емес пе туымды желбіреткен Көріне алмай биіктен жүргенімде.
Көлеңкемді түсірмей терегіне, Бақыт тілеп жүргенде мен еліме, – Сен емес пе құтқарған,
Кемем қирап,
Батып бара жатқанда тереңіне.
Бұғанасы қатайып жетілгенде, Кімдер шетке тебеді жетімді елде. Қайрақ болып қайраған сен емес пе, Жүзім менің мұқалып кетілгенде.
Жанарымның ішінде сөнген арай, Сен жоқ жерде шығамын төрге қалай. Менің сынық арбамды,
Шаршасаң да
Сүйреп келе жатырсың өрге қарай.
ЕЛ ҚОРҒАЙТЫН ЕР ЖІГІТ
Мына қарау қоғамда құрамалы, Ақиқаттың тартылып тұр Аралы. Азаттықтың арайлы таңы атса да, Дүниенің көзінде мұң бар әлі.
Тереңімді біреулер қозғағанда,
Дауыл болып бұрқаймын боз даламда. Бозінген ел неліктен жұбатпайды, Менің бота көңілім боздағанда.
Құлындары кісінеп желісінде,
Кім жүреді найқалып ер пішінде, – Жалдамалы оқтардан жатқанда өліп, Ел қорғайтын ер жігіт ел ішінде.
Жақсылығы көрмеген елге тарап, Кімді арқа тұтасың ерге балап.
Жау басынбай қайтеді, Сөйлесе егер
Ел қорғайтын ер жігіт жерге қарап.
Күнім менің өрмелеп жар басына, Қалай салам тағдырды жамбасыма, – Ел қорғайтын ер жігіт жүрсе егерде, Күнкөрістің жегіліп арбасына.
Көздеріне көк мұнар мұң байланып, Мұндай шақта отырсын кім жайланып. Елімді кім қорғайды,
Жүрсе егерде,
Ел қорғайтын ер жігіт құлға айналып.
*********
Сезіп келем мені елім түлеткелі, Мына қауырт заманның күні өтпелі. Көңілімнің көпірі бұзылса да, Өмірімнің ашылып тұр өткелі.
Көз алдымнан жөңкіліп сағым қашқан, Күндер қайда күркіреп бағымды ашқан. Бір ақ дауыл кеудемнен көтеріліп, Найзағайдан жай тартып жалын шашқан.
Тамырымда бұлқынып жатқан ағын, Неге елесін түксиген жат қабағын.
Жүрегімді түсінгің келсе егерде, Ашып оқы жанымның ақ парағын.
Тал бойыма шымырлап нұр сіңгенде, Күмбірлейді күй тартып тылсым кеуде. Жетем ылғи кеудеме күн қондырып, Туған елім қайғы ойлап күрсінгенде.
Асқар таулар алыстан мұнартқалы, Жүрген қанша туымды құлатқалы. Бозінген ел боздаса алда-жалда Мүмкін туған шығармын жұбатқалы.
*********
Туған жердің өр кеуде өңірінде, Зауал бар ма көрмеген өмірімде. Көзі күліп тұратын кісілердің Көктем күліп тұра ма көңілінде. Дүниенің тұрғанда сәні кірмей,
Адамдардың томсарған жаны күлмей. Ұлтқа тұтқа болатын азамат па,
Ат үстінде жүргеннің бәрі бірдей.
Зұлымдықтың көзіне сан атылған, Ақиқаттан жан бар ма жаратылған. Бәрі бірдей ақ жүрек азамат па, Сөйлегеннің бәрі де Ар атынан.
Елдің неге тірлікте бағы төмен,
Тізгін ұстар жоқ па әлі жалынды өрен.
- Халқым! – деп сөйлегеннің бәрі бірдей, Азамат па халықтың қамын жеген.
Қыран көп те ұша алмай жерге қонған, Көкірегі елдің де шерге толған.
Сапқа тұрған сарбаздың бәрі бірдей Көзсіз батыр ерлер ме елге қорған.
Ажал оғын төбеден жаудырғалы, Көз алартып қарайды жаудың бәрі. Елім азып бара ма кім біледі, Азаматтар азайып тау тұлғалы.
КІСІНІ ЕЛ ДЕ СЫЙЛАЙДЫ
Көшеде басым қалғанда, Жұлдызым жанбас жалғанда. Тосырқап ауыл қарсы алған Ауылға жалғыз барғанда.
Көңілім содан суынған, Кеудемде құйын суырған. Адамы деп те көшенің Ауылым, сірә, ұғынған...
Арада жылдар өткенде, Арманым көктеп көктемде, – Жайқалып қара орманым Жапырақ жайған көк белде.
Көк кемем толқын жарғанда, Қалайын қалай арманда.
Ел болып мені қарсы алған Кісі ертіп елге барғанда.
Ақ қырау түсіп шашыма, Бақ қонған шығар басыма. Кісіні ел де сыйлаған
Кісі ертіп жүрген қасына.
МҰҚАҒАЛИ ХАҚЫНДА
Найзағайға айналып бұлт ішінде, Өжет ақын әлі де тұр күшінде.
Қайран Мұқаң өлген соң жетіп еді, Жете алмаған бақытқа тірісінде.
Жазылатын тұлға еді сөз басына, Тіршіліктен қойды ма озбасына. Дос едік деп бұл күнде күпінеді,
Нанын малып жегендер көз жасына.
Жүрегіне өлшейтін жара салып,
Той тойлаған жан қанша қара шалып. Тау тұлғалы Мұқаңның алдында ылғи Қадырларың тұратын аласарып.
Қара бура намысын шыңға жанып, Жүруші еді көзінде мұң қамалып. Бәрі мыштай болатын ақындардың Қарсы алдында тұрғанда тұлғаланып.
Ат суарып бұлқынған бұлағына, Қыздырынған жан қанша құмағына.
Кер құланның құдыққа құлап өлген Бақа шығып ойнайтын құлағына.
Қолтықтары сөгіліп, жел біткенде, Алқымы ісіп, арғымақ ентіккен бе. Қуанғандар жоқ емес,
Жыр бәйгеде
Көңілінің күреңі мертіккенде.
Жаратылған жан еді ер пішінде, Кісінеген құлыны желісінде.
Оның тірі жүргенін көп көретін Кісілер де көп болған ел ішінде.
Өзгергендер қоғамның кейпін көріп, Озған жоқ па өмірге кейін келіп.
Таланттының қорғансыз болатыны – Өмір сүре білмейді бейімделіп.
Көлеңкесін түсірмей өлкесіне, Ақын бар ма ту тіккен өр төсіне. Таланттының тағдыры қиын болып, Сұлулардың сор болған көркі өзіне.
Жаулығы көп бұл неткен өмір еді, Неге нақақ көз жасым төгіледі.
Оның, сірә, туғаны талантты боп, Өз түбіне жеткендей көрінеді.
ҚАБІРІМНЕН ТҰРСА ЕСІП ӨМІР ЛЕБІ
Көңілімнен көктем боп жыр ескенде, Өрт жүрегім бақ қуып күресті елде. Өлді деуге болатын шығар мені, Жарық күннің көзімнен нұры өшкенде.
Жұлдыз жанып тұрғанда көгімдегі, Неге жырым тумасын көңілдегі.
Өлді деуге бола ма, сірә, мені Қабірімнен тұрса есіп өмір лебі...
ПІКІР ЖАЗҒЫҢ КЕЛМЕДІ КІТАБЫМА
Айдынымда жүзгенде есіл кеме, Бұрқанбасын шымырлап сезім неге. Димаш жайлы жазылған кітабымды Мақтағаның, жан аға, есіңде ме?
Төбең сенің алыстан көрінгенде, Ту көтергем қуанып көңілді елде. Шырқырадың қашқақтап
Сол кітапқа
Пікір жазып берші деп өтінгенде.
Димаш барда кеудеңді жел кернеген, Жақсылығың жоқ еді сен көрмеген. Қылыштайын көзіме елестейсің Тумысында жарқылдап сермелмеген.
Үлкен-үлкен ақырдан жем жегелі, Қаратқаның бұл қалай жерге мені. Димекеңнен қашқаның емес пе, аға, Кітапқа пікір жазғың келмегені.
Солқылдасаң сары ағаш сияқтанып, Айың қалай туады қияқтанып.
Пікір жазғың келмеді кітабыма, Көңіліңнен көрікті күй ақтарып.
Абажадай кең аулаң баққа айналып, Қазығыңда тұратын ат байланып.
Пікір жазғың келмеді кітабыма, Жүрем бе деп бір дөйге жақпай қалып.
Сатқындықтан жан қанша бақ табатын, Уақыттың бетінде дақ қалатын.
Пікір жазып кітапқа, Кезің еді
Димекеңнің алдында ақталатын.
Кісі болсаң жөн-жоба, жолға сенер, Қайғырмайтын жан бар ма сорласа өнер. Димекеңді жалғанда сатпас едің,
Бір стақындық бойыңда болмаса егер.
БҰРЫНҒЫ ЕРЛЕР ЖӘНЕ БҮГІНГІЛЕР
Суық түсіп, көңілдің жазы азайды, Жүрегімді көп нәрсе мазалайды.
Таршылықта күн кешкен тағдырлы елге Билік неге жақсылық жасамайды?!
Ойда жоқта тұнығын шайқап алып, Жоғалды екен ар-ұят қайда қалып. Ұлтқа тұтқа болатын азаматтар
Ел азған соң кетті ме майдаланып.
Жырмен емдеп дертіңді жаза алатын, Бұрынғы елдің сағындым азаматын.
Сол бір күндер қайыра туады ма, Өмірімнің өзені таза ағатын.
Бұрынғы ерлер түс қашып, түн қататын, Буырқанып ішіңде мұң жататын.
Көшін бастап ілгері жөнелгенде Қатер егер кезіксе құмға ататын. Ар-намысты тірілтіп өліп қалған, Туған елдің тереңін тулататын.
Нарттай жанған жүздері секілденіп, Нарттай жанып жиекке күн бататын.
Күн туса егер жылғада қайғы ағатын, Бәрі түгел намысқа қайралатын.
Рухы күшті болатын сол ерлердің, Сөйлегенде ақ шыңға айналатын.
Өлтірсе егер қайыра тірілетін, Ойлы көзбен өткенге үңілетін.
Қандай қилы кезде де ел қамын жеп, Күн қондырып кеудеңе жүгіретін.
Қанден иттер жабылып пілге үргелі, Дүние түгел өзгерген бұл күндері.
Атқа, сірә, міне ме бүгінгілер Ала тайдай ел ішін бүлдіргелі.
Самарқанның жаралған көк тасынан, Басшы бақыт іздей ме көп қасынан. Өз отбасын күйттемей не істейді, Көрмесе егер арғыны отбасынан.
Көңілімнен сұңқар жыр түлеткелі, Өткел беріп өмірдің тұр өткелі.
Өз отбасын күйттеген сыпалардың Қалай соқсын “Отан!” деп жүректері.
БІЗ – АЛЫППЫЗ
Біз – алыппыз, Өзімізді өзіміз
Жаңа ғана таныппыз. Сөнер кезде – сөнбей қап, Жанбас кезде – жаныппыз. Махамбеттің Басы еді – Жұмыр басы қазақтың,
Шабылғанда бассыз қалған халықпыз.
Елім бұрын Басқа ғана табынған, Кейін басы жұлынып,
Ақыл-ойдан жаңылған. Басы бар болса қазақтың
Хан Кененің Басы неге шабылған?! Содан бері өткен талай заманда Мыңдап Бастар қағылған.
Денесінен бөлініп, Қара жерге көмілген
Бастар қанша табылған...
Біз – алыппыз, Түзде –
Сыпырылған жыланнан Қаудыраған қабықпыз. Жау кезіксе атынан
Түсіре алмаймыз анық – біз. Үйде –
Лапылдатып жантақ жаққандай Бір-бір алау жарықпыз.
Димаш – даңғыл жолы еді ғой қазақтың. Жолы еді ғой Шындықтың
Ол өлгенде жолсыз қалған халықпыз.
Бір қырқадан үлгергенде жаңа асып, Нарық, қазақ кете алмады жарасып. Димаш жолы –
қиратылып қастықпен, Жол таба алмай жүрміз әлі адасып... Біз – алыппыз,
Ойрандардан талай аман қалыппыз, Аман қалып,
Талай сайран салыппыз. Асқаровтың кім екенін Мәскеудің Түрмесінде таныппыз.
Қолдап тығып тамұққа Жарқылдатып қылыштай Қайта суырып алыппыз. Ерте туып анадан
Кеш ойлайтын халықпыз.
...Біз – алыппыз.
ТҮРМЕСІНЕ КӘПІРДІҢ НҮКТЕ ҚОЙҒАН
Жалтақтамай күн кешкен ер пішінде, Өзің едің жемісім, жеңісім де.
Тозағынан Мәскеудің аман келіп, Сүріндің-ау Құдайдың тегісінде. Димаш кеткен ізбенен сен де кеттің, Жалғызсырап жүре алмай ел ішінде.
Тозған тобыр сен жайлы не біледі? Жоқтағанда жас төгіп егіледі.
Сенің ыстық айналып құшағыңа, Көк аспанда құс жолы керіледі.
Төрт жарым жыл Мәскеумен
жеке алысқан Ар-намысың әлі де тебінеді.
Қан жоса ғып талатқан бүргесіне, Азап қанша түсетін күнде есіңе. Соңғы қазақ сен едің,
Динозавр –
Тас қоғамның қамалған түрмесіне.
Арылмаған аспаны қалың бұлттан, Уақыт бар ма жұртымның зарын ұққан. Өзің едің алғашқы азамат ер Абақтысын Мәскеудің жарып шыққан.
Қайнар бұлақ секілді шымырлаған, Тыныштығын елімнің кім ұрлаған? Түрмелердің есігі ашылса егер, Қазақ қайда қашса да құтылмаған.
Асан аға, алғашқы нар қазақсың Аждаһаға жем болып жұтылмаған.
Тарғыл мысық секілді сүтке тойған, Мәскеу қайдан шығады күткен ойдан. Асан аға, сені елің ұмытпайды, Түрмесіне кәпірдің нүкте қойған.
АСАНБАЙ АСҚАРОВТЫҢ РУХЫНА
Арман қуған, бақ қуған келбетті елде, Ат үстінен көріндің ержеткенде.
Алатаудай азамат болсын деген Бесігіңді Қыдыр кеп тербеткенде.
Аққу арман қаққанда ақ қанатын, Жұрттың бәрі өзіңнен бақ табатын. Алты алаштың абызы ең Сөйлегенде
Кеудесінен дария ақтаратын.
Зауал туса жылғада қайғы ағатын, Сен емес пе семсер боп қайралатын. Көзің тірі кезінде қайран аға, Көңілімнің орманы жайқалатын.
Сардар ері сен едің сахараның, Күйін кештің жаралы шағаланың. Тас түрменің ішіне тыққан жоқ па, Аңшылары сізді аулап замананың.
Көкірегіңнен ызалы жыр атылып, Тас еденде жатсаң да бұратылып, – Диірмені заманның тартылғанда Құм кесектей кетпедің уатылып.
Құрбандыққа үйренген қара шалып, Азаматтың сойы едің даласы алып. Алатауы бар жандар кеудесінде Көрген емес ешқашан аласарып.
Самал есіп төріңнен, өріңнен де, Ғұмыр кештің бақ қуып көңілді елде. Сенсің бе, аға, деп қалам
Бір ақ сәуле
Алатаудың басынан көрінгенде.
Жанарыңа ақ мұнар мұң байланып, Бір төбені жастандың тулай барып. Өлді деуге бола ма аға, сізді,
Мүмкін кеткен шығарсың нұрға айналып.
ӨЖЕТ АНА
Фатима жеңгей Ғалиқызына
Көңіліңде бір алау өріледі, Асан аға өрісті өрің еді.
Жаны нәзік болғанмен жайшылықта Қыз ерлігі қырғында көрінеді.
Қарау қоғам соқтығып ұрынғанда, Ару ана өмірден суынған ба.
Желтоқсанда сермелдің семсердейін Бөрік киген еркектер бұғынғанда.
Елге тұтқа ер түгел тұтқындалып, Жатқан кезі есінен жұрттың танып. Мұжық Мәсеу түрмесін бұзып кіріп, Асекеңді аман-сау шықтың алып.
Толқымасын көңілің қайдан тасып, Айбар сұсың тұрғанда айдан да асып. Асекеңді жалған ба қорғағаның Жендет кеуде қоғаммен майдандасып.
Жесір еткен талайды, жетім еткен Суық еді заманның беті неткен.
Сіздей өжет ананың кекті ызасы Түрме түгіл қоғамды сетінеткен.
Өзіңді әлі қыдыр жүр төңіректеп, Мына жарық жалғаннан көңілді өт деп. Сіздей өжет аналар жасай берсін Жүрегінде тұратын өмір көктеп.
АМАНЧИ ДОСЫМ ҚАЙТЫС БОЛҒАНДА
Көп едің мұңың, қайғың да, Адасып қалсын қай қырда. Шешендер айдын болғанда Кеме едің жүзген айдында.
Таулы өлке жасық тумаған, Күнің жоқ сертте тұрмаған.
Шешендер теңіз болғанда Тереңі едің тулаған.
Қатерден қорқып, қыңбаған Сені өмір талай шыңдаған. Жүрегің ақын болатын Ерлікті ғана жырлаған.
Жайдарлы еді көңілің, Айбарлы еді өр үнің.
Берілмей жауға өлетін Бірі едің көкжал бөрінің.
Нұр ойнап ойлы көзіңде, Жүруші ең балғын сезімде. Атыңнан ұшып түстің-ау, Көсіліп шапқан кезіңде.
Бақ, қыдыр болса жолдасың, Көгіңді қай бұлт торласын.
Қайғы, дерт сендей арыстың Тағдырын қиған қорғасын.
Азаттық үшін күрескен Еліңді Құдай қолдасын. Ғарышқа ұшып кеттің бе, Аллаға керек болғасын.
АДАМДАРДАН ЖҮРЕГІМ СУЫНҒАНДА
Ғасыр желі етегін жырымдаған, Дүниенің көңілім сырына алаң.
Адамдардың түстері суық неге, Қара тастан бауыры жылымаған.
Көкірегінен көрмеген бұлақ ағып, Тобығыңнан қағады тұра қалып. Адам, сірә, туа ма,
Түсу үшін
Бір-бірінің соңына шырақ алып.
Арай шашып тұрғанда түскі аспаны, Керек еді ел болып құзды асқаны.
Анасынан адамдар туады ма, Бір-бірімен тістесіп, ұстасқалы.
Қысастық па ақылдың жеткен жері, Қалай ессін алдыңнан көктем лебі. Анасынан адамдар туады ма,
Бір-біріне өшігіп, кектенгелі.
Жаңылмаса егерде санасынан, Үйренбей ме кеңдікті даласынан. Бірін-бірі адамдар өлтіргелі Қанжар ұстап туа ма анасынан.
Уақыттың қайғысы келбетінде, Дүние тұр ызғарлы жел өтінде. Шынында адам туа ма,
Кім біледі,
Қанды соғыс ашқалы жер бетінде.
Табаға сап тағдырым қуырғанда, Құлататын жан бар ма туымды алда. Ұшып кеткім келеді құсқа айналып, Адамдардан жүрегім суынғанда.
БАРЫН ЫЛҒИ СЕЗІНЕМ БІР ҚАУІПТІҢ
Шабыт құсын кеудеме түлеткелі, Өткел беріп өмірдің тұр өткелі.
Мүмкін туған шығармын мен анамнан Еңселі елдің жүрегім жыр еткелі.
Төрге шығып, кез емес жайланатын, Күндер қайда ақ нұрға айналатын. Арлы ақындар ығысып,
Заман туған
Парламентке перілер сайланатын.
Семсер болып тағылып сері еліме. Кісі бар ма бойлаған тереңіме.
Момын халқын жылатып, зарлатқалы Безбүйректер билікке келеді ме?!
Қарып тұр-ау заманның суықтары, Шуақ есе қоймайды жуықта әлі.
Туған елдің шайқалып шаңырағы, Сықырлайды кей-кейде уықтары.
Мұң шағам деп ойлама назаланып, Түрмеде азап шегесің жазаланып. Қараулықты жеңе алмай бұл күндері Ақиқаттың жидіген шашы ағарып.
Сұсты қабақ жүзінен жел жасқанған, Кілең дүлей бұл күнде ел басқарған.
Халық мұңын жоқтаған ер шықса егер, Оқ атылып тасадан жер жастанған.
Жүгіргенде жетелеп зырлауық күн, Көрді дейсің қызығын кім сауыттың. Өз елімде жүрсем де тірлік етіп, Барын ылғи сезінем бір қауіптің.
ӨМІР – МАЙДАН
Астан-кестен бола ма көңіл жайдан, Білсең егер қып-қызыл өмір – майдан. Қиянаттың қылышы тұрғанда өтіп, Арылады бұлтынан көгім қайдан.
Кең дүние тарылып, сызданғанда Күрсіне ме бостан-бос күз жалғанда. Ара түскен жан бар ма?
Әкем менің
“Халық жауы” атанып ұсталғанда.
Ойым кейде он саққа бөлінеді, Қабырғам да қақырап сөгіледі. Әкемді атқан жауыздың баласы енді Мені көздеп жүргендей көрінеді.
Қайығында қайғының тербетілген, Жетім өсіп, жігерлі ер жетілген.
Ал жауыздық жалғасып жатпаса егер Неге өшпейді киелі жер бетінен?!
ӨЗЕНІМНІҢ АҒЫСЫ ӨЛГЕН КҮНІ
Өмірімнің өзені жайлап ағып, Тоқтайтынын кім білген қайда барып. Жылап аққан жылғаға құймаса екен, Азуымды жүргенде Айға жанып.
Қылмыс жайлап, өршіген бұл ғаламда, Жүрген күндер аз емес шырғалаңда.
Өмірімнің өзені шын лайланып, Ағар еді басынан тұнбағанда.
Көңілінде толқыған мөлдір көлі, Жұрттың мені ұғады жөн білгені. Жүргендер де жоқ емес бұл өмірде Өзенімнің ағысын өлтіргелі.
Ақсұңқары шарықтап көкте жүрген, Мүмкін ақын шығармын от көрінген. Ағысымды өлтірмек болғандардың Қанжығама талайы бөктерілген.
Атқа қонып, қолыма ту алғалы, Туған елдің көктеген нұрлы арманы.
Бағым менің жайқалып тұрған жоқ па, Өмірімнің өзені суарғалы.
Әрнені ойлап, көңілім сілкінеді, Үмітімді кімкеліп үкіледі.
Өзенімнің ағысы өлген күні
Мен де өлетін шығармын кім біледі.
КӨКЖИЕКТЕН КҮН КӨЗІ КӨРІНГЕНДЕ
Бауыр сыздап, қалжырап ауырғалы Тұман жайлап тұрғандай тауымды әлі. Жол тоздырған тұяқтай көп жұқардым, Көңілімнің бұрқамай дауылды әні.
Тал бойыма құйғанда күн қуатын, Жүрегімнен бұрқырап жыр туатын. Бауырымды іріткен іркіттейін,
Күн туа ма сырқаттан құтылатын.
Жас күнімде бақ қусам дүркін белде, Бауыр сыздап, ағысым іркілді елде. Қорқам кейде ыдырап кете ме деп, Бір жанартау кеудемде сілкінгенде.
Кейде өмірден баз кешіп түңілгенде, Туламайды қан қызып дүбірлі елде. Ертелі-кеш үйімде жатам шықпай Қай мұратқа жетем деп жүгіргенде.
Тағдыр солай қабағын суытқаны – Жүрген жоқ па бөрідей ұлытқалы. Қарқаралы басымнан бұлт кетпеді, Күлкім менің өзімді ұмытқалы.
Арманымның көбесі сөгілгенде, Суық тартып үлгерген көңіл демде. Тірі екенмін деп тұрам,
Ертеңгісін
Көкжиектен күн көзі көрінгенде.
АҚИҚАТТЫҢ ЕСКЕНДЕ АҚ САМАЛЫ
Қусырылып дүние тарылғалы, Шырқыратып келеді жанымды әлі. Кеудемді ашу қысқанда,
Тұрады ылғи
Бомба болып жүрегім жарылғалы.
Рухы жебеп жүргенде сұсты ананың, Күнде естимін көгімнен құстар әнін. Кейде қилы тағдырым қылп-қылп етіп, Тұрады өткір жүзінде ұстараның.
Өміріме кім кетсін серпін беріп, Жатқан ұлы кезеңде ел гүлденіп. Аттан түсіп қалмасам жарар еді, Сыпырылған ер-тоқым секілденіп.
Жапырақ боп байланып терегіне, Бақыт тілеп жүргенде сері еліме, – Уақыттың бұрқанған ағыстары Жібере ме батырып тереңіне.
Тұрған жандай сезінем дар алдында, Азап үшін, білмеймін, жаралдым ба. Бір қырқада жүрмін бе тоқтағалы, Тоқтап қала береді сағатым да.
Жараланып, арманым ақсағалы, Көңілімнің қираған тас қамалы.
Жалғандықтың бәрін де мен жеңермін, Ақиқаттың ескенде ақ самалы.
ҚАН БАЗАРДЫҢ ІШІНДЕ
Ғашық болған бір кезде өмір еді, Жұрттың неге көз жасы төгіледі. Күйі қашқан ауылдан
Сұрқы кеткен
Тас қоғамның келбеті көрінеді.
Дүниені кім сонша жаңқалаған, Күндер қайда бармақтан бал жалаған. Қазақстан айналып қан базарға, Жұрттың бәрі ала қап арқалаған.
Басқа қонбай бақ құсы үркіп еді, Көк ала бұлт көгінде дүркіреді. Адамдар да тас қоғам секілденіп, Тас бауыр боп бара ма кім біледі.
Көңілдердің көзінен арай қашып Ауылдарға көрді ме қарайласып. Таршылықтың тарысы піспей тұрса, Қамбасына құяды қалай тасып.
Сұм заманның көп көрген бүлінгенін, Бордай тозып бара ма дүбірлі елім.
Асхананың ішіне Терезеден
Талай көрдім намыстың үңілгенін.
Күнің жүдеп тұрғанда, Айың жүдеп, Кісі бар ма білетін жайыңды кеп.
Арамдықтың қайда да бағы ашылып, Адалдық жүр базарда қайыр тілеп.
Ат арытып, алысқа жол шегерде, Көш бастайтын ер бар ма көшелі елде. Мейірім күтпе адамнан
Ғұмыр кешкен
Тас қоғамы қатыгез болса егерде.
АҚШ-ҚА
Табылатын қасынан қысылғанның, Баласына оқ атпа мұсылманның.
Иран елдің саулығын біліп қайт деп, Көңілімнің құстарын ұшырғанмын.
Күмбірлетіп күй шерткен күрең күнде, Жұрттың бәрі күн кешсін жыр елінде. Көшесінде Иранның оқ атылып,
Сызат қалып жүрмесін жүрегінде.
Қараулықты қатерлі жүйе көрме, Көрінгенге жұдырық түйе берме. Киесіне қаларсың бір күндері, Соғыс ашып, оқ атпа киелі елге.
Татулықтың кемесін күйреткелі, Өртенуде өмірдің жиі өткелі.
Тіршілікте жаралған жауыз қанша, Тіршілікті шашынан сүйреткелі.
Жұмыр жердің көгінде күн күлгелі,
Дүниені туған көп бүлдіргелі. Күні кеше Балқанды талқандаса,
Талқандамақ Иранды бұл күндері.
Шаң бораған жылдардың кезеңінен, Келер күннің сұмдығын сеземін мен. Жер бетінде тіршілік қалады ма, Жұрттың бәрін жойса егер кезегімен.
Асқақ рухы тұрса да Айдан асып, Елдер ғұмыр кешуде тайталасып. Бірігіңдер жаһанның халықтары Қанды қырғын соғысқа майдан ашып.
ТЕҢІЗДЕЙІН ТЕРЕҢІ ТУЛАП ЖАТҚАН
Қайран уақыт арбамды қаусатқан ба, Жата бергім келеді шау тартқанда.
Күні кеше алаңсыз жүрген едім, Арқардайын секіріп тау-шатқалда.
Тіршілікте жанмын ба кеш түлеген, Сұмдық қанша мен әлі естімеген.
Дәрігердің жалаңдап ақ пышағы Көзім көрмей қалғанда кескілеген.
Кісі бар ма білетін күйімді елде, Аласұрам бөлмемде күйінгенде. Төсегімде толқындай дөңбекшимін, Көзім менің ауырып түйілгенде.
Жанарымда көзінің нұры қалып, Кім билесін алдымда мың бұралып. Жанға батып, бауырым сыздағанда Лақтырғым кеп кетеді жұлып алып.
Сай-сүйегім сырқырап қақсағанда, Қайыр күтпен қарадан, патшадан да. Жанға шипа бола алмай бірге егілген Алатаудан есетін ақ самал да.
Жылға көп пе жанымда жылап аққан, Күнім қанша қамығып, мұңға батқан. Бірақ та әлі келемін сыр білдірмей, Теңіздейін тереңі тулап жатқан.
СОҢЫМНАН АЖАЛ ҚУҒАНДА
Түнде көрген түсімде, Бұрқанған өжет пішінде, – Құйғытып келе жаттым мен Көгілдір әлем ішінде.
Арайлап атқан ақ таңда, Арманым қанат қақты алда. Ығысып таулар жол берген Құйғытып келе жатқанда.
Жібек жел тербеп қияқты, Төбемнен жұлдыз жиі ақты. Көктегі ақ бұлт...
Атымның
Ақ көбік тері сияқты.
Мұратқа, қайтсем, жетем деп, Көрген емеспін тепеңдеп.
Құйғытып келем Алдымнан
Ақ күн туар ма екен деп.
Туғанның бәрі есті елде, Қайғы-азап, сірә, кешкен бе. Саңқылдап өлең оқығам Алдымнан самал ескенде.
Өрге атым шауып тұрғанда, Бақытты жанмын бұл маңда. Жеткізбей жүрсем жоқ арман Соңымнан ажал қуғанда.
*** *** ***
Иттері көп заманда ырылдаған, Жүрегімді не нәрсе сығымдаған. Көрінгеннің көзіне күйік болдым, Айтамын деп шындықты шырылдаған.
Көңілімнен көрікті жыр көшкенде, Жалғандық кеп атыма мінгесті елде. Бағым жанып, алдымнан ақ күн туды, Өтірікті бетке ұстап күн кешкенде...
ҚАН ТАМЫР
Туғасын ба қабырғалы өр елде, Жүріп өткен жолым жатыр өлеңде. Жаны аласа жандар емес деп айтам, Жүргендердің бәрі бірдей төменде.
Қилы шақта дос табылмай қасымнан, Өжет болып өсіп едім жасымнан.
Табалдырығымнан аттағанның бәрі де, Аттайды деп ойлайсың ба басымнан.
Қарағайлы тауым барда еңселі, Жігіттердің қоры деме сен мені. Мен емес деп кім айтады жалғанда, Туған елдің сертке ұстаған семсері.
Бой алдырып ішті өртеген күйікке, Тіршілікте оқ атпадым киікке.
Үнім менің шығар ма еді, жазған-ай, Күнім өрлеп шықпаса егер биікке.
Болашақтың жеңіп алған жүлдесін, Керуенге иттер неге үрмесін.
Кеудем менің ақ сауытқа айналған Жауған оқтың өтінде ылғи жүргесін.
Алда талай туар әлі шұбар күн, Небір қилы қиындыққа шыдармын. Дүниенің жүрегіне қан құйған
Жұмыр жердің қан тамыры шығармын.
*********
Сенен асқан кісі жоқ-тын бұл маңда, Таудай еді тұлғаң да.
Қаисетсіз екенсің-ау деп тұрдым, Қасиетсіз жанды мақтап тұрғанда.
АЗАМАТ ЕР
Туған жердің аралап атырабын, Тал бойыңда бұрқанып жатыр ағын. Қара орманның сен едің қарағайы
Құйын жұлып көрмеген жапырағын.
Ақбоз атқа ақырып ерте мінген, Ағалардың бірісің елде жүрген. Шыңға ұмтылған өзіңдей жанның бәрі
Шыңыраудан сыр тартып шерте білген.
Дүбірлеткен кеудесін құба белдің, Бәрі бірдей өр емес тұлғалы ердің. Құстай ұшып тойыңа мен жетермін, Кісінетіп құлынын Құлагердің.
Өкпе неге артайын өз басыңа, Куә Алатау сауыттай тозбасыңа.
Сені де, аға, қарақтап жүрген жоқ па, Нанын малып жегендер көз жасыма.
Сенің жүрек отыңнан зарядталып, Болашаққа жол тартқан қария аттанып. Күндер қанша көзінен көктем күлген.
Көкірегіңнен тұрғанда дария ақтарып.
Жұрттың бәрі өзіңмен араласқан, Асулардан алқынбай саналы асқан. Найзағайға айналып,
Сен емес пе
Жалғандықтың бәрімен жағаласқан.
Шуақ есіп тұрғанда төңіректен, Өмір қанша тірлікте көңілді өткен. Азамат ер өзіңдей
Жетпістің де
Адырнасын өгіздей мөңіреткен.
ҮРЕЙ
Тағдырға мен де көнгенмін, Жерге егер сепсе өнгенмін. Арманда кеткен арысты Жүрегіме жерлеп көмгенмін.
Талайды мен де көргенмін, Жыланнан қамшы өргенмін. Егеулі найза қолға алып, Қатер боп жауға төнгенмін.
Жұлдызы жанған арманмын, Атадан ар боп қалғанмын.
Соғыста өлген солдаттың Шырағы болып жанғанмын.
Тауда өскен тарғыл тарланмын, Бақытымды тартып алғанмын. Көңілі жарым жесірдің
Көз жасы болып тамғанмын.
Жаңарып елдің жағасы, Тұрса да артып бағасы.
Кетілмесін деп болат тұяғы Тұлпардың болдым тағасы.
Жұқарып, тозып төзім де, Тарыққан күннің өзінде, – Тұрмадым бірақ адамның Үрей боп ойлы көзінде.
БОЗІНГЕН ЕЛ
Өзімді өзім жаңадан түсінгенде, Қақсам дейтін қаскөй көп тісімді елде. Дір етемін оқыстан
Көңіліме
Көлеңкесін біреулер түсіргенде.
Жоқ-жітімге жүрсем де қарайласып, Көз алдымнан бара ма арай қашып. Буырқанған кезімде тулап аққан Өмірімнің өзені талай тасып.
Ғұмыр кештім бір көктеп, бір қуарып, Омырауымды көз жасым тұр суарып. Алда-жалда ту болып желбіресем, Төбесіне көтерсін кім қуанып.
Күнім ауып бесінге көлбегенде, Не істеймін тағдырға көнбегенде. Күбідейін қаңсыдым аңқам кеуіп, Мейіріміне адамның шөлдегенде.
Туғасын ба баянды бақ сағынып, Көңілімнен ақ сәуле жатты ағылып. Өмір сүріп келемін
Қалар деп те
Мені іздеген тірлікте жан табылып...
Қабағына,
Қасына мұз бөктеріп,
Күндер зулап өтуде тізбектеліп. Бозінген ел сүйетін шығар, бәлкім, Бір күндері ботасын іздеп келіп.
СҰРАҚ-ЖАУАП
Бақ көремін жырымды, құт көремін, Ұнап жүрген кісі едім жұртқа өнерім. Бірде менен сұрады бір жас ақын:
- Бар шығар деп сенің де мықты өлеңің.
Найзағайдан жай тартып жасындаған, Ақын – ақын бола ма ашынбаған.
Ей, жігітім, жансың ба маған деген Көңілінің есігі ашылмаған.
Менің мықты жырымды ізде ендеше, Жырларымның ішінен жазыламаған.
ҚАРАУЛЫҚ ПЕН АДАЛДЫҚ
Азаттықтың арайлы таңы атқалы, Өзендердің бар ма әлі дара аққаны. Қара ниет Қараулық жүрген жоқ па, Адалдықты түрмеге қаматқалы.
Көкірегін қысастық жайлап алып, Адам біткен бара ма майдаланып. Қара орманда адасып жүрген кезде Ар-ұяты жоғалған қайда қалып.
Жұрттың бәрі айырылып келбетінен, Қайығында қайғының тербетілген.
Арам сирақ көбейген ел ішінде Қараулықтың қара атын ерте мінген.
Қызады деп ойлама ер шекесі, Ел тонаған бұл күнде ел еркесі.
Сәулетті үйде Қараулық ғұмыр кешсе, Адалдықтың жоқ әлі жер кепесі.
Тіршіліктің жел жұлып жапырағын, Арнасында бұрқанып жатыр ағын. Қараулықтың тұр әлі бағы жанып, Адалдықтың қиратып шаңырағын.
Көктей солып жатқанда қыр гүлдері, Елдің қашан ар қуып бұлқынды ері. Мүмкін болмай бара ма кім біледі, Адалдықпен күн кешу бұл күндері.
ӨЛЕҢІМ ХАҚЫНДА
Жырымды оқып өлгендер тіріледі, Ақиқатқа жүрегім жүгінеді.
Өлеңімнің тасқындап өн бойында Найзағайлар жарысып жүгіреді.
От құрсанып жыр туса жүрегімнен, Кісінетіп көңілім күрең мінген.
Жүзі нұрлы кісінің қай кезде де, Нұрлы көктем көзінде күле білген.
Жайлау – кілем төселген төрім еді, Тауға шықсам өз тауым көрінеді.
Өлеңімнің әр жолы білсең егер Көкте ойнаған жасыннан өріледі.
Ғұмыр кешкен,
Күн кешкен нұр пішінде.
Менің әлі жүрегім тұр күшінде. Күркіреген күндерім аз емес-ау, Найзағайға айналып бұлт ішінде.
Таудан биік көрініп төбелерім, Жаңа-жаңа ашылған көп өнерім. Жалғандықты бетінен осқылаған Найзағайдан жаралған өр өлеңім.
Неге төмен түсірем еңсемді елде, Тұлғалы ердің бірімін көрсең мен де. Мен өлетін шығармын кім біледі, Өлеңімнің көзінен от сөнгенде.
ЖОҒАЛҒАН СЕНІМ
Көрінбейтін асып алған мылтықты, Адамдардың бәрі білсең кіл мықты. Шындық жайлы сөз сөйлейді қашанда, Тұншықтырып өлтіргендер шындықты.
Қилы шақта ат үстінде көз іліп, Түлегенде елім ұрпақ өсіріп.
Ана тілін білмей өскен пақырлар Ана жайлы сөз сөйлейді көсіліп.
Қаңғып ұшқан оқтан болса ажалың, Тіршілікте қайдан кірсін ажарың.
Сөз сөйлейді ар-адалдық жайында Қараулықтың тағып жүрген қанжарын.
Жүрсе егерде мына өмірде тұншығып, Тау басына айбар болсын кім шығып. Елдің ішін ала тайдай бүлдірген
Елдік жайлы сөз сөйлейді құлшынып.
Оққа байлап ту көтерген арысын, Өлтірген көп өзендердің ағысын. Намыс жайлы күркірейді өрекпіп, Адамдар да жерге көмген намысын.
Ізгіліктің көк түймесін доғарған, Сұмдар аз ба ар-ұяты тоналған. Содан, сірә, бір-біріне адамның Сенімдері жоғалған.
КҮЙІН КЕШІП ЖАРАЛЫ ЖОЛБАРЫСТЫҢ
Көңілімде бір дауыл бұрқап қалып, Жарқылдайды жанарым нұрға апталып. Махаббаттың жүрекке оғы тиіп, Төсегімде жатырмын сырқаттанып.
Тұнып аққан тұңғиық тереңдейін, Ел ішінде мен неге еленбейін.
Кім болды екен жүректен көздеп атқан, Көзден атып үйренген мергендейін.
Уақыт желі кеміріп, қаусатқанда Қалай асам алдымда тау жатқанда. Кім болды екен көздеген жүрегімнен Ақ бас бура атанып, шау тартқанда.
Бір жанар тау кеудемде сілкінеді, Көкке атылып кете ме кім біледі. Махаббаттың жарқылдап найзағайы Аспанымды осқылап тілгіледі.
Сабағымнан үзілсем жемістейін, Неге опасыз жалғанмен керіспейін. Білсең егер көңілім астан-кестен Бетін дауыл сапырған теңіздейін.
Азамат ер болсам да тұғыры алып, Жылан елес арбайды мың бұралып. Күйін кешіп жаралы жолбарыстың Төсегімде жатырмын ыңыранып.
МАХАББАТТЫҢ ЕСІГІ
Тарта берме қызықтап сөзге мені, Көңіліңнің не сонда көздегені.
Алып-ұшып тұрасың серік іздеп, Жалғыздыққа өрт жаның төзбегелі.
Бақыт құсың ұшса да көкті айналып, Жанбады ма жанарың шоқтай жанып. Махаббаттың қан қызған базарында Сорладың ба, кім білсін, өтпей қалып.
Өткелдерден жүргенде күліп өтіп, Солған гүлдер қаншама күні жетіп. Жылап-сықтап перонда қап қойдың ба, Махаббаттың пойызы жүріп кетіп.
Албыратып ақ жүзін жуған арай, Анаң сені ерке ғып туған қалай. Махаббаттың кемесін дауыл шайқап, Лақтырды ма портынан суға қарай.
Жайғасқанда төріне жұрт жайланып, Сорладың ба аспаның бұлтқа айналып. Махаббатың қол бұлғап шақырғанда, Жылаттың ба үйіңнен шықпай қалып.
Жүрегіңнің сәулесі шыңға асылмай, Әлі күнге аптығың жүр басылмай.
Өкпелетіп алдың ба кім біледі, Махаббаттың есігі тұр ашылмай.
ӨМІРІМНІҢ ӨЗЕНІ
Ақ сұңқар құс көгімде самғағалы, Жұлдызымның жоқ шығар жанбағаны. Өмірімнің өзені жатыр ағып,
Өмірімді өлеңге арнағалы.
Жаңылғанда өмірі ағысынан,
Ел ішінде талайдың сағы сынған. Бақ қашқанда басымнан түлкідейін, Ойлы өлеңім болатын бақ ұсынған.
Тұрғыза алмай өмірде мұнарасын, Кезіп кеткен жан аз ба құм арасын. Бір мұнара тұрғызып кетсем деймін, Өз бағымды өлеңде сынағасын.
Талай мәрте жүрегім бұлқынды елде, Жанар тауым жыр жазам сілкінгенде. Көңілімнің күреңін кісінетіп, Жүйріктердің ішінде жүрдім мен де.
Пайғамбардың жасынан асқанымда, Жасын ойнай бастады аспанымда.
Кәрілікті бұрқандым мойындамай, Кәріліктің есігін ашқанымда.
Арлы анамнан туғам жоқ қуарғалы, Көңілімнің көктеген нұрлы арманы. Өлеңімнің бау-бағы тұр жайқалып, Өмірімнің өзені суарғалы.
ӘЛІН БІЛМЕЙТІНДЕР
Сардалада сағымдайын көлбеген, Жаман бар ма оза шауып өрлеген. Жиында сөз бастағысы келеді, Екі сөздің басын қосып көрмеген.
Тауқыметтің артып алған көк тасын, Заман неге жол үстінде тоқтасын.
Отаныңды басқарғысы келеді,
Басқара алмай жүрген жандар отбасын.
Жұрттың бәрі ардақ тұтқан ақынын, Неге ту ғып көтермесін батырын.
Өкіметті билегісі келеді,
Билей алмай жүрген жандар қатынын.
Ағайынға көрмегендер қарасып,
Қай байғұсты жарылқайды жаны ашып. Елдің көшін бастағысы келеді,
Шаңқай түсте жүрген жандар адасып.
Тіршілікте сыйламаған анасын, Көктем болып көгерте ме даласын. Кісіні ит қып жұмсағысы келеді,
Жұмсай алмай жүрген жандар баласын.
Ақиқаттың сөйлейтұғын тілінде, Шындық жеңер десек те ылғи түбінде. Білсең егер әлін білмей өзінің
Әлек болып жүрген қанша бүгінде.
Қай үмітті деп жүргенде жалғайын, Бейбақ қанша тасқа соққан маңдайын. Кейде мен де қарсы жүзем ағынға, Әлін білмей әлек болған жандайын.
********* Кеткендер қанша ерте өліп, Жүргенде өжет пішінде.
Жыр жазам ылғи өртеніп, Бір күндік сәуле үшін де.
Жүрегім мұздап тоңғанда, Ызғарлы әлем ішінде, – Көкірегім шерге толғанда Жырлаймын өжет пішінде.
Мазамды алды-ау ай, тегі, Жанарым жасқа тұнғанда. Жыр жазуды қойсам қайтеді, Өртеніп кетпей тұрғанда.
Көңілге қайтем мұз артып, Қуатым барда нұр себер.
Жасымды менің ұзартып, Неге өлем жырым жүрсе егер.
ЖАРТАС
Өрт жанымды кім менің түсінеді, Көңілімнің күреңі кісінеді.
Желкенімді жел қиды желкесінен Алтын кемем айдында жүзіп еді.
Өмірімнің өртеніп жиі өткелі, Сүйегімді көп болды сүйреткелі. Қолдан дауыл тұрғызған мықты қанша Желкен керген кемемді күйреткелі.
Жұмыр басқа бақ емес, шаң қонғасын, Неге менің көзіме қан толмасын.
Шаба алмайды екенсің кең көсіліп, Талант жолы қуықтай тар болғасын.
Жас күнімде жарқылдап жарақтайын, Шау тартқанда жұқардым қалақтайын. Бір күндері тағдырым талқан болып, Қаламын ба шашылып сағаттайын.
Бітпесе де сауалы, сұрағы әлі, Дүниеге келгенмін шыдағалы. Тәңір мені ақын ғып жаратты ма, Тауқыметін мол артып сынағалы.
Сауыт кеудем сонан ба сілкінеді, Көңілімде бір сәуле жүгіреді.
Көкірегін найзағай осқылаған Алып жартас шығармын кім біледі.
ТӨЛЕГЕНДЕР ӨЛГЕСІН...
Ақиқаттың сынған соң алдаспаны, Көңілімнің зар шеккен арлы аспаны. Туса анадан бір жақсы
Жағасына
Туады ма бір жаман жармасқалы.
Намысымды сен менің қамшылама, Маза бергін жаныма – қаршығама. Мен туғанда бір жаман тумаса егер Әлі күнге менімен алыса ма?!
Дау-дамайға қалмасын қайдан басы, Ер жігіттің кіл дұшпан айналасы.
Құлагердей бір жүйрік туса егерде Батыраштың қайралған айбалтасы.
Кеткен есе қай кезде өтеледі, Қазақ қашан бір-бірін өр көреді. Ұлы Абайға Оразбай болмаса егер Ел ішінде кім қамшы көтереді.
Жаңа күннің көрініп белесінен, Өткен күннің сыр тартам елесінен: Бекежаны болмаса Төлегеннің Бекежанның неге өлді жебесінен?!
Мына сұрқай заманда қайғы аларған, Азамат ер бақ қуып қайда барған.
Төлегендер өлгесін қапылыста Бекежандық ел ішін жайлап алған.
ХАН БАСЫН ХАН АЛСА...
Тіршілік үзілмесін сабағынан, Сескеніп қара бұлттың қабағынан. Жосылған қызылала қан көремін
Хан басын шапқан күннің жанарынан.
Жүрекке жазылмайтын жара салған, Кезі ме уақыттың аласарған.
Көрсетті-ау қайран тағдыр заманды да, Хан емес, ханның басын қараша алған.
Кісіге себеп көп қой шамданатын, Себеп көп және жолға қамданатын. Би мен би сөз ұстасып, сілкілесіп, Хан басын бұрындары хан алатын.
Жайқалмай ізгіліктің көк орманы, Бұл қалай ар-ұяттың жоғалғаны?! Хан басын қараша алса – өкінішті, Хан басын хан алса егер жоқ арманы.
АЗАМАТ БОЛСАҢ...
Көгілдір аспан шатыры, Зулайды күндер тоқтамай. Атандың халық ақыны Халықтың мұңын жоқтамай.
Қыран боп жетпей сен елге, Жылан боп жеттің арбаған. Бойласын қалай тереңге, Тереңге қайық салмаған.
Жүрмегін, мейлі, қай маңда, Жан едің өрт боп жанбаған. Ант ауып, серттен тайғанда Атағың бар ма алмаған.
Көгінен жауып нұрлы арай, Көтерілген кезде өрге елі, – Азамат болсаң бұл қалай Әкеңнің қаңғып өлгені?!
Көздері жастан құрғамай, Жалған ба жұрттың көмгені. Азамат болсаң бұл қалай Анаңның аштан өлгені?!
Мен сені қалай үлгі етем, Жұрт аулақ салған іргесін. Осының бәрі күні ертең Алдыңа келіп жүрмесін.
*********
Сені көрсем, көзімде күн күледі, Көкірегімнен сен жайлы жыр түледі. Ақ бас бура атанған кезде мынау Саған ғашық шығармын кім біледі.
Тағат тауып өрт жаным тыншымады, Тереңімді тулатып үн шығады.
Сен жоқ жерде тынысым тарыла ма, Ауа жетпей жүрегім тұншығады.
Тап келдім бе қаһарлы айбыныңа, Жеп барады мені іштей қайғы мына. Қалқам, егер көл болсаң мөлдіреген Қайық салсам деп едім айдыныңа.
Тағдырыңның бұл қалай қасарғаны, Өрге жүзген өмірім базарлы әлі.
Кәрібоздың жас қызға көзі түссе, Қуат жиып бойына жасарғаны.
Қызық қуған,
Қыз қуған көңілді елде,
Өтіп жатыр білінбей өмір демде.
Саған қарай жүрегім жүгіреді. Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Жүрегімнің бар шығар бір білгені, Саған ғашық жан аз ба бұл күндері. Көктем болып жететін сияқтысың Көктем болып ескенде қырдың желі.
****** ***
Қарау уақытқа қарсы қара бура шабынған, Қара тобыр қай кезде де асыл ерге жабылған. Қарғыс атқан Қараойда
Махамбеттің алтын басы шабылған.
Мына жарық жалғанда,
Махаңа арнап жыр жазғам – қалмайын деп
арманда. Қақ жүректен қадалған қиянаттың қанжары Тойына ұшып барғанда.
Қиянатқа жол бергені – жаны жайсаң
жұртымның, Әділеттің өлгені, тозғаны асыл ғұрпымның.
Айдарынан жел ескен Атыраудың жерінде Басы солай шабылған менің асқақ рухымның.
СЫЙЛЫҚ АЛМАЙ КЕТКЕНДЕР
Уақыттың болса егер өліарасы, Бір алқаның сен едің төрағасы.
Біреулерге сыйлығың дайын тұрса, Біреулерге дайын тұр көр ағашы.
Өтіріктің семірген өрігіне, Неге сенің қызығам өміріңе.
Сыйлығыңды берсең де, бермесең де, Көлеңкеңді түсірме көңіліме.
Көктеп өсіп жайқалған дала, қырда Дәннің бәрі нәр жиған сабағында.
Сыйлық алмай өмірден өткен жоқ па, Ұлылардың бәрі де заманында.
Мен несіне, ендеше, мұңданамын, Сарқылмасын қуаты жыр қаламның. Қасиетпен өмірден өтсем деймін, Қасіретін арқалап сұр ғаламның.
Жұрттың бәрі сыйлыққа таласқалы, Аласарып барады дала асқары.
Көңілімнің дөнені тұр кісінеп, Қамау тері алынып таңасқалы.
Жанарында тағдырдың бұлты өрілген, Ақын қайда аузынан жыр төгілген.
Қасиеті қалмады сыйлықтың да, Жатыр алып бұл күнде кім көрінген.
Күшті топтар жіберсін кімді ілгері, Шындықтардың тұншығып тұр үндері. Қорамсаққа қол салар ерлер жоқта, Жарамсақтың бағы артқан бұл күндері.
Бәйге ала ма қойторы жалшы мінген, Қай өңірдің аңы көп аңшы білген.
Сыйлық алмай кеткендер білсең егер, Өр ақындар қоғамға қарсы жүрген.
*** *** ***
Жүрек отын бір-бірінің жаққанда, Кісіліктің бағы артпай ма ақ таңда. Қазақ ылғи неге үреді ит болып,
Ит болудан иттер қашып жатқанда.
Намыс жоқта қайда барып оңасың, Үмітіңді үсік шалып тоңасың.
Ит болуға асыға ма бұл қазақ Күзетпек боп ашық қалған қорасын.
Қатер болып төнетұғын көгінен, Жат түстерді көрем ылғи төрінен. Елді ішінен жүрген жоқ па ірітіп, Қорасына кіріп кетіп көрінген.
Кейде ызалы сөз айтасың күйгеннен, Кезін қашан көремін деп күйге енген. Құлатады елді ішінен ірітіп, Жаудың бәрі іштен шалып үйренген.
*** *** ***
Жұрттың бәрі бақ қуып бақта жүрген, Екіталай күн туса сапқа кірген.
Ел қорыған Махамбет жоқ болғасын, Ел торыған өңкей қу атқа мінген.
Жүрегімді әлі де мұңға малып, Зұлым ойлар басында тұр қамалып. Шаң боратып бұл қалай лайлағаның Жатқанда өмір өзенім тулап ағып.
Ар жағына мұхиттың жиі аттанып,
Жүрген жанға ұқсайсың сый ақтарып. Соңыңа ерген тобырды бөліп алсаң, Туа ма Айың көгіңнен қияқтанып.
Өз алдыма жеке ел болсам дейсің, Үй ішінен үй тіккен сияқтанып.
Саған, бәлкім, қарап тұр қайғы аларып, Жем боларсың бөріге сайда қалып.
Орманынан бөлінген топ ағаштай, Бөлінгенде оңасың қайда барып.
Ғасыр жүгін көтеріп кемеге артқан, Қазақ зұлмат күштерге жебе тартқан. Елдің арман, мүддесі бір емес пе,
Бір кеменің үстінде келе жатқан.
Танып әсте көрмеген өр пішінен Азамат ер жасынан сөз түсінген. Кім біледі...
Жарақты жау шығарсың
Өсіп шыққан қазақтың өз ішінен.
*** *** ***
Қазақ емес ноғайсың,
Әлдеқайдан қаңғып келген торайсың. Кейде артыңа қарамай
Жақсыларға құм суырып борайсың. Сасық иісі мүңкіген
Шошқа аралап, ит сарыған тоғайсың. Оқымаған кітабың жоқ жалғанда, Ұлылардың ойын ұрлап тонайсың.
Қор боп туған нағыз қордың өзісің, Маталардың жыртыс болар бөзісің. Қособада бұғып жатқан Бекежандардың көзісің.
Жүрген қарау пішінде, Бекежандық білсең әлі күшінде. Албастыға шыға келдің айналып, Бір албасты отырған соң ішіңде.
Ат жаратып даламда,
Күрес жүріп жатады ылғи санамда, – Ел ішіне сен секілді кірмелер
Бүлік болып кіріп жатқан заманда.
Туған елдің бүтінделіп жыртығы,
Шыңға өрмелеп шықсын қалай шындығы,– Мына қорқау қоғамның
Сен секілді тұрса оқтаулы мылтығы.
ЖҮРЕГІМНІҢ КӨЗ ЖАСЫ
Көз жасымды сіңіріп жерге тамған, Менің жетім күндерім елде қалған. Алматыда алды кең аға атандым, Қос самайын ақ қырау ерте шалған.
Мұң кетпеді бірақ та қабағымнан, Асым кейде өтпеді тамағымнан. Жүрегімнің көз жасы жерге тамды Үзілгенде қызыл гүл сабағынан.
Балтырымда тісінің ізі қалған, Кімге қарап үрмеді күшік – жалған. Жүрегімнің көз жасы жерге тамды Үмітімді көргенде үсік шалған.
Қайғы жоқ деп ойлама бұл ағаңда, Сайран салып жүрмедім нұрлы алаңда. Жүрегімнің көз жасы жерге тамды Арманымның ақ шыңы құлағанда.
Ғұмыр кешіп жүрсем де көңілді елде, Бұлттанады кейде ашық көгім демде. Жүрегімнің көз жасы жерге тамды Асқақ рухым тірідей көмілгенде.
Жайшылықта арқасын кеңге салған, Еркек қанша бұл күні белден қалған. Қыршынынан бір боздақ қиылғанда, Жүрегімнің көз жасы жерге тамған.
Бақыт қонсын, қонбасын өз басыма, Болашақта, кім кепіл, тозбасыма.
Кең дүние тұрғандай көрінеді Жүрегімнің малшынып көз жасына.
АҚ КҮМІС КҮННІҢ СӘУЛЕСІ
Жалқауды Құдай құрай ма, Ендеше, қалқам, мұңайма. Жабырқап жүрген екен деп, Жалғанның тауы құлай ма.
Көзіңнің жасын бұлама, Ант бұзған сертте тұра ма. Қайғыға сәл-пәл берілсең
Сұсты өмір – жартас құлама. “Ұрпағын, – дейсің, – аналар Шексін деп азап туа ма?”
Ылдиға құлап өрдегің, Жанам деп жанбай сөнбегін. Жолда арбаң сынса егерде Аңырып тұрмай жөндегін.
Алданбай сағым елеске, Ұмтылған жаңа белеске. Қоңыраулатып өте шығатын Өмірің күйме емес пе.
Сілкінген жандар түледі, Көзінен көктем күледі.
Қайғыны жеңген адамдар Жауын да жеңе біледі.
Көңілдің гүлі солмайды, Көгіңді қай бұлт торлайды. Ақ күміс күннің сәулесі Түспейтін адам болмайды.
ҚАЗАҚ АТҚА ҚОНСА...
Қай елдің де тағдырын шеше білген, Дала жұртын жұрт көрме есек мінген. Қамшы үйіргің келеді төбесіне
Байып алып қазақтың есебінен.
Күні кеше далама ауып келген, Сен емес пе елімді сауық көрген. Жол үстінде жоғалған ұятыңды Ата қазақ емес пе тауып берген.
Құбыладан соққанда жел есіріп, Ұшқан талай көгімде жебе өшігіп. Отандасым деп жүріп, бір күндері Кетесің бе отымды сен өшіріп.
Сенген күштер қаруы, жарағына Қарайды ма қазақтың қабағына. Мүмкін емес шығарсың кім біледі, Піскен кезде балта ұрған сабағына.
Қарағанда көзіңе қайғы аларып, Семсеріңді сілтерсің қайрап алып. Жер бетінде бұл қазақ болмаса егер, Күн кешер ең шынында қайда барып.
Жалғандықты тақымдап жұмарлаған, Арлы ақынның бәрі де жыр арнаған, – Қазақ төрге мейманын шығарса да, Төбесіне есіртіп шығармаған.
Дүр дүние өзгеріп, жаңғырғалы, Өкпелісің, білемін, тағдырға әлі. Аузың аққа жеткенде бұл қазақтың Жүрсің бе әлде ауызын қан қылғалы.
Күнім өрлеп тұрғанда мылтық атып, Кетер дейсің тауымды кім құлатып. Асымды ішіп, тепкенің табағымды Менің асау қанымды тұр тулатып.
Қан тілеген қашанда ер өспейді, Болашақтың алдынан желі еспейді. Сені көрсем көшеде келе жатқан Суық қару көзіме елестейді.
Қару кезеп, түсіңді суытқаның – Өзіңді өзің бөрідей ұлытқаның. Қазақ атқа қонбайды,
Атқа қонса,
Күнің қараң боларын ұмытпағын.
АУЫЛ ХАҚЫНДА
Өкіметтің көзі елге түзелгенде,
Ақ айдынға қайық сап жүзем мен де. Шылбыр есіп, асылып өлген қанша Құйрық, жалы ауылдың күзелгенде.
Билік көзін ақ борсық май басқанда, Жұлдыз сөніп жоғалған айлы аспанда. Ата қазақ ығысқан босағаға
Төріне кеп таршылық жайғасқанда.
Ауыл түгел тарығып, ашыққалы Ыза-ашудан тулайды тасып қаны. Таршылықта ұстай ма кім біледі, Бұл өкімет қазақты жасытқалы.
Тауы қайтып, жігері шағылғанда, Жұрттың бәрі баратын сағынғанда. Қайран ауыл жатты ұшып жаңқаланып, Жоқшылықтың “бомбасы” жарылғанда.
Кісіліктің ақ туы құлағанда, Үміт оты сөне ме бұл адамда.
Айдын қанша ауылда пайда болған Көздің жасын көл етіп бұлғағанда.
Зауал туып, бораны бұрқағанда, Азамат ер анадан тумаған ба.
Адам қалай сертінде тұрады, айтшы, Өкіметі сертінде тұрмағанда.
Жоқтық қысып, тұманнан көз тұнғаны – Менің ата жынымды қоздырғаны.
Неге ауылды тоздырды бұл өкімет Жүрмесе егер қазақты тоздырғалы?!
НЕРВОТОЛОГ
Қасым Әмірбаевқа
Шындықты айтпай жан көп те бұғынатын, Жөн-жобадан сен емес жығылатын.
Көңіліңнен бір көктем көрем ылғи Суық қарып тоңғандар жылынатын.
Ғұмыр кешкен мезгілде Ар алданып, Кімнің жасы ақпады тарамдалып.
Тіршілікте жүйкесі жұқарғандар Қуаттанып қайтады саған барып.
Көздерінде мөлтілдеп таң шықтары, Қыңсылайды сырқаттың қаншықтары. Өзің едің тірілткен қайта жалғап, Үзілгенде нервімнің талшықтары.
Көңіліңнің шуағы баққа ағылған Сені көріп қашанда жат тарынған.
Алтын сандық кеудеңді қалсаң ашып, Кіл жақсылық сау етіп ақтарылған.
Найзағайға суарған ақ алмасын Жалын болып неге елге таралмасын. Буырқанып жүресің содан, сірә, Бура күштен, жан аға, жаралғасын.
Бұлтқа толып, дүмділер ісінгенде Қалай тұрсын көздемей құсыңды елде. Жай отына айналдың
Көңіліңе
Көлеңкесін біреулер түсіргенде.
Қайрат беріп өзіңе жеңіс күнде, Жалғандықпен сан мәрте керістің де. Сенің бүкіл ғұмырың, Қасым аға, Жақсылықтан тұрады жер үстінде.
САҢЫРЫҚ БАТЫР
І
Ата қазақ ел еді нұр тұлғалы,
Қалмақ шауып, бұл қалай шұбырғаны?! Естілгенде сүйегің сырқырайды, Құлындардың құрсақта шыңғырғаны.
Жұрттың бәрі қансырап, жараланған, Жол үстінде аңырап ана қалған.
Самғай алмай көгіне қанат қағып, Құлап жатты айдынға шағала арман.
Жау найзасы кеудеге сұғылғанда, Қара қайғы бұл елге бұрылған ба. Қаратаудың басынан көші құлап, Қазақ қайда барады шұбырғанда?!
Жұлдыз шашып тұрғанда Айлы аспаны, Ұмтылмай ма жауымен айқасқалы.
Қаратаудың қуатын бойға жимай Шұбырғаны шаң жұтып қай сасқаны?!
Кімге дәрі бұл елдің жылағаны, Жаратылған бәріне шыдағалы. Қаратаудың басынан құлаған көш – Емес шығар туының құлағаны.
Дұшпан барда,
Жау барда жат көрінген,
Семсер деме қазақты қақ бөлінген. Қасиеті болғасын момындығы Түрегелген қашанда бақ төрінен.
Тағдырды да тақымдап жұмарлаған, Күндер қанша күркіреп ұрандаған. Қазақ қылыш суырмайды,
Суырса егер
Жауға шаппай сірә да тұра алмаған.
ІІ
Елді ерлікке бастап ылғи тұратын, Күндер қайда айы оңынан туатын. Атқа ақырып қонған еді Саңырық Қаратаудың бойға жиып қуатын.
Жауды көрсе аруақтанып кететін, Ат ойнатып бұзған талай бекетін. Білсең егер атқан оғы батырдың Қандай алыс қиырға да жететін.
Ақиқаттың арайы ескен сөзінен, Асқан батыр жоқ та шығар өзінен. Өткізетін мерген болған Саңырық Атқан оғын он жүзіктің көзінен.
Жарақты жау қатер болып төнгенде, Қанша шырақ жанбай жатып сөнді елде. Қаратау боп күңіренді Саңырық
Жалпақ жұрттың қырылғанын көргенде.
Қилы шақта неге отырсын жайланып, Қолын бастап, кірді ұрысқа сайланып. Сүйретілген жаудың басы қаншама, Асау аттың құйрығына байланып.
Ел ішінде ерлер барда көшелі, Зауал тумас кері ағатын өзені. Қалың қолы қайдан ерлік жасасын Батыр болмай қол бастаған көсемі.
Заманында күн кешті ме туламай, Атқа қонса, көңілінде туады ай.
Саңырықтың туы неге құласын, Қаратауы тұрғанда аман құламай.
ІІІ
Боз даланы боздатып таптағалы, Суық тартып үлгерген жат қабағы.
Атқа ақырып Саңырық қонған еді, Қалың қалмақ тұрғанда қаптағалы.
Қай батыр да жауына кектенеді, Үйде туып, ер жігіт шепте өледі. Самұрық боп туса да бұл оғылан, Саңырық боп аталып кеткен еді.
Арыстаннан арыстан тумағанда, Кім қорғайды қазақты шырғалаңда.
- Жекпе-жек! – деп Саңырық айқайлаған, Кеудесінде жолбарыс тулағанда.
Қара жердің көзінен қан атылған, Заманда бұл зұлым көп жаратылған. Шона Даба – қалмақтың батыры еді, Ажал есіп тұратын қанатынан.
Екіталай қатерлі күн туғанда, Туған елдің көзіне жыр тұнған ба.
Шона Даба қасқайып қарсы шапқан, Найза толғап Саңырық ұмтылғанда.
Көрген жаудың абдырап есі кеткен, Саңырықтың сұсты еді сесі неткен. Көк шашақты найзасы
Сұм қалмақтың
Сауыт киген кеудесін тесіп өткен. Екі батыр ұстасып, егескенде,
Шаң бораған бұрқырап белес-белде. Саңырықтың көк туы желбіреген, Қаратаудан жеңістің желі ескенде.
IV
Қазақ, қалмақ қырқысып шайқасқанда, Сорғалаған қанды жас қай тастан да.
Көк аспанды қара бұлт тұмшалаған, Бейбіт елдің есігін қайғы ашқанда.
Қабырғасын жаулардың сөгіп өтіп, Ер Саңырық ту тіккен желбіретіп.
Жекпе-жекте қалмақтың батырларын Жер қаптырған өгіздей мөңіретіп.
Жолбарыс боп туған соң жүректі елде, Саңырықтың жүрегі дір еткен бе.
Жауды жеңбей тынбайтын Кеудесіне
Ақ дауылдың шабытын түнеткенде.
Көкірегіне ызалы өрт толғасын, Кеудесінен өте ме оқ қорғасын. Ата қазақ қалмақты жеңген еді, Саңырықтай батыры көп болғасын.
Бейбіт елге төндіріп бұлағай күн, Жау аңсаған сөндірмей тұра ма айын. Қазақтың бұл алғашқы жеңісі еді, Қырып салған қалмақты қынадайын.
Қанды ұрыста қасқайып төте салған, Жүрек жұтқан жас қанша ер атанған. Бөлентінің өңірі содан былай
Қалың қалмақ қырылған жер атанған.
БОЛАШАҚТЫҢ ТӨРІНЕН КӨРЕМ СЕНІ
Серік Әбікенұлы Үмбетовке
Поэма
- ТАЛДЫҚОРҒАН ЕЛІНЕ СІЗ БАРҒАЛЫ
Тіршіліктің күйлерін шерте білген, Азамат ер атқа да ерте мінген.
Қара қарға аспанға толып кетіп, Ақсұңқар құс қаншама жерде жүрген.
Талайлардың қиылып ізгі арманы, Қызыл итке жем болған қызғанғаны. Түлеп ұша бастаған ақсұңқар құс Талдықорған еліне сіз барғалы.
Кімге дәрі тағдырдың сызданғаны, Кісі бар ма үзбейтін күзгі алманы. Қыз-жігітке жаңадан отау құрған Үй беріле бастаған сіз барғалы.
Сіз барғалы жігіт көп атқа мінген, Сарбаз қанша сайланып сапқа кірген. Талдықорған еліне сіз барғалы
Сауық құрып, жас қанша бақта жүрген.
Сіз барғалы ол елде дау басылып, Алтын сәуле ойнаған тауға асылып. Бабалардың жырладың ата ерлігін Заманында үйренген жау қашырып.
Жұрт аралап көлікпен қыстай мінген, Көңіл құсын ұшырдың ұшпай жүрген. Ұстай білер тізгінін өскенде елдің,
Ат тізгінін жасында ұстай білген.
- АҚБОЗ ҮЙЛЕР
Мына кәпір заманда шүлдірлеген, Қадіріңді, бауырым, кім білмеген. Азаматсың ұлтына тұтқа болар, Көкірегі күй тартып күмбірлеген.
Арқасында өзіңдей көшелі ердің, Мәртебесі әлі де өседі елдің.
Сен тіктірген ақ шаңқан ақбоз үйлер Сап түзеген бойымен көшелердің.
Жалғандықтың тұрғанда ақпаны ұлып, Сен бар жерде көрді ме бақ тарынып.
Қымыз иісі үстінен бұрқыраған
Ақ үйлерге қалың жұрт жатты ағылып. Бағаң артқан кез еді
Жылқы ішінен
Азамат ер мінетін ат табылып.
Ырыс, Байлық,
Береке жүрген жерің,
Ақ самала ғажайып түрге енгенің. Айдарыңнан жел есіп тұрдың сен де. Ақ үйлерге асқақтап кіргенде елің.
Ызғырық жел басылып сусылдаған, Жұрттың бәрі шөл басып сусындаған. Тоқшылықтың тоқашы секілденіп, Қымыз толы сабалар тырсылдаған.
Самал есіп көктемнің келбетінен, Көшелердің талдары тербетілген. Қасиетпен өтерің анық нәрсе, Кетпесе егер қасиет жер бетінен.
- ҚАРҚАРАНЫҢ АТАҚТЫ САРЫ ҚЫМЫЗЫ
Қонған жарқын заманда бақ далаға, Жүгіңді арта көрмегін жат шанаға. Талдықорған көктемде айналады, Сары қымыз сапырған ақ қалаға.
Үміт оты көзінен сөнбегенде, Көтерілген жан аз ба өрге демде. Сары қымыз асығып жетеді ылғи Талдықорған қаласы шөлдегенде.
Тағдыр қолы қысқанда алқымынан, Бөрі ашуы сырқаттың атырылған. Жазылмайтын дертті де жазған емдеп, Сары қымыз шарада сапырылған.
Ер-тұрманын алтындап, күмістеген Көңіліне кімдердің күн түспеген.
Ақбоз үйдің төрінде ем болсын деп, Қарқараның қымызын кім ішпеген.
Жылқышының көңілін шуақ көріп, Сусындаған жұрт қанша шұбап келіп. Қарқараның қымызы бал татыған Шипа болған жаныңа қуат беріп.
Тал бойыңда тулаған қанға айналып, Сары қымыз ем болған балдай жағып. Қарқараның қымызын сіміргенде Ағылшындар тамсанған таңдай қағып.
Жақсы, жаман кезең бұл жиі алмасқан, Күндер қайда күркіреп қияға асқан.
Сары қымыз ішкенде ұят болса, Арақ ішкен жандардан иман қашқан.
- ХАНТӘҢІРІ
Шуақ құйып тұрса да неше көктен, Көсе де өткен өмірден, көсем де өткен. Қарасазға бардың ба, Серік мырза, Мұқағали жыр болып нөсерлеткен.
Жандар көп те жүрегі күй ұқпаған, Тіршілікті кім сонша тұйықтаған. Серік мырза, киелі Қарасаздың Айдынында аққулар ұйықтаған.
Шағаласы айдында шуылдаған, Қарасазда қара өлең туындаған. Ақынның жаны таза болған емес, Шұғылаға шомылып жуынбаған.
Шауып шығып, ту тіккен көк белеңге, Қай жұрт сенім артпасын текті өренге. Мұқағали – қазақтың қара өлеңі, Ғасырлардың үні боп жеткен елге.
Орманында жайқалған дара емені, Алты алаштың бұл күнде саналы елі. Мұқағали ешқашан өлмек емес, Өлмесе егер қазақтың қара өлеңі.
Кісінетіп күреңін көп түлеген, Өжет ақын болатын от күреген. Мұқағали көзіме елестейді, Хантәңірді көргенде көк тіреген.
Көңілімде бір аспан күркіреді,
Көз алдымнан бұлт көшіп дүркіреді. Хантәңірге айналып тұрып қалған Мұқаңның өзі шығар кім біледі.
- АСЫЛ ЕРДІҢ ЖҮРЕГІ
Сен емес пе кешегі қыр баласы, Биігіне көтерген жыр даласы. Азамат ер өзіңдей көп болса егер, Жыламайды қазақтың нұрлы анасы.
Үзілмеген алдынан сыбағасы, Сен емес пе жастардың бір ағасы. Азамат ер өзіңдей көп болса егер, Құламайды қазақтың мұнарасы.
Қос қанаты қатайып, жетілді елдің, Қашан болат тұяғы кетілді ердің.
Азамат ер өзіңдей көп болса егер, Өксімейді өмірі жетімдердің.
Шуақ шашып, көгінде күн тұрғанда, Жесірлердің көңілі жыртылған ба.
Қалып қойған балалық шағың сенің Даналыққа бет бұрып ұмтылғанда.
Көтерсе де туыңды ел құлатпай, Жүргендер де жоқ емес сені ұнатпай. Қай кісінің көңілі көншіп еді, Өмірінің өзені еркін ақпай.
Достар ғана қабағын суытпаған, Күнің бар ма бірақ та булықпаған. Асыл ердің жүрегін, Серік мырза,
Қалың жұрттың бірі ұқса, бірі ұқпаған.
- НҰРҚАСҚА АТ
Туған елге баянды бақ таратып, Қостың талай бәйгеге ат жаратып. Нұрқасқа атың бірінші келеді ылғи Дүниені өзіне жалт қаратып.
Тамырыңды тулатып аққан арай, Шуақ есіп жетпесін баққа қалай. Нұрқасқаның бауыры жазылғанда, Жердің өзі ығысқан артқа қарай.
Болашағы қол бұлғап, дауыстаған Азаматтың басынан бақ ұшпаған. Бұрынғының ақ семсер серілері Қорасында сен құсап ат ұстаған.
Қосқан сайын бәйгеде озған атың, Тау да сол сәт қызынып қозғалатын.
Тұлпар менен қыран құс, Серік мырза, Тіршілікте талмайтын қос қанатың.
Тауың барда тұрасың аласармай, Жүрегіме жұртыңнан жара салмай. Атың барда ызадан тас шайнайды, Дұшпаның да өзіңмен таласа алмай.
Уақыттың қым-қуыт дүрмегінде, Күн күледі көзіңнен күлгеніңде. Шалғайыңа ит барма жармасатын, Ат үстінде алшайып жүргеніңде.
Қызық қуып өскесін нұрлы өңірде, Күңіреніп көрмедің күрең күнде.
Атың неге шаппасын, Серік мырза, Бағың шауып тұрғанда бұл өмірде.
- ШАПЫРАШТЫ НАУРЫЗБАЙ ХАҚЫНДА
Кісі бар ма бұл кезде қыр аспаған, Көңілімнің есігін кім ашпаған.
Ата ерліктің білмейді не екенін Наурызбайдың рухымен сырласпаған.
Ат жаратып өскен соң нұрлы өңірде, Сауық-сайран құрмасын кім елінде. Атылмаған жанартау кетті қанша Наурызбайдың жолбарыс жүрегінде.
Арыстаны дамылдап шыңда жатқан, Батыр барда қай қазақ мұңға батқан. Маңдайының тері ме сорғалаған Тарау-тарау бұлақтар тулап аққан.
Қаратаудың жаралған қуатынан, Наурызбай ер жауына тура атылған. Аспандағы құс жолы қалып қойған Тұлпарының шаңы ма шұбатылған.
Батыр неге от шайнап, күркіреді, Көзінде әлі көктем боп күн күледі. Жұлдызды аспан жебелер тесіп өткен Ақ сауыты болар ма кім біледі?!
Қандай қатер төнсе де азынаған, Батыр еді бұғынып жасымаған. Қырға қарай жайылған қызғалдақтар Наурызбайдың қаны ма шашыраған.
Айлы аспаны тазармай қара бұлттан, Батыр еді өрт болып алабұртқан.
Жарға біткен жантақты нар жегенде, Ел қамын жеп Наурызбай алау жұтқан.
Төбесіне көтерген Хантәңірі, Наурызбайдың жұлдызы жанды ақыры. Ескерткішке айналып тұра қалған
Қара тастың бүлкілдеп қан тамыры.
Төрт түлігі көктемде түлеп өрген, Сардар еді өмірге күле келген.
Мына ескерткіш батырдың рухы шығар Жүрегінен даланың түрегелген.
Қалың жауға жасқанбай төте кірген, Сардар еді қайдан да өте білген.
Мына ескерткіш батырдың өзі шығар Көктөбенің басына көтерілген.
Семсерінің көрмеген жүзі кетіп, Батыр еді ұшырған құс түлетіп. Көктөбенің басында қайран сардар Тыныштығын даланың тұр күзетіп.
- ЖАРАЛМАСАҢ БАТЫРДЫҢ СҮЙЕГІНЕН
Серік мырза, өмірді сүйе білген, Туып едің өңірде кие жүрген.
Наурызбайдың көтердің ескерткішін Жаралғасын батырдың сүйегінен.
Көңіліңнен бір алау өріледі, Елді ойласаң, қабырғаң сөгіледі. Наурызбайдың өр мінез қасиеті
Жанарыңнан жарқылдап көрінеді.
Туған елін ту етіп бақта жүрген, Ер жігітсің жасынан атқа мінген. Екіталай күн туса ел басына,
Сендей жандар сардар боп сапқа кірген.
Бейбіт жұртын тонаған жайшылықта, Қайырады қанатын қайшылықта.
Тағдырына қасқайып қарсы өседі, Жел өтінде жетілген қай шыбық та.
Саясаттың ызғарлы желі ескенде, Кімдер аттан ұшпаған белес-белде. Қайран уақыт дауыл боп борағанда, Қара еменге айналдың егескенде.
Серік мырза, өмірді сүй білген, Туып едің өңірде кие жүрген. Жаның сенің ақ жайлау болмас еді, Жаралмасаң батырдың сүйегінен.
- ЖАҚСЫЛЫҚ ПА ДЕП ТҰРАМ КЕЛЕ ЖАТҚАН
Көңіліңнен бір алау өрілгенде, Көктем болып жүгірдің көңілді елде. Көрінеді төбесі жақсылықтың, Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Шуақ сыйлап жүгірген байтақ елге, Таудай қуат бітеді қайран ерге.
Жалғандықтың бәрімен мылтықтасып, Бұл күндері айналдың майдангерге.
Уақыттың тулатып ұлы ағысын, Азамат ер әлі де туады шын.
Туған елдің қайтарған сен емес пе, Нарық жылы жоғалған қуанышын.
Көкірегі шерменде күйге толған, Үйі жоққа сен едің үй де болған.
Қара қылды қақ жарып кім сөйлейді, Егер бола білмесең биге қорған.
Айдыныңды тұрғанда шың асырып, Жетелейді сені алға күн асығып.
Жағдай айтып алдыңа кім барса да, Көңіліңнің есігі тұр ашылып.
Маңдайына дұшпанның шеге қаққан, Бабаң сенің шіреніп жебе тартқан.
Қара жолдың бойынан сені көрсем, Жақсылық па деп тұрам келе жатқан.
- ДИМЕКЕҢНІҢ ТӨРТ ЕСКЕРТКІШІ
Дүниенің сұмдығын жүре көрген, Дінмұхамед кісі емес жүрегі өлген. Алатауы болатын алты алаштың Ғасырлардың төрінен түрегелген.
Ақиқатқа, шындыққа ара тұрған, Асыл еді ақ нұрдан жаратылған. Жалғандықтың шайқаған шаңырағын Ұлы дауыл туғанда қанатынан.
Тіршілікте бақ қуған, киік қуған Заманынан кісі еді биік туған.
Дінмұхамед болатын тірісінде Мына қарау қоғамға күй ұқтырған.
Көбе жоқ-тын ол кезде сөгілетін, Найзағайдан от қамшы өрілетін. Димекеңнің тұсында азамат ер Ақбоз аттың үстінен көрінетін.
Жұрттың бәрі жүрегін Айға ашатын, Күндер жоқ-тын көңілден қайғы асатын. Димекеңнің тұсында абыз қарттар Ақбоз үйдің төріне жайғасатын.
Қуанышқа жүрген соң жиі жетіп, Көрген емес көңілдің күйі кетіп. Димекеңе тұрғыздың төрт ескерткіш Заманынан тұғырын биік етіп.
Көңілінің шырағы жағылғанда, Күтіп сені тұрады бағың алда.
Барып жүрген шығарсың ескерткішке Ұлы Димаш ағаңды сағынғанда.
Өткелінен өмірдің өте білген, Сенің ойлы көзіңнен от өрілген.
Димаш рухын көтерген жанның бәрі Бағы жанып, биікке көтерілген.
- МҮМКІН БАҚЫТ ШЫҒАРСЫҢ
Жастық шағы бақ қуған қырда қалған, Азаматсың жүрегін нұрға малған.
Қайран Димаш төрт бірдей ескерткіш боп, Сенің пәрмен күшіңмен тұлғаланған.
Тағдыр сұсты қабағын суытқанда, Бетің қайтар ұлдан да, ұлықтан да.
Қонаевтың пір тұттың аруағын Жақсылығын көргендер ұмытқанда.
Ұлыларды көрінде ұлытпаған, Айбозымсың арысын ұмытпаған. Қараулықтың бәрімен жағаластың Ақиқаттың есігін құлыптаған.
Алты алаштың мінгелі кемеге елі, Жұртқа айналған іргелі, керегелі. Тұрған жоқ па айдының кімнен де асып, Асқақ рухы Димаштың жебегелі.
Ел қамын жеп көзінен мұң кетпеген, Димекеңді күллі әлем құрметтеген. Жүрегі үлкен өзіңдей жайсаңдардың Қадіріне бүгінде кім жетпеген.
Жаратылған жан едің жаны алаудан, Жұрттың түгел көңілі саған ауған.
Көктем шығар деп тұрам сенен ескен Самал соқса аңқылдап жағалаудан.
Бұлт шала ма көгіңді көңілді елде, Ұлтаны елдің сен барда сөгілген бе. Бақыт келе жатқандай сезілетін Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Қара тобыр қарамай мал-жайыңа, Жармасады неге әлі шалғайыңа.
Мүмкін бақыт шығарсың кім біледі, Елдің біткен жарқырап маңдайына.
- ҮМБЕТОВКЕ БАРЫҢЫЗ
Сұрапылда қан кешіп, алау жұттың, Білместігі әлі де бар-ау жұрттың.
Қара орманы шындықтың жайқала ма, Тұрса шауып балтасы Қараулықтың.
Жанарыңнан жаңбырлы жыр төгіліп, Көңіліңнің көбесі тұр сөгіліп.
Бір пәтерге зар болып жүрсің әлі, Дүниенің барлығы тұл көрініп.
Қайдағыны қозғайсың күңіреніп, Анасынан туады кім тіленіп.
Пәтер бермей сорлатса не істейсің, Жазған құдай тым ұзақ ғұмыр беріп.
Туған елдің жігерлі жасына еріп, Жүгірсең де даланың шашын өріп. Тұтқасы алтын есікті аша берме, Ұлықтардың бәрін де асыл көріп.
Аман болса қазақтың көңілді елі, Неге еспесін алдыңнан өмір лебі. Кең бөлмеге жайғасқан ұлықтардың Бәрі бірдей кең емес көңілдері.
Қадіріңді ер жоқта білсін бе елің, Күңіреніп, ақсақал, күрсінбегін. Үмбетовке барсаңыз жағдай айтып, Ашылады бұлтынан тылсым көгің.
- ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ГҮЛІ
Қабарғанда түнеріп қайран аспан, Бұлт ішінде қамалып ай да адасқан. Жетісудың жүгірген жеті өзені Өзің барда адасып қайда қашқан.
Толқындардың тілімен жырлап алып, Өзен қанша жоғалған құмға барып.
Ойлы өзеннің бірісің, Серік мырза, Арнасында бұрқанған тулап ағып.
Заман артқан жүгіңді жеңіл деме, Ар-намысың тереңнен тебіне ме. Тұманданып тұратын дүниеде, Сен адаспай адассын елің неге.
Туың сенің желбіреп асқарыңда, Құс ұшпаған адасып аспаныңда. Адалдықтың есетін ақ самалы, Адалдықтың есігін ашқаныңда.
Жоғалғанда жамандық жыраққа асып, Жақтың қанша көңілге шырақ тасып. Өзің барда, бауырым, адаспаған Талдықорған жерінен бұлақ қашып.
Серік мырза! Жолыңды кім кеседі,
Көңіліңнен көктем боп жыр еседі. Қайда сапар шексең де,
Ізіңе ылғи
Жақсылықтың тербеліп гүлі өседі.
- СІЗ БАР ЖЕРДЕ
Сіз бар жерде самал да көңілді ескен, Қайта жанған жұлдыздар көгіңде өшкен. Арақ-шарап ығысып дастарқаннан Жұрттың бәрі саналы өмір кешкен.
Мүмкін ұлы шығарсың қамшыгердің, Сіз бар жерде оянған намысы ердің. Жеткеніңде баянды бағы болып,
Нұр боп жауған көгіңнен алғысы елдің.
Сіз бар жерде қарттар да қуаттанған, Елін қорғап, майданға ұлы аттанған.
Сіз бар жерде бұлттардың бәрі ыдырап, Дүние түгел жадырап шуақтанған.
Сіз жоқ жерде тал-терек қуаратын, Сіз бар жерде сәбилер қуанатын.
Жасау менен жабдығы түгенделіп, Жас отаудың сүйегі құралатын.
Сіз бар жерде қоғамды сауықтырып, Жастар сайран салатын сауық құрып. Бес қаруын асынған сарбаздарың Тұрады ылғи сұсымен жау ықтырып.
Тіршілікті тобықтан тұралатқан, Күндер ғана сіз жоқта мұңға батқан. Сіз бар жерде даладан қуат жиып, Өмірімнің өзені тулап аққан.
- ҮМБЕТОВТІҢ КӨРІНГЕНДЕ ТӨБЕСІ
Қасиетін жиып өскен даламның, Жүгін неге көтермесін ғаламның. Иіргенде алшы түсер асығы Үмбетовке үміт артқан адамның.
Адамдардың құзырлы ма барлығы, Жаратқанның өзгермейді жарлығы. Үмбетовке сенген ізгі адамға Етігінің сезілмейді тарлығы.
Жылқы ішінде қазанаттар бағалы, Ақиқаттың тартылмайды Аралы. Үмітіңе үкі таға білетін
Үмбетов кеп басқарған ел жағалы.
Топқа түссе, көздері оттай жанатын, Азаматқа кінәң бар ма тағатын.
Жалт беретін Үмбетовті көргенде, Зұлым ит те үндемей кеп қабатын.
Жүрегінде өмір гүлдеп көктеген, Ер жігіттің тауы жерге шөкпеген. Үмбетовті үлгі тұтып қашан да, Үлкендер де алдын кесіп өтпеген...
Өмір деген биік жартас, құлама, Тауқыметті көп тарттым деп жылама. Үмбетовтің көрінгенде төбесі,
Үміт отың жанбай, сірә, тұра ма.
- МЕНІ ӨЗІҢДЕЙ ТҮСІНГЕНДЕ
Қуанғанда көзімде күн күледі, Бақытты ақын шығармын кім біледі. Серік мырза, үйге іздеп келгеніңде, Көңілімде күркіреп жыр түледі.
Тіршіліктің сыр айтып өткелдері, Ат үстінде келесің көптен бері.
Көкірегім күмбірлеп күйге толған Көңіліңнен ескенде көктем лебі.
Өзің барда баянды бақ ұсынған, Туған елде кімдердің сағы сынған. Серік мырза, сен едің ақжал толқын Ғасырлардың жаралған ағысынан.
Тал бойында тулаған барыс қаны, Ақ сұңқарсың самғайтын алысқа әлі. Арманыңды арқалап жосылуда Өміріңің бұрқанған ағыстары.
Ұлы дала төсінде дамылдаған, Ел ішінде кім сізді сағынбаған. Көңіліңнің шуағы болар, бәлкім, Үй ішінде ақ сәуле ағындаған.
Алыс-алыс жолдарға жиі аттанып, Елге бақыт іздейсің күй ақтарып.
Кейде менің көзіме елестейсің Адалдықтың ақ шыңы сияқтанып.
Ақын кейде өмірден түңілгенде, Ой кешеді түнімен, күнімен де. Мүмкін мені түсіндің,
Жүрегіме
Жүрегіңнің көзімен үңілгенде.
Кейде шошып оянам түсімнен де, Сұмдар қанша көздеген құсымды елде. Мен бақытты болармын
Өрт жанымды
Жұрттың бәрі өзіңдей түсінгенде.
- САҒЫНЫШТЫҢ САРЫ АТЫ
Сүңгіп жазған ойлардың тереңіне, Жырым елдің жарай ма керегіне. Серік мырза, білсең айт!
Байланады
Қашан алтын жапырақ терегіме?
Жүрегімді тусам да нұрға малып, Тағдыр көзі алдымда тұр ма аларып. Қашан менің бағымды суарады, Өмірімнің өзені тулап ағып?!
Суық ызғар ескенде сұр ғаламнан,
Көз жаздым ба, білмеймін, мұнарамнан. Әділетсіз жаралған қарау қоғам
Қағып әлі келеді сыбағамнан.
Көшін бастап, бетке алған шұғыланы, Арманымды бұл күнде кім ұғады.
Серік мырза, өзіңді бұта көріп, Бозторғайы жанымның тығылады.
Тал шыбықтай өссе де мың бұралып, Ер жігіттің қашан да тұғыры алып.
Мені ылғи да қасына шақырады, Бір жолбарыс кеудеңде ыңыранып.
Жүрдім қанша адасып сағымдарда, Төрге шыққым келеді бағым барда. Сен есіме түсесің, Серік мырза, Адамдардан кісілік сағынғанда.
Сорладым ба, кім білсін, шетте қалып, Жүрегімді қойған кім дертке малып. Тартып кеткім келеді саған қарай Сағыныштың сары атын ерттеп алып.
- ДҮНИЕНІҢ ҰЛТАНЫ СӨГІЛГЕНДЕ
Семсеріңнің көрді ме жүзі кетіп, Өткелдерден келесің жүзіп өтіп. Талдықорған еліне сен барғалы, Күрең мінген жұрт қанша кісінетіп.
Сардалада тайпалтып жорға мінген, Жұрттың бәрі жолаушы жолда жүрген. Наурызбайдың, кім білсін, рухы шығар Серік мырза, өзіңді қолдап жүрген.
Болашақтан көз жазып, қол үзбеген, Жұрттың бәрі жолаушы жоқ іздеген.
Кісі бар ма өзіңмен сырласқанда, Көңілінің шуағын бөліспеген.
Жағалаудың қызықпай қамысына, Ер жігіттің айналдың намысына.
Зуылдаған уақыт толқын атып, Өміріңнің тулаған ағысы ма?!
Сұрқай заман құтырып, жын атқалы, Жүргендер көп туыңды құлатқалы.
Серік мырза, сен барда өскен емес, Қара орманның қисайып бұтақтары.
Күнің сенің биіктен көрінгенде,
Ат жаратып, бақ қудың көңілді елде. Қағылатын нық шеге секілдісің Дүниенің ұлтаны сөгілгенде.
- БАТЫР БАБАҢ КӨЗ ЖҰМҒАН АТ ҮСТІНДЕ
Талдықорған жеріне сіз барғалы, Арай болып көкте елдің жүзді арманы. Көңіліңнің көк туы тұр желбіреп, Азаттықтың кемесі мұз жарғалы.
Тулап туған жан едің ұлы өңірде, Қырық шырақ жанып тұр жүрегіңде. Атың сенің тұрғанда өрге шауып, Сенен жақсы кісі жоқ бұл өмірде.
Жан сарайын талайдың арайлаған, Атымтайсың жоқтарға қарайлаған.
Барыс болып алысқа секіреді,
Тал бойыңда барыстың қаны ойнаған.
Құлындарың жер тарпып желісінде, Кемең жүзіп келеді теңізінде.
Елдің қамын, бауырым, жей бермеген Жүргендердің бәрі де ел ішінде.
Қара тобыр қой бақпай сөз баққалы, Тұманданған таулардың боз қапталы. Жүргендер де жоқ емес ел ішінде, Бостандықтың ботасын боздатқалы.
Көрінетін жау көп те жат пішінде, Ыңыранып бір барыс жатты ішіңде. Аттан сен де түспегін, Серік мырза, Батыр бабаң көз жұмған ат үстінде.
- АДАЛДЫҚТЫҢ ШЫҢЫ
Азаматсың бұл күнде ер тұлғалы, Өлең талай жазылар сен туралы.
Сен бар жердің бәрінде шаң басылып, Сезілмейді ышқынып жел тұрғаны.
Мұнара боп жүгірген сардалаға, Жігіттің жігіттігі арда ғана.
Сені тапқан анадан туған шығар Шырақ болып жанғандар бар қалаға.
Жалғандықпен алысып аласұрған, Ақсұңқардың бірісің дала ұшырған.
Бірақ сендей жігіттің арқасында Ақынның да,
Елдің де бағы ашылған.
Туын биік көтеріп тірі адамның, Қолтығынан сүйедің құлағанның. Серік мырза, өмірге сен келмесең Кім сүртеді көз жасын жылағанның.
Сенем, саған! Жігітсің өр еңселі,
Биіктердің бәрінен көрем сені. Ақиқаттың тілінде сөйлейтұғын Сенің арқаң Алаштың көгерсе елі.
...Ауызынан маржан сөз төгілетін, Кісі азайып бара ма жөн білетін. Әттең, сіздей азамат аз боп тұр-ау, Адалдықтың шыңынан көрінетін.
- БОЛАШАҚТЫҢ ТӨРІНЕН КӨРЕМ СЕНІ
Кімнің қандай екенін ел біледі, Туың талай биікте желбіреді. Серік мырза, өзің кеп басқарғалы Елдің қашан орманы селдіреді.
Құзырыңа жүгірген жат табынып, Мұңын шаққан алдыңда ақтарылып. Сардаланың төсінен арна тауып, Туған елдің байлығы жатты ағылып.
Тіршіліктің көзінен жыр аулаған, Тырна күндер жатты өтіп тыраулаған. Суық күзде сен жеттің көктем болып, Терезесін көңілдің қыраулаған.
Қайта жанған мезгілде сөнген арай, Шықтым деме күркіреп төрге қалай. Баяғыдан келеді толқып ағып, Өміріңнің өзені өрге қарай.
Азамат ер жүргенде ат үстінде, Сарсылады шошынып жат түсінде. Оқ бойы озық туған соң заманыңнан
Бір жанартау тұншығып жатты ішіңде.
Жалғандықтың бетіне тура атылған, Өмір түлеп жатады қуатыңнан.
Жібек жолың болар ма, Серік мырза, Аспандағы құс жолы шұбатылған.
Өзендерді жетелеп жүгіргенде, Көтеретін жан бар ма жүгіңді елде. Сырт айналдың іргеңді аулақ салып, Жаны суық жандардан түңілгенде.
Жанарыңнан ақ сәуле шуақ есіп, Нұр төгіліп тұрады түріңнен де. Болашақтың төрінен көрем сені, Болашақтың көзіне үңілгенде.
РЕСЕЙ
Бұрынғыдай мықты емес кісенің де, Қалжыраған қабаның, күзенің де.
Шілдің қиы секілді тоз болсаң да, Нең бар, айтшы,
Оу, Ресей, кісі елінде?!
Өзге ұлыстар ат болса арқандалған, Қазық сенсің құлаған жардан қалған. Құрсаулаған мұз болсаң айдындарды, Қалың мұзың сөгіліп талқандалған.
Құт-береке жоғалып бай далаңнан, Достар қанша сусыған айналаңнан? Жұртта қалып аңыраған әкедейсің, Көремін деп жақсылық қай баламнан.
Ойлан, Ресей!
Ер боп та ту ұстаған,
Зауал туса тағынан кім ұшпаған. Ат құйрығын кесісіп,
Ұлыс қанша
Аулақ салып іргесін жылыстаған?!
Мұнай үшін соғыспа сарқылатын, Су үшін де суыспа тартылатын.
Өз елің мен жеріңде байлық қанша, Бір басыңа жетіп те артылатын?
Көнсе – көнген шығар-ау зорлығыңа, Бірақ енді төзбейді қорлығыңа.
Кетем деме қыстырып кең даламды, Шешен халқы симаған қолтығыңа.
Елім – егеулі найза егескенде, Атойлаған қырдан да, белестен де. Арғымақтың алқынған демі деп біл, Алатаудан аңқылдап жел ескенде.
Бірге көріп талайын құрметтің де, Өткелдерден өзіңмен бірге өттім де. Сала берме мойныма күрме жіпті, Шеті менен шегі бар күрмектің де. Елімді әлі сұлтан боп басқармақсың, Ұлтаның боп мен сонда жүрмекпін бе?
Жо-жоқ, Ресей! Алжасып қара баспа,
Ішкі ісіне елімнің араласпа. Бұрынғыдай сен мені керіп қойып, Аса алмайсың асқақтап дар ағашқа. Тұнығымды лайламай аулақ жүргін, Өз билігім өзімде –
Дара жаста
Бәрі пісіп жетілген шара баста.
Түлкі құйрық өмірде бұлтаңы көп, Қаршадайдан жетілген жұрт қамын жеп. Өз елінің ұлтаны бола білген
Басқара да біледі сұлтаны боп.
НАРЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА
Бәрі де қат бұл күні – көнесің де, Құрып біттік дегенге сенесің бе? Жылтыр айна секілді жалтырайды, Дүкендердің түк те жоқ сөресінде.
Жоқ болғасын
кетеді күйіп пенде, Ішкің сонда келеді күйіктен де. Оның және табылмай сарсылтады,
Байлықтан да қат болып, биліктен де.
Ақшаның да құны жоқ, адамның да, Бұзылғаны, сірә, бұл заманның да. Жаман қарға аспанға толып кетсе, Бағасының артқаны жаманның да.
Неге бұлай?
Себебін қайдан білем, Өмір – күрес,
Өмірің майдан кілең.
Неге, ендеше, жақсыға бұйырмайды, Табанына жаманның жайған кілем?
Қашып жүрген жоқпыз-ау күрестен де, Не түседі жаманмен тірескенде?
Иман керек адамға, иман керек, Қалсақ мейлі, қайтеміз, үлестен де.
Шотқа қақпай тырнақтап жиғаныңды, Шындық жолы – күресте қи жаныңды. Дүниенің бәрі қат бұл қай заман,
Үйір деген заман ба иманыңды?!
ДЕФИЦИТ КӨБЕЙГЕН ЖЫЛДАРДА
- Қарындас екенсің-ау арда күрең, Ұстаған дүкеніңде бар ма кілем?
- Жоқ.
- Неге?
- Дефицит.
- Ағаң ем арда күрең арқыраған, Телевизор бар ма, қалқам,
Түрлі-түспен жарқыраған?
- Жоқ.
- Неге?
- Дефицит.
- Қалқам-ай, дүниеде ең керегі екен-ау мәшиненің дөңгелегі.
- Жоқ.
- Неге?
- Дефицит.
- Көңілім сендей қызға жолығар ма, Әйелдердің қаракөл тоны бар ма?
- Жоқ.
- Неге?
- Дефицит.
- Сұлусың алғы күнге үміт артқан, Шығарсың бұл күндері жігіт тапқан.
- Жоқ.
- Неге?
- Дефицит.
- Ауысып міне берген жиі аттарға, Әуелі қалқам, сенде, ұят бар ма?
- Жоқ.
- Неге?
- Дефицит.
Дүние оңалмасын байқағасын, Қазандай қайнамайды қайдан басың. Өзгені сөз етудің қажеті жоқ,
Ар-ұят дефицитке айналғасын.
ОРЫС ЖІГІТІНІҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫНДА
Жандырғанда жүрегін өртеп арман, “Тесік моншақ жоқ, – деп те, – жерде
қалған”.
Көрші жігіт үйленіп, той жасады, Шақырғасын сол тойға мен де барғам.
Бұйырғанын еркін жеп, еркін ішіп, Жұрт отырған көңілді желпінсіп. Қызғылықты шақ еді, Жоғалғандай
Мұңның бәрі кейінге серпілісіп.
Кеңістікті дүр сілкіп тұман жапқан, Бір ғаламат той болды думандатқан. Билер қанша биленді –
Көк теңіздің
Секілденіп толқыны тулап жатқан.
Алдарынан саумал жел көркем есіп, Жұрт отырса ән шырқап, өркені өсіп. Екі қазақ сол кезде тыста жүрді, Қызыл шеке қан болып төбелесіп.
Неге сонша ұяттан тұлдыр еді, Жүрегімді сол бір жай тілгіледі. Түтініміз қисайып, түзу ұшпай Түзелуден кеттік пе...
Кім біледі?!
БІР БАСТЫҚҚА
Намысы өліп,
Жүрген бір қаны қызбай
Жан боларсың тегінде жаны мұздай. Тұмсығыңды көтеріп қалыпсың-ау, Байға тиген жаңадан кәрі қыздай.
Күйіп-жанбай жаныңа дамыл беріп, Көтерілген жанбысың сағымға еріп. Неге адаммен кісі боп сөйлеспейсің, Алаулаған жүрегін жалын көріп.
Сұрғылт тастай сұр жүзің бедірейіп, Тықсырып тұр өнерлі ерді кейіп.
Шыға кепсің бір күнде Сары орыстың
Шіркей шалғы мұртындай едірейіп.
Шірену ме?
Үйренген жаңа амалың,
Көшіп жүрген сен де бір – жаман ағын. Күлі болып қаларсың сен шашылып, Мен үніне айналған замананың...
Сорым деуге бола ма, бағым деуге, Жігіттерді өсірмей жалын кеуде. Өсіре ме сұмдарды
Нар халықтың
Жан салмайтын алдына нанын жеуде.
Не болса да көрінсін өз басыңа, Түбі сенің, мен кепіл, озбасыңа.
Жеп отырған сен де бір сұңғыласың, Нанын малып халықтың көз жасына.
АСТЫ-ҮСТІНЕ ШЫҚПАСА ДҮНИЕНІҢ
“Өлгендерді әкеден мен боқтаймын, Аты-жөнін өшіріп көңілден де.
Тірілерді әкеден мен боқтаймын, Көз жұмылып бір белге көмілгенде”, Деп ісінген әкеден туған бала,
Әкім болып биіктен көрінгенде. Естен танып тірілер,
Жатсаң да өліп,
Шошып тұра келерсің көріңнен де.
Арасынан кір қоқыс шығушы еді, Көрпелердің астары сөгілгенде.
Құл басқарса жұртыңды жетісерсің, Сайқалдайын құбылып өмір демде.
Құл басқарған қай ел де құлға айналған, Күн кешем деп ойлама көңілді елде.
Қара топан тасқындап сай-салаңда, Айдалада қаларсың құм жастанып. Жеткізді, айтшы, жұмаққа қай заманда Жұпар иіс жұртыңды құл басқарып?
Күні туып маңқиған кіл түйенің, Ел билеген миғұла бастар ғана. Асты-үстіне шықпаса дүниенің
Құл-құтандар халқымды басқара ма?!
МӘҢГҮРТ ЖАНДАР
Көгінде жұлдыз аунаған, Ағындап шуақ саулаған Азаттық алған заманда Көтеріп тұрған даласын Менсінбей келген тау жаман.
Арам шөптей қаулаған Мәңгүрттер қанша Сайтаннан түрі аумаған Оқ атқан туған халқына
Ішіңнен шыққан жау жаман.
Өзімнің туған жерімде Жүрейін неге жақ ашпай.
Мәңгүрт жандар тегінде – Сап болып қара балтаға Орманын шапқан ағаштай.
Мәңгүрт жандар тегінде – Сатқын болып туғасын Жүрмесін неге сатылмай, – Қолдан қолға ауысқан Өтімді өзбек затындай.
Мәңгүрт жандар тегінде – Құшақтап жатып өз байын Бөксесін бұрған басқаға Тақымы құрғамас қатындай.
Мәңгүрт жандар тегінде – Орылған бітік егіннен
Қап қойған дұшпан масақтар. Жүр неге тірі жеріңде Қайдасың
Қайқы қылыш қазақтар?!
АҚЫНДЫ АҚЫН ҚАЙРАҒАНДА
І
Билік тиіп итке де, Құмайға да,
Шырайлана бере ме, шырайлана. Ақын неге ұмыт боп қалады ылғи Ауызына сөз салған Құдай ғана?
Сары майдан қыл тартқан ептілікпен, Уақыт, шіркін, диірмен ерді үгіткен.
Арғымақтай қалыпсың арып сен де, Асыраған секілді елді үмітпен.
Атқа қонбай оу, ақын, жүрсің неге, Бір басыңа жетерлік тектілікпен?
Алпысқа кеп алқынып қалдың ба, әлде Қайда,
Қайда мінезің желді үркіткен?!
Шаң боратып жетсең де қайсы белден, Мінез қайда адуын айшық өрген?
Мінез қайда сабаған прокурорды Кісіліктің заңына қайшы келген?!
Жүрегіңде тым ерте кек түлеген, Өрлік қайда?
Жоғалып кетті неден? Тектілерді тілдеген хатшыны да, Бөлмесінде сен едің тепкілеген.
Сені көрсе хатшының есі кетіп, Ашушы еді құшағын есік етіп. Өткір өлең сен едің сол кездегі Жалғандықты зулаған тесіп өтіп.
Жанып жүрген кезіңде жете маздап, Тас та тиген басыңа,
Шекеңе аздап.
Сен емес пе ғайыптың күшіменен Аман қалған сотталып кете жаздап.
- Қырған! – деп те қазақтың көктем-елін, Партияға есімде өтпегенің.
- Биіктерге мені ылғи жетелейді, Аман болса, – дедің сен, – отты өлеңім.
Аласа ойдың шыдамай күйігіне, Көтерілдің алпыстың биігіне.
Арқыраған алпыс та ақ боз айғыр, Жолатпаған қасқырды үйіріне.
Көтер, ақын! Ауысып бара жатыр
Замананың салмағы иініңе.
ІІ
Нар халыққа ақыннан жақын бар ма?
Сен де ақынсың қара орман халқың барда. Әкімдер көп,
Азамат аз заманда
Билік тимей оңбайды ел ақындарға.
Өз қағынған безінген құлан қашып, Көз көрмеске жоғалған қыран да асып. Елдің қамын ойлаған ақын болса,
Атқа неге қонбайды ұрандасып? Ақындардың көзінде – бүкіл ғалам, Жақсы, жаман...
Бәрі де тұр алмасып.
Алатаудан құт, бақыт – шынар қашып, Қарлы шыңын үлгерген мұнар басып. Нарық болып халқыңды қыспаққа алып, Жылан көздер әлі де тұр арбасып.
Елдің қамын ойлаған ақын болса, Атқа неге қонбайды ұрандасып?
Елің анау тотығып күн қақтаған, Бастықтары – жолбике бұлғақтаған. Бара қалсаң
Май балық секілденіп,
Бірде-бірі ұстатпай сырғақтаған. Аналарды ана деп айтамыз ба, Едігедей еңіреп ұл таппаған.
Айналайын Алаштың азғаны ма, Қала, дала...
Бәрін де жын қаптаған.
Өзің сынды ұландар болмаса егер, Ұрыларды бүгінде кім таппаған?!
Неге бұған ар-намыс туламасын? Сәуледейін сүйеген шыңға басын. Ел торыған ұрылар тумай қайтсін, Ел қорыған Махамбет тумағасын.
ІІІ
Ақын бар ма ел бұзып, Шырықты алған,
Ақын – өзен емес пе тұнып барған. Неге, ендеше, футболдың ойыншысы Секілденіп алаңнан шығып қалған?!
Ескі үйлердей есігі құлыпталған, Ақындардың кезі ме ұмыт қалған?! Қазақстан – арналы өзен болса, Сырып та алған байлығын,
Жырып та алған, –
Кілең бастық биікте сұрыпталған.
Көктем етпей көңілін, Көрікті етпей,
Түнерген-ді қайта елге төніп көктей. Басшыларда намыс жоқ,
Күйзелгенде ел
Намыс болса жүр неге өліп кетпей?!
Солар үшін ұялып жүрсің сен де, Солар үшін ұялып жүрмін мен де. Екі бетің алаулап қарай бердің Ұлы Алатау ақырын күрсінгенде. Сыртқа шығар іштегі шердің бәрін
Қақ жарылмай тұрғанда тылсым кеуде.
Халқын, елін маңына жуытпаған, Бастық бар ма қабағын суытпаған. Ұмытса да ұлықтар,
Арлы ақынын
Ақылды елдер ешқашан ұмытпаған.
Сен де ғұмыр кешерсің ұмытылмай, Мен де ғұмыр кешермін ұмытылмай. Нар халықтың жұлдызы жанбас, бірақ, Ақындардың алдымен күні тумай.
ЖЫРҒА ҚОССАМ ДА БҰЛ ҒАСЫРДЫ
Ала құйын дауылды, бұрқасынды Жырға қанша қоссам да бұл ғасырды. Мен кіретін есіктер тарс жабылып, Сидыра алмай сарсылдым бір басымды.
Аш қасқырлар тобымен қасымда ұлып, Сан шағылдым тау-тасқа басымды ұрып.
Ашылсам деп өнерде жүрген кезде Жіберіпті мені өмір ашындырып.
Арақ ішіп сандалып, жүріп қалып, Түзелген де шығармын құрып барып. Сорлағанда кездерім көп болды ғой, Жаңқалардай жағаға шығып қалып.
Пайда жоғын сезгендер қашты ұғынып, Жанарыма мөлтілдеп жас тығылып, – Тас ғаламда тіршілік еткесін бе,
Қайда барсам жүргенім тасқа ұрынып.
Сірә, кісі болармын өнеге артқан, Жамандықтың бәріне жебе тартқан. Кейде өзімді кемеге ұқсатамын, Қарсы жүзіп ағынға келе жатқан.
ЖАЗҒАН ЖЫРЫМ – ХАЛЫҚТЫҢ БАЙЛЫҒЫ ЕДІ
Сұмдық қанша жолдарда жолықтырған? Күндер қанша жанымды торықтырған? Аңғал-саңғал үйге де мен ұқсаймын, Жан-жағынан ызғырық соғып тұрған.
Алай-дүлей не нәрсе шырықты алған? Қайықпын ба жағаға шығып қалған?
Жалғанбаған жарықтың қуатына, Шәйнекке де ұқсаймын суып қалған. Жапырағы тоналған талмын кейде Жел өтінде ыздиып тұрып қалған.
Күн кешкесін көңілі жарым елде, Бақыт түгіл бақыр жоқ әлі менде. Жалған дүние, шынында, жалған екен, Бәрі алдайды,
Түңілдім бәрінен де.
Көңіл қалып достан да, таныстан да, Жақыннан да безіндім, алыстан да. Мыңды қалай жеңемін,
Жеңіп пе еді –
Мыңмен жалғыз ұлы Абай алысқанда. Ерлер қайда жыр оқып, жаны ағарған, Жаны ағарып,
күн сайын жаңаланған?
Не айтасың бұл жұртқа Кітап алмай
Малын сатып апиын арақ алған?!
Аласармай тұрсын деп асқары ердің, Ашық, нұрлы болсын деп аспаны елдің, – Жазған жырым –
Халықтың байлығы еді,
Сол байлықтан бұл қалай қашқаны елдің?!
Тылсым сырын жасырған терең көлдей, Жырым қанша жабыққан елге еленбей? Байлығынан бас тартып қашса, ағайын, Кедейленбей қайтеді,
Кедейленбей.
ҰМЫТПАЙДЫ АҚЫНЫН
Сағындым ба
түседі кеп есіме...
Ерте ілінген ажалдың жебесіне, Әкең сенің текті еді,
Көргенді еді,
Арлы ақынды көтерген төбесіне.
Әр нәрсені бір шатып, сайып келіп, Ақындықты жүрсің сен айып көріп. Алатау боп жан әкең қарсы алатын, Тасып аққан мені бір Жайық көріп. Мен кеткенше қасымда жүруші еді, Үлкен кеме секілді қайыққа еріп.
Тіл безеген ақынға – асыл айға, Қылығыңды көрсе әкең жасымай ма? Жамансың ба жақсыдан туған, әлде Татымайтын бір атым насыбайға.
Ақындықты шын ерттеп, жеке мінген Күнің бар ма жан сырын жете білген? Мені көрсең –
Жолдағы шеңгел құсап, Тартқыламай қалмайсың етегімнен.
Ел еңселі ақынмен, Ер еңселі,
Ұмытпайды ақынын өлсең де елі. Қызыл иті сен болып қызғаныштың Үріп қарсы аласың көрсең мені.
Жақсы менен жайсаңға құрық салған Ажал күтіп тұрса да күліп барған.
Ақынды, әлде жүрмісің кеме көріп, Жағалауға қайырлап шығып қалған.
Қабағына боз қырау, мұз бөктеріп, Суық күндер өтуде тізбектеліп.
Жарқын мезгіл туады, Туады әлі,
Тәуеп етер ақынын іздеп келіп.
Дүйім елім дүркіреп кеңес құрар, Жазған жырым –
Жайқалған белес, шынар. Оны ұқпайтын тегінде, Сен секілді
Жұрттың бәрі миғұла емес шығар.
Мұнара боп жүгірген қыр, белеңде Қандай сенің ақын бар нұрлы өлеңде.
- Енді кімге күлеміз, – дейсің сыздап, – Тесік қалта ақынға күлмегенде.
Ғұмыр кешкен жан едің бие сатып, Сиыр сатып,
Шөп сатып, Түйе сатып.
Күле берме ақынға, Бір күндері
Жүрмесіне, кім кепіл, киесі атып.
Жүрегінде көктем боп жыр көктеген, Кімдер келіп жалғанға, кім кетпеген.
Әкімді емес, шырағым, білсең егер, Озық елдер ақынын құрметтеген.
Атсын, мейлі, атпасын күліп таңы, Ардақтаған арым деп жыр ұққаны. Ұмытпайды ақынын,
Ұмытса егер,
Онда елімнің өзін де ұмытқаны.
МЕН – ШЫНДЫҚПЫН
Жаз қадірін сұр қабақ күз біле ме? Көктем исін шөл дала – түз біле ме? Бірде сұрақ қойылды зал ішінен:
- Жек көреді көп кісі сізді неге?
Қанша ғұмыр, Үзілген жалғайын ән,
Тартқылаған жан сонша шалғайымнан. Зал ішінен қойылған әлгі сұрақ,
Бұрқ еткізді бұршақ тер маңдайымнан.
Сылыңғырдың бұл мені көздегені, Одан басқа ойласын өзге нені?
Ар-намысым айқайлап атқа қонды, Нарт жүзінен сезіліп төзбегені.
Жүрегімнің дүрсілін ұғынбаған, Қараса егер көп кісі қырын маған.
Мен – шындықпын баянсыз бұл жалғанда Бозторғай боп жүрегі шырылдаған.
Ал, шындықты бүгінде кім қалайды? Қолдарына түсірсе –
Жұлмалайды.
Жазғыратын ағайын кімді оңдырсын, Беті айғыз деп көгінен туған Айды.
ИМАНСЫЗДАН ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТПЕ
Өзегіме құрт түсіп бүлінбедім, Түсі суық жанға да күлімдедім.
Адамдардан жамандық көп көрсем де, Түзелер деп алайда түңілмедім.
Бау-бағыма жатқандай бұлағы ағып, Жолымды ылғи бөгейді тұра қалып. Жырдан шырақ жақтың деп жазғыра ма, Түскен қанша соңыма шырақ алып?
Ақ азу боп жан қанша сақылдаған,
Сұм тағдырдай жан қанша тақымдаған? Адамдардан сонда да безе алмадым, Жағалаудай көрініп жақындаған.
Айқыш-ұйқыш жолдарда жолақтанған, Қорықпадым кеудеме оқ атқаннан.
Есесіне Құдайға мың сыйындым, Сақтай гөр деп иманын жоғалтқаннан.
Жамандықты ұран ғып баласына, Шегелеп те сіңірген санасына.
Имансыздан жақсылық күтпе, ағайын, Шабатын да солар ғой анасына.
АЛЫС ПЕН ЖАҚЫН
Ағайынға айтатын тілегім көп, Солар бар деп жанығам түлегім кеп. Араздасқан көргенде ағайынды Ине жұтқан сұр иттей жүдедім кеп. Достан гөрі, әрине, туыс жақын Соға білсе кеудеңде жүрегің боп.
Ағайынмен араз боп алыспаған,
Сау болғай деп іргеңнен дауыстаған. Көршім жақын –
Ет жақын туысымнан Жағалауы біртіндеп алыстаған.
Жақын жерден бас салар бірден тегі, Ұрыс-керіс,
Дау-жанжал жүрген жері.
Көршің жаман болмасын бәрінен де, Жаман болса,
Жауың сол іргеңдегі.
Кеңістігін,
Өңірін сағым жапқан,
Кезеңде бұл жүйрік күн ағындатқан. Бір жылан көз іргемде бар дегейсің, Қалжыраған сәтімді бағып жатқан.
АҚЫН – ХАЛЫҚ ҮНІ НЕМЕСЕ АҚЫНҒА КҮЛГЕН ІНІГЕ СЫР
Арын ту ғып көтерген ақындарға, Келемеждеп күлердей хақың бар ма?
- Досым көп, – деп бөсесің күнара кеп, Симай жүріп туысқа, жақындарға.
Жалғандықтың бәріне майдан ашқан, Ақынмен тек тексіз ит тайталасқан. Жер-жаһанға көз салған ой жүгіртіп, Ақын деген кеңістік, байтақ аспан.
Ақын – биік, Аласа асқарың да,
Сәуле болса ұғар ең бастарыңда. Ақын халқы жүгірген нұрлы ағыстар, Жұмыр жердің жетіқат астарында.
Заман жақсы болса егер, Неге жерде,
Саңқылдаған қырандар аспаныңда?!
Елдің көзін шел басып, мұң жапқанда Намыс болып бұлқынған тулап қанда, – Ақын емей басқа кім?
Тас қоғамға
Халық болып қаһарлы үн қатқан да.
Жанның бәрі биікпе биіктегі, Биік болса, неге азды сүйікті елі.
Ақындардан әулие кім бар, айтшы? Жыр жазатын өртеніп, күйіп демі.
Жаңармаған немесе көнермеген, Жалған дүние куә оған не көрмеген. Тыңдамаған ақынын,
Қай кезде де,
Көсегесі елдердің көгермеген.
Билік құрған жақсысы, жаманы да Ел оңды ма Абайдың заманында.
Ұлы ақынды арым деп ардақтамай, Талаған-ды қасқыры,
Қабаны да.
Халық болып шырқалған бақтан әні, Жыры емес пе ақынның баптағаны. Тыңдағаннан Бұқарды
Абылайдың
Қалың орман орысты шаппағаны.
Шапқанда егер –
От шашқан жалқынды ұрып,
Алмас па еді қанжоса халқын қырып. Ақындарын ұмытқан қазіргілер
Жүрген жоқ па ел-жұртын алқындырып.
Қай кезде де шырқаған шалқып әнін, Айналмаған мәңгүртке жарқын дарын. Ақындарын ұмытқан кілең басшы, Ұмытқан да сияқты халқы барын.
Жүрегінен олардың жыр төгілмей, Қайдан ғұмыр кешеді жұрт егілмей, – Жан сезімі тас бетон темір жандар
Ел басқарса көзінен нұр себілмей.
ШАБЫТ
Күмістен құйған тай тұяқтанып, Найзағай оттарынан
Жүрек – акумьлятор зарядталып. Шабыттанса
Әп-сәтте үлгереді,
Жырдан телегей дария ақтарып...
САУАЛҒА – ЖАУАП
Кім жетіскен мес қарын бақырға еріп, Алшаң басып қасыма жақын келіп:
- Сауалыма жауап бер, – деп шіренді, – Жүрген жоқ па жұрт сені ақын көріп.
Шыбық мініп жетілген жетім неме, Жел көтерген түңліктей желпілдеме. Өрт сөндіріп жүрмісің,
Батар күндей
Нарттай жанып қызарған бетің неге?
- Қара түнді аққанда жұлдыз жарып, Ой кешемін сарылып,
Күндіз арып.
Адам қолы жасаған сұмдықтардан Ұялғаннан бұл бетім жүр қызарып.
АҚЫН ДОСПЕН ӘҢГІМЕ
Кернегенде кеудеңді шыңдап әнің, Қажет емес жұлқынып, тулағаның. Комерсант боп тусаң да бұл заманда, Жақсы еді ғой ақын боп тумағаның.
Өлең-жырға тағдыры қосақталған, Қасы ақтаған сенімін, досы ақтаған, –
Ақындардың бұл күні, шынымды айтсам, Шиша ғұрлы құны жоқ босап қалған.
Қарсы ұмтылып нарықтың жебесіне, Түсті ме әлде жарақат денесіне.
Ақындарын ұмытты қайран халық, Еркелетіп көтерген төбесіне.
Қажет емес және де ғалымдығың, Неге керек алқалы, алымдығың. Байлық,
Билік,
Қыз-қырқын... бәрі сенде,
Артып тұрса заманнан залымдығың. Ақындарға қарайды осқырына Саудагер де сипатпай жалын бүгін.
Ақын деген – заманның жантағы ма, Тікен болып қадалған ардағына.
Неге, ендеше, бұл күні жұрттың бәрі Жүгіреді жанығып қалталыға, – Таласқандай бір кезде хан тағына.
Ар-иманын жүгірген тауып беріп, Ақындарын жүр ме, әлде қауіп көріп. Тары көрсе қыт-қыттап тұра ұмтылған Жұрттың бәрі кеткен бе тауық болып?!
ШЫНДЫҚТЫҢ ҚҰНЫН БІЛМЕГЕСІН...
“Жарық мынау жалғанда шыбындаған, Жаздым дейсің шындықты шырылдаған. Жазғандарың бірақ та неге қымбат?” Құлағыма жан қанша сыбырлаған.
Жүрегінен асыл жыр тумағасын, Біліп жатыр еңбектің кім бағасын?
Шындықты айтпай және де
жүре алмайсың, Ар-намысың бұлқынып тулағасын.
Өрге жүзген заманда күллі өтірік, Біліп жатыр шындықтың кім бағасын?
Жақсы-жаман... Бәрі де сараланбай,
Түскен құлын жүрекке жара қандай? Бағалы адам болам деп жанықпағын, Алдыменен еңбегің бағаланбай.
Төбесіне көтермей шыңға балап, Жандар қанша ит қосқан шын табалап.
Шындықты өжет жырлаған арлы ақынның Көсегесін көгертсін кім бағалап?
Шыға қоймай жасқанып бірден төрге, Күліп мен де қараймын күлгендерге.
- Құны қанша шындықтың? – деп
сұраймын, Жазған жырың қымбат деп жүргендерге.
Қысыр жылан секілді қайқаңдаған, Жандар қанша шындықты айта алмаған. Елдің мұңын жоқтаған ақын ғана,
Ақын ғана қатерден тайсалмаған.
Шындықты айтқан жан түгел жер
жастанған, Шындықты атқан күркіреп ел басқарған.
Бір шындықтың құнына тұра ма, айтшы, Будақ-будақ жауса да теңге аспаннан?!
Қорғаймын деп шындықты жасын-
бұлттан, Абақтыда ер қанша басын жұтқан?
Тік қараған ажалға әлі талай
Азамат ер туар деп асыл жұрттан.
Кісі ұмтылмай жарыққа – самалаға, Бағыт-бағдар жолдарын таба ала ма? Кітабымды сатып сен алмасаң да, Теңге, ақшамен шындықты бағала ма?
...Қалың жұрттың жүр ме, әлде дәті бармай, Оқығаны жақсы еді қапы қалмай.
Шындық құнын білмейді, Білмегесін
Жүрген жоқ па жырымды сатып алмай.
МЫҚТЫ БОЛСЫН БОСАҒАҢ
Шарпылғасын ылғи да өрге демім, Ит тірлікте жоқ шығар көрмегенім. Жазығым не,
оу, тағдыр,
жазығым не?
Егер кінәм болмаса өлмегенім. Босағада телміріп жүрмін әлі Шығар кезім келсе де төрге менің. Жығылсам да алдағы жетіп күнге, Зіркілдедім сұстанып жекіп кімге?
Іргең осал болғасын
босағаңды Мендей өжет ақынмен бекіттің бе?
- Жауыз көп те түбінде Қособаның, Ел ұйқыда,
көңілі хош ағаның.
Төрден гөрі бүгінде жақсы, – дейсің, – Мықты, берік болғаны босағаның.
Қазақ бар ма бойына жел бітпеген, Сұмдық қанша тірлікте ел күтпеген. Шаңырағын құлатпай тынды қашан Босағасын тас қылып бекітпеген.
Жандар қанша аузымен күн ұстаған,
Ажал жетсе
биіктен кім ұшпаған.
Төрін күтіп ұстамай білсең қазақ Көрін қазып алдымен дұрыстаған.
Құпта, мейлі, сезімді, құптамағын, Қайғы жұтып тауып жүр жұрт тамағын. Бекежандар қаптаған сұм заманда Босағаңды жөн шығар мықтағаның.
Қособаның түбінде бұғып жатқан, Жауыз қанша шындықты шырылдатқан. Қара жылан –
Құйрығы қараулықтың
Жер сабалап обадан шығып жатқан.
Тобығынан тұлпардай тұралаған, Ірге қанша желге де шыдамаған. Берік болсын босағаң
Төрге ұмтылған
Қандай жау да іргеден сығалаған.
Намыс кірмей қан тамыр – құбырыңа, Көктем лебі есе ме ғұмырыңа.
Елдің қалай іргесі бекиді, айтшы, Мықты ақындар айналмай тұғырыңа?!
АҚЫНДАРҒА ӘКІМДЕР ЖАҚЫНДАМАЙ
Жамандықтың бәрімен туыспаған, Арлы ақынды тоқтатып кім ұстаған. Ақын – елдің иманы, ар-намысы Жүрегінде халықтың тыныстаған.
Жағаласқан жақынмен, туыспен де Әкімдер көп бақа бас, қуыс кеуде.
Түсінбеймін,
Неге олар жұрт тонайды,
Халықты ойлап ақындар у ішкенде?!
Көз алдымнан көшкенде сағым талай, Әкім қанша жіберген қабылдамай.
Өлең – сөздің патшасы Абай болса, Қанша әкімнің алдында шағылды Абай?!
Ақындарға әкімдер жақындамай, Болашаққа ұмтылсын батыл қалай? Қабылдамай жүргенін біле ме олар Ақынды емес, ел рухын қабылдамай.
ӨЗІМ ДЕ КЕЛЕМ САҚТАНЫП
Жазықсыз жандай сотталған, Адамдарға
Өкпем де бар аздаған. Қос көзім –
Қос ауызды мылтық оқталған. Біреулерді көргенде,
Атылып кете жаздаған.
Өлең құрап жоқ-бардан, Жүргесін бе
Жыр боп елге жатталып. Біреулер атқан оқтардан, өліп кетпейін деп,
өзім де келем сақтанып.
ҚОРҚАМЫН КЕЙДЕ...
Қоғамда ұят жетілмей Ұлассын қалай жырға әні. Өз жұрты өгей жетімдей Қаласа шалар құрбаны.
Алаңсыз жүрген бекінбей Асыл ер болып құрбаны, – Сұр дала бетпақ бетіндей Бедірейіп қарап тұрғаны. Келеді жұртым күн кешіп, Жүргендей желдің өтінде. Өтірікке шындық мінгесіп, Өткелден өтсе өкінбе.
Тыныштық бар ма қазаққа, Тұрса егер қоғам дүлейден. Жетсе де қолы азатқа, Арыла алмай келем үрейден.
Жетілген жарық күн көрмей, Жоқ деме жықпыл, шатқалы. Қорқамын кейде
Жүргендей
Бір мылтық мені атқалы.
СЫН ЕМЕС ПЕ, АҒАЙЫН, ЕЛДІГІҢЕ
Ақынның жүрегіне жара салма, Жара салып, ағайын аласарма.
Арлы Алатау емес пе ақын деген Алатаусыз Алматы жараса ма?!
Қасқыр шауып малына қырда баққан, Ақыны жоқ ел түгел мұңға батқан.
Ақын – елдің емес пе ар-намысы Тамырында бұлқынып тулап аққан.
Жалын жаққан жүрекке, Жалқын жаққан
Ақындардың алдында алқынды ақпан. Аққуды атқан жалғанда көгермесе, Көктей солған және де ақынды атқан.
Дүниенің тұрғанда сызы кетпей, Ызғар қанша қарыған жүзін өттей. Қай кезде де
Қай оқ та тоқтамаған
Ақындардың жүрегін сызып өтпей.
Жамандықты елінен аластаған Ақынымен озық ел таласпаған. Өз жұртына қадірі жоқ ақынның Өзге жұртта еленіп бағы аспаған.
Ғұмыр бойы шырқалған асқақ әні, Ақындардың жыр жазса – маздағаны. Ақындарын сыйлаудан қалған елдің Аз ба, ағайын, тірлікте азбағаны?!
Қилы шақта айналған жебесіне, Неге ақынын алмайды ел есіне?! Елдер ғана биікке көтерілген Ақындарын көтерген төбесіне.
Ар-намысын жоғалтқан жатқа беріп, Елім мені жүр ме әлде қатпа көріп.
Кенесары мен кейде секілдімін Халқы ермеген соңынан қаптап өріп.
Қарсы ұмтылған ақ дауыл, желді күнге Аспан куә,
Жер куә ерлігіме.
Мені сыйлай алмасаң мін емес пе, Сын емес пе, ағайын, елдігіңе!
БАТЫР БАБА ТУЫНДАЙ
Жаулық іздеп жүреді ме
Адам қанша алған мені жағамнан? Сөздер қанша жүрегіме
Атқан оқтай қадалған.
Тіршілікте жүрсе де кім ұрынбай, Ғұмыр кешем сірі етіктей тозғанша. Кейін қайта суырылмай
Жүрегімде қалып қойған сөз қанша?
Қанша атса да жауларым қырына алған, Келем әлі жығылмай, –
Оқтар тесіп жырымдалған Батыр баба туындай.
АҚЫН ДЕГЕН ҚОҒАМНЫҢ ЕРМЕГІ НЕ?
Залымдардың жарқырап күні көктен, Ақын қанша ішінен тынып өткен.
Адамдар да бара ма құнсызданып, Сұм заманда теңгенің құны кеткен.
Құны кеткен теңгенің сұм заманда, Түскен жоқ па жұрт түгел шырғалаңға. Тауға шөккен бұлттардай
Кім ойлаған
Сор мен бейнет үйір деп мұңды адамға.
Жан сарайы ашылып қалмас па еді, Жұртым жазған жырымды тыңдағанда. Құдай мені ақын ғып жаратқан-ды, Әкімдікті бұл тағдыр бұлдағанда.
Көгі солып, қураған шөбі қалып, Жұрт жүдеген мезгілде тоғы да арып. Ақын деген оқтаулы мылтық болса, Сол мылтықтың тастаған оғын алып.
Қаңғытпаса қаңбақтай құм далаға, Арақ ішіп ақындар жындана ма? Адам, қоғам...
бәріне қажет болмай Айналса егер, қайтеді, дуанаға.
Жырдан жұлдыз шашатын жер-көгіне, Ақын деген қоғамның ермегі ме?
Қажет көрсе ту етіп, Көрмесе егер
Сабататын тентегі, телпегіне.
Қайшыласқан уақыт тіресінде, Жағаласпай сұмдармен жүресің бе.
Күресінге лақтырған ақындарын Қоғам да ертең қалады күресінде.
ҚАЗАҚ КӨРСЕМ...
Бөрі алатын көк жойқын сырттан көріп, Құттан түгел айрылдық құтпанға еріп. Өз ұлдары елімді бір тонаса,
Тонап жатқан жұрт қанша сырттан келіп.
Көк түйнектей үзілген сабағынан,
Жер жастанған ұша алмай бала қыран. Өз жерінде жүрсе де қара көздің
Жас кетпеді-ау, қайтейін, жанарынан.
Ала-бөтен бұл жұртты жетім көріп, Өмір әлде күлмей ме бетін беріп.
Ата қазақ қашанғы күн кешеді, Өгей бала кәдімгі секілденіп.
Халық дей ме, жұрт дей ме жөн білмеген, Өкімет те көзіне жөнді ілмеген, –
Қазақ көрсем жаутаңдап қарай берем, Жанарында жас бардай мөлтілдеген.
Биіктен де шыңғырып құлаған мың, Бақытына айналып тірі адамның, – Арман бар ма жалғанда
Жазған жырым
Жасын сүртіп жүгірсе жылағанның.
ӨЛЕҢ – ӨНЕР АНАСЫ
Ойлы елімнің не болған талғамына? Жетсем деп ем жетпедім арманыма. Ақын деген жұртына қажет болмай Тозған тулақ секілді қалғаны ма?
Жамандықтың бәрін де қылыштаған, Ақын ғана жауынан ығыспаған.
Жолға салып жөніне жібереді, Жыланды да қасынан жылыстаған. Татулыққа шақырған ақын ғана
Ағайындар бар болса ұғыспаған. Тонған елді қайтсем де жылытам деп, Өр көңілін қашанда жылы ұстаған.
Ақын ғана семсері ақиқаттың Жүрегінде нұр халқы тыныстаған.
Шалғайдан шаң көрінсе қылаңдаған, Батыр қанша қол бастап ұрандаған. Батыр ақын ешқашан бола алмаса, Батыр болмай арлы ақын тұра алмаған.
Қусын, мейлі, ит қосып ардақтамай, Қоңыр төбел күн кешкен арды аттамай. Шырылдаған шындықты ақын айтқан, Патшаға да,
Ханға да жалтақтамай.
Көкірегін, жүрегін шер толғаған, Ақыны жоқ жалғанда ел болмаған.
Дуанаға айналмай қайтеді енді Сырқат, мәңгүрт қоғамда ем қонбаған.
Биіктерге көтеріп нарқын дара Сырласына айналған жал-құм, дала. Нар халықтың жақыны әкім емес, Нар халықтың жақыны ақын ғана.
Шындықты айтсам кім-кімде туламасын, Жұрттың сиқын көргенде мұңданасың.
Өлең – өнер анасы болса егер де, Қалған еді сыйлаудан кім анасын.
Көз ұшында көрінген бұлтқа налып, Көше кезген ұл қанша ұрттап алып. Жырды оқудан неліктен бас тартады, Ақын жазған жанарын шыққа малып. Асыл ана секілді өлең кейде
Ел аманда сорлаған жұртта қалып.
КӨК ТӨБЕНІҢ ИТІ ДЕ...
Тіршілікте жүр дейсің кім ағарып, Жүрегімді сыздатпа сына қағып. Өсірмесең өсірме мені, ағайын, Түспе, бірақ, соңыма шырақ алып.
Сапар шексе жол тауып төте жүрген, Сөйлеп кетсе аузынан оты өрілген.
Өз жұртының жан рухы биік болмай Ақын қашан биікке көтерілген.
Қой-қозысы жамырап қырында өрген Қайда ағайын, арайлы нұрын бөлген? Көрінгенге көз сатқан қайыршы елдің Ақындары жыр сатып күнін көрген.
Бәйге алса да озып кеп атым талай, Кім түсінсін жанымды жақындамай. Ар-намысы жоғалған арсыз елде Айбарлы боп көрінсін ақын қалай?!
Жиылмайтын мезгілде төсегі ердің, Тазарғанын көрдің бе көшелердің. Алтын құрсақ аналар асыл туса, Көсем болған ақыны көшелі елдің.
Бағым жанса жырларым көпке тарап, Жүрмегенің ақынға текке балап.
Үретінін бірақ та ұмыт па, елім! Көк төбенің иті де көкке қарап.
ҚАЗАҚ БОЛСАҚ...
Ей, шұбар ақын!
Мен емеспін сөзіңе қуаратын. Алтын құрсақ аналар аман болса, Әлі талай біздердей туар ақын, Елін, жерін жыр жазып суаратын.
Сыбағамды жүргендей беріп тегін, Жетер енді жын атып желіккенің.
- Қауға тартып, қой баққан атаң, – деп те, Ұлы Атамды бұл қалай кеміткенің?!
Жағаласпай жайлауда қой баққаны – Білсең егер емес пе ой баққаны.
Қара қойды бақса атам баққан шығар, Азаттығын елімнің тойлатқалы.
Шабындығын таң атпай бұрын орған, Қой бақса да арғы атам ұлы болған.
Момындығы үшін де асқақтты, Қыдыр дарып,
Алланың нұры қонған.
Мылтық атып шошытып бұла таңын, Момын елде шығарсын кім атағын.
Ұлымын деп ұлының неге айтпайын, Ұлы екенім рас болса Ұлы Атаның.
Азамат боп биіктен көрінбеген – Қамшы емес пе ол әлі өрілмеген. Ала қойды жүргендер бөле қырқып, Елдің үстін тоздырып өрімдеген.
Ақындары неліктен бөлінеді, Қазақ болсақ еншісі бөлінбеген?!
ҚҰЛҚЫНЫНАН ЖҰРТ БОЛСА АСА АЛМАҒАН
Болашағын кең шолып, жарқын барлап, Жаздым қанша өжет жыр халқыма арнап. Жазғанымның бірін де қажет көрмей, Адасқандай ауаны қалдым қармап.
- Тұқым болса жер жыртып себер еді, Ат болса егер арбаға жегер еді.
Тауықсыз да таң атқан бұл заманда, Жырың, – дейді, – халыққа не береді?!
Бөрі ұлымай, мезгілде тазы ұлыған, Ат кеткені жақсы емес қазығынан. Жақсылыққа бастаса саңлақтанып, Жұрт қаша ма жан рухы – азығынан?
Жапырақтай қалтырап жел өтінде, Мың құбылған заман-ай келте күнде.
Қажет көрмей жақсы жыр – жан азығын Азғындаған жұрт аз ба жер бетінде.
Жыр жазсам да жеп ылғи жұрттың қамын, Көрмей келем қол созып ұмтылғанын.
Өжет жырға жұрт неге құмар емес Қызықтаған күннің де тұтылғанын. Өлең оқып рухтанып, тазармай ма Сөз еткенше иттердің құтырғанын. Жар құлағы жастыққа тимей жүрген Қадіріне жетеді кім тұлғаның?
Заман жақсы болса егер жұрт та, бәлкім, Жүдер ме еді көп ойлап құлқын қамын.
Көңілдері жыр сүймей қасаңдаған Қай халық та көктемдей жасармаған. Асқарлардан асады қазақ қалай
Құлқынынан жұрт болса аса алмаған?!
СӨЗДІ ҰҒАТЫН ЖҰРТ БАР МА?
Күннен-күнге тұрмысы құлдыраған, Елдің жайын бүгінде кім сұраған.
Ішім түтін – пықсыған пеш секілді, Сыртым бүтін – киімдей жылтыраған.
Бірақ менің қолымнан не келеді, Тығырыққа елді кім шегеледі? Қойды серке бастаса бұрындары, Бұл күндері бастайды кебенегі.
Қой бастаса ешкі бас кебенегі, Қаңтарылмай, қайтеді, кемелері. Елден асыл азамат табылмаса, Сайламайды әкім ғып неге мені?
Ақын басқарған ел озған, Әкім басқарған ел тозған.
Келеді әлі жұрт соны неге білмей? Қайырлаған мезгілде кеме жүрмей. Сөз ұғатын жұрт бар ма?
Миларына
Жатса егер де қағылған шеге кірмей.
ДАСТАРҚАН БАСЫНДАҒЫ ҚЫЗДЫРМА ӘҢГІМЕ
Жанын, рухын аруақ тұрған жебеп, Жарқылдаған жанарын нұрға теңеп. Шабытты ақын шалқыған,
Көңілі жайлау
Бір жігіттің жүрегін жырға бөлеп.
Ол жігіт те жаралған жылы ағыстан, Өзі жайлы жырды оқып құрақ ұшқан. Сұр бетонмен апталған тас үйі де Жарылғалы тұрған-ды қуаныштан.
- Таулар – басым, жазылған далам – маңдай. Құс тілді орман – отауым, Балам – балдай.
Жырға айналған қайныңа көрімдік бер, О, жездеке,
Тас қолың сараңданбай.
Жан сырымды жездемсің жете білген, Жырдың ақ боз тұлпарын жеке мінген, – Ақын аға төрде отыр,
Танысып қой,
Кісідейін бір белге көтерілген...
Түсті ме бақай есеп – қу араға, Арлы ақынды ұқсатқан дуанаға. Жездесі оның:
- Оқиын, – деп те айтпады, – Жырыңызды ауызы дуалы, аға!
Асау қаны тулаған тамырда ағып, Ақын бұған қалған-ды шамырқанып. Жездесіне жігіттің жалт қараған Ақыл қалып жайына,
Сабыр қалып:
- Шын мәрттіктің ауылы жырақ әлі, Көңіл шауып тұр, бірақ, сынағалы.
Қайныңды, айтшы, қаншаға бағалайсың, Сенен сонша отырмын сұрағалы?
Ақын аға әр ненің парқын білер, Мырза деп те ойлаған жарқын күлер.
- Бір көк шиша, – дегені қолп еткен боп, Бет-жүзінен сәл есіп салқын жігер.
Томсарды ақын жауапқа қанағаттанбай, Кеңдікке үйретем деме
Бұларды далаға ап бармай. Екі күннің бірінде
Жыр-жүрегің жүрмейді жарақаттанбай, – Тоғышар жандар барда тырсылдаған Ауызын шымшып буған ала қаптардай.
Қас-қабағын сездірмей жаратпаған, Сөзін қайта арлы ақын сабақтаған. Жүрегінің елемей шым еткенін, Дұшпан көздер ине боп шабақтаған.
- Қайын жұртын жігітсің жағалаған, Сөзім емес бұл сені табалаған.
Алты Алаштың ішінен сені көрдім, Көк шишамен қайнысын бағалаған.
Ақша бұлттар айналған жаулығына, Табанына тастаған тауды мына.
Тост көтерейік, – десең сен, –
жараспай ма, Рухы биік қайнымның саулығына.
Жаның сондай шуаққа сүйіне ме, Күмбір қағып еспейді күйің неге?
Бас пайдасын көздеген жансың ба, әлде Теңге – көзбен үңілген дүниеге.
Марқасқа жауап та, інім, елдікке арай, Саған ондай бітеді кеңдік қалай?
Бедірейген бедеу бет пенде екенсің, Селт етпеген –
Тұманын серпіп маңай,
Үй-іші боп көрсе де желпіп талай.
Төс қалтаңа алтыннан шынжыр тағып, Айналаңды отырсың шымыр бағып.
Жел сөздерге қаның да қызынбайды, Алпыс екі тамырың – құбырда ағып. Мысықша аңдып тұрмысың шап бергелі Түсе қалса бір тиын сыңғыр қағып.
ШЫНДЫҚ – ЖАЗҒАН ЖЫРЫМ
“Шам болса да көгіңнен жанып тұрған, Жырыңды оқып жан бар ма қарық қылған? Жырлап айтқан шындығың кімге дәрі,
Көз жанарын ел-жұрттың қарықтырған.
Білсең егер
шындық та бір жолаушы, Жол тостырып сарылтып зарықтырған.
Тұрпатына қарамай, шамасына Жыр арнадың Алаштың баласына.
Мәңгүрт болса жырыңды ұқсын қалай? Болат шеге кірмейтін санасына.
Қарасын да қазақтың, төресін де Көріп жүрсің...
білесің өресін де. Қойшы апарып шындықты,
Тұрады өтпей,
Дүкендердің шаң басып сөресінде.
Ашық аспан секілді бұлты кетіп, Жалған нәрсе қоймай ма ынтық етіп. Заман солай,
Сенбесең ұсыншы елге, Шылқытпайды шекеңді шындық өтіп.
Түнімен де сарсылып, күнімен де, Ұсыншы елге –
Алмайды тірі пенде.
Шындықты айтқан кісілер мүрдем кеткен. Айырылып бастан да,
Тілінен де.
Шырылдаған бозторғай шындығыңа, Қызықпайды сондықтан тірі пенде.
Қырық жамау елің бар құралмаған, Қайтсін өжет жырыңды ұрандаған. Шындығың – жазған жырың болса егер де, Өтірік – сұлу сайқал сылаңдаған.
Ғұмыр кешкен бейопа құс баққа еріп, Кім оқысын жырыңды ұшпақ көріп. Арақ ішіп уланған жұрттың бәрі, Ұмтылмай ма сұлуды құшпақ болып”.
Деген сөз де естідім ел ішінен, Айырылған серкесі, серісінен.
Көз жанарын шел басып, байлық тұнып, Не демейді бұл күні ер ісінген.
Жырым менің білсе егер –
Шекпені еді,
Тірісінде Абайдың тері сіңген.
БАЗАРДА
Аттандырып салғандай нағашыма, Өмір – өзен лақтырды жағасына. Нарық қысып базардан бір-ақ шықтым, Қалмайын деп дұшпанның табасына.
Шерін неге шер жүрек қозғамасын,
Шер қысса егер қазақтың боз даласын, – Қымбатсынбай затымды жатса да алып, Білетіндер әдетте өз бағасын.
Ызғар есіп жүзінен салқын күндей, Келеді де кей жандар жарқын күлмей. Саудаласа кетеді,
Ұтпақ болып,
Затым және өзінің нарқын білмей.
Опындырып кетпек боп, шын жылатып,
- Түсір, – дейді, – бағаңды құлдыратып. Және арбай бастайды,
Көз алдыңа
Сардаланың сағымын бұлдыратып.
- Неге? – деймін беріспей қайшыласып, Тыныс-демім кете алмай айға ұласып.
- Бұның атын білмесең мен айтайын, Базар! – дейді тұрғандай айдыны асып.
Қандасымнан көргесін көресімді, Қадалмайын мен неге жебе сынды:
- Білгендерге өмірдің өзі базар, Бағалайсың қаншаға сен өзіңді?
Жүрегіңді, кеудеңді толғаса өнер, Ер болар ең жөн-жоба, жолға сенер. Соқыр тиын құны жоқ жан екенсің, Үстіңдегі киімің болмаса егер.
- Билегендей Алаштың құм, даласын, – Дейді өжектеп: – сен неге бұлданасың? Пельмен жейік артылған теңгемізге, Түсір, – дейді, – затыңның бұл бағасын...
Ұрпақтардан ұрпаққа көше білген, Атадан қалған жол ма бұл неше жүрген. Қазақ – қазақ бола ма,
Ырзық – пұлын
Айырмаса өзгенің есебінен.
БІР РЕДАКТОРҒА
- МАЛТА ТАС
Жақсы емес-ау пиғылдың бұзылғаны, Жығам деумен келесің құзымды әлі. Бұл өмірден қаншама ғұмыр өтті Өлеңімді өзіңе ұсынғалы.
Көктем өтті,
Қыс өтті дауылдатқан,
Жауған қардай мұңымды қалыңдатқан. Жүрегімді тартпаңда неге ұстадың, Жырым – жүрек емес пе жалын атқан?
Күмән әлде келтіріп шабытыма, Қоймақсың ба сұғынтып қамытыңа. Көрдей суық ұстайтын құшағыңда Қара тартпаң – өлеңнің табыты ма?!
Асып жатсын дедің бе сорың бастан, Бұғынып кеп жықпылды қорым тастан, – Орға аттың ба құлагер – жырымды әлде, Батырашқа айналып жолын тосқан.
Жақсы болсаң құшар ем құшаққа алып, Жырым жатыр тартпаңда “тұзақталып”. Өскендердің ішінде
Жалғыз сенсің
Малта тастай үлгерген ұсақталып.
- ЖАУАПТЫ ХАТШЫ КЕЗІҢДЕ
Көшкен сағым секілді далада өрген, Қысастықты жан емен жаңа көрген. Бильярдтың таяғын ойнамақ боп, Кезім еді жаңадан ала берген.
Елден ерек сұғыңды маған қадап,
- Сөгіс! – дедің танытып қабан қабақ. Шарам қайсы көнбеске?
Шын дәуірлеп,
Өсіп жатқан заманда арамтамақ. Бұған мойны жуандап, шырайланып, Иттер озған кез еді, құмай қалып.
- Шықсын, – дедің, – жұмыстан, – Сұмдығыңды
Ішке түйіп келдің бе бір айналып.
Бойың бейне секілді қысқа тұлып, Қабағыңа,
қасыңа мұз қатырып.
- Босатпасақ болмайды, – дедің, – бұны, Жатқан тұста бір орын қысқартылып.
- Неге? – дедім, өзімше шын берілмей, Жанарымнан жарқылдап күн көрінбей.
- Төрт құбылаң сай сенің, дүниең түгел,
Айтқан сөзге көн, – дедің, – тым керілмей.
Жалын шашып ғұмырың өтсе өнерде, Өзің сынды жалғанда от сөнер ме?
Үй ала алмай қалады Доспанбетов, Қысқартылып жұмыстан кетсе егерде.
Не пәлені қағынтып, ұшындырып, Көңіліңнен ақ жарқын құсың күліп, – Келесің сен әлі де,
Айналаңа
Кісілік деп бұныңды түсіндіріп.
Көгердің бе сен содан шыңға жетіп, Өмір-өзен,
келесің былғап өтіп.
Мән бар ма, айтшы, жасаған жақсылықта, Біреу үшін біреуді құрбан етіп.
Жықтың мені осылай тіреу көрмей, Қайтем енді жайыма жүре бермей. Оңашада ыржақтап: – Пенде, сірә,
Күн көрмейді, – дедің-ау, – біреу өлмей.
Жасап жатқан мезгілде қолдан шынар, Мен емеспін аталы жолдан сынар.
Озық ойлы редактор көз жұмғанда, Құнжиғаның орнына содан шығар.
Жақсылықты жанына жолатпаған, Жансың ба әлде тірлікті жолақтаған. Құзғын боп та көзіме елестейсің,
Бір бейбіттің басына қонақтаған.
- КӨШІР ДЕЙСІҢ СЕН МЕНІ
Жанар отым жарқылдап тылсым көкте, Көкірегім бостан-бос күрсінбек пе.
Жазғырдың-ау сен мені мұқатпақ боп, Мағауинге көшір боп жүрсің деп те.
Амал қанша сол болса түсінігің, Жасы үлкенді тасысам –
кішілігім.
Сен қудырсаң жұмыстан... Қайта алған-ды,
Мұхтар ағам танытып кісілігін.
Дамыл таппай қыр асып, жыраққа асып, Күндіз-түні жүгірген бұлақты ашып, – Мұхтар шуақ емес пе білгендерге, Жүрсем жүрген шығармын шуақ тасып.
Дарытсам деп бойына жердің нәрін, Шырқап өтем өмірден көлдің де әнін. Жақсылыққа жамандық жасайтұғын Көремісің өзіңдей елдің бәрін.
Жүрегімді сұм сөзің тілгіледі, Қайтіп сенің кеудеңнен күн күледі. Бастықты емес,
Тегінде кісілікті
Тасып жүрген шығармын... Кім біледі?!
ӨМІРІМ – ОЙЛЫ ӨЛЕҢІМ
Өмірім – ойлы өлеңім, Жайқалған жасыл желегім. Өлеңім егер болмаса,
Жоқ шығар менің керегім. Жұлыны үзілген сұм қанша, Жұлам деп емен, терегін.
Көкірегімнен өжет жыр кетпей Тұрғанда жүрмін кімге өтпей. Күн кешіп келем бір беткей, – Арқасында күріштің
Су ішкен күрең күрмектей.
СЕЗІМДІ НЕГЕ БӨЛДІҢ ЖҰРТ АЛДЫНДА?
І
Көзіңнің еті өсті ме ей, бауырым, Желкеңнің майы өсті ме ей, бауырым?! Сезімді неге бөлдің,
Жан-жағыңнан
Байлықтың желі есті ме ей, бауырым?!
Арқасы болмаса егер жайған малдың, Тірлікте сауық құрып сайрандар кім? Жығылған жан емеспін жөн-жобадан, Өркеші жығылса да қайран нардың.
Білгенге сардарымын ей, бауырым, Мылтықсыз оқ бораған майдандардың. Аузыма қақпақ болар сен емессің, Тусаң да ұлы болып пайғамбардың.
Астына түсер деп пе ең алысқанның, Талайды мен де өзіңдей жанышқанмын. Атадан азамат боп тусаң егер,
Қадірін білер едің арыстанның.
Елімде азаттықтың таңы атқалы, Бит қанша басқа шыққан балақтағы? Сөзімді неге бөлдің жұрт алдында, Кірмеген бала емессің санатқа әлі?
Көзіңе күйік болып көрінді ме, Құдайдың мені ақын ғып жаратқаны.
Білмейді бұл жалғанда кім бағасын, Ақынмын сүйеп өскен шыңға басын. Тулаққа айналдырмақ ойың бар ма, Еліңнен мендей ақын тумағасын.
Жайындай еркін жүзіп терең көлде, Бақ қудым,
Бақыт қудым кең өлкемде. Жерлеуге құштар болсаң өр ақынды, Жетерсің мұратыңа мен өлгенде.
Тағдырдың шерлі өзенін талай кештім, Көктем боп сонда да елге арайлы естім,
Жерлерсің мен өлгенде ей, бауырым, Жырымды жерлей алмас алайда ешкім.
ІІ
Намыс қуып сен қашан шыңға аттандың? Қойма көрсең тіміскіп жылда ақтардың, – Ардан безген дәрігер сен емес пе,
Ішіп-жеген ырзығын сырқаттардың.
Айналғасын емхана жемханаға, Сырқаттарды жеп жүрген сен ғана ма? Ақ халатты жандар да шын бұзылды-ау, Билік құрып кілең сұм кең далаға.
Ер болса да еліне жалқын бөлген, Жолдан таймай тұра ма алтын көрген. Ол да сендей жемқор боп шығады әлі, Шәкірттерің бар болса артыңда ерген.
Күннен-күнге айналған құр сүлдеге, Сырқатты ойлап тас кеудең күрсіне ме? Адамдарды екіге бөліп қарап,
Керек емес,
Керек деп жүрсің неге?!
Жүрегінен жол тарқан кемел елдің, Бірі шығар деуші едім кемелердің. Азамат боп атадан тусаң егер, Сырқаттарды екіге неге бөлдің?!
Көкала бұлт нарық боп төнгенде елге, Ар-намысын ер қанша көмген жерге? Шыға беріп емхана ауласынан
Қай бетіңмен қарайсың өлгендерге?
Жаралғалы,
Туғалы сенімге ерген,
Қайран халық бұл шақта тері иленген. Қоғам түгіл адамды жазсын қалай?
Дәрігерлер сырқатты жеп үйренген.
НАР ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ
Заманбек Нұрқаділовке
І
Жетсе керек халқыңды жанышқалы, Нарық болып жүр әлі алысқаны.
Әкімдердің ішінде өзің ғана Айға атыла білетін арыстаны.
Заман ба, әлде адам ба елді ұлытқан, Көктем қайда кешегі жер жылытқан? Тәуелсіз ел болсақ та
Неге, неге
Арманына жете алмай ер булыққан? Заманыңды Заманбек түзе, ендеше, Қайта тапсын күлкісін ел ұмытқан.
Емес шығар кесірі тым өрліктің, Көкжиекке батса егер түнеріп күн. Нар тұлғалы жігітсің,
Мүмкін емес,
Тал бойыңда болмауы бір ерліктің.
Кім тілейді өз елін жайратқанын, Керек сенің құлпырып, жайнатқаның.
Ақындардың үні өшкен сұм заманда, Кімге дәрі бір бұлбұл сайратқаның.
Әкім болып, бауырым, үмітті елге, Көтерілдің қайыра түбіт-төрге.
Халық қамын ойламай, Ызалымын,
Халық нанын жеп жүрген жігіттерге. Көз жасына халықтың нанын малып, Жегенше олар
Өлмей ме кіріп көрге.
ІІ
Егер қарай білмесе алысқа ері, Есік ашып тұра ма ғарыш төрі. Барысқа ері айналмай ең алдымен, Қалай ғана айналсын барысқа елі?!
Келбетінен көктемнің желі еспеген, Жұртпыз, әлде өзгеге теңеспеген. Қаптап өсе бергенше нар қамысы, Ар-намысы елімнің неге өспеген?!
Елдер қанша келмейтін шоқтығынан, Секілденіп көрінген текті қыран.
Тепкіге еті үйреніп кеткен сынды, Момын жұртың намыстың жоқтығынан.
Кейде оқыс қылығы жат көрінген, Кейде семсер секілді қақ бөлінген. Намыс болса бұлқынған
Жемқорларды
Жұлып түспей жүр неге ат белінен?!
Жоғалса да сағымдай талай сенім, Жоғалтқан жоқ ақ таңын арайлы елің. Өзің бастап барысқа айналмасаң, Барысқа елің айналсын қалай сенің?!
Билік тимей бұлқынған намысты ерге, Жүрміз әлі жете алмай қарыс жерге. Сен де, бірақ, барысқа айналмайсың, Жұртың түгел айналмай барыс елге.
ІІІ
Ақын біткен айналса дуанаға, Ақын емес жан түгел қуана ма? Көктем болып ақынға қараса егер, Өкіметтің тамыры суала ма?
Көшелерде жоғалтқан сылқым-күнін, Көтермесең, өзің біл, жыр дүлдүлін.
Ақындарды егер де ұнатпасаң,
Неге сүйдің қазақтың бір бұлбұлын?! Айдындарға жол тартқан төзім – кеме, Азаматсың көзің – от,
Сөзің – жебе.
Ақындарды егер де ұнатпасаң, Жыр жазасың, алайда, өзің неге?!
Күн көрістің шаршаған шайқасынан, Не шығады ақынның айқасынан?
Кітапхана бүгінде тарс жабылып, Шарапхана залы боп қайта ашылған.
Өскені ме,
Елдің бұл өшкені ме?
Бұдан өзге жоқ па үлгі есті еліңде. Алматыда от жанбай жатыр әлі, Астананың өкпелеп көшкеніне.
Құлағыңнан тұрса егер зары кетпей, Жетім елді қолдарсың арын төкпей. Қараңғыда қалмасын жер тырмалап, Жылу жетпей,
Халыққа жарық жетпей.
Жүрген жері бықсыған, Түтіндеген,
Басшы қанша бір-бірін түтіп жеген? Азамат боп қалсаң деп армандаймын, Тозған елдің жыртығын бүтіндеген.
IV
Қышқырғанда қызғыштай ердің жаны, Түгесіліп біткенде елдің малы.
Әкім болдың, қайтейін, әкім болдың, Жұтағанда бойынан жердің нәрі.
Ақынға емес, Алайда, әкімдердің
Қабағына қарайды елдің бәрі.
Бәрін жеңіп зауалдың төнген қарпып, Қоңыр желдей есерсің төрден аңқып. Заманыңды Заманбек жақсартарсың, Димаш ағаң секілді өрге тартып.
Жалын шашып көздерден, Жалқын шашып,
Кедейліктен құтылып халқың тасып, Отыратын Заманбек күн туар ма,
Жаздың шуақ күніндей жарқылдасып. Алқа-аламан жиында
Алатаудай
Димаш ағаң секілді нарқың да асып.
Сондай күнге жеткізсін зеректігің, Сен баптаған құрт шалмас терек түбін. Сенен жақсы білетін бар ма азамат Елді қалай басқару керектігін.
Іні тауып жүрсең де, аға тауып,
Жүгің жатса ол – жаман жағада ауып. Қайта-қайта сен жаққа көп қарайды, Елдің барлық үміті саған ауып.
Төрт құбылаң болмасын неге түгел Түн ұйқыңды төрт бөлсең сана сауып.
...Бұл бір емес намыстың тебінгені, Сол үшін де ұнатар елім мені.
Саған сенем,
Жыр жазсам өзіңе арнап, Таудың тауға алыстан көрінгені.
ҮЛКЕН ҮЙ
Әні күнге жол тартқан, күйі күнге, Нұр шашпаған қазақтың үйі кімге? Үлкен үйдің бірісің құт дарыған Көтерілген Жетпістің биігіне.
Үлкен үйдің бірісің бақ дарыған, Ақ түйенің қарыны ақтарылған.
Көкке ұмтылған мәуелі тал-Дарақсың Жұмыр жердің жетіқат қатпарынан.
Ескен сайын қоңыр жел қырдан шалқып, Келе жатсың биікке, шыңға тартып.
- Нағыз қазақ кім? – десе, Сен дер едім
Жусан исі үстінен тұрған аңқып.
Тектілігін тектінің кім білмеген, Сен емессің шаң қонса сілкінбеген.
- Нағыз қазақ кім? – десе, Сен дер едім
Көкірегімде күй болып күмбірлеген.
Бауыр болып жаралдың –
жоқ арманың, Қайта тапқан жандаймыз жоғалғанын. Ұлың – жұлдыз болғанда,
Қызың – құндыз,
Қысы-жазы көктеген көк орманың. Көңіліңе жүгірсе сәуле шашып, Жастығыңа қайыра оралғаның.
Бірге гүлдеп жайнаған көгерсе елі, Ұрпағымен қашанда ер еңселі.
Жетпіс деген – жеті асқар, Ендеше мен
Биіктердің бәрінен көрем сені.
ЖАЙЫНДАЙЫН ЖАҒАҒА ШЫҒЫП ҚАЛЫП...
Қарағайдай қасқайып жалында өскен, Асылдарың бұл заман бағын кескен.
Елен досым, түсіме кірдің кеше Мұнарадай мұнартып сағым кешкен.
Көп жігіттен Елен – дос басым бағың, Қасиеті еліңнің бас ұрғаның.
Жастығыңды қайтадан сен таптың ба, Үлбіреп тұр қасыңда асыл жарың.
Құрып қойған жолыңа қола қақпан, Ұры – уақыт сені де тонап жатқан Шығар, бәлкім,...
Тас жолдар секілді бір
Қара өзендей жер шарын орап аққан.
Бір биікке жақындап, Жуық барып,
Жалп еттің-ау... Жаныңды суық қарып.
Қызметтен кетсең де жасымадың, Жайындайын жағаға шығып қалып.
Көзден тізіп өткізіп, Елеп келген
Өмірді кім көк майса желек көрген? Қызмет не?
Білгенге жабы емес пе,
Шаңға аунатып иесін жөнеп берген.
Құрыш кеуде –
сыры көп тылсым кеме, Билік құрған күнді аңсап күрсіне ме? Көп жабының біріне құрық салып, Ұстап мінбей жылқыдан жүрсің неге?
Бір жақсылық жасасаң сүйікті елге, Ұмтылмағын құз кеуде биіктерге.
Сенсіз де көп аспанда қара бұлттар Тұз жаудырып,
Зәр төккен тұйық көлге.
Жақсыны да, жаманды жүре көрген, Мұнарасың төріңнен түрегелген.
Саясаттың бәрі де иті емес пе, Заман егер үр десе үре берген.
Ұрпағысың ұранды үлкен елдің, Жырын тыңдап, қайтесің, үргендердің. Биік жан боп, ендеше, жаралмаған Бәрі бірдей биікте жүргендердің.
Құрбандыққа қашанда қара шалып, Азамат ер үйренген қала салып.
Биік жандар болса егер, Сорлай ма елі
Көрінгеннің алдында аласарып?!
СЕН ҚЫЗМЕТ ЖАСАСАҢ ЕЛГЕ ҚАЛАЙ
Түскен сәуле секілді шың басынан, Танымалы жігіт те тұлғасынан.
Сен жолықтың Елімнің жүрген кезде
Құланынан көз жазып, құлжасынан.
Бел асатын жігіт көп, қыр асатын, Бірақ ойлы жас қайда сырласатын? Азамат ер көп болса,
Елдің мынау
Көз-жанарын кезең бе мұң басатын.
Нарық болып елді кім сілкілеген, Жігіт қайда өзіңдей нұр тілеген? Найзағайдай құр бәрі жарқылдайды,
Жерге жаңбыр жаудырмай күркіреген.
Күн кешсе де жарқылдап жарық та арай, Тұралаған жұрт мынау шарықтамай.
Көп жігіттер айналған шыңырауға, Шыңыраудан су ішсін халық қалай?
Жаңбыр болып құймаған даласына, Жарыта ма ұл болып анасына.
Інілікке жігіттер жарамаған Елдің қалай айналсын жағасына.
Жігіт деймін мен сені ер болатын, Сен емессің жауына жем болатын. Әттең, сендей азамат көп болса ғой, Қолы қысқа қазаққа жең болатын. Көңіліңді ен тоғай көрем сенің, Көшіп келіп жағалай ел қонатын.
Тұла бойын жеріктің желі буған, Арман бар ма анада сені туған.
Гүл іздеген бақшадан бал арадай Бақыт пен бақ сені іздеп,
Сені қуған.
Қилы шақта сарбазсың ат та ерттеген, Семсер, қылыш сен емес жатқа өтпеген. Бақ та кейде ызыңдап ұшқан шыбын, Бірақ сендей асылмен бақ көктеген.
Тәңіріден өз басын кем қоймаған, Жігіт қанша жел қуып белде ойнаған? Көргенім жоқ қор болған азаматты Өзін емес,
Алдымен елді ойлаған.
Шаңырағы шайқалған желге талай, Кімге тұтқа басшылар енген сарай. Бақ та солай басыңа келіп қонар, Сен қызмет жасасаң елге қалай.
СЕМСЕР
Князға
Болашақтың көзінде оты өріліп, Болашаққа жетерсің төте жүріп. Рухың сенің асқақтап тұрған жоқ па, Ақ сұңқар жыр кеудеңнен көтеріліп.
Тәңір сені асылдан жаратқалы, Жігіт бар ма кірмеген санатқа әлі. Өміріңнің өзені өрге ағып тұр Азаттықтың арайлы таңы атқалы.
Белге буған белдігің күміс еді, Қымызыңды мен ішпей кім ішеді. Тереземді келемін ашық ұстап, Өйткені ылғи сен жақтан күн түседі.
Көңілімнен дүрлігіп құс қашқалы, Жүргендер көп жарама тұз басқалы. Сен айналдың Қаратау қуатыма, Қарау қоғам менімен ұстасқалы.
Дүниенің дүбірлі дүрмегінде, Буырқанып жүрмесін кім елінде. Ұғындырған сен едің мені өзіме, Ұғына алмай өзімді жүргенімде.
Мүмкін жұлдыз шығарсың көгімдегі, Мүмкін сәуле шығарсың көңілдегі.
Сен бар жерде жауларым неге ығады, Егер семсер болмасаң төрімдегі.
АҚЫН ДОСЫМ ЕСЕНБАЙҒА
Үйіріліп тұрғанда бақ төбеңе, Сәлем беріп келдің бе Ақтөбеге. Үш бөлмелі сәулетті үй бергені – Мінгізгені емес пе ақ кемеге.
Ақтөбеге ендеше өкпелеме,
Жарық жалған қызығын көп көре ме. Туған қалаң айналып тұғырыңа Көтермесін туыңды көкке неге?!
Көкірегіңнен тұрғанда бұлақ ағып, Арамызға кім жүрсін сына қағып. Жас күніңде қала еді сыйдырмаған Түскен талай соңыңа шырақ алып.
Не істейсің зауалға көнбегенде, Су бермеген қала еді шөлдегенде.
Жүгірмес ед құшағын саған ашып, Құз кеуделі биіктен көрмегенде.
Жанарыңда жарқылдап күн күлгелі, Жүрегіңнің бар шығар бір білгені.
Жас күніңде сыйдырмай қуса сені, Азулы ақын көреді бұл күндері.
Ойың содан он саққа бөлінеді, Тереңіңді тулатып өріледі.
Ұлы кісі болғанда мойындаған Ақтөбе ана секілді көрінеді.
ӨЛЕҢ ЕКЕН ДЕП ҚАЛАМ КЕЛЕ ЖАТҚАН
Көктем болып жүгірген елге күнде, Сәуле ойнаған ақынның келбетінде. Қара өлеңі қазақтың аман болса, Сен де бірге жасайсың жер бетінде.
Сардаланың қызы едің тау сағынған, Сені көріп сөзінен жау жаңылған.
Аттан, сірә, түспейсің, Дүниенің
Қан тамшылап тұрғанда саусағынан.
Туған елдің жаралған тілегінен Ақын барда тірлікте кім егілген. Ақиқатты көздеген оқтың бәрі Өтіп жатты сенің д жүрегіңнен.
Тар бөлменің ішінде аласұрып,
Ақын қанша жыр жазған жаны ашынып. Құлагердің құлыны кісінеген,
Сен бар жерде өлеңнің бағы ашылып.
Кеудесіне ақ шабыт түнегелі, Алты алаштың келеді түлеп елі. Тірі сөздің иесі болса егерде, Сенсің, бәлкім, қазақтың тірі өлеңі.
Жалғандықтың бәріне жебе тартқан, Ақын қыз ең өзені терең аққан.
Төбең сенің алыстан көрінгенде, Өлең екен деп қалам келе жатқан.
АҚ КОСТӨМ
Ақын Ғалым Жайлыбайға
Күн алыстап бақыт болып қонатын, Зауал туып келеді ме тоңатын.
Күнім менің арғы бетке ауғалы, Төсек тартып жатқан кезім болатын.
Нұрлы таңның нұры ойнаған жүзінде, Ғалым ақын көрген мені түсінде.
Сырқатымнан құлан таза айығып, Жүр екенмін ақ әлемнің ішінде.
- Арпалыспен өтсін, мейлі, өмірің, Биіктерден естіледі өр үнің, –
Деп үстіме жапты әкеліп ақ костөм, – Ағарсын деп күреңіткен көңілің.
Ұшты мені бір қыран құс айға алып, Отбасында отырма деп байланып.
Ғалым берген ақ костөмді кигенде, Жүре бердім әппақ нұрға айналып.
Жүрегімді жұртым ұғып, тау ұғып, Сырқатымнан түрегелдім сауығып. Ғалым бойға қуат болып кіргенде, Ажал мені жеңе алмады жауығып.
Болашақтың көріне алмай төрінен, Жұлдыз қанша ағып түскен көгімнен. Мүмкін мені ауырғанда жебеген Қыдыр шығар Ғалым болып көрінген.
ҚАЗЫҒЫНА ЕЛУДІҢ АТ БАЙЛАҒАН
Алғағали Қартабаевқа
Жұтып өскен ауасын таза бақтың, Құлыны едің қаз мойын қазанаттың. Тұнып тұрған қазына алтын басы Арқар кеуде өзіңдей азаматтың.
Жыр арнасам өзіңдей бауырыма, Қол соқпай ма қазақтың тауы мына.
Қайта оралғың кеп тұрма Алға батыр Жиырма бестің думанды ауылына.
Тайға, сірә, ер салмай бала мінген, Қыран жігіт сен едің дара жүрген. Ердің бәрі баянды бақ қуады,
Елу жастың бағына жаңа кірген.
Қапталыңда жүгіріп жүрген арай, Көктем болып көзіңде күлген талай. Елу деген ер асқан елу белес Керуені жол тартқан күнге қарай.
Тірлігімнің қамшысын өктем өріп, Жүрмін сені көгілдір көктем көріп. Жар басында қалайын жалғыз неге Өткелдерің тұрғанда өткел беріп.
Сөйлей білген күркіреп ер пішінде, Ақтангердің бірісің ел ішінде.
Кісі болған пендені көргенім жоқ, Кісінемей құлыны желісінде.
Жүрегінен жаралған жасын елдің, Мүмкін бірі шығарсың асыл ердің. Елу жастың арасы бал жинаған Гүлдеріне көп қонып жасыл белдің.
Тобыр көп те жүйрікті қақпайлаған, Сендей жігіт бәйгені шаппай да алған. Қазылыққа жараған қай кезде де, Қазығына елудің ат байлаған.
ДӘРІГЕР ДОСЫМА
Қаһан Сейтжанұлына
Жетім бұзау секілді мөңіреп кеп, Құзырлыны жүрмедің төңіректеп. Азаматтың бірісің, Қаһан мырза, Қарғып мінген үстіне өмірді ерттеп.
Аспанында қоңыр бұлт жиі көшкен, Бәйтеректің бірісің биік өскен, –
Қан майданнан әкесі қайтпай қалып, Жетімдіктің бір кезде күйін кешкен.
Өміріңнің тұрғызып мұнарасын, Неге сенің көңілің жырламасын. Тіршіліктің қан құйып тамырына, Сабырлы өзен секілді нұрлы ағасың.
Шындық жоқта шыңғырып
шыңға атылған, Шырмауыққа жан қанша шырматылған. Ақ қанатты періште дәрігерсің
Қоғамды емдеп жазатын сырқатынан.
Жаңа туған кезіңде ес білмеген, Кіндігіңді найзағай кесті ме екен. Көкірегіңде тұңғиық сырлар жатыр Жан баласы өмірі естімеген.
Бұлақтарды жетелеп қарғып аққан, Кісіліктің ер қанша шамын жаққан.
Абыз болар жігіттің көкірегі
Ақ дария болатын шалқып жатқан.
Қуатыңа айналса жиі белес, Сені қайдан жеңеді құйын, егес.
Ат үстінде жүргеннің бәрі бірдей, Қаһан мырза, өзіңнен биік емес.
ҒАЛИЯҒА
Тауда өскен қайсар шынарсың, Көгінен бұлттар көшетін.
Ақ қайың мүмкін шығарсың Орманда жалғыз өсетін.
Желбіреп туың алаңда, Көзіңнен жарқын күн күлген. Жігіттер азған заманда Қасиетіңді сенің кім білген.
Атадан қалған із едің, Жүгірген күнде жыр құрап. Ауылдан келген қыз едің Жусанның иісі бұрқырап.
Булықпай қалай тынарсың, Жұлдызың бар ма жанбаған. Мүмкін сен бақыт шығарсың Қонатын шыңын таңдаған.
Жұлдыздан шырақ жағарсың, Бетіңді нұрға жуғанда.
Теңіңді бір күн табарсың Жүрегің тулап тұрғанда.
ТӨЛЕГЕНГЕ
Өрі өлеңге айналған, төрі өлеңге, Жыр арнамай бола ма Төлегенге. Төлеген деп атыңды қойған шығар, Өмір сыйлап жүрсін деп өрелі елге.
Жаулап сенің жол тапқан жүрегіңе, Жолыққан да шығарсың Жібегіңе. Атың жақсы, затың да жақсы болғай, Туған елдің айналған тірегіне.
Арсыз тірлік,
Көңілдің хошы алаңда,
Кейде жаулық жасайды дос адам да. Ту сыртыңнан өзіңді торып жүрген Бекежандар жоқ деме Қособада.
Елдің белі салмақтан қайысқалы, Тұрған жоқ па көгіңнен ай ұшқалы. Бекежандық заманмен
Кім болғаны
Төлегендер шықпаса сайысқа әлі.
Өрені боп тусаң да өрелі елдің, Халқың үшін ұлтанға шегелендің. Ақ желкені, бауырым, сен деп білем,
Айдындарға жол тартқан кемелердің.
Бірі деп те жетілген жебелі ердің, Жыр болмаса өзіңді жебеген кім? Емін-еркін күн кешем деп ойлама, Бекежаны бар болса Төлегеннің.
МАРҚҰМ ӘБДІБАЙ ҚОРҒАНБАЕВТЫҢ РУХЫНА
Көңіліңнің аспаны күркіреді, Жанартауың кеудеңде сілкінеді. Мына өмірге өкпелеп,
Ана жаққа
Өлең іздеп кеттің бе кім біледі.
Ажал атқан тисе егер оқ қорғасын, Неге сенің кеудеңе өрт толмасын. Ерте аттанып кеттің бе кім біледі, Бақталастық ол жақта жоқ болғасын.
Бақа неге ойнасын құлағыңда, Толқын болып туласаң жыр ағында. Алмас қылыш секілді жатырсың ба, Құба белдің тыныстап қынабында.
Көкірегіңде тасқындап өлең күнде, Талай нұрлы шуаққа бөлендің де. Сарқып ішіп Абайдан қалған уды, Әлде суыт аттанып жөнелдің бе?
Бірақ, бірақ...
Ол уды кім тауысқан,
Билік құрған заманда кіл сауысқан.
Кімнің тоңған жүрегін жылытады, Мына жалған дүние нұры ауысқан.
Толқын қуған арнасын баққа бұрып, Көңіліңнің өзені аққан тұнып.
Көрде тыныш жатқызсын қалай сені, Көк бөрі жыр ішіңде жатқан ұлып.
Мұратына жетпесін кім асығып, Айдыныңды қара өлең тұр асырып. Серуендеп жүргендей көрінесің Ауылыңның сыртында қырға шығып.
ҒАЛИ АҚЫННЫҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ
Алты алаштың биіктеп тұр аспаны, Ғасыр өтті өзіңмен сырласқалы.
Күннің нұры кеудесін аймалаған Жетісудың сен едің бір асқары.
Жақсы, жаман теңескен бұл ғаламда, Тебірендің тереңің тулағанда.
Жер жанары Жетісу атала ма, Ұлы ақынды өзіңдей тумағанда.
Толқындарын қозыдай жамыратқан, Ұлы өзеннің бірісің сабырлы аққан. Шынында, аға, өлгендер емес шығар Жығылғанның бәрі де арғымақтан.
Қылмыстарын бетке айтқан ірілердің, Айналады қашанда піріне елдің.
Жазған жырың жүрегің болса егерде, Жүрсің, аға, ішінде тірілердің.
Тағдыр кейде ұстасып, егескенде, Қуатыңа айналды белес-белде.
Сенің демің шығар деп ойға шомам, Қоңыр қырдан ақ саумал жел ескенде.
Туған елдің үмітін үкілеген, Ақын аз ба тірлікте нұр тілеген.
Сенсің бе деп, жан аға, жалт қараймын, Күннің дауысы естілсе күркіреген.
АҚЫН МЕН ДЕПУТАТ
Марқұм Свет Оразаевтың рухына
Күміс сәуле шашырап күлкісінде, Кімдер жолға шықпаған тірісінде. Жолаушының барлығын тиеп алып, Пойыз зулап келеді түн ішінде.
Тірлік қамын жасынан ерте біліп, Көшін түзу бастаған ер бекініп.
Жолаушылар ұйқыға кеткен еді, Көк пойыздың үстінде тербетіліп.
Кісіліктің кім жеткен бағасына, Қарамайтын жан аз ба шамасына. Екі жігіт араққа тойып алып,
Бір-бірінің жармасқан жағасына.
- Ақынмын! – деп бірі оның күркіреді, Көңілінен ызалы жыр түледі.
- Депутатпын! – деп бірі сілкінгенде Тау басынан тас құлап дүркіреді.
Жанарында жарқылдап нұры жанып, Қарсыластың тұрғанда қыбы қанып. Ақын кенет лақтырған сыртқа қарай Депутаттық белгісін жұлып алып:
- Жасап жатқан заманда құлдан құдай, Өрге баспай тірлігің тұр маңдымай.
Төске таққан беделді белгің жоқта, Сен депутат емессің бұдан былай.
Кісі болсаң шындыққа жүгінетін, Кезің келді алдымда жүгіретін. Ей, депутат, ақындық жүрегімді,
Көр лақтырып жетсе егер құдіретің...
ҚИСЫҚ БҰТАҚ
“Ол (Кеңшілікті айтып отыр) Абайдан да,
Мағжаннан да биік”. “Бердияров, Мен және басқалар...”.
Ө.Нұрғалиев. “Кентавр”.
15 маусым, 2007 жыл.
Жанарыңды суармай таң нұрына, Қалай ара түсесің тағдырыма.
Түскен талай қара құрт сен емес пе, Қара өлеңнің бұлқынған тамырына.
Қуат жимай,
Нәр жимай сүйікті елден,
Ақын қанша қызғаныш – күйікте өлген. Сен емес пе бозторғай Кеңшілдікті
Сөз патшасы Абайдан биік көрген.
Суырмайды маңында құйын мүлде, Кеңшілік тұр өзінің биігінде...
Ақын бар ма Абайдан биік тұрған Найзағайы шатырлап жиі күнде.
Қу жаныңның жылғасы таласа ағып, Жүрегіме келеді жара салып.
Онда Абайдың несі Абай?! Тұрса егерде
Кеңшіліктің алдында аласарып.
Жұрт көңілін жүргенде саған ашып, Алжасқаның бұл қалай қара басып. Атақ алғың келе ме кім біледі, Аруағымен Абайдың жағаласып.
Ат арытып, алысқа жиі аттанып, Көңіліңнен көрдің бе күй ақтарып. Көрінесің көзіме
Қарағайдың
Қисық өскен бұтағы сияқтанып.
Қуыс кеудең терімен тұр қапталып, Сандырақтап сөйлейсің бұрқап қалып. Емделмесең бола ма емханада,
Мүмкін қалған шығарсың сырқаттанып.
СЕЙІЛБЕК АҒАНЫҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ
Көңіліңнің көз салған жиегіне, Мүмкін риза шығарсың жиеніңе. Сүйеу болар аға жоқ, Жығылғанда
Түрегелем сүйеніп сүйегіме. Жақтырмай ма, білмеймін, өр кемені, Шығармаған жан қанша төрге мені. Кейбір жерлес інілер жүрген жоқ па, Жазған ойлы жырымды өртегелі.
Көңілінің жадырап мөлдір көлі, Кісілердің сыйлайды жөн білгені. Жүрегімнің сен кетсең отын жағып, Біреулер жүр сол отты сөндіргелі.
Тіршілікте көңілің жиі қалған, Дүниенің болар ма күйі жалған. Жұлдызды да сен берген жүзік етіп, Саусағына біреулер киіп алған.
Арманымның ескенде ақ самалы, Қайдан табам өзіңдей жақсы ағаны. Бұл күндері саудаға түскен жоқ па,
Айырбасталып бұл жұрттың ақшаға – ары.
Қарамайтын заманда көңілге ешкім, Аумалы да төкпелі өмір кештім.
Талай мәрте сабама түсірген-ді, Қоңыр желі тербетіп қоңыр кештің.
Нұрын төгіп тұрғанда күн елжіреп, Жүгіреді жалғанда кім жел тілеп. Бірақ сендей емені көп қырқылып, Елдің іші әлі де тұр селдіреп.
РУХЫҢ ӨЛМЕЙ ЖАСАЙДЫ ЖЕР БЕТІНДЕ
Әнуарбек Тәжімбетовке
Жанарыңның сәулесі шыңға асылып, Жетуші едің малшыға – қырға асығып. Тарлан тарих бетінен өшкен жоқсың Жасырғанмен ізіңді құм жасырып.
Көрікті көш көңілді алға асқанда,
Сенің жұлдыз арманың жанды аспанда. Ойық елі гүлденіп жүре берген Соғыстағы ерлігің жалғасқанда.
Келе жатқан тасқыннан жүзіп етіп, Сені кімдер мұқатсын күші жетіп.
Сен басшы боп тұрғанда ойлы Ойыққа Күрең мінген кісі аз ба кісінетіп.
Жылдар еді көзінен мұң арылған, Елге қарай тасқындап нұр ағылған. Сағым көшкен сардала шөлдегенде Сенің маңдай теріңмен суарылған...
Қабіріңнен өр даусың естіледі, Жүрегімді сол менің кескіледі.
Арда жүрек өзіңдей азаматтың Қасиетін ел неге кеш біледі?!
Көктемдердің ескенде ақ самалы, Арманыңның бұл қалай ақсағаны? Ұмытуға бола ма өлді екен деп, Жаны жайсаң өзіңдей жақсы ағаны.
Қабірің тұр қасқайып жел өтінде, Заманыңның шындығы келбетіңде. Елің аман тұрғанда, қайран аға, Рухың өлмей жасайды жер бетінде.
АТА РУХЫ
Күйзеліп, ата, кеткенде Еске алам сені елжіреп. Жүруші ең атпен көк белде Сақалың тудай желбіреп.
Күндерде жүйрік от-құйын Аңсамай жаным тұра ма.
Маркстің құны көк тиын Ер салмай өткен құлаға. Кемеңгер, ата, өзіңсің Ақылы асқан ғұлама.
Пайғамбар сынды қарт едің – Алдынан кісі кетпеген.
Атымтай жомарт мәрт едің – Итті де өзекке теппеген.
- Жерлеңдер, – депсің, – көк белге, Ажалым жетіп өлгенде.
Айналып жасыл көктемге Жатайын бұлттар төнгенде.
Сойсаң да ақ боз асыма, Жалғанды жығып басқа ұрып. Тұрғызба күмбез басыма, Кеудемді таспен бастырып.
Бөлмеңдер мені даламнан, Жатайын еркін тыныстап. Адаспай арай – санамнан Көрге де түсем нұр ұстап.
Жығылған аттай арқырап, Жер-бесікке бетім ауғанда, – Көр іші жатсын жарқырап, Алланың нұры жауғанда...
Қабыл боп, ата, тілегің Соқпаған күмбез басыңа. Далаңмен бірге жүрегің, Айналған шөбі шашыңа.
Жатырсың қабір ішінде Айнымай асыл қалпыңнан. Көргенде ылғи түсімде Жетейін десем артыңнан.
Ашулы, сұсты пішінде:
- Қайт кейін! – дейсің жаратпай. Қараңғы үйдің ішінде
Жарқ ете қалған жарақтай.
Келеке болмай тілді елге Азамат бол деп іргелі...
Жер емес, ата, білгенге Көтеріп рухың жүр мені.
Сүйегіңе біткен тас қына Көктеген гүлденіп бір демде. Жанарыңа жасыл жас тұна Сілкініп жаның күлгенде –
Өлгеніңді де ұмытып, Түрмедей көрді жылытып, Жай тарттың жарық күннен де.
Жатырсың, ата, көк белде Айналып жасыл молаға. Төбемнен тырна ұшып өткенде Сағынбай сені бола ма?
Шабынған бура күштеймін, Сақылдап ажал күлгенде. Астына жердің түспеймін, Көтеріп рухың жүргенде.
МАЙДАНҒА АТТАНҒАН БОЗДАҚТАР
Ақпан барда,
құрылған қақпан барда, Көрінсін деп жарқылдап саптан да алда, – Абыз қарттар батасын берген еді,
Сіздер,
майданға аттанғанда.
Соғыс тілін білген де,
білмеген де, Қалыс қалмай аттанған дүрбелеңде. Мұжық Ресей немісті жеңе алмас ед Сіздер,
сіздер ұрысқа кірмегенде.
Шыр көбелек айналып шырғалаңда, Сойқан әлі бітпес ед сұр ғаламда, – Ар-намысты ұран ғып,
Сіздер, сіздер
Жер түбіне соғысты қумағанда.
Күтсін, мейлі, алдынан қайғы аларып, Бес қаруын түгендеп сайлап алып, – Елін жаудан қорғаған, жерін жаудан Көмілмеді ер басы қайда қалып?!
Жарық жұлдыз сөне ме аспан барда, Желбіреген тусыңдар асқарларда.
Көтерілген ескерткіш рухтарың
Қай қиырды жастанып жатсаңдар да.
Ту тіксе де асырып айдан да әрі, Өздеріңдей болсын-ау қайдан бәрі. Неге оралмай осынша кешіктіңдер Жүрсіңдер ме қан кешіп майданда әлі.
Жүрек түгін жауға атқан жебе көріп, Күн кешпеген ер басы неге көніп.
Сұм соғысты жібермей бері қарай Қалдыңдар ма Берлинде шегеленіп.
СЕНІ ІЗДЕП ТАБАМ ТҮБІНДЕ
Омырауын ақ тер торлаған Ат басы қайда қалмаған.
Ел-жұртын жаудан қорғаған Ер басы қайда қалмаған.
Ажалда тойым болған ба Жақсыны ғана жалмаған.
Жоғалғандарды қиырда Жүрегім іздеп сарнаған, – Дауылда,
боран құйында
Жол тартып қайда бармаған. Жоқ іздеп жүрген жандаймын Сарылып сағым қармаған.
Тас бауыр жетім қозымын Жарасын бітеу жармаған. Боздақтың бұла бозымын
Шаң боратып шауып талмаған.
Сарқытын ішпей сараңның, Жал-жаясын жемей жаманның. Арқау ғып асын адамның, Бүтіндігін ойлап ғаламның.
Алпысқа жетіп қалыппын, Арнасында ағып заманның.
Соғыста өлген әкемнен Жасым да үлкен бұл күнде. Оралса жап-жас жат елден Болуым бала мүмкін бе?
Әкемнен үлкен емеспін,
Жас жағынан үлкен болсам да. Рухынан биік емеспін,
Алатау ғып мені жонсаң да.
Әкемнің өлген жасынан Кетіпті-ау асып балам да, – Мұнар ой кетпей басымнан Жүргенде қала, даламда.
Оралса, шіркін, жоқ арман Жас әке қажет бұл күнде. Шуласа да қалың көк орман Оралуы, бірақ, мүмкін бе?
Теңізге батқан кемедей Жоғалған сүңгіп тереңге. Мергеннен қалған жебедей Аманат етіп мені елге.
Не шара қатал тағдырға Түнерген суық пішінде. Кеудемді тосып жаңбырға Қара орман елдің ішінде.
Қартайсам да шау тартып, Жантайсам да жер тартып Сені, әке, жоқтап өтермін. Ақ самал есіп жүзімнен, Өзіңнің кеткен ізіңмен Соңыңнан қуып жетермін.
Бара ма кеміп күш мүлде, Тарқауға жақын тойым да.
Кездеспей өтсек үстінде Табысармыз жердің қойнында.
Қасиетімді, әке, біл сен де... Кемелер батқан теңіз, – деп, – Қойнына жердің кірсем де Түбінде табам сені іздеп.
БОЗДАҚТАРДЫҢ БОДАУЫНА КЕЛГЕНДЕР
Жапырағынан ажырап мың тоналған, Тірі куә бәріне мына жалған.
Соғысқандар жат жерде ажал құшып, Соғыспаған майданнан тірі оралған.
Жаманды алып, жақсыны қалдырса егер, Атанар ма опасыз мына жалған.
Дүниенің тұрғанда сәні кірмей, Сөйледі деп жазғырма әлін білмей. Бәрі бірдей ұрысқа кірген жоқ-ты, Аттанса да майданға бәрі бірдей.
Өскен ағаш секілді жеміс бермей, Ақсақ қойдай маңырап өріске ермей. Соғыс көрген майдангер атанса да, Тірі оралған жан қанша неміс көрмей.
Қызын – қымыз, Жайлауын – сайран көрген
Қайран жұртым қайралып қайраңда өнген. Тірі оралған солдаттар
Боздақтардың
Бодауына келгендер майданда өлген.
АНАМА
Бейнет, азап шексе де жасымаған, Жүре бергей жер басып асыл анам. Сенің нұрың емес деп кім айтады, Күннің нұры көгімнен шашыраған.
Өмір деген асаудың жалында ойнап,
Ұл-қызымның бақытын, бағын тойлап, – Сенен гөрі кеттім бе, кім біледі?
Күн көрістің көбірек қамын ойлап.
Ұлағаты ұлысқа ұласпаған,
Ұл болдым ба, кім білсін, қыр аспаған. Қырық жамау көңілім – бір жыртық үй Сықырлатып есігін кім ашпаған.
Қайта-қайта үңіліп шар айнаға, Қырау түсіп үлгерген самайға да. Меккеге де арқалап бара алмадым, Ақ сүтіңді ақтармын қалай ғана...
КИІМ БҮТІН, БІРАҚ ТА...
Киім бүтін, Тамақ тоқ, Сөзім – сара,
Жанға батқан жалғыз дерт – көзім ғана. Көзі көрмей,
Ғаріп боп қалса адамдар Сезінеді екен-ау өзін бала.
Шақырмайды қол бұлғап селдір дала, Жаутаңдаған дәрменсіз мен бір бала. Ғаріп болып қиналдым шара қайсы? Жетілгенде,
жеткенде енді ғана.
Көз алдымнан көк орман шынар қашып, Жанарымды үлгерген мұнар басып.
Қатарымнан озсам деп көсілгенде, Кеттім бе әлде бұлттарға –
тұманға асып.
Жарқ-жұрқ етіп жүгірген жалын шашып, Көрмей қалды көзімнің қаны тасып.
Өзім сорлап қалдым ба, Кім біледі?
Өзгелердің жүргенде бағын ашып.
Түнермеген бұлт болып елге аспаны, Талабымның жаңа еді бел асқаны.
Асау қаны тасыған қос көзімнің Және мені қинап тұр шел басқаны.
Қиындықтың бәріне шыдап, көнген Ақын едім жүрегі жырлап келген. Тағдырыма не дейін?
Нұрын қимай
Қос көзіме қос-қостан сырқат берген.
Кім қарасын бұл күні хал-жайыңа, Жазылғасын сор ғана маңдайыңа.
Айналаны бұлыңғыр көрем ылғи Көз әйнектің жарамай қандайы да.
Жаратқанын, қайтейін, батыр етіп, Жаратқанын, қайтейін, ақын етіп. Оқи да алмай,
Жырымды жаза да алмай,
Күрең күндер өксікпен жатыр өтіп.
Күңіреніп өрт жаным күрсінгенде, Қақ жарыла жаздайды тылсым кеуде. Теңселеді тас үйім
Бүкіл денем
Он екі бал қуатпен сілкінгенде.
Құс емеспін ұстайтын торда бағып, Сорлағасын ер жасы –
жолда қалып.
Дүниенің бар ашу, ыза, кегі Жиналуда кеудеме қордаланып.
Адам неге сорлайды келсе өнерге, Қара жерге рухымды ексе өнер ме? Қайда барам жарылмай
Ашу-ызам
Қордаланып жинала берсе егер де.
НЕ АЙТАСЫҢ КӨКІРЕГІ СОҚЫРЛАРҒА
Тал бойына қызуы – өлең тарап, Ақын дей ме сомдалған өрен талап.
Қайда бар ма басыңды тік ұста ылғи, Жүрме, дейді, дәрігер төмен қарап.
Шаңдата ма дүние – асау тулап, Бұлдырайды көзім де жасауырап. Дән жиналған басына тарыдайын, Төмен құлай береді бас ауырлап.
- Үңілгендей қарақат, шиелерге,
Көзге зиян... Басыңды ие берме.
Қарама деп төменге шырылдайды, Көз салсаң да биікке,
Киелі өрге.
Жүрем десең тірлікте жырымдалмай, Дәрігердің көр енді тілін алмай.
Айтқанды ұғып еңсемді тік ұстадым, Қалмасын деп көзімде нұрым жанбай.
Таң бозында таза ауа, Жұтқан арай,
Пенде шіркін, жағады жұртқа қалай? Келе жатсам көшеде
Секілденіп,
Жарға біткен жалғыз тал тік қарағай.
- Мына, шіркін, шалқақтап қалыпты-ау, –
деп,
Қалсын, сірә, тұсымнан кім қарамай. Сәлемдескен жан қанша жорта келіп, Іштерінен тұрса да шын қаламай.
Мән-жайымды жүрсе жұрт жете біліп, Қызына ма кеудеден от өріліп.
Кісі қанша сыртымнан ғайбаттаған, Қалыпты-ау деп тұмсығы көтеріліп.
Жақсы емес-ау сөйлеген сөзін білмей, Мені – көжек,
Көргендер өзін – пілдей.
- Танытып қой әкесін, – дейді кейде, – Тірі жанды барады көзіне ілмей.
Не айтасың бұларға толқыны өктем, Жүрегімді құзғындай шоқып өткен. Құдай мені көзімнен соқыр етсе, Көкірегін олардың соқыр еткен.
ШЕР МЕН ШЕЛ
Көзімді менің шел басты –
Қилы-қилы жойқынмен қарыққанда. Көкірегімді шер басты –
Ел күйзеліп ашығып тарыққанда.
Бүтінделіп сом тұяқ кетілгенде, Жетілмей ме тірлікте жетім пенде. Көзімдегі шелді
Сылып тастайды пісіп жетілгенде.
Мұнарадай морыған қыр басында, Елім азып жоғалтқан тұлғасын да. Көкіректегі шерді кім жазады?
Дию, пері, жын-ойнақ бұл ғасырда.
АШЫНҒАН ЖІГІТТІҢ МҰҢЫ
Үмітімнің жақсам да сөнген отын, Күні бар ма тұрмыстың жөнделетін. Қатын көкбет, ұл жалқау...
Өлсем деймін,
Тіршілікте қызық жоқ мен көретін.
Мұратыма жүрсем де жеткім келіп, Өмір күле қоймады бетін беріп.
Мүмкін қалған шығармын өз үйіме, Қажеті жоқ бір бұйым секілденіп.
Жаным қалай бұрысты жөн көреді, Өр кеуделі қашанда өрде өледі.
Өртейді ылғи бір күйік... Зауал туса,
Ойға шомған орман да өртенеді.
Жауға шабар күш қайда жарақтанып? Мүмкін өлем қасқырға тамақталып.
Тулақтайын ит тартқан Дал-дұл болған
Бір жапырақ жүрегім шабақталып.
Белім сұрақ белгі боп бүгілгенде, Тағдырымды кім шешсін жүгінгенде? Өлгім менің келеді таудан құлап, Мына сұрқай өмірден түңілгенде.
Би жетілген кезеңде, күй жетілген, Сүмелекке ұқсаймын сүйретілген.
Арыстанда айбар, сұс болсын қайдан, Ойын-сауық,
күлкі үшін үйретілген.
Үйімде еркін көрмедім бір тыныстап, Ыза-кектен найзамды жүрмін ұштап.
Күң болатын қатынды пір етіп ем, Қорлап мені келеді құл ғып ұстап.
АЛА ҚАНШЫҚ
Ажал сенің қарай ма ақындығыңа, Елден асқан ер жүрек батырлығыңа. Қолы құрғыр қалт етпей тура көздейді, Келгендердің бәрін де жақын қырына.
Бозторғайдың жүрсе де шырылы батып, Тынар емес бәрібір бұғынып атып.
Сұм ажалды көздеген мен де бір бейбақ Өз үйінде бүк түсіп тығылып жатып.
Көкірегім ашылып таза ауа жұтпай Күрсінсе де,
Күндіз-түн далаға шықпай.
Аш қатырып құртсам деп көп
армандаймын, Қыңсылатып ажалды ала қаншықтай.
ЖАЗЫҒЫМ НЕ, О, ТӘҢІР?
Тірімін бе,
білмеймін,
өлімін бе?
Азынайды азаптың желі күнде. Жанарыма, кім білсін, түсті ме ұшқын Шыңдалғанда өмірдің көрігінде.
Шұғылаға бөлесін арай қалай? Ұмтылдым ба биікке шамаламай. Бақ та кейде безбүйрек ұл сияқты Алды-артына жөнелген қарайламай.
Жаңа-жаңа асқанда қыран жастан, Тағдыр мені жықты ма мың арбасқан. Күңіреніп, күйзелем жыр жаза алмай Бұлдыр көзбен шел басқан,
Мұнар басқан. О, табиғат!
Мезгілдің көктемін бер,
Жырым қалай бүр жарып көктедім дер. Сабағынан үзілген жапырақтай
Өлген күндер –
Жыр жазбай өткен күндер.
Көзім еді, шіркін-ай, жас тұнбаған, Дертке ұшырап қор болды асқындаған. Ештемеге жарамай үйде отырмын, Тал бойымда күш барда тасқындаған.
Көптен бері жазылмай күн қабағы, Сәуле неге шашпайды сырғалары? Бұлдыр көзбен дүние не істесін, Дүниенің мен болсам бір жанары.
Күркіреген күн қайда есіп жүрген? Ұғынар-ау жайымды есі кірген.
Төрде аунаған ұқсадым бөренеге, Соқырлықтың қаскүнем кесірінен.
Шел басқан жоқ көзімді кемдігімнен, Айырылмаса ата жұрт елдігінен.
Қысылғасын тар үйге – Тар қуысқа
Дүниенің не пайда кеңдігінен?
Серпілмеген күндерді жалаулатып, Өрт жанымды жүргенде алауға атып. Орта жасқа жеткенде
Жабы – тағдыр
Кеткені ме шынымен шаңға аунатып?
Қалай ессін алдымнан арман лебі, Тоздыруда азынап жалған желі. Бұл соқырлық шынында Тәңірімнің
Тозағы ма тірідей салған мені.
Ыза ұшқындап шел басқан көздерімде, Уыттанып барады сөздерім де.
Жазығым не о, Тәңір? Ала өгіздей
Өкірттің-ау өз үйім – өз төрімде.
ҚҰРБАН ЕТІП ШАЛСА ДА...
Желік біткен,
Тал бойға жел де біткен,
Құр алақан емеспін кем-кетіктен.
- Құдай жоқ! – деп жырладым жас
күнімде,
Өкіметке,
ұстазға сенгендіктен.
Кешпейсің бе, Тәңірім, кешесің бе?
Партияны жырладық есесіне. Сан сабатып әкесін өз ұлына,
Қарсы қойған өз қызын шешесіне, – Партияны жырладық есесіне.
Арақ ішіп азғындап, Құралмаған
Коммунисті жырладық ұрандаған. Түлкі – үмітке алданып ғұмыр кештік, Ақша бұлттай көзді алдап қылаңдаған.
Көз салғасын кедейге –
көк құмайға, Асыл ана асыл ер көп тумай ма?
- Компартия бар кезде, – деп шулықтық, – Қалай біздер сенеміз жоқ құдайға?!
Иман жүзді имамды сілкілеген, Сұрқай, зұлым заманды кім тілеген?
Жанның бәрі құдайға қарсы болған Мәртебелі қызметте дүркіреген.
Кілең кедей жетілген бесік көрмей, Өкіметті құраса жеңсік бермей.
Қызыл қоғам құлаған ақырында, Кезінде өзі қиратқан мешіттердей.
Қанат бітіп қазақтың қанатына, Еркін елдің қосылған санатына. Бірақ құдай күнәсін кешер емес, Жеті қаттың шығып ап қабатына.
Көкжиектен атса да күліп таңы, Сезіліп тұр қабағын суытқаны. Елдің, міне, алдынан шығып жатыр, Бір кездері құдайын ұмытқаны.
Аман қалған ажалдың жебесінен, Сөгілуде қабырға – көбесінен.
Осыншама қысылып, Тарыға ма
Құдай жұрттың ұрмаса төбесінен.
Жер бетінде көл боп та жаңа тұнған, Кезім көп-ті құдайға сан атылған.
Қайран көзім сонан ба, Көп қабынды
Сұлулықты көруге жаратылған.
Жасағанды кісәпір сараң көрген,
Ел ішінде жан қанша табанда өлген? Көз қабынып көруден қалды мүлде, Жазасы ма құдайдың маған берген?
Жетелеген өмірді, Қалғанды – алға,
Қай кезде де күн жоқ-ау тарландарға. Құрбан етіп шалса да құдай мені, Көгертсе егер елімді, арман бар ма?!
ҚОРЫҚПАЙЫН МЕН НЕГЕ?
Сайқал қыздың үніндей сыңғырлаған, Жарық жалған төбеден кімді ұрмаған? Өкіметтің ақылы кірер емес,
Тілі жаңа шыққандай былдырлаған.
Құлын даусым жаңғыртып сардаланы, Күнім бар ма шырқырап шыңғырмаған. Кір шалмаған көңілім – терезе еді, Тереземді кім менің сындырмаған.
Тереземді сындырып, талқандаған Ожар қанша осқырып тарпаңдаған? Құзырлыға жағынып,
Кесек атқан
Қарттар қанша бастары қалтаңдаған?
Сұм заманда күштілер зорлық қылған, Жыртқыш қанша жолдарда жолықтырған? Сынық терезе секілді содан көңіл Саңлауынан ызғырық соғып тұрған.
Соққан сайын ызғырық дүлейленіп, Солдым қанша көктемдей түлей беріп. Қорықпайын мен неге?
Жайғасқасын
Көңілімнің төріне үрей келіп.
БҮТІНДЕЛЕМ ДЕП ӘСТЕ СЕН ОЙЛАМА
Ойлан, балам!
Жақсы емес ойланбаған, Қызығымсың сен әлі тойланбаған. Ел тізгінін ұстаған қомағайлар Дүние-әлемді ішіп-жеп сойқаңдаған. Ойлан, балам!
Жаралғандай төсінен күн мен жердің, Бәрін есті санама жүрген елдің.
Ақыл айтып жан әкем кетті деме, Тыңдамауды үлкенді кімнен көрдің? Ең жаманы қарғыстың: өзің білмеу, Тілін алмау және де білгендердің.
Жаным, балам!
От шайнап жалындаған,
Жігіт боп та жетілдің арындаған. Дәтке қуат көңілге жалғыз нәрсе, Мұсылмансың араққа салынбаған. Тұнығыңды ит-құс кеп шайқамасын, Өзен болсаң егер де ағындаған.
Асыл, балам!
Неге де тасынбаған,
Кезі бар ма әкеңнің ашынбаған. Сақта өзіңді қашанда,
Жассың әлі,
Он екіде бір гүлі ашылмаған.
Мәңгі деме жиырма бес – сайран жасым, Не көрмейді алда әлі қайран басың.
Ел билесе миғұла ақымақтар Халық неге тобырға айналмасын.
Елде арман жоқ сардарын сапта көрген, Ерде арман жоқ сенімін ақтап өлген.
Өмір деген жунгли, Қорғана біл,
Қай-қайдан да жыртқышы қаптап өрген. Ғұмыр кешіп тірлікте сен жеңілмей, Жарқырасаң бар ма арман бейне күндей. Өзіңді ұста,
Жүйкеңді тоздырмағын,
Киіп-киіп тастаған көйлегіңдей.
Жанарыңның түбінде мұң жатқандай, Ашу қысса тұрмайсың бұрқап қалмай. Айналайын жан балам!
Кім жүр дейсің
Мына сырқат қоғамда сырқаттанбай?
Өскен жігіт емессің күтім көрмей, Тірлік жаса қайдағы күңкілге ермей. Бүтінделем деп әсте сен ойлама, Қырық жамау ел-жұртың бүтінделмей.
ҚАЙ ЖАҚҚА ТАРТСА ДА...
- Жанарында жұмыр жер,
дала көшіп, Ғұмырында көрмесін нала кешіп.
Бізге тартып туған, – деп, жиеніміз, – Көкшетаудан желпінген самал есіп.
Жанарына жарқылдап жұлдыз тұнған, Жоқтан өзге нәрсеге кім қызынған.
Тартқан бала жаман ба нағашыға, Жақсы ағаштан жақсы үй тұрғызылған.
- Жұртпыз, – деп те, – қыр асып, қыр жайлаған, –
Алатау жақ бір жақтан шаужайлаған, –
Көрмейсің бе бұл бала өзіміздің
ақша бұлттан көктегі аумай қалған...
Көк ала бұлт көгінен жиі көшіп, Көңіліңді бұзбасын құйын есіп.
Қай тұқым да құнарлы жерге егілген, Дән жинаған басына биік өсіп.
Ақмарал мен ақ бөкен, Сайғақтың да,
Жортқан ізі жатпай ма сайрап құмда. Қай жаққа да тартса да тірі болсын, Ұлылары көп болған қай жақтың да.
ӨТЕМІН ОТЫН ӨШІРМЕЙ
Мінгендей ерттеп заманды, Айқайға басып таң атпай, – Халыққа керек адамды,
Не шара, жүрсең жаратпай?
Жарытпас бай боп қатынға, Кембағал соқыр бұл күнде. Кетемін туыс, жақынға Сырласа білер жыр-тілде.
Жақсыдан қалған сөз деп те, Жамандыққа мені қимайды. Жақсыдан қалған көз деп те, Сыйламаса да сыйлайды.
Жоғалтып алған бір күнде, Үйіріліп тұрған асықтай, – Өзімді тапсын күлкім де Көңілімді құр жасытпай.
Ысқырып жақын жолатпай, Алыстау ұстап анамнан, – Үйімді бөліп,
Оқ атпай
Айырмақсың енді баламнан. Айырмай мені даламнан, Бөле алмайсың баламнан.
Келінім, ұлым, немерем Жаман ба тұрса қолымда. Бір қызық көрмей неге өлем, Ат жалы, түйе қомында.
Жалғыз ем мен де кіндіктен, Ұлым да – жалғыз биігім.
Ұлымнан өзге кім күткен, Тартқанда азап күйігін.
Қатындар байын жалмаған, Көрсетсін опа кімдерге?
Тоқым боп қайда қалмаған Топырақ шашып күллі ерге.
Соларға еріп алжаспа, Айтаққа үрген қаншықтай. Менімен бекер қаржаспа,
Кеудемнен көнбен жан шықпай.
Ырқыңа қалай көнемін, Жаңадан таңым атқанда. Мен неге үйді бөлемін, Аудандар бірігіп жатқанда.
Арқадан ауған арқардай, Көшсе ұлым менен жерініп. Жолында шымыр арқандай Өлігім жатар керіліп.
Жалғызға үйір қатер-мұң, Ұлымды қолдан көшірмей, – Соғыста өлген әкемнің Өтемін отын өшірмей.
Жападан жалғыз қалғанда, Тіреймін қайда ат басын?
Құдайым,
жарық жалғанда Оты өшкен үйден сақтасын.
ЕЛГЕ БАРАМ
Елге барам, жан балам, елге барам, Атам жатқан құба бел – жерге барам. Шешең құсап күл шашып,
Қарғыс айтып,
Қаласың ба соңымнан сен де, балам.
Елге барам,
әкеңді кінәлама.
Сені, балам, тапсырдым бір Аллаға. Құрақ көрпе секілді
Өмір деген
Қырық құрақ жамаудан құрала ма?
Жылу қашып,
көзімнен нұрым қашып, Қалай тұрам шешеңмен ырылдасып. Жоғалмасам көзіне күйік болмай Балқан асып,
Жер түбі Қырымға асып.
Қара басын қасиет, мұрат көрген Күні бар ма шешеңнің шуақ бөлген. Жылап-сықтап өмірден өтіп барам, Соғыс жылғы ұрпақ ем жылап келген.
Аспаныма жұлдыздан шырақ жақпай, Тағдыр мені қойды ма жыраққа атпай. Ұлылардың бәрі де азап кешкен Тірісінде жер-көктен тұрақ таппай.
Шаңырағым сықырлап шайқалғасын, Қайдан оңсын қор болмай қайран басым. Жаңғақтайын миымды шағып бітсе, Миым неге көк суға айналмасын.
Нұрлы әлемді сайран бақ, сейіл көрмей Нем бар еді өмірге кейін келмей.
Түзу жолдан таймаған тікбақаймын, Тусам керек тірлікке бейімделмей.
Ажал құшқан бейбақтай тентекке еріп, Бір күндері жатармын етекте өліп.
Шешеңменен қырық жыл отандастым, Қырық жылғы “қырғынға” төтеп беріп. Жанарында бар ғалам тыныстаған, Зауал жетсе тағынан кім ұшпаған.
Білсең, балам, кемеңгер Толстой да Қатынымен қырқысып ұғыспаған. Шытынаған, шіркіндер, шыны болса, Қолын кеспей тұра ма шыны ұстаған.
Ғұмыр өтті шырқырап шырғалаңда, Мендей сорлы бар ма екен бұл ғаламда. Көзі жарым кембағал кімге дәрі,
Кәпір болған қазіргі сұм заманда.
Жүрегіңді толқытып толғаса өнер Ата рухым рухыңды қолдаса – көр. Топыраққа айналып кете барам, Туған елге керегім болмаса егер.
ТӘҢІРГЕ
Бал жинай ма өлсе ара шырын көрмей,
Тұлпар озсын
бәйгеден тұғыр келмей. Байлығыңды, Тәңірім, қимасаң да, Жалғыз ғана жазуға ғұмыр бергей.
Қайғы-мұңның онсыз да бұлтын өріп, Табытымда жатармын бір күні өліп. Жыр жазбаған күндерім – бедеу аспан Бұлттанса да жаумаған құр түнеріп.
Кернегенде кеудемді толған шабыт Жазған жырым –
Басыма қонған бақыт.
Қолдан шабыт жалғанда кім тудырсын Жасаса да хас шебер қолдан табыт.
Басты алсаң да, Басымның бағын алма,
Жыр жазатын ғұмыр бер – қапы қалма. Табылса да өлгенге қара табыт
Дара шабыт тіріге табыла ма?!
ТЕРЕЗЕМНЕН АТЫЛҒАН ЖҰМЫР ТАС
Жорғалаған заманда күн бағынып, Көшелерде жүрмейді кім қағынып.
Тереземді сындырып тас атқан кім? Түнгі он бірде –
қараңғы түн жамылып.
Түн жамылып тас атса – төзбегені, Ақпағасын өзінің өрге өзені.
Жұдырықтай жұмыр тас неге атады, Жұмыр басым болмаса көздегені?
Қара көзден сорғалап жас аққаны – Жауыз қолдың топырақ асатқаны. Алты Алаштың баласы азбаса егер, Тереземнен бұл қалай тас атқаны?!
Қыран баптап, өсірген құмай мақтап,
Ана үмітін адамдар тумай ма ақтап. Тереземді сындырып атқан тастан Аман қалдым, әйтеуір, Құдай сақтап.
Шуағыңды жүрсең де күнде бөліп, Жол береді көшеде кім бөгеліп.
Ертеңдері атпасын мылтық неге Тереземнен тас атқан түнде келіп?!
ОУ, АДАМДАР!
Оу, адамдар! Сендерге не істедім?
Ойлы-қырлы жеріңді тегістедім. Неге өртейсің өрт болып өзегімді, Өзегіне құрт түскен жеміс пе едім?
Оу, адамдар! Сендерге не істедім?
Естімеймін мен неге көктем үнін? Бір баса алмай өксігін өтті өмірім. Күйін кешіп тірлікте жүрмін әлі Ауыл иті талаған көк бөрінің.
Бірі, сірә, бола алмай жағымды ердің, Адастым ба төсінде сағым белдің.
Өзімді ылғи сезінем жалғыз неге Жүрсем де еркін ішінде қалың елдің?
Жұрттың бәрі жаралса нар пішінде, Ар-қасиет неге жоқ арлы ісінде?
Неге, ендеше, мен жүрмін жалғызсырап, Секілденіп бір бидай арпа ішінде?!
Адырнасын өгіздей мөңіреткен, Асыл қанша өксумен өмірі өткен. Азар болса өмірден мен де өтермін, Сырласатын тең таппай төңіректен.
****** *** Күнім менің қаралы, Жаным менің жаралы, – Азамат таппай елімнен Ақ сұңқар ойлы саналы.
Ақыннан әкім жағалы, Ардан да алтын бағалы. Қарағанда қағаз ақшаға Адамның құны шамалы.
Азаматтық қоса азбақ па Тартылған екен деп Аралы.
Жаза ма жұрттың жарасын, Білмеген сөздің сарасын.
Айыра алмай жүрміз біз әлі Жақсы мен жаман арасын. Қайран да қайран ата жұрт Улаған арақ санасын.
Айдаған қойдай шұбырып, Адасып қайда барасың?
Сөйлемей келсем ел тоқта, Айналам алау енді отқа.
Егеулі найза жыр жазам, Егеулі найза ер жоқта.
Президентің тәңір пір болмай, Сөйлеген сөзің мір болмай.
Өспейсің жұртым ешқашан Өркенің өжет жыр болмай.
Ұялмай жарық күннен де, Қорықпай қара түннен де, – Біріңді бірің шұқылап, Жүрсіңдер әлі кіл пенде.
Қарғаның көзін қарға да Шоқымай ұшып жүргенде.
ЖОРҒА МІНГЕН ЖАҒАЛЫ АҒА
Торқа киген жорғалы жағалы аға, Кісілікті байлықпен саралама.
Кедейліктен ғұмыры көз ашпаған Тесік қалта ақын деп табалама, Торқа киген жорғалы жағалы аға.
Құдай жомарт байлықты саған бөлген, Ақындықты ардақтап маған берген.
Сасық байлық кімде жоқ, Айдалада
Қасқыр тартқан сиырдай арам өлген.
Ақын болсам мін емес кедейлігім, Аспан астын күркіреп кернейді үнім. Ақыл бермей бір түйір,
Мың батпан ғып,
Байлық беріп есіртті сендейді кім?
Көз жасына жібімей жарғақ жаның, Жылатқаның өз жұртың, зарлатқаның. Елдің бәрін соқыр деп ойлайсың ба, Қандай жолмен белгілі мал тапқаның. Мәңгі жанам деймісің желге сенбей, Ғұмыр бойы келесің елге сенбей.
Толтырмас па ем қоймамды қазынаға, Ойдан-қырдан жымқырсам мен де сендей.
Тіршілікте жаралды кім шынардан, Бәрін өрге сүйрейді құлшына арман.
Басың сенің – құныс ой, ұры қуыс, Басым менің – комбинат жыр шығарған.
Шуақ ескен бетімнің ажарында, Жазған жырым –
барым да, базарым да.
Жырыңды ұры болса да түбі ұсталған, Қандай жауап айтасың жаза алдында.
Түгел безіп ағайын сырыңды алған, Дарияға ұқсайсың жырымдалған. Байлық қалса өзіңнен,
Ал ақынның
Мұра болып еліне жыры қалған.
Болсам деп те жасыған тірегі ердің, Төсегіңнен сен қашан түрегелдің? Ендеше, аға, ақынды кедей деме, Жыры – туы,
Тұғыры – жүрегі елдің!
ТІЛ ТИГІЗБЕ АЛАТАУҒА
Қазықұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?
Халық өлеңі.
Сырық бойың сидиған терекке көп Ұқсар десем,
қалмас та ел өкпелеп.
“Ей, қақбас! – деп тілдедің Алатауды, – Келіп тұрмын бір ақын керек пе?” – деп.
Қайдан келген сайтансың? Таңырқадым,
Алатаудан кіндігің бөлек пе деп.
Бұзылмасын көңілдің шырқы қайтіп, Ашылатын кезеңде бұлты қайтып.
Киесі атып жүрмесін бір күндері Сұмдығыңды көзіңе шұқып айтып.
Қайдан келген жылымсың жиі күлген Өліп кете жаздадым күйігіңнен.
Бұл – Алатау халқымның айбары еді, Барша қазақ шырқаған биігінен.
Ұнамады Алатау саған неге? Жаман қарға секілді жаман неме. Жамандасаң еншіме тиер деп пе ең, Қазықұрттың басында қалған кеме.
Айналаңа қарашы санаңды ашып, Кімдер жүрсін ырзығын саған тасып. Сен секілді жігіттер жақсы болса, Ауылыңнан кетпес ед Арал қашып.
Дауыл боп та кей-кейде бұрқана алмай, Бәрін бағып құзыңда тұр қарағай.
Көз жанарым нұрлана түсер деме, Алатаудың басына бір қарамай.
Сұм тағдырдың шекеңе тасы тимей, Тілектеспін,
кімнен де басым жүргей.
Алатаудай азамат болам деме, Алатауға табынып басыңды имей.
БІР ӘКІМГЕ
Құдай емес,
қызмет сыйынғаның, Қалай жетсін, ендеше, қиырға әнің? Соққанымда телефон
Хатшы қызға:
- Жоқ деп айт! – деп бұл қалай бұйырғаның?
Қаптағасын қарғалар аспаныңда, Айналды ма қарғаға жас жаның да. Бар боп тұрып қай сөзің жоқпын деген, Қашқаның ба, жоқ әлде асқаның ба?
Жұрттың бәрі көз жазып жұмысынан, Азып-тозған мезгілде тұрмысынан.
Жең ұшынан жалғасқан кілең сыпа Жалғасуға қорқа ма сым ұшынан?
Жоқпын дейсің, Жүрмісің жоғалғалы,
Құмға сіңген өзендей мол арналы. Туған елді сақтасын жоқтан құдай, Құлагердей мерт болған көп арманы.
Тентек етіп көрсетіп тектіңді елге, Білем,
білем тезек ғып тептіңдер де.
Жасап жатқан заманда жоқтан құдай,
- Жоқ! Жоқ! – деуге үйреніп кеттіңдер ме?!
Жақсы-жаман... Бәрін де саралаған
Азамат ер асылын бағалаған. Көтереді ел рухын қалай ғана Көтеруге трубка жарамаған?!
ЖАНЫМНЫҢ ДАУАСЫН ТАПҚЫҢ КЕЛСЕ...
Жүр ме, бәлкім, жараспай тұзым әлі, Неге менің мәшинем бұзылады?
Сырқат емін таппаған дәрігердей Сарсылады моторист, қысылады. Соны ойласа басымда миым қайнап, Менің жүрек – моторым қызынады.
Қуырылған жүйткісе жол танабы, Бар болса егер мәшинең – қолда бәрі.
Жылдар желі жұқартқан жүйкемдей боп, Тозып қапты-ау төрт таған – доңғалағы. Кете қоймай көгінен бұлты да ауып,
Шаң аралас бұл жаңбыр дүркін жауып. Сырылдайды оталмай
Қалды ма, әлде
Генератор – өкпесін түтін қауып.
Мұздақ қатып бетіне қаудырлаған, Жолда мені пырақ ед қалдырмаған. Сүмбіл сұлу денесі...
Бәрі тозып,
Сүйегіндей кәрінің саудырлаған.
Күндіз болсын, түн болсын бір таңдамай, Барар жерге жетуші ем жұрттан қалмай.
Қайда бұрсам сонда ағып жөнелетін Келіншегім секілді бұртаңдамай.
Тас қаланың көк түтін ауасында, Өркен жаяр ер жігіт бағы асылда. Емін тапсаң бұзылған мәшинемнің, Тапқаның ол жанымның дауасын да.
АҒА АРУАҒЫ АЛДЫНДА
Аға, сенің қазаңды есітпедім, Кешірерсің ініңнің кешіккенін. Кеш қалдым ба
Жүргенде дүниенің
Жамап-жасқап жыртығын, тесіктерін.
Кемедейін дауылда күйремеген Асыл ер ең жүрегін күй бөлеген. Жерлестерім жиылып келген шығар Құзғындайын өлікке үймелеген.
Жоқтық байлап қолдарын шын қысылған Туған елге ақын ем жыр ұсынған.
Жерлестердің ішінен хабар айтар Табылмаса, қайтемін, бір мұсылман.
Қалмаған ба қасиет көпте тіптен, Кетті азынап көңілім көктем күткен. Өжет мінез ақын ем, амал қанша, Қарағайдай қасқайып өрге біткен.
Шатқалында, Тірліктің соқпағында, Шау тартсам да,
Бар әлі от қанымда.
Темір шеңгел тартса да етегімнен Сынық арба секілді тоқтармын ба. Кембағал деп бөлсе де мені ағайын
Сұм тағдырдың жығылған көкпарында. Неге хабар айтпады,
Сезем бәрін,
Суық желдің қай жақтан соққанын да.
Дұшпан көзбен қарамай боз басыма, Тілемей ме жақсылық өз басына.
Тарих куә,
Бәрібір көгермеген
Қалған жандар ақынның көз жасына.
Талап қойған тірліктің шарты келмей, Еркебұлан өскенмін талқы көрмей.
Ағайыны бөлсе де, Арлы ақынды
Байрақ етіп көтерген халқы бөлмей.
ЕСАЛЫ, СЕН ҚАЙДАСЫҢ?
Есалы!
Мен қайдамын, Сен қайдасың? Мен – жерде,
Көкте жүзген сен – айдасың. Айналып найзағайға кете бардың Жыр етіп айтпақ болып елге айқасын. Есалы!
Таппай жүрмін. Сен қайдасың?!
Бәрі бар,
Өзің жоқсың ел ішінде, Жетілген жәдігер ең ер үстінде. Үйіне барам кейде Байғараның
Түйнектей әзер піскен желісінде.
Көктем ең көктен де ескен, Жерден де ескен
Көңілім құлазыса елден көшкен. Күндерді сағынамын тебісетін
Тел құлын секілденіп тентек өскен.
Жан бар ма өзің жоқта егілмеген, Сыбағаң қалды артыңда желінбеген. Бір сұлу сені, Есалы, кетті ме алып, Көзіне жұрттың түсіп көрінбеген.
Жаймалап жерің қалды тегістеген, Өсірген гүлің қалды жел үзбеген. Қоңырау шылдыраса
Жүгіремін
Есалы шығар деп те мені іздеген.
Есалы!
Мен қайдамын, Сен қайдасың? Мен – жерде,
Көкте жүзген сен – айдасың. Көгіңнен түсіп жерге келші еліңе, Сақталған сыбағаңды жеп қайтасың. Есалы!
Таппай жүрмін. Сен қайдасың?!
ЖАЗУШЫ МҰСА РАХМАНБЕРДИЕВТІҢ ҚАЗАСЫН ЕСТІГЕНДЕ
Жер бетінен теріп жеп бұйырғанын, Күн нұры еді шомылып, құйынғаның. Соғыс жоқта,
өрт жоқта Мұса – бауыр, Қыршыныңнан бұл қалай қиылғаның?!
- Қала жайнап, құлпырса ауыл жайнап,
Шомылғаннан, – деп күліп, – жауынға
айлап.
Көңіл, шіркін, кей-кейде қалғығанда Қанатыма кетуші ең дауыл байлап.
Асау аттың жармасып құлағына, Асыл іні өзіңдей туады ма?
Шер-ағаның тынысы секілденіп, Кейде тартып кетуші ең Жуалыға.
Көз де салмай шендінің шекпеніне, Бауырым ең жем шашқан кептеріне. Сені көктей солар деп кім ойлаған Көктем болып жеткенде көктеміне.
Тұманданып,
көз алдың қатпарланып, Қарап тұрып қалдың ба жатқа алданып.
Жауға арнаған өз оғың тиді өзіңе, Ит секілді иесін қапқан барып.
Жан бауырым! Қазаңды естігенде,
Тұра алды ма егілмей есті пенде. Ажал қалай тап келді
Қашқан талай
Түнделетіп көшеде кеш жүргенде.
Жүре бермей, Мұсажан, жанып елде, Ғайып болдың...
Жол тартып кәрі белге.
Түскен тастың бәрі ауыр шығар, бәлкім, Қазаң сенің болды ауыр бәрінен де.
Күңіренсе жас таулар сел ақтарып, Ызыңдайды ышқынған жел ақталып. Жарық жалған тозаққа айналғасын Кеттің бе, әлде жұмаққа сен аттанып.
АҒАҒА ХАТ
І
Жүрсін мейлі Алматы – тас қалада, Өнер қуған кілең жас жасқана ма? Төңіректей бастадық өзіңді, аға,
Бір шоғыр топ табысқан астанада.
Құмбыл үнің жүргесін күнде естіліп, Мен де барғам...
Қалғанда күн кешкіріп, –
- Сен өзімсің, – деп аға жөнеп бердің, Өзге жаның бәрін де мінгестіріп.
Жүрген кез-ді тағдырым қиын келіп, Алып соғып үйіріп құйын болып.
Өттің талай тұсымнан көз де салмай Жұртта қалар қоқыс бір бұйым көріп.
- Алатауда дара өскен шынар көп те, Жұлдызым деп жарқырап тұрар көкте. Келгеніңде бастық боп шын қуандым, Енді маған көңілін бұрар деп те.
Бұру қайда?
Бұруға шамаң бар ма?
Ойлап көрсең жүгініп шамалы арға. Босағаға ысырдың келген бойда, Төрде сенің нең бар деп жаман қарға. Жаным күйіп,
Солықтап мен жыладым,
Не жаздым деп жаны игі адамдарға. Мұңын шақса жүрегім – жырым налып, Жадырайсың айызың,
қыбың қанып.
Мүйізделген текедей тоқал ешкіні Күнің бар ма жүрмеген қырыңа алып. Кейде тазы секілді елестейсің Ауызымен үйренген шыбын қағып.
Жақынырақ оу, аға, келші бермен, Туыс боп та жаныма енші бөлген. Қасымдағы біреулер “тырқ” етсе де, Сөгіс бердің сенсің деп жел жіберген.
Қызық көріп жүрсек те бір дүрмекте, Сөгіс бердің мезгілсіз күлдің деп те.
Сөгіс бердің қасымды досқа санап, Ертелі-кеш сырласып жүрдің деп те.
Шыбын жаным білмеді не істерін, Босағаға айналып тегіс төрім.
Содан, міне, жүрегім шұрқ тесік Көктеп өткен көк сүңгі сөгістерің.
Ата аруақ, әйтеуір, қолдады ма, Аман-есен келемін жолда мына. Шуағыңа шомылған нұрлы шағым, Есімде жоқ:
болды ма, болмады ма?
Тек есімде сөгісті шұбыртқаның, Соны ойласам кетеді суып қаным. Кәрі ауызы –
ол анық –
сенсің, аға,
Сары ауызы –
мен болсам жұмыртқаның.
ІІ
Ақ алмаспын –
Сенбесең серме мені, Арғымақпын –
Сал, кәне, өрге мені.
Кеткеніңді айтпасам болар емес, Талай жерде қаратып жерге мені. Айып па, аға, жас қайық жағаласа, Еркін жүзген айдында өр кемені.
Шошынғанда сұсыңнан көл дір етіп, Анаң қайта туды ма елжіретіп.
Жығып едің туымды талай жерде, Тігем дейсің қайтадан желбіретіп.
Жырмен емдеп, Сырқатты сауықтырған,
Кісің мен бе, жан аға, қауіп қылған. Микро-жантық қаптаған бұл заманда, Аға, бізді кім сонша жауықтырған?
Бұлтсыз күнгі найзағай сен емес пе ең, Ашық күнде нөсер боп жауып тұрған. Жүрегімнің дүрсілін ұқпадың ба, Сайран салып қырқада, сауық құрған.
Тұрмасын деп көрініп шыңы ағарып, Өмірімнің бәріне сына қағып.
Жарықшақтап, Студент кезімнен-ақ
Түстің неге соңыма шырақ алып?
Ырзық таппай кең дала – қу табадан, Жанарынан әлемге мұң тараған.
Мұқағалиды кезінде күн көрсетпей Жанның бірі сен едің қудалаған.
Кеудесінен суырып шынар жанын, Әлі есімде жұмыстан шығарғаның... Жағасында көк тоғай жайқалмаған Керегі не
қуарған қу арнаның?
Неге тура қарамай көзіне ердің, Шылбырыңды ширатып несіне өрдің?
Мен дегенде қатайып Қарабайдай Бір Жантықтың иланып, сөзіне ердің.
Қағындырып, қайтейін, ұшындырып, Жүрген жоқ па онсыз да мысым құрып. Өзімді, аға, өзіңе шыр-шыр етіп, Ғұмыр бойы келемін түсіндіріп.
Өзің жеке жүргесін сарайға еніп, Үміт те, аға, артпадым арай көріп. Содан бері қанша жыл өтті арада, Қапталдасқан ақ қырау самайға өріп. Мені әуелі келмеді түсінгің де,
Жан дедің бе жүрген бір талайға еріп. Сөйтіп, аға, жүргенде
Аңғармаппын
Қалғанымды елуге қалай келіп.
ІІІ
Тамыр жайған тал-дарақ көк далада, Көп қадама сұғыңды жоқ қадаға.
Сіз бір жаққа жұлмалап, мен бір жаққа... Жүргендейміз тартқылап көкпар, аға!
Дал-дұл етіп бұлқынтып шымыр етті, Жиырма бес жыл
Сонымен ғұмыр өтті.
Інге тығу арқылы арлы інісін Аға деген бола ма құдіретті.
Суық сәуле ызғардан жаратылған Жебе боп та көзіңнен сан атылған. Жиырма бес жыл!
Білгенге аз жыл емес,
Қыран – ғұмыр ол Дауыл туған қанатынан.
Кеңістігі тарылса тұмшаланып, Алға шыға қояды кім жаланып. Қыран – ғұмыр булығып өтті солай
Жалт-жұлт еткен көзіне мұң жамалып.
Жиырма бес жыл –
Кете алмай бұзып, жарып,
Күлге айналдым отқа да түсіп жанып. Жиырма бес жыл –
Қайранмын келгеніме
Жүрегімді көк мұздақ үсік шалып.
Бекер босқа алдандым баста сеніп, Желкілдер ме ем әйтпесе басқаша өніп. Егін ек деп өзіңнің берген жерің Асфальтталып үлгерген, тас төселіп.
Құтылмақ боп ажалдың шарығынан,
Су да іштім
сол жердің арығынан. Бой көтерген өсімдік сияқтымын
Асфальтталған өңірдің жарығынан.
IV
Дүниеге келіп ең құмды ауылда,
Бір мін жоқ-тын өзіңді шыңдауыңда. Жалғыз қапсың бұл күні
Қайда кеткен
Қолтығыңа кіргендер күн жауында.
Таудан атқан арайлы таңдай көріп,
Жүрген жандар қасыңнан қалмай да еріп, – Күн жауғанда жоғалған көлеңкедей
Қайда безген
қай тұсқа маңдай беріп?!
Солай сені ит тірлік құмға аунатқан, Көз жаздың ба қызықтан думандатқан. “Тағың” барда көк теңіз сен едің-ау, Арыстан жал толқын боп тулап жатқан.
Қызық кешіп күнімен, Түнімен де,
Інімен де жүріп ең, ірімен де.
Айналаңды тып-типыл өрт шалғандай, Менен өзге қалмапты тірі пенде.
Тас беттеніп, қайтемін, Мұз беттеніп,
Көз алдымда өткен күн тізбектеліп, – Кете алмаған жандай боп жүрмін енді Жұртта қалған туысын іздеп келіп.
Жасыма, аға!
Сені әлі түлетемін, Тезге салып түзетіп, Жыр етемін.
Бір ғұмырдың шынымен кеткені ме, Танып, білуге кімнің кім екенін.
БАУЫРЫМНЫҢ ТАМЫРЫ
Жүрегімнің тынысын тыңдап алып, Өзімді өзім көп жүрем мұңға малып. Ақ пышаққа бес дүркін ілінгесін,
Су ағады көзімнен жылғаланып.
Құлдық ұрып қолыңа құран алып, Кімнен көмек сұрайсың тұра қалып. Өмірімді өксітіп келеді әлі, Омырауыма көз жасым жылап ағып.
Мылтық кезеп ақ қанат ар құсына, Мүмкін қалған шығармын қарғысына. Қос көзіме қос-қостан сырқат жамап, Қарсы айдаған ажалдың шалғысына.
Басқа төнген қатердің түрін көріп, Құтылсам да көзімнің нұрын беріп, Уақыттың жабысты үш кеселі, Көктөбеге шыққанда күнім желіп.
Қараса да дәрігер қабағыңа, Сүйенеді ақ пышақ – жарағына. Сылығандай енекті тастады алып, Байланғанда нән түйнек тамағыма.
Қайта-қайта жылтырап жұлдыз ағып, Көздерім де қанталап тұр қызарып.
Сары суға толғанда көкірегім, Өкпемді өктем үсіткен мұзы қарып.
Сырқатқа ара түсе ме сорлы жалған, Көңілімде жібімей тоңы қалған.
Арқамды ойып, ішіне түтік салып, Сары суын өкпемнің сорып алған...
Жайғастым ба ажалға жақын барып, Мені қыса бастаған тақымға алып.
Істен шығып, Тұншығып суда қалған,
Бауырымның тамыры зақымданып.
Тірі жүрсем көрермін күнімді елде, Түгенделе қоймаспын түңілгенде. Жазылатын шығармын жаман дерттен, Бауырымның тамыры тірілгенде.
ҚАРАБАЙ ДА КЕЗІНДЕ АШТАН ӨЛГЕН
Ой-өрісі тиыннан аспай қалған,
Бір мәңгүртсің жүрегі тасқа айналған. Оу, жігітім, үйілген қара боқсың, Терісімен адамның қаптай салған.
Сендей сұмдар қай жерде жетілді өніп, Зұлымдықтан бара ма етің де өліп.
Жылп-жылп етіп жылтырап ұстатпайсың, Кемпірдің сұйық боғы секілденіп.
Туған елге қол созса жат қарасып, Кісі күтіп көрдің бе қақпаны ашып.
Оу, жігітім, мастан ба байлығыңа, Боққа қонған кей-кейде бақ та адасып.
Қалың жұрттың бөленбей алғысына, Сен де ажалдың түсерсің шалғысына. Арлы ақынның ақысын жеген сұмдар Ұшыраған құдайдың қарғысына.
Көңіліңді, қайтейін, аспан көрген, Түлкіге де ұқсайсың қашқан белден. Қарабайдай баймын деп сен есірме, Қарабай да кезінде аштан өлген.
СЕН СЕКІЛДІ БИТТЕР...
Уәдеңде оу, мырза, тұрмағаның – Кісілікке бір мойын бұрмағаның. Сертті уәде болса егер құдай үйі, Құдайдың да енесін ұрмағаның.
Қамсау көңіл жұртты алдап күн кешкенше, Бақыт еді анаңнан тумағаның.
Бай болғанның бәрі де Қарабайдай, Жүзі қара бола ма қара майдай.
Қайда бар ма оу, мырза, қайда жүрме, Бір қасірет жүзіңнен тарағандай.
Сендейлерге жол беріп, Билік беріп,
Азамат ер қайда жүр санасы айдай?!
Нұр жаумайтын заманда талаптыға, Жалған дүние жалған ғып жаратты ма?
Жүз мыңдаған қарызды мойныма артып, Жаптырғалы жүрмісің абақтыға?
Абақтыға жүрмісің жаптырғалы, Қасқыр төбет иттерге қаптырғалы? Азамат ер атанған
Жігіттердің
Уәдесін ұмытпай тақ тұрғаны.
Сенсе өзіңдей жылмағай жігіттерге, Неге қатер төнбесін білікті ерге?
Түрме болып алдымнан сен ашылсаң, Азар болса жатармын кіріп көрге.
Туған елден артық па шыбын жаным, Сен секілді жем болған сүліктерге.
Қағынғанда замана қайта ұшынып,
Ақ періште – арманды айға ұшырып, – Жыр ұсынып мен жүрсем туған елге Жүрген жоқ па сендейлер қайғы ұсынып. Сені көрсе құлайды үй тігілген,
Кісі түгіл өзіңнен бит түңілген. Елдің азып, тозғаны
Білсең, мырза,
Сен секілді сұмдардың иттігінен.
Самала етіп жақсам да санамды алға, Көп қиындық көрермін, амал бар ма?
– Сен кімсің? – деп жүрмісің, –
саңғығанда Алатаудың басына жаман қарға.
Қарттары ұқпай жырыңды, жастары ұқпай Кісілік те безініп қашқан құттай.
Қасиетпен,
намыстан жұрдай елде Сендей биттер, қайтеді, басқа шықпай.
ҚАНША БАЙ ЖІГІТ БОЛСАҢ ДА...
Шіріген байсың бүгінде, Оныңа жоқ-ау таласым. Өлерсің сен де түбінде
Ел-жұрттың ашып арасын. Өлемін мен де...
тірімде
Дүниенің емдеп жарасын.
Сойса егер қан да шықпайтын Атасы сенсің сараңның.
Түкірігін қайта жұтпайтын Қасиеті қайда анаңның?
Жан бар ма арсыз тірлікте Байлығын кеткен арқалап. Жұмылған саусақ – бірлікте Шырқаған түгел шартарап.
Жарға өскен жалғыз Дарақты Көрінген шабар жаңқалап.
Есіріп мәз боп күлесің, Жүргенде жұртты жоқ қинап. Өтерін сен де білесің
Осырақ қоңыз боқ жинап.
Сөйлеген жандай аңдамай, Күлесің жалған – күлсең де. Кімдерді жүрсің алдамай Кісілік бар ма бір сенде.
Марқасқалық саған жазбаған “Мерседес” мініп жүрсең де.
Жарығын текке малданып, Жұлдыздар қанша түнде өшкен. Өзі де өткен алданып,
Жұртты алдап аяр күн кешкен.
Тірлікте асып толсаң да, Сом бітеу жара мекенсің. Қанша бай жігіт болсаң да, Кісілікке кедей екенсің.
ӨҢЕШІНДЕ МЕН ТҰРСАМ ТЫҒЫНДАЛЫП...
І
Жеткен бар ма дүние ұшығына, Жұрттың бәрі айналған ұршығына. Жиған-терген байлығың бір-ақ сәттік Тап келсе егер зауалдың қырсығына. Туған елдің көңілін зар басқалы, Қайдан жеткен жылансың арбасқалы?
Жұрттың бәрін жарылқап сен алдайсың, Секілденіп жұлдызды дара аспаны.
Ақ сайтаны сен едің сайқалдықтың Ақындардың шаппаған алдаспаны.
Көкірегіңде не пәле туындаған, Сайқалға да ұқсайсың жуынбаған. Байталға да ұқсайсың шыбындаған.
Сені көрсем
араға таланғандай
Удай ашып тал бойым дуылдаған.
Шықпағасын кеңсеңнен бағы жанып, Кім сарсылсын алдыңа тағы барып. Ит те сенің басыңды мұжымас ед Алда-жалда тастаса қағып алып.
ІІ
Терін төгіп жаққандар шырақ елге, Неге туын тікпесін құба белге.
Боқ дүние кімдерге опа берген Боқ дүние, жігітім, қуа берме.
Ата жолын,
Ар жолын қумағаның – Қасиет боп анадан тумағаның.
Дүние орнында тұрғанда Сайқалданып,
Қандай жаман сөзіңде тұрмағаның.
Құт дарытпай қасарған дүйім елге, Тозақ екен бұл өмір күйінгенге.
Құдіретің жетсе егер Алдағанша
Тарт та жібер ұн қылып диірменге.
ІІІ
Неден,
неге ақ жолдан жаңылды ерен, Еңселі елдің ер қайда қамын жеген?! Нан деп мені жұтқанда бір қақалсын Кілең басшы халықтың нанын жеген.
Көзден жасы сорғалап жырымдалып, Мың қақалсын –
Жүрейін қыбым қанып.
Халық нанын жей алмай сорлар, бәлкім, Өңешінде мен тұрсам тығындалып.
АҚЫНДАР ТУМАЙ ТҰРМАҒАН
Жұмыр жерде – көк белде, Жұмыр басың қағылмай, – Тумайды ақын көктемде Адамзат үнін сағынбай.
Барам ба қалай жоқты айтып? Өкпелеп сендей мәңгүртке.
Көрген бе, сірә, кек қайтып, Жалтақтай берсек әр түпке.
Туады ақын жаны ізгі Ерегісіп есек, малғұнға, – Сексеуілдер өскен тәрізді Тамырын байлап жал-құмға.
Арыстан кеуде адамда
Ар-намыс барда тулаған, –
Бұрқанған бура заманда Ақындар тумай тұрмаған.
КЕК ҚАЙТАРМАЙ ТЫНБАЙМЫН
Айналып бір күн молаға, Жатарсың денең жылымай. Жалғанда жарық бола ма, Жалғаннан көзің құрымай.
Байлығың, мүлкің тоналмай – Алты Алаш – арың тоналған. Костюмің сенің жоғалмай – Қасиетің неге жоғалған?
Сусыған бейне құмдайсың, Қолға да сусып тұрмаған. Кісіліктен де жұрдайсың, Намысың қайда тулаған? Ата қазақ пайда болғалы Алаяқты сендей тумаған.
Бұрқыраған ыстық демі өрге, Арлы ақын болсам ай маңдай, – Әйгілеп жырмен сені елге Абыройыңды төгем айрандай.
Шомылдырып бұршақ, жаңбырға Мені өмір шымыр шыңдаған.
Өгей шеше – тағдырға Кектеніп туған ақынмын Қайтармай кегін тынбаған.
ЕКІ ДҮНИЕДЕ ЖОЛЫҢ БОЛА МА?
Тасты орнынан қозғай алмаған – Таулардан тұлға қашай ма?
Бір ақынды демей алмаған – Жақсылық жұртқа жасай ма?
Қылшылдап тұрған жасыңда Жетсе егер арың алдауға.
Кісінің жұмыр басын да Жетпесін неге жалмауға?
Кім көріп жүрсің сен мені, Қатарға қосқан құлды да. Ақиқаттың менмін семсері Қақ жарған қара қылды да.
Құдайдан ғана бата алған Ақынмын, мейлі, мазақта. Шешеннен батыр атанған Бар ма ақын мендей қазақта.
Қасиет жұқса атаңнан Оңаша үйде қалғанда: Жігітім, ойлан дәл мендей Шешеннен батыр атанған
Бар ма ақын жарық жалғанда.
Сыйласаң егер шешеңді Қасиет, арға бас ұрған.
Кемітпе аз деп шешенді Күллі әлемге айдын асырған. Арыстандар да аз болған Айбары айды жасырған.
Көңілім саған толама, Жаныңды жалған жалдасаң. Екі дүниеде жолың бола ма, Екі елдің ұлын алдасаң.
БІЗДІҢ ЕЛДЕ ӨЗІҢДЕЙ СҰМ ЖОҚ ЕДІ
Кеме салған айдынға желкенді елде, Жұмыр басты пендеміз сен де, мен де. Сергелдеңге саласың неге мені,
Азып-тозған жұрт аз ба сергелдеңде. Алда-жалда ұстасып егескенде,
Сен жеңіске жетесің белес-белде. Менің туым қашанда желбірейді, Ақиқаттың алдымнан желі ескенде.
Сыбаға боп тартылған сыйлы күнде, Сенің күшің –
Байлығың, билігіңде. Менің күшім – Маңдайын желге берген
Өлең-жырдың тұлпары, жүйрігінде.
Биік құзбен құзарын теңестірген, Сөйлегенде үндері өр естілген, – Өзге өңірдің өзіңдей азаматы Айдарынан ақынның жел естірген.
Сырғақтаған сайқалды сайтан көрген, Боздақтары соғысып майданда өлген. Біздің елде өзіңдей сұм жоқ еді, Сұмырайсың сықсиып қайдан келген?!
ҚАНША БАСТЫҚ БОЛСАҢ ДА...
Қанша асып-толсаң да, Жеткеніңді көрдім асқарға. Қанша бастық болсаң да, Мойныңда сенің бас бар ма?
Жер бағаланған – Асыл тасымен.
Ер бағаланған – Ақылды басымен.
ДҮНИЕ КЕЗЕК
Сені неге балайын,
Жаралдым деп қанша айтсаң да адамнан. Алдауға ылғи асыл ердің талайын
Тудың ба, айтшы, арамнан?!
Сендей сұмды бұл жалғанда көрмедім, Көкірегі көрдей қара көр ме едің?
Түрмеден суық сол көрге Тірідей мені жерлер ең Оныңа, бірақ, көнбедім.
Қара еменге қарсы біткен иір бұтақтай Қасарысып саған өлмедім.
Жақсылыққа бұрмай бетіңді, Жамандықта жаның қалай жетілді? Қалдың қанша көз жасына жесірдің Есіркемей жетімді.
Қылмыңдайсың мықтылардың алдында Жезөкше бикеш секілді.
Күңіренген – күлгенге, Жылағанға – түнерген. Іріні көрсе нұрлы елде Шыдамай сиіп жіберген Өмір де бір сайқал білгенге Құбылатын бір демде.
Сайқалдық саған жұқты ма, Сайран салып Сайқалдармен жүргенде.
Балар едім мен сені – Қатырма торы қатынға, Көнбейтін кейде ақылға. Қатын жақсы бірақ та Құшағын ашып ақынға, Күш-қуат берген батырға.
Теңер едім сені итке – Ит те иесін қаппаған. Ұяты бар иттің де –
Қызық қумай, қырға аспай Күндіз-түні қора қорып жатпаған. Ұяты бар биттің де –
Таза жерге бір баспай
Кір түскенде ышқырыққа қаптаған. Ұят бар ма ал, сенде
Уәдемен жұрттың бәрін қақтаған?
Алатауды алты айналып, Қаратауды қырық айналып Іздесе де қалың ел
Сендей сығыр сужұқпасты таппаған. Ажал да сенен ақылды,
Атпаған өжет ақынды.
Тас емшек бедеу бұлтпысың – Алты ай жазда
Бауырынан тамшы тамбаған. Жұлынға түскен құртпысың – Алты ай бойы
Қан ішсе де қаншама Қаңсып бір шөлі қанбаған.
Жақсылығы елге өткен – Азамат ерден үміттен.
Шұғыла жаудырған жер-көктен – Садаға кет жігіттен.
Береке мен байлығын Қара нөсердей селдеткен – Садаға кет еркектен.
Садаға кет болат шегеден Қаққан жерге қадалған.
Садаға кет қозы жауырын жебеден Атқан жерге қадалған, – Қисаймаған ешқашан
Сүмбілденіп түзу жаралған.
Осырақ қоңыз итерген Жүрсең де боқ-боқ пішінде, – Арамзалықтың иті өлген Қара үңгір қуыс ішіңде.
Халықтың арман-тілегін Ұмытқан жансың сен мүлде. Алпауытсың – білемін, Алақан жайған ел күнде.
Ауыртсаң да жұрттың жүрегін, Ауырмайды сенің жүрегің.
Шіріген байсың бүгінде Дүниені жұтып жалмаған. Сендейлер түптің түбінде Сандалып қайда бармаған. Шіріндіге айналып, Шыңғырып қайда қалмаған.
Жөн айтам жете білгесін, Құлағың ілсін, ілмесін.
Жарқылдап туған өлкеңде Жандарды небір өр кеуде Ұстаған ашық іргесін Қабылдамай қанша қайтардың, Қатындай көрген күндесін.
Дүние кезек қашанда – Қара жер кейін өлгенде Қабылдамай сені жүрмесін.
ҚАСЫНА ҚОЙМА СҰМДАРДЫҢ
Мырзалық жасап көрмеген Сартты да мырза атаған.
Өтірікпен өсіп өрлеген Алапесті әділ атаған,
Ағайын, саған не дейін? Шындықты айтуға келгенде Тас бітеген аран көмейін.
Орнатпа, мейлі, басыма
Көк тасын ойып шыңдардың. Қоймаңдар, бірақ, қасына Алапес сондай сұмдардың.
Қоймаңдар мені өлгенде Сұмдардың жақын маңына. Алқынып жетіп көргенде Жер соқтырып кетер тағы да.
Өзім де қалам аңдамай Ұрынған жандай жыраға. Өлгенде тағы алдамай Ағайын, айтшы, тұра ма?
Жағынып жанын жалдаған Сұмырай қанша өлкемде.
Тірімді талай алдаған Алдамасын неге өлгенде?!
Көр де оны түзей ала ма, Бүкірді небір түзеткен. Көмсең де алыс далаға Қарулы жасақ күзеткен, –
Босанып суық көрден де Жүгіріп ұшып жетпесін. Арманыма жетпей өлгенде Тағы алдап мені кетпесін.
ЕКІ СӨЙЛЕУ – ЕРГЕ СЫН
Қайнамасын бұл күнде сорым қалай? Арлыны кім бар тыңдаған.
Уәдеңді сен жүрсің орындамай Қатындай көркін бұлдаған.
Азамат ер қашанда орындаған Жұртқа уәде бергесін.
Ел сенімін ақтаған, Қорынбаған
Адам боп өмірге келгесін.
Қатын болсаң, өзің біл, айналайын, Екі сөйлеу – ерге сын.
ҚИҒА ТОЛҒАН ҚАРА ҚАП
Кең даланың толтырған күрең белін, Ауыртпалығыңды қаншама білем сенің. Президент болдым деп бес кісіге,
Бұтқа толып, бауырым, шіренбегін.
Жолы түсіп көрмеген еш қулыққа, Қай жерің бар ұқсайтын есті ұлыққа.
Қара майдай жылтырап көзді алдайсың, Аттанатын секілді кешкі ұрлыққа.
Зар болғасын ата жұрт есті ұлыққа, Араласқан бір сұмсың кешкі ұрлыққа. Түкірдім бе –
Бес кісі тұрмақ, інім,
Президент болсаң да бес құрлыққа.
Басыңды алып қашқасын жаман аттай, Қай бұлақ та тартылған саған ақпай.
Қора ішінде қап қойған Көрінесің
Қара қиға толтырған қара қаптай.
ДҮНИЕ ТҰРСА ОРНЫНДА
Жын ғасыр – таудың шатқалы, Жарық күн тұр ма батқалы?
Жақсының –
сенсің алдына Құрылған қасқыр қақпаны. Жазаңды неге бермесін Аруақ жүр сені атқалы.
Жыр жазып шырақ жаққалы Иттердің аз ба қапқаны.
Жалдамалы арсыз тірлікте Сен жүрсің мені атқалы.
Қандамай көздеп атқаның – Қан құстырып алдап кеткенің. Сарт етіп қапса қақпаның – Мұратқа сол ма жеткенің.
Атсаң да тұрам алдыңда, Ассаң да тұрам алдыңда. Мұнарадай асқақ көрініп, Көтерілген биік жал-құмда.
Шамырқанған шақар шалдың да, Шабынған бура кезі деп,
Қайда да тұрам алдыңда.
Жақсының жалғыз көзімін, Жақсының сара сөзімін.
Керек десең оу, мырза, Жақсының да өзімін.
Бірге іздеп арың – жоғыңды, Жағаңнан алмай қолымды.
Масқаралап жазам, қайтсең де, Тапқанша қашан жолыңды.
Қара құл жүріп жораға, Шошқа үрген мезгіл қораға. Өзіңдей қисық шегені Түзетпей, сірә, бола ма?
Сұсыңнан мен бе қорқатын, Жүрсем де ылғи алданбай, – Оқыста жығып орға атын Жапанда жалғыз қалғандай.
Талайын татып сордың да, Талайын көргем зордың да. Оңалып мен де кетермін Дүние тұрса орнында.
ҚАРА БЕТ БОП СЕН ҚАЛАСЫҢ
Ақыл қашып, басыңнан бөркің қашып, Сөйлемесең болмай ма көтіңді ашып.
Қиянатқа қимаған кісің бар ма, Қысастықтың сөндірмей өртін басып. Жұлып алып кеудемнен мен берейін, Жегің келсе егер де өтімді асып.
Қара қоңыз секілді қайқаңда өрген, Сұмның бәрін кім-кімде сайтан көрген. Сендей сойқан жоқ еді ойлы елімде, Қайдан келген пәлесің, қайдан келген?!
Жаны жайсаң жандарға оқша атылған, Сендей сойқан қайда жоқ боқ сасыған. Боқ сасымай тірлікте жүре ала ма, Күндіз-түні арқалап боқ тасыған.
Қуысына тығылған үкідейін, Сенен қорқып мен неге дірілдейін. Тірі өлікке айналып сен үлгердің, Жерге мені көмем деп тірідейін.
Домбыраның айналмай тиегіне, Күйік болып жабыссаң киеліге. Қара бет боп тарихта сен қаласың, Ұрпағыңның дақ салып сүйегіне.
ДӘРІГЕР ІНІГЕ
Кісіліктен кетіп азғаның – Көрімді терең қазғаның.
Қатыгез болып жаудан да, Өртеңдер, дедің, жазғанын Телефон соғып ауданға.
Қуат ап елден, таудан да Жыр жазса ақын өртеніп. Өртеңдер, дейсің, ауданға Кеткенін тілеп ерте өліп.
Күн кешіп зәулім қалада, Жүргем жоқ босқа бұлғақтап.
– Арғымақ туған далада, Есектер неге жүр қаптап?! Деп жазсам оның несі айып, Шындықты жырға құндақтап. Жібермекпісің мені сол үшін Диірменге тартып ұнтақтап.
Жатқанда жұтап кең далаң, Ел-жұрты тозып, сенделіп. Емханаң – сенің жемханаң, Есіріп жүрсің жемделіп.
Күншілдікпен егер ауырсаң, Жарқыным, жазыл емделіп.
Сыртымнан бықсып күндейсің, Қатерім бардай төндірген.
Өшікпей және жүрмейсің, Әкеңді мен бе өлтірген.
Дәрігер деуші ем саналы, Қоғамның дертін жазатын. Сұм бопсың,
Жаны жаралы Ақынның көрін қазатын.
СЕН КІМСІҢ СОНДА?
Жөн айттың тілің сүйреңдеп, Ысырып маңнан арайды.
- Тобықтыға тілі тиген, – деп, Тілдедің ұлы Абайды.
Сұқ көздің қадап инесін, Сөйледің және жал бітіп:
- Тобықтыға тілі тигесін, Жіберген, – дедің, – қаңғытып. Қаңғыды қашан ұлы Абай?
Тіліңді тарта сөйлегін. Нұрланып көкте тұра ма ай,
Жалғандықтың жыртпай көйлегін.
Абайды Абай демеген,
Сен кімсің сонда, бауырым? Нең қалды енді жемеген, Қақпақтай болып жауырың.
Абайды місе тұтпаған, Сендейді бұрын кім көрген? Сөзіңді кім бар құптаған, Сұмдығын қызыл тілге өрген.
Жерлесің болса ұлы Абай, Оны да елге жамандап.
Кісі боп халін сұрамай, Тығар ең көрге амалдап.
ҰМЫТПА САЙТАН БОЛСАҢ ДА
Арамдыққа аяқ баспаған, Қиындық көрсе саспаған. Алаштан асып туса да, Басынан пенде аспаған.
Тығылып жұртқа, тасаға, Шындықтан жігіт қаша ма? Жазсаң да емдеп сырқатын, Кісіге қастық жасама.
Арналы өзен бойында, Өсіп ек,
Не бар ойыңда?
Керіп сап ақын ағаңды, Қолыңнан келсе сойылда. Айдыныңды айдан асырып, Күркіреп өлең оқып ем, Торқалы торғын тойыңда. Жақсылыққа – жамандық, Жасағаның қалай?
Мойында.
Көздері жанып шоқтанған, Құзғындар қанша топтанған. Жерлестерімнің ішінен
Бір мылтық сенсің оқталған.
Жауығып лезде үлгерген, Сендейді бұрын кім көрген?
Атпақ боп таудың арқарын, Аңдыған сенсің сұр мерген.
Білемін сені бұрыннан, Бетің жоқ бері бұрылған. Жолыма –
Арсыз тірлікте
Бір тұзақ сенсің құрылған.
Дау болсаң қатер төндірген, Өртіңді жұртым сөндірген. Ұмытпа сайтан болсаң да, Жұмыртқадан жібек өндірген. Қолынан өлген кісінің,
Қай сұм да кісі өлтірген.
ЕЙ, СҰРҚЫЛТАЙ!
Ей, сұрқылтай! Жүре бер тірі елімде,
Сендейлерді көргенмін, Білемін де.
Жүзің қандай қап-қара болса сенің, Сондай қара екен-ау жүрегің де.
Ей, сұрқылтай! Өнерге жоқ талабың,
Келді, сірә, мені де ноқталағың.
Әлде анаңнан тудың ба қан шеңгелдеп, Мылтығыңды бұл қалай оқтағаның?
Ей, сұрқылтай! Ақынға тиіспегін,
Келмесе егер боғыңды иіскегің. Қасап қара тобырды айдап салып, Келді, сірә, мені де мүйіздегің.
Ей, сұрқылтай!
Мен неге күйінбейін,
Тартылса да көңілдің күйі кейін. Қан тілеген тобырды айдап салып, Шақтыңдар-ау жабылып бүйідейін.
Ей, сұрқылтай!
Сөз қуып селкілдеме,
Неге айдында жүзбесін еркін кеме? Ішін боққа толтырған сен бір қапсың, Сауыт бұзар сарыжон мен – бір жебе.
Жұрт құлағын шулатып көтергенше, Көтермейсің тұрмысын елдің неге?!
Ей, сұрқылтай! Қасірет сен шегесің,
Қандай зұлым ақырдан жем жегесің. Жамандықпен дедің бе күн көрейін, Бір жақсылық қолыңнан келмегесін.
ҚАЛАМ ЖАЗҒАН ЖЫРЫМА
Жұрт үстінен күн көріп, той тойлаған, Сұрқылтайлар аз ба елде қойқаңдаған? Басқара алмай ауданды тулақ етіп, Сен емес пе ел ішін сойқаңдаған.
Бұлт құрсанып тұрғанда айлы аспаның, Маған ауыз салғаның қай сасқаның?
Махамбеттің рухы боп түрегелген Ақын болса ойланбай шайқасқаның. Жұлыныңнан кетесің сен үзіліп, Жұмақ төрі болса да жайғасқаның.
Жыр арнаған ақынды арлы анаға, Тілдеп сен де мың күнә арқалама. Бір ауданға тарайды сенің сөзің, Менің сөзім тарайды сардалаға.
Кісі, сірә, болсам да көзден қалған, Ақын деме бірақ та сөзден қалған.
Көк бөрі өжет жырларым шамданғанда, Сендейлерді алқымдап, төстен алған.
Ойлы өлеңім өзіме бақ көрінген, Кейде қамшы секілді қатты өрілген. Қалам жазған жырыма,
Сендер тұрмақ
Әлі келмей қанжар да қақ бөлінген.
БӨЛСЕҢ ДЕ ҚАРА ТОБЫРДАН...
Таратып сыпсың сыртымнан, Қол жидың қалың жұртымнан. Жетсең де құйын суырып, Қорқатын мен бе сұрқыңнан.
Жарамсақ жантық жандайсың, Бықсисың,
От боп жанбайсың. Бүлік боп кіріп ішіне,
Жұртыңды неге алдайсың? Бөлсең де қара тобырдан, Халқымнан бөле алмайсың.
АҚЫРҒАННЫҢ БӘРІ АРЫСТАН ЕМЕС
Жайлауынан мал кеткен сұр даламда, Қалмаған ба қасиет нұрлы адамда?
Бұл өңірдің есегін неге айттың, – деп, Қара тобыр жабылып шулағанда, – Мені қарғап,
Арыма ара түсер,
Бір азамат елімде тумаған ба?
Сардар басым саудаға түспес еді, Ата жолын, ар жолын қумағанда.
Шамырқанып өжет жыр жазады ылғи Ақын қаны намыстан тулағанда.
Қара тобыр ұғынсын, ұғынбасын, Елім неге аузымды тығындасын? Адам қолы жасаған қиянаттан, Білем өзім туымның жығылмасын.
Жанарыма көк мұнар мұң тұнғанда, Тірі пенде қол созып ұмтылған ба.
Күні қараң екен-ау азаматтың, Есекті есек қорғайтын күн туғанда.
Қара тобыр қой баққан, ой бақпаған, Қамшы үйіріп төбемде ойнақтаған.
Басшысы анау мысық көз қара пәле, Бүлік іздеп, ел ішін сойғақтаған.
Қара тобыр көзінде қан қаптаған... Ел-жұрт қайда ақынын ардақтаған? Абыз қарттар қайда жүр?
Толғап сөйлеп,
Тобылғы ойдың торысын салмақтаған.
Қара тобыр жақынын қарақтаған, Талап мені жегелі жалақтаған.
Абыз қарттар қайда жүр ел болса егер, Сөз төркінін арыдан сабақтаған?!
Сенбесе егер Таластың өсекке елі, Қалш-қалш етіп, ұстай ма безгектері? Неге ендеше кісіге ақырады,
Еңселі елдің жоқ болса есектері?!
Болашағын көп ойлап балдырғанның, Жүрегімді мен талай жандырғанмын. Бәрі бірдей арыстан емес шығар, Аузын желге толтырып ақырғанның!
БАУЫРЛАРЫМ МЕНІҢ
Еңбегімді жеп кетті –
Жаңатаста мені алдап бір бауырым. Еңбегімді жеп кетті –
Қаратауда мені алдап бір бауырым. Еңбегімді жеп кетті –
Алматыда мені алдап бір бауырым.
Еңбегімді жеп кетті –
Астанада мені алдап бір бауырым.
Жүрегіме қадалып шегелері, Жаным әлі қайғы да, мұң да шегер. Бауырларым алдайды неге мені, Еңселі елім қу түлкі тумаса егер?!
ЕСЕКТЕРДІҢ ІШІНДЕ
Ар-намысың
Дауыл сапырған толқындай Туласын деймін.
Жағада өскен нар қамысың Жел тұрғанда
Омырауын жасқа толтырмай, Қиқу сап шуласын деймін.
Арғымақтар даласында Есектер
Тумасын деймін.
Ұқпайды,
Жөн айтқанды адамға Есептемейді.
Жарамсақтанып жаманға, Есекті
Есек демейді.
Арғымақты есектей қорғап, Шыбын жаны шырқырап Безектемейді.
Кісілік азып, жүдегенде, Күңіреніп шығасың,
Күле келгеніңде.
Қақ бастан салды мені Өр мінез, өжет пішінде
Орнымнан түрегелгенімде. Бүйтіп таяқ жемес ем, Есектердің ішінде
Есек боп жүре бергенімде.
АҒАШТАРЫ ӘР ТҮРЛІ НЕГЕ ОРМАННЫҢ?
Қайыршы елге ұқсамай, дуанаға, Ата жұртым, ит қосып қуалама.
Толғатса да Жамбылдың бар қатыны, Мендей өжет ақынды туа ала ма?!
Сағынғанда кіресің кіл түсіме, Тіршіліктің жалғанда үлгісі не? Сыбағасын аузынан алдап жеген Ел-жұрт неге сенеді түлкісіне?! Туған елін жыр жазып мүсіндеген, Өз ақынын жұрт қанша түсінбеген.
Тұғырлы елім арыстан айбарымсың, Беделімді еш жерде түсірмеген.
Қыздырмаға сондықтан сене берме, Рухы биік ел болсаң, сен егерде?!
Тарлан Талас туғанның бәрі бірдей, Миғұла емес,
Шетінен кемеңгер ме?!
Неге ендеше барша жұрт шырғалаңда? Нарық – зауал саудасын бұлдағанда.
Неге ауданның үйлері қиратылды? Құс та ұясын бұзбаған сұм заманда.
Уақыттың соққанда өктем желі,
Қирату ма
ақылдың жеткен жері.
Билік құрған ұлдары ойлы болса, Тарай ма аудан,
Ұмтылмай көктемге елі.
Ар алдында,
Алдында ел қорғанның,
Күні қараң қашанда жер болғанның. Табиғатта қайшылық жоқ болса егер, Ағаштары әр түрлі неге орманның?!
ҰРЫЛАРЫ КӨП БОЛҒАН ҰЛЫ ЕЛДІҢ ДЕ
Туысым да, ақеділ нағашым да, Ғұмыр кешкен Таластың даласында. Көп болса да ойшылы ойлы елімнің, Миғұласы жоқ емес, нанасың ба?
Егінде өскен арам шөп секілденіп, Қалың елдің кімдер жоқ арасында.
Көрінгеннің ілескен айтағына, Сайтаны да жоқ емес, сайқалы да. Бірақ туы желбіреп келеді әлі,
Ойлы елімнің бәйге алып байталы да.
Қадау-қадау жайғасқан кең далаға, Елім кейде ұқсайды шерлі анаға.
Ұлдары да жоқ емес, Айналдырған –
Емхананы ұялмай жемханаға.
Тұла бойын қызыл шоқ қарымаған Елдер ғана намысын жанымаған. Шынымды айтсам,
Жоқ емес ұлдары да,
Атқа мінсе атасын танымаған.
Қасиеті жоқ емес құм, белдің де, Қасіреті жоқ емес гүлдердің де. Қайран жұртым!
Шамданба ойсызыңа,
Ұрылары көп болған ұлы елдің де!
ТАЛАСТА ТУҒАНДАРҒА
Таласуға бар болса, таласамын, Жарасуға бар болса, жарасамын. Кім келсе де алдыма,
Шетке қақпай,
Қолдан келсе қарайлап, қарасамын. Сағынғанда санасыз туғанын да, Туыс көріп, туламай санасамын.
Төбесіне көтеріп, ту етсе де, Туған елдің алдында аласамын.
Жел боп тисе егерде желіккені, Егессе егер ұстасып, еріккені. Онда егеулі найзаға айналамын, Бұл қалай деп басынып кеміткені.
Зердесіне шеге боп қадаламын, Зықымды алса мазалап зеріккені. Патшаға да бас ұрмай тең жүрсін деп, Мені туған қазақтың ерікті елі.
Кетті деме кемерден шамалы асып, Көкірегімді жүремін далаға ашып. Сындырам деп ойлама,
Жүрген мені
Сұм тағдырдың өзімен жағаласып.
ҚАРА ТОБЫР
Күдерімді, білмедім, неге үзбедім? Көңілдері шалқыған теңіз дедім.
Қара тобыр ішінен, Түсінбеймін,
Шырылдаған шындықты неге іздедім?
Қара тобыр бүгінде не біледі? Өгіздейін арбаға жегіледі.
Емхананы жемхана еткен сұмдар, Тойынғаннан құтырып секіреді.
Бірақ бұлар сұмдыққа шебер еді, Жайсаңдарды кейінге шегереді. Қара тобыр болмаса көп шуылдақ, Сол сұмдардың соңынан неге ереді?!
Қалай жетсін ендеше ұшпағына, Сана қуған жұрт түгел тұста мына. Жағы сембей,
Азаннан шуылдаған,
Қара тобыр орманның құстары ма?!
ӨЛЕТІН, СІРӘ, ШЫҒАРМЫН
Жүргесін өжет пішінде, Пойыздай зулап тоқтамай. Кімдер жоқ жерлес ішінде, Мылтығын қалған оқтамай.
Бұрынғыдай өрт боп жанбаймын, Жүрмегесін бура күшінде.
Аралда қалған жандаймын, Қара орман елдің ішінде.
Азапқа салса жанымды, Күймесін неге от дене? Тірідей ішкен қанымды, Жерлестер менде жоқ деме.
Жатсын деп мұзда тайғақтап, Жете алмай жасыл белеңге.
Сыртымнан сұмдар ғайбаттап, Жамандап қойған мені елге.
Тараған өсек далаға, Қоңырау үнді терме ме? Шындыққа сенбей, Жалаға
Сенеді, айтшы, ел неге?!
Өсекке сенген жұртымды, Түзейтін кім бар бүгінде,
Жүрегім тулап бұлқынды, Шыңыраудың терең түбінде.
Арыстан елім болғанда, Болмас ем пенде сормаңдай. Басыма бақыт қонғанда, Өртеніп жаттым ормандай.
Арыстан неге болмасын? Арыстан кеуде елде өскен. Ақыны неге сорласын?
Қысастық көріп жерлестен.
Әділдік, ардың жоғынан, Булығып өскен шынармын. Күншілдің атқан оғынан, Өлетін, сірә, шығармын.
ҚЫЛЫШТАН ӨТКІР ЖЫР-ҚАЛАМ
Есті елдің де есектері көп болған, Ұлы елдің де ұрылары көп болған. Өр Таластың ойсыздары жоқ болса, Жұрттың неге көкірегі өрт толған?!
Жұрттың неге көкірегі дерт толған?! Ойсыздардан ойлы қанша мерт болған? Өз қоғамы түсінбеген ақын да –
Бір жалғыз үй ауылынан шет қонған.
Арғымақтан есектерді оздырған, Қарау қоғам мені ашынтып, қоздырған.
Тозған жұрт та бағаламай ақынын,
Ақ сауыттай жүйкесін жеп тоздырған.
Қара тобыр не біледі тегінде,
Таяқ жейтін кезім шығар менің де. Ұлы Абайға көтерілген сом қамшы, Кім ойлаған сақталған деп елімде.
Қара тобыр не біледі тегінде,
Мерт болатын кезім бе әлде менің де. Махамбеттің басын шапқан сом қылыш, Сақталған да шығар, бәлкім, елімде.
Жау шықса да қиылыстан, Бұрыштан,
Елім мені сомдап құйған құрыштан. Кімнен қорқам,
Неге қайтам бетімнен,
Жыр-қаламым өткір болса қылыштан.
ҚОҒАМ ҚАЛАЙ АЙЫҚСЫН СЫРҚАТЫНАН
Үлестірген алалап дәріні елге, Сырқатты емдер ол шіркін дәрігер ме? Отқа жанбай бықсыса киіз құсап, Жұртты неге салмасын әбігерге?
Беті күлген қытайдай жымың қағып, Тұрады да мән-жайдың ығын бағып. Алда-жалда сыбаға ұсынылса, Кетеді ылғи аузыңнан жырып алып.
Көпір етіп талайды өскен еді, Жағынғанды көңілі хош көреді. Оны егерде шақырсаң,
Бірге онымен
Өсек артып ырғалған көш келеді.
Жиып-терген өсегін үлестірген,
Ол сойқанның қайдан да үні естілген. Дәрігер боп, ағайын, жарыта ма, Қатын өсек артына мінгестірген.
Жаудан бетер жақының жауыққанда, Оқ өтеді кеудеңнен – сауыттан да.
Жүрегімді мен жаздым жырмен емдеп, Өсек тасып сол неме ауыртқанда.
Ызғар ессе тұлғасы, Тұрпатынан,
Билік айтсын ол қандай тұлға атынан? Сау адамды дәрігер жүрсе ауыртып, Қоғам қалай айықсын сырқатынан?!
ҚАРА МЫЛТЫҚ
Ақынның тілін алмаған,
Өз басын жұтып жалмаған. Бұқарды тыңдап Абылай, Қырғынға халқын салмаған. Абайға қамшы көтерген Оразбайлар қайда қалмаған. Әкім боп атқа мінгенде, Жұрт тонап, елді арбаған
Сұрқылтайлар мені сыртымнан
Ғайбаттап қайда бармаған. Ағайын қанша сөз қуған, Сөз қуып табан тоздырған... Махамбет досын тыңдамай, Исатай батыр көз жұмған.
Қалың қол жетсе қаптаған, Қай өзен теріс ақпаған.
Бөлтірікті тыңдап, Ағыбай Жалайыр елін шаппаған. Сыпатай батыр арды аттап, Қырғызды ханға сатпаған.
Ақынын беттен қақпаған – Қасиетін елдер сақтаған.
Ақынын отқа қақтаған – Елдердің таңы атпаған.
Асылын ардақ тұтпаған – Ақынның мұңын ұқпаған. Гетенің жырын отқа өртеп, Гитлер ме басын жұтпаған? Көр пілте сұмдар жиылып, Өрте деп жазған жырымды, Гитлердің жолын құптаған. Көзіне кітап көрінсе, Қаншық па көті құрттаған.
Кім-кімде ардан аттаған – Қара су толқып ақпаған.
Күркіреп туған ақынды Жылан да шапшып шақпаған. Оқталған қара мылтықтың, Күні бар ма мені атпаған.
Үйіне жетпей өлген-ді, Үйінде тыныш жатпаған.
ОТЫЗ ЖЕТІНШІ ЖЫЛ
Адамзаттың,
Ақыл-ойдың алғыры,
Ақындардың қолыңда ма тағдыры? Ел ішінде сен екенсің, бауырым, Өсіп шыққан зұлымдықтың тамыры.
Жайсаңдардың сөккен алтын жағасын, Жауыз қолсың білмей жүрген шамасын. Есік қағып сыпсыңдаған өсексің, Тырнап ашып жұрттың ескі жарасын.
Жазықсызды күйдіріп, Күйе жаққан жаласың. Қоқыстарын қоғамның, Артып жүрген шанасың.
Сол қоғамның бір қоқсығы секілді, Ертең сен де күресінде қаласың.
Басқарғанда елді қашан жарыттың, Жұртпен бірге өзің қашан тарықтың? Бәрін түгел сөндіріп,
Көшедегі жарықтың,
Сен емес пе нанын жеген халықтың. Қыспағына түсіп қатал нарықтың, Аш-жалаңаш күйімде
Үстінде отырып табыттың, – Өжет мінез жыр жазып,
Мен емес пе қамын жеген халықтың.
Әкімдіктің өзің көрдің жемісін, Тіршіліктің быт-шыт үзіп желісін. Басқара алмай тоздырып ең ауданды, Ала тайдай бүлдірмексің ел ішін.
Жұлымырдай жау санаған жақынын, Неге жұртқа жамандайсың ақынын? Қарақшы отыз жетінші жыл сенбісің, Абақтыға жапқан елдің ақылын?!
Көрмеген ем аңға шығып, құс та атып, Жүрегімді қарыдың-ау мұздатып.
Отыз жеті қайта айналып келсе егер, Жіберетін сыңайың бар ұстатып.
Өлім сеуіп байтақ өлке, қалаға, Зұлымдықты көп сіңірген санаға Улы Сталин –
Пайда болған шығарсың –
Көз алартып түшкіргенде далаға.
ҚУЫС КЕУДЕ
Жандар көп те кеудесі қара қуыс, Алсын қалай кең байтақ дала тыныс. Қуыстардың барлығын құрт жайласа, Азып-тозбай қайтеді жаратылыс.
Қаны қызып, намысын тулатпаған Мәңгүрт көп те сенімді кім ақтаған? Сол шіркіннің кеудесі – тозған құбыр, Қысы-жазы бітеліп, су ақпаған.
Жөн болғасын сол неме қуыс кеуде, Аузым қалай барады туыс деуге.
Арамзаны тыңдайды неге жұртым? Жоқшылықты әкелген ырысты елге.
Үсті-басын жыл сайын жаңалаған, Сол шіркінде ой бар ма саралаған. Бағасы артқан заман ба жұлымырдың, Онға бөліп өз жұртын алалаған.
Кеудесі оның қайтсең де қара қуыс, Жыбыр-жыбыр қара құрт балалаған.
Күннің нұры түспеген қабағына, Қуыс кеуде жан түгел саналы ма? Туған елін күн жеген ақ сауыттай, Тоздырғандар, кім білсін, бағалы ма?!
Аузы айнымай кемпірдің кебісінен, Өсек қуған тана ма желісінен.
Сырты адамға ұқсаған бір мылтық ол Маған қарай атылған ел ішінен…
ҮРЕЙ БОЛЫП КӨЗІНДЕ ТҰРЫП ҚАЛАМ
Биіктеген мезгілде түскі аспаным, Ей, сұрқылтай менімен ұстаспағын. Сау адамды ауыртқан дәрігер ме,
Жең ұшынан жалғасып, ұштасқаның? Кісілікті сақтағың келсе егерде, Ерегісіп ақынмен ұстаспағын.
Азаттық кеп, арайлы таң атқанда, Мұң кетпеді көзімнен, қабақтан да. Кәне, шыққан мүйізің?
Сыпсың қағып,
Қатын өсек еліме таратқанда.
Ей, сұрқылтай өзіңді құныс көріп, Жалдады ма алтын мен күміс беріп? Жырым оқ боп қадалса,
Сен өлесің
Ине жұтқан иттейін жіңішкеріп.
Елге қашан сен жақтан сый ағылды? Құрттар ғана кеудеңді ұя қылды.
Ойлы елімнің ойсызы сен болмасаң, Неге есек боп төсейсің тұяғыңды?!
Есін жиып, ел жаңа түзелгенде, Өкше ізіңе шам алып түсем мен де. Кім екенімді білерсің сонда менің,
Жал-құйрығың байталдай күзелгенде.
Тұншықтырсам егерде толқынға атып, Түнде ұйқыға кетерсің қорқып жатып. Ар-ұят боп кеудеңе мен ұялап,
Тас миыңды шағамын солқылдатып.
Әділет пен ақиқат сөз алғанда, Жақсы емес-ау қуарып, бозарған да. Сен астында қаласың қорым тастың, Мен орнымнан тау болып қозғалғанда.
Сұра менен кешірім – егеспегін, Жадырасын қол соғып белес-белің.
Еркек болсаң,
ер болсаң бұдан былай, Қатын өсек жел болып елге еспегін.
Намысымды ешқашан суытпағам, Сендейлердің талайын шыбықтағам. Дүлей болып басыңа төнбесем де, Үрей болып көзіңде тұрып қалам.
ЖАЗЫҚСЫЗДЫ ЖАЗАЛАУ ӨНЕГЕ МЕ?
Шығып әлі көрмеген көк төбеге, Ағайынға дейді жұрт өкпелеме. Өкпелемей қайтейін май құйса егер, Отқа оранған онсыз да өрт денеге.
Еріккенде ататын көздеп мені, Қара мылтық өздерін оқ көре ме?
Нысана етіп көздесе жарық айын, Арғымақтай мен неге арымайын? Ұсақ жандар ұлық боп,
Жұртым түгел
Ұсақталып үлгерген тарыдайын.
Күмбірлеген күй тартып, жыр ұнатқан, Биігінен бұл елді кім құлатқан?
Кім ойлаған жұрт бұлай тозады деп, Арғымақ ат өсіріп, жылқы баққан.
Тізгін тисе көр кеуде жабыларға, Ақылды ел де жолынан жаңыла ма?
Жұртым егер кетпесе ұсақталып, Шиебөрі секілді жабыла ма?!
Шөкелеме, Ақынды төпелеме,
Бір биігің болмасын төбе неге? Сталиннің ұстанып қанды жолын, Жазықсызды жазалау өнеге ме?! Жұрттың қалай көңілін сен табасың? Қамал көріп сен мені алынбаған, Жасамақсың шабуыл тағы маған.
Ойлы елімнің сен едің бір ойсызы, Атқа мінсе атасын танымаған.
Күндер қайда маздаған шырақтайын, Неге ендеше қанымды тулатпайын? Әкім болып ауданды басқарғанда, Сен емес пе тоздырған тулақтайын.
Құнаныңа, жем болып дөненіңе, Байлығыңа,
айналған қорегіңе, Тоздырғанға еліңді намыстанбай, Қозды неге намысың өлеңі ме?!
Кісі тартып сендейлер өз жағына, Қарақшылық жасауда сөз бағына. Өлеңіме бетке айтқан есектікті, Намысыңның таңданам қозғанына, Намыстанбай жұртыңның тозғанына.
Ей, сұрқылтай сен сонда кім болғаның? Кімге дәрі ісініп, құр толғаның?
Жұлымырдың ақынға қол көтерген, Көрсең, айтшы, тірлікте бір оңғанын?!
Жоғалғанда көгімнен сұр бұлт тарап, Ақынынан безінсін кім сырт қарап? Таратпас ең улы сөз,
Кетпесе егер,
Шұбар жылан жағыңа жұмыртқалап.
Көкірегім – мекені жыр-атомның, Егескенде дауылмын, Сұрапылмын.
Кінәлама сен мені, өспесе егер,
Мұнарасы биіктеп мұратыңның. Жұрттың қалай көңілін сен табасың, Таба алмасаң көңілін бір ақынның.
КӨБЕ БҰЗАР ЖЕБЕМ СЕН ЕДІҢ
Інім бар деп жүруші ем алаңдамай, Бұдан былай сенемін саған қалай?
Ойлы жұрттың сен тыңдап ойсыздарын, Кете бардың жылыстап қарайламай.
Қарайламай жылыстап сен кетсең де, Жалғыз қала қоймаспын мен тепсеңде. Қалың елден бір іні мен табармын, Шыбығымды шыңғыртып жерге ексем де.
Күңіреніп үйінде отыратын, Кімге қажет дедің бе соқыр ақын. Сен кетсең де ақыннан кім безеді,
Жазған жыры кілем боп тоқылатын. Неге бездің?
Өлеңім сен емес пе ең,
Ақ сарайда күркіреп оқылатын.
Айтаққа еріп арсыз топ жұлқынғанда, Жапа шеге қоймаспын жұртым барда.
Алтын жебем сен едің көбе бұзар, Мені қорғап атылар күн туғанда.
Қарт та айқасқан майданда, жас та
айқасқан, Сатқындықтың есігін маздай ма ашқан? Кейде інідей көзіме елестейсің,
Жау қолына ағасын тастай қашқан.
ӨЛЕҢІМНЕН КІНӘРАТ СЕН ІЗДЕМЕ
Өмір кейде секілді қышқыл алма, Кісі ендеше бекерге ышқына ма? Қабырғасы тас үйдің көріп сен де, Жүрегімді шегемен сызғылама.
Суырғандай ақ түтек далаға ақпан, Күншіл қанша жырыма жала жапқан, Жазғыруға бола ма босандың деп, Аналарды албырап бала тапқан.
Ізгіліктің қайда үні күнде естілген, Сауда қуған мезгілде кімге ес кірген? Алда-жалда кембағал бала туса, Дәрігерлер себебін іздестірген.
Ақын аз ба тірлікте қайғы жұтқан, Шыға келген сайтансың қай жырықтан? Өлеңімнен кінәрат сен іздеме,
Ізде оны тудырған қайшылықтан.
ТАЛАСАМЫН ЗАҢДЫ ОРЫН – БИІГІМЕ
Сортаңда өскен қышқылтым жемістейін, Жырым ащы болса егер, не істейін?
Ойлы-қырлы далама тартып тусам, Ой-қырымды мен қалай тегістейін? Кей жерлесім бал емес,
У ұсынса,
Шөлдегенде сол уды неге ішпейін? Жанымды улап, азапқа салса солай:
- Бұларың не? – деп неге керіспейін. Қара Қытай арнасын бұра тартқан, Неге ақпайын ызалы Ертістейін?!
Басымнан бұлт арылсын, арылмасын, Кім-кімге де белгілі жағынбасым.
Жаудан емес,
Жақыннан бағым қайтса,
Тауым неге талқан боп шағылмасын? Ар-намыс боп жүрегім тулап тұрса, Неге ендеше бомбы боп жарылмасын?!
Мені ендеше, ағайын, кінәлама, Бақыт көр деп мені де туған Ана. Ойлы елімнің жоқ болса ойсыздары, Көз жасыммен өзімді суара ма?!
Сол сұмдармен мен қалай жарасамын, Жүрмекпін бе ішінде аласаның?
Мұқағали айтпақшы: Билетім бар, Заңды орныма өзімнің таласамын. Түсірсе егер жарықшақ жиі үніме, Сонда өмірдің шешімі – түйіні не? Бір төбе үшін соғыста шайқаспай ма, Таласамын заңды орын – биігіме!
АҚЫНДЫҚТЫҢ АСЫЛ КЕМЕСІН
Әй, қарабет, қарабет!
Ел қамын қашан жеп едің? Жетімді қашан жебедің?
Елімнің ойлы ұлдарын, Хан ұлына қашан теңедің? Жығылса сүйеп тұрғызып,
Қолтығынан қашан демедің? Басыма қиын іс түссе, Қорғайтын кісі сен едің.
Қорғамадың бірақ та, Қан тамырың бұлқынған Теріс аққан бұлақ па?
Бір-біріне сүйеніп, Жайқалып өскен құрақ та. Айналған құрақ көрпеге, Бірігіп қырық құрақ та.
Азамат болсаң сен егер, Шындықтың алтын қазығы Қағылған жерге тұрақта!
Әй, қарабет, қарабет! Алдыңнан күнің күлгенде, Әкім боп атқа мінгенде.
Бастай алмай түзу көшіңді, Жатты аунап жүгің бір белде. Алмас ең менен өшіңді, Бетіңді сонда тілгенде.
Қазық қып жерге қағар ед, Елбасы бұны білгенде.
Уақыттың улы жебесін, Кеудесін тосып қарсы алған Елбасы бірақ не десін?
Қай боғаттың түзейді, Қағылған қисық шегесін. Табасына тастап сендейдің Күйрете қоймас, алайда Ақындықтың асыл кемесін!
ҚАРА ШЕҢГЕЛ
…Ойық пен Тілік түгелдей орыстың боқ көттерін тілімізбен жалаймыз деп ант қағазға мөрін басып, қолын қойғаны өтірік пе?!
Б.Әбілдаұлы. “Бөлтірік би”, 12 бет
Ғайбат сөзін әлгінің ұран деме, Ар-намысың қозбады бұған неге?
Сен емес пе таратқан бұл кітапты, Секілденіп ақ құйрық бұлаң кеме.
Жақсы адамдар жақсыны жағалаған, Қарға ғана қарғаны сағалаған.
Елден қаржы жинадың сол шіркінге, Ойық, Тілік бабаңды қаралаған.
Сол шіркінді мәртебе, биік көріп, Жарылқадың қаржы елден жиып беріп. Неге ендеше сен маған соқтығасың,
Өз-өзіңнен бықсыған күйікке еніп. Қаралама кісіні,
Қараулықтың
Қара бөркін басыңа киіп келіп.
Басынбағын ақын деп көзден қалған, Ақын, сірә, емеспін сөзден қалған.
Ертең сені қоқысқа лақтырмасын, Қараулықтың бәріне төзген жалған.
Оңай көріп даланың мұзбалағын, Тие берме жүйкеме – сызданамын. Қолын кеспей тына ма?
Қылпып тұрған
Жүзіменен ойнаған ұстараның.
Ұстарамен ойнаған қолын кескен, Бықсығанның бәрі де қорымда өшкен. Шауып тастап кетпендей кете барам, Қара шеңгел сен болсаң жолымда өскен.
БОЛАШАҚҚА БАРАСЫҢ...
Жұмыр білек бұзылса бірліктері, Неге азбасын Таластың білікті елі? Мен жайында көбейді сыпсың сөздер, Алауыздықты сен келіп тірілткелі.
Тоздырып ең ауданды, Енді келіп,
Елді ішінен жүрмісің іріткелі?!
Айналмасаң сайқалға, жезөкшеге, Жүрсің неге жолыма төсеп шеге? Жан-жағыңа алақтап қарай берме, Қонған құзғын секілді өлексеге.
Табылса егер өзіңдей жау қасынан, Неге кетсін ақынның дау басынан? Үй қалды ма өсек боп сен ашпаған, Саудагердей жаңылған саудасынан.
Асырмаған бастан сөз – қызба қанмын, Кетер деме қолында ұстағанның.
Ақында, айтшы, әкеңнің құны бар ма? Қылпып тұрған жүзіндей ұстараның.
Ағаш оқты сен атқан – мен де атамын, Шерлі өзендей шегінбей кекті ағамын. Жұрт алдында кешірім сен сұрайсың, Ұлы болсаң егерде текті атаның.
Мен кешірмей –
Сөз естіп жиі еліңнен,
Қарғыс естіп нағашы, жиеніңнен, Болашаққа барасың қара бет боп, Қара таңба бір өшпей сүйегіңнен.
МАХАББАТТЫҢ АТТАНДЫМ ЖОРЫҒЫНА
І
Жүрегімді бір салмақ жанышқанда, Атың жақсы деп едің танысқанда. Арыстанды арыстан десең, қалқам, Айбарлана түспей ме арыстан да.
Жыр арнасам – құсымның құлағаны, Қайтем деп те ойлама бұл ағаны.
Ұнағаны затымның шығар, бәлкім, Саған, қалқам, атымның ұнағаны.
Болсам егер атадан қалған шынар, Бақытыңмын, кім білсін, алдан шығар. Атың жақсы десең де,
Сол бір сөзді
Құдай, мүмкін, аузыңа салған шығар.
От жақпаса сол сөзің жүрегіме, Қадіріңді бұл ағаң біледі ме?
Бірге өзіңмен барар ем, қол ұстасып, Сүйресең де тозақтың түнегіне.
Шыңда тұрған арқардай төсін керіп, Жүрсің бе, әлде шыдамды төзім көріп. Жүрегіме шоқ салып өртейсің де, Өшірмеуің бұл қалай өзің келіп?!
ІІ
Атымды естіп білгенде, Нұрландың, қалқам, бір демде. Өртеуге әлде жолықтың, Өртеніп өзім жүргенде.
Жолықтым саған несін мен, Шықпайсың, қалқам, есімнен. Үкілі сендей қыздардан Үмітім талай кесілген.
Мұң толып қоңыр көзіме, Қараймын құстар көшіне. Жүрегіңе жырым жетсе де, Жүр жетпей қолым өзіңе.
Самғаудан қанат талғанда, Кетпесін десең арманда.
Мені іздеп, қалқам, келгейсің, Үйімде жалғыз қалғанда.
Шұғыла шашып таранған, Өзіңсің, қалқам, бар арман. Жаралса еркек құшуға, Сүюге қыздар жаралған.
ІІІ
Көгінен шыбын ұшпаған, Сардарын ту ғып ұстаған. Жауынгер елдің қызысың Найзасын өткір ұштаған. Сен жоқта пешпін мұздаған, Кеудесін түтін ыстаған.
Көрпе ғып мені жамылсаң, Астары сенсің тыстаған.
Махаббат дейтін жорықта, Қорықпа, қалқам, қорықпа. Киігім сенсің көздеген Жайылып жүрген қорықта.
Көз жазбай көшкен сағымнан, Тірлікте кім бар жаңылған.
Жастығым, мүмкін, шығарсың Шау тартқан шақта сағынған.
Қырт деме мені қағынған, Шал деме тауы шағылған. Іздеген кезде кешікпей Қасымнан ылғи табылған, – Егеулі найза ер деп біл Шешеннен қанжар тағынған.
IV
Жан қалқатай!
Көнсең де, көнбесең де,
Көрге мен де кіремін, көрге сен де... Сені құшып жатамын түсімде ылғи Сүйіп әлі өңімде көрмесем де.
Қуғыншыдан құтылып танаулаған, Түлкі тұрмас құлпырмай қарға аунаған. Кел, қалқатай!
Өңімде бір сүйейін,
Қыздың беті сүйгенде алаулаған. Мал өсіріп, жүн түткен киізді елде, Қан тулаған қыз, жігіт сүйіскенде.
Тоғыспайды жолымыз неге біздің? Көкжиек пен көкжиек түйіскенде.
V
Жаным бірге,
Жанымыз егіз деген
Жігіт келіп гүліңді неге үзбеген? Жүрегімнің дауасы сен екенсің, Кісі болсам жүрекке ем іздеген.
Ғашық болды деп сөкпе шау тартқанда, Сынап көрсең егер де тауды ақпанда.
Кәрі батыр атына бұрын қонған Екіталай күн туып, жау шапқанда.
Жас емеспін, әрине, күркіреген,
Шау тартқанда бұ дертті кім тілеген? Жетпісінде кәрі айғыр ақын Гете Ғашық болған жас қызға үлбіреген.
Дауа бар ма бұл дертке Түн ішінде
Жұлып алып төсектен сілкілеген...
VI
Жотасына шығайық жайсаң белдің, Қызы болсаң жауынгер найзалы елдің. Менен өзге сені аңсап,
Жанып тұрсын
Түні бойы көз ілмей қай шамы ердің?
Көк жотаға көк кілем жайсақ қалай, Туар еді толықсып қай жақтан ай? Жаугер елдің қыздары Шақырғанда
Оңашаға шығатын тайсақтамай. Жастық шақтың өтерін ескермеген, Ағаң едім құлашын кеш сермеген. Жаугер елдің қыздары білсең, қалқам, Найзасынан жаулардың сескенбеген.
VII
Жүгірсе де соңыңнан талай неме, Сүйем сені,
Бұныңыз қалай деме? Шарайнаға үңілген секілденіп, Жігіт көрсең жүзіне қарай берме.
Күн туса да жан беріп, жан алысқан, Көрінеді көзіме бәрі алыстан.
Құтқармаған, қалқатай, кім-кімді де, Қызғанштан құтырған кәрі арыстан.
Сені, қалқам, сүйемін, Құрметтеймін,
Шөлім қанбай қасыңнан құр кетпеймін. Қарсы алдымнан боран боп суырсаң да, Алған беттен қайтпайтын бір беткеймін.
Не өлейін,
Қасыңда не көктейін, Елжірейсің бәрібір елеп кейін.
Дария бол сен, мейлі, тасып жатқан, Дариядан шешініп, неге өтпейін.
Күнәсі көп қоғамда кім ағарған, Тірі куә бәріне мына жалған.
Жанарыңда мұң болса, Мен деп ойла,
Жанарыма мұң болып тұна қалған.
VIII
Туған елдің көтерген мұнарасын, Қара жерге қаратсын кім ағасын. Ақын деп те алдымнан шыға бергей, Тартып алған тағдырдан сыбағасын.
Сұмнан өзге не көрем сұм жалғанда, Өзің жайлы жыр жазам мұңданғанда. Бұғалыққа ойлай ма түспеймін деп, Бұла қыздар бұлғақтап бұлданғанда.
Тас қоғамға келетін зиян бар ма, Сауытына сұлудың нұр тамғанда.
Кел, ендеше! Бауырға бір бүктейін,
Жезкиікке шүйілген бүркіттейін. Жылан бездер ойнасын асыр салып, Сезіміңді жасырма, іркіп кейін.
Жүрегіңнің басында тұра бермей, Сары суы кілкіген іркіттейін, –
Жүзіңді айдан жасырып, жапсам деймін, Шаңырақты бүркеген түңліктейін.
IX
Ұнатайын мен мейлі, ұнатпайын, Өмір сырғып өтуде сынаптайын. Тірімде егер көнбесең...
Көз жұмған соң
Жанам деме молаңда шырақтайын.
Сұм жалғанды атжалман түрме көріп, Жүрек соқпай ағысым тұр бөгеліп.
Түнеймін деп, қалқатай, әуре болма, Қабірімнің басына түнде келіп.
Көрдің саған құсымның құлағанын, Соңғы сөзі деп ойла бұл ағаның.
Сүйсең сүйгін көзімнің тірісінде, Кімге дәрі өлген соң жылағаның.
Иттер озған заманда құмай қалып, Сені құшсам төсіңе құлай барып.
Арналы өзен жаңылып ағысынан, Кете қоймас дүние шыр айналып.
Х
Жоғалтып ап, іздеген шағала айын, Қарапайым кісімін, қарапайым.
Менің пірім – қазақтың қара өлеңі, Менің пірім – өзіңдей бала қайың. Қадіріме, қалқатай, сен жетерсің, Қадіріме жетпесе ара ағайын.
Көкірегім жарыла күрсінгенде,
Бей-жай күйде селт етпей жүрсің бе елде? Жүрегімнің дүрсілін неге ұқпайсың?
Жырымды, еркем, қапысыз түсінгенде.
“Сиырларға” жоламай бұзаулаған, Не теңің деп сөкпегін қыз аулаған. Күнім менің ауған жоқ бесінге әлі, Жүрмін әлі мезгілде түс аумаған.
Махаббаттың не екенін білгің келсе, Жүрегімді тыңдағын жыр саулаған.
Жалғыздықтың шыдамай қорлығына, Махаббаттың аттандым жорығына.
Ат шалдырсам, қалқатай, бар ма арманым, Қызғыштайын қорыған қорығыңа.
ХІ
Көшелерде ағылған түнге қарай, Жас қыздарға өтеді кім қарамай? Көктем болсаң, қалқатай,
Мен деп ойла,
Өз көктемін аңсаған бір қарағай.
Мен деп ойла жүзіңді нұрландырып, Жанарыңа жарқ етіп тұнған арай.
Ашынғаны жанымның, күйінгені – Сардаланың борған құйын, желі.
Бір қыран құс төбеңде жүрсе айналып, Мен деп ойла өзіңе шүйілгелі.
Ұрпағымын ұлы елдің ұран болар, Көкірегіңе, мен десең, жыр-ән толар. Қос анарың – бір таудың қос шыңы ғой, Ұшып барып басына қыран қонар.
Махаббатым жүрсе әлі есін білмей, Түбі сені тына ма шешіндірмей.
Кеудең сенің – жазира дала болса, Арғымақты бола ма көсілдірмей.
Жүрегімді сыздатып,
Миды шағып,
Түні бойы шығасың көз ілдірмей.
ХІІ
Ойда жоқта кезіккен бағың көріп, Барасың ба – жүр деген – жағыма еріп. Көкірегімді сәулеге бір толтыршы, Жанарыңнан жарқ етіп жалын бөліп.
Сорғаласа көз жасым тарамдалып, Бостығымды сол сәтте қалам танып. Жүрегімнің бір отын сен жақпасаң, Болашаққа мен қалай барам жанып?
Қусам сені, Жеткізбей көсілесің,
Қырдың шыңын бір қырға көшіресің. Шырағымды, жан қалқа, жаға алмасаң, Шынарымды сен қалай өсіресің?
Қаша берсең сен менен, Жүрегімнің
Өзің жаққан отын да өшіресің.
ХІІІ
Жанарыңа жанарым шағылысып, Жүрген кезде жүрегім алып-ұшып. Өзің жайлы жыр жазып,
Сен екен деп,
Басқа қызға оқыдым жаңылысып. Жүзіңе алғаш анықтап көп қарадым, Кездескенде қайыра сағынысып.
Бура мінез булығып шабынғанда, Шатыстым ба жүрегім қабынғанда. Жаңылмайын мен неге?
Жолдан шығып,
Жорғасынан жорғалар жаңылғанда.
Көк аспаным бұлтынан арылғанда, Жеткенімнен не пайда сағынғанда? Оңашаға, қалқатай, бір шықпадың, Отқа оранып, өртеніп жалынғанда. Сүйер едің сен мені,
Жас жүрегің
Махаббаттың заңына бағынғанда. Не істейміз, қалқатай?
Кеш болмай ма,
Жүрегімде бір бомбы жарылғанда.
МУЗА БОЛСАҢ ТҰҒЫРЛЫ БІР АҚЫНҒА
І
Ақын жаны айналып өрт денеге, Жазбады деп жыр арнап өкпелеме. Жұлдыз шашып жолыңа,
Сені, қалқам,
Көтеремін ту етіп Көктөбеге.
Жан-жағыңа қаптатып жыр жасағын, Талай әлі өзіңмен сырласамын.
Толқынына сен әлі айналасың, Тамырымда бұлқынып туласа ағын. Сұлулықтан жаралған марал көрсе, Атпай, сірә, тұрады кім садағын?
Елжіреген қыз болсаң жүрегі елге, Айналасың сен әлі жыр-өлеңге.
Қызғалдақтай алаулап сен тұрасың, Серуендеп шыққанда қыр-белеңге. Жырдан сырға мен тағып құлағыңа,
Ат суарып қайтармын бұлағыңа. Кеңістік боп сен әлі көсілесің, Айналасың сен әлі жыр-ағынға. Жұлдызыңның жанғаны бір биіктен Муза болсаң тұғырлы бір ақынға.
ІІ
Бақытың мен боп тұрғанда, Шақырсам, қалқам, бұлданба. Жүрегім, қайтсін, бұлқынбай, Жатса егер кеуде – зынданда.
Қарамай егде жасыма, Сен еріп жүрсең қасыма. Басыңа бақыт қонса да, Қара аспан төнбес басыңа.
Оңаша өзің қалғанда, Жүрегім іздеп барғанда. Қандырсаң шөлін қырсықпай, Арманым болмас жалғанда.
Қыдырып қалсаң орманда, Шабуылға шығам – қорғанба. Жүрегіңді сенің жылытам, Жүрегің мұздап тоңғанда.
Қызыл гүл бүрін жарғанда, Мені іздеп, қалқам, арманда. Кеудеме мәңгі қал орнап, Жүрегіме менің жалған да.
ІІІ
Гүл болып өсем жолыңа, Түсесің қашан қолыма? Бақытыма, қалқам, сен тумай, Тудың ба, әлде сорыма?
Қызығың қалып көк белде, Қыз күнің зулап өткенде. Көктеймін деме қайтадан, Тусаң да тулап көктемде.
Боршалап жүрек – етімді, Қайтарма, қалқам, бетімді. Орынсыз тасқа шабылып, Ақ алмас жүзім кетілді.
Қалайда сені құшуға,
Ақ семсер сертім бекінді. Жанарың мені түбіне Жұтқалы тұрған секілді.
IV
Ұстатқанда, қалқатай, білегіңнен, Ұсынбайсың неге төр жүрегіңнен? Сүйіп мені қалғаның жалған емес, Бәрін ұғып үлгергем түр-өңіңнен.
Қолым менің жеткенде білегіңе, Неге бойлай алмаймын жүрегіңе? Қарағайға жанасып өскен шыбық Жел тұрғанда айналған тірегіне.
Бүлінгенде дүние, бүлінгенде,
Мен болмасам кім үзсін гүліңді елде.
Ақ бас бура шал артық дейсің, қалқам, Жалыны жоқ жастардан түңілгенде.
Оңашада сүйісіп, толқып-тасып, Қилы, бірақ, жолдарда қол ұстасып, – Махаббаттың қызығы
Жүргенін де
Қарайғанның бәрінен қорқып қашып.
Тіршіліктің дүбірлі дүрмегінде, Бақыт сыйлай береді кімге күнде? Махаббаттың қызығы
Жұрттан таса
Қуыстарға тығылып жүргенін де.
V
Айналған арман, үмітке, Киіксің оққа ұшпаған.
Сын емес пе өжет жігітке, Аруды сендей құшпаған.
Көзімді мұнар басса да, Жетегіне ерем үміттің. Елуден жасым асса да, Өртеніп жүрген жігітпін.
Жүрсем де өжет пішінде, Қаламын кейде бұрқанбай. Жаланған өрт бар ішімде, Құмарым, шөлім жүр қанбай.
Қай от та сөнер сөндірсең, Ақынмын жалған айтпаған.
Қайтарма, қалқам, жөн білсең, Бетімді жаудан қайтпаған.
Тас қой деп шақпа тауымды, Ақылға бәрін жеңдірсең, – Қартайған қыран қауымды Екенін, қалқам, сен білсең.
VI
Көңілімнің көз жасын мөлдіретіп, Өмір өтіп барады, өмір өтіп.
Жылуы жоқ үйлерге, Кім біледі?
Бір күн мені жаға ма көмір етіп.
Тамырымда тулаған тасып қаным, Қалқам, саған сол еді асыққаным. Бір қаланың ішінде күн кешсек те, Таудың арғы бетінде – қашықтамын.
Көк бөрідей жапанда жалғыз жортқан, Қалқам, саған сол еді асыққаным.
Тұра алмаймын және де сені көрмей, Қалай жүрем жастықтың желіне ермей. Оу, қалқатай, көңілім көншімейді,
Бір уақыт өзіңе көңіл бөлмей.
Күннен-күнге мұң-қайғы ұласады, Неге менің кеудемнен жыр қашады? Махаббаттың есігін сен ашпасаң, Мархабат деп есігін кім ашады?!
Өзен болсаң жағаңнан неге кетем, Ағысыңды арманға жетелетем.
Қырым асып, қиырға жоғалсаң да, Қиғаш тартпай тұп-тура төте жетем.
Тау болсаң да қасыңнан мен кетпеймін, Елде жүрген елеусіз еркектейін.
Қайрақ болсаң жаныған мені, қалқам, Өткірленіп өзіңе неге өтпеймін?!
Қума мені қасыңнан бақан алып, Өрт жүрегім жеткенде жараланып.
Шұғылаңа, жан қалқа, шомылдырсаң, Шыға келем жаңғырып, жаңаланып.
Дүниенің көзінен қан атылған
Сұм заманда көл болсаң дара тұнған. Білгің келсе айтайын,
Арлы ақындар
Ару қызды құшуға жаратылған.
Танысқанда,
жаңадан табысқанда, Үлкен кісі екен деп намыстанба. Тұла бойын тасқын күш кернегесін Айға атылған қартайған арыстан да.
Ұсынды деп жүрегін намыстанба, Сыйласуға болады алыстан да.
Оу, қалқатай, брақ та бақыт шығар, Иттен гөрі жем болған арыстанға.
Оу, қалқатай, кім қарсы тілегіңе, Жаның кейде мені ойлап жүдеді ме? Жүрегімнің бір тамшы қызыл қанын, Құйып берем қаласаң жүрегіңе.
Бұла сезім бой бермей ала қашып, Кетсең ұзап қыр асып, далаға асып. Тамшы қаным жүрсінші,
Ал бойыңда
Тасқындаған қаныңмен араласып.
Жаратпасаң қашықтап, жырақтайын Түнде алыстан көрінген шырақтайын. Тал бойыңда жүрсінші тамшы қаным, Тоған астын үңгіген сынаптайын.
Көңіліңнің сезсем де бұзылғанын, Жараса ма алдыңда қызынғаным. Мені, мүмкін, аңсарсың
Жүрсе егерде,
Тал бойыңда бір тамшы қызыл қаным.
Түлкі қуып үйренгем өрде, белде, Қайда, қалқам, барасың көнбегенде? Құстай ұшып жетерсің
Тамшы қаным –
Жүрегіңді мен болып өртегенде!
ІХ
Шал деме мені қаусаған,
Тауда өскен қайсар шынармын. Өмірден күтіп, аңсаған Бақытың, мүмкін, шығармын.
Жайсаңның жайын түсінер Жетілген жасыл белесте.
Елуден асқан кісілер Егеулі найза емес пе?
Сезімге елтіп, табынып Барайық, қалқам, қай жаққа? Ақ бас бура шабынып, Шөкпесін неге тайлаққа?
Қаңтарып атын кермеге, Бабалар ару құшқанда. Құшпаймын ару мен неге? Кеудемді намыс қысқанда.
Көңіл – құс биік ұшқанда, Шалсың деп, қалқам, күлмегін. Өзіңді өрт боп құшқанда, Өртеніп кетіп жүрмегін.
Х
Айналсаң да бір өзің бір ғаламға, Салма мені, қалқатай, шырғалаңға. Сұлу қызды өртеніп сүйе алмаса, Жүрек неге берілген бұл адамға?
Мені сырттан мазақтап жиі күлген, Түрткен сен бе қытықтап бүйірімнен. Бетіңдегі ана бір меңдей ойық
Иірім бе күлгенде үйірілген.
Уақыттың телмірмей тұманына, Қуан, қалқам, мен үшін туғаныңа.
Айып егер көрмесең, Мен тағайын
Жүрегімді сырға етіп құлағыңа.
Сүйсең мені серідей серт етесің, Бақытқа да,
баққа да тез жетесің.
Жүрегімді кеудеңе салып алсаң, Ақын қызға айналып сен кетесің.
ХІ
Жүрегім – көне киімдей, Жыртылып, быт-шыт тозғанда. Қолымнан ұста күйінбей, Қолымды саған созғанда.
Айқайлап атқа қонамын, Аруақты жыным қозғанда. Боздап бір туған бота едім, Бозарып атқан боз таңда. Есімнен талай танғанмын, Есектер шауып озғанда.
Аруақты жыным қозғанда, Ақынмын сені таңдаған.
Бозарып атқан боз таңда, Жұлдызым бар ма жанбаған.
Сәулесі суық күмістей, Сұрланып, сұсты қарама. Құдығыңнан сенің су ішпей, Сусыным, сірә, қана ма?
ХІІ
Қарайламай жетсем де отбасыма? Жоламайсың неліктен көп қасыма? Оу, қалқатай, жүрегің жібімейтін, Самарқанның қап-қатты көк тасы ма?
Жүрген жоқпыз, әрине, бүлікті елде, Қарамасын біздерге күліп пенде, – Махаббаттың өзенін кешіп өтіп, Жағалауға жаңадан іліккенде.
Махаббаттың әндері шырқалған-ды, Махаббаттың бастары біріккенде.
Не түседі бұлданып тарынғанда, Кетті ме, әлде арманың сағымдарда? Неге мойын бұрмайсың?
Бұрылғанда
Теріс қарай жосылған ағындар да.
Самғап ұшсақ жаман ба қанаттанып, Жұрт таңырқап аңырсын қарап қалып. Махаббаттың көрпесін көктейік те, Ине, жіп боп екеуміз сабақталып.
Бірімін деп ойламай мұз жүректің, Талай өзен, көлдерден жүзіп өттің. Түсінбеуің жанымды мүмкін емес, Қаны болса бойыңда Қыз Жібектің.
ХІІІ
Махаббаттың азабын шекпегенде, Жыр жазбас ем ұшырап дертке мен де. Сен білесің менің кім екенімді, Қатпарымды ақтарып зерттегенде.
Ордамын ба көк туы желбіреген, Орманмын ба ағашы селдіреген?
Дорба асынған, мүмкін, мен қайыршымын, Дала кезіп, ел ақтап тентіреген.
Мұң арқалап жүгірген мұңдымын ба, Жын арқалап жұлынған жындымын ба? Сен білесің зерттесең,
Жүрген, әлде
Пендемін бе Құдайдың құлдығында? Мен –
кіммін шындығында?
Денем тұтас асылдан құралмаған, Кейде ақша бұлттаймын қылаңдаған.
Күмбір-күмбір күмбезге кейде ұқсаймын, Іші-сырты сырланып, сыланбаған.
Қанға сіңіп қызғаныш, пенделік те, Менен қалған кезінде еркелік те.
Серілік те жоқ емес тал бойымда, Тал бойымда жоқ емес серкелік те.
Менің сонда, шынында, кім болғаным, Өзің, айтшы, болсаң сен шын қорғаным?
XIV
Жүрсең мені ақ семсер – сенім көріп, Көңіліңің кім бұзсын шебін келіп.
Қалса екен деп тілеймін сүйіскенде, Ернім менің ерніңе желімделіп.
Сүйгенімде ерніңе мен жабысып, Құшағымда тұрсаң-ау сен қабысып.
Дүние, шіркін, бақыттан жарылмай ма, Ғашық жандар жүрсе егер тез табысып.
Жүрегіңе кірейін майдан ашып, Құтыласың, қалқатай, қайда қашып? Сүйіспейміз біз неге тар төсекте, Жүреміз бе алыстан аймаласып.
XV
Шал деме мені алқынған, Сенбесең сұра халқымнан. Ақынның нарқын түсірме, Жаралған жаны жалқыннан, – Адамдар құнсыз болса да, Сұлулар таққан алтыннан.
Айныма асыл қалпыңнан, Өр қызсың өрге талпынған.
Шығасың ба маған тұрмысқа, Сұрасам рұқсат халқымнан.
Көнбесең барам бөлмеңе, Кіргендей болып көрмеге. Сүймесең егер сен мені, Бастайды тура жол неге? Сүңгимін көрпе астына, Қасыма қон де, қон деме.
Қалғанын өзің көресің, Көресің және көнесің. Лақтырып тастай алмайсың, Жігіттің мендей төресін.
Кісінің білсең бағасын, Жазасың жүрек жарасын.
Қасыңда орын жоқ болса, Сонда да қыбын табасың. Босатып шкаф сөресін, Кітап ғып қалай саласың...
Бейопа мынау жалғанда, Суықта тоңып қалғанда,
Жылы ұшырап шықшы алдымнан, Жылылық іздеп барғанда.
XVI
Қаны қашып, бет-жүзі қуарғанда, Тіршілікте жүрмейді кім арманда? Жиырма беске мен қайта жасарамын, Көркіңе, еркем, көзімді суарғанда.
Кісі болсам жастығын қайта тапқан, Арыстан деп бағала айға шапқан.
Марқасқалар бүгінде аз дейсің бе, Махаббаттың жайлауын жайлап жатқан.
Ер-тоқымын алтындап, күмістеген Арулардың жүзіне күн түспеген. Қылықты қыз – жас саумал қымыз болса, Сол қымызды сапырып кім ішпеген.
Жырымды, еркем, оқырсың ұнаса алып, Ғашық дерттен түр-өңім тұр сазарып.
Емделмесем болатын емес, сірә, Қасық сумен өзіңді жұта салып.
XVII
Ұзама, қалқам, қасымнан, Бақ кетер жұмыр басымнан.
Қарақшы мынау қоғамға Ақынмын жастай ашынған. Басқаға қайдам,
Мен үшін
Әлемсің алдан ашылған.
Көзіңнің жасыл жалқыны – Найзағайлардың жарқылы. Ғарышқа сапар шегемін, Жүрегің сенің арқылы.
Толықсып піскен шағыңда, Қол созсам сорым, бағым ба? Бұлқынған бұла жырымсың, Тулаған асау қанымда.
Періштем болып қорғаштап, Жүргейсің, қалқам, жанымда.
Алыстан қолын бұлғаған, Музамсың дара жырлаған. Кім жазсын саған жыр арнап, Қыз болсаң сертте тұрмаған. Бұлқынған бұла жырымсың, Қанымда менің тулаған.
Сен барда асыл шынармын Балталап шапса сынбаған.
Ар жолын жастай қуғанмын, Бетімді нұрға жуғанмын.
Мақсатқа жетпей тынбауға Белімді бекем буғанмын.
Жырлау үшін сені, еркем, Анамнан ерте туғанмын.
XVIII
Мазақтап сырттай күлсең де, Жүрегім тулап жүр сенде.
Ғашықпын саған өлердей, Жігітің барын білсем де.
Бұрқанған бура шағында, Жүрмесін кімдер бабында. Сүйемін сені,
Жігіттер
Жүрсе де қаптап маңыңда.
Тастаймын деме төңкеріп, Жатамын неге көрде өліп? Жалғыз тал гүлдей таста өскен Қайтадан шығам төрге өніп.
Жігіттің бәрі сүйе алмас, Дәл мендей сені өртеніп.
XIX
Алғаш құшып ерніңнен сүйгенімде, Сен де мендей өртеніп күймедің бе? Сені көрмей тұрғанда кім ойлаған Түсемін деп сең соққан күйге мүлде.
Ат құйрығын бекініп түйгенімде, Түспес пе едім сең соққан күйге мүлде. Балқып құлай жаздадым естен танып, Алғаш сенің ерніңнен сүйгенімде.
Соны, қалқам, сездің бе, сезбедің бе? Ұйқы-тұйқы еттің-ау кез келдің де.
Қаншық – жүрек сені аңсап қыңсылайды, Жүрегімнен сен сонда көздедің бе?
Күн өтуде сырғанап кіл сынаптай, Махаббатым өле ме бүршік атпай. Оу, қалқатай, сипашы маңдайынан,
Қызыл қаншық – жүректі қыңсылатпай.
ХХ
Сый кеткелі,
ел-жұрттан күй кеткелі, Жаныққандар қаншама күйреткелі. Сүйсем сүйген шығармын сені, қалқам, Махаббаттың ойынын үйреткелі.
Тілегімді бергейсің, бөренедей
Сүйегімді жүрмесең сүйреткелі.
Махаббаттың ойынын ойнамаған Жандар –
жүрек түбіне бойламаған.
Жұмыр жердің тағдырын ойлай ма,
айтшы?
Жұмыр басын өзінің ойламаған.
Шамы сөнген үйлердің шамын жағып, Жөнге салғам жұқсыздың шаңын қағып. Махаббаттың ойынын сен үйренсең, Кетпесіне кім кепіл бағың жанып.
ХХІ
Туса егерде албырап қазақты Ана, Азаптама, сен мені мазақтама.
Жер бетінде ер аз ба қайғы жұтқан? Жарық әлем онсыз да азапхана Азаптама, сен мені мазақтама.
Махаббаттың сыры не, түйіні не, Қадалу ма шаншу боп бүйіріме? Егде тартқан кезімде сүйдім сені, Жем берсін деп Құлагер жүйрігіме.
Жылқы ішінде байталдар көп болатын, Кесті айғырдың қосылған үйіріне.
Өлсе өлер арақты жиі ішкеннен, Өлген кісі жоқ бірақ сүйіскеннен. Сүйісейік,
Сүйіскен жақсы емес пе, Араздасып, ұрсысып, тиіскеннен.
Көкжиекке күрең күн – қария аттанып, Барады, әне, жалқыннан дария ақтарып. Тоят түнін жаман ба бірге өткерсек, Аккумулятор секілді зарядталып.
ХХІІ
Тұлпарды емес,
Тұғырды жүлделі етіп, Жүдетуде көңілсіз күндер өтіп.
Қарсы аласың, қалқатай, мені қалай? Бара қалсам үйіңе түнделетіп.
Күнкөрістің лайсаңын кешіп жүрген Қыздар аз ба сұм нарық шешіндірген. Бөрі көрген еліктей үркектейсің, Махаббаттан кім сені безіндірген?
Жүрміз әлі сарсылып сергелдеңде,
Бір тоқтамға келе алмай сен де, мен де. Өзегімді өртейді бір ақ жалын,
Ащы өксіктер кеудемді кернегенде.
Бұлт ыдырап, көгімнен сөгілгенде, Неге жүрсің қандырмай шөлімді елде? Қанат байлап ұшамын саған қарай, Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Сайран салып қалада баққа айналған, Жүзің сенің алаулап нарттай жанған. Кесті айғырға ұқсатам сонда өзімді, Жетіп барып байталға...
шаппай қалған.
ХХІІІ
Қайта түлеп дүние жаңарғанда, Сен де көктеп гүлдейсің ағаң барда. Музам болып мұратқа жеткізерсің, Сұрау салып жоғалған замандарға.
Ақ сұңқар құс қайтеді жерде жүрмей, Көк аспанға қаптаса жаман қарға.
Жерге табан тіреген мен де Антеймін, Қалқам, муза болуға шамаң бар ма?
Түсірмейтін қыз болсаң ер бағасын, Болашақта маған – жар, елге анасың. Арлы ақынның музасы бола білсең, Жырға айналып тарихта сен қаласың.
Мұнарадай жүгірген белден белге, Аңыз боп та тарайсың елден елге.
Сені тапқан анаң да туған жоқ-тын, Дүниеге күркіреп мен келгенде.
Жүрегімнің өр рухын сезіп бірден, Құдай сені сүйсін деп кезіктірген. Қалың қыздың ішінен өзің ғана, Көкірегіме көркіңмен көшіп кірген.
Сенсең, қалқам, қайратым, қуатыма, Жүрсің неге ер салмай құла атыма? Арлы ақынның музасы бола білген Ару ғана жетеді мұратына!
XXIV
Жанарың – нұр, болса да көзің – көркем, Жазбапты ешкім жыр етіп өзіңді, еркем. Жырымды оқып бусанып сала берген Қардан көрпе жамылған төзімді өлкең.
Шыға келмей бетіне ызғары өріп, Жырыма елтіп, сөз шебер ұста көріп, Шын елжіреп жүрегі қатал қыстың, Көшелерде ағылған мұз, қары еріп.
Жан сырымды тыңдашы бері кел де, Сүйсем айып бола ма сені мен де?
Жүрсің неге жібімей? Өрт жырыма
Қатал қыстың мұздары ерігенде.
Айта бермей мұңымды жатқа ақтарып, Бағымды ашам жорыққа – баққа аттанып. Сүю күнә болса егер,
Мен батайын
Ала жіптің үстінен аттап барып.
XXV
Күйзелгенін елемей жұрттың налып, Махаббаттың қанша уын жұттым барып. Бұл жалғанда арманым болмас еді, Жүрегіңде мен қалсам тұтқындалып.
Шығармасын, шығарсын ұшпағына, Жолықтырған ризамын жылға мына. Шығар деп те жарыққа жалынбас ем, Жүрегіңнің салсаң да зынданына.
Құласа да гүрс етіп іргелі аспан,
Ару бар ма талқандап түрмені ашқан? Бұрындары зынданға түскен ерді
Қыз шығарған... және де бірге қашқан.
Қыз емессің сайтанға жүрген еріп, Мені қалай кетесің күлге көміп?
Күндіз мені сен ұстап зынданыңда, Сүйіп-құшып жүрерсің түнде келіп.
XXVI
Үшкірсе де үш жүздің дүйім елі, Жаза алмайды – дертімнің қиын емі. Білсең, қалқам, біздерді кезіктірген Уақыттың үйіріп құйын желі.
Сүймесе егер жүрегің түсімде ылғи
Неге келіп құшасың жиі мені?
Жастық дәурен басымнан қайта өткеріп, Қызық кешем,
тайсалман тайғақ көріп. Кезіктірген біздерді уақыт желі, Бір нүктеге үйіріп айдап келіп.
Ауыл маңы жамырап қырға өргенде, Өзің жайлы бұрқанған жыр кеудемде. Жүрегіме шоқ түсіп,
Кім ойлаған
Саған ғашық болам деп бір көргенде.
Көкірегімді жайлаған ішіме өтіп, Бұл дертімді кім жазсын күші жетіп. Дауасы оның, қалқатай, өзің ғана, Ыстық демі ұшырған құс түлетіп.
Жылан жылы жылыстап ұстатпап ең, Жылқы жылы мінермін кісінетіп.
МАЗМҰНЫ
Рафаэль НИЯЗБЕК
ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ
2-ТОМ
Редакторы Әлсейіт ОСПАН
Қате түзеуші Қазына НҰРМАХАНОВА Беттеуші дизайнер Мақпал АЙТАҚЫНҚЫЗЫ Техникалық сарапшы Нүркен СҮЙЕУБЕКҰЛЫ
ИБ №12
Басуға 30.07.2014 ж. қол қойылды. Пішімі 84х108 1/32. . Офсеттік басылым.
Қаріп түрі “Journal DT”. Көлемі 20,0 шартты баспа табақ.
Таралымы 2000 дана.
Тапсырыс №12.
«ҚАЗақпарат» баспа корпорациясының баспаханасы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?