Рафаэль Ниязбек 4 том өлеңдері


Рафаэль НИЯЗБЕК

ШЫҒАРМАЛАРЫ

КӨПТОМДЫҚ 4-ТОМ

Алматы 2015

ӘОЖ 121.512.122-1

КБЖ 84 (5 Қаз)-5

Н 65

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі

«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді.

Н 65 НИЯЗБЕК РАФАЭЛЬ

ШЫҒАРМАЛАРЫ: Өлеңдер/Рафаэль Ниязбек.

– Алматы: “ҚАЗақпарат”; 2015.

ISBN 978-601-03-0225-9

Т.4. – 2015. – 380 б.

ISBN 978-601-03-0346-1

 Қай заманда да халықтың мұңын жоқтап, сөзін сөйлеген от ауызды, орақ тілді азулы ақындар болған. Солардың жүрегінен көктеп өскен бір бұтақ – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының және Ресейдің Сергей Есенин алтын медалінің иегері, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбек. Ол қолына қалам ұстағалы бері елдің – елдігін, ердің – ерлігін жырлаудан танған емес. Оның қай өлеңінен де ерлік іздері сайрап жатқан сардаланың көркем келбеті биік өреде айқын көрінеді.

 Ақынның төртінші бұл томдығына енген өлеңдері де ұлттық бояуының қанықтығымен, эстетикалық көркемдігімен, өжет мінезділігімен, қызу қандылығымен ерекшеленеді. Оқыған кісінің намысын жанып,

рухтандырып отырады. Оқушы жүрегіне сара жол табады деп сенеміз.

.

ӘОЖ 121.512.122-1

КБЖ 84 (5 Қаз)-5

ISBN 978-601-03-0346-1

© Р.Ниязбек, 2015

ISBN 978-601-03-0346-1© «ҚАЗақпарат», 2015

 ҚАЗАҚТЫҢ АҚЫНЫ, ШЕШЕННІҢ БАТЫРЫ

 Шешен Республикасының ең жоғары «Ұлт намысы» орденініңиегері,ШешенстанМемлекеттікжәне халықаралық«Алаш»сыйлықтарыныңлауреаты, белгілі жазушы, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің өзі һәм өлеңі хақында ой толғау әбден орынды сияқты. Рафаэль Ниязбеков деген «күшті» ақын барын алғаш 1971 жылдың көктемінде Таластық курстасымнан естігенім есіме түсіп отыр. «Келер күндер» атты өлең кітабы шыққан, ал таяуда жарық көрмек жыр жинағының атын «Алатау мен Қаратау» деп қойыпты» дейді. «Алатау мен Қаратау» деп ауқымдап та қаусыра, қамти сөйлер ірілік пен батылдық ол кезде 18-ге жаңа аяқ басқан біздей сары ауыз балапанның бойынан табыла бермейтін-ді. Бәлкім, өреміз де жетпейтін болар. Әйтеуір, олай сөйлеу өзім үшін өң мен түстің арасындағы нәрсе. Қалай болғанда да әлі бір де өлеңін оқымаған мына Рафаэль дегеніңіз көрмей-білмей жатып бір жұмбақ жан, сұсты да мысты ақын болып

елестеді.

 Арада тағы бір он сегіз жыл өткенде Рафқаңмен Мұхтар Мағауиннің «Жұлдызында» жолымыз тоғысарын, келе-келе ағалы-інілідей сыйласып кетерімізді ол кезде қайдан біліппін. «Рафқа» деп Мұхаң айтады. Мұхаң айтқасын біз «Рафқа» деп қалай атап кеткенімізді өзіміз де білмей қалдық. «Рафаэль»

3

деген еуропалық үрдістегі сұлу-сырлы есімді «Рафқа» деп жаныңа соншалықты жақын етіп қазақыландыру, одан ақ самалды жаймашуақ жылылық естіру тек қазақтардың ғана қолынан келетін болар. Әмбе тілінен және жүрегінен. Бұған қоса Рафқаңа Рафаэль деген аты да бек жарасымды. Өлеңге іңкәр бір бауырымыздың:

«Альпі тауында Рафаэль Санти, Алатауда Рафаэль Ниязбек!» деп арда ақынымызды ұлы суретшімен шендестіре үндестіруі де қандай ғанибет.

 Алыстан айбарлы көрінетін, арсы-күрсі делінген атағы бар Рафқаңның көңілі ақжайлау болып шықты. Өне бойы суынып үлгермей Жазушылар одағының белдеуінде тұратын көк «Жигулиінің» қызығын көбіне-көп проза бөлімінің меңгерушісі Тұрсын Жұртбаев көрді. Рафқаң әсіресе поэзия бөлімінің тізгінін қолына алысымен-ақ Алматыда, біразы әлі үйсіз-күйсіз, арқырап жүрген ақын інілерін маңайына үйіріп алды. Ғалым Жайлыбай, Нұрлан Мәукенұлы, Қазыбек Иса, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып сияқты дарынды жастар бірінен соң бірі «Жұлдыз» журналында жарқырап көрініп, жүремелете, үдемелете шыға бастады. Ақын досы Есенбай Дүйсенбайұлымен арқа-жарқа телефондатып сөйлеседі де жатады. Сол жылдарда «Жұлдызда» біздің өлеңдерімізді де алғаш молынан жырғап берген жарылқаушымыз осы Рафқаң болғанын айтпай тағы қалай тұра аламыз.

Мұны айтатын себеп, қай-қай әдебиетте болсын

ақын-жазушылардың бір-бірімен адами қатынасы, шығармаларын шығаруға септесуі, талантты ашуы өте маңызды. Бұл жақсы үрдістің жарқын мысалдары бізде жетерлік.

 Мысалы, Шерхан Мұртазаның сонау Алтайдан Оралханды тауып Алматыға келтіруі. Осы жағынан

алғанда, өзінен кейінгі толқынға көп қамқорласқан, өзі де алдыңғы ағалардың мейірім-шапағатын көбірек көрген Рафаэль Ниязбектің жолын әдебиеттегі ұрпақ сабақтастығының бір үлгісі дей алсақ керек.

 Рафаэльді поэзияға, әдебиетке алып келген ұстазы да, қамқоры да Қасым ақын болған екен. Анығында, оның өлеңдері. 1955 жылы мектепте оқып жүрген

12 жасар балаға ауылдың бір азамат жігіті Қасым Аманжоловтың үш томдығын сыйлайды. Өлең жазуға әуестігін біліп өзінше жасаған қамқорлығы ғой. Бала Рафаэль бір ғаламат әлемге енді де кетті. Жүрегінде от тұтанды, кеудесінде қызығушылық пен құштарлық оянды. Әсіресе махаббат туралы өлеңдері көп әрі ғажап. Соларды қыздарға ғашық болған бозбалаларға көшіріп беріп жүрді.

 Сол құдіретті Қасым ақынның тағылымы текке кетпепті. Алпысыншы жылдардың орта тұсы. Әдеби кештерде жас ақындарды жарыстырып өлең оқытады онда. Осы кезде Рафаэль де мықтап ашылды. Сонда Қазақ университеті филология факультетінің 3-ші курс студентінің өлеңін Зейнолла Қабдоловтың көкке көтере бір мақтағаны бар. Сол жылдары Мұқағали мен Қадыр ақындардың да қасында көп жүрді. Олардың да әсері мол болды. Алғашқы жинағының шығуына әсіресе Қадыр Мырзалиев қатты көмектесті.

«Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі ғой, өзі жоспарға кіргізіп қойыпты. Бұл ақындықтың әуселесімен жүргенде оқудан шығып қалып, Қазрадиода істеп жүрген. «Өлеңдеріңді тез мәшінкеге бастырып әкел» дейді. Содан жалма-жан 3 күнде бастырып апарды. Редакторы біраз өлеңдерді өзінше жаратпай алып тастаған екен, Қадағаң бәрін қадағалап қайта кіргізіп, қалпына келтіріпті. Сол «Келер күндер» атты тұңғыш келешегін айқындап, Рафаэльді қазақтың

ақындар әулетіне қосып еді. Содан бергі 45 жылдың бедерінде ұзын ырғасы 33 кітап шығарыпты. 6 поэма, бірнеше роман-повестер жазып, прозада да қабырғалы қаламгер боп танылыпты. Құдай-ау, қарап тұрсақ, жаңа айтқан ақындар әулетінің ендігі ақсақалдарының бірі де өзі болып қалыпты.

 Халық жазушысы Қадыр Мырзалиев аламанға өзі қосқан Рафаэль ақын туралы мынадай аталы пікір айт- ты: «Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншісінде дәл түседі деген әңгіме бар... Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара сабаларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін». Осы арада Рафаэльдің жалпы суреткерлік, оның ішінде, әсіресе ақындық дарын табиғатын Мырзалиев сынды мэтр мейлінше дәл таңбалаған. Күйіп тұрған тарлан тақырыптарға дөп тиер қырағы мергендік те, өмір мен өлең ақиқатын айырмай-алаламай толғайтын жолбарыс мінез де Рафаэль Ниязбектің бітім-болмысына тәңір дарытқан табиғи қасиеттер екендігін әділ қазы уақыт өзі көрсетіп берді. Бір кездері оның, Жұмекен ақын сияқты, қара сөзге қалам тартуы да сол жүректіліктен деп білгеніміз жөн.

Иә, проза ауылында әуелі ат шалдырып, одан соң

бірнеше жылдар жайлап жатып алуы да бір қызық. Бұдан да дендей түссек, қазақ әдебиетіндегі кәдімгідей сирегірек құбылыстардың бірі. Өлеңге сыйғыза алмайтын ойлар болады екен. Бір нәрселерді іштей булығып айтқысы келіп жүрді. Содан Рафаэль отырып

«Жауатар» деген тоғыз беттік бір қысқа қайырым әңгіме жазды. Онысын өзі жақсы көретін, керемет шығармаларын оқып өскен, баршаға бауырмал Сайын Мұратбеков ағасына көрсеткен. «Не дер екен?» деген қорқыныш да бар жүрегінде. Ол кезде «Жұлдыз» журналында істейді. Бір күні Сайын аға ұстап алып:

«Рафаэль, әңгімеңді оқыдым. Әңгімелесейік» деді. Сосын айтты: «Әңгімең жақсы екен. Тілі де шұрайлы. Ақындардың тілі жақсы болады ғой. Бірақ бір кемшілігі бар екен...» ... Осылай дегенде жүрегі зырқ ете қалды. Мақтамен бауыздап келіп, ақырында: «Прозаны қайтесің, жазба!» деп тыйып тастайды екен деп ойлады. Сөйткенше Сайын аға сөзін ары қарай сабақтаған:

«Әңгіме жақсы, мұны бұлай қалдыруға болмайды. Сен оқиға енді басталған жерден әңгімені үзіп тастайды екенсің. Әңгімең біткен жерден оқиға басталып тұр. Сен осыны ерінбей-жалықпай повесть етіп жаз» деді.

Сайын ағаның сол ақылы ақжолтай болды. Әуелгі

«Жауатар» атымен повесть те жазылды. Проза бөлімінің меңгерушісі Оралхан Бөкеев те оқып ұнатқан. Әйткенмен: «Енді мұны бассақ, өзі «Жұлдызда» істеген соң беріп отыр деген әңгіме болады. Сен мұны

«Жалынға» апар. Бұдан кейінгі повесіңді өзіміз басамыз» деді. Сонымен «Жауатар» «Жалында» жарқ ете қалды. Сөйтіп Рафаэльдің прозадағы алғашқы қадамы повестен басталды. Енді «Жұлдызға» шығу керек деген аңсар-құштар бойын билеп алды. Оралханның уәдесі орнында тұрғанда «Отағасы» деген повесті дөңгелетіп тастаған. Атам қазақтың әдетінше, алтын шыққан жерді белден қазып, прозаны қиналмай еркін жазып кетті. Жүре-бара, әсіресе «Жазушы» баспасына ауысқаннан кейін бойында роман жазамын деген батылдық туды. Поэзиядағы тұсауын Қасым мен Қадыр ақындар кескен Рафаэль Ниязбектің прозадағы

бағын осылайша айкөл жазушы Сайын Мұратбеков ашып еді. Ол кездегі әдебиет өмірінде ағалар алақаны сондай аялы болатын.

 Жолбарыс тегеурінді талант прозада да көздегенін қапысыз алып түсті. Тақырыбын кеңінен толғайтын, жанр талабының барлық қатпар-қалтарыстарын түгендей бойлайтын, тіршіліктің тоқсан тарау түйткілдерін барлайтын, ойларын кесек турайтын салиқалы прозашы жұрттың көз алдында көтеріліп те көркейіп өсіп шыққанын көрдік. «Қызыл үй» романында сол үйдің қожайыны боп отырған кеңестік кердең билікті, сол заман мен қоғам қайшылықтарын өткен шақпен емес, осы шақта отырып-ақ шенеді. Болашаққа жетіп алғасын алыстан адыраңдап жұдырық түю емес, қату қабақ Қызыл үйдің қасында тұрып-ақ сол кездің өзінде солай батырып та батым айту, әрине, батылдық болатын. Рафаэльдің қалыптасып болған жазушылық шеберлігі сондайлық көптен-көп өмір ақиқаттарын көркем шындыққа жымын білдірмей жанастыра білді. Ал сталиндік зобалаң зардаптарын, 32-ші жылғы ашаршылықты уытты қыжыл қоса шынайы суреттеген «Тас құдай» романының қалай жазылғанына куә-дүрлікке де жүре аламыз. 1989-1990 жылдары «Жұлдыз» журналында «Сары кітап» деген айдар жүргізіп, сонда сонау ашаршылық сұмдығын көзі көрген, көзі тірі куәларды көбірек сөйлеткенбіз. Авторларымыздың ішінде Ғалым Ахмедов, Сейтен Сауытбеков, Мәриям Хакімжанова сияқты асылтек зиялылар да болды. Сол кісілер айтқан нәубеттің бұлтартпас айғақтары, налаға толы естеліктері, баспасөзде жарияланған деректер мен құжаттар жазушы санасында жедел қорытылып, Рафқаң романының көркем суреттеріне, толымды тарауларына келісті кейіпкерлер бейнесіне айналып

жатты. Бұл да іздемпаздықтың, әдеби олжасын қыран бүркітше қиядан шалып бүріп түсудің бір үлгісі ғой. Арқа жағында ма екен, Ақсүйек деген жер бар. Олай аталған себебі, адамдар арып-ашып келе жатып әуелі әлі құрыған біреуі құлайды. Е-е, мен де біттім ғой деген оймен алғашқы адам құлаған жерге басқалары да құлай береді екен. Сөйтіп өле берген, өле берген. Содан Ақсүйек атанған. Міне, кезінде болған оқиғалардан өрілген осындай шерлі сюжеттер Рафаэльдің

«Тас құдайында» аз емес. Осы кітаптың жақсы бағалануының бір сыры да ашаршылық ақиқаттарын тірнектеп жинай білуінде, нанымдылығында болар.

 Ақындық алапаты мінезден шығады. Қазақтың қазіргі үлкен ақыны Рафаэль өзінің жаны жаннатта болғыр Есенбай досы айтқандай: «арсы-күрсі мінезде адайға нағыз жақыны» десек, қателеспейміз. «Именной қанжар сапылы Қап тауының батыры» атануы сондықтан. Ашық күнде жарқылдап найзағай ойнатып жүреді. Көл көңілді шағында жайдарман-жайсаңдыққа да кенен. Күркіреп жүріп кейде күйдіреді де, бірақ сол Алланың сыйындай ақындық мінездің сүйіндіруі мол. Ең бастысы – ұзағынан сүйіндіріп келеді. Себебі, тағы да бозала бұлтты, италақаздың құмайындай текті Есенбай ақын ағамыздың сөзімен толғасақ, бұл Рафқаңның: «Аузынан шыққан сөзі де өр, Өлеңі де өр, өзі де өр. Бақан бет мына заманда, Махамбеттердің көзі дер». Осы бір шумақта Рафаэльдің ақындық рухы, адами болмысы, азаматтық ажары жарасымды айтылып, жақсы қамтылып тұр. Ақындар әулетіндегі ағалары да, тұстастары да, інілері де оны осы мінезімен жақсы көреді.

«Кешегі ес білмеген есер шақта» дегендей-ақ,

жасырақ кездегі бір жайы еске түседі. Шерхан Мұртаза «Жұлдыз» журналының бас редакторы,

Рафаэль – қызметкері. Жұмыс бабында Шерағаң суық қарағандай, бір-екі сөгіс те беріп жіберіпті. Содан бір ашық партия жиналысында Рафаэль тұрып алып Шерағаңды ал сынасын: «Шерхан Мұртаза өзі лауреат, өзі бас редактор, өзі менің ағам, соған қарамай маған күн бермейді, шетке қағады, тегі, жібімейді. Тоңмойын. Осындай бола ма екен?» дейді. Жиналыс біткесінОдақтыңекіншіқабатындаШерағаңмен кездесіп қалды. «Әй, жаңағың не?» деді ағасы мұрты тікірейіп. «Енді, солай болды, аға!» деді бұл бастығынан әлде де ықпай. Сонда Шерағасы жайлап бетіне қарап тұрып: «Әттең, кеш туғансың. Ерте туып соғысқа қатысқаныңда не бірінші оқтан омақасып кетер едің, не Герой Советского Союза болып оралар едің» деген болатын. Аузына құдай салған шығар, Шерағаңның сол айтқаны ақыры айдай келді. Қазақ ақыны Рафаэль Ниязбек жылдар жылжып өткенде басқа бір соғыс өртінің жалынына шарпылып, Чешен елінің ардақтаған батырына, Қап тауының құрметтеген қаһарманына

айналды.

 Біздің пайымдауымызша, Рафаэльдің айбарлы да айдынды ақындық үлкен тынысы еліміз азаттық алған қыдырлы жылдарда ашылды. Оның тау өзеніндей өршіл ағынды жырларынан, сөз атасын өлтірмес тебіреністі сырларынан, елдік пен ерліктің биік қияларына құлаш ұрған дара бітімді дастандарынан анық тұлпардың ақтаңгер шабысын аңғардық. Елім деп елжіреген жүректі, жерім деп еміренген тілекті таныдық. Уақыт тынысын тамыршыдай тап басар ақын бақ-берекелі бостан өмірге риясыз қуана да біледі, тіршіліктегі кемдік пен етектен тартқан ездікке, іштен шалған мырт-мерездікке налып мұңая да біледі. Сондайда жұлынқұрттар мен жымысқыларға алдаспан жырдың алмас зұлпықарын сілтеп салар

жасын шабытты кездері де аз емес. Сол бір өмірсүйгіш өжет жырларға бір сәт зер салайықшы.

Атқа жегіп көрмеген жат шананы, Туған елдің Тыныштық – аңсағаны. Туым неге құласын,

Мәңгі-бақи

Азаттықтың тұрса есіп ақ самалы.

 Рафаэль ақынның ең аңсарлы ақ тілегі осы. Ел бақытының баяндылығын, қазағының мерейі таси бермегін мұрат тұтуы қандай ғажап.

Найзағайлар ойнаса төбемде көп, Қажығанда жүгінем өлеңге кеп. Болашақтың көзіне үңілемін Туған елді төрінен көрем бе деп.

 Шынайы сезімді шыншыл шайыр күмән-күдігін де жасырып-жаппайды. Жүрегінің кірін ақ жаңбырлы өлеңімен жуып тұрады.

Болашағым тұрған соң тұманданып, Көп нәрсеге қараймын күмәнданып, Қазынаны күзеткен қарауылдай, Дүниенің қабағын тұрам бағып.

 Бүгінгі жаһан – қылпыған ұстараның жүзі. Сондықтан да исі Алаштың баласына мына алмағайып әлемде қапысыз қырағылықты, өр рухын, сергек серпінін жоғалтпауды аманаттайды. Осы орайдағы ақын жүрегінің лүпілі мінеки:

Рухы бірге көктеген көгерсе елі, Ей, Алаштың баласы өр еңселі.

Қилы-қилы заманнан жетсең де аман, Ақ семсердің жүзінен көрем сені.

 Елі-жұрты үшін біздің Рафаэль ақын басын бәйгеге тігуден тайынбайды, жанпидалықтан жалтармайды. Тусаң ту!

Боз көйлекті өмірім жырымдалып, Қай жау мені басынсын қырына алып. Ауызында оқталған мылтықтардың Тұрған жоқ па жүрегім тығындалып.

 Рафаэль Ниязбектің батыл ақын, батыр ақын екенін жұрт әлдеқашан мойындаған. Сол мойындаудың басында чешен халқының ерлікке толы азаттық күресін ереуілдеп жырлаған «Шешендер» атты ер-дастан тұр. Поэма, дастан емес, ер-дастан. Поэзиялық көлемді де тұрпатты туындының жанрын айқындаудағы бұл да бір жаңалық. Сонымен бірге бұл ер-дастан тар жол, тайғақ кешулі бауырлас халықтың рухын көтерген әрі сол кезде көз жанары көмескіленіп, ауыр сырқатпен алысқан ақынның өз өмірін де өксітпей биік қияға жетелеген тағдырлы туынды болды. Есенбай досы:

«Қолында жүрді қарулы әрбір таулықтың – Құран мен сенің дастаның!..» десе, сол рас еді. Себебі, орысшаға да аударылып, Қазақстанның Халық қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсенов ақсақалдың алғысөзімен жарық көрген қос кітаптың (қазақша 2 мың, орысша 8 мың) көбі чешен жеріне мұрты қисаймай жеткізіліп, қалың қауымға түгелдей тегін таратылған болатын. Өздерінің тарихын, елдігі мен ерлігін, сондай- ақ бодан елдердің баршасына ортақ тақсіретті толғаған

ер-дастанды оқыған чешендер біздің Рафқаңды хан көтеріп әкетті, қаһарманым деп таныды. Президент Аслан Масхадов қазақ ақынын құрметті қонағы етіп шақырып, кітабын көкірегіне басып тұрып жүрекжарды сөзін арнады, елдің ең жоғары орденімен марапаттады. Чешеннің тағы бір ер перзенті әрі президенті, өзі де ақын Зелімхан Яндарбиев: «Бұл кітап басымызға ауыртпалық түсіп, таулы өлке өрт құшағына оранғанда қанатымен су тасыған алғашқы қарлығаш» деген риясыз лебізін толғады. Ер-дастанның әрбір өлең жолы олардың жауларына бір-бір оқ болып атылып, жүректерде кек қоздатты, намысты жырлар намыс отын алаулатып, Рафаэль өлеңдері чешендік сарбаздарға айналып кеткендей болды. Грозный сапарында оның ер-дастанның авторы екенін білген бойда бір топ чешен сарбазы қаумалай қоршап, құрмет білдірген-ді. Басқыншылар жермен- жексен еткен Самашки ауылында бір чешен әйелі көп оқылып, көп қолдан өткеннен тозуға айналған ер-дастан кітабын көрсетті. Осы сапардан кейін Ер- дастанның жырлары, чешен тақырыбы одан әрі кеңейе жалғасты, таулықтардың арыстан ұлы Аслан Масхадовқа арналған поэма туды. Кейінірек бұлардың бәрі өлең-жырлармен өрілген роман дәрежесіндегі

«Қан қасап» атты қалың кітапқа айналды.

 Ақын Рафаэль Ниязбектің әдебиетіміздегі өзіндік елеулі орыны туралы ой-пайымды тас-таяқтай қағыстырып екшегенде ол да Мұқағали ағасындай

«Махаңдардың сарқыты» ғана емес, солардың жалғасы, қазақтың Махамбет пен Мағжан рухты өрлік пен ерлік поэзиясын жалғастырып алға апарушы деп бағамдасақ, орынды сияқты. Лев Гумилев айтатын, Кенесары рухындағы пассионарлық, яғни асыл мұрат жолында жанкешті жанпидалыққа барудың аңсар-

идеясын асқақтата, намыс шарығымен ширықтыра жырлау әсіресе кейінгі ширек ғасыр бедеріндегі Р.Ниязбек шығармашылығының өзегіне алтын арқаудай тартылған жаңашылдықтың жарқын көрінісі дер едік. Алаш ардақтысы Асанбай Асқаров әділетсіздікке ұшыраған кездегі «Тамұқ отына жанбаған» атты шер-дастаны, халқымыздың біртуар алыбыДінмұхамедҚонаевхақындағы«Кемеңгер»өлең- романы, Қазақстанды бар әлемге паш еткен қадірменді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Туған елдің аспаны», дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы құрметіне 200 өлеңнен құралған «Махамбет майданы» атты жыр кітаптары, Абай хакіммен және Жамбылдың жолбарыс рухымен сырласулары, одан кейінгі «Құлагердің құлыны», «Күркіреп өткен күндерім», әдебиетіміздің ең биік аламан атағына қол соза алған «Қағанат» атты де бірегей бітімді кітаптары осыған айғақ. Бұлардың әрбірі бір-бір монографияға татырлық. Осындай Рафаэльдің ақындық әлемін, жазушылық жан күйін біз бір мақала ауқымына қалай сыйдырмақпыз. Ол ашқан көркемдік құбылалары да көз сүйіндіріп, көңілді қанаттандырады. Бөлек-бөлек жүздеген өлеңдерден бүтін тақырыпты қамтыған біртұтас жыр кітаптарын тудыруы жанрды байытқан һәм түрлендірген жаңашылдығы деп білсек керек. Ақын үшін жаңа замандағы, жаңғырған жаһандағы махамбеттік майданның әлде де ұшы-қиыры жоқ. Абайды біз де пір тұтамыз. Бірақ Рафаэльдің қазақтың бас ақынына деген ерек те бөлек құрметінің өзі құрметтеуге лайық деп ойлаймын.

Сайын дала,

Сарыарқа сайран бағы,

Атақ-даңқың кетті асып айдан да әрі.

Құдайсың деп айтуға қорқып тұрмын, Өлең-жырдың ақ арыс пайғамбары.

Ел-жұртының жүрегін арайламай, Туа қалсын өзіңдей Абай қалай.

Жалғыз керуен өзіңсің күнге тартқан, Дауылдар мен жауынға қарайламай. Түгесіліп тағдырдың шырғалаңы, Жаңа-жаңа ашылса сұр қабағы, Мына жарық жалғанда

Абай, сенсің

Он сегіз мың ғаламның бір ғаламы.

 Абайды жанпидалықпен сүюдің, Абайды көз жасы парлаған, жүрек қаны сорғалаған тебіреністі парасатпен терең ұғып түсінудің аса өрелі көрінісі бұл. Абайды сүю – адамды сүю, Алашты ұғу. Олай болса, Абайды сүйген, Алашым деп тебіренген, қазағым деп еміренген ақтангер ақын Рафаэль Ниязбектің күнге бет алған қазақ поэзиясы керуеніндегі қара нарша тартқан қазыналы жырларының талай асулардан талмай өтер өміршеңдігіне де күмән болмасқа керек.

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

“ВИКТОР ХАРА ӘНДЕРІ” ТОПТАМАСЫНАН

ТЫҢДА МЕНІ, ДҮНИЕ!

Тыңда мені, Дүние!

Ей, адамдар, тыңдаңдар! Жалғыз ауыз сөзімді, Ерттеп мініп төзімді.

Содан кейін сөндірсең де бәрібір Жарық Күнім –

Көзімді.

Шұғыла шашқан жарқын мынау заманда, Көгімнен күн

Күліп неге тұрмайды, айтшы, әманда. Африка құлдарындай

Қашанғы енді жата берем езіліп Қара шойын табанда.

Тыңда мені, Дүние! Мұң кетпеді даладан,

Ана неге айырылады баладан. Дүние неге бүлінеді осынша Ей, адамзат!

Қан шеңгелдеп тудыңдар ма анадан.

Тыңда мені, Дүние!

Жарты әлемің тастаған жоқ зұлмат суық қаруын,

Бейбіт елдің жайғастырам дей ме сұңқар

жүрек аруын.

Мың адамды өлтіруге жетеді Тұла бойға жайдырсаң Жалғыз ғана жыланның Тіліндегі бар уын.

Бейтарап өзің қалдың ба? Сен әуелі адамды

Бір-біріне ала көз ғып алдың да, Жауықтырып жібердің.

Естілерді – Сауықтырып жібердің.

Сосын өзің қара түндей түнердің. От-жалынын тұншықтырып өшірдің Шамырқанған жігердің.

Сөйте – сөйте

Шыға келді бес тиын боп құны ердің.

Және оларды зұлымдыққа үйреттің: Тас ұстатып қолына

Бір-бірінің қабырғаларын күйреттің. Сапар тілеп жолына

Найза ұстатып

Көк бүйректерін түйреттің. Мылтық беріп тағы да Атуды да үйреттің.

Үйретпеген ештемең де қалмапты, Адамдар да үйренуден танбапты. Біреулердің білгені –

Біреулердің басын жұтып, жалмапты. Содан, міне, талай елдің

Жанар кезде көп шырағы жанбапты.

Солай өзің үйретіп ап адамды, Қалапсың жаңа қадамды.

Бір бөлек қойдың жебеп озықты, Бір бөлек қойдың елеп наданды. Озыққа үйреттің:

Ерлікті, Өрлікті, Елдікті.

Наданға үйреттің: Сатқындықты, Қатындықты, Ездікті.

Арғымақтың алқымына қадалар Жең ішіне тыққан кәззап кездікті.

Содан олар өзгеше бір күйге енді, Бір-бірінен қорғануды үйренді.

Ертелі – кеш ағыл-тегіл шапқылап, Бір-бірін

Оқпен, Отпен, Сөзбен, Көзбен

Жатады ылғи атқылап.

Көк төсінде оқ ұшып,

Дүние, солай келесің-ау соғысып. Аяғын көктен келтіріп,

Адам атқан оқтар жатыр күніне Қаншама мың адамдарды өлтіріп.

Тыңда мені, Дүние! Сүмбіл сұлу денесің,

Не болса да есеріңнен көресің. Енді, міне, адамды

Өлтірмеуге ешкімді Үйрете алмай келесің!..

 * * * Заманалар, мін бар ма келбетіңде, Қайта келгін қалпыңа тербетіл де.

Неге атады шығыстан таң қызарып, Ұятты істер көп пе еді жер бетінде.

Кетпесін деп мөлшерден түн ұзарып, Жететіндей көгіне жұлдыз арып.

Ұятты істер көп әлі... Ұялғандай,

Ұясына батады күн қызарып.

Бір терең сыр көңілге ұқтырғандай, Кей көрініс жаралған ұтқыр қандай. Дүниені жайлаған сұмдықтардан

Дала шашы – қара орман тік тұрғандай.

ШАЛҚЫ, ТАСЫ, КӨҢІЛІМ

Шалқы, тасы, көңілім, ағылып бір, Сағым шалып, шау тартпа сабылып құр. Ашынбасаң болмайды

Маған деген

Дүниенің есігі жабылып тұр.

Шалқы, көңіл! Қалайын шабылып бір,

Тұрмақпын ба тау-тасқа шағылып құр. Ашылмасаң болмайды

Маған деген

Көңіл біткен құтырып, қағынып тұр.

Болмас, сірә, күшіңді байқатпасаң, Қайда атасың толқынды Айға атпасаң. Қасиетпен өтесің нұр аттасаң, Қасіретпен өтесің қайғы аттасаң.

Шұғылаңды жан-жаққа шашып өктем, Шалқы, көңіл, биік бел, асу еткен.

Тауды аударған алапат тасқын-селдей Арман бар ма көңілде тасып өткен.

САНТЬЯГОДАҒЫ ЕСКЕРТКІШ

Осы маңға жұртпен бірге көптеген, Кешке жақын серуендеп көп келем. Ұлы ақынның ескерткіші тұр алда Кеудесінен қорғасын оқ өтпеген.

Мен қараймын...

Ол да маған қарайды,

Жанарына сыйғызғандай бар айды.

Бал жүзінен бір жылулық әлемнің

Жүрегіне нұрын құйып тарайды.

Сірә, асқаны зұлымдықтың шегінен, Қасіреттің борай соғып желімен.

Көз алды оның айығар ма тұманнан Қара қошқыл бұлт арылмай көгінен.

Ол барда мен дүниемен жарасам, Әттең түсті жүрегіме жара сан.

Сол ескерткіш талқан болып кетіпті, Жер астынан қопарылыс боп орасан.

Е, аруақ, қыран құстың қанаты-ай, Кеудесі оның жазық еді даладай.

Бір мүгедек тасын құшып жылап тұр Жалғызынан айырылған анадай.

Жаспен шайып кер даланың кең төсін, Өксіп келем... жия алмапты жел де есін. Бір есуас теуіп өтті әлгінде

Қасиетті ескерткіштің кеудесін.

* * *

Тас кесегің көп пе әлде қияға атқан, Кейде, кейде тұрасың қиянаттан.

Неге адамды ұшпаққа көтермейсің Көкірегіне қасірет ұялатқан.

Тағдырыңды талқандап кесіп өткен, Ақымақ көп өзіңді бесік еткен.

Үйіп-төге бересің, Соларға сен –

Онсыз да ерен байлықтан есі кеткен.

Заңғар ала шыңдарға бағыт алмай, Өте шығар бұлтпысың тағы тамбай. Неге, неге бұрылып қарамайсың Жүргендерге осынау бағы жанбай.

Қойдың ба әлде жақсыны қаңбақ етіп, Жанбауы үшін жұлдызы алға кетіп.

Алпыс екі айлалы қу түлкілер

Сені де, Өмір, жүр ме әлде алдап өтіп.

Тілейтінім: бар әлем күлсін тұрып,

Қазық қылып қақсаң да мың шыңды ұрып.

Сонда өмірден күдерін үзгендерді де Тірілте аласың қайтадан құлшындырып.

 * * * Ұнатпадың жырымды сылаңдаған, Сәуле жоқ деп ішінде қылаңдаған.

Дүбір бар-тын бірақ та өршеленген, Өмір бар-тын бірақ та ұрандаған.

Қағып-соғып күлікті бұраңдаған, Шабыт бар-тын шарықтап шығандаған. Жалындаған жырымда

Сезесің бе

Сұлулығы әлемнің сылаңдаған.

Тасқын жырым – Қайнардай бұлақтаған,

Жасын болып жүректе тұрақтаған. Көремісің, ей, достым, жұртта есеп жоқ Күнгейінде жырымның шуақтаған.

Олпы-солпы жолдарын жиып-теріп, Жүрсің әлі жырымды күйік көріп. Күннің нұры түспей ме биікке алғаш Сегіз өрме шуағын биікте өріп.

Құла-жырым еліріп, елеңдесін, Дүбірлетіп қырқаның белең, төсін. Жаңа шыққан күнмін мен.

Демек, достым!

Нұр шуағым түспесе – Төмендесің...

БІРЕУ

Ез болуың оңай-ау ер боп тұрып, Тартылуың және оңай көл боп тұрып. Орға жығып сан дүркін кеткен жоқ па Қолтығына албырттың жел боп кіріп.

Күлім қағып тұрған соң шырайлары Екі жүзді болар деп кім ойлады.

Аңқылдаған ақ көңіл адамдардың Шайқалмаған тұнығын лайлады.

Өмірі өтіп жатса да жылда асығып, Түлкіден де қулығын жүрді асырып. Жерде құдай болса егер

Оны да ол

Алар еді әп-сәтте құрдасы ғып.

Содан кейін орнынан жылдам тұрып, Шаттандырып кей сәтте, мұңдандырып, Маймыл қылық қулықтың арқасында Жіберер ед оны да жындандырып...

Жылаған баланы да уатпаған Қатыгез ол

Шағы ма уақтаған.

Көгершіннің тоңбасын қайдан білсін Терезенің алдына шуақтаған.

Аман-есен биікте көгім тұрсын,

Тәңір болса, көр соқыр көңілді ұрсын. Зұлымдықтан құйылған тірі ескерткіш Жалғыз сол ғой

Бүлініп не тындырсын.

Айбынды аспан –

Ол үшін қаралы аспан, Көңілінің құйынын ала қашқан. Ел-жұрт теңіз болса егер,

Сол теңізге

Жалғыз тамшы у ғой ол араласқан.

* * *

Ата аруақ жебеп ылғи қолдаса, Неге ендеше сүрінеміз жолда аса. Білмес ек-ау Әділдіктің қадірін

Жер бетінде бұл зұлымдық болмаса.

Құдірет күші тұрған кезде қолда аса, Көңіл құрғыр сонда өмірге толмаса. Зұлымдықтың жолын қуып кетер ме ек Жер бетінде бұл Әділдік болмаса.

* * * 1

Біреулердің алдынан күн күліпті, Жолын кесіп біреудің мұң жүріпті. Өмір – сынап

Бірде олай, бірде былай...

Қай жағына ауарын кім біліпті.

2

Не жыным бар – Кішіні тасындырып,

Алам ылғи өзімді басындырып. Абайсызда жығылып қала берем Біреулерден, амал не, басым тұрып.

Келеді алға нұрлы өмір асықтырып, Жаратты ма кім білсін жасық қылып. Біреу жеткен биікке шыға алмадым Мүмкіндігім одан да асып тұрып.

Не жыным бар – Ауаны өрде жұтпай,

Алысқанды атан ғып жерге жықпай. Не жыным бар –

Отырам босағада

Жасым үлкен болса да төрге шықпай.

Таулы өлкенің тусам да құлжасынан, Сор кетпеген жан болдым тұлғасынан. О да өзгеге бұйырып кетері хақ

Өліп-талып гүл үзсем шың басынан.

Ой киігі даланың жонында өрген,

Өткен күннің мұз сауыт – тоңын көрген, - Секілдімін Мұңлы Ақын

Жастарға ылғи

Сынап-байқап білуге жолын берген.

Мезгіл – қайшы,

Сағақтан қырқып, қырған, Уағында талайды құртып тынған. Ғұмыр кешу ата ерлік

Өмірде бұл

Ұстараның жүзіндей қылпып тұрған.

ШЕТЕЛДІК АҚЫННЫҢ СОҢҒЫ ӘҢГІМЕСІ

Мені орынсыз келемеж ғып күлгендер – Туырлығын көкке биік түргендер.

Қайтер екен деп әдейі өлдім мен Тірлігімде күн көрсетпей жүргендер.

Жүрсем кеше көкірегімнен от өріп, Өлдім бүгін,

Қарыздайын өтеліп.

Иығымнан жаншып, басып келгендер Табытымды келеді енді көтеріп.

Ажал қырғын, Кімдер аман өтіпті,

Бәріміздің түбімізге жетіпті. Кезінде ылғи маған асқақ қараған Бастар бүгін салбырап-ақ кетіпті.

Тіршіліктен қол үзгендей қайнаған, Бірге сөнді көздегі нұр жайнаған. Қаралы әуен ойнап міне келеді Қасіреттей тұла бойды жайлаған.

Өзім жазған орап отты өлеңге, Қойды апарып мені жасыл белеңге. Алма-кезек сөйлеп жатыр шешендер: “Асыл еді, көміңдер, – деп – тереңге.

Көктем сайын қырмызыдай түлеген, Шабыт болып көкірекке түнеген.

Тарлан жүрек талант еді керемет, Ақын еді азуын айға білеген”.

Жазған менің жырымды сан сынаған, Сыншымды да сонда көрдім жылаған. Қасындағы біреуге ол,- деп тұрды: “Бәйтерегі өлеңнің бұл құлаған.”

Ондайларға не айтуға болады, Көңілге де қайғы осылай толады. Төбесінен жай осқылап тұрса ылғи Бұл тіршілік күні ертең-ақ солады.

От жүрегім осылай деп айтады ән, Азын-аулақ сырым ғой бұл байқаған. Табытымнан қарғып тұрған кезімде Талантсыз боп шыға келдім қайтадан...

ҚАРАҚШЫ

Бірінші монолог

Бұл жасымда аз ба еді көрмегенім, Нөсерлі күн бусанып терлегенім. Босағада мөлиіп неге отырам Шығар кезім келгенде төрге менің.

Бастықпаған жан едім, бастықпаған, Қытымыр шал секілді жасты ұқпаған. Кезің бар ма, ей, өмір, кезің бар ма, Көмейіме керігіп тас тықпаған.

Жаңғақ емен тастаған бала шағып, Ұлы өзенмен келемін жанаса ағып.

Мені ылғи да жүресің көрсетпек боп, Біреулердің көзіне аласа ғып.

Баулымаған мені олай сыншыл атам, Егестің бе

Шыңғыртып шын жылатам.

Бетін берген біреуге, сыртын берген, Қаншық – өмір,

Сені әлі қыңсылатам.

Қыңсылатам және де тентіретем, Құндыз жалын атымның желбіретем. Көкірегіңнен жосылған ылай суды, Көкірегіме тұндырып мөлдір етем.

Атқа міндім амалсыз торыққанда, Қаймыққан да жан емен, қорыққан да. Көгердің бе, ей, өмір, мына маған

Бай ауылын бөрі ғып торытқанда.

Жүрген жайым және жоқ желдеп өріп, Қанатымды жазғанмын өрге керіп.

Көгерді ме көсегең... Келдің-ау сен

Мендейлердің талайын жерге беріп.

Құзырым жоқ болса да бақ құлаған, Қызығым көп төсіңде шапқылаған. Мендейлердің көз жасы емес пе екен, Қайнар бұлақ –

Қойнаудан атқылаған.

Мен дегенде әрине бақ тарылған, Жолым алда күнәдан жатты арылған. Мендейлердің сүйегі емес пе, айтшы,

Асыл тастар- Тереңнен ақтарылған.

Солай, өмір!

Боларсың көп ұтқан да, Сирағымнан қағып ең, тобықтан да. Қарақшыңды хан қылып көтерерсің Қанды өзенге өзіңді тоғытқанда.

Етім өліп барады зорлықтарға,

Нар жүрегім бірақ та жолықты Арға. Қасиетті кісі боп

Сен тартқызған

Шыдағанмын қасірет қорлықтарға.

Бола қоймай қажеті көпке естінің, Енді бұлай жаңғырып өтпес күнім. Өңгеріп-ақ кетер ем өмір, сені, Белі үзіліп кетеді-ау көк бестінің.

Арпалысам, сонда да жағаласам, Қара сауыт кеудемді далаға ашам. Шындық үшін мен қалай тіреспекпін, Ұстасуға өзіңмен жарамасам.

Жойқын-жойқын әлемет өткергенім, Зұлмат жылдар сұмдығы көп көргенім. Қастерлеген төреңді атқа өңгерсем, Қанжығама сені, өмір, бөктергенім.

ҚАСІРЕТ ТӨБЕСІ

Екінші монолог

Мансап қуған жан болдың көктеміңде, Шенің де бар, бар және шекпенің де. Сұм атанып Шындықты шынжырлаған Сен де өмірден осылай өткенің бе?!

Қасіреттің не екенін түсінерсің, Өзің ертең қасірет шеккеніңде.

Шеккеніңде, Қасірет шеккеніңде,

Бірге тозар шенің де, Шекпенің де.

Биіктерге қарайсың қай бетіңмен, Өзің ертең төбе боп шөккеніңде.

Жүрсің бүгін адам боп өр еңселі, Көкірегінен құлаған терең селі. Көз жіберсем ертеңгі күнге бірақ Бір жусанның түбінен көрем сені...

Көмбесіне өзінің өктем жеткен, Кезің және болмапты көктемдеткен. Қасіреттен өрілген қабіріңе

Жас топырақ салса игі өткен-кеткен.

Бұл ғаламның әлі де егесі көп, Сан қадалар кеудеңе жебесі кеп.

Айта ма деп қорқамын ертең ел-жұрт Қабіріңді қасірет төбесі деп.

“ДҮРСІЛДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІМ” ТОПТАМАСЫ

САПАРДА ЖҮРГЕН ЖҮРЕГІМ

Алабұртып түр-өңің, Кетер ме екенсің егіліп, – Сапарда жүрген жүрегім,

Сөйлейсің, айтшы, не біліп?!

Тыңдайын сені, Сөйлегін

Шындыққа ғана тұрақта. Жалғанның киіп көйлегін Жалпылдап жүрме бірақ та.

Көз салып алғы күндерге Ұшармыз әлі мың түлеп. Сенеміз, айтшы, кімдерге Сөйлесе жалған бұл жүрек.

Білемін сені, жүрегім,

Не көрмей, айтшы, келесің. Бақыт боп жалғыз тілегің Жаралған сүмбіл денесің.

Тұғырдан тайып түскенше Сыналар шағың сенің көп. Сапарда жүрген жүрегім Кеудемде жатсың сенім боп.

Жас жаның қалай көз ілсін, Әнің жоқ әлі ескірген.

Әлемде өжет өзіңсің Шындық боп даусы естілген.

Мұхиттың арғы жағына Барғаным әлі есімде.

Ойлардың сүңгіп бағына Қырқаның тұрғам төсінде.

Үйренген болар, кім білсін, Құрсаулап ұстап Шындығын. Көгінен қайдан Күн күлсін Сол сәтте көрдім сұмдығын.

Жұлдызы сөніп көгімнің Көзімде тұрды-ау жас қаптап. Рухы боп сонда елімнің Алдымнан шықтың асқақтап...

Өзіңе қарай зуылдап Атылғанмен де оқ талай, – Сапарда жүрген жүрегім Келесің әлі тоқтамай.

Еңку де еңку жер шалған Көзі ме ең әлде Ерліктің. Арлылықтан ғана енші алған Өзі ме ең әлде Елдіктің.

Жапырақ жайған шынардың Сыбдырымен тербеп денемді. Жағаға сүйреп шығардың Толқынға батқан кемемді.

Арманды жалғап жұлдызға Суырып шыңырау – күйіктен, – Өрлетіп мені шың-құзға

Көз салдырдың-ау биіктен.

Қаптаған талай селдердің Алдарын бөгеп, от өрген, – Еңсесі түскен елдердің Жығылған туын көтерген Сенсің менің, жүрегім!

Саңқылдап ұшып заңғарға Ғұмыры өткен тіреспен, – Болашағы боп жандарға Бостандық үшін күрескен Келесің тарлан жүрегім.

Әлемді кезіп шарлаған Айналдым сенен, тұлпарым. Дүниені түгел барлаған Айналдым сенен, сұңқарым. Жерің жоқ, сірә, бармаған: Арыстан кеуде ерлерге Ғұмыр сыйлап мәңгілік.

Арысын жоқтап зарлаған Аруларға жеттің жаңғырып. Айналдым шынар тірегім – Сапарда жүрген жүрегім.

Нөсер боп құйып өттің сен – Еріні кезерген шөлдерге.

Сарқырап ағып жеттің сен – Сарқылып біткен көлдерге. Алтын масақты дән болып Жайқалдың құба белдерде.

Жүрегім жүрме қай жерде, Түссең де дара көкпарға: Ән болдың – әні жоқтарға,

Сән болдың – сәні жоқтарға. Қарамай және бұрылмай Төбеңнен жауған оқтарға, Шатырлап жанған оттарға.

Таулары жоқтың – Алдынан шықтың асқақтап. Жанарларында

Тұрмасын дедің жас қаптап. Баулары жоқтың –

Көз алдында тұрдың Неше алуан жүзім боп.

Шарпылмай нұрлы жүзіңді от Жетемін дедің

Жыл сайын

Алтынды алтын күзің боп. Жалғанда жалғыз тірегім – Сенемін саған, жүрегім!

Өйткені

Туысы бөлек батырлар Жүгінбей тәсіл-амалға Айналып дара қамалға Жауына қарсы шапқанда Жүрекке сенген, түсінсең! Себебі,

Жүрек қас жауын Үйренген салып табанға.

Өйткені

Туысы бөлек ақындар Жүрекке ғана жүгініп, Жүрекпен ғана сөйлеген.

Біржола кетпе түңіліп, Сәтсіздеу шықса кейде өлең. Сәл нәрсеге дір еткен – Сөйлеген және жүрекпен.

Танбаған жүрек – Шындықтан Көз ашпаса да түнектен.

Желбіреп туған жалауы Ақынын солай түлеткен Қайран да қайран нар халқым!

Сапарда жүрген жүрегім Арлы әнім сенсің, аңсаған! Қасқайып шындық жолында

Жоғалды, айтшы, қанша ағаң?! Жалғанда жалғыз тілегім: Тартпайын енді мен сенің Азабыңды қаусаған.

Жер бетінде әлі де Әні де кеткен, сәні де

Жауларың көп қой – білемін. Жалғыз сені көздейді Ұшқан оқтың бәрі де.

Көңіл бөлме онша оған, Сенемін мәңгі, мен саған!

ЖАН АНА

Қиындықтың отына жанып, көніп, Көңіліңді жүрсің-ау анық бөліп.

Заңғарлардың бәрінен ән салдырдың Мені өмірге, жан ана, алып келіп.

Сен дегенде, жан ана, жырым – көктем, Жырым – көктем, жан емен қырын кеткен.

Көңіліңнің жарығы мен болармын Маңайыңның бәріне нұрын төккен.

Бақыт нұрын сыйлаған жер үстінің Сенсің, ана!

Көгілдір кеңістігім.

Сенің мынау шұғыла, шуағыңмен Көгереді көгерсе егістігім.

Сенен, ана,

Жан ана, басталады Келген күнім өмірге, Жеңіс күнім.

Аруана сен болсаң жырды иіткен, Ұлың сенің жүрмек пе құр күйікпен. Сол биікте, жан ана, сен де барсың Көрінсе егер бұл ұлың бір биіктен.

Күн нұрына шомылып керегінде, Өркен жайды сен болып терегім де. Сенсің, А Н А !

Жатқан ол жұлдыз шашып,

Бар болса егер шын асыл тереңімде.

ЖЫЛҚЫШЫ

Жылқышы дегеніне көндірмек тек, Алдынан жүгіреді жел дірдектеп. Тақымға басып алып шауып жүрді Боранын құла түздің кеңірдектеп.

Даланың ақпандатқан бұрқасында, Тау-тастың түнеген ол қырқасында.

Соқпақты қасқа жолға айналдырған Атының ізі жатыр қыр тасында.

Сағынып қарсы алады өріс күнде, Ол үшін жеміс күнде, жеңіс күнде. Қашаған түлкі – бақыт құтылмайды

Жылқышы жүрген кезде жер үстінде.

Ал қазір боза – демін бұрқыратып, Суатқа жылқыларын тұр құлатып. Көсілсе тас құйқасы шымырлайды Қырқаның сай-сүйегін сырқыратып.

Сұстанса –

кекіл-жалын үлбіретіп,

Тұрғаны қай асау да дір-дір етіп. Жерден де бұлт көшкендей болады ылғи Жылқысын қырға айдаса дүркіретіп.

Жүрсе де өзін солай демеп қалып, Жылқысы жатыр, әне, етекте анық. Кететін жылқышы бұл

Асау тұрмақ

Дауыл мен боранды да жетекке алып.

ТАЙТӨБЕ

Айналаңды осынша шолармысың, Сенсің бе әлде қолыма қонар құсым. Шөккен әлде Қаратау – қасіреттен Көпті көрген қарт бабам болармысың.

Оу, Тайтөбе, төсінен шаң ұшпаған, Кезі бар ма тағдырдың жанышпаған.

Дулығасы батырдың болармысың Аманат қып еліне табыстаған.

Астында аспан деген нұр шатырдың, Көрген жанның көзіне мұң шақырдың. Кей елдердің тауынан биік тұрған Қабірі ме ең сен әлде бір батырдың.

Сан көрінген мұнартып құба белден, Тайтөбесің міз бақпай тұра берген. Бабалардың сен әлде рухымысың Қара жерді қақ жарып шыға келген.

Кейде өзіңді, Тайтөбе, сән көресің, Сән көресің,

Түрленіп әнге енесің.

Сол көрікпен тағы да тұрғаның бір Сұлулардың еске сап сәукелесін.

Таңмен бірге түрегеп мұңсыз атқан, Төбе болдың жұлдызын түнге ұзатқан. Даңқын күткен жанартау

Сенсің бе әлде

Атылардың алдында үнсіз жатқан.

АТАМ БАРДА...

Ата көзбен қараған адамдарға, Көп барушы ем ауылға атам барда. Иесіне тартқан ғой,

Киесіне

Нардың жүгін көтерген атандар да.

Адам болып,

Жігіт боп ес білгелі,

Ескермепті атамдай ешкім мені. Дүниеден сол атам өтіп еді Мені іздеген ешбір үн естілмеді.

Отыр қазір сол бір үн елжіретіп, Самал соқса жанымнан көл дір етіп. Қайран атам алдымнан шығушы еді Ақ сақалын ақ тудай желбіретіп.

Ақ көйлегі жарасып тұлғасына, Кешке жақын шығатын қыр басына.

  • Бұлағымсың, – дейтұғын, – сен де менің Ертіп барып бұлақтың тұнбасына.

Соңына ерген аз көріп бір баланы, Ойға шомып кейде ол мұңданады.

  • Ұмытқаның атаңды, – дейді сонда, – Ұлым, егер ұмытсаң бұл даланы.

Жер болса да жүрген бұл талай барып, Сөз тыңдадым жүзіне қарай қалып.

Сәуле шашқан атамның сол сөзінен Қалушы еді көңілім арайланып.

Әлденеге келгенде қаным қайнап, Көп жатушы ем саялы бағын жайлап.

  • Құр қол, ұлым, қайтпа! – деп, – үлкен үйден Жіберетін жаныма жалын байлап.

Күні жетіп,

Көз алмай тұнық көктен,

Атам ақтық сапарға жүріп кеткен. Алып-ұшып ауылға барғанымда

Қарсы алдымнан шықпады күліп көктем.

Туған жердің томсарып құба белі, Тартылды ма кездейсоқ бұла көлі. Болмады ешкім ауылда

Баяғыдай

Атам құсап қарсы алған мына мені.

Шуақ төгіп сәл ғана көздерінен, Болып кетті артынша өздерімен. Атам барда тым ыстық көрінетін Ауылым еді...

Қалай тез өзгерілген.

Жүгірсем де кеудемді шынарға ашып, Қалмай қойды соңымнан мұң арбасып. Аунап-қунап ауылда жатсам-дағы Тұрып алды көңілді мұнар басып.

Атам жоқ қой, Сондықтан тұл атағым,

Арайланып атқанмен бұла таңым. Ауылда да беделің артпайды екен Болмаса егер беделді бір адамың.

ОТЫЗ БЕС

Бүгін міне кеудеме желік кіріп, Мені өзіне барады еліктіріп.

Дүниені мен қалай шайқамаймын Ордалы отыз беске келіп тұрып.

Сері мінез, сал жүрек серкелікпен Отыз бес жыл өтіпті ел де күткен. Енді отыз бес жасасам арман бар ма Қызыл шынар секілді өрге біткен.

Отыз бес жас!

Қара орманым емес-ті бұрын кірген, Жұрт ішінде бар шығар тілін білген. Орда бұзған отызым отты еді ғой Жанарына жалынды сүріндірген.

Жаралдың ба отыз бес алып күштен, Жанарымен ақ сәуле, жарықты ішкен. Орда бұзған отызым өрт еді ғой

Тау мен тасқа салғанда жанып түскен.

Жанарларды суарып мұңдар жатқан, Қайғыларды шумақтап құмдарға атқан, – Орда бұзған отыздың орнын басып, Ойлы жүрек отыз бес сен келіпсің

Шам-шырағым секілді жылдар жаққан.

Омырауын, жейдесін жел кернеген Ездерге өзін жан едім теңгермеген. Асқақ қарап алдымнан шығып тұрсың Асқар болып отыз бес мен көрмеген.

Айналсаң да өзің біл сырласыма, Керек емес көп нәрсе бір басыма. Сыбағамнан кенде етпей Отыз бес жас Шығар мені қырықтың қырқасына.

ҚЫР БҮРКІТІ

Түні бойы қаңтарған “таңасырып” Бастаған-ды тірлігін дала асығып. Мезгіл еді –

Сапарын жалғастырған

Ұясынан жорға күн жаңа шығып.

Жорға күннің шашырап шуағы өрген, Бақыт, қызық тапты ма құба белден. Үш-төрт жігіт “Волгадан” түсе қалды Құба жонға қайқайып шыға келген.

Ұрпақтары болғасын білікті елдің, Қарайтұғын жонынан күліп төрдің. Әлденеге бастарын кім біліпті Айдарынан жел ескен жігіттердің.

Мұздақ жауып сол түні жол аптаған, Дала төсін көкала жолақтаған.

...Қос қанаты бүркіттің қатып қапты Шоқылардың біріне қонақтаған.

Шоқтай жанған көзінен желік көріп, Сергіді ме сезімге ерік беріп.

Тұра қалды бір жігіт Сол бүркітке

Таптап, жаншып өтердей төніп келіп:

“Жолда қалар өмірдің бір көшінде, Сендей қырттың бәрі де күркесінде. Қолдан құйған қоладай тұра қапсың Ескерткішке айналып қыр төсінде.

Дейді-ау сені бүркіт боп жаратылды, Қайда,

Қайда жоғалттың жан отыңды?! Қыр төсінде отырсың сорың қайнап,

Мұздақ шалған жаза алмай қанатыңды”.

Неге сонша өсті екен кекті болып, Жігіт солай бүркітті тепті келіп. Өшікті ме кім білсін

Тұрғасын да

Тепкісіне тексіздің текті көніп.

Сойқандықпен жүргендей жал, құмды асып, Тепті келіп –

Тұрмады мауқын басып. Қанатының мұздары ұшып жатты

Күн көзіне күмістей жалқын шашып.

Қайрат-күшін жиды ма таудан барып, Бүркіт кенет тастардай жонды аударып, – Саңқ еткенде көзінен от шашырап

Бір сұмдықты сұм жігіт қалды аңғарып.

Әлгіндегі айбары былай қалып, Машинаға зып берген құлай барып, – Май құйрықтан жігітті бір-ақ ілді Ұша беріп төбесін бір айналып.

Жаратқасын не шара бүлікті етіп, Қас қағымда бүркіт те бүріпті өтіп. Әйтпегенде бір сойқан болар ма еді... Жаны қалды машина жүріп кетіп.

Қыран-ерлік көгерген сан ғасырмен Самға жырмен көгіңе,

Самға сырмен.

Кек қайтару табанда Тектілердің

Қасиеті екен-ау қанға сіңген.

МАҚТАУ ҚАҒАЗ

Құмартпадың ән-сауық, күйге қалай, Сабақ оқып бармап ең биге талай.

Кілең бестік тізілген Мақтау алып, Құстай ұшып жүгірдің үйге қарай.

Арша жүзің алқызыл арайланып, Жүгіргенде артыңа қарай қалып, – Көріндің-ау көзіме

Жас киіктің

Шапқылаған лағындай жар айналып.

Сол екпінмен үйге де бір-ақ кірдің, Бір-ақ кірдің, сумкаңды лақтырдың. Әке сынды жалғызы атқа мінген Қуаныштан мен-дағы жылап тұрдым.

Әлі есімде қуанып жылағаным, Жылағаным –

Емес қой құлағаным.

Менен өткен бақытты әке бар ма Өтсе егерде сарқылмай бұлақ – әнім.

...Мақтау Қағаз – сол сәтте бақ көрінген Үйдің барып ілінді қақ төрінен.

Содан бері сол төрде ілулі тұр Сардар құсап түспеген ат белінен.

СӘБИ КӨТЕРГЕН АНА

“Көз алдыңда балаңның ержеткені, Жұлдызыңның жанғаны жер-көктегі”. Осыны ойлап, көтеріп келеді ана Қызыл шақа сәбиін жөргектегі.

Жұрттың бәрі анаға қарайлаған, Бақыт нұры бал жүзін арайлаған. Жүйткіп жеткен ор киік – таксилер де Өтер кезде тұсынан абайлаған.

Көбелектей бейне бір отты айналған, Бәрі анаға жол беріп, тоқтай қалған. Машиналар орнынан қозғалмайды Светофорды көргенде шоқтай жанған.

Жан еді ол кезінде жарқын өскен, Жел тимесін жүзіне салқын ескен. Ей, адамдар!

Сендер де жол беріңдер

Нар халқымның шығармай салтын естен.

Бақыт құсы басына қона сапты, Бұлақтайын ол қашан оңаша ақты. Жол беріңдер анаға

Сәби дейтін

Келе жатқан көтеріп Болашақты.

СЕНІ ІЗДЕДІМ

Жайлауыма қондырмай айды ұнаған, Қандай бәле құшағын жайды маған. Ағам едің қазақтың дәл өзінен – Момындығы, түр-түсі айнымаған.

Сырқат дейтін түбіңе егес жетіп, Жоғалдың ба көз көрмес белеске өтіп. Көз алдымда, жан аға, жүруші едің Момын қырдың қазағын елестетіп.

Алайда, аға!

Бұл сәтте сені іздедім, Күдерімді өзіңнен тек үзбедім.

Орман болып төрімде ойға шомған, Тебіренген мен үшін теңіз де едің. Сені іздедім сондықтан, сені іздедім.

Сені іздедім бар жердің өрінен де, Қыраттардан,

Үйлердің төрінен де.

  • Сенсің бе, аға! – деп соған құстай ұштым Қыр қазағы алыстан көрінгенде.

Өзіңді іздеп, “аһ” ұрып күрсінгенде, Жарылғандай болады тылсым кеуде. Сенен қалған ойлы жыр

Қайта айналып

Келгеніңше, жан аға, жүрсін менде.

Жүрсін менде!

Кей сәтте тылсым кеуде,

Ақ жалын боп атылсын күрсінгенде. Қобызыңның үні боп аңырасын

Тіл бітіріп қу мылқау, тілсіздерге.

Өйткені, аға!

Барлық шындық сөйлеп тұр келбетіңде, Ұрпақ сүйген дәл сендей ел жетім бе? Саған сенем!

Оны да сен деп білем –

Әділдікті нұр шашқан жер бетінде.

СЫР

Басымдығын өзінің сезеді ме, Кетеді еніп біреулер кезегіме.

Көп сарсылдым тірліктің түсіне алмай Көп жағдайы дәл келмей есебіме.

Айналама жанымның сыйын бөліп, Кетем кейде ұйтқыған құйын болып.

Кейде өзімді түсінбей көп опындым Шешілмеген есептей қиын келіп.

Көңіліме жарығын түсірмеген, Сырлар қанша мен әлі түсінбеген. Көп нәрсені сезбеппін

Жан болсам да –

Өлеңімен өмірін мүсіндеген.

Шешілмеген жұмбақ бұл түйін жіптей, Күн көргем деп жүрсе де тиын бітпей, – Күндік жерден қарсы алдым кісілерді Маған деген олардың сыйын күтпей.

Қала бардым десем де, дала бардым, Мендегі бұл мінезді бағалар кім?!

Бала кезде –

Жүгіріп құрақ ұштым, Қолдарына су құйып ағалардың.

Қулық, сұмдық өмірі үйренбеген, Содан, міне, кеудемді күй кернеген. Аға, сірә, жоқ шығар бұл күндері Жайлауынан жанымның сый көрмеген.

Осы емес пе мұраты тірілердің, Құзырынан тұратын күліп елдің. Үлкен үйдің төрі боп ырыс сіңген Алдарынан жүгірдім інілердің.

Өйткені мен

Қазақтың жерінде өстім, Көлеңке боп алайда көрінбеспін.

Келгендерді күтумен күн өткіздім, Күтпегенмен мені әзір төрінде ешкім.

Қайтем енді, Тыйылдым, Сөз етпеймін,

Кісі күтіп қашанғы безектеймін. Бірақ, бірақ ... қонақсыз тағы қиын Онсыз, сірә, құны жоқ көжектеймін.

Жоқ! Жоқ!!

Көрген жоқ-ты жанымның күйі налып, Көн тулақ па ем босаған иі қанып.

Аңқылдаған жандарды өзім сынды Жыр оқимын енді үйге жиып алып.

ЖАЙЫҢА ЖҮР, ҚАРАҒЫМ!

Инеңді жоғалтқандай көк далаға, Тесірейіп, қарағым, көп қарама.

Мен де өзіңдей асылды көп жоғалттым Ілесіп жүрген кезде көп қараға.

Тесірейіп, қарағым, көп қарама, Көп қарама,

Көзіңді көп қадама?!

Жанарыңнан бір сәуле ұшып түсіп, Содан, бәлкім, көңілде от қала ма?!

Айналаңа тұрсаң да көрік беріп, Қай сезімге тоқтадың еріп келіп? Тесірейіп жігітке қарауды сен

Қарғам, сен де жүрмісің желік көріп?

Желік көрме қарауды, желік көрме, Өртке толы онсыз да көрік-кеуде.

Ерік берсең сергелдең сезіміңе Бүлінеміз,

Сондықтан ерік берме.

Жетпесе егер шыдамың ерік бергін Көкіректегі жалынды келіп көр де.

Бақыт гүлі сен болып күнде іздеген, Билей алмай өз-өзін қызғын денем,- Кетуі де мүмкін ғой,

Қайтем енді

Жан едім мен сезімін тізгіндеген.

ҚАЛЫП

Жаралдым ба кім білсін жыр-алыптан, Жерім, сірә, болмапты мұң танытқан. Сан қалыпқа жүрсем де түсіп шығып Өзгермедім алайда бір қалыптан.

Жүргесін бе төсінде бұл өңірдің, Қай үйге де жадырап күле кірдім. Кейде тасып,

Тартылып жатар кейде Арнасымын мен-дағы бір өмірдің.

Жоқ кезімде әрине жасымадым, Тоқ кезімде әрине тасымадым. Өз бояуын –

Қуарып, көгерсе де

Көрмепті әсте жоғалтып жасыл бағым.

ИТЕРДІҢ-АУ КЕУДЕМНЕН...

Көк ала бұлт көгінде түтіндеген, Күттім сенің бағыңды күтілмеген. Ағаңа енді не дейсің

Әй, інім-ай,

Шұрық тесік көңліңді бүтіндеген.

Сырымды да жасырмай көңілдегі, Алып бердім орныңды өмірдегі.

Жас шыбық боп көктесін деп ем, сені, Өркен жайған осынау өңірдегі.

Кете бардың сөзіме құлақ аспай, Қыңыр ғана жаралған қу ағаштай. Сол үшін де жағыңнан тартпақ едім, Қарсы ұмтылдың өзіме тұра қашпай.

Сала берді өзгеріп түр-түсім де, Жандай болып жаралған күлкі үшін де. Жалғыздығым тағы да еске түсті Жүрсем-дағы қаптаған жұрт ішінде.

Бұғалықты салдың-ау бұға келіп, Өзіңді-өзің сол жолы бұла көріп. Итергенің кеудемнен емес пе бұл Әй, інім-ай,

Жағаға шыға беріп.

“ТЕНТЕК” ДЕЙДІ...

Тұла бойым неліктен сілкінеді, Жүрегімнен Расул боп жыр түледі. “Тентек” дейді оны жұрт

Сол тентектік – Тектілігі шығар-ау... Кім біледі.

Өйткені ол асуым – Аса алмаған,

Өйткені ол нар тұлғам – Қашалмаған.

Дана болған қазақты естігем жоқ, Бала болып еркелік жасамаған.

Жаңа күннің тұрсақ та белесінде, Сенбейсің бе сен бұған, сенесің бе. Өзің білгін –

Жалындап өте ме Адам

Болмаса егер бір жалын денесінде.

ДӘРІГЕР ҚЫЗҒА

(Әні бар)

Нұр ұшқындап мөлдір қара көзіңде, Жарқыл қағып жүресің – ау өзің де. Аққу құстың өзі ме екен деп қалам, Халат киіп шыға келген кезіңде.

Аққу десе, Аққусың-ау өзің де.

Дала кезіп,

Кезіп және өңірді,

Жабырқаған көтермедің көңілді. Арпалыспен келеді өтіп күндерің Ұзартам деп әні біткен өмірді.

Нұрлы өмірің сонысымен көңілді.

Сыртқа бұра көрмеші, айнам, бетіңді, Бұл кезеңде жан жоқ сенен өтімді.

Сырқаттардан сәл ұзасаң ажал да Есік ашып кіріп келер секілді.

Сондықтан да жан жоқ сенен өтімді.

СҰР БОЙДАҚТЫҢ ӘНІ

(Әні бар)

Шуақ көрмей қыздардың көз-күнінен, Жетілмейді жігіттер өздігінен.

Гүл атпаған сояудай жүрмін жалғыз Жеміс-жидек піскенде мезгілімен. Жалған-ой,

Гүл атпаған сояудай жүрмін жалғыз Жеміс-жидек піскенде мезгілімен.

Қыз мінезі кейде осы көз көргелі, Таулы өлкенің күніндей өзгермелі. Бүгін тағы бұрылып кете барды Кеше ғана “сүйдім” деп сөз бергені. Жалған-ой,

Бүгін тағы бұрылып кете барды Кеше ғана “сүйдім” деп сөз бергені.

Жолаушыдай жол жүрген түнделетіп, Күндер өтіп барады, күндер өтіп.

Бойдақтықпен өткізіп өмірімді Қояр ма екен қарттықты мінбелетіп. Жалған-ой,

Бойдақтықпен өткізіп өмірімді Қояр ма екен қарттықты мінбелетіп.

ҰСТАЗ

Көз тіккен сонау заңғарға Ұстаздан өткен жан бар ма?! Шәкіртің – жасыл көктемің Қол созған алғы таңдарға.

Жалындап шығып көк белге, Жарқырап нұрың жетті елге. Өзіңдей, сірә, болар-ау Айналған адам Көктемге.

Жүздерді шарпып от демің, Жылдардың кешіп өткелін. Көңіліңді гүлмен көмкеріп Жасай бер Ұстаз-Көктемім!

КЕҢ ДАЛАНЫҢ ӨЗІ ДЕ...

Жүрме қайбір өңірде,

Әр түрлі боп кезігеді темір де. Тереземіз тең дегенмен, Алайда,

Сан алуан адамдар бар өмірде.

Жүрме қайбір өңірде,

Бірдей нәрсе жоқ, ендеше, өмірде.

Сан алуан пәле қоздап Жатпасына кім кепіл Сан алуан көңілде.

Бірдей емес ендеше Қарағанмен құмартып,

Көз ұшында тұрған таулар мұнартып. Байлығы егер болмаса

Ал олардан қашан да

Қазыналы тай төбелер мың артық.

Шалғын шашы самал желмен таралған, Күн көзінен,

Ай нұрынан нәр алған, – Кең даланың өзі де Ойлы-қырлы жаралған.

ҚАСИЕТ ПЕН ҚАСІРЕТ

Жайнай берші, дүние, тербетіл де, Не көрсем де –

Барлығы келбетімде. Қасиеттің қадірін білмес ем-ау,

Болмаса егер қасірет жер бетінде.

Жайнай берші, дүние, тербетіл де, Не көрсем де –

Барлығы келбетімде.

Бұл өмірді қасірет жайлар ма еді, Болмаса егер қасиет жер бетінде.

СЫР АЙТСАМ КЕЙДЕ...

Тартады ылғи бір жылпос сөзге мені, Сыр сұрайды,

Сұрасын өзге нені.

“Ашық ауыз” деп күлмек былай шыға Не болды екен жазғанның көздегені.

Қалың күпі кигендей тоңбасам да, Тұйықталам –

Қаншама толғасаң да.

Сол жылпосқа сыр айтып не жыным бар, Сырға берік тісқаққан болмасам да.

Сыр айттым ба – Кетеді дүркіретіп,

Болмай жатып арада бір күн өтіп. Сосын ертең тұрғаным ақтала алмай Әлдекімнің алдында дір-дір етіп.

Жоламаймын сондықтан сырын біліп, Жүрмесіне кім кепіл ұрындырып.

Келсе егерде қолынан Өз үйіне

Алар еді күннің де нұрын бұрып.

Көктем болып көгертпей боз даласын, Қайдан білсін ондайлар өз бағасын.

Жасап жүрген әшейін қыры шығар Көңілінде күншілдік қоздағасын.

ЖҰРТ ҮКІМІН АЙТЫП ЖАТТЫ

Баллада

1

Қол ұстасып екі дос жүрді күнде, Түсініскен жанбыз деп жыр тілінде. Сол екеуі кештетіп келе жатты Астананың көгілдір бір түнінде.

Жанарында жарқырап шырақ тұнған, Тыныштық ед көшеде құлаққа ұрған. Кезіктіре алмап ед сол түні олар Бірлі-жарым масты да құлап тұрған.

Сақтанбауы алайда бекер ме еді, Екеуі де үйге аман жетер ме еді. Қастарынан зу етіп өте шыққан Таксиге де қолдарын көтермеді.

Құрдастығы әйгілі елге ертеден, Бақыт тапқан достар-тын кең өлкеден. Кенет алдан бұларға тұра ұмтылды Шыға келген екі-үшеу көлеңкеден.

Достың бірі қорқақ-тын алаңдаған, Әлде кімді байқапты қараңдаған.

Жалт бұрылып жан досын тастай қашты Бұзықтардың қолына жалаңдаған.

2

Жұрт үкімін айтып жатты – Жүгенсіз кеткендерді айыптаған, Мастығынан әлі де айықпаған.

Жұрт сөйлеп жатты – Жазықсыз жанды қорғап,

Өткен-кеткен жайларды байыптаған.

Ызғар шашқан ызадан тілсіз қалып, Жұрттың бәрі отырған тым сызданып. Кенет бір қарт орнынан ұшып тұрып Сөз сөйледі

Көзінде жұлдыз жанып.

  • Сырым, сірә, болмас бұл жастайғы ашқан, Дос та айқасқан мұндайда, қас та айқасқан... Жақсы жігіт дей алман

Жігітті мен

Қиын кезде жолдасын тастай қашқан.

Қамшың болса ел-жұртым тарт басына, Мейлі ендеше жетпесе қарт жасына.

Досын сатып отырған жоқ па бүгін Елін ертең кім кепіл сатпасына.

Ел ішінде

Қол созып көктеміме,

Жас шыбық боп олар да көктеді ме. Қоян жүрек бірақ та қорқақтардан Маңғаз елім қөп зардап шекпеді ме. Ойланайық, ағайын,

Осыны бір

Уақыт өткізе бермей текке күнде. Жұрт үкімін айтып жатты...

ЖАЛҚАУ ДОСПЕН ӘҢГІМЕ

Еркеміз бе,

Жоқ әлде серкеміз бе,

Қарасақ та өмір боп өлкемізге. Қара мысық –

Жалқаулық түспей қойды

Тас түйін боп жабысып желкемізге.

Жігіт едік ел-жұрты сенім артқан, Жалқау болдық бұл күні кері тартқан. Жалқаулықтың сұм оғы

Амал қанша, Сені де атқан,

Аямай мені де атқан.

Сонда ғана сол оқты бір-ақ танып, Жерде жаттық жығылып, құлап қалып. Жан секілді ел-жұрттан аласталған Шыға келдік бір күнде жырақтанып.

Берейік деп бұларды бір анықтап, Басынды ма кім білсін бұғалықтап. Қыран самғар көгіңде

Содан, әне,

Жаман қарға тым еркін жүр қалықтап.

Жан емес ек тағдырға қақпайланған, Қақпайланған немесе қаққа айналған. Қайран досым!

Дүбірлі мына өмірде

Су болдың-ау арнасы ақпай қалған.

Солай, досым! Жаңылған көркем ізден,

Не шығады бұл күні ерке бізден. Ырғып, сірә, атқа да міне алмаспыз Түспесе егер жалқаулық желкемізден.

ЖАЛҒЫЗДЫҢ ЖАЛҒЫЗЫ

Абыз жүрек бата алып көне қарттан, Болмасаң да сен сардар жебе тартқан. Кіндігімнен өрген сен бір перзентсің Бір арманды қуалап келе жатқан.

Сенің әлі жайқалмай көк орманың, Соқпағымен келесің қол арбаның. Жеткізеді демегін оңайлықпен

Доп қуудан басталған сол арманың.

Сол арманға сен әзір жетпесең де, Көктемің тұр бүр жарып көк көшеңде. Көктей сола көрмеші, айналайын,

Сол көктеммен бірге өзің көктесең де.

Сен де мендей жалғыз ең бір анадан, Өтіп жатыр есейтіп жыл арадан.

Ылғи еске түсесің Жалғыз шырақ

Жанып тұрса егерде мұнарадан.

Алға тартқан өмірдің арбасында, Сенсің менің арманым, Жалғасым да.

Сені ойламай тұсынан өте алмадым Жалғыз терек тұрса егер жар басында.

Шыр айналған ұстаның шарығындай, Жүзбесең де толқынды жарып ұдай. Жалғыздықтан сен де, ұлым, зар шекпессің Болса егерде жалғыздың жары Құдай.

ЖОЛДАН ТАЙСА

Бағыты мен бағдары жөн көрініп, Жатпайды қарсы алдыңда жол керіліп. Жұлдыздай жүйткіп аққан машиналар Құриды жолдан тайса төңкеріліп.

Тың жердің өрілгендей құйқасынан, Шойын жол дүрсілдейді күй тасыған. Паровоз босанды ма,

Болады апат

Қос рельс – бұйдасынан.

Амандықтан өзге оның жоқ тілегі, Көктегі аспалы сым – ток білегі. Ауаға керген сымнан қалса ажырап Тоқтайды трамвайдың от жүрегі.

Асыр сап өскенімен көктесінде, Құстың да қызығы тез өтпесін бе. Кеудесін тауға соғып, мертігеді Боранда ұшса адасып көк төсінде.

...Сазды әуенге толтырып таңдайымды, Аралап жүргендеймін тал, қайыңды.

Жолымнан сәл ауытқып кетсем болды, Мен де алам тасқа соғып маңдайымды.

СӘБИ

Жамбасында жөргегі мың тапталып, Жатты сәби төсекте құндақталып.

Шыңғырады жүрегі әлде не деп

Қос жанары көз жасы – мұңға апталып.

Тұрсын мейлі дүние дүрліккелі, Бала, Ананың тозбайды бірліктері. Босануға жас сәби бұлқынады Қарсыласу Заңымен Тірліктегі.

Мойындаған шындық бұл ел тегіннен, Өскенімен көгеріп жер, көгімен.

Барша адамның ойласам бұлқынысы Басталады екен-ау жөргегінен.

АРМАНЫНА ОРАЙ АДАМЫ

Шырай берген таңдардың арайына, Құлай келген жігіттің талайына, Нағыз асыл арманға не жетеді Шырақ жаққан жаныңның сарайына.

Армандаудан, әрине, арланбаған Жандар ғана өмірде алданбаған. Асыл болып және де қалары анық Адам ғана асылды армандаған.

ЖЕТІСУ

Түлкі ішігі –

Ақша қар шыңда жатқан Жетісуды көрмейсің мұңға батқан.

Атай салған жоқ шығар Жетісу деп Жеті өзені болғасын тулап аққан.

Қазақ жақсы білген ғой дала сырын, Бағалаған даласын, жанашырын.

Жетісу деп атамай қайтеді енді Осы өңірден тапқасын бар асылын.

Қайнар көзі осында жылылықтың, Бірге жүріп жүрегін, сырын ұқтың. Жеті деген қазақтың ұғымында Өлшемі екен қасиет, ұлылықтың.

Қасиетті нәрсенің күні жетіп, Сырлы аяқтай жоғалса сыры кетіп, – Мен туғанда қарт анам

Жағар ма еді

Жеті бірдей шырағдан ырым етіп.

Жеті түрлі өлшем бар құлақта да, Жеті түрлі сәуле бар шырақта да. Бәрі бекер болса егер

Болады, айтшы,

Неге ендеше жеті күн бір аптада.

Алатаудың жайлаған белеңді өрін, Жетісудан елімнің көрем төрін.

Жоқ шығар-ау жайдан-жай айта салған “Жұмыр жерді жеті қат” – дегенді Елім.

ТҰЛҒАЛАР

1

Жетісудың тигесін түлегіне, Айналды ма сол елдің тірегіне. Жерік бола бастапты әйелдері Жолбарыстың сұлтан-шер жүрегіне.

Ермек қуған жас пері – жас құйын көп, Қоныпты атқа барлығы тас түйін боп. Бір жағынан таулар да қалқан бопты, Құзар шыңы дулыға – бас киім боп.

Жанарында жасынның нұры қалып, Бұла күшін сезбеген бұрын нағып. Атқа мінсе қазақтар қоймайды екен Қандай зұлмат болса да қырына алып.

Найзағай от – Қаруы, жарағы шын,

Тұра алсын ба танытпай дара күшін. Тарғылдарды шетінен сұлатыпты Қақ айырып көк шойын қара құсын.

Тиген кезде қамшысы өр намыстың, Бақыт-ау деп шыққаны жолға арыстың. Жетісудың аршын төс әйелдері

Жұлып жепті жүрегін жолбарыстың.

Күн де қорған болғасын, Ай да қорған,

Кейде арна тартылып, Қайта толған.

Сонан ба әлде кім білсін Жетісуда Барыс жүрек жігіттер пайда болған.

2

Киген сонау сауыт қып жайын көкті, Ерлерді елім:

“Жұлдызым, Айым” депті. Батырлықтың атасы, Хантәңірі –

Кім білмейді бүгінде Райымбекті.

Қарақан ше?!

Намысын жолда ұштаған,

Жауы құшқан ажалды, ол құшпаған. Азынатып

Қаратау қара айғырын

Сайлап мініп үнемі қолда ұстаған.

Рухы биік ерліктің жалғасы көп, Соққанымен ажалдың арбасы кеп. Жауатар ше?!

Ізі анау семсерінің –

Шыға келген Таластың арнасы боп

Сұраншы ше?!

Құз бар ма дара аспаған,

Сыры, жыры бар ма оның дала ашпаған. Қаптай соққан сұм жауды

Туған жерден

Алты күнге жеткізбей аластаған.

Қаһары – қыс, Жүзі – жаз, Күйі – көктем,

Жерге түскен жасын боп жиі көктен. Айта берсек батыр көп Жетісуда Ата ерліктің сауытын киіп өткен.

Көкті көрпе, Тауларды төсек еткен,

Келеді ылғи ерлердің есебі өктем. Жетісудың тарихы ұлы болса, Батырлардың арқасы кешегі өткен.

3

Қара орман боп кезінде самсап тұрған Жау біткенді жерінен ән сап қуған.

Бура мінез осынау бабалардың Ата ерлігін ұрпақ көп аңсап туған.

Тексіз біреу болмаса есі кеткен, Кең даланы кім-кімде бесік еткен. Баба қаннан тараған ағалар көп Октябрьдің жалынын кешіп өткен.

Төгілген тер,

Аққан қан тұрды өтеліп,

Алмас жүрек ағалар туды от өріп. Бекболаттар ананың құрсағынан Шыға шапқан секілді ту көтеріп.

Ардагерлер көп болса бұрын да өткен, Неге ендеше айтпасын жырын көктем. Ораз аға, даланың нар жұлдызы

Жер бетіне жарқырап нұрын төккен.

Қара орманы болғанда ел баланың, Бала үміті емес пе өңді ананың.

Жалын жұтқан жүректі Тұрар аға, Алысқа атқан жебесі кең даланың.

Қалың жауға қасқайып ұлы аттанған, Жер ме, сірә, Жетісу жырақталған.

Алмас жүрек ағалар болмаса егер, Болмас та еді-ау нұрлы өмір шуақтанған.

4

Соғыс!

Соғыс!

Елді отқа қақтап та алды,

Қара бұлт боп бүркеуге аппақ таңды, Бірақ,

Бірақ,

Таужүрек Бауыржандар Тас қамал боп

Өмірді сақтап қалды.

Алғасын да қатесін бір түзетіп, Күндер!

Күндер!

Жатыр-ау бұлтсыз өтіп... Бауыржандар қорғаған сол өмірді Енді менің жүрегім тұр күзетіп.

Айтсам былай ел-жұртым, Сырласыма,

Жазам ылғи Отан деп жыр басына. Бауыржандар өскен топырақтанмын Қорған болып кім кепіл тұрмасыма!

ӨМІР, САҒАН АМАНАТ

Жүрегімді нұрымен жылытқан мың, Көріп туған атқаннын күліп таңның. Осы ұлымды, ей, Өмір, өсірмегей Бірі ғылып қадірін ұмытқанның.

Тербетілген даланың кешкі үнінде, Бір өрліктің бары анық кескінінде. Өр халқының жүрегін түсінер ме Отырса егер от басы, пеш түбінде.

Тірі, сірә, жүргесін жер төсінде, Ұлым деп те соңыңнан ертесің де. Азамат боп өсер-ау

Ел сыйлаған

Бар болса егер бір сәуле зердесінде.

Ұлым менің тауына бір беттемей,

Үйде омалған жан ба еді дүрмекке ермей. Құрметтейді ол қайтіп туған халқын

Ана тілін жүрсе егер құрметтемей.

“МОЙЫНҚҰМ ЖЫРЛАРЫ” ТОПТАМАСЫ

ҚҰМДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҚЫРАН

Сан қараған көз алмай сыйынып көк Құйрығың да барады-ау сұйылып көп. Небір көкжал қасқырға түсуші едің Көк жүзінен сорғалап, құйылып кеп.

Қызулы едің тау-тасқа мың ұрынған, Жаңылыпсың ол мінез, Қылығыңнан.

Қыран-дәуір,

Шау тартып қалыпсың-ау,

Құтыла алмай қарттықтың құрығынан.

Жеткесін де бұл маңға жылда асығып, Қалықтайсың

Қалғандай нұрға асылып.

Саяқ жүріп үйренген қой торыдай Жеке дара кетіпсің құмға шығып.

Жүрсің содан сен құмда сауық құрып, Қарға менен құзғынды жауықтырып. Кейде бәрін сап тыйып

Дамылдайсың –

Көк нөсердей басылған жауып тұрып.

Қанатыңды барынша сермей жет те, Өнеріңді көрсеткін өлмей көкте.

Қызыл құм ғой қызуы басылмаған

Бұл жалғанның қызығын көрмей кетпе.

Қыран – ғұмыр осыны сезген кезде, От шашқаны, ойпырмай, көзден көзге. Неге,

Неге төзбесін құс төресі Ыстығына шілденің төзген де өзге.

Қанатына аспанды жалғап беріп, Көкке атылды –

Бейне өзін қаңбақ көріп.

Соңғы көрген қызығы болар, бәлкім, Бүрді дейсің көкжалды самғап келіп.

Сарт еткенде қасқырға төне келіп, Түсінді ме тұрғанын неге көніп. Бір шеңгелі бас-көзде,

Бір шеңгелі

Қалды қатып сауырға шегеленіп.

Қауырт қимыл, Тұрмады айырып көп,

Қанаты да сарт етті жайылып кеп. Белін үзіп қасқырды тастай салды Тұмсығы мен құйрығын қайырып кеп.

Қыран еді шырқаған заманында, Қайта жанып құштарлық талабында, – Көздерінен от шашып,

Бір жасады

Ата жауын аунатып табанында.

Содан кейін отырмай шырматылып, Самғап кетті көгіне тура атылып.

Ұша бере саңқ еткен өршіл даусы Тұрып қалды мөлдіреп құмға тұнып.

Ыстық қаны бойында дуылдаған, Ғайып болды қарт қыран зуылдаған. Кенет аспан толығып жүре берді Қаптаған қарға үніне шуылдаған.

 ШОПАН АТА ЖАЗЫЛБЕК ҚУАНЫШБАЕВТЫҢ МЕКТЕБІ

Шопан ата!

Күнің жоқ нұрлы өтпеген,

Сонан ба екен құлпырып қыр көктеген. Кең далама орнадың Мектеп болып, Барша жұртың қараған құрметпенен.

Құрметпенен қарайды көкте күн де, Нұры сенің жатқандай от деміңде... Боз көйлекті боз Өмір өркен жайды Шопан ата!

Сенің сол мектебіңде.

Қос қанатын айдынға таласа ұрған, Түлегіңді сәт сайын дала ұшырған. Дәріс алған шәкірттер

Мектебіңнің –

Жүректері емес пе аласұрған.

Ойлы көзбен үңілген өткеніне, Абыз шалсың жайғасқан көк төріне. Алатаудай ақиық бола білдің

Алтын сарай салынған бөктеріне.

Жеттің, ата, жетпеген арманыңа, Сұм тағдырдың ілінбей қармағына.

Омырауыңа тағылған Алтын Жұлдыз Сәуле шашып келеді бар маңыңа.

МОЙЫНҚҰМНАН СӘЛЕМ

Ағаңмын ғой,

Не айтсам да сене бер,

Оған бола сарқылмасын жыр-әнің. Қонақ бола білем десең сен егер Мойынқұмға келіп қайтқын, шырағым.

Шолжаң өскен баласындай жалғыздың, Өмір бізді еркелетті ғажап тым.

Сорлаған да кездеріміз бар біздің Көп дәстүрін жақсы білмей қазақтың.

Бұған бола сарқылмасын жыр-әнің, Ағаңмын ғой,

Не айтсам да сене бер.

Мойынқұмға келіп қайтқын, шырағым, Шын қазақты көргің келсе сен егер.

КӨКТЕМ БҰЛТЫ

Айтбай Назарбековке

Баурайында көк шалғын – Нұр тасытқан,

Абыз жүрек ағасың шыңға шыққан. Көктем бұлты сен едің көгімдегі Мойынқұмның шөліне,

Құмға асыққан.

Тек жақсылық жазылып маңдайыңа, Көз жіберіп даланың шалғайына.

Қарамадың үлкені... қандайына. Тіршіліктің бәріне шөліркеген Тамып өттің тамшы боп таңдайына.

Сондай шақта алдыңнан самал есіп, Шыға келді бір күнде бағаң өсіп.

Оңтүстіктен басталған нұрлы көктем Мойынқұмға барғандай саған көшіп.

Жалын кешкен қос көзің шоқтай жанып, Шатырладың кей-кейде отқа айналып.

Нөсерлетіп артынша төгіп өттің Мойынқұмның шөліне тоқтай қалып.

Талас дейтін төменгі иықты елден, Болар, сірә, ырзығың жиып келген. Содан, міне, өзіңсің көктем бұлты Нөсерлетіп көгіңнен құйып берген.

ТИІСТІСІҢ

Үлкен-кіші адамға, Балаға да,

Жасын бөліп жаныңнан данаға да, Көгеріш боп өсуге тиістісің Құмы, тасы бораған далаға да.

Көз жіберіп ертеңге, Өткенге де,

Суық ызғар жолатпай көктемге де, Өзен болып арқырап жетуге сен Тиістісің құба жон,

Көк белге де.

Шуақ құйып өзіңе, өзгеге де,

Зұлымдарды боларсың көздеген де. Нұрың бірақ жатуға тиісті , аға, Сексеуілде,

Жусанда, Боз көдеде.

Зұлматтардың қадалып желкесіне, Орнасаң да көктем боп жер төсіне. Нөсерлетіп өтуге тиістісің Мойынқұмның шөліне –

Өлкесіне.

Туған жердің талына, аршасына, Жасыл орман көк шашып жартасына. Бақыт болып қонуға тиістісің

Тірі жанның бәріне, Баршасына.

ШОПАН ДОСҚА ХАТ

Кер бестімен бұл құмға шауып келіп, Өз-өзіңе бір бейнет тауып беріп, – Оқыс мінез танытып қой бақтың-ау, Қыр, далада жүруді сауық көріп.

Түсінбедің өзіңді жете неге, Шырқап ұзай ала ма жеке кеме. Қаласаң сен бастық боп отырар ең Қаладағы шағын бір мекемеде.

Тұра бермей басыңда ой қамалып, Көсегеңді көгерттің қойға барып.

Найза қара шыңдай боп отырғаның Аппақ нұрға бейне бір қойған малып.

Сардаланың аңызақ желі сіңген, Айналайын, шопан дос, жеңісіңнен. Жеңісіңді іздесең

Сен іздейсің Көк жайлаудан,

Қойлардың өрісінен.

Ертелі-кеш қой бағып сабылғаның, Біле білсең емес қой – Шағылғаның.

Қой баққаның, досым-ау, емес пе, айтшы, Өліп-өшіп даланы сағынғаның.

Мойынқұмға өзіңді жіберді кім? Тарайды әлі аңыз боп мың өрлігің. Әзірге осы жырлауға жетіп жатыр Таң қалдырып қой баққан бір ерлігің.

МУЗЕЙДЕ

Қай-қайда да құлашын сермеп көрген, Көкірегін қуаныш кернеп келген.

Жолаушы боп Музейге жетіп бардық

Сан алуан бояумен өрнектелген.

Ғаламатты көрмеп ек көптен бері, Осында екен қазақтың көк пен жері. Бәрі тұр ғой, ойпырмай, бұл музейде Халқым асқан қия асу,

Өткелдері.

Кешегісі, Бүгіні, Өткендері.

Көз алдыңда бәрі де жайнап тұр-ау, Қысы,

Жазы,

Күзі мен көктемдері.

Мына тұрған гауһар тас текшеленген – Замандардан заманға көшкен өлең.

Бұрынғының қыздарын еске салар, Мына орамал жиегі кестеленген.

Жер бетіне мөлдіреп көл тұнғалы, Өтті-ау ерлер өмірден не тұлғалы. Серілікке жөнердей бастап ала Серілердің мына бір ер-тұрманы.

Енді, сірә, тумас та қамшы алар күн, Туса егерде атойлап қарсы ағармын. Қара семсер, алайда, мына тұрған Қолдарынан келді өтіп қанша адамның.

Майдан көрген кезінде, ұрыс көрген, Жебе мынау –

Табылған құныс белден. Батыр мінген тұлпардың Мына жұрнақ

Құйысқаны секілді күмістелген.

Күтіп жүріп кеудеге өрт толғанын, Жүректерден тұрғызған кек-қорғанын. Дулыға да айтып тұр

Қазағымда

Жаугершілік заманның көп болғанын.

Өз бетінен замана өшірмеген, Қателік көп,

Нар халқым кешірмеген. Мына сурет –

Білсеңіз кезді айтып тұр Үстерінен көк сауыт шешілмеген.

Жамбасымен еденді шынтақтаған, Тас диірмен мынау тұр –

Үн қатпаған.

Ағараңдап алыстан көз тартады Бұжыр жүзін ақ тозаң – құмға аптаған. Заманында бұл шіркін бидай түгіл Тасыңды да майдалап ұнтақтаған.

Заманында тағдырдың сыйын көрген Диірмен бұл –

Табылған сүйір дөңнен.

Қазақ халқы тегінде бидай сынды Аман шыққан осындай диірменнен.

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН ЕСКЕРТКІШІ

Туған елің – Бағаңды түсірмеген, Тастан қашап, Өзіңді мүсіндеген.

Сен кінәлі емессің, сардар аға, Жандар болса кезінде түсінбеген.

Бір-ақ туар, жан аға, бір ғасырда, Сұлулықтан құйылған тұлғасың ба? Мен білетін әйтеуір жалғыз нәрсе, Қалған жоқсың өмірдің жылғасында.

Не пәленің тірлікте көбін көрдің, Көбін көрдің,

Бірақ та шегінбедің.

Көсегесін көктемнің сен көгертіп, Жамап өттің жыртығын көңілдердің. Сұлулыққа жаралған, сұңқарым-ай, Өлең бердің жұртыңа,

Өмір бердің.

Өзің талай кезінде шығып жүрген Ескерткішің тұр содан төрінде елдің.

Тас тұлғаң тұр,

Тұлғаңа жақын бардым,

Өзің барда от шайнап, жарқылдар кім? Серісі едің бұрынғы серілердің, Ақыны едің арқалы ақындардың.

Келе қапсың қасыңа серік те ертпей, Қалай тұрсың атыңмен желіп кетпей. Мойынқұмның жері де,

Елі де ыстық

Тұр әйтеуір тас денең еріп кетпей.

Жалын кешіп жүгірдің жас ғұмырда, Сені көріп мың сан жау қашты қырда. Көк сүңгідей шаншылып тұрсың енді, Кішігірім тау сынды тас тұғырда.

Суық түсіп,

Жүзіңді сыз өпкенде,

Ізет көріп өскен ең ізетті елде. Тұрсың ба әлде

Бірге еріп кеткің келіп

Сылаң қағып қасыңнан қыз өткенде.

ҚҰРАЛАЙ СҰЛУ КҮМБЕЗІ

Төбеңе төніп көк аспан Көгіңнен саған тұр қарап. Жаралған жан ба ең о бастан Тастардан өскен жыр қалап.

Тұр сенің көктем – күмбезің Қамқалы көлдің жанында. Нұрыңмен жасқап күн көзін Ойнардай бір күш қаныңда.

Сен кейде шырқап көкке астың Көрініп балғын пішінде, – Күмбірлеп тұрған көк тастың Тұрғандай сөйлеп ішінде.

Көкірегіңе өршіл өрт толып Кектенер ме екенсің табанда. Жолбарыстан кеттің мерт болып, Жолбарысы бар заманда.

Жұлдыз боп көкте жансаң да Болар ма шипа жанға орман. Бір өлім – қайда барсаң да

Шерлерден өлсең бар ма арман?!

Бір шерден өлдің Ел білсе

Қолына түспей жаманның. Қайтер ең, айтшы, өлтірсе Иттері талап заманның.

БӨЛТІРІК ЖЫРЫ

О, тағдыр, мені көп шалдың, Кезім де келді-ау толатын.

Арыстан кеуде көкжалдың Бөлтірігі ем көкжал болатын.

Жорта алмай дала жонында От шашырап қызыл көзімнен. Біреудің өстім қолында

Көк жасық күшік кезімнен.

Не шара қатал тағдырға Осылай қор ғып жаратқан. Шығар ем шырқап сан қырға Бөрі көп алар тамақтан.

Тобына олар қоспады Иттермен ит боп кеттің деп. Ал иттер мені қостады Еркіңмен бізге өттің деп.

Табандарынан сыз өтіп,

Түн қатып сұсты жүр ме еді. Қораны, малды күзетіп

Ит болып сен де “үр” деді.

Түн болса қорып қораны Иттермен бірге мен де үрдім. Соққанда дауыл бораны Қайыспай, қайтпай тең тұрдым.

Қор болдым бірақ шолсам да, Кезе алмай дала өңірін.

Ит алар бөрі болсам да Иттікпен өтті өмірім.

Көңілің күлсін, күлмесін, Сездірмей жанның жарасын. Иттермен бірге жүргесін

Ит болмай қайда барасың.

АҚЫН ДОСҚА

Шаршадың ба, жігітім, шаршадың ба? Асыр салып ойнайық ақ шағылда.

Жыр жазайық жарысып Мына бізден

Қайтер дейсің бір белгі қалса құмда.

Ақын болсақ егерде арна ақтарған, Қайда біздің жырымыз салмақтанған. Құмның жыры –

Мына өскен сексеуілдер Мүйізіндей бұғының тармақталған.

Кетпесе егер қасиет денемізден, Қалмайды, айтшы, бір белгі неге бізден?! Өте шықсақ айып па нөсерлетіп,

Көк аспанда бұлт болып жеке жүзген.

Асылыңды берсең де елге талай, Ақын досым, көнбейсің жөнге қалай?! Жанымыздың нұры боп қалсын мұнда Көкжиектен жүгірген көлбеп арай.

Қарамайық білмеген, білгендерге, Жырдан күмбез орнатып жүрген жерде, Қалдырайық бір белгі

Таңырқасын

Сыртымыздан бір кезде күлгендер де.

АҚСАҚАЛ ШЕРТКЕН ШЕЖІРЕ

 Еңбек Ері атағын екі мәрте алған әйгілі шопан ата Жазылбек Қуанышбаевтың

үлкен өмірінен бес үзік сыр.

  • Баласыз өткен ғұмыр мұңы

Сәулет болған замана сәулетіне, Дәулет болған замана дәулетіне.

Мен де осынау нар халқым көбейсін деп Бір бұтақ ем қосылған әулетіне.

Қиындықты көрсем де өшіп-өлген, Кісі атанып замана көшіне ерген,- Бірі болсам деп іштей армандадым Өсіп-өнген әулеттің, өсіп-өнген.

Білсең, бірақ, мені өмір құрсаулаған, Көкірегім тұл болды жыр саулаған. Менен өткен бақытты жан болмас ед Ұл мен қызым қасымда тұрса аумаған.

Бәрімізде қазақпыз қыран құмар, Құба жонда қиқулап құлан қуар. Ұрпақ қалса артыңда арман бар ма, Өміріңді,

өзіңді ұран қылар.

Бірақ, бірақ...

Сол болды кемістігім,

Көктей солды көгермей егістігім. Кер даланың кезерген шөлі сынды Алты қанат қоңыр үй –кеңістігім.

Аңырағым келіп тұр, аңырағым, Терек болсам,

Қайда, айтшы, жапырағым?!

Ала жаздай көгінен түк тамбаған Бедеу аспан секілді шаңырағым.

Бала сүйіп,

Бал қызық көрмегесін Жиыла ма тәйірі кермек есің. Бар бол, жоқ бол –

Оныңнан пайда бар ма,

Бір шикі өкпе соңыңнан ермегесін.

Қалдырам деп кімге осы тұл мұрамды, Жаным талай боталап ыңыранды.

Балам егер болғанда Ұшырмақ ем

Бәсіре ғып көгіне бір қыранды.

Алдаспандай жарқылдап желкесінде, Алсам деп ем тағдырдың бермесін де. Болмады ғой,

Болғанда тұрмас па еді, Қаңтарылып бір бесті кермесінде.

Жетсем де ерен бұл күнге жырлап ағып, Жаға – жайым көрмепті бір жаңарып.

Балам егер болғанда Ен тағар ма ем

Құлағына бір қыздың сырға тағып.

Сүймегесін ұл мен қыз қарақаттай, Ыза, отыңды бола ма далаға атпай. Ана атануға қақысы жоқ екен ғой Асыл жарың алдымен бала таппай.

Кезе берген секілді құр даланы, Жүзім қалай алаулап нұрланады. Белі кеткен жолбарыс секілдісің Сүймегесін әке боп бір баланы.

Бұл қайғыны бола ма дара көрмей, Күңірентіп тартқандай дала керней. Қасарысып қу тағдыр

Қайтер едің

Елу жылдай боздатса бала бермей.

Елім кең де өмірден, жерім кең де, Суыған да емеспін, жеріген де.

Жібімеді қу тағдыр Көз жасыма

Самарқанның көк тасы ерігенде.

Құс секілді қолымнан ұша білген, Өтті осылай көп жылым құса-мұңмен. Сонда мені!

О, өмір, асыл жар боп

Жылытып келдің ыстық құшағыңмен.

  • Жұлдызды жылдар жыры

Келістім де, Тағдырмен керістім де,

Көрсетер деп Болашақ жеңіс кімде. Бақытымдай жолымды тосып жүрген Шақыратын мені ылғи өріс күнде.

Өткен күннің бойымда күйі қалып, Отырмадым мен үйде жиі налып. Тоқсан қабат төзімнің көк сауытын Көндім, жаным, бәріне киіп алып.

Нөсер тілеп, аспаны күркіреген, Уағында көктемнің қыр түлеген.

Қырда отырған жалғыз үй біз болушы ек Секілденген осынау бір түп емен.

  • Бермек болып тағы да мұң жағалап, Тас төбемде бір құдай тұр ма қарап, – Дедім де мен қойымды баға бердім, Қоймен бірге ой бақтым құмды аралап.

Қоңыр үйім –

Ол тұста тұл шаңырақ,

Сәби үні естілмей тұр қаңырап. Қырға шықсам зарыма қосылатын Ала қырдың үсті де бірге аңырап.

Жүре берсем осылай мен егерде, Не болар ем –

Бәрібір жеңе көр де...

Қайта тігіп туымды құлап қалған Қайта будым белімді белең, өрде.

Мойынсұнбай көр көңіл түн-кемпірге, Бірге жатып,

Ояндым күнмен бірге.

Жанарымда жарқылдап өзгеше нұр Жана берді еңбегім күннен-күнге.

Мұнар тартып тұрмадым мұң сағымда, Жүріп жаттым, әйтеуір, құм, шағылда.

Боз көйлекті өмір боп жұпар аттым Боз даланың көк жасыл жусанында.

Бәрі есімде... Жеңілген, Жеңгенім де,

Бұлт үйіріліп төбеме төнген күнде. Желмен бірге әндетіп ызылдаған Шешек аттым шерменде шеңгелінде.

Шымыр тартып атымның шылбырында, Тұрсам егер тұтқа боп құм, қырында.

Желбіреген ту болып алауладым

Тас қайнатқан жігер боп жыңғылында.

Шамданбайсың бұл есең кетсе кімге, Серке мінез танытып сексеуілге, – Тамыр болып байландым өлмейді деп Шұғылалы,

Шуақты жетсе күнге.

Қолы болсам тірліктің созған құмға, Мен арқылы жаңғырды тозған тұлға. Бір қырқада шоңқиған шопан деме Озып барып қосылғам озған жылға.

Тыңда мені!

Ендеше замандасым,

Алтын болып көрінбес саған басым. Бірақ,

Бірақ күйзелту қалың елді Саған да сын білдің бе, Маған да сын.

Батыр, бағлан жүрегін толғағанда, Ата аруақ, сірә, оны қолдаған да.

Қазақ болып о баста жаралмас ед, Даласы егер кең байтақ болмағанда.

Көп көрді ме қасірет желді күннен, Белін бекем буса да белдігімен.

Тар болса егер етігің деп түйсінген Дүниенің пайда жоқ кеңдігінен.

Бұлттана да, Білетін тұлдана да, Ашыла да,

Білетін қымтана да.

Жалсыз қазақ болса да жетесі жоқ, Малсыз қазақ болмаған бұл далада.

Қазақ үшін бір ұғым Ар мен Дала, Қазақ үшін бір ұғым Мал мен Дала. Қойдан жуас қазақтың көсегесі Көгерген ғой

Көгерсе малмен ғана.

Өмір-өзен ақса да лайланып,

Кірер өңім малменен шырайланып. Малмен ғана көктеймін деп ойладым Өзге жайдың бәрі де былай қалып.

Қайда апарып соқса да теңіз көңіл, Үмітімді мен одан тек үзбедім.

Содан, міне, сабылып қой соңында Бақытымды өрістен мен іздедім.

Көрмек болып жеңісін, Жемісін де,

Қойды талай жусаттым өрісінде. Қозыларым төлдеген

Қарбыз сынды

Әлі-ақ пісіп, жетілген желісінде.

Көгім болса – Самғаған құстың көгі, Демім болса – Көктегі құстың демі.

Мен өсірген қойлардың терісі де Былғары тон –

Киімің үстіңдегі.

Қонса еңбекпен өмірдің маған бағы, Артады ылғи осылай бағам тағы.

Қозылардың терісі мен төлдеткен Көк қаракөл елтірі жағаңдағы.

Көз жазып қап құлагер күндерінен, Жансың ба әлде көзінен мұң көрінген. Үстіңдегі бар киім тоқылған-ды

Мен өсірген қойлардың жүндерінен.

Қайда,

Қайда барасың сенбегенде,

Шындыққа егер жүгінсек сен де, мен де. Жайма-шуақ күндерде неге сөнем

Сонау жылғы боранда сөнбегенде.

Қырға қонып,

Кей-кейде ойға қонып,

Жақсы түстердің бәрін де тойға жорып, Күндіз-түні бір тынбай еңбек еттім, Басым – ойға,

Өрісім – қойға толып.

Боз көдесін, жусанын нұрға балай Малым күнде беттесе қырға қарай. Шұғыласы жанымның секілді бір Көкжиекте алаулап тұрған арай.

Қауіп-қатер төбеме неше төнді, Сонда жартас кеудемді төсегем-ді.

Сол батылдық шығарды мені ұшпаққа, Сол батырлық көгертіп көсегемді.

Қылаң беріп таңдардың арайында, Жанды солай жұлдызым талайында. Неше дүркін отырдым делегат боп Кремльде,

Съездер Сарайында.

Түн күзеттім,

Қойымды күндіз бағып,

Бұлақтайын жатқан бір мұңсыз ағып. Бір-ақ күнде жарқырап шыға келдім, Күмбірлеген кеудеме Жұлдыз тағып.

Шабыт берді,

Бұл маған қайрат берді,

Дала деген жатқасын жайлап төрді. Асқар Елім ақиық жұлдызым деп, Төбесіне көтеріп айбат көрді.

Жаратсам да тұңғиық тереңді іштей, Бұрқанамын кей-кейде ерен күштей. Өзім алған осынау бір биіктен

Қайта биік шырқадым төмен түспей.

Ел-жұртымның үлгі боп сой жасына, Қазына боп құйылдым қоймасына. Бесжылдықта тағы да мен шырқадым Екі-екіден төл алып қой басына.

Мақсатыма – Сірескен тоң күзетпей

Жеткізейін деді ме жол жүдетпей.

Міне, тағы тағылды нар кеудеме Алтын Жұлдыз арада он жыл өтпей.

Қашанда Елдің ер кісі таңдайды өрін, Еңбек ету ел үшін қандай керім, – Күміс теңге секілді жалт-жұлт етіп, Жалт-жұлт етіп шашырап маңдай терің. Болат топшы тұғыр ғып мына мені Самғайды Елім,

Әлі де самғайды Елім!

  •  Шаңырақ көтерген ақ отауда

Шөлден жұтап өңірім баққа арналған, Бала сүймей кезім-тін қатты арланған. Жел өтінде көп тұрған тауға ұсадым Бөктерінде жақпар тас қатпарланған.

Мұң кетпеді қабақтан, Ой түнеріп,

Көңілдегі шуақты жойды келіп. Бірде жайсаң кемпірім былай деді Жатқан кезде төлдеген қойды бөліп:

  • Қызғанайын өзіңдей күнді кімнен, Сәуле құйған үйлердің түндігінен. Ерден туған ер едің

Бір сәбидің

Болмағаны болмаса кіндігіңнен.

Бәйтерек ең біткен сен көз алдыма,

Сен де, мен де ұрпақсыз төзе алдым ба?! Тағдырыңды қосақтап жас иіске

Отау тігіп беремін өз алдыңа.

Арманы бұл десеңші қанша ағаның, Ұрпақ еді –

Туғаннан аңсағаның.

Торсық шеке бір ұлды жыл өткен соң Сол жас қыздан сүйерсің жанса бағың.

Жүрген кезде суынып көктем, күзден Бұның өзі бақ болды-ау көктен түскен. Шын айта ма кемпірім деп сұрадым Көңілімде толқыған көк теңізден.

Жанарынан көрмеген жер домалап, Ерім дейді мені де ел бағалап.

Көңілімді түсінді ұрпақ аңсап Қызғыш құстай жүгірген көл жағалап.

Жана қоймай арманның жұлдыздары, Қасірет боп жанымда тұрды ызғары. Жебеп сонда кеткендей болушы еді Айналайын қазақтың ұл-қыздары.

Бақыт құштым дәл соның ертеңінде, Жұлдыз болып жанғандай ел көгінде. Серің де өзім,

Бұл кезде серкең де өзім, Секілдімін және өзім еркегің де.

Шуақ барда көгімнен жауып тұрған, Туа қоймас қорқыныш қауіп қылған. Қырық жасқа қайтадан жасартты ғой Күндер менен түндерім сауық құрған.

Шал едім-ау мен бұрын қалжыраған, Етек-жеңі,

Шекпені жалбыраған.

Жиырма бесім алаулап қайта оралды, Құшағында сұлудың албыраған.

Темір балқып,

Тас балқып от күшімде,

Желкілдеді көктем боп көк пішінде. Егіз ұлым жарыса шауып шықты Желіп жүрген теңбіл көк – Жетпісімде.

Мен емеспін қанаты талған қарға, Өкпесі өшіп,

Құлдырап қонған жарға.

Омырауыма тағылған қос Жұлдыздай Сүйіп тұрмын егіз ұл,

Арман бар ма?!

Жанды ма әлде жалыным жете маздап, Марқасқа күндеріне төте бастап.

Әзер,

Әзер дегенде шақ қалдым-ау Қуаныштан жарылып кете жаздап.

Жеткізбейтін көк ала белең қашып, Қалды артымда,

Көк жонын келем басып.

Мені алысқа арқалап жөнеледі, Көкірегімнен көк өзен – өлең тасып.

Омырауымды жүгірдім далаға ашып, Шұғыла боп,

Шуақ боп араласып.

Қарсы алдымда құтырып би билейді, Қалпағымды бір құйын ала қашып.

Жаңа тұрмыс, Жаңа отау, Жаңа тыныс,

Құйын екеш құйын жоқ – дала тыныш. Ұлы Отаным қос Жұлдыз тақса мынау Егіз ұл сыйлады ұлы жаратылыс.

Кенет, кенет тарылып нұр ағысым, Қалды неге бұлқынбай бұла күшім?! Табанда ғайып болар секілденді Жаңа көрген қызығым,

Қуанышым.

Ана ма әлде бойына шыр бітпеген, Шын самғайтын кезі еді кеңдікпенен. Емшегінен бір тамшы сүт шықпады, Сұмдық жаңа басталып ел күтпеген.

Жарым еді сөзі – мір, Сөзі – қақпан,

Отыр, міне, үйіріліп көзіне ақпан.

...Анаға тән,

япыр-ау, қасиет пе

Сүт бере алмау балаға өзі тапқан.

Емшек сұрап қос сәби жылағанда, Қалмайды екен күш-қайрат бұл адамда. Қайғырмас ем мен бұлай,

Қиналмас ем,

Қаратауым гүрс етіп құлағанда.

Тұла бойды тұл етіп жырымдаған, Зауал ма бұл жүректі сығымдаған. Қыдыртады жанымды жай таптырмай Қос балапан бауырымда шырылдаған.

Жан болдым-ау қайтейін мұңға апталған, Жылай, жылай көзім де құрғап қалған.

Балапанын қорғаған қызғыш құстай Қоңыр үйге бір кіріп, бір шығамын, Сәбилерді көтеріп құндақталған.

Көкірегімде осындай мұң жатқанда, Қабырғама бұл жәйт те шын батқан ба?! Күнім менің батады-ау деп қорықтым, Көкжиектен құлдырап күн батқанда.

Боздап жеткен бозмая қырдан құлап, Ол – мен едім егіліп тұрған жылап. Алай-дүлей суырған қырмен бірге Боран соғып кеудемде тұрды аңырап.

  • Жаңа босанған жұбайымнан сүт шықпай қалғанда немесе екі ұлымды баққан ана жайлы толғаныс

Хатшының өзі

Үйіме суыт жеткенде, Тұр едім тыста

Телміріп сонау көк белге. Ақ үміт оты

Көзімде жанды жылт етіп, Қол созып қайта

Көгілдір әлем – көктемге. Хатшының өзі –

Айтекем міне келгесін Жаным да сезді Жамандық енді көрмесін. Сезген-ді және

Қос жұлдыз – егіз баламды Арандап келген

Ажалға қолдан бермесін.

Сексеуіл сынды Шыңыраулардан нәр алған Азамат қой ол –

Күре тамыр боп таралған. Қандай күнде де Болмақшы емес бізде өкпе,

Жарқылдап туған жандармыз – Бауырдан ғана жаралған.

Айтекем барда

Жаңардым, талай жаңғырдым, Төбесіне ту тіктім

Танымы бөтен тағдырдың. Қос тамшысы енді

Құмға сіңгелі тұр ма, айтшы, Жазира көктем –

Жазылбек деген жаңбырдың.

Мән-жайды інім Түсінді білем көзімнен, Болмаса тіпті

Танғандай екем есімнен. Өзімен бірге

Екі ұлды бірдей кетті алып, Алқынып жетіп

Ағалық таза сезіммен. Бір ойы сонда

Болды ма сірә оның да, Жанды ма әлде

Бір үміт жасыл жолында. Дәрігерге барып:

“Қалайда сақта, – деді өктем, – Қос ұлды мынау

Өлтірмеу сенің қолыңда.

Дәрігер болсаң,

Қос ұлды, жаным, өлтірме, Тажалдың бұлтын Көгімнен сөйтіп төндірме. Жазекең деген

Кең байтақ ұлы өңірге Жаралап жанды

Жаманат хабар келтірме.”

Арлы Айтекем

Айтқасын солай арқырап, Көк мұнар әлем

Кеткен-ді қайта жарқырап.

Кісінеп мені іздеген құлын дауыспен Құлағыма жетті

Қос бұлақ үні сарқырап.

Нар тұлғам менің Айналып тұтас темірге, Қола мүсін боп

Қойылса да туған өңірге. Дәрігер – күшпен Өмірге қайта оралған Қарақтарыммен бірге

Қайта айналып келдім өмірге.

Рахмет айтам

Сондықтан барша адамға, Құдіреті күшті

Саналы, саңлақ заманға. Табанға мені

Салғысы келген ажалды Жаны игі жандар Сойылдап салды табанға.

Бал дәурен кешкен

От демді өткір жігіттей, Бола ма, сірә,

Тоң-көңілді қоса жібітпей. Қос ұлым, міне,

Дәрігер-күшпен қалды аман, Үзіліп барып,

Үзілмей қалған үміттей.

Әңгіме еді бұл

Кей-кейде айта жүретін, Айта отырып,

Өткенді еске ап күлетін... Ұлдарымды енді

Бір анаға берді табыстап, Баланың жайын Бұрыннан жақсы білетін.

Тынысы кең боп Өсуі үшін баланың, Ақ самалына

Шомылуы керек даланың. Туған анасының Құшағында өспей қос ұлым, Жетілді өсіп

Бауырында басқа ананың.

Жетпіс бес күнде Ұлымды үйге шығарды, Көз алдымнан серпіп Көгілдір тұман, мұнарды.

...Ей, менің қиын тағдырым, Сынайсың енді сен қайтіп Көк тауға біткен

Жазылбек деген шынарды.

Алайда өмір

Қалған ба мені жанымай, Күн жүдеп көкте,

Тұрса да мейлі арып Ай. Буыны бекіп,

Толысқан ұлдарымды мен Қара басты ма

Қалғаным мүлде танымай.

Көзіме менің

Әлде бір сұмдық елестеп, Жолымда бейне

Жатқандай болды белес боп. Абдырап қалып

Салыппын айқай мен кенет:

  • Әкеп тұрғандарың Ұлдарым менің емес! – деп.

Жақсы әйел еді

Шуағын сонау көкте өрген, Басынан небір Қияметтерді де өткерген. Түсіндірмек боп

Жай-күйін айта бастады Ұлдарымды

Өзі өсіріп жеткерген.

  • Мына ұлыңыздың Жарқырап туған маңдайы, Өкінбейді, ата,

Сүйсе де қыздың қандайы. Мына ұлыңыз

Саңқылдап тұрар өскенде, Көп жылаудан

Ашылып кеткен таңдайы...

Сенбейін неге

Әз ана шерткен бұл сөзге, Алтын күн болып Шұғыла жайған гүл көзге. Басқа да күн бар

Дегенге, сірә, сенем бе Көгімнен сонау Көрмесем егер күнді өзге.

Арқа сүйеген

Алатауым боп көрінген, Айтекемнің менен

Кезі бар ма әсте бөлінген. Бұл жолы да

Қасымнан бірден табылды Жүр ме еді қарап

Жұлдыз боп жанып көгімнен.

Бағамыз бір ме,

Жоқ әлде бір ме құнымыз, Қуанышымыз бір,

Бір және мұңымыз. Бір кезде түскен Суреттеріміз секілді Жазылмай тегі Келеді әлі жұбымыз.

Қабарып келіп,

Қарауытып тұрар құр дөңде, Бір демде жылап,

Жұбанған ылғи бір демде. Ажал да маған

Жақындай алмайтын сияқты Айтекең інім

Қасымда менің жүргенде.

Сол інім, міне,

Самғардай салқар кеңдікпен, Қыран секілді

Қанатына дауыл, жел біткен.

  • Қос ұрпақты аман

Алып қалғаның үшін, – деп Мол сыйлық тартты, –

Ана екенсің деп ел күткен.

Толқыды ана

Жүзіне балғын нұр қалқып, Жығылды білем

Құшағына түгел қыр балқып. Желпіп бір самал өткенде Ананың тал бойынан Даланың иісі,

Жусанның иісі тұрды аңқып.

  • Тойшыбай мен Қойшыбай

Әр кезеңнен білінсе уақыт демі, Бұған куә қазақтың жақұт көгі. Мен бақытты қуғам жоқ

Білсең егер

Қуып жүрсе керек-ті бақыт мені.

Құшақ жайып қарсы алар кең өлкесі, Болса болар мендей-ақ ел еркесі.

Береке боп еліме даримын деп Болдым және елімнің мерекесі.

Жұлдыз болып көгімнен шашылғамын, Жаны таза өйткені асылданмын.

Бір әкеден жалғыз ем Енді, міне,

Көк орман боп жайқалды жасыл бағым.

Күйін шертіп қан тамыр – сым темірім, Жаңғырады жайқалып күнде өңірім.

Естімеген жетпіс жыл сәби үнін Тойшыбай боп өйткені күлді Өмірім.

Күйін шертіп қан тамыр – сым темірім, Жаңғырады жайқалып күнде өңірім.

Естімеген жетпіс жыл сәби үнін Қойшыбай боп өйткені күлді Өмірім.

Дауыл менен бұрқасын, борасыннан Қаймықпаған жылдардың сорасынан, Соғып тұр ма жүрегім

Тас бейнемде

Жасыл таудың құйылған қоласынан.

Көңілінде күн күліп, Туып көктем,

Тұрса да ылғи көк нөсер жуып көктен. Ескерткіште салқынмын

Күзгі бұлттай

Ызғар жиып жүзіне суыт жеткен.

Бұл шіркін де

Жай ғана кескін бе еді,

Жаңармады

немесе

 ескірмеді. Тыңдасам да қаншама Кеудесінен

Жүрегімнің дүрсілі естілмеді.

Шұғыла ойнап маңдайы, желкесінде Қаз омырауланып тұр, әне, жер төсінде. Бірақ бұдан бағалы қос мүсінім Дүрсілдеген жүрегі кеудесінде.

Сырын,

Жырын кезінде дала ұқтырған, Сырын,

Жырын кезінде ана ұқтырған. Соғып тұр ма жүрегім Суретте анау

Үй төрінен өзіме қарап тұрған.

Сөйлер болсам сөзімнің артын бағып, Сол суретім

Көңілге салқын нағып.

Өзім болып өмірге қарағанмен

Кете алмады өзімдей жарқыл қағып.

Жүрсем де оның “саулығын” тілеп оқтын, Әлдеқалай кеудеме кіреді екпін.

Сол суретте Өйткені жүрегімнің

Дүрсіліне ұласқан жүрек жоқ-тын.

Шуақ жиып,

Нұр шашқан сұр бетіме, Таласым жоқ әрине суретіме. Бірақ,

Бірақ өзімнің бір ойым бар

Түйіп қойған көңілдің бір шетіне.

Құба жонын,

Өңірін күн қақтаған, Жолға шығып,

Қыр кезіп түн қатпаған. Қос суретім –

Тойшыбай, Қойшыбайым

Суретімнен төрге ілген қымбат маған.

Көтерілген қос терек ел ішінде, Жемісім де сол екі ұл,

Жеңісім де.

Бұдан артық бақытты кім көріпті, Ел үшін де

Және де мен үшін де.

Жерге түне, Бәрібір елге түне,

Келбеттері ұқсаған келбетіме. Тойшыбай мен Қойшыбай – Тірі бейнем

Құдай сомдап орнатқан жер бетіне.

Атылғанда саңқылдап далаға ұран, Нағыз батыр жауларын бара қырған. Сондай нағыз батырдан қан дарытқан Қойшыбайым –

Қос өркеш бала қыран.

Қайдан менің кемиді бағам, басым Келе жатса молығып қоғамдасым. Көз жасыма –

Нұрыма суарылған Тойшыбайым – алдаспан, Ақ алмасым.

Жауып тұрған сәт болып нұр көктен де, Келді өмірге екеуі бір көктемде.

Екеуіне айтарым мынау сонда

Өткен-кеткен жайлардан сыр шерткенде:

  • Ел алдында жарадың қызармасаң, Қаным қоса қозбай ма ұрандасаң. Ұшырмасам маған серт тас түлек қып

Қойшыбайым,

Саған серт ұша алмасаң.

Маңдайыма бақ болып біткен де сен, Бақыт болып жолымды күткен де сен. Сенсің және салынып біткен көшем, Сілтей сені алмасам маған серт те, Тойшыбайым,

Саған серт сілтенбесең.

“СОҒЫС ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМДЕР” ТОПТАМАСЫ

СОҒЫС ЖЫЛЫ ТУҒАНДАР АТЫНАН

І

Тартылғанда ол кездің күйі күшпен, Сүйініштен тұрдың ба, күйініштен. Туғанымыз бірақ та анық нәрсе Алауына соғыстың күйіп іштен.

Туған жердің барлығын қоныс көрген, Арманымыз алайда тоғысты елмен.

Соғыс көрген жауынгер болмасақ та Мұң-қайғымыз бар біздің соғыс берген.

Жалғап тұрып бүгінгі күнді ертеңге, Айналамыз біз әлі гүлді өртеңге.

Іште жатып алайда кем көрмедік Әлеметін соғыстың кімдерден де.

Шара бар ма,

Қасірет тұрса алдыңда,

Талай сұмдық кешерсің гүл шағыңда. Басталыпты сұм соғыс

Мына біздер –

Анамыздың жатқанда құрсағында.

Не сұмдықтар болмады!

Қай тұтқаға болды, айтшы, тірек пенде, Жамандықтың қашанда үні өктем бе?!

Күндер өтті ызғарлы түнектен де, Жылу кетті, ойпырма-ай, жүректен де.

Ей, қасірет! Көсегең көгере ме

Адамзатты осынша жүдеткенде. Әкемізді құрбан боп кетер деп пе ек Бау-бағына өзінің гүл еккенде.

Жүрегіміз шошынды қоса біздің Анамыздың жүрегі дір еткенде. Іште жатып біздер де бұғындық-ау, Төбемізден темір құс гүр еткенде.

Көк нөсерге кеудесін жүрген ашып, Жігіт болып өссек те гүлге аунасып. Қанымыз да сан мәрте көтерілді Анамыздың қанымен бірге тасып.

Қаралы үйге бергенше астық бөліп, Жүрді төзіп бәріне жастық көніп.

Мың бұралып жаттық-ау құрсақта біз Қаққан кезде есікті аштық келіп.

Тұл тірліктің арбасын айдағанда, Өз өмірін анамыз ойлаған ба.

Тілі қоса байланды Шара бар ма,

Жоқтық келіп қолдарын байлағанда.

Ойды бөліп қайтемін, сөзді бөліп, Соғыс бұлты бәрін де кезді келіп. Сорлап біз де, ойпырмай, жатпадық па, Сорасы аққан сормаңдай көзді көріп.

Бұл емес деп болашақ бала күткен, Бұл емес деп көк нөсер дала күткен, –

Аруана Өмір боп тұрды сонда Омырауынан сүт сауған Ана біткен.

Ұрпақ дейтін ұранды бағы барда, Олар, сірә, тәңірге табынар ма.

Жүрген жоқ па алдында құрақ ұшып, Жаны жайсаң жақсы да, жабылар да. Сойқаныңның қайта өзін талқандайды Бура мінез булығып шабынарда.

Өрттен аман шықса егер Арда жүрек

Анамызға қайсарлық дарыған да. Қалшылдадық біздер де

Қырғын жылдың

Суықтары өн бойын қарығанда.

Содан, міне, жылаудан көз қақталды, Сан қырқаға даусымыз боздап барды,- Соғыс деген аждаһа жылым болып, Тұңғиығына жұтқанда боздақтарды.

Қырық жамау көңілін құрап келген, Жаралы ел бізді сонда бұлақ көрген, – Бұлақ көрген, жайқалған құрақ көрген, – Майданда өлгендерге жоқтау айтып, Дүниеге біздерді жылап келген.

Иә, біздерді маздаған шырақ көрген, Және Өмір деп ұғынған шуақта өрген. Майданда өлген көк өрім боздақтардың Бодауы ғып ел-жұртқа бір-ақ берген.

Дүниенің ендігі бар тірегі Осылар деп түсінді – Қырғын жылы

Дүниеге біздерді жылап келген.

Аунап түсіп оқыста құранды ерден,

Сан мың арман сол жолы құлады өрден. Бір-бір алау өмір боп біздер бірақ Шыға келдік түрегеп құба төрден.

Іші, сірә, жылысын жатқа кімнің, Жетегінде кетпесе қатпа мұңның. Біз едік қой –

Ең соңғы сәулесі де

Көкжиекке алаулап батқан Күннің.

Тауқыметін тартсақ та мың азаптың, Көз жазбадық өзінен шын ғажаптың. “Құтты қонақ келгенде қойы егізден Табатыны” мәлім ғой бұл қазақтың.

Сол сияқты, оу, жұртым, сол сияқты, Жаққанда Ана біздердей мол шырақты. Заманалық жеңіске бастайтұғын Кеудемізден керемет жол шұбапты.

Жол шұбапты –

Өн бойы тастай мығым, Заманалық жеңіске бастайтұғын.

Түн-түнектің шекпенін бір-ақ серпіп, Бір-ақ серпіп кейінге тастайтұғын.

Елдің солай тыйылған зарлы жасы, Көтеріліп қайтадан қарлы басы.

Сондықтан да мына біз! Мына бізбіз –

Жеңіс құстың алғашқы қарлығашы.

Біз туғанда

Көк жойқын тасқын ала

Бір-біріне жүгірді дос қуана.

Өйткені біз Қаратау ұлы күшпен Маңдайына соғылдық жаудың барып Қалған кезде жақындап Москваға!

Бура бұлтын жетелеп зеңгір көктің, Ту көтерген өзі боп ер жүректің.

Жауға атылдық –

Бар жерде тығын болып Өңешіне оқ құсқан зеңбіректің.

Төбесіне қара бұлт төнгенде елдің,

Бұл қорлыққа қай-қайсы көнген бе ердің?! Ата ерліктің сомдалған нар тұлғасы – Брест Қамалынан

Түрегелдік рухы боп өлгендердің.

Соғыс, соғыс!

Көз жазбай тірегінен,

Өлім сеуіп тұрғанда түр-өңінен. Ленинградта тұрдық біз жас Өмір боп Қуат алып ғаламның жүрегінен.

Тастардай боп төңкеріп көк даламды, Тілеп еді, әнекей, оқ-боранды.

Ақырында не болды?! Жырынды жау

Сталинград түбінде отқа оранды.

Орындалмай сұм жаудың армандары, Өрт құшқанда құсалы ормандары.

Қасіреттің тартылды белбеуі боп Өз жерінде қырылып қалғандары.

Төбесіне қара бұлт төнгенде елдің,

Бұл қорлыққа қай-қайсы көнген бе ердің?! Қолдарында ту болып желбіредік

Майдангерлердің –

Сұм жауын жеңгендердің.

Өр дауысың болсақ та дала тұнған, Қуат алып өссек те қанатыңнан, – Уа, халайық!

Біздерге бір қарап өт

Бірге өзімен жеңісті ала туған!

ІІ

Өмір күліп жүреді –

Қанатында нұр жарықтың. Өлім жортып жүреді – Қабатында сұм шарықтың.

Көк орманын құрыш қол күзетуде Көсегесі көгерген бұл халықтың.

Не көрмеді нар халқым тұл шағында, Талай қалды тұралап құм, шағылда. Батыр халқым алайда мұң шағын ба?! Жер бетінде сендей ер жоқ та шығар Қарсы жүзген қасқайып мұнша ағынға. Қырық жылға созылған қырғын болсын Халық-өмір бәрібір ортаймайды

Өмір жүріп жатқанда құрсағында.

Адам өлер,

Өлмейді Өмір бірақ,

Маздап жанған құзарда ол – бір шырақ. Құйын соққан кей шырақ сөнгенменен, Сөне қоймас алайда Өмір-шырақ!

Адам өлер,

Өлмейді Өмір бірақ,

Таудан, құздан құлаған ол – бір бұлақ.

Бұлақтардың көздері бітелгенмен, Сарқылмайды алайда Өмір-бұлақ!

Не көрмеді нар халқым гүл шағында, Талай жүзді кемесі мұң-сағымда.

Бұзып – жарып өтуден таймайды әлі Қарақшы елдер қол жиып тұрса алдында. Қырық жылға созылған қырғында да Халық-өмір бәрібір құрымайды

Өмір жүріп жатқанда құрсағында, Өмір жүріп жатқанда құрсағында!

МЕН ЖЕТІМ ЕМЕСПІН

Келеді де жел сөздер желіп, өріп, Көңілімнің кетеді төріне еніп. “Жетім еді, жетілді” – деп айтады, Сырт ағайын сыртымнан мені көріп.

Кетілді кім, білмеймін жетілді кім? Осы күні әйтеуір өтімдімін.

Түндік-бауым... Баршасы түгенделіп,

Ұмытылып барады жетімдігім.

Көңілімді көк жайлау – өріс көріп,

Ел-жұртыма жүрмін мен қоныс бөліп. Өйткені әкем соғыста өлгенімен Келген жоқ па жан рухы Жеңіс болып.

Қанат жайса жаман ба көкке өркенім, Байланбаса болғаны оққа Ертеңім.

Әкесіз өскендіктен емес шығар Қиындықты алайда көп көргенім.

Тәуекелдің мінгенде кемесіне, Бәрі ілінген ажалдың жебесіне. Жалғыз жетім мен бе екем Соғыс бұлты

Үйірілген баршаның төбесіне.

Сірә, біреу болмаса бағы ашылған, Айырылды көп орман ағашынан. Бірі әкесін жоғалтса, бірі інісін... Ажырады біреулер ағасынан.

Сол жылдардың шындығын айтсам егер – Былай болған:

Көз алдымда сан сурет лайланған. Жұбанатын жасына суарылып, Бала болса егерде жылай қалған. Міне, осылай кешегі мамыражай

Шыр айналған Дүние, шыр айналған!

Содан мен де!

Ортасында жүрмедім жиын-төрдің, Тағдырымның алайда сыйын көрдім. Нұрлы денем жүрді ылғи сәуле шашып, Жыртығынан мен киген киімдердің.

Суық бар ма алайда ішіме енген, Суық болды жүзімнің сұсы неден?! Иелері аттанған қан майданға

Жан жүрегім жылқы боп кісінеген.

Қосшы бала дегенді ғажап көріп, Ойға, қырға көп шаптым жасаққа еріп. Қуып жүріп талады масалар да Аңыздарда жүргенде масақ теріп.

Аман қалдым Өмірге сенгенімнен, Бәрі солай ісімнің жөн көрінген.

Жеңерім көп, әрине, жеңгенімнен, Жауынгердің баласы болғасын ба, Қарлы құйын өтпеді өңменімнен.

...Бірге мейлі тыңдасын тау іші боп, Дүние ғой дүрмегі, шабысы көп.

Кешегі жорықтарда сөнген үннің Жүрмін, міне, бүгінгі дауысы боп, Жүрмін, міне, бүгінгі дауысы боп! Мен жетім емеспін!

ҰРПАҚ ДАУСЫ

Көр, кәне, құлан сүйек жасты ұнатпай, Бойынан тұра ала ма тасқын атпай.

Жүгіріп келсем керек бұл өмірге Қайнардан атқып шыққан тас бұлақтай.

Бұл менің тағдырға ерте өшіккенім, Көрген жоқ сүйектегі өшіп кегім.

Дүние астан-кестен боп жатқанда Келді ғой менің сонда кешікпегім.

Ол кезде жатты толқын тасқа ұрынып, Ол кезде құлады оқтан жас қырылып. Мен сонда кім болғаным жатсам егер Анамның құрсағында жасырынып.

Жатпадым тас қып байлап көзді бекем, Айтпадым көбік бұлт боп сөзді бөтен. Жаулар да жер жастанды...

Ана барда

Өмірдің өлмейтінін сезді ме екен?!

Майданда жатты сонда жау қырылып, Қарады сол бір тұсқа тау бұрылып.

Сондағы қуанышты қаз даусымнан Жатыпты туған далам жаңғырығып.

Болған соң даласы алып, анасы алып, Оларға тартпайды ма баласы анық.

Мен сонда еңсемді алғаш тік көтердім, Тұрсын деп дүние түгел аласарып.

Ордалы омырауымды таңға аштырып, Үйімде отырмадым малдас құрып.

Бетке алып бір жұлдызды тарта бердім, Үзілген әке өмірін жалғастырып.

Бұл менің тағдырға ерте өшіккенім, Көрген жоқ сүйектегі өшіп кегім.

Дүние астан-кестен боп жатқанда Бола ма менің сонда кешіккенім.

ҮЛГІЛЕР

Жаулар қанша жеңіліп, майып болған, Ар сотында бәрі де айыпталған.

Соғыс содан – Ажалдың жәрмеңкесі

Қилы-қилы өлімді жайып салған.

Қайыстырып қайғымен уақыт белін, Табыт бола жаздады-ау жақұт-төрің.

Соғыс жылы Қасқайып өзің үшін

Өлгендердің бәрі де бақытты, Елім!

Соларды айтсам гүл атып өңірімнен, Көтерілген мұнара көңілімнен.

Өлімімен де қалыпты-ау үлгі болып, Үлгі бола білгендер өмірімен.

ҚҰРМЕТТЕҢДЕР КӨКТЕМДІ

Тыңда мені, көк пен жер,

Тыңда мені, мұратына жеткендер. Соғыс жылы туғандардың бәрі де, Соғыс жылғы көктемдер.

Ұмытуға болмас, сірә, өткенді, Қанша халық сол күндерге кектенді. Көктемменен көгеремін десеңдер Ей, адамдар!

Соғыс жылы туылған Құрметтеңдер көктемді!

Қамданбаған жандарды да жолға аса, Айып па екен ел-жұрт болып қолдаса. Ең әуелі көктер ме еді Тіршілік

Егер көктем болмаса.

Сондықтан да, сірә, ұмытпай өткенді, Ей, адамдар!

Соғыс жылы туылған Құрметтеңдер көктемді!

СОҒЫС ЖЫЛҒЫ ЖАУҚАЗЫНДАР

Қаһары боп қаңтарда тоңғандардың, Намысы боп құлаған қорғандардың, – Соғыс жылы туғандар – жауқазындар Орнына өскен өртенген ормандардың.

Со бір күндер тұлғасы шыңдай қатып, Кеткенімен өрлігін мың байқатып.

Соғыс жылы туғандар – Шын Қаһарман

Қиындығын өткерген тумай жатып.

Тас жігерді тасытып күйреп, талған Сан қырқаға тағдырын сүйреп барған, – Солар емей кім дейсің бір-бір үйдің Шаңырығын құлатпай сүйеп қалған.

ЕЛІМЕ

Өрт түсірмей елімнің өзегіне, Арна болып тартылдым өзеніне.

Көктем болып жүгірдім қарсы алдынан, Көкжал болып қарамай көжегіне.

Араласып ардагер ел ісіне, Төгіп өттім нөсер боп егісіне.

Желбіреген туы боп тұрмасам да, Желі болып тартылдым жемісіне.

Жамандықты шығармай көз ұшына, Қара жердің тықсам да қонышына, –

Қодарына Қозы боп мен қарадым, Қанжар сұқпай Қодар боп Қозысына.

Маған бауыр, дос іні, Дос аға да,

Олар барда көңілім босаған ба?! Төбесіне көтерген Төлегенін Бекежан боп тоспадым Қособада.

Жұлдыз шашып қараңғы түндеріне, Жарқын жүзбен қарадым күнде еліме. Жүрмесем де пірі боп,

Бірақ, бірақ

Қанден болып үрмедім пілдеріне.

...Түлкі үмітке алданбай бұлаңдаған, Қыран жаным көгінде шығандаған. Елге деген кіршіксіз көңілім ғой Ақша бұлты

Әне, бір қылаңдаған.

“АГОСТИНЬО НЕТО” ТОПТАМАСЫ

ТӨЗ ДЕЙСІҢ-АУ

Төз дейсің-ау, Қайтемін төзбегенде,

Не бар дейсің төзімнен өзге менде. Құлашымды тым еркін жаза алмадым Жүзіп жүрген балықтай жез легенде. Төз дейсің-ау,

Қайтемін төзбегенде.

Жүрсем мынау тірлікті шырын көріп, Тозақ екен, жүр бақыт қырын қонып. Сол сұмдықты айтпақ ем, Сөйлетпеді

Көмейіме біреулер тығын болып.

“Кетсең-дағы айналып шың шынарға,

Үн шығарма, – дейді олар, – үн шығарма.” Тулап бердім мен сосын...

Тулайды ғой

Балық екеш балық та тұншығарда.

Кандалаға талатып, бүргесіне, Тықты апарып мені олар түрмесіне. Анголаның өксігі тұрды естіліп, Түрме-өмірдің соғылып іргесіне.

Мұндай шақта тартатын бірден өрге, Бұғалыққа булығып жыр көнер ме?!

Сонда да олар қаншама салды азапқа, Түрмелерден жөнелтіп түрмелерге.

Жұлдыздармен жұлдыз боп көп теңесіп, Тұрды арманым сонда да көктеп өсіп.

Ол – мен едім!

О, халқым, саған қарай Түрмелерден тұрса егер көктем есіп.

ТҮРМЕДЕ

Сүңгітіп жендет жіберді Көрдей суық түрмеге.

Жасытып бұла жігерді Күрмелді сонда тіл неге?!

Бұлқынбай қалдым мен неге? Бола ма енді жиі ұғып.

Қойылған заттай көрмеге Жатысым мынау бұйығып.

Ангола халқы үшін де Ұшпайын неге пырақ боп. Түрменің көрдей ішінде

Қос көзім жансын шырақ боп.

Бітсе егер кенет жыр-демім, Не дейді бұған жан жарым. Тас қабырғаларына түрменің Қайралсын жігер қанжарым.

Қашанғы жатам тұншығып, Қойылған заттай көрмеге.

Түрмені жарып, Құлшынып

Шықпаймын тысқа мен неге?!

Зарлы әнін шырқап ақ таңда, Қол созып алғы күндерге, – Мен түгіл,

Шығып жатқанда

Тас жарып нәзік гүлдер де.

ҚАЛА САЙЫН БІР ТҮРМЕ

Сор-зобалаң халқыма еріп жүр бірге, Көкірегім қайдан толсын күмбірге. Қайда барып күн көреміз, ей, досым, Осы күні

Қала сайын бір түрме.

Сол қасіретті жібере алмай құзға атып, Жүрегімді келем әлі сыздатып.

Мұзды әлемнен бір-ақ шықпай қайтесің, Тықса әкеліп тірідей

Тоңазытқыш – түрмеге Қойған еттей мұздатып, Қойған еттей мұздатып!

ӨСЕК

Өсек де, мейлі, күңкіл де, Қаншама адам қамалуда бір күнде.

Жердің беті сұмдықтарға толы болса, Ендеше,

Түрмелердің бос қалуы мүмкін бе?!

Мүмкін емес,

Мүмкін емес десек те, Сұмдықтарды – Түрмелермен есепте.

Бір адамды түрмеге әкеп қамауға әсте жарайды, Осы күнгі өсек те.

 * * * Тығырыққа тіреліп, Кеудемде жатса жыр өліп, – Түнермеймін мен неге, Дүние тұрса түнеріп?

Не сұмдықтар түске еніп, Көңілімде жатыр “түстеніп” – Тістенбейін мен неге,

Дүние тұрса тістеніп?

Бойыма қуат, күш дарып, Найзадай өткір ұшталып, – Сұстанбаймын мен неге, Дүние тұрса сұстанып?

Төбеңнен жарқын нұр себер, Көктегі күн де бір шебер.

Күлмеймін неге, Ендеше,

Дүние күліп тұрса егер?

Қасірет еміп, шыңдалған Осы ғой, әттең, сұм жалған. Қабірге мен де барармын Топырақ-көрпе қымтанған. Түлесе түлеп алабым, Көктем боп мен де қарадым...

Үйренген жанмын О баста

Дүниенің бағып қабағын.

* * *

Қайда барам зұлматты сезбегенде, Отырсам да өз үйім – өз кемемде, – Көздеп мені тұрғандай сезінемін Сұсты мерген торғайды көздегенде.

Қайда барам зұлматты сезбегенде, Отырсам да өз үйім – өз кемемде, – Көздеп мені тұрғандай сезінемін Тіршілікті біреулер көздегенде.

ТУҒАН ЕЛІМ

Көкірегімде тұншығып жыр өлгенде, Аза тұтып, жабығып жүрем мен де... Туған елім алдымнан жол көрсетті Тығырыққа тірлігім тірелгенде.

Мінезім бар кей-кейде құйын-берен, Тағдырға да сол сәтте қиын келем. Қалжыраған кезімде,

Туған елім

Өн бойыма күш болып құйылды ерен.

Мен де өзімнің жазбақ боп дастанымды, Өрге талай сүйредім жас жанымды, – Туған елім жұлдыз боп жанды көкте, Қара түнек басқанда аспанымды.

Өмір жолым тіреліп бір жыраға, Қарап қалған жан едім құбылаға. Қара ұйықтан қастерлеп алып шығып, Туған елім бөледі шұғылаға.

Күш боп, дем боп бір-бірін кетер іліп, Бақ-қуаныш сан әлі жетер күліп.

Анголада таң атты, Көкжиектен

Туған елім Күн болып көтеріліп.

ЖҮРЕГІНЕН ЕРЛЕРДІҢ САУЫТ КИГЕН

Қаңсып қалған шығар-ау мінбелер де, Кім төменде,

Бұл күні кімдер өрде... Мені емес,

Африканы қоса ұстады

Көрдей суық қараңғы түрмелерде.

Жырынды жау жағама жармасқалы Не көрмедім,

Қанша жыл арбасқалы.

Қанша орманның ағашы қиылды, айтшы, Мені емес,

Африканы дарға асқалы?!

Жылжытпай да, Жібермей ерді ілгері, Жылжытпай да, Жібермей елді ілгері.

Қаншама зеңбіректен оқ атылды Мені емес,

Африканы өлтіргелі?!

Жылды өткеріп көңілге қауіп түйген, Африка да күн кешер сауық, бимен. Оны өлтіру бұл таңда мүмкін емес, Жүрегінен ерлердің сауыт киген.

АЙТШЫ, АФРИКА

Бір жалын лаулап денемде, Сол жанған күйі өлем бе?! Сатқындарына жол беріп, Қашанғы жүрем төменде! Тәнін сатқандар,

Жанын сатқандар Күні ертең

Туған ел, туған Отанын Сатпайды әсте дегенге, Айтшы, Африка, сенем бе?!

Бір жалын лаулап денемде, Сол жанған күйі өлем бе?! Сатқындарына жол беріп, Қашанғы жүрем төменде! Жарын сатқандар,

Арын сатқандар Күні ертең

Туған ел, туған Отанын Сатпайды әсте дегенге Айтшы, Африка, сенем бе?!

Сен үшін,Африка,

Көңілімнің көк ала бұлтын жыртайын, Сөйтіп, міне, шырқайтын жерде шырқайын. Тәнін сатқандар,

Жанын сатқандар,

Жарын сатқандар, Арын сатқандар

Сені сатып кетпеуі үшін күні ертең, Мен олардың бүгін көзін құртайын.

О, Африка,

Айналмайын десең өртеңге,

Мұндайды әсте қалдырмау керек ертеңге!

МЕН – ҚАРАМЫН

Мен – Адаммын, Әрнені байыптаған,

Дүние тұр сұмдығынан айықпаған. Мен – қарамын,

Негрмін Алалағаны үшін

Ақ нәсіл арамтамақтарды айыптаған.

Қаралығым – Білгенге қасиетім, Қасиетім,

Емес ол қасіретім. Күнім туып келеді, Ей, нәсілдер,

Алдыма кеп менің де бас иетін.

Көңіліне жоқ болып қарау жұрттың, Қаралықтан мен талай алау жұттым. Белгісі емес –

Ақ нәсіл арлылықтың, Ал қара –

Белгісі емес қараулықтың.

Таң атқанда, Шұғыла тарағанда,

Тербетіліп тұрмадым тар алаңда. Күннің нұры алайда көп болады Егін егіп,

Жер жыртқан қара адамда.

Жер төсінде тер төгіп тұрақтаған Мен – қарамын,

Өн бойын күн аптаған. Жан шуағым көп болып, Сондықтан да

Жұртым менің кеудеме шуақтаған.

ӨМІРМЕН ҰСТАСУ

Күрестерде от жұтқан, алау жұтқан, Қыран – жастық,

Қайдасың алабұртқан?! Аспанымды жүгірдім тазартам деп

Қара бұршақ боратқан қара бұлттан.

Оқ атқаным үшін де құзғын – жауға, Тентіретіп жіберді бұл күн тауға.

Жан едім ғой елі үшін азап шеккен, Қақың бар ма ерлерді қуғындауға?!

Түнек болдың, қайтейін, қарғыс атқан, Қарғыс атқан ақшаға арын сатқан.

Жаудың сөзін сөйлеме, Сөйледің бе –

Жіби, сірә, қояр ма қаным қатқан?!

Сатқындардың көмегі арқасында Кейбіреулер толтырды қалтасын да. Африканы отарлап кейбір елдер Бара жатыр қалдырмай қаңқасын да.

Ендеше, сен өмір бол жалын атқан, Жеңіп шығып күресте дабылдатқан. Азаттығын халқымның қорғау үшін Борандатқан кезім көп, дауылдатқан.

Мен жеңемін, Тартады өрге өлеңім,

Жеңіс болып еліме мен келемін. Кері бұрам қайтсем де,

Кері бұрам

Әділетсіз өмірдің дөңелегін.

АФРИКАНЫҢ КАРТАДАҒЫ БЕЙНЕСІ

Африканың картадағы бейнесін Сұрау белгі деп те кейде жырладым. Африканың картадағы бейнесін Бұрау белгі деп те және жырладым.

Сенбейсің бе? Қарашы онда картаға,

Неге ұқсайды Африканың тұлғасы? Бейғам жүрген қолын салып қалтаға Жандар қайдан түсінсін

Болмаса егер мұңдасы.

Қасиетті құрылық қой Қасіретті өмірде

Талай ері мерт болған, Көкірегіне өрт толған. Сонда да оның кек оты Оқ жыланнан өрілген. Қарап тұрып картаға Ой ойлайсың не түрлі:

Бүкіл әлем сауырынан көрінген Бір құдірет көк табанша секілді – Өзін-өзі қолдаған,

Өзін-өзі қорғаған

Жаудан, сірә, шабуылдап болмаған.

Кім танымас мол жаралған күштіні, Қара мейлі тағы да

Тұра алмайсың ойланбай. Африканың

Көтеріліп кетпесін деп ыстығы,

Қос мұхитқа бір-ақ салып қойғандай. Бір жағында толқыса Үнді мұхиты, Жан секілді мұңданып.

Әлдеқайдан қайғы жүзіп жете ме, Бір жағында Атлант тұр

Мұздан көрпе қымтанып. Айдыны мол,

Айбаты мол қос Ана Көңіліне хош ала

Ұлы тарих қателігін жаймалап, Екі жақтан толқынымен құшақтап, Африканы жатқандай-ақ аймалап.

Өзгелерді таңырқатып, Таңдай суын жұтқызып, Қарашы бір

Картаға айналған далаға: Құрсағында әлемнің

Жатқан мынау бүк түсіп, Кейде Африка

Ұқсайды екен іште жатқан балаға.

Картадағы Африканың аумағын Және қара

Көкірегіңнен от өріп:

Европаның барлық ауыр салмағын Тұрған құрылық секілді Төбесімен көтеріп.

БАТЫЛ БОЛСА БАСТАУШЫСЫ

Ұқсамасын, ұқсасын тұлғам тауға, Ант еттім мен

Көр-жермен былғанбауға.

Жалаң қылыш мен болып көп сермелдім, Қарсы алдымда қасқайып тұрған жауға.

Кетеді деп елімді кім бөктеріп, Алағыздым кей-кейде дүрмекке еріп. Қайтем енді,

Африка тұрса алдымда

Алмағайып заманды күнде өткеріп.

Айыра алмай кей-кейде дос, қасымды, Не шалмады бұл жолда боз басымды. Жылайды деп бірге елім,

Әйтсе де мен

Көрсетпедім халқыма көз жасымды.

Ұлы күрес жолында жыламадым, Көмек сұрар жерде де сұрамадым.

Туым бірге жатардай жерде құлап, – Сүрінсем де,

Жер құшып құламадым,

Көңіл сырын қайтемін ашпағанда, Ажал жетсе бір белді жастанам да. Қай дауылдың өтінде мен тұрмадым, Күреске алғаш халқымды бастағанда?!

Шағылып та соғыстық, шайқалып та, Жеңіс туын барармыз Айға алып та. Батыл бола білсе егер бастаушысы, Батыр бола білген ғой қай халық та.

ОПТИМИСТІК ТРАГЕДИЯ

Қасірет көп,

Қасиет аз бұл күнде,

Содан жарқын естілмейді күлкім де. Қанша соғыс,

Қанша қырғын болса да,

Адам құрып жоғалмағы мүмкін бе.

Мүмкін емес,

Мүмкін емес десем де, Амал бар ма,

Қанды қырғын кешем де. Анголаның азаттығы жолында

Соғыс жүріп жатыр сұрғылт көшемде. Өлім жүріп жатыр сұрғылт көшемде.

Әрбір көше,

Әрбір алаң – қан майдан, Шыдатпай тұр,

Қиылмасын жан қайдан.

Қалай жүріп кеткеніңді білмейсің Аңырап кеп оқ тигенде маңдайдан.

Жау да күшті...

Бұрқан мейлі, бұрқанба,

Қанша боздақ жер жастанды бір таңда. Өмір үшін отқа түспей қайтесің, Автоматтар

Өлім сеуіп тұрғанда.

Елі, жұрты кекке малып шыңдаған Жан босаң да оқтан қорқып, қыңбаған. Кейде бірақ шыдамайды екенсің

Өмір үшін бір күндік

Өлім жүріп жатқан кезде мыңдаған, Өлім жүріп жатқан кезде мыңдаған!

БОЗТОРҒАЙ ЖЫРЫМ – ШЫНДЫҒЫМ

Жағу да қиын пендеге Жаралған небір жырынды. Ашынбайын мен неге Жұлмалап жатса жырымды.

Жендеттің шеңгел қолында Шыңғырып жырым жатқанда, – Өлмейін неге жолында Шайқасып сұммен ақ таңда.

Жендеттер барда өлеңім Оққа ұшпай, сірә, қалған ба?

Жарқырай қоймас өнерім Темір тор құрған жалғанда.

Сәби-жыр солай ержеткен Тағдырдың көріп сұмдығын. Өңірін әнмен тербеткен Бозторғай жырым – шындығым.

Көрдім ғой талай сұмдықты, Жайымды со бір кім білер. Атуға құмар шындықты Дүмбілез туған дүмділер.

Бір жерден, сірә, шығармын, Тік мінез жанмын өзім де.

Иілмен,

Сынсам сынармын Дөңбекшіп дүние көзімде.

ҚАРА БОЛЫП ТУСАМ ДА...

Қайғы шеккен, мұң шеккен тұл өңірде Өмір болып соғып тұр жүрегім де.

Қара болып тусам да мен анамнан, Қара бет боп қалмадым бұл өмірде.

Баладаймын көңілі далаға ауған, Рухын іздеп шарқ ұрған дара таудан. Қара болып тусам да мен анамнан Арым таза ақ қардай жаңа жауған.

Ұмтылғанда ұрандап жауға ашына, Талай түсті сақина сау басыма.

Қара деме мені енді, Шашымды көр

Шөгіп қалған ақ бұлттай тау басына.

Тағдырға ерте бұл менің қызынғаным, Ерітпек боп сірескен мұзын, қарын.

Қара деме мені енді, Өзгелердей

Буырқанған менің де қызыл қаным.

Қасіретті бергесін үйіп-төгіп, Көрінеді өмірің ұйық болып. Қаралықтан күйсем де кей жерлерде, Елге бірақ жүрмедім күйік болып.

Өз елімді сормаңдай халық көріп, Бергем кейде бір дәнді жарып, бөліп. Қара болып тусам да

Кетсем деп ем,

Қараларға Ақ Өмір алып беріп.

“ТЕҢІЗДЕ КӨТЕРІЛГЕН ЖЕЛКЕНДЕР” ТОПТАМАСЫ

ЖЕЛКЕН КӨТЕРГЕН ЖЫРЛАРЫМ

Теңіз бетін,

Айдынын өркен көріп,

Шыға келген гүлдердей өртеңге өріп, – Демалуға келгендер

Жүзіп жүрді

Ертесімен теңізде желкен керіп.

Желкендерді үйіріп ала қашқан,

Көк теңіз де құшағын далаға ашқан, – Адамдардың бірі боп кете бардым, Толқын болып толқынға араласқан.

Келе алмасам жол түсіп өткен күзде, Арманына жан болып жеткен біз де, – Құлашымды жүзгенде керіп тастап, Секілдімін туған жан көк теңізде.

Қарсы жүзіп желіне өктем күздің, Жүрегімен сөйлеген көктем-қыздың: Білгендерге ақ шаңқан мен бір желкен Көтерілген төсінен көк теңіздің.

ТЕҢІЗДІ КӨРМЕЙ ТҰРҒАНДА

Көңілімді сан мәрте жеңіс бөліп, Үлгердім бе, кім білсін, жеміс беріп? Теңіздерге тұрғанда сапар шекпей, Өзімді-өзім жырладым теңіз көріп.

Түссем де ерен қаншама өктем ізге, Кете алмадым айналып көк теңізге. Толқын болып соғылып жатты ашуым Өкпелеген жандайын көктем, күзге.

Ендеше, айтшы, Көгіне толқын атқан, Күндер –

Бұлақ белдерден орғып аққан, – Кісі аяғы баспаған жағалаудан Мені де кім кепіл шығармасына

Теңіз-арман кеудемде толқып жатқан?!

АЛТЫН ҚАҚПА

Көрмек болып жандарға жақын барған, Тас мүсінсің тіл қатпай салқын қалған. “Алтын қақпа” дегенде,

Мына сенің

Түйір тасың және жоқ алтындалған.

Айналайын алайда есіміңнен, Алтын алқаң қайда әлгі төсіңе ілген? Әр нәрсеге өзіңді ұқсатады

Әрі-бері өткендер есігіңнен.

Кейде шырқап, кей сәтте бұлаң қағып, Қонса қонар құзыңа қыран барып. “Алтын қақпа” аталып тұрған сенен Мен де оралдым өзімше сыр аңғарып.

Ырыс кетпей көк аспан – түндігінен, Қалай тұлға болады күнде үгілген. Теңіз суы аспаған тізесінен,

Кімсің, жаным, жұлынған кіндігінен?

Жанар оты жарқылдап шоқтай жанған, Ақ шағала – арманы көкті айналған, – Сірә, алып боларсың

Теңіз суын

Кешіп барып әудем жер тоқтай қалған?!

ҚАРА ДАГ – ҚАРАТАУЫМ МЕНІҢ

Асқарында ақша бұлт мамырлаған, Көк ала бұлт көгінен жаңбырлаған, – Бар десеңші қаншама Қаратаулар Жұмыр жердің төсінде дамылдаған?!

Сәлем бермей Қаратау атамызға. Бостан-босқа осылай жатамыз ба?! Қырымда да Қаратау бар екен-ау, Келе жатқан айналып аты аңызға.

Көк ала бұлт түспеген жетегінен,

Шың-құздарын қашанда жеке мінген, – Қара Дагды ұғарсың Қаратау деп Жағасынан теңіздің көтерілген.

Аңғар да көп бұл тауда шатқалданған, Әрбір тасы оқ болып жатқа арналған. Көкірегінде шежіре жатыр қанша

Жақпар-жақпар тастар боп қатпарланған?!

Сағынышын сары алтын мұра көрген, Омырауынан жосылып бұлағы өрген, – Қаратаулық туысым шығар, бәлкім, Қара Даг боп алдымнан шыға келген?!

ҚАРА ДАГПЕН СЫРЛАСУ

Жұлдыздарға бір қарап көгіңдегі, Қонағың боп сөйлесем төріңдегі. Қара Даг-ау,

Айырмаң жоқ қой сенің Қаратаудан

Қазақтың жеріндегі.

Орын алып осынау көк төрінен,

Қол үзбеген таусың сен көктеміңнен. Қаратауда өсетін барша жеміс Көрінеді жайқалып бөктеріңнен.

Самал есіп алдыңнан аңқылдаған, Қара Даг-ау, әр кеште салқындаған. Қаратаудың бүркіті емес пе, айтшы, Аспан жарып, көгіңде саңқылдаған?!

Қайта көктеп орманың селдіреген, Жастығыңды тауыпсың мөлдіреген. Қазақ қызы жолдаған шәйі емес пе, Құзыңдағы әне бір желбіреген.

Саған көшіп жанымның тыныштығы, Шуағың боп тарауда күн ыстығы.

...Қара Даг пен Қаратау неге ұқсайды, Жоқ болса егер таулардың туыстығы?!

ТАУДЫҢ БЕС САУСАҒЫ

Қара Дагтың найза қара бес шыңын жұрт “бес саусақ” деп атайды.

Автор.

Жай түскенде көгінен жамсатқалы, Солқ-солқ етіпті қаусап бәрі.

Таудың бірақ үлгерген жасынды ұстап, Шыға келген арбиып саусақтары.

Жағалауын соққанда солқылдатып, Жасынды әлгі жіберген толқынға атып. Су астында от шашып қала берген Тереңіне теңіздің жалқын батып.

Толқындардың сан өтіп елегінен, Сан жылдардың бірге өтіп белеңінен, Сол жасындар емес пе,

Кім біледі,

Сәуле шашқан теңіздің тереңінен?!

Жасын ұстап сүйегін шынықтырған, Бұл бес саусақ талайға сыр ұқтырған. Байқап қара!

Тең емес бес саусақ та

Иығынан көк таудың шығып тұрған.

ВОЛОШИН ЗИРАТЫНЫҢ БАСЫНДА

Ірісің бе,

Жоқ әлде көптің сен де бірісің бе?! Түрлі-түрлі құпия жатқан жоқ па, Жұрт күтпеген осынау түрлі ісіңде. Бірақ кейде

Өлген соң да елене қоймайды онша Жақсылық көрмегендер тірісінде.

Қойдың ба естен

Сен болсаң танбасыма,

Таудың өзін салыпсың жамбасыңа. Елің сені жерлепті

Тірілердің

Көбісі шыға алмаған тау басына.

Ақ желең жел сол тұстан есіпті ерен, Дәурен болып көгіңнен көшіпті өлең. Тау басында қабірің тұрған болса, Қабіріңнің басына өсіпті емен.

Қайта жағып жұлдызды көктен өшкен, Самал болып жүзінен көктем ескен, – Қабіріңнің басына өскен емен

Шығар, бәлкім, жаныңның азаттығы Тесіп шығып мүрдеңді көктеп өскен?!

Күн шуағын ол-дағы жиыпты өтіп, Болды, әйтеуір, жүрмесе күйіп кетіп.

...Биікке өзің жерлену арқылы да Тұрсың, міне, ел рухын биіктетіп.

ВОЛОШИННІҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ

 Волошинмен бірге аты-жөні белгісіз басқа адамдар да биікке жерленген.

АВТОР.

Сен туралы жыр жазамын әлі де, Саған ғашық жастар түгіл кәрі де.

Бір шындықты айтпай бірақ тұра алман Терең ойлы көз жіберіп әріге.

Биік жандар емес шығар, сірә да, Биіктерге қойылғанның бәрі де.

ТӨМЕНДЕ ЖӘНЕ БИІКТЕ ЖҮРГЕНДЕР

Асау қаның ойнақ салып денеңде, Жөн сұрайтын кезің болса менен де. Рухы аласа жандар емес деп айтам Жүргендердің бәрі бірдей төменде.

Шындықты айту – Күйініп те, күйіп те,

Менің ғана еншіме әлде тиіп пе... Рухы биік жандар емес деп айтам Жүргендердің бәрі бірдей биікте.

АҒЫП ЖҮРМІН

Күнім күліп тұрғанда заңғар көктен, Күндерімді есептеп алға кеткен, – Жан болам ба деп кейде қорқушы едім Теңіз жүзін бір көрмей арманда өткен.

Келіп едім,

Қарсы алды жайып құшақ,

( Кетті есіме кең пейіл Жайықты сап). Толқындарын қақ жарып ағып жүрмін, Желкен керіп жүйткіген қайық құсап.

Ағып жүрмін төсінде жөнге көніп, Құлашымды,

Арқамды кеңге беріп, – Дөңгеленген Дүние секілденіп, Жатқасын да бұл теңіз дөңгеленіп.

ТАУДАҒЫ БАЛАЛАР ЛАГЕРІ НЕМЕСЕ СОНДА ДЕМАЛҒАН ҰЛЫМ ТУРАЛЫ

Сенен өткен мен үшін бар ма көктем, Ғұмыр – жырын өзің деп арнап өткен. Ұлым, тауда демалып жатырсың сен Таусыз жердің тұрғыны арман еткен.

Көгінен нұр қоймаған жаумасына, Лагерь екен орнаған тау басына.

Көктем болып қараған, өмір болып, Сен секілді өмірдің жалғасына.

Жан болмасаң сен де бір есі кеткен, Қарай берме күндердің көшіне өткен. Тауда туған тау ұлы сияқтысың Алатаудың бір шыңын бесік еткен.

Қайраттанып, сол сәтте қуаттанып, Құзға өрлейсің көңілің бұлақтанып. Қыздырынып артынша отырғаның Тау басына шыққандай шуақты алып.

Жаралғандай бұлттардың от демінен, Лагерің тұр жарқырап көк төрінен.

Айналаңа көз салып жүрсің бе, ұлым,

Тау басынан

немесе

бөктерінен.

Асқарлардан шырқалып асқақ әнің, Жақсы, әрине, дауылды жасқағаның. Арманды ұлым!

Бұл сенің шығар, бәлкім, Биіктерден көз сала бастағаның.

“ҰЛЫМА ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН” ТОПТАМАСЫ

Айналаңды кең шолып дүрбімен де, Тыныштықтың не екенін білдің демде. Жүрсің өтеп әскери міндетіңді, Мақтан етіп өзіңді жүрмін мен де.

Ақтаймын деп сенімін бар адамның, Ерге өзіңді ұнайды балағаның.

Қызмет етіп әскерде жүрсің, ұлым, Ол – сенің ел қорғауға жарағаның.

Сенің әлі еншің бар бөлінбеген, Сақта өзіңді –

Мұқалмас елім деген.

Кейбір жітіт қиыннан қашқақтайды Сақал-мұрты жаңадан тебіндеген.

Ақтады-ау деп үмітті ер жеткенде, Шын қуандым жол жүріп сен кеткенде. Ел қорғайды дегенге қалай сенем

Бас тартқандар әскерден, Еңбектен де.

Құр сандалып Алматы көшесінде, Жүргендерді, япыр-ай, кешесің бе? Сыйламаған Отанын, туған елін Сыйламайды өзінің шешесін де.

Кепкен көндей тырысып қас-қабағы, Кезетіндер күн-түні астананы, –

Наша шегіп,

Өзгеге дертін жайып,

Уландырды қаншама жас баланы?!

Үлгермеген әлі де өмір көріп, Қаламыз деп қанша жас жеңілденіп, – Алматының жүр, әне, көшесінде Арақ ішіп алдамшы көңілденіп?!

Жел айдаған қаңбақтай белден белге, Қоныс таппай көшеді елден елге.

Өз орынын таба алмай бұл өмірден Қаншама жас түсіп жүр сергелдеңде?!

* * *

Отаныңа қызмет ет – ерінбегін, Жалқау болсаң көзіме көрінбегін. Шындық үшін шырылдап егестің бе, Қайда жүрсең онда жүр – жеңілмегін.

Жеңілмегін және де жеңілмегін, Берілген жоқ кісіге өмір тегін. Көңіл күнің ешқашан сөнбек емес Тұрған кезде жарқырап көгіңде күн.

Көтеріліп шыққанда талмай белге, Маңдайыңды тоспайсың қандай желге?! Ендеше, ұлым, торығып қорықпа да Жүр екем деп шеткері –

Шалғай жерде.

Жазба бірақ жас жігер талабыңнан, Кірбің көргім келмейді қабағыңнан. Өз жеріңде жүрсең де

Ғажап емес

Жаурайтының сыз өтіп табаныңнан.

Жүзің жарқын, Қуанам сеземін де,

Күзетке де шығарсың кезегіңде. Оңай деме өмірді, –

Өкінтіп те,

Кейде от боп жанады өзегіңде...

* * *

Кірмесең де ұрандап дабылға әлі, Енбесең де екпіндеп жалынға әлі, – Қандай қиын кезде де мойымайтын Адам рухы адамның табынғаны.

Назар салмай, көз салмай түлкісіне, Ене білдің екпіндеп жұрт ішіне.

Кім-кіммен де достасып кеттің, ұлым, Ұлтына да қарамай, түр-түсіне.

Сыз өтті деп күзетте табанымнан, Сезілмесін сәл кірбің қабағыңнан. Өмір сынды әскер де бір мектеп қой, Қала көрме мектептің сабағынан.

Ер-азамат болғасын атқа мінген,

Қай сабақты жақсы ғой жатқа білген. Сен секілді анадан туған шығар Сапқа кірген сарбаз да, сапқа кірген.

Қырағы бол алысты кең шолатын, Еңку-еңку төске өрлеп, жер шалатын. Аттан енді өзің де түспессің-ау,

Елің – аттан түспеген ел болатын.

Бір тектілік болса егер мінезіңде, Қыран көз бол ғаламның күресінде.

Қырағылық бәсеңсіп кетіп еді,

Не болғанын, ұлым-ау, білесің бе?!

Ардан өзге қажет пе адамға көп, Қорқам кейде ұятқа қалам ба деп. Ұмыттың ба, ұлым-ау, жас баланың Самолетпен қонғанын алаңға кеп.

Жігіт те емес бір қызды құшып көрген, Ұстар еді соңына түсіп берген.

Шептегілер сәл мызғап кетпесе егер Шептен өтіп,

Қалайша ұшып келген?!

Шептен өтіп, шулатып мазаны алған, Бала, әрине, ұзамай жазаланған.

Білем десең, ендеше, Осы жолы

Әке боп та сөз айтам назаланған: Мүмкіндік жоқ қырағы болмауыңа Жаулар барда жер бетін тасаланған.

 * * * Қалтамда, ұлым, жүр әлі Қаламсап өзің сыйлаған. Қазақтың тумай бір әні, Мені де көптен қинаған.

Сол әнді жазып шығам деп, Үстелге төндім жайғасып. Ақын да қызыл шынар деп, Қиялым кетті Айға асып.

Отырмын Іле тұғырдан

Ұшатын құстай қомданып. Шыға алмай бірақ шығырдан Қоямын оқтын толғанып.

Кеудемнен тұлпар дүбірлеп, Көкірегім бейне толы ағын, – Толғана түсіп күбірлеп, Өжет жыр жазған боламын.

Түнерген күндей күркіреп, Көк бұлтты неге тілмеймін. Жететін шауып дүркіреп Шабытым қайда?

Білмеймін.

Қаламсап зырғып тұр бірақ Жан балам, өзің сыйлаған. Жыр жазсам деп ем құндырақ, Сол болды-ау мені қинаған.

Қалды ма, бәлкім, барлығып Жүрегім атша тулаған?

Кеудемнен, әттең, зар ғылып Ән болса қайтем тумаған?!

Тұрып та кеткем орнымнан Ызадан сұмдық жарылып. Сол кезде Айым оңымнан Туғаны бұлттан арылып.

Тумаған әнді мін көрмей, Шабытқа жаңа кенелгем. Жайғасып қайта үлгермей Қаламсап зырғи жөнелген.

Жанды ма қызу денемде от, Нұр толды кенет көзіме... Сен берген қалам өлең боп Қайта ұшты, балам, өзіңе.

* * *

Қорғасаң да ақ жүрек адалдықты, Естен, сірә, шығарма арамдықты. Жақсылардың түбіне жетіп жүрген Оңай деме аярлық,

Жамандықты.

Мәңі-бақи Шындықты жеңбесе де, Алшаң басып жүреді кең көшеңде. Шоңайнадай шошайып және өседі, Қабір қазып,

Қаншама жерлесең де.

Қайта-қайта жұғысып әр күйеге, Тие берсе қайтесің жан-жүйеге. Айта алмаймын елге опа береді деп Көнбегендер тәлімге,

Тәрбиеге.

Не жоқ дейсің кең байтақ даламызда, Аярлар да бар әлі арамызда.

Кісіліктен жұрдай боп барамыз ба, Қалыптасқан бір кезде санамызда?!

Кім біледі...

Жүрген бір шалқып көптен

Төрт-бес бала Кеңсайға тартып кеткен. Барған бойда қиратқан бейіттерді, Жүзімізді зауалдай шарпып өткен.

Тапап өскен азамат, кісілікті Жұқсыздар ма жұлымыр күші мықты. Ескерткішті құлатып, қиратқанын Батырлық деп,

Ерлік деп түсініпті.

Ата көрген сөйте ме, ана көрген, Ескерткішті шетінен шаға берген. Бұдан гөрі жақсы еді

Жақсы ит құсап

Тірі жанға көрінбей далада өлген. Тағдырда қайдан ес болсын

Қара бет қып

Әке менен шешеге бала берген?!

ҚИРАҒАН ЕСКЕРТКІШТІҢ АЗАСЫ

Арқа сүйер артымда халқым барда,

Көңіл, шіркін, қайғы ойлап салқындар ма?! Сексенге кеп серейіп көз жұмсам да, Айрылмаған жан едім нарқымнан да.

Күндерімнің нұрынан қуаттанып, Елге жетсем шұғыла, шуақты алып, – Азаттықты аңсаған

Ұран салып,

Атқа қонған бар қазақ құлақтанып.

Қан да төктік сол жолда, жан да бердік... Орнады елге Бейбіт күн тұрақтанып.

Көз жіберсем сол жылдар жалғасына, Жүгіріппіз ұмтылып алға асыға.

Шойын жол боп тартылып, Төс те боппыз

Бесжылдықтың соғылған Балғасына.

Одан бері Батыстан өрт тұтанып, Аңыраған оқ ұшты көкті жарып. Ажал боп та, қаһарлы аяз боп та Бүкіл елді, жүректі өтті қарып.

Сонда жаудың шүйіліп төбесінен, Қақырата сөктік-ай көбесінен.

Самолеті оққа ұшып қырғауылдай, Суға батты сұм жаулар кемесімен.

Қай жауға да сүңгіні салдық толғап, Қара бұлт боп аспанын алдық торлап. Жер жастанып қынадай қырылсақ та Болашақты,

Ұрпақты қалдық қорғап.

Сол соғыста өтпеді күнім текке, Мақтана алам жеткенше тілім көпке. Жеңіс болып оралдым мен де еліме, Ол жаудың да ұшырып күлін көкке.

Аман-есен оралып тұрағыма, Еңбек сауған айналдым бұлағына. Жарық болып енсем деп

Және айналдым

Шамы сөнген үйлердің шырағына.

Маңдай термен ырысым мың көктеді, Терім құрғап, маңдайым бір кеппеді. Құрметтедім елімді,

Ел де мені Азаматым,

Ерім деп құрметтеді.

Жорта сүйреп өтсем де басымды өрге, Көрсетпедім тірімде жасымды елге.

Көз жұмғанда жұрт болып Сүйегімді

Қойды әкеліп арулап жасыл белге.

Өзін ерен көрсетіп сынақта да,

Серттен таймай жүрген деп жырақта да, – Мәрмәр тастан қашалған мүсінімді

Және орнатқан ел болып бір аптада.

Туған елдің бейнемнен мін тақпаған, Кезі бар ма кеудеме гүл тақпаған.

Төрт-бес бала соқты-ай кеп лом темірмен Көзі аларып, мойыны бұлғақтаған.

Үлгермедім еліме есеп беріп,

Кете бардым шарт сынып, кесектеліп. Есек артық бұлардан деп ойладым Біреулерді жүрсек те есек көріп.

Кім жол берді осынша есіруге, Жер бетінен айналды өшіруге. Қарағанда бұларға

Болады екен

Иттердің де иттігін кешіруге.

Пері де өлген заманда, сайтан да өлген, Өніп-өскен зұлмат па қайқаң белден?! Аруақты қорлаған, мазақ еткен

Бұндай сұмдар, ойпыр-ай, қайдан келген?!

Жұлдыз жанбас десек те сөнген көзде, Не пәлекет көремін өлкемде өзге.

Даң-дұңы көп беймаза ғасырдан ба, Тыныш та жата алмадық өлген кезде?!

“БӘЙТЕРЕКТЕР ЖЕЛ ӨТІНДЕ ТҰРАДЫ” ТОПТАМАСЫ

УАҚЫТ

Көтеріліп мінбеге, Айтпақ болсаң бірдеңе Бәрі бірдей жабылып:

  • Ойбай, – дейді, – үндеме.

Онда адамға беріледі тіл неге?! Көтерілмей мінбеге,

Айдын болмай, Айналам ба жүлгеге?

Қалың жұртқа жақсы атты боп көрініп, Жүргенім жоқ ұмтылып мен жүлдеге. Шындықты айтқан кісіні

Жапты қашан түрмеге? Осындайдан тұтылады екен-ау, Тұтылады десем кейде күн неге?!

Әділеттің Туын берік ұстаған Ар-ұятым айт дейді:

Қаламың да өткір болсын ұштаған, Ойлансаң да бір апта,

Айтар сөзің бірақ та,

Мақтасы ескі киім сынды болмасын, Сыртын жаңа матаменен тыстаған.

Ендеше, ей, жарандар! Дүниенің сұмдығын,

Көкірегіңде шырылдаған Шындығын Ақиқаттың атынан

Айтатұғын Күн бүгін.

Үй тонаған ұры жоқ па бұл күнде,

Кісі өлтірген сұмдар жоқ па бұл күнде? Қазынаның есебінен байыған Арамтамақ, жемқор жоқ па бұл күнде? Бәрі де бар,

Әлі де бар, Ендеше,

Соларменен күрес ашпау мүмкін бе?!

Ардан безген алаяқ жоқ па бұл кезде, Жаннан безген арамза жоқ па бұл кезде? Анадан безген сұмақай жоқ па бұл кезде, Баладан безген сұмырай жоқ па бұл кезде? Соның бәрі кірбің тартып тұр көзде.

Соны тізіп айтпақ едім білгесін, Жұрт алсын деп ажыратып іргесін.

  • Үндеме!.. – деп сөйлетпеген жанығып, Енді ойласам,

Солар болып жүрмесін.

ШЫНДЫҚ

Біреулер кеп,

Буғанда жыр көмейді,

  • Ашылма, – деп кеудемді түймелейді. – Шырылдаған Шындықты бетке айтам деп, Құрып кетіп күні ертең жүрме, – дейді.

Қан тулатқан білмеймін шабыттан ба, Қу тіршілік кигізген қамыттан ба?

Кейде айтқым келеді бәрін... бәрін, Сескенбей де қорықпай тамұқтан да.

Жаратылған жан болып тақыл еттен, Көп жақсылық көрсем де халық, көптен. Ата Шындық іздеген тау жүрегім,

Біле білсең, мені де ақын еткен.

Әлденеден жабысқан беріш нелер, Күйзелгенде мұңымды бөлісті өнер. Адамдардан тазалық мен іздедім, Бұрын-соңды елестеп періштелер.

Шындық қымбат қашаннан алтыннан да, Айтпауға оны алайда хақым бар ма?

Қаншама жыл көлгірсіп ғұмыр кештік, Ұят демей туған ел, халқымнан да!

Дүкендерде сатылмай арақ көптен, Күшейген де жоқ шығар талап тектен. Арамызда зұлымдар жоқ деймісің, Шаштан сүйреп Шындықты сабап кеткен.

Айласы көп бір өзін қатпар көріп, Жайғасқандай сенімді атқа берік, – Келді, ендеше, қанша жан қоғамды алдап Жалған сөйлеп,

Өтірік акпар беріп?

Арман – мұңды кезінде елге де ашпай, Тұрып қалдық тағандап, өрге баспай. Жер бетіне Шындықты сепкен жақсы, Ойға-қырға сүйрелеп желге шашпай.

АДАМДАР-АЙ!

Бірімізге-біріміз сес таныта жүреміз, Оны өзіміз және жақсы білеміз.

Кісілікпен келгендерді Сыртынан

Кішірейтіп жібердік деп күлеміз. Біздер қашан адам болады екенбіз? Бірімізді-біріміз ренжітеміз бекер біз.

Не жетпейді бүгінде?

Жарқын-жарқын естіледі үнің де. Қысастықты тыймасаңдар, ағайын, Содан, бәлкім, құрисыңдар түбінде.

Неден болды,

Неден шықты бар пәле? Қарасамыз оқты көзбен зәрлене. Дүниенің кеңдігінен не пайда,

Қыж қайнаған іші құрғыр тар неге?!

Біздер және бір-бірімізді сөйлеткіміз келмейді, Неге бұлай?

Түсінбеймін,

Сен бе мейлі, сен мейлі.

Бар ғұмырын өткізсе де айтысып, Жөн сөзге тіпті көнбейді.

Себебі

Бәрі бірдей данышпан, Бәрі бірдей арыстан.

Сондықтан да бір-бірін Ешқашанда жеңбейді.

Түсінісе алмай қателескендерін айтып кезінде, От шашырап көзінде, –

Бәрі бірдей кінәлайды уақытты, Барлық пәле жатқандай-ақ мезгілде.

Уақыт солай болды деп,

Бәрімізді шарыққа сап жонды деп, Іштен тынып жүре бермей ұғынысып, Міне, енді көңілміз толды деп,

Алма-кезек көкіректерінен сыр ашып, Жарасады

Кешірім де сұрасып.

Серуенге бірге шығып алаңға, Татуласып жарасқан,

Не айтасың адамға, –

Бір-біріне деген өкпе, кінәнің Бәрін түгел арта салып заманға?!

ӘДІЛЕТ АЙҒАҒЫ

Келер күннің жүрсек те таңын бағып, Шықтық талай асығыс дабыл қағып. Өз шешімін ұзамай қанша өзгертті, Талай шешім кезінде қабылданып?

Отты күнмен көздері шағылысып, Жете берген құстардай бағына ұшып, – Кетті қанша қателік асығыстан,

Түйін таппай тұрғанда жаңылысып?

Сөз болғанда тағдыры бүгінгі ердің, Айтқаны жөн қашанда үкімді Елдің.

Қаншама үміт қиылды Кесірінен

Туа салған ат үсті пікірлердің?

Күннің нұры жанса да көзімізде, Жаңылыстық кей-кейде өзіміз де. Түзу жолдан ауытқып кете жаздап, Түзелді әзер қайтадан көшіміз де. Жүріп өткен жолдарға қайта үңіліп, Алсақ егер, ей, достар, есімізге.

Не сұмдықты көреміз қарауытқан, Алмағайып зауалдай алабұртқан. Арылмаған сәттер де сап түзейді, Балалықтан және де шалалықтан.

Мұнарланып көз алды, сағымданып, Сұлай кеткен қарттайын жанын бағып, – Подвалға тығылған архивтерден Түрегелді Шындықтар шаңын қағып.

Тұрған кезде сейілмей тұмандары, Небір ерді халықтың туған бәрі.

Сұңқар Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер –

Ғалам кешкен сұмдықтың құрбандары!

Көрінбейді іздесем таныс бақтан, Қос жебесі елімнің алысқа атқан, – Ораз қайда?

Ендеше, Тұрар қайда?!

Көзін құртып жоймаса барыс – қақпан.

Құрбан болып солардың кеткеніне, Түсінбеймін,

Көз салсам өткеніме.

Жабыларға неге, айтшы, тиіспейді Кезең болса аумалы-төкпелі де.

Зауал туып қалар деп қай жағымнан, Елді айыру не сұмдық қаймағынан?! Түсінбеймін,

Мен әлі айыққам жоқ, Айықпасам Әділет айғағынан.

КЕШ АЙТЫЛҒАН ШЫНДЫҚТАР

І

Көз жіберсем халқымның өткеніне, Ғұмыр бойы зар-жапа шеккені ме?! Алмағайып заманды көп өткерген Қол созса да жете алмай көктеміне.

Былай қалып тәңірдің қолдағаны, Жапа шеккен зар-мұңы – сондағы әні. Аузы аққа жеткенде күні туып, Мұрны қанап,

Халқымның сорлағаны.

Өзегіме құйды әкеп запыранын, Күл түстеніп өртенді жапырағым. Қасіретті бұ қазақ аз шекті ме, Ортасына түсірген шаңырағын?!

Халқың жатса аштықтан бұратылып, Бұлқынады екенсің мың атылып.

Сол суреттер Қасірет көштеріндей

Көз алдымнан өтуде шұбатылып.

Сорлаған жоқ күн нұры – жарық жетпей, Аңыраумен күн кешті зары көптей.

Неге бұлай,

Қай оқ та тоқтамаған

Көк аспанын тілгілеп, жарып өтпей?!

Сөгілсе де сан мәрте көбесінен, Танып әсте көрмеді ел есінен. Көзге ілінген қай бұлт та Төнген талай

Түсірмек боп жай отын төбесінен.

Жаста мынау жанымды жалындатқан, Бір мұңымды бір мұңым қалыңдатқан. Жер бетінде қасірет қанша болса,

Сонша азаптың өр халқым бәрін тартқан.

Дала халқы тірліктің қамына еріп, Ала шапқын тобырдың шаңын көріп, Бір пәлекет төнді деп,

Жан сақтады

Өріс толы төрт түлік малын беріп.

Түгел алды сыпырып елдің малын, Алса – алсын,

Қайтерсің жер қылғанын?! Ел қорғаған ер жігіт айдалада

Жаяу қалды арқалап ер-тұрманын.

Бұл-бұл ұшып күндері шат көрінген, Намыс – семсер сол кезде қақ бөлінген. Ерлік қоса түскендей сыпырылып, Түскен күні ер жігіт ат белінен.

ІІ

Жотасына көрмеген қамшы батып, Жетілгендей ел-жұрты сан жылатып, – Бір шоғыр топ келді де,

Ата берді

Ауыл итін шетінен қаңсылатып.

  • Бұйрық, – дейді. Бұйрыққа амал бар ма?

(Билік тисе осы ғой жамандарға). Ит атаулы оққа ұшып сұлап жатты, Не жаздым деп ақ ниет адамдарға.

Бақа көзі тіміскіп алақтаған,

Ит атқыштар ай-шайға қаратпаған. Небір көкжал төбеттер оққа ұшты, Небір көкжал бөріні тамақтаған.

Сол көрініс дерт болып жанымызға, Қадалады шаншу боп Арымызға.

Көкжалдылық даламнан жоғалмаса, Жанкештілік сіңбес-ті қанымызға.

Қызыл, жасыл түспеген көкке өрнегі, Көп-ау бастан елімнің өткергені.

Енді ойласам,

Бұ қалай сұм тағдырдың Иттерін де өзіне көп көргені?!

ІІІ

Күндер еді жортпаған жал, құм көшіп, Тоңдырмаған алдынан салқын есіп.

Дала жұрты бір жасап қалған еді, Белуардан көк майса шалғын кешіп.

Жазира боп жайылып пүліш кілем, Жүріп келе жатасың нұр үстімен. Қайда бар ма көкпеңбек...

Бар тіршілік

Сезінген-ді алғандай тынысты кең. Жүріп келе жатқандай нұр үстімен.

Бұның бірақ сұм тағдыр есесіне, Қатық таппай сарылған көжесіне. Дала жұртын және бір сансыратты, Жаятұғын жайылымға мал табылмай, Тама берген көз жасы кесесіне.

ІҮ

Өшірмек боп қайғы ізін жүректен де, Тілеп неге жүрмесін тілек пенде?

Сол тілекпен далаға егін екті, Жыл өткенде арада, жыл өткенде.

Егін еккен жұртшылық – көпті көріп, Көк те нұрлы жаңбырын төкті келіп. Бітік егін жайқалып өсе берді, Суырса да құм боран тепкіленіп.

Бақыт, сірә, табарын жер бетінен, Заман заман болғалы ел де білген. Бітік өскен егінге орақ салды, Самал желмен найқала тербетілген.

Шоң даланың бейне ұқсап кеудесіне, Қызыл қырман орнады кең төсіне.

Алтын дәннен алтын тау көтерілді, Көкшіл аспан айналып жейдесіне.

Ақ түйенің қарыны жарыларда, Тізгін берген кім екен жабыларға?!

Дүйім елді бір үзім нанға зар ғып, Дүние, шіркін, мұншама тарынар ма?!

Кірсін дей ме қараңғы көрге өңмеңдеп, Ұғындырмай қыр-сырын елге жөндеп. Голощекин далаға ызғар шашты:

  • Бір түйір дән бұ жұртқа бермеңдер,-деп.

Бастық болып келгенін бұлдана ма? Жүзін жылы бұрмады бір балаға.

  • Революция орнатам, – деп те бөсті, – Көшпенділер жайлаған қыр, далаға.

Қара құстай қанатын жайып қалып, Қайдан келген пәлекет ғайыптанып? Он тал масақ үшін де

Қаншама жан

Кете барды он жылға айыпталып?!

Ел-жұртыңды жылатса астық бермей, Жүрмекпін бе жауыздық, қастық көрмей. Бүкіл дала былай деп күңіренді:

  • Аштық келді-ау еліме, Бастық келмей.

Сұр даламда бөрі ізі шиырлаған, Астық артқан паровоз құйындаған. Тарих бұндай қыр елін көрмепті әлі, Өз ырзығы өзіне бұйырмаған.

Ү

Жандайшаптар жағынып бастыққа еріп, Ел-жұртына бермеді астық бөліп.

Голощекин ызғарын шашып өткен Кең даланы қусырды аштық келіп.

Қайғы-мұңын аштық кеп таратқанда, Қаншама адам қырылды қарлы ақпанда. Өлілердің денесі дір еткен-ді Көмейінен запыран зар атқанда.

Шежіре айтқан әріден сөз сабақтап, Ата қанша сұлаған көзі алақтап?!

Қарайғанның бәрінен қайыр сұрап, Әже қанша қос қолын созған ақтап?!

Бір үйлі жан бір өзін аспан көрген, Әке қанша тентіреп аштан өлген?! Аштық деген сұм зауал болған жоқ па, Кім-кімге де төбеден, бастан төнген?!

Шыға қоймай емшектен бұлағы атып, Қасіретке белінен туа батып, – Аштан өлген ананың құшағында

Сәби қанша көз жұмған жылап жатып?!

Қарт адам да қырылды, жас адам да, Қолдан қайғы не түсті жасағанда?! Іші кеуіп қанша адам жер жастанды Шөптің дәнін уыстап асағанда.

Намыс отын суарып шыңдап алған, Жігіттер де жанарын мұңға малған. Жансақтауға жаужұмыр қазып жеп те, Елін бастап шөл дала – құмға барған. Ал солардың қаншасы білемісің

Шөл қысқанда көмусіз құмда қалған?!

Қиналғанмен жұрт қанша жеріп іштен, Ақ қайыңның көз жасы – сөлін ішкен. Сол күндері домыққан сұр төбелер Құба жердің аштықтан беті ме іскен?!

Бергесін бе, әйтеуір, сабыр көпке, Ғұмыр кешті шөп жеп те, тамыр жеп те. Аштық жылы өмірі ұмытылмайды,

Кең даламда сыңсыған қабір көп те.

Жер бетінен ырзығын іздеп өткен, Боздақ қанша тентіреп түзге кеткен?! Топырақтан аршылған бас сүйектер – Ескерткіштер

Сол жылдан бізге жеткен.

ҮІ

Неге сонша қыр жұрты ашығады, Ерте неге семеді ғашық әні?

Жел тұрса да уығын сықырлатқан Қашан... қашан зобалаң басылады?! Жауап бар ма

Аспаны қыр елінің

Қашан... қашан мәңгіге ашылады?! Бәрі жетіп тұрса егер, айтыңдаршы, Қызғыш жаным неліктен ашынады?!

Неге, неге қыр елі жыламасын, Көзін неге көл етіп бұламасын? – Ресторанға қыздарын ертіп барып, Жеп жатса егер біреулер сыбағасын.

Анасы артық емес-ті анамыздан, Баласы артық емес-ті баламыздан.

Халқым неге қызығын көрмейді, айтшы, Шыққан байлық болса егер даламыздан?!

Түсінбеймін, Келмейді түсінгім де,

Ұшпай мәңгі қойса да құсым мүлде.

Шыбындайын қырылған елді ойласам, Төменшіктей береді жүзім күнде.

Талай зауал көгінен төніп көрген, Момын жұртым неге де көніп келген. Демократия!

Жасай бер, Мәңгі жаса,

Елдің мұңын айтуға ерік берген.

ҮІІ

Теңізден де тепсініп жүзіп өткен, Күштілердің жүзі кеп, жүзі кеткен. Дала жүзі алаулап шыға келді Голощекин түскенде қызметтен.

Өзендері жаңылған ұлы ағыстан, Бүкіл дала егілді қуаныштан.

Жандайшаптар өзімен бірге кетті Голощекин алдында құрақ ұшқан.

Сұсты айбынмен таратқан ызғар бөліп, Жыра, сайға жоғалды мұздар еріп.

Көкжиектен күн көзі күлімдеді Жамандықтың ғұмыры қысқа келіп.

Дүниені кезі жоқ шын сезінген, Қайдан шолсын алысты тұл көзімен. Ұлан-ғайыр даладан кеткен-сынды, Еріп келген аштық та бірге өзімен.

Ісі жоқ-тын өлімнен басқа білер, Елім әлі жонынан таспа тілер.

Голощекин атына қарғыс айтып, Бой көтерді жамырап тас қабірлер.

Күнің туар жалауы желбіреген, Мейірім боп та, шуақ боп елжіреген. Обалдарың сол сұмға, көз жастарың... Қабырғалы қалың ел селдіреген.

Жайма-шуақ көктемнің лебі де еспей, Күндер зулап өткенде көз ілеспей, – Тұралатып сол сүргін жіберген бе, Келеді әлі ел-жұртым өніп-өспей?!

ҮІІІ

Іші, сырты білмейтін арайлана, Бұндай жандар барғанмен талайға да, Басшылыққа жетеді қалай ғана?

Әттең, шіркін, түсіріп өсірсе ғой Жүрегінің тынысын шарайнаға.

Қарау ниет жандардың қаны қара, Тәтті бірақ өзгеден жаны ғана.

Бәрін, бәрін айнаға түсірсе ғой... Қамыға ма, өрекпіп жаныға ма?

Құзар шыңға қырандай самғап барған, Алға шығар азамат саңлақтанған, – Айнадан да ажарлы көрінер-ді Қасиетпен бойында сақтап қалған.

Қылау жұқпай айнадан өткендерді, Өсірсе ғой таң ғылып көк пен жерді. Жер бетінен,

Елдің де келбетінен

Тұрар еді мәңгі есіп көктем лебі.

Басшың қандай болса егер қосшың сондай, Тең келсе игі бір таудың қос шыңындай.

Елім, сірә, түзелер деп ойлама,

Ел сұраған алдымен басшың оңбай.

ІХ

Сойқан кездің ізі өшпей еш жүректен, Содан бері арада бес жыл өткен.

Жоғарыдан естілді суық бір үн,

Тау басынан құлаған көшкін неткен?!

Жеткендердің бәрі де биіктерден, Қолдау тауып жатқанда сүйікті елден, Жоғарыдан естілді суық бір үн

Не пәлені ішіне түйіп келген.

Жау жоқ жерде жау тап деп жалаңдаған Бұйрық жетті –

Ел ішін арамдаған.

  • Жау саналып қамалсын абақтыға Кешкілікте жан болса қараңдаған.

Шыға жаздап алайып көзі үрейден, Берия тұр қадалып тесірейген.

Секілденіп жан алғыш әзірейіл Бір бүйірден Ежовы ежірейген:

  • Күн туар деп қорықпай ертең қандай, Кіріскен жөн құлшынып елден қалмай. Халық жауын көп ұстап жоспарланған Тыншымас-ау көңіл де орден алмай.
  • Жазығы ма езіңді ер қылғаны, Ұйыстырып еліңді ел қылғаны, Азаматты күйдірме өр тұлғалы. Қайдан тауып ұстаймыз сонша жауды, Жауға айналып кетпесе елдің бәрі?

Жан табылмай бұған да құлақ асқан, Құлақ асса –

Кетердей құлап аспан.

Зауал туды, амал не, қай достар да Бір-бірінен сескеніп, тұра қашқан.

Жұртым неге аңырап боздамасын, Қара дүлей күзетсе босағасын.

Баз біреулер қарақан басын қорғап, Айдатты да жіберді дос, ағасын.

Ұсақталған кез бе еді, майдаланған, Намыс-жігер,

Ар-ұят қайда қалған?!

Кетеді айдап алдаспан жігіттерді, Келеді де жорғамен тайпаланған.

Жаңылыспай, Жаңылмай бір күйінен,

Сұр адамдар үстіне сұр киінген, – Келеді де,

Алға сап кетеді айдап,

Жалпақ елге кім болды бұлт үйірген?!

Аласапыран жер үсті лаңданып,

Жұрт сарсылды көз алды тұманданып. Темір тордан, қайтесің, бір-ақ шықты Жаңа қонған құзына қыран барып.

Ерлер кілең жазылған Айға аттары, Не болғанын үлгермей байқап бәрі, Жерге сіңіп жоғалды

Сыпырылып –

Ата жұрттың бетке ұстар қаймақтары.

Ескі өмірдің көбесін қақыратқан, Қозы жауырын жебесін аңыратқан, – Ардагерлер құрбан боп кете барды Күннің нұрлы шуағын жарқыратқан.

Жүгінбеген әділет – заңға барып, Сұмдар қолын жүгірген қанға малып. Жамандарға тиіспей,

Көгендеген

Жақсы менен жайсаңды таңдап алып.

Таудай ұрпақ сүйсем деп тауға қарап, Армандаған ананы жауға балап.

  • Айтасың ба, жоқ па? – деп азаптады, – Жүрген жау де күйеуім жар жағалап.

Қос көзінен от шашқан кекті көріп, Шаштан жұлып,

Ананы тепті келіп.

Былш-былш соқса да елемеді,

Еті үйреніп таяққа кетті ме өліп?!

Жатты жерде сәбиі шырылдаған, Омырауын тас еден жырымдаған. Абақты іші зұлмат па тұрған тұнып, Ығы-жығы не пәле туындаған?!

Қылышынан қан тамған сол жылдары Бақытты еді ұрпақтар туылмаған.

Көсем қайда Анадан жаратылған,

Әділетке, шындыққа ара тұрған?! Қамалатын болған ба абақтыға Сәби екеш сәби де жаңа туған?!

Жаңа-жаңа шырқалған жабағы әні, Дала жұртын аз ба еді талағаны.

Түгел сарқып қаймағын, Әділдік пе

Болашағын енді елдің қамағаны?!

Келген, айтшы, Сталин қайда қарап, Отырған ба құр босқа Ай тағалап?! Сүйегінен ел-жұрттың

Тұрғызбақ па

Социализм іргесін қайта қалап?!

Дүниенің қабағын мұрты баққан, Дүлей шалдың іші – мұз,

Сырты – ақпан. Азаматын қырып сап, Сол арқылы –

Елін атқан не сұмдық, Жұртын атқан?!

Х

Обал-сауап дегенге қарамаған, Тірі жанды шыбынға санамаған, –

Шалғы мұртты “көсем” деп жанықтық-ау, Күллі жұрттың жүрегін жаралаған.

Айқайлаған ұрандап жаса деп те, Күні-түні болмады маза көпте.

Пенделіктен аспаған жабы екен ғой, Көтерсекте бәрібір қанша көкке.

Өспей қалған жабы екен пенделіктен, Қасиетін жоғалтып елге біткен. “Көсеміміз” көсеу боп шыққан кезде Қарап, сірә, қалдық-ау жерге тіптен.

Ел басына жамандық тілей келіп, Басқарды ма басынып дүлейленіп. Запы болып қалыпты халқым содан, Сәл нәрсеге тұрғаны үрейленіп.

Шартарапқа естілмей жарқын әні, Ұмытқан ба көңілін шалқымалы?! Көкжиектен тулақтай бұлт көрінсе, Секемдене қалады халқым әлі.

Не себептен, Неліктен бұның бәрі,

Жоқтығынан шындықтың, шынның мәні. Жабыла кеп шулығып дәріптейміз, Биіктерден шырқалса кімнің әні?!

Сұрағанын мықтының тауып беріп, Жанталастық жабыла қауіп көріп. Жүру де, әттең, бақыт боп сезілетін Бұрын піскен тарыға тауық болып.

Дүние – тесік қаптай құм саулаған, Ашық сәттер болды ма күн жаумаған?! Сталиннің заманы

Сауыт – мұзбен

Көкірегін елімнің құрсаулаған.

Ел де төзді сарыла үн шығармай,

Сәл бұлқынса қылқынып тұншығардай. Қара халық – қара тал секілденді Көрінгесін шалғы мұрт шың, шынардай. Сонан ба әлде барша жұрт шыдап бақты, Үн шығарар кезде де үн шығармай.

Енді, міне, заң басқа, Заман басқа,

Ерік тиген жел бітіп қаламдасқа. Жамандығын тілгілеп сол бір күннің, Барша тірлік айналған ақ алмасқа.

Шындықты айтпай, Айта алмай естен танып,

Тұраладық сан мәрте көштен қалып. Өлгендердің жан бітіп кеудесіне, Жатыр қазір қайтадан өшкен жанып.

Талай зауал көгінен төніп көрген, Момын жұртым неге де көніп келген. Демократия!

Жасай бер, Мәңгі жаса,

Елдің мұңын айтуға ерік берген!

Өмір – мұхит,

Біреулер – кемеміз дер, Табылады оған да сенеміз дер.

Кезінде айтып шешкен жөн не болса да, Кеш айтамыз Шындықты неге біздер?! Кеш айтамыз Шындықты неге біздер?!

АҚАН СЕРІНІҢ ЕЛ АҒАСЫНА ШАҒЫНУЫ

Ағысы өлген өзен бе ем толастаған, Толастаған және де жар аспаған?

Сен болмасаң бұл күні Кім бар мені

Жерден, көктен... бәрінен аластаған.

Орныға алмай өмірдің қақ төрінен, Семсер ме едім мен әлде қақ бөлінген? Өжет тілді ақын ем,

Жан болдым ба

Достарының барлығы жат көрінген?

Бірің пенде болғанда, Бірің “құдай”,

Жүре алам ба жер басып бұрынғыдай? Шырылдамай тұра алам мен қалайша, Шаштан алып сүйресе жырымды ұдай?

Қасірет, мұң – Жинаған мүлкім бе еді, Мүлкім бе еді,

Көңіл де кілкілдеді.

Өзің сынды азамат көп болса егер Менің былай болуым мүмкін бе еді?

Жанарында от шашқан нұры қалып, Біреулердің жүр, әне, қыбы қанып. Шырылдаған шындық ем,

Зұлмат жандар

Лақтырды ғой, ағасы, жұлып алып.

Ұнап қарық қылмадым, ұнамай да, Көз көрмеске кетемін – Құла қайда?! Мыңды қайтіп жеңемін,

Тапты ма опа

Мыңмен жалғыз алысқан ұлы Абай да?!

АБАЙ МҰҢЫ

Болашаққа жол тартқан үмітпенен, Ғұмырында жамандық күтіп пе өлең. Абайдайын ақындық жүрегіме Қарадың-ау, шырағым, күдікпенен.

Қарғып мінген сарбаздай күреңіне, Үлгеріпті сұс жиып түр-өңіне, – Өлең-жырым – жүрегім,

Есің болса

Жебе қадай көрмегін жүрегіме.

Жығылсам да атымнан табанда ауып, Әділеттің ауылын барам тауып, – Қара бұршақ секілді

Тұрған кезде

Оразбайлар сойылы маған жауып.

Көсегесін көгерткен көк тастың да, Жасқа жетіп тоқырап, тоқтастым ба. Алмас жүзді семсер ем,

Кім біледі,

Жата-жата қынапта тот бастым ба?!

Ес көрсем де өзіңді, сес көрсем де, Айтқаныңды мен енді ескерсем бе? Көңілімді ұстармын күмбез етіп,

Күнге қарай жол тартқан көшке ерсем де.

Көңіл шерін неге енді қозғамайын, Көмек сұрап қолдарын созды ағайын. Қайран сөзім қор болса көп наданға, Бозінген боп мен неге боздамайын.

Бозінген боп өрт жаным боздағанда, Бірге аңырап боздайды боз далам да. Қабырғасын жабады деп ойлама, Қай-қайдағы сұмдықты қозғағанда.

Жыр етсем де ойымды көңілдегі, Ала алмадым орнымды өмірдегі. Құба төбел Оразбай озған жоқ па Мал қайырған құба жон өңірдегі.

Ел-жұртыма жырымды арнағанда, Болашақты болармын барлаған да. Мыңмен жалғыз алысу оңай ма, Елім, Тығырыққа тіреген тар заманда?!

ҚАРА СОЙЫЛ

Дүниеге келіп пе ең қара ақпанда, Тағдыр солай сені әлде жаратқан ба? Әй, Оразбай, не түсті

Ұлы Абайды

Тобықтыны жиып кеп сабатқанда? Жалғыз дана сол еді,

Таптың ба опа

Арпылдаған көп итке талатқанда?

Қорлық көріп өсіп ең қай дарыннан, Жан болдың да жел ескен айдарынан, – Көп жанықтың алайда

Абайдайын

Айырмақ боп қазақты айбарынан.

Жаулық ойлап Абайға аттанғанда, Қарғыс қана алып ең ақ таңнан да?

Сойыл сілтеп ақынға, Сақ-сақ күліп,

Кейін, бәлкім, боларсың мақтанған да?

Қай кезде де,

Жарқ етіп өтер демде, Жақсылардың түбіне жетер пенде. Тарих саған жаза артып қойған еді, Абайға алғаш сен сойыл көтергенде.

Өзіңе енді жақын тұт, жақын тұтпа, Белгілі еді қашаннан нарқың жұртқа. Қалдың, міне, тарихта қара сойыл боп Жауыз оймен сілтенген ақындыққа.

Ал қазір ше?..

Көрінсін кім бөтен боп,

Қыстауыңды алған-ды жұрт мекендеп. Кейде бірақ ойланам

Арамызда

Оразбайлар әлі де жүр ме екен деп.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЕСКЕРТКІШІ ЖӘНЕ АЛАТАУ

Жұлдыздармен жұлдыз боп жарастың көп, Қияндарға құлан боп дара астың көп.

Алатауға, міне, енді қарап қапсың, Алатаумен тұрмысың таласқың кеп.

Мамырлаған ақ бұлтқа төбең тиіп, Тұра қапсың көк шапан желең киіп. Кей жерлерде ол таудан сен биіксің, Кей жерлерде Алатау сенен биік.

Алатау да тұр сенен аласармай,

Сен де тұрсың ол таудан аласармай. Қатар шапқан қос тұлпар секілдісің Келе жатқан алдына қара салмай.

Ұрпақ барда ұрандап талап қылған, Халқың барда сөзіңді жарақ қылған. Алып шыңсың, оу, Мұха!

Айналаңа

Алатаудың өзі боп қарап тұрған.

Біле білсек бір елге сезім, нұрсың, Түнде де елің сені ойлап көз ілдірсін. Жат жұрт елге Алатау көрінбесе, Алатау боп көрініп өзің тұрсың.

Сен күлмедің, алайда елің күлмей, Шұғылаңды мол төктің сері күндей. Алатаудың жеткен бе қадіріне

Қай кісі де алдымен сені білмей?

Сенсің, Мұха! Еліңнің бел баласы,

Тартып туған қайда да өрге анасы. Сен де бірге жасайсың Алатаумен, Жасаса егер қазақтың кең даласы!

МҰҚАҒАЛИДЫҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ

І

Есіңде ме өзіңмен тілдескенім, Тілдескенім,

Құйын боп жыр кешкенім?

Сен болмасаң өмірге жыр боп енген Мен бүйтіп жүрмес те едім.

Дер кезінде от шашқан жетті өлеңің, Қайта түлеп, жаңғырып кетті әлемім. Қой бағар ма ем әйтпесе жайлау барып, Ерттеп мініп атамның көк дөненін?

Отар қой мен атам да былай қалып, Жүре берді көз алдым шырайланып. Жақсы жырдың буына мас болдым ба, Басым әлі, япыр-ай, тұр айналып.

Дүниенің сұмдығын айыптаған, Айыптаған және де байыптаған, – Жақсы екен-ау, о, Мұқа!

Соның өзі –

Жақсы жырдың буынан айықпаған.

ІІ

Жас тауларды шұбыртып қасына ерткен, Аға едің-ау жаралған жасын, өрттен.

Іле өзенін өңгеріп кете барған

Өлең-жырда Жайық ең тасып өткен.

Жалт бергем жоқ көргенде тайып беріп, Бірде үйіме шақырдым... айып көріп.

Сен үйіме кіргенде Көп қуандым

Жайғасқандай төріме Жайық келіп.

Реті келіп сол күні бір малдың да, Артып тұрған шағы еді жыр-балдың да. Ат басындай жүрегім бар жаныммен Неше алуан жүзім боп тұрды алдыңда.

Құштың мені кетерде құшаққа алып, Сен аға,

Мен ініңе ұқсап қалып...

Шыңға айналып кенеттен тұра қалдың Біздің үйден сен былай ұзап барып.

Кірпік ілмей боз таңын сан аттырған, Мен де інің ем жырыңды жарақ қылған. Алатауға қарасам,

Сені көрем

Тереземнің тұсынан қарап тұрған.

ІІІ

Айналаңа көз тастап, көңіл бөліп, Жүріп пе едің өзіңді темір көріп... Кім айтады өлді деп сені, Мұқа, Жүрген кезде өлеңің өмір беріп?!

Келіп тұр ма тағы да сайрандағың, Өлең-жырың көк жасыл жайған бағың. Кім айтады өлді деп сені, Мұқа, Өлмесе егер жыр деген пайғамбарың?!

ҚАРА ҚОБЫЗ

Келсе егерде әр нәрсе толғағымен, Жігіт, сірә, өрісті мол бағымен.

Бір адамның жылуын көріп өстік, Екі әкенің баласы болғанымен.

Жүз қуарып өстік біз, жүз көгеріп, Қалмады одан кең дала, түз көнеріп. Ақ басты атам ақыры кете барды, Бойындағы асылын бізге беріп.

Ақ шынар ед, амал не, өрге біткен, Кете барды қайрылмай елге тіптен. Бар болғаны –

Соңғы рет көз тастады Қарағаны секілді ерге үмітпен.

Содан бері қанша жыл өтті арада, Ел ішінде жүрген жан шет қала ма. Өстік біздер –

Қос шынар секілденіп,

Тамыр байлап жазира кең далаға.

Сөз қозғасам сол жайдан бұрынғы өткен, Төгілетін жаңбыр боп жырың көктен.

Қара қобыз сондағы сен емес пе ең Аңыратып елінің сырын шерткен.

Неге бүгін жаңылдың сол сазыңнан, Құрыды ма қолды боп мол қазынаң? Ауылыңды әуенмен тербетіп ең, Қара қобыз атанып он жасыңнан.

Неге бүгін жаңылдың сол сазыңнан?!

Серпілші, аға! Өмірге күле келген,

Жақсы, жаман... бәрін де жүре көрген. Рухың қайда.

Жан аға, рухың қайда

Қар астынан көктем боп түрегелген?!

Сілкінші, аға! Өмірдің гүлі күткен,

Қарауда әлі еліңнің күні үмітпен. Дауысым ең сен менің

Бітсең егер

Қалмаймын ба жан болып үні біткен?! Қалмаймын ба жан болып үні біткен?!

АТТАН ЖЫҒЫЛМАЙТЫН ҚАЗАҚ ЖОҚ

Шайқалсын деп керемет тау шыңдары, Әнге қосам мен сенің даусыңды әлі.

Күмбірлеген сен де бір домбырасың Жүрегіңнің дей алман таусылды әні, Әнге қосам мен сенің даусыңды әлі.

Сұлу сөзбен өзіңді кескіндеген, Бала көрме мені енді ес білмеген. Болған іске болаттай берік болу – Жолың сенің емес қой еш жүрмеген. Кең даланың әлі, аға, шырқаласың Бұрын-соңды даусы боп естілмеген.

Кезің, аға, жоқ әлі жат көрінген, Жүрегімнің орын ал қақ төрінен.

...Қала бардың ақырын сыпырылып, Аударылған тоқымдай ат белінен.

КҮН АШЫҚТА СҮРІНІП...

Туған елін жыр жазып мүсіндеген Ақын едің,

Үрікті құсың неден?! Баяғыдай достарың көреді әлі, Не демейді өзіңді түсінбеген?

Маңғазым ең, қайтейін, желге ермеген, Не сұмдыққа тап болдың ел көрмеген?!

Жамандықтың бәріне келіп ең-ау, Жаны суық жандайын өң бермеген.

Досың, қасың... Барлығы былай қалып,

Мұң тұнды ма көзіңе лайланып? Аман болсаң сен одан, –

Жүре берді

Неге, ендеше, дүние шыр айналып?!

Қарсы жүзіп жүргенде жыр-ағынға, Тас атты ма біреулер бұлағыңа?

Неге сонша ашынды арда жаның, Қара жаңбыр жауды ма тұрағыңа?! Оған да әлі бар шығар зауалды шақ Бақа шықса құланның құлағына.

Көкірегіңде көз жазып жанған оттан, Кезің, сірә, адасып бар ма шапқан?! Капитандай тұрғаның мынау енді Ашық күні кемесін жарға соққан.

АҒА РУХЫ АЛДЫНДА

Ақтарылып тағдырдың өрден селі, Шығарып саламыз ғой ертең сені. Жақсылығың кеткенше бірге өзіңмен, Жамандығың күл болып өртенсе еді.

Сағым болып көзімді мұнша арбаған, Қызығым ең,

Оны да кім жалмаған?! Көңілімнің аспаны ойран болып,

Мұңға толды жанарым мұң шалмаған.

Өкінішпен қарама өткеніңе, Рухың шығар әлі де көп көгіне.

Қара еменнің сен де, аға, бірі болдың Жете алмаған көгілдір көктеміне...

Торлағанмен қара бұлт тұрағыңды, Өшірген жоқпыз бірақ шырағыңды. Егін-жайға жіберіп тұрмыз, аға, Көкірегіңнен жосылған бұлағыңды.

Жанарыңа жалындап мұң толғасын, Іздемейді өзінің кім жалғасын?!

Нарттай жанып сөну де керек еді, Көкжиектен көрінген күн болғасын.

ТАЛАС ЖАҒАСЫНДА

Үй секілді қаңырап шамы сөнген, Жан секілді аңырап жаны семген, Таласыма қайғырып көңіл айтам, Өзендердің бірі деп ағысы өлген.

Тасығанда долырып аласұрған, Өзен еді-ау бір кезде бағы ашылған. Кең арнасы тартылып, құм қапқанда Қара орман ел де кетті жағасынан.

Шашыраған толқынын күміс көріп, Жағасына барғанда тыныс кеңіп Қалушы еді...

Шынымен біткені ме

Қысыр жылан секілді жіңішкеріп?..

Алатаудан басталған өзенім-ай! Арнаң семіп,

Құм толған өзегіңе-ай! Қолдан келер дәрмен жоқ, Не істеймін,

Қасіртіңді, о, Талас, сеземін-ай!

Кетіп едім жағаңа көптен келмей, Аңқаң кеуіп құрыпты көктем көрмей. Алатаудан басталған қайран Талас,

Жойқынданып жатушы ең өткел бермей.

Не көрсең де,

Өзен ең жасымаған,

Айдынынан ақ шуақ шашыраған. Балығың да құрыпты, байлығың да... Аштық жылы ел-жұртты асыраған.

Қырғыз, қазақ жағаңды жайлағанда, Сезді, сірә, боларын жайлы адамға. Ертеңіңді бірақ та ойлады ма, Бұғалықтап суыңды байлағанда?!

Дүйім елді жауып сап, Бір аптада

Су шығардық жетелеп құмаққа да. Қанша суды бекерге төкті әкеліп, Гүл өсіріп ақ тақыр – тулаққа да.

Ептегенде үнемдеп, септегенде Талас суы баршаға жетпеген бе? Арна тартып суыңды бұрып жатты, Егін еккен және де екпеген де.

Астық сықап тыққандай қамбаларға, Су ағызып толтырдық дамбаларға. Талас суын құр босқа рәсуа еттік, Төгіп-шашып қырқаға, сар далаға.

Өштескендей өзеуреп қырына алып, Жүлге тартты қанша адам бұрын барып? Кете барды осылай, білесің бе,

Тарлан Талас тұс-тұстан жырымдалып.

Жырымдалып осылай түгесілген, Жіп-жіңішке сияқты жіп есілген. Бұл күндері Таласын жоқтағандай, Шөгіп қапты Алатау жүресінен.

Табиғат па, Адам ба... Кім кінәлі?

Сол сауалмен жүрегім бұлқынады. Алатаудан басталған қайран Талас, Қайта арнаңа толарсың мүмкін әлі?!

ШАШТАРАЗ НЕМЕСЕ АЛТЫННЫҢ БУЫ

Құлпырып тұрмасын деп ел ертеңі, Қан сасытқан кең дала,

Кең өлкені.

Сақал-мұртын алдыртып хан отырды Жерге барып көк орман көлеңкелі.

Жарқыраған жұлдызы туып көктен, Хан еді ол бұл маңға суыт жеткен.

Жеңілденіп азырақ алмақ болды, Нөкерінің бір тобы оралғанша Ор қоянды әлгінде қуып кеткен.

Сөйтіп өзін жүретін тәңір көріп, Шаштаразды шақыртып әмір беріп, – Сақал-мұртын алдыртып отырған-ды, Саятта да өзіне көңіл бөліп.

Бұрылғанда ұлы хан денесімен, Елпек қағып жететін төбесімен,- Шаштаразы жан еді қойдан жуас, Мыңқ етпейтін сөксе де көбесінен.

Кенет, кенет...

Сол болды тосын келген,

Ойлады ма артық деп осында өлген, Ұмытты ма әлде ол

Хан айбарын

Жанарынан жарқылдап жасын бөлген?

Құласа да шатырлап құдай көгі, Алып жатып сақалын, былай деді:

  • Тақсыр, тақсыр дегенге тасыранба, Сенен, сірә, сырымды жасырам ба – Тастайын ба бауыздап, ұлы әміршім, Тигіздің деп тіліңді жас ұланға?!

Кері ағызып бұлқынған бұлағыңды, Қайтер едің сөндірсем шырағыңды? Асыранды иттерге

Кесіп алып

Қайтер едің тастасам құлағыңды?

Бұлақтайын ағызып бұл қаныңды, Қансыратып қалдырсам құр жаныңды,

Қайтер едің?!

Оу, тақсыр, білемісің

Ұстараның жүзінде тұрғаныңды?..

Мұқалды ма ұлы хан тілсіз қалып, Үндемеді,

Тұрса да тым сызданып.

Шығын қылып сөзімді қайтем дей ме Көк тиындық мәні жоқ құнсызға анық.

Дүниені төңкеріп шайқап келген, Шайқап келген,

Жынданса жайпап берген

Хан да кенет көрсетті басқаша өнер Қынаптағы қылышын қайрат көрген.

Зор дауыспен жаңғыртып құба белді:

  • Тереңірек қаз, – деді, – мына жерді. Жер қазуға көп нөкер кіріскенде, Хан да жайлап орнынан тұра берді.

Төбесінен қу құдай таза ұрғанда, Бақыт солай о баста жаралған ба?!

Ат басындай, ойпыр-ай, алтын шықты Күрек бойы әлгі жер қазылғанда.

Мініп жатып атына, түсіп жатып, Барша жұртқа үйренген сұсы батып, – Ханды бәрі жабыла мақтасты енді, Көздерінен ғаламат ұшқын атып.

  • Шымыр тартып шыңдалған шырғалаңда, Өзің сынды хан бар ма бұл ғаламда?

Кереметті тағы бір көрсеттің-ау, Саят құрып жүріп-ақ сұр далаңда.

Өзі болып осынау арай күннің, Көкжиектен алаулап талай күлдің. Сондықтан да, хан ием, айтыңызшы Алтын барын бұл жерде

Қалай білдің?!

Отырды да қос көзі жасылданып, Сөйлеп кетті хан кенет қасын қағып:

  • Шаштаразым қырық жыл серік болған Қайбір өскен жан еді асыл танып.

Ақ жын, көк жын аузынан кілең бүркіп, Құтырғанын көрдің ғой түлен түртіп.

Төнген жоқ па төбеме – Секілденіп

Көк желкемнен бүретін күрең бүркіт.

Қайтер еді ашпаса желге етегін,

“Ақым бар, – деп жынданды, – сенде менің”. Табанының астында алтын барын Еліргенінен біліп ем сол неменің.

Жүйрік деп пе ең маңдайын желге берген, Асыл деп пе ең қанатын өрге керген?

Елірмес ед сол неме Мас болмаса

Буына елтіп алтынның жерге көмген...

Бұның бәрі бүгінде түс емес пе, Үні елеске айналған, күні елеске. Біреулерді көргенде,

Ой, жазған-ай,

Сол шаштараз амалсыз түседі еске.

АЛМАЛЫ ҚАЛАСЫ

Жаугершілік кез болса амал бар ма, Айналасы айналған қамалдарға, – Мына жерде көк зәулім қала болған, Ой жіберсек бағзы бір замандарға.

Қайдан тынсын күмбезін мұнара етпей, Бой түзеген сәт санап шынар көктей.

Сауданың да ордасы болған қала Қазынаға кенелген жылдар өтпей.

Жер жүзі елі қызығып алмасына, Алмақ болып қол салған қалтасына... Жылдар өте кейбірі кедейленіп, Тақырланған тас батып жамбасына.

Шынарына оралған сағым барып, Бой түзеген жас қала аруланып, –

Бәрін де естен тандырып, көзді арбайды, Сосын неге шықпасын қаруланып.

Шаң қаптырып жусанды қарт далаға, Қысық көздер қиқу сап тартқан алға. Жан-жағынан құрсаулап, шабуылдайды, Оқ жаудырып,

Тас атып мәрт қалаға.

Жойқын күшпен соққанда толқындаған, Қабырғасы қамалдың солқылдаған.

Кей тұстары құлады опырылып, Қызыл тастан қаланып соғылмаған.

Суарылған намысқа от жарақтай, Қала халқы қорғанды бет қаратпай. Кешке қарай шегінді жаулар кейін Болат тұяқ бейне бір тепкен аттай.

Өлім, өмір шыңғырған жентегінде, Ұрыс қайта қызады ертеңінде.

Қала халқы бәрібір берілмеді, Қара орманын өртегін...

Өрте күнде.

Найза ұштары қанменен шашақталып, Екі жақ та қырылды аз-ақ қалып...

Бірте-бірте бел алып бара жатты,

Тың күштермен сұм жаулар жасақталып.

Соғылса да маңдайы қай тасқа да, Қоян-қолтық кірісіп айқасқа да, – Қала халқы қасқайып берілмеді, Айқасқа да құлшынып, шайқасқа да.

Бірақ қалың жау қандай, қала қандай? Қала халқы, әрине, алақандай.

Өрттей қаптап, қайыра лап қойғанда Тоз-тоз қылды кілең ит талағандай.

Қала жаппай көк алау өртке айналды, Жүрегіне өшпестей кек байланды.

Қанға жерік сұм жаулар Қақ төріне

Жолдағыны жапырып, көктей барды.

Күлі жатты қаланың алдарында, Баулары да өртенген, талдары да. Қирамаған, сынбаған еш нәрсе жоқ, Жастары да қырылған, шалдары да.

Бірге жасап көктеген халық, көппен, Алмасы да түп-түгел жанып кеткен. Жаулар кенет тұнжырап қайтты кейін Бір құдірет қалғандай салып беттен.

Көкжалдықты көксеген қасқыр текті, Жылдар өтті арада, Ғасыр өтті.

Бой көтерді сол жерден жаңа қала Тесіп шығып астынан қасіретті.

...Бәрін шегіп алапат зардаптардың, Халқым көзден қаншама зарды ақтардың?! Қала боп та өртендің, дала боп та...

Алмағайып... әйтеуір, жан сақтадың. Кейде сұмдық тал бойым қалтырайды, Үстерінде жүргендей аруақтардың!

АҚЫН ЖӘНЕ ЗАМАН

Қайнар бұлақ бұлқынып бас алғанда, Ақын еді албырап жасарған да.

Шындық болып алдымен Ақын туған Жалған Дүние жалған боп қасарғанда. Әкімі көп қай ел де бордай тозып, Ақыны көп жасарған қашаннан да.

Дүниені неге Ақын жасамайды Өлең өріп, тау тұлға қашағанда. Біле білсең ақын ғой,

Ақын-жүрек

Дүниені шын етіп жасаған да. Неге, ендеше, кәззаптар оқ атады Бұрыштан да,

Қараңғы тасадан да?

Мұны бәрі біледі бүгінде Елдің,

Сөйле, Ақын! – деп Ғаламның тілін бердің. Сөйте тұрып Пабло Неруданы

Құшағына жөнелттің Жұмыр Жердің.

Ақындарды салмаса көп тізеге, Іштеріне, ойпырым-ай, от түсе ме?! Назым Хикмет – түріктің ұлы ақыны Соңғы өмірін елімде өткізе ме?!

Көзін неге Дүние бұламайды,

Жаңбыр боп та неге, айтшы, жыламайды?! Кәне, шыққан мүйізі

Алыстырып

Мыңмен жалғыз қойғанда ұлы Абайды?!

Жандар қанша тергемей сотқа тартқан, Зеңбірекке жан қанша оқтап атқан?!

Жұлдыздарға жол ашқан Бруноны Таңып байлап ағашқа, отқа жаққан.

Не десе де зұлматқа анық бастап,

Тік келгенді семсермен жарып, жасқап, – Сыпырттың-ау тірідей терісін де, Нәсимидей ақынды таңып тастап.

Күні туып өзімді құрта ма деп, Алабұртып,

Жын соғып, Бұрқана кеп, –

Виктор Хараның шаптың он саусағын, Гитара тартып, өршіл ән шырқама деп.

Қадалғаның мойны озық адамға көп, Сескенгенің –

Тұтылып қалам ба деп.

Өршіл әнін тыя алмай, Ақырында

Отқа өртедің қасірет алаңға әкеп.

Қаһары – оқ Ақынның, жаны – көктем, Түбіне де не жыртқыш, тағы жеткен.

Сұранамын сондықтан Қорға Ақынды

Дүниенің қабағын бағып өткен.

Алағызып, елігіп оқыс үнге, Кетердей-ау тұтанып соғыс күнде. Қорғамаудан Ақынын

Қазір, міне,

Тұрған жоқ па бар Ғалам от үстінде!

“КҮРКІРЕП ӨТКЕН КҮНДЕРІМ” ТОПТАМАСЫ

ЖАНЫҚПА ЖӘНЕ АСЫҚПА

Бәріміз де бір күні кетеміз деп, Асығамыз,

Қайтеміз қатер іздеп.

Өлсек егер қайтадан тірілте ме,

Сұм соғыста шейіт болған әкеміз кеп.

Жанығамыз жалғаннан өтеміз деп, Барар жерге тез жетер төтені іздеп.

  • Бастан асқан қыруар шауаны

Істеп бермес, – дейміз де, – көкеміз кеп.

Қайда,

Қайда барамыз асыққанда? Сондай шақта кетеді тасып қан да. Көз алдыңнан дүние шыр айналар, Тасып қаның әкеңді танытқанда.

Біле алмадым, түйінін шеше алмадым, Біздер қайда барамыз асыққанда?!

  • Уақыт жоқ, көрдің бе сырласуға, Барам, – дейді, – асығып құрдасым да. Жұрт та асығып көшеде жосылады, Жұлқына аққан судайын жылғасында.

Торыққанда немесе тарыққанда,

Жөн де сұрап ала алмай халықтан да, –

Адам кейде білмейді не істерін, Аласұрып, асығып жаныққанда.

Жүрген сәтте асығып, қарбаласып, Үйренсек те үнемі алға басып, – Жанталасып жүргенде ұмыт қалып, Үлгермедік қаншама арнаны ашып.

Қаның қызып жаныққан арпалыста, Былай қалып арың да, нар намыс та, Төбелеске кетесің бірден қойып, Саябыр жан болғанмен қалған тұста.

Үйіңе де жетесің жырымдалып,

Бет-жүзіңе мұрныңның сырын жағып. Кейін сосын төріңде отырғаның Жаныққаннан болды-ау деп қыбың қанып.

ТҮС

Түс көрдім,

Қайтыс боппын түсімде мен, Семіпті жерге беріп күшін денем. Басына қабірімнің көп жұрт кепті, Ел-жұрт па, сірә, мені түсінбеген.

Өлікпін,

Тағдыр құздан лақтырды,

Азалы үн аңырап бір құлақты ұрды. Тірлікте көрместей боп кеткен досым Бар еді,

О да келіп жылап тұрды.

Кезінде кеуде, өкпемді ол тыңдаған,

“Анау, – деп, – барар жерің, жонды ымдаған”. Түрегеп кеттім аяп

Сол жазғанды –

Өксігін баса алмай көп солқылдаған.

Хақым жоқ елден, жұрттан жырақтауға, Қарыздар қанша айтсаң да бұлақ тауға. Мен, жалпы, бұл өмірге келсем керек Дос түгіл, қасымды да жылатпауға.

ҚАЛАДАҒЫ МАЛ БАЗАРЫНА БАРА ЖАТҚАНДА ТУҒАН ОЙ

Көп еді деп білгеннен білмегені, Сынайын деді ме әлде бұл немені. Боз биені базарға сатып кел деп Жұмсады атам қалаға бірде мені.

Көңілімді әрнеге анық бөлмей, Жігерімді қайтемін жанып көрмей. “Ер азығы жолда...” деп аттандырды, Соқыр тиын қалтама салып бермей.

Бар шығар деп ырзығым жер төсінде, Жолға шықтым сол күннің ертесінде. Аштан өле қоймаспын деп ойладым Қасиетті қазақтың өлкесінде.

Аспан астын ғаламат түстік етіп, Ұшыра алмай сол жаққа құс түлетіп, Шөлдеп келе жаттым мен жол үстінде Қақ шекемнен шілденің ыстығы өтіп.

Келе жаттым бұл шөлді қауіп көріп, Өзіме – өзім бір бейнет тауып беріп. Сол кезде ғой:

  • Түстеніп аттан, – деді

Бір бойжеткен ақ бозбен шауып келіп.

Кезіккесін бұлақтың тұнбасына, Аттың басын болмады бұрмасыма. Бойжеткеннің үйі де көрінді, әне, Шауып шыға келіп ек қыр басына.

Жүзіме ерен алаулап көшкенде арай, Парылдатып салып ем төске талай. Көкірегім күмбірлеп күйге толып, Жолға тағы жиналдым кешке қарай.

Қош айтысып шай берген қарағыма, Нұр жаусын деп тіледім талабыңа... Жол-ішекті келемін тағы шертіп Кең даланың байланған шанағына.

Қуат іздеп жүгірген құла атымнан, Жолдар қанша алдымда бұратылған. Жол-ішектен ыршыған күй секілді Көгілдір шаң соңымда шұбатылған.

Құла атым да болдырып іркілмеген, Келеді еркін аяңшыл бүлкілменен. Көп ұзамай батырдым ұясына

Жол үстінде қоштасып бұл күнменен.

Ұлпа шаңын жел айдап, жұлқылаған, Жолмен келем тозаңы бұрқыраған.

Бірақ бұ да адамға ем болмады Қарыны ашып, жылқыдай шұрқыраған.

Көз айырмай айнала, кеңістіктен, Келе жаттым жігіт боп жеңіс күткен. Шауып шыға келіп ем бір қырқаға, Бір үй тұрды көрініп еңістіктен.

Сағынышпен қараған қыз күніне, Тап болдым ба, кім білсін, түз гүліне. Ақ боз үйден ақ жеңгей шыға келіп:

  • Қонақ бол! – деп жармасты тізгініме.

Мойымаған сан мәрте аза-мұңға, Жомарт десе, жомарт-ау қазағым да. Бір қойдың тұтас еті жатты асылып, Жеңешемнің нән шойын қазанында.

Жайғасқаным сол еді төрге менің, Бір-ақ жетті бұрқырап өрге демім. Сонда барып түсіндім мен атамның Не себепті жолға ақша бермегенін.

Қолда ойнатқан қамшысын намысым деп, Атама айтар сондықтан алғысым көп.

Ойлапты ол Қаржысыз ұлым менің

Қазақ жұртын аралап, танысын деп.

Сөйтіп шалғай жол жүріп көрмегенде, Сірә, шыға алмас па ем төрге мен де? Қазағымның бір қызы

Қарсы алдымнан

Шыға келді сусын боп шөлдегенде.

Сүметіліп жүргендей жұрт артында, Сыбағамнан туғалы құр қалдым ба?! Қарным ашып келгенде,

Бір ақ жеңгей

Дастарқан боп жайылып тұрды алдымда.

Барша жұрт кеп өзенін сағалаған, Қазақ жерін талайлар паналаған. Түстік ішіп бірінен,

Қона жатып...

Шетелдік те теп-тегін аралаған.

Қазақ жерін қасиет, кие көріп, Ағылшындар бастарын ие келіп,

Бір-ақ күнде қожаңдап шыға келді-ау, Кең даланы кетпек боп иеленіп...

Тыңда, ендеше,

О, досым, жөнге көніп,

Сырт бұрылма жоныңды желге беріп. Көзің жетсін –

Қаржы алмай соқыр тиын Қазақ жерін арала сен де келіп.

Еркесің бе бәрібір, серкесің бе, Ырзық барда қорықпа жер төсінде. Жолаушыны көргем жоқ аштан өлген Қасиетті қазақтың өлкесінде.

ӘКЕ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ

Өзіңе сұрау салып жер, көктен де, Туыппын көп ұзамай мен көктемде. Жан әке, перзентің ем іште қалған Соғысқа суыт жүріп сен кеткенде.

Бір ұлға арман еткен қол жеткенде, Жан әке, көз жұмыпсың сол көктемде. Жанынан үйіміздің көл орнапты,

Көз жасын анам байғұс көлдеткенде.

Көз жасы қалды анамның қырға тұнып, Гүлі де жайқалмады ырғатылып.

Көңілі сергімеді Жүрегінде

Қайқы, мұң жатқан соң ба шырматылып.

Қиындық көрдім содан жас шағымда, Жүзбедім бірақ жылым басқа ағында. Қым-қуыт қырық екі жыл өткердім... Уақыт-ай,

Өте шыққан қас қағымда.

Қырқаның көтерілсем белесіне, Түсетін боп барасың сен есіме. Шын бейбақ мен едім ғой

Зар боп өскен

Әкенің өзі түгіл елесіне.

Қайғы, мұң қос қанатын таласа ұрып, Ішімде тұрған болар, шамасы, ұлып. Білмедім не себептен,

Содан, әке,

Көңілім сені іздейді аласұрып.

Тәңірден тілеп едің бала сұрап, Сол бала сенен ерте қалды ажырап. Соғыстан тірі оралған көп әкелер

Ұлдарын жүрген жоқ па әлі асырап?

Тағдырдың тап болғанда егесіне, Түспейсің, қайран әке, неге есіме? –

Қаз тұрған немересін Бір ақсақал

Ту етіп көтергенде төбесіне.

Біздерді екі жарып, қақ бөлгенде Оранып жата алмадым ақ көрпемде. Есіме түстің, әке,

Бір ақсақал

Ұлына төрт бөлмелі үй ап бергенде.

Басымнан бұлағай күн аумағанда, Бақытты жан болар ма ем бар ғаламда. Жан әке, сені іздедім

Бір ақсақал

Ұлына машина боп заулағанда.

Бәрі де тұр-ау, шіркін, мерген көзде, Көндікпей қайда барам көнгенде өзге. Жан әке, сені аңсадым

Бір ақсақал

Ұлына соғым сойып берген кезде.

Соңынан жүрген жойқын тасқын ертіп, Осылай бара жатыр жастық өтіп.

Жан әке, сені ойладым Бір ақсақал

Қойғанда жаман ұлын бастық етіп.

Болғасын өжет мінез, жалындырақ, Олардың қызғанбадым бағын бірақ. Жамылдым ақша бұлтты көрпе ғылып, Астыма төселгенде балғын құрақ.

Бармайын тағдыр айдап қандай жерге, Сүйендім еңбегім мен маңдай терге.

Әйтсе де жебеп жүрген сенсің, әке, Сүйегің қалса да елден шалғай белде.

Биікке тұра қалған жыр мүсіндей,

Өр жаның қай жерде де тұр кішірмей. Жеткердің Бақытқа, әке!

Жебеп мені

Жүргесін аруағыңа кір түсірмей.

Бір сен деп көп жаңғырдым, Көп түледім,

Жау болса, келеді әлі тепкілегім. Әкенің мен қызығын көрмесем де, Әке боп қызық көрсем деп тіледім.

ҰСТАЗ ЖАЙЛЫ ЖЫР

Елден Аққошқаровқа

Жұлдыз болып көрініп бар қыраттан, Жалғыз бұлақ өзіңсің шалқып аққан. Көңіліңнен ақ сәуле жарық құйып, Өмірімді сен едің жарқыратқан.

Тауға биік тарлан боп өрлегенде, Құлашыңды шығарсың сермеген де. Мейірім боп тарап ең тал бойыма Мейіріміне адамның шөлдегенде.

Көңіліңнің сәулесі түспегенде, Шығар ма едім жарқырап түзге күнде. Сенен таптым, ұстазым, сол шуақты Адамдардан ақ шуақ іздегенде.

Тұрған сонау бұлтты да көктен төніп, Ыдыратып жібердің өктем келіп.

Күзгі үскірік соққанда қарсы алдымнан, Жүрегімді жылыттың Көктем болып.

Өткен жылдар, ұстазым, өзіңменен Көктем еді –

Салқындық сезілмеген.

Қисық-қыңыр жерлерім бар болса егер, Тезіңе сап түзеттің төзімменен.

Сен бар жерде, ұстазым, қалам өсіп, Айдынымнан ақ желең самал есіп. Кеңдікті де өзіңнен үйреніп ем, Дарқандығы даламның саған көшіп.

Кеме болсаң,

Сен мені желкенім де,

Күнге қарай жол тартқан ертеңінде. Көкірегімде сен жаққан отым барда Сөнбеуім де мүмкін-ау мен тегінде.

ЖАС ҚАЛАМДАСТАРҒА ӘЗІЛ

Талап күші жеткен де, жетпеген де Бағын сынап жүр, міне, отты өлеңде. Шіренеді әлден-ақ

Ескерткіш боп

Тұратындай күні ертең көк белеңде.

Мына бір жас – Сертінен таймас жан ба,

Мәз болады төрге кеп жайғасқанға.

Келсе егерде қолынан Жүріп-жүріп

Бір-ақ күнде шығармақ Айды аспанға.

Мына біреу жанынан жасын бөліп, Кім-кімнен де бір өзін басым көріп, Күнде,

Күнде күркіреп жыр оқиды Көтерілген мінбеге Қасым болып.

Бәрі солай жеткен де, жетілген де, Неден, сірә, сескенсін бекінгенде. Келсе егерде қолынан

Мынасы енді

Тайынбайды Абай боп кетуден де.

Көңілінде көк дауыл бұрқана ма, Жыры тарап жатпай-ақ қыр, далаға, – Жаңа Жамбыл атанып,

Және бірі

Кеткісі бар айналып бір қалаға.

Еркін өсті, Ер жетті, Азат бағы,

Бұл жастардың көп содан ғажаптары: Аға жұртқа жүгірді

Бір тобы енді

Ұлыларды “менсінбей” қазақтағы.

  • Жырым, сырым – көгілдір бір өңірдей,

Жұрт өсірген жайқалып тұр егіндей. Махаббаттың бар мұңын арқалаған Жүрегім бар

Есенин жүрегіндей.

Ақындардан ақын боп жаратылған Есенинмін

Бір шыңда дара тұрған,–

  • Деп шалқиды тағы бір балауса ақын, – Шуақтай боп далаға таратылған.
  • Не бітірем, ей, достар, мұнда қалып, Ауасы тар бөлмеге құр қамалып, – Маяковский мен болам, – дейді бірі, – Тұра қалған көк мұзарт шыңға барып.

Мамырлаған ақ бұлттай жыр, ән тұнған Лермонтов та тау ма еді мына тұрған? Беу, дәурен-ай!

Михаил бола қалды

Қара мұртын сылаған бір “антұрған”.

Сардаланың сандалып, кешінде ағып, Сыр түйді ме жұрт ойын – көшін бағып.

  • Сыртқы формам ұқсайды, бакенбардым... Пушкинмін! – деп жүр бірі төсін қағып.

Тербетілген сезім боп ерке түнде, Арман бар-ау бәрінің келбетінде. Кете барған бір-бірден иеленіп Ақын болса қанша ұлы жер бетінде.

Алау жүзім қып-қызыл өрттей жанып, Тірі жүрсем,

Жырым да көктейді анық. Мен де бірі болар ма ем Сорлатпаса

Маған деген ұлы ақын жетпей қалып?!

ТАБЫЛҒАН БОМБА

Әдетім-ді

Жаңалық күтетұғын күнде менің, (Жақсылықты, әрине, үлгі етемін). Жақында

Жарылмаған бір бомба табылыпты Соғыс болған...

Астынан бір төбенің.

Топырақты аспанға атып,

Кете де алмай бүлікке серпін беріп, Жантайған-ау шамасы шер тіленіп. Ұйтқи соғып, суырған құм борандар Жылдар өте үлгерген бетін көміп.

Төбе астында қырық жыл жатқан солай Жарылмаған сол бомба

Бітеу жара секілденіп.

Сұм соғыстың

Сол жерде жоқ-ау қазір елесі де, Солай дейді төсі де,

Белесі де... Жарылмаған сол бомба, Сенесің бе

Жауынгердің тәнінде қалып қойған Жарықшақтай

Жұмыр Жердің сыздапты денесінде.

Төбесіне жай түсіп, Жасын ұрған Дүние

Көресіні көруде тасыр ұлдан. Жарылмаған сол бомба

Фашизмнің сұм басы шығар, бәлкім, Төбе астына жасырынған.

Қателік бұл –

Қателікті жүрсек те мың түзетіп, Түнде Ай,

Күндіз тұрған Күн күзетіп. Енді, міне, ядролық бомбаларды

Ғарышқа шығармақ боп жатыр жаулар Көгіме “жұлдыз” етіп.

Көгерсе де көсегем елмен талай,

Жүре аламыз тып-тыныш жермен қалай?! Ойда жоқта көгімнен жұлдыз ақса Қорқып тұрам бомба деп

Зулаған төмен қарай.

СОҒЫС ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМДЕР

Дауылдатқан заманның бетін көріп, Қайғы біткен тұрғанда еркін төніп. Байтақ дала көсіліп жатушы еді Майдан, тылдың арасын

Жалғап тұрған арлы Өмір секілденіп.

Өркен өсіп,

Бүгінде жетілді қыр,

Ойын-күлкі айнала, еркін дүбір. Әке менен немере аралығын Соғыс жылы туғандар –

Жалғап тұрған арлы Өмір секілді бір.

САУАЛ МЕН ЖАУАП

Бөктерінде өскенмен бала шынар, Қарасы бар таудың да, аласы бар. Төсінде оның жоқ деме Жорғалаған

Қара шұбар жыландар, қара шұбар.

Асау бұлақ арна іздеп қарқындаған, Кезде мынау найзағай жарқылдаған. Неге бірақ құрымай келеді, айтшы, Қара қарға қорғанда қарқылдаған?

Сыртын беріп жалғанға жылтылдаған, Сыр тыңдаған көлінен, жыр тыңдаған. Неге сонша азайып барады, айтшы, Аққу құстар айдында сұңқылдаған?

Шарпылысып жасындар от көзінде, Шайқап аспан әлемін өтпесін бе?! Неге сонша азайып барады, айтшы, Жарқылдаған қырандар көк төсінде?

Неге бұлай,

Жан бар ма анықтаған?

Өз уына жылан көп шалықтаған, Қарға да көп қалғудан жалықпаған. Неге бірақ аққу аз сұңқылдаған, Қыран неге аз көкте қалықтаған?

Неге бұлай,

Жан бар ма анықтаған?

Өз төрінен көктем боп көтерілген, Кісі емес пе мән-жайды жете білген.

Ақ шашты анам ақ құйып жолға сапты Жылан болса үйлерге төте кірген.

Сом тұяғы бардай-ақ болаттаған, Дала төсін жол қылып жолақтаған. Ақ басты атам үркітіп жіберетін Қарға көрсе қорғанда қонақтаған.

Қамшы-ашуды сілтесін несін өріп, Жүрсін деген өмірдің көшіне еріп. Өсіп-өне беріпті жылан содан, Содан қарға келіпті өсіп-өніп.

Періште боп жаралған жөргегінде, Аққулар да көп болған ел көлінде. Тозып кепті-ау бірақ та жұмарланып, Қара құстың қабылан – шеңгелінде.

Сүйіндірмей өмірі ұзағынан, Қыранның да көңілін құса қылған. Тұтылуда...

Құтылып кете алған ба

Аңшылардың құрған тор – тұзағынан.

Суық күздің бейне бір желіне өштей, Жеткенімен тұқымы өліп-өшпей.

Содан, міне, аққулар көбеймепті, Қыран содан қалыпты өніп-өспей.

Өркен жайып өнері – өрнегіне,

Жұлдыз шашып жана алмай жер, көгіне. Қаншама асыл жоғалып кетпеді, айтшы, Сұм тағдырдың айналып ермегіне?!

КӨК БӨРІ

Тіршілігін жүр ме еді қарық көріп, Ертелі-кеш көңілден жарық беріп, – Асырады бөрінің бөлтірігін

Атам бірде үйіне алып келіп.

Бала күшік өзінше гүр еткенге, Атам, сірә, көңілін жүдеткен бе?! Шыға келді бөрінің өзі болып,

Алыс-жұлыс тірлікпен жыл өткенде.

Атам бірақ жүрмеді сезімге еріп, Сезіміне үйренген төзім беріп.

Амал ойлай бастады Көк бөрінің

Қанталаған қып-қызыл көзін көріп.

Баптап, күтіп өтердей мың жыл бағып, Қолда ұстады мойнына шынжыр тағып. Шынжырланған бөрінің күні құрсын, Өтіп жатты күндері бұлдыр қағып.

Өтіп жатты көзінен кек тізіліп, Әлдеқалай көңілге от түсіріп.

Жойқын күшпен бір күні жұлқынғанда, Мойнындағы шынжыры кетті үзіліп.

Отырмады бөрі енді бұға беріп, Құла көріп бір өзін, бұла көріп, – Қырға беттей берген-ді...

Талады-ай кеп

Ауыл иті тұс-тұстан шыға келіп.

Кеудесінде күмән жоқ кек барына, Көк бөрінің бәрі де жетті арына. Жалғыз өзі көп итке не істесін, Кете барды айналып “көкпарына”.

Тілеп алып осылай сор басына, Төбеттердің айналды олжасына. Бөрі түгіл,

Оңбайды арыстан да

Түссе егерде иттердің ортасына.

* * *

Пақырмын ғой сен үшін зар көп шегер, Күн туар ма саған да жар боп сенер.

Сені сүймеу күнә ғой, ақ маралым, Жүрек деген құрғырың бар болса егер.

Сүйем сені!

Сүйемін бар жаныммен, Жүрегіммен, арыммен, арманыммен. Назаланба,

Жаныңа жасын байлап,

Сүйем сені Алатау – ардағыммен. Өйткені сен құс тілді орманым ең.

Түсірсем деп ұзатпай үйге құсын, Талай мәрте жанымның күйгені шын. Жазғыруға бола ма бұл жүректі

Өз бақытын өртеніп сүйгені үшін.

БЕС САУСАҚ

Бес саусағым бірдей емес менің де, Бес саусағың бірдей емес сенің де.

Жұлдыздардың жарығы да әр түрлі Жарқыраған көгіңде.

Бір бәйтерек өсіп тұрсын жолыңда, Бұтақтары бірдей емес оның да.

Әкімдер де бірдей емес ендеше, Билігі бар қолында.

ЖАЗА ТУРАЛЫ

Елін сатқан адамдар – Атылады,

Жерін сатқан адамдар – Атылады.

Оған менің ешқандай күмәнім жоқ. Ондай жанға және де ара түспен, Тұрса да туғаным боп.

Басқа, әрине, салмасын қазаны ондай, Тұра алмайсың және оған мазаланбай. Құтылғанын мен әлі көргенім жоқ Кісі өлтірген сұмдардың жазаланбай.

Кейде өмірдің жіберсе өткелдері, Құтқарған ба бәрібір көк пен жері. Жолдан тайған жандардың, Жолдан тайған

Жазаланбай жоқ, сірә, кеткендері.

Өйткені тәртіп солай Елімде нұр қаптаған,

Көкірегіне асылын құндақтаған. Жазалаймыз жанды да,

Тәртіп солай,

Ішіп алып көшеде бұлғақтаған.

Мұның бәрі дұрыс-ты,

Түзікті қисық дейтін жоқ талабым, Келеді ылғи бұзықты ноқталағым. “Жағымпазды жазалау керек енді” – Күңіреніп осылай жатты алабым.

Үстерінен көк сауыт түсті ме ердің, Түлкі құйрық жандарға сұсты келдім. Жағымпаздық –

О да бір дерт емес пе

Жалап өткен табанын күштілердің?!

Ту ғып тікпей жүрегін алға апарып, Жағымпаздар –

Көрген жоқ тау қопарып.

Соғыс жылы сатылған сұм жандарды, Жағымпаздар емес деп кім айтады Жанын жалдап жағынған жауға барып?!

ДӘРІГЕРГЕ БІР ТІЛЕК

Жүргін жақын,

Жүргін мейлі жырақта,

Мәз болмағын атақ, даңқ құр атқа. Ауруларды емдеп жазсаң өзің біл, Сау адамды ауыртпағын бірақ та.

Көз алдына сан суреттер келтіріп, Сөз сөйлей біл сырқаттарды сендіріп. Өлгендерді тірілтпесең – өзің біл, Тірілерді алма бірақ өлтіріп.

Өмір үшін өмір сүрген жігітім, Кірпік ілмей жүгірсең де күні-түн, –

Күдер үзген жандар болса өмірден, Үкі тағып, жалғай білгін үмітін.

Күле қара бұл өмірге асқақтап,

Не боласың бұға берсең жасқақтап. Сұсты аңшыдан бой жасырған түлкідей Жүрсін сенен ажал біткен қашқақтап.

Өмір үшін арпалысқа түстің бе,

Жеңіс сонда

 сенім менен күш кімде?! Қара жамылған ана, сірә, болмасын Ақ халатың тұрған кезде үстіңде

 ХИМИЯ САБАҒЫ, МЕНДЕЛЕЕВ КЕСТЕСІ НЕМЕСЕ

ҰСТАЗБЕН ӘҢГІМЕ

  • Жатқанымен от жігер талабыңда, Кейде тұнып көк мұнар қабағыңда, – Химиялық заттарға сен айналып, Сабақ болдың

Химия сабағында.

Химиялық қышқылды көмірдегі, Қышқыл деп те түсінген өмірдегі Жандар болса,

Сен оған түсіндірдің Шуағыңды мол төгіп көңілдегі.

Ертелі-кеш жүрсең де тақта алдында, Әлдекімнің қалмадың қапталында.

Металдардың орынын белгілеген Менделеев кестесі жатты алдыңда.

Сірә, ырзығы боларсың талай жердің, Қос көзіңнен сол сәтте арай көрдім. Көңілімде керемет сұрақ туып,

Қайта-қайта жүзіңе қарай бердім.

Болмаса егер құлын боп қолда өскенің, Көрініп тұр сұрапыл жол кешкенің.

Өмір де бір кесте ғой, Білсең, айтшы,

Қай жерінде тұрсың сен сол кестенің?!

  • Жібек жалы алайда майда өрілген, Кезім, сірә, бар шығар тай көрінген. Елім мені көргісі келеді, айтшы, Өмір деген кестенің қай жерінен?!

Шықпасам да мен алғаш жолға өлеңмен, Табыламын сол жерден,

Сол белеңнен.

Табылмауым және де мүмкін емес Киліксе де не нәрсе көлденеңнен.

Темір десең табылам темір болып, Көмір десең табылам көмір болып. Алтын боп та алдыңнан мен шығамын Өркен жайған өрісті Өмір болып.

Жас жанымның кем еді күйі кімнен, Елдің жүгі түспейді иінімнен.

Жеңістерге бастаймын Қажет болса

Желбіреген ту болып биігінен.

  • Еркін асып даланың қайқы өрінен, Кезің бе әлде бұл сенің Ай көрінген. Іздегенде не жетсін табылғанға Өмір деген кестенің қай жерінен.

ИІНАҒАШ

Етек жауып есіңді жинағасын,

Саған арнап көк нұрын құймағасын, – Зыр қағумен әр күнің жатады өтіп, Иыққа сап тағдырдың иінағашын.

СЫРҚАТТАНҒАНДА

Шырқыратып сүйресе жаныңды өрге, Түсесің-ау өзің де әбігерге.

Аңғырттық па,

Жоқ әлде салғырттық па Көрінбеуші ем онша көп дәрігерге.

Қоймады енді мына дерт бармасыма, Салса салсын сырқаттың арбасына. Төсегімде қашанғы жата берем Жапалақтай жарбиған жар басында.

Қысыма да келген ем көктем ертіп, Қисаям ба, кім білсін, шетке кетіп. Бір бүйірден қанжардай қадалған дерт Өмірімді кетердей көктеп өтіп.

Жаман еді бұл дерттің сұрқы неткен, Жалғыз күндік сәуле боп бұлтың еткен.

Шыбын жаным тұрғандай тас төбемде, Төнгесін бе тажалдың бұлты көктен?

Қабыл болып тілегі дара жұрттың, Жазылармын,

Алайда алабұрттым.

Соңы шайдай ашылып кетуші еді, Түйдек-түйдек түйілген қара бұлттың.

ӘБДІГЕ

Қырықтасың!

Еліңе сүйікті ұлсың,

Көк нөсерің көгіңнен құйып тұрсын. Бойың сенің аласа болғанымен, Бойы биік жандардан биік тұрсың.

Күлмей ме, айтшы, көктен күн нұр себерде, Шөп те мынау өлерін білсе өсер ме.

Құт-береке кетер ме Күнде осылай

Кісі үзілмей төріңнен тұрса егерде.

Қағып мынау жылдарға қырық қада, Келіпсің-ау о, досым, қырыққа да.

Қырық қадам үйіңнен шыққаның бұл Жарың салған көндікпей құрыққа да.

Берік болып осынау құрыштан да, Өткір болшы бұл таңда қылыштан да. Алатау боп алдымнан шыға келші

Ай нұрына шомылып пүліш таңда.

Даң-дұң ойдан жалығып жерігенде, Жан досым деп іздедім сені мен де. Төбем көкке жеткендей болушы еді, Төбең сенің алыстан көрінгенде.

Қайран досым!

Күмбірлеп күйге енсем де, Күйге енсем де,

Жаныңнан сый көрсем де, – Қастасуды келемін үйрене алмай, Дос болуды өзіңнен үйренсем де.

ШАБЫТ ҮРЕЙІ

Бірде мені таң атпай ертеменен, Шабыт қысып столға жетелеген. Алып пешке – жүрегім айналды да, Тал бойымнан не қалды өртемеген.

Тас тисе де дәл атқан шекеме көп, Мұратыма жүрген ем жетем бе деп. Күйіп-жанып тал бойым қызған сәтте Шын қорықтым –

Өртеніп кетем бе деп.

Көптен бері жүрген-ді жалын қашып, Жүрген едім өзіме қарным да ашып. Жұлқына аққан бейне бір асау өзен – Тез тұтанып үлгерді қаным тасып.

Дүниеге қағылған сына көрген Ақын едім –

Қырағы құба мерген.

Арнасына сыймаған қан тамырым Адырайып әп-сәтте шыға келген.

Тас тисе де дәл атқан шекеме көп, Мұратыма жүрген ем жетем бе деп, – Тал бойымды шандыған қан тамырым Шын қорықтым –

Жарылып кете ме деп.

* * *

Жаздың қоңыр самалды бір кешінде, Тамақтанып үйінің іргесінде

Қойшы отырды,

Ал оған қарсы қарап,

Үш төбеті жатқан-ды қыр төсінде.

Мінезі бар кей-кейде тарпаңдаған, Шынашақтай кісі еді қалтаңдаған. Бір сүйекті лақтырып тастай салды, Алты көзді көргесін жаутаңтаған.

Жойқын күшті кеуделі арыстандай, Тұра ұмтылды үш төбет жарысқандай. Сүйек біреу...

Әлгі үшеу бір-біріне

Жібермейді тістелеп қарысқандай.

Үшеуі де, ойпыр-ай, құмарланып, Жұлқыласып қырқысты жұмарланып. Кенет құйын суырып өткендей-ақ Көтерілді қою шаң мұнарланып.

Қанталаған көздері жарқылдайды, Жүрек жұтқан иттер-ау, Тартынбайды.

Алма-кезек бір-бірін алып ұрып Азу тісін батырып алқымдайды.

Таласты-ай кеп, бір-бірін жүр тықсырып, Үй жанында шопан мәз –

Тұрды ысқырып.

...Ұсақ-түйек болмашы нәрсеге өстіп Тағдыр кейде қояды-ау қырқыстырып.

ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВПЕН СЫРЛАСУ

Сырласып айқын уақытпен, Толқыса бір сыр ішімде,

Жүр екем Шыңғыс Айтматовпен Кездесіп бірде түсімде.

Жұлдызым, сірә, жанды ма, Сол жолы шырқап Айға астым. Ұлы адамның алдына

Қысыла барып жайғастым.

Жарқыл от тұнып көзіне Жадыраған кезі оның да. Ұсынсам деген өзіне Қолжазбам бар-тын қолымда.

Қарады кенет жүзіме, Тосырқап өткір сұспенен, – Ұрынған жандай күзіне Келдім бе сұрғылт түспенен?

Тыңдамай арман-мұңымды, Кетердей бейне ол тұрып, –

Түсірмей баға, құнымды, Көкірегімді күйге толтырып.

Сөйледім лезде іркілмей, Бөленіп балғын сезімге. Тыңдады үнсіз, бір күлмей, Айналып маңғаз төзімге.

  • Қазақ пен қырғыз жерінде Мұхаңнан өткен шың бар ма, – Өмірдің өжет өрінде

Жол ашқан сендей сұңқарға.

Әлемге жан боп әйгілі, Келесің әйдік құрметпен. Жетесің бізге қай күні, Керек-ау сендей бір көктем.

Керек-ау сендей бір көктем, Жауқазын біздей жастарға. Асулардан да бірге өткен Жетелеп заңғар асқарға...

Ендеше тыңда, жан аға, Бұл жолы тақпа маған сын. Қарасаң байтақ далаға, Асқар тау болған ағамсың.

Жусанды жазық қыр, дала, Сенің де, аға, бесігің.

Қазақтан шыққан бір бала Болса егер іні, несі мін?!

Алатауыңнан басталған Таласты еміп сен де өстің.

Қазақтың құмын жастанған Таласты еміп мен де өстім.

Бір енені тел емген

Не жетсін, аға, бауырға – Бірі үшін... шаба жөнелген Салып қап атын сауырға.

Жүгіріп бір от денемде, Шақырды сонда қыр, дала. Мен едім –

Жүрсе белеңде

Жолыңды тосып бір бала.

Келмедің, аға, бірақ та Таластың қуып толқынын. Жүрмедің мініп құр атқа, Ойықтың шарлап жол, құмын.

Арқырап бірақ Таласың Тұсымыздан шауып өткенде, – Қазақтың шарлап даласын, Бірге еріп кепті көктем де.

Ел-жұртпыз әнді, сәнді де, Сауықпен күнін өткізген. Данияр салған әнді де

Сол Талас бізге жеткізген.

Даламның ойы, қыры да... Жолыңды бәрі тұр бағып. Жәмиланың жүрек сыры да Таласпен жеткен бірге ағып.

Жарқырап, аға, маңдайың Көгілдір әлем ішінде, –

Елімнің сұрап мән-жайын, Хат жазам деп ең түсімде.

Жолдарсың, аға, хатыңды Арайлап атқан бір таңда, – Қазаққа деген махаббатыңды Жеткізіп Талас тұрғанда.

ОТАНЫМ МІНБЕДЕ ТҰР

Тәніне түскен небір жараны ашпай, Бәріне көніп кепті-ау дала саспай. Дүние –

Араздасқан ағайын ғой

Отырған алшақ-алшақ араласпай.

Дауын да, дамайын да талай басып, Келеміз әлі күнге қарайласып.

Ала ауыз ағайынға билік айтқан Отаным мінбеде тұр арай шашып.

ЖЕҢІСКЕ

Көктем келіп, кіргенмен жердің әрі, Кернегенмен кеудені көлдің әні.

Бас-аяғы толысып, бүтінделіп Кетпеген кез еді ғой елдің әлі.

Ол жылдардың қайғысын дала ғана Көтерген-ді,

Көтерген Ана ғана...

Есек мініп мектепке барған алғаш Сен емес пе ең сондағы қара бала!

Мені үнемі сыйладың аға көріп, Аға көріп және де жаға көріп.

Екі есегің бар еді, Соның бірін –

Жүрегімді қуанттың маған беріп.

Ажырамай жетімдік – жолдасымнан, Бейнет шегіп, зар кештім он жасымнан. Көп қуандым

Сен берген қара есекті

Тұрсынбектің кем көрмей жорғасынан.

Күні күліп, қызынып қалған дене, Ғайбат сөзге болмасын талқан неге?! “Жібергендей нағашың ат мінгізіп, Сонша неге қуандың, аңғал неме!”

Деген сөз де естідім біреулерден, Дүниеге өздерін тіреу көрген.

Ақ басты атам со кезде былай деді Ар-намысы арыдан түрегелген:

  • Жаңылған жоқсың, шырақ, есебіңнен, Қайта көшкін күлкіңе кеше күлген.

Атқа мінген жандардан, таққа мінген, Озған жоқ па жыр – Жамбыл есек мінген.

КӨКШЕТАУ

Шомылып көк сағымға нұрлы алаңда, Тау бар ма сенен сұлу бұл ғаламда?

Патшасы сұлулықтың сен деп білген Өзіңді Сәкен ақын жырлағанда.

Ғашығын іздеп көлге жиі барған, Көңілде күмбір қағып күйі қалған, – Көкшетау сол Сәкеннің өзі ме әлде Жасылдан жібек шапан киіп алған?!

Би билеп қайың-қыздар суға барған, Ақынның жырын тыңдап тына қалған. Сәкен шеккен шылымның түтіні ме, Әне біреу қоңыр бұлт шудаланған?!

Қойтастар аунап түскен жамбасына, Көкшенің су тартатын қауғасы ма? Наркескен жігіттер ме

Қарағайлар

Жамырап шыға келген тау басына?!

Қадалған таудың жасыл денесіне, Шыршалар бұрынғының жебесі ме?.. Көкшетау Ақан сері болар, бәлкім, Көтерген сұлуларды төбесіне?!

Өзені Ақан болып жырлап аққан, Тұманы – көк шымылдық қырға жапқан. Көкшетау Ақтоқтының өзі ме әлде Алтындап сексен көлден сырға таққан?!

Түнерген тас қабағын түйіп көптен, Жартас та бір ғұмыр ғой биікте өткен. Көкшенің текшеленген сол жартасы Қыздардың жүгі болар жиып кеткен?

Қатер бұлт төнген кезде өз басына, Кім кепіл бұл өмірден озбасына, – Көкшенің мөлдіреген таңғы шығы

Жоқ әлде Біржан салдың көз жасы ма?!

Қиядан сан естіліп өктем даусың, Бағзы бір замандардан жеткен таусың. Жаралған сұлулықтан, о, Көкшетау,

Жасыл желек жамылған көктем-таусың!

АЛЫП ТАСТА ДЕЙСІҢ-АУ...

Жаның сенің дедің бе төре кімнен, Жырымды оқып, өткізіп елегіңнен, – Қазақ деген сөзді алып таста дейсің, Қазақ жайлы жазылған өлеңімнен.

Неге аламын, жарқыным, неге аламын, Тыныстаймын қазақ деп, дем аламын. Қыдыр кезген қырқасын қайран қазақ Асқар тауым емес пе, көк алабым.

Қазақ халқы бар болса – мен де бармын, Өлеңімнен, ендеше, неге аламын?!

Алып таста дейсің сен өктем төніп, Қайтер еді

Қарасаң көктем болып. Киесі атып ел-жұрттың, Не айтпақсың,

Жүрсе егерде аяғың көктен келіп?!

О, жарқыным, сондықтан келте кетпе, Сен – жапырақ болғанда, ел – терек те. Қасиетін халқымның жойсам деген Талай сұмдық болған-ды ертеректе.

Жаратпаған бір есер мол мұрасын,

( Он отырып соны ойлап, он тұрасың ).

  • Құрту керек отқа өртеп, – депті ызалы, – Жиып алып қазақтың домбырасын.

Көк мінбеде көгілдір шыңдай қатып, Қызметке сол шіркін тұрмай жатып:

-Домбыраның жоқ, – депті, – келешегі, Болашаққа барамыз сырнай тартып.

Суық бопты шіркіннің сөзі сондай, Жан жоқ еді көрінген көзіме ондай. Қасиетті қазақтың киесі атып,

Көп ұзамай құрыпты өзі де оңбай.

Кімдер естіп бұл жайтты, кім білмеген, Кезі бар ма жүректі мың тілмеген, – Опа табам деді ме

Нар халқымның

Домбыра – үнін өшіріп күмбірлеген?!

Өткізсең де жырымды елегіңнен, Сол сұмдықты сенен де көремін мен. Қазақ деген сөзді алып таста дейсің, Қазақ жайлы жазылған өлеңімнен.

МЕН КІНӘЛІ ЕМЕСПІН

Бәрі менде жетеді, жеткілікті, Көпшіл жаным, әйтеуір, көпке ілікті. Естіп жатам...

Елдегі бір ағайын:

  • Шыр бітпеген сорлы еді... – деп күліпті.

Жақсы менен жаманды кезек көріп, Жас кезімнен өскен ем өжетке еріп.

Маңдай термен маңдайым жарқырапты, Енді отырсам өзіме есеп беріп.

Жалғыз қалған тал емен бөктердегі, Тек қуаныш жанымның өткермегі. Алматының төрінен ойып алған Үйім де бар бұл күні төрт бөлмелі. Кейде қатты батады

Біреулердің

Басымдағы бағымды көп көргені.

Әйтпесе не?! Бүгінде не жетпейді,

Бәрі жетіп тұрса да өжектейді.

Тал бойымда бір мінім болмаса да, Тал бойымнан мін іздеп безектейді.

Сол шіркіндер шынар боп өрге біткен, Кейде тыға жаздайды көрге тіптен.

Тірі жанға залалым жоқ еді ғой Кейде қатқыл айтсам да пенделікпен.

Тынбайды әсте сыртымнан бір сөз етпей, Қадіріңді, шіркін-ай, білсе көптей.

Мен кінәлі емеспін Кей пенденің

Маған деген көңілі жүрсе жетпей.

РАХМЕТ АДАМДАРҒА

Мың рахмет жаны игі адамдарға, Арлы көзбен қараған замандарға, – Қиын кезде жүрегін қорған етіп, Тоқсан қабат айналған қамалдарға.

Адам барда өмірде, Адам барда

Әлденеге көңілім алаңдар ма?!

Адам барда мен-дағы тұрмаймын ба, Желбіреген ту болып алаңдарда?!

Ей, ағайын, біліңдер, Мен емеспін

Қорғандарға қонатын жаман қарға. Жақсылардың көзімін,

Жыры да – мен

Замандардан жететін замандарға. Қарға емес,

Жаратқан қыран етіп,

Мың рахмет жаны игі адамдарға!

Жақсылықты көп көрдім жақсылардан, Жақсылардан жаралған асыл ардан.

Қарыздармын сол үшін адамдарға Қай-қайда да құлашын асыра алған. Жақсылық та жасағың кеп тұрады, Көп жақсылық көргесін жақсылардан.

Жасығанда – Жанымды сілкіледі,

Ақ жаңбыр боп көгімнен сіркіреді. Жақсы адамдар өмірде болмаса егер, Өмір, сірә, сүрмес пе ем...

Кім біледі.

БАР ЕДІ СОЛ АУЫЛДА ЖАЛҒЫЗ БАЛА

Шыңдалар болат тұяқ кетілгенмен, Шын жетім жалтақ болар жетілгенмен.

Бар еді сол ауылда жалғыз бала, Әкесі қан майданның өтінде өлген.

Соққанда соғыс-боран анық беттен, Сөнер деп ойламаған жарық көктен, – Бар еді сол ауылда жалғыз бала, Анасын төркін жағы алып кеткен.

Күн сайын қайғы, мұңы еселенген, Ол сөйтіп ата-анасыз өсе берген.

Үйінен әкесінің ұзамап ед, Қайрылмай анасына неше келген.

Әкесі өліп, таусылған асқақ әні, Жас бала қайтеді деп баспананы, – Анасына ермеген тас жүрек деп, Біреулер көп жазғырды жас баланы.

Ол кезде білмеп еді кім боларын, Сағалап өсе берді тумаларын.

Туа сап кім бар дейсің шарлап көрген Өмірдің тау-тас,

Шатқал, Жылғаларын.

Сол бала жігіт бопты осы күнде, Жол тартқан күміс керуен – Көші күнге.

Кем емес кім-кімнен де, Шынымды айтсам,

Өссе де кім көрінген есігінде.

Жүгірген жылу іздеп кімге де еріп, Еңбегі еш кетпепті – жүр өтеліп.

Әкеден қалған қара шаңырақты Сырық боп сол бала енді тұр көтеріп.

БІР МІНЕЗБЕН КЕЛЕМ МЕН

Жүрегіне үңіліп дүрбі көзбен, Көңіл аша қоймадым дүмбілезбен.

Жолаушыдай бір жолмен жүріп өткен Келем әлі өзгермей бір мінезбен.

Бұлт үйіріліп,

Туса да басыма күн

Бордай тозып, божырап жасымадым. Алда-жалда қуаныш көре қалсам, Шолақ сайдай көпіршіп тасымадым.

Тұрса тулап бойымда асыл қаным, Жайқалады әлі де жасыл бағым.

Ашық аспан секілді мінезім бар, Күннің көзі –

Жарқырап ашылғаным.

Шуақ төгіп тұрғанда күн өлкемде, Жақсы, жаман...

бәрін де білем мен де.

Көгершіннің мойнындай сан құбылып, Жағымпаздық ғұмырмен күнелтем бе?

Туғасын ба жүректі текті өрен боп, Биігімнен көрмедім тек төмендеп. Қатарыма осқырып қарамадым, Қолым менің бақытқа жетті екен деп.

Құрып мейлі кетсе де өзге ермегім,

Жылан жылым – жылымшы сөзге ермедім. Мансап қуып көп досым өзгерсе де, Алайда өзім құбылып өзгермедім.

Қайда қарап тұрмайын жар басынан, Туған жердің сыр түйем әр тасынан. Кейде өзімді өзенге ұқсатамын, Асып әсте көрмеген арнасынан.

ЖЕТЕКТЕГІ БОТА ЕМЕСПІН

Өзгеден ақылым аз, күшім кем бе, Не түсті беделімді түсіргенде?

Не түсті жазым өтпей Бөктердегі

Гүлімді үскірік боп үсіткенде?

Осы ма мені жете түсінгенің, Бұның не беделімді түсіргенің? Күшіктік емес шығар

Жұрт алдында

Өзіңді аға тұтып кішіргенім.

Түстім бе жайлауыңа ат байлаған, Жолыңмен жүрдім бе әлде тақтайлаған? Шық етіп жүрегіңе тиген тастай

Болды ма кезім және жақпай қалған?

Жол тартқан керуендей төте күнге, Жүрмедің дейсің менің жетегімде. Мен айтсам:

Биігінен құламайтын

Таулардың жүрген жақсы етегінде!

Жалынды аға болсаң отқа оранған, Додаға түсіп мен де көкпар алғам. Ай-шай жоқ жетегінде кете берер Мен саған бота емеспін ноқталанған.

БӘЙТЕРЕКТЕР ЖЕЛ ӨТІНДЕ ТҰРАДЫ

I

Кім бұрын сырын білген,

Жанмын ба әлде өмірге ұрын келген. Жек көреді біраз жұрт неге мені, Кезім, сірә, болды ма сүріндірген?

Төрге озам деп жасымнан, Алдын орап,

Кезім бар ма есіктен бұрын кірген?

Көкірегімнен тартылып неше керней, Суырылып кеттім бе есе бермей.

Жек көреді біраз жұрт неге мені, Қалып әлде қойдым ба көшеге ермей.

Көріп жүрсе биіктен күнде мені, – Жаман ба, айтшы?

Не еткені күндегені?.. Ілгілері келмейді көздеріне,

Сонда мені бұлардың кім дегені?!

Жүрсе өздері аса алмай пенделіктен, Аласарып тұрмақпын мен неліктен?! Жұрттан асқан айбыным болмаса да, Қасиетпен келемін елге біткен.

Неге ендеше біреулер тиіседі Көкірегін жайлаған жел-желікпен? Тірі жанға қиянат жасау түгіл,

Тас лақтырып көрдім бе көлге тіптен?!

II

Өмір – күрес!

Сен соны білесің бе? Жақсы, жаман...

Барлығы тұр есімде.

Жек көргендер мені аяп, мүсіркер ед Жатсам егер қар құшып күресінде.

Көрмесем де тас атып көлге тіптен, Жүрмесем де арындап жел-желікпен, Жапа шегем ендеше мен неліктен?!

...Жел өтінде тұрмай ма қысы-жазы Бәйтеректер қасқайып өрге біткен.

ТАМҰҚ ОТЫНА ЖАНБАҒАН

Шер-дастан Бірінші бөлім Димаш аға

Қара топан бетер боп сел басқаннан,

Қазақ үшін жай түскен жерге аспаннан. Қонаевты Мәскеу жақ тастады алып, Қыдыр болып қырық жыл ел басқарған.

Таласа да қасқыры, қабаны да,

Шытпай өткен жан еді қабағын да.

Тастады алып кісіні өздеріне

Көп қызмет атқарған заманында.

Замананың ағымы –

 дүрмекке еріп, Ғұмыр, тегі, кешпеген сұр беттеніп. Адал болды...

Мәскеуден келген еді, Адалдығы үшін де құрмет көріп.

Өкіл болса Мәскеуден бұрқап келген, Миллиардтың тілімен шырқап берген.

Қаншама астық тасылды білер еді,

Шойын жолдың солқылын тыңдап көрген.

Сөнбесін деп шырқалған шырақ-әнім, Таппақ болып шарқ ұрған бір амалын. Бірақ басқа қайран жоқ,

не істейді,

Беріп ылғи құтылған сұрағанын.

Жеткен елге түн қатып, ара қонып, Қалмасын деп ана да,

 бала тоңып, – Жүгіргенін Димаштың ұмытты ма, Жарылқаған бәрін де дала болып.

Ызғар жиып жететін күнде демі, Бықсытып кеп қайдағы бірдемені. Қонаевты тағынан ұшырғаны – Жақсылықты Мәскеудің білмегені.

Несі ұнамай қалды екен, несі жақпай?

Күні бар ма жүрмеген көсіле ақпай, – Түні бойы көз ілмей ағылатын

Керуен-керуен байлықтың көші жатпай.

Келсе де ылғи қамалып түрмеге елі, Жақпады ма ырқына жүрмегені.

Мінгізгені Димашты қара есекке – Ұмтылғаны нар халқын жүндегелі.

Ғұмыр бойы шырқалған асқақ әні, Әуелетіп Димашты тастағаны.

Жақсылықтың бәріне көзін жұмып, Бір сойқанын тұрған-ды бастағалы.

Көңіліне кек сақтап, қаттамаған, Тірі жанды пенде боп даттамаған. Димаш аға ел сүйген есіл ер-ді, Ғұмырында ала жіп аттамаған.

Көшін түзеп қисайған жұрттың талай, Халқым еркін, – деп тілеп, – жұтсын арай өтті өмірден.

Жақ болса аққа Құдай,

Оған күйе, ендеше, жұқсын қалай?

Тәңіріден ұл болса сұрап алған, Неге қырын қарасын мына жалған. Қола мүсін Ескерткіш сом тұлғасы Есігінің алдына тұра қалған.

Маңайынан ызғарлы салқын қашқан, Болашаққа қадамын жарқын басқан, – Димаш болып ескерткіш қабартады Қатырмаса жарар деп халқымды аштан.

Ойда жоқта желбуаз жылтыңға еріп, Азып-тозған бүгінгі жұртын көріп. Димаш болып Ескерткіш тұр өкпелеп, Әкімдердің бәріне сыртын беріп.

Желтоқсан ызғары

Тұмшалады қара бұлт айды аспанда, Колбин келіп «тағына» жайғасқанда. Жеңеді деп жамандық кім ойлаған Жамандық пен Жақсылық айқасқанда.

Бұрын мұндай кім көрген масқараны, Секемденіп шегінген аспан әрі.

Наразылық күшейіп тасқындады, Намыс кернеп Алматы –

астананы.

Сөлекет боп танылды кең алаңда

Бұрқақ атып шырқалған жастар әні.

Тамырында тулаған намыс қаны,

Ұл-қызым боп

 зұлматтың алысқаны. Арпылдаған талатып иттеріне, Тәнкілермен не сұмдық жанышқаны.

Тажал болды Мәкеудің қызынғаны, Әділ жолдан тайғаны –

бұзылғаны.

Қорғаштаған намысын барша жастың Судай ақты алаңда қызыл қаны.

Қарсы шапсаң көк сауыт жарақтыға, Сор жауатын кезең ғой талаптыға.

Қаншама жас қиылып қыршынынан, Қаншама жас қамалды абақтыға.

  • Неге қарға лақтырып тастамасын, Қалдырды, – деп, – ұятқа астанасын.

Өр намысын қорғаған жастарының Үлкен қанша шығарған масқарасын.

Пәрмен солай болды ма өктем жеткен, Жанның бәрі бұғынып көктемдеткен, –

«Наркамандар!» деп бөсті бір топ саңлақ Қалың қазақ өнерін көкке өрлеткен.

Үлкендер-ай, күн кешкен жарамсақтанып, Кетпесе егер сөйте ме адам ұсақталып.

Бірақ бәрін күтуге болады екен Адал өлген қоғамда, арам сақталып.

Алғашқы арбасу

Алау демі көгертіп тас түлеткен, Қонаев боп табылды тасқын ерткен. (Қасқыр – заман күнәкар пенделерін Талап жейтін кісіні қасқыр еткен).

Қасиетпен өтсе де Димаш аға, Тудырмақ боп жанықты қасіреттен.

Оң мен солын... түп-түгел байқап көріп, Жеткен даукес секілді айтаққа еріп.

Ауыз салған ақыры Асқаровқа Айналасын құйындай жайпап келіп.

Айдыны асып,

көңілді жарқын күлген, Қонаевқа кісі деп жақын жүрген. Асқаровқа шүйліге бастады енді Нарқын білген қашанда,

халқын білген.

Қай-қайдағы сұмдықты үйіп-төгіп,

Күйе жақты

жатсын деп күйікте өліп.

Оған, сірә, есіл ер қалай көнсін Орып келген тарысын биікте егіп.

Миы ойылған мәңгүрттей бастан қалып, Қоян жүрек алдынан қашқан арып.

Ақ бас бура Асқаров – шындық еді, Сол шындықты сүйреді шаштан алып.

Ұғынысып қосыпсың бастарыңды, Бермейміз деп алтын тақ –

асқарыңды.

Сен шығарсың алаңға бастап шыққан Ар-намысын ту еткен жастарыңды.

Өшірейік үніңді, – десті сұмдар, – Жан болсаң да қаншама асқақ үнді.

Зұлмат еді, білмеймін, қайдан жеткен, Түсті ме, әлде бұлт-шашын жайған көктен. Жүрегіне у құйып:

  • Барғын, – деді,

Партбилетін тартып ап майданда өткен.

Жүз алданып келгесін, мың алданып,

Сөнгендей ме шырағы тұрған жанып. Тауға шөккен көк мұнар секілденіп, Кетті лезде айнала тұманданып.

Тұрған еді Дүние алабұртып, Өртке толды өзегі алау жұтып. Партбилет боп жүрегі суырылып, Жүре берді көз алды қарауытып.

Партбилет боп жүрегі суырылып, Шыжғырылып табада, қуырылып

жатқандай ма, немене? Сондай шақта

Берер дейсің қол ұшын кім бұрылып?

Құлағына шұбар сырға – жылан тағып, Өте шықты бір бикеш сылаң қағып...

Тек Алатау қабарып, тұнжырайды Айналасын манадан тұрған бағып.

Ақыл-ойдан кембағал,

 жүректен де, Мұндай шақта бола ма тірек пенде. Бұл қоғамда қорғайсың өзіңді өзің Тамұқтан да сескенбей,

түнектен де.

Көктемгі аспан секілді күрсінгенде, Қақ жарылса жарылсын тылсым кеуде. Көкті аңсаған алқызыл сұңқар еді, Неге,

Неге пенде боп жүрсің жерде? Шыға келді алдынан күн жарқырап, Он екі вал күшпенен сілкінгенде.

Қуынғанда

Аман қалған жан еді аштықтан да... Тулағанда намыс боп жастық қанда, – Күтірлетіп түкіріп тастаушы еді, Көмейіне біреулер тас тыққанда.

Қалып еді жазықсыз тасқа ұрынып, Маңайынан дос-жаран қашты ұғынып.

Буырыл тартқан шағында шын егілді

Жанарына мөлтілдеп жас тығылып.

Шойын жандар орнығып паң, сызданған Шындық іздеп ЦК-ға сансыз барған.

Есіктердің барлығы тарс жабылып, Сезінді өзін кісідей жалғыз қалған.

Ел мен ЦК-а арасы – биік қорған,

Жандар ғана баратын билік қонған. Неге, ендеше, тыңдасын Асқаровты Партиядан шығып қап «күйік» болған.

Тыңдамайды...

бүгін де тыңдамады,

Долы қатын секілді тұлданады. Шойын кеуде ЦК-ны жаңа ұғынып, Таңырқайды Асқаров,

мұңданады.

Елін, жерін ойлаудан қалған бәрі, Жарамсақтық –

шырқайтын жалғанда әні.

Қабан-Колбин тұз көзін қадаса егер, Таусыларын біледі талқан, дәмі.

Әділсің бе?

Ақсың ба?

Қарамайды,

Қабан-Колбин көзімен саралайды. Қабан-бастан туындап қабан-ойлар Кең даланы құйын боп аралайды.

Не қаласа көңілі соны істейді,

Елге, өйткені, қазақты санамайды.

Ұрпақ үні

Жарқыраған жұлдыз боп ел көгінде, Асан аға,

 көп шығар еңбегің де. Қадіріңе жетпесе өлеміз бе, Қайыспағын,

қайтпаған ер тегінде.

Қабан ұстап тұрғанда тізгініңді, Өзің қалай үзбексің түз гүліңді.

Тас қоғамда күн кешсең кім естісін

Шырқыраған жан дауыс –

ізгі үніңді.

Қайғырмағын ез құсап естен танып, Жатқан кезде қайтадан өшкен жанып. Партиядан шыққандар өлген жоқ қой, Күнге қарай бет алған көштен қалып.

Ұят болды жасыңның төгілгені, Ұят болды жаныңның егілгені. Партиядан өзіңді шығарғаны – Партияның іргесі сөгілгені.

Қайта-қайта танасың неге есіңнен, Асылдардың жаралсаң денесінен. Қызыл қанға боялған партбилетті Ұрмайсың ба, жан аға, енесінен.

Асанбай аға толғанысы

Пайда болған сайтандай қайқаң белден, Колбин деген сұр қабан қайдан келген? Түсіне ме ол шіркін!

Партбилетім

Жастық шағым екенін майданда өлген.

Тағыдайын мені кім мұнша аулаған, Колбин, бәлкім, ер көрсе кіл жалмаған. Бар қазақты қасына жиып апты,

Ұры тазы секілді жылмаңдаған. Пенделікті күзеткен Партбилетім

Арым еді, қайтейін, кір шалмаған. Қабағына қабанның қарағыштап, Содан көзге пенде аз ба құм салмаған. Қандасымнан көп көрдім көресіні,

У тамады жүректен – жыр саулаған.

Бомбы боп та жарылып кетер ме еді, Босатпайды тас кеудем құрсаулаған.

Тарлан жаным теңселіп, сенделеді, Партияға,

шындыққа сенген еді.

Қызыл билет сақталып төс қалтамда Жүрегімді жылытып келген еді.

Азаматын қорлай ма жебе көрген,

Қайтып алса

билетін неге берген?

Асыл шеге мен едім партияның

Тұғыр тасын құлатпай шегеленген.

Партияның қажеті не?

Дәурен көріп билігін, дәрмен көріп,

Нұсқау беріп үйренген, пәрмен беріп, –

Партияда қандай бір қасиет бар, Ғұмыр кешкен құныс ой, канденге еріп.

Шыбын жанын шырқырап белге түйген, Ара түсе алмаса ерге күйген.

Партияда қандай бір қасиет бар, Оқтын-оқтын бүйідей елге тиген.

Басын шалған әр төбе, әр қияның,

Алжасқаны емес пе партияның, –

Қара шаңырақ – қазақтың шырқын бұзып, Уықтарын сындырса мәрт ұяның.

Қабағынан қар жауып қарағаны – Құрбан болған шырқалмай жабағы әні. Қамағаны байырғы коммунисін, Партияның бұл өзін қамағаны.

Сабағаны, ендеше, Асқаровты Партияның бұл да өзін сабағаны. Талағаны жабыла

Төбет боп та

Партияның өз-өзін талағаны.

Содан ішке алау боп жалын түскен, Жүрек қанша булығып қабына іскен. Қанға жерік партияның қажеті не?

Өзі өсірген кадрдың қанын ішкен.

Бұғанасы қатайып, бекімеген

Боздақ қанша түрмеде шетінеген. Қаны бұзық партияның қажеті не? Өз халқының қорқау боп етін жеген.

Көресіні көп көріп келімсектен, Азап қанша тозақта ерің шеккен. Зұлым жендет партияның қажеті не? Бейбіт күнде еліңе өлім сепкен.

Екінші бөлім Мәскеу сапары

Ойым жоқ-ты түрмеге түсем деген,

Көнеді екен бәріне кісі өлмеген. Үш қарауыл Мәскеуге алып жүрді

Қос қолымды шынжырлап кісендеген.

Тарғыл тағдыр қараса қырауланып, Тастамай ма көрден де бір аударып. Қолға түскен кісен не?

Келген жоқ па

Ақыл-ой, миың қоса бұғауланып.

Айбат шеге қадалған дұшпаныма, Аруақтар қонды ма күш-бағыма. Үш қарауыл күзетіп Таңырқаймын

Темір құспен мені алып ұшқанына.

Зұлмат күшті бейнелеп сан суретте, Жүрек отым, ендеше, жансын көкте.

Үш қарауыл мені алып ұшты ма, әлде Аспан шарлап шарықтап қалсын деп те.

Қайдан олай ойласын шойын жандар, Шойын жандар –

қан ішіп тойынғандар. Түрме – табыт, жатады соған барып,

Мен секілді тірідей сойылғандар.

Бойда тұрса қазақтың тасып қаны, Өлімді айтып сөз емес жасытқаны. Ажалыма ертерек жеткізбек-ті, Темір құсқа мінгізіп асыққаны.

Темір құсқа мінгізді қайдан ғана, Үш қарауыл қарайды айбарлана. Алатауым төменде мұнартады,

Сағым кешкен бүк түсіп қайран дала.

Көрген өмір жақсысын, жаманын да,

Қыдыр қолдап, ұштаған талабын да.

Темір құспен Мәскеуге сан ұшқан-ды, Хатшы боп дүрілдеген заманында.

Келем көкте екі елі төбем жетпей, Тұтқыныңа бұл жолы желең кетпей, – Шойын жандар!

Сендерге мың рақмет

Ұшқан алып нарқымды төмендетпей.

Айналамнан кетпесе нұр жағалап, Жүрген жоқ па сендерді жын сағалап. Шойын жандар!

Мың алғыс, мың рақмет

Ұшқан алып нарқымды шын бағалап.

Мәскеу түрмесі

Қай тұсқа да жарқылдап самғай барған, Елден келген кісі деп тау жайлаған,-

Ат үстінде жүргенде Мәскеу еді,

Құрақ ұшып шылбырын сан байлаған.

Шайқап ішер ырзығын құлқын көріп, Қабарып тұр бұл жолы сыртын беріп. Қасқыр көрген ешкідей селтиеді, Бөтен біреу бұзғандай шырқын келіп.

Күнін, түнін өткізген сауық, бимен Көңіліне Мәскеу тұр қауіп түйген. Кімнен, неден шошынды

Жарағы сай

Солдаттардан үстіне сауыт киген.

Асқан кезде жасынан пайғамбардың, Сұрқын көріп Мәскеудің қайран қалдым. Заманында Ер қала атанса да,

Бірі болды сертінен тайғандардың.

Тыныш, сірә, өтпеген бір кеші де, Көкжал бөрі секілді бүргесі де.

Қандай сұспен қарсы алса бұны Мәскеу Сондай сұспен қарсы алған түрмесі де.

Түрме іші –

азынаған қыр, атырап, Қозғалуға дәрмен жоқ – тұр қалтырап.

Жеткен бойда көрге атқан Адамды емес,

Ет секілді кәдімгі бір жапырақ.

  • Жігер, күші бұлқынған талабында Кісі болсаң,

құлмын деп сана мұнда, –

Көк жендеті тұмсықтан соқты келіп, – Жатқан, – деп те, – жатқаның табанымда.

Жанарынан өшпеген кекті көріп, Ызбарлана,

ызалы тепті келіп. Қан түктеніп тепті кеп Тұрғасын ба

Тепкісіне тексіздің текті көніп.

Тұтқындалғанда

 Босағаны болмаса жұрттың налып, Ара түсіп қала алсын кім құтқарып? Сайғақ құрлы елімнен сая таппай Кете барғам өткенде тұтқындалып.

Темір-жүрек тергеуші өлмесем де:

  • Кіресің , – деп зілденген, – көрге сен де. Саған енді бұл жерден шығу қайда Хатшы болып кезінде ерлесең де.
  • Өйтіп мені, қорқытпа, – деген кенет, – Қазір көрге тірідей жерлесең де.

Зұлмат болып жаралған құдіреттен, Ысқырынған көрініп тұғыры өктем. Төзе алмадым қорлыққа

Жан едім ғой

Жорға үстінде жарқылдап ғұмыры өткен.

  • Сорлағасын ел-жұрттан шетте қалып, Өр намысын жастардың кекке малып, Бастап шыққан алаңға сенсің, – дей ме, – Шерлі өзендей бұл күнге жеткен ағып.

Қайшы келіп тұрса да заңға бәрі, Жазықсызды жазалау қалған ба әлі. Естен танып құлаппын,

шара бар ма,

Шындық үннің шырқалмай заңғар әні.

Жұмыр басым келмеген неге көніп, Ұрып әлде жықты ма төне келіп.

Суып сұлық жатырмын қозғалтпайды

Тас төсекте тал бойым шегеленіп.

Тіршілігін бастаған құла таңда, Ұят әлі бар екен бұл адамда.

Емханаға жеткізген жедел алып, Естен танып мен алғаш құлағанда.

Бұлдырайды айнала сағымданып, Шығу қайда ат қойып,

дабыл қағып.

Тас төсегім секілді қара табыт – Жатқандаймын табытта жанын бағып.

Күнің құрсын түскесін ат белінен, Аққудайсың көз жазған шат көлінен. Жұртта қалған көне, ескі бұйымдай боп, Дүниенің барлығы жат көрінген.

Елді айырып үйренген қымбатынан, Айықпапты бұл қоғам сырқатынан.

Ығыспаған тау бар ма, дала бар ма,

Қызылала құбыжық тұрпатынан.

Жақсылық пен жамандық айқасқалы, Жалғыз бұл ма көз нұрын май басқаны.

Айықса егер сөйте ме дімкәс жанға

Үш күзетші қойғаны қай сасқаны?!

Қайдан болсын тағдырдың күзі өтпелі, Табанымнан аздай-ақ сызы өткені.

Бұйырмасын түсінсем жалғыз мені

Үш кісінің бұл қалай күзеткені?!

Тынбас мені жасытып дара жықпай, Тыныс та алмай...

кей-кейде ауа жұтпай, – Сауысқаннан үшеуі сақ күзетіп, Сақтап, қорғап келеді қарашықтай.

Бет-өңірін,

қабағын мұз, қар басқан Қадалғанда алты көз ызғар шашқан.

Пенде түгіл шыбын да кіре алмайды, Есікті тек Мәскеулік құздарға ашқан.

Бір жарамсақ пайда боп қас қаққанда, Көтерілген бой түзеп асқақ таңда.

Қазақ басын тартқан-ды сол жарамсақ Табаққа сап Колбинге бас тартқанда.

Бұны жалғыз бергенмен байлап бәрі, Қусырылып өлкесі,

аймақтары, –

жатты артынша төгіліп қара жерге сыпырылып қазақтың қаймақтары.

Шыныдайын сүртілген құр жылтырап, Дүние-әлем...

бәрі де тұр қалтырап. Елім – емен болса егер, бұтағында

Қалып қойған мен бейне бір жапырақ.

Қой тастарды айдаса сел қуалап, Бұтағамнан үзердей жел жұлмалап. Өкініштен аһ ұрып жатқандаймын Өксік қысып кеудемді жер тырмалап.

Ел мен жерден бұл күні кие кеткен,

Кие кеткен

және де ие кеткен.

Долы қатын секілді айғыздауда

Тамтығыңды қалдырмай шие беттен. О, қу заман!

Қу заман! Сірә, оңбассың

Мұзды ызғарын өткізген сүйек, еттен.

Есең кетіп бара ма бал таңдайға, Ұқсайсың-ау қисайып, жантайғанға. Нең бар еді тұтқындап мен бейбақты, Бойдан қуат,

жүзімнен әр тайғанда. Алжастың ба кәрліктен күнін көрген

Тышқан аулап арыстан қартайғанда.

Тұра беріп орнынан қалбалақтап, Есік жаққа қараған тағы алаңдап.

Дәрігерін таныды көрінгенде

Ақ халаты үстінде ағараңдап.

  • Шүкір, – деген бұған да сәл жадырап, Жапырақтай тал бойы сан қалтырап.

Дүниенің, кім білсін, не боларын, Халат киген жандардан қалса ажырап.

Ол кіргенде жадырап, қунап қалып, Кәдімгідей кетеді қуаттанып.

Құсалақтан өлер ед жүрмесе егер,

Емен-жарқын тілдесіп, шуақтанып. Абыздайын қасында отырғаны

Өткен-кеткен жайлардан сыр ақтарып.

Көңіл сұрап,

достар жоқ шұбап келген, Мұрат көрген кезінде, қуат көрген.

Көрдей суық тас бөлме жалғыз ғана

Дәрігер-дос жанынан шуақ бөлген.

  • Сырқатты ойлап, жігерің жасымасын, Жазыласың, – дейді, – аға, жазыласың. Періште боп жанымды қорғап тұрса, Неге менің көңілім тасымасын.

Жазылармын мен, сірә, сырқатымнан, Жүрегіме тулаған шырқатып ән.

Қоғамды емдеп жазбасақ біз әуелі Туғаныңнан не пайда бір қатыннан.

Өзеніңнен не пайда Жайықтаған, Жығылмаймын демегін тайып табан. Ауырмайтын бір пенде болмайды әсте Қоғам барда дертінен айықпаған.

Көрдей суық түрмеде

Асаусып мейлі бас білме, Еркесі боп та халықтың. Жатқызады тас түрме Ішіне қара табыттың.

Көрдей суық түрмеде:

Таң атса да – таңым атпады, Күн батса да – күнім батпады. Құлан едім жығылған Басымнан доңыз аттады.

Ордалы жылан секілді Жын ойнағы қаптады, Намысымды таптады. Қорлығына шыдамай Ат десем де – атпады.

Көздері түгел қанталап, Жендеттерге жеткен анталап Допқа айналса өз басым.

Шөлдегенде қаталап Сусын болды көз жасым. Теспей сорып қанымды, Шырқыратты жанымды. Ақтағаны осы ма,

Дәм-тұзымды, нанымды.

Орысқа бодан болғаның – Түскенің барып торына, Жығылғаның орына.

Көрмедім елдің оңғанын, Жетілгенін, толғанын.

Сабағынан үзілген Көрдім гүлдей солғанын.

Орыс деген –

тұнып көрмеген ағысы, тағылардың тағысы.

Орыс деген – жыртқыштардың жыртқышы Дүниенің өзін де

жүрген жалмап жұтқысы.

Мен қазақпын

Шығамын демен ақталып, Ісіне түгел қанықтым.

Тірідей мен де қақталып Отына жандым тамұқтың.

Жоғалып қызық дәурені, Түрмеде түнек қалыппын. Күннің нұры – сәулені

Көре алмай қанша жанықтым.

Жалған дүние, жалғанда Басыңа бейнет салғанда, Кім кетпеген арманда.

Ел-жұртынан бөлініп Жападан жалғыз қалғанда.

Ақ бас бура шағында

Мен бе екен суық көрге енген, – Сорға айналып бағым да Тірідей көрге жерленген.

Ақ семсер ем жасымда Ата жауға сермелген.

Шау тартқан шағым – бұл күнде, Нарқымды жоғалтуым мүмкін бе?

Қайралудан

жұқарып қалған қылышпын, түгі кеткен қыжым, пүлішпін. Шайқалып төгілген ырыспын, Қорытылған от пеште құйылмаған құрышпын!

Қартайсам да

қиып түсер қияқпын, жол тоздырған тұяқпын. Арсыз Дүние бетінде Қалып қойған Иман, Ұятпын!

Істеріңді істеп бақ, Қыларыңды қылып қал, Жын ойнаған көк көздер! Өшкен шырақ жанғандай Қайта оралса от кездер.

Түрме – қынап, суырылған қылыштай мен де бір күн шығармын, Шыға алмасам сынармын. Тасты жарып,

Бостандыққа ұмтылған Шынармын.

Шау тартқан мені демегін, Сол болсын жалғыз көмегің.

Қыран қартайғанда қауымды келген.

Семсер қанаты сілтенгенде құз кеуде тауыңды бөлген.

Төбемнен бұлтың төнгенде қалайын неге қорғанбай.

Түрмеңде шіріп өлгенде гүрс етіп құлаған қорғандай. Қырға апарып көмгенде өркен жаярмысың ормандай.

Айтқаныңа көнбен, көнбеймін,

Намысым оянған жасарып. Ендеше, мен де өлмеймін, Жарға біткен емендей қасарып.

Ішінде туып азаптың, Түндігі биік түрілген, – Өйткені «Мен – Қазақпын мың өліп, мың тірілген!»

Қырық тергеуші және тұтқын

Қырық кісі бір жақ боп жабылғанда, Болар, бәлкім, жүрегі қабынған да. Абақтыда есіл ер жатпас та еді, Халқы түгел қасынан табылғанда.

Көл қорыған қызғыштай ара түсіп,

Азаматым – арым деп сабылғанда.

Терезесі тең елдей сес танытып,

Бұрқ-сарқ қайнап бурадай шабынғанда.

Тіл тигізіп, міне, енді ұлы атаңа, Қырық кісі тұқыртып біротала.

  • Тұтқын, – дейді, – данышпан болсын мейлі, Біздер үшін аз халық бұратана.

Аралаған тал бойын таза қаны, Құтылған жоқ құлдықтан қазақ әлі. Темір бұғау мойнында тұрған жоқ па, Қайдан қырда шырқалсын ғажап әні.

Жаратпаған бастарды қағып та алған, Бізге жансың кезінде жағып қалған.

Жүйе барын білмейсің аз халықтың

Азаматын отауға бағытталған.

Кеңдігіміз біздердің бар десек те, Жүрген,

тұрған, күлгенің... бәрі есепте.

Жер-жаһанға Тәшкендей әшкерелеп, Мінгіземіз еліңді қара есекке.

Бәрі бізде күн бұрын сараланған, Қазақстан –

жолбарыс жараланған.

Тақтан тайған Димашты арқа тұтпа, Алатаудың шыңындай дараланған.

Жомарт жан боп Ресейге сыйың өтсін, Біздер үшін бәрібір сиыр бетсің.

Азамат деп ардақтар жайымыз жоқ, Итке кесіп тастайтын түйір етсің.

Тула, мейлі,

тулама бұлдыр бағың,

Сезесің бе алдыңда кім тұрғанын? Маршалдікінен неге көп,

айтшы, кәне,

Омырауыңа қадаған сылдырмағың?!

Тұтқын жаны табысып серке күнмен, Бір-ақ айтты жауабын жентегімен:

  • Маршал тақса жарасып, айып па, айтшы,

Хатшы тақса маңдай тер, еңбегімен?!

  • Жай-жапсарын білмейсің бұл араның, Суалып та белгілі, қуарарың.

Атылғанын, ей, тұтқын, естідің бе, Бұқа мойын хатшысы Бұқараның.

Күнде ертемен жететін мазаңды ала Бой бермеген тозаққа,

тажалға да, –

Жаны сірі тұтқыным білгін алда

Сені күтіп тұрғанын ажал ғана.

Сөз сөйлесең бір кезде топта жанып, Көп ұзамай тұрасың сотта налып.

Одан кейін құрдымға жоғаласың Маңдайыңа қорғасын оқ қадалып.

Көнем дейсің тағдырдың қандайына, Қорғасын да құйылар таңдайыңа.

Білесің бе нысана екенін сен Жасыл белгі соғылған маңдайыңа.

Есіргендей уланып күшалаға,

Сені өлтірмей жендет те күш ала ма? Оқтың өзі қайдан да іздеп табар Айналғаның айналған нысанаға.

Жендет сөзі

Болмай жатыр не сұмдық бұл ғаламда, Жандар қанша адасқан бұралаңда.

Түспе, Адамдар, түрмеге! Түссең егер,

Қалдым дей бер құтылмас шырғалаңда.

Адастың ба жол таппай бұралаңда, Мейір бар деп ойлама бұл адамда. Тұңғиыққа тым терең батырады, Сауға тілеп жан дәрмен сұрағанда.

Жандар қанша от басқан абайламай, Қорған болсын оларға арай қалай?

Іс түскенде басыңа көп досыңның

Кетті саған қаншасы қарайламай?

Қабағына сұп-суық мұз бөктеріп, Өтіп жатыр ай, күндер тізбектеліп.

Сен түскелі түрмеге бір дос бар ма

Сұрап білген халіңді іздеп келіп.

Сол қорлықты, ей, тұтқын, білесің бе? Бір қоқыс боп жатасың күресінде.

Жалғанда жоқ адамнан өткен жауыз, Қырып-жойып бір-бірін түгесуде.

Бұл өмірдің бүгінде өзі майдан –

Адам мәңгі Адаммен күресуде. Күресуде,

беріспей тіресуде.

Мен де адаммын өзіңдей... бірақ менің,

Лапылдайды өзгеше шырақ, демім. Селт етпеймін Дүниені өрт шалса да, Бұйым емес мен үшін құрақ, көгің.

Қан кетпеген ғұмыры шалғайымнан, Мамандығым –

кісі ату маңдайынан. Қорғасынымды табасың құя салған Кім-кімнің де іздесең таңдайынан.

Кісі өлтірсем жаным да асқақтайды, Өлтірмеген күндері – ас батпайды. Қолым, бірақ, қалтылдап көрген емес, Қыр десең де халықты – бас тартпайды.

Ақша бұлтын тілгілеп, көп жырымдап,

Ара түссін бәрібір көк шырылдап. Ажал құсқан өңеші мен – бір мылтық Айдалаға көрмеген оқ шығындап.

Айтты – бітті, келмеймін сөзе мен де, Адам қаны ішкенім – шөлдегенде.

Сірә, арманым жалғанда болмас еді, Асқаровты маңдайдан көздегенде.

Туған анам жерік боп қасқыр етін жеген, сірә...

Бейбіт күн – қасіретім.

Адамдарды мен атам ұлтқа бөлмей Елден ерек сол менің қасиетім.

Асқар тауға айналған даласында, Атқам талай елімнің данасын да. Бұйрық берсе болғаны қарамаймын

Тұздай құртам баласын, анасын да.

Адамдардың ісінен таңдап алып, Тағдыр мені қойған-ды қанға малып. Көз жастары халқымның тазартады Шомбал денем кірлесе шаңда қалып.

Кімді, сірә, құтқарсын табыт-жалған, Өлім жоқта жандаймын қаңғып қалған.

Роботтардың бірімін кісі атуға

Арман-ойы, жүрегі бағытталған.

Жан емеспін әділдік – жолға сенер, Айналмай ма молаңа қолдаса Жер. Жендет етіп, ендеше, неге ұстайды, Бұл қоғамға қажетім болмаса егер.

Ісім, бәлкім, жоқ шығар өнеге артқан, Ажал оғын жендетпін кере тартқан. Кісі өлтіру арқылы

Тіршілікпін

Өз ғұмырын ұзартып келе жатқан.

Марқұм болған ана жыры

Тозаң кешіп, от кешіп, азап кешіп,

Келе жатқан ел еді қазақ та өсіп. Дала – таба болса егер,

келеді әлі,

Қуырып жеу қазақты ғажап десіп.

Дауыл, боран тудырған дүркін демі, Аждаһаны жеңуің мүмкін бе еді.

Әр төбе үшін соғыста майдандассаң, Күресесің жан үшін бұл күндері.

Ит тірлікте иттермен сан керісіп, Тұғырлармен тұғыр боп сан тебісіп, – Күресесің бір сәттік сәуле үшін де Жан алысып күніге,

жан берісіп.

Бүйідейін тиетін елге күнде,

Роборт-жандар жүргенде жер бетінде. Тыныш өмір сүруің мүмкін емес Бақыт нұры жарқырап келбетіңде.

Бостан босқа, қайтесің, назаланып, Өкіметті деп пе едің таза қалып.

Қара құйын секілді бұлар кейде Оқтын-оқтын тұратын мазаны алып. Қоғам болса ақылы ауыспаған

Күн кеше ме барша жан жазаланып.

Өлім сеуіп үйренген бар маңына, Олар неге жетпесін арманына.

Жайын балық сен болдың, көп қиналмай

Қапылыста ілінген қармағына.

Тас қоғамда жүзінен ақпан ескен, Елін тастап,

үй қанша жатқа көшкен.

Әдеті ғой

қарағай,

еменді отау –

Жасыл орман ішінде қаптап өскен.

Ажал болып тажалмен үндесе алған Өкімет бұл құрбанын күнде шалған, – Халқын түгел тұтқындап ұстау үшін Алдыменен тас қорған түрме салған.

Болсын мейлі еңбектің ақ табаны, Қажет емес сенімін ақтағаны.

Түрме ішін кімдермен толтырады Тықпаса әкеп тексермей ақ, қараны.

Кеңес дедің,

Сен оған жақтаса бер, Мен сенбеймін, Анамын аққа сенер.

Бұл өкімет ақылды болар еді-ау, Асылдарын түрмеге жаппаса егер.

Көзбен көріп сұмдығын өртенгенмін, Талай мәрте тірідей көрге енгенмін. Біліп сені жабарын абақтыға

Көргім келмей әдейі ерте өлгенмін.

Жан емес ең арманын желең қуған, Тал бойыңды ер жыры –

өлең буған.

Тас бұғауды талқандап шығарың хақ Перзент болсаң егерде менен туған.

Анасын сағынғанда

Кергімейтін, анам-ай, қасын керіп, Тас атқанды сыйлаған асын беріп.

  • Қатынбысың! – деп суық зілденуші ең Бала кезде көзімнің жасын көріп.
  • Тақымыңа бұрау сап бұрағаны, Ер баланы тағдырдың сынағаны.

Қатындығы еркектің, – деуші ең және, – Қиын шақта босаңсып жылағаны.

Әділдік ед Тәңірден сұрағаным, Қабыл болмай қиылды бұлақ-әнім. Асыл анам!

Сынғаным емес шығар

Ақ бас бура кезімде жылағаным.

Төріне кеп бақ, қыдыр дамылдаған Жан едім-ау, қайтейін, жалындаған, – Нар халқына жүгірген қуат беріп, Асау қаны бойында ағындаған.

Енді, міне, жатырмын тұтқындалып, Босатады қапастан кім құтқарып?

Нақақ күйген жалғанда жаман екен, Шөлдегенде жасымды жұттым налып. Боз торғайдай жанымды шырылдатты Көз жасына елімнің,

жұрттың қалып.

Ғұмыр бойы көгерткен боз даланы, Кімге керек жанымның боздағыны? Аз қазаққа бұлт болып төніп тұр-ау, Қалың орман орыстың озған әні.

Не пәлені қаптатып бір басыма, Тұр айналып ажалдың тұлғасына. Құрбан етіп шалардай шаттанады

Мені апарып қайнардың тұнбасына.

Бұлар ердің жүрмесе бағын байлап, Қызына ма миымда қаным қайнап. Біздерді енді тықсырмақ жер астына Біткен жоқ па даланың бәрін жайлап.

Неге, ендеше, құлпырсын өмір жайнап, Қызсын қалай еңбектен өңір қайнап.

Еңіреген елім деп ерді түгел

Жатса егерде тобымен өлімге айдап.

Фатима жеңгей мұңы

Салып келген бұғалық шың, далаңа, Құтырынған бұл қоғам жындана ма? Төбесіне көкала бұлт үйіріп,

Қақпан құра бастаған ұл балаңа.

Жүргенін де жер басып қызғана ма? Сұғын қадай бастаған қыз балаңа. Қызметтен аластап қуып жатыр Екеуін де айдап сап мұз далаға.

Тұзақ құрған даланың елігіне, Сенім бар ма жындардың желігіне. Құдаңды да құйындай соғып өтіп, Ауыз сала бастаған келініңе.

Бетке басқан кезінде талай мінін, Қуғын-сүргін көруде ағайының. Тергеушінің сөзіне сенер болсаң, Саған ерттеп мінгізген сан айғырын. Фатимаң да бұл күні құр сүлде жүр Жоғалтқандай бір белде арай күнін.

Еркебұлан күндерім мұңға айналып, Қалған жоқ па түбінен тіл байланып.

Азғырады жазғырып сатылмаймын

Қырға айдалып кетсем де, құмға айдалып. Еркек деген атың бар,

затың да бар,

Егілсең де ішіңнен шыңдай налып. Шыда, жаным!

Шыдайды мұндайда алып.

Салып қойса, қайтесің, сергелдеңге, Тыңда мені!

Қасыма бермен кел де. Ғұмырыңның бітерін ойла, жаным, Тергеушінің ырқына көнген жерде.

Азат алар басыңа күн туа ма? Ел басқарған заманда кіл дуана. Сау адамды есінен тандыратын Жатқан жерің түрме емес – Жындыхана.

Тажал көзі асылға қаратылған,

Жынды қоғам кіл жыннан жаратылған. Тірі пенде табам деп әсте ойлама, Адамзаттың арына ара тұрған.

Айтты деме тек мұны ашынғаннан, Қазақ өлген ауруын жасырғаннан.

Жиырмасыншы Ғасыр! – деп асқақтаттық, Кімді аясын,

Жаралған Ғасыр қаннан.

Содан, сірә, тұрмаған алағызбай, Қызынбағын –

алдымен дала қызбай. Адамдардың қанына жерік қоғам

Қайдан тынсын көздерден қан ағызбай.

Айналаның барлығын құр жылатып, Боталаған көздерден нұр құлатып.

Әзірейіл дейміз біз кеудесінен

Жанын алар кісінің шырқыратып.

Жо-жоқ, бекер!

Ол емес жебе тартқан,

Қанша кісі болсаң да өнеге артқан. Өз қоғамың білдің бе?

Адам жанын

Кеудесінен суырып келе жатқан

Жүзің қылпып тұрғанда қылыштайын, Сенімдімін,

Сенім боп тыныстайын. Құдайдан да тілерім және өзіңнен Майыспағын

сынсаң – сын құрыштайын.

Тергеушіге

Сөз тыңда жалғыз тілегім, Қуармасын түр-өңің.

Намысымды қорғап тапталған Атқа мінген өжет жүрегім.

Қоздырмай ата кегіңді, Бұлт торлаған көгіңді тазартқаның жөн еді, суырмай құйын – желіңді. Жалаңбұт кезген орманын Білемін арғы тегіңді.

Қазақ десе

аза бойың қаза боп кегің неге тебінді?

Тегімді менің сұрасаң: Жолбарыс жүрек, бура сан, Арыстан айбат Гүнмін – Мен! Өзімді менің сұрасаң көкжиектен алаулап көтерілген Күнмін – Мен!

Жаппас ең мені түрмеге Анадан Ер боп тумасам.

Бұршақтайын сатырлайды бетіңе Етімді кесіп турасаң.

Қақырайды қабырғасы түрменің Бұйра жалды толқын болып туласам. Жатқасын ба елден шалғай, жырақта,

Ізгілікті күтудемін бірақ та.

Азамат болсаң саналы,

Тыңда менің жүрегімді жаралы. Айналасынан қол үзген

Мен де елімнің тұзға айналған Аралы. Темір милы Бастар барда Мәкеуде Сен секілді

Темір жүрек тергеушілер бар әлі.

Шешеңді сенің білемін: Бораса да елдің өсегі, қыз күнін аңсап кешегі,

көрінгеннің болған төсегі. Әкеңді сенің білемін: Тұрақ таппаған даладан, тұрақ таппаған қаладан, маскүнем бейбақ болатын,

мас болып құлаған шанадан. Жақсылық күтпен, ендеше, Сен секілді

Арақтан туған баладан.

Алдыңнан шықса кең дала – мені туған өңді ана.

Шаңқан бұлттар – шәлісі, Құба жондар, бел-бала.

Асқар таулар – әкем-ді, пана болар

құйын соқса долдана.

Түрмеңде түнеріп жатқаным – Күн болып алаулап батқаным. Батқан күннің көріп пе ең

Таң болып қайта атқанын. Бората берме, ендеше, Жаланың боран, ақпанын.

Аярланып жолыма Құрма қабан – қақпанын. Атқа мінсе жүрегім, Демек, мен де саптамын.

Жоқты бар ғып шатпағын, Бес батпан күйеңді жақпағын. Ашпағын екі елдің арасын

Араздықтың жағып шақпағын. Тудырған жоқсың сен мені Бетімнен бұлай қақпағын.

Кешірмекпісің кәпірдің Доңыз аунаған батпағын.

Алдыңда сенің биікпін, Жетегіне ермен күйіктің. Сатырлап жауған оқтардан Секіріп өтер киікпін.

Қанша құзырлы болсаң да, Бәрібір сенен биікпін.

Сөнбейтін жарық шырақпын, Ағысы өлмес бұлақпын.

Қанаты талмас қыранмын, Алқымы іспес пырақпын.

Көгімде – қызыл сұңқармын, Жерімде – ақ боз тұлпармын. Бостандыққа шығып бір күні Бостандық әнін шырқармын.

Малтасын езіп,

етін жеген құлақтың, Түрмеңде жатпан жұтап тым. Қарағайға қарсы біткен Қаһарман қайсар бұтақпын!

Қос тергеуші Калиниченко мен Клишов

Қарығанда сұстанып қыс қабағы, Асылдардың сенімі – құз қамалы. Алма-кезек екеуі зіркілдейді, Кейде жыны қозғанда ұстамалы.

Құйын мінез күз қабақ заманнан ба, Туады екен хайуан адамнан да.

Қу жаныңнан шығады зәрің атып, Тұз көздері оқ болып қадалғанда.

Бұйым емес кінәнің жамалғаны, Жамалғаны,

жаныңның қамалғаны.

Бұйым емес тышқан мен атжалманға Сүмбіл сұлу денеңнің таланғаны.

Тастан жаман жаныңа батады тек Тұз көздердің ызалы қадалғаны.

Тұз көздердің ызалы қадалғаны – Қандауыр боп басыңнан қан алғаны. Қызылсырап баратса сойып жейтін Мал болып та халқыңның саналғаны. Ендігі еркек бозқасқа Асанбай-ды Емін-еркін жетілген жаралғалы.

Жүдә, жаман сызданып қадалғаны.

Мініп келген жүйрік пен жорғаны да, Киіп келген қамқа мен торқаны да.

Есіл ердің қолына кісен салса Қанды балақ қарақшы болғаны да.

Жо-жоқ, бекер! Сазанды ойнап қапқан,

Жайындардың ісі бұл ойлап тапқан.

Олар үшін парақор қай қазақ та,

Ой, қырында қызығын тойлап жатқан. Жігіт көрсе оны да құрсаулайды, Арғымағын далада ойнақтатқан.

Тас бөлме іші... қуықтай шағын әрі,

Қайда кеткен тұтқынның жалын әні? Ұрып-соғып қос жағын айырғанмен Сындыра алмай келеді сағын әлі.

  • Қанды басың... тарт! – деп те тілей келіп, Бірі тағы кіріп кеп дүлейленіп.

Бас-көзіне қаратпай пергіледі, Асып туған адамнан Сүлей көріп.

Қалам, қағаз ұсынып ұстап келген:

  • Мына жерге қол қой, – деп қыстап берген. Көнбеп еді,

тағы да тепкіледі:

  • Жатқын, – деп те түрмеңде ұшпақ көрген. –

Түрме іші – тозақ от, шатыласың,

Неге, ендеше, аспаным шатынасын. – Көзін алмай тұтқынға былай деген:

  • Атыласың, бәрібір атыласың.

Сомдап соғып тұтқынның жанын күштен, Алып, сірә, тұрды ма жалынды іштен.

Қарақшыға қаншама сабатты әкеп, Етіңді жеп тірідей,

қаныңды ішкен.

  • Неге ұрасың, – деп еді, – мазаны алып? Қайта соққан қарақшы назаланып.
  • Сендейлерді халқымен түгел қырып, Өлсем арман не? – дейді, – жазаланып.

Қорқыныш боп тараған бар маңына, Жалғыз ғана содырдың арманы ма? Жауыз қанша қазақты қырсам деген, Ойлы көзбен үңіліп орманына.

Елге хат

Күйігінен өртенген толғаныстың, Көз жасымды сырадай толғап іштім.

Төрт жыл өтті жатырмын абақтыда

Күйін кешіп жаралы жолбарыстың.

Жат жерде емес, Мәскеуде, жуықтамын,

Мен дегенде қалған ба суып қаның. Есте жоқ па суықты жылытқаным. Ұмытқаның өзіңді емес пе, Елім, Өз ұлыңды біржола ұмытқаның.

Абақтыда жатырмын тоқта қайнап, Өзімді өзім ақтармын сотта сайрап. Елдің тегі оңғанын көрдің бе, айтшы? Азаматын жіберген оққа байлап.

Түк көрмеген секілді тұр-ау жалған, Шалды қайтсін самайын қылау шалған. Қазақ тышқақ лағын да іздейтін ед, Қайсың барсың ізіме сұрау салған.

Құрысын деп бірлігім, құрыштығым,

Ойладың ба жаныңның тыныштығын. Ағайын көп ат ізін салмай кеткен Сылтау етіп тірлігін,

жұмыс күнін.

Сезгенде егер басыма бақ қонарын, Ағайынның білгенмін жат боларын. Алдымды орап сан мәре жүргізбеген Талай жерде суырып ақ боранын.

Хатшы болмай айбынды, Атшы болсам

Жүрген ішін тазалап ат қораның.

Отырмас па ем бұл күні отбасымда, Жолда қирап,

ат-арбам тоқтасын ба? Бала-шағам,

әйелім мына мені

Зар еңіреп тірідей жоқтасын ба? Атшы неге болмадым,

О, Жасаған!

Қарапайым күн кешкен көп қасында.

Онда, бәкім, жатпас ем тас түрмеде, Арланменен алысып,

қасқырмен де.

Тепкісіне түспес ед көрінгеннің Алып жүрек мендегі тасқын кеуде.

Масайраған қарынның тоқтығына, Шам көрмей ме қол салсаң шоқтығыңа. Ізде мейлі,

іздеме, өкпелемен,

Қадірімнің күйінем жоқтығына.

Қалай шықсын бұрқырап жарқын демім, Қорғамаса шырылдап халқым, елім.

Ақтығыма тау куә, Құдай куә, Түсірмеймін,

түспейді нарқым менің.

Қайран елім тірлігін тірнектеген, Күнім бар ма өзіңмен бірге өтпеген. Дақ түсірме Арыма,

Асылданмын

Ғұмыр бойы жағасын кірлетпеген.

Шамырқанып жазылған өлеңім көп,

Жырға айналдым өнерге керегім боп.

Қорынамын нақақтан күйгеніме, Қорықпаймын тамұқта өлемін деп.

Өжет жырым – иілмес арлы басым,

Белгілі енді тозақта арымасым. Өжет жырым –

түрмеден ұшып шығып, Елге жеткен сағыныш – Қарлығашым.

Шамырқану

Талауына түссең бүргенің, Шабуылға шығасың сайланып,- Көрдей суық түрменің

Тас қабырғаларына қайралып. Қайралып қайта жетілдім, Жетілген сайын бекіндім.

Көкіректері сұмдық кек тілеп, Қопарып шындығым – шынарды, – Түрмеде жабыла тепкілеп,

Ит сілікпемді шығарды.

Қарсы алдым бұлыңғыр, қыл көпір,

Ал соңым зындан – шыңырау. Айналам түгел жын нөпір,

Тал бойымды қысқан мың бұрау.

Құлын дауысымды шыңғыртып, Азапқа қиянат салғанда, –

Көз жасымды жұтам қылғытып, Өзегім өрт боп жанғанда.

Ит қорлықты мұндай көрмеп ем Жарық Дүние, жалғанда.

Аяғыңды әзер көтеріп, Кеудеңді жүрсең сүйретіп,

Соғады-ай

 қалсаң да жөтеліп Он екі қабырғаңды күйретіп.

Сенгендер бура сан күшіне Алдыңнан шығады тағы да. Түрменің орнаған ішіне Жунглидің қатыгез заңы да.

Көк бауыр, етіне түйрелген Сүңгіге айналған әр күні. Арлыны шын қорлап үйренген Түрменің жунгили тәртібі.

Жау жоқта көрінген шалғайдан, Өзара жауыққан жұрт қанша.

Түрменің құж іші – қан майдан Кеудеңнен шыбын жан шыққанша.

Түскендер де кісі өлтіріп, Құдайдай өзін ұстайды. Мазалап, жынын келтіріп, Рұқсатсыз шыбын да ұшпайды.

Қайтесің, бауырым, хал сұрап, Бірімін бұл күні кектінің.

Жан қанша сұлаған қансырап, Астында көк жойқын тепкінің.

Көздері қып-қызыл қанталап, Тұс-тұстан жамырап төнгенде, Тастардай бұтақтай жаңқалап, Шығармын дейсің сен өлген де.

Мұңыңды сен кімге шағасың, Айналаң кіл бұзық,

алайда,

солардың қабағын бағасың ерте өлмеу үшін қалайда.

Тас түйін бекінгем өлмеске, Жылтырап жанғанда көзімде от. Не шара булығып көнбеске Шыдайсың бәріне төзім боп.

Жалаға, пәлеге шыдармын, Тұрсам да өмірдің шетінде.

Мен – жалғыз Бәйтерек шығармын Қап қойған желдердің өтінде.

Ақымақтар елі

Алдан шығып аран боп жар, қыраттар, Жатқан ылғи жығылып арғымақтар.

СССР-ді кезінде шет жұрағат:

«Елі, – деп те келген-ді, – ақымақтар!»

Ақымақтар тұрғанда ел басқарып, Ғұмыр кешкен бұғынып, ер жасқанып. Үн қатты ылғи жұмақта жүрміз деп те, Тас төсеніп жатса да,

бел жастанып.

Арыстандай көрініп шыңда жатқан, Қызға батқан тізесі,

ұлға батқан. Ресей – пойыз,

Аз халық – доңғалағы,

Шойын жолдың үстімен зырлап аққан.

Асылынан айрылып шырын далам, Халқым – торда боз торғай шырылдаған.

Шойын жолдар – жыландар тулар болса

Белден орап, алқымнан сығымдаған.

Теспей сорып елімді қанағаны, Тонағаны аздай-ақ,

талағаны.

Қабырғасын сөккені емес пе, айтшы? Алты бірдей арысын қамағаны.

Ой санасы,

арманы көнерсе ердің, Көз жанары,

шырағы сөнер жердің.

Тұтқындалаған алты арыс құрбан болсын, Көсегесі бүр жарып көгерсе елдің.

Ұстанғаны пір тұтып қатыбас заң, Қоғам, сірә, оңбаған заты бастан. Шын ақымақ болмаса сөйтер ме еді, Ел көрдің бе асылын атып, асқан.

Көкірегін қуаныш – жел кернеген, Бұрын-соңды сұмдық бұл ел көрмеген, Ақымақтар басқарып кімді оңғарсын, Ақылдыны мүйіздеп жол бермеген.

Азамат жоқ,

Ол да бір қуаңшылық,

Тасаттық бер, халайық, құлан жығып.

Заманыңның кесірі жатқаны да

Қыран қонған шыңдарға жылан шығып.

Қоян іліп көрмесе қаршыға әлі, Кім кінәлі?

Полигон бар тұрағы,

Елде қандай береке, бақыт болсын, Есегі озып,

мертіккен арғымағы.

Үшінші бөлім Азап вагоны

Алмас қылыш секілді жүзі өтпеген,

Жер бетінен жоғалып ізет деген. Тұтқындарды пойызға алып жүрді Болат темір құрсанған күзетпенен.

Қасқыр иттерін шулатып абалатқан, Солдаттардың ызғарлы қабағы ақпан. Жан-жағына қараған жалп етеді, Сыпырылған тоқымдай жабағы аттан.

Солдаттарды жазғырып керегі не? Оқ ат десе –

оқ атқан өреніне.

Жапырақ боп қалайша байланады, Туған жердің тал, емен, терегіне.

Жақсылық пен жамандық айқасқалы, Жұрттың шығып көрген бе айға аспаны. Вагонға кеп өн бойы шойын темір Асқаровтың жаңа еді жайғасқаны.

Дүниеге бір өзін тіреу көріп, Тұра қалды алдына біреу келіп.

  • Тірісің бе? – деді де, сарт еткізді

Сырт айналып ілгері жүре беріп.

  • Айналамнан суық көз – салқын қашып, Тұр ма сенің мысыңды нарқым басып.

Неге ұрасың кісіні? – деді Асқаров, Қос көзінен ызалы жалқын шашып.

  • Вагон іші – бір майдан, шулы алаң да,

Не істейсің? – деді әлгі, – тулағанда. Сен – жалғызсың,

біз – көппіз, кімді ұрамыз

Анаңнан сен егерде тумағанда.

  • Ала бөтен жуандап жал біткенде, Неге есірік атады жантық-пенде? Әділет кеп өзіңнен жауап алса, Қармай алмай қаларсың тал-түптен де.
  • Әділет пе шарқ ұрып іздегенің, Көзін жойған жандармыз біз дегенің. Әділет жоқ білдің бе?

Үйде туып,

Үзіледі сенің де түзде демің. Әділет пе керегі?

  • Иә, әділет.
  • Табанымның астынан ізде менің.

Сындырғандай орманның бір ағашын, Білем сенің құныңды сұрамасын.

Кім жемейді бүгінде қарпып асап, Табаққа сап тартылған сыбағасын.

Сыбағасың,

жейміз біз етіңді асып,

Сөйлер болсам салғаннан бетімді ашып. Қыл көпірдің, тұтқыным, білемісің, Тұрғаныңды қатерлі шетін басып.

Ашылады демегін қайта аспаным, Өткергенің бір түнді –

 қайғы асқаның. Азап, тозақ вагоны ұғамысың Қоқыстарды төсеніп жайғасқаның.

Бұлдыр сағым –

самал боп жағаңда ескен,

Сәуле қанша тұншығып санаңда өшкен. Кең далаң да – бір вагон азабы мол Қайғы кешкен нар халқың,

нала кешкен.

Жерің – майлы, суың – бал, қыдыр – етің,

Беріп тұрмай өздерің бүлдіретін. Қажет көрсең еліңді қылмыскер деп, Шығаруға жетеді құдіретім.

Шойын кеуде ұмтылды несін біліп, Тұтқынды алғаш жанынан безіндіріп. Ұрып-соғып, сыпырып тонады-ай кеп, Түк қалдырмай лыпасын шешіндіріп.

Ел көрмеген сұмдықтың бетін көріп, Мұндай тажал қай белде жетілді өніп? Тыр жалаңаш ер тұтқын келе жатты Жаңа туған анадан секілденіп.

Алаш жеріне алғаш жеткенде

Естіп білсін құлағы түрік пенде, Тепкі көрдім бұзықтан,

күліктен де.

Сағынышым жас болып сорғалады, Далама алғаш тұяғым іліккенде.

Кең далаға кімдер кеп, кім сіңбеген,

Бауыр жазып,

Кезі еді бір сілтеген, –

Доңғалағы пойыздың деп ойлама,

Жүрегім ед

ол менің дүрсілдеген.

Алау демін қызыл шоқ оттай көрген, Пойыз зулап келді де оқтай мерген. Стансаға жеткенін баян етіп,

Тізгін тартып, ақырын тоқтай берген.

Маңайынан мұнарын жаңа ысырып, Қарсы алғанда түлеткен дала ұшырып. Түрме – кеуде,

ішінде жұлқынды-ай кеп,

Асау тарпаң жүрегім аласұрып.

Жөнелгенде бір сезім ерікті алып, Жеткен жандай жағаға өліп-талып.

Сыртқа үңілдім

баса алмай аптығымды Терезеге сол сәтте төніп барып.

Атқа мініп намысым тебінгенде:

  • Шықтым, – деппін, – тозақтың көрінен де.

Елестеді Анам боп көз ұшында

Ақ жаулықты қарт ана көрінгенде.

Қайдан мені ұмытсын өнеге артқан, Өлік, сірә, болмаспын төбеге атқан.

Ұл-қызым боп көрінді бір топ балғын

Көз ұшында жүгіріп келе жатқан.

Тәңірідей өзіне табындырған,

Асыл жарым қайда жүр сағындырған? Фатимашым емес пе ана біреу Орамалын бұлғаған сағым қырдан.

Сұм тағдырдың жоқ шығар енді аласы, Жапа шеккен қазақтың мен баласы.

Туысымнан мені ешкім қарсы алмады, Қарсы алды тек Алаштың кең даласы.

Ей, сатқын!

Тірлігіне сен көшпей кемел шақтың, Желдей есіп тергеуде желе шаптың. Елдің Ары – Асанбай Асқаровты, Жігіт болсаң, ей, сатқын, неге саттың?!

Жала жауып,

алды деп алмағанын,

Емес пе, айтшы, жаныңды жалдағаның?

Ата жолын сен қумай сатқындық па

Жер қайысқан жолдардан таңдағаның.

Намыс қайда тулаған қаныңда ойнап? Пенде екенсің жүгірген сағым тойлап, – Өзге өмірді құрбанға оңай шалар

Қара бас пен қарынның қамын ойлап.

Шығарды ма сатқындық ұшпағына, Қыдыр дарып,

енді ме күш бағыңа?

Не түсті, айтшы?

Ел нары – Асанбайды Таптатқанда таба ғып дұшпанына.

Анаң сені, беу, шіркін, таппағанда, Тапталмас ед ар-иман жат табанда. Қоғам ғой бұл жақсыны оққа байлар Жарамсағын жарқылдап жақтағанда. Адам ары –

керексіз бұйым ба еді,

Тастай салар лақтырып жақпағанда. Жат жұрағат отарлап отамас-ты,

Ел мен жерін сендейлер сатпағанда. Қалың орман секілді

Өртке бермей

Қарағайын – ерлерін сақтағанда.

Қандасыңның жолына қақпан құрып, Сан жырладың тергеуде мақтан қылып. Тірі қалам дедің бе?

Өз ағаңды

О дүниеге жіберсем аттандырып.

Арғымаққа жарасқан ер-тұрманы, Азамат ер деуші едім өр тұлғалы. Жаратылған шикі өкпе жан екенсің Намыс, жігер...

барлығын жер қылғалы.

Асқаров боп тірлікте көрмегенің, Жанға батты тірідей жерлегенің.

Ол қамалған түрмеде сен де отырсың, Кәне, содан шарықтап ерлегенің.

Айыр тілді тергеуші – жарылқаушың, Қалт жібермей көздейтін сермегенін.

Бостандыққа шығарса қайда қалған Түрме болды

жайғасып төрлегенің.

Жон арқаңды тостырмай дүресіне, Баста неге қорғады –

білесің бе?

Бойыңдағы керегін сығып алып, Тастай салды лақтырып күресінге.

Желбіретсең жел беріп желегіне, Енді сенің оларға керегің не?

Сырт айналып өзіңнен кетті бәрі Құйылсаң да шүмектеп шелегіне

Туған жандар тегінде мұң-сағымда, Сексеуілге айналса құм, шағылда.

Ал, сендейлер ұятын тастап кеткен

Анасының ұмытып құрсағында. Сатқын болдың сондықтан, Ендеше сен,

Адамдардан ақ шуақ үн сағын ба?

Ауылыңа ат басын бұра берме, Ағармайсың түссең де бұла көлге.

Өлген деп те өзіңді әлдеқашан

Көме салған апарып құба белге.

Алып ұшпа жетем деп боз далаңа, Боз далаңа сарылып көз қадама.

  • Әкем, – деп те алдыңнан қалай шықсын, Сатқын болып көрінсең өз балаңа.

Жанға шипа тілеген мият-көктен, Анаңды да іздеме қияға ерткен.

  • Сатқын туған екем, – деп, – бала таппай Ол кісі де өлген-ді ұят-өрттен.

Ерлік иісі бұрқырап келбетінде, Тұра білген Бәйтерек жел өтінде. Тұтылмайды Асқаров!

Тұтылар – сен,

Бар болса егер Әділдік жер бетінде.

Сатқынның ақталғаны

Асан аға!

Алдыңда ақталғаным – Сырымды да, мұңымды ақтарғаным. Көзбен көріп,

басыңнан сен де өткердің,

Ардың қалай түрмеде тапталғанын.

Саттың деме сыртымнан сатқын неме, Талай мәрте кеудеңе аттым жебе.

Мұң шағамын анама:

  • Өз ұлыңды

Сатқын етіп, – деп ылғи, – таптың неге?

Болмады, аға, өзіңді сатпасыма, Жауың болдым –

айналмай жақтасыңа.

  • Айтқан тілді алмасаң, – деп қорқытты, – Қатын етіп саламыз жат қасына.

Сәулесі боп көзде ойнап алтындардың, Іс түскенде басына жарқылдар кім?

Ақ некелі жарымды бермек болды,

Додасына жез өкше қатындардың.

Тұлғасы боп тұрғасын тентек те елдің, Уысында мен солай жентектелдім.

Әйелімді қорламақ болса қайтем Бауырларын жауыр ғып еркектердің.

Көгермесін – көсегем көгермесе, Не істеймін –

Нар құным төмендесе, – Қызыңды – күң, Ұлыңды – құл етіп те,

Абыройыңды айрандай төгем десе.

Саттым содан өзіңді – кінәлама,

Жерде – құлан,

көкке ұшса қыран, аға!

Жалған Дүние үйретсе жалғандыққа, Адам сатпай бір-бірін тұра ала ма?!

Оқтар жоқта төбеңнен жауып тұрған, Туырлықтай бұлтты да қауіп қылған. Заманыңды кінәла

Адамдарды

Бір-біріне айдап сап жауықтырған.

Дұшпан таба

Дүниені жан болса былықтырған, Жөнге салып,

жуанды шыбық қылған.

Көкте – құдай,

ал, жерде сен емес пе ең Пайғампарлық пәрмені жүріп тұрған.

Жалп еткізіп жалғанды құлаққа ұрған, Пырақ қылған біреуді,

шырақ қылған. Көкте – құдай,

ал, жерде сен емес пе ең

Пайғамбар боп жер үстін сұрап тұрған.

Ағысы өліп,

жете алмай тұрағына,

Көңіл айтам тарылған бұлағыңа. Құландайын құдыққа құлап едің Бақа шығып ойнады құлағыңа.

Қақыратып зұлматтың түнін тілген, Жан болсаң да баршаның тілін білген. Батқан күндей сөнуге айналды ма, Жанарыңнан жарқырап күнің күлген.

Өлең-жыр боп жүрекпен толғағаның, Жақсылар мен жайсаңдар қолдағаның.

  • Халқым! – деуші ең қабырғаң қайысқанда, Көрем сені халқыңның қорғағанын.

Орыстардың қолынан өлесің сен – Ғұмыр бойы шырқаған орман әнін.

Қарға, құзғын төбеңнен төнген қаптап, Кезіп әлі кетерсің өлкеңді ақтап.

Сальеридей Моцартқа у ішкізген Тағдыр саған өз уын келген сақтап.

Абақтыға түскенің – жұтылғаның, Көкте жүзген Ай болсаң – тұтылғаның.

Күн болсаң да қабарып – тұтылғаның. Түскен жанның Мәскеудің түрмесіне Көрген жоқпын ақталып құтылғанын.

Қос қанатын аққудай сабалаған, Сені көріп көр-қуыс сағалаған Қанды айызым.

Дұшпанмын асылдарды

Іс түскенде басына табалаған.

Заманыңның аңғардың қағынғанын, Қазық боп та қағылған – қағылғаның. Хатшы болып жүргенде қолға түспей Қандай бақыт түрмеден табылғаның. Алатаудай өзіңді арқа тұтқан

Жұрт та қояр сені іздеп сабылғанын. Көрсем енді мен де арман болмас еді, Сағың сынып,

сүйегің шағылғанын.

Пірің қайда тағдырды қақпайлаған? Қайда қалды қазығың ат байлаған? Қара шаңырақ үйіңнің таңы болсаң, Кезің сенің емес пе атпай қалған.

Ха... ха... а... а!

Кезің сенің емес пе атпай қалған!..

Дұшпан таба!

Сен бұлай тұштаңда ма?

Тусаң да ерен қызғаныш – қыздан жаңа. Табаныңды шоқ болып қарымасын, Таба нандай от пеште қызған дала.

Дұшпан таба!

Сен бұлай тұштаңда ма?!

Адвокат Юрий Петрович Еронинге

Асқаровты – еңбектің ақ табанын,

Сенің бүйтіп құрысын ақтағаның. Айналып кеп қазығын тапқан аттай Өз орысың болды ма жақтағаның. Ақтаған боп сөйлеп те

Бұның қалай? Намысымды, Арымды таптағаның.

Бұлтты күндей қабағы тұнжыраған, Қырт екенсің болбырап былжыраған. Жанды қорғап адвокат сөйлеуші еді, Көз ұшында Шындығы бұлдыраған.

Қос өкпеңді қысқандай дарқан жалған, Неге тұрсың аттай боп арқандалған?

Асқаровты ақтасаң болар еді –

Тас қоғамның қорғаны талқандалған.

Атпақсың ба тұтқынды орға баптап, Неге тұрсың, ей, мырза, қорғалақтап? Бірі ме едің жағымпаз жарамсақтың Қарап жаман үйренген зорға алақтап.

Жарық күнің бара ма түнге айналып, Неге тұрсың сілейіп, тіл байланып? Ара түссем жазықсыз жанды қорғап, Қорқасың ба кетем деп құмға айдалып.

Жат көрініп жатырқап айға аспаның, Қандасыңа тартқаның қай сасқаның?

Әділдікті,

Шындықты қорғап және

Қажет еді жан беріп айқасқаның.

Күштілерге сыбаға – табақ тартқан, Арамсирақ екенсің қабақ баққан.

Бопсалауың – емес пе кезің сенің

Зұлым иттей үндемей балақ қапқан.

Жорта кергіп,

қатындай бұлданғаның –

Қарау ниет ойлармен шыңдалғаның. СССР – естіге жындыхана,

Жетпеді ме есіріп, жынданғаның.

Ақтамасаң тұтқынды – ақтамағын, Шағылмаса болғаны бақ, талабым. Төселсем де кілем боп,

жалғыз кінәм,

Жылан болып жолында жатпағаным. Аңдаусызда мойныңа сарт оралып, Өзің құсап өзгені шақпағаным.

Жеткен болар кезегі қара көзден

Асқаров ед ендігі атпағаның. Ат та жібер!

Шыжғырып табаға сап,

Қазақ халқын аз болса қақтағаның.

Қырғыз қариясының жан айқайы

Естігенде жүрегін – жан дауысын, Әнге қоспай қомызын – шаңғауызын, – Азаматты тірідей жерлегенде

Толды ма, айтшы?

Қатын сот, қанға ауызың?!

Жан болмадың иманын серік еткен, Қандасыңа қадалдың жеріп, өктем. Мәскеу жаққа жағынып жалтақтайсың, Суырып алғандайын сені көттен.

Ар алдында осы ма тақ тұрғаның, Әлі есімде талайды аттырғаның. Әділдік пе, шырағым, абақтыға

Өз ағаңды қайтадан жаптырғаның.

Азаматқа өзіңді ел балағанда, Ызғар шаша қадалдың бар адамға. Илікпеуің бұл қалай?

Сенім артып,

Жалбарына бүкіл зал қарағанда.

Қасымыздан осы ма табылғаның, Ескермедің неге елдің сабылғанын? Шағаладай шарқ ұрып Мәскеуден де Іздеп таппай әділдік шағылғанын?! Өз қолыңмен ағаңды оққа байлап, Сенің бүйтіп құрысын жағынғаның.

Тайлақтайын көт тостың көріп сен де

Бура болып Мәскеудің шабынғанын.

Жоғалған ба арыңның ару әні, Ей, қатын сот,

шайқалған шаңырағы. Бабалардың атынан қарғыс айтам, Атсын сені Манастың аруағы.

Жөн де шығар Мәскеуді сес көргенің, Шал-шауқан ба керігіп төс кергенің. Неден, қалқам, қорықтың?

Қалың елдің

Қажет еді тілегін ескергенің.

Шыңғыс анау – қазақтың түйір қаны,

Ол да болса Алланың бұйырғаны. Жер бетінде жер басып ол жүргенде Алынбайтын қамал жоқ қиырдағы.

Осал ма еді қазақтың жиендері, Жиендерге бұл күнде сүйенді елі. Айтматтың ұлы мен Асқар Ақай Ағайынды қоңыр қаз сүйелмелі.

Шөгіп қалған түбінде бір ағаштың, Мені көріп қояндай тұра қаштың. Қос ағаңа сүйенбей, қос алыпқа, Неге, қалқам,

Мәскеуге құлақ астың?!

Өз ағаңа кигізіп кенепті де, Бірге отадың қарағай, теректі де.

Жала жаптың «пара» деп Мәскеу құсап, Өлгендерге жасалған көмекті де.

Жетер енді арымды таптағаның, Сұмдық па еді ішіне сақтағаның. Асқаровты жібердің оққа байлап, Халқыңды сен осы ма сатпағаның. Бостандық бер көзінің тірісінде Керек емес өлтіріп ақтағаның.

Тыңда мені, замана!

Нұр жауады, деуші еді, талаптыға, Әлде адамды сор үшін жаратты ма? Азаматты сыйласаң

Асқаровты

Неге, ендеше, жабасың абақтыға?!

Жазығы не?

Көтеріп Ардың туын,

Өткені ме арқалап нардың жүгін. Ей, замана,

халқымның алдында сен, Арылмайтын ұятқа қалдың бүгін.

Заман, сірә, болдың ба тозаңдаған, Сыпсың қаққан сайқалдай сөз аңдаған. Тап болдық-ау кезеңге

Билік айтып,

Кім көрінген қазаққа қожаңдаған.

Әйтпесе не? Жаралған ардан ғана,

Арлы ағамды қорладың тарпаңдана. Екі дүркін инфаркт алып берген Сұмдығыңды кешпейді дарқан дала.

Басын соғып тау-тасқа, шыңға да атқан, Ағам еді елі үшін мұңға батқан.

Пойыз бол деп бұйырдың, Пойыз болды

Шойын жолдың бойымен зырлап аққан.

Ашуланып кей-кейде бұрқап көрді, Жасықты да түлетіп шыңдап келді.

Шырқа дедің, Асқаров тайынбады,

Миллиардтың тілімен шырқап берді.

Түспесін деп тілеген елім аттан, Қашанда оған нар халқы сенім артқан. Қалай десең олай де,

Асан аға,

Жақсылықтың дәні боп желі тартқан.

Шуақ болып тараған нұр бағыңа, Айналғаны ма есіл ер құрбаныңа. Жандар жала жапты деп қамадың-ау, Асекемнің тұрмайтын тырнағына.

О, замана,

кегім бар сенде менің, Төрт жарым жыл... жетпей ме тергегенің.

Пенделіктен мойны озық азаматты, Елге батты тірідей жерлегенің.

Қазақ халқын аз ба еді талағаның, Жарамады асылын қамағаның.

Кісілік пе,

бұл әлде тағылық па,

Сау тамтығы қала ма жан ағаның.

Түн жамылып ел ішін майдандаған, Кісі өлтірген сұм қанша сайрандаған. Ұры-қары көшеде жүргізбейді, Қысыр жылан секілді қайқаңдаған.

Бұзық біткен бетінен қайта алмаған, Шығып жатқан кезеңде қайдан да аман.

Неге, ендеше, Асқаров босамайды, Ғұмыр бойы тұнығы лайланбаған. Ей, замана,

мен соған қайраң қалам?!

Сөйле, Асанбай!

Жүрегіңді жүгірген ерге балап, Бұла жырың жатқанда елге тарап. Жере қарап қалсаң да, азаматым, Сөйлей көрме тегінде жерге қарап.

Сөйле, Асанбай, төбедей аласармай, Халқың – жүрек,

жүрекке жара салмай.

Жақсылық пен жамандық – қос жағалау

Келе жатқан ежелден жараса алмай.

Сөйле, Асанбай, жаралған баққа ғана, Жасымасын өзіңді тапқан Ана.

Жай түскендей төбеңнен неге тұрсың, Жай да таңдап түседі аққа ғана.

Кінә артпағын ол үшін сүйікті елге, Шыбын жанын жүгірген түйіп белге. Жай түскендей төбеңнен неге тұрсың, Жай да алдымен түседі биіктерге.

Жүрегіңнен өткізіп өктем үнді, Қалдырдың ба түрмеде көктеміңді? Тауларға ұқсап қайыспай тұрар деуші ем Өрт шалса да көк шалғын бөктеріңді.

Бұла күш ең бұлқынып шыңға атылған, Жанарыңда анау не?

Мұң ба тұнған? Қартаяйын дедің бе? Қарағай ең

Алатаудың басында – шыңда тұрған.

Дүние сырын, тылсымын жете білген Азамат ең Ақ тауды жеке мінген.

Жеке мінген,

Ақ үйге төте кірген.

Сөйле, ендеше! Түрменің қақ төрінен

Ақын боп та қайтадан көтерілген.

Тіл байланып тұр деме, тіл байланып, Жоғалсаң да құрдымға – құмға айдалып. Феникс құс секілді шамаң жоқ па,

Ол да қайта тірілген күлге айналып.

Кектісің де бұл күні, тектісің де, Сөйле, Асанбай, алаулап от пішінде. Елің сенің демесін:

Азаматтың

Сыры айтылмай арманда кетті ішінде.

Суырылған семсердей жарқылдағын, Жарқылдағын,

естісін халқың бәрін.

Көкірегіңнен құйылған өжет жыр боп, Нарқыңдасың,

 әлі де нарқында әнің. Шешілетін күн бүгін ақтарылып, Сөйле, ендеше, Асанбай, тартынбағын. Ойға шомған орыстың орманындай Көрсін жаулар артыңда халқың барын.

Қас дұшпаның тұрғанда қорлай күлген, Қыранға ұқсап жасыма торғай бүрген. Өзін жаудан қорғаған ер жігіттер

Ел мен жерін қашанда қорғай білген.

Оңашада ой қамалап...

І

Айналамнан сезілмей көктем лебі, Елден хабар, хат та жоқ көптен бері. Аластаған шынымен жан шығармын Орман-далам,

Тау-құзым, Көк пен жері.

Көзіңнен нұр, жүзіңнен әр тайғанда,

Кезігеді екен-ау жар қайдан да. Өмір – өгей бала ма?

Өз әкесін

Тыға салар түрмеге қартайғанда.

Халқым, айтшы, кегі бар қандай жанның? Күндіз от боп,

түндерде шамдай жандым.

Күре тамыр мен едім тулап аққан Түгел жалғап жүгірген шалғайлардың.

Өкпем, сірә, жоқ еді өткен күнге, Жетпей қалып сорлады көктем кімге? Өшіккені бұл қалай заманымның

Су түбіне шынымен кеткенім бе?

Суық ойлар миымды қарығанда, Сылынған да болармын,

арыған да.

Адам неге көнбесін? Көнеді әлі

Кеудесінде сірі етік – жаны барда.

Ішке бүгіп сұмдығын жиып кепкен, Қойса нетті пәлесін үйіп-төккен.

Қонаевпен доссың деп жазғырады, Заманынан оқ бойы биік кеткен.

Құдайын да ұмытып жұрт тасқанда, Пағамбарлық құрғандай күрт аспанға Кінәлі ғып,

қайтерсің,

 шығарғанын Күннің бетін,

ай жүзін бұлт басқанға.

ІІ

Қонаевты жазғырсаң – көнергенің, Қара қазан – басыңа төнер көгің. Жақсылықты білмеген ел болдың ба, Көрем содан көсегең көгергенін.

Күні қарап күзетші – жарақтыға, Сырттай ғана телміріп сан аттыға. Тұтқындалып үйінде отыр, әне, Өз от басы айналып абақтыға.

Арқандалған аттайын от басына, Атандайын бас сұққан ноқтасына. Үй ішінде жүргені ертелі-кеш

Бара алмайды ақ жарқын көп қасына.

Көзге елестеп өткен күн сүргіндері, Атылуда алау боп дүркін демі.

Елдің бәрі ақымақ емес шығар Жарқылдайды қайтадан бір күндері.

Тау тұлға ол таулардан жаратылған, Зұлымдықтың бетіне сан атылған. Жер ауғанда Сахаров қудаланып, Жалғыз Димаш болатын ара тұрған.

Заман кейде құтырып қағынғанда, Сарылған да кезі көп, сабылған да. Қорғап қалған Димаш-тын

Орыс қоғам

Озық ойлы Олжасқа жабылғанда.

Қандай сала істе де саңлақтанып, Бас-қасында жүретін арнап барып. Күре тамыр – каналы Алматының Димаш болып тулаған арна ақтарып.

Ірге тасын көтеріп жас қаланың, Тірілткен-ді сан құйып тасқа қанын. Алатау боп көз салған сол емес пе, Көкжиегін кеңейтіп астананың.

Алатау боп айдынын сан асырған, Ол барда, әне, ел едік бағы ашылған. Құландайын құдыққа құлап еді, Арсыз қолдар кетпеді жағасынан.

Ойлы Олжастан өзге жан табылмады, Ара түскен қалың ел арасынан.

Таба қылмай арда ұлын қорғар еді, Жаңылмаса адасып санасынан.

Көкірегіне ар, иман ұялатқан, Құрбаның ба бұл Димаш қияға атқан. Елім, сені жазғырман!

Көктей солып,

Өніп-өспей келесің қиянаттан.

Қажет егер көрмесе тұл – дарының, Судай сіңіп жоғалар құмға арының. Бағынышты бодансың бұл қоғамға Етін жеген данышпан ұлдарының.

ІІІ

Жеткен бойда сіңіскен бірден елге, Өкпе неге болмасын кірмелерге? Жамандықты туған ба аңсап бәрі Жаны құштар қым-қуыт дүрбелеңге. Айыздары қанардай сезінеді

Қазақ түгел жол тартса түрмелерге.

Кең даланы бос жатқан иен көріп, Басыбайлы кетпек пе иемденіп? Сырқатынан тегінде айықпайды, Тұрмаса егер бұл қоғам жиі емделіп.

Қонаевты көк сүлік – құртқа балап, Жатқан кезде тақымдап, жұрт табалап. Тауға қарап ұлыған көк бөрідей

Иттер қанша жұлқынған сыртта абалап?!

Орыс қоғам үшін де терін төгіп, Көп қызмет атқарған жерін беріп. Досқа досша қараған асыл еді, Сәл нәрсеге қызынбай тебінденіп. Қаншама жұрт тұсында ағылмады Кең даланы мол олжа тегін көріп.

Досы жоқты – жалғыздық қатер көріп, Бәріне де жүгірген пәтер беріп.

Қайран Димаш шынымен білмеген бе? Бірге жүріп келгенін жат елге еріп.

Қалың малдай қаптаған далаға өріп, Орыс жұртын – аға жұрт, пана көріп. Қаласын да ойланбай сала беріп, Ғұмыр бойы келгенде

Таппады опа

Отыр енді үйінде нала көріп.

Неден тайсын Ресейдің кесірлі елі, Басқа шығып,

бұл қалай есіргені?

Өз үйінде қамалып отыр жалғыз Айналайын қазақтың есіл ері.

Ойда жоқта тағынан тайдырғаны – Күннің бетін бұлт басып,

айды ұрғаны.

Жақсылығын кезінде көп көрсе де, Сірә, орыстың болмады қайғырғаны.

Қонаевты –

қазақты кім дегені?

Жақсылықты, сірә, бұл білмегені. Селт етпеймін дегені ызбарланып, Қамалса да Алаштың түрмеге елі.

Халықтар үні

Ірге жайған тас дөңде, Маскүнем мұжық – Мәскеуде.

  • Азаматты босат, – деп,

Көтерілді

кілең қазақ – жас кеуде. Наразылығын жатты айтып, Ақ мақталы Тәшкен де.

  • Жарқырап жанса жұлдыздар, Қариды неге түнгі ызғар?

Азаттық бер деп ағама, Бұйра жалды толқындай Буырқанды ұл-қыздар. Атқа қонбақ болысты Батыр Манас – қырғыздар.

Белдеуіне

Теке жәуміт арғымақ ат байлаған,

Беліне

бес қаруын асып сайлаған, – Түркімендер ұран қосты бір жақтан Қызыл құмды еркін кезіп жайлаған.

Бірі – ойда,

Бірі – қырда

жайқалған жасыл баулары,

Ортақ болған қашанда елдің жаулары. Асқаровқа азаттық тілеп,

Өре түрегелісті

Кавказдың барлық таулары.

Бірге тұрған аспан сынды – пәтерде, Шыдамады игі тілек жат ел де.

Мұхиттардың ар жағынан үн қатты:

  • Есіл ерді ұстама, – деп, – қатерде.

Шалғай жерде – жырақта, Жанған жалғыз шырақ та:

  • Азаттық бер, – деді, – ерге, Дарияға асығады бұлақ та. Маскүнем мұжық сұм Мәскеу Ол тілектің бірін де Қабылдамады бірақ та.

Елемеді Канаданың тілегін, Кері қайтарып журналистер – түлегін.

Айдын асырған АҚШ-тың да Түсінгісі келмей бұртиған Ат басы алтын жүрегін.

Ақымақ елге дау бар ма жарық деп сезінген өзінің қара түнегін.

Көріп өскен тепкіні Түсінсін қалай тектіні. Шуақ шашқан бар елге Толастамаған кекті үні.

Жүрмейміз ылғи тарынбай Боқ қарындай жарылмай. Құлдыраудан танбаймыз Құлдық санадан арылмай.

Жарқыраған күнін де, Халықтардың үнін де елемей

сөйлеп үйренгенбіз қараңғылықтың тілінде.

Шовинистер – атжалман, Коммунисті – бүрге де. Сондықтан да бар халық Көрдей суық түрмеде.

Асқаровқа тағылған айыптар

Сұм жаласын жабам десе адамға, Бұйым боп па қорқау қасқыр заманға. Асқаровты сенсің деп те күйдірді Өрім жасты бастап шыққан алаңға.

Көкірегің – жарық дүние әлемі, Сиған қазақ бар елі.

Ұлтшылсың деп жаралады жүрегін болмаса да дәлелі.

Жұттың деді биелерді түгімен, Жұттың деді түйелерді жүгімен. Бәйтерек боп жел өтінде тұрсаң да Қопарылар кезің келді түбінен.

Кісі болғын ұлағатты, саналы, Өмір – түрме,

жолбарыссың жаралы. Кең даланың –

ел-жұртынан қол үзген

Сен де бейне тұзға айналған Аралы.

Тұлпар болып сен байландың кермеге, Жарқыл қағып жол да тарттың көрмеге. Ресей жері баққа оранбай, нұр атпай Сен басқарған гүл жайнайды ел неге?!

Кісі үзілмей төріңнен,

Бірге жасап келе жатсың еліңмен. Неге бізге түспеді, айтшы, шуағың Сен – күн болсаң

көкжиектен көрінген.

Байтақ дала, құба белдер, жазығың –

Ұмыттың ба екендігі азығым. Орыс қоғам сетінесе егер де Қазақ жұрты

Қағатұғын қазығым.

Қуат беріп асқар тауың, өрің де Антей болып мығым өссең жеріңде. Ойың озық болғаны үшін орыстан Ала өгіздей өкіресің көріңде.

 Орыс азаматына

Ұры тазы секілді қатпа құмай, Жалаңды жаппа бұлай.

Батырсаң да шығамын су түбіне

Жақ болса егер жалғанда аққа Құдай.

Жаралғанмын, жаралғам өр ағыстан,

Туған дала төскейін орап ұшқан. Тірі тышқан секілді ойнайсың-ау,

Зұлмат күшпен кезінде мың алысқан, Сыры – барыс орыстың, жыры – арыстан. Сенгім, сірә, келмейді,

амал қанша,

Сені туды дегенге ұлы орыстан.

Жүрегіңе жиналмай жыр қатталып, Сөз сөйлейсің құйындай бұрқап қалып. Кіл жастарды қалайша бастап шығам, Ауруханада жатсам сырқаттанып.

Келе жатқан қалтылдап өніп-өсіп, Ұлтын кімдер сүймейді көлін кешіп. Пушкин неге ұлтшыл боп атанбайды, Орыс халқын жырлаған өліп-өшіп?!

Арна болып тартылған өлкесіне, Көмек берсем, несі айып, жерлесіме. Көсегесін елімнің көгертпесем, Азамат боп жаралдым мен несіне.

Қарттығыма қарамай, хал-жайыма, Қақпаныңды құрмақсың қай жағыма. Мені сен де тұтқындап ұстамас ең Елдің жерік болмасаң қаймағына.

Нұрын төксе жүрекке – жарама айым, Мені қорғар нар халқым, бар ағайын. Отап тұру сендерге тән емес пе, Елдің биік Еменін,

Қарағайын.

* * *

Жетесің де далама жылап ағып, Соңымызға түсесің шырақ алып. Орыс, қазақ арасын аштым қашан Солженицин секілді сына қағып?!

Ар-намысым арыдан тебінгенде, Жұлдыз болып жанып ем көгіңнен де. Мен емес пе ем қағылған шеге болып, Көн ұлтаны Ресейдің сөгілгенде.

Менен өткен жақсы адам жоқ еді, әттең Тұқым болып жеріңе себілгенде.

Сұм соғыста –

қорғаған мен емес пе ем

Қалың орыс солдаты шегінгенде.

Қазақ –жын боп көзіңе көрінген бе? Ығыстырып даламнан – төрімнен де, – Білгеніңді келесің істеп әлі,

Жұлып алып сабадың көрімнен де.

Күдер үзіп, түңілдім сенен мен де, Жерің, сірә, кеңи ме мен өлгенде. Алқымымнан алдың-ау арды ұмытып, Шырмауық ең жетілген көлеңкемде.

Қолы шығып зұлматта жүріп берген, Жаралдың ба нәр алып бүлікті елден. Екі басты самұрық сен екенсің Жүрегімді шеңгелдеп бүріп келген.

* * *

Ел болса да жаралған азабыңа, Бостандық бер өзіме, қазағыма.

Көншімей ме көңілің қазақ басы

Түсіп қайнап тұрмаса қазаныңа. Азабыңа көнсе де ата жұртым, Қорлығыңа көнбейді,

мазағыңа.

Бостандық бер өзіме, Қазағыма!

Тозақ отын жақсаң да көніп келген, Ата жұртым мың мәрте өліп көрген. Қоғам сенің екенің жалған емес, Ірге тасы қаланған өліктермен.

Оқтын-оқтын Алашты қырып тұр деп, Кім сендерге, ойпырмай, желік берген?!

Сыйлап өскен жан болсаң сен де анаңды, Құрмет тұтқан тұқыммын мен де анамды.

Мені таптап өтсең де кете алмайсың

Қанжығаңа бөктеріп кең даламды.

Қаруыңды асынған қайрат көріп, Қорқытпадың қорқаудай қай жаққа еріп. Тұндырмақ боп өтірік көлгірсисің Тұнығымды ылғи да шайқап келіп.

Айдыныңнан сескенбен бұдан былай Алатауым тұрғанда айбат беріп.

* * *

Мені және елімді шырғалаңға Салып қойған –

не айтам бұл ғаламға.

Түрмең сенің қаңырап тұрар ма еді, Анам мені асыл ғып тумағанда.

Бұл түрмеде өлмеймін, ал, қайтесің,

Он бес жылға соттарсың шындағанда. Жын басқараған ел қайтіп оңады, айтшы? Қоғам да бір,

бір және жынды адам да.

Сәтті күні түрмеңді бұзып шығам, Асау қаным бойымда тулағанда.

Қасіретті қоғамда жынға батқан, Алып тұрсың,

білемін,

қылтамақтан.

Намысым боп қайтсең де өлтірмейді, Тамырымда асау қан тулап аққан.

Қанша атсаң да өлмейтін Азаматпын Шыбын жаны шырқырап шыңда жатқан.

Абақты боп алдымнан ашылғаның – Жынданғаның,

есіріп тасынғаның. Аттағаның басымнан нар халқымды

Терезесін тең тұтпай басынғаның.

Көзімдегі сескенбей жасыннан да, Талай мәрте аттарсың басымнан да.

Мені есіңе аларсың өзге біреу

Темір жүрек өзіңді басынғанда. Елде өскенсің, ей, пендем, қасіреті

көп менің қара шашымнан да.

Көкжиегін қасірет жиектеген

Елде өскенсің жын-шайтан иектеген. Зардап шегіп өз халқың жүрген жоқ па, Арам ойдан –

басында түйнектеген.

Түрмеңде де басылмас күнде арыным, Далам – менің талантым, шың – дарыным.

Халқың қалай көктесін арқасында

Сен секілді кембағал ұлдарының.

Ақ бас бура секілді боз қалпымда, Сенсіз мен де тұрдым ба, қозғалдым ба? Сайқал қатын – саясат құрсауынан Құтылған жоқ, ендеше, өз халқың да.

Қасірет тұнып жатқан іргесінде, Жырасын да көргенмін, жүлгесін де.

Темір милы, ей, пендем, біле білсең Өз халқың да Ресейдің түрмесінде.

Жақсылық ақын

Шуақ есіп жүрегі – қанатынан, Жақсылық жақсылық боп жаратылған. Алғашқы ақын сол еді

Ар-иман боп

Асқаровқа – асылға ара тұрған.

Ел-жұртынан қол үзген, тірегінен, Тұтқын жайын ұғынып жүрегімен, – Сардалаға жар салып

Көктен төнген

Зұлымдықтың көк бұлтын түре білген.

Қыл көпірдің тұрса да шетін басып, Зұлмат күштің берген сол бетін ашып. Жар салды елге:

  • Арыңа ара түс, – деп, –

Өз ұлыңның жемесең етін асып.

Ата жолын ел болсаң мұра көрген, Жарамайды күн жаумай бұға берген. Халқым, сені, кім кепіл, атпасына Асқаровты көздеген құла мерген.

Жүзеге аспай ұлыңның көп талабы, Әділдік ед бел байлап тоқтағаны... Қорлағаны емес пе, халқым сені, Асылыңды жазықсыз соттағаны.

Соры қайнап, ұшқанда тақтан бағы, Намысыңның бұл қалай тапталғаны?

Шыжғырылып табада, аз ба еді, айтшы,

Сүмбіл сұлу денеңнің қақталғаны?!

Асқар тау мен кең дала жайлағаның, Неге керек қызынып қайнағаның.

Асылыңды жіберсең оққа байлап, Өзіңді оққа, оу, халқым, байлағаның.

Өлмеймін деп кеудемнен жүрек өлмей, Тамақ аңдып найқалып жүре бермей, – Ұран қосқын үніме,

Неге жатыр

Алатау боп намысың түрегелмей?!

Қойдай шұбап оңнан да, солдан да өріп, Күн көргенде ырзығын жолдан теріп, Аузыңды аққа жеткізген сол емес пе, Қоясың ба шынымен қолдан беріп.

Қолдан берсең ұлыңды – жер болғаның, Неге керек асқар тау, бел болғаның?

Қорғап қала алмасаң өз еріңді, Неге керек еңселі ел болғаның?!

Қорғап қала алмасаң жасынды ұрып, Көрінгенге кеудеңді басындырып Омалғаның –

кімнен де басым тұрып.

Жау кеткен соң боққа шап қылышыңды, Жесір қатын секілді шашын жұлып.

Ар алдында

Қатын сотпын.

Қатын десең – қатынмын, Мәскеуге – дос,

алты Алаштың жатымын. Жерді ойрандап,

елге қырғын әкелген

Алып Мәскеу қолындағы атоммын.

Ерлер қанша алдыма кеп сабылған, Бастар қанша көз алдымда шабылған. Қара тас боп жібімедім біріне, Жарамсақ боп Мәскеуіңе жағынған.

Не көрсем де

көрем енді бағымнан,

Көз жазбадым Мәскеу деген сағымнан. Не істеймін!

Бар болғаны – інгенмін,

Алып Мәскеу бура емес пе шабынған.

Барша халық құзырына табынған, Алып Мәскеу бура емес пе шабынған. Құдыреті жетіп тұрса Қонаев,

Неге,

неге ұшып кетті тағынан?!

Жазғырмағын туған елім, ендеше, Асқаровты сотқа тарттым мен кеше. Кете барды он бес жылды арқалап, Ұзын қара табыты боп кең көше.

Азаматың бола алмадым жалынды, Бірге таптап жанталастым арыңды.

Асылыңды құрбан етіп, туған ел, Қорғап қалдым қара шыбын жанымды.

Өйткені мен қатын сотпын! Соттауға ерді ынтықпын,

Абақтыға жапқан өзін Шындықтың. Ажал сепкен –

кезенсе де қай жаққа

Алып Мәскеу қолындағы мылтықпын.

Қыран аға, ендеше, құлан аға! Мендей бейбақ қызыңды кінәлама. Ұрғашының жалғанда күні құрсын, Айғыр көрсе байталдар тұра ала ма?!

Кремльдің жаутаңдап қақпасына, Жатпасыма болды ма жат қасына. Сатып жатқан заманда елін еркек, Болмады, аға, өзіңді сатпасыма!

Уысында не сұмдық жентектелген, Аластамай оңбаймыз тентекті елден. Қатын неге сатпасын!

Сұм сатқындық –

Шығып жатса алдымен еркектерден.

Шырқалмаса Алаштың ұранды әні, Қалай ғана қатайсын бұраң талы. Бағыт, бағдар көрсетіп бұрап қойған Айналғанбыз Робортқа бұрандалы.

Қыран аға, ендеше, құлан аға! Мендей сорлы бейбақты кінәлама. Толғатса да Жамбылдың бар қатыны Сендей ерді қайтадан туа ала ма?!

Не істеймін!

Қолымнан не келеді,

Қарғыс айтып жер-көктен қуалама. Азамат боп елі үшін туған, аға!

Соңғы демің түрмеде бітер болса, Өксік атқан жас жаным жұбана ма?!

Өрге баспай өр кеуде талабымның, Тірі жүрсем –

жоқтығы амалымның.

Арда жүрек өзіңді сотқа тартқан Қателігі, жан аға, заманыңның!

Қырғыз халқының Президенті Асқар Ақай

Шамырқанып, шамданып, алау жұтып,

Асқар Ақай отырған алабұртып... Түкпірінен түрменің көрінеді, Асқаровтың тұлғасы қарауытып.

Бірі, сірә, болармын көп датқаның, Қатын сотым –

жүректен оқ па атқаным? Қазақ, қырғыз бір туса Арды ойламай

Өз ағамды бұл қалай соттатқаным.

Құрақ ұшып алдыма асын тосқан, Шамырқанса найзағай – жасынды осқан, – Қазағыма қараймын қай бетіммен Төскейде – мал,

төсекте басын қосқан.

Мәскеу – жердің кіндігі, өркеші ме? Өзге ұлттардың айналған серкесіне... Бауырыма Бостандық бере алмасам, Президент боп сайландым мен несіне.

Сүйікті ұлын соттатсам сүйікті елдің, Бірі, бәлкім, болғаным күйікті ердің. Азамат боп мен қалай жарқылдаймын Құзырынан ақ шаңқан биіктердің.

Тірліктің керегі не қайшыласқан? Жылға ұласқан тартысы, айға ұласқан. Көптігіне сенбесе

Алты Алаштың

Қалың орман орыстың қай шыңы асқан?!

Қара бұлт боп көгімнен төнген күнде, Диназавр – СССР өлген мүлде, – Жалғыз көзді дәуге де ұқсаушы еді, Өзге ұлттарды ұстаған шеңгелінде.

Жебе боп та төбемнен жауып тұрған, СССР жоқ –

қаруын қауіп қылған.

Шынымды айтсам, Аллаға, мың рақмет, Дүние-әлемді дертінен сауықтырған.

Замананың соққанмен дүркін желі, Өз билігім өзімде бұл күндері.

Асқаровқа Бостандық бердің деп те, Нысанаға да алар, мүмкін, мені.

Елім тектес,

қазақпен жерім шектес,

Семсер емен өзгенің кегіне өтпес.

Босатамын ағамды, неден қорқам,

Шегірткеден сескенген егін екпес.

Туа бермес қай ел де серке күнде, Асқар Ақай азамат ер тегінде.

Президент атынан жарлық беріп, Асқаровты босатқан ертеңінде.

Тау көріп те төсінде дамылдаған, Ардақ тұтып арнайы қабылдаған. Тозақ отын кешсе де төрт жарым жыл Жігер көріп көзінен шағылмаған, –

Асқар Ақай сол жолы қайран қалған:

«Күш-қуатты осынша қайдан алған? Асқаровтың тұқымын құртпақ болған Құдіреттің қайта өзі ойрандалған.

Кісі ұқпайтын жұмбағың көп-ау сенің, Айналайын атыңнан, қайран Жалған!»

Жыр шашу

Аман жетіп сұм соғыс атқан оқтан, Аман жетіп дұшпан көз жаққан оттан, Намысыңның ақ туын жыққан жоқсың, Құласаң да жығылып шапқан аттан.

Көкірегің әлі де дауыл – керней, Дауыл – керней өзіңе дамыл бермей, Түрмеде де арыңды қорғап қалдың Шыңын жауға бермеген жауынгердей.

Тұғырдайын ілесіп көп қараға, Содан бері қанша жыл өтті арада.

  • Өмір, – деген, – не десе, не дер едің?

Өмір деген білгенге көкпар, аға!

Замананың бұзылып дүркін демі, Баз біреулер көсемсіп күрпілдеді. Қазақ болып туғанмен

Сол қазақтың

Сөзін сөйлер кісі аз-ау бұл күндері.

Қилы заман көрініп жат пішінде, Сұмдығы ерен тұншығып жатты ішінде. Ұстараның жүзінде жүрдің, аға,

Бар ғұмырың өткенмен ат үстінде.

Түскен жоқсың әлі де ат белінен, Аман-есен оралдың жат жерінен. Азамат боп қамалсаң

Ақын болып

Түрегелдің түрменің қақ төрінен.

  • Дәм татпақ ең, айтшы, – деп, – қандай тойдан? Жау төбесін сардарсың майданда ойған.

Қанша азаптап салса да Асыл тексің

Тамұқ, тозақ отына жанбай қойған.

АСПАНЫНДА ТАРАЗДЫҢ ЖҮЗГЕН АРАЙ

Серік Әбікенұлы Үмбетовке

Поэма

1

Аспанында Тараздың жүзген арай, Айналады сұрланған күзге қалай. Көңілімнің өксіген шерлі өзені Тулап ағып жол тартты сізге қарай.

Аспанында Тараздың жүзген арай, Жыр арнамай тұрамын сізге қалай. Елдің сары уайымы емес шығар, Жапырақтар сарғайса күзге қарай.

Кеңістіктен көрінген келешегі, Неге өртенсін күйіктен ел өзегі. Сіз туғанда сүйінші сұрап еді, Жетісудың жүгірген жеті өзені.

Сұмның бәрі қағынған жөргегінде, Ел басына бұлт болып төнген күнде. Сенің нұрлы өмірің жатты өріліп, Әжелердің тоқылған өрмегінде.

Сардаланың алдынан самалы есіп, Қазақ қайда бармаған дара көшіп. Алатаудай азамат болсам дедің, Алатаудың шыңына қарап өсіп.

Тілегіңе тіленбей жеткеніңде,

Бой түзеген бір терек текті еліңде. Мүмкін сенің көзіңнің нұры шығар Диқандардың жарқ еткен кетпенінде.

Құлақ аспай қулардың жел сөзіне, Ерте түстің жарқылдап ел көзіне. Көргенді елдің көңілі сүйсе сені, Ұлы Тараз тартпасын неге өзіне?!

2

Ту көтеріп Таразға сіз барғалы, Ізгіліктің гүлдеген ізгі арманы. Нарқын білер өзіңдей әкім барда, Кімге дәрі нарықтың сызданғаны.

Жалпағынан жалғанды басып өтіп, Күзі қалған өмірдің, жазы кетіп.

Сіз бардыңыз әкім боп Қара жерге

Қасиетін қаққанда қазық етіп.

Сынақтардың сынығын терең көміп, Жазыла ма дертінен жер емделіп.

Сіз бардыңыз әкім боп Жілігі елдің

Құдықтарға жатқанда шегеленіп.

Серік мырза!

Бірі едің жетелі ердің, Өзендерді шөлдерге жетеледің.

Әкім болып барғаның жалған емес Көз жасына толғанда етегі елдің.

Көк аттылар ұсынған сыйға алданбай, Қазынасы қайда елдің жиған талмай?

Сіз бардыңыз мешіттің иманында Бара жатқан мезгілде иман қалмай.

Қара қарға аспанда қаптағалы, Еленбеді еңбектің ақ табаны.

Мүмкін барған шығарсыз әкім болып, Абыройын арлы елдің сақтағалы.

Зауал туып кеудесін жанышқанда, Құзғындарға жем болған арыстан да. Жалған емес жеткенің бақыт болып, Баянды елдің басынан бақ ұшқанда.

3

Жүргендерден қамын жеп қара бастың, Сірә, суы шипалы Сарыағаштың.

Әкім болса, шіркін-ай, арман бар ма, Ары бола білгендер алты Алаштың.

Көсегесі онда елдің көгереді, Жалғанды да атандай шөгереді. Қасиеті қазақтың бола білген Қайғысын да қайыспай көтереді.

Көңілінің көк туын шашақтамай, Кешкен жұрт ед кезінде азап талай. Рухы жоқтар жүрсе егер ел басқарып, Айналады рухты елге қазақ қалай?!

Шерлі күйін елінің шерте білген, Ақбоз атқа алаулап ерте мінген Серік мырза!

Самғайды көкте қашан

Ақ сұңқар құс жем теріп жерде жүрген?!

Ойда жоқта тап келіп бір өткелге, Жүрміз әлі мәз болып тірі өткенге. Жолбарыстар басқармай,

Ата қазақ

Айналмайды ешқашан жүректі елге.

Қара тобыр жабылса жайдарлы ерге, Көтерілсін жүк артып қайдан белге. Арыстандар басқармай,

Ата қазақ

Айналмайды ешқашан айбарлы елге.

Ала тайдай ел іші бүлінгенде, Қайда барып көктеймін түңілгенде. Бауыржанға айналғым кеп кетеді, Бауыржанның жоқтығы білінгенде.

4

Басымда ой жетіліп піспегенде, Өлең аулап жүремін түз-белеңде.

Сізге барып мұң шаққым келеді ылғи Сырласатын ізгі адам іздегенде.

Тұла бойың сомдалып ізгіліктен, Кезің бе бұл жемісті күзге іліккен. Топ-тобымен ұшады сізге қарай Әлдеқайдан дүрлігіп құс үріккен.

Серік мырза!

Жылы еді жүзің неткен,

Ақ кемесің мұхиттан жүзіп өткен. Кімге тісің батады,

Семсер болсаң

Тастарға ылғи шабылып жүзі кеткен.

Жағалауда жайқалған құрақтайын, Көңіліңде тұр өсіп бір ақ қайың.

Ақынына әкімін іздеткен жұрт Мүмкін емес тозбауы тулақтайын.

Тылсымдарға жол тауып тілдесе бер, Сен болмасаң мына жұрт кімге сенер. Елдің өспей қалуы мүмкін емес, Арлы ақынын әкімі іздесе егер.

Көзі жанған жарқырап шырақтайын, Сізден қалай алыстап жырақтайын. Шешілмеген түйін көп бұл ғаламда Табылмаған жауабы сұрақтайын...

Жібек самал алдымнан күнде еседі, Бірақ қашан көзімнен мұң көшеді? Шырмауықтай шатысып шиеленген Түйінімді түңілмей кім шешеді?!

Мергені көп мезгілде жебе тартқан, Ауыртпалық қаншама денеге артқан. Періштеге ұқсатам кейде сені

Жібек жолдың үстімен келе жатқан.

5

Көзіңізден тұрғанда Бақ көрініп, Неге жатам қылыштай қақ бөлініп. Көңілімнің өзені өрге тартқан, Сізге қарай өлең боп ақты өріліп.

Аспанында Тараздың жүзген арай, Тырналарын көгіне тізген қалай? Көңілімнің көштері

Алғысымды

Тиеп алып жөнелген сізге қарай.

Сіз барғалы күш жиып даласынан, Ұлы Тараз елінің бағы ашылған. Қайта-қайта қараймын түнгі аспанға, Жұлдыздардың сені іздеп арасынан.

Бау-бағынан кім-кімде жеміс күткен, Елге бірақ бақ бар ма тегіс біткен.

Жұрттың бәрі кеңсеңнен таба алмаған Табады ылғи сені іздеп кеңістіктен.

Есіл күннің ескенде жібек желі, Аймалайтын сияқты кілең мені. Бір серпіліп қалатын

Боз даланың

Күлдір-күлдір кісінеп күрең белі.

Дүлей бастық көбейіп сөз білмеген, Сөз білетін кісіні өсірмеген.

Қанша ұйықтап жатсаң да, Сардар ерсің

Күндіз-түні намысы көз ілмеген.

Нарық қысып, көкжиек сөгілді ептеп, Шықтық бірақ ойқастап көңілді ерттеп. Сіз барғалы Таразға тұр жайқалып, Тіршіліктің көзінен Өмір көктеп.

6

Нар халықтан менде өзге жақын бар ма, Ендеше осал болуға хақым бар ма?

Қап тауының батыры, ері атанған Менен басқа жаһанда ақын бар ма?

Асқақ рухпен жебесе жарқын бабам, Неге әліптің әлек боп артын бағам.

Арын қорғап Қап тауы қан кешкенде, Суырылып қынаптан жарқылдағам.

Жайшылықта жұпарға айналатын, Қайшылықта қылыш боп қайралатын, Ақындары Алаштың бұғынғанда, Қанды суға малынып Қайғы ағатын.

Қайдан қақсын қанатын қайран арман, Ақын да азып, тарыдай майдаланған. Ін түбіне тығылмай суырдайын, Семсер болып сілтенсе қайда қалған?!

Тектілердің бірімін тегін білген, Қилы шақта тас түйін бекіндім мен.

Жазған жырым қылыштан өткір болып, Зұлымдықтың қан қатқан бетін тілген.

Шыбын жаным қай кезде жай табады, Дөңгелегі дүлейдің айналады.

Жын қоғамның жүргесін бір жағында, Парламентке сайқал да сайланады.

Барлық жолды бекітіп тастаса егер, Өмірімнің өзені қайда ағады?!

Өтіріктің өгізі сүйкенгенде, Шаңырағы Шындықтың шайқалады.

Ата жұртын өлеңмен мүсіндеген, Неге ақынның ұшады құсы төмен? Елдер ғана езілген езге айналып, Ер халықтың жүрегін түсінбеген.

Қоңыр шашым – антенна дыбыс ұстап, Келем әлі көзімнен нұр ұшқындап.

Бабалардың өр Рухы қанға сіңген Тамырымды қуалап жүр тыныстап.

Сәулеге өзін сүйгізіп аймалатқан, Зауал туса зар илеп Ай да батқан. Уақыттың қылмысын бетіне айтқан Ақындардың қадірі қайдан артқан?!

7

Қайран қазақ Нарықпен алысқалы, Ұшқан емес жебесі алысқа әлі.

Тышқан аулап кетті ме, кім біледі, Азаттықтың ақырған арыстаны?

Құнарлы жер жат жұртқа сатылғалы, Ар-намыстың бар ма оғы атылғаны. Шақырусыз ақындар қалған жоқ па, Тәуелсіздіктің тауығы шақырғалы.

Тіршілікте сынаптай сырғанаған, Өліп жатсаң көшеде кім қараған. Өзегімді өртеген өксік қанша, Көкірегімді мысық боп тырмалаған.

Сіздер жақтан ақ сәуле шуақ есіп, Көңілімнің жайқалған шынары өсіп. Жырдан шырақ жағады еліне ылғи, Сорласа да ақындар шырағы өшіп.

Қайығында тербелген Қайғының да, Балалығым қалды елдің қай қырында? Сіздер барда ақынын сыйлай білер, Кемем неге жүзбесін айдынында.

Батырбектей бар кезде азаматым, Өрге шаппай тұра ма қазанатым. Қара құйын құтырып суырса да, Өзен бар ма сіздердей таза ағатын.

Сіздер барда бәйге алып арғымағым, Биіктеген мәртебем, шаңырағым.

Серік мырза!

Көктем боп сіз жүргесін

Көрген емес сарғайып жапырағым.

Куә болсын, болмасын құмай-жалған, Азамат ер жоқ әлі туға айналған.

Арыс туар Алаштың арулары,

Тұрмыс құрмай тұралап тумай қалған. Кінә артпайтын шығарсыз, Дарабозым, Сөзімді айттым аузыма Құдай салған!

8

Бала мені, балама төзімді ерге, Қалай төзем ұшса егер сөзім желге. Өмірімнің көбісі өте шыққан Түсіндіріп жүргенде өзімді елге.

Аспан асты, жер үстін көп барлаған, Мені мылтық көре ме оқталмаған. Қиын шығар ақынды ақын деу де Алау жұтып, көздері шоқтанбаған.

Алтын сандық кеудемді күмбез көрген, Жерлес қанша құбылып күнде өзгерген. Мені бөліп елімнен маңыратпақ Енесінен қозыдай күзде бөлген.

Тыныш шығар қой баққан қауғаны алып, Мұқалғанда мұң шағам тауға барып.

Ешкібастар жайында жыр жазам деп, Басым талай дал болған дауда қалып.

Күйін кешіп жаралы көк бөрінің, Алыс-жұлыс тірлікпен өтті өмірім.

Сіздер жақтан ескелі көктем лебі, Сырқаттанып жүрсем де тоқ көңілім.

Елге тұтқа бола алмай тұлғалы өсіп, Қырсық шалған жан аз ба құмға көшіп. Жұртың түгел саяңда тыныстай ма, Көңіліңнің көктемі тұрмаса есіп.

Кетпесе егер біреулер жазым етіп,

Көз жұматын шығармын жасым жетіп. Қасына ертпей қатынын бұрын хандар Ақындарын жүретін қасына ертіп.

Жар жағалап қалмай ма жарға қашқан, Жаға жыртпай тұра ма жағаласқан.

Арқардайын кеудесін шалқақ ұстап, Талант аз ба Таразда тарлан ашқан.

Сізден бұрын мені елім түсінгенде, Құлар ма еді күмбезім күрсінгенде. Белден қалған жолбарыс сияқтанғам, Беделіме зіл салмақ түсіргенде.

Жатқа кетіп боталар боздағанда, Жұпар атқан гүлдерім солды алаңда. Неге ақырған есектер жүр жайылып, Арғымақтар туатын боз даламда.

Көлеңкесін түсіріп ажарыма, Кімдер күйе жағады таза Арыма.

«Шындық! Шындық!» – деп әсте шырылдаймын, Көрінсе де бұл шындық ажалыма.

Азамат ер жаралған Ар-намыстан – Шыға келген жолбарыс нар қамыстан.

Жылап аққан жылғаның бірі емеспін, Елім мені іздесін басқа ағыстан!

9

Азаттықтың арайлы жаңа таңында, Тағдырыңның жазуы алақаныңда.

Түн ұйқыңды төрт бөліп ойлайсың елді, Сайран салар кезіңде қала бағында.

Әкімдері күн кешкен сауықханада, Отбасы аз ба тұратын тауық қорада. Қайран қазақ құр босқа жүргендей әлі, Екі етегі далақтап шауып далада.

Қажытатын шулы әні шауып санаңа, Өмір деген даңғаза сауықхана ма?

Күнге қарай жол тартқан көрікті көшің Көктің нұры тұрғанда жауып далаңа.

Ізгіліктің іздері сайрап жатқанда,

Сауық құрған жұрт қанша сайран бақтарда. Қарсы ақырып алдынан шығар ең тағы Жырынды жау – Жоқшылық қайта шапқанда.

Күнкөрістің ышқынып арбасын тартқан, Туған елдің сыпа көп қалтасын қаққан. Бұлақтардай бұлқынып өзенге құйған Сіз атқарған ірі істер жалғасын тапқан.

Тіршіліктің арнасы ағысқа көшіп, Жылдан-жылға келеді табыс та өсіп. Көшеде өскен талдарды тербете бермей, Жібек жел де желпінген алысқа есіп.

Бұйра бұлтты маңынан сабыла қуған, Қызыл арай аспанның қаны ма тұнған?

Әттең, сіздей азамат аз боп тұр-ау, Жаралы елдің жарқырап бағына туған.

10

Жақсының жалғыз көзімін, Көз жұмған қырғын майданда. Сауыт қып киген төзімін Шығады жарып қайдан да.

Бой бермей ұзақ шыдармын, Төнсе де зауал қуарған.

Асылдан қалған шынармын, Көз жасым ағып суарған.

Бұралаң жолды көп кешіп, Бұралқыларға кетті есем. Кімдерді жеңем кектесіп, Мұратқа ерте жетпесем.

Арманым қанша жоғалған, Желкеме қырсық мінгенде. Бауырым болсаң жоқ арман, Бауырым іріп жүргенде.

Алаштың арлы ардағы, Сәуледен нәзік жіп өрген. Ғасырдың ауыр салмағы Бауырымды езіп жіберген.

Тулаған толқып ел – теңіз, Шабағын да жаттан қорғаған. Бауыры жоқтың...

Сенсеңіз,

Бауыры бүтін болмаған.

Арыстар туған елімде, Достарым қанша қаламдас. Бауыры жоқтар, тегінде, Бауырын жазып шаба алмас.

Мұқалсын неге мұратым, Жанымды жұрт көп ұғатын. Ақынға керек бір әкім, Әкімге керек бір ақын.

Күн туса, шіркін, жалғанда, Сұқ көздер іштен тынатын. Ақыны елге барғанда, Әкімі алдан шығатын.

11

Көз жетпеген жерлерге сана жетіп, Өркен жайдық қай жұрттан дара кетіп. Өз заңымен ағады өмір-өзен,

Өзге заңның бәрін де талақ етіп.

Қоғам заңнан тұрмайды қатып қалған, Азат болған жоқ шығар халықта арман. Жыр-Жамбылдың еліне әкім етіп, Сізді өмірдің ағысы алып барған.

Ұлы Тараз баянды бағың шығар,

Жансаң да отқа жұртты ойлап жаның шыдар. Бір күндері тауға өзің айналарсың Бөктерінде жайқалған қалың шынар.

Жұрт ішінде жоқ емес бақталасың, Сізге қарай сілтеген қанды ағашын. Қаратаудың қуатын бойға жиған – Алатауың алдаспан алты Алашың!

Ақ-қараны айырып саралаған, Ер еңбегін ел жақсы бағалаған.

Әкім – өзен болса егер аққан тулап, Сол өзенді айып па жағалаған.

Жаным қалай жай тапсын көрге түспей, Сырт көздерге сыр шашпай өртенді іштей. Сіз бен біздер танысып үлгергенше,

Өмір өте шықпасын көрген түстей.

Сұстанғанда сұрланып күз түнеріп, Күшік болар жайым жоқ күштіге еріп. Тараз жаққа қараймын мойын созып, Қалам ба деп көшеден сізді көріп.

Көзімнен от шашырап төгілгенде, Жарқ-жұрқ етер бір жасын көгімнен де. Көрінбеуің сенің де мүмкін емес, Алатауға Қаратау көрінгенде.

12

Қабағына сұп-суық қырау қатып, Нарық заман ел-жұртқа тұр-ау батып. Өмір кейде секілді жаман тұғыр Ойда жоқта кететін құмға аунатып.

Құбырлардан су ақпай мұз қатқанда, Сізден өзге жүректі сыздатқан ба.

Ұзақ-ұзақ аспанға қарайтынсың, Тырналарын қоңыр күз ұзатқанда.

Маңайыңда жүрген көп күні үшін де, Жөнге салдың қасқырын, түлкісін де. Құс төсектен безініп,

Сіз емес пе,

Аралайтын қаланы түн ішінде.

Ұшырғанда түлетіп құсыңды елде, Нұр төгіліп тұратын жүзіңнен де. Жалғанғаның тамыр боп жалған емес, Тіршіліктің тамыры үзілгенде.

Жігіт болып жетілген жігерлі елде, Түлкі-өмірді көп қуған күрең белде. Шелін түгел сыпырып лақтырғансың, Тіршіліктің көздері бітелгенде.

Бізге жеткен мұра аз ба көп сақталып, Есептесең егерде шотқа салып.

Жүрегіне айналдың Сорлағанда

Зауыттардың жүрегі тоқтап қалып.

Ақтағаның үмітін арлы Ананың – Дүниенің жыртығын жамағаның. Амангелді құмынан байтақ елге Жалған емес от болып тарағаның.

Тұрмысының жылғасы жылап аққан, Маскүнем жоқ көшеде сұлап жатқан. Мұнараның басына шығардың-ау, Мұңлықты да қайғы езіп, мұңға батқан.

Бөріктіні жүргенде ерге балап, Жандар аз ба омалған жерге қарап.

Қала жұртын тоңдырмай жылытқан-ды, Тал бойының қызуы елге тарап.

Тұғырына тұлғалар тұрақталған, Ұлы Тараз көнеден сыр ақтарған. Қала шамы сөнгенде

Әрбір үйге

Ұшқынынан көзіңнің шырақ жанған.

Талайларды аздырған тұралатып, Арақ сатып күн кешкен, сыра сатып. Тараз қала бүтіндей жаңғырған-ды, Гүлдері өсіп жайнаған жұпар атып.

Жел тербеген бау-бағы бұлбұлға ұнап, Түнермеген көгінен күн тұнжырап.

Ақбоз үйлер тігілген көшесінен Қымыз, шұбат... иісі тұр бұрқырап.

Өндірісі өкіріп өркендеген Сен де өлеңсің,

Өрісті өлкең де өлең.

Көңіліңнің сәулесі шығар, бәлкім, Ұлы Тараз қаласын көркемдеген.

13

Бақанастың талдарын жел тербеген, Серік, сені еңселі ел тербеген.

Жасырынған қылыштар қынабына Екіталай күнде де сермелмеген.

Қамын жемей қарақан қара бастың, Жалғандықпен жарқылдап жағаластың. Серік мырза!

Ауданға қаптап келген

Халқы неткен нұрлы еді Бақанастың!

Ұятсыздан ұялып текті өледі,

Неге ызғарлы марқұмға кектенеді? Ашыларда Ескерткіш Астанадан Зілді бұйрық зіркілдеп жеткен еді.

Сенің батыр жүрегің жасқана ма, Сым ұшымен жалғастың Астанаға.

Қонаевқа Ескерткіш ашылғаны Соншалықты, ойпырмай, масқара ма?!

Кілең мәңгүрт сиырдай сый білмеген, Жұрт алдында кімдерді күйдірмеген. Ақ жағалы арысқа заман бар ма,

Ит тірліктің арпылдап иті үрмеген.

Шыңнан құлап шыңғырған шынар талап, Сейілмеген кез еді тұман тарап.

Ауыртпалықты көтермей елге түскен Жүрген жоқ па кей басшы күнә арқалап.

Құлақ аспай халықтың тілегіне, Жұлымыр көп оқ атқан жүрегіне. Іштерінде ит өлген кілең дүмше Жалғандығын Жалғанның біледі ме?!

Қысастыққа өрт жаның төзбегесін, Зуылдаттың ысқыртып сөз жебесін. Ескерткішті ашпаңдар деп бұйырса, Батырғаны тереңге өз кемесін.

Дүлейлердің өспесе санасы аздап, Өшіреді жансаң да жаңа маздап. Қонаевтың сом тұлға Ескерткіші Ашылған-ды

 ашылмай қала жаздап. Қара дауыл тұрғызған дүрбелеңде, Дау жеңіспен қайтер ек бітпегенде. Ашылғанда Димаштың Ескерткіші Толқып тұрған теңіздей жұрт белеңде.

Сізден сондай бір ерлік халқың күткен, Сізден сондай бір ерлік күтті Емен де. Атқа мінген азамат не істейді,

Туған елдің көз жасын сүртпегенде.

Шығарса да Шындықты шың басына, Заман кімнің айналған сырласына.

Тұлғасы ылғи Димаштың елестейді, Алатаудың көз салсам тұлғасына.

14

Өмірі өрік секілді өрікті елдің, Көсесі де көрікті көрікті елдің. Қызыл Кеңес жасайды ұзақ қалай, Орнаса егер үстіне өліктердің.

Қарағайы қайғы ішіп жатқан сұлап, Қызыл Кеңес көз жұмған «тақтан» құлап. Елге Еркіндік өзі іздеп келген еді, Тамырында асау қан аққан тулап.

Бостандықтың бұлағы бұрылғалы, Шуақты елдің шұғыла жуынғаны. Империяның жұлынған басы шығар Тұғырынан Лениннің жұлынғаны.

Күн сүрінген кезеңде, Ай сүрінген, Ботасы өліп, боздаған қайғылы інген. Қан жүгірсе еліңнің тамырына, Жілігіне жылтырап май жүгірген.

Тасығандар жетпеген кемеріне, Келгендердің бірісің кемеліне. Арлы азамат өзіңдей бар болса егер, Оралмасын өлгендер неге еліне?!

Қилы кезде қамалға қақпа болған, Қаһармандар қашанда баққа қорған. Қабірінен ақырып атып шығып,

Ер Бәйдібек қайыра атқа қонған.

...Серік мырза!

Өрт жаның тылсым сенің, Көңілдерге қалайсың нұр сіңгенін. Мінгізгенің атына Ұлылықты, Бабаңды атқа қайыра мінгізгенің!

15

Тұғырында дамылдап тыныстаған, Қыран болып көгіне кім ұшпаған. Есті елдің де Емені сіздей шығар Барлық жерде еңсесін тік ұстаған.

Жатпайын деп жер құшып бір белеңде, Семсерге де айналдың сілтегенде.

Кімнің енді қадірін біледі, айтшы, Қадіріңді сенің жұрт білмегенде?

Болашаққа үмітін жалғап тұрып, Заман кімге кетпеген шаң қаптырып. Екі мың жыл толғанда бұл Таразға, Той жасадың аламан ат шаптырып.

Қилы шақта жүрген көп түкке сенбей, Көктем туып, саудасы біткен сеңдей. Шет елден де ағылған қонақтарды Азамат ер жоқ шығар күткен сендей.

Аты шауып тұрғанда ой, қыр асып, Қазақ бұрын күн кешкен сойылдасып. Еңселі елге айналған есті шақта Есігіңді кім кірсін жойқын ашып.

Тарқамаған сияқты сол той әлі, Сауық-сайран торқалы тойға ұласып.

Сақал шығар балаға жат болатын, Жылқы ішінде жүрген тай ат болатын.

Байрақты ерлер басқарса көп кешікпей, Байрақты елдің басына бақ қонатын.

Көз суарып көркіне белең-белдің, Боз далаңа шуақтан желкен кердің. Азаматтың қашанда жолы болған

Жолын қуған Димаштай кемеңгердің!

16

Айдалада тоңса да жалғыз қалып, Көктем шыға гүлдеген қауыз жарып, Қазақ қалай азапты бұйым көрсін, Жетілсе егер азаппен ауызданып.

Көз шырымын алса да қайда түнеп, Түрегелген түнермей қайта түлеп. Ата қазақ болмасын неге азулы, Сөйлесе егер азуын Айға білеп.

Арғымағы таңасқан қаңтарылып, Абыздарға сыр шерткен ақтарылып, Қазақ ұрпақ өсіріп өркен жайған, Мұз төсеніп жатса да, қар жамылып.

* * *

Жер астының төзе алмай тірлігіне, Қабатында жұлқынып бұлқынды не? Ауыр күнә арқалап жүргендерді, Ауырсынып жұмыр жер сілкінді ме?!

Көктемдердің нұрымен қыр түледі, Неге ендеше ағыстар іркіледі?

Сілкінгені бұл жердің есіне елдің Салғаны ма Құдайды, кім біледі?!

* * *

Майдан жүріп жатқанда бұл ғаламда, Қайтеді ерлер сертінде тұрмағанда. Құс төсектен сілкініп атып тұрдың, Құлан аудан сілкініп тулағанда.

Бір қасірет көзіне көрінгенде, Өзгереді құбылып өмір демде. Мүйізіне жармастың

Құлан өлке

Ала өгіздей өкіріп мөңкігенде.

Сілкінгенде нулы өңір... Тау сақталып,

Сан мың үйлер құлаған қаусап қалып. Елмен бірге аспанның жылағаны – Қара нөсер көз жасын жауса ақтарып.

Бұлшық еті секілді құба белдің,

Бұлт-бұлт ойнап, ойқастап шыға келдің. Қай кезде де өзіңді арқа тұтқан,

Жалы неге жығылсын құлан елдің.

Зардап шеккен жұртыңа шуақ бөліп, Тал бойына жүгірдің қуат беріп.

Іске шұғыл кіріскен жанын салып, Жұмысшы күш жан-жақтан шұбап келіп.

Іштерінде ақылды жан табылып, Кімге көмек көрсетсін жат сабылып. Беделіңнің арқасы

Сол өңірге

Мол жүк артқан керуен жатса ағылып.

Қыдыр сенің айналса жолдасыңа, Неге өлеңмен жазбайын сөз басына. Құлан аудан қайыра салынған-ды, Құлан елдің иленіп көз жасына.

Тұрғындардың көңілі, жаны ағарып, Аудан қайта салынған жаңаланып. Алғашқыда бәрі де аһ ұрған-ды, Сыңар қанат аққудай сабаланып.

Уақыттың оғынан жараланған Қай қазақтың еңбегі бағаланған. Жаңаланған тек қана аудан емес, Жұрттың бірге өмірі жаңаланған.

Қазақы өстің, Қазақы сөз білесің,

Бауыр жазып жазықта көсілесің. Атқан сайын жаңа таң арайланып, Сен де алысқа жаңарып көз тігесің.

Сауық құрған төсінде сайран белдің, Жұртың сені тумаса қайдан келдің? Мүмкін өзі шығарсың бой жасырған Қайқы білек қылыштай қайран ердің. Мүмкін ары шығарсың Алатаудың, Мүмкін бағы шығарсың баянды елдің!

ТУҒАН ЕЛДІҢ СЕМСЕРІ

Поэма

Өмірзақ Сәрсеновке

  • Көз жасқа суарылып өскендер

Аспан асты, жер үсті толған азап, Жұртқа қамқор жоқ әлі қорған ғажап. Қызыл Кеңес қынадай қырған жоқ па, Халық жауын түгелдей қолдан жасап.

Бұған куә сұр жағал құмай – жалған, Дүр дүние сол кезде шыр айналған. Аман-есен ұйықтап,

Ертеңінде

Арыс қанша төсектен тұрмай қалған.

Ол күндерді мен қалай бақ санайын, Кімнің қырау шалмады ақ самайын. Оспан қожа атаңды ұстап беріп, Оңашада күпінді қанша ағайын.

Айырылып қапыда ат, тонынан, Оспан атаң көз жұмды жат қолынан. Қожалардың бәрін де қырып салған Ұлы Алланың таймаған ақ жолынан.

Күн көзінен тұрса да нұр құйылып, Тіршіліктің тамыры тұр қиылып.

Ішкені ірің бола ма, Жүрмесе егер,

Адамдарға адамдар бұлт үйіріп.

Самал еспей, нұр еспей қанатынан, Сонша неге жауыз боп жаратылған? Адам қолы жасаған қылмыстардан Қара жердің көзінен қан атылған.

Соғыс ашқан сұмдарды сұраққа алып, ... Тергесе егер құтылсын кім ақталып.

Шара қайсы?

Оралды қара қағаз боп,

Әкең сенің майданға тірі аттанып.

Қарсы алдында тұрған соң қайғы аларып, Опа табам деді ме қайда барып.

Кәмей ағаң көкке ұшып жөнелген-ді, Аққу құстың қанатын байлап алып.

Жүрегіне бейбақтың нұр сіңгенде, Жүрер еді бақ қуып тылсым белде. Ауызынан ақ жалын атылатын Ару ана Ақжүніс күрсінгенде.

Көзді арбаған дүние-ай сағымданып, Қай жесірдің жүгірген шамын жағып. Ақжүністің төгілген көз жасына, Жеді қанша ағайын нанын малып.

Көктен күннің тұрса да нұры ағылып, Жанарынан көрді ме мұң арылып.

Кекке малып шыңдаған қылыштайын Өстің сен де көз жасқа суарылып.

Менің де әкем соғыстан қайтпай қалып, Өскем мен де көз жасқа суарылып.

Көкжал болып жетілген жігіттердің Кеудесінде көк бөрі тұрады ұлып.

Жаздым сені жыр етіп сөз басына, Ақ сауыттай, мен кепіл, тозбасыңа. Жетілгендер көз жасқа суарылып, Елдің әсте қалмаған көз жасына.

  • Димекеңнің сәулесі

Қуат алып құнарлы жер бетінен, Ұлтқа тұтқа болатын ер жетілген. Кемеңгердің сәулесі түспесе егер, Кімнің сәуле еседі келбетінен.

Тауға салса жігері шағылмаған, Жігіт аз ба төрге озып дамылдаған. Жүрегіңе үңіліп көрмек болып, Димаш бірде өзіңді қабылдаған.

Жүрегіңе тереңдеп үңілгенде, Көп нәрсені аңғарған түріңнен де. Ақ боз атқа мінгізіп, аттандырған

Шымылдығы шындықтың түрілгенде.

Аты шауып тұрса егер өрге қарай, Азамат ер шықпайды төрге қалай. Жұлдыз болып көгіңде жанып тұрды, Жанарыңның ішінде сөнген арай.

Тал бойыңа ақ арай нұр таралып, Көтерілдің биікке тұлғаланып.

Туған жердің тамырын бұлқындырған Өміріңнің өзені тулап ағып.

Мына сұрқай заманда қайғы атылған, Үйлер қанша тұнығы шайқатылған. Сен бар жердің бәрін де,

Буырқанып,

Таудан аққан бұлақ та қайта тұнған.

Жұртың сені айбарлы сұс көреді, Соның өзі бойыңа күш береді.

Оу, Өмеке, өйткені жүрегіңе, Димекеңнің сәулесі түскен еді.

  • Туған елдің сарғайды жапырағы

Жеке Басқа жұрт түгел табынғалы, Бастық көрсек тұрамыз жағынғалы. Болашақтың таулары көрінбейді, Жүрміз, бәлкім, адасып сағымда әлі. Туған елдің сарғайды жапырағы, Қонаевтай басшыны сағынғалы.

Қарау күштер жайлаған сұр ғаламда, Қамал бұзам деймісің тулағанда.

Ақиқаттың ауылын кім іздейді, Өтіріктің бағы артқан бұл заманда.

Ертелі-кеш күн кешкен назаланып, Шындығы өлген жұрт аз ба шашы ағарып. Құтыла алмай сорлаған елдер қанша, Қолдан құдай кезінде жасап алып.

Алға ұмтылсын, ендеше, кім құлшынып, Кешке қарай батады күн күрсініп.

Құзырлының шыға алмай құрсауынан Үкіметтің өзі де тұр тұншығып.

Басқара алмай ел ішін бүлдіргелі, Жұпар атпай тұр әлі қыр гүлдері. Ардың сөзін сөйлеген ердің бәрі, Ажал құшпай тұра ма бұл күндері.

Ер жолына құрылып қара қақпан, Өзен қанша адасып далаға аққан. Қай қазақтың басы деп қайғы жұтам, Басты көрсем домалап бара жатқан.

Көктем болып қарамай желегіне, Кесек атқан сұм қанша тереңіне. Теңдік сұрап, тебінген өз халқына Оқ атқызған биліктің керегі не?!

Зауал туған мезгілде мұнар қуған, Қашан ойлы көздерден мұң арылған. Азамат ер басқармай ел оңбайды, Қонаевтың рухына суарылған.

  • Өзен жағалаған

Тұнық ойлы көзімнен от өріліп, Талай жерге келіппін төте жүріп. Ұшып бара жатады саған қарай

Ақ сұңқар жыр кеудемнен көтеріліп.

Тұғырлы елдің көз салып түлегіне, Мүмкін жеткен шығарсың тілегіңе. Қонаевтың көңілі

Кім болар ең,

Сәуле болып түспесе жүрегіңе.

Тағдырыңның көп болып бұралаңы, Сені қайда салмады шырғалаңы.

Мүмкін ақын болар ма ең, кім біледі,.....

Бұйырғанда Абайдың жыр қаламы.

Мұқала ма ақ семсер жүзі кетіп, Ерлер күрең мінсе егер кісінетіп. Жағалаудан қол бұлғап тұрдың қанша, Тасқындардың бәрінен жүзіп өтіп.

Тіршіліктің бойламай тереңіне, Бөленем деп ойлама желегіне. Туған елге сәулесі бір түспеген Жуан қарын байлардың керегі не?!

Қызық іздеп сарсылған құба белден, Көңіл қалды қаншама тұлғалы ерден. Байлар, бәлкім, қаша ма мұхит асып, Байлықты артық көрмесе туған елден.

Ер-тұрманын алтындап, күмістеген, Жігіт қанша көкірегіне күн түспеген. Оу, Өмеке, шалқыған даряның Шөлдегенде суынан кім ішпеген.

Бәрін түгел кезсем де көшелердің, Бірі көзге түспеді көшелі ердің.

Бірақ сендей өзенді жағалаған Талған емес ешқашан өзегі елдің.

  • Қазақ қоғамы

Намыс қалып жайына, ұят қалып, Байлық қуған жан қанша жиі аттанып. Жігіттерді көп көрдім нар тұлғалы, Жүретұғын асқар тау сияқтанып.

Мүмкін бақыт қонды ма жөргегінде, Жайғасады жардай боп төрге күнде. Бәрі қуыс кеуде боп елестеді,

Сырын тыңдап солардың көргенімде.

Жанарында көрмеген жұлдыз жанып, Соның бірі алдымда тұр сызданып.

Қоқыс салып ішіне Аузын буған

Қара қанар секілді тығыздалып.

Дүр дүние алқымнан тұр қылқынып, Алға шықсын мұндайда кім жұлқынып. Туған елдің намысы тапталғанда, Бұлар, бәлкім, көрді ме бір бұлқынып.

Өршіп тұрған мезгілде қылмыс күнде, Кім сөйлесін Ар толғап, құрыш үнде. Атқа ақырып қонатын ер көрмедім, Ұлт тағдыры тұрғанда қыл үстінде.

Бақыт бар ма жалғанда елге жетер, Бейбіт күннің бесігін тербете бер. Адамдардың түрінен көрінеді, Қандай болса қоғамның келбеті егер.

Қарт Қаратау ызалы күркіреді, Қай кезде елдің намысы сілкінеді.

Бәлкім, қазақ қоғамы қоқыс салып, Аузын буған қанар ма, кім біледі?!

  • Ел басқарса рухы жоқтар

Дүниенің көзінен сыр аулаған, Күндер қайда көгінен нұр саулаған.

Билік үнін шығармай тұншықтырып, Туған елдің кеудесін құрсаулаған.

Ақша бұлты көгінде қылаулаған, Күндер қайда асыр сап қырға аунаған. Туған елдің үмітін үсік шалып, Терезесін ызғары қыраулаған.

Билік көзі қазаққа тұр аларып, Жұртын түгел тоғытып, мұңға малып. Қалай төзем жазылып жатса егерде, Тарихымның шындығы бұрмаланып.

Қалаға ескен зауалы, далаға ескен, Жамандықтың қай кезде қарасы өшкен. Ешқашанда құлдықтан құтылмайды, Ата қазақ ел болмай санасы өскен.

Бәлкім, содан жарамсақ ақсақалы, Ақша,

Байлық... бәрінің аңсағаны. Азаттықтан не пайда?

Тұрмаса есіп,

Адалдықтың аңқылдап ақ самалы.

Қасіреті тұрса егер түр-өңімде, Күңіренбей қайтейін күрең күнде. Жаңаөзеннің қайғысы жазылмайтын Қара дақ боп қалды елдің жүрегінде.

Туған жердің балта ұрған терегіне, Көктем болып қарай ма сері еліне. Жоғын жоқтап, даулаған өз халқына Оқ атқызған биліктің керегі не?!

Көз көрмеске жоғалса тылсым арай, Күшік-арман қайтеді қыңсыламай. Ел басқарса бойында рухы жоқтар,

Елдің рухы жаншылмай тұрсын қалай.

  • Бәйтеректің бұтағы

Жауын жеңіп, дауын да шеше білген, Туған елдің байыған есебінен, – Атқа мінген апайтөс ақымақтан Арқар кеуде есті артық есек мінген.

Сағыныштың сазымен тербетіліп, Тауға қарап өспей ме ер жетіліп. Бұрынғылар баулыған ізгілікке Ұрпақтарын қасына ерте жүріп.

Бірі олай тартатын, бірі былай... Бүгінгінің бәрі де тірі құдай.

Сауық құрып, той тойлап, асыр салған Бұл қазақта дәурен жоқ бұрынғыдай.

Билік тисе арманы аласаға, Атқа мінбей тұра ма бала-шаға. Төрге солар жайғасып,

Абыз қарттар

Құйрық басқан көнетоз алашаға.

Түні бойы жортады ұры жатпай, Күзететін ер қайда тыным таппай. Адалдықты кім іздеп сарсылады, Су басынан жатқанда тұнып ақпай.

Тегіс жердің өзінде мың жығылып, Алға ұмтылған боламыз құр құлшынып.

Тәуелсіз ел болсақ та, Ұлттық рухым

Көзін әлі аша алмай тұр тұншығып.

Ару ана асыл ер тумағалы,

Ер шықпады ар-намыс қуған әлі. Алты алаштың тамыры ауылда еді, Тұрған жоқ па құрт түсіп қурағалы.

Арнасында толқындап аққан арай, Жұрт жетеді, ендеше, баққа қалай. Бәйтеректің бұтағы айтшы, ағатай, Неге иіле береді жатқа қарай?!

  • Құлагері бұл күннің сенсің, бәлкім

Келгендердің бәрі де кемеліне, Неге толқын атпасын кемеріне. Азаматтың бірісің

Димаш деген –

Ақ мұхиттың бойлаған тереңіне.

Өмір күліп тұрған соң жанарында, Биті бардың бәрі өскен балағында. Қай азамат мінбеді ақ боз атқа, Қонаевтың құзырлы заманында.

Көкірегіне толқындап Жайық тұнған, Алыптарды сұм қанша майып қылған. Басшылықтан кеткенде

Соның бәрі

Қарасын да көрсетпей тайып тұрған.

Уақыттың суырып боз дауылы,

Алты алаштың қаншама тозды ауылы, –

Қонаевты тарихтан өшіргелі Жүрген кезде жанығып өз бауыры.

Заңғар ала таулардың арасында, Жалғыз алып шың еді, нанасың ба? Өмір-өзен болса егер,

Ұмытылып,

Кісі ме еді қалатын жағасында.

Димаш бірі болатын ұлы арыстың, Қара дауыл күші еді нұрлы ағыстың. Суық көрде жатса да,

Шара қайсы,

Құтылмады оғынан қызғаныштың.

Тұнық ойлы көзінде нұр ойнаған, Димаш тойын бұл күнде жұрт тойлаған. Жақсылығын көргендер

Бұл күні де

Сырт айналып кетер деп кім ойлаған.

Адамдардың әлі де бар уағы, Қызғаныш тұр асынып қару әлі. Қайтеді, айтшы, сол сұмдар Қонаевтың

Көрден шығып ақырса аруағы.

Алайда ойлы үңілген дала, белге, Кім риза емес өзіңдей саналы ерге. Ұлы Ағаның тойына ат салыстың, Ұлы рухын қаратпай қара жерге.

Игі жақсылардың қасында

Бір тұрып суретке түспесең де; Дастарқанның басында

Бірге отырып шәй ішпесең де;

Ақ кемеге мініп,

Теңізде бірге жүзбесең де.

Шырақ жағып басына мұнараның, Рухын биік көтердің ұлы Ағаның. Құлагері бұл күннің сенсің, бәлкім, Құрсағында жетілген нұрлы ананың.

  • Сардаланың шыңы

Ғасыр жүгін арқалап кемеге артқан, Сардар жоқта шіреніп жебе тартқан. Қалың жұрттың ішінде өзің ғана Үмітке үміт жалғап келе жатқан.

Жанарыңда сақылдап күн күлгелі, Сенен озып қай мырза жүрді ілгері. Өлі тарих тіріліп жатқан жоқ па, Қаржының көмегімен бұл күндері.

Алпауыттар жайлаған бұл ғаламда, Қай мұратқа жетесің тулағанда.

Басын сүйеп тұрғызды сенің қаржың – Бәйтерегі өлеңнің құлағанда.

Басып жатып байлығын жамбасына, Естен бір күн, кім кепіл, танбасына. Жиып-терген байлығын

Ана жаққа

Тиеп алып кете ме арбасына. Қара емендер, алайда, өзің барда,

Неге айналсын тағдырдың жаңқасына. Ұлы айтыс өнерін сенің қаржың – Салған жоқ па тулатып арнасына.

Жат алдында тізесі бүгілмеген, Ерсің күмбез кеудесі күмбірлеген. Алты алаштың өлеңі өлмесін деп, Күнің бар ма зыр қағып жүгірмеген.

Адалдықтың шырқалмай тұлғалы әні, Қараулықтың алынбай тұр қамалы.

Өзің сынды арыстар – Туған елдің

Шаңырағын көтеріп тұрған әлі.

Күн қанатын қаққанда, Ай қанатын, Сендей ердің орманы жайқалатын. Азамат деп білемін

Түбі сені

Сардаланың шыңына айналатын.

  • Билік неге өнерге көңіл бөлмейді?

Сөйлеп әсте көрмеген өмірде жалған, Кісілердің сыры көп көңілде қалған. Ақ жұлдызы өзіңдей асыл ерлердің Туған елдің жарқырап көгінде жанған.

Жалғандықпен бетпе-бет айқасқаныңда, Ақша бұлттар жүзетін Айлы аспаныңда. Кім-кімге де алыстан көз сап жүргесін Мүмкіндігін білесің қай қасқаның да.

Заманында өзені тасып тулаған, Ата қазақ жұрт еді жасық тумаған. Байдың бәрін өзіңнен аласа көрем, Ақыл-ойы басынан асып тұрмаған.

Тағдырмен де ұстасып, тайталасатын, Күндер қайда шеп бұзып, қайдан да асатын.

Бұл қоғамда ер бар ма ақыннан өзге Қараулықтың бәріне майдан ашатын.

Талай жанның өртеніп өзегі жанған, Кеудесінде тұншығып өше ме арман. Болашақ әлі тойлайды шыңға шығарып, Ақындарын бұл күні көшеде қалған.

Көз суарған найзағай жарқылдарына, Кейде өзім қуанам нарқым барына.

Өлеңдерім алқа боп тағылды талай Сұлулардың қазмойын алқымдарына.

Азаматтың бірісің көнені көрген, Қай кезде де жөн сөзге өрелі көнген. Билік неге өнерге көңіл бөлмейді, Ел болуды тілей ме өнері өлген.

  • Бәлкім, керуен шығарсың...

Жүрсең егер көңілден күй ақтарып, Айың неге тумасын қияқтанып.

Келе жатсаң көшеде Көрінесің

Қазына артқан керуен сияқтанып.

Көңіліңнің шырқалып қаршыға әні, Тербеледі таулардың нар шынары. Мүмкін туған шығарсың арсыздықтан Дүниені тазалап аршығалы.

Дағдарыста дағдарған көптен бері, Жұрттың неге өкпе артсын көк пен жері, – Сен бар жердің бәрінен ақ самала,

Есіп әлі тұрғанда көктем лебі.

Зауал туса егерде бұлқынатын, Бойға жиып ызалы жыр қуатын, – Арлы ананың бәрі де шамырқанып, Ұлтқа тұтқа болатын ұл туатын.

Мына сырқат қоғамға ем іздеген, Арыстардан үмітін ел үзбеген.

Ару ана қашанда таза болған Дәрет алмай баласын емізбеген.

Жетіп жүрсең мұратқа ел жетпеген, Бақыттан да, бақтан да кенде етпеген, – Өз анаңның арқасы

Дәрет алмай

Өзің жатқан бесікті тербетпеген.

Намыс қаны бұлқынып тулағанда, Алып туған ана аз ба бұл ғаламда. Елге қарай бір көктем еспес еді, Анаң сені албырап тумағанда.

  • Сендей көкжал арыстар

Қойға туған жан қанша ойға тумай, Ұлтқа тұтқа бола ма тойған құмай. Сардарды емес,

 іріктеп сатқындарды Кіріптар ғып билікке қойған Құдай.

Қара тобыр бұл жайлы не біледі, Сөз тыңдамай құр босқа тебінеді. Қандасына қараспай

Жаттың барып,

Арбасына арланбай жегіледі.

Таршылықтың тарысын қуырғалы, Зауал әлі төбеден тұр ұрғалы.

Ата қазақ жаралған шығар, бәлкім, Сағым қуып, адасып шұбырғалы.

Қайшылығы неткен көп өмір еді, Қамыққанда көз жасым төгіледі. Ұлы Алла адасқан қай жұртты да, Түзу жолға салмайтын көрінеді.

Жақсы, жаман жүрген соң араласып, Ел де алжаспай тұра ма қара басып. Бетке ұстар ер туса,

Қызғаныштан

Көзін жойған жұрт қанша жағаласып.

О,сұм дүние, сусыған сынаптайын, Қалай сенің төсіңде шуақтайын.

Қонаевтың заманы қайда кеткен Жағалауда жайқалған құрақтайын.

Құнарлы еді ол кезде жердің нәрі, Бүтін еді жігіттің ер-тұрманы.

Ары таза болғасын Қонаевтың Мейрімді еді, арлы еді елдің бәрі.

Күнге айналған айдыны, Айға айналған, Сол қасиет бұл күні қайда қалған.

Ұлттың ұлы ұятын жерге көміп, Ұры-қары ел ішін жайлап алған.

Кеудесіне ақжарма бұлақ тұнған, Күндер қайда ерлікті мұрат қылған. Елді қандай ел дейміз,

Бақыт таппай

Көшесінде қыздары жылап тұрған.

Жетесізді оңа ма жетелеген,

Мін деп бұны ойла ма жекелеген. Елді қандай ел дейміз,

Тірісінде

Талантты ұлын табытқа шегелеген.

Күндерімнің көздерін мөлдіретіп, Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

Жүрегімнің түктерін жебе ғылып, Атсам ба екен өгіздей мөңіретіп.

Қилы кезде сөз айтсын кім нұсқалы, Халық әлі биліктен тұр тысқары.

Қара терге малшынып тапқан жемін Шашып жеген ақ сұңқар құстың бәрі.

Ізгіліктің көрген жоқ жыры ескіріп, Саңқылдаған дауысы тұр естіліп.

Көкірегің қазына таусылмайтын Жұртқа қанша жүрсең де үлестіріп.

Уақыт бірақ тұрғанда күрделеніп, Билік неге сазарды ірге бөліп.

Байлығыңның қызығын Өзіңменен

Жұрттың бәрі келеді бірге көріп.

Туын жүрген құлатпай нар намыстың, Бірі өзіңсің бұл күнде арлы арыстың. Кімнің үсік шалмады ақ үмітін Жүрекке өтіп ызғары дағдарыстың.

Тап болғанда зауалға қан қаптырған, Билікке енді кім сенсін зар қақтырған. Сендей көкжал арыстар –

Туған елдің

Болашаққа үмітін жалғап тұрған.

  • Кім біледі?

Қала қартын көргенде тұнжыраған, Зарлап шерін айтқанда кім шыдаған. Тіршіліктің тынысы тұр тарылып, Жоқтық келіп кеудесін шынжырлаған.

Туған елін кетсе егер шаңға қамап, Кімді мұрат көресің арға балап.

Қойдан шайыр, қазақтан қайыр кетіп, Кісі қанша сарсылған жар жағалап.

Ақ арақты қылғытып жұрт ішкелі, Солғын тартып барады түр-түстері. Тоз-тоз болған бұл күнде ауыл қанша, Тамырына бұзаубас құрт түскелі.

Момын жұртты қайғыға, мұңға ораған, Қайда барсаң алдыңнан құм бораған. Қырға шығып той тойлап, сауық құрған Бұл қазақтың қызығын кім тонаған?!

Туған елдің қол салған қорегіне, Билік құрған мырзалар өрелі ме? Жер астының байлығын

Қазақ, әлде

Жер астына түскенде көреді ме?!

Неге елдің байлығын жат көреді, Жақын барсаң қасына тап береді. Шындықты айтсаң шырқырап, Семсерімен

Тал бойыңды екіге қақ бөледі.

Хан көтеріп сыйлаған өзгені елде, Не істейсің қорлыққа төзбегенде. Шырқырамай қайтейін Жаңаөзенде

Өз мылтығым өзімді көздегенде.

Зауалы көп заманда Ар сатылған, Қара адасып жолынан, хан шатылған. Жаңаөзенде атылған оқтың бәрі,

Оқ болатын халыққа қарсы атылған.

Қай көк соққан ел ішін бүлдіреді, Жұрт та оны біле алмай дүрлігеді. Елге қарсы астыртын ұйымдасқан Соғыс жүріп жатыр ма кім біледі?!

  • Азаматтар ешқашан аласармайды

Бірі қанша болсаң да төзімді ердің, Желбуаздың сан мәрте сөзін бөлдің. Көктем болып жүгірсең елге қарай, Көктем неге күлмесін көзінде елдің.

Көлдерінен қаз атып көңілдестің, Туған елдің тортөбел төрінде өстің. Сатқын мына қоғамда солқылдамай, Сардар салтын ұстанып өмір кештің.

Елін ойлап, күй тартып, жиі егілген, Ердің бәрі өмірді сүйе білген.

Тектілерді ту етіп көтереді, Тектілердің жаралған сүйегінен.

Кие қашып өңірден, өмірден де, Қылмыс неге өршіп тұр көңілді елде?

Жаға болған өзіңдей азаматтар Елдің алтын жағасы сөгілгенде.

Жолы түзу тартылған таспадайын, Кім өмірді таңдайды басқадайын. Өмекеңнің қазына көкірегі

Тарығам деп сарсылып саспа, ағайын!

Бірақ бұлар не біліп дүрлігеді, Қашан ел боп бастары бірігеді. Өмекеңнің тарысын теріп жеген Кім-кімнің де көзінде күн күледі.

Толғанғанда жүрегін нұрға малып, Самал жұтып қайтатын қырға барып. Азаматтар ешқашан аласармайды, Кеудесінде тау тұрған тұлғаланып.

  • Мен де өзіңдей бірімін арманды ердің

1

Тас тағдырдың құрсағын жарып алған, Ұлылардың тарихта нары қалған.

Арқасында өзіңдей азаматтың Ақындардың қашанда бағы жанған.

Ердің бәрі анадан бұла туған, Тұғырлы елдің ерлігін мұра қылған. Ақын қанша көзінде көктем күлген Көңіліңнің нұрына суарылған.

Билік құрған заманда есік көрген, Сәби қанша тұншығып бесікте өлген.

Сенен артық деймісің, Нар жігіттер

Аштықта елге қоң етін кесіп берген.

Төбеңде ұшып жүргесін бақ айналып, Бұзып өттің қамалды талай жарып.

Көкжиектен көрінген күн секілді Сәулең кімге түспеді арайланып.

Көкесіне сүйеніп, тірегіне, Жеткен қанша арманы, тілегіне. Ерте менің жұлдызым жанар еді, Сәулең ерте түскенде жүрегіме.

Буырқанып намысым тулағанда, Күркіреп жыр оқыдым нұрлы алаңда. Көзге түрткі болам деп кім ойлаған, Жиырма бес жыл Димашты жырлағанда.

Қызық қуған, бақ қуған құба белде, Бұған куә тұғыр да, тұлғалы ер де. Димашты асқақ жырлаған менен асып, Ақын бар ма кең байтақ туған елде.

Көлекемді түсіріп терегіне, Бірақ өкпе артайын неге еліме. Аруағы Ағаның риза болса, Сол жетеді...

өзгенің керегі не?!

2

«Бәйге алатын кезінде шаппай барып, Ақын қанша күн кешкен қақпайланып. Қонаевты жырлама, – деді ағайын, – Біреулерге жүрерсің жақпай қалып».

Сағынышын сарнатқан жаз күніне, Құлақ асқан жан бар ма қаз үніне. Туған елдің айдынын Айға асырып Өткен Димаш Ағаның жазығы не?!

Димаш десем, кеудеме жыр толатын, Қабағыма ол жоқта мұң қонатын.

Білсең, мырза! Қонаев ұлы Алланың

Жер бетіне жіберген нұр болатын.

Аға барда шырқалып бұлбұл әні, Жұпар атып тұратын гүлдің бәрі.

Ол кеткелі қолымды жоқтық байлап, Шырғалаңнан шыға алмай жүрмін әлі.

Қара түтін жұтқызып көше күнде, Арман қанша өртенген өзегімде. Қап тауының батыры атансам да, Бағым неге жанбады өз елімде?!

Қайдан төнген зауал бұл бұғып жатып, Бозторғайын жанымның шырылдатып. Тәнін сатып, күн көрген қыз секілді Ақын қанша күн көрген жырын сатып.

Төсінде ойнап, ержеткен тарлан белдің, Мен де өзіңдей бірімін арманды ердің. Болашағы жарқын деп кім айтады, Ақындары көшеде қалған елдің.

  •  Сені жақын көргені

Кеудесінде көк бөрі ұлып жатқан, Біздің елде ер қанша күні батқан.

Тұнық ойлы, кеуделі азаматсың Өмірінің өзені тұнып аққан.

Жалғандық пен шындықтың егесінде, Құба белде жүгі ауған ел есіңде.

Жұрттың бәрі сондықтан сені іздейді, Келе жатқан үрейдің кемесінде.

Жасын төгіп, мұң-шерін құзға ақтарған, Жұрттың бәрін дағдарыс қыспаққа алған. Елді ойлайтын бұл күнде билік бар ма, Тауқыметтің тауында қыстап қалған.

Бодандықты боздатып жарға ұрғалы, Ердің неге үні өшті нар тұлғалы?

Суық тартып барады қайран өмір Адалдықтың Аралы тартылғалы.

Құба белде шаң борап, суырғаны – Туған елдің биліктен суынғаны.

Ұлттың ұлы арнасы қусырылған Таршылықтың тарысын қуырғалы.

Бұрындары күн кешкен шырайланып, Жұртың бүгін нарыққа тұр байланып. Тарыққанда қайтеді сені іздемей, Билік елден кетсе егер сырт айналып.

Қызық қуған төсінде құба белдің, Бәрі бірдей өр емес тұлғалы ердің. Билікті егер іздемей,

Сені іздесе,

Сені жақын көргені туған елдің.

  • Туған елдің семсері

Шырғалаңға салды елді заман қалай, Болашаққа бола ма алаңдамай.

Оу, Өмеке, жаман ба есіп тұрса, Өлеңімнен бір сәуле саған қарай.

Кеудесіне мөлдіреп бұлақ тұнған, Арыс қайда арманын шырақ қылған. Көшелерде көзінен сорасы ағып, Ақиқатты көремін жылап тұрған.

Жұрттың бәрі өзіңді сағынғанда, Сені іздейді тауаны шағылғанда. Іздеп сені табады өліп-өшіп, Жоғын іздеп бұл қазақ сабылғанда.

Сардар ердің салғыртын, алғырын да, Көрдік талай тағдырдың сан қырында. Текті атаның рухы деп білем сені, Туған елдің тулаған тамырында.

Димаш-ғұмыр өткен деп қала салып, Тойына арнап мал сойдың, қара шалып. Кеудесінде тауы жоқ жанның бәрі Қалды солай алдыңда аласарып.

Көңіліне мұз болып тоң қатқалы, Бірін-бірі жүрген көп орға атқалы. Қонаевты жамандап жүрген қанша, Құзырлыға көк даңғыл жол тапқалы.

Көк найзасын сүңгі етіп текті ұштаған, Ердің басы шайқаста текке ұшпаған.

Туған елдің семсері сенсің, бәлкім, Ар-намысқа суарып, сертке ұстаған.

ХАЛЫҚ ДЕП ҚАБЫРҒА ҚАЙЫСҚАНДА

КӨК БАЙРАҒЫҢ ЖЫҒЫЛСА...

Қолтығына кіріп ек көріп күндей, Шеңгелінде ұстады желіктірмей. Аспан асты – айналып абақтыға Еркін өмір сүрдік пе –

келдік білмей.

Бостандықтың жолында күрессек те, Еңіреген ел едік теңдік тимей.

Темір қолдар жармасып тізгініңе, Еркін қарай алдың ба түз гүліне. Желді күнгі қайықтай ғұмыр кештің, Құлақ асқан жан болмай ізгі үніңе.

Көкжал бөрі секілді көп таланып, Мойыл қара шашың да кетті ағарып. Келді және еңсең де көтерілмей Тұқыртылған құлындай ноқталанып.

Қабан қанжар қадалып алқымыңда, Салтың тозып,

 семсе егер жарқылың да, Дүркін-дүркін қаймағың сыпырылып, Күмісің де тоналған,

алтының да.

Бір Құдайдан өзгеге сиынбаған, Ата жұрт ек көз жасы тыйылмаған. Момын халық сен едің жер бетінде Өз ырзығы өзіне бұйырмаған.

Бір-ақ шықтың, міне, енді шыңға атылып, Көз-жанарың жасқа емес нұрға тұнып.

Көкжиектен көрінген күн едің-ау, Көкжиекке жіберсін кім батырып?! Тізгініңді қолыңа алдың, халқым, Жатпасын деп көр-жерде шуатылып.

Тәуелсіздік алғаның – шырқағаның, Көкірегіңнен өжет жыр, бұрқап әнің. Бір қабағың жадырап, ашылғанмен, Суық тартып тұр әлі бір қабағың.

Тізгінің мен тіліңе жармасқаны – Дұшпан көздің әлі де арбасқаны. Сырттан келер бірақ та жау жоқ деп біл Аман болса Алаштың алдаспаны.

Айналаңда тұрғанмен ғажап толып, Бір-біріңді жүрсіңдер мазақ көріп. Замандардан заманға көшкен сайын Қазақ жауы келеді қазақ болып.

Ойлан, Қазақ, көз салып өткеніңе, Кебе берме ісініп от-деміңе.

Бір-біріңді аяқтан шалғанды қой Шықпай жатып бір таудың бөктеріне.

Қалың қолға айналмай сан жасағы, Жара салып күйдірген жанға азабы, Үш жүзге енді бөлін бе,

Басын қосып,

Жер-жаһанның жатқанда бар қазағы.

Ұғынбасаң өзің біл жан шырылын, Тағы да отат еліңнің тал, шыбығын. Бүкіл әлем далаңа көз тігуде,

Ресей құсап сорсам деп бал шырынын.

Жатсаң егер шыға алмай желді күннен, Елдігіңнен не пайда,

теңдігіңнен.

Алып-соғып оп-оңай жықпай ма, айтшы? Ұстағандар беліңнен,

белдігіңнен.

Жансын мейлі жарқырап көзің күндей, Жүйрігіңді келесің көсілдірмей.

Қалай ғана үйренсін өзге ұлыстар Өз тіліңді жүргенде өзің білмей.

Тосқауылдарға тап болып, қамалдарға Жетерміз-ау шұғыла замандарға.

Мәртебелі мінбеден өз қазағың

Сөз сөйлесе шүлдіреп, шара бар ма? Қырандарға аспанын бермей жүр-ау, Көктің жүзін торлаған жаман қарға.

Жаңа-жаңа шырқалған анық әні, Арылған жоқ зар-мұңнан халық әлі. Намысыңа біреулер тимек болса, Шарыққа сап ол бізді жанығаны.

  • Нұрсұлтан! – деп ұрпағын атап жатса, Ұлы орыстың қазақты танығаны.

Желеп-жебеп текті өлкең,

 текті аймағың, Жана берсін алаулап шоқтай бағың. Биік сенің мәртебең, Ата Қазақ, Тұрса биік желбіреп Көк Байрағың!

Аман жетіп не сойқан,

 желді күннен, Бірлігіңнен көз жазып,

өрлігіңнен, –

Көк Байрағың жығылса дауыл соқпай, Ата Қазақ!

Не пайда елдігіңнен! Ата Қазақ!

Не пайда елдігіңнен!!

НЕ ПАЙДА?

Алматы ұйғырдың асханасы,

Орыстың баспанасы. Қазақтың астанасы.

МҰҚАҒАЛИ.

Ұйғырға болған асхана, Орысқа болған баспана, Алматы әсем астана.

Астанам – сұлу келіншек өз күйеуін менсінбей құшағын ашқан басқаға, сызылып кеп жасқана.

Өз халқына келгенде тұйық қала, тас қала. Тас қаладан үй алу қасқалдақтың қанындай Хан Жәңгірдің тағындай

қат болса;

Өзіңнен туған жас бала сақалы шығып, жат болса;

Көсегең қалай көгерсін қырсыққа ылғи тап болса; Өзің еккен тұт ағаш желкеңнен қияр балтаға жұмыр білектеніп сап болса;

Жердің қалың түгіндей ар-намысың тапталса Елдігімнен не пайда?!

Ауруға шипа делініп, сығанның сүлік, биті де, Көкжал бөрі көрініп, орыстың канден иті де жатқанда бұл кез пұл болып, Алаштың күллі баласы жүгірсе соған құл болып, Егемендігімнен не пайда?!

Құрылып қақпан жолыма, тізгінім тимей қолыма, таусылсын неге тағатым. Кремльдің уақытымен түзетіліп сағатым;

Ресей жақтың қабағын күн құрғатпай бағатын; Кезден мәңгі арылмай

Тәуелсіздігімнен не пайда?!

Сөз қозғасам арыдан, түн қатқан ұры-қарыдан, туған елін қорғамай, туған жерін қорғамай, бизнесмендерді қорғаса, жат жерліктерді қолдаса жақсы емес-ау ол да аса.

Құм жиылып тас болған, құл жиылып бас болған, орнағалы бұл Кеңес жүректерді шер басып, көңілдерді көр басып, қара көздерге жас толған.

Айтылып жүрген бұл күнде – мешін жылғы сүргін де Мәскеуіңнен басталған.

Бір өлікті бір өлік жастық етіп жастанған.

Ере беріп күлікке

ақ балтыры сырылған, етегі қоса жырылған.

Өз жерін де жүріп те халқым солай қырылған.

Өз жерінде жүрсе де,

көк шалғынды жапырып, қазағым неге кіл өгей?

Өзгелердей сапырып неге ішпейді кілегей?

Қазына, байлық... бәрін де, қыздың ару тәнін де

өз көлінен адасқан

басып қалмақ па шүрегей?!

Қыздарыңды күң еткен, ұлдарыңды құл еткен, тұлымдыңды тұл еткен, жігеріңді құм еткен келмеске кетпей сұм заман! Алдаспаным, Алашым, оянбауың тым жаман.

Оянғанда кең далаң, жатқаның қалай оянбай – Қазаққа қазақ жау болып, жүргендеріңді қоя алмай, Ой, Алла-ай!

ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ТОБЫЛҒЫ ЕЛ

Жақсы болса заманың, Басқа шықпаса жаманың,

Ата жолын қуған ұл көрдің бе? Ана жолын қуған қыз көрдің бе? Жетпіс жылдан асқанда азғаныңды Жаңа біліп,

 ес жиып үлгердің бе? Тозығы жеткен тобылғы ел!

Азбаған да нең қалды, тозбағаң да, Діннен безіп,

жат болды өз балаң да.

Сенен басқа жұрт бар ма, Жапа шегіп,

Боз інген боп боздаған боз даламда.

Келген ел ек малымен жанын бағып, Қырып салды шыбындай малын алып. Орта жолдан оны да бұра қойды Бұлақ болса жөнелген бағына ағып.

Бәрін алды асылын, алтынын да,

Жарқ-жұрқ еткен көзінде жарқылын да. Болат қанжар қадалып тұрғандай бір Содан әлі қазақтың алқымында.

Көрдің талай аштықта қырылғанын, Кеудесінен суырып шыбын жанын, – Құжынаған арадай қаптап келіп,

Кім сормады қақтап бір шырын қанын.

Қозыдайын көгеннен ағытылған, Қашан,

қашан босадық қамытынан.

Егеменді елсің деп, сәл бұлқынсақ,

Шығарады қайтадан табытынан.

Босатпайды,

қай өрттен қалсақ та аман,

Елміз, сірә, қалтылдап жан сақтаған. Қай сөзіне сенесің

Заманда бұл

Сөз бен істің арасы алшақтаған.

МЕЗГІЛ – БЕЙНЕ ҚҰЛА КӨШ

Жоғалды ма алдымнан нұр ажырап, Көңілімнің тұрғаны құлазып-ақ.

Дала суық, үй суық,

жаным суық...

Дүниенің барлығы тұр азынап.

Кім көрінген шуақтап, пайдаланған Жүрегімнің жылуы қайда қалған? Суық үрей –

суықтың өзі боп та

Төрт бөлмелі үйімді жайлап алған.

Жүрмін деймін Алматы – астанада, Алматы да қаланған тас қала ма?

Талға қонған торғайдай бүрсеңдейді, Тоңып бәрі...

кәрі де, жас бала да.

Әкім мырза жанына тыным бермей, От жақтырса қайтеді шығын көрмей. Қалай ғана жылынсын қала үйлері Орталықтан тұрса егер жылу келмей.

Ақша жетпей,

мал жетпей бұрындары,

Дірдектесе шаншылып мұрындары. Жылу жетпей бұл күні дірдектеуде, Ақпан, боран суырып қырында әлі.

Үйлеріне кешкісін суыт тарап, Ішер және түгі жоқ жуып, жалап. Сонан ба, әлде кім білсін, Адамдардың

Бір-біріне жүргені суық қарап...

Мезгіл – бейне түн қатқан құла көштей, Келе жатқан қалтылдап шырағы өшпей. Қалай ғана жылынсын бүкіл халық Үкіметтің Үйінен шуақ еспей.

МАЗМҰНЫ

Рафаэль НИЯЗБЕК

ШЫҒАРМАЛАРЫ

4-ТОМ

Редакторы Әлсейіт ОСПАН

Қате түзеуші Қазына НҰРМАХАНОВА Беттеуші дизайнер Айкерім БАҚБЕРГЕНҚЫЗЫ Техникалық сарапшы Нүркен СҮЙЕУБЕКҰЛЫ

ISBN 978-601-03-0225-9

ИБ №119

Басуға 15.04.2015 ж. қол қойылды. Пішімі 84х108 1/32. Офсеттік басылым.

Қаріп түрі “Journal DT”. Көлемі 20,0 шартты баспа табақ.

Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №119.

«ҚАЗақпарат» баспа корпорациясының баспаханасы



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу