Тот басқан пышақ


Бір адамның өмір сүруге деген құлшынысы кеміп, бүкіл жолы жабылып, түңілердей болады. Өзін ешкімге керек еместей сезінгеннен өткен азап бар ма? Үйіндегі жылтыраған заттың бәрін сатып жіберген. Содан күнделікті нан-суын тауып іше алмайтындай төменге түсіп, шың басынан шыңырау құзға құлдырап, түпте мас күйде бұлдырап жатқанда көзіне керует астындағы ескі қобдиша түсті. "Әй, мынау менің бір кездегі қобдишам емес пе? Осының ішінде не бар екен? Сатуға тұратын бір зат табылса жақсы" деп жорғалап барып, керует астына қолын созып, шаң басып, мың қабат сүмелекпен баттасқан көне қобдишаны суырып алып ішін ақтара бастады. Жөнді ештеңе шықпайды. Қисық шеге. Сабы жоқ балға. Кәкір-шүкір. Тек қынабында жатып тот басқан пышақ қана назарын аудара берді. "Мынаны тазартып, қайрап алсам, сонда бір жартылыққа жететіндей пұл құрар, ә?!" деп таттан жүзі көрінбей қалған кездікті жеңіне сүртті. Одан қайрақ іздеді. Қобдишаның түбінен сынық қайрақ тауып алды. Пышақты соған қайрады. Одан сыртқа шығып, құммен тазалады. Есігінің алдындағы тасқа жаныды. Қайтадан қайраққа салды. Біраз терін төкті. Әбден таттанып, пышақ екені білінбей қала жаздаған дүниенің пішіні шыға бастады. Не керек өзі де бұрынғы бесаспап шебер емес пе, пышақты татынан арылтқанша бірнеше күн қайрады. Жүзі жарқырап, өзі сондай үшкір, жүзі қылпып тұрған өткір пышаққа айналған күні өз ісіне көңілі толған бейбақ "О, енді ұсқының кірді. Сені сатып алатын адам табылатынына сенімдімін. Мынадай өткір пышаққа бір шөлмек емес, бір жәшік арақ алатын шығармын" деