Фариза Оңғарсынова өлеңдер жинағы


фариза оңғарсынова өлеңдері


Фариза Оңғарсынова 1939 жылы Атырау өңіріндегі Манаш ауылында дүниеге келген. 1967 жылы "Бұлбұл" деген атпен тұңғыш жыр кітабы жарық көреді. Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем. Ақынның жазған жырлары сандуғаш болып сайрады. "Маңғыстау монологтары" ақынның отыз жасындағы қолтаңбасы. Содан бері "Мазасыз шақ", "Мен сенің жүрегіңдемін", "Шілде", "Сенің махаббатың", "Дауа" сияқты кітаптары адам атты күрделі жаратылысты сан зерттейді. Олар не туралы? Махамбеттің мұңын сезгенде, қайратынан жыр жанығанда өршіл сарынға ерік береді. Міне, Фариза ақынның халқына ұсынған өр мінезді жырлары осы еңбектері арқылы белгілі болды.


Ақын

"Ақынның нәзік жүрегі

самалдан тоңар гүл еді.

Халқының махаббатымен

ақсұңқар құстай түледі,

ел ғана – тұғыр, тірегі.

Әділет үшін жан салып,

алдында тұрсын қанша алып –

шындыққа жетпей тынбайды,

қияметтерге қарсы ағып,

баурайды сонда бал шабыт.

Сұлулық пенен пәктіктен

рақат күткен, бақ күткен,

шығып кеткенше ақтық дем,

арпалысып өтер қасқайып

күңкілмен, бұқпа сақтықпен.

Аялап туған ел, жерін,

өнерін, тілін, ерлерін

қастерлер елдің туындай.

Аяла халқым, суынбай

Бұқардың мұрагерлерін!

1961 "

Қыз сыры

" Жігіттердің жүрегін

ұрлай бергім келмейді.

Сүйдім деген тілегін

тыңдай бергім келмейді.

Кез келгенін ғашық қып,

әлек еткім келмейді.

Аз күндік жай машық қып

және де өткім келмейді.

Алғашқы арман-тілекті

шетке ысырғым келмейді.

Бірді сүйген жүректі

көпке ұсынғым келмейді.

1959"

Қырдағы қыс

" Түнімен долы дауыл құрыстаған

секілді арыстандай жыны ұстаған.

Жамылып ақ көрпесін енді ғана

маужырап байтақ дала тыныстаған.

Қалыпты қарауылда жыңғыл, құрақ,

іліп ап ақ мамықтан бір-бір тұмақ.

Мәз болып жас баладай, айналаға

қарайды әр бұтадан күн жылтырап.

1956 "

Нарын

" Атырау – ақжарқын ел, жыршы далам,

ән мен күй көкірегінде тыншымаған.

Бабамның тері тамған топырағыңнан

әрқашан жас жаныма сусын алам.

Ұйытқан әуенімен қырдағы аңды

күй сазын анам алғаш тыңдаған-ды.

Ардагер Махамбеттей ақын ұлың

шөлдеген құмдарыңды жырға малды.

Талай жан сенде азаттық аңсап өтті,

Исатай бостандық деп жар сап өтті.

Қолға алып бұлбұл көмей домбырасын,

Дина қыз тамсандырды барша көпті.

Қасиетті тазалық бар құмдарыңда,

ез болу күнә сенде туған ұлға.

Менің де көкірегіме тыншу бермей,

жүрегім оранғандай бір жалынға.

Тарихта өмір зырлап, жылдар өтер,

орнында өзен ағар, жылға кетер…

Киелі топырағыңнан нәр сіңірген

ұл-қызың сені, Нарын, жырлап өтер!

1958 "

Сандуғаш

" Кеудеме сандуғаш құс түнеді ме –

шақырды мені мәңгі Күн еліне.

Әуені тыншытпайды, әлде әнші құс

ұясын салды ма екен жүрегіме?..

Бар досым былай қалып, бар құрдасым,

сол әуен болып алды жан мұңдасым.

өңімде, түсімде де көкірегімнен

қанатын қағатындай талдырмаш үн.

Самға енді жүректерге, сандуғашым,

тебіренсін балғын әнге бар жылдасым.

Бақыттан баз кештірген балаң үнім

тербетсін Отанымның тау, жылғасын!..

1960"

Ұнатып ем...

"Жасымнан ұнатып ем бір жігітті,

сүюдің қиындығын кім біліпті.

Көз қырын тастамай ол өте берді,

жүрекке арқалатып нұрлы үмітті.

Әдейі оны күнде жанап өтем,

ойпыр-ай, ғашық болған жаман екен,

көңілдің жайлауында сайран салып,

жаныңды талай күйге салады екен.

Сол жігіт білсең атын өлең деген,

жымияр: "Саған оңай көнем бе мен!" –

Ерте-кеш болса да бір естір ме екем

бір сөзін ""Сені жақсы көрем!"" деген…

1957 "

Ұстаз

" Заводта болсаң, күнбе-күн

көрінер еді табысың.

Дәрігер болсаң, түрлі емің –

сырқаулы жанның бағы шын.

Ал сенің еңбек жемісің

өзгеше тіпті басқадан:

ол - өзін арнап ел үшін

осынау жүрген жақсы адам.

Жақсы адам – елдің тірегі,

байлығы туған халықтың,

шапағын шашар үнемі

көгінде тұрған жарық күн.

Сан жастың қамын шертесің,

тағдырын ойлап толғанып.

Әр үйдің бір-бір еркесін

үйреттің өзің қолға алып.

ұстазсыз жанда сөнбек күн,

шәкіртсіз өмір – сусыз жер.

Көрінбес ғажап еңбектің

бейнетін кешіп жүрсіздер.

Жүректе тұрар жалқы үнің,

жанымнан жалын жігер күт.

Ұстазым, сенің әр күнің,

әр сәтің тұрған бір ерлік!

1957 "

Ағалар

" Ағалар асқар тауым ғой

асқақтап тұрған көк тіреп,

Жабықтырғанда дауылды ой,

маңдайымнан менің өпті кеп.

Ағалар барда демеген –

бәрінен биік шоқтығым,

еркелеп өстім неге мен,

әкенің сезбей жоқтығын?

Жолаушы кетсе, тұнжырап,

апамнан сұрай беріппін,

алдынан шықтым құлдырап,

лағындай боп еліктің.

Білінбей жоқтық, кем-кетік,

елдей ем өзім рулы.

“Беремін,- дейтін,- жеңге етіп

саған ұнаған сұлуды”

кетіпті тулап күндерім,

сусын ғып әлі жүр жаным

мейірімнің сонау күн демін.

Бар екен Жерде тамыздар,

қабақтар шашқан қар-ызғар,

өтелмей жүрген парыздар,

берілмей жүрген қарыздар.

Тосар да қайғы кемірген,

солқылдар нәзік денем де,

ұмтылам бірақ сеніммен

ағалар барда мен өрге.

Ағалар барда нұры айбын,

шыдаймын құздай сындарға,

Сынбаймын, өзім Күн, Аймын,

аспаным болып шығанда –

ағаларым аман тұрғанда!

1958 "

Ақжайық

" Қыстағы байсалдылық былай қалып,

Жайықтың суы жатыр ылайланып.

Бұлқынған сағынышпен жүректердей,

соғады жарға толқын шыр айналып.

Толқынын Ақжайықтың тамашалап,

қиялдар жетелейді қарасам-ақ.

Кейде үнсіз, кейде долы – ерке мінез,

өзіңе осы кейпің жарасады-ақ!

Жайығым – ата қоныс, игі мекен,

ақ бурыл толқындарың жүйрік екен.

Құшасың құмарлана жағалауды,

өзіңді о да бір кез сүйді ме екен…

Кей сәтте байсалдысың, ақылдысың,

кей сәтте сескендірер батыл күшің.

Қаншама ұмтылсаң да кең далаға,

аса алмай жаға-жардан жатырмысың?!

1957"

Анама

" Кеудеңде мені тербеттің,

жас шыбық енді көктеді.

Мінеки мен де ер жеттім,

еңбегің бекер кетпеді.

өмірде мынау ең жақын,

аяулым сенсің, анашым!

Болмаса мейлі зор даңқың,

мен үшін бірақ данасың.

Мейірім төккен нұр жүзің

тұрғандай сезем жанымда.

“Адал бол, - деуші ең, - жұлдызым”,

сақталды сөзің жадымда.

“Игі еңбек түбі осы-ау” дер

көргендер жеміс ағашын.

Қартаймай, мәңгі жасай бер

мәңгілік Күндей, анашым!

1957"

Әке туралы ой

" 1

Бесікте жаттым уілдеп, сол бір

сұрапыл соғыс күндерде,

қан кешіп біздің әкелер сонау

батыста жырақ жүргенде.

“Жан папа” деген бір ауыз сөзді айта алмай

қалғандар көп қой, бір мен бе?..

Жиырмада, қыздар, жайқалған гүлдей

көз тартып бейне жанасың,

сол жиырма жаста құшақтап мені

қалыпты жалғыз анашым.

Тұңғышым деген мына мен шіркін

кенжесі де боп қалыппын,

жаза алмай жүрек жарасын.

Үмітпен әр кез алданушы едім

Келер деп менің папам да

(балалық жүрек сезбеді оның

кеткенін мәңгі сапарға).

Өсірді мені сол ана гүлдей мәпелеп,

ержеттім, тұрдым қатарда.

Бақытты балғын сәбилер бүгін

жетелеп жүрсе әкесін,

қызыға қарап, күрсіне қарап,

жанынан үнсіз өтесің.

Еркелік көрмей, мейірім нұрын

аңсаған көңіл мың толқып,

елжіреп кетеді екенсің...

2

Оралмай кетті әкелер біздің

сонау бір ұзақ сапардан,

бейуақыт сөнді албырт жүрек пен

алаулап тұрған от арман.

Әкенің жүзін көңілге түймей,

бесікте ғана қалыппыз,

жаутаңдап ұзақ есікке қарап

өткен күндерге қанықпыз.

Жұмыстан апам келетін дәйім

жанарына нұр тұндырып,

сәби жаныма дақ салмау үшін

әдейі екен-ау бұл қылық.

“Жеңіспен папаң оралар ертең”,-

дейтін ол бізді қуантып,

үмітсіз, үнсіз жүруден, достар,

күту деген мың артық.

Жеттік-ау бір күн жеңіске біз де,

тойлады бүкіл халқымыз,

жеңістің күйі – ерліктің күйі

даланы кернеп шалқыды.

Алаулап тулар, алқызыл тулар,

жарқылдап жеңіс жұлдызы,

жан әкем бірақ оралмай кетті,

көре алмай кетті ұл-қызын.

Біз жүрміз бүгін шым-шытыр жолын

қуалап үлкен өмірдің,

аялы сол бір алақанды аңсап,

солады кейде көңіл-гүл.

Алаңдардағы алаулы туды

көрген сәттерде тоқталам:

әкемнің, сірә, мен үшін төккен

қаны емес пе екен деп қалам.

1957 "

Диалог

" - Сенсіз қалай күнелтем –

үйленейік, жүр, еркем!

- Мен сүймесем, не етеміз?

- Әлі-ақ сүйіп кетеміз,

үйренісіп күні ертең.

Сүймей, күймей, зар қылмай,

өмір құру – бір қайғы:

сыйласудан

тағдырдай

шын махаббат тумайды.

1962 "

Кейбір жеңгейлер

" Өз сүйгенін әркім қымбат санайды,

кей жеңгейлер ""меңгеріп"" ап ағайды,

""Жалғыз соның бабын тапсам жарар"", - деп

өзгелерге тайтұң-тайтұң қарайды.

Отырған соң ағай үлкен орында

жел үргендей көңілі өсер оның да.

""Үй жұмысы – міндеті, - дер, - кемпірдің"",

қайтер еді ертең сол қарт жоғында?

Оған - барқыт, шыт тиіпті әжейге

жолдасының анасы оған өгей ме…

Қарт киініп шалқып жүрсе, өзгелер:

""Келіні бір тәуір жан-ау"", -демей ме?!

1956 "

Қай жерде отырса да қарлығашың...

" Қай жерде отырса да қарлығашың,

сен оның жүрегінде, жанындасың.

Сәбидей сенің әппақ көңіліңе

күдіктің күңгірт бұлты шалынбасын.

Қай жерде отырса да қарлығашың,

ұқ, жаным, оның жатқа табынбасын.

Біл, жаным, оның албырт жүрегінің

жалынып, өзгелерге жағынбасын...

Өмірде, қарап тұрсам, бағың да сын,

тек жаның жалынынан арылмасын!

Көзіңнен ой оқыған сонау күні

арнаған өзін саған қарлығашың.

1959 "

Сағындым

" Жырымды алғаш тыңдаған

ауылымды сағындым.

Қош айтып қол бұлғаған

бауырымды сағындым.

Ақша бұлты жарасқан

аспаныңды сағындым.

Қуыршақ ойнап таласқан

достарымды сағындым.

Еркелеткен жасымнан

ағаларды сағындым.

Мейірім төккен асыл жан –

жан анамды сағындым.

Таң нұрымен даланың

жайнағанын сағындым.

Әнші құстар таң әнін

сайрағанын сағындым.

Жазғы кеште тербеткен

самалыңды сағындым.

Кеше ғана сенде өткен

бала күнді сағындым.

1956 "

Сыбырлай сүйіп самал жел...

" Сыбырлай сүйіп самал жел,

толқытты жанды несіне?

Жұпарын шашып көгал бел

шақырды кімді төсіне?

Өзенге әсем өң беріп,

жас қайың жайнап өсуде.

Жағада қайық тербеліп,

күтеді кімді есуге?

Мүлгиді неге жас тал да,

күткендей ынтық сырларды?

Алтын ай қалқып аспанда,

айналам неге нұрланды?

Құшағын кімге тұр ашып,

айлы түн мұнша сағынып?

Самалға жас қыз сыр ашып,

аңсады кімді жабығып?

Арманға толы жас жаны

тіледі кімді елжіреп?

Ұқпайды неге басқаны

өзімшіл асау өр жүрек?!

1960 "

Тебіреніп жүрегіңнен жыр арнадың...

" Тебіреніп жүрегіңнен жыр арнадың,

көп мезгіл жылылығын ұға алмадым.

Мен саған үміт артар сөз бермедім,

сонда да ынтық болдың, өзгермедің.

Мен болып жүректегі жыр, арманың,

бейнемді көңіліңнен шығармадың.

Жанымның өзге болды ұнатқаны,

өмірлік жүрегімде ол тұрақтады.

Көз тартар болмаса да ол дана жігіт,

сол ғана бақытым деп жанады үміт.

Сан қилы тағдыр жолын сезбеген ем:

мен жүрмін ой-қиялым өзгеменен.

Сен жүрсің ынтық болып күлкіме бір,

не деген ғажап еді шіркін өмір!..

1958 "

Туғандай дүниенің нұр шақтары...

" Туғандай дүниенің нұр шақтары,

ән кетті Атыраудан шырқап тағы!

Күмбірлі күй төгеді, жыр төгеді

Исатай – Махамбеттің ұрпақтары!

Атырау кен байлықтың кіндігі еді,

қалайша сайрамасын жыр-жүрегі!

Жайықтың аққуындай мың бұралған

Дина мен Қыз Жібектің сіңілері.

Алтын Күн бақыт шашып туғанда алдан,

еңбекпен, ерліктермен шыңдалды арман.

Ақ тілеу замандасым, сәлем сізге

Атырау, Жайықтағы туғандардан!

Атырау, Ақжайықтың өнерлі елі,

күй төгіп, ән шырқайды өрендері,

Балықты, мұнайлы елде, шұрайлы елде

өнермен ұласады Ер еңбегі!

Дүниеден ел көшеді қалмаса әні,

өнерсіз адам жанын шаң басады.

Халқымның ән мұрасы, күй мұрасы

осылай ұрпақтарға жалғасады!

1968"

Балықшы қыздың әні

" Асыр сап өстім ерке көк теңізде,

Жап-жас қыз – балықшы! – деп, сөкпеңіз де!

Алыссақ асау толқын құшағында,

ерігіп жүргеміз жоқ текке біз де.

Долы жел гулесе оттай лапыл қағып,

бұлқынар асау толқын қатуланып.

Бәрі де елең емес балықшыға,

өйткені ол сескенбейтін батыр халық.

Өйткені толқында өстім жас шағымнан,

өзімді сезіп сонда асқақ ұлан.

Өйткені перзентімін табиғаттың,

жан сырын көк теңіздің жастан ұғам.

Тотықса ақша бетім – шыныққаным,

жігітім, шошып қалма, сынып сағың.

Немене көмірдей деп, қабақ түйме,

жас жаным – нәзік, ерке қылықтарым.

Сырына асау теңіз болсаң құмар,

біз кеттік, қалып қойма, барсаң, жүр, ал!

Каспийдің, кеш өкінбе әлі талай,

қызы да, балығы да тамсандырар!

1958 "

Басымды айналдырды-ау мұң аптабы...

"Басымды айналдырды-ау мұң аптабы,

еніп ем тәтті қиял құшағына.

Жаныма жақындамай жырақтады

арманым ақ сағымға ұсады да.

Жан, жүрек, ой, қиялым сендік еді,

зулайтын саған қарай үміт-кемем.

өн бойым хатыңа да елжіреді,

сенуші ем, болмайтын-ды күдік деген.

Көңілімнің арман туы

самалменен

қиын-ау қайта тағы желбірері...

Мөп-мөлдір сезімдерім саған деген

есейтіп жібергендей енді мені.

1958 "

Бір сезім жанарыңда елжіреген...

"Бір сезім жанарыңда елжіреген

жанымды тұңғыш рет дір еткізді.

Басармын сол дірілді енді немен –

бір арман кернегендей жүректі ізгі.

Жаныма жақын тартып барады үнің,

сені айтып сыбырлайды терек, емен.

Еркелеп асыр салған балалығым

алыстап бара жатыр неге менен?

Ұйқымды шайдай ашып ұзақ түнде,

елесің көлбеңдейді неге сенің?

Ойыма сөздеріңді жүз ап күнге,

күбірлеп қиялыммен кеңесемін.

Сыланам. Жиіледі шашты да өру.

Жанымды жайлап алдың, санамды ұрлап.

Қайғы ма, қуаныш па жақсы көру

баласын бөтен үйдің?

Маған жұмбақ.

1958 "

Біреулер масаттанып табысына...

"Біреулер масаттанып табысына,

жүгірер бас пайдаға жан ұшыра.

Біреулер билік тисе маңғазданып,

ұмытар қайда екенін абзал халық.

Даңқ қуған біреулер жүр сабылумен,

біреу жүр кей бастыққа жағынумен.

Біреудің арманы, айтар саған мұңы—

үй-іші, мал басының амандығы.

Біреу жүр сұлу жарды аңсап анық,

таңданып тұрса екен деп барша халық.

Тамақ тоқ, күйбең жүмыс тосып алда,

біреулер дән риза осыған да...

Ал мен ше?

ұққандықтан соның бәрін,

отырам оттай жанып-сөніп, жаным.

1957 "

Бойыңды жастай түзедің...

"Бойыңды жастай түзедің –

қылықты, сәнді қыз едің,

жаныңа, сұлу көркіңе

ұмтылып өткен жүз ерін.

Арманың шығып алдыңнан,

жарасымдарың таң қылған.

Ал бүгін алқам-салқамсың,

шыққандай батпақ-балдырдан.

Бітті ме мәні өмірдің?

Күйбеңге неге көмілдің?

Нәзіктік пенен сұлулық—

әйелдің мәні, сырымды ұқ,

жоймасын нұрын көңіл-Күн!

1959 "

Жаз

" Таң бұзып тынышымды жіберді деп,

жазғы түн кетерінде түнерді кеп.

Жер-ару серпігенде түн көрпесін,

маужырап қарап тұрды Күн елжіреп.

Гүл бөлеп хош иіске атырабын,

ағаштар жайып салды жапырағын.

Самал жел сыбырласа, сыр ұрласа, -

өзенде мың бұралып жатыр ағын.

Төсінен терсек тағы қызғалдақты,

басында заңғар таудың ызғар қапты.

Шыдамай жаздың жастық жалынына,

ойнақтап ерке бұлақ құздан да ақты.

Сұлулар суға барған сайға бұғып,

қарайды көлдің бетін айна қылып.

Шіркін, жаз, жомартсың-ау базарлыққа

бересің жан біткенге жайдарылық!

1958 "

Жақсы өлең

" Көңілім өлең сиқырын жүр аңғармай:

өмір кешіп, қалғандай шырақ жанбай

отырамын жабырқап, жүдеп көңіл,

мұң, ыза, наз жиналып жүрекке кіл.

Сонда жақсы жыр оқып нұры армандай,

жадыраймын, жанымда мұнар қалмай,

сол өлеңді дәл өзім шығарғандай.

Қылаң берер емес-ау алдымда әлі

Махамбеттің, Абайдың шалғындары...

Сыр бермейді сырлы өлең, жүдесем де

көңілім – дауыл, күшім аз күрестерге.

Ұқтырмасын сиқырын бал құндағы –

тек жасағай жақсы өлең – жанның нәрі!

1960 "

Көз алмай неге қарайсың

"Көрмеген бұрын кісің бе ем,

қадалды неге жанарың?

Көп жанның мынау ішінен

көз алмай неге қарадың?!

Бөтен сөз ешбір айтпайсың,

кездесе қалсақ оңаша.

Ойланасың да, таппайсың

жасқанған бейне балаша.

Елеусіз ғана сөз айтсам,

құп алып, үнсіз қостайсыѕ.

Қуанасың ғой бір қайтсам,

көрмеген көптен достай шын.

Қадалса сенің жанарың,

лүпілдеп жүрек... Солай шын...

Айтсаңшы, дал боп барамын,

көз алмай неге қарайсың?!

1957 "

Қадалып, іштей тамсана...

"Қадалып, іштей тамсана,

қайтесіз мені ұялтып.

Өртенсеңіз де қаншама,

мен үшін құрмет – сый артық.

Бетке алып өзен жағасын,

сырлассам, рас, сізбенен,

Жүрек те табар жарасым,

бағым ба ең әлде іздеген?!

Қадірлі туыс бол маған,

таппайын сізге баға да.

Жүректе мәңгі орнаған

бір тентек інің бар, аға!

1960"

Қоштасарда

"Қоштасу кезі келгенде

жаутаңдап маған қарадың.

“Жүрмейсің бірге сен неге?”

Дегендей болды жанарың.

Елжіреп тұрды жас жүрек,

жеңе алмай күшін сезімнің.

Кеудеме жалын түсті кеп

жаныңдай ыстық өзіңнің.

Перронға шықтың, қарадың,

тұрсың ба мені қия алмай?

Сыр ашпай қалай қаламын,

“сәулешім” дер ме ем ұялмай?!

Айта алмай қалдым. Жалынға

өртеніп кеудем тұрды-ау бір...

Қалды да қойды жанымда

жауғалы тұрған бір жаңбыр.

1959"

"Лүпілдей соқты жас жүрек,

еркелеп назбен қарадым.

“Поезда-ақ хатты жазшы?!” - деп,

елжірей қалды жанарың.

Сезімтал жүрек, жас жаным –

бәрі де сен деп талпынды.

Білдірер аяқ басқаның

абыржып тұрған қалпыңды.

Сөз таппай, үнсіз тұрмын кеп,

теңіздей жүрек толқыды.

Ышқынды гудок жүр-жүрлеп,

мұңая қарап ол тұрды.

Сөйткенше қолдар бұлғанды,

мөлдіреп көздер соңғы рет.

Айтылмай талай сыр қалды,

қимастық сезім толды кеп...

1959 "

Поезда

" Зулайды поезд ырғалып,

қараймын кербез далаға.

Көтеріп көкке шыңдарын,

көрінді таулар ақ ала.

Мынау бір жасыл даланың

естуші ем атын бұрын жай.

Көрінді, міне, Аралым –

ақынның мөлдір жырындай.

Көрдім де сұлу Сыр маңын,

селт етіп бір сәт тыңдадым:

Әбділда ағам жырларын –

күбірлеп жатыр сырлы ағын.

Зулайды поезд белеспен,

етегін таудың бөктерлеп.

Жұпардай майда желі ескен,

жотасы жасыл – көкпеңбек.

Дүние жаңа, жер жаңа

қартаймас мәңгі ұямдай.

Созылып жатыр кең дала

жеткізбей жүрген қиялдай…

1957 "

Табылмай бір керім жігіт

" ""Сізге ғана құштармын"", - деп,

көп жігіттер ғашық болды.

Бір ""керімін"" ұстармын деп,

қыз көңілі тасып толды.

Біреуінің бойы қысқа,

біреуінің мұрны жаман,

біреуі өте алып ұшпа,

біреуі тым тұнжыраған.

Сұрыптады, іріктеді,

жұмысы да тексерілді.

""Маған тең жоқ жігіт"", - деді,

таба алмады еш ""керімді"".

Орны бар жас, кәрінің де,

сүйе білсе, теңін біліп.

Сол ару жүр әлі күнге

табылмай бір ""керім"" жігіт.

1957 "

"Тағы да көктем келді,

бал сезімдерге, сал сезімдерге ұран сап,

өткінші ғұмырдай қылықтары мол бұлаң шақ!

Көн көңілдер де теңіз боп көлкіп кетіпті-ау

ару қыз аңсап, жыр аңсап!

Бұ не деген құдірет!

Дүниенің бәрін құштарлық қаптап кеткен бе,

адамның бәрі мас болып жүр ғой от-демге!

Байырғы күңгірт күндер де қайтып келместей…

Жабырқап жүрген жоқ пенде.

Ұмытып жатыр жұмыр жер

өктем мезгілдің қалдырған қаза-қайғысын.

Жастық жүр жайнап екпіні-дауыл, Ай мүсін.

Тіледім: мұндай сәттерде зұлым ойынан

қатыгездер де айнысын!

Қыз-көктем келіп

қызғалдақ қадап жүр белде,

дүние түгел ұқсасын дей ме гүлдерге.

Табиғат жанды сергітіп алады екен-ау

тірліктен қажып қалжырап жүрген күндерде.

1970 "

Теңізбен кездесу

"Кеудеңмен көтерсең де нелер жүкті,

қыңбайсың, паш етесің тек ерлікті.

Мен де бір тылсымдарға бет алып ем –

бер маған өзіңе тән тереңдікті!

Теңізде сынға түсу – бұл бір үміт!

Сұлу қыз кеме үстінде, құрбы жігіт.

Шетінен батыр мінез, толқын қылық –

оларға теңіз жатыр құлдық ұрып!

Кемелер тізілгенде, жарасып ән,

дәм таттық балығынан – бал асынан.

Түңгі оттар жылтылдайды,

тұрғандай бірқала өсіп толқындардың арасынан.

Жүрсем де ойша талай қамалды алып,

сендегі күшті көріп, қалам налып.

Балапан бойымдағы қайсарлықты

алмасам болмайды екен саған жанып!

1960"

"“Ғашық жайлы мұңды өлең

жазба!” - дейсің. Ақылың.

Тұра қалып тілдер ем —

ұғар емес батырым.

Сүю — сезім улары,

татпақ түгіл - қайғысын,

ғашық болып туғалы

көрмепсің-ау, байғұсым!

Кетісудің кілті — егес,

қозғамайық ол жайлы.

Махаббатың — күлкі емес,

мұңсыз сүю болмайды "

"“Отан деген не?” – дейсің, ұлым, маған.

Ол – сенің ғұмырлы анаң.

Жөргегіңнен жаныңа сіңіп қалған

әнің мен жырың, балам!

Отан – мынау өз үйің, қара, жаным,

ойнаған дала, бағың.

Атаң шыққан бұл үйден, әкең шыққан,

өскен мұнда баяғы бабаларың.

Жасыл орман, тыңдаған бұлбұл әнін,

асқар тау, мың бұлағың.

Отан – есік алдында бірге ойнаған

өзіңнің құрбыларың.

Отан – үйдің ертеңі, қаны, жаны –

өзіңдей сан ұланы.

…ұлым, сенсің кең байтақ біздің үйдің

кішкентай шаңырағы!

1977"

"“Төгіп-төгіп жазбай ма ақын деген!

Терлеп-тепшіп қиналса, пақыр дер ем!” -—

Қызараңдап осылай, қылғынғаны,

кіріп-шықпай миына жырдың мәні.

Майлы ас сіңген таңдайға татыр ма өлең—

қайтсем ойын оятам, ақыл берем?

Тұрдым сонда шап етіп теріс келмей,

халық өспес ойсыздан келісті елдей —

қурар сусыз ағаштай жеміс бермей.

Құрбандықсыз келмейтін жеңістердей,

жазылса жыр ақынның қаныменен,

ескерткіштей сол ғана нағыз өлең!

1960 "

"Ажарлы біреу көрсең, “ғашықпын” деп,

соны бір қаратуға асықтың кеп.

Сеніммен ол жүрегін ұсынғанда,

таптадың, жан жігерін жасыттың бек.

Көрінген жүгірумен қарасынға

махаббат бал шырынын табасың ба!?

Кез келген көріктіге ұсынам деп,

жүрексіз өзің бір күн қаласың ба!..

"

Азаттықты аңсау

"Адамзаттың арманын ұғып бірден,

сенім құйып, үнінен үміт күлген,

сан халықты бір тудың аясына

бір әнмен біріктірген.

Жердің сәуле көзіндей нұры бүгін,

көркем қиял — кеудесі, тұғыры—Күн!

Өзімшілдеу әлемге ұғындырған

достықтың ұлылығын.

Тілім аман, тамырлы халқым аман,

елең етіп қарайды даңқыма маң.

Отаным бар жаныма мерей құйып,

жұлдызы жарқыраған.

Даламызды жат жандар торып, басып

жүрген күндер жырақта, жорық қашық.

Жорықтардың түрі өзге—-шығады енді

ұрпақтар қол ұстасып.

Зуласа алға уақыттың тарпаң аты,

Отанымның тарихтай әр сағаты.

Қарыштайды жаңғырып жер жүзінде

азаттық салтанаты!

1968"

Айқас

"Әженің әңгімесі

Жаз қандай шіркін біздің Нарын құмда!

Ойнақтап шығады ерке сағым қырға.

Күн күліп тау шағылға асылғанда,

қосардай әрбір сұлу таңын жырға.

Жыңғылдар — шыршалы орман

тұрған тұнып,

жиекте шуылдайды қырға ұмтылып.

Тарихтың талай сырын ішке түйіп,

мекен бұл жатқан қанша жылдан сұлық.

Шілдеде Күн жайлайды көгін күліп,

жаппайды көк аспанның өңін бұлт.

Жайланып отырасың сым-жүйкені

тыныштық теңізіне шомылдырып.

Нарынның күйзелдірген елін жорық,

қаңғыртты байлар жұртты жерін қорып .

өткен-ді бір оқиға. Дәл сол жылы

түсіп ем осы ауылға келін болып.

Нұрет бай тең келмейтін болыста жан,

мың-мыңдап жылқы мен қой ол ұстаған.

Қалдырған атасының мұрасындай

жайлауын Мұңайтпастың қоныстаған.

Ертемен бай ауылда бұл жұрт керім

білмедік неге мұнша дүрліккенін.

Ақ үйлер абыр-сабыр, әншейінде

ашатын сәске түсте түндіктерін.

- Бай қызы кетіпті ғой бүгін қашып!

- Не дейді, әй? Қыз емес пе еді

бұрын жасық?!

Жерошақ басындағы жалшы әйелдер

қояды үн шығармай сыбырласып.

Тап болды Нұрет сынды байға бір мұң,

О, Құдай, қызды бақпай, қайда жүрдің!

Бір түнде, амал қанша, бос қалыпты

қаңырап ақ отауы Айғанымның.

Бай отыр ашу кернеп, қашып төзім,

бұл кесел жанын қинап, жасытты өзін.

Бәйбіше үһлейді аласұрып,

ұшымен жаулығының басып көзін.

Ата-ана теңесе де балаға әлі,

қыз кетті, ел-жұртына қарамады.

Не істерге білмегендей, ақ боз үйге

бір кіріп, бір шығады ағалары.

Дейді әке: “Көмді-ау тірі мына мені”…

Қайтсін де, құлақтанбай тұра ма елі.

Ата-ана сүт кенжем деп әлпештеген

бес ұлдың ортасында шынар еді.

Көп болды қыз тағдырын ойланғалы,

қыз бірақ ерте дейтін той-қам жағы.

Қайтеміз, алабұртқан пәк жүректі

жиырма жас ұрлап алып қойған дағы!

Он жігіт атқа дереу кетті қонып,

бастады қыз ағасы Бекқұл оны.

Тал түсте бай қызына қолын салған,

япыр-ау, қандай жанның епті қолы?!

Көп екен көзбен көріп, білмеген де,

жау болды-ау қызды ауылға түн деген де.

Жалаңаш жатып ылғи жай тұратын

бай ауыл қалды осылай дүрбелеңге.

Кәдімгі жиырмасыншы жыл еді бұл,

жасарып жаңа өмірмен түледі қыр.

Әлі де байлар елде бақ түзеді,

әндесіп ақ бандымен тілегі бір.

Дабылы жаңғыртса да он жетінің,

Бүтіндеп болған жоқ қыр кем-кетігін.

Шұбырған ақ бандының қалдықтары

Биыл жаз бермей қойды елге тыным.

Нарынның жорықтардан қашты реңі,

елде әлі жасақшылар тапшы да еді,

Манашта милиция бөлімінің

Қайыржан Молдағүлов бастығы еді.

Сәске түс. Құмдар қызып жалындады,

О, Нарын, қысың қарлы, жазың жалын

он шақты үй Қайыржанның ауылы еді

отырған Сартөбенің маңындағы.

Құмында банды жүр деп Бозалақтың,

Жетті ғой елге істеген азабы ақтың.

Соларды қапылыста ұстаймыз деп,

кеткен-ді бәрі аттанып азаматтың.

Төккенде күн сәулесін шашыратып,

құм жатты ыссылықтан басы қатып.

Ауылда жайбарақат бала біткен

отырды көлеңкеде асық атып.

Кенеттен дүбір шықты сатырлаған,

шамасы ат тұяғы-ау жақындаған.

“О не?” - деп үрпиісе тысқа шықты,

кеп қалды он бес шақты аттылы адам.

“Банды” деп ауыл түгел елеңдеді,

маңырап қозы-лақ та көгендегі.

Дабырлап келе жатыр, естіледі

“начальник”,“милиция”дегендері.

Жүздері сұсты ылғи атты кісі,

асынған қылыш, мылтық, жат жүрісі.

үлкендер бас шайқады көрді дағы,

“Бандылар болмағай, - деп, - тап мұнысы”.

- Дәндеген ақ әскерін олжа қылып

Біздің “дос” қайда— шықсын Молдағұлов!

Киіз үйге телмеңдеді қазақ-орыс,

паңданған қара торы жорға мініп.

Найзамен әйелдердің түртіп ішін,

мәз болып біреулері тұр күлісіп.

“Ә” десе, ажал төніп амал құрып,

тұрды ауыл адамдары күрсінісіп.

Жапырлап аттарынан түсті бәрі,

“Көре алмай жүр екен, - деп, -күштіні әлі!”

Қазанды қатық толы үйге әкеліп:

“Тәтті, - деп,—дос шарабы”, - ішті бәрі.

Төзіп көр мынау іске, болса шыдам,

жаны ашыр тым болмаса болсашы жан!

""Қазанын қақыратты"" десін деп жұрт,

бір теуіп қақ айырды ортасынан.

- Біздерге салды балаң қандай ылаң,

түбі оны тірі айырам жан-жайынан.

ұлыңа арызыңды айтарсың, - деп,

кемпірді қойып қалды маңдайынан.

Анасы Қайыржанның Ақкенже еді,

көрмеген мыналардай жат пендені.

“Ақ дәмім жібермесін!” - деген кезде,

офицер қылышына тап бергені.

Жауыздың жаны қаннан тіксіне ме,

о, адам, мұндайларды күшті деме!

Әлгіде-ақ тілі сайрап сөйлеп тұрған

ұзыннан қақ бөлініп түсті дене!

Қыз-келін, кемпір мен жас өрендері

тұр мынау бұзықтардың боп ермегі.

Қолдарын артқа байлап шырылдатып,

желіге құлындайын көгендеді.

Ауылға ақылшы еді. өлді. Кетті.

үй ішін алқызыл қан көлдіретті.

Шошынған келін бала “шешем-айлап”,

жас тұнып жанарларын мөлдіретті.

Жарылып дене жатыр түскен сұлық

жоқ мынау қанішерге істер қылық,

Шуласып бала біткен, әйел жағы

егіліп жыласады іштен тынып.

Барлығын қырық шақты ең кемінде

жатқызды қойдай тізіп жерге, міне.

- Ойынды көрсетейік, - деп қояды,-

советтің милиционерлеріне.

Бас қосып “банды” деген тағыларың,

салуда ойға келген бар ылаңын.

Киіз үйін Қайыржанның сатырлатып

түсірді ортасына шаңырағын.

—Қалмасын, -деді офицер, - қимас мүлік,

кетейік жұртын оған мирас қылып!

Бөктерді аттарына үй біткеннен

бар тәуір дүниені жинастырып.

Шығысқа жөнеп берді банды қашып,

ала шаң ауыл үстін қалды басып.

Күңіреніп Сартөбенің бауырында

бір ауыл жатты осылай қан жыласып."

"Айналамнан көре алмай пір тұлғаны

жүргенімде, кәсібім – құлқын қамы,

алмас қылыш жарқылдап жеті түнде

ұйқылы-ояу арымды тұр-тұрлады.

Қағылды ма жанымның содан шаңы –

тұрды алдымда қия құз, жол аршалы.

Тарттым сосын бетке алып бетпақтарды –

семсер жырдың қайда екен қорамсағы?!

Иә, Алла!

Ақты қорға,

армандарға бет алған сәтті қолда!

Намыс – ана денемді дуылдатып,

баба сөзі қамшыдай батты жонға.

Аруақтым нұсқаған Ақиқаттың

қиын-қыстау жолымен

тарттым онда!

1972"

"Ақбоз атты жолаушы

көрмеген боп көрсем де үңілмедім.

Маған қарап жеңешем жымыңдады,

қызарып күлімдедім.

""Құдық жаққа кетсемші…""

деген ойды қайталап жиі ішімнен,

өзің үйге кіргенде опынғам көп.

Көрінуге тырыстым үй-ішіне

елемей отырған боп.

Мен бірақта абдырап,

қолымдағы кестемнен жаңылдым ба,

қырық үзілді жіп деген құрып кеткір.

өз-өзімнен тынысым тарылды да,

ақыры шығып кеттім.

Мен сол күні өзгердім.

Әшейінде еркелеу, батылдау да ем…

Сезбеппін де сол күні түс ауғанын.

Дастарқанның шетіне отырғанмен,

шайымды іше алмадым.

Кетеріңде жеңешем,

атыңды ұстап мінгізді, бар қамың жеп.

Сыбырладың – ол маған сөзің дедім.

Аттандырып неге өзім салмадым деп,

сол түні көз ілмедім.

1970"

Ақтау түні

"Түн. Қала тұр.

Зәулім үйлері жанарын көктің жасырып,

заңғар таулардай етегі көктем, басы бұлт.

Теңіздің тылсым толқындарында түнгі оттар

қалады екен ақ маржандардай шашылып.

Асқақ қаланың сұлулығына сұқтана

сұлу ай көктен қарайды мынау үйлерге әрең асылып.

Қол созым жерде қолдарын саған тұр бұлғап,

күміс күлкілі-ару толқындар сырды ұрлап.

Ну ормандардай қалғиды сол сәт қас қағып,

желегі жасыл бұлғын бақ.

Сезімізге сел боп жатасың сонда көз ілмей,

терезелерді жанап өткенде толқындар сырғып сыңғырлап.

Көшелер тұнған желкілдеп тұрған жас шыбық

Кобзарь-ақынның көкірегінде кеткен жақсы үміт.

Жас қала тұр теңізге тосып кеудесін,

төбесін көктің көк күмбезімен бастырып,

барады ол асқақ болашақтарға қарыштап,

жастық пен достық, ұлылығынды мәңгі паш қылып!

Мұнараларда шамшырақ лаулап, жастықтың үні тынбастан,

ән қанатында қалықтайды екен түнгі аспан.

Адамның бәрі ақын боп кеткен бе-ау дейсің

болашақтармен сырласқан.

Дүние тұтас ән болып тербеп тұрғандай,

әр суреті - бір дастан.

Самғаса тынбай әлемді кернеп асқақ үн,

ән қанатында қалқыған шақта аспаным,

өмірге қайта ғашық боп кетеді екенсің

мың есе сүйіп туған жеріңнің жапырағын, әрбір тастарын.

Адамдар деген құдіретті күшке бас иіп сонда қастерлеп,

өлмейтін бір жыр келеді жазып тастағың!

1966

Жол

Қайқаң қағып қара жол көсіледі

мұнаралы қырларды асып.

Қызғалдақтар қалады тосып ерін,

жанарларында тұнғанда шық.

Кетпесін деп қара жер қақ бөлініп,

мынау жол құрсаулаған.

Қалып барады теңіз де шақ көрініп,

көкірегінде бұлт аунаған.

Нәзік гүлдер жаутаңдап дірілімен

ғашықтың сезіміндей.

Адамдардың думанды дүбірінен

дала жатыр көзі ілінбей.

Мен келемін: құштарлық - көкірегім,

сағыныш қанатында.

Көру үшін бүгінгі от реңін

бір кездегі “ала қырға”.

Қатар түзеп қыз кеуде мұнаралар,

өмірдің тынысындай,

ақын келсе кетпейді бүл арадан

көкірегінен жыр ұшырмай!

1966"

Алау

"мәңгілік отпен мұңдасу

Жүргенде кейде қалжырап,

түндерде ойларым тұншықтырғанда, сан жылап,

сенгендерімнен кеткенін көріп ар жырақ,

тауларым шөгіп,

мұз боп қатқандай бар бұлақ,

өзегімді өртеп өршеленгендей даламда от,

мен үшін мынау дүниенің бәрі караң боп

кетсе де ғажап: тынымсыз өмір бәз қалпы -

түндерден кейін нұр шашып жатты таң бірақ.

Жүрегімді менің жаншыған ауыр күдіктен

арылсам деген үмітпен

жаныңа келдім сенделіп ессіз жүріп мен,

үміткерлерім, мені осындай деп біліп пе ең?!

өзіңнен өзге мәңгілік нәрсе бар ма деп,

үзілгелі тұрған сенімімді менің жалға деп,

іздедім сенен үмітке ем.

От жанарлардан баяғы балғын нұр қашып,

алып еңсені мұң басып,

қажығандар мен бақытқа батқан шын ғашық

кетпейді мұнан көңілін баспай сырласып.

Мәңгілік оттан сыр ғой ол жатқан тұңғиық

алғандай сонда жүректеріне нұр қүйып:

байғұс та жүрген нан жеумен ғана шектеліп,

жігерсіздер де кектеніп,

кетіп жатады биіктерді аңсап қырды асып.

Ерлікке тұнып далиып жатқан қыр анау, көкірегінде мың алау...

Осыны көрген отты адамдарға қапыда... кешірімсіз ғой тұралау...

Қажыған бойға

жалыныңмен сенің қан жүріп,

оқ атқандарды дал қылып,

лапылдап жүрген сендегі мынау от сезім сене алмайтын да шығар-ау.

Жанарларды басып жүргенде бейуақ мұң-тұман, алдыңа келіп

жүректер талай бұлқыған,

Сөнбейтін сәуле — махаббат алған жұртынан,

өзіңді ойласам, айналам менің мұң-тұман.

ұрпағы мынау өлмес даңқыңды өрлетіп,

ерлігіменен дұшпан біткенді сорлы етіп,

самғайды көкке даладан ұшқан кіл қыран.

Сендегі мәңгі қасіреттен туған ерліктен

от алып мен де алаулап алға үмтылам!

1968"

Алмас қылыш

Немесе Мен Махамбетпен қалай кездестім

"Бірінші кездесу

Ей,

өнер қуған жарқыным,

өлең қуған жарқыным!

Балауса балғын шағың бұл,

айналаң тұнған сағым-нұр,

арманың – асқақ, жаның – гүл.

Қара халықтың қамы үшін

қорғауға елдің намысын

жалын жастығын ұрлатқан

түздерде жортып түн қатқан

бабаларыңның арманын,

ұрпағым болсаң, жалғағын!

Жүргенде халқың қан жылап,

жатқаның мынау

ұйқыға батып албырап,

бабаңның жері бал құрақ

жат табандарға тапталуда әлі

қалжырап.

Зұлымдықтардан қасірет шеккен халқыма

азаттық іздеп шарқ ұра

өмірден өттік Намыс пен

өрлікті ұрпақтарыма

мұра ету еді бар мұрат.

Отты үнің қайда,

өртті үнің қайда бұл шақта

қуат беретін ұрпаққа?

Кеудеңді соғып “ақынмын” дейсің -

сандырақ!

ұйқыңды аш, қане,

сөзіме менің сал құлақ.

Ақ найза жырды

қалғандай бүгін тот басып,

тұратын еді от шашып!

Ақынмын дейсің, аруағым атқыр мылжыңдар,

күйбең тірлікті жүрсіңдер жырлап,

оттасып.

“Сүйдім” деп зарлап жырлайтындарың сондағы –

өмірде тіпті жоқ ғашық.

Әлі де Жердің үстінде

қайғырып жүрген адам бар,

шындықты айта алмай қаймығып жүрген адам бар,

солардың бәрі заманға үкім айтар деп

есіргендерді алмас жырымен жайпар деп

өзіңе қарап алаңдар,

шын ақын болсаң, соны аңғар!

Мына мен бабаң,

сая бола алмай иен далам,

соңыма түсіп боқ қарын би мен бектерім,

нендей азап шекпедім.

Қара басымның рақаты үшін

сонда мен

күресіп өтті деп пе едің,

жанымның қамын жеп пе едім?

Елімнің азат өмірін ойлап дертті едім,

әділетсіз мынау дүниеге

сол үшін ғана кекті едім.

Ей, өлең қуған жарқыным,

өнер қуған жарқыным,

өтпесін сенің дұшпан ұйқымен әр түнің.

Мен үміт еткен ұрпағым болсаң, қалғыма,

өнеріңнің көрсет алмас қылыштай жарқылын,

бұл жұмыр жерде ұлымын дейтін халық көп,

көрсеткін сен де еліңнің айбат, ауқымын!

Сенің қамыңмен рақаттан безген бабалар

көрінде тыныш жатсын-ау десең,

шалқығын.

Қай заманға да дауылпаз екпін үн керек,

найзағай сынды жыр керек –

сол болсын сенің халқыңа деген тартуың.

Бұл кім деп өзі қаймыға қарап тұрсың сен,

сескендірді-ау деймін қарқыным.

Кей пенделерге тот басып қалған ақ алмас,

шын ұққандарға - халқымның өшпес даңқымын.

Зұлымдықтарға бас имей кеткен өрлікпен

мен Махамбет деген жалқымын!..

...Осыны айтты да, тарлан ат мінген жолаушы

алыстай берді болаттан сауыт құрсанып,

тұлғасының өзі —жыр-шабыт!

Мен ұшып тұрдым дірдектеп қорыққанымнан,

кетердей мені алмас қылышпен бір шауып.

Екінші кездесу

Думанмен өтіп күндерім,

шарықтап шырқап айтам ән,

көңілімде көктем. Жасыл теректей жайқалам.

Күлімдегенді дос деймін,

сезімімді сатқан жандарды мен де кешпеймін.

Батпаймын терең ой-мұңға,

көгілдір дүние қойнында

ұйқыға кетем, жай табам.

ұмытқам сонау түсімде келген Махамбет атты

ақынды.

Таң алды білем... Тарланмен жетті қайтадан.

...Атаның жолын қуар деп

үмітімді артқан бала едің,

өзіңмен ашық сырласуға мен зар едім.

Асқар тау тұтқан ардағымнан ерте айрылып,

жалғыздығымнан зарығып өткен жан едім.

Ей, қасиетті менің кең далам,

достыққа неткен тар едің!

Жатырсың, балам, көгілдір күндердің думандарына

арбалып,

таңданбастарға таңданып.

Күні түскенде,

айнымас дос боп көлкіген

арамзаларға алданып.

Кейіндеу қалсаң,

басыңды кенет бұлт шалса,

сол “достар” өтер жаныңнан

танимын деуге арланып.

Ілгері кетсең, ту сыртыңнан көздеп тартады

қорамсақтан оқты қолға алып.

0, шіркін досың болса ғой

сонау бір өткен Исатай сынды асылдай,

өзімсінгенге жүретін сырын жасырмай.

Досына деген, еліне деген бір ыстық сезім бойында

лапылдап жанып басылмай.

Жарамсақтарға шашылмай,

мықтысынғанға бас ұрмай...

Арыстаным еді-ау Исатай,

дұшпанын көрсе - көктемедегі жасындай.

Жанына құрбан болсам-ау деген мен бейбақ

артында қалдым маңдайдағы сорым ашылмай,

жанымның шері басылмай.

Қансырап қалған сыңарын көріп шарқ ұрып,

шыр айналып ұшқан лашындай.

Кім еді маған Исатай?

Құрдасым емес бала шақтардан бірге өскен,

туысым емес ана-құрсақта күн кешкен.

Аталас емес, танысым да емес ол менің,

кездестірмесем өтер ем атын білместен.

Басталды бәрі бір кештен...

Көкірегі тұнған шер-қайғы,

Жайықтың бойын жағалап жатқан ел жайлы

сонда мен алғаш Исатайменен тілдескем.

Мейірімге толып жанары

жалт етіп маған сүйсінген жүзбен қарады,

сол күннен біздің өмірге, елге

махаббатымыз үндескен.

Исатай… халықымның асыл ұлы еді,

арманға толып жүрегі,

қазақтың байтақ даласын,

аш, арық бала-шағасын

жеткізсем дейтін бақытты жұмақ күндерге,

өмірін арнап соры арылмаған мұңды елге.

Сол еді мақсат, тілегі.

Осынау қысқа жалғанда

Исатайдай досты көрмесем,

түн қатып жүріп арман мен мұңын бөлмесем,

мен Махамбет болып қалмас ем.

Қараңғы түнде найзағай жырмен

жанбас ем.

Тіл қатпай тұрып ұғысушы едік.

О, сол бір адал достығым,

ақындығымның да, батырлығымның да арнасы ең!..

Жортуылда жүріп армандаушы едік

келешекте атар таңды әсем.

Ей, балам, сатқын жарамсақтарға алданбай,

сол бір достықты жалға сен!

Достық дегенің мөп-мөлдір бұлақ секілді,

шырқатар асқар белеске,

ұлылық та — сол, қалдырар мәңгі ел есте.

Біз жортқан сонау Маңқыстау менен Атырау

тірліктің әлі тылсымында жатыр емес пе?!

Шырқа сен адал достықты жалын жырыңмен,

жасампаз асқақ үніңнен

ақ самал ессін далаңның төсін тербетіп,

жаулықты білмей,

достықтың ұлы мейірімімен ер жетіп,

халқыңның балғын ұрпағы өссін сол үнмен!

үшінші кездесу

Кешіріп бастан қатал күн,

тентегі елдің атандым.

Тағы да келген сыр айта

Махамбет-сынды атаңмын.

өрім жас албырт ұрпағым,

өмірдің кешіп бұрқағын

запыран құсқан заманда

арман мен үміт – санаңда,

қатыгез, қарау қоғамда,

күткендей даңғыл жол алда

жүгендеп жырдың тұлпарын

талықсып өрге шырқадың.

Мас болып жастық жалынға

ұмытпа, қалқам, жыр қамын.

Нұр ойнап балғын - бал өңде,

қарама мәз боп әлемге.

Адамның бәрін ойлама

бақытты екен деп бар елде.

Назарыңды салсаң жыраққа,

зарлы үндер келер құлаққа.

Суырылмай, жүзін тот басып

қылыштар жатыр қынапта.

Әділет, шындық таба алмай,

өмір бір дозақ аралдай,

теңсіздіктерден түңіліп,

тұншығып демін ала алмай

жүргендерге жырды арнағын,

жігер-күш берсін саңлақ үн!

Шын ақын болсаң, тартынба,

найзағай болып жарқылда.

Жер ошағыңның басында

бақытыңа мәз боп қалмағын!

Күнәсіз бірді даттайды,

біреуден бейуақ бақ тайды –

әлсіздерді әлі бір жерде

күштілер тапап, таптайды-

ақынға жердің бетінде

болмайды ешбір жат қайғы.

Әлемді үйім деп қарасаң –

озбырлық, өсек жан-жағың.

Шындығын айтсаң өмірдің,

биліктіге мүмкін жақпайды -

заманың бірақ жақтайды.

өмірдің күтіп ақ таңын,

шабытпен жырды баптадым.

Әйтеуір қатал тірліктен

әділет іздеп таппадым.

Шындықты айтқаным үшін мен

ақсүйек тапқа жақпадым.

Сонда да тынып, тынбадым,

шырқадым елдің мұңды әнін.

Алапес мынау өмірдің

ащы шындығын жырладым.

Қуылдым, дала шарладым,

сая бола алмай қырларым.

Перзенті ем аңғал даланың,

жыр-семсер жалғыз жарағым,

жымиып келген жылпостар

асырды менен амалын:

жүруге батпай ығымнан,

сұсымнан қорқып тығылған

жансыздар мені жайратып,

“Қаройда” солай жығылғам.

Аңғалдау өскен ер едім

ойламас бас пен жан қамын.

Дос болып келіп, қапыда

басымды шапты бір залым.

Қырықтан асқан шағымда

қара жер болды құндағым.

Жыртылмай кеткен намысым,

төгілген біздің қан үшін

алаулап атар таң үшін

ақырып теңдік сұрайтын

елім деп менше жылайтын

ұрпағым қайда, ұланым?

өлмесін жерде ғұмырлы ән,

отты жыр өргін мұңымнан.

үмітім сенсің, жас құсым,

түлеп ұшатын тұғырдан.

Тек шындық күтем мен сенің

ақ алмас жүзді жырыңнан!"

"Алтын арай атқанда таң нұрланып,

Жыр-көктеммен құлпырды дала-кілем.

Құшағым – гүл. Келемін бал-бұл жанып

жастықтың алаңымен.

Қыз арманы секілді алғы уақытым,

шырын сезім жүректе, жанарда да.

Әлем сыйлап тұрғандай бар бақытын

жалғыз-ақ маған ғана!

Жастығыма болғандай уақыт ғашық,

жетелейді өмірдің бағына әсем.

Сезім көлі – жанарың бақыт шашып

келесің жанымда сен!

…Талқысы мол тағдырдың бір басында,

ұлылықты үреймен алыстырған -

бас иеміз сонда да бұл ғасырға

екеумізді табыстырған.

1970"

"Алыстарға кетейік.

