Абай Құнанбаев өлеңдері жинағы
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде - ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн - бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол - ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Әуелі хаят, хәдис - сөздің басы,
Қосарлы бәйітмысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.
Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы,
Мүнәжәт уәлилердің зар наласы.
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Әрбірі келгенінше өз шамасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.
Мал үшін тілін безеп, жанып жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап.
Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап.
Казаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді солар даңдақ.
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, кызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгімеге
Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап.
Амалдап қарағайды талға жалғап,
Әркім жүр алар жердің ебін қамдап.
Мақтан қуған, малқұмар нені ұға алсын,
Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап.
Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,
Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап.
Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп,
Елдің байын еліртіп «жау мұндалап».
Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап -
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.
Әсемпаз болма әрнеге
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де - бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың - жалын, артың - мұз,
Барар едің қай жаққа?
Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйгі алма
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Акырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстазтық қылған жалықпас
Үйретуден балаға.
Көлеңке басын үзартып,
Алысты көзден жасырса;
Күнді уақыт қызартып,
Көкжиектен асырса;
Күңгірт көңілім сырласар
Сүрғылт тартқан бейуаққа,
Төмен қарап мүңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.
Өткен өмір - қу соқпақ,
Қыдырады талайды.
Кім алдады, кім тоқпақ
Салды, соны санайды,
Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке.
Адасқан күшік секілді
Ұлып жүртқа қайтқан ой
Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой.
Ермен шықты, ит қылып,
Бидай шашқан егінге.
Жай жүргенді уерд қылып,
Тыныш өлсеңші тегінде.
Ғылым таппай мақтанба
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ -
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой -
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты -
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл - мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге.ерме.
Сізге айтамын, хаупім - бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі - тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл -
Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл - гүл.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын, алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.
Сөз айттым «Әзірет Әлі», «айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз».
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.
Батырдан барымташы туар даңғой,
Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой.
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,
Елірмелі маскүнем байқалған ғой.
Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп,
Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой!
Өлеңі бар өнерлі інім, сізге
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге.
Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,
Қанша қызық болады өзіңізге?
Кұлақтан кіріп, бойды алар
Кұлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып,
Көңілім әнді үғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға?
Біреу түртсе, я қақса,
Бой тоқтамас жасқауға.
Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді тіргізер.
Өмір тонын кигізіп,
Жоқты бар қып жүргізер.
Есіткендей болады
Құлағы ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тірілтіп өткен құрғырды.
Ішіп, терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?
Сегіз аяқ
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағына жетіп қайырған-
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ-ойға олақ.
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса-көнді,
Жұрт айтса, болды.
Әдеті надан адамның.
Бойында қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз.
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде.
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін
Деп насихат бергенде,
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан.
Аулаққа шықпай,
Сыбырлап бұқпай,
Мейірленбес еш сөзге.
Пайдасыз тақыл-
Байлаусыз ақыл,
Атадан бала ойы өзге.
Санасыз, ойсыз, жарым ес,
Өз ойында ар емес.
Тасыса өсек-
Ысқыртса кесек-
Құмардан әбден шыққаны.
Күпілдек мақтан.
Табытын қаққан-
Аңдығаны, баққаны.
Ынсап, ұят, терең ой
Ойлаған жан жоқ, жауап жоқ.
Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжың
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек етсең ерінбей,
Тоябы қарның тіленбей.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол- бай тап,
Адам бол- мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық
Құрысын, көзің ашылмас.
Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой.
Жұмыссыз сандал,
Еріксіз малды ал
Деген кім бар сендерге?
Қулықты көргіш,
Сұмдықты білгіш
Табылар кісі жөн дерге.
Үш-төрт жылғы әдетің
Өзіңе болар жендетің.
Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды,
Сүйеніп күлкі тоқтыққа,
Тартыпты өнер жоқтыққа.
Қайратым мәлім,
Келмейді әлім,
Мақсұт-алыс, өмір-шақ.
Өткен соң базар,
Қайтқан соң ажар,
Не болады құр қожақ?!
Кеш деп қайтар жол емес,
Жол азығым мол емес.
Бір кісі- мыңға,
Жөн кісі-сұмға,
Әлі жетер заман жоқ.
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті, амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір.
Сөзуар білгіш,
Закүншік, көргіш,
Атанбақ-мақсұт, мақтанбақ.
Жасқанып, қорқып,
Жорғалап, жортып,
Именсе елің, баптанбақ.
Қарғағанын жер қылмақ,
Алқағанын зор қылмақ.
Хош, қорықты елің,
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер?
Ел аңдып сені,
Сен аңдып оны,
Қылт еткізбей бағып көр.
Ойнасшы қатын болса қар,
Аңдыған ерде қала ма ар?!
Көмексіз көзің,
Бір жалғыз өзің
Баға алмай, басың сандалар.
Бауырыңа тартқан,
Сырыңды айтқан
Сырласың сырт айналар.
Ол қаны бұзық ұры-қар,
Қапысын тауып сені алар.
Басы-көзі қан боп,
Арқа-басы шаң боп,
Және тұрып жалпылдап;
Жығылып тұрып,
Буыны құрып,
Тағы қуып салпылдап -
Абұйыр қайда, ар қайда?
Әз басыңа не пайда?
Ит үрсе, бала
Таяғын ала,
Қуады итпен кектесіп.
Ұрысқансып «ой» деп,
«Ұят» деп, «қой» деп,
Үлкендер тыяр «тек» десіп,
Оны білсең, мұның не?
Мен де ұят іс қылдым де.
Білгенге жол бос,
Болсайшы қол бос,
Талаптың дәмін татуға.
Білмеген соқыр,
Қайғысыз отыр,
Тамағы тойса жатуға.
Не ол емес, бұл емес,
Менің де күнім - күн емес.
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас,
Көп наданнан түңілдім.
Екі кеме құйрығын
Ұста, жетсе бұйрығың.
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас - бір жартас,
Қаңқ етер түкті байқамас.
Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?!
Мамықтан төсек
Тастай боп кесек,
Жамбасқа батар ұйқы жоқ.
Сыбыр боп сөзі,
Мәз болып өзі,
Ойланар елдің сыйқы жоқ.
Баяғы қулық, бір алдау,
Қысылған жерде - жан жалдау.
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым - тап шыным!
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай -
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып қақтана алмай, өле жаздап.
Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын,
Бір жағынан қысқанда о да азынап.
Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Қар жауса да, тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,
Бала шықса асынан үзіп-жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.
Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.
Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!
Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауат¹ пен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!
Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін - өсекші, жүртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
¹Ғадауат (арабша) - дұшпандық, ашу, жек көру
Балалық өтті, білдің бе?
Балалық өтті, білдің бе?
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті, көрдің бе?
Кәрілікке көндің бе?
Кім біледі, байғұстар,
Баяндыдан сөндің бе?
Баянсызға төндің бе?
Әлде, айналып, кім білер,
Боталы түйе секілді
Қорадан шықпай өлдің, бе?
Білімдіден шыққан сөз
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкрегінде болсын көз.
Жүрегі - айна, көңігі - ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?
Әблет басқан елерме,
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сенер ме
Түзелмесін білген ез?
«Айтшы-айтшылап» жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар,
Ұйқылы-ояу бойкүйез.
Жас баладай жеңсік қой,
Байлаулы емес ақыл, ой,
Ойлағаны - айт пен той,
Ыржаң - қылжаң ит мінез.
Сұлу қыз бен я батыр
Болмаған соң, тәңрі алғыр,
Шығып кетер, я қалғыр,
Оған ақыл - арам без.
Жақсыға айтсаң, жаны еріп,
Ұғар көңіл шын беріп,
Дертті ішіне ем көріп,
Неге алтынды десін жез.
«Ой, тәңір - айшыл» кер есек,
Қулық, сұмдық не өсек.
Болмаған соң, бір есеп -
Мейілі қамқа, мейілі бөз.
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.
Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.
Мұнан менің қай жерім аяулы деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда?
Ендігі жұрттың сөзі - ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде осы елде дәнеме жоқ
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.
Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,
Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.
Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,
Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.
Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,
Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.
Ел аулақта күш айтқан, топта танған,
Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.
Естілер де ісіне қуанбай жүр,
Ел азды деп надандар мұңаймай жүр.
Ала жылан, аш бақа күпілдектер,
Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр.
Бектікте біреу бекіп тұра алмай жүр,
О дағы ұры-қарды тыя алмай жүр.
Қарсылық күнде қылған телі-тентек,
Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.
Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,
Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр.
Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң -
Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.
Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр,
Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр.
Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі,
Не пайда, не залалды біле алмай жүр.
Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр,
Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.
Қыс қыстауың - қып-қызыл ол бір пәле,
Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.
Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.
Сәлем - борыш, сөз - қулық болғаннан соң,
Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?
Домбыраға қол соқпа
Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп.
Қайғылы көңілім қайдағы
Бұрынғымды жаңғыртар.
Қайратты алып бойдағы,
Басымды қайғы қаңғыртар.
Онан да жылы жүзіңмен
Кел, жарым, қара бетіме.
Жылы, тәтті жауап айт
Іштегі қайғы дертіме.
Іштегі ескі жалынды
Сөндір жаңа қылықпен.
Сөйлесші жақсы, жағымды
Мендей көңілі сынықпен.
Сынық көңілім көп кешер,
Майда қолмен ұстасаң.
Көңілге түрлі ой түсер,
Әр тереңге нұсқасаң.
Күйлі, күйсіз бәйгеге
Қажыды көңілім көп шауып.
Көп қинамай әрнеге,
Енді семірт, жем тауып.
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың - ашыған у, ойың - кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
Ер ісі - ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек.
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.
Адамзат тірілікті дәулет білмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,
Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?
Наданға арам - ақылды құлаққа ілмек,
Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
Рас сөздің кім білер қасиетін,
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.
Қызыл арай1, ақ күміс, алтын бергек
Қызықты ертегіге көтерілмек.
Ақсақалдың, әкенің, білімдінің,
Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.
Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында,
Наданның сүйенгені - көппен дүрмек.
Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.
Бір-екі жолы болған кісі көрсе,
Құдай сүйіп жаратқан осы демек.
Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,
Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?
Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
Адалдық, арамдықты кім теңгермек?
Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.
1 - Арай (парсыша) - көркем, әдемі.
Қансонарда бүркітші шығады аңға
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас - бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.
Томағасын тартқанда бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға,
Көре тұра қалады қашқан түлкі,
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
О да талас қылады шыбын жанға.
Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,
Шабар жерін қарамай жығылғанға.
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,
О дағы осал жау емес қыран паңға.
Сегіз найза қолында, көз аудармай,
Батыр да аял қылмайды ертең таңға.
Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреуі - көк, біреуі - жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Қар - аппақ, бүркіт - қара, түлкі - қызыл,
Ұқсайды хасса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк-бүлк етпей ме сипанғанда,
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.
Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға.
Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,
Қыран бүктеп астына дәл басқанда.
Құсы да иесіне қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.
«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,
Жасы үлкені жанына байланғанда.
Сілке киіп тымақты, насыбайды
Бір атасың көңілің жайланғанда.
Таудан жиде тергендей ала берсе,
Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.
Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,
Аң болады кеңесің құс салғанда.
Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға
Бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда.
Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң.
Көлеңкесі түседі көкейіңе,
Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң.
Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.
Күз
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.
Қыс
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай теріс айналды.
Қар тепкенге қажымыс қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
Жазғытұры
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің түрғысымен.
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, қүшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Туйе боздап, кой қоздап - қора да шу,
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.
Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,
Жүмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жүрқ етіп ілінер көк дауыл баз.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.
Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,
Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.
Қырда торғай сайраса, сайда - бұлбұл,
Тастағы үнін косар байғыз, көкек.
Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.
Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге
Рахметіне алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.
Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер.
Кемпір-шал шуақ Іздеп, бала шулар,
Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.
Жыршы құстар әуеде өлең айтып,
Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.
Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,
Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай,
Таң атқан соң шығарын күннің біліп,
Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай.
Күн - күйеу, жер - қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Түн қырындап жүргенде көп қожаңдап,
Күйеу келді, ай, жүлдыз к... қысты.
Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға елеріп.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.
Күн - күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай,
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.
Қызыл арай сары алтын шатырына,
Күннің кешке кіргенін көрді көзім.
Жаз
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Кұйрығымен шылпылдап,
Арасында кұлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап;
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала,
Жағалайды шешесін
Ет әпер деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,
Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап.
Білімділер сөз айтса,
Бәйгі атындай аңқылдап,
Өзгелер басын изейді,
Әрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен
Малыңды әрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап.
Бай байғұсым десін деп,
Шакырып қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген
Жылқышылар кеп тұрса,
Таңертеңнен салпылдап.
Мылтық атқан, құс салған
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жок,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.
Есіңде бар ма жас күнің
Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос,
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің -
Кімді көрсең, бәрі дос.
Махаббат, қызық, мал мен бақ
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!
Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті -
Жете алмайсың, тоқтайсың.
Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын.
Ғашықтың тілі - тілсіз тіл
Ғашықтың тілі - тілсіз тіл,
Көзбен көр де ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл.
Ол тілге едік оңтайлы
Қаріпсіз біліп сондайды.
Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,
Енді ішіме қонбайды.
Мен сәлем жазамын
Мен сәлем жазамын,
Қарағым қалқама.
Қайғыңнан азамын,
Барушы айта ма?
Күн бойы күтемін
Келер деп хабарың.
Қайғырмай не етемін,
Бізде жоқ назарың.
Көңілге жұбаныш,
Сен едің базарым.
Сенсіз жоқ қуаныш,
Тозды енді ажарым.
Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында
Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында,
Хан да жанын қыяды қыз жолында.
Алтынкүміс кигені, қамқа, торғын,
Күтуші қыз келіншек жүр соңында.
Деген сөз: « Бұқа буға, азбан дуға»,
Хан қарық боп түсіп жүр айғай шуға.
Етімді шал сыйпаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға.
Сән салтанат жұбантпас жас жүректі,
Кім де болса тұрғысын көксемек ті.
Мезгілі өткен дәуренді қуалаған,
Не қылсын бір қартайған өу сүйекті.
Кәрі, жас дәурені өзге тату емес,
Епке көнер ет жүрек сату емес.
Кімде кім үлкен болса екі мүшел,
Мал беріп алғанменен сатын емес.
Есерлер жас қатынды тұтады екен,
Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.
Ортасында бұлардың махаббат жок,
Тұсап қойған қашырар бұқа ма екен?
Бай қартайса, малына берер шылбыр,
Мал өмірді жанғыртпас, құдай ұрғыр.
Біреудің қызын алып малға сатып,
Баяғыны іздеген қандай құрғыр?
Қатыным қалай демес ақсақал бай,
Сонымен дос боп жүрсің,япырым ай!
Қу қатынның майысса, мәз боласың,
Шайтанның шәкіртінің қылығын ай!
Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,
Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең.
Тіпті оңбассың, өзіңе өзің мәз боп,
Дастарқан мен қатынды мақтан көрсең.
Кінәсіз бәйбішемен болады араз,
Жастың көңілі жылымас, ол өзіне аз.
Біреуі көк балдырған, бірі қурай,
Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?
Үнем болмас құйрықты бұлаңдатқан,
Сауырына шапақтап, сүіп жатқан.
Екі көңіл арасы жылшылық жер,
Оны қайтып қосады ол ант атқан?
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, қайнайды.
Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтадай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаң қара шашы бар жібек талды
Торғындай толқын ұрып көз таңдайды.
Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған.
Бұлардың кейбірінің мінездері -
Еш нәрсе көмегенсіп бұртақтаған.
Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,
Орынсыз адамдармен жыртақтаған.
Әуелде сұлу жайы бізге мәлім,
Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған.
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған.
Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.
Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа
Күні-түні жай таппай?
Сен жайыңа жүргенмен,
Қыз өле ме бай таппай?
Түн кезгенің мақұл ма,
Жан-жағыңа жалтақтай?
Өлермін деп жүрмісің,
Мұнан басқа жан таппай?
Білектей арқасында өрген бұрым
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Аласы аз қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,
Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын?
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма секілді тәтті қызды
Боламын да тұрамын көргендей-ақ.
Егерде қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетіңді таяп барсаң тамағына,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.
Ысытқан, суытқан
Ысытқан, суытқан.
Бойыңды бір көңіл.
Дүниені ұмытқан
Құмарың тозар, біл.
Әуелгі кезіңде
Қайтпаған көңілдің,
Есептеп өзің де
Түрінен өмірдің;
Бір жақсы күнім деп,
Қызықпен сөйлесіп,
Артынан ол нем деп,
Ұялып кезнесіп.
Бір ақымақ әңгіме
Сықылды көрінер.
Онысып өңгеге
Айтуға ерінер.
Айтуға білсе, ерінбес,
Надандықпен жеңілмес.
Білген кісі айтса оған,
Надандығы кемімес.
Желсіз түнде жарық ай
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің, топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, ән қосып
Үрген ит пен айтаққа.
Келмеп пе едің жол тосып
Жолығуға аулаққа?
Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл қып,
Елең қағып, бос шошып.
Сөз айта алмай бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?
Құлақтан кіріп, бойды алар
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып,
Көңілім әнді үғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға?
Біреу түртсе, я қақса,
Бой тоқтамас жасқауға.
Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді тіргізер.
Өмір тонын кигізіп,
Жоқты бар қып жүргізер.
Есіткендей болады
Құлағы ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тірілтіп өткен құрғырды.
Ішіп, терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?
Өзгеге, көңілім, тоярсың
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
Қара басқан, қаңғыған,
Хас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар,
Құлағын ойлы ер салсын.
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Әр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын.
Әуелесін, қалқысын,
От-жалын боп шалқысын.
Жылай-жырлай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын.
Мендей ғаріп кез болса,
Мойын салсын, ойлансын.
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса, сол алсын.
Не пайда бар - мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, соларға
Қайтіп қана сарнарсың?!
Жасымда ғылым бар деп ескермедім
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы - бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де баска шауып, төске өрледім,
Қазаққа қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.
Есек
Қырық-елу қос бір жерден
Қайтқан екен керуендер.
Мал айдап барып әр елден
Сауда қылып жүргендер.
Алтын артқан бір есек
Соларменен келеді.
Ол жай жүрсе, жұрт та жай,
Ол желсе, жұрт желеді.
Тамам қостың байлары
Маңайынан кетпейді.
Қошемет қылып бәрлері
Шомын да жөндеп ерттейді.
Ортаға алып әлгіні
Бәрі бірдей сыйлайды.
Бірі сүйіп құлақтан,
Бірі жүнін сыйпайды.
Сылап-сыйпап, қадірлеп,
Беретұғын жем де артық.
Есер шіркін есіріп,
Болып алды тым тантық.
Көш бойы жұрт қасында,
Өзгеменен жұмыс жоқ.
Атты теуіп, адамды
Тістесе де сөгіс жоқ.
"Құдай аман сақта,- деп -
Жарда, суда!"- бата алған.
Еркелетіп ат қойып,
"Жаппарқұл мырза" аталған.
Алтын үсте жүргенде,
Сол қадірмен көп жүрген.
Өз ойында көк есек
Өзгеше тудым деп жүрген.
Алтынды бір күн бай алды,
Есектен жұрт та түңілді.
"Жаппарқұл" аты жоғалды,
Боқ тасуға жегілді.
Қарасаңшы бойыңа,
Ұзын құлақ қалпың ғой.
Жұрт ергені соңыңа -
Үстіндегі алтын ғой.
Бақа мен өгіз (И. А. Крыловтан)
Қарасаң, тым-ақ көп
Көре алмас іші тар.
Несі артық, бізден деп,
Салыспақ жұрт та бар.
Су ішкелі бір өгіз
Барып еді бұлаққа.
Бақалар қорқып, тарбақтап
Қашып шықты әр жаққа.
Бақаға өгіз таумен тең,
Ұшып кетті зәресі.
Мақтаншақтың, сен көрсең,
Бақада екен төресі.
Өз-өзінен бір бақа
Күшенді де, бөртінді.
Қарны үлкейді қампайып,
Өгіздей болам деп ісінді.
Қасындағы жолдасқа
"Қарашы,- деді,- сен бізге!
Қиын ба екен үлкею,
Жеткем жоқ па өгізге?"
"Ісіндің, кебіндің,
Сонда да не пайда?
Түрі жат өгіздің,
Сен қайда, ол қайда?"
Күшенді кеп кіжініп,
Келгенінше шамасы,
"Өстім ғой"- деп ісініп,
Дейді: "енді бір қарашы!"
Қарады да,- "Дәнеме
Болған жоқ қой, қой!"- деді.
Қызып алған антұрған
Айтқан сөзге көнбеді.
Ыңқыл қағып, тыпырлап,
Күшенді де, бөртінді.
Іш жарылды сытырлап.
Мақтанам деп өзі өлді.
Таласпа, жаным-ай,
Қолыңнан келмеске.
Боларсың бақадай,
Көп түссең егеске.
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар әрбір сөзді өз халынша.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,
Оңғақ пұлдай былғайды, бір дым тисе.
Керек іс бозбалаға - талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық.
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Жолдастық, сұхбаттастық - бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.
Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас,
Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас.
Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,
Төбетке өлекшіннің бәрі бір бәс.
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!
Көп жүрмес жеңсікқойлық, әлі-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсікқұмар, жатқа қозар.
Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,
Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар.
Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.
Жар көңіліне бір жанын пида қылып,
Білместігің бар болса, қылар сабыр.
Шу дегенде көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл көрінер ондай қаншық.
Бетім барда бетіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді, кімі - тантық.
Ақыл керек, ес керек, мінез керек,
Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.
Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,
Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, риаз үстіндегі үй.
Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі.
Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,
Сазданбасын, қабақпен имендіріп.
Ері сүйген кісіні о да сүйіп,
Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.
Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі,
Абройлы қалжыңмен келсін сөзі.
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда,
Қатыныңда болмасын оның көзі.
Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,
Тілеуі, жақындығы - бәрі сату.
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,
Қажымас, қайта айнымас қайран тату!
Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен терін сатып түзден жимас.
Меліш сауда сықылды күлкі сатып,
Алса қоймас, араны тағы тоймас.
Асық ұтыс секілді алыс-беріс -
Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс.
Бірі көйтке таласып, бірі арам қып,
Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс.
Жас бала әуел тату бола қалар,
Ата-анадан жақын боп, ертіп алар,
Бірін бірі құшақтап, шуылдасып,
Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.
Біреуі жылап барса үйге таман,
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.
Татулығы құрысын ойыны мен,
Дәл соларға ұқсайды мына заман.
Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады иығы да зор.
Қазақтың қайсысының бар санасы?
Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.
Пысықтықтың белгісі - арыз беру,
Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы.
Қуанбаңдар жастыққа
Қуанбаңдар жастыққа,
Елірме күлкі, мастыққа.
Көзің қайдан жетеді
Достық пенен қастыққа?
Құрбыңның қызық дегенін
Сөз екен деп ап шықпа.
Адалдан тапқан тыйынды
Сал да сақта қапшыққа.
Қолдағынды қорғап бақ,
Мал арзан деп аптықпа.
Сыпайы жүр де, шаруа ойла,
Даңғойланып қақтықпа.
Бет алды жанға бой салма,
Қорлық жүрмес сақтыққа.
Елу бесте біз дағы
Сенісер адам таптық па?
Арсыз құмар болғандар
Опыр-топыр, шақ-шұққа
Түспей жүр ме, көрдің бе,
Жалаң-жүлаң, тақ-тұққа?
Бір дәурен кемді күнге - бозбалалық
Бір дәурен кемді күнге - бозбалалық,
Қартаймастай көрмелік, ойланалық.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,
Дейміз бе ешнәрседен құр қалалық.
Бар ойы - өлең айтып, ән салалық,
Біреуді қалжың қылып қолға алалық.
Қызды ауылға қырындап үйір болса -
Көңіліне зор қуаныш бір бадалық.
Демеңдер өнбес іске жұбаналық,
Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық.
Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,
Көрсе қызар, күнде асық - диуаналық.
Жастықта бір күлгенің - бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық.
Той болса, тон киелік, жүр, баралық,
Бірімізді біріміз аударалық.
Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,
Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.
Уайым - ер қорғаны, есі барлық,
Қиыны бұл дүниенің - қолы тарлық.
«Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар,
Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.
Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық,
Алдыңда уайым көп шошынарлық:
Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік,
Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.
Әсем салдық өлгенше кім қыларлық,
Оған да мезгіл болар тоқталарлық.
Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,
Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық.
Басында әке айтпаса ақыл жарлық,
Ағайын табылмаса ой саларлық,
Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?
Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,
Үзілмес үмітпенен бос қуардық.
Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп
Жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық.
Буынсыз тілің
Буынсыз тілің,
Буулы сөзің
Әсерлі адам ұғылына.
Кісінің сөзін Ұққыш-ақ өзің,
Қисығын түзеп тұғырыға.
Сезімпаз көңіл Жылы жүрек
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос Тым-ақ керек,
Ойы мен тілі бөлінбес.
Антпенен тарқайды
Антпенен тарқайды,
Жиылса кеңеске.
Ор қазып байқайды
Туа жау емеске.
Анттасып алқайды1
Сен тентек демеске.
Кім анттан шалқайды
Амал жоқ жемеске.
Аз адам шаршайды,
Ебіне көнбеске.
Бас ыңғай қайқайды,
Амал жоқ өлмеске.
Ел састы, аңқайды,
Би тартты егеске.
Жұрттағы мал жайды
Ой қылар бермеске.
Өсімге қол жайды,
Тай алып серкешке.
Алмаса ол тайды,
Дап-дайын көрмеске.
Кедей би жантайды
Сауыр мен өркешке.
Саумаққа ол байды,
Кеңесер би кешке.
Қайғы қып болмайды,
Өкпелеп білмеске.
Сүйтсе де оңбайды,
Бұрынғы түсті еске.
Пысықтар шалқайды,
Таласып теңдеске.
Қағысып шонтайды
Өзімен жемдеске.
Таласып тарқайды
Ақшадан төрт-беске.
Бірлікті шайқайды,
Араз боп өнбеске.
Интернатта оқып жүр
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы -
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы -
Білсем деген таласы.
Прошение жазуға
Тырысар, келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы?
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Иждиһатсыз, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды,
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм боларды,
Орыста қалар жаласы.
Бұл іске кім виноват:
Я Семейдің қаласы,
Я қазақтың аласы?
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы.
Ақылы кімнің бар болса,
Демес мұны тілі ащы.
Айтыңызшы, болсаңыз
Здравомыслящий,
Акыл айтпай ма ағасы?
Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен
Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен,
Менмен, кердең, қайғысыз ер көңілмен,
Жазғытүрым жасырып жердің бетін,
Жасыл шөппен, бой жеткен егінмен тең.
Сонан бері рахымсыз көп жыл өтті,
Орақ келер, орылар мезгіл жетті.
Жылы менен суықтың бәрін көріп,
Қайран көңіл қайыспай қайрат етті.
Ауыр ойды көтеріп ауырған жан,
Қайғы, қасірет жүзіңе белгі салған.
Дәні толық, басы үлкен егіндей-ақ
Сенің де басың имек жерге таман.
Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,
Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды үрласа,
Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.
Адамзат - бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.
Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп
Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп,
Ойлама отсыз, ойсыз, суық жан деп.
Жүректегі жалынды көзден жас қып,
Ағызғаным болады ол неге сеп?
Антұрған ел көзіне тік қараймын,
Сонымды сен сөгеді-ау деп ойлаймын.
Жүрегімді кескілеп сатып жүрген
Арсыздарды досым деп неге аяймын?
Ішімде қайғым қалың, көз жасым кем,
Адам жоқ, кімді дос деп мен шағушы ем?
Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек,
Көзінен жасы шықса, бойына ем.
Көңіліңе дайын тұр ғой жайым менің,
Дұшпандығың қатайған шығар сенің.
Егер менің ішімді жарып көрсең,
Жылауыңды ұмытып, шошыр едің.
Сүйсіне алмадым, сүймедім
Сүйсіне алмадым, сүймедім,
Сүйегім жасып, сор қалың.
Сүйісіп саған тимедім,
Бола алмадым сенің жарың.
Қор болды жаным
Қор болды жаным,
Сенсізде менің күнім,
Бек бітті халім,
Тағдырдан келген зұлым.
Тағдыр етсе алла,
Не көрмейді пәнде?
Сайрай бер, тілім,
Сарғайған соң бұл дерттен.
Бүгілді белім,
Жар тайған соң әр серттен.
Қамырықты көңіл,
Қайтсе болар жеңіл?
Сағындым сені,
Көрмедім деп көп заман.
Адам деп мені,
Салмадың сен хат маған.
Жай таба алмай жүрек,
Жасыған соң сүйек.
Бұл қылған зарым
Барса жардың маңына,
Ол - қылған дәрім
Ғашығымның жанына.
Оңалдырып ойды,
Түзетпей ме бойды?
Жүрегім менің қырық жамау
Жүрегім менің қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтып аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден.
Өлді кейі, кейі - жау,
Кімді сүйсе бүл жүрек.
Кімі - қастық, кімі - дау,
Сүйенерге жоқ тірек.
Кәрілік те тұр тақау,
Алдымызда айла жоқ.
Қайғысыздың бәрі - асау,
Бізге онан пайда жоқ.
Қан жүректі қайғылы-ау,
Қайырыла кет сен маған.
Қасиетін ойлан-ау,
Қам көңілдің тынбаған.
Жалын мен оттан жаралып
Жалын мен оттан жаралып,
Жарқылдап Рағит жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар.
Жайына біреу келсе кез,
Белгілі жұмыс, сор қайнар.
Қуаты күшті нұрлы сөз,
Қуатын білген абайлар.
Жалын мен оттан жаралған
Сөзді қғатын қайсың бар?
Партия жиып пара алған,
Пейілі кедей байсыңдар.
Қулық пенен құбылдан
Жалықсаң, жақсы жансыңдар.
Түзелмесе шұғылдан,
Арсылдар да қалшылдар.
Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт!
Ойға түстім, толғандым
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.
Осынша ақымақ болғаным
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін.
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін.
Қулық пенен сұмдыққа
Құладындай ұшыппын;
"Сіз білесіз" дегенге
Күнге күйіп, пісігшін;
Мақтанбасқа мақтанып,
Деп жүріппін "пысықпын".
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде - ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн - бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?
Көк ала бұлт сөгіліп
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойы егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар.
Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ
Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ.
Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ,
Мүшесінен буынып, басады алшақ.
Қарсы алдына жымырып келтірем деп,
Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.
Жаздыкүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,
Қолында бір сабау бар о-дағы аппақ,
Керегеге сабауды шаншып қойып,
Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.
Қу шалбар қулығына болған айғақ,
Тізесін созғылайды қалталанса-ақ.
Ұстаудағы кісідей мезгілі бар,
Күні бойы шешініп, бір т...-ақ.
Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,
Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ,
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.
Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері — қу борбай, сымпыс шолақ.
Олардың жоқ ойында малын бақпақ,
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,
Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.
Сағаттың шықылдағы емес ермек
Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.
Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.
Өткен өмір белгісі осы сыбдыр,
Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.
Ақыл анық байқаған қылығыңды,
Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.
Күн жиылып ай болды, он екі ай жыл,
Жыл жиылып, қартайып қылғаны бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл.
Жүрегім, нені сезесің
Жүрегім, нені сезесің,
Сенен басқа жан жоқ па?
Дүниені, көңілім, кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!
Сезгеніңді сездіріп,
Жете алмадың ортаққа.
Тірі жаннан бездіріп,
Апарасың қай жаққа?
Ортақтық, тыныштық достық қой,
Оның қадірін кім білер?
Әркімге-ақ тілеу қостық қой,
Бәрі - алдамшы саудагер.
Халықтың аты керек қой
Я мақтауға, боқтауға.
Құбылға бәрі зерек қой,
Бәрі жайсыз тоқтауға.
Досты қайдан табасың,
Кеңесерге адам жоқ.
Әрлі-берлі шабасың,
Жалғыздықтан жаман жоқ.
Ақыл айтсаң біреуге
Ішің еріп, егіліп,
Ұялмас ақы тілеуге,
Бермесең қалар түңілііп.
Ақы беріп тындатқан
Сөз көкейге қонар ма?
Құлағын сатқан тәңірі атқан
Оңдырар ма, оңар ма?
Күйесің, жүрек, күйесің,
Күйгеніңнен не пайда?
Дүниеде нені сүйесің,
Өмір қайда, дос қайда?
Ерекше естен кетпес қызық қайда?
Ерекше естен кетпес қызық қайда?
Жолығатын қыз қайда терең сайда?
Сұлулығын қояйын, мінезі артық,
Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда.
Бұл өмір қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенмен боласың тең.
Жүректен ізі кетпес қызық көрсек,
Жақсылықты аянбай жұртқа бөлсек,
Жақынның да, жардың да, асықтың да,
Бәрінің де қызығын көріп білсек.
Тоты құс түсті көбелек
Тоты құс түсті көбелек
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
Ұяламын дегені көңіл үшін
Ұяламын дегені көңіл үшін,
Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін.
Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ,
Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін.
Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,
Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар.
Ар мен ұят ойланбай, тән асырап,
Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар.
Туысқаның, достарың - бәрі екіұшты,
Сол себепті досыңнан дүшпан күшті.
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті?!
Өзің үлкен, қылығың - бала-шаға,
Балаша мәз боп жүрсің тамашаға.
Әкесі ұрысса балаға, ол да - достық,
Баласы ұрысса әкеге, жараса ма?
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сабыр түбі - сары алтын.
Сабыр қылсын, жайыңды
Білер ме екен бекзатым?
Көңіл аулап, сөз айтар
Арадағы тілхатым,
Ағын судай екпіндеп,
Лайы жоқ суатым,
Ауру да емес, сау да емес,
Құрыды әл-қуатым.
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сана қылма бекерге.
Сан қылғанмен пайда жоқ,
Дүние даяр өтерге,
Ажал даяр жетерге.
Қош, қыз алсын қойнына,
Бейнет көрмей, дәулет жоқ.
Әлі батып кетерге,
Оныменен бойыңа
Иман, дәулет бітер ме?
Адалды сатсаң арамға,
Құдай қабыл етер ме?
Қыз сүйеді мені деп,
Оған көңіл көтерме!
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сарқа берме санасын.
Бәрін өзің білсең де,
Әлі-ақ өзің танасың.
Өртенесің, жанасың.
Өз-өзіңнен бейнетке
Өз басыңды саласың.
Қай мезгілде тойғыздың
Аюдайын ағасын,
Қатыны мен қалашын?
Қарсақ жортпас қара адыр,
Қарамай неге шабасың?
Сонда тәуір бола ма,
Ұстап ап біреу сабасын?
Киіміңді тонасын,
Елге де күлкі боласың.
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сағынышқа сарғайма!
Жай жүрсең де қыз қумай,
Сені біреу қарғай ма?
Қыз іздесең, қалың бер,
Мұным ақыл болмай ма?
Көріп алсаң көріктіні,
Таңдап алсаң тектіні,
Сонда да көңіл толмай ма?
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап,
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса қияға, жібереді
Олар да екі құсын екі жақтап.
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстінде шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап.
Тиіп-шығып, ыза қып, ұстатпаса,
Қуанар иелері сонда ыржықтап.
Не таптық мұныменен деген жан жоқ,
Түні бойы күпілдер құсын мақтап.
Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,
Қайран ел осынымен жүр далақтап.
Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас
Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.
Достық, қастық, бар қызық - жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл - күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын - бұл күннің мәртебесі.
Қартаң тартқан адамнан от азаймақ,
От азайса, әр істің бәрі тайғақ.
Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,
Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ.
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған ән - көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына1 билесін ол құлаққа.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық.
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?
Көбінесе ән басы келеді ащы,
"Кел тыңда!" деп өзгеге болар басшы.
Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір
Сол жеріне ойыңмен араласшы.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда, көңілдің өсері бар.
Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.
Көкірегінде оты бар ойлы адамға
Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын.
Жүректе қайрат болмаса
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас, үстірттер.
Қартыңның ойы шар тартқан
Әдеті жеңіп күңгірттер.
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып.
Бере берсең бер десе,
Үміт етер таласып.
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң
Қайда барып оңайын?!
Көлеңке басын ұзартып
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса;
Күнді уақыт қызартып,
Көк жиектен асырса;
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа,
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.
Өткен өмір - қу соқпақ,
Қыдырады талайды.
Кім алдады, кім тоқпақ
Салды, соны санайды.
Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке.
Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой
Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой.
Ермен шықты, ит қылып,
Бидай шашқан егінге.
Жай жүргенді уерд1 қылып,
Тыныш өлсеңші тегінде.
Абайдың баласы Әкiмбайдың жоқтауы
Көз жұмғанша дүниеден
Иманын айтып кеткен-ай!
“Бейсенбі ме бүгін?” — деп,
Жұмаға қарсы өткені-ай!
Жер күңіреніп, жұрт шулап,
Ағайын түгел жеткені-ай!
Жамиғат тоңбай күн жылып,
Тәңірім рақым еткені-ай!
Ием қабыл алды-ақ деп,
Көңіліме қуат біткені-ай!
Қуаттанып бақсам да,
Күнәлі нәсіп түтпеді-ай.
Ата тегі мұндағы—
Орта жүздің ұлығы;
Ана тегі ондағы —
Өзен судың тұнығы.
Екі асылдан қосылған
Сом алтынның сынығы.
Өлгенше естен қалмайды
Өзгеше біткен қылығы.
Қызыл балақ, қыранның
Балапанын дерт алды.
Жеміс ағаш, бәйтерек
Балдырғанын өрт алды.
Артына белгі тастамай,
Жал құйрығын келте алды.
Ағайынды тойғызбай,
Аз күн қоймай, ерте алды.
Көп жасамай, көк орған,
Жарасы үлкен жас елім.
Күн шалған жерді тез орған,
Күншіл дүние қас өлім.
Артына белгі қалдырмай,
Бауыры қатты тас өлім.
Жыламайын десе де,
Шыдарлық па осы өлім?
Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым,
Көп жасамай тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың.
Пайда ойлама, ар ойла
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөгуге?
Өнерсіздің қылығы -
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге.
Алыс та болса іздеп тап,
Кореннойға кіруге,
«Талапты ерге нұр жауар»,
Жүріп өмір сүруге.
Я байларға қызмет қыл,
Ерінбей шауып желуге.
Адал жүріп, адал тұр,
Счетың тура келуге.
Жаныңа жақса, соңынан
Жалқауланба еруге.
Қисық болса, закон бар
Судьяға беруге.
Ол да оязной емес қой,
Алуға теңдік сенуге.
Я өз бетіңмен тәуекел,
Занимайся прямотой.
Жеңіл көрме, бек керек
Оған да ғылым, оған да ой,
Калайынша қайда енуге?
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.
Түбінде баянды еңбек егін салған
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.
Абайдың Смағұл деген iнiсiне қиыр жайлап жүргенде айтқаны
Тау жебелеп жортады көк бөрілер,
О-дағы ат артына бөктерілер,
Қиыр жайлап, шет қонған ағайының,
Талай жанның көзіне жек көрінер.
Абайдың өзге ақындармен сөз жарыстыруы
Ж ы л т ы р
Әр кімнің бір жары бар басы байлы,
Қызылсу Шарға құймай тасымайды.
Жаманға жақсы қолы ұжымақтай,
Әлханжан бері таста насыбайды.
А б а й
Ханым сен, қарашың мен, басы байлы,
Ханы жақсы болса, қарашысы жасымайды.
Жаманға жақсы қолы ұжымақтай,
Әлханжан бері таста насыбайды.
Н а р м а н б е т
Нәпсі жел, көңіл өзен толқын ұрған,
Ми патша, ақыл дария кеңес құрған.
Таупықсыз ақыл мақұл болмайды екен,
Білмесең, құр суретсің бекер тұрған.
А б а й
Сөз самал, өлең дария толқын ұрған,
Ми патша, ақыл уәзір кеңес құрған
Ғылымсыз ақыл таупық болмайды екен,
Болмаса құр суретсің бекер тұрған.
Ы б ы р а й А л т ы н с а р и н
Адам көркі бастағы,
Маңдайдағы қастары.
Кеңшілікте әркім дос,
Таршылықтағы қайрылған достағы.
А б а й
Бес мүшеден бөлекше бас та өзгеше,
Қиғаш біткен маңдайда қас та өзгеше.
Кеңшілікте дос та дос, қасың да дос,
Таршылықта қайрылған дос та өзгеше.
Адам — бiр боқ көтерген боқтың қабы
Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі—ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бiр қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
Байлар жүр жиған малын қорғалатып
Байлар жүр жиған малын қорғалатып,
Өз жүзін онын беріп алар сатып,
Онын алып, тоқсаннан дәме қылып,
Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып.
Барып келсе Ертістің суын татып,
Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,
Елді алып, Еділді алып есіреді,
Iсіп-кеуіп, қабарып келе жатып.
Әрі-бері айналса аты арықтап,
Шығынға белшесінен әбден батып.
Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа,
Құдай құмар қылыпты қалжыратып.
Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң,
Шаптырады қалаға бай да андатып.
Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан,
Қолға түсер сілесі әбден қатып.
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.
Қуаты оттай бұрқырап
Қуаты оттай бұрқырап,
Уәзінге¹ өлшеп тізілген.
Жаңбырлы жайдай сырқырап,
Көк бұлттан үзілген.
Қайран тіл, қайран сөз -
Наданға қадірсіз.
Тәуекел мен батыр ой
Өткір тілді найза етіп,
Сайысып-ақ бақты ғой,
Неше түрлі айла етіп.
Оянбай, қайран жұрт,
Ұялмай қал жым-жырт!
Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Ән салар, жатқа алар,
Түбінде құр қалар.
Адамның кейбір кездері
Адамның кейбір кездері.
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлыттан ашылса;
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өзі ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар кез.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл,
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл.
Ауру жүрек ақырын соғады жай
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түндерде тынши алмай.
Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,
Еркелік пен достықты ауру көрген.
Ақылы жоқ, ары жоқ, шуылдақты
Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.
Тіріліп өткен күнді, тағы шөлдеп,
Осы күнді күн демес қарғап, міндеп.
Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,
Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп
Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын,
Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін
Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап,
Кетірер деп мазақтап беттің арын.
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай,
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.
Ағыбайға
Адам деп есеп қылма Ағыбайды,
Анттан қорқып, құдайды танымайды.
Сабын жаққан терідей жылп-жылп етіп,
Шіркін-ай, бір орыннан табылмайды.
Абыралыға
Мен жасымнан көп көрдім (6)
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қираәтін1 оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді2.
Намазшамның3 артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық4 берген кісідей,
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл түгіл намазы -
Бәрі желге кетеді.
«Еннатайына кәлкәусар»5,
Пашол дереу, күнәкар
Аяғын ойлап айтқаны:
«Әні-шаны күлаптар».
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар.
1 - Қираәт (арабша) - оқу, құран оқу.
2 - Нәпіл (арабша) - міндетті бес уақыт оқылатын намазға қосымша оқылатын намаз.
3 - Намазшам (парсыша) - күн бата оқылатын намаз. Шам - кешкі, кеш.
4 - Жер ұшық - ауырған адамды күн батар алдында күн батысқа қаратып жерге жатқызып-тұрғызып ұшықтау.
5 - «Еннатайына кәлкәусар» - шынында да құрметің, сыйың кәусар суындай.
Ғабидоллаға
Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын,
Қайдан білсін өмірдің көбін азын.
Бәйтеректі күндейді жетемін деп,
Жылы күнге мас болып, көрсе жазын.
Күз келген соң тамырынтүсік шалып,
Бетегеге жете алмай болар жазым.
Мен дағы көп есіттім жастың назын,
Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың?
«Боламынмен» жүргенде болат қайтып,
Жалын сөніп, жас жүзін басады ажым.
Рахым шалға
Сұлу аттың көркі жал,
Азаматтың көркі мал.
Өмір сүрегн кісіге
Дәулет қызық, бала бал.
Бал болатын бала бар,
Бал болар ма Рахымшал?!
Бүйтіп берген балаңды,
Берген құдай, өзің ал!
Күйісбайға
Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға,
Бермек болған айғырдың көзі қайда?
Көзді көрсең бересің, тайсаң танып,
Алдамшы атанғанның несі пайда?
Разаққа
Мына үйде отыр Разақ,
Елдің жөнін айтар ма,
Шақырып алып сұрасақ.
Үлкен қожа ортан қол,
Өзгелері аты жоқ пенен шынашақ.
Сонда Абайдың немересі Әубәкір:
Омархан ағам ше? дегенде:
Оны дағы байқармыз,
Біраз ғана сынасақ.
Дүтбайға
Жылуы жоқ бойының,
Жылмиғаны неткені?
Құбылуы ойының -
Кетпей құйтың еткені.
Мұңды, жылмаң пішінін
Кезек киіп, ел жиып,
Болыс болса, түсінің
Түксігін салар тырсиып.
Бір көрмеге тәп-тәтті
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып ар жағы.
Сенен аяр түгі жоқ,
Бүгін сыйлас көрініп,
Бүгін жалын, ертең шоқ,
Сөзі мен өзі бөлініп.
Әлі үміт, әлі серт,
Жын сықылды бұзылып.
Қулық емес, бұл - бір дерт,
Тұрлауы жоқ құбылып.
Жақсылыққа
Аяғыңды аңдап бас, ей Жақсылық!
Өз басыңда жының бар бір бақсылық.
Борышқорлық - адамға қиын нәрсе,
Әрқайда өсіткізеді мал тапшылық.
Баймағанбетке
Ажының жақсы-ақ қызы едім,
Жетістірем деп алды.
Тілеуін түзден тілесе,
Баста мені неге алды?
Сол желіккеннен желігіп,
Жынды сары жоғалды.
Ойбайлаған болайын-ай,
Жоқтамасам, обал-ды.
Әйелің - Медет қызы, аты Ырым
Әйелің - Медет қызы, аты Ырым,
Айында бір жумайды беттің кірін.
Ер кезек жігітке үшке дейін,
Бір боқты тағы бас та және сүрін.
Дүйсенқұлға
Саудайы ай, сауды алмадың ау, сырқауды алып,
Бір пәлеге жолықтың шырқау барып.
Ала жаздай көгалды бір көрмедің,
Сары жұртқа қондың ба ірге аударып?
Кім екен деп келіп ем түйе қуған
Кім екен деп келіп ем түйе қуған,
Қатын ғой күлдәрімен белін буған.
Төркініңнің бергені жауыр айғыр,
Бауырыңды... бірге туған.
Шәріпке
Түңлікбайдың қатыны, атың - Шәріп,
Байға жарып көрмеген сен бір кәріп.
Сен - шыққан жол үстінде жалғыз түп ши,
Көрінген ит кетеді бір бір сарып
Қатыны мен Масақбай
Сырмақ қып астына
Байның тоқымын,
Отының басына
Төрінің қоқымын
Бүксітіп,
Бықсытып,
Қоқсытып келтірді.
Осының бәрімен
Көңілінде міні жоқ,
Жүзінің нәрі мен
Бойының сыны жоқ.
Бүкшиіп,
Сексиіп,
Түксиіп өлтірді.
Күлкі боп көргенге,
Құрбыға қадірсіз.
Ас қылып бергенге
Шыдамас, сабырсыз.
Келді, ойбай,
Салды айғай,
Түк қоймай боқтады.
Сөзінің жөні жоқ,
Ақылсыз томырық,
Қатынның күні жоқ
Қамшы мен жұдырық.
Барқылдап,
Тарқылдап,
Салпылдап тоқтады.
Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?
Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?
«Күйшіл» деп бабын білмей кінә таққан.
Құл табан, кескіл тұмсық Бөстекбайым,
Кісіге бос берермін бір мін тапқан.
Назарға
Мынау келген Назар ма?
Ақсақалды ауыл азар ма?
Сұрағаның бір ақ тай,
Бермейді деп сазарма!
Белгілі сөз: “өлді, өлді”
Белгілі сөз: “өлді, өлді”,
Белгісіз оның мекені,
Не халатқа әулірді,
Қайда қандай екені.
Адам — бiр боқ көтерген боқтың қабы
Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі—ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бiр қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?
Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?
Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,
Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.
Қай қызығы татиды қу өмірдің
Татуды араз, жақынды жат қыларға?
Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма,
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін.
Бойы бұлғаң
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Өз ойында
Тұл бойында
Еш міні жоқ бендесіп,
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап,
Бұтты-шатты,
Үй санатты,
Байдан атты алмалап.
Кедейі — ер,
Кеселі зор,
Малды байдан сорлы жоқ.
Аш көмектің,
Жемдемектің,
Босқа әлектің орны жоқ.
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гуде-гу.
Байы — баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу.
Ақы берген,
Айтса көнген
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтқан бенде жоқ.
Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр.
Болдың ақыр тап-тақыр.
Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма
Сыпыра жылмаң жел буаз?
Айтты — көндім,
Алды — бердім,
Енді өкіндім — өзіме аз.
Бай сейілді
Бай сейілді,
Бір бейілді
Елде жақсы қалмады.
Елдегі еркек,
Босқа селтек
Қағып елін қармады.
Жөнді, жөнсіз,
Сөз теңеусіз,
Бас пен аяқ, бір қысап.
Ұрысса орыс,
Елге болыс
Үйден үрген итке ұсап.
Өзі ұлыққа
Кәдір жоққа
Қарамай,
Өз халқына.
Сөз қайырмай,
Жөнді айырмай,
Жұртқа шабар талпына.
Танымадық,
Жарымадық
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі.
Шашты малын,
Берді барын
Боларында жұртына.
Еміреніспес енді піспес,
Ұқсамас еш сыртына.
Ел де жаман,
Ер де жаман —
Аңдығаны өз елі.
Елде сияз,
Ойда ояз,
Оңбай-ақ тұр әр түрі.
Кетті бірлік,
Сөнді ерлік,
Енді кімге беттемек?
Елің — ала,
Отты шала,
Тайса аяғың, кім көмбек?
Өтті өмірім
Қайтты көңілім
Бұл дүниенің ісіне.
Жасы құрбы
Жаны тұрғы
Дос па деген кісіге.
Сөзге емексіп.
Ел керексіп,
Не болады мақтаның?
Бейлі шикі,
Ақылы күйкі,
Осы жұрт па тапқаның?
Ата-анаға көз қуаныш
Ата-анаға көз қуаныш—
Алдына алған еркесі.
Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі.
Еркелік кетті.
Ер жетті,
Не бітті?
Оқытарсың молдаға оны,
Үйретерсің әрнені.
Медеу етіп ойы соны,
Жаны тыныштық көрмеді.
Жасында күтті,
Дәме етті,
Босқа өтті .
Ата көңілі жанбаса бір.
Артық өнер шықпаса
Ел танымай, үй танып құр,
Шаруасын да ұқпаса.
Үміті қайда?
Соны ойла,
Абайла!
Сүйер ұлың болса, сен, сүй,
Сүйінерге, жарар ол.
Сүйкімі жоқ құр масыл би
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла.
Ойбайла
Не пайда?
Зарланарсың, ойланарсың
Не болам деп енді мен.
Құрбылардан қорланарсың,
Тәңірі ісіне сен де көн.
Қайғысыз бенде
Көрдің бе,
Өміріңде?
Тәңірі сорлы етсе бенде,
Не бітірер құр жылап.
Жігері жоқ ақылы кенде,
Жанбасыңнан жат сұлап!
Бір жаман мен бе?
Дедің бе
Көңіліңде?
Альбомға
Сал демеймін сөзіме ықыласыңды,
Қайғылы өлең еттім өз басымды.
Көкірегім бар сырын өз әлінше,
Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды.
Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,
Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.
Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір
Арттағыға бір белгі қойса нетер?
Кім біледі, кез болса арттағылар
Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.
Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,
«Рас ау» деп мағынасын о дағы ұғар.
Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім
Жібермей, көп тоқтатар оның көзін.
Жолаушы жол үстінде тамаша еткен
Сықылды өткен жанның бір күмбезін.
Жапырағы қуарған ескі үмітпен
Жапырағы қуарған ескі үмітпен
Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін.
Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды
Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн.
Ол дәурен өмір емес, бір көрген түс,
Ойға түйме қызықты қиялдан күс.
Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен
Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?
Төңкеріліп құбылған жұрт - бір сағым,
Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын.
Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің,
Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым!
Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол
Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы - ол,
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?
Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,
Қыз таныстыр - қызыққа жұрт ыржаңшыл.
Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?
Бала туса, күзетер шылдақана,
Олар да өлең айтар шулап жаңа.
Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,
Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең.
Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,
Айтсаң да үддасынан шыға алмайсың.
Сен білмейді екен деп айтпасын ба,
Неге мұнша сіресіп құп алмайсың?
Өлең деген - әр сөздің ұнасымы,
Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.
Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы?
Қарны тоқ қаса надан ұқпас сөзді,
Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді.
Қадірін жақсы сөздің білер жанға
Таппай айтпа аған да айтар кезді.
Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?
Сүйенерлік адамды құрмет қыл,
Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі - жамау, бірі - құрау.
Әттең дүние - ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде - ақ көрініп тұр - ау.
Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңлін қойып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан - саулық ойда жоқ әуел баста - ақ.
Соры қалың соққы жеген пышанамыз
Соры қалың соққы жеген пышанамыз
Қайтіп суып, жалғаннан күсе аламыз.
Құр дәрімен атқанға өлмейді,
Өмірі мақтаншаққа нысанамыз.
Туғызған ата ана жоқ
Туғызған ата ана жоқ,
Туғызарлық бала жоқ.
Туысқан туған, құрбылас
Қызығымен және жоқ.
Тулайын десе шара жоқ,
Толықсып жүрер шама жоқ.
Ұйқы мен астан дәм кетіп,
Сақалда, шашта қара жоқ.
Байбайшыл тартып, баға жоқ.
Жастарға жаппас жала жоқ.
Жат қораны күзеткен
Қартаң шалда сана жоқ
Осы қымыз қазаққа
Осы қымыз қазаққа
Мақтаның ба, асың ба?
Қымызды басар артынан
Ет даяр ма қасында?
Бойыңа сіңіп, уерд болған
Қызба бастық жасында.
Қызылшыл семіз, жаз қымыз
Бір үлкен борыш басыңда.
Жуасты мін де, айран іш,
Жоқ немеге шатылма.
Ұры, залым, қуларға
Нысанаға шаншылма.
Жылқыны андып ұры жүр
Әр төбенің тасында.
Ой көзімен қарасаң,
Қойдан жылқы асыл ма?
Мақтанға бола жиям деп,
Жылқы үшін жұртқа бас ұрма
Қымыз, семіз дегенің
Бір мақтан ғой, жасырма.
Мақтан қума, керек қу,
Ойсыздарға қосылма.
Қойында ақша, қолда қой
Күзетке оңай, шошынба!
Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей
Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей
Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.
“Бір тойған — шала байлық” деген қазақ,
Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?
Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей
Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?
Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,
Ол немене жоқтықтың әсері емей?
Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,
Тәтті дәмді іздер ең онан да арман.
Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,
Құлдық ұрып асайсың асы бардан.
Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,
Ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа.
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де — жел.
Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Есек к...н жусаң да мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.
Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тиылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.
Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,
Сенімді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы сықылды тез суалар.
Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,
Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып,
Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан
Антұрғанға қосылмай, кел, кет қаңғып.
Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,
Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.
Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген
Антұрғанға қосылма қапылыста.
Мен боламын демеңдер
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.
Болды да партия
Болды да партия,
Ел іші жарылды,
Әуремін мен тыя
Дауың мен шарыңды.
Құрбыдай қош тұттым
Жасың мен кәріңді.
Жоқтамай ұмыттым
Ақыл мен нәріңді.
Ортаға кеп салдым
Өзімде барымды.
Япырмау, неңді алдым,
Сау қоймай арымды?
Ойымнан ой бөліп,
Қозғадың тамырды.
Көңілге тік келіп,
Кетірдің сабырды.
Ойым да ақ, жарым да ақ,
Кеңімді, тарымды
Қарасам байымдап
Сөзің сол сарынды
Өсекке салмаңдар
Ойымды, жарымды.
Өлшеуге алмаңдар,
Ойым бек тарылды.
Ұрыңнан асырдың
Сұм тілді қарынды.
Жасырдым, жасырдым,
Енді айттым зарымды.
Құр айғай бақырған
Құр айғай бақырған
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?
Өңкей надан антұрған,
Қанша айтса, жан ба екен?
Бос жүріп құр қалған
Өміріңе кән бе екен?
Ғалымнан надан артпас ұққанменен
Ғалымнан надан артпас ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.
О-дағы қалыбынан аса алмайды,
Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнің, өзі іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына сонан алар.
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?
Демекпін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ,
Біреуден біреу алып, елге тарар.
Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
“Ит маржанды не қылсын” деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.
Асқа, тойға баратұғын
Асқа, тойға баратұғын,
Жаны асығып жас жігіт,
Қолға кетті жауға бір күн,
Тірі адамның ісі — үміт.
Қозғады жау батыр ерді,
Жауға сойқан салғалы.
Қалыңдығы қала берді,
Жатыр еді алғалы.
Асықсаң да, шырағым,
Саған деген құданың
Жазылған қандай жарлығы,
Есіткен жоқ құлағың.
Қалыңдық құшып, сүюге
Күйеуіне ынтызар.
Келісімен тиюге
Дайындалған ойы бар.
Көйлегін ақтан тіккіштеп,
Күні-түні демалмай,
Бітіруге жүр күштеп.
Асыққансып, тоқталмай.
Сен асыққан екен деп,
Алла әмірін өзгертпес.
Айтқаның болар ма екен деп,
Мен қорқамын, көз жетпес,
Жара басты кеудені,
Жаудан өлді ар үшін,
Ескермей өзге дүниені,
“Аћ!” деп өтті жар үшін.
Жамандық тұрмас күттіріп,
Ел есітті, қыз білді,
Ақ көйлекті бітіріп,
Кебінім деп киді, өлді...
Қол жетпеген некені
Сүйіп кеткен жан екен.
Көзің неге жетеді,
Қосылмақ, онда бар ма екен?
Шыны ғашық жар болса,
Неге өлдім деп налымас.
Онда екеуі кез келсе,
Бірін бірі, танымас.
Көк тұман - алдыңдағы келер заман
Көк тұман - алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.
Ол күндер - өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі - арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ алла біледі рас.
Ақыл мен жан - мен өзім, тән - менікі,
"Мені" мен "менікінің" мағынасы - екі.
"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
"Менікі" өлсе өлсін, оған бекі.
Шырақтар, ынталарың "менікінде",
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен -
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.
Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Ылайла ылай оймен тұнығыңды, -
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.
Адам ғапыл1 дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек.
Ғадәләт2 пен мархамат3- көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек
Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.
1Ғапыл (арабша) - қапы қалу, байқамау.
Мазлұм (арабша) - зұлымдыққа ұшыраған адам.
2Ғадәләт (арабша) - әділет, шындық; рақым, жақсылық
3Мархамат (арабша) - ашушылық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?