Қаланың бізді көп жалықтырған күйбеңдерінен жыраққа,

Ақ бас тауларға аймалап жатқан күміс шолпылы бұлақтар.

Сен ғажайып ертегілердің батыры

астындағы арғымақ атпен айшылық жолды бір аттар.

өзіңе ғана табынған ессіз мен нәзік ару болайын

тозақ боп сенсіз көрінсін тіпті жұмақ та!

өңгеріп мені ап кетші

көк ормандарға тылсымын аяқ баспаған,

түнектерімен өр көңілдерді жасқаған.

Толтырсын меңіреу дүниені у-шу дүбірге

сенің екпініңнен қашқан аң!

От махаббатыңнан өртенген маған еркек еместей көрінісін

жалғыз өзіңнен басқа адам.

ұмытайық біз сонда

мынау жалғанда біреулер барын жер басып жүрген

айла қып,

өсек-аяңнан пайда алып:

дүниенің бәрі біз екеуміздің жанымыздай мөлдір

болсын деп,

арманның ақбоз арғымағын Айға байлалық.

Рахаттан сонда жылайын күліп жатып мен

өмірден мың-мың айналып!

1969"

"Ана болмай өткендер… сағы сынып,

жалғыз қалған қайықтай ағыс ұрып.

Шаршай алмай талықсып рақаттан

жүгірмеген бала үшін жаны шығып.

Құрсақ көрмей қураса есіл денең,

аянышты бұл жаза – кесім дер ем.

Табиғаттан жазылған ләззатты

ғұмырында басынан кешірмеген…

Тағдыр кейде қатыгез –

сезем, ұғам.

Бірақ Адам қаталдау – себеді ылаң:

нейтрондық бомбадай түршіктірер

“өзім үшін - өмірім” деген ұран.

өнерлі ме ел сүйген дарыны асып –

күрсінеді бәрібір жаны жасып,

ана болу бақытын сезіне алмай.

Мен күлмеймін.

Жылаймын жаным ашып."

Ана дауысы

" Мен Анамын

гүл еккен қара жерге.

Сол гүлдермен құлпырған дала, бел де.

Гүлдерімді солдырма,

О, адамдар,

бақытымды бейуақыт ала көрме!

Ала көрме,

енбесін деп тілесең ақ сүт берген

көкірегімен мезгілсіз ана көрге.

Мынау аспан, көк аспан, шуақты аспан,

ақ бас таулар сыңғырлап бұлақ қашқан

ай нұрымен, күміс күн сәулесімен

тұрсын мәңгі ананың сезіміндей,

тереңдігін жүретін өзі білмей.

Адам, саған аналық жүрек берсін

аялайтын сәбиін көзі ілінбей.

Сабыр берсін

бәрін де кешірем деп

ұлын күткен Ананның төзіміндей.

Тыныштық жоқ мынау жер, аспан, әлем,

қайғы жұтып жылайды тастағы емен.

Сен болмасаң, ей, адам, жақсылықты,

жауыздықты күтемін басқа неден?

Жоқ, жоқ, адам!

ұлысың сен Ананың,

ақ сүтімсіз қара жер жастанар ең!

Мен сондықтан асқақпын,

болмаса олай,

Мына өмірден өзім де

жасқанар ем.

1963 "

Ана махаббаты

"Малынып мұң-желімге

жырақта жүргенімде

тайғақ жолдар жанымды бек жүдетіп ,

саған деген бал сезім елжіретіп

қатар басып менімен күнде бірге

себеді үміт нұрын

тоңыңқырап жүретін бұл көңілге.

Шың, құздар биіктегі

тұрғандай сүйіп мені

сен секілді үндемей біліп бәрін,

кей шақтағы еркелеу қылықтарым,

кейде жаным төзгісіз тұйық па еді—

бәрібір саған ғана

осы қалпым, бар қалпым сүйікті еді.

Зымырап жылан-жалған,

құлардай қыран жардан —

кейде алдымнан тосады дүлейлерін,

кейде жайлар жанымды үрей менің

айрылып қалғандай сыңар жаннан.

Сонда сенің нұр тұлғаң

Қыдыр ата секілді шығар-ды алдан.

өмірдің бауын, бағын,

мұнарлы сағымдарын,

көз бермес дауылдарын —

кешіп келем бәрін де, көріп келем,

кейде қиын жылдарға жорық деген,

кейде денем майысып, ауырладым.

Енді біттім дегенде,

есіме алам сен барын, ауыл барын.

Сенің гүл алақаның

аялап балапанын,

қыран мекен—қияға талпындырған,

қанат байлап арманға жалқын нұрдан.

Ойлауменен есейген бала қамын

жазатын өзің ғана

жанымдағы жалаңаш жара табын.

Ешкімге жала жаппай,

ешкімді қаралатпай,

адалдықтың емізіп сүтін маған,

“өтірікке тұнса да бүкіл ғалам

шындықпен өт дегенің”- үкім маған,

көңілімде жаттаулы дара хаттай.

Шындықтың құздарына,

дауылдың ызғарына

кеуде тосып келемін өрмелеп мен,

талай-талай алқынып терге бөккем,

суық өтіп жүрегім сыздады ма—

сенің демің шілденің

күн шуағын құяды мұз-жаныма!

Жылытып шуақ-шабыт

жанымнан сыр ақтарып,

нұрына жүрегіңнің ауық-ауық

салқындаған денемді малып алып,

сен сүйейсің жатсам мен құлап қалып,

армандарды бетке алып жүріп келем

сенің махаббатыңмен қуаттанып.

1973"

Анамен қоштасу

"Анажан, егілме сен, елжіреме,

жас құсың қанат қақты енді, міне.

Аттасам алыстағы қиырларға,

жүр екен әлде неғып деп жүдеме.

Мен болып қуанышың, жанған бағың, жүресің жоқтай

саған жалғанда мұң.

Қарағым қашан жігіт болады деп,

өзгенің ұлын көріп армандадың.

Сездірмей өтеді екен жыл ағысын,

талдырмаш жігіт болды бұла мүсін.

Еленбей самайда шық, отырасың

жанардың жайып салып қуанышын.

Сүймедің, жылап келсем жаттан ығып, айтпадың жақсы бол

деп ақтарылып.

Бірақ мен сенің барлық жан-күйіңді

өстім ғой жанарыңнан жаттап үғып.

Тау асып шапқылаған бұлақтардай,

мені арман шақырады жырақ, шалғай

Сен мені күліп тұрып шығарып сал,

күйзеліп өз-өзіңнен, жылап қалмай.

Болса деп бір азамат ақтар үміт,

тырыстың өсіруге ел мақтаны ғып.

“ұлдары жасық болса, қыр анасы

намыстан алады, - деуші ең, - жақтан ұрып”.

Туғанда мынау жастық шақтар күліп,

құнысып бишарадай жатпан бұғып.

өмірдің шатқалына жеке тарттым,

қатерден өзің күткен сақтар да үміт.

Жаныма сеніміңді серік қыл да,

сал мені жабырқамай аттандырып!

1968"

Арға табыну

"Сенем саған өмірде.

Саған ғана.

Бастайтын жаңа арнаға,

ұмтылдырар алынбас қамалға да,

армандатып заңғар көк қияларын,

үміт пенен сенім боп ұяладың

жанымда, санамда да.

Адам мықты

мызғымас сенімімен,

айнымас серігімен,

халқының бірлігімен,

мейіріммен теңдесер Күн нұрымен.

Сол сенімді

жаныма сіңірдің сен.

Шаттансам, күліп жүрсем,

зұлымдықты өмірден түңілдірсем;

бұл ғаламат ғасырдың адамзатқа

арқалатар жүгінің ауырлығын,

шырқалар дәуір жырын

сезінсем, ұқсам бәрін;

түсінсем мен

адалдықтың жанында дұшпан барын –

сенің арқаң

(сол сеніммен әлдилер мені де әр таң).

Сенің арқаң

серпісем сағым мұңын,

мен өзіңмен күштімін,

жалындымын.

Мен білемін:

Әділет пен Адалдық – туың сенің,

сол туға жүгінсе кім –

айнымас досым менің,

оған айтар сырым мен жырым – сенім.

Жер үстінде көп әлі

адалдыққа оқ атқан жалашылдар,

одан өзге күші жоқ шарасыздар

(сол зымиян улы оққа құрбан болды

жазықсыз сан асылдар).

Жұмақ емес бұл өмір.

Адамзатты

күтеді әлі көрмеген жаңа сындар.

Ол сындардың отынан

жүресің сен талайды аршып алып

(талай жалын мені де шарпуы анық),

әлі талай тігесің өр басыңды,

оқтарға қарсы барып.

Сен шыңдалғансың

күрестерде, қиындау сынақтарда

жалын кештің, ұмтылдың бірақ та алға,

сенім сонда сені де ұмтылдырған

алдағы жұмақ таңға.

Арым – Күнім!

Айбынды тұлғаң бүгін,

қарайтындай сескене шыңдар бұғып,

шақырады алдағы жылдар күліп.

Сенің сәулең, жып-жылы мейіріммен

бара жатыр Жер бетін

нұрландырып.

1973"

"Арғымақтары қайда екен бұ даланың,

бәйге алаңын көргенде шыдамадым.

Аңсап келген ауылда сәйгүлікке

тақым салмай мен қалай тұра аламын?

Ағатай!

Маған арнап бір жүйрік баптадың ба?

Ендеше мен ойнайын ат жалында.

Бір көтеріп тастаңдар сүйтіп мені

шаршаңқырап келген бұл шақтарымда.

Құйысқанды тарттырып күмістеген,

оюлаңдар тоқымды пүлішпенен.

Арғымақ ат астымда ойнақтаса,

жалығарым жоқ, сірә, жүріске мен.

Бір жасайын мен бүгін

кетпей қойған бәйге ғой көкейімнен,

жете алмаған жігітті төпейін мен.

Жорғаңды қой, қайда әлгі Бәйге торы –

неде болса бір зулап өтейін мен!

1971"

Ардагерлер

"Ардагерлер,

елімнің қымбаттары,

революцияны өсіріп құндақтағы,

қасиетті күрестер жастықты ұрлап,

самайды мұз қақтады.

Қорғадыңдар

шындықтың мұраттарын,

Қобыландыдай төздіңдер сынаққа мың.

Тік көтеріп жеңістің жалқы туын,

ешқашан құлатпадың.

Сендер барда

нұр төгіп жанарынан,

салғандай дала бір ән.

Адамдық пен ерліктің ұлылығын

сендерге қарап ұғам.

Мінезім бар қаталдау кейде менің,

жан жылуын ашумен түймеледім.

Сондай шақта кеңдік пен мейірімді

сендерден үйренемін,

байсалды күйге енемін.

үміт артқан

сендердің ардағың ем,

ойсыз, қамсыз атырған таңдарым кем.

Сүйсіндіріп сендерді қуантуға

өзімді арнадым мен.

Шаттық нұрын

әлемге шаш, әр таңым!

Менің де бұл —шыңдардан асар шағым.

өздеріңнен басталған от ұшқынмен,

ардагерлер,

сендерді жасартамын!

1972"

Арман

"Елестейді жанбаған бағым әлі,

Сорлы жүрек сол күнді сағынады...

...Ақбөбек пен Қайыптың қызығы деп

тойлы ауылға кәрі-жас ағылады.

Балалар мәз. Думанға күлкі ұласып,

жаңа жерді жатсынып, жылқы қашып...

Көк шалғынға көміліп жас құлындар

жатса-ау, шіркін, желіде шұрқырасып!

Қыз жүрегін жігіттер байқап ашып,

отырады өзара тайталасып.

Қатар-қатар тігілген ақ жұмыртқа

отаулардың түндігін айқара ашып.

“Кетеді-ау, - деп, - жат-жұртқа ұя салып”...

Кейде келген құдадан сый аталып,

отырады кемпірлер “өріс қой” деп,

жаулық ұшын көз жаққа жиі апарып.

Сонда бұл маң түп-түгел жатпайды анық,

жолаушы да тыңдайды тоқтай қалып.

Жас күйеуді ортаға ап жеңге біткен

сабылумен жүреді нарттай жанып.

Таңданады сол тойға халық тұрып

(қызық думан көрген бе жалықтырып!),

жарқылдасып жүреді ағаларым

жиған-терген дүниені сарып қылып!

Ән-күйіңді сен бүгін бұлдама деп,

достар тұрса даланы жырға бөлеп.

Сонда біздер бақыттың толқынында

қос қайың боп, дүние-ай, ырғалар ек!

Қол жетпеске талпынар көңіл деген,

аңсауменен бұл күнді өмірде мен

өтемін ғой, құдай-ай, құсалықтан

жалғыз тамшы жас қалмай төгілмеген...

Бақыт аңсап балалық күн кешіп ем,

болмағаны-ау бармақтай бір несібем...

Бұл қапырық қуыстан құтылармын,

қалай шығам заманның түрмесінен…

1966"

"Арман деген елесті қуып келем

алып-ұшқан жастықтың тұлпарымен.

Бірде ысиды, біресе суып денем

алған сайын әр белес, қырқаны мен.

Ей, жастығым, маужырап қалғымағын,

бала қаздай қияға түлет мені.

Көктеменің мүлгіген таңғы бағын

менің жаным жүрген жоқ тілеп тегі.

Болсын мейлі асқар тау, алдым ағын,

мүмкін емес жасытып жүдетпегі.

Сенетінім - құс қанат арғымағым,

сонсоң алау жалыным жүректегі.

Мен осылай арманды қуып келем,

алып-ұшқан жастықтың тұлпарымен.

Тоқтамайтын шығармын жуықта мен –

алыс самғау-қашанғы іңкәрім ең!

1968"

Арна

"Құз, саладан,

сайлардан

ұмтылып алға өзендер жатыр бұрқанып,

өр екпінімен жолсыз жақтарға бұлтарып.

Кедергілерді келеке еткендей айбынмен

кездесуге құштар айдынмен

сескенер емес дүниені түгел дәл қазір

кетсе де тұман-бұлт алып.

Ағыныменен құздарға соғып, бас ұрып,

алай да түлей ақ толқындары шашылып,

тірлікке түгел нәр беріп жатқан арнаға

жетуге ғана асығып,

бұлқынып ағып, буырқанады бейуақта—

тосқауылдардың көптігінен бе—ашынып.

Тұп-тұнық көк көл тұншығып,

арынсыз онда бұйығы, тымық тіршілік!

мөлдіреп мөлтек көрінгенсиды-ау сырт көзге

түбінде бейне тұрғандай балғын гүл шығып,

аласұрғанмен алыс арнаға жете алмай,

қарайды сонау өр ағыстарға

ұмтылған алға құлшынып,

қызығып әрі қымсынып.

Айдынды мекен – жасыл жай,

алапат толқын екпіні жазғы жасындай.

Талпынып сонау армандай мәңгі арнаға,

далада қанша бастаулар жатыр ашылмай...

Арнасыз, сусыз тіршілік деген—бұлыңғыр

қалғандай бейне сәулесі Күннің шашылмай

су ма едің сен де, қымбаттым,

жүрмін әлі күн

өзіңе деген менің де шөлім басылмай.

өр ағыстарға тоқтау жоқ,

жолында талай жатса да тосқын жармасып,

өршеленеді алға асып.

Ағыныменен кетеді шайып, өң беріп,

бытқылдың бәрін қашаннан жатқан

шаң басып.

...Сарқылмас, солмас тасқындар солай ағады

тірліктің мәңгі арналарымен жалғасып.

1973"

Асау толқын

Келеді бір күш соңымнан: өктемдіктерге бас бұрмай,

екпінін көрсең—дауылды түнгі дариялардағы тасқындай.

Жүреді ол дос қып, адалдық көрсе бойынан,

ешбір пендені жатсынбай,

қиянаттардан қиналғандарды басқа ұрмай,

қояды ол сосын өзімшіл менмен жандардың

ауызын “ә” деп аштырмай.

Намысына тисе халқының біреу, кете алмайды оның алдынан

жанарларына жас тұнбай,

кіре алмай жерге, өкінішке толы өксікпен

жөнейді кері жаралы қорқау қасқырдай.

Шындықсыз жерде ол, келіспек түгілі,

бұрылып басын да имеген

сол ақиқатпен мен де бір жасыл күйге енем.

Оның ақ жанын ешнәрсе жалтарта алмайды

көгілдір дүние, көп жиһаз, асыл күймемен.

Халқының абзал қасиеттерін ардақтаса жұрт,

бақыт пен даңқ тілемейді өзге,

ол үшін осы сый деген.

Келер бір сондай тың толқын

дәуірдің өзі туғаннан сана, күш берген.

өмірдегі кейбір жалтақтықты көрсе, тістенген.

Ығыспай сонда ол, арпалысып өтер өлгенше

әділеттен жұрдай үстеммен.

Жүреді сосын ұрпақтың даңқын шырқатып

тарихтың өзін таңдандыратын істермен.

Қарайды оған бас иіп

Жер ғана емес, көгілдір аспандағы Күн,

қайратын көріп жанартаудың жасқар жалынын.

Жүреді ол кәміл белгісіз мекен жайларда

туларды қадап шыңына асқарларының.

ұрпақтары оның мақтанар мәңгі аңыз қып

жұлдызды жондарда қарыштап басқан адымын.

Оған түк емес бүгінгі менің

өзімшіл асқақ арыным,

кім білсін, мүмкін, оған да жетер

ашынудан басталған үнім.

Мен, мүмкін, оның биіктерге шырқар жолдағы

алғашқы баспалдағымын...

Асқақ болғанмен, ұғады ол

тамырсыз тыңдардан өзінің өспегенін де,

естиді ол әнін Ақанның Көкше белінде,

асқақ үнімен даланы жаңғыртып өткен

Махамбеттердің болғанын көшпелі елінде.

Іздейді ол талмай аталардан қалған мұраны,

Жер астындағы “архив” біткеннің қопарып

текшелерін де.

Осынау жонда қалалар тұрды-ау бір кез деп,

тігеді ойлы жанарын төстегі егінге...

ІІ

Сан заман өткен,

қазақтың

таптатып жатқа мекенін, қор қылып елін

сол түнек заман, менің де сор күнім едің.

Қасірет шеккен кең дала тыныстап бүгін,

ұмытып жатыр талайға жортуыл демін.

Қасиетіңді тек жоғалтпа, ақпейіл далам,

шүкірсің бүгін—төсің бай, қолтығың егін.

Мойнымда менің көп әлі

алдыңда сенің

өтей алмаған борышым, олқы күндерім.

Тағдырыңды сенің тапсырдым сенімді ұрпаққа —

көз нұрың, болашағың да сол, түбінде, елім!

...Келеді әйтеуір бір ұрпақ менің соңымнан-—

бар үміт сенде

о, асау толқыным менің!...

1971"

" Асқақ үн, айбынды әнің,

Жайық, Жем айдындарым,

қос жүзіндей алмастың мәңгі бірге,

құмды дала, қияқ пен сәнді гүл де

бір-бірінен аумаған, ағыстар да

қол ұстасып мәңгілік табысқан ба

финиші жоқ өмірлік жарыстарда.

Балалық нұр шағымда

асыр сап құм шағылда

қатар өстік, табысып алыстан үн,

қатар кештік қос өзен ағыстарын,

жалаңаяқ толқынмен жарысқаным...

Қойнында нұрың әрлі,

жүрекке жылы мәңгі

туған жерің сені әркез аялаған,

ашық аспан, сырлы өзен, сая далам.

Байтақ Отан басталып сол арадан,

кеңдікті де сол жерде шолады адам.

Біз сол жерде туғанбыз, нәр алғанбыз,

көңіл — дала, жаны — гүл адамдармыз.

Бүгін — соғыс күліміз. Күлміз бүгін,

естілмейтін сыбыр боп тұр біздің үн.

Озатын қашқан желден

әндері аспан керген

бәйге бермес өнерде жырау ел-ді.

Құмдақ еді, жайқалған шығар енді?

Қалай өзі сол маңдар, қандай бүгін?

Жер астынан жетпейді шалғайға үнім.

өнер десе бір тыным таппай жаны,

Махамбетті жас-кәрі жаттай ма әлі?

Баурағандай ақынды құлан — шабыт,

атойлай ма күмбір күй ұран салып,

Құрманғазы, Мұхиттар тірілгендей?

Біз кереңбіз, жатырмыз бірін көрмей.

Есейген кек селінен

ер шығар шеттерінен

балықшылар мұз қарып, ағын кешкен,

еңбек десе шығарған дамылды естен?

Жағасында — еңбеккер думан халық

ағысты өзен жатыр ма құмдарда ағып?

Соға ма әлі құм дауыл шағыл босып,

көкжиектен жата ма сағым көшіп?

Төгілердей жұлдыздар алақанға,

ерекше еді-ау қысқа түн “саратанда!”

Тірліктің бір күні — ұшпақ,

армансыз бір тыныстап,

елжіреп жан өбкенде самал желі

айдынына бір сүңгіп алар ма еді!

Еске алғанмен өлімді өңінде әркім,

тірілерге қадірсіз өмір бәлкім.

Азап, мұңың түк емес - мұны біл сен –

туған жерде нық басып тірі жүрсең! "

"Аспан мен Жер арасын

өрт қаптады жалыны жаландаған,

көңірсіді құйқадай адал далам.

Бір-бірінің қанынан ұрттамаса,

тыншымастай сұстанды адамға адам.

Түндер келді жарыңның құшағында

рахаттың орнына алаңдаған.

Жас орнына мөлдіреп жанарда қан

тамайын деп тамбаған, тама алмаған.

Алмасты ілез күрсіну, күңіренумен

жүректерден шарықтап таралған ән.

Түнде соғар дүлейін жасырғандай,

күліп атып қылымсып таң алдаған.

Бейнетімен бақ құшқан кең далаға

қанды өзендер құйғандай сан арнадан.

Мазасыз әм қысқа бұл тіршілікте

болар кейде мейірімді адамнан аң.

Сәби көңіл жандардың жанын улап

бітіспес кек, ызамен арамдаған.

Дөңбекшіді сонда Жер қанға бөгіп:

“Не кінәң бар, Адамдар, тағар маған?!”"

"Ат мінсем, құйындатып,

қалмаймын жігіттерден.

Айтыссам жиында, тек

жеңістен үміттенем.

Жіңішке жол қадамым

қызбын деп жасымадым.

Әзілмен бозбаланың

аузын ашырмадым.

Жеңе алмас сорлы бала

тағылау қыр үркегін!

Күй тартсам, домбырада

Динаны тірілтемін.

Іздеймін батыр, мықты

көз салып үміткерге:

мендегі батылдықты

бермепті жігіттерге!

1970"

"Атты да шұғылалы таң күншығыстан,

арайдан қараңғылық бұлты ығысқан.

Талпынған тіршілікке қыр әлемін

бөледі сазды әуенге жыршы құстар.

Бас иіп қырдың жасыл қияқтары,

тұрғандай жаныңа әсем күй ақтарып,

нәп-нәзік қырдың гүлі албырайды,

алғашқы балғын сезім сияқтанып.

Күн шықты жанарынан нұр атылып,

құм жатыр бұйра жондар шұбатылып.

Жартыкеш ай барады жаутаң қағып,

үйінен кеткен қыздай ұзатылып.

Тұнжыр түн үйқылы-ояу таңға ұласып,

қыр жатты тәтті ұйқысын қалғып ашып.

Әлемде тек екеуі секілденіп,

отырды қыз бен жігіт албырасып."

"Ауыл қандай! Көкорай дала деген!

Көкорайда сайрандап қалады өрен.

Атаң саған қуанып ат мінгізіп,

жарыстырды өзіңдей баламенен.

Жалдан тартып жармастың атқа сонда

(жарыс дәмін бұрын сен татпасаң да),

қиқулатып жөнедің. Дала төсін.

тұлпар тұяқ орады мақта-шаңға.

Ат мінгізді атасы балама деп,

әкең тұрды қуанып саған ерек.

Жаным шығып сонда мен жылап тұрдым

жазатайым жазым боп қалама деп.

“Атқа шапқан – бақыт”, - деп жеңгейлерім

жұбатса да, жүрегім көнбей менің

алып-ұшты. Тұра алмай бір орында

“Бәйге құрсын, өзі аман келгей…” – дедім."

Ауыл қызы

"Қос жанарда тұрады арай кілкіп,

қадалмайды, жалт етіп қарайды үркіп.

Сұқтанады сан көздер сұлулыққа,

талықсиды қағылмай талай кірпік.

Ақша бетке жарасып пісте мұрын,

балғын жүзден мөлдіреп іштегі нұр,

бала мінез, пәк көңіл тамсандырып,

деседі іштей жігіттер: “Түс пе мұным?!”

Жұмыр кеуде жарасып иықпен тік,

тұр талдырмаш денесін биіктетіп.

Жалғыз жатыр жотада қара бұрым

нәзік белге кей-кейде тиіп кетіп.

Қынай белді көйлегін етегі кең,

қуыршақтай қомпитып кетеді жел.

Ақ маржандай тізілген сұлу тістер

көмкеріліп алқызыл екі ерінмен.

Шыдам жетсе, жігітім, қызбай қара,

қадалсаң да, тоймайсың, жүз қайтара.

Мынау дала жердегі жұмақ болса,

періште деп дәл осы қызды айтады, ә!

1969"

Ашыну

"Түрмедегі Ақбөбекті патша

офицері корламақ болады.

Селтиген сары!

Жетіспей тұрғаным сен едің,

келдің бе тағы көлгірсіп зымиян күлкіңмен!

ұстай алмассың Бөбектің шәйі желегін,

әзер болса, дозағым болар бұл түрмеѕ.

Ит өлген жерден келді екен сені кім айдап,

қаңғыбастарға мекен болған ба бұл аймақ?!

Тірілей мені тәлкек қып қойған мұндайға

соқыр екен ғой Құдай да!

Күні кеше сен “жабайылар” деп шікірейіп

тұрдың емес пе,

сары жез мұртың тікірейіп тұрды емес пе!

Жабайыны жөнге саламын десең, алдымен

мәдениеттілігіңді елестет!

Жолама маған,

қолаңса-сасық, күлімсі исіңнен жерінем,

қорқытам деме - талай қорқудан батыр боп

алдым тегі мен,

сенсіз-ақ көрген азабым бастан асып тұр

мынау даланың шонжарлары мен бегінен.

Тірілей сенің құшағыңа енбен, жүн ерін,

аю мойныңа асыла алмайды Қайыпты ораған

білегім!

Асқақтығым асып, ашуың қысса, жарып же

жабайы қыздың жүрегін!"

Аяулыбейне

Клара Дмитриевнаға

"Сені іздеймін

шешілмей жүрген жұмбақтар бойда тұнғанда,

жас арман мені жетелегенде көп толғандырған

сырларға. Қуанышым мен қайғымды дәйім алдымен саған ақтармай,

шәкірттік көңіл тынған ба?!

Қиындықтардан қиналмай аттап, саған келгенде

қысылдым -өзіңнен асқан шың бар ма!

Сені ойлаймын

көзім түскенде аласармайтын шыңдарға,

биіктер алда тұрғанда.

Мәуелеп өскен бәйтеректерді көрсем мен -

аяулы бейнең тұрды алда.

Мені ылғи саған бас игізетін қандай күш екен

сендегі -жылылық тұнған жанар

ма мына, қарапайымдау тұлғаң ба?!

Өмірдің соқпақтарымен

арманды қуып, алыстап кеттім мен бөлек,

жаныма жақын

қимасым болған қалды да бір жан елде ерек.

Мынау өмірден ізгілік көрсем, адалдық көрсем, мен ылғи

бас иіп өтем сен бе деп...

1962"

"Аяулым!

Сен кеткелі қанша күн!

Күтуменен шаршадым.

Көкірегім толған сезіммен

кұшағыңды сенің аңсадым.

Таңдайымда қалған-тәтті дәм

талықсығандай тамсадым.

Еркем, өзің кеттің де,

душар болдым дертке мен.

Сағыныш деген өртпенен

лауладым.

Мұндай сезімді

бұрын-соң бастан шекпегем.

Қаңырап қалған бөлмеде

сенделіп, уакыт өткерем.

Жынданған жандай, көз жұмсам,

бейнеңді сенің көп көрем.

Мәңгіріп қалдым жандардай

ақ арманына жетпеген.

Дүниенің барлық қызығы

үдере көшкен секілді

сен ұшқан самолетпенен.

Қасірет екен жалғыздық.

Сен барда мынау қос бөлме

ұқсайтын қазды қос көлгс,

Құлазып қалған секілді

басынан бақыт көшкендей.

Калған жандаймын елсізде,

кездеспей жалғыз дос пенде.

...Қиянаты мол жалғанның

қиындықтарын арқалап

туар деп алдан арман күн —

мен үшін жалғыз күн кешкен

анама сонда таңдандым."

Әйел

"Ей, адамзат!

Кара жерге гүл еккен,

қара орманды күл еткен!

Тыңда мені жүрекпен!

Тыңда мені, сан жұрттар!

Кең әлемде кеуделерде тарлық бар,

тұтастық бар, қалдық бар,

бар әлемде, қара жердің бетінде

соғыс жайлы жарлықтар.

Дүниеде ұзын қолды үстем бар,

шарасыз бір күштер бар,

махаббат бар, құрлықтар бар, түстер бар.

Жанартау бар, жарылу бар, дүмпу бар,

сәнді үйлерде күңкіл бар,

атпай, аспай құрту бар.

Адалдық бар, мейірім бар, зорлық бар,

қайратыңды қайнатады қорлықтар.

ұлылық бар, даналар бар, мұрат бар,

шың аталған қырат бар,

терең жатқан бұлақ бар.

Бірақ соның бәрінен

биік тұрған бір күш бар,

дидарына Жер де құштар, Күн құштар:

ол — нәзіктік,

мәңгі шуақ, нұры — құт,

сарқылмайтын жылылық,

ол - тірліктің қуаты -"

Әйелге деген махаббат

"Түндерде жалын боп өткен

біреуді жаным деп өбкен

сенің гүл еріндеріңнен

әйтеуір жерінбедім мен.

Жұттым да көзде жасыңнан,

төсіңнен өзгеге ашылған

басымды ала алмадым мен,

(қайғым ба ең, жанар бағым ба ең?!)

Көлдегі сағым көрікпен

жанарды жанымды еріткен

құштым мен ашқарақ күймен,

(білемін - басқа да сүйген.)

Ең алғаш құшқаным да - өзің,

балқытқан күш жалын да - өзің,

ең алғаш сүю дегенді

үйреткен ұстазым да өзің.

Жанымнан мұңым кеткелі

сен болдың күнім көктегі.

…Қайғым тек - осының бәрі

басыңнан бұрын да өткені...

1973"

"Әйеліңді, жылы үйді – таста бәрін!

Бұз бірауық тірліктің тас қамалын,

қамалдар мен шарттардан тұрады өмір -

ізде одан да көңілдің басқа амалын,

шырқа сөйтіп өмірдің асқақ әнін!

Тереземнің алдына келме күнде,

көрінбеуге тырысып елге-күнге

(сүю деген – батырлық бұл заманда,

қаратпайды сезімдер шенге мүлде),

уақытым жоқ сенімен сенделуге!

Қызғаныштан күйдір де жерле жаман,

бірақ жұрттан ұрланып келме маған!

Қызғануға қақы бар, сүюге де

сеніміне өзінің сенген адам,

сезіктенбей, сескенбей иен даладан.

Мен бәрібір шықпаймын, түнер, жарыл,

(рас, сені тілеп тұр түгел жаным!),

өйткені мен адамның әлсіздігін,

сақаулығын, сақтығын – білем бәрін,

барлығына кереқар жігер, қаным!

Селдей сезім болмаса шоқ денеде –

толқын құшып ұмтылма от кемеге!

Қамалдарды бұзып кел – бірақ сонда

сөніп қалсам, өкінбе, өкпелеме –

еркіндік пен сезімге сот немене!

Ән сайысынан кейін айтқаны

Жұрттарға Майра жайы бұл күнде ермек,

сыртымнан сұқтанады үнсіз жерлеп:

әнім мен ажарыма айыптымын -

барады Керекуді күңкіл кернеп.

Мен үшін талантым - тұл, мәнсіз - көрік,

не сұмдық - тіл қата алмау - жансың ба өлік?

Бермеді жеңісімді жұрт алдында,

бас ұрман бәйгесіне — алсын бөліп!

От құйған жігіттерге жаны жалын,

өшпейді өртесе де бағым - әнім.

Шулайды алты алашқа арғымақ деп

шаңыма шақ келмейтін жабыларын!

Жайлы өмір сүрем десең жұмыр жерде,

бәйгеде басқалардан бүрын келме,

қым-қуыт қырдың жолы, қыз басыңмен

қосылма қиқулаған дүбірлерге.

Болғанмен жырым - жақұт, әнім - асқақ,

алмастай өнерімнің әрі қашпақ –

шырқайтын сандуғаш-үн сайрай алмай,

жыр көшін бара жатса жабы бастап!..

Майраны кінәлаған билерге айтқаны

1

Тіршіліктен сыбаға, сыйымды алам –

ғашық болам, жек көрем, күйіп-жанам.

Менің толқын жанымды сезіп, ұғу

сендерге бұйырмаған.

Мен өмірге құштармын ғашық ұлдай,

ұқпассыңдар бәрібір тас ұғынбай...

Ән саламын, күлемін, сүйсем - сүйем,

сендерше жасырынбай!

Сендер бұған, білемін, бармайсыңдар,

беті жылтыр, жаны пәк жандайсыңдар.

Былық мына сендердің өздеріңде –

ақталар ал қайсың бар?

Шариғат деп, шындық деп сарнайсыңдар,

шындықты айтса, жарыла жаздайсыңдар.

Тас тыққандай тамаққа заңдарыңнан

тек қана таңдай сыздар.

Уды да үнсіз шашыңдар сұр жыландай,

қылдан шылбыр шықпайды мың бұралмай.

Әлі жынданасыңдар әнімді үзіп,

тілімді сындыра алмай....

От сезімім көнбейді көндім деуге,

жалынына шыдамас солғын кеуде.

Тым болмаса бір рет мына сендер

шын сүйіп көрдіңдер ме?

2

Қайтемін, сүйіп қалдым. Ғашық жаным.

Мұнымды құдайдан да жасырмадым,

бәрі де бітті деп ем. Көрдім де оны

сезіндім жанымда әлі жасын барын.

Жалыққам тұнжыр, мөлдір тыныштықтан,

не тоңбай, не өртенбей бір ыстықтан.

Қандай күш, қандай бақыт арпалысып,

сезімнің сењдерінен тыныс жұтқан!

Шарттар мен тыйымдар көп бұл далада,

байқасаң - даланың да құндағы ала.

Қырында қылаң берген қызғалдақты

құйын жел кетеді айдап құм далаға.

Заманда еркіндіктің миын шағар

ойлыға, тік жүрсе де, қиын соғар.

Ешбір күш болған емес, болмақ емес

сезімге, сезінуге тыйым салар!

Жазала, жанарымды жасқа бұла!

Күнді де шығармаңдар аспаныма!

Қылмысым - жасырынбай жігіт сүйдім,

жанымнан таба алмайсың басқа күнә!"

"Әкел сен құздың сирек гүлін мейлің,

мен саған табынған боп жүгінбеймін.

Тіпті де қысылмаймын ешбір жанды

менсінбес қылығымнан түңіл мейлің.

Телефон шырылдаса, сен екен деп

жеткенше жаным шығып жүгірмеймін.

Тұрса да іңкәрлықтан тасып қайғың

(мені де жүргендей-ақ жасытпай мұң),

күлемін, қалжыңдаймын сеніменен,

жасқаншақ қылығыңды машықтаймын.

Сезсем де тұрғаныңды құшқың келіп,

оңаша қалуға ешбір асықпаймын.

Сен жүрсің сан ойлардан шаршап, тегі,

білмейсің жүргеніңді аңсап нені.

Сенбейсің менің ессіз сүйеріме,

сүйгізе аларыңа әр сәт мені.

(Жігітте табындырар күш болмай ма,

ол жігер әлде сенен алшақ па еді?!)

Сен мені аялайсың. Білем, құрбым.

Туады қол ұстасып жүрер бір күн.

Қиналсам, тек өзіңді еске аламын

(ал менің тірлігім де — кілең кірбің),

сен тездеп келу үшін құтқаруға

туса деп қиын сәттер тілеп жүрмін.

1975"

Әлем деген немене?

"Қанды қанмен қайтарған қылыш кегі,

қайғы оранып біреудің мұң ішкені,

ғашықтардың бақыттан мас болғаны,

анасы мен сәбидің күліскені.

Әлем – дауыл, ақ жаңбыр, асау өзен,

туған жердің көгорай пүліш белі,

жүрегі алау жандардың ұлы істері.

Әлем деген – Аспан, Жер, Күн мен түндер,

сан тағдырлы өмірдің тыныс-демі.

1974"

"Әуелден өлең-жырға құштар жаным,

демеймін жетіп міне, ұшталғаным.

“Талантты талмай ұшыр, тұншықтырма”,-

деуші еді менің абзал ұстаздарым.

Шымырлап тына қалған көл бетіндей,

тұрады жүйрік көңіл тербетілмей.

Ол кейде мөлдіреген ашық аспан,

бұлт басып тұнжырайды кейде түндей.

Бей уақыт толқытады жыр нөсері,

күбірлеп кіммен көңілім тілдеседі?

Сол шақта ұмытқандай дүниені,

шаршауды, жалығуды білмес еді.

Толқындай мені үйіріп арнасына,

бір дауыл тартатындай алға асыға.

Бұл не күш - әлде сонау бабалардың

үзілген арманының жалғасы ма?!

1960 "

Бақыттының монологы

немесе ақымақтарға айтылған ақыл

Тирпулдағы (Ауғанстан) мұнай өндірісі орталығының бөлім меңгерушісі Аманулла Әлимен әңгімелескеннен кейін туған ой.

"Бұл жұртқа не жетпейді:

күйгелектеп көр-жерге безектейді,

денің сауда - шайқап төк, үріп-ішіп,

ақымақтар жатса да қырылысып

бір-біріне мылтығын кезеп мейлі.

Кейбіреулер мән-жайды сұрамастан

біреу үшін күйінген, кінәласқан;

өз басының тірлігі жырақ қалып,

қайғысына біреудің жылап-талып,

дәл өзіне түскендей құлап аспан.

Түк пайдасыз көңілмен нұрдан аппақ

әпенделер жүреді құр далақтап:

жат қуанса - жүрегі жұлынардай

шаттанарын қайтерсің дымы қалмай,

өзі бақыт құшқандай ыржалақтап!

өзіңдегі байлық пен бақты біліп

жүрмейсің бе, кетсін бар жат түңіліп!

Не жыным бар жаныма азап алып,

қайдағы бір жүрт үшін мазаланып,

кетсе-дағы қара Жер қақ тілініп.

Акымақтар ел десіп, заман десіп,

аһ ұрады, қайғырып, залал кешіп.

Қайтіп есті жан дерсің мұны тегі,

құр ойлармен аз миды шірітеді,

сонда өзіне келердей адал несіп.

Быж-тыж болып өткізген нұрлы күнін

ақымақтық екенін тірлігінің

айтар ем-ау. Не пайда ол ұғынғанда,

өз басыма сор тілеп жыным бар ма?!

Ақылды ете аласың кімді бүгін...

1974"

"Бал сезім билеп жанымды,

лапылдап жүрген шақта бұл,

жасырма, жаным, барыңды,

алдымда менің ақтарыл.

Түндерім өтті өртеніп,

Ойларым көзді ілдірмей.

Сендегі назды еркелік

байлады мені білдірмей.

Күнкілге толы күндізден

жаныма кейде мұн салам.

Адастырмайтын жұлдыз бе ең,

оралам кеште бір саған.

Тоқтатпай мені бақтағы үн,

жетуге саған асығам.

Сен болып сонда ақ таңым,

мұңым бір тарқап, ашылам.

Нұр кұйған мұңды көңілге

сен болдың мағап Күн әлем.

Кездеспей кетсең өмірде,

қайтер ем сонда мына мен?.."

"Баланың еркелігін

шытынап, көтермейміз.

Үш жаста-ақ ел сенімін

ақтаса екен дейміз.

Ойлаймыз: жүгірмесе,

сұрақтар бермесе көп,

көр-жерге үңілмесе,

жаныма келмесе деп.

Жүр дейміз арыстан боп

қарғитын қара құздан.

Өзіміз данышпан боп

туғандай анамыздан.

1960 "

Барлаушылар

"Мен ғашықпын

ұлы істерді дүбірлеткен бұл ғасырға,

ой-арманы асқақ жылдасыма -

дарияларды селдетіп сайларынан,

мұнараларды самсатқан қыр басына!

Жете алмайтын шығар-ау қыран да, сірә,

ақ мұнаралардың шынар басына!

Батырлық дегенді білмейтіндерің

осынау барлаушылардан сұра!

Бұлар ма, бұлар -

елсізден елге сый арнап жүргендер,

үстіртке қонып, қияннан өргендер.

Сұраңдар осы ер жүрек ерлерден

қиындық дегенді қиялда көргендер!

Аттанған шақта ол шартараптарға,

үмітті көзін қадап ақ таңға,

сұра қандай деп қуаныш дегенің

бұрқырап тыңнан фонтан атқанда!

Барлаушы жүрер

шатырлап аяз, дала қар құшқанда,

өртеп өзекті “саратан” қысқанда.

Барлаушы барда басқаның бәрі

ұқсайды кілең балапан құстарға!

1966"

"Басқа қызды жар еттің. От-жалынмен

мені сүйген жүректі аямай-ақ.

Тікенекті өмірдің соқпағымен

тартып бердің әйтеуір жалаң аяқ.

Саған деген сезімнен есім кетіп,

өртеніп-ақ жатамын қызғаныштан.

Келе алмадым сонда да шешімге түк,

шаншу алды жанымды, ызғар ұстап.

Білем әлі жүректер ұғысарын,

бірақ көрсем - жалынды басып-жаншып,

асқақ қарап өтуге тырысамын,

сенен өзге біреуге ғашық жансып.

Тағдыр бізді осылай тұсады да,

екі айырды. Аңсаушы ек тел өсуді.

Беріп сені басқаның құшағына,

серік қылып жүрмін тек елесіңді.

Жұртқа жұмбақ болды да мендегі елес,

біреулерге бұл күнде мазақ та өзім...

Махаббаттың күйігі — ерлер емес,

әйел ғана шыдайтын азап-төзім.

1966"

"Баянның бақтарында,

шың-кұзды шатқалында

ерке өскен жас маралмын

шомылып ақ сағымға.

Біле алмай шамаңды әлі,

бозбала, құлшынасың,

тұңғиық жанардағы

толқынға тұншығасың!

Мергендер — көз қадарым,

танытар жігітті айбын,

бос белбеу бозбаланың

оғын да жуытпаймын!

Садақпен тартар ма адам

даланың ерке елігін.

Мекенім - дарқан далам,

жарысар жел - серігім.

Мұң жұтар жай жағада

жалынсыз жасық адам.

Мен барда айналама

шаттық-нұр шашыраған.

Алдымнан жарқырасын

ақ сәуле арайларым.

Жанарым шарпымасын,

жігітім, абайлағын!"

"Бер маған домбыраны!

Жерітті мына жұрттың солғын әні!

Мен салсам аққу әнге, ілесе алмай

бәлсінген бозбалалар болдырады.

Тыңдасын Маралды елі,

әкетсін алыстарға самал желі,

әнімді топырағына сіңірейін,

мәңгілік қайталасын далам мені.

Домбырам үкіленген,

дауысы дара шығар бүкіл елден.

Саздарым - сандуғаш үн, жігіттің де

өзімдей өнерлісін күтіп ем мен.

Жасықтың күні де түн,

жалынсыз әнші құрысын, үні жетім!

Керімсал Керекудің аймағына

мен әннің көрсетейін құдіретін!

Тыңдағын, далам, бүгін,

жаңғырып жылғаларда қалар да үнім.

Жабығып жиһан кезген жалғыз марал

маңына қайта оралсын Маралдының.

Кеткендей түн ағарып,

әнімді серік етсін ұлан анық,

тыңдасын, нәзіктікке таңдай қақсын

арқаның ақпаны да тына қалып!

Тыңдасаң тымық таңда,

жаным - жаз, жүрегім - ән жыр ұққанға!

Шырқайын әз-әуенді, сонда менің

жаныма батыл келер жігіт бар ма?!"

Би

"Жүрегі алқынады,

ауған бұған жігіттің бар құмары.

Қайратты қол беліне тиген сайын

тұла бойы тұрғандай балқығалы.

Көрмеген бе дәл мұндай ""сынға"" түсіп,

әлде киім кеудесін тұр ма қысып,

басы айналды,

вальске дөңгелесе,

қалады тек кеуделер тіл қатысып.

Жүрек баяу соғатын қалыптағы

алып-ұшып жөнеді – бар ұққаны.

Айналада ақ мұнар, екеу ғана

теңіз-сезім төсінде қалықтады.

Қымсына ма әлде сәл қорғана ма,

сезім өткізгіштей ме қолдар ана…

Күйеуінің жанына отырғызды,

есін жиды келіншек сонда ғана.

1978"

Би алаңында

"Топталып тұрған жұртты жайпап еніп,

шақырдың биге қайта-қайта келіп.

“Мен сізді көптен көрем, сүйемдерді”,

айныттың жүрегімді, айта беріп.

“Жоқ!” - дедім, ыза кернеп, тасыдым да,

Мазақ па әлде әзіл машығы ма?

...Досыммен биге айналып жүргенімде

жаңағы көзім түсті “ғашығыма”:

Қаншама болсаңыз да жаста қызба,

ойнауды махаббатпен тастаңыздар.

Әлгіде-ақ маған айтқан “жүрек сырын”

айнытпай ақтарып жүр басқа қызға.

1959"

"Біз екеуіміз біргеміз.

Бақыттылықтан жанарымда менің қалды ғой күміс шық тұнып.

Дүние деген тып-тымық!

өліп-өшкен бар болмысыңменен сен отырасың тіл қатпай,

жанарыңмен ғана ұқтырып

(адамдар бүгін бірінен бірі алшақтап кеткен заманда

ұғысу деген - мықтылық!)

өмір бізді айырсын -

бұған да тіпті қайғыдан өксіп өкінбен,

түндерде мейлі арпалысайын жанымда жанған отыммен,

мейлің сен тіпті басқа жанменен мен жоқта

оңаша қалып отыр ма ең -

бәрібір мені ұмыта алмайсың. Мен сенімен біргемін

ұғысқан алғаш со күннен.

Менің аусарлау ақылдым!

Қақтығысы мол жер үстін басып жанымда өзің жүргелі,

қажыта алмайды мұң мені.

Мен жиіркенемін кейбіреулерден.

Сүю дейтіні олардың—-

төсекте жатқан түндері.

Бұл дүниенің қасіреті менше - ұғыса алмайтын жандардың

түсініскен боп жүргені.

1967"

" Білмей тұрмын не дерге:

тамырымда бір ағыс

асыр салып,

денемде

шапқылайды қуаныш.

Жаны көрмей даланы,

жалыққандай шеңберден,

жүрек кетіп барады

жұлқып шығып кеудемнен.

Бір жатады, бір тұрып –

кірпіктерімді аядым.

өз-өздері бұлқынып,

билеп тұрды аяғым.

Мынау дала, мынау бақ,

жасыл шалғын жағалай.

Көк аспанда Күн аунап

жатыр аппақ баладай.

Жеті мүшем – соны ұғам –

жеті жақта жүр менің,

қайсысының соңынан

жүгірерге білмедім.

Басқара алмай денемді,

сезімменен арбасам.

Менде жай жоқ, мені енді

өзің жинап алмасаң!

1984 "

"Бір жүрейік,

қос дауыспен ""Аққұмдай"" бір ән салып,

тұтқындасын ақынды қылаң шабыт,

мұңдылар да еске алсын бақыт күнін,

жанарларды тұрмасын тұман шалып.

өмір — жасыл бақ емес, арналы құз,

таба алмайтын сәттер бар қарманып із.

Бұл тірлікте түк емес кейде біздің

ұғыса алмай, керісіп қалғанымыз.

Несі қызық бар дәмін

татпай кетсек, өмірге келіп тұрып,

қуантпаса ол, жылатып, еліктіріп?!

Кейде дауыл соқпаса, тыныштық та

жібереді емес пе зеріктіріп?

Бір жүрейік

жүзімізден арайлы арман ұшып,

жанымыз — дәл гүл құшқан таңдағы шық.

Бізді көріп секемшіл мына жұрттар

бас шайқасып, дал болсын таңданысып.

1970"

"Бір сырымды айтам өзіңе, жаным, ал тыңдап:

алдыңа сенің күліп те келем жарқылдап,

алдыңа сенің түнеріп келем кейде мен,

өмірдің кейбір көлеңкелерінен салқындап.

Алдыңа бірақ көлгірсіп келмен қашанда,

бар жаным осы: сүйкімді ме әлде нашар ма

Көзіме жақсы көріну үшін өзің де

ұзатар қыздай сәнденіп, текке жасанба!

Сенсіз күндерде қайғы-мұң басып еңсені,

тілегем талай: “Аяулым жақын келсе еді...”

Жағынба маған, жарамсақтардан жиіркенем,

анадан туған пәктікпен сүйем мен сені.

Ашуың келсе, іренжиді-ау деп ашынба,

ішіңнен тынып, жаныңның күйін жасырма,

Екеуіміз, жаным, алдасып жүріп қайтеміз,

онсыз да мынау шындықка тапшы ғасырда."

"Біреулер менің қолымды қысса, жаныма кейде күліп кеп,

қызғанып қалма, жаным, сен:

сен үшін ғана құрметтеп мені тұратын шығар жігіттер,

қызбалық қылма, жаным, сен.

Көп қыздар саған күлімдеп тұрса көздерін тігіп қымсына,

қызыға қойма, жаным, сен:

өзіңдей менің бақытым үшін қуанып олар тұр шығар,

мұны да ойла, жаным, сен!

1968"

"Біріміздің біріміз

құтылмаймыз қашсақ та қай далаға:

бізден басқа тірлік жоқ айналада!

Маған айтқан сөзіңді басқаға айтып,

өтірік аймалама!

Біз бәрібір о бастан

матаулымыз тағдырдың арқанымен,

бір-ақ сермеп қырқуға балта алып ем:

қансыратты, не пайда, үзілмеді –

сен менің жалқы әнім ең.

Мейлі біздер жүрейік

сыр ашқансып жаны жат басқаларға,

байқа, көзді оңаша жасқа малма,

түк түсінбес біреулер өр кеудеңді

әзірге жастанар да.

Білем, білем әзірше

бұрқан-тарқан болғандай селде теңіз,

біз осылай сенделіп сең кешеміз.

Шығынғанмен өртенген адамға ұқсап –

бәрібір кездесеміз!

1976"

Бойжеткеннің сөзі

"Сен маған көктем боп кел

нәзіктеу жанымды ұғатын,

Отты махаббатыңмен өктем боп кел,

асқақтығымды табындыратын.

Қазақтың әні боп кел

жүрегімді дірілдететін.

Сол әндердің сырлы әуен — нәрі боп кел,

жанымнан мұңым кететін.

Сен айтпай-ақ ұғардай түсінікпен кел

осы бір қалпыммен мені.

Тек анамның алдына кішілікпен кел —

қайғы шалмасын аяулы алтын іреңді.

Табындыр, тауып тізгінін бұла көңілдің,

сол шақта мүмкін өзіңе ғашық етпегің.

Сен, әйтеуір, ұмыттыр мынау өмірдің

мені толғандыратын қасіреттерін.

1971"

"Болдың ба, достым, теңізде,

көрдің бе таудай толқынын?

Долы желменен егіз бе,

алмайды неге ол тыным?

Оң желді бағып ертеңгі,

міндің бе қайық – “таксиге”?

Көтеріп аппақ желкенді,

салдың ба сайран Каспийде?

Жедің бе балдай балығын,

іштің бе шайын шөліркеп?

Көрдің бе қортпа – алыбын,

толқындай ерке о да үркек.

Алысқан асау желменен

жандарды көріп кіл мұнда:

осы-ау деп өңшең ер деген,

бас иіп сонда тұрдың ба!?

1961 "

"Бұйырмаса да даналық,

тықылдап өлең түртеміз;

бөлмеге жалғыз қамалып,

іздейміз шөлден жыр-теңіз.

ұлыдан қалған қойма-құт,

ой іздеп сарсаң боламыз.

өзгертсек түрін—ойды алып...

өлең-ау дейміз сол аңыз!

Оқырман кейде “ақымақ” —

ұқпайды бірден биікті:

ақылыңды айтсаң жатып ап,

сондай жыр оған сүйікті.

үйқасың жеңіл оқылмай

көз ілмей түнде құраған,

қатырып басты отырмай,

жаттап алатын мың адам.

Ойланбай ұқсын жырыңды

бала да, шал да, кемпір де.

Жазам деп өлең ғұмырлы

шақырып шабыт желпінбе!

Құрай бер ұйқас, ақылдым,

жыр болсын тау, қыр, кең дала.

Алдысың сонда ақынның,

ұлы да жалғыз сен ғана!

1967»

«Бұл жырлар жазылмас еді-ау,

мен қайғы жұтпаған болсам.

Бұл жүрек табынбас еді-ау,

сен жұртқа ұқсаған болсаң.

Көзіме ілінбес те едің,

шыға алар шыңдарым болсаң.

Тек саған жүгінбес те едім,

иіліп құрбаным болсаң.

Мен бұлай жүрмес те едім-ау,

өмірде болмаған болсаң.

Сүюді білмес те едім-ау,

сенімді қорлаған болсаң.

1967»

«Бұлақтар құздардан асып,

сарқырап сайларға аққанда,

көңілім қырларға ғашық

самғайды жайлау жақтарға.

Жүрегім бұлқынады да,

тоқтамай думан бақтарға,

талпынар қыр-тұрағына,

құлпырған қызғалдақтарға.

Қиялым – желмен жарысқан

ай маңдай арғымақтарда.

Көп аңсап келгенде алыстан

бәйгелер қалжыратқан ба!

Сәби қып бұл күндер мені

тұрғандай тосып гүлдерді,

ұмыт қып үлкейгендегі

қырқысқан қырсық күндерді.

Мен сонда бала боп кеттім,

қалғанын сезбедім күз кеп…

Қырларды аралап кеттім,

қызғалдақ кездерімді іздеп.

1969»

Гобой

«Бөбектерім, күн, жүрегім,

менің алау гүлді реңім,

жүрегімнің діріліндей

нәзік, әсем үнділерім!

Сүттей сұлу сәулелерім,

сендер - әсем ән дегенім,

тірлігімді, өмірімді

бөледіңдер сәнге менің.

өмірімнің кілті - демім,

сендерсіңдер нұр тілерім,

қоңыр сазым - кірбіңдерің,

шатты әуенім - күлкілерің.

Аяулы әнім, әуендерім,

әуендерім - әлемдерім,

жүрегімде - сендерсіңдер,

жүрегімде - әлем менің.

өздеріңсіз үн тірілмей,

жанарыма күлкі ілінбей,

сендер менің тірлік әнім,

жүрегімнің лүпіліндей!»

Гүлдесте

«1.

Ашхабад

Саған бүгін – бар тілек, бар асыл ән,

аймағыңа думанды тарасын ән.

Сәлем саған

мұңы бір жүректерден –

сәлем саған Қазақтың даласынан!

Көрұғылының мұң сазын жастан ұғам,

өскем Мақтұмқұлының дастанынан.

ұямдайсың сен менің,

мөлдір көгің

Алматының аумайды аспанынан.

“Бұл қай тұс?” –

деп ешкімнен сұрамадым:

сөйлегенің, күлгенің, жылағаның –

бәрі-бәрі керемет жақын маған,

таныс маған от күнің, гүл алаңың.

Қадалғанмен көзімді тігіп мен де,

айыра алман –

қазақ па,

түрікпен бе,

мен әйтеуір ғашық боп қалдым мына

қасқа маңдай, кең кеуде жігіттерге!

Жаса мәңгі, Ашхабад – арман қалам!

Сенде ерекше нұр құйды таңдар маған.

Сенде сылқым түнгі әлем жанды арбаған.

Мәңгі қала, жас қала, жырлы қала,

жаса бірге жылдармен жалғанда аман!

Түйрелсе де уақыттың жақ-садағы,

тынған емес жаныңның асқақ әні.

Түрікпеннің жасампаз болашағы

сенің жүрек-деміңнен басталады!

2.

Нүкіс

Армысың, ақынды елім, батырлы елім!

Сен маған еншілес пе ең, жақын ба едің –

енші алған егіз ұлдың қонысындай

шалғайлас жайлауыма жатыр жерің.

өзіңмен қатар өсіп түлегенмін,

ұқсаспыз өрнегіндей жүген, ердің.

Екеуіміз қос бұтағы секілдіміз

шыңдағы жалғыз өскен бір еменнің.

Бір кештік өмір көлін дауылда сын,

досың – дос, сендік дұшпан – жауым, қасым.

Мен сенен, сен де менен аумай қаппыз,

бір туған аға-інідей бауырласым!

Естимін өзің жақтан таныс үнді,

мұңдасым, жақынымсың жаны сырлы.

Мен сені жаттан қорғап,

сен де сырттай

жүресің жыртып менің намысымды.

ұқсаймыз егізіне бір ананың,

тілеулес сезіміңе куә жаным.

Мен сенің өркен жайып өскеніңе

шаттана қол соғамын, қуанамын.

Сақтаған бабамыздың бар асылын

ұғасың сен де мендей дала сырын.

Шолпандай жарқыраған нұр сәулеңді

шаша бер, тағдырласым, жанашырым!

3.

Бішкек

Сағынысып бір-бірін ағалаған

сенен жақын емес-ау маған адам.

Екеуімізге Алатау сая болып,

екеуімізді бір қанжар жаралаған,

екеуімізде бір өріс – дана далам.

Екеуімізде бір тағдыр, соны ұғысып,

бір өзеннің суын да бөліп ішіп,

жылқы қудық, жайлауда жолығысып;

ән шырқадық қосылып бір әуенге,

қуаныштан қан қызып, өңім ысып.

Қырғыз, қазақ кешпеген сындар бар ма...

Сезіміміз сындарда шыңдалған ба.

Жазатайым үйімде өкпелесем,

Бішкектегі тартамын туғандарға,

кімге барам әйтпесе бұл жалғанда!

Арман да бір, ән де бір, жаным басқа,

шақырыстық кезекпен соғымға, асқа.

Саған деген ақ тілеу қарындаста.

Қайғырғанда қасыңнан табылатын

жетер ме ешкім өзіңдей бауырласқа!

Сен қуансаң, шуақты менде де күн,

сен самғасаң, менің де өрлегенім!

Сіздің үйде қонақсып төрлемедім.

Қырғыз, қазақ – өзімнің қос жанарым,

қос жанарым, ешқашан сөнбе, менің!

4.

Ташкент

Мынау менің қалам ба? Жат іргенің

ұқсамайды жеріне. Атыңды елім

өзімсініп атайтын.

Бар болмысың

неге сонша жаныма жақын менің?

Шуағы ма уақыттың, бұрқағы ма –

саған қарап ұмтылдым нұр таңыма.

“өзбек – менің өз ағам, біліңдер!” – деп

үйретіпті қазақтар ұрпағына.

Аға барда – Күн күліп, Жер жасарып,

қас жүйріктей көсілер менде шабыт,

асқар таудай ағаға сенген көңіл

салқам жүрер аяқты кеңге салып.

Аға үйі – ақ орда, құрыш іргең,

еркін кірем бұл үйге, тынысым кең.

Сыбырлайды сыр айтып

әр кірпіші

Надираның жыры мен мұңы сіңген.

Базарыңның бояуы-ай, әз алыбым,

аралассыз, бұдырсыз – ғажап үнің!

Кіріп кетсе, шыға алмай қалатындай

аузын ашқан аңқаулау қазақ інің.

Іні, сіңлі – бауырлар шаңқан жаны,

сызды сезбей, жүрсем-ау ортаңда әлі!

Жуып жатыр мұңымды ақ жауын боп

кең даладай көшенің фонтандары!

ұрпағыңа жыр – мұра, ерлік – үлгі,

тамыр терең – үзе алмас сел бүгінгі.

Жаса, Ташкент – ағаның ақ отауы,

шаң шалмасын кеңдік пен елдігіңді!

5.

Алматы

Жанарынан мейірімнің самалы ұшқан,

сәруар жүзі сәбидей ана құшқан,

осы жерден өріс ап басталады

менің байтақ Отаным – Қазақстан.

Көгершіндер көгінде таңнан өріп,

Алатаудан жатқандай арман өніп,

қырандардың қастерлі тұғырындай

мынау менің Алматым алма көрік!

Еңбегіммен өркендеп ырыс, бағым,

салтанатты саптарда ту ұстадым.

Мұңымыз бен жырымыз тоғыстырған

кел, төрге шық, тілі өзге туысқаным!

Адамзатта еркіндік – талайғы арман,

сәуле шашып сәуірлер қарайды алдан.

Қиялымда – ертегі ертеңдерім

үмітімнің нұрымен арайланған.

Жаншылса да, жанынан жыр арылмай,

сүйсінердей дос, дұшпан тұрағым бай.

Көңілім – сал Сарыарқа, Алатауым

қайсарлықтың, елдіктің шынарындай!

“Медеу” – анау жарқылдап жатқан күліп,

намыс пенен ерлікке баптар, мұны ұқ!

Қырандарын тұрғандай жеңістерге

өз қолымен Медеу қарт аттандырып.

Ару қалам, Алматым, таң – жанары,

ұрпақтардың арманын жалғар әлі.

Ана қыран апай төс

Алатаудың

кеудесінен тұр көкке самғағалы!

1973»

«Ғасыр, сенің екі есті

мінезіңнен мен жүрмін тынши алмай:

біреулер жүр бақыттан тұншығардай,

қаһарыңнан қорыққан қара халық

дірдектейді алдыңда үн шығармай.

Ыза болам жүрмін деп бір іс кылмай,

жабырқаулы көңілдер құлшынардай,

бейшаралығынан біреулер қымсынардай.

Қиындықтарына шыдар ем, іс тындырсам,

тарих өзі жақсылап бір сынардай.

Тұлпарлардың тұяғы бекімейді

тақырларды таптамай, шын сыналмай.

Сен барасың зымырап

корабльдердің отты арын екпінімен

(ере алмағандар азабын шекті, білем!)

жанталасқан уақытқа ілесем деп

жер де үдетіп жүрісін кетті білем.

Жұмыр жердің үстінде пенделерге

бақыт пенен күлкі ортақ деп біліп ем;

бақсам, бірдің жүзінде шаттық тұнып,

ызалылар сорлаған кекті үнінен.

Әкем өтті

қырық жаста құрбан боп қырғындарда…

Қасіретім жетерлік мың жылдарға.

Адамзатта ой өскен бұл дәуірде

құлақ асқым келмейтін мұң-жырларға.

Мұңсыздығым қате екен. Планетаның

бір басында қамалған құрбым барда.

Бір жерлерде бұғаулап бұғалықсыз

еркіндіктің жігерін құм қылғанда.

Толған шақта кемелдеп жасым, санам,

қалай өкпе айтпаймын, ғасыр, саған?!

Бір жерлерде жазықсыз қан төгіліп,

бір жерлерде азаптан ашынса адам?!

Ойсыз болсам, миыма

кіріп шықпай қасірет, түрме деген

(бақыттылау болар ма ем — білген емен),

Жер жарылып жатса да, жайбарақат

топтастықпен алаңсыз күн көрер ем.

Күн көрер ем.

Жиһаздардан үй толы көрінбестен,

өрт алса да дүниені сезінбестен.

Бас қатырып жатпай-ақ өмір жайлы,

шығарар ем халқымды, елімді естен.

Жау шапса да көршімді елең етпей,

естімеген кісі боп керілмес пе ем.

Қайғысы үшін біреудің жүрек жыртып

жерлегендей жарымды егілмес те ем.

өзің бірақ ой бердің, білім бердің,

нар жігіттің арқалар жүгін бердің.

Сана бердің сергектеу сезінуге

қайғысы мен күлкісін жұмыр Жердің.

Енші қылдың қайсарлық, өжеттікті

жүрегіне от бер деп түңілгеннің.

Тыншытпайды сондықтан

мынау сұсты ғасырда өзгермелі

қаралаған шындықты сөздер мені:

шығыстағы сәбиге оқ атылса,

ол - менің жүрегіме көзделгені.

Сондықтан да хақым жоқ

сөз етуге бас қамын, тамақ мұңын,

(Жер күрсінсе, мендағы азаптымын)

шындық қуған замандас отырғанда

төбесіне телміріп абақтының.

Жердегі ұлы не сұмдық істер үшін

мен уақыттың алдында жауаптымын.»

Дала даусы

«Мен жатырмын

жарау жылдардың от тұяқтарымен шыңдалып,

от жүректермен нұрланып.

Қанаты найза корабльдерге қызыға карап

қалам мен

аспан болмағаныма мұңданып,

қызғаныштан кейде сұрланып.

Сонан соң жатам тебіреніп аппақ ойлармен

өз кылығымды өзім бір мезгіл сынға алып.

Тәубаға келем —

мынау ғаламда мен болмасам ғой егер де

корабльдерің кайдан ұшар еді ырғалып?!

Сағынышпен қайтып қона алар жері болмаса,

елжіреп қайта оралар елі болмаса,

самғағаныңмен, жанарыңды жатар мұң карып

(табаны жерге тимегендер ғой шын ғаріп).

Тебіренемін,

көкірегімді менің қуаныштар кернеп шаттанам,

тіршілікке бүкіл ана болғаныма мақтанам.

Тарихқа тұлға талай ұлдарым тұлпарларын

жортар түн қатып

дала төсінде баптаған -_

алдынан шығып алау таңдардың

көкжиектен әлі атпаған.

Мезгіл сойқанның менменшілдігінен мезі боп,

орынсыз кейде тапталам,

орынсыз кейде датталам.

Мен ұлдарымды өсірдім

өліп кетсе де отанын, халқын сатпаған,

ата жауын да алдынан өтпей атпаған.

Мен қыздарымды өсірдім

қызығып қарардай жат ғалам—

әсемдігін сөзге қосуға

ақындар да сөз таппаған.

Еркелетіп жүрер елі мен жұрты бар ғой деп,

әйтеуір, ұл мен қызымды беттен қақпағам.

О, менің асыл перзенттерімнің ұрпағы,

сендермен күліп, жылап та талай жатты анаң.

Мен қараймын күрсініп

ілестірмейтін желаяқ мынау жылдарға

(жеткізбей кетер — қаншама мейлің тырбаңда!).

Қимасымды талай қыршынынан қиып

көмді олар

дауыл таптаған құмды орға.

Жарқын жастығын жылдар ап қашқан

Қарияның жасаурап қалған жанарына қара —

мұң бар ма?!

Қайғыра алмасам, күрсіне алмасам, несіне

ана атанамын ұлағатты ұрпақ — ұлдарға?!

Қаншама ғасыр осынау талас тірлікте

дала көрмеген сын бар ма?!

Мен қараймын сүйсініп

қанатты жылдарға, келер күндерге самғаған,

жасартқан кәрі дүниені соның

жасампаздығына таңданам,

Тіршіліктің заңы тебірентпей коймайды

екен-ау

жалғасып жатса айтылмай қалған арман-ән!

Мені де жылдар жасартып кетіп барады,

думанды өмірдің дүбірінен шеттеп қалмағам.

Даласын, кәрі анасын сүйген бар балам

жасаудың бәрін жасартуға мені арнаған!

Мен сондықтан ұрпақтардың араларына

тынбайтын тірлік тынысы болып жалғанам.

1970»

Дала жайлы айтыс

«- Үйрене алар емеспін далаңа сенің:

отты жел, құмайт, елес-Күн – дара кешерім.

Ат міне шауып қорғаған бабаң елім деп

сол қалпы әлі сор, далаң...

ана-жерім деп,

жер бетіндегі жұмаққа балап едің кеп...

Балғын жаныма керек те сенім,

шақырмас онсыз қиял ғаламдар,

қиял ғаламдар – желөкпе сезім,

сезім болмаса ұямнан алар;

мақсаты тұл боп қиянда қалар

арман алдында ұяңдағандар;

батырлы даламен өзектес едім,

өзегін өзгеге қияр ма жанар –

азаматы боп көгертпес елін

Отанын, жерін сүйе алмағандар.

Бабамнан қалған далам, шағылым,

сендейге, мүмкүн, қарар гүл атпай.

Мен үшін – жояр жаңартса құның,

тек сол қалпымен маған жұмақтай!

1968»

Дала түні

«Жүрдім жалғыз көктеменің

жанға жайлы түнінде.

Салқын самал, өбкен едің

мені, дала гүлін де.

Сол бір гүлдер құлпырды да,

самал, оны тербеттің.

Жүрегіме жыр тұнды да,

гүлді аралап мен кеттім.

Дала түні тамаша ғой:

гүл бағындай бар маңың.

Қиял өрлеп, таласады ой,

елестейді арманың.

Қиялыма күбірледім,

гүл шоқтарын жинадым.

Жүректегі жырым менің –

дала, саған сыйларым.

1959 «

«Далада гүл жүдейді.

Есірік жел. Қараңғы түн де үрейлі.

Тентек бұлттар ойнақтап,

аспан төсін

семсермен тілгілейді.

Көк дүсірлеп, бұлқынған жаралы аңдай,

жаңбыр-жасы ызадан тама да алмай,

құрақ әлсіз сыңсиды, ардағынан

айрылған аналардай.

Жанарын жанға бұрмай

түнерді аспан, кірпігін таңға жұмбай.

Ашуланса, өш алар кемпірінен

қазақтың шалдарындай.

Таусылып түн шыдамы,

жанарында жасы тұр ыршығалы.

Жер,

шыңғырған жүректей жаңғырықсыз,

ызадан тұншығады.

Күн шықты жалқын қырдан

(Жер жайнады арылып салқын мұңнан!)

сенің махаббатыңдай

әлсіз мені

тірлікке талпындырған.

1977»

«Далам менің!

Сен жатырсың сусын ғып заман демін,

бусануда сол демнен жарау жерім,

толқынданып толықсып даламда егін!

өзгертіп ән-ырғағын,

дала жатыр ақтарып барын —нәрін,

солқылдатып сорғызып тамырларын,

дүниеге тосуда дәнін-нанын.

Талпынған таң ғұмырға

кең даланы уақыттар салды мұңға.

Бүгін дала шалқиды батыр жасап

кеудесінде жүргеннің барлығын да.

Тың жерлерім!

Сол дүбірден өзгеріп түрленді елім,

жоталарды жусатып түрен-тістер,

қайыстырды белдерді, іргемді егін.

Байтақ жер жаңарғанда

жаңарған жер таңбасын салар жанға,

көз талдырып қарадым, біле алмадым –

нағыз батыр дала ма, адамдар ма?..

Тыңайған дала - бесік,

әлдилейді дәндерін,

самалы есіп,

аялайды жұлдызды батырларын,

тосып алдан жаңа күй, жаңа несіп.

Бидайлы құндағымда,

бақыт, байлық шалқиды қырда, құмда.

Көнбіс дала мақтан ғып жатыр бүгін

ер атанған қыздарын, ұлдарын да!

1969»

Даламен сырласу

«Дала, менің жеңешемдей

кетіпсің ғой құлпырып тым!

Маған пәлен демесең де,

жанарында нұр тұнып тұр.

Көктеменің күн шуағын

сағыныпсың, ұғып тұрмын.

үйде мен де тыншымадым –

құлпырдың да, қызықтырдың.

Тыным көрмей жыршы құс-ақ

саған арнап жаңаша әнін,

түріне тым тұрсың ұсап

әжем терген алашаның.

Тіршіліктің бәрі бүгін,

бәрі бүгін бір түледі.

Таулар ғана кәрілігін

сезінгендей күрсінеді.

Сілкінбеді, шөге берді,

қажыған ба өмір соғып?

Асқақ кейпі келе ме енді,

ойлағанмен көңіл солып...

Кәрі таудың құшағына

тұрақтамай бұлақ-қыздар

қарт жүрегін құса қылып

кетіп жатыр құлап құздан.

Қатпар шыңның мүжік басын

келемеш қып, қарашы әні,

жеткізбей жүр күліп қашып

жалаң аяқ бала сағым.

...Мен түнімен көз ілмедім,

көңілім де тыншымайды.

Бір бейтаныс сезім менің

жүрегімді шымшылайды...»

«Дарқан дала. Көлбеңдеп сағым қырдан,

жанарында от ойнап жалын нұрдан,

перзенттері жүреді дала десе,

еткісі кеп бойдағы барын құрбан.

Әйтеуір, бір мінез бар бұл далада

алды-артыңды ойлатпай табындырған.

Жігіттерін көрсең-ау –

арғымақ ат астында алшаңдаған,

тәуекелден алдына жан салмаған.

Адал ниет жандардың намысы үшін

бұйым емес от-жалын салсаң да оған.

Адамсынған жандарға асқақтығы –

“Құдай” өзі келсе де қарсы алмаған.

Шыбын құрлы оларға

дұшпанының ататын тас кесегі,

жауласса, оның хақ екен бас кесері!

Бір сенімін ақтасаң,

ғұмыр бойы

балап өтеді айнымас досқа сені.

Ел басына күн туса,

тоқтатпайды

оны жардың жас құшақ,

жас төсегі.

Отырмайды өлсе де,

жасқаншақтап жаныңның күйін бағып,

қарамайды жалтаңдап жиі ұрланып:

құшақтаса – табынып ару біткен

е демейді, кетсе де қиырға алып.

Бұл даланың от мінез жігіттері

сүйеді ылғи осылай күйіп-жанып!

1970»

Дауылдыаңсау

«Ақтымық.

Теңіз.

Маужырап дел-сал жас келіншектей жар құшқан,

қымсынып жатыр, тұншығып жатыр рахат пенен алғыстан...

Тәкаббар, тентек теңізге мынау таңданып кетіп барады

ақ шағалалар таңда ұшқан.

ұйқыда теңіз,

албырап жатыр қас арулардай құлпырып,

дүние-ай, қанша сұлулық деген, нәзіктік деген тұр тұнып!

Әншейіндегі арман боп жүрген аспан да бүгін қас қақпай

телміріп тұрды ынтығып.

Мен тұрдым сонда

алапат ойдың толқындарына мың батып,

көңілімде бір сәт қол жетпестерге жанымның күйін тыңдатып.

Қарсы ағыстарға құлашты сермеп кеттім мен,

қалғып кетпесем, бұл - бақыт!

Мезі боп кеттім тыншудан.

Аңсарым ауған ақ толқындардың арманы қалай тарқады,

тентектеу сенің мінезің қайда, шалқарым?!

Самарқау мына бей-жайлығыңды сенің серпуге

дауылы керек Арқаның!

Мен нәзіктеу болғанмен

бұйығы сенің әсемдігіңнен ләззәт ала алман,

тентектігің керек табыну үшін саған жан!

Қыз - толқындарың алысып жатса жалынан құшып асаудың,

парлатып жасын жанардан!

Сондай бір шақта

найзағай болып жарқ етіп өтсем төбеңнен,

о сонда менің бақыттылығымды көрер де ең!

Мүлігіген меңіреу тыныштығыңды талқан етуге

ақ дауыл болып келем мен!..

1969»

Дауылпаз

«(Әбу Сәрсенбаевқа)

Асқақ бір куәсіндай ақыл-ардың,

аңсаған көріп тұрмыз ақын алдын.

Алпыстың асқар белі қажытпапты

ақиық дауылпазын Атыраудың.

Тілдескен ақша бұлтпен аспандағы,

теңіздің өр толқыны – жастанғаны.

Тәйірі-ай, алыптарға алпыс деген –

өмірдің кішкене бір баспалдағы!

Тұрса да тосып өмір жүз арнасын,

тосқауыл бола алған ба қыранға шын!

Мен сізді көрген сайын елестетем

көз жетпес Алатауымның құзар басын!

Сонда мен алауымын екіндігін,

ешқашан шалмайтындай бетімді мұң.

Сонда мен мынау құйттай бойымменен

аспанды тіреп тұрған секілдімін.

Ақтарып асқақ жырды сүйікті елге,

талғампаз көкіректерді ұйыт, тербе!

Мен, сірә, шықпасам да, шыққандаймын

сіз тұрған сонау заңғар биіктерге!

1965 «

Дәрігер

«Дерт қысқанда, көңілді сағым буып,

сен жетесің аялап, жаның жібіп.

өшер деген үмітті тірілту де –

саған біткен дарындылық.

Қасиетті өмірдің күзетінде

сен жүргенде, жанады жанымда үміт,

атардай таңым күліп,

көрінесің тұрғандай

ажалды да бағындырып,

жеткеніңде жүзіңді сағындырып.

Адам деген құдірет ақылдылық,

әлем оған бас иіп жатыр бұғып.

Біреулерді туғызды батыр қылып,

біреулерді жіберді ақын қылып.

Жер үстінде қастерлеп тіршілікті,

сол адамдар тұтады атыңды үміт.

Ақ халаттан көремін пәктігіңді,

қорғайсың сен сақшыдай шат күнімді.

Тіршіліктің сағатын тоқтатпайтын

құдіретті жан өзіңсің тап бүгінгі!

1967»

Дәрменсіздің ойы

« Бақыттыларға қараймын

қызыға тұрып, мұңданып:

оларға нұрлы арай күн,

оларға түн де тым жарық.

Күлкі мен шаттық көңілде,

қайғы да тайыз өткелдей.

Қаңтардай ызғар өмір де

оларға бейне көктемдей.

Тайызда жүрсең – аңғардым –

өмір сүру де қолайлы.

Жылауы шапшаң жандардың

жұбануы да оңай-ды.

Тамағы тоқтық, бүтіндік,

көлеңке түспей жанарға.

Бақытты жандар, шүкірлік,

жетеді менің даламда.

Есейіп ерте білдік пе

өмірдің дәмін татып біз:

ежелден мынау тірлікте

сезімтал жандар бақытсыз. «

«Дей алмаймын “жиынның жұлдызымын”,

қуып жүрген бір жанмын жыр қызығын.

Сезім нәзік, ой жүйрік, кейде кекшіл,

кейде жарқын қазақтың бір қызымын.

Сырт адамға сыр бермес жұмбақтаумын,

достарыма аяулы қырмызымын.

Бозбаланы көргеннен ғашық қылған,

естісем деп лебізін асықтырған,

мақтана алман, менде ол қылық та жоқ,

бұған бірақ қымсынып, жасып тұрман.

Жігіттерге өзім де қызықпаймын

көре сала құшағын ашып тұрған.

Жетелейді жанымды арман-ағын,

жолдастарды мақсатпен таңдамадым.

Бүгін-жақын, ертең жат адамдардың

мінезіне, мәніне таң қаламын.

Онсыз да өмір құбылғыш,

сезім де оңса,

онда сенің адамдық бар ма мәнің?!

1957 «

Дина туралы диптих

«1. Мінез

Ақ шағылдар

шуда жал айдындардай,

келбетінде бір ерек айбын бардай...

Құм болғаны, тау емес, бағын байлап,

ажарын әжім жайлап,

жатады іштей сол үшін қайғырғандай.

Ақ сағымдар

еркелеп ақ шағылға,

жүгіреді ойнақтап таста, құмда,

бұлаңдайды сұлудай нұрлы іреңі,

сәби боп күлдіреді,

бұйра құмдар бұйығып батса мұңға.

Нәзіктігін

ақ шағыл жасырады,

аяқталмай біткендей асыл әні,

кешпегендей гүл дәурен шығады алдан,

сезіледі

сонда да

мұңға оранған жанында жасы бары.

Құйын жүрсе,

көрсетіп тосын қылық,

жер-көкті жосып жүріп,

алатындай аспанның төсін жұлып,

Құдайды да көзіне көрсеткендей,

оны да бөлшектердей,

тәубаға келтіреді

жаныңды шошындырып.

Туған жердің

жаны пәк, арнасы құт,

мінезі қанға сіңіп,

дарынымен жас Дина

дараланған,

ескендей самал-арман,

сиқыр саз боп шақырған

алғаш үміт.

Кейде нәзік,

кейде асау –

шағыл-қылық

жан-күйіңді еріксіз бағындырып,

ғашық қылып,

жасартып,

сағындырып,

дүниені бір әсем күй басады,

төгілгенде теңіздей Дина сазы,

жайлайды жаныңды үміт.

2.

Болашақ ескерткіш

басында

Жазылмай жүрген жыр ма едің,

айтылмай кеткен сыр ма едің,

еске алып ерен күндерін,

күмбір күй кеуде жоқтай ма

сайрандап соғар қыр желін?

Табындырардай Күн демін,

тағдыры дара тұлға едің,

азаматындай ардақтап,

аялаушы еді-ау құмда елің!

Естігенде елтіп күнбе-күн,

жанымда толқыр жыр менің

табына бермес жүректің

табындыратын үндерін –

саусақтан шыққан сыңғырлап

сиқыр саздардың дүрмегін.

Сазды ырғақ қандай, үн қандай!

Жаныңда мұнар мұң қалмай,

бойыңды билеп бір екпін

құйынмен көшкен құмдардай,

жүректі кернеп күш-ағын

он алтыншы сонау жылдардай.

Құба құмдарды қақ жарған

тірлікпен мәңгі жалғанған

қырдағы қызыл қайыңдай

қасқайып күткен таңды алдан.

Толғандай күйге бар жалған

төгілген әсем әуенмен

ағындай күшті аңғарғам.

өмірде мұң да, сын да бар,

өткелдер менен жылға бар,

тұмандар көшіп, жел тынар

“Әсемдей” күй мен жыр қалар.

Таланттар туар шын алмас,

бағалай алмас, ұға алмас

дарыннан жырақ тұлғалар.

Мұнар ма, мөлдір сағым ба,

теңіз бе тылсым, жалын ба,

күйлердегі өршіл арынға

көңілде көктем көлбеңдеп,

тулайды жүрек, қаның да.

Дүниеге даңқың жатса өрлеп,

ұрпағың келер қастерлеп,

бас иіп сендей дарынға,

өмірмен мәңгі егіздей

күйлерің шалқыр теңіздей,

даналар берген әлемге

данышпан халқың барында!

1976»

«Дөңбекшідім. Күрсіндім –

Күрсіндірдің,

бітті-ау дедім тұз-дәмі қыршын күннің.

Айқайыңнан ес жидым.

Көзімді аштым,

Денем әлсіз. Бірақ мен мұңсыз күлдім.

Сенің үнің! О не еткен сазды үн еді!

Айықтырды сол әуен, жазды мені.

Бар әлемде –

жалғыз-ақ сол бір дауыс,

титтей тірлік - өмірден аз білері.

Жылағаның, күлгенің, түлегенің,

әр қимылың – қызығым, жүрек емім.

Менің жаным бақыттан талықсиды,

көкірегіме тигенде жібек ерін.

Сен келгелі шуақсыз таңым бар ма –

оранды әлем ақ сәуле – сағымдарға,

cенің титтей тірлігің қымбат енді

өмірімнен, өзімнен, жарымнан да!»

«Дүние сұлық.

Тыныштық құшқан шартарап,

бір сілкіністі күткендей ғалам

ішіне демін тарта қап.

Ойларға жүкті жұмыр Жер

жатыр

ай-күні толған күйінде

заманның барлық

ауыртпалығын жалғыздан-

жалғыз арқалап.

Тыныштықта да болады екен-ау

үрейіңді алар сұстылық:

соғардай қазір дүлей бір дауыл ышқынып.

Ақтарылардай қатал өмірдің

қатыгездігінен қалған ыза-кек

көкірегіңді кернеп шыға алмай жатқан қыстығып.

Шындықсыз жерде шыдай

алмайтын біздің ұрпақтар секілді

тұл бойларында жататын тылсым күш бұғып.

О, қайран ана— қара Жер!

Жатасың неге түндерде тынып,

қайғылы жандай күрсініп?

Егіліп іштен жылайтындайсың

жадырағанша Күн шығып_-

балғын жесірдей тәтті

күндері өзегін өртеп,

өксіктен

жастығын құшып зар илеп жатқан

көздің жасына тұншығып.

Әлде сен мынау перзенттеріңе өкпелісің бе

өзара

келіспей кейде таптағаны үшін

төсіңді тұрған гүл шығып?

Ожар жандардың қанқүйлы қылықтарынан

жылай ма екенсің түндерде ғана,

әлем алдында қымсынып?..

Амалың құрып,

өз қолыңды өзің кесе алмай,

сәріден сонсын жатасың ба екен

қайғысыз жандай тағы да

қайратыңды жиып құлшынып?

Сеземін сенің нәзік жаныңды

қаншалық жаралайтынын

мезгілсіз сынған бір шыбық.

...Тегінде,сені күрсінтіп қойған ләззатты тымық түндерде

қуанышы мен қайғысы бірдей мазасыз мынау тіршілік.

1971»

«Екеу-ақпыз. Отырмыз тіл қатыспай.

Сен Күншығыс, мен бейне Күнбатыстай.

Бұл үнсіздік қанша күн өмір сүрмек,

жүруші ек қой қайғы да, мұң да құшпай.

Неге-неге осынша алыстадық,

өліп-өшкен жүректі жаныштадық.

Сен отырсың жігіттік өрлігіңмен

иілуге алдымда намыстанып.

Менде ме деп бар кінә, мұңға баттым,

құптамаппын бас иіп, тыңдамаппын.

Көтергендей аспанды мен де отырмын

нәзік жыныстығымды бұлдап-ақ тым.

Қойшы, жаным, пайда не бұдан ұтқан,

жүдеу тартты дүние, құлазып маң.

Біз екеуміз “сыймаймыз”, несіне онда

татулықты күтеміз мына жұрттан…

1967»

«Елемей нұрын да айдын,

көңілім жабығулы.

Көз тігіп қырындаймын

бетке алып ауылыңды.

Жарқылдап жүруші едім

достармен қалжыңдасып.

Көрдім де бүгін сенің

жүзіңді, қалдым жасып.

Әзілдеп кұрбы қызды

тұрғанда келіп қалдың.

Сендегі нұрлы жүзді

мұң шалды, сезіп қалдым.

Болмайтып түрің бұлай,

аңырып қала бардым.

Мен жаққа бұрынғыдай

күлімдеп қарамадың.

Болды деп бұның неден,

жүрегім дал-дұл, көкем.

Әлде... сен шыныңменен

қызғанып қалдың ба екен!?.»

«Елесің қуантардай,

сен жайлы ой кешемін.

өзіңе дым айта алмай,

құрбыңмен сөйлесемін.

Қолыңды алам да мен,

қысуға қысыламын.

Гүлімді саған деген

мен оған ұсынамын.

Ол маған жақын жан ба –

қам жейді алаңдап-ақ.

Киноға шақырғанда,

айтамын соған қарап.

(Қатады басым содан

ойлаумен күнде сені.

Ал менің досым саған

оп-оңай тілдеседі!)

Сені ойша серік қылып,

әр таңды атырамын.

Сені іздеп келіп тұрып,

құрбыңды шақырамын.

Ісін қып ақымақтың,

жүргем жоқ құр желікпен.

Құрбыңа батыл-ақпын,

жаным-ау, бұл неліктен?..»

«Елестеп таныс денең,

есті алды күндей мүсін.

Жүрсең де алыс менен,

соны сен білмеймісің?

Тартпайды үйге қарай,

көңіл де алаң бүгін.

Түстім бұл күйге қалай,—

өзіңсіз қараң күнім.

Ойлайтын ермегім — сен,

ешқайда шықпадым да.

Неге ерте келмедің сен,

жайымды ұқпадың ба?

Шаршатты қанша мың ой

өзіңсіз кездерімде.

Сені ылғи аңсадым ғой,

айтшы, сен сезбедің бе?..»

Ескерткіш

«Меңдекеш Сатыбалдиевке

Сенің албырт ғұмырың өтті жанып,

зулап келе жатыр ең топты жарып.

Тіл қатпайсың, жарқылдап тұрмайсың сен,

қаншама рет келсек те шоқ гүл алып.

Аға керек, біреуге әке керек,

жарың әлі қайғыға батады ерек.

Тым болмаса сол гүлге бір қарасаң,

машиналап күн сайын әкелер ек.

өкіндірдің еліңді ерте кетіп.

Біз қамықсақ тірлікте келте-кетік —

“Біздің қарлығаштар!”—деп шашымыздан

сипайтұғын сен жоқсың еркелетіп.

Сен жүргенде сезбеуші ек

жанашырлық дегеннің құнын бұлай:

мына жұртқа бәрібір — жығыл, мұңай.

Асып-тасып, менмендеп бара жатсақ,

ұрсып алар сен жоқсың бұрынғыдай.

Қайғы жұтып досың жүр

іштей жоқтап, жүректің жасын бөгеп,

жан ғой ол да өзіңдей асыл, бөлек.

Ол көрінсе, жалт қарап сені іздейміз

келе жатқан жоқ па екен қасында деп...

Кетті ме әлде бұл өмір қиындалып —

болмашының бәріне күйіп-жанып,

біз де жүрміз жабықсақ, не қуансақ,

нысанаға өзіңнің үйіңді алып.

Бұны оқысаң егер сен,

“Әкет,— дер ең,— зар жырды құрау-сұрау!”

Бірақ мүмкін емес қой бұған шыдау.

...Жүректерде жырың жүр, өзің жүрсің,

тегі, осы сен өлмеген шығарсың-ау!»

«Жайдары еді жаз деген.

Хош иісті көгалға тұнып далам,

еркелете қарайтын күліп маған.

Ана құшақ сәби ғып жіберетін,

дарқан жүзден сонда мен мұң ұқпағам.

Рақатқа шомылтып,

жусан исі жанымды қытықтаған,

сал сезімді мен әрең мытып қалам.

Ақбөз үйдің іргесін түріп тастап,

мен даланың жұпарын жұтып бағам.

Қарашаның дауылы

жаз-дәуренге құтылмас құрық салды,

ала құйын ойрандап тымық таңды.

Шабындықта сарғайған күз қияғы

қатайған ба - жүрмейді сынып шалғы.

Түнек тұман түйдек кеп қырды құшып,

қара бұлттан кеткендей Күн де ығысып.

Жазғы күнге қош-қош деп мұңды жүзбен,

дала жатты көзінен бұлбұл ұшып.

Қаудырап тұр кешегі бұлаң құрақ,

қызыл гүлге салыпты қырау сызат.

Ақбоз үйдің маңайы құлазиды

қыз үзатқан ауылдай жыламсырап.

Бет қаратпай ысқырып қара суық,

бозаң тартып жатады дала сұлық.

Дарқандықтың барлығын жиып тастап,

қыс қамымен жүресің аласұрып.

1967»

« Жайқалып ек біз нәзік қыр гүліндей,

арман - серік, көңіл - пәк, мұңды білмей,

Күнді құшып қиялмен, Айды аралап,

жердегілер жанарға жүрді ілінбей.

Табиғаттан құйылған тамырына

қыр қызының қашан да ары — мұра,

алау көңіл шарпылды бозбаланың

деміне емес, соғыстың жалынына.

Аласұрып он жылап, он күлетін,

өрлігіңді өртейтін, көндіретін,

жар болудың бақыты бұйырмады,

денемізді көрді жер, көрді де түн.

Тал бесікті тербетіп жақұт таңда,

ақ үмітпен қарайтын уақытқа, алға,

жалғасындай бөбегің бауырыңда...

бұдан басқа әйелде бақыт бар ма?!

Арбалғанда өмірдей күміс үнге,

ойлай ма адам өлімді тірісінде!

өкініштер өртейді мұз денені

қалғаннан соң қамалып түн ішінде.

Рас, біздер ажалдан қорықпадық,

өмір үшін айқастық. Соны ұқ, халық!

Нәзік дене бұтадай дірілдеді

оқ астында түндерде тоңып, талып.

Біз де тірі қалуды армандадық,

шай құюды, жүруді шамдар жағып,

ашық аспан, Ай, Күнді қызықтауды...

енді бүгін біздегі арман - жарық.

Басталды да батыстан қара жорық,

ажал-орақ жөнеді адам орып.

Біз өмірден рақат сезінбедік

тым құрыса бір сәтке ана болып.

Ана біткен тірлікке қорек алған –

ұмтылмады аналап бөбек алдан.

Тірі адамдар, тыңдаңдар, ескеріңдер

тартыстардан осылай өледі арман. «

Жайлау таңы

«Таң-сұлу келініндей бұрынғының

ұстады нұрға малған шымылдығын,

көгілдір сахнадан дала әншісі

сайраса, қосылғандай сыбызғы мың.

Самалын жұтсаң, шіркін, қыр таңының,

кеткендей көкірегіңнен бұлт арылып.

Кеңпейіл жатыр менің дарқан далам,

төсіне қызыл-жасыл гүл тағынып.

Бұлақ жоқ сылдыраған күліп қашып,

тұп-тұнық мөлдірейді құдықта су.

Көк төбет көсіле сап жайбарақат

кеміріп жатыр, әне, жілік басын.

Бір сәтке жайлау алып жатты дәмін,

сүйемін мен осынау шақты керім

Көз ілді қой күзеткен шопан жігіт

жастанып келіншектің ақ білегін.

1967»

Жайлауға келгенде

«Көйлегім тарлау, шашым да қысқа, ағайын,

сезіп-ақ тұрмын, “ерсі” деп тұрсың талайың.

Тырнағым аздап қызылдау оның үстіне,

о, құдайдың азабы деген күшті де !

Біз өкше, сүйір — аяқта мынау кебісім,

сендерше бұ да тұрған жоқ онша келісіп.

Осының бәрін көңілге түйіп, тізіп кеп,

тұрсыңдар іштей: “Мынауың тұрған бұзық”-деп.

Жоқ, менің жаным —қазақтың жаны кіршіксіз,

бал қымыз қайда — әкелші, қалдық күнсіп біз.

Келдім ғой мұнда қарама, жеңге, аңырып

тезекке піскен таба нан иісін сағынып.

Мен жұртқа айтып “бесбармақты” да, мақтанам,

жеңеше, маған құйымшағыңды әкел сақтаған!

Домбыра бар ма? Берейін әсем ән салып,

қазақтың әнін тыңдайсыңдар ғой тамсанып.

“Қалада өстім, бәрі ерсі мұнда!” демеймін:

қол тимей жатса, сиыр да сауып берейін.

Құдықтан суды әкелем иін ағашпен,

көлбіреп қалса иығым, айтпан қараш деп.

Ақкөңіл жандар әзілге әсте қанса-шы,

адаймын десем, қалады мәз боп баршасы.

Ал енді қалай —алғашқы ойлар қашты ма?

Қалдыңдар сезбей тар көйлек, қысқа шашты да!

Жеңгейлерменен тату боп кеттім сыр ашып,

көрерсің: бұлар қалады ертең жыласып!

1968»

«Жақсы адамды қадірлеуге

көңіл жетпей, ой жетпей,

итереміз жанын жеуге,

толқын жеген көйлектей.

Қара жерге сыя алмастан,

бітіспейміз қан қылмай.

Өлтіріп ап, ұялмастан

жас төгеміз жаңбырдай.

Тіріде сап сан бүлікті,

өлгеннен соң жақтаған.

Ал осы бір заңдылықты

құртар заңың жоқ па, Адам?

1960 «

«Жанарым талды-ау менің

заңғар шыңдардың басына қарауменен

(көңілім, шырқап қалдың ба – жадаулау ең?!)

Сол биіктіктің көз жетпес ұшар басынан

лапылдап тұрған мен ылғи алау көрем.

Мен даланың қызы едім,

жазықтығында жатпайтын көз ілер қара

(жазира менің жанымның өзі де дала).

Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді

өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана.

Биіктіктегі дауылдар

елестететін шығар-ау майдан сындарын

(мен де бір самғап көрсем бе – қайралсын жаным!)

Қайта келмейтін тұлғадай мынау жалғанға

қасқайып қалай тұрсыңдар, қайран шыңдарым!?

Ей, менің шырқау аспаным,

сұңғыла шыңнан өзің де бұлтармадың ба –

сүйгізіп жатсың шымылдық-бұлт ар жағында!

Мен білсем, сонау шыңдарға көзім жетпейтін

демігіп әрең жетеді-ау сұңқарларың да!

Мен төменде тұрсам да,

қияларға тігер жанарда мұң тұна қалмай

астан-кестен боп кеттім жыр құрағандай!

Тентектеу көңілім тынатын емес-ау енді

сонау заңғардың басынан бір құлап алмай!..

1970»

«Жанарың нұр ұшқынын қарады іркіп,

мен содан көрген сайын қалам үркіп,

Айтпай-ақ сезіп тұрмын:

бұл күндері

жүрсің ғой басқа адамға алабұртып.

Сонда да жүрек құрғыр саған ынтық.

Жүр сені бір жас сезім еліктіріп,

тулаған ту сезімге желік кіріп.

Мен саған бұрынғыдай келе алмаймын

кірбіңсіз ақтарылып, сеніп, күліп.

Тұрмайсың бұрынғыдай ашық, күліп

(мені де мысық етті пасық күдік ) ,

құлазып отырасың мені елемей,

сыр толы жанарыңды қашық тігіп.

Басқа адам кетті-ау, сірә, ғашық қылып.

Мен үнсіз телміремін саған талмай,

кір шалған көңіліңді жаңарта алмай .

...Мен енді іштей ғана өртенемін,

жана алмай жапырылған жанартаудай.

Барады мұнан басқа амал қалмай.»

«Жанашырлар – жақсы аға, жайсаңдарым,

Сендер барда асқақпын,

қайсар жаным.

Арқа таңып сендерге, алдарыңда

ерке басып жүруге тайсалмадым.

Сендер барда – үкілеп мінгендеймін

жел ілеспес даланың ай саңлағын.

Сендер бар деп еркінсіп бұлаңдаймын,

жұрт шалқалап қарайтын шынардаймын.

Сендер бар деп жасқанбай Жер басамын,

жанарымнан көшеді тұман-қайғым.

Сендер теңіз шалқыған.

Шағаласын

шарықтатпай көгінде тұрар ма айдын!

Сендерсіз бұл жалғанда

жоғалардай ізгілік, бүкіл мейірім,

Онда мен де көз түспес үтірдеймін.

Сендер айтқан жалғыз-ақ жақсы сөзден

жамау-жасқау көңілді бүтіндеймін.

Ал сендерден сәл салқын қабақ көрсем,

Іштей налып,

өзімді түтіп жеймін.

(Мен, әйтпесе, көк мылжың пенделердің

өсек-аяңдарына түкірмеймін).

Сендер барда

тілемеймін тағдырдың сыйын бөтен,

Көз тігемін сағымды қиырға кең.

Күншуақтың қадірі көлеңкеде

тоңбағанға әшейін бұйымға тең.

Пенделер бар күні үшін көлгірсіген,

ондайлардың достығы тиынға тең.

…Бұл өмірде жанашыр жақсыларсыз

жақсы болу адамға қиын да екен.

1972»

«Жанталасып мені шын ұмытсам деп

жүрсің сен,

басқа жанмен жүректі жылытсам деп

жүрсің сен.

Жек көрсем деп қалайда талай іске ұрындың,

ұмыттырса екен деп өзгелерге тығылдың.

Көрмеймін деп мен оны өзіңді өзің сендірдің,

кінәлайсың, сонда да көкірегіңде мен жүрмін.

Біреулерді жаныңмен сүйген болып жүрсең де,

мені жоқтап жүрегің қайғы шегіп тұр сенде.

Шығара алмай бейнемді көңіліңнен, аһ ұрдың,

көрмей алыс жүрсең де, тек мен саған жақынмын.

Кімменен жүр, қайда бар, қаншама азап шек мейлің

жүрегіңнен бәрібір мен ешқашан кетпеймін.

1973»

«Жаным пәк, аппақ едім

балауыз балапандай,

күлімкөз, мақпал ерін,

күлкімнен таң атардай.

Көңілім жас баланың

кіршіксіз жанарындай.

Нұр шашып қас-қабағым

кеудемнен ән арылмай.

Құштар ем сұлулыққа,

сүюші ем бәрін де мен.

Қараймын бүгін жұртқа

салқындау сабырменен.

Арын жоқ көңілдегі,

кеудемде бұлақ қатты.

Шарпыған өмір демі

шаттықты жырақтатты.

Ертіп келген жігітін

ауылдастарына таныстыруы

Күн көрік пен Майрада жыр-ән барда,

ғашық етпей жігітті тұра алған ба!

Ертіп келдім, сүйдім де, басқа ауылдан –

іздеп табар сыңарын қырандар да!

Елі көшкен бір кезде алыс жайға –

жер дауында ағайын шабыспай ма?!

Келіспей ме достар да өкпелескен?

Бірақ кейде кетеді табыспай да...

Достық десе қашаннан дала шалқып,

көрген емес ешкімді аласартып.

Бұл заманда татулық, таныстықтың

алтыннан да, ардан да бағасы артық.

Жүрегіме әніммен жазам атын.

Ойсыз іске бейнет пен жаза жақын –

аласартып жүрмеңдер бермейміз деп,

асқар тұтқан бір елдің азаматын.

Ғұмыр үшін түк емес жер кеңдігі,

көктемнің де солады көркем гүлі.

Бүгін - шаттық, шалқып қал, сайрандап қал,

алғы таңнан көрерміз ертеңгіні!

Айыптама, ағайын, ессіз деме,

жалын кештім, білмеймін, кештім неге...

Қажет емес қалың мал, қысырағы –

сезімімді сатпаймын ешкімге де!

Майраның інісіне айтқаны

Ниетің аппақ екен,

Осы бір тазалықты сақта, көкем!

Ал мен кейде шаршаудан, шалдығудан

үйіме шаққа жетем.

Аурудай сүйекке енген

жүрегіңді сыздатар ниеттерден

жабырқауды, жүдеуді, күрсінуді

басымнан жиі өткергем.

Достыққа үміт - серік,

кейбіреулер доссынып күліп келіп

қас жауым боп оқ атқан. Содан жұртқа

қараймын күдіктеніп.

Қатал ғой сыншыл ғалам,

жалғандықтан қашан да күрсінді адам.

Қалқам, мынау заманға жат түріңмен,

тасқа шыққан ақ гүлдей пәктігіңмен

қымбат боп тұрсың маған.»

«Жаныма түсірмей күн

сен жүрсің. ұят мұның.

Мен сені түсінбейтін

мылқау жан сияқтымын.

Кездессем жеке мүлдем

кетер деп сыр жалғасып,

“байқамай” өтемін мен,

жаныңнан жылдам басып.

Көз шіркін санаса ма –

жалт етіп бір тігесің.

Білемін: оңашада

мен жайлы күрсінесің.

Шыдаймыз қанша күнге,

жалғыздан отты құшып.

Қайтеміз қалса бірде

жанарлар соқтығысып?

…Бар күнә өмірде еді

(біздерде жоқ кателік):

ұғысқан көңілдерді

қоятын жатқа теліп.

1970»

«Жанымда жүрші

аласармайтын армандай асқар тауым боп,

шілдедегі әппақ жауын боп.

Сенімен жүрсем –

мынау жалғанда мен көтермейтін ауыр жоқ,

бет қаратпайтын дауыл жоқ.

Сенсіз күндерім;

бұлыңғыр күнгі көңілсіз күңгірт екінді.

Сезбей-ақ күннің шуақ сәулесін, жұпар самалды не түнгі,

өмір кешетін сонда да мәз боп өкінбей

ойсыз байғұстар секілді…

Жанымда жүрші

көңілімнің арай рауандап атқан таңы боп,

кіршік шалмаған менің әжемнің ары боп.

Күйдіре түссін өзімшіл мына жүректі

сендегі сөнбес жалын от.

Әйтеуір осы тірлік дегеннің мен үшін

өзіңсіз ешбір мәні жоқ.

1968»

«Жанымдасың.

Рақатқа батасың жаңа балқып,

жанарыңда бақыт тұр дара қалқып.

Қалмағандай басыңда мысқал мұңың,

шыға алмаған талайғы құштарлығың

күн сайын барады артып.

Жалындасын,

алау сезім сендегі тұрсын жанып,

шьн сезімнен қашпалық, қымсынбалық

(әйел соны қалайды—ойлағын сен):

алып ұшсын жүрегің, қайда жүрсең,

қашан маған жеткенше дүрсіл қағып.

Жанымдасың.

Көңілің өр, жүзіңе нұр жалатып,

арман болған адамды шын қаратып

алғаныңа масаңсың. Қалай демен.

Бақыт та ортак біздерде. Алайда мен

кейде неге қаламын мұңға батып?..

Менің нәзік жаныма күнде үңілген

болсаң, сезсең күйімді —кірбіңім кем.

Бақытты ете алмайсың дер ем ашық:

егер асқақ тұрмасаң менен асып

болмысыңмен, ойыңмен, тірлігіңмен.

Жаныма ерер бір адам керек қой деп,

ондайға түк жүгінбен.

1974»

«Жанымды менің сілкілеп,

сүйіктім кетті басқамен.

Кездескен сайын бір түлеп,

гүлім деп құшақ ашқан ем.

Күңгірт күндерде нұр берген

айым да сен ең, аспан ең.

Сыр бермеген боп жүргенмен,

булығып жатам жасқа мен.

Жастық боп жатқа білегің,

шырақ боп түнде маздадың.

Соны ойлап сыздап жүрегім,

жынданып кете жаздадым.

Тосылды-ау жатқа гүл ерін,

өзіңді соған Күн еттің.

Мен сорлы жүрмін бір емін

таба алмай сендік жүректің.»

«Жаңбырлы аспан түнеріп өңі мүлде,

күн көрмеген секілді өмірінде.

Жапырағы сезімдей ұшқан қайың

қабырғасы әзір тұр сөгілуге.

Дала бозаң, қалғандай ұйып қаны,

өзен, көл де, орман да — тұйық, бәрі.

Шықпайтындай енді күн

жер мен аспан

тұнжырайды салбырап иықтары.

Сарқылғандай бейуақыт ақында да ән,

келмейтіндей іңкәрлық жат ұрлаған.

Мұңымыз бен күйіміз егіз үндей —

осы кезгі табиғат жақын маған.

Енді осылай тұнжырап тұра ма алап,

ашылмай ма

көңіл мен мына қабақ?

Мүмкін емес мәңгілік бұлт қалуы,

күн-мейірім аймалап шығар әлі-ақ!

1983»

Жаралған деп жат үшін

«Бабам қазақ қашаннан бала сүйген,

мұрагерім болса деп мақсат қылып.

ұл дауысы шыққанда қараша үйден,

атан сойып той қылған, ат шаптырып.

Сүйіншіге ұл туса бермегі көп,

әзер болса астында аты қалған.

Қыз туғанда “қырсықтың келгені!” деп,

қырын қарап еркегі жатып алған.

Иығына елінің мұңын артып,

ұл алардай дұшпаннан бүтін кекті.

Қанша қызы болса да, ұлын айтып:

“Жалғыз бар ғой, құдайға шүкір!”… - депті.

Із қалғандай артында өшпейтұғын,

ұлы болса армансыз жүреді екен.

ұл туғанын қашан да көксейтіні –

ұлды еліне қамқор деп біле ме екен.

Қайран бабам өтіпті шер-күдіктің

емін іздеп баладан жаны жалын,

Білсе еді ғой ел қорғар ер жігіттің

сол аруға күні ертең табынарын!

1962»

«Жас келіншек

жас тұнып жанарында,

қара түнде көміліп нала-мұңға,

(сонау сәттер елестеп көзді арбайды)

күбірлейді, ең ыстық сөзді арнайды:

қалмай бірі: “Жарығым!”, “Қарағым!” да...

Тарылтады тынысын түндер керең,

күндіз көппен жер басып жүргенменен.

Құс жастықты құшады күйеуінің

таныс исі сіңіп те үлгермеген.

Балғын дене балқымай, мұң қамаған,

бұл сезім ғой көңілді қылған алаң.

Төсегінде дөңбекшіп аңсап-талып,

сосын таңда көз іліп шаршап барып…

Білем, білем. Таныс жай бұл да маған.

(Сәттер болған менде де

құлазыған, жүрегім дірілдеген,

дірілдеген, көздерім ілінбеген:

мен біреуді сүйгенмін өліп-өшіп.

Соны ойлаймын, аңсаймын бүгін де мен.

Ол-дағы ессіз сүйетін шатастырып

атқан таңды кешегі іңірменен...)

Түн еді бір. Есігі тасырлады.

Сасып қалды келіншек. Басындағы

орамалы сусыды, түсе берді.

Әлде келіп қалды ма асыл жары?

Оңбаған ба әлде бір келіп тұрған

жалғыз басты әйел деп басынғалы...

Неге, неге осынша қалтырады,

мынау есік неге тез ашылмады.

Таныс жандар көзіне елестеді,

жеті түнде жай жүріс емес тегі...

Бір нәрсені көтеріп тонға ораған

Жоқ! Нәрсе емес! Бас, көзі...

болжады - адам.

Осы, осы таныс жүз емес пе еді?

Не болды әрі. Білмейді. Есінде тек

айқара ашқан есіктен жел ескені.

Шыныменен...

Жоқ! Мынау қайдағы адам?

Адам? Қап қой аузын байламаған.

Арман сонда шынымен тапталды ма?

Қос аяқсыз домалап жатқан мына

сол жігіт пе? Жоқ, мұны кешіре алман.

Анық сол бір жігіт пе есін алған,

құшағына ап алқынған, аймалаған?

Сол!

Көзде анау от қалған, ыза қалған.

Шаш ағарған жиырмада ұзап арман.

Мұның балғын денесін қаусыратып

тастар сонау күш қайда бұза жарған?

Қалай енді жаныңа жақындайды.

Талықсытты әйелді ақыл, қайғы.

Жұрт тым-тырыс. Айнала тына калған.

- Есің жиғын, - деседі қоршағандар, -

өзгермейді болған іс жылағаннан.

- Құдайым-ау, шүкір ет. Бар ма арманың?

Маған қара,— жалғызым, алданғаным

келсе еді ғой осылай домаланып,

алданыш боп қалмас па еді о дағы анық...

Солай келсе жоқ еді арланбағым.

Қол-аяқсыз домалап оралса да,

шүкірлік ет, шырағым, таңданбағын!

Керекпейді

ақыл айтып жұбату, үгіт деген.

Қалай өмір сүреді тұлыппенен…

Тәтті екен ғой күтудің қасіреті,

өр тұлғасын еске алып үмітпенен.

Кім кінәлі?

Кегімді кімнен алам?

Енді маған шуақты күн де қараң.

Арысымды бүл күйде көргенімше,

соқыр болып қалсамшы өлгенімше,

неге керек жер басып жүрген аман?

Бұдан артық қасірет әкелмейді

өлім, қайғы, азапты түн де маған.»

« Жасампаз шақ, жастық шақ!

Дүниенің бәрі мөп-мөлдір арманға тұнып,

көгілдір қиял,

тәтті оймен таңдарды атырып,

алапат асау өмірге жасқаншақтамай

қарайтын өктем от тұяқ тарланда тұрып.

Көкірегі толы әсем ән,

көрініп өмір айнымай мүлде көктемнен,

гүл теріп қайтар достармен

күнде бөктерден.

Жаңылыс басқан сәттерің жүрегіңді өртеп,

дөңбекшуменен көз ілмей түндер өткерген.

Мазасыз көңіл,

жас дәурен,

жетелеп аппақ армандар жаһан жақтарға,

жасайсың қолдан өмірді қатал қапталда.

Бүріскен кәрі дүниені

жаныңның алау

отымен жылытып жүресің қаһарлы ақпанда.

Жалынды жастық алауым!

Ерліктер деген өзіңнен басталған анық,

алдыңда сенің бас иген асқарлар алып.

Қайсар даланың ұрпағы қанатын қаққан,

революция жалыны шашқанда жарық!

Зымырап жылдар зулайды:

тіршілік заңы жүйіткуден қалғымас мүлде,

беттесең, өмір ұқсамайды қарлығаш, гүлге...

Бәрібір сенің өр тұлғаң сан жүректерде

лапылдап жанып тұрады мәңгі жас түрде!

1964 «

Жастық шақ жырлары

«Бірінші жыр

Мен жастықпын.

От алғам

қараңғы түнгі найзағай жарқылдарынан,

қасиетті даламның бал құндағынан.

Ерлік пен өрлік дегенді қатал мезгілдің

қасіреттерімен шыңдалған халқымнан ұғам.

Қайсарлық сіңген жаныма бабаларымның

дұшпан алдында міз бақпас салқын қанынан.

Ел үшін оқ боп атылған сұрапылдарда,

сонда жаулардың жүрегін даңқым қарыған.

Қырандар кеткен қияға жанарын жанып,

өр көңілменен құлшынған артымдағы ұлан.

Күшіме сенем.

Жоқ сынды

мынау әлемде алынбас қамалдар маған.

Қызулы шақта күдікпен алаңдар ма адам?!

Топас бір тірлік етпеймін.

Сенің даңқыңды

паш ету үшін, Отаным, жаралған балаң.

Мақсат қып қойған ұлының болашағына

әке жетпеген үміт пен бар арманды анам.

Мен жаныма өр рухын өлмейтіндердің

қызыл туларға малынған алаңнан алам.

Маңқыстауларда сыңсыған қара орман болып,

асау толқын боп мұхиттай каналдан ағам.

Алып ГЭС-терге әкелем жұлдызды аспанды,

қайран қап сонда, Жер, Әлем, қараңдар маған.

Тәкаппар ұрпақ алдында менің атымнан

жас шағым болып сөйлейді жаңарған далам.

Сөйлейді ол сонда куә боп дана жылдарға,

қалалар қалай қаз тұрды Қарақұмдарда,

тайганы тіліп талқысып, саз кешіп жүріп,

Неліктен тіктім өрлікпен жанарымды алға?!

Кебіртек шөлде кеудемді дауылдарға ашып,

түндерде жүрдім көз ілмей дала-қырманда.

Жасыдым, кейде жыладым ыза-кекпенен

тіршілік салған кеудеме нала-мұңдарға

өмір жоқ мұңсыз күңкілшіл жердің бетінде

жалашыл кейбір жылмаң көз адамың барда.

Күсті қолдардың жасауы қызыл сөз емес,

мұра боп қалсын ертеңгі саналы ұлдарға.

Әйтпесе, мынау менменшіл мезгіл желінен

жоғалған ізсіз сан алуан қалалар құмда.

өмірдің өзі үйреткен қапы қалмауға –

мейлің сен тағы, тарих, садағыңды арна.

Мен армандап жүргем жоқ

салар деп маған біреулер алтыннан мүсін,

тірлікте жұрттан ерекше жарқылдау үшін .

Бойдағы күшті сарп етем, келер ұрпаққа

мақтан болсын деп қалдырған артымдағы ісім.

Бас иіп жүрсін өр ұрпақ, бабалар бір кез

таңдана бермес ғасырды таң қылғаны үшін.

Жастықтың жалын шағында қызулы қанмен

қорғасын бізше даланың даңқын, намысын.

Соңымда менің өлмейтін бірдеңе қалса,

шындықты шыңға көтерген халқымда күшім.

О, менің жастық жылдарым!

Шаттықпен аштым қақпаңды, жанарда—күлкім,

есіңде қалар сәттер ғой саған да бұл күн.

үмітке толы көңілдің пәк сенімімен

қарап тұр бүгін саған да, маған да жұртым.

Сенемін—-әрбір күніңде шабытпен шырқап,

тынбайды еңбектің дабылы даламда күн-түн.

Атағың сенің тарихта

Қайталанбайтын

ұлы істерімнің даңқымен қалар да мүмкін!

Екінші жыр

Сен мені ізде, жаным,

шөл дала, жапан түздегі

ақ шатыр алқаптарынан,

қаңтардың қақап мұз демі

өбетін тау шатқалынан.

Қас қақпай таңдарды өткер де,

ізде сен (сұрама жаннан!)

ұмтылған заңғар көктерге

алаулы мұнаралардан.

Ізде сен сағынсаң, жаным,

шарлаған дала бөктерін

жастықтың бал арманынан,

ақ қанат самолеттердің

апай төс алаңдарынан.

Ертең-ақ жаңарар маңы

қырлардан, дала аптабынан,

бітпеген қалалардағы

үйлердің қабаттарынан.

Бақтарға алданба дер ем,

шын сүйсең, күрсінбе кілең.

Мені ізде вокзалдар менен

рельс дүрсілдерінен.

Таңдарын жаңа күндердің

қарсылап алуға, жаным,

мұз жарғыш корабльдердің

шарла сен палубаларын.

Сенің де жаның құштар ма

өрт екпін, жарқыл-жалынға?

Теңіздің дауыл құшқанда

жүрем мен толқықдарында.

Жасқанбай самға да қашық,

мені ізде сайлардан, белден.

өзендер арнадан асып,

теңізге айналған жерден.

Жолдардың бұралаңдаған

елемей дауыл-шаңдарын,

мұндайда сыналар арман,

іздеп кел, сағынсаң, жаным...

Аңсарым, таңым сен, жаным!

үшінші жыр

Мен Шығыстанмын -

тауларымен сырласып ұғысқан Күн;

Көкорайлы белдері көз тұндырып,

сәулесіне оранған күміс таңның.

Не заманнан бұл дала

мекені екен

винтовкасыз, атомсыз ұрыстардың.

Қаһарланса қасарған қайсар бабам,

сескенбеген сонда алмас қылыштан кім?!

Сойылды айқас ұласып ұлы күшпен,

туды маған саптарда ту ұстар күн.

Далам бақыт құшқанда, амалсыздан

жыламсырап төсінен ығысқан мұң.

Жайдарымын мен бүгін, жарқын көңіл

жан біткеннің бәріне туысқанмын.

Мен даладанмын.

өмірді де дала деп санағанмын.

Алаламай нұр шашқан даладағы

күн көзімен әлемге қарағанмын.

Сонау, сонау жылдарда далам үшін

Сойыл құштым, сан рет жараландым.

Сайларымда сарғайып жаттым аштан,

түйіріне зар болып қара нанның.

Шындық іздеп әкелер құрбан болды,

соны ойласам, жанымды қамалар мұң.

Әділет деп қақылдап, ей, дүние,

куәсі боп жаттың-ау жала, қанның.

Жерін жатқа бермеген жығылса да,

айбарына бас ием бабалардың.

Бүгін шалқып қараймын мен далама

көкірегінде самсаған қалалар мың.

Мен

коммунистер ұлтынанмын

күңкілдеген күндестер сыртынан мың.

Жұмыр жерде бір пенде бақыт тапса, туысындай шаттандым, кіл

қуандым.

Мен әділет, шындықтан жаратылдым,

шын досымын Отаны, жұрты бардың.

Теңсіздігі дүниенің тез есейтіп,

қайратыммен серпідім мұң тұманын.

Лақтырған жоқ бақытты тағдыр маған, тіршілікпен

тартысып жұлқып алдым.

Әділеттен тайса өмір, түңілме, дос,

келеді түбі саған да бұлқынар күн.

Адалдықты таптаған арамзалар

жауап береді алдында бір күні ардың.

Мен қырдағы үйден мін.

Жалқы емеспін, бірімін топ баланың,

тек арманым биіктеу, от талабым.

Елеусізбін үйде мен, елгезекпін,

төрден орын тимесе, жоқтамадым.

Ал көшеде әкемді білетіндер

мені танып қараса, тоқталамын.

“Азаматы ана үйдің”, - деп жатады,

бірі ғой деп айтпайды көп қараның.

Бар бейнетін үйімнің жалғыз өзім

арқалауға сонда мен оқталамын.

Біздің үйдің бар қадір-қасиетін

менен көріп тұрғандай боп қаламын.

...Мен Отанның сыртына шыққанда да,

осы ойларсыз аттаған жоқ қадамым.

Маған қайнар күш берген

күдіктенбей артатын сенімі елдің

толқып сол бір сезімнен тебірендім.

Отан сеніп тапсырса өз тағдырын,

тартыншақтап мен қалай шегінермін.

Менің тарих алдында мақтанарым —-

перзенттігім іргесі берік елдің:

мүмкін, қазақ, абхазбын, белоруспын,

тәжіктердің ержүрек тегіненмін.

Адалдық пен достықта ұлылығы—

Мен Советтер еліненмін!

1972»

Жастық шақ туралы элегия

«(қарт солдаттың ойы)

Жарау күндер зулайды, оралмайды,

дамыл көрмей самғау да оған жайлы.

Жастық шақты от жылдар алып қашты,

жете алмадық, ұрттадық содан қайғы.

Жеткізбейді мезгіл-жел дара шалқып

(қол жетпеген нәрсенің бағасы артық),

төбешіктен жасайды қия шыңды,

құз, тауларды мүжиді аласартып.

өктемдікке құштар бұл дарқан уақыт,

тарихқа да қояр жүк арқалатып.

Балапанды самғатар қияларға,

қарт қыранның жанарын қанталатып.

Заңы да бар мезгілдің сынар тағы,

жылатып ап, сәбише қуантары.

Бір кез айдын шалқыған ну даланы

көрмегендей тамшы су қуартады.

өмірде ылғи жүрмейсің бақта күліп,

не сайрандап алаңсыз атқа мініп.

Тасып кетсең, менменшіл уақыт деген

ес жиғызып алады жақтан ұрып.

Екпініне сені де орап алып,

уақыт өзі шыңдауы, соғары анық.

Сонда уақыттың тезіне төзе алмасаң,

мұрттай ұшып қаласың домаланып.

Жүгіресің тағы алға ұшып тұрып,

жұлқынғандай бір дүлей күш ықтырып.

Сен қарайсың ызамен, таңданумен

сүрінбейтін жандарға мысық қылық.

Тірлік-мұхит жатады шалқып ағып,

сүйрелейді — мейлің сен қалтыра, бұқ.

Шапқылайсың сонан соң бұл өмірдің

қызығын да, қайғысын қарпып алып.

Жығыласың, жылайсың, ысыласың,

қуанасың, күлесің, тұшынасың.

Қайта оралмас жастықтың бұла құсын

қимастықпен қиналып ұшырасың.

Солай өктем уақыттың пысы басым.

Минуттардың қадірін сонда ұғынып,

тез-ақ өткізгеніңе қысыласың,

тағы аңсайсың көктемді, бұла шақты

(жастық кетсе — көңілдің қысы басым).

Айлы кеште албырап ән-сағымға

сүйе алмадық қыздарды бал шағында.

Жүрек, шіркін, сыздайсың, тұншығасың

қасіретте қан кешіп шаршадың ба.

Уақыт жүйрік. Ол рас. Заңды бұ да,

бірақ, жүрек, таста сен зарды мына:

біз жастықты ұлы іске арнағанбыз

ұрпақтардың, халықтың тағдырына.»

Жастықпен балалық

« Жастық:

Қасіреттермен қол жеткен

салтанаттарда

даңқын еліңнің өрлеткен

шартараптарға

мақтаныштарды мақта сен,

тайсалма, жаным,

жалға сен солай шақта әсем

қайсарлар әнін!

Айбындылардан ал үлгі –

тынбасын жырлар,

тыңдасын әлем әніңді,

тыңдасын жырлар!

Балалық:

Қызыл туларға қараймын

алаулап тұрған шыңдарда.

Алдымда өмір - ақ айдын

мені де салар сындарға.

Інісі болдым жасымнан

комсомол аға қыранның.

Ерлікпен даңқын асырған

коммунистерге ұланмын!

Сүйсінер маған жұрт әлі,

арманым – асқақ шың-асқар.

Мен үшін өнер шырқауы –

Ақансерілер мен Күләштар.

Аялап, күтіп мені елім,

сәулесін шашты нұр таңдар.

Мен үшін ерлік дегенің –

Қобыландылар мен Сұлтандар!

Жаныма содан от алдым,

ерлікке баулыр далам кең!

Батырлар өскен Отанның

Болатбегі боп қалам мен!

1964 «

Жастық шаққа гимн

«Шешпеген сұрақтарымның жауаптарынан,

жетпеген мұраттарымның абат бағынан,

әділет аңсар жалғанның жеңістерінен,

өкпелеп кеткен жандардың келіскенінен,

алынбаған асқарларымның жалқын жонынан,

жазылмаған дастандарымның жарқын жолынан,

жетпеген армандарымның көктемдерінен,

шықпаған заңғарларымның өткелдерінен

мен сенің тұлғаңды көрем,

ұрпаққа жыр боп қалатын жылдарды көрем,

жауынды дауыл, қара түн сындарды көрем,

сағыныштан да тәттірек мұңдарды көрем,

о, алау жастығым менің!

1967»

Жеңеше

«Жеңешетай, тоқташы,

құшақтайын сені бір!

Тасташы сол от басын,

отырмашы емініп.

Жақын келші жаныма,

жанарыма үңілші!

Шаттық көрсең жадыра,

отырма тек түк үнсіз.

Сен қуансаң, ақылдым,

қуанамын деуші едің.

Ағадан да жақындау

көремін ғой мен сені.

Жаным бүгін шашты гүл,

әлем бақыт сыйлап тұр!

Махаббаттың мастығы

қуыршақты жинатты.

Көзінде оның сағым-нұр

тұнып тұрған секілді.

Жүрегімді, жанымды

ұғып тұрған секілді.

Сол жанарда - қонысым,

қуанышым не түрлі.

Менің жаным онысыз

күнсіз аспан секілді.

Айтшы маған жыр етіп,

есіңе алшы бүгін бір.

Алғаш жүрек дір етіп,

ғашық болған күніңді…»

Жігіт әні

«Атсын, сәулем, таңдар күліп,

санаспайық уақытпенен.

Осы емес пе арманды үміт,

осы емес пе бақыт деген?!

Куә болсын аспан, дала -

бақыт құшқан таңым бүгін.

Жабықпа сен, жасқанба да,

бар күдіктен арыл, күнім!

Атсын таңдар толып нұрға,

жайнай түссін гүлім менің.

Әлденеден қорықтың ба,

неге, жаным, дірілдедің?

Көрейін мен келбетіңнен

ылғи таңның арай нұрын.

Сені өтейін тербетумен,

кетсін тұнған талайғы мұң.»

Жігіттің серті

«Құлағың салшы,

армансыз бір өзіңмен сырласайын,

ақтарылайын алдыңда тыңдашы, Айым!

Құшағыма енген әйелдің бәрін дал қылған

жанарымдағы жұрт үқпас мұңды ашайын.

Тапа-тал түсте қымсынбай құшақтап сүйіп

сәскелік шақты шырын сәт - түн жасайын,

құмарымды сүйтіп мен бір басайын.

Сан әйелдерді құштым мен

бар жанымменен беріліп ұнатпағанмен

(салқындығыммен-ақ өзгеге ұнап қалам мен),

сол құшақтардан сені іздеп аласұрмасам,

біреулерінен мүмкін мен тұрақ табар да ем...

Әйелдің бәрін қанағат қылғызбай қойдың,

әйтпесе сенсіз өлсем де шыдап бағар ем.

Ешбір еркектен көрмеген

ынтықтығымды көрсең балқудан басың айналып,

жақсы көргеннен сонда сен жылап та алар ең.

Жанарыма тіктеп үңілсең,

күмәнсіз менің от-жалын жанымды ұғарың,

сонан соң сені сарғайтып сағындырарым...

өліп-өшкен өзіңе құштарлығыммен

жасанды бей-жайлығыңды сағым қыламын.

Сонда сен мені көз ілмей аялар едің,

мен болар едім мәңгілік жарың, жыр-әнің.

өзіңді ғана аңсаумен өтсін-ау десең,

асқақтығыңмен әрқашан жалындыр, жаным!

Осынау еркек басыммен жер басып жүрсем,

әйтеуір сені қайтсем де табындырамын!

1972»

Жоқтау

«немесе жесірдің зары

Стамбул маңындағы зиратты аралай жүріп әлсіз жылаған әйел үнін естідім. Жанымдағы Мырза Әли оның сөздерін былайша түсіндірді:

Шынымен жоқсың ба енді, арайлым-ай,

жалғыз ой маза бермей қамайды ұдай:

өзіңсіз, сенің ыстық құшағыңыз

мен енді жүре аламын қалай бұлай?

Айт-дағы, жүре аламын қалай, жаным,

өте ме сенсіз сонда сан айларым?

Дайындап дастарқанды, отыра алмай

сен келіп қала ма деп қарайладым.

Еңсемді бара жатыр басып қайғым,

мені енді жұбата алар жасытпай кім?

Сен келіп қалар-ау деп жанталасып

үйге де бұрынғыдай асықпаймын.

Сарқылып біткені ме арман-селім,

айырар күш барына нанбаушы едім.

Асылым, жанарыңмен аялаған

қылығың көз алдымда қалды-ау сенің...

Қуатым, бойға қайрат-күш алғаным,

мен енді кімді аймалап құшам, жаным?

Аққу ем, қос қанатым қыркылды да,

қансырап талпындым да, ұша алмадым.

Аялап жүрсің бе екен мені ескеріп

жуымай, жүресің тек елес беріп.

Сен неге жалғыз кеттің, бірімізсіз

біріміз жүре алмайтын емес пе едік?

Сен ең ғой жаңа туған тұңғыш айым,

мен сорлы сенсіз енді кімге ұсайын?

Аңсадым, аяулым-ау, тым болмаса

түсімде келші армансыз бір құшайын.

1973»

«Жүрегім — гүл

сәулелі таңды құшқан.

Бұл күндері шалқар бір теңіздеймін.

Көп жандардың ішінен, әр бұрыштан

шыға келмес пе екен деп сені іздеймін.

Сені іздеймін,

(мен шағала, сен әлде шалқармысың?)

еш нәрсеге жанарым тұрақтамай.

Сенің мынау байқатпай тартар күшің

мені ылғи да осылай шыдатпағай.

Шыдатпағай,

шыр айналып ұшатын шағаладай.

Шашырасын бақыттың нұры өңімнен.

Сен жүргенде шалқиды дала қалай,

көрмегендей өгейлік бұл өмірден.

Бұл өмірден

өтейін сені іздеумен,

шыбын құрлы көрінбей белес-белі.

Қазір менің дауылды теңіз кеудем

сені көрмей тыншитын емес, тегі.»

«Жүрек - жаз. Нұрлы өңдерде бақыттылық,

қалғандай шыр айналып, уақыт тұрып.

Дүние өң бе, түс пе — біле алмайды,

әйтеуір жатыр дала жақұт тұнып.

Қос ғашық көкшіл сағым шатырдағы

бақытын сыйғыза алмайды ақылға әлі.

Кенеттен тыныштыққа атой салып,

шаңдатқан тұяқ даусы жақындады.

Қыз сілкіп шала өрілген қос бұрымды,

әйтеуір бір сұмдықты тосты мұңды.

Торы төбел қаңтарулы тұрған күйі

қайшылап қос құлағын, осқырынды.

Жігіт те орнынан тұрды атылып,

жатты тек демін алмай жылға тынып.

Түстері суық қандай, қуғыншы ма,

япыр-ау, кетер ме екен шын қапы ғып?

Қуғыншы... Қайдан өзі мұнша халық,

істеді-ау ерте кетпей бір шалалық.

Қызы үшін қатыгез бай кешер мүмкін,

алдына жігіт мойнын ұсынса барып.

Қалайша тез жетті екен жорықтасып,

бұл жерден болатын-ды қоныс қашық.

Әйтеуір, ақ сезімге тапсырдық деп,

екеуі тұра берді қол ұстасып.

Аттылар жетіп қалды желе шауып,

сойылға басар ма екен келе салып?

Қыз кенет сыбырлады: “Бұлар біздің

ауылдың адамдары емес анық”.

Қос жүрек тұрып қалған дүрсілдеді,

ұмыт боп жаңа ғана күрсінгені.

Әлгіде демін тартып тынып қалған

қайта есті сахараның сыршыл желі.

Аттылар төніп қалды дүбірлетіп,

Тор төбел тыпыршыды бұл үнге елтіп.

Сұсты жүз сазарысқан. Ешқайсының

жылылық көрінбейді түрінде түк.

Бір түсті үстеріне костюм киіп,

Қатулы қабақтары қатер құйып,

Асынған қару-жарақ жарқылдайды

— Нұрет бай жіберген бе әскер жиып?

Бір қауіп бір үмітпен араласып,

қос жүрек шапқылайды ала қашып.

Ертеңгі тәтті сәттер қалды былай,

күн болса, арқан бойдан барады асып.

Естілді дауыстары жат үн қатқан:

қым-қуат болып кетті сатырлап маң.

—Қараңдар мынау дала тағыларын

дүниенің тәттілігін татып жатқан!

- Әдемі-ай мына қыздың түрі қандай!

- Қойшы әрі, әйел көрсең, ыңыранбай!

Тағылар тағылығын істемесе,

жүреді ішкен асын сіңіре алмай.

Ортаға ап екі жасты, қызықтады

сілімтік бандылардың бұзықтары.

Жігіт тұр бір көгеріп, бір бозарып,

ызадан әрең шыдап, қызып қаны.

- Әй, өзің айтшы, қане, қызылмысың?

- Қолыңа қалай қонды бүгін құсың?

- Қарай гөр сазаруын үн шығармай,

көрдің бе сұмырайдың жырындысын!

- Алайық ат пен қызын олжа қылып,

отырсын жас тотысы торда бұғып.

- Ал өзін бір оқпенен... не болмаса,

кетейік өлімші қып орға жығып.

-Қайтеміз оқ шығындап бұл қазаққа,

салайық онан-дағы түрлі азапқа.

-Арқанмен сүйретейік атқа байлап...

-Тоқтай тұр, бұл не дүбір жылға жақта?

Құлақ сап ғашықтар да сәл аңдады,

бір ұшқын жалт еткендей жанардағы.

—Мен үйден қашып кеткем, бұлар біздің

ауылдың мені іздеген адамдары,

деді қыз, — жасырыңыз,

сүйгенімнен

айырса, өлім артық маған-дағы.

Таң қылды “тағы” қыздың батылдығы.

“Қолда ғой, құтқарайын ақыры мұны”.

—Қашыңдар анау сайға, топ жыңғылға! -

офицер осыны айтып, атын бұрды.

Қыз сүйтіп жер соқтырды сонша жанды,

минуттар қатерлі әлі болса-дағы,

жай тұрған қуғыншы деп бандыларды

жүз шақты салт аттылар қоршап алды.

Бұл келген - азаматтар сенген елі,

Бандылар, сөз жоқ, енді жерленеді.

Қайыржан Молдағұлов бастап келген

советтің милиционерлері еді.

Банды іздеп Бозалақты шолып үш күн,

болмады нәтижесі сол жүрістің.

Кеше кеш ауылына оралғанда,

үстінен шықты қанды көріністің.

Салумен бейбіт елге жазылмас мұң,

сабылтып банды деген сағым қашқын

Тас-талқан ауыл үсті, күңіренумен

көгенде жатыр бәрі ауылдастың.

Қайыржан кешкен талай азаптарды,

дәл мұндай көрген емес мазақтауды.

өлігін анасының көрген сәтте,

құлауға тәлтіректеп сәл-ақ қалды.

“О, ана, қалай тыным табар жаным,

Ойлаушы ең аласұрып балаң қамын.

Жан ана-ай, тым болмаса, қанды қолдан

сені де арашалап қала алмадым.

Қап, бәлем, қанқұйлы жау, шыда аз ғана -

туғызам тірі жүрсем саған да күн!

Мыңына қасіретті тартқызсам да,

өтер ме қасиетті анам қанын”.

Жоғалтып орны толмас бар асылын,

өксіді ұл басын құшып анасының.

Сонан соң ерге қонып, қамшы басты,

алардай жарау аттан жан ашуын.

Сол боймен жетті, міне, алып-ұшып,

кек қайнап, жанарлардан жалын ұшып.

Бандылар қоршалғанын ссзбей қалды,

ауылдық адамдар деп жаңылысып.

Жау сасып, кетер бағыт таппады да,

қойнаудың ығыстады қапталына.

Бандыны қолға тірі түсірсек деп,

жігіттер оқ жаудырды аттарына.

Жау күші аз, бекініссіз, ашықта әрі,

қалғандай мынау жайдан сасып тағы.

Қайыржан жігіттерін сақтау үшін,

бірден-ақ тұтқындауға асықпады.

Осылай аңдысумен кешкірді күн.

сездірмед ғашықтар да ешкімге үнін.

Жігіттер күндіз-түні ұйқы көрмей,

ат үсті жүргеніне бес күн бүгін.

Сезілді жаулар оғын тауысқаны,

сонда да екі жақтан жан ұшпады.

--Тірілей беріліңдер! — деп бір кезде

Қайыржан алға шығып дауыстады.

Осыны күткен Белов - банды басы,

қолында екі оқ қалған — бар “мұрасы”,

біреуін Қайыржанға көздеді де,

өзін де екіншімен қалды басып.

Берілді қол көтеріп қалғандары,

жалынып, жасуға да арланбады.

Күйеу мен қалыңдық та келе жатты,

алдынан қайта күліп таңғы арманы.

Жауыздар салған талай бүлікті елге,

тас-талқан болды тізе бүгіп демде.

Жаралы Қайыржан мен қос ғашықты

ортаға ап, тартты ауылға жігіттер де.»

«Жүректі тербеп бал сезім,

қоштастым сонда дірілдеп.

Аузымнан шықпай бар сөзім,

ішімнен тұрдым “күнім” деп.

Жанарың сенің қадалған,

жаныма күн боп нұр септі.

Жиналған мынау жарандар

қарамай бізге тұрса етті…

Кеттің ғой сонда көп күнге,

қолымды неге қыспадың?

Тіледім самолеттің де

кешігіп барып ұшқанын.

Несіне тіктің көзіңді

сүйілмей қалған ерінге…

Сарғая күтіп өзіңді,

сағына түссін дедің бе?

1968»

«Жүрсең де есімді алып, жүрдім тынып.

Жыл өтті.

Сонсоң сол кеш... күз кеші еді.

Қос жүрек бір бөлмеде мың бұлқынып,

бір-бірін іздеседі.

өзің ең арман көлде бақ құрағым,

тіл қатпай, тұл бойыңды кезіп тұрмын.

Осы кеш бір дауылға тап қыларын

өзің де сезіп тұрдың.

Мен іштей бір сезіммен арпалыстым,

жанарың жанарымда тұрып қалды.

Білмеймін қалай төндім... Тарта құштым,

содан соң дүниені ұмытқам-ды.

Жаным-ай, өзің бе бұл? Бармын ба мен?

Қанша күн бұл сәт жайлы өртеді үміт.

Кеудемді жанағанда балғын денең,

дуние кетті-ау деймін төңкеріліп.»

«Жүрші, жаным,

сапарларға шығайық, кұлшынамын.

Кең далаға үйренген қайран басым,

мынау күңгірт бөлмеде тұншығамын.

Қол ұстасып,

меніменен ұзақ жол, жорыққа шық.

Қысқа өмірде күйзелмей, күйбеңдемей,

бір жүрейік қайда да толып-тасып.

Түнеп шығып

аты аңыз қалаларға,

түстенейік порттар мен жағаларда.

Қатері мол тірліктің күлкі-азабын

бір көрейік, сүйіктім, дара қалма.

Серпілейік,

кеттім ғой түршігіп мен

Күңкілдерден алумен күрсініп дем.

Бар тілегім — сақтағай екеумізді

жайбарақат топас бір тіршіліктен.»

Жыр анасы

«Мариям Хакімжанова жайлы триптих

1

Жастықпен сезбей түзде шеңгел барын,

дүниенің таңдамаппын кең жолдарын.

Қиқулы жыр-жарыста

қандай жақсы

алдымда сен болғаның!

Қашан да тартады азап алғашқылар,

ол алған биіктерге әр жас құмар.

Арман жоқ, арманы асқақ ұрпақ болса

жолыңды жалғастырар.

Таңдайға татығандай жорық демі,

алысқа алып қашты көңіл мені:

бет алдым - сен көріндің шамшырақ боп

теңіздің төріндегі.

Жас арман алып ұшсын, көкке өрлесін,

ақиқат - сендік жолмен шектелмесім.

Көрсеттің алынбастай арман шыңның

алғашқы бет-пердесін.

Қай жерде осалдығың, білместігің,

көрсетті бәрін маған нұр кескінің.

Жол - басқа.

Мені өзіңмен жақындатар

тағдырлас, үндестігім.

Арманды сенен шыңдап жарыс-сында

мен енді жеке тартам алыс шыңға.

ұстайтын жеңіс туын - өзің

егер арманмен табыстым ба.

Бел байлап, қаныққандай жол, сынға әбден,

табысам тылсым кеуде өр шыңдармен.

Кетем мен тың жерлермен -

сен үйреттің жүруді жолсыздармен.

Айтқызбай іштей сезіп, жайды ұғасың,

азабын біздің жолдың, сай, жырасын...

Шағылса менің тауым

алғашқы боп бір өзің қайғырасың.

Оп-оңай жеңіс бар ма, жарыс бар ма,

соғады кейде жарға ағысты арна.

Анамдай қуанасың,

қолым жетсе аз ғана табыстарға.

Жас толып кейде, қайта елтіп жанар,

жүргенде шуақ берер, серпінге алар

дүниеде біреу бары жақсы екен-ау

алдына еркін барар.

Алғашқы жыр-арманның мұнарасы,

ұмтылар саған елдің бұла жасы.

Сын жолда менің барлық жеңісімнің

өзіңсің жыр-анасы!

2

Тұрғанын жыр асуда бір шың дара

мақтан ғып білсін кәрі, білсін бала.

Самайды күннен-күнге шық шалады

жеңе алмай жылдар жүгін жүрсің бе, ана?

Даланың дала кезгі қызғалдағы,

өңіңе өмір шимай сызған ба әрі?

өрнегін нұр дидарға салды ма әлде

жіңішке қыз жолының құз-жарлары?

Көздерің мұнар тартқан.

Шақта балғын

нұрлы еді таңданардай тоқтап әркім.

Сызданған салқын қабақ, мұз көңілдер

ұшқынын жасқады ма от жанардың?

Тағдырдың төтеп беріп салмағына,

жас төктің, жеттің әсем таңға мына.

Біреулер өр тұлғаңды көрмей ме әлі

келмесең “мен бармын” деп алдырына?

Шат заман, байлық кешіп өрлесе елім,

жоқ сенде өзге бақыт, өзге сенім.

Жүйрік пе, жүлдегер ме -

сен келгенде ығыссын -

орының ылғи төрде сенің!

Халқыңның жетеледі сенім таңы,

қайыссаң, қайрат берді елің тағы,

Шарт емес қос-қос перзент өргізудің

ана деп ардақтаса ел ұрпағы.

өнердің құдіретіне табынса адам,

арнайды ғұмыр жолын, арын соған.

Халқымның ардағы деп

сыйлар ем мен даңқты, атақты да - бәрін саған.

Кешкенмен талай күйді халқың мына,

көгінде жыр тынды ма, ән тынды ма!

Жүрмейді саған кейбір заңдылықтар

өлмесең, өрлетпейтін даңқыңды да.

Халқымның ән-жырындай тылсым ағын

жасайды жүректерде сыршыл әнің.

өскен ел, өр ұрпақтар мақтан етер

қазақтың Мариямын - жыр шынарын!

3

Шалқы, қазақ даласы, шалқы бүгін!

Кетсін тағы әлемге даңқың, үнің!

Тойлап жатыр ер көңіл менің елім

өлең-шында дара өскен жалқы гүлін.

Бүгін біздің елде той, тамаша бір,

жарқырайды қала мен дала шамы,

мақтаншақ боп кеткен бе-ау жұрттың бәрі -

кимелейді көзге ілмей аласаны,

дүйім жүртқа өз үнін естіртем деп

ақын біткен мінбеге таласады.

Жанның бәрі мәз-мейрам, от реңі,

мейірімге толғандай көкірегі.

Бұл далада аласа, биіктер жоқ

бүгін бірдей: шың-құз бен шоқы, белі!

Қатесін де мойындап кейбіреулер:

“Бір білместік еттім”, - деп өкінеді.

Нұр көңілін ақынға төккен елім

төбемді бір жеткізді-ау көкке менің!

Бір-біріне қиылып қарайды жұрт

ұмытқандай бұрынғы өкпелерін.

Жазылғандай емі жоқ жан жарасы,

шайылғандай жүректің зар-наласы.

Мен байқаймын - бұл тойда шын ешкімнің

төр, босаға деп орын таңдамасы,

өйткені той иесі жалғыз емес,

той иесі - қазақтың бар баласы!

Шалқы, дала! Бәрін де ұмыт тойда!

Бәйге кайда, қыз қуар жігіт қайда?!

Арғымақты аңсаған бөбектер де

шапқыласын мініп ап шыбык-тайға!

.. .Тұманда да қол создың Айға дәйім,

бүгін жомарт жандарға бай маңайың!

өлең деген өлкеге ғашық еткен

сен жүргенде, мен қалай сайрамайын?!

Алтындарын ардақтар Отаны бар,

Апа, сенің өзіңнен айналайын!

1976»

«Замандасым,

Жұмыр жерге қарашы:

қасіреттен адамдар бас алды ма?

Қан жұтса да зұлымдар шашалды ма?

Біреулер мәз (ондайлар ашынған ба!)

арам ойын өзгеден асырғанға.

Тынады осы тартыстар қашан мына?

өзгелердің бақытын тартып алып,

залымдар жүр масайрап шалқып анық –

ар дегенің оларда жасанды ма?

Мен таңданам:

неге біреу біреуді сорлатады,

жазықсызды жығады орға тағы.

Ал сондайлар неге көп өрмекшідей?

Қалай олар ұйықтайды дөңбекшімей,

қалай тыныш атады сонда таңы?

Әлде ондайлар жұрдай ма адамдықтан,

сырты сұлу жауыз ба қамал жұтқан?

Неге сондай жандардың мол қатары?

Осы ойлардың бәріне бас қатырып,

ойлы жанар бейуақта жасқа тұнып

қасіретке жүкті Жер толғатады.

Толғатады.

Қашан да ол тыншымайды:

жауыздықтар денесін шымшылайды,

бір соғыстың қаны әлі кеппей жатып,

бөбек ойнап отырған беткейді атып

қанға жерік қорқаулар қыңсылайды.

Қайтсін олар өзгенің қайғы-мұңын,

қайта содан табады жайлы күнін,

ары алдында қынжылып ыршымайды.

Қызығамын міз бақпас арсыздарға:

талайларды жазықсыз малсын қанға,

түк көрмеген адамдай гүл шырайлы.

Бірақ, бірақ сенем мен:

түбі шындық қалмайды тасаланып,

әділ күннің сәулесін шашары анық.

Қан жұтқандар жүрмейді басып өктем!

Келеді, рас, ол Жеңіс қасіретпен,

құрбандықпен... талайдың шашы ағарып.

Жауап береді ол сұмдар ар алдында,

жанталасып өлерде қалар мұңға,

зұлымдықтың, барлығын жасап алып.

ұрпақтар! Есте сақта:

талайға әлі жауыздық дақ салады,

дақ салады гүлдерге бақшадағы.

Әлі талай адалдар сүрінеді,

бірақ түбі шындыққа жүгінеді,

көп болғанмен өмірдің жақшалары.

Ақиқаттан бәрі де бұлтармайды,

әділетті ешқашан құрта алмайды

зұлымдықтың көздеген жақ-садағы.

ұлы ерліктер уақыттан мұқалмайтын

қасіреттің өзінен басталады!

1974»

Исатайға

«Семсерді кекке суарып,

қолыңа жасыл ту алып,

қорлықпен жүрген халқыңа

азаттық іздеп шарқ ұра,

қара табан кедейдің

үстем қылсам деп мерейін,

балпаңдап жүрген мырзаның

құртуға басын мылжа ғып,

қанжарыңды қандап қайрадың.

Атырау- Жайық, Жем жерін,

Нарынның құмайт белдерін

жортуылменен шаң қылып,

жалаңаш жатып жай тұрған

байлардың қүнін тар қылып,

қылышпен сүздің қаймағын.

Қүдайдай көріп бай ұлын,

көрмеген бетін кайырып,

күйбеңмен өткен жалшының

өзіне өзін танытып,

көкірек, көзін аршыдың.

Жат қылып жардың құшағын,

тұлпарды түзге тұсадың.

Ел қамын ойлап толғанып,

қаһарлы бұлттай торланып,

халқыңа біткен қайратпен,

батырға біткен айбатпен,

қиқулап салдың ұрысты,

қаһарыңнан хандар сонда именді.

Қанағат болмай үйдегі

жайлы орын, қамсыз тыныштық,

мекенің болды кең далаң.

Шолжаңдап өскен шонжардың

“кәлимеге” тілін келтіріп,

“алтын” басын жер қылып,

кешегі момын халықтың

қайрат пен күшін таныттың,

Исатай сынды ер бабам!

1966»

«Іш тартпай,

кейде салқын қарап қалам

адамдай жаратпаған –

таңданба, қалқам, бұған,

сезіп, ұғып қарарсың әлі-ақ маған.

Көздерімнен

жалғыз қалған аққудың жанарындай

(жүрші тек таба қылмай!)

мұң аралас от ұшқын атқыласа,

солай болу тиістей қарағын жәй.

Мен де бір кез

күлгенмін, жарқылдағам,

қуаныш боп келетін әр күн маған –

екеу едік. Жоқтай-тын басқа бақыт,

айнала алтын ғалам.

Махаббаттың толқыны тұншықтырса,

ұмытады атағын, даңқын да адам.

Сосын… бір кеш… көз салып реңіне,

қорғасын боп балқыған жүрегіме

мұзды суды құйғандай салқындағам.

Солай, айнам.

Мүмкін, жұмбақ жандаймын саған анық.

Суыт, сұрғылт күндер де барады ағып.

өзгереді адамдар қалған кезде

сенімі жараланып.

1976 «

«Камералар.

Темір тор.

Қақпа жабық.

Тірі өліктер әр жерде жатты ағарып,

тірі деуге — тарамыс қу денелер,

өлі деуге — қимылдап жатқаны анық.

Жас сәби

жатыр әне көгеріп талмаусырап,

енді сөніп кетердей арман-шырақ.

Айтатұғын дәрмен жоқ, жалынышты

жанарымен бір жұтар талғам сұрап.

өрімдей қыз

махаббатқа, арманға, сенімге асық,

тілін кескен, “сөйлейді” тек ымдасып.

Ақша бетте ырсиған “жұлдыз” - таңба –

жауыздардың салғаны темір басып.

Жап-жас ана

от жанары ызасын шашады анық,

сосын үнсіз жылайды тасаланып.

Қос анарын темірмен күйдіргенде,

сәтте кеткен қудай боп шашы ағарып.

Селк етеді...

Сәбиі кеп сорғандай көкірегін.

Қай жақта жүр, құлыным, жетімегім…

Құлағында ұлының шыңғырғаны,

сосын: “Тоқтат, күшік!” деп зекіген үн.

Концлагерь.

Қан түсті күрең есік.

Жақындасаң ажалдың лебі есіп...

Әлі сөніп бітпеген үміт мұнда

қасіретпен, азаппен жүр егесіп.

Крематорий.

Отын да құтаймады,

қара жерге келген бұл жұт айғағы.

Адамдарды тірілей отқа жағу -

зұлымдардың ойыны, ұпайлары.

Темір пештер тізілген.

Сұсты бәрі.

ұшқын шашып өртенген ыстық әрі.

Адамдарды бір-бірлеп өртеп жатыр,

жанталасып біреулер күш қылады.

Дыбыстауға көбінің келмейді әлі.

Ал біреулер шыңғырып ышқынады.

Беттескенде ажалмен

кетеді екен жанардан жалын қашып –

үрей, қорқу, не мұнар сағым басып.

Жанталасын көргенде адамдардың

мәз болады фашистер дабырласып.

Майданда, ұрыстарда

оққа ұшқандар не деген бақытты еді!

Тұншықтырды қан сасып уақыт демі.

Адам адам болғалы жер үстінде

дәл осындай қайғы уын татып па еді?

Зұлымдықтың -

қан сормаса көңілі жайланбаған -

жанды қуыршағына айналды Адам.

О, адамзат! Осыны ұмыттың ба?

ұмыттың ба? Қалайша? Қайран қалам.

Кешірімсіз:

адал жанның өшірген үміт таңын,

еске алмасаң жауыздың қылықтарын;

бастан кешкен қайғы, ыза, қасіретті

түк те болмағандай-ақ ұмытқаның.

Бұл әлемде қасірет

жүргізіп тұр қаралы үстемдігін,

басымырақ қанқұйлы күштер бүгін.

Адалдарды жазықсыз жылатады,

зұлым жандар айлакер, іскер мығым.

Мейірімге жер үсті тапшы бүгін.

Кімге айтасың шындықтың ащы жырын...

Теңіздегі тамшыдай еленбейді

сенің адалдығың мен жақсылығың.

өртенуден дүние тыншымаған,

бейне құрап қойғандай мың сынадан:

быт-шыт болып кетердей тұр бүгін де,

қағыстырып, лақтырып бірді-бірге

жауыздар жүр. Қор болды-ау қыршын адам.

Жер де бүгін жамылды қаралы ірең,

қарашы сен жүректің жанарымен –

жұрттың бәрі жүрген жоқ мұңсыз аман.

үңілмесең,

сен көрмейсің ештеңе қас-қағымда -

тұр оранып дүние ақ сағымға:

секілді еді дәл кеше адал бәрі,

батпағандай күнәға жаралғалы,

түк те жоқтай жұмақтан басқа мұнда.

Ақ сағымды серпі сен, қорғалама,

шын өмірді көресің сонда ғана,

бұлтсыз емес көк деген аспаның да.

Мынау пештер...

ажал ғой тұнған бәрі,

қашан мынау өмірден жыр қалғалы

әділеттік, адамдық, бақыт жайлы;

ондай тура жолдардан уақыт тайды

жер бетінен адалдық ұрланғалы.

Солай.

өмір дегенің - айқас әлі.

Жақсылыққа жамандық жай шашады.

Біреу аңғалдығынан жала тартып,

біреу өліп, кейбіреу дара шалқып,

біреулердің жанады қайта шамы.

Бұл неліктен? Адамда сана кем бе?

Жоқ! Опасыз барында қара Жерде

әлі талай адамдар шайқасады.

Оған куә -

пеште мынау өртенген тірі халық.

Жауыз жұрттың қан-сөлін, сығып алып,

“Биялайға жақсы” деп кейбіреудің

жүр тірілей терісін сылып алып.

Адам, мынау шындықтан

жүрек шошып, дір етіп кетсе денең,

бұл азапты кек алмай кешпе дер ем.

Қасіреттер болады емделмейтін

уақытпенен, бақытпен -

ештеңемен.»

«Келе жатам

әрі мұңды, әрі асқақ – сезсең мені,

елемей еш пендені,

көлгісірген шуылдақ жұрттың бәрін

қойдай көріп жайылған тепсеңдегі.

Қалған сәтте кездейсоқ ұшырасып

бозарып түсі қашып,

қипалақтап қалады бейшаралар,

менің адалдығымның пысы басып.

Ай жерге құлағандай

аузын жимай қарайды бәрі маған

(дей ме әлде ""жарым"" адам?!).

өйткені олар ешқашан ғұмырында

шыншылдыққа, шындыққа жарымаған.

Сиректеу құбылысқа

көзі үйреніп көрмеген дарқан халық

үрпиісіп қарайды сәл таңданып.

…Тек өзіңнің алдында (сенің ғана!)

балаға ұсап қаламын жаутаң қағып.

1975»

«Келеді еріншек түн.

Жасыл құрақ. үн де жоқ жағада түк.

Көл мөлдіреп көзіндей келіншектің,

жанарына аспанды паналатып,

керілді айлы нұрда

сүт сәулеге кеудесін жалаңаштап.

Жалтылдаған тайғанақ айдынында

егіз аққу сырғанап барады асқақ.

Аспанды өртеді үміт,

Жер-сұлуға сұқтанып сол шақтағы.

Айнакөлдің жанары төңкеріліп,

жарқылдайды төсінде моншақтары.

Тына қап жел де жансыз,

сұлулыққа қарайды Ай да жасып.

Екеуміздей, Аспан мен Жер де амалсыз

көздерімен тұрды тек аймаласып.

1977»

«Келесің дәйім шілденің

от күні болып, ынтығып,

құшағыңда құрып сүлдерім

шыға алмай қалам бұлқынып.

Кетеді сонда жон аттап

тәкаппар менің өрлігім,

жанарда жүрген қонақтап

қоңырқай күздей сорлы мұң.

Сендегі сезім селінен

еркелей тұрып жасқанам.

Сүйе ала ма екен беріле

біз екеуміздей басқалар…

Сенімен еріп үйге бір

келеді шуақ жылытып.

тірліктің күйтің күйбеңін

кетемін сонда ұмытып.»

Келін

Үмітке

«Жаныңды елжіретер қылықпенен,

жанары сұлу көлдей тұнық, терең,

жүретін сәуле шашып жан-жағына

халқымның бір қызы бар Үміт деген.

үміттің өзі таңдай, сөзі балдай,

көрген жан сүйсінеді көзін алмай.

Жанашыр, сезімі пәк, өзі сұлу –

сақтай гөр тіл мен көзден өзін, Алла-ай!

Қараймыз қызығумен біз жағалай,

маңайға тарайтындай Сізден арай,

Адал жар, ұл өсірген ардақты ана,

ал өзі жиырмадағы қыз баладай.

Арқаның түзде жортқан елігіндей,

ата-енең аялайды сені гүлдей.

Алдынан үлкендердің кесе өтпейсің

баяғы замандардың келініндей.

өзіңді жалғыз ұлы жар еткелі,

сен болдың ата-ененің нәр еткені:

мәпелеп өбектейді, келіні емес

шынардай жалғыз қызға балап сені.

Әрине, бұл да сенің жақсылығың,

бөленсін жақсылыққа жас ғұмырың.

Ене мен келін үйде үйлесе алмай

талайдың естіп жүрміз ащы мұңын.

Зымырап өте шығар уақыт-сағым,

қырық жас ала келсін жақұт таңын.

үмітжан, ақ босағаң аман болып,

жарқырап жана берсін бақыт шамың!

1995 «

Келіншектер

Гүлшат, Рузияға

«Ағалар біздің бекерге

жүрмеген екен өздеріңді көңіл күні ғып,

олар, әйтпесе, көз салмайтын-ды көрінгендерге бұрылып.

Енді ойлап тұрмын бұлаң шақтарда неге жүргенін

олардың

тентек көңілмен тылсым түндерге ұрынып.

Асқақтық пенен нәзіктік – бәрін бұлғын кеудеге

сыйғызған

сендер екен ғой жұрт тамсанатын ұлылық!

Қыңырлау біздің қара кемпірді көңілшек қылып

жіберді-ау

осынау тұнжыр жанарлардағы жылылық.

Армандай сырды ақтаруға келсең, айтқызбай,

алады бұлар көз қарасыңнан ұғынып.

Бұл не деген бал қылық –

бір көре қалса, бей-жай жанның да жанарына жарқын

өң берген,

арылтып бір сәт бейшаралық пен мең-зеңнен,

әйелдер деген құдіретті күштің бар екенін сонда бір

сезіп,

сабыр ете алмай, сенделген.

Кімсіңдер сендер? Қызғалдақ па еңдер, адамдар

бірінен бірі қызғанып терер белдерден?!

Әлде түн сайын ақындардың көзін ілгізбей,

бұрқанып жатқан бұла жыр деген сендер ме ең?!

Жігіт біткенде өртеніп күйіп кетті дем,

сал сезімдерге атой салғанда отты ірең.

Асқақ жандарды шырқау шыңдарға самғатқан

сендер ме деймін қол жетпес сонау көкті мен!

Сендерді көрсем,

даланың дарқан жігіттері құшқан арулар

осындай ылғи деп білем!

1971»

«Келіп ем толып-тасып,

ұрмай-ақ жығып кеттің:

жігітпен қол ұстасып,

үйіңе кіріп кеттің.

О баста мені, жаным,

несіне үмітті еттің?..

Дел-сал боп есігіңде

тұрмасам, түңілмес ем.

Әзір ем кешіруге,

сен шығып: “Күнім!” — десең,

Әйтеуір, алдандың-ау

өткінші бір үнге сен...

Сейілмей тұман қайғым

сенделіп түн өткердім.

Есітіп тұрғандаймын

дүрсілін жүректердің.

Сездің ғой жүргенімді —

сен қалай дір етпедің?

Бір жағып, бір өшірдің

шамыңды, қас қылғандай.

Мен содан түгесілдім,

балтамен басқа ұрғандай.

Шынымен құшағыңды

сол итке аштың ба, алла-ай?!.»

Кларнет

«Қарайды гүлдер үлбіреп

майысып майда дірілден,

сағыныш әнін жыр-жүрек

төгеді мөлдір бір үнмен.

Сұлулық үшін жаралған

табиғатта да мұң бардай,

көзінен ұшып бал арман

пәктігін аңсап тұрғандай.

Сұлулық - жүрек, жанымда,

табиғат берген азық қып,

орайтын өртеп жалынға

жанымның көркі - нәзіктік.

Бұрқағы жиі заманда,

сезінбес Күннің ыстығын,

шашайын салқын ғаламға

жүректің сәуле-ұшқынын.

Қалдырғай (сонда мұңым кем)

табиғат-ана – құндағым

жүректен ескен үнім мен

жанымның нәзік нұрларын!..»

«Көгалды алаң. Сүт сәуле қырды басқан,

біз отырмыз жанардан арман ұшып.

Еленбейтін бұрынғы жұлдыз, аспан –

бәріне таңданысып.

Теңесем де өзіңді жасықтармен,

бір батылдық көруді аңсап едім.

Кеткім келген кісі боп асыққанмен,

жібермей қалса дедім.

Батылдық па күтпеген, жүрек пе ізгі

сені маған жіберген сүйікті етіп.

Менің балғын денемді дір еткізді

қолдарың тиіп кетіп.

Құшақтадың. Соны аңсап бір тынбап ем

(бір бұлқыныс басталды іште керім)

ашуланған кісі боп бұлқынғанмен,

құшақтай түссе дедім.

Адам деген бақыттан тұншығады, ә,

шырын сәтте бойында қан тасыған.

Біздер жаққа қарауға қымсына ма –

ай жатыр шалқасынан.

Қызыққандай біздерге дала мына,

бара жатты құбылып шалғын-кілем.

Сонда сенің тұп-тұнық жанарыңа

тұтқын боп қалдым білем…

1968»

«Көздеріңде

ақыл, ой, мұң тұнады,

адамдайсың қанбаған бір құмары.

Жаның жүдеп, дәрменсіз отырасың

маған қарай жүрегің бұлқығалы.

Мен біреуге жарқ етіп қарадым ба –

қызғанасың

жалт ойнап жанарыңда.

Менің такаббарлығым тұншықтырып

көмілесің амалсыз нала, мұңға.

Жүрегіңді өртейді зар ма, мұң ба –

қайғы әкелер қол жетпес арман ұлға.

Мен елік боп көзіңе көрінгелі

көріксіз боп кеткендей жан жарың да.

үміттенер мен жақтан естілмейді үн,

сезбей ме деп ой селін кештің кей күн.

Әйел сезбес сыр бар ма бұл жалғанда –

сезем бәрін. Білемін. Тек сүймеймін.

1976»

«Көк мөлдір көркем аспанға

моншақтан шашу шашқанда,

ақ ұлпа бұлттар қымсынып,

көкжиектерден қашқанда,

сүйеніп балғын жас талға

өрім қыз сырын ашқанда,

адамдар аппақ көңілмен

бақытын аңсап өмірден

бар әлем титтей кірбіңсіз

армандай мөлдір көрінген,

самала саумал шақтарда

жүректерден жыр төгілген

ілезде сөніп бар үміт,

тұманнан тыныс тарылып,

басталды соғыс дегенде

адамдар қалды аңырып.

Дөңбекшіп жатты дүние

қасірет бұлтын жамылып.»

«Көкетайым!

өзінді сағындым-ау.

Құлазыған көңілсіз шағым мынау.

Алатаудың басынан қыс келді ме —

бұрқан-талқан — көңілім. Жаным — қырау.

Күн санаймын,

күйзелгенім—көзімде тұнса қайғым.

Жылжымайды сағат та.

Сен кеткелі

жүзі ауғандай бір емес, біршама айдың.

Жабығамын.

Сенсіз қалай бұл күйден арыламын?

Асып-тасып қалайын алғаш рет

көріскендей, тез келші, ақ лағым.»

«Көктем келді жамылып арай нұрын,

шаттықтарға толғандай маңай бүгін.

Жауқазынға оранған жұмыр Жерге

көкжиектен қызықтап қарайды Күн.

Жер сезгендей тыныштық, таң айбынын,

көшіп жатыр көзінен талайғы мұң.

Менің елім бұл күні сән құрады:

жүгіргенде қыз қылық тау бұлағы,

тербеледі тіл қатып тал, құрағы;

зулап алға даланың арғымағы,

дүбірінен қалалар жаңғырады.

Найзағалы түндердің сәбиіндей

көктем таңы қызарып албырады.

Көңіл-құлын бұлқынып шың-асқарға,

шақырғандай алау ма, шырақ- шам ба...

Байқоңырдан самғаған корабльдер

ғарышқа емес, ұқсайды қыр асқанға.

Шолпан жақтан базарлық күтетіндей

көгершіндер жол тосып жүр аспанда.

Сен де жырмен әлемге жар сал, ақын,

қос бәйгеге шабыттың тарпаң атын!

ұқсын әлем Адамзат құдыретін,

ынтымақты күндердің әр сағатын.

Жырла бейбіт елімнің көгіндегі

әділет пен бостандық салтанатын!

1967 «

«Көктемім келді,

салтанат шамын жақты арман,

шашылды шапақ ақ таңнан,

ән шалқып абат бақтардан,

көңілдер бүгін қуаныштарын көл-көсір

жыр тасқынындай ақтарған.

Қытықтап жанды

самалы- саумал даламнан

сәуле-нұрлармен жаңарған,

таулардан аппақ қары ардан

шадыман шалқар шаттықтың исі аңқиды,

гимн ойнайды қара орман.

Күлімдеп Күн де

жанары тұнған жас үміт

алтын нұр болып шашылып,

самғайды бүгін аспан төріне асығып,

көк, қызыл шарлар еркелеп ойнақ салады

балапан бауыр ақша бұлттарға асылып.

Көктемім келді

еліме менің сағынып,

ару жер шықты бәйшешек гүлін тағынып,

еңбектің әні бұлақтай еркін ағылып,

салтанат сәтте құлпырып тұрды алаңдар

қызғалдақтарға малынып.

Жасампаз елім

салтанат шеру бастады,

шаттыққа тұнып орманы, белі, асқары;

туған елімнің ардагерлері, жастары

нық басып, әне, барады болашақтарға!

Бейбіт күн құшқан самала дидар ақ таңда

думанға толды Қазақстанның аспаны!

1975»

«Көңілім алабұртып саған аздап,

бір алау келе жатты жаңа маздап.

Әйтеуір құдай сақтап, қалдым-ау мен

өзіңе ғашық болып қала жаздап.

(Басқаны жазғырғанмен кезіңде жай,

сезбейсің торға түстің өзің қалай.

Жоқ жерде өрт шыққандай лап ететін

осы бір құдай атқыр сезімдер-ай!)

Сені де құшағына ап ""кесірлі"" үміт,

көзіңмен тұрдың мені шешіндіріп.

Сүйіктім қарап тұрған секілденді –

селк еттім сонда ғана есім кіріп.

Кешкің кеп сол бір сәттің отын бірге,

құмарлық есіңді алып отыр мүлде.

Әйтеуір аман қалдым. Білмеймін тек

мен бұған қуандым ба, өкіндім бе…

1973»

«Көңілің ауасындай тымық қырдың,

бәрін де ұғып тұрдым.

Жанарымнан от-ұшқын шашылғанмен,

жанымда тұнып тұр мұң—

сен мені ұмыт, құрбым.

Елтіме бар жаныңмен құлап маған,

сеземін—ұнап барам.

Тәкаббарлау өр болып көрінгенмен,

мен сәтте жылап қалам —

көңілім жыраққа алаң.

Албырт сезім көзіңнен ұшырды ұміт,

айта алмай мысың құрып...

жайраң қағып, жарқылдап күлгеніммен,

қайғы тұр ішімді үгіп —

айтқызбай түсін, жігіт.

1974»

«Көргенім сол өткендегі

біздің кешке келгеніңде.

Қимасымдай көптен бергі

жылы ұшырай бергенің не?..

Бір көргенге қарамастан,

кеттің тәтті елес беріп.

Осы біздер бала жастан

бірге ойнаған емес пе едік?

Күнде осылай жүрші бірге,

Дос болайын ойланбай, шын.

Жүрегімнің дүрсілін де

естіп өзің қойғандайсың.

Қызғылт тарттың — көрісіп ем,

жоқ еді ғой ұятты ісің.

Бірақ мені көп ішінен

іш тартатын сияқтысың.

Жүрем “қаңғып” мен де кілең,

іздемеймін, — кезігемін...

Неге сенің келбетіңнен

бір жақындық сезінемін?..»

«Көрінбей кетсең, сені мен

көруге тіпті құштармын.

Жаныма жақын келіп ең –

келмеді бірақ тіс жарғым.

Жүрегім талай алқынды-ақ,

бір саған арнап мұң-әнін.

Жиында жұртқа жарқылдап,

көзге ілмей сені тұрамын.

Құдыққа барсам, қарадым

ат суаруға келгей деп.

Түңілтіп кетіп қаламын

түсімнен жылу бермей көп.

Жанымда арман, мақсат көп

екеуміз ғана ұғысар.

Сонда да саған асқақ боп

көрінуге мен тырысам.

Қыздардан өрлік қалған ба –

құлай сүйсе де шектелген:

сен алғаш сүйіп алғанда,

ашуланған боп кеткем мен…

1967»

Күз суреті

«Өтеді күндер зулап, жыл алмасып,

қалыпты көк аспанды мұнар басып.

Алтын күн бірде шығып, бірде бұғып,

жөңкілген бұлттарменен тұр арбасып.

Кешегі еркелеген жүз қылықпен

самал жел ауысыпты ызғырықпен.

Жағасын көтеріп ап, ай, жастық-ай,

бұрышта жігіт мынау қызды күткен.

Аптапты шуақ күндер қалды қашық,

қалады таңғы тұман тауды басып.

Жаздағы жанға сая жапырақтар

тапталып жатыр жерде жаудырасып.

Құрақтың қурағаны—күз жеткені,

алқызыл алмалар тұр үз деп мені.

Баяғы базар кеткен керуендей

барады тырналардың тізбектері...

1965»

Күздің соңғы күндері

«Ерке өзендер жатпайды тасып ағып,

таулар да тұр жамылып басына бұлт,

ақ қайыңдар жылайды жапырағын

байқаусыз шашып алып.

Аспан да жас төгеді ашынғаннан,

жасыл көркін жаздағы жасырған маң.

Бозаң дала жатады томсырайып

баладай ашуланған.

Бау-бақшаны тұратын жеміс тұнып,

жинап қойды адамдар келістіріп.

Тарсылдатып үйлердің терезесін

жүреді жел ысқырып.

Көк аспан да жойыпты от тынысын,

қоңыр бұлттар жөңкілген соқтығысып,

балалар жүр кірбіңсіз көңілменен

шапқылап доп қуысып.

1970»

Күйеуіне ашуланған әйел

«Не деген оңбаған ең!

Мен ашудан булығып зорға келем.

өзің, өзің осындай бола тұрып,

не мейірім күтесің сонда менен?

Алса деуші ем барша жұрт сенен үлгі,

білсемші мен мұнша азап шегерімді…

қыңырайып қисайсаң сен, әйтеуір,

жасатасың қалайда дегеніңді.

Шыңыраудай шаң басқан елсіздегі

жанарымды қайғының жеңсін желі.

Енді сені көрмеймін, бітті. Болды.

өле қалар деп пе едің сенсіз мені?

Сүйіп тұрып, азап қой күрсінсе кім!

Біле тұра мендегі шыншыл сенім

жараланып қаларын сәл нәрседен –

бүйткен қыңыр мінезің құрсын сенің!

Мені осыншама батырып құса-мұңға,

сен де қатал жандарға ұсадың ба…

Кіріп келсең, әйтеуір, оңдырмаймын!

Қалмасам тек тұншығып… құшағыңда!

1974»

Күйзелу

«Көңіл-күйде тыншу жоқ:

әлденені аңсай ма, жабыға ма,

өрт кешкендей тынысым тарыла ма,

әлде дауыл тілеген теңіз сынды

бір бұрқаныс сәттерді сағына ма...

Жүргенім-ай

жаным бір жай таба алмай,

жалтаңдаймын көп сырды айта да алмай.

Мазасыз бір күйдемін. Жанымдағы

жалын оты шаршатты қайта жанбай.

Кайда кеткен сәттерім дауылдаған,

тымырсықта күн кешу ауыр маған!

Бей-жай күндер, бойкүйез тіршіліктен

жіңішкерген жүйкені сан улағам.

Қайда менің бейкүнә сағым далам,

сағым далам, кезім жоқ сағынбаған!

Дүниенің барлығын пәк сезінген

қайда армандай күндерім жалындаған?!

Бұл мазасыз көңілдің

міне, отырмын таба алмай бүгін де емін

содан жанды күйзелтіп түңілгенім.

Қайда кеткен өзімді Жер бетінде

бақыттыдай сезетін күнім менің?!

Қайда кеткен сан ойлар көз ілдірмей,

ақ таңдарға ұласқан іңірлерім!..

Кейбіреулер қарайды

маған осы тірлікті қимағандай,

құдай маған мол бақыт сыйлағандай.

Ал мен болсам күйзелем аласұрып,

жалғыз өзім әлемге симағандай.

...Әлде адамға рақат келмей ме екен

сан күрсінтіп жаныңды қинап алмай?!

1967»

«Күнде үйге асығасың...

Түсінбес ата-ана ма —

несіне жасырасың,

айтып қой апаңа да.

Айт оған бір жас жігіт

сүйеді қызыңды деп.

Жарқылдап тұрмас күліп,

көрмесе жүзімді деп.

Керек-ақ мұны айтуың —

жан анам бар екенін.

“Алладан” сұрайтынын

тапса деп бала теңін.

Айтуға асық бүгін,

жүрме тек жоламай түк.

Бәрібір ғашықтығын

жанарың қояды айтып.

Жасырма сол кісіден,

жүр десең — мынау қалпым.

Бұл сәтті ол да ішінен

тілеген шығар, бәлкім.»

«Күндер туды өртенген

тұрғанда нұр-бақытқа аймақ тұнып:

жігітінде ер мінез, қайраттылық,

сұлу мықын, тұнжыр көз келіншектер,

құмар қылған құлынды байлап тұрып.

Құштар сезім бұрқ етіп, жас жігіттің

көкірегінде тербелген айлап тынып;

бұрын естіп білмеген сырлы әуенді

жүрегімен, жанымен сайраттырып;

өр көңілі арман мен мұң оранып,

тұл болғандай кешегі айбаттылық:

көз алдынан кетпейді жалт қарас пен

есін алған үркектеу сайғақ қылық;

дүниенің бәрі-бәрі ұмыт болған,

шықса алдынан сол ару жайнап күліп.

...Төріне әкеп өлім мен қайғы лақтырып,

уланбаған аймақты жайратты жұт,

жауыздығын себелеп айбат қылып.

Сүйіктісін бір сүйіп үлгерместен

ер кектенді зығыры қайнап тұрып.»

«Күнім де сен, бөбегім,

гүлім де сен, бөбегім.

Әлдилеген анаңа

күлімде сен, бөбегім!

Айналайын, бөбегім,

аймалайын, бөбегім.

Анашыңның күні боп

жайна дәйім, бөбегім!

Бал түндерім, бөбегім,

даңқым-жерім, бөбегім!

Арман тауым асқарым –

халқым менің, бөбегім!

Аңсағаным бөбегім,

салсам - әнім, бөбегім.

Сені аялап таңдарды

қарсы аламын, бөбегім.»

«Күтеді ана,

күтеді жалғыз ұлын,

қайғы өрнегі торлаған әрлі жүзін.

Жаңа өмірдің жолында құрбан болған

көре алмады арманда жар қызығын.

өсірді ана

жалғыз ұлын - тірегін, жұбанышын,

соған арнап жастық шақ - жыл ағысын.

Жалғызымның қызығын көрсем-ау деп

соны ғана тағдырдан сұрады шын.

Жарсыз жалғыз…

Мөлдір арман жырақтап, былғанды үміт.

Жас кеудеде жатса да мұңдар бұғып,

бәрін-бәрін тұл етті сәбиі үшін

албырт шақтың құмарын құрбан қылып.

Жас кезі еді.

өтіп жатты бей-жай боп түндер тымық.

Күндер ұмыт шалықтап жүрген күліп.

Бұл көрінсе көз қыры түсе ме деп

жігіт біткен қалатын бір желпініп.

Нұр жанарға

ерте кешкен қайғыдан мұз жабысқан,

кейде күлкі орнына ызғар ұшқан.

Жиын-тойға барса егер,

жас әйелдер

қызарақтап қалатын қызғаныштан.

Бір еркекпен сөйлессе,

өсектейді әйелдер таң атырмай

(кейде адамға жабысар жала тынбай);

қызғанады бейшара күйеулерін

қапелімде бұл тартып алатындай.

өтті солай жастық шақ.

Байсалдырақ болды ерте, кемелдеді.

Жалғыз ұлдың қамы еді тек ермегі.

Ана жүрек сақтады мейірімін,

әйтпесе ерте алау жан семер ме еді.

Келін келді

шағын үйді шаттыққа қарық қылып.

Қуанды ана көз жасы тамып тұрып.

Немере де сүйіп ол үлгермеді: ,

ел басына күн туды. Қамықты жұрт.

ұл аттанды

қанды майдан батысқа, жырақтарға

(ол кез ерлер көрмеген сынақ бар ма!)

өткерді ана түндерді кірпік ілмей

өмір тілеп жалғызға жылап таңға.

Жылдар өтті зуылдап қыранша ағып,

сан жанарға қайғылы тұман салып.

Сонау күнгі алау жүз келінінің

кетті түгел самайын қырау шалып.

Жылдар өтті. Ол бірақ оралмады.

Қыран кайтып ұяға қона алмады.

Шашы ағарған қос әйел күтеді оны,

үміт оты сөнбеген оларда әлі…»

«Күтіп алдым тағы да. Бір келемін.

Айтқың келді бірдеңе— үндемедің.

Қимай әлде ұялып жүрсің білем,

өңің тура көнерген түрсіз кілем.

Аямашы. Ашып айт. Еңіремен.

Сүйіспеші, оны ойлап, меніменен.

Көңіліме қарама, мүсіркеме,

сезіміңнің онан да күшін теңе:

Оған деген сезімнің күші басым

болса, менен несіне қысыласың?

Қызғанайын, мейлі мен жынданайын,

тек көңілді алдаумен ұрлама, айым.»

Қазақстан

«Тыңда, шалқар дүние, тыңда, аспаным,

әлемдегі сан тілді жылдастарым!

Даңққа өрлеп, шуақты шыңға асқаным —

шырқайды асқақ Ерліктің жыр-дастанын

мен туған ел—сәулетті

Қазақстан!

Жұлдызды сәт құшқанда шалқы, далам!

Шалқы, далам, бас исін даңқыңа адам!

Тауы—заңғар, кеңдігі—жарты ғалам,

жер шарының көгілдір картасында

Шолпаны жарқыраған

мен өскен ел-дәулетті Қазақстан!

Шаңырағы шыңдармен тайталасып,

тастағанда түндігін айқара ашып,

сығалайды Күн менен Ай таласып,

еркіндіктің бесігі—бақытты отау

күнге өрлеген қанатты Қазақстан!

Оймен серпіп ғасырдың мұзды ызғарын

дана ұлдары тыңдатқан жұлдызға әнін,

ойлап елдің түнде де, күндіз қамын,

мерейі үшін халықтың кезген талай

қиындықтың шатқалды шың-қүздарын.

Мейіріммен аялап, шыңға өрлетіп,

мақтан еткен талантты ұл-қыздарын,

қырандардың тұғыры - Қазақстан!

Екпінімен еңбектің жарысқан ән,

құлақ түріп даңқына алыс ғалам.

Достық туы желбіреп қырмандарда,

даламызда сан тағдыр—табысты адам.

Перзенттері күлімдеп қол ұстасып,

болашаққа алаңсыз қарыштаған

ғасырларда ғұмыры—Қазақстан!

1971»

Қазақтың бір қызы бар кәмшат деген...

(поэма)

***

«Арбай ма дүниенің сыр-тұманы -

жүрегім тыншымайды, бұлқынады.

Шабыттың шідерін мен босатайын

арындап ағызшы бір, жыр пырағы!

Уақыттың тырнағы - жез, қатал демі -

болмысым болатындай жат ермегі.

Емдейін жан дертімді жусанымен

далама құйындатып апар мені!

Кетті ме баурап өзге бұлақтағы үн -

жанымнан, жыр-арғымақ, жырақтадың.

Түбінде келер-ау деп,

сені күткен

үміттің алтын туын құлатпадым.

Сан ащы тұңғиыққа батқанымда,

шер-жусан, кермек оймен баптадым ба -

десем де, орал маған,

жылқы жырым,

бір рет шын жүректен шаттануға!

Бір ел бар бұл жалғанда маған керім,

тосатын талықсысам самал желін;

ақпаны — еске салып бабам кегін,

аптабы — аймалаған анам демін.

Ол — мынау қасиетті Далам менің,

күн көрік жамалды елім, самалды елім.

Сүртілсе глобустан жалғыз нүктем,

тарылар шығар тауым, барар жерім.

Тұғырым — сұңқарлы елім, тұлпарлы елім,

тұлпармен құйғытып бір шырқар ма едім!

Қашаннан дала-сынды шексіздікке

әйтеуір жан-дүнием іңкәр менің.

Түндерде ұйықтап жатып шошынамын:

тұрғандай алдымда бір тосын ағын,

сол мені шырылдатып шым батырып,

жалғаннан жоғалардай сосын әнім.

Сан күдік шырмағанда ойымды әр күн,

арманым алыс тартып, қоюлар мұң.

Тарихтың түкпірінен есітем сонда

сартылын бабам соққан сойылдардың.

Жарқ етіп сонда өмірдің ай-жанары,

жанымды үміт-сәуле аймалады;

көзімнің жауын алып

ел шетінде

бабамның жарқ-жұрқ еткен найзалары.

Татумен кермек дәмін түрлі азаптың,

туса деп ұрпағыма бір ғажап күн,

қызғыштай жерін қорып, шарқ ұрмаған

тарихта күні бар ма бұл қазақтың?!

Жат тілден, жат тұяқтан қорғады елін,

алардай мені көрсе зорға демін.

Бойымнан өткендей бір тұлпар шауып

жүрегім тасырлайды сонда менің.

Талықсып оянамын шаршап денем,

қалғандай көк айдында қаусап кемем.

Нұсқайды өмір сонда дала жақты,

ұялам өз-өзімнен сол шақта мен.

Ақ қанат ащы арманның мол күшімен,

көтеріп сан салмақты зорға ұшып ем,

тірілтті Дала қайта шаттығымды

қастерлі, қарапайым болмысымен.

***

Мен енді Дала жайлы ән сап берем!

“Қазақта бір ару бар Кәмшат деген...” -

Даланың бүгінгі Қыз Жібектері

қандай деп бір керуді аңсап келем.

Туғанда елдің, ердің басына күн,

қалқан қып қайғысына асыл арын,

шыға алар арашаға Адам сол деп

даланың Аруына асығамын.

Күн болып көкірегімде аунайды арман,

тұтанып алауларым жанбай қалған,

жанымда, жанарымда — қазақ қызы

қазақи кең даладан аумай қалған.

Жоғары қырда ананың бағасы бек,

алдына басын иген данасы кеп.

Далада өсіріпті қызды ардақтап,

болашақ рулы елдің анасы деп.

Әйелмен қалың халық-орман бапты

екенін ата-бабам сонда аңдапты.

Қаланы, руды әйел есімімен

атауға ата-қазақ қорланбапты.

Қалатын айбарынан қыран бұғып,

алатын жүйрігімен құланды ұрып,

“Қызайлап” жауға шапқан дала ерлері

есімін үлы ананың ұран қылып.

Ерліктің нышаны емес ас пен күші,

ел қорғау - ер жігіттің қастерлі ісі.

Жақсы әйел, жүйрік ат пен алмас қылыш -

далада батырлықтың бас белгісі.

Қыр елі болған жерде шын Ай мекен

әйелдің қабағымен шырайлы екен.

Жігіттің жігіттігін, тектілігін

нағашы жұрты арқылы сынайды екен.

Кәмшаты сол даланың қандай бүгін?

Сыйғандай маңдайына маңдайлының,

дидарын көргенімде-ақ көңіл шырқап

жадырап сала бергем, қалмай мұңым.

Жамалы өскен гүлдей күнге ұмтылып,

көзінде жатыр тылсым түндер тұнып...

Шуақты тұлғаларды көрген сайын

жандардан жиіркенесің жүрген сұлық.

Ыстығы кабинаның жүзін қарып

(үздіктің жалаушасы тұр ырғалып),

Кәмшаттың құлан көрік “кербестісі”

барады дән толқынын бұзып-жарып.

Аймалап жел дидарын жаз арайлы

барады, ойлап үйді — бала, жайды.

өмірдің сан сұрағы көлденеңдеп,

кеудесін келіншектің мазалайды...

Әйелдік тағдыр оңай емес Жерде,

қашан да өмір-сеңде егес кем бе.

өзіңді мойындату, Ер атану -

шапқылап шығу емес белес-белге.

Әйелдік тағдыр кешу - сағымды ағын:

жар болу, ана болу жанып жаның;

диванда газет оқып жату емес –

үй іші - рулы елдің табу бабын.

Шай қойдың, малды сауып, қамадың да,

баланың үй жұмысын қарадың ба?

Кір жуу, қонақ күту, ең бастысы

қамын жеу сырқат, кәрі ананың да.

Тірліктің адамды үгер қалың табы

алдымен әйел жанын ауыртады

және бар — мынау қасаң дүниеде

нәп-нәзік әйел болып қалу тағы!

Жер - адам,

Адам - Жерге адал серік,

бөлінбес қалғанда да жанар сөніп.

Бидайлы дала да бір бала жаны —

бақпасаң, баптамасаң, қалар семіп.

О бастан ырыс өнер, тұқымды елеп

нәр берсең, әр собықта мықын бөлек!

ұрпаққа, сәбиге де

дән-дақылға

көрсетер аялы еңбек, күтім керек.

Бермесең сәби жатқан құрсаққа нәр,

тіл семер қапелімде, жыр тапталар;

ертеңге, қуаң жылғы егістіктей,

халқыңнан қансыз, жансыз ұрпақ қалар.

Жүректер махаббаттай Күн құшты да,

өмірге сәби келді. Бұл күш - мұра.

Балаға нәр бермеген -

ата-анаға

ешқашан кешірілмес қылмыс, күнә!

Жер - бала, диқан - ана: көрме ғажап!

Дән орсаң, ұмыт болар көрген азап.

Тамырға топырақтан нәр сіңбесе,

қауқиған дәнсіз қауыз - желге мазақ.

Бұл —дана табиғаттың тәлімі-ау бір,

ойласаң, әр құбылыс - жаныңа нұр;

үңілмей жалғыз ұлдың жан күйіне,

кейбіреу күндіз-түні сабылар құр.

Әйелге сәбисіздік - жаза-қайғы,

тірілей көрген бейне қазадай-ды.

Сәбилі үй - сайранды өлке. Әр баланың

тағдыры ана жанын мазалайды.

Аналық парыз - тағдыр. Атақ, әнің

түк емес - жан бағатын жатаған үн.

Ал, бірақ бала шіркін өскен сайын

бейнеті арта түсер ата-ананың.

Шүкірлік, Гүлжан, Гүлшат — қос шынары,

қос ұлан — Сырым, Асқар өсті бәрі.

Жан көркі ата-ананың жақсы бала,

алысты жақындатып дос қылады.

Еңбекте өткен әр күн, өткен әр түн

тағы бір паш еткендей көпке халқын.

Дала - Ана, Әйел - Ана қол ұстасып,

көтерген бір-бірінің көкке даңқын!

...Әкесі — көрмей қала, тар көшені,

қырда өскен.

Дала жандай жолдасы еді.

Қазақтар мұндайларды сөз еткенде,

“Малменен көзін ашқан жан”,— деседі.

ұлдарға әке айбары, ары бөлек,

Кәмшаты жақын еді жанына бек.

Жылулы ошақ еді,

ажал құшты

отасқан он сегізде жары кенет.

Кетті де,

мейірімін аңсатты ана,

жүдеу үй көз іледі шаршап қана.

Шаттығын шашып алып,

мектебінен

қайтатын болды баяу Кәмшат бала.

өксігін басуға да келмейді әлі,

іні мен әке қамы — енді ойлары.

Әкенің қолтығынан демеу үшін

сегізді кешке оқуға бел байлады.

Жетім күй жүректе енді кетер бірге,

аңсатты ана құшақ — шекер күнге.

Қаңырап, күңгірттеніп анасыз үй

отынмен жылынбайды екен мүлде.

Басталды сонда өмірдің шын өткелі,

алқымдап тұрып алды жүрек шері.

Баяғы ерке Кәмшат тағдырынан

он үште есеюді тілеп пе еді...

“Жап-жас боп...

Тракторға?

Шырақ, тыңда.

Қиын ғой. Жетіспейді трактор да.

Сен бәлкім, жөндеу ісін үйренерсің

Гаражда?!

Трактор шын ұнап тұр ма?”

Баураса аппақ арман жастан жанды,

түбінде алар мұзды асқарларды.

Қаңтарда, жөндеу цехта,

қыз Кәмшаттың

осылай өмір жолы басталған-ды.

Түн тыныш, атты талай таңдар күліп,

космостық кемелердей самғауда үміт.

Биікке жетер ме еді,

жолықпаса

жаны жаз Темірбектей абзал жігіт?!

Есінде

бастағаны трактордан,

сарала толқын дала, бұлақ-қырман;

от алмай мотор, жалғыз ай далада

кездері қорланудан жылап тұрған;

кездері түнде оралар, таңнан кетіп,

кей жанның жазғыруы ардан да өтіп.

“Гүлжаның шырқырауда, барма енді!” - деп

шыққаны енесінің алдан жекіп...

“Қарасаң, сұлу әйел сылаң қаққан...

трактор болғаны ма бұған мақтан?!”

Кездері ақ боранда қар тоқтатып,

кірпігін қимылдатпай қырау қатқан.

“үй ұстау, бала өсіру — жеткен шындық.

Келінге шығу деген шектен сырғып...

О заман, бұ заманда бұл қазақта

темірге әйел мінген — не еткен сұмдық!”

Күз. Қара жаңбыр алды қиыр белді.

Орылған бидай жерде. Құриды енді.

Комбайн қақалып тұр. Бау бидайды

саз кешіп арқалауды бұ да үйренді.

Қалғандай қызық кетіп, бақ тұралап.

өзіндей, құлауға тек шақ тұр алап.

Бейнетті сол бір сәттер

күні ертеңгі

даңқтың кірпіштерін жатты қалап.

Жаны оның жақын әнге, жақын жырға,

құны жоқ, ән ұқпаса, ақылдың да!

Парасат — қимылында, қарасында,

ой жатыр қара көзде, жатыр мұң да.

Дүниеде мұңы жоқтан сескенемін.

Бармастан байыбына ештеңенің,

өмірді өлшер жылы өз үйімен,

топан су басып кенет кетсе де елін.

“Төрт бала?

Кәрі ене? Жұмыс, жиын...

Бір басқа мұнша міндет... Бұл іс қиын...” —

деп шетте, жиындарда, таңданады,

бұл болса сағынады ырысты үйін.

үй ішін, балаларын сағынады.

Жүр ме екен тыным көрмей жары да әлі.

Күн санап, жол қарасып жүрген шығар...

Осы ойлар толқытады жанын әрі.

Сапар тұл серіктессіз жолда сенер,

талантың, алақансыз ол да семер.

Шартты ұғым “мықты” деген,

мықтылықты

танитын ортаң, елің болмаса егер.

Кәмшаттың шыққан кезде аты армандай

(қыздардың Ай мен Күні қатар жанғай!)

қуанды қазақтағы қыз атаулы

өздері Еңбек Ері атанғандай.

Қыздардың жүрегінде жүгірді үміт,

өшпейді, үміт тұрса ғұмыр күліп.

Бұл күнде қазақ біткен

қыздарына

Кәмшат деп ат қояды ырым қылып.

Ерліктен мұнда да көп бар-ды үміткер,

салды ойран кеуделерде сан бүліктер:

“Не сұмдық — әйел Батыр атанғаны

тұрғанда дыңдай-дыңдай нар жігіттер!”

Дала үшін өлшем бе екен қиқым бақыт!

өлшемді өзгерте алмас сиқырлы уақыт.

Шідерлеп шын жүйрікті,

қосу қылмыс

бәйгеге көп тұғырды қиқулатып.

Шаттықтың шалқып ашып кілтін бүгін,

мәпелеп жатыр дала жұртын, гүлін!

Даналық — дер кезінде көре білген

адамның қасиетін, мүмкіндігін.

Жұлдыздар кеудесінде жарқылдады.

Ал, өзі баяғы ойлы қалпында әлі.

Қысылар кейде: “Мұнша не істедім?” - деп,

мақтан қып жатқанда оның даңқын бәрі.

Тірліктің мен де талай сырын ұқтым:

салмағы — батпан Даңқ-ұлы жүктің.

Адамдық қалпыңменен қалсаң сонда,

сол болар шын белгісі ұлылықтың!

Кісілік - Даңқ күшін жеңе білген,

болсын тек астамдықтан бөлек іргең.

Адамдық абыройды алмас адам

өткінші билік берген беделіңмен.

Арлылық — ана берген Ата күшің,

сендейге атақ қуу жат әрі сын.

Нағыз ер армандарға ұмтылмайды

орден, не жеке бастың атағы үшін.

Айналып жүріп бүгін ғарышты мың,

тарихтың шолам кейде алыс нуын.

Келеді қазақ қызы тік көтеріп

қашанда халқының ар, намыс туын.

Ғұмырын бастағалы тағдыр-далам,

тылсымды сынақтарға салдың, заман,

ешқашан елін, елдің азаматын

ұятқа дала әйелі қалдырмаған.

Айналған кіндігіндей Жер-нүктенің,

тірлікке ақ сүті мен ем ғып демін

келеді әйел жалғап даласының

тарихын, құмға сіңген ерліктерін.

Халқының тілін, салтын, ән-асылын,

ту ұстап, жер қорыған бабасы кім -

ұрпаққа жалғастырып келеді әйел

ертегі ғасырларын даласының.

Ой жырақ, шырмауы мол бұл күндерде,

кей сәтте сан тыйылар күлкім демде:

қазақтың еш әйелі қаратпапты-ау

тарихта ұрпағын, не жұртын жерге.

Болғанмен не заманнан Арқа құтты,

мұнда да қылыштардан қан тамыпты.

Жастанып боз жусанын даласының

тұлпарын Тұмар ханым қаңтарыпты.

Далада әйел өткен қанша мықты:

Динасы күймен төксе бал шабытты,

Ерлерше елін қорғап Әлиясы,

Майрасы әуелетіп ән салыпты.

Күн туса еліне, ұлдар жан сақтар ма -

өмір мен өлім кешкен тар шақтарда,

Даланың ары болған апалары

рухын сіңіріпті Кәмшаттарға.

Барады сүйреп алға арынды уақыт,

сәттер жоқ тыныстауға, дамылға түк:

даланың кере қарыс тарих-томын

жүр бүгін Кәмшаттары қалыңдатып.

өлкеме ырыс нұрын тосқан Ай, Күн,

нәр берер перзентіне оқшау айдын -

ұл-қызын ақын еткен, батыр еткен

қашаннан жомарт жері Қостанайдың.

Сыр сандық - қойны дала-қарияның,

қастерлі киесі бар әр ұяның.

үкілеп ұшырған-ды осы дала

қазақтың жыр анасы — Мәриямын.

Жұтумен сағынышты сәттің демін

шаршаған шарлағанда жаттың жерін,

шинельге сыймай келген жырды ақтарып

өткізген мұнда Сырбай ақ түндерін.

Бүгінгі ұрпағын да арман күші

тартуда, аласартпай заңдар мысы.

Қалса, - деп келеді ұрпақ, - өз мәнімен

даланың қасиетті бар болмысы.

***

Съездер сарайы іші. Нұр - бедері.

Айбары дір еткізіп түр денені.

Шешендер алмасқанмен,

қалар мәңгі

Кремль, оның тарих-мінбелері.

Жетелеп жүректерін үмітті арман,

дүниені тазартуға былықтардан

жиналды коммунистер - жалын жандар

нәр алған дауылпаздық рухтардан.

Жылжымай жалғандықтың қой тастары,

әділет қашан Жерде айқасқалы...

Шындықтың мінбесіне шығып бүгін

даланың Кәмшат қызы ой тастады.

Жер - бесік, Адам - сәби, Күн - анамыз,

Күн-ана мейірімімен қуанамыз.

ашанда Жер-бесіктен - жыр-бесіктен

жақсы мен жаман жайлы туады аңыз.

Торласа әлемді бұлт өрт өріліп,

өшеді жаяушамдай өркен-үміт.

Бесіктей бауы үзілген

тұңғиыққа

құндақ-Жер кетер сонда төңкеріліп.

Тірліктің қойса адамзат нұрын бөгеп,

қырқылар қара жерде ғұмыр кенет.

Қызыл сөз — дәнсіз собық. Қызыл жерге

нан керек, жүректегі діріл керек...

...Қара бұлт құрсауласа Жер-бесікті,

ақиқат аласұрып сең кешіпті.

“Бозторғай қой үстіне жұмыртқалар”

кезді іздеп даладағы ел көшіпті.

Дән егіп, бала өсіріп, от жағыпты

(жауығып келгенді, рас, оққа жықты),

қарттарын қадірлепті қыз баладай,

аталық сөзге сосын тоқталыпты.

Даланың жаппаса да төсін егін,

жарасым іздеп өткен көшіп елім.

Ол бірақ тойған жерге тамыр жайып

бөспепті: “Отаным,— деп,— осы менің!”

Даламен тағдыр демін бір татуға

бел буып, шұбырыпты қырқа, құмда.

Көшпепті бірақ жаттың жайлауына

даласы айналса да қу тақырға.

Сол болмыс, қасиетті арқалаған

ұрпағын медеу етер марқа далам.

өз мәні, өз әнімен туған жердің

тауы асқақ, таңы нұрлы, шалқары аман.

ұрпақтың арымен жер таң шырайлы,

ойымен, өрісімен халқы да әйгі.

Төгілген тамшы тері ұл-қызының

жұлдыз боп даласында жарқырайды.

Сіңіріп туған жердің нәр асылын,

ән-жырын, намысы мен нала, сырын,

көтеріп бара жатыр Кәмшаттары

тағдырын, тауқыметін Даласының!

1982»

Қазақтың дәстүрлері

« Қазақтың әдеті көп дәстүрі мен,

мен-дағы оның бәрін жақсы білем.

Ата-ана қартайғанда бел бүгіліп,

құрметтеп сыйлайды оны ел жүгініп.

Тәтті дәм, асыл деген киімдері –

қарттікі әр қазақтың үйіндегі.

Ерте-кеш қонақ келсін шақырусыз,

жатырқап сұрамаймыз: ""Заты кімсіз?""

Тік тұрып жасымыз да, кәріміз де,

тосамыз үйдегі бар дәмімізді.

Қыз өсіп, сүйсе жасты қиядағы,

үйге ертіп әкелуге ұялады.

Бір ғажап – ұл-қыз біздің елде керім

қадірлеп құрметтейді жеңгелерін.

Жас келін үй билемес тізгінді алып,

ал сосын тым бауырмал біздің халық.

Қазақтың жас-кәрісі өле-өлгенше

самарқау тұра алмайды өнер десе.

Білмесең, таны,

достым, жақын барып,

шетінен қазақ деген ақын халық.

Даламыз жазық болса қанша біздің,

сондай кең пейіліміз де баршамыздың.

1965»

«Қанша жыл содан бері зырлап ағып,

өзендей жүйткіді алға жылғаланып.

Куәсі - көзбен көрген біздер ғана

атқанын таңның қалай құмда ағарып.

Бұл күнде, қарап тұрсаң, өзгерді ғой,

өрледі, өркендеді мұнда халық.

өткенді ұмыт қылмай, шүкір, жастар

кітап қып жазад дейді тыңдап алып.

Баяғы құлазыған даланы ашық

барады зәулім үйлі қала басып.

Еділ мен Жайықтың да толқындары

бірге ағып жатыр бүгін араласып.

Болар зат көп екен ғой болғанынан,

кәрілік келіп қалған соң қамығам.

Сусыған құм Нарынның етегіне

өзен де жасап алды қолдарынан.

Болар ма адам мұнша құдіретті,

байларға мал бағудың күні кетті.

Кешегі шөл даланы орман қылып,

нелер бір біз көрмеген гүлін екті.

Баяғы айлық жолға бүгін кетіп,

жетесің арып-ашпай, іңірлетіп.

Киік пен қоян жортқан боз далаға

темір жол тартып қойды дүбірлетіп.

Жастарым, заманың шат, үнің де асқақ, алдыңда сендер

шығар шыңың да асқақ.

Әңгімем бітпепті ғой, кәрілік-ай,

кетемін бірін айтып, бірін тастап.

Бар біздің ауылда бір асыл адам,

күміс шық самайында шашыраған.

өмірдің сан асуын өткерсе де,

таймаған асыл беттен, жасымаған.

Сол жанды көргенің де мақұл, шырақ,

жұрт оны жүреді ылғи жақынсырап.

Ақ сақал қариялар құрмет тұтып,

барады сол кісіге ақыл сұрап.

Қадірлейді азаматын халқы-дағы,

өзі де қайсар, әділ, жан қырағы.

Қайыржан ағадай боп өсемін деп,

кішкене бөбектер де талпынады.

Білем ғой Қайыржанды бала жастан,

жан едік үй-ішімен араласқан.

кешегі қанды соғыс жылдарында

жиырмада жауларымен жағаласқан.

Орден бе – көп әйтеуір өңірінде,

бірақ тек тақпайды өзі оны күнде.

Істейді бастық болып талай жылдан

осы жердің милиция бөлімінде.

Ешқашан жағымпаздық ойламайды

біреуге жақсы атты боп көрінуге.

Білгің кеп отыр сенің бұл кісіні,

неде деп осы адамның құнды сыры.

Баяғы Мадияр мен Айғанымның

осы еді қуанышы – тұңғыш ұлы.

Бандының тұншықтырған ақырғы үнін

қастерлеп Қайыржанның батырлығын,

“Біз тірі қалмас ек, - деп, - ол болмаса”,

қойған-ды Қайыржан деп атын мұның.

өтті ерлер қыран құстай шырқады да,

жеткізіп жаңа өмірдің нұр таңына.

Аруағы сол ерлердің ырза шығар

бүгінгі ас толқын ұрпағына.

1962»

Қараңғы түндердің шапағаты

«Түндер келеді

құбылмас қараңғылықпен

дүниенің барлық жиіркеніштерін таса ғып,

күндізгі сағымдай көз жауын алмай көлгір көркімен

жасанып;

ақ сезімдердің ақ айдынында тербелер дел-сал

сәт қой бұл

қатыгездіктен қажыған көңілдер жасарып!

Қараңғы түндер,

бұл дүниенің ләззаты жалғыз сендерде ғана қалған ба!

(өзгенің бәрі өзгеріп кеткен шеңгелін мезгіл салғанда).

Түндердің тұнжыр тыныштығы ма екен көңілдерді көкке

Көсілтіп талпындыратын таңдарға!

Таңдайыңа татып тірліктің шырын шақтары жанды

Шалқытқан түн құшағына алғанда.

Жалғыз-ақ мынау бөлмеде

тыныштықта бей-жай көңіл көрпесі көсілмей,

(қасиетті түндер кешіргей!)

ақтүтек ойлардың ақпаны сақ-сақ күледі,

жалғыздығынан құтырып кеткен жесірдей.

Рахатын түннің тұл етіп сонда мен отырамын шабыттың

сарала сауытын шешінбей.

О, шуақ күндер!

Қыз саусақ шұғыла төккенге балғын бақтарға

менменшілдікпен мақтанба!

Тірліктің қимас күндерін тылсым түндерде ғана

сезбесек,

қадірсіз шығар ақ таң да.

Мынау жалғанда жалғыз-ақ өзім құдіреттідей боп

отырам

қараңғы түндер шапағат шашқан шақтарда.

1968»

«Қараңыздар ізетпен қыз бала деп,

бұлданбаймын мен бірақ сыздана кеп.

Азаматсып топтарда билік құрып,

сыйлағанға масайрап бұзбан әдеп.

Бұйығылау шығармын бәлкім де мен,

пікірлер де құр болмас “салқын” деген.

Біреулерге дәл солай жұмбақтаумын,

жайдарлық күтсе де әркім менен.

Тілемеймін өмірден жеке несіп,

мықтылармен күнелтпен жетелесіп.

Жолы қысқа, қыз бала десеңіздер,

кішірмеймін, мен қайта кетем өсіп.

Етсем жырды киініп-ішінерім,

кешірмесін осыным үшін елім.

Асқақ-асқақ жыр күтіп жүрсе менен -

сыйлағаны осы деп түсінемін.

1958»

Қарғыс

Қара континент туралы толғау

«Дауылды менің ғасырым!

ұлылығыңа, қайсарлығыңа бас ұрам.

Сендегі құйын екпінге ере алмай

жүргендер үшін ашынам.

Табына алмайтын бейшара жандар сұсты кейпіңнен

шошынып,

ұрмай-соқпай жасыған.

Перзенттігім саған шын болса менің, бықсымай

қара түндерде отты ұшқын болып шашылам

немесе құм боп басылам!

Әйтеуір бей-жай жүрмеймін мына ғасырда

дүлей теңіздей тасыған.

өйткені менің заманым –

кезі емес кеште отырар қамсыз қызықтап кештің

самалын

сүйікті жанға жақындай алмай,

жаутаңдап тігер жанарын.

Жұмыр жер үстін жұмақтай көріп басатындардың кезі емес

ойланбай әрбір қадамын.

Бұл ғасыр деген – дәуірі болған о бастан

соғысты кешкен сәбидей ерте жетілген ой мен сананың,

тобырлар менен дараның;

қайсарлық көрсе жаси қалатын бұйығы бейшаралар мен

ұлағатты ойлы дананың.

Күлкімен қатар көз жасын көрсең, оған да

таңданбай, танбай қарағын!..

өйткені бұл кез – ғасыры

күңкілге толы қала мен тағы

келбеті өзгерген даланың,

башпайға түскен ұзындықтар мен сандардан асқан

қысқаның,

жас ұзарту мен емі таптырмас жараның,

адалдық пенен айнала беріп сатудың

және де ащы шындық пен желім жаланың.

Бұл – кезі құздан құлдырау менен шырқаудың,

аңқау боп қалған ақ бастылар мен ақылгөй туған

баланың;

амалы біткен әлсіздер менен өктемнің,

алдамшы ақ пенен қасиетті түндей қараның.

Лапылдап өрттей сүйгізетін не өлердей

жек көргізетін де құдіретің сенің, заманым!

Біздің даланың жігіттеріндей айбатты,

тәуекелің мен мәрттігің үшін қаладым.

Бірінші ырғақ

О, гитара, сайрадағы

балқыт балғын денені сен!

Балқыт мылқау айналаны

мен жылаймын, сен егілсең.

Ішкі шерлер тарқасын да,

ұмыттыршы қараң күнді.

Қайғы тұнған әр тасында

еркелесін далам мұңды.

Сенен шыққан үнге елітіп,

жанарымда жалт ойнасын.

Бар үмітті түннен күтіп,

жүрген жандар қартаймасын.

Құшағында қара түннің,

қызу қандар тыншыған ба?!

Құштарлықтан жаратылдым,

қара ормандар сыңсығанда.

Сайра,

жұртты жасқандыра,

ұғынбаған құлақ талсын!

Ойға батсын жастар мына,

қарт негрлер жылап та алсын.

О, гитара сұңқылдаған,

қара түннің сырласы ма ең?

Төндіргенде бұлтын ғалам

тиылмаған түн жасы ма ең?

Сен сайрасаң, қандар ысып,

бір бұлқыныс басталады.

Сиқыр сағым алдан ұшып

қара түннен жасқанады.

О, гитара, сайра дағы

балқыт балғын денені сен.

Балқыт мылқау айналаны

мен жылаймын,

сен егілесің.

Жылағаным – ашынғаным,

әуеніңді үдетші үзбей!

Ал, ашынсам – басылмадым

қара жерді дір еткізбей!..

Екінші ырғақ

Кетсе де бақ тасаға,

сен жалғыз бақсың маған.

Тақыр қып таптаса да,

ешкімді жатсынбаған,

ешкімге таңданбаған,

о, менің аңғал далам!

Келгендер шарық табан

сені еміп тойынуға,

өктемсіп шалықтаған

әндетіп қойныңда,

төсіңді арамдаған,

о, менің адал далам!

Топастар жанды ұға ма –

еселер қайғы-мұңды.

Тентіреп қаңғығанға

ақтарып байлығыңды,

құлазып құлдыраған,

о, менің мұңды далам!

Даланың ұқпай мұңын

жүргенге өшігер ем –

әлсізбін, шықпайды үнім…

Қайткенде төсіңе мен

бақ құсын қондыра алам,

о, менің сорлы далам!

Күтумен әділетті

жылаудан жасы кепкен

өңінен әрі кетті

қайысып қасіреттен,

сонда да жалтармаған,

о, менің дархан далам!

үшінші ырғақ

Басыңдар сазды әуенге

қара түндерде күй тынбасын,

сылқым қимыл мен сұлу мүсіндер

бей-жай әлемді сиқырласын!

Қара түндерде

сері сезімдер ойқастасын,

қамау кірпіктер айқаспасын,

күндіз көрінбес балғын денелер

сезімсіздерге жай тастасын!

Қасіреттерін күндіздің

адал түндерге дарытпасын,

адам түндерде тарықпасын,

күндіз қол жетпес еркін сәттерде

құса көңілдер шалықтасын!

Тынбасын билер

түргенше ару күн іргесін,

мұң толы жанар күлімдесін,

түндерде әппақ сезімді жандар

күндіздерінен түңілмесін!

Төртінші ырғақ

Мен қарамын -

қасіретім бұл маңдайда сорым болған,

азап-мұңның қадады оғын жалған.

Жетімі етіп бұл тағдыр жер үстінің,

зұлымдықтың жарына соғылды арман.

Мен қарамын -

табиғаттың мен де бір перзентімін,

арқалаған бейнетін жер бетінің.

Ақ көңілім, таза арым - жазам менің,

қаралығым - бар күнәм, кем-кетігім.

Мен қарамын -

қасиетті түндердей адалдығым,

жүректерді өртеген жанар нұрым.

Мен сұстымын қарғаудан сұм тағдырдың

маған деген бақытқа сараңдығын.

Мен қарамын -

табиғаттың өзіндей сұлумын мен,

қаныма ыстық құйылған қызу күннен.

Бір әділет күтумен бұл жалғаннан

қара тас боп ішімнен тынып жүргем.

Мен қарамын -

қаным сіңген қара жер таң құшпаған,

таң құшпаған, содан кек-арды ұштағам,

сезе тұрып күшіңді бұрқана алмай...

О, дәрменсіз сорлылық — қарғыс саған!..

Негр қызының бірінші монологы

Қасиетті түндерде,

қасіретті түндерде

құштар жандардан,

ыстық қандардан

жаратылдым,

демеймін дара тудым.

Алаңсыз күлімдеген,

қайғыдан түңілмеген

мен сәби болатынмын.

Ананың көкірегінен,

даланың от іреңінен

сезімнің пәктігін алғам.

Күдіксіз көңілде бір күй,

күтуші ем өмірден ылғи

туардай сәтті күн алдан.

Көңіл шат. Мол-ды арманым.

Жоқтықта қорланбадым,

білмедім жабығуды,

мұңайып қамығуды

күдіктер жат-ты маған,

еліктей шапқылағам.

Ақ қызбен жарысқанда,

мен кеттім алысқа – алға.

Сонда олар күлкі қылды:

“Сен лас, тағысың” деп

мен алғаш намысым кеп,

қарғадым түн түрімді.

Негр қызының екінші монологы

Мынау қарғыс атқан заманда,

арды сатқан заманда,

қасқая қарап сескенбей

жын қағып кеткен ғаламға,

халқыма теңдік іздеген,

шындықтан күдер үзбеген

менің де сорым бес елі.

Жүрегім кекті, көңіл кем,

нұр тайып албырт өңімнен,

әділет пенен шындықтан

жұрдай боп тұрған өмірден

не көрдім дермін ғасырға

осынау отызға жетпеген жасымда?!

Ала алмай кеткен есені.

Халқымды қорлап кеміткен,

жерімді таптап желіккен

мықтылармен алыстым

қиындықтарға көніп мен,

еш пендеден кем еместігімді паш қылып,

қойса да заман көмейіме менің тас тығып.

Жалтақты көзге ілмедім,

жылағандарға күлмедім,

әлсіздердің алдында

күштісінуді білмедім.

Еркіндікті аңсар көкірегімді қысты-ау бықсығы

мынау мәдениеттілер салған түрменің.

Негр қызының үшінші монологы

Негрдің байтақ даласы -

мекенім менің бақыттылыққа тапшылау,

қасіретімен, тақсіретімен жаныма жақын, жақсылау,

қайырын бермеген көк түтін завод, космостық алып

алаңдар,

көкірегіңді сорып, қозғалтпай қойды тас бұғау.

Солардың бәрін сыйғызған саумал кеудеңнен

өз перзентіңе сая бере алмай қасірет шегіп

жатсың-ау...

Мен қызың ем

ақ үмітпенен еркіндіктерге талпынған.

Сүйіктімменен күн кешер ем-ау басым айналып балқудан.

Мен саған сені қастерлеп өтер қызу қанды ұлды

сыйлар ем,

“аналап” ерер артымнан.

Азабыңды сенің көргенде бірақ, бар бақыттардан

безіп мен

тағдырыңды ойлап алқынғам.

Мен енді саған өзімді тұтас арнадым,

Қанымды сорса да, қастерлі жолдан тартынбан!

Сен үшін менде жан құрбан!

Сені “тағы” деседі

сұрғылт пенделер тентіреп келген ұмытып елін,

мекенін

(соларға қаным қайнамай енді не етемін?!),

құштарлықтардан мақұрым қалған сорлы кеуделер

ұққан ба

тағылым — деген табиғаттай пәк тағылықта ғана

екенін!

Олар білмейді -

қорлауы менен кемітуінің өзі сабақ боп,

есейтіп мені кетерін.

Мен өкінбеймін,

ағылсын мейлі жүрегімнен менің жосып кан,

о, қорқау заман, зұлымдығыңды тосып қал!

Менің өмірбаяным –

мұңды даламның қасіретінен туған қаһарлы күштің

басы бұл

озбырлық пенен өктемдікті де шошытқан!..»

Қартаймай жүрсін қарттарым

«Ақ үміттердей ақ мамық

арбайды, қолға тұрмайды.

Көңілдер бүгін шаттанып,

аңсайды бақыт-жыл жайлы.

Жыл жайлы

соңғы нүктеге

жетелер адам біткенді.

Сонда да мынау жұрт неге

желпініп Жылды күтті енді?

Күткен-ді көктем құсындай,

сенім мен бақыт таңдарын.

Көзімнен бұлбұл ұшырмай

үмітті мен де жалғадым.

Мұң табы жатса күлкімде –

сан қатерлерден шаршағам.

Армандап жүріп,

бұл күнге

жете алмай кетті қанша адам.

Сонда да тірлік жалғасып,

қадайды жанар жас қарға.

Табысып Жерде сан ғашық,

шашуын төкті Аспан да.

Мейірімдермен, үмітпен

жалынсын дала-құндағым,

тазартып жерді күдіктен,

келе бер, Жаңа жылдарым!

Қартаймай жүрсін қарттарым,

көгерсін кірсіз көңілдер,

елемей тірлік ақпанын,

жасара берсін өмір-Жер!

1975»

«Қартаяды ақындар да.

Тағдыр – тезге көнбейтін хақың бар ма!

Самайын қырау шалып,

бұрқанғанда бойында бұлаң шабыт,

сезімімен жиырманың жыр-ән салып,

белестерден зымырап құланша ағып,

отырады балаша басын иіп

арлы мен батылдарға.

әмденер шырайға тұнған рең

(қартаймас тек пенделер мұңдары кем,

ойлы жандар малынбас нұрға кілең),

құлшынып, аласұрып,

әділетті қорғайды дара шығып,

оймен матап жүректі таң асырып,

ақындар қартаяды,

нұрлы жүзден ақиқат әр таяры...

Мәңгі жас боп қалар тек жырларымен.

1973»

«Қойғандай мен біреудің басын жарып,

сен маған қарамашы ашуланып.

Онысыз да сенің асқақ мінезіңнен

қаламын көрген сайын жасып, налып.

Біраздан екеуміздің арамызда

бір сырдың бары рас қой, жасырмалық.

Ол сырым — саған ессіз ғашықтығым,

мүмкін, сен жиіркенетін жасықтығым.

өзгеге жайраң қағып, мені көрсең,

бұлыңғыр тартатындай ашық күнің.

Алмаған кегің бардай көзқарасың

біреудің аялаған жасытты ұлын.

Сондағы жазығым не? Түсінбедім.

Құрыса, сыйласпастай кісің бе едім?

Бір жылы қарағаның арман еді,

сен бірақ көз қиығын түсірмедің

(білмеймін, неге, неге түсінбедің?).

Мен жүрмін бойым дел-сал, ішімде мұң.

Тәкаббар жаның әлде қалай ма екен

алдыңда біреулердің “кішіргенін”.

Көрмеймін енді деп-ақ қатуланам,

жетпей жүр бірақ соған күшім менің.»

«Қоңырқай бұлт тас түйіп қас-қабағын,

тұмшалады аспанның жақсы ажарын.

Көп жыламас адамның көз жасындай

төгіп жатыр шелектеп тасқа зарын.

Бұл қалпында түрі жоқ күш сынатар:

найзағайы шындықтай сұсты, қатал;

қараланған жаламен адал жандай

жанарынан ызаның ұшқыны атар.

Сорғалатып жүректің жасын жақұт,

әйнекті ұрып барады тасырлатып.

Мен отырмын бөлмеде тұншыққандай

таза ауаға шыға алмай, басым қатып.

Жүгіруге еркіндеп жасыл жайға

жер лайсаң. Көңілсіз осындайда.

Қолшатырға бүрсеңдеп тығыласың,

бұлты тарап, мына күн ашылмай ма…

Қара жаңбыр әлі де құйып тұр-ау,

аттай алмай отырған сиық мынау.

""Әрі тәтті, әрі ащы жыр жаз"", - дейсің,

не жазылар мұндайда, сүйіктім-ау…

1977»

«Қос жүректің

бір соққан лүпілінен,

махаббаттың армандай жыр тілінен,

ләззаттың таңдардай

нұр түнінен

жаратылған

жемісі гүл-жанымның

сезімімнің, шашылмас сырларымның,

қалампырдай иісінен құндағыңның

жаным жасыл бүр атып жасарамын,

сен келдің де,

басқаны тасаладың.

Ғұмырлымын,

мен енді мәңгілікпін –

мәңгілікке жалғасқан

жас Анамын!»

«Қосылған сағынысып

жүректерде тыншу жоқ алып-ұшып.

Дүниенің бәрі ұмыт. Елжіреуден

денелер жанып, ысып.

Көңілдер алабұртып,

рахаттың жаңбырын жанар іркіп...

Тек осылай сүйе алады бұл өмірде

қос жүрек адал, ынтық.

Түндерде көз ілеспей,

ынтық болып құмарлық сөзіне іштей.

Бұл сәттерді ешкім де ұға алмайды

басынан өзі кешпей.

Жердегі пасық біткен

ақ сезімге жанарын жасып тіккен.

Жұмақ болып кеткен бұл өмірге олар

қарайды ғашықтықпен.

Түндерде қысқа мына

ыза, мұңның жүректен ұшқанына

таңданады екеуі, кеткендей ме

дос болып дұшпаны да.

Айналып бар алапты

бақыт мынау қақпаны жаңа қақты.

Соғыс деген бір сөзден жылы төсек

мұз болып бара жатты.»

Қоштасу

Қыз Жібектің соңғы сөзі

«Қайран дүние, кең едің маған, сен неге бүгін тар болдың?

Қасірет шегіп, кешегі мөлдір күлкіме де мен зар болдым.

Аңсаумен жүрген асқар тауым менің құлады,

құрғады мәңгі сылдырап аққан бұлағы.

Сұңқарым едің, Төлеген, қияға қанат сермеген,

мен—Атыраудың ақ маралы болғанда, сен- қырағы мерген ең.

Қос қанатым менің қапылыста қалды-ау қиылып,

орыныңды немен теңгерем?!

Жанарыңа көзім түскенде, мен қорғасын болып балқыдым,

ақ денемді өрт қылып, от-жалыныңмен шарпыдың.

Асқақтай басып бас имеуші едім, жігіт біткенді дал қылып,

ақыры мынау адыра қалған көркімнің

құрбаны болдым, алтыным!

Мен—Атыраудың көлеңкеде өскен гүлі едім,

сен нұр-шапақ құйып алаулап тұрған күн едің!

Қапыда мерт боп, тұңғиыққа сен құладың.

Қатыгез тағдыр, қырықтың бүгін Жібектің қыршын тілегін.

Дарқан дүние, қызығыңды маған қимадың,

несіне бердің сорыма біткен хор қызының мынау дидарын?

Мен өмірдің ләззатын сүйген балауса нәзік гүл едім,

қимайтының бар, семсерді неге сыйладың?!

Айналайын Ақжайық!

Сұлулық тұнған ақ төсіңнен сенің ақ маржан болып жаралдым,

Аққуың болып тарандым.

Сен ерке толқындарыңның күмістей үнін маған ұсындың,

бар сұлулықты енші етіп, қияларға мені ұшырдың!

Мен осынау елімнің

мәпелеген мақтанышымын.

Айдыныңды сенің айна қып әркез ақша бетімді қараушы ем,

сен—Атыраудың ақ еркесі болғанда,

мен—жағалауыңда жайқалып өскен балауса ем.

Туған жердің төсінде сарқылмас махаббатындай

сылдырап аққан бұлағым, мақтаныш едің маған сен.

Арманымдай менің мөлдірсің өзің қашаннан,

мен жұрт айтып жүрген хор қызы сынды болсам да,

сұлулығыңнан сенің аса алман.

Әділетсіз мынау дүниеден енді алаулап күйіп барамын,тұңғиығыңды

құшсам, жанымның өртін басар ма?!

Қартаюды білмес толқындар сенде жасайды-ау, шіркін, мәңгілік!

Жібектің зарын болашақтарға жеткізгейсіңдер ән қылып.

Кош, елім, қош бол, қазақтың байтақ өлкесі,

қиянат қысқан заманнан мынау мен кетіп барам сор кешіп,

Ақжайықтай асыл анамның төсін құшайын,

Төлеген сүйген денемді менің қалмасын қара жер тесіп. Қош!…

1965»

«Қуанышты мендегі

сенің қайғың улайды.

Ешбір адам жердегі

білмейді бұл мұң жайды.

Сүйсе бақыт емес пе —

мен біреуге тәттімін.

Түсесің де сен еске

сап болады шаттығым.

Аяз шарпып денені,

сүйген болам бекер кеп.

Сені іздегім келеді

қай жерде отыр екен деп.

Сен жайлы ойды жасқадым —

қалмасын деп ол біліп.

Құшағында басқаның

сені ойлаймын. Сорлылық.

1973»

«Құлыншағым, сөйледің!

Шықты-ау тілің!

Жарығым, құйттай күнім!

Тіліңдегі “ападан” басқасын мен,

айым-ау, ұқпай тұрым.

Айдындаймын сүйетін жағасын күн,

өзіңмен дара шыңмын.

Былдырлаған сенің бұл сөздеріңде

тілі бар анашыңның.

өзің барда үзіліп қалмас әнім,

түнімді таң жасадың.

Сенің титтей жүрегің, тіліңменен

ертеңге жалғасамын.»

Қыз әні

«Құлпырды дала мына,

жаным - жаз, жайнады үміт.

Тұр, жаным, жанарыңа

қарайын айна қылып.

Туғандай ай арманым

осы бір шалғында анық.

ұйқыңды аш, оян, жаным,

келеді таң нұрланып.

Көз жұмып, көңіл балқып,

ісім жоқ баспанамен.

Бақыты өмірде артық

жан жоқтай басқа менен.

Әнші құс, неге ертемен

сайрадың бүгін сен де?

Жарысып жел-еркемен,

сайлармен жүгірсем бе!

Шырқап сен шалғайда әнді

кең дала — қыр бағында,

бақытың болғай мәңгі

деп әлде тұрғаның ба?

Осылай мың күн өтсін,

сайрай түс бақта дәйім.

Кішкентай бір тілекшім

бар деп мен мақтанайын.

Сәуірдің таңына ұқсап

күлімдеп тұршы, жаным!

Жүрегім алып ұшад,

Мен неге тыншымадым?!»

Қыз қуу

«Елең болмай жайлауда жаз аптабы,

қызып кетті бойымда қазақ қаны:

- Ертте, жезде, ең жүйрік сәйгүлікті -

басталуға “Қыз қуу” аз-ақ қалды!

- Ат - машина емес, ал ақыл ұғып,

кетері бар, балдызжан, қапы қылып.

Ерке қызын қаланың ат көрмеген

жығып кетіп жүрмесін атып ұрып!

- Тұрарым жоқ алданып айла-егеске,

белді будым қалсам да қай белесте!

Жол соңына жасықты қалдыратын

өмір деген өзі де бәйге емес пе!

... Арғымаққа жөнедім қамшы басып,

(қарап қоям қауіппен артыма шын!)

Мені қуып жеткенше, ей жігітім,

қара терге өзің де малшынарсын!

-Обалсыз, - деп, - есекке сеніп мінген!-

қамшы ойнаттым қайтарда төніп бірден.

Неге екенін білмеймін, жігітті емес,

атын ғана сабалай беріппін мен...

1965»

«Қызғанбаған сәттерің – қинағаның,

қинағаның – аяудан қимағаның,

аяғаның - өртенген сезім емес,

әшейін сыйлағаның.

Бұл – зұлымдық. Маған да, өзіңе де,

сен сөйткенің сыймайды миға, жаным.

Қайтем, қайтем, сезімді бұйдаладым.

1976»

Қызғанып қалма, жаным, сен

«Біреулер менің қолымды қысса, жаныма кейде күліп кеп,

қызғанып қалма, жаным, сен:

сен үшін ғана құрметтеп мені тұратын шығар

жігіттер, қызбалық қылма, жаным, сен.

Көп қыздар саған күлімдеп тұрса көздерін тігіп қымсына,

қызыға қойма, жаным, сен:

өзіңдей менің бақытым үшін қуанып олар тұр шығар,

мұны да ойла, жаным, сен!

1968»

Қырдағы бәйге

«Бәйгеге бүгін жиылып,

Қалмады кәрі, жасың да.

Атбегілер жүр бұйырып

шабандоз бала қасында.

Шалғынға тіккен ақ үйлер —

сәні ғой, шіркін, даланың!

Жеңгейлер жатыр нан илеп,

әзірлеп қымыз-шарабын.

Жүректе жастық тынбай ма —

дабырлап отыр шалдар да.

Қазақта біздің мұндайда

қызынбай тұрар жан бар ма!

...Баппенен аттар бастады

базарын осы

түздің бір.

- Әйтеуір, бала, саспағын,

қайтарда босат тізгінді!

Жөнеді аттар біріндеп,

ілезде-ақ үзіп қарасын.

Жаңғыртып кетті дүбірлер

аспан мен жердің арасын.

- Әнеки, біреу келеді!

- Жарайсың, шіркін, сәйгүлік!

Қиқулап жаннан жөнеді

балалар өңшең тай мініп.

- Бәрекелде, тарланым ,

бермедің қолдан намысты!

...Біреулер тістеп бармағын,

бокалға біреу жабысты.

Қыр-жайлау қалды жырақта,

мен бүгін одан алыспын.

Үні тұр бірақ құлақта

сонау бір бәйге-жарыстың...

1969»

«Қыркүйекте теңіздің өзге демі,

көлеңкеде бұғатын боз денені

аппақ көбік сүйеді,

сонда сенің

көңілің өзгереді.

Бұлтсыз көктен қарайды күн асылып,

жағаны ұрып толқындар жүр асығып.

Еркіндікке жерік жұрт лап береді

толқынға құлаш ұрып.

Айқай шықты дәл соның арасында:

- Анау белгі – болмайды әрі асуға!

Қайта оралған жүзгіштер мысы құрып

малтиды жаға-суда.

Алға ұмтылмай тыныштық тапқан ба адам,

көңіл шіркін тұңғиық жақтарға алаң.

Бірақ жерде, суда да тиымдар көп –

сүрінер сақтанбаған.

Теңіз асау тулайды тасып күнде,

кейде тынып, толқынын шашып бірде.

Әзіл. Күлкі. Жағалау. Боз денелер

қақталған ашық күнге.

1976»

Литавра

«өмір — айдын

сәттері кем ақтымық,

қарсы ағыстар қақтығып,

арғымақ жал ақ толқындар алысып,

бірін-бірі тұңғиыққа лақтырып,

жартастарды құшақтайды аптығып.

өмір — шырқау,

найза шыңдар өр кеуде,

ғұмыры өтер желкемде,

жалаң төсін ашып тастап найзағайлы семсерге,

жалғыз қорғап жалғыз, асқақ тірлігін,

қалар бүгін, ертең де.

өмір — ырғақ,

нәзік әуен, асқақ үн,

айдын, дала, аспан – үн!

Ғұмыры жоқ ырғақтардан басқаның!

Ей, адамзат, бас әуенге, қос әнге,

шырқат биік тіршіліктің дастанын!

өмір — ырғақ, әуеніне ермесең,

тірлігің — тұл, тас — жаның!

Ғұмыры жоқ ырғақтардан басқаның!»

«Майдан. Алаң.

үскірік ұйытқып соғып айналадан

барады дірдектетіп от денені,

бірақ одан бір жалын өктем еді

(мен де онымен өзімді қайрап алам) -

елге деген махаббат жүректерде

айбынды еді оқтан да, тілектен де.

Мұндайда ер ме кек жүзін қайрамаған!

Арулар сүйілмеген,

сыланып та үлгермей үйінде кең,

жары аймалар ақ төсін жер тілгілеп,

еңбектейді ызадан елтіп жүрек,

жаудың оғын нәзіктеу иінменен

тоқтатты да құлады, дым көрместен,

дүниеге қош деп те үлгерместен...

Бос сөз екен өлуді киын деген.

Гүрсілдеп құлақ тұнып,

бір-біріне ажалды лақтырып

жүрді адамдар ойланбай қанға батып,

жауап берер бір кезде таңдар атып

білмей өкінетінін жылап тұрып,

ар алдында әр ісін сұрақ қылып.

Бүгін соғыс. Айнала азап толған.

Төбешікке қырғынмен азат болған

ту қадады карт солдат жылап тұрып.

Қанша қырғын.

Жер қақалды жас қанын тамсап ұлдың…

Әрбір үйдің ардағы шаттығы алда

шала жансар көміліп жатты қарда,

үзілді албырт арманы бал шағыңның,

от жылдардың ұл-қызы, қыршын кілең,

кешкенім жоқ сен көрген бұл сынды мен.

Сенің қайғың - жанымда қалса бір мұң.

Болса егер мақтанышым -

ол өзіңнің ерлігің, тап намысын

қорғау үшін қиратып дұшпандарын,

жас арманды құрбан қып құшқан жалын.

Ел сенімін ер солай ақтады шын.

Қай далада сүйегі қалды екен деп,

сүйгенінің жүрегін зар мекендеп

“Келер ме,— деп күтеді-ау,— баққа құсым”.

Күту деген...

ол қайғы емес, үміт кой шүкір дер ем:

бірақ мен де азабын тартқам талай,

мынау аппақ селеулер жапқан самай –

күткеніме қойылған үкім дер ем.

Сықыр шықса келді-ау деп тосып күнде,

елеңдеумен көз ілмей шошып түнде

талықсыған жүрегім, бүкіл денем...

Қарт солдат барады алға,

көміліп жатыр, міне, дала қарға.

Басталған таң алдында жорық демде,

сүрініп жүре алмайсың өліктерге...

Соғыс түнге, күндізге қараған ба.

Жатты солдат алдында ыңыранған,

жұтып жатыр аппақ кар жылы қаннан,

адам бейне оққа ұшқан қара қарға.

Жүрегі сыздады ма

қалтырап кетті таңның ызғарына,

шала жансар жігітке үңілді де,

шырамытқан секілді түрін, міне...

Тани кетті! Денесі мұздады да

жалғыз ұлдың өлігін тасалауға

еңбектеді күш жоқтай басар алға.

Қалай тастар өренін сызға мына...

Қан толып жанарына

(кек қайнаса көзден жас тамады ма)

ұмтылды алға кегі үшін жалғызының,

енді қара жер көрген бар қызығын.

Жүрек ұйтқып тығылды тамағына,

тістенді де жау жаққа боратты оғын,

шешіп тастап ызадан шолақ тонын,

елемеді қолдағы жараны да.

ұрыс сәл басылғанда,

жоқтарды ойлап жолдастар ашынғанда,

ол отырды, жалғызын көме алмады,

жүрек жылап, өксиді соған жаны,

көрсетпеді бірақ та жасын жанға.

Адамдардың қинады-ау бұл сын бәрін,

еске алады оқ құшқан қыршындарын.

Бұл қыршынды ұмытпас ғасырлар да.»

Маңғыстау

«Маңғыстау!

Мұнарларың шаншылса аспанды ұрып,

тайталаса алмай қалады асқар бұғып.

Жанартаулардай лапылдап отты алауларың,

жанары жасық жанарды жасқандырып.

Шыққанда жасыл жондарың тусырап алдан,

асқар шыңдарға самғауға құлшынар арман.

Айбаттысынған бір кезде таулар да бүгін

асқақ жандардан жасқанып, қымсына қалған.

Болады екен-ау жалынды таңдар да мұндай,

жарқырайды екен түндер де шамдар жағылмай.

Қара жер деген теңіз боп тасқындайды екен,

менің жылдастарымның армандарындай.

өмірге құштар жандардың

жалын жүрегі дауылды далаға ғашық.

Мұнарлардан жүр мұнда самал адасып.

Жастықтың құрыш қолымен кетіпті бүгін

құмдауыт белді құз кеуде қалалар басып.

Жастық шақ ізін тастаса –

кешегі бозаң, қатыгез құм дала-мекен,

қара ормандармен қайысып нуланады екен.

Осынау асқақ жандарға замандас болып,

мен асылы тентек-тек тумаған екем!

1970»

«Махаббатым жалғыз-ды, біреу еді,

жас жанымның үздігіп тілегені.

өзім онсыз өмірді сезіне алмай,

жалғыз ғана сол еді жүрек емі.

ұмыт қалып еркіндік, заң бұрынғы,

қол ұстасып қарсы алдық таңды нұрлы.

Сенің әкең болатын махаббатым

мойындатқан әйелдік тағдырымды.

Иә, иә, сол еді бар құмарым,

бақыт кешкем, шырқағам шалқып әнім.

Сен келдің де жар салып дүниеге

қос жүректің шамы боп жарқырадың.

Таусылғандай бойдағы жан-шыдамым,

сені құштым енді мен, тал шынарым!

Бір теңізге құйылған қос өзендей

қос махаббат – қос жанар – шамшырағым!»

Медеуде туған ойлар

«І

Күз. Шатқал. Айдын.

Сұлулық еді бұл қандай!

Күн деген мұнда қол созым жерде тұрғандай.

Айнадай айдын арбайды сені жалтылдап,

зулайсың сосын көңілде титтей мұң қалмай.

Ілесем деме

өзіңнен өзің жасқана берсең қысылып,

айдынның заңы өмірдей қатал — түсін, ұқ!

Кідіріп қалсаң,

зуылдап келе жатқандар

кетеді сені ұшырып.

Тілдей темірдің үстіне

оп-оңай емес қаз басып кету бір демде

күрес қой бұл да білгенге!:

өкшеңді қадап қасиетті жердің өзінде

сүрініп әрең жүргенде.

Зулайды-ау мұнда адамдар

төрт аяғымен табындыратын жорғаша!

Айдында деген әділет мықты: өзіңдік өнер болмаса,

қолтығыңнан сенің қанша адам, мейлі, сүйесін,

зулар ем дейтін қиялың құрғақ, далбаса!

Қарыштау түгіл, қозғала алмайсың,

өзіңе ғана сенбесең,

коньки байлауға құмар болмағын онда аса!

Сынамақ болсаң бағыңды

жүйріктерменен тендесер —

қарама дауыл, ақ түтек боран, желге есер!

Күшіңе сенсең,

Медеуге бетте—мекен ол

мықтылар ғана белдесер.

ІІ

“өмірдің өзі - мұз айдын,

тайғанап кетпе!” — деген ең.

Сырғанап жүріп мұңайдым,

еске алдым сені неге мен?

“Қайғы-азап шексең, жебер ем,

тайғанап кетсең, демер ем...”

Дейтұғын өзің емес пе ең?

Аса алмай асу-белестен,

қақ маңдайымнан жел ескен

тайғанақ құзда тұрым кеп,

енді құлардай дірілдеп,

бар еді сүйер кімім деп,

қарадым үміт жүзбенен,

сонда мен сені іздегем.

Мысқылды жүзің күлімдеп

тұрғандай: “Құла, сүрін!” - деп,

итеріп кеттің сен мені.

Теңіздің быт-шыт сеңдері

пана боп мені емдеді.

Далаға теңеп жүруші ең,

неге жат болдың бүгін сен?

Демеуді күткем сүрінсем,

пендемін мен де үғын, сен.

Аунатып кеттің орға сен,

әйтпесе,мұнша солмас ем,

шілдеде мұндай тоңбас ем...

Оңбаған болсам мына мен

өзімді-ақ өзім сынар ем.

Кеттің ғой өзің өксітіп,

сәби боп саған құлап ем

Зулаймын мұзда күн күлген,

сақтанам — заңды бұл мүлдем:

сүрініп кетсем қапыда,

сүйемейтініңді білдім мен.

ІІІ

Айнадай айдын.

Жұтасың ыстық Күн демін.

Зулап қал, достым, еркіндей алмай жүр ме едің?

Асқар тауы мен биік құздарға дара қонуды үйреткен,

көсілген сонау кеңдігіменен дала болуды үйреткен

туған жерім ғой бұл менің!

Талайға арман мынау биіктің басынан

төменге көзің түсуі де бір мұң екен —

қарасам кейде дір етем.

Шыңдардың шырқау шатқалдарында нық басып,

көре алмағандарды мен одан сайын жүдетем!

Таңданам: менің осынау титтей денемді

Алатау қалай түсіріп алмай тұр екен?!

Арай күн көктен мейірім нұрын шашқанда,

шалқымай тұрар жас бар ма?

Көк айдын мұзда зуылдап келем мен бүгін,

қарамай құзға, көлденең жатқан тастарға.

Көңілім менің шалқиды сонда көтеріп келе жатқандай

мені ол емес,

Алатауымды мен аспанға!

1973»

«Мейрімсіз, қатал десек те,

әр жанның жүрек оты бар.

Бақытын оймен есептеп,

елжіреп кейде отырар.

Сағыныш толмас жүректер

жоқ, сірә, мына жалғанда.

өзіндік әркім тілекпен

өзінше шырқар арманға.

Мақтауға ол мейлі тұрмасын,

болмасын дана тұлға шын –

сүйікті болу, сүю хақ,

адам боп жаратылғасын.

1968»

«Мен

революцияны жасамадым,

Мезгіл деген межеден аса алар кім?!

Бірақ, бірақ жасқанып жалтақтамай

болашақтардың есігін аша аламын.

Соғысты да көргем жоқ, өкінбедім.

(Мүмкін, онда мен жайлы оқыр да едің…)

Бірақ сол бір жылдардың жарақаты

көкірегімді сыздатып отыр менің.

Мен жез едім.

өмір өзі шыңдады алмас қылып,

отыра алмаймын қаперсіз малдас құрып.

Мен осынау беймаза планетада

революцияны келемін жалғастырып.

Қиял қуып жүргем жоқ даңққа еріп

(тарих куә - біз ондай халық па едік!)

Мен жүремін ақжүрек сәбилерге

жұлдыздарды уыстап алып беріп.

Сен көктемгі көк айдын сағым ба едің,

селт еткіздің-ау, даладай сабырлы едім.

Қасіретіңді де қасқайып қарсы аламын,

қайталанбайтын мазасыз шағым менің!

Көне көкірек, ей, менің жыршы далам!

Күдіктенсең, өзімді бір сынап ал!

Менің жастық шағымнан ескерткіш деп

бозаң белестеріңе гүл шығарам!

Қатерді ойлап көңілі тыншымаған,

гүлге оранып сонда бір жүрсін адам.

Айшықты іздер - өмірім. Мен қалайша

болашақтардың алдында күрсіне алам!

Көңіл-күйін көз ілмей сан бұрадым,

талай күлдім, сан рет қалжырадым.

Мен өзімнің мазасыз жастығымды

ұрпақтарға мұра қып қалдырамын.

1971»

«Мен жалындап өтемін

қариялардың қимайтын жас шағы болып,

балапандардың талпынар асқары болып,

ару қыздардың аңсаған арманы болып,

асқақ жандардың алаулы таңдары болып;

жиырмада жесір қалғанның аңсары болып,

сүйіскендерге көз ілер таңсәрі болып...

Мендегі арынды екпінге

дауыл көрмеген

бишара жандар жатсын бір тамсанып өліп.

Мен келемін өтсем деп армандарды асып,

алаулы жаным арайлы таңдарға ғашық.

Жаныма серік болуға жарай алмайды

жүйрік жылдарға ілеспей қалғандар жасып.

Мен талпынбаймын

топастықпенен күн көрер тыныш тұғырға,

арам ойлармен сақтаман қылышты қында.

Жырларымды оқып құлшынсын оты бар жандар

уақытпен бірге өлмейтін бір іс қылуға.

Жүрмесе болды адамдар

тұлғамды менің шатасып басқаға таңып,

жасықтар жүрсін, кездессе, жасқана қалып.

Несіне жүрем әйтпесе қара жерде мен

жиырмасыншы ғасырдың жас шағы атанып!...

1971»

«Мен жүрмін аласұрып,

секілдімін шөлдегі дара шыбық.

Тілеулес жан, жазғырма, жазалама –

наласын ұқ жүректің, жарасын ұқ.

Көңілі жүдеу адамдар кекшілдеу ғой –

ақыл айта көрмеші данасынып.

Кейбіреу күндеседі,

біреулері балайды гүлге сені.

Бар бақытты бір өзі жиып алып,

басы айналмай қалай бұл жүр деседі.

Түсініксіз оларға (айыптаман)

жүректің де сендегі мұң кешері.

Білмейді құлап талай

жүргенімді өмірде сынаққа бай.

Білмейді олар жылаған сәттерімді

келсе еді деп арманым жырақтамай.

…Мен тілеймін, аяулым, қатал тағдыр

сені менше ешқашан жылатпағай.

1974

Менің екі жауым бар:

мәңгілік достаспайтын,

қимастықпен жыласып қоштаспайтын,

кіріп келсе, жанарым мұң оранған

қуаныштан жарқ етіп от шашпайтын.

ол — адамдар шындыққа жүгінбейтін,

көлгірсіп күлімдейтін;

өзі істеген жауыздық, зұлымдықтан

қайғы шегіп ішінен түңілмейтін.

Екіншісі — досымды жамандаған,

өсектерін өрбітіп сан арнадан

жүретіндер — қас жауым. Соларға мен

қаным талай қайнаған, алаңдағам.

өтірік пен жала көп аяқ бассаң,

ал жақсылық жағына сараң ғалам.

Білем, ғұмыр мәңгі емес, қысқа мүлдем...

кешірмеген, жауласқан тұстарым кем...

Бірақ маған тіл табу мүмкін емес

осы екі дұшпаныммен.

1974»

«Мен келіп түр едім

сіздің үйдің жанына тағы.

Ішпей, маспын.

Жалғыз білерім —

жүрегі құрғыр жалын атады.

Отыра кеттім дірілдеп тізем,

аймалап тұрды сені сол жігіт.

Енді мен қалай күнімді өткізем

оралар деген өшті соңғы үміт.

Сезімім мұнша алданар деп пе ем,

желге ұшып менің гүлім бүр атқан.

О, өмір-ай, алдамшы ең неткен,

кеше күлдіріп, бүгін жылатқан.»

«Мен кеттім оралмасқа буып белді,

маңдайдан сылып тастап суық терді,

алқынып кеп отырдым оңаша үйде,

бөтелке коньякпен жуып шерді.

Ызадан булығамын жарылардай,

менменшіл сиқыр күйден арыла алмай,

назданып еркелесең, елжіреген

сәттердің жүрегімде табы қалмай.

Мен үшін аспан бүгін құлағандай

қызығып енді бізге сығалар ма ай?..

Әлде сен өкпе-ашудың бәрін сарқып,

мені іздеп келермісің, шыдай алмай?..

Білмеймін неге күттім. Келер дедім,

әйтеуір, есік жаққа елеңдедім.

Білмеймін саған қарай тартқан күшті

қуатым бар ма, жоқ па жеңер менің...»

«Мен қайтсем екен?

Мынау денем өртеніп, барады ысып.

Кетсем бе әлде сандалып арақ ішіп?..

Менен гөрі бақытты-ау әркімдердің

ит аяғын жалаған қара күшік.

Сенсіз өмір өмір ме? Құрысын бәрі!

өлген артық мұнан да дала құшып.

Әлде сенің ызаңнан

қыз біткеннің барлығын қорласам ба?

Шашсамба екен өмірді оңға-солға?

Бақ -құсымды басқадан іздесем бе,

бағыма сен бұлбұл боп қонбасаң да.

Біреулерге бір күндік бақыт болып,

біреулерге қайғы боп орнасам ба?

Мынау қырсық дүние басар ма екен

қисық кеткен аярын оңға сонда?..

Быт-шыт болды-ау

сонау менің ләззатты ай, күндерім.

Қайтсем енді басылар қайғым менің.

Астан-кестен етейін дауыл күндей

бұл тірліктің топас бір жай дүрмегін.

Болмаса, бір таңданар іс қылайын,

сонда анау жігіттен айныр ма едің?

Сонда маған о баста өліп-өшкен

оралар ма көңілің?

Әй, білмедім...»

«Мен қорықпаймын

сұсты тұлғаларыңнан, асқарларым,

жанартаулардан лапылдап шашқан жалын.

Көңіл-сұңқар емес пе - келеді ылғи

асқарлардан да әрі асып аспандағым.

өршіп қайта жаныма от алмасам,

мен әйтеуір құздардан жасқанбадым.

Сезем - талай жанардан пас парларын.

Тарлау жолда тайғанақ тастар барын.

Шырқау деген шыңдардан құлау емес,

жасыма тек,

жас құсым - жақсы арманым!

Шырқау шыңның жолында

дариялар бар бұрқанып аласұрған,

жан шошырдай сұстанған қара сұр маң.

Тұңғиығына көз салсаң, көңілің жүдеп,

түңілген сәтің секілді жанашырдан.

Мен құлашты сермеймін - дарияны өтіп

әрі асуға қайтсем де ана шыңнан

(талпынар құз болмаса, адам деген

құр қалатын тәрізді бар асылдан).

Мен құласам құлармын

жалын сөніп жанымда, біткенде дем,

әйтпесе түк емес қой жүктер деген.

Биіктерге самғамай тұра алмаймын,

бұдан басқа бақытты күткен де емен.

Мен қорықпаймын

шырқап-шырқап, бұл күнде біткендерден,

самғай алмай, ызадан бұлт теңдеген.

Сезбей өмір азабын, қуанышын

мелшиіскен, адамдай түк көрмеген.

Қауіптенем жалғыз-ақ: жерде тұрып

от жанарын қияға тіккендерден.

1966»

«Мен құлазып кеткенмін

мынау өмір дегеннен,

тіршіліктен.

Сені жоқтап алушы ем күрсініп дем.

Қызықтырмай ешнәрсе,

қалғандай-ды

сенің салған кайғыңнан құр сілікпем.

Самал өбкен түндерде ауа жетпей,

енді өлердей жүруші ем тұншығып мен.

Мен өмірді сен деуші ем:

сенің көзің, назды үнің, қылықтарың;

сезімімнің сен кештің тұнықтарын...

Бүл әлемде өзіңсіз тірлік барын,

Ай,

Күн барын, ел барын түк ұқпадым.

Кеткен мені бір байғұс, меңіреу қып-—

сенің тез-ақ, сүйіктім, ұмытқаның.

Содан бері жыл өтті.

Көп ойландым.

Жүрек соға бастады жылып қаным.

Түндер өтті сергектеу.

үлгерілмей жұмысым, қысқарды күн,

ығыстады біртіндеп дұшпан мұңым —

жүйрік күндер барады ұмыттырып

кейде өмірдің сараңдау, мыстандығын.

(ұмытпаймын.

Кешірем сені бірақ

тапа-түсте қолымнан ұшқан гүлім.

Есімде әлі — ол мәңгі қалады есте —

сені алапат сезіммен құшқан күнім.)

Туған елді еске алсам, есейемін,

сөніп қайта жанғандай құштарлығым.

Әнмен туған жеріне ұшады екен,

үн қатпайтын секілді ед құстар бұрын.

Ел сенімін арқалап тұрып сездім

Отан деген өлтірмес күш барлығын.

1972»

«Мен оның құшағында,

ол сенің құшағыңда –

алдаймыз өзімізді және… ол байғұстарды;

Біз бұлай азаптап ек қай дұшпанды?!

Мен оны сен деп құштым, сен оны мен деп құштың:

арпалыс. Жүректер мұз. Денені, оны алдайсың.

… Ал, астан жерінгенмен, аштықтан өле алмайсың!

1978"

Мен өмірді сен деуші ем...

(Бозбаланың күнделігінен)

"Мен сені қызғанамын.

Жалт етіп қарағанына емес қыз баланың

(мен ешқашан қызғанбан қызға, жаным,

олар менің қашан да ақ тілеушім ғой –

байбалам сап несіне сызданамын.

Көкірегіңде мен тұрып, шамаң жетсе,

басқа жұртқа мейлің сен жүз қарағын!).

Мен сені қызғанамын

бәз біреулер өктемсіп басынғанда

(өктемсушілер көбейді – ғасырдан ба…),

доспын дейтін жігіттер бірге отырып,

сенен сырын қулықпен жасырғанда.

Осылардың бәрі оқ боп қадалады

сені нәзік сүйетін ғашық жанға.

Сен далаға тартқансың.

маңғаз мінез, кеңдікпен көзіме сен

менің дархан далам боп көрінесің,

өзекті өртеп, аңқаңды кептіретін

отты сезімді алдың ба шөлінен сен?!

Бір-біріңнен айнымай қалғасын ба –

мен даламды да қызғанып, өліп-өшем.

(Мен оны да қызғанам

отаны жат біреулер менсінбегенде,

ей, ағайын, мені тым “жершіл” демеңдер.

Мен төзбеймін жат біреу қожасып жүрсе,

бабаларымның қаны мен тері сіңген жерге!

Тұмау құртқан солардың танауларына

даланың жұпар ауасы келсін бе мүлде!)

Мен сені қызғанамын,

қадіріңді біреулер білмегенде,

сені сырттай көре алмай күндегенде.

өзің жайлы орынсыз мысқыл айтса,

қаным қайнап кетеді бұл денемде.

…Осыған да шүкірлік. Пақырлық қой

қызғанышсыз, жалынсыз күн көрем деу.

1970»

«Мен сені сағындым,

Сағындым.. Жүдедім.

Жастығым, жалыным,

бір сендік жүрегім.

ұйықтасам, күлсем де,

өзіңді ойладым.

Жырақта жүрсең де,

үмітті жоймадым.

Мүмкін сен мені шын

ұмытқан шығарсың.

Бірақ тек сен үшін

тудым мен, ұғарсың.

Сүйсең де өзгені,

сен —менің арманым.

Жас жүрек төзбеді —

мұң жырын арнадым.»

«Мен сізді ұнатамын.

Сізді ойлаумен атады бұла таңым.

Жалғыз арман жанымды жайлап алып,

сенделемін, үмітпен бүр атамын.

Түк еместей әлемдік айыптаулар,

не ұмтылған асқарым – жыр, атағым.

Мүмкін ессіз осы бір сезіміммен

біреулерді өксітіп жылатарым,

не өзімді даңқтың тұғырынан

мүмкін тіпті біржола құлатарым.

Жанса бағым,

бәріне де дайынмын – қарсы аламын,

қарсы аламын үзіліп қалса да әнім –

біреулердің күңкілін, жазғыруын,

мысқылы мен өсегін – баршаларын.

Соның бәрі тұрмайды жалғыз ғана

сәтімізге қауышар, аңсағаным,

бірге жұтар ләззатты таң самалын.

Жырлап өтем,

белді будым алдағы сынға бекем,

арпалысам, асудан-мұңнан өтем.

Сізге жетер жолымда кешем бәрін,

мені тоқтата алмайды тұлға бөтен.

Арпалыссыз, армансыз, мұңсыз күндер –

жайбарақат тірліктің құндағы екен.

Соның бәрін, бәрін де сезімімнің,

сезіміңнің жолында құрбан етем!

Майраның болыс жездесіне айтқаны

Байлығың басқа шапқанмен,

ауылыңда толған аш-арық.

Әкімдер келсе басқа елден,

шығасың жайнап жасарып.

Көрсетіп малды мыңғырған,

көкорай шалғын жайлауды...

Сақтайтын ажал-қырғыннан

алдыңда малың айдаулы.

Мақтанып маңғаз тұрғанда

ұқсамай жанға түрің жай,

аспаннан түскен бұл маңға

кұдайдың жалғыз ұлындай.

Мінгіздің жүйрік Тарланды,

шапан да жаптың, бөстің кеп,

алдына салдың сан малды

“мырза” деп мақтап кетсін деп.

Жүрерсің баста бақ барда

сыбаға-сыйдан құр қалмай,

байлықты шаштың жаттарға

жетісіп жұртың тұрғандай.

Келгенмен бөсіп жан-жақтан

байлықты берген басқа ма?

Шөбіңді шауып, мал баққан

байлығың - мынау жас бала!

Мырзалық жанға жарасар,

жатпаса жұртың таланып.

Байлығың — анау қара шал

жағасы жыртық, жаны арық.

Байлығың, шенің — жел, елес,

мінгенмен таңдап жорғасын.

Малыңды сыйлар сені емес,

қадірсіз болса өз басың.

Қабағың түйме неге деп,

шындығын айтқан сөз - жебе.

Балдыз боп жүріп не керек,

сын айта алмаса жездеге!

Майрадан басқа

болысқа

сөз айтар кім бар бұл елде!

Мырзасып бөтен қонысқа

мені де беріп жіберме!

Ағаларына өкпелеп айтқаны

Қыз етіп құрсағынан тапса да анам

ешқашан жанарымды жасқамаған.

Ал сендер ала көзбен атасыңдар,

мен бейне туғандай-ақ басқа анадан.

Тағдырдан талант бер деп сұрамадым,

жаулады ел жүрегін бұлақ-әнім.

Халқымның кәрі-жасы қадірледі –

осы ма маған тағар кінәларың?

Ел сүйіп, ақ сезімін маған жайды,

біреуге соның өзі салар қайғы.

Халықтың махаббатын, мойындауын

құдай да пұлға сатып ала алмайды.

От мінез. Жанар найза. Жалын ішім.

ұшқын-ән талайларды қарыды шын.

Еркіндік, еркелікті кешірді елім,

ажарым үшін емес, әнім үшін!

Ойламай өстім шекпен-тұлып қамын,

жақпайды сендерге еркін қылықтарым.

Жұртқа арман қайран басым сендер үшін

ұяда жарылған бір жұмыртқамын.

Күн туар, атар алдан таңдар жаңа,

жылыстар, жалған байлық, жалған дана.

Күні өткен жылап, күліп Майра қызға

ән-жырын арнар бала, арнар дала.»

«Менде бір толғаныс бар

(кейде өзім де түсінбеймін)

дауыл күнгі дарияның күшіндей бір.

Сонау біздің қырдағы тұяқ тілген

бәйге алаңы секілді дүсірлеймін.

өзім сонда тұтас бір ғасырдаймын:

жүргендеймін жарқылдап қасында айдың.

Мынау бей-жай дүниені сілкіндіріп

бір таң қылмай мен, сірә, басылмаймын.

Бұйығы өмір тілемен ғасырдан мен.

Мейлі, жұртым тентек дер, асыл жан дер.

Бұл тірлікте жарқ еткен жақсылықтың

барлығын да құшамын ғашық жанмен.

Қыңыр кетсем, кешір деп өтінбеймін.

Шақыр, өмір, әділет сотын мейлің!

Мен әйтеуір жалтаңдап, жалбарынып

өзім қылған ісіме өкінбеймін.

Менде бір тебіреніс бар

(кейде өзім де түсінбеймін)

дәл сендегі құштарлық күшіндей бір.

Сондықтан ба – қыз ғұмыр бұл өмірді

қуаныш-қайғысымен ішіп жеймін.

Осы сезім алаулап бойда тұрса

асылы кішірмеймін.

1970»

«Мені еркелетіңдер—

тым азып кеттім.

Жаутаңдап қалған жетімдей

құлазып кеттім.

Асау жүрек те бұл шақта

басылып қалды.

Арман жұлдыздар моншақтай

шашылып қалды.

өзімнен өзім жиіркендім,

көрместей болып.

Армандап жүрген ертеңім

келместей болып.

Жанымды жылжып құшты мұң,

Жабығып кеттім.

Алақандардың ыстығын

сағынып кеттім.

Мені еркелетіңдер

жүдеген сәттерде.

Жырақта қалсам, жетіндер

бір туған әпкемдей.

Сонда бір жасап қалайын

бұлақтай толып.

Қайтадан сосын жанайын

шырақтай болып.

1969»

«Менменшілдік артты да сана-күштен,

Екеуміз де кетістік “тамам іс” деп.

Махаббаттың жалынын жалғыз жұтып,

сен ренжіп жүрсің ғой маған іштен…

Екеуміз де ақылға бекінбедік,

таластық та “сенікі шетін” дедік.

Бүгін біздер мұңдымыз, жүрсек тағы

дымымыз да кетпеген секілденіп.

Құр өкпені қайтеміз. Жетер, күнім,

деймін іштей: “табысқай екі ел бүгін!”

Екеуміз де ұғындық, бірімізге

бірімізсіз өмір жоқ екендігін.

Елжірейсің, өкпенің бәрі біткен.

Құшағыңды отырмын сағынып мен,

Екеуміз де үнсізбіз… жақындасақ,

кететіндей өрт болып бал үміттер.

1967»

«Мінезің қыңыр дейсің,

тағасың досыңа мін.

Білмедім бұрын дейсің,

қайтейін, осы — барым...

Демеймін періштемін,

көп шығар кемшілігім.

Келіс не келіспегін,

тек маған сенші, күнім.

Суынған кезім бар ма,

құшамын өліп-талып.

Осындай сезім барда

мінезден қорықпалық.

Ол — сенен, мұң жамасам,

сезбейсің қалай, күнім:

назданып бір қарасаң,

бар ашу тарайтынын.

Ең басты бір кемісім —

шығармын қызғаншақтау

(Жөн бе екен сүйгені үшін

көңілге ызғар сақтау.).

Сабыр қып төзбес пе едім,

сүйгеннен — ол да, сенсең:

еш мінез көрмес те едің,

сүйкімді болмасаң сен.»

Мұқтаждық

немесе жетімнің монологы

«Александрия базары дуылдап түр. 12-13 жасар бала месқарын саудагердің алдындағы қуырған құс етіне тарамыс қолдарын соза беріп еді, анау бірден байқап, жиіркенішпен итеріп жіберді. Мен құлап жатқан баланың көзінен мынаны оқыдым:

Адамдар, қаталсыңдар,

(қаталдықтан әлі-ақ зар татарсыңдар!)

Жалғыздықтан зарығып ашынғанда мен

сендерді асылдар деп ем,

сипайды-ау шашымнан дегем.

Жоқ! Тас екен жүректерің де,

шыншылдық деген жоқ екен тілектеріңде,

өздерің оны көлгірсіп жасырғанменен!

Мейірімге сараңсыңдар

(түбі содан жазым да табарсыңдар!)

Бір жылы көзкарастарыңа зарыққанымда -

соның өзі-ақ бакыт қой қамыққан ұлға -

найзағайдай атқылап жанарларың да,

біржола сөніп ұмітім балаң жанымда,

жыртқыштар қамап алғандай тарықпадым ба?!

Әділеттен жұрдайсыңдар

(тақсіретін тартпай бір тынбайсыңдар!)

Жала тартып сендерге жүгіндім барып,

тас мүсіндеріңнен түңілдім налып,

тағдырым менің титтей де елеңдетпеді,

бей-жайлықтарың қорқытты керең беттегі.

Мен емес, сендер екенсің бүгінгі ғаріп!

Адалдыққа тапшысындар

(әрине, данышпансығанда жақсысыңдар!)

өзгенің қасіреттеріне

қарайсыңдар қалайша есінеп мүлде?

Біреулердің көзінен жасы кеппеді ме —

бәрі бір екен сендердің көн-терілеріңе.

Бұл күнде ұғындық бәрін.

О, адамдар, сендердің зұлымдықтарың

шыдатпай өртеді мені де.

Не деген пасық едіңдер

(шуақсыз қурайды емес пе жасыл егіндер?!)

мейірім аңсап жүрегім қансырап тұрған,

зұлымдықтарыңмен қамшылап тыңнан

жанымда үміт, сенімдер түгесілгенде,

лақтырып тастап кеттіңдер күресін жерге.

Сендерден байлық сұраман өліп кетсем де,

алтындарыңды алмаймын төгіп кетсең де -

мейірімге ғана мұктажбын.

Білесіңдер ме?

1973»

Мұнайшы

«Даланың төсі өрт бүгін!

Дидарын аптап отты күн

мұнайшы-батыр көтеріп жатыр иықпен

мұнаралардың шоқтығын!

Осылар алып тұлға анық

қондырған қолмен қырға құт.

Болатты бұрғы найзасы сынды қыпшақтың

сүңгиді жерге ырғалып.

Осы еді жанға жат мекен

меншіктеп алған ақ бөкен,

желаяқ киік үстіртті бойлап зулаған

қай маңнан тұрақ тапты екен?..

Шөлейтте тұрар қар тамбай,

бүгінгі думан таң қандай!

Даланың мәңгі тырнақтап жиған байлығы

ақтарылуда фонтандай!

Достыққа мәңгі шам жағып,

бас қосты бүгін сан халық-

мұнайшы мұнда даланың командиріндей

барады самғап алға нық.

Жайнайды дала-алыбым

жанары - жарқын, жаны - Күн!

Ызғары кетпес әлемге дала таратып жатыр бойынан

жылуы менен жарығын!

1966»

«Мұнда түн.

Жаңбыр,

аспан қарауытып,

көз жасын жатыр оның дала жұтып.

Демалып отырмыз біз дабылдан соң,

әскери дайындықтар жаңа бітіп.

Әр жігіт өз ісімен шұғылданып,

біреу жазып, бірі иек қылын қағып,

енді біреу бір хаттан басын алмай,

қайта-қайта оқиды жымың қағып.

Біреу үйін айтады

(бұл — сағыныш белгісі, таныс қылық).

Біреуі жүр әндетіп сәл ысқырып.

үшіншісі досына хат жаз дейді,

ауылының бір қызын таныстырып.

Біреу отыр тіл қатпай,

бейтаныс қыз кешегі ұнап қалып,

дойбы ойнайды біреулер жырақ барып,

мен отырмын өзіңе жолданбайтын

дәптеріме оңаша сыр ақтарып.»

Мұрагерлер

«Айтқан сөзі - атқан оқ. Қайсар жаны.

Мүмкін емес уәдеден тайсалмағы.

Ел беделін әлемге паш ететін

солар менің халқымның жайсаңдары.

Қимылынан аңыздай ерлік ескен,

намыс үшін от құшқан, селді кешкен.

Жәбірленген жандарға жан ұшырып,

сын сағатта қол берген, елжірескен.

Қорқақтамай, қаймығып, жасып тұрмай,

ақтарады әр ойын ашық сырдай.

Ол шіркіндер жүрмейді от сезіммен

қыз біткенді өртемей, ғашық қылмай!

Дауыс қандай—Біржан сал тірілгендей,

асқақ әннен аспан да дірілдердей.

Жомарттығы— асылын ғүмыр бойы

адамзатқа тосатын жұмыр Жердей.

Жаны жайсаң өзгеден екен де ерек,

жабыққанды жарқылдап кетер жебеп.

Әйел заты қорқады жанардағы

тұңғиыққа шым батып кетем бе деп.

Адалдықтың қорғауға бақ -талабын,

аямайтын қиындау шақта жанын-_

біздің елдің жігіті шеттерінен

осындай деп жаттарға мақтанамын.

Қайдан ғана ер жітіт туар еді,

болмаса егер баулитын қыран елі!

Қастерлейтін қыран ел, ұлан жерін

қасиетті даланың мұрагері.

1 9 6 7»

Мықтылық жыры

«Жас баладай қуанып тұрмын бүгін,

құшағыма ап боз жусан - қырдың гүлін.

Асып-тасып көңілім көсіледі,

ұмытқандай байырғы күннің мұңын.

Сағыныш па, білмеймін, қуаныш па

жүрек қанат қомдайды бір алысқа,

Жер, аспан да көлеңке-бұлтсыз бүгін,

тербелгендей дүние жыр-ағыста.

Жыр-ағыста келемін алып-ұшып,

қуанғандай есімнен жаңылысып,

бейне бүгін үйіме абыр-абыр

қимастарым келгендей сағынысып.

Мөлдір өзен.

Жап-жасыл жаға. Талдар...

Адамдар-ау, шын барлап қарасандар,

мынау таңда жаңа леп, жаңа сән бар!

Маған қарап күлімдеп қол бұлғайды

бейтаныс балақандар...

Күн төгеді

тау, далаға мейірім—құтты нұрын,

қол ұстасып адамзат шықты бүгін

ескертуге есерлеу мына әлемге

бірліктің мықтылығын.

1967»

«Мынау жігіт алмаған құны бардай

неге сонша сен жаққа телміреді?

Іш жағымда аш қасқыр ұлығандай,

дүрсілдейді жүрегім, сезді нені?

Бар-жоғымда ісі жоқ мына менің,

саған қарап сөйлейді көзін алмай.

Асықпадың сен-дағы, тұра бердің,

әңгімешіл жан еді өзі қандай.

Сыртқа шықтым. Сенделдім.

Күлкі, бақыт

өткінші екен. Көктемгі сағым—бәрі.

өшім қалған кісідей бұрқыратып,

сигаретті тауыстым жанымдағы.

Бір шықтыңдар бір кезде. Лапылдадым.

Қозғалуға бойымда күшім қалмай.

Жылдам басып жаныма жақындадың,

мені жаңа көргендей, қысылғандай.

Тіл қатпадық.

Бермедім сұрақ та мен,

айтар сөзді жүрекке қамалаппын.

Иықтасып келеміз.

Бірақ менен

мәңгілікке алыстап бара жаттың.»

« Мынау қолым, басым мынау,

жүрегімде – тосын әнім;

жүзім күңгірт, шашым қырау,

неде болса, осы барым.

Көзбен көрем, үйренемін,

ол да менің бір ардағым.

Бар ма, жоқ па ми дегенің,

соны бірақ біле алмадым.

Дидарымда – кемел көрік,

табиғаттың сыйы бұл да.

Тіршіліктің келем көріп

қызығын да, қиынын да.

өмір биік, терең әрі –

тыным таппай сар желемін.

Бірақ ұқпай келем әлі –

қай жерімде жан дегенің?

Башпайда ма, білекте ме –

қайдан тапты сәтті жайды?

Алқынады жүрек неге,

тамыр неге шапқылайды?

Елтімеуші ем әрнеге онша,

жанды іздеймін, сабырлы едім.

Сүйіктім-ау, дәу болса,

сенде шығар жаным менің?!

1984 «

«Налып келдің соншалық, тұнжырадың

өсегімен біреулердің.

Мен де өзіңмен қосыла қынжыламын,

мұндайда жүдеулеумін.

Қабағыңнан –

менен артып жан ұққан ба! –

іздеймін күлкі таңын.

Табынарым – сен бұлай жабыққанда

мен кімді пір тұтамын…

Жақсылықтың бәрінен түңілмеші

бір-екі жаман үшін.

Қайғы қылдың, жаным-ау, мұның несін

болмаса жалаң ісің?!

Түңілер сәт шындықтан өтер кейде,

өшетін үміт, сенім…

Бірақ өмір шарт мінез. Көтермейді

күйректігін жігіттердің!

1967»

«Не болып кетті дүние!

Айрылғаным ба сенен мен?!

Дүние быт-шыт. Жүрегім дал-дұл келем мен.

Сен болсаң, жаным, отырсың жат бір құшақта.

Көзіммен көрдім.

Әйтпесе, жұртқа сенер ме ем.

Тек мендік деуші ем гүл ернің.

өзгені шындай сүйді ме ол балқып, елжіреп?

Жарылып кетпей, қалай-ақ тұрсың сен, жүрек?!

Орадың ба сен өзгені мендік білекпен,

оған да айттың ба: “Арманым бүгін келді!” —

деп?

Сол үйдің сыртын таң атқанша мен шарладым,

самайда шашым селдіреп

(оны тек мені келемеш қылған жел білед).

Қалшылдап тұрдым

қаңтардағы аяз қысқандай,

бойымды билер денемде титтей күш қалмай.

Көз алдымда да, көңілімде де — жалғыз сен,

дүниенің бәрі дұшпандай.

...Есігіңді әлде соқсам ба солқылдатып мен,

тұрсам ба сосын оған да, саған тіс жармай?..

Қайтермін енді...

Тумайды басқа көгімде менің сендей Күн.

өзіңсіз мен бір тартылыссыз қалған Жердеймін.

өмірдей сиқыр сезімдер барда жалғанда,

тірліктің қатал заңдарынан өтер көнбей кім?

Есалаң болдым. үмітке алданған мен сорлы

дәл менше соның сүйетініне әлі сенбеймін.»

«Нұр төгіп самала күн,

алау түске боялып бар алабым,

жұмақ орнап қалғандай жерде бүгін,

ән салып тұр дүние – қара, жаным!

Аспанда бұлт арылып,

көгершінмен қосыла шырқады үміт.

Күлкі мен ән. Айнала шат-шадыман,

бара жатыр асығыс жұрт ағылып.

Жанында жас ұланы,

жанарынан нұр ұшқын шашылады

бақытты әке. Ана шат.

Қуаныштан

теңіз-өмір тұрғандай тасығалы.

Елімнің таңғы шағы

аялайды, жаныңды ән құшады.

Көк төсіне армандай шарықтайды

сәбилердің ұшырған сәнді шары.

Шақырып бақтар арбай,

мұңдануға адамдар сәт таба алмай,

ғашықтар да жер баспай бара жатыр

дүниені бақыт-сел қаптағандай.

Күлкі мен ән ұласып,

жер жасарып, адамдай жаны ғашық,

сен жанымда жүргенде, кең дүние

жатады ылғи осылай жамырасып!

1975»

«О, туған жер, кеңпейіл, құшағың кең,

саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен.

Сағынышымды қанат қып саған қарай

балапандай талпынып ұшамын мен.

Алақаны анамның – топырағың,

сендік махаббатымның оты жалын.

Сені қалай сүюдің керектігін

мен ешқандай кітаптан оқымадым.

Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,

сенде жанды тербетер дастан бар-ау.

Менің мынау өмірге құштарлығым

сені жақсы көруден басталған-ау.

Кешірме сен

жат қылықпен жаныңды жараласам,

бар сырымды бүкпесіз саған ашам.

Мен ел кезіп кетермін отансыздай,

үмітіңді ақтауға жарамасам.

1970»

« Ой салып жасқа жарқын,

ерлікке бастаған кім,

қайрат берген, күш құйған жанымызға?

Әлдеқалай кез болған бағымыз ба?

Бақыт деуге бола ма бүл тағдырды,

бізді мұрттай ұшырған тұлпар-жылды?

Күн - сәуле шуағымен,

аппақ сүт бұлағымен

сіңіп қалған санаға ардақты ұғым,

өлшеуге де болмайтын салмақ, құнын,

қанымыз боп жүректі лүпілдеткен,

биік тұрған өмірден, үкім, кектен

Отан деген бір-ақ сөз, жалғыз ұғым -

махаббат та, арым да, бар қызығым -

қасиетті ұғымдар санадағы —

бәрі-бәрі сол сөзден таралады.

Жанар онсыз жаныңа күлкі үйірмей,

етек-жеңі бөлінбес бір киімдей,

ұялаған бір сезім туғанда ана –

Отан жалғыз

Күн, Жердей тұрған дара,

тау, дала боп, теңіз боп бөлінбейтін,

ақ, қара деп таңдамас өңін, кейпін.

Балықшы ма теңізде дауыл кешкен,

жас өрен бе мал бағып ауылда өскен,

келіншек пе сиқырлар жанар жықпай,

әлде ақылды әйел ме адалдықтай,

демалыстан қарт па әлде жалығатын,

жиналысты баяғы сағынатын;

жас па, ана ма, сәби ме жөргектегі,

құзар шың ба мәңгі қар - өрнектері,

бәйшешек пе, жусан ба жонындағы,

қосылғанда тұтасып соның бәрі –

Отан атты қастерлі бір ғана ұғым,

(кеудемізде хош иісі құндағының).

Елді жұт сынаған күн:

ісі жоқ бір адамның

қандай ұлтсың, қай өлке, қай ауылдан –

бір халықпыз бір елді сая қылған:

грузин бе, орыс па, түркімен бе?-

торлағанда соғыстың бұлты демде

тұрды алмастың жүзіндей, бір гербтей

тарихы да тұтас бір күнделіктей.

Ызалы жан шерінен,

бұрқанған ар селінен

осылайша ерліктер басталады

(жазықсыздың болмайды басқа амалы).

Ар-намысқа от беріп сын қамалы,

қиындықта тұтастық шыңдалады.

Ерлік жасай алады жаннан дара

тұтастығы, Отаны барлар ғана. «

«Ойлап ем келер деп мен

салуға аттандырып.

Мені әлі елеңдеткен

баяғы жаттанды үміт.

Жүректі дірілдеткен

сонау бір сәттер есте.

Жүруші ем күнім деп мен—

сол елес тәтті емес пе?

Бұл күнде басқа адамның

құшағын мекен еттің.

Табылмай басқа амалым,

мен болсам жеке кеттім.

Жоқ енді ол. Менен кеткен.

Күлмейді алдан шығып.

Мені әлі елеңдеткен,

о, сорлы алдамшы үміт!

Қорғауға самал, гүлін,

бейбіт күн — ел арманын,

аттанып барам бүгін.

Қайтейін, келе алмадың.

Әз үміт, мені алдадың.»

Он жетінің әні

«Аспан нұрдай ашық екен,

неткен ғажап, шіркін, бүгін!

Естігенше асық екен

менің мөлдір күлкімді кім?!

Жас көңілдер сыр ашсын деп,

жас армандар ұлассын деп,

ашып тастап тұр ғой, міне,

сұлу көктем түн түндігін!

Айналамда зыр жүгірген

бозбалалар - бір жарасым.

Бірақ мені бір-біріңнен

іштей бекер қызғанасың!

Қаққанменен жан есігін,

әрқайсысың - жеке елсіңдер,

еркесіне әжесінің

бәрің ғашық екенсіңдер!

Болса да алда сынар күнім,

қызық маған орталарың,

(көтермеңдер бұған мұрын —

сендерсіз де жол

табамын!)

Бірақ, бірақ кейде мен де

білгім келіп толғанамын:

қайсыңыздың мен дегенде

көп тартады оң қабағың...

Шеттеріңнен жақұт ұлсың

иектен бір қыл қақпаған.

Бірақ қайсың бақытымсың -

бұл әзірге жұмбақ маған...

Сөзбен сынап-мінеп ілдім,

бірақ... қайсың бақытым деп,

дүрсілінен жүрегімнің

оңашада тыңдап қалам...

Ой, қайсыңа сырды ақтарам?!

1958 «

«Он сегіз жас!

Алабұртқан көңілдің бұлаң шағы

тәтті үмітпен өмірден жыр аңсады,

сұлулыққа, биікке аңсары ауып,

бас ұратын, төнсе де қанша қауіп,

тосқауылдар жоқтай-ақ сынар сағы.

Мөлдірліктің бәріне ғашық болып,

қиындықтан көрмеген жасып, тоңып

жан-тәнімен өмірге құмар шағы...

Майдан көгі.

Жас жігіт.

Ыза кернеп кеудесін, тістенеді,

жүйткітеді “тұлпарын” құс денелі.

Неткен бақыт айқасқан көк аспанда!

Жер құштырып жауларын, өзі асты алға.

Билеп алды қаһарлы күш денені.

Мөлдір емес аспан да күлгін еді,

“шмидтерді” ол найза боп тілгіледі.

Опасыздар! Бұлар не істемеді?!

“Шмидтердің” нешеуін

жер қаптырды. Бірақ ол санаспады.

Біреу тағы келеді жанасқалы.

Қанша достың қаны бар бұл сұмдарда,

өмірімен борышты ол қыршындарға!

Қап, оқ тиді. Қырсығын қарашы, тағы!

Самолетін жаралы бұрып келіп

(енді басқа қалмады жігітте ерік)

жаудың ауыр составын аластады.

Ауа іздеді орнынан сәл бұрылып,

тек шілемін басынан алды жұлып,

күлімдеді соңғы рет... жақ ашпады...

Он сегіз жас!

Қыз жасы бұлаңдаған,

құрбысының көзінен сыр аңдаған.

Сыр орнына кек ойнап жанарында,

ыза жасы жұтылмай тамағында,

тұншықтырып оқ құшқан мұнарлы алаң.

Оғы бітті. Қиналды-ау мұнша жаны,

үміт, арман жанарда тұнса-дағы

жау дзотын денемен тұмшалады.

Таңданды жау: “Ессіздік! Бұлар надан!”

Ессіздік пе!

Мұндай ессіздіктерге жүгінер ем,

өмір ғой бүл үзілген. Күңіренем.

Байланысшы еңбектеп, жанұшырып,

оқ өтінде аунады қары сынып,

қол дәрменсіз, тұрса да жаны шығып

үзік сымды жалғады тіліменен.

Жатты солай үзілген сымды тістеп...

Айтамыз ба мұны да сұмдық іс деп?

Жоқ, бүл — ерлік. өтейміз мұны немен?

Бара жатты ол орманда

бейқам жан боп, айнала құлақ түріп,

орманшыдан алған-ды сұрап біліп

партизандар бағыты қайда екенін.

- Қолға түссең?

- Саспаңыз. Айла етемін!

Орманшыда сонда да бір-ақ күдік -

Қолға түссе шыдар ма? Жастау әлі.

“Көрсетермін,— дейді өзі,— масқараны!”

Сосын еске алады жылап тұрып

дарға асылған анасын жас балалы…

Село жауда.

Жауыздар қан тілеген

атып, асып өзіндік салтыменен

жүр бейкүнә жандардың қырып бәрін,

мазақ етіп дарға асқан тұлыптарын.

Бір кемпірде жалғыз қыз бар-тын өрен

алып келді. Офицер зілденеді:

- Коммунистер селода кімдер еді -

Ата, түгел!

Қайсар қыз үндемеді.

Бас ием сол өр қыздың даңқына мен.

Ол бір өлмес ерліктер жасады ма?

Жоқ! Бірақ дақ салмады жас арына.

Адалдық пен кек тұнған бұл жас ірең

сатылмайтын, сатпайтын тұлғасымен

елестетті ерлікті. Шашы ағы да,

жасаңы да қайран қап

бар сындары

елең болмай, ызадан қалшылдады,

тұр булығып сары пақыр маса мына.

Құтырынды:

- Бұл не деген өжеттік, қайсар қылық?

Талай ерді жүргенде тайсалдырып!

Қыз жиіркеніп, әдейі күлімдеді,

әлі де ұстаңқырасын жының деді.

Ыза толған демінен май шам бұғып

офицер тұр.

Торларын тыңнан құрып.

Сонда да есін шығарды жындандырып

мынау жап-жас қыздағы байсалдылық.

- Бұлар - ауру!

Коммунистер бастарын айналдырған!

Күтеді енді ажал мен қайғы алдыңнан!

Есуастар

махаббаттың ұққан ба құдіретін!

Сүймес, сенбес адамдар — тірі жетім.

Сүйе білмес сорлыны қайран қылған

мынау жандар, өлсе де сатпай елін.

Жау-пақырлар дал болды таппай ебін,

“ендігі амал — көздерін жойған жылдам!”

Миллиондар!

Сонау жендет-соғыстың құрбандары,

Қара жерге қақ болып тұнған қаны.

Сезсеңдер-ау сендерді ел күткенін...

ұрпақ үшін жасаған ерліктерің

мүмкін емес сол күйі жырланбағы.

ұрпақ мәңгі бас исін тұрып мейлі –

сендерді олар бәрібір тірілтпейді –

содан бізде жазылмас мұң қалғаны.

Біз білмейміз әлі күн

есіміңді. Қай сайда қалды денең...

Күтуменен көп жүрек зарлы дер ем.

Мәңгілік от жағамыз белеске тік,

сенің мәңгілігіңді елестетіп,

содан өлмес ерлікті, таңды көрем.

Сенен мирас ұрпаққа - тарлан жігер,

хатыңды да қастерлеп қалған бірер,

іздейді әлі өзіңді балғын өрен.

Белгісіз солдат дейміз.

ұлы едің-ау біреудің тілеп алған.

Белгісіз боп қалдың сен. Міне, жалған...

Бозбаланы қиялмен күрсіндірген

әлде аяулы ару ма ең? Кімсің? Білмен.

Білерім тек — бойыңда жігер арман,

елге келген ауыр күн, сындарды ұғып,

ұрпақ үшін жаныңды құрбан қылып,

жаумен шайқасқаныңды біледі әр жан.

Белгісіздік... жұмбақтық

қашан сырын білгенше асықтырған,

тыншымайсың, іздейсің асып қырдан...

Кейде еркелеу, кейде асқақ арулар да

(есіңді алған сезімге дару бар ма!)

жұмбақ қылығымен-ақ ғашық қылған...

Жалғасады жұмбақтық мәңгілікпен,

атырасың қиялдай таңды үмітпен,

армандарға талпынбай, жасып тұрман!

Миллиондар. Мәңгілік жұмбақ жандар,

батырсыңдар халық пен ар алдында,

сендерді іздеп талай тер тамар құмға...

Білем, Батыр атағын ала алмадың,

мүмкін жалғыз медаль да таға алмадың

(даңқ аңсаған жоқ еді бал арманың).

Бірақ тұлғаң ерлік боп қалар жырда.

Мен айта алам бұл күнде батыл тұрып:

кеудесінде ерліктер жатыр тұнып

менің мынау жұмбақтау даламның да.

Дала ұлдары

елі менен жері үшін түн қатқанда

ер атансам деген жоқ. Жүрді ақпанда

қорғау үшін отанын. ұрпақ үшін.

Көмген талай төбеге жұрт арысын...

Алтын мүсін қойса сол қымбаттарға

ескерткіштен көрінбей қалар еді

біздің шалқар отанның дала, белі!

Әр төбеде ерлік пен сыр жатқанда

басыңды иіп сол ұлы мәртебеге

мәңгі алауды жақсаң да әр төбеге

көп болмайды. Жас ұрпақ, шыңдап барла!

Белгісіздер...

Мәңгі өшпейтін от болып түр елімде:

әлде ол сенің лаулаған жігерің бе?

Әлде өмірге деген жан құштарлығың –

әйтеуір сол мәңгі отта күш бар бүгін

серпілтетін түндердің түнегін де!

өшпес махаббатым да сендік менің.

Мәңгі алау боп сендердің ерліктерің

мәңгі қалар ұрпақтың жүрегінде.

III»

«Оралдым сонда үйге мен

мас болып бір бал сезімге.

Пақырлық екен сүймеген

жалындап тұрған кезіңде.

Жүрегім — алау, от — дене,

бақыт нұр шашып жанарым.

Жерде ме әлде көкте ме,

әйтеуір, кетіп барамын.

Ән салып сонда жатты өңір,

әлемде күңгірт мұң калмай.

Адамның бәрі ақкөңіл,

күлімдеп маған тұрғандай.

Сарғайған дала құлпырып,

көктем боп кеткен секілді,

самал боп өбті ынтығып

күз желі менің бетімді.

Келемін құшып таң нұрын,

білмеймін қайда, қай бағыт.

Кетсе де мейлі дәл бүгін

бақыттан басым айналып!»

Оркестр

«Замандар — құбылыстар

(құбылыста қозғалыс — ұлы күш бар):

қарсыласу, шарықтау, қақтығыстар,

тұралау, жығылыстар,

заманның тыныс, қаны -

Адам, Уақыт,

алмасып қылыштары

жеңісе алмай, жеңе алмай, жағаласып

жүргізуде бітпейтін ұрысты әлі,

ұрыстары - заманның дыбыстары.

Әлем - дыбыс, дыбыстар, сан дыбыстар…

сан дыбыстар — тіршілік, жаңғырыстар:

түн, ғашықтар, көк аспан, найзағайлар,

гүл көктем, қарлы қыстар;

жанартау, жарылыстар,

жылау бар, сағыныш бар,

бәріне ынтық сәби бар, қария бар

тірлікке жаны құштар,

еркіндікке ғана тән тағы күш бар,

бар амалсыз күрсіну, жалыныштар,

саңқылдаған дауыс бар,

мылқаулық бар,

ағыстардың бойымен ағылыс бар,

бар қателік, өкініш, жаңылыстар,

мәңгілік бар, заңдар бар, бағыныш бар;

әлем, әлем...-

дірілдер, жаңғырықтар,

пәктік бар, шаң, былық бар;

ерік те бар, ерікті бұғаулайтын

бар әлі тал құрықтар;

Әлем тілі — дыбыстар, мұның бәрі,

тіл-тірлік, ғұмыр нәрі –

аударылмас дыбыстар -

сан заманның

бәрінің ұғымды әні.»

«Қилы күнді көп кешкен халқым менің,

шабытты бал күндерім

көкірегімнен күй болып ақтарылса,

ол - сенің даңқың, демің!

Туған жердің сәулетін, бұлақ, гүлін,

заманның шуақ күнін

асқақ әуен әлемге жария етсе,

ол — сенің қуатты үнің!

Елім менің, қажытқан сындар жанын,

сындардан шыңдалғаның,

әуенімнен “Елім-ай” елес берсе,

ол — сенің мұңданғаның!

Тағдырым деп армандай ән таңдадым,

әніммен дарқан жаным!

Жүрегімнің үні боп қалықтайды

сендегі шалқар дарын.

Байтақ өлкем еліндей аңыздардың,

әнім - шат, жалын - жаным.

Шабытыммен, үніммен, халқым менің,

өзіңе қарыздармын!»

«Әлем.

Дыбыс әлемі.

Қуатты ырғақ.

Қуатты ырғақ тірлікті мұрат қылмақ.

Қай заманнан, қашаннан адамзатта

жер атты бір-ақ құндақ.

Бір құндақта ырғақтар қақтығады,

бөлісе алмай тірлікті - тақ-мұраны,

жер бетінде алмасар күз, көктемдей,

алмасады жоқтау мен шаттық әні.

Бірақ өмір — көкорай, шуақ күндер,

жұлдызды әлем, шолпылы бұлақ, түндер

шақырады сағымдай өмір-өрге,

шақырады ертеңге қуатты үндер.

Қайрат құйып жандарға ғұмыры - мұң,

тіршілікке ұрандай жырым, үнім,

паш етемін ұрпаққа, кең әлемге

заманымның, елімнің ұлылығын!

Меңіреу күш соқса да тасқа жанын,

тынбайды өмір - мәңгілік асқақ ағын.

Шырқайды адам тіршілік салтанатын,

жеңістердің қайтадан бастап әнін!

1977»

«Отырды әйел

еміреніп, емізіп тұңғыш ұлын,

естігендей жалқы үнін жыл құсының,

аймалайды елжіреп балапанын

ұмыттырған талайғы мұңды сырын,

сезіндірген аналық бақытты алғаш

еріндерін қызықтап тұңғышының.

Бұл бақытты қашан ол аңсағалы...

Аңсағалы, көз жасын тамсағалы.

Кімге барып не дейді, құдайым-ау,

“Балам жоқ!” деп қай жұртқа жар салады.

Жан болғанмен байсалды, шыдамға бай,

көңіл көгін шалмасын мұнар қалай:

артықтықтан туғандай кейбір әйел

жат қайғысын жүрмейді ұрандамай;

тырнағына тұрмайтын біреулері

кісімсініп қарайды бұған қарай.

“Байғұс” дейді мүсіркеп біреулері...

онысыз да оның көңілі жүдеулі еді.

Соның бәрі сылып ап тастайтындай

алаулаған шырайды гүл өңдегі.

Сонда ызадан булығып тұншығатын,

тұншығатын, жарынан қымсынатын.

“Соқыр болсын бір перзент таппадым...- деп

күйінетін,- бүйткенше құрысын атым”...

Болмаса да сырт көзге қорынар түк,

ана сәби аңсайды өңі балқып.

Бала көрмей өтудің күйігінен

әйел үшін қайғылы өлім артық.

Сәби келді талайғы армандаған:

ұмыт болып қайғылы таңдар қараң.

Шаттығы да келеді мұң-қайғының

қанша нәлет айтса да жалғанға Адам.

Бақыттылық!

Отыр еді көзінде жақұт тұнып –

“Соғыс!” деген бір сөзден есеңгіреп

зәресі ұшты орнынан атып тұрып.»

Өзен -шамшырақтарқаласы

«Буырқанып жататын құлап ағын,

қайда кеткен өзені бүл араның?

өзен емес, көресің ылғи мұнда

мұнаралары қаптаған қыр алабын.

“өзен” депті бабалар бұл аймақты,

Арман қылып айтты ма - кім ойлапты...

Тамшы суға зар болып тілесе де,

өзен, көлін қимаған құдай қатты.

Бүгін мұнда шырақтар тұр алаулап,

қимастықпен кетіпті құлан аулақ...

Жатыр сұлық боз дала, байтақ дала

көкірегінде көк сүмбіл бұлақ аунап.

ұмыт, далам, тымырсық тынышты енді:

сан-саладан сені іздеп “туыс” келді,

дүбірлетер төсіңде әлі талай

ұрпақ аңыз қылғандай ұлы істерді!

Табиғатты күш қылса тыңдатар үн,

адамзатты, ей, ақын, жырла, табын!

Бой түзеп тұр қыз кеуде шынар қала,

ортасынан қақ жарып құм жотаның!

Арман қылған бабалар күрсініп мың -

дала төсі бағындай гүл шыбықтың.

Шамшырақтар қаласы - өзен бүгін

тынысындай тынбайтын тіршіліктің!

1966»

Өзім туралы

«Қыз болып ойнамадым қуыршақпен,

ерке еді мінезім де қыңырсоқтау.

Тайқитын дөкей деген балалар да,

“Бұл шатақ шығарады ұрынсақ”, - деп.

Қыздардай білмедім мен қылымсуды,

доп қудым балаларша трусимен.

“Осыным өзгелерден бөлектеу”, - деп,

сонда да аяулы ана қызын сүйген.

Сондағы бала мінез, қайсар қылық

көрмеген мені ешкімнен тайсалдырып.

..Болдым да саған ғашық ойда жоқта,

менде бір пайда болды байсалдылық.

1958»

«Өзімді жүрегіңнің есі қылдың,

бұл жайды, амалым не, кеш ұғындым.

Өзіңді мен де оңаша қиялдадым,

жаным деп жүрегімнен күй арнадым.

Жас сезім гүлдей нәзік, адал да едім, тек сенен

бақытымды табам дедім.

Айлы түн қыз жанынан сыр ұрласа, сен дедім ерке

самал сыбырласа.

Жатсындым, өзгелерді көзге ілмедім, сен бірақ жан

күйіңді сездірмедің.

Бейнемді көңіліңнен шығармадың,

мен бірақ кезінде оны ұға алмадым...

Өмірде өткелі көп, әні қысқа,

ал бұған кінәлі кім —жазымыш па?

1960»

Өзімді таныстыру

«Түркістан – Ата жұртым, дала – жаным.

Даламды жұпыны деп қарамағын:

Иассауи, дедем Қорқыт, Арыстанбаб –

киелі жатыр мұнда бабаларым –

әрқайсы алтын діңгек дараларым.

Қансырап Далам талай қылыштардан,

сонда да сүрінбеген Шығыс-тарлан.

Дұшпанын ыққан малдай түріп айдап,

ұлдары Ер Түріктің ұрыс салған,

бар әлем тілсіз қалды ығысқаннан.

Ақ Баян, сұлу Жібек – ерек гүлім,

жүргендей сіңлілерін жебеп бүгін,

үйреткен өмірімен, өлімімен

жігітті қалай сүю керектігін.

Ана жұрт – Анадолым құндыз бағы,

қол жетпес еңлік гүлдей шың-құздағы.

Ер Түрік – шуақты аспан, Сіз бенен біз –

аспанның жерде жанған жұлдыздары,

Күн болар қатар жанса жұлдыз бәрі.

Қуансам Күншығыстай нұрлы жүзім,

қауым арғымақпен жыр қызығын.

Мекенім – Тұран дала, әз Түркістан,

түріктің батыр көңіл бір қызымын!

1983»

«Өзіңе өкпелегенім –

мұңданып төккен өлеңім;

соншалық ашуланғаным –

жаныммен ашынғандағы үн;

қалғандай құрғап тамағым –

тіс жарып тіл қатпағаным;

сіміріп сағыныш зарын,

өзің деп алып-ұшқаным;

шайғандай тұнық бір ағын,

өкпені ұмыттырарың –

бәрін де татып келемін.

…Осы екен бақыт дегенің!

1976»

«Өлең көп деп біреулер жазғырар ма

махаббат, сезім жайлы.

Олар, әттең, мендегі жазды ұғар ма

жолдар келіп тұрғанда өзің жайлы.

өзің жайлы-

өкініш, өсегі мен

құштарлығы тағы мол өмір жайлы:

құштарлығым күн сайын өседі де,

қуаныштан тәттірек со бір қайғы.

өмір – сенсің, бар жұртты ұмыттырып,

өзіңді құштыратын.

Ішіп-жеген жанарыңды үміт қылып,

күттіретін біткенше күш-қуатым.

Сенсіз жырмен жоқ менің тілдеспегім,

қайтем енді біреулер оны ұқпаса…

Бұл күнәкар тірлікте жүрмес те едім,

өзіңмен жолықпасам.

1967»

Өмірге тұрар үш күнім

«Туған жер, елдің ішінен

жанашыр болды түн ғана:

дегендей бәрін түсінем

жасыра қойды жылғаға.

Тауға да жеттік ентігіп,

бұлақ-қыз күлді сылқылдап.

Жұлдыздар жиі. Жел тымық.

Қос жүрек қана тұр тулап.

Жастанып жүпар жусанды,

Көрпеміз - түннің шәлісі.

От сезімдерден бусанды

қаңырап қалған тау іші...

Жүректер жалын. Мекен - құз.

Жанарға бақыт-нұр қонып.

Тілеумен жаттық екеуміз

тұрғай деп мәңгі түн болып.

Таңдағы түстей тәтті еді

өмірге тұрар үш күнім.

Таптады қыршын сәтте бір

тырнағы заман-күштінің.

Азапқа салсын.

Жүдеп мен

кінәлі жандай жасыман:

Айнымас асау жүрекпен

ақ сезіміме бас ұрам!»

«Өмірде мынау менің бір

қоштаспас мәңгі досым бар.

Ол—менің жолым сенімді,

болашақтарға жосылған.

Шарласам түгел аймақты,

терсем де қырдың гүлдерін,

барсам да қашан, қай жаққа —

сол досымменен біргемін.

Қымбат-ау кәрі- жасқа да,

шын досқа, шіркін, не жетсін!

Болмасын құның басқаға,

сен оған бірақ қажетсің.

Дос барда саспай табамын

жұмбақ сырлардың шешімін.

Өзімен бірге қағамын

тәкәббар өлең есігін.

өмірдің

бетке алып шырқап кетем мен.

Қияға самғап жас жаным,

арман шыңдарға жетем мен.

Ананың аңсап құшағын

сағынып кеткен шақта мен,

сол доспен бірге ұшамын

ақ көңіл ауыл жаққа мен.

өмірдің өзі сый қылған

жол - серік саған, маған да.

Тұра сап таңда ұйқымнан,

кетемін жолмен тағы алға.

Мені өмір талай сүңгіткен

жалғыздық деген айдынға.

Арыл да бір сәт мұң-жүктен,

дос барда, жүрек, қайғырма!

Қиналсам, дәйім тосты алдан,

сүйремей алға тынбайды.

Әкеме жандай дос болған

жол мені адастырмайды...

1966»

« Өмірдің соқпағымен шаң адасқан

екеуіміз қол ұстаспай, дара басқан

күндерге бой үйреніп,

көрмегелі

қанша жыл өткеніне қарамастан,

жүрегім саған қарай ала қашқан!

Ешқашан ұғынбайтын жат былайғы

бұл менде ащы және тәтті қайғы.

Кір жуып, кіндік кескен жеріме де

жүрегім дәл осылай шапқылайды –

іздейді балалықтай шақты жайлы.

Сен десе, естілгендей алыс бір ән,

бойымды дүбірлеткен ағысты ұғам.

Бұл күйді сөзбен айтпас намысты жан –

тек қана туған жерге деген менің

сарқылмас сезіміммен салыстырам.

1984 «

«Өте шықтың. Таныс үн!

Тұла бойым дір етті.

Еркелеген дауысың

осып өтті жүректі.

Оған карап назданып,

сөйлеп бара жатырдың,

ұмтылуға аз қалып,

қарамды тез батырдым.

Кездескендер түріме

таңырқасып қарады.

Елең болмай бірі де,

сен биледің сананы.

Күйге түстім не түрлі —

бір суынып, бір ысып.

Айыпты адам секілді

кете бардым ығысып.

Байқамадың бірақ та,

ақыл да екен бұл ісің.

Керең болғыр құлақта

тұрып қалды күміс үн.»

«Өтіп жатыр күндерім

қуанышсыз, қайғысыз, үнсіз менің:

көппен бірге жүреді құр сүлдерім.

Күзгі жауын секілді сүйекке өтер

білер ме ешкім жаныма мұң сіңгенін,

естілір ме біреуге күрсінгенім?!

Алау сезім мендегі

толқын жеген желкендей ескіргелі,

таң атпайды, күнім де кешкірмеді.

Сұрғылт тартқан мынау кең дүниеде

түсінбейтін секілді ешкім мені,

елестейді мүсіндей кескіндері.

О, мен қанша сенделіп сеңді кештім,

сонда менің жаныма келді ме ешкім?!

Мен досыңмын дейтіндер тамашалап

қарап тұрды,

дүлеймен мен күрестім.

Есеңгіреп қалыппын сол жылдардан –

сен келсең де, сірә, енді сергімеспін.

1975»

Сен екеуіміз

«Менменшілдік артты да сана-күштен,

екеуіміз де кетістік “тамам іс” деп.

Махаббаттың жалынын жалғыз жұтып,

сен ренжіп жүрсің ғой маған іштен...

Екеуіміз де ақылға бекінбедік,

таластық та, “сенікі шетін” дедік.

Бүгін біздер мұңдымыз, жүрсек-тағы

дымымыз да кетпеген секілденіп.

Құр өкпені қайтеміз. Жетер, күнім,

деймін іштей: “ Табысқай екі ел бүгін!”

Екеуіміз де ұғындық, бірімізге

бірімізсіз өмір жоқ екендігін.

Елжірейсің—өкпенің бәрі біткен.

Құшағыңды отырмын сағынып мен.

Екеуіміз де үнсізбіз... жақындасақ,

кететіндей өрт болып бал үміттер!..

1968»

Сағына түссін дедің бе

«Жүректі тербеп бал сезім,

қоштастым сонда дірілдеп.

Аузымнан шықпай бар сөзім,

ішімнен тұрдым “күнім” деп.

Жанарың сенің қадалған,

жаныма күн боп нұр септі.

Жиналған мынау жарандар

қарамай бізге тұрса етті...

Кеттің ғой сонда көп күнге,

қолымды неге қыспадың?

Тіледім самолеттің де

кешігіп барып ұшқанын.

Несіне тіктің көзіңді

сүйілмей қалған ерінге...

Сарғая күтіп өзіңді,

сағына түссін дедің бе?

1968»

«Сағынып жеткен шағыңда

жаз жайлау - атамекенге,

дала боп дархан жаның да

жадырап қалады екен де.

Самал боп сені тербеткен

көңілдер деген пәк қандай!

Сырларды түйген сен көптен

тұра да алмайсың ақтармай.

Ән-күйің қымбат мұнда аса,

күтпейді Сізден сый бөтен:

(домбыра төрде тұрмаса,

қазақтың үйі үй ме екен!)

Амалсыз сосын ән салып,

Бибігүлге ұсап бағасың.

Тыңдайды сені барша жұрт,

ертіп кеп бала-шағасын.

Кәрі-жас қалмай маңдағы,

той болып ылғи түн деген.

Боз үйге сыймай қалғаны

сығалап қарар іргеден.

Жұмақ-ау мына дала шын,

көңілдің бұлты ашылды.

Жаңартып содан аласың

ой қажап біткен басыңды.

Босаңсып кетеді екенсің,

қоштасу жасы кетті ағып.

Қимайсың, бірақ, кетесің

күйбең тірлікті бетке алып.

1967»

«Сағынып оралар ма ем

алыс жолдан жеткенше асық болып,

сен бар-ау деп шаттықтан тасып-толып,

дүниеде көзіне басқаны ілмей,

тек анасын ойлайтын жас сәбидей

мен де сенің кеудеңді аңсамасам,

сен де мені күтуден шаршамасаң,

құшағыңа алғанша тынышталмай,

кездескенде жанардан мұң ұшқандай

ес шығып кетер бізде,

қуаныштан мәз болып екеуміз де,

бар сезімді көздерден байқағандай

отырмасақ,

айтарға сөз таба алмай,

сағынып оралар ма ем,

жиһан кезе бермес пе ем онан әрмен.

Жарқылдап жүрер ме едім

арман-нұрға тоғытып жылдарымды,

болмаса егер көк жарған шыңдар үлгі;

мөлдірлікті алмасам бұлақтардан,

аярланбай, аңқылдап сыр ақтарған,

теңіздердің тұңғиық тереңдігін,

тереңдіктің арқалар кемел жүгін,

жазыктықтың көз жетпес шалқарлығын

(шалқар жерде болады дарқан бір үн) —

сен құймасаң қаныма мұның бәрін,

сіңірмесең халқымның жырын, нәрін,

жарқылдап жүрер ме едім,

сезінбес ем ешқашан жігер желін.

О, туған ел,

мен өзіңсіз қанатсыз, тұғырсызбын,

сен болмасаң сөнемін — ғұмырсызбын;

маған — сенің сезімің қуат, серік,

саған — менің сезімім шуақ беріп,

демімізден мөп-мөлдір нұрды жұтып,

тірліктегі азап пен мұңды ұмытып,

қос махаббат алауы жер үстінде

бұрқасынды өмірді тұр жылытып.

1972»

Сағыныш

Бекзада Оразбековаға

«“Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында...”

Қалып койды-ау осы бір ән жанымда.

Менің қарлы көңіліме көктем берген,

аяулылар, қол бұлғап қалғаның ба?

Мұң - назымды арманмен жалғадым да,

Алатауға қайтадан самғадым ба,

шуақ - сезім жанымды жадыратып,

шырқап келем әйтеуір таңдарыма.

Мөлдір су боп Ақкөлге жетті ме әнім

ақ ниеттен елжіреп кетті жаным.

Кейде көңіл құлазып, кеудем қысса,

тартсам ба екен Таласқа деп тұрамын.

Мәңгі тастап кеткендей санамды арман

сезінгенде, сенделіп саған барғам...

Жараланған жаныма нәр алғанмын

бәрін ұғып тұратын жанарлардан.

Құшак жайып анадай сағым белім,

желпіп өтті жанымның шаңын желің.

Су сағынған даладай сусай берді

ыкыласқа шөлдеген жаным менің.

Мына ортада жүрек - күн, жаны – сырнай

шыдарсың ба кеудеден ән ұшырмай!

Кемпір-шал да білетін ата-анаңды

бала күнгі бейкүнә танысыңдай.

Қалмағандай көңілде бір күдік те,

жаның қайта талпынып нұрлы үмітке...

жүрегімді шашу ғып шашсам ба екен

жатқа соққан жырымды кыз-жігітке!

ұмыттым да кей жанның күңкіл лебін,

тылсым құшақ таулардың дүмпулерін,

менен биік жан жоқтай бұл ғаламда,

жұлдыздарды жаңғыртты күлкім менің.

Тұңғиыққа кеткендей батып әлем,

тірлік демін жүргенмін татып әрең,

қайғырғаным...

осындай елім барда -

күйгелек ем, не деген ақымақ ем!..

Күйіп-пісіп қалса егер тағы жаным,

Талас жақты еске алам, сағынамын.

Талықсытсын тіршілік. Мен білемін

жампоз жандар жанымнан табыларын!

1974»

«Сағыныш хатын жолдадым

сендерге, ауылдастарым.

Жаныма мәңгі орнадың,

жиі дауылды аспаным.

Думанды жерде жүрсем де,

аулымды аңсап жоқтадым,

қазандықтарда бір сөнбей

жалындап жанған оттарын.

Қарап жүрсіңдер – бұл мәлім

өзгеге мақтан етуге –

бар ма деп менің жырларым

газет пен журнал бетінде.

Мені атайсыңдар мақтанға

балаларға да жыр қылып.

Мен шіркін мұнда жатқандай

ұлы бір істер тындырып.

Жыл сайын, ауыл,

сендегі

қымбаттарыма оралам,

сақталған көңіл-теңдегі

сырды ақтаруға оралам.

Есейген шақта бүгінгі

көп жайларды ұғып,

түсінген –

оралам, кішілігімді

қайта бір сезу үшін мен.

1970»

«Сағыныштың, айтшы осы, төзім бе емі,

ендеше, анау қайғы не көзіңдегі?

Саған бейжай тұрған боп қарай қалсам,

жеп қоярдай тұрасың өзің мені?!

Одан әрі төзуге шамаң қалмай,

өліп-өшіп құшасың, маған қанбай,

ғасыр бойы шыдап кеп бір-ақ сәтте

атылатын аспанға жанартаудай.

Менің салқын қабағым сені өртейді,

мен осыған таңданып қағам таңдай.

Таңдарымыз тамсанып атсын балдай,

соқпақтарға толмасын ақшыл маңдай.

Қорқам сенің қадалған жанарыңнан,

тіл қатсаңшы, қарысып жақсыз қалмай?!

Қорқынышты осы бір қалпың сенің

(маған сүйікті еткен сол —қас қылғандай!)

Тосқауылы көп болса, онан сайын

өршелене түсетін тасқындардай...

1973»

Салтанат сәтін аңсау

«Кернегенде көгілдір даланы арман,

Алатаудан айбатты тарағанда ән,

тыңда, дүние,

тебіренген қазақ қызын

мәртебелі мінбеден –

Жаңа алаңнан!

Бүгін мұнда ақынның самғар үні,

алтын күннің құйылып тамған нұры.

Бүгін мұнда еңбеккер халқым менің

қарайды оймен ертеңге – таңдарға ұлы.

Бүгін мұнда – сән түзеп ер еңбегі,

ертеңдердің төріне ел өрледі.

Мына ұрпақтың ішінен шығады ертең

Махамбеті, Абайы, Кенендері!

Оймен шолсам тарихтың асуларын,

құлағыма келгендей ашынған үн...

Қазақ қызы күңіреніп күрсінгенде,

түнек заман жүректің жасырды әнін.

Әр жүрекке жаны ыстық жақын адам –

елі ардақтап шалқиды

Батыр анам.

Сандуғаштай сайрайды бақыт әнін

Бибігүлдер әлемдік сахнадан.

Елі бақыт, ырысқа кенелгенде

сөз асылын маржандай өрер кеуде.

Қорғап дала-бесігін қаншама ұрпақ

өтті өмірден, бас ием сол ерлерге!

Мен жырлаймын –

орын жоқ басқа мұңға,

бақыт үні –

ел үні дастанымда.

Шуақ ұшса әйелдің жанарынан,

бақыт қанат қаққаны аспанымда!

1977»

«Самолетке барамын көтеріліп,

Көкіректі күдік-жел өтеді ұрып.

Асау көңіл жабығып осындайда,

оралмастай көрініп кетеді үміт.

Жалтаңдаймын “қалайша ол жетпеді” деп,

көтеремін тырмысып өкшені кеп…

Сонау тұрған көп жанның арасынан

сенің жүзің елестеп кетсе еді деп.

Орап жақсы сөздердің құндағына,

достар қалды қолдарын бұлғады да.

Жетпейді ғой өзгенің ақ тілегі

тіл қатпай-ақ өзіңнің тұрғаныңа.

үнсіз-ақ сен тұрар ең жанымды ұғып,

(түсіну де, меніңше, дарындылық)

сенің келмегеніңнің өзі-ақ мені

оралдырар мың есе сағындырып!

1968»

«Сарбаздар,

сан ғасырлардан

аңғалдықтан қайғы жеп, ашынғаннан,

зұлымдық пен жауыздық барын сезіп,

адам алғаш қаруды асынғаннан

бері сендер көз ілмей, жер үстінде

келесіңдер, қызықпай жеміс-түнге

тыныштыққа тұнсын деп жасыл жалған.

Жасыл жалған

бірақ та қаншама рет

азап шекті қансырап, қанша жүдеп.

ұрыстан соң қырылған өліктерді

бір шұңқырға көмісті төгіп терді...

Бірақ жорық тынбады. Таңсәрілеп

алау қанды қылыштар аңсады кеп…

Қылышта не жазық бар?

Адам оны қайраған, қанға малған,

атпасын деп біреудің таңдары алдан,

құм қаптырып кетсін деп алдағы арман,

ажал сеуіп өзі одан күн құшқандай.

Адам біткен сыйыспай қырқысқандай,

соншалық тар ма жалған!?

Дала талай

көмілген шаңға бөгіп,

жас жігіттің албырттау арманы өліп,

адамдардың бақастық ойларынан

қансыратқан Жер бетін ойран, лаң,

арыстарды тасалап қарға көміп,

аңырады арулар ардағы өліп.

Сарбаздар

тілгілеп дұшпандарын,

ел кегі үшін кеудемен құшқан жалын.

Кескілеген, қан тамған қылыштардың,

алапат ұрыстардың

жазықсыздар арқалап күш-салмағын

(әке күткен менің де ұшты арманым...).

Иә, иә,

әкемді күткем мен де

(жетім жайлы ой жоқ-ты тіптен менде)

оралар деп майданнан жеңіспенен.

Бірақ улар көп екен мен ішпеген.

Жетімдіктің тағдыры жүктелген бе

сонау жылдар әкесін күткендерге.

Көре қалсам көшеден шинельді адам,

солдат көрсем, әкем деп түйген маған

елестейтін сол болып. үміттенем.

Ол болмайды. Мұңаям. Күдікке енем.

Көп қайғырды. өлмеді. үйренді анам.

Бірақ, бірақ...

ұмыта алмайды екен ғой сүйгенді адам...

Солай біздер

қоштастық балалықпен.

Біз күткенбіз әкені, ана күткен.

Күту қиын. Адам ба мұны ұқпаған.

Солдат көрсем әлі күн тұрып қалам.

әкем емес пе екен деп қадалып мен.

Айбындылар

қыран көз, маңғаз жаны,

Жер бетінде соғыстың барда ызғары

сақтау үшін Отанның бұлақ-бағын,

әділет мұраттарын

өткізіп сан көктем мен сан жазды әлі

тұрсыңдар сақ, халықтың сарбаздары.

Сарбаздар -

әр үйдегі ананың жанған бағы,

сүйілмеген әр қыздың армандары,

мұнарланып тумасын күн алдағы,

сақ болыңдар, халықтың қырандары,

қанқұйлылар барында жалғанда әлі.»

«Сәбиің болмағаны –

қара басқа қасірет орнағаны,

улы атомнан күйгендей ана-құрсақ,

ешбір бақыт жаза алмас ол жараны.

Жас тәннің құлқын қамы –

ана өз қанын төгуге ұмтылғаны –

көктемеде қуарып гүл қырдағы,

жер бетінде тірліктің құртылғаны.

Сәбисіздік –

бос ғұмыр

тұл арманы

кепкендей су арналы.

Сәбисіздік –

ананың тілі шіріп,

ата-баба қанының суалғаны.

өлшеміндей адамзат жан, арының

табиғат та біледі бала құнын.

…өмірімнің жаз гүлі – кішкентайым,

тірлігімнің мазмұны – аналығым.»

Семсер мен қалқан туралы

Әбділда Тәжібаевқа арналған өлеңдер

«І

Әй, осы бір мінез-ай тұрған оңбай,

кең далада ұйтқыған құм борандай!

Мінездіні қалыптар бұл жалғанда

құйын болмыс қалайша жүр жоғалмай?

Басы - құздай

жататын мұнар басып,

мұнар басқан құздарға қыран ғашық!

Жарқ-жүрқ еткен найзадай көздерінде

тұр сәт сайын бұрқак пен нұр алмасып.

Ол көздерге жаға алмай жұрт қапылып,

ұқпайды олар қаларын шық та тұнып.

Жарқ еткенде айбары жақтырмасын

жіберердей тақырға тік батырып.

Сырды аңсайды,

сыпсыңды бұлақты ұрмай,

өзі жалпақ жердегі бір-ақ шыңдай.

Қуанғанда құлдырап құлын жаны,

қайғырғанда жатады құлап, тұрмай.

Жалғандықтар жосалап жанын осып,

күн кешетін сәт сайын жанып, өшіп,

бір құдірет керек қой

жыр

-

әлемге

жанартаудай жүрегі, жаны—бесік,

өмір - дауыл, тұрмайды тас қажалмай,

жанарың да, жырың да жасқанардай.

Шүкір, жырда бір алып болғанына

тазартатын жаныңды ақша қардай!

1974

ІІ

Жырлар керек

жетелейтін қиялдай бал арманға,

от ойнатар мұң тұнған жанарларға.

Қиянаттан күрсінсе

Батыр-уақыт,

Махамбетше турайтын қақыратып

айбалта-жыр керек-ақ адамдарға.

Жырлар керек

жаурағанда сездірмес жел екпінін,

дірілдетер жаныңның ерек гүлін,

бір-біріне ұмтылған алыс жүріп,

жүректерді

кететін табыстырып

мөлдір жыр да,

мұң жыр да керек бүгін.

Сезесіз бе -

бар осынау күрделі ғасырда ызғар,

алай-дүлей дауылдар,

жасыл мұздар...

Қару десе, тыяды бұлақ та үнін,

мылтық, бомба қажетсіз!

Бірақ бүгін

тек қарусыз қалмасын асыл жырлар!

Жырлар керек

қияларға бастайтын,

нұр-шыңдарға,

мезгілдердей мәңгілік тылсымдарға.

Жер бетінде бар әлі күңкіл, егес...

Семсерлерді мүқалту мүмкін емес,

ана-жырда дәл сіздей ұл тұрғанда!

1980»

«Сен ендің де жаныма, жас қаныма

Күн шыққандай көңілімнің аспанына

мамыражай күйге ендім.

Түкке тұрмай

қалды басқа бақыт пен басқа мұра.

Сені ойладым, оңаша күлімдедім,

сұлуланып кеткендей түрім менің.

Мен өмірден ештеңе елемедім –

аптап, аяз, күздегі іңір желін.

Аялады күн сайын таңымды үміт,

күлімдеді бұл жайды жарым біліп.

Мұң, кірбіңдер жырақтап жөнеді де,

шуақ шашты жанарым жаным, күліп.

Мен тоғыз ай рақат нұрын кештім!

Ғұмыр кештім, сезді ме мұнымды ешкім?!

Түңілермін өтуден ана болмай –

бұл өмірде басқадан түңілмеспін!»

«Сен маған бақыттасың, қайғыдасың,

өмірсің, таусылмайтын бай мұрасың.

өлермін сол сезіммен. Маған десе,

аспаннан қара жерге Ай құласын,

әйтеуір, анық менің айнымасым.

Сен маған күлкідесің, ашудасың,

ойым жоқ сенен өңге басымда, шын...

Мейлің сен не десең де...

Анық бірақ

өзгенің мойынына асылмасым,

өзіңді құшып-сүймей басылмасым.

Сен маған жасын болдың көктемдегі,

қақ жарған жүрегім мен от кеудені.

Бағым ба, қасіретім бе — кезіктірдім

бұрын-соң қиялымда жоқ пендені.

Сонан соң күйіп-жанып алауладым,

ұмыттым Ай, Күн барын, самал барын.

Әйтеуір, алай-түлей сол сезіммен

жаныма бір тыныштық таба алмадым.

Кезім жоқ сені ойламай көзімді ілген,

сені аңсап, елжіредім, егілдім мен!

..Ырзамын тағдырыма сен арқылы

махаббат деген күшті сезіндірген.»

«Сен мені күтпе ешқашан. Алаңдама.

өзіңді айыптама, жамандама.

Жүрегің мен деп соқса,

басу үшін

бәрін де маған жама.

Мен соның барлығын да көтеремін.

Сені әзір аймаласын бөтен ерін,

бәрібір саған титтей тыным бермей,

ішіңді күйдіреді от өлеңім.

Сен мені басқаларға қорлап ем де,

тыншырмын көңіл қалып сонда мен де.

Мені ойлап жараланған жүрегіңді,

білсең де жазылмасын, зорлап емде!

өзіңді, өзгені де алда солай

(көмілсін менде ертерек шаңға самай),

қаншама жанталасып тырысқанмен,

жүрегің мені аңсаудан қан-жосадай.

Мен жайлы мұңайма сен дара қалып

(әлі ұзақ қайғы болам саған анық!).

ұқ бірақ: бірімізге атқан оқтан

қаламыз екеуіміз де жараланып.

1974»

«Сен мені шынымен осы сағынбайсың ба,

оған да от болып

беріліп жалындайсың ба?

Оны да мендей елжіреп, аймалайсың ба,

оны да іздеп, төзе алмай, қайдалайсың ба?

Оған да сәби қылықпен еркелейсің бе,

кетейін десе, қиылып “ерте” дейсің бе?

Жанарың ойнап, оған да “Күнім” дейсің бе,

мені құшқандай, денеңмен дірілдейсің бе?

Оңаша сәтті онымен армандайсың ба,

ол жоқта жетім ботадай қалғандайсың ба?

Оған да: “Сені өмірден іздеп ем...”,— дейсің бе,

“Жүрегім — қырау сен жоқта, мұз — денем”,—

дейсің бе?

Ол барда өзге көздерді жақтырмайсың ба?

оны да бір күн күз-жардан лақтырмайсың ба?»

«Сен менің жанарыма жас тұндырып,

өзгеге көңіл кілтін аштың күліп.

Ошаққа отырғызып кетті мені

әне бір ұзын бойлы ақ сұр жігіт.

Мен қалдым шыр айналып қу далада,

жете алмай арман болған ну жағаға.

Сезгендей сүлдерімнен бір сұмдықты,

көз алмай көп қарады туған ана.

Жаншылдым, жанартаудай биік едім,

жоқ, енді сүйенерім, сүйінерім.

Мен үшін қызығы да, қайғысы да —

бәрі бір секілді бұл дүниенің.»

«Сен отырсың бұл түні

аймалатып басқаға.

Мендік наз бен күлкіні

қидың ба оған? Масқара!

ұсындың ғой шайды оған,

ішші дедің қиылып.

Бақыт шашып айналаң,

жүрегің де жиі ұрып.

Ол ғой көзден нұр ұшып,

отыр демнен тұншығып.

...Мен жатырмын құнысып.

О, өткінші тіршілік!»

«Сен бір албырт жігітсің, білемін мен,

бір нәзіктік еседі жүрегіңен.

Сен кірбіңсіз, көңілді болсаң дәйім,

жаным сая тапқандай жүремін кең.

Сен мұңайсаң, сан ойлар қоршап мені,

деп қаламын: “Жүр екен аңсап нені. . .”

Жалт етіп бір қараған

жанарыңнан

жан-күйіңді ұғамын сол

сәттегі.

Сен сырт көзге жігітсің көптің бірі,

байқалмайды қызбалық, өткірлігің.

...Бір ғажайып күш сенің

бойыңдағы жүрегімді

балқытып, төктірді нұр..

1968»

«Сен үшін сонау алыстардағы елес ем,

осынша мені арман қып келдің неге сен.

“Сыртыңнан сүйіп жүретінімді сезуші едің ғой”

демесең,

мен саған ғашық емес ем.

Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана

асқақтау басып, бақытты болдым. “Сонда да

жан-жүрегіңді толтырар бір жан жетпей жүрді ғой”

демесең,

мен саған ғашық емес ем.

Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,

сен екеніңді білген бе ем…

Әйтеуір, жаным, “бұл күнде менсіз жүре алмайсың ғой”

демесең,

Мен саған ғашық емес ем.

1968»

«Сен ызаландың ба екен:

қампық қарынды отандастарың қараңғы көкірек, түн кеуде

дүниенің бәрін алтынмен өлшеп, алшаңдай басып

жүргенде?

ұят, ар-намыс, әділет деген сені тыншытпаған көп

ойлар

қаңсыған бастарға кірген бе?!

Адамдардағы топастық пенен ойсыздық –

бұл жалғандағы қасірет осы-ау білгенге.

Құшақ кеуделі көңілдері соқыр олардан

сергектеу шығар темір қабырғалы түрмең де...

Сен жылап алдың ба екен:

жылдасыңды көріп анасыменен басқа бір тілде ұғысқан,

осындайлардан жаның күйгенде жанарыңнан кекті мұң

ұшқан.

Ертерек сені есейтті ме екен “мәдениетпен” сырқос

біреулер

халқыңның қанын мойындамауға тырысқан.

Қара жерде тұрып, қара боп туғанын ар көріп

негрмін деуге ығысқан.

Сен шыдамадың ба екен:

тобырларды көріп жиіркеніш пенен мысқыл ойнаған

көзінде,

ішіңнен жаттап олардың әрбір жаныңды түйрер

сөзін де;

негр біткенді аяқ басқызып, маймылдан адам

еткендей,

ойларын естіп кеттің-ау толқып төтеп бере

алмай төзімге.

Ақ кеуделердің пасықтығынан, сірә, мен білсем,

құса жаздадың өзің де.

өрлігіңе сенің, ерлігіңе сенің,

құлақ түргенде күллі әлем,

бір жасап қалдым мұнда мен.

Жалындап тұрып жырлар оқысам алдыңда,

езу тартар ең, тыңдар ең.

Заман орнатқан монументтей боп тұрсың сен жердің төсінде

ғасырдай асқақ тұлғамен!»

«Сенен өзге жанның бәрі

адамға ешбір ұқсамайды.

өзің жара салдың-дағы,

жанарымды құшса қайғы.

Керең жандай түк ұқпайды

бір өзіңнен басқа халық.

Жүректі ешкім жылытпайды,

Кетті сенсіз шаш та ағарып.

Сенің ерке қылықтарың

басқада жоқ— айдан анық.

Сезімімнің тұнықтарын

жүрсің жалғыз жайлап алып.

Сағынсам да, амал қанша,

тынши алам қайда барып?

өзің қашан оралғанша,

жүрем енді қайғы оранып.»

«Сені кұшып өзгенің жанды бағы,

менің миым соны ойлап қалжырады.

“Бақыт тапса сүйгенін, қуан” дейтін —

біреулердің шығарған сандырағы.

Ақылгөйлер соны айтып ұрандайды,

Қу молдадай сандалған құран жайлы.

Шын ғашық жан сүйгенін өзгелерден

не десең де, қызғанбай тұра алмайды.

Сезермісің:

қанша күн жолықпадық!

Жынданамын, кейде оны көріп қалып.

Соны тастап, дәл қазір келсең маған,

баяғыша сүйер ем өліп-талып.

Еш күнәңді бетіңе баспас едім,

мылжыңдарға құлақ та аспас едім.

Су сепсе де лапылдап өршеленген -—

бұл не қылған мендегі қасқа сезім?!»

«Сенің жүзің мен үшін ай нұрындай болмаса,

өзің барда жаныма жайлы мұндай болмаса,

тыныс берер кеудеме сенің демің болмаса,

аймалаудан танбайтын еріндерің болмаса,

үмітімді жалғайтын шын сенімің болмаса,

саған дейін қиял мен мұң серігім болмаса,

сен жүргенде ақ жаңбыр жайлы күндей болмаса,

күздің тұман кештері айлы түндей болмаса,

сенсіз мынау әлемді кезбейтінім болмаса,

азаптарды сен барда сезбейтінім болмаса,

өзің барда жер-көкті ұмытқаным болмаса,

есімді алған еркелеу қылықтарың болмаса,

рақаттан сен барда тұншығарым болмаса,

тек өзіңнің алдыңда қымсынарым болмаса,

сен барыңда қайғыдан арыларым болмаса,

шыдам таппай өзіңді сағынарым болмаса,

мұңайғанда тек өзің жұбатарың болмаса,

сенің махаббатыңмен гүл атарым болмаса,

маған ғана сыр ашып шешілерің болмаса,

қате басқан сәтімді кешірерің болмаса,

от-сезімің жүректі табындырған болмаса,

бей-жай жүрген жанымды жалын қылған

болмаса,

бұла шақтың арманын сенен ғана көрмесем,

қиналғанда күш беріп, бастамасаң өрге сен,

сүю түгіл,

жаныма жолатпас ем, көнбес ем!

1973»

«Сенің нұрлы жанарыңды

бақытым деп қалыппын ғой.

Адал ниет, жан, арыңды

содан маған таныттың ғой.

Қош! — дедім де кете бергем,

ойда бірақ қалыпсың ғой.

Мені өзіңе жетелеген

бір сезімді жаңа ұқтым ғой...

1 9 5 9»

Скрипка

«Бал дәурен күнім бе еді,

Ай арман түнім бе еді,

ғажайып бір үн мені

баурап ап,

жүрегіме

жетті де — дірілдеді.

Ескендей нұрлы ақ таңнан,

қыз мінез гүл бақтардан

неткен үн сырды ақтарған,

тұрғандай сездім

әлем

дыбыс пен ырғақтардан.

Аймалап нұр кеудені,

жанымды үн кернеді,

шақырды гүл белдегі,

әсем саз әуендермен

тербетті түндер мені.

Түсімде, өңімде өрген

армандай сол үндерден

қиялдың көгін көргем,

күмбірлеп күй төгердей

күйсандық - көңіл кеудем!»

«Соғыс,

тартыс

ешқашан басылмаған,

қантөгістен қаншама ашынды адам.

Жазықсыз жер қаншама жараланып,

жетімдіктен қаншама бала налып,

қара тұман жамылды жасыл ғалам.

Әлсіздерді әлділер басып-жаншып,

шындығы жоқ өмірден ашынғансып

дейтіндер бар: “Бұзылған ғасыр жаман”.

Соғыс— майдан ғана ма оқ бораған,

Жоқ! Оқсыз-ақ атыстар тоқтамаған.

Аймалаған болып кеп жаққа ұратын,

құшқан болып құздардан лақтыратын

қатерлісі - соғыстар оттан аман.

Болдырмаудың қажетін біліп тұрып,

шектелуден шыға алмай бұғып, тынып,

адам кейде бұзаудай ноқталаған.

Ғасырларға үңілші, замандасым,

тыйған күн жоқ жазықсыз жанар жасын

біреулердің қанқұйлы арманы үшін,

біреулердің үмітін жалғау үшін

талай-талай доп қылды адам басын.

Біреу адалдығынан жазаланып,

пайда көрген бір сұмдар мәз-ау анық...

Арамға емес, бұл өмір — адалға сын.

Адамдарға осы мен таң каламын:

бір-бірінің аңдумен әр қадамын,

бірін-бірі атқылап зұлымдықпен,

көкірегіне арам ой, сырын бүккен

біле тұра жат көзден қан тамарын,

біле тұра ғұмырдың қысқалығын.

Жұмсап құртып жоюға күш-жалынын,

осы еншіні неге, адам, арқаладың?!

Ой-қиялды жұмсамай ақ арманға,

біреу тойып, біреулер таланғанда,

сыйыса алмай кең жерге қақтығысып,

сүйгенді емес, сезімсіз жатты құшып,

оқтан қалған жазылмас жараң бар ма -

ем табылмай сыздайды, қамығасың...

өмір солай - ауадан шаңы басым,

жерде қара ниетті адам барда.

Солардан, жер, қашан сен арыласың?

Жатырсың сен

ғұмыр бойы оқтардан жараланып,

сені адамдар былғады, талады анық.

Болмаса да бір сәтің күрсінбеген,

қажысаң да тартысып күншілменен,

мықтылықты сенімен бағаладық.

Қай заманның болмасын бір кеселі –

ойлы ұлдарың азаппен күн кешеді

өсекпенен, жаламен қараланып.

О, бұл бүгін ғана тек басталды ма,

зұлымдықтар заманнан жасқанды ма –

жасқанбады, жалғады қырғын ісін,

тоқтамады күрес те шындық үшін,

оған куә мүжілген тастар мына.

Галилейлер тірілей отқа жанып,

Спартактар төсіне оқ қадалып...

Ал осыдан замана жақсарды ма?!

Зұлымдықтар...

бүкіл елдің жүрегін орап қанға –

Лениндей данаға оқ атқанда,

қалай ғана қолдары дір етпеді?

Қалай ары азаптап, жүдетпеді

(арды бірақ жауыздық жолатқан ба?!)

Ал осыған, адамзат, не дер едің,

жақынсың сен әлі де неге керім

қиянатқа, өзгеге оқ боратқанға?

II»

«Солғандай гүл де мүлде,

кеудеме толып бір мұң,

құлазып жүргенімде,

өзінді жолықтырдым.

Қиялдай сағымдағы

сыртыңнан қарайладым.

Сездім мен жанымда әлі

атпаған арай барын.

Асықтым әр таңға мен

жүзіңді көрем бе деп.

Бұл қайғым тарқар демен

өмірде сенен бөлек.

Тіл қатсаң жігіттерге,

қызғандым аласұрып.

Күңкілшіл күдіктен бе —

сенделдім дара шығып.

Жаныма жай таппадым

сенделген кезде мынау.

Бір сезім шайқалтқанын

Мені сен сезбедің-ау...

Әйтеуір, байқатпадың.»

«Сонау жаздың кезіндей,

шіркін, жайнап жатса маң!

Күн нұры да сезімдей

жанып-сөне бастаған.

Жасыл дене күйреген,

мазалайды жел де үдеп.

Жапырақтар сиреген

селеу шаштай селдіреп.

Бозаң тартқан жер беті,

жастығы өткен сұлудай —

мәңгі деген келбеті

өте шыққан бұрылмай.

Бар ма мынау уақытқа ем?..

өкінесің бұл жүкке,

баянсыздау бақыт пен

тұрақсыздау тірлікке.

Күзде де бар күй түрлі:

ойың—терең,

талғам—бай,

көрген сайын

сүйкімді

көрінетін жандардай.

Тартады уақыт кемесін,

түнің—ұзақ,

кеш—жарық.

Күзді жаздай сезесің,

қыс келерін еске алып.

1971»

«Сонау күздің бір күні

артымда менің қимайтын далам да қалып,

ақ әжелерден жолыма самал-бата алып,

кете бардым киелі киіз үйден аттап,

қиялдың жақұт моншағын жанарға тағып.

Далам менің,

жаутаңдап өзің жаққа,

сағынышымды өлең қып жиі арнайтынмын,

кеңдігіңді аңсап, сәнді үйге сыя алмайтынмын.

Көкжиегіңе көз жетпей үйренгесін-ау –

менің ылғи алысты қиялдайтыным...

Мен білмеуші ем

өзіңнен өзге ұлылар бар екендігін,

кейбіреулерге әлем де тар екендігін.

Таңданатынмын: жердегі жұрттың бәріне

бермейді екен деп неге осы дала кеңдігін.

өсіп те қалдым бұл күнде

көлеңкесіне кеудемді құштырмай мұңның,

көре алмағандардың көзіне мысқылдай күлдім.

Сенің асқақтығыңмен –

тіршілікке тән

пасықтықтардың бәріне пысқырмай жүрмін.

Күн сайын тәтті ұйқымнан

оятып мені беймаза қаланың таңы,

болашақ,

саған асығып барамын тағы:

қияларға шырқар қиялмен тәкаппар басып,

тұла бойымда тулаған даланың қаны.

1970»

Соңғы қоңырау

Үбәйда Смағұловаға

«Еске ала ма аялы сәттің бәрін,

қия алмай ма айдындай шат құндағын —

мен байқаймын балапан жанарлардан

мөлдір шықтар тамуға шақ тұрғанын.

Сіз осы сәт ұқсайсыз айдынкөлге

ұшырған аққуларын.

Айдынкөлдің бетіне асылды Күн,

мейірімді жанардың шашып нұрын

қуана ма әлде сәл мұңая ма –

ұзатқандай жастығын — жасыл күнін,

бір діріл бар, әйтеуір... Кеткендей ме

өзгеріп ғасыр бүгін.

Артта қалып бал құндақ жер кешегі,

балапандар құз асып, сең кешеді.

Жандарында Сіз жоқсыз, олар енді

өмірменен жекпе-жек белдеседі.

Тірлік осы—

атады жаңа таңдар,

жаңа таңдар - алмасқан алақандар...

өмір деген биікке дара самғар,

бірақ ертең аққу боп айдынына

оралар балапандар !....

1975»

Сөнбейтін сезім

«“Атыңнан айналайын Бөбек деген”.

Қайыптың әні.

Дауысың келді-ау құлаққа, сағынышым,

құсалықтан Бөбегің арыды шын.

Кеше мені азаптап көп сүрады:

“Қай бетке ұшып кетті,— деп, - тағы құсың?”

Сенің әнің сайрап тұр көкіректе,

ойламашы азаптан өкінед деп.

Менін бойым өрт тұрған.

Қосылмайтын

жүректердің, жаным-ау, оты көп пе?

Қайда жүрсін қамығып, сұңқар құсым,

бізден бақыт қиялдай бұлтарды шын.

Бөбек сендік жанары жұмылғанша,

арнаса да дүйім ел-мың қарғысын.

Төксін теріс батасын, жала, кегін –

өзгермейді өзіңдік жан екенім,

ұқсын, мынау ұға алса, көр кеуделер,

сөнбейтұғын сезімдер бар екенін.»

Сүйген сұлу

«Сенің көзің көк те емес, қара да емес -

қой көзді деп атайды мұндайларды.

Ол көздердің оты да ғажап емес,

бірақ маған сол жанар нұрдай мәңгі.

Сенің көркің ерекше емес, тегі,

(дәрі боп па қыздарға сарылығың!)

Бірақ маған “керім” боп елестедің,

саған ғана табынды бар ұғымым.

Мен үшін сен — бәрісің тіршіліктің,

жаным ұйып тек саған сыр ағыттым.

Осы екен ғой, мен жаңа бір сыр ұқтым,

“Сүйген — сұлу” дейтіні бұ халықтың.

1959»

Тілек

«Шынымен болып жүрсе жаның ғашық,

сен маған жалынбашы, табынбашы.

Ер мінезді жігітті ұнатады осы бір қарындасың.

Сен менің жүрмеші әсте “құлым” болып,

(кей әйел “жақсы көрер” ерлері жағынғасын,

менің мұндай аурудан жаным қашық).

Онсыз да өзіңсің ғой барым асыл,

онсыз да өзің менің қанымдасың,

жанымдасың.

Ешқашан саған деген ақ жанымды

қалмайды сағым басып.

Орынсыз маған, жаным, иілмеші -

ер жігітке лайық мұның несі!

Және де керек емес жиі әкелген

сый-сауқат, киім-кешек!

Менің ең жек көрерім—жасандылық,

сүйерім —ащы шындық.

Тұрса-дағы ол

көзіме бейуақытта жас алдырып.

Қалдырма тілегімді

тасаңда ұмыт.

Әдемі сөздер айтпа

есілдіріп,

кінәң болса, жүресің несін бүгіп:

тек шындықпен кел-дағы - кешірім күт!

Жағынба сен!

жүректің жалынымен

сүйгізе алмағанның несі жігіт!

Сен маған әзіл айтып күлемісің,

жанымда қамқоршым боп жүремісің,

сағынып алыс жолдан келемісің -

алғашқы ардай таза тілек үшін

тек шын болсын әр ісің—керегі сол.

Сонда мен шын мәнінде серігіңмін,

сонда мен сіздің үйдің келінімін.

Сонда мен жайсаң көлдің жағасымын,

өзіңдік сонда менің бар асылым!»

«Табыстық. Екеуіміз де көктем едік.

Бір кештік су демедік, от демедік.

Соншалық ұғысқаннан,бірімізге

біріміз тіл қатпай-ақ өкпеледік.

Оянып сүйіскенде ала таңнан,

сезімдер мөлдір шықтай жаңа тамған,

ұғамыз қос жүректің тіл қатысын

иыққа тиіп кеткен алақаннан.

Ол менің (сенің де!) өшпес кезім ыстық.

Бақыттан көрмейді әлі көзіміз түк.

Мен мұнда, сен жырақта жүргенде де

біріміз бірімізді сезіністік.

Рақат теңізінен жүзіп ішіп

келеміз.

Кетті талай мұз ығысып.

Көре алмас көздер ғана көлденеңдеп,

біреулер қадалады қызығысып.

өзіңсіз қызықтырмай мені еш мекен,

сенімен жұмақты да елестетем.

Ал жұрттың таңдануы —

мұндай сезім

тым сирек бір құбылыс емес пе екен?

1968»

Тағдыр

«- Бол, таста!

- Сал құрықты!

- Қап, мынаны-ай!

Жігіттер тоқтар емес ат құламай.

Қарагер бір қатердің исін сезіп,

жымиып қос құлағы шапқылады-ай.

Келеді жан ұшырып құмды жарып,

сауырдан тер құйылды жылжып ағып.

Қос жігіт тақымдады,

сосын кенет

сарт етті қаз мойынға қыл бұғалық.

Жануар – серігі жел, қыр – тұрағы,

жалғыз-ақ сайран күндер ынтығары.

Бұғаушыл жерден мүлде безінгендей,

аспанға атылады да, шұрқырады.

Болмады. Төрт тағандап түсті жерге,

бұлаң шақ бастан солай ұшты демде.

Жалт ойнап жанарында қарап тұрды

қыран көз, қайың білек күштілерге.

Қарады далада өскен батыл ұлға,

жатты алда асфальт жолда шақырымдар.

Жарысып жүйрік желмен кете барды

ойнақтап жас жігіттің тақымында.

1976»

«Тағы да көктем келді,

бал сезімдерге, сал сезімдерге ұран сап,

өткінші ғұмырдай қылықтары мол бұлаң шақ!

Көн көңілдер де теңіз боп көлкіп кетіпті-ау

ару қыз аңсап, жыр аңсап!

Бұл не деген құдірет!

Дүниені түгел құштарлық қаптап кеткен бе,

адамның бәрі мас болып жүр ғой от-демге!

Байырғы күңгірт күндер де қайтып келместей...

Жабырқап жүрген жоқ пенде.

ұмытып жатыр жұмыр жер

өктем мезгілдің қалдырған қаза-қайғысын.

Жас көңілменен тыңдайды дүние май құсын.

Пенделер салған әжімдер басып, мазасыз жатқан

жер-

ана,

көктемде неткен жайлысың!

Қыз-көктем келіп,

қызғалдақ қадап жүр белде,

қатыгездер де көз салады екен гүлдерге.

Табиғат шіркін адамды бір сәт сергітіп алады екен-ау

тірліктен қажып, қалжырап жүрген күндерде.

1970»

Тарихпен тілдесу

«Заманым, саған ырзамын:

көкірегімді менің көтерген шырқау көктерге,

шуақ күндерім шұғыласын маған төккенде,

күміс үн, күмбір күйлерге толы көңілімде

сайрамай қалар жоқ перне.

Шұғыла таңдардың сәскелігіне шырқап кеттім мен

бір қарап алып өткенге,

(өткенсіз өмір көктер ме?!)

Кешегі күндердің қасіретін білмей, қадірін ұлы бүгіннің

сезіне алар ма от кеуде!..

Мен өзімді білмеуші ем

(қапас заманғы қалыс ойлардың кесірі!),

бұйығы өмір боп несібім,

ғасырлар бойы күн кешіп едім сағалап жаттың есігін,

өзіме әсте бұйырмағандай жазира дала-бесігім.

Ей, салауатты ұрпақтар!

Сол үшін маған кешірім!

Осынау әділет сәттерді

(сараң тірліктің күңкілдерінен қағажу көріп жөргекте)

армандап едім мен көптен.

ұлы ойлар, ұлы күрес туғызған перзенті сынды

өмірдің

міне, сол заман, сол көктем.

Менің де атымды тарихқа паш қып жаздырды

алтын әріпті өрнекпен.

Менің өмірбаяным –

(басталған деп жүр бағзы біреулер жабайы тірлік пен бақ-

малдан

мен бұған әсте ызаланбасам, мақтанбан)

ғұламалардың ғұмырлы ойлары өрнектеп кеткен бастаулар

тарихтың тылсым тасаларында қатталған.

Жесір мінезді өмірдің дүлей дауылдарына көміліп,

құрып кетуге шақ қалған.

Бұл күнде менің

терезем де тең, байлық та менде, бақ менде,

атым да мәшһүр жат жерге.

Қолым да жетті талғампаз тарих алдында

өзімді танытар сәттерге.

өткенімді бірақ ұмытпан

көне заманнан басталған,

бабаларымның шерлі көңілін жебеген сонда жақсы

арман:

“елдігімді менің, ерлігімді менің паш ету үшін дүниеге

күресіп өтуден жасқанбан!”

Сан ұрпақтардың осынау арманы – қасиетті заңдай

жатталып,

жазылмай жеткен дастандар.

Менің өмірбаяным –

күңіренген күй мен армандай шырқау әндерімдегі асқақ үн,

дала көңіл мен ақ дастарханымдағы ас дәмім.

Жаугер жұрттарды сойыл-шоқпардың астына ап,

жаһаннамға қуып тастадым.

Жиһан даланың сай-салаларын сағалап

өскендіктен бе – қосылмай келген бастарым

(осыдан талай ақсадым).

Менің өмірбаяным –

шежірелерде ашылмай жатқан шаң басып,

ақ сезімімен алаулап өткен Қозы Көрпештей сан ғашық.

Дауыл екпіні тасыған бойда Махамбеттердің ерлігі

революциямен жалғасып.

Басымды иемін ұлы ғасырға өзімді маған, өзгелерге де

танытқан, күш-қуатыма арна ашып.

Менің алапат дәуірім!

(қиналған шағым, қынжылған шағым таба алмай теңеу

мықты, артық)

өзіңнен асқан ұлылық дегенді ұқпан түк!

Жасқанбай бүгін жырлармен шығам кінәмшіл әлем

алдына,

тыңдайды сонда жұрт балқып.

Сен берген қиял-қанатпен шырқап ғарыш дегенге

самғаймын

Байқоңырымнан тік тартып!

1971»

Теңіз суреті

«Жассынғанмен бұл теңіз алабұртып,

кәріліктің ізіндей жаға жыртық.

Қартаймайтын күлегеш қыз-толқындар

қытықтасып бір-бірін барады үркіп.

Алаяқ жел көз ілмей жүріпті анық:

көз ұйқыға кеткенде бұғып барып,

ұйқылы-ояу шошынған толқындарды

қуып ала жөнелді шыбыртқы алып.

“Көрсетейін,— деп,— саған шыбықтауды”,

ашулы аспан жанарын жұмып қалды.

Жаңбыр-сойыл жонына жосылғанда,

тістенді де тентек жел тұрып қалды.

ұйқы қысып, жабыққа ай кашқанда,

теңіз үнсіз құшағын жайды аспанға.

Жұлдыз біткен жымыңдап сығалады,

төсегіне толқындар жайғасқанда.

1961»

Теңізде

« Шағала шулап төсінде,

ойнайды көктің жасылы.

Қосылды долы осы үнге

тулаған теңіз тасыры.

Ашулы толқын үстінде

алысты қайық желменен.

Балықшы, дүлей күш кімде –

ойланып тұрар жер ме кең?!

...Ілезде тынып айнала,

сылқылдай күлді көк теңіз.

Балықшы жігіт жай ғана

күледі: “Қорқып кетпеңіз,

көңілінде жоқ үлкен кек,

Шыңдайды жастың жігерін,

сынайын дейді бұл тентек

ақынның нәзік жүрегін...”

Балықшы шықса ертемен,

айдыннан асқақ күй ұғып,

осынау теңіз тентегің

жатады сонда бұйығып!..»

«Тіл қатыстық.

Айттың сен ол ерекше ұнағанын,

сосын... сосын онымен кеткеніңді.

Мен қазбалап (қайтейін) сұрамадым,

кіналармын мұндайда текке кімді!...

Енді екеуіміз бөлекпіз,

былтыр бір ек!

Күдікті де мен сорлы ұмытқам-ды.

Демалысым жиілеп, бұлқып жүрек

көмейіме келді де тұрып қалды.

Не айтайын мен саған?

Аяғыңды құшып-ақ жалынар ем,

Жалыныштан махаббат орала ма?

Шығып кетпей тұр менің жаным әрең,

даяр да едім өлуге сол арада.

Айтарым жоқ.

Шамам да жоқ айтуға бүгін менің,

кете бардым қош деуге жарамастан.

Бар сезгенім — көшеде сүрінгенім,

сонсын сездім — айналып барады аспан.»

« Тірілер, тыңда бізді:

арада жылдар ізгі

салды талай өшпейтін өрнектерін

қаншама рет естілді жөргектен үн.

Қанша ғұмыр алмасты біз кеткелі,

қаншама рет ауысты күз, көктемі,

қарсыласын атыссыз тілде жеңген

нелер шешен өтпеді мінбелерден.

Кімдер елең етпеді жеңісті үнге,

кімдер көсем болмады Жер үстінде.

Ерлік кетіп, еркін үн өшер мыңнан

Елде есер тұлғаны көсем қылған:

тапталады, таптайды халқын да ұлы,

аз тобырдың жай-күйі – бар тірлігі.

Сол тұлғаның мына біз құрбандығы,

соғыс болды ел мұңы, жылдар жыры.

Содан әлі көздерден жас шығады,

кетпей тілден соғыстың ащы дәмі.

Татпадыңдар ол дәмді сендер бірақ,

жасадыңдар қан сіңген жерден жұмақ.

Уақыт басқа, бұл күнде адам басқа,

соғыс басқа, мәселе, заман басқа.

Атыстар да өзгеше бұрынғыдан,

өмір қамын ертерек ұғынды ұлан.

Келбеті де басқаша Жер үстінің,

табиғат та пәктікке кеміс бүгін.

Бақыттылар біздер ме, жоқ сендер ме

шыр айналған Жер атты от шеңберде?

Қандай өзі, немене бақыт деген?

өлшене ме ортамен, уақытпенен?

Немесе бұл жалынды жастығың ба,

талпыну ма, жету ме бас тұғырға?

Байлығың ба, ерекше өнерің бе,

көз тіріңде даңққа бөлену ме?

Кәрілік пе бұл әлде тыныш, қамсыз,

тымық түн бе атыссыз, ұрыстарсыз?

үнсіз, тілсіз тигендей от ерінге

мезгіл артқан жүктерді көтеру ме?

өзің туған жеріңде, тыныш таңда

сүтін емген тіліңде ұғысқан ба?

Халқың ба әлде жібермес жатқа хақын,

жек көретін, мақтайтын, мақтанатын?

Отаның ба құятын жалын жанға,

биік тұрған өмірің, арыңнан да?

Тірі адамдар, тыңдаңдар Жер үстінде

сендердікі бақыт та, жеміс-түн де,

қолдарыңда жұмыр Жер тізгіні де,

тізгінсіздер мерт етті бізді, міне!

Сендердікі бәрі де, тегіс сенде

қызыл тулар, алаңдар, жеңістер де!

Жар құшақ та, бала да, рақат та –

сендердікі, абырой, гүл атақ та.

Қызғанбаймыз біз сенен, қуанамыз,

ерліктерден өлмейтін туады аңыз.

Уақыттың жас қыраны,

өлгендер тапсырады,

саған өмір дауылын, шуақ таңын,

бетіңді ашар тірліктің сынақтарын,

қорғап сонда кеткеннің мұраттарын,

алау туын Жеңістің құлатпағын! «

« Тірлігін Жер үстінің,

жайқалған егістігін,

жеткізбейтін дөңгелеп қиыр далам,

енді көру біздерге бұйырмаған.

Қалай өзі сендерде өмір бүгін?

Бақытты, көңілді күн

жарқын өтіп жатыр ма, жайлы бәрі?

Мөлдірей ме аққулы айдын әлі?

Шүберекке түйіп ап

жанымызды,

буыны да қатпаған тәнімізді,

ажалмен тайталасып,

оққа балғын кеудені айқара ашып,

қара жердің көкірегін аймаладық.

Қалай бүгін жүрсіңдер, пайдаланып

қымбат түскен біз үшін бұл күндерді?

Құлағыма көңілді күлкің келді –

ең соңғы рет естіген үнім менің,

елестеді көгалда жүгіргенің,

рақаттан сонда мен күлімдедім.

Осылай біткен демім,

өмірден түк көрмедім,

еркелету, мейірім нұры бізге

ақ құшағын ашпады тірімізде,

балғын жүрек соншалық құштар еді,

бір мейірім сезімнің шықса лебі,

жүгіретін томпаңдап алға қарай,

атардай таңдар арай.

Мейірім де, махаббат, нұрлы күн де

керек екен тек қана тірлігіңде.

Енді бүгін бәрібір, бәрі қараң:

алақанға жарыған, жарымаған –

қос ішектен шығатын бір үндейміз.

Біз өйткені бәрібір тірілмейміз.

Тірілер қадірлей ме,

арнай ма әнін кейде,

атымызды бере ме алаңдарға,

есіміміз жазылған қалаң бар ма,

ескерткіштер орнай ма бас көшеге,

атымызды жамылып бақ та өсе ме –

енді бізге бәрібір - қуанбаймыз,

тамырынан қырқылған шынардаймыз.

Мезгілінде келмеген қуаныш та

жаныңа жұбаныш та

әкелмейді, рахат-нұр көңілге,

бәйгеден соң мәні жоқ жүлденің де.

Ежелден ұлы жерге,

жердегі тірілерге

өмір керек, өмірге — керек ерлік,

біз соғыста қалайша, неге жеңдік –

өмірдің жалғасы үшін,

тірлік гүлі күл болып қалмасы үшін,

кешіп өтіп қырғын мен қан-жосаны,

өмір — ерлік осылай жалғасады.

Біздің ерлік, даңқымыз бүгін елде

біздерге емес, қажет тек тірілерге.

өйткені біз мәңгілік іңірдейміз,

мәңгілік тірілмейміз. «

« Тірлігіңде мән бар ма —

болмаса бір күш талпынар алғы таңдарға,

күйбеңдетпейтін мал-жанға,

асқақтау тұрған ардан да.

Айрылсаң сол бір алапат күш пен сенімнен,

аһ ұрмай бекер өзіңдік кайғы-шеріңмен,

нала айта бермей кінә артып тағдыр,

жалғанға,

(сүттей ақпын деп қарғанба)

күйініп босқа жер теппей,

сөзге ерген жалтақ еркектей

бейшара болып қалудан онда арланба!

Жүреміз кейде (пенделік!)

кетердей бейне тірілей қара жерге еніп.

Әлемнің барлық қайғысы бізге түскендей,

қасірет уын ішкендей

өз-өзімізден сенделіп.

Тұншықтырғандай мұхиттың тасқын бар селі,

қайғы етіп сәл бір нәрсені,

сенімділерге сенбедік.

өмірдің өзі солай ғой,

нұр шаша бермес жарқырап ылғи күн алдан,

сәттер де болар

жол таба алмайтын тұманнан,

айрылар бейуақ қолтығыңнан сүйер сыңардан,

көңіліңде сонда жүрсе тек ұмтылдыратын,

жаныңды бұлқындыратын

аласармайтын бір арман,

сол ғана сені шығарар түбі құмардан.

өзгенің бәрі — өткінші,

бұл жай сыналған.

Тағдырыңды солай әрқашан

сенім-күшпенен жалғасаң!

Дауылдарға қарсы өршеленбесең, жанбасаң,

құрысын ондай тірлігің деген. Сол оймен

жалтақтамаймын, паң басам.

Асуларым бар алда сан,

бұл екпінімнен танбасам,

мынау тірлікте отты жандардың өшпейтін

үміттерімен жалғасам.

...өмірге келіп, кеткеніңде

сенің не мән бар —

жүрегінде елдің қалмасаң!

1974 «

Тістену

«Сарығұл өткен ғасырдың аяқ кезінде өмір сүрген,

билікті топта көп қорлық көрген

кедей палуан екен.

Күндеңдер мына мені —

кішіртудің сол шығар бір-ақ емі.

Мен түгілі мерт болған күндестерден

Ақанның Құлагері.

Жүздеріңнен төгіңдер қылыш ызғар,

содан, рас, жанымның мұңы сыздар.

үн шығармай бәрін де ұғып тұрып

мойындамауға тырысыңдар.

Сыртымнан ғайбат үнмен қаралаңдар,

оқ атып найза тілден.

Күн көріңдер әйтеуір қапы қалмай

өзгені жайратумен.

Құлатыңдар мына мені —

көп өмірдің құздары, жыра, белі.

Қимылдаңдар.

Бірақ тек соның бәрі —

менің кішірмеуімнің бір-ақ емі!»

« Тобылғы қайсар қырда өскен

жауын мен желге сүрленіп,

жерлерде көк пен құм көшкен

даланың нәрін тұрды еміп.

Қараша келсе жаңбырлы,

аспанның қабағы ашылмай,

тобылғы жұтар бар мұңды

жүректің қанды жасындай.

Қарамай жатық еңсеге,

тайғызбас жерден табанын,

ақырзамандар келсе де,

тобылғысы қалар даланың.

өртеніп, күйіп, құм жанған,

шыдамай отты сынаққа.

Су менен желге шыңдалған

тобылғы жанбас бірақ та.

Жауындар сіңген тобылғы ем

серігі – жел мен кең дала,

тұтанбастай-ақ көрінгем,

өртедің мені сен ғана!

1984»

«Төсекте тынши алмай

жатсаң түнде,

байырғы тыңшылардай

құлақ салып күздегі қайтқан қаздың

мұңды әніне қосылып сыңсыған жай,

тыңдашы үн шығармай:

қаз қайтады

(арманы мол жүректің аз ба айтары…),

ол әлі күн өзіңе сездірмеген

мендегі назды айтады.

Қоштасудың мұндысы-ай, кездесуді

табиғат жазғай тағы.

Қаз қайтады

әуенімен елтітіп таңғы үмітке,

үміт-нәрсіз көңілге сән кіріп пе?

Қош айтыссын, қиылып қоштасусыз

сағыну жоқ, жоқ тіпті бал күдік те.

Ауруынан тұрмасын сезген жандай

қоштаспағай тек қана мәңгілікке…

1977»

Тромбон

«Боз жусанның жұпары қанға сіңген,

алғаш дем, алғаш үннен

бір жасап сан ғасырмен

Жер үстінде келеді жалғасумен.

Жұпар дала жаныңды құса қылмай,

ғажайып күші арылмай,

қасиетін қаныңа сіңіретін

әкенің құшағындай.

Адам, дала

тағдырлас, заңдас әрі,

сөнбеген таңға шамы

әкенің

алғаш әні

енді мендік әуенмен жалғасады!

Тіршілікке, гимндей, арналды әнім,

паш етіп таңдар барын,

ертеңдерге мәңгілік жалғар жаным

әкенің армандарын.

Аяласа шуақ боп нұры елімнің,

сарқылмас жігер, үнмін!

Боз жусанмен ғұмырлас - үн әлемде

лүпілі жүрегімнің!»

Туған жердің топырағы

«Көк мөлдір аспанды мекенім!

Көгіңнен сенің қайтқанда қаздар қаңқылдап,

шарқ ұрып іздеп саялы дария, салқын бақ;

көгілдір жанарлы көлдерді аңсаған құстардың

қиқуларынан қалушы ем мен де зар тындап.

Жанарымда бір от жарқылдап...

Ақша бұлттарға мұңдарын шаққан аққуға

сазарған далам, сая болмадың—бал құндақ.

Тарихтың салған тақсіретіндей мүжік таулардан

ақтарылмады айна бұлақтар жалтылдап.

Қасиетті менің, қасіретті менің мекенім!

Атой салғанда ата жауларың сан жақтан,

бабаларымның қаһарына сонда

елең де болмай қарлы ақпан,

кеңдігіңді сақтар, елдігіңді сақтар айқаста

төсіңді тұлпар тұяқтарымен шаңдатқан.

Еркіндігің үшін егеулі найза алған ұлдарың

таңдайларына талықсығанда қан қатқан.

Сонан соң... сонан түнектердің түні қақырап,

ақ армандардың үміті болған таң да атқан.

Маңқыстау!

Мұңды мекені “тағылар” атанған “адайдың”,

Мен бүгін саған жанарым жайнап қараймын:

арпалысып өлген бабамның армандарындай

көгінде күлген шапағатты шуақ арай Күн.

Ақ шаңқан мынау мұнарлардан лаулаған сансыз алаулар,

көкірегіндегі бұрқанып жатқан тағы айдын...

Зәулім көктермен жарысып тұрған сәнді үйлер

қиялына да кірмеген еді-ау талайдың.

Жасампаз дәуірдің қаһарманына басыңды игенде,

көңіліңнен сенің тарқамасын да-ау қалай мұң!

Заводтар менен комбинаттарды самсатып,

үстіреттеріңе бұрғыларды әлі қадаймын.

Көзімді салсам дәл бүгін

осынау байтақ көгілдір дария мекенге,

қанат біткендей шарықтап шырқап кетем мен,

Қазақтың байтақ даласын

“достықтың алтын ордасы бұл”,- деп

айтпаған екен бекерге.

Сені көрмесем, осы шындыққа

ешқашан көзім жетер ме!

О, жомарт менің мекенім,

сонау бір сұрғылт қатыгез дала - шатқалдан

көл-көсір байлық ақтарған!

ұлдарың көзін ілмейді сенің қамыңмен,

олардың отты көкірегі тұнған тәтті арман!

Көрем мен сенің аласармас асқақ тұлғаңды

қиялда жүрген сәулетті болашақтардан!

1971»

Туған жер

«Сағындым туған жердің көгал белін,

желпіген беттен сүйіп самал желін.

Асқар тау, шалқар көлің болмаса да,

көрікті-ақ көрінесің маған керім.

Елестер көз алдымда құм Нарын да,

асыр сап ойнаушы едім құмдарыңда.

Тап салған жас қияқтай туды өзіңде

жұпыны менің тұңғыш жырларым да.

Жағалау бұлдырайтын сағым ойнап,

Каспийім толқын атса балық ойнап,

қармақ сап шабағыңа, ауық-ауық

суына шомылушы ем салып ойнақ.

Соңымда қалыпты ғой сол бір күнім,

алыстан сағыныштың өрдім гүлін.

Жүректе қимасымдай сақтап келем

сол шақтың пәктігі мен мөлдірлігін.

1956»

Түңілу

«Адайлар мені маңдайға біткен күнім деп,

қастерлеп аса мақтайтын –

аймаққа кетсе атағым менің дүбірлеп,

бетімнен бірі қақпайтын.

Сүйікті болса, еркелеу болып кететін

әдеті шығар пенденің:

бір басқа менің еркелігім де жететін,

ел еді сонда сенгенім.

“Бөбекте де арман бар ма екен” дейтін қыз

біткен,

жігіттер жүрді жыр арнап.

Оңымнан туар бақытым - Айым біз күткен

сағым боп өтті бұлаңдап.

Жұлдызы болдым елдегі думан-қызықтың,

алдыма шығар кім бар-ды.

Енді мен бүгін “күнәкер болып батасын елдің

бұзыппын”

сүйгенім үшін бір жанды.

Ата-ана қайда бетіме жел боп келмеген,

беремін дейтін тілегін?..

Әлпештеп жүріп безеді неге ел менен

жасыды-ау әбден жігерім...

Құса боп өтсе қыздары елдің сәні ме,

халқым-ау, қалай төзгенің?

Алдамшы екен ғой мынау жалғанда бәрі де,

махаббатымнан өзгенің.»

«Тұман түндер...

Көзіңді аштырмаған.

Қоршауға алды азулы қасқыр-заман.

Қасқыр-заман қатыгез, алдында ешкім

қанын сорып алса да бас бұрмаған.

Қара едің сен

(ақшылдығым шамалы өзімнің де),

қараларда мықты ғой төзім мүлде.

Төзім бітті,

үзілген өмір сынды,

ызалы кек тасыды көз ілдірмей.

Құйын болғың келді сен

түнек түннің серпетін тұмандарын,

ақтарылмай түбінде тұрар ма ағын!

Ақ сәуле боп жасқанбай, жария еттің

қаралардың ақ тілек, мұң-арманын.

Әлжуаздар

(қадаса да өктемсіп қанды өкшені,

сендегі үміт сөнбеді, ар да өшпеді).

өнеріңе, ойыңа бас шайқасып

тұрса дағы қарады аң деп сені.

Қатал тағдыр,

жұмыр жерге сыйғызбай адам ұлын,

қырқыстырып күніне алады мың:

ақтығына есіртіп біреулерді,

біреулерге сор етіп қаралығын.

Бақытты едім

ойдан жырақ, елтігіш кезімде мен

алалығын өмірдің сезінбеп ем.

Дәл осы сәт ұқтым-ау қасіретіңді

қатар қойып өзімді-өзіңменен.

Қарамаймын сендегі жат тілге мен,

өзіңменен біргемін,

жатпын демен.

Халық деген құдірет күш барында

сенем саған туатын ақ күнге мен!

1971»

«Тынбайды жүрек алқынып,

келгендей маған жалқы жұт.

Қай жаққа барып жай табам,

назымды кімге айта алам?

Шағала көңіл шарқ ұрып,

іздейді сені қайтадан.

Найзағай-ашу ноқталап,

булығып жаттым мен бес күн,

қажеті жоқтай енді ешкім,

жанары – тылсым, от қабақ

жасынмен жалғаз белдестім.

Айналып түссін аспаным –

көрмеймін енді деп сені,

көзімді аштырмай кек селі,

тулайды тәнде жас қаным,

жалынды жалғыз кешкелі.

Көміліп жаттым жас, мұңға,

сезбеймін – түс пе, кеш пе еді…

самал боп үміт еспеді,

қайықтай жойқын тасқында

быт-шыт боп қалған ескегі.

1977»

Тың туралыжыр

«Мекен еді бұл қашаннан

бас ала алмаған жортауылдарынан жаттардың,

шілдеде өткерген бұрқасындарын ақпанның.

Кең төсіне сыймай қырқысқан талай пендеге

ызаланудан оның қабағына мұз боп қатқан мұң.

Қатыгез дейді бұл жерді:

ақ, түтек боран, алай да дүлей қар басқан,

ажал мен өмір арбасқан.

Кез-келгендерге құшағын ашпай, мелшиіп,

көктемеде де қабағын түйген таңғы аспан.

Қатыгез болмай қайтеді ол,

көзін ашқалы көргені—тірлік қандасқан.

Ғасырлар өтті.

Дала да жатты мейірім көрмей сұрланып,

мазақшыл өмірге кектенуменен шыңдалып.

Сонан соң оған шабуылды тағы бастады

тарихында бұрын дала көрмеген бір халық.

Жанарында бір от нұрланып,

айбалтамен емес, сом білектерін сыбанған,

сескенер де емес кетсе де жүзін күн қағып.

Дала да сонда көлбеңдеп сұлу келіндей,

сүйсінген көзін қадайтын назбен ұрланып...

Қатыгез дала жасарса —

көлгірсу емес, көнбістік те емес бұл тағы,

далаға туған әділетті күннің нұр таңы.

Жасампаз қолдар жаңғыртып жатса не дерсің,

алтын дәндерден тау жасап әрбір қырқаны.

Қазақтың қайсар даласын бүгін анам деп,

жастық жүректер жылытады.

Тарихтың тылсым тыңдарын қайта түлеткен

заманның жарқын ұрпағы!

1966»

Тыңдаңдар, тірі адамдар!

«Әлия мен Мәншүк жыры

***

Мезгілдің тас тасқыны,

өлімнің қақпас түні

бізді мәңгі тастады тұншықтырып,

кете алмаймыз орыннан ыршып тұрып

бұдан...

- Қанша жыл еді?

- Көп-көп жыл бұрынғыдай...

Ойлап па едік өтерін ғұмыр бұлай

жеті қат жер түбінде.

Бір ғажап елтіп үнге

өмір-бақтың қақпасын жаңа ашқанда,

таңдай қағып Күн, шуақ, ағаштарға,

гүлдерге, сандуғашқа...

балауса балғын жаста

бәрі - сұлу, бәрі - таң, бәрі - ғажап!

Майдан. Атыс. Қантөгіс. Жалын. Азап.

Керзі етік пен сұр шинель мәлеңдеген

көтерген әрең денең,

сәби — найза ұшында, досың жанып... -

мұның бәрі басталды сосын барып,

басында басқаша еді.

өмір, уақыт доп қылып қақса сені,

мүжіледі тәкаббар тағы басың,

не бірден-ақ бомбы боп жарыласың -

амал жоқ басқа бұдан.

Бос әуре - тастағы ұран

келісімдер татулық, достық жайлы -

мұның бәрі сенімді босқа ұрлайды,

оны бізге тарих дәлелдеген,

осынау әлемде кең

сенгіштердің қаларын аузын ашып -

талайды алғаш жау оғы қалды басып...

Сенбеу-ақ керек еді

жылан-жауға бойлаған керегені —

доссынып, төсін қағып,

сендіріп, сосын барып

бір басының қанқұйлы құлқыны үшін,

сұлулықты, пәктікті құрту үшін

тірі айырып сәбиді анасынан.

Жоқ ондайға кешірім! Жазасы - қан!

Біз... біз тегі көп сөйлеп барамыз ба?

Әлі - майдан, әлі - кек санамызда,

қатал біздің сөзіміз, сынымыз да.

ұрпақ қалай қарайды мұнымызға?

Заман ғой басқа бүгін,

бәрі: киім, би мен ән, жастар, ұғым...

Бірақ бізге бәрі бір - жоқпыз мәңгі,

біздер үшін шуақ та, шоқ та ызғарлы.

Сіздер ұғасыздар ма жоқ қыздарды –

Жоқпыз мәңгі.

Жоқпыз мәңгі.

***

Болашақ ұрпақ, саған

көңілде сыр сақтағам,

сыр емес-ау, сұрақтар, шегіністер,

сендердегі жеңістер, жеңілістер,

өмір мен адам жайлы,

сезім мен заман жайлы

нәзік жыныс құштар ғой білуге әлі,

өр мінез боп кетпесе бүгін бәрі -

шақырамын сені ашық әңгімеге -

өлгенге үкім жүрмейді - ол заң біле ме?!

Жас ұрпақ, балғын ұлан!

Қандайсың өзің сенің?

Көп кешкен өмір селін,

мүмкін, қарау шығарсың салқын қанды,

жоққа теңеп адамзат даңқын мәңгі,

құбылысқа, адамға, өткендерге

тірлікке, көк пен Жерге

мүмкін, бізден басқаша қарарсың сен

(біздерге арман ақ көйлек - саған кіршең)

ақылменен ойланып, сынап, барлап,

тиімді ме - сонан соң бір-ақ таңдап -

жоқ! Кінәлы емессің сен ісіңе,

бұл - әлемдік дамудың жемісі де!

Мүмкін сен жауларға да -

талайға салған жара

немқұрайды қарарсың кешіріммен,

өзіңдік ой, өзіңдік шешіміңмен?

(Кетеді әлем қалай тез ізін салып,

әйтпесе біздің халық

қызу қанды, от мінез, наркескен-ді.

ойланбай қан кешкен-ді

қандай майдан болса да қылышты алып,

ойрандап ұрыс салып,

жауын жерге жаншымай тыншымаған,

ел мінезін жоғалтса — құрысын адам!)

Қасиетін халқының жоюға бар,

кетсе де ырза көгеріп мойыл жанар —

басқаға ұқсау қалай да — саналы ұғым,

заңы да осы еліктеу заманының.

Сен, әрине, заңдылық тұтқынында,

одан қорғай алмайды ықтының да.

үдетіп ел күдігін

барады жерді бүгін

ақылды да айлалы іскер қаптап

(табиғи күштерді аттап),

барлығында бір ғана бақыт, мұра —

билеу түгел әлемді, уақытты да!

Иә, иә! Уақытты, арманды да,

тіршілікті жалғайтын заңдарды да

бағындыру бір күшке, сезімді де...

Ойланатын, тірілер, кезің, міне!

Қарамайтын уақытқа, заманға да

табиғатта менмен күш — Адам ғана.

Дүниені түрлендіріп,

тұрардай күндер күліп,

Адам қайта жасайды барлығын да,

қайта бақыт сыйлайды сан ғұмырға.

Табиғат — тағдырындай

мәпелеп жалғыз ұлдай

берген саған тіршілік — еншіні анаң.

оны құртар жалғыз күш — сенсің, Адам!»

Үміт

«Түңілгенде, қиналған сәттеріңде

маңдайыңнан сипайтын елің барда,

елің барда—үміт пен сенім барда

жаныңды нұр кернейді,

жүректі жыр тербейді. Арай жырлар.

Арай жырлар, күндейтін талай мұңдар.

Мынау жердің үстінде

бала көңіл, акпейіл адам берда,

тарылуды білмейтін далаң барда,

кеңдікке талпынасың,

ерлікке талпынасың,

талпынасың алдағы ақ арманға,

сосын сенімді ақтауға шарқ ұрасың.

Мынау жердің үстінде

әділеттен жаралған жандар барда,

үміт барда талпынтқан таңдарға, алға,

досыңның түсін жылытып,

жауыңның мысын құртып,

төгіледі арай жырлар,

шуағында толқиды ақ айдындар.

1973»

Ұрлық

(әзіл)

«Жүрегімді

тәтті қиял, арманмен үлпілдеген,

сағынышым, ойым мен күлкім, денем –

бәрін алып қойдың сен, енді сенсіз

жүре алатын емеспін бір күн де мен.

Тәкаппарлау жалт еткен

көзімдегі ойнақы мысқылымды,

тиген жерін өртейтін ыстығымды

жұрдай еттің. Құдай-ау, қайда кеткен

менменшілдеу бойдағы күш бұрыңғы?!

Жаным елтіп шырқайтын таңдағы әнім,

жетелейтін ой-қырға арман-ағын –

бар асылым өзіңмен бір болғасын,

есі-дертім сен болып сандаламын,

ойлашы өзің – басқа енді бар ма амалым?

Мен өзіңнің алдыңда

әлсіреймін бойымда дым күш қалмай,

ойлайсың ба – бұл ісің қылмыс қандай:

мені тонып келесің жалғыз өзің

дүниені жаулаған Шыңғыс хандай!

Қарақшыдай

ауыл сыртын жүретін торып талай,

мені еркіммен ұрладың жорықта жай.

Тілейтінім - өмірде енді маған

сенен басқа ""ұры"" адам жолықпағай!

1977»

Флейта

«Мен сенсіз өмірімді

елестете алмаймын мүлде, мүлде!

Екеумізде таң мен түс, түн де бірге.

Жүрек сырын шертуді басқа адаммен

өңім түгілі, ойлауға жасқанам мен!

Бұл өмірде

жалғыз жүру құлазып - жаза жанға,

аузын ашып тұрғандай ажал алда.

Шақырмайды әуендер тымық таңға –

сенсіз жерде ән, бақыт, қызық бар ма!

Махаббатым -

мөлдір әуен, сұлу саз көктемдерім,

көктемдерім - өзіңнің өбкен демің!

Тірлік әні - нұры боп көрінсе Күн,

жүрегімнің жалқы әні — өзің сенің!

Мен мынау дүниенің

келем кешіп өзіңмен асуларын,

асулардан қиналсаң, қасыңдамын.

Жүрегінен жырлайды ғашық жаным

махаббаттың мәуелі жасыл бағын!»

Шалдың махаббаты

«Менің бар мұңдарымды,

ешкімге де айтылмас сырларымды

сен ғана көңіліңе сақта, жаным.

Көкіректегі қасірет, қуанышымды,

өкінішім мен үмітті, жұбанышымды

саған ғана үн қатпай ақтарамын.

Егер сен түсінбейтін біреу болсаң,

мен бір шешендердей боп есілер едім,

бәрін талдап, бүкпесіз шешілер едім.

Амал не, ұғып тұрсың ғой.

Ендеше, күнім,

Жанымды жүдете бересің несіне менің?

Мына тірліктің көп екен бұрқасындары,

шуақ аңсаған жанымның бұлты ашылмады,

өзіңнен ғана жылылық аңсап-ақ келем.

Түсініп тұрып (аяйсың, қимайсың мені),

тусінбеген боп кетесің, қинайсың мені,

ойлайсың көңілі түңіліп қалса деп менен.

Дейсің ғой маған:

өл, өртен, тағдырға бағын?

Ойменен өлшеп, салмақтап алдың ба бәрін?

Сонда да сенен өтінем, балғын қарағым,

онсыз да өмірден көп қалған көңілімді менің

тым болмаса сен ғана қалдырма, жаным...

1972"

Шаттану

"Сай-саладан шаттық пен күлкі ағылып,

сыңғыр қағып бұлақтар, қырқа жібіп,

“Қыстың сызы қалмаған жазғытұрым”

келді, міне, бізге де гүл тағынып.

Жайнады аспан көзіндей келіншектің

көкірегін қымтаған бұлт арылып,

қыз-көңілде әуендей шырқады үміт.

Шаршаулы едім, келдің бе, нұр көктемім!

Гүл-шарқатқа орадың қыр бөктерін.

Шуағыңа анамның көңіліндей

малынғанда қиялым жүрдек менің.

Көктеменің арайлы таңы атқанда

көрдім талай жанардан мұң кеткенін,

көңілдерді қайта бір гүлдеткенін.

Ағытқандай кеудеден жыр бұлағын,

шалқып-тасып шаттықтан тұрды жаным.

Жүр даланы еңбекпен дүбірлетіп

ақ білегін сыбанған құрбыларым. _

Міне, менің елімнің арулары

көмейінен төгетін бұлбұл әнін!

Шаттық шуақ тарайды бүгін менен,

қызыққан жат қарайды дірілменен.

Ақ жаулықты әжелер барады әне

немересін жетелеп күлімдеген.

Жел өтінде—қазақтың кең даласы,

сен не деген көнбіс ең, ғұмырлы ел ең —

талай қиқу көрсе де тұңілмеген.

Ана көңіл ақпейіл дала-мұрам

үміт-ұшқын шашырап жанарынан...

бабалардың айбынды дүбіріндей

өрен ұрпақ әлемге салады ұран.

Көңілдер де шарықтап шартарапқа,

қияларға самғады бала қыран.

Буындары бусанып кәрі жердің,

анасына күлімдеп қарады ұлан.

...Кернер ме екен әлемді жаңа бір ән?!.

1968»

«Шаттық қайда, ән қайда аласұрған?

Түндер қайда ұйқыны таң асырған?

Байланғандай тіл-аузым тұншығамын,

шалға тиген байғұстай шарасыздан.

Күлкі қайда қытықтап шашыраған?

өрлік қайда келе алмас қасына жан?

Жанарымнан жанымды ұғынатын

қайда менің аяулым – асыл анам?

Күндер қайда көздерден жалын ұшқан?

өкпелескен, назданған, тағы ұғысқан?

Сезім қайда жүректі алқындырып,

жын ұрғандай сенделтер сағыныштан?

Достар қайда – сауықтың сәні қайда?

Тілеуі бір, жаны – жаз, әні майда?

Қырық оянып ататын таңдар мына

құйттай, жалғыз жүректі қарымай ма?!

Айдын көлден аққулар ұшқаны ма?

Қайнар қайда құятын күш жаныма?

үнсіз өрлік шаттығын жерлесе де,

әлі бермей келеді дұшпаныма.

Тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,

кемтар етпей, кенде етпей ар-санадан,

өмір бітті. Мен кешкен сәттің бірін

сезіне алмай өтеді қаншама адам…

1976»

Шәкірт сөзі

«Барады ғұмыр ағып,

сан алаудың бірі өшіп, бірі жанып...

Бірақ менің әлемдей көңілімде

сен шырақсың мөңгілік нұры жарық.

Көз алдымда:

құйып жанға өшпейтін бір жалынды,

отырушы ең айта алмас сырларымды

айтқызбай-ақ көзімнен ұғып алып.

Болмысың, тұлғаң, арың

ашты маған дүниенің сырлы аралын,

бұралаң жол, құздарын, жылғаларын.

Сен анасың—мәңгілік құлағымнан

кетпейтін қүндақ әнің.

Көтере алмай кейде өмір сынақтарын,

мүмкін, сені мен ылғи қуантпадым,

мүмкін кейде өзінді тыңдамадым.

өсірдің, қақ суындай

мөлдірлікті жаныма құйып менің,

сен нұсқадың арманның биіктерін.

Мен табынып ой тұнған жанарыңа,

лебізіңді тыңдадым ұйып керім.

Көңіліңнен кей шақта шыға қалсам,

өзімді адам сезініп, биіктедім.

Мейірімің, пәктігің, сөзіңменен,

кейде қаталдығыңның өзіменен

сен маған сүйікті едің!

Асыл бейнең—мәңгіге кетер үлгі,

сен үйреттің сүюді мекенімді.

Тауға ентігіп шыққанда ең алдымен

саған арнап үземін жеке гүлді.

Бұл күндерде

болса дағы өз тұлғам, өз ілебім,

Аяз бише,

сені еске ап сезінемін

әлі өзімнің аласа екенімді!

1967»

Шешім

«Текке бұлай

бірімізді біріміз қинамалық,

алыстадық иба да, сый да қалып.

Біз қайтеміз –

тағдырлар тоғыспады,

өмір кешкен болғанмен бұйдаланып.

Екі жүрек

қақпадай құлыптағы,

не істерге білмейміз мұны ұққалы.

Қырау қатқан көңілдің терезесін

түндер де жылытпады.

Келсең

кейбір жандардан сағың сынып,

мен емес пе ем жүгірер барымша ұғып?

Маған біреу оқ атса,

өр кеудеңді

сен емес пе ең тосатын жаның шығып?

Енді бүгін

қарасамыз сезінбей, құштарланбай,

қимастықтан көңілде мысқал қалмай...

Кездесіп ек бұл сезім мәңгілік деп,

қоштаспайық тек бірақ дұшпандардай.

1975

Кек

немесе келіншектің ызасы

Сұлу әйел бардан тәлтіректеп шықты да, жанындағы балаң жігіттің жағынан тартып калды. Сосын жалғыз кетті. Хор (Иран) қаласы да, мен де оны үнсіз көзқараспен шығарып салдық...

Сен оның құшағында жаттың, жаным.

Мен болсам жалғыздықтың таттым зарын.

Шынымен кеткені ме көкірегіңнен

сонау бір ұмытылмас ақ түнгі әнің?

Сонда біз бақытты ек қой.

Шын емес пе?

өзің де балқып ең ғой бұла

кеште... Сондағы мені есімнен

жаңылдырған қалпыңды алып

жаттым жылап еске.

Сосын мен пәк сезімнен

жырақтадым. Айтпайтын болды

маған бұлақ та әнін.

Сонан соң қайта атпады тұман тұтып

өмірде күліп атқан бір-ақ таңым.

Әуелі есеңгіреп баттым мұңға,

бүл жайға талайды әлде тап қылдың ба?

өмірге мысқыл жүзбен кеттім еніп,

паршалап жүрегімді лақтырдым да.

Қалмады ерке қылық, ыстық жаным,

булығып ыза, кекке құштым бәрін.

Баяғы менше қайғы шеккендерді

ешқашан аямадым. Мысқылдадым.

Тигенде от құшақта ерінге ерін,

о, қандай жиіркенішті жерінгенің!..

Мен сол бір құшақтардан сені іздедім

және де сенде кеткен кегім менің,

алсам деп жұрттан соны шегінбедім.

Жоқ бүгін менде ешқандай мұңның демі,

мақсатым, бар қиялым бұл күндегі -

мөлдірлік, пәктігімнің кегін алу;

тамырын қырқу тұрса қыр гүлдері.

Мейірім, сезім күтпе менен, адам,

өйткені өзің зұлым қылдың мені…

1974»

«Шырқайын – сазды сырнай досым қайда?!

Әндетсем, қыз-бозбала қосылмай ма?!

Думанның бозбаласыз қызығы жоқ –

өртейін, өртенейін осындайда!

Бозбала, қосыл әнге, жалында шын,

түнді – таң, жүректерді ән ұрласын!

Тербелсін алтыбақан ай астында,

жоғалсын ақсүйектер, табылмасын!

Жүрекке жалын құйып көзқарасым,

Сырнай саз сұлу үнім сорғаласын!

өнердің өзім білген арқасында

үш жүздің ғашық еттім бозбаласын!

Майраның сауық-сайран жүрген жері,

шабытты әндерімен мұңды емдеді.

Сырнай мен домбыраның үні шықса,

жүрегін бозбаланың жыр кернеді.

Қалқысын шаттық көңіл аспанымда,

ән барда сылтауың жоқ басқа мұңға!

Ән – арман, ғашық – арман, қыз-бозбала,

шырқап қал, шарықтап қал жас шағыңда!"



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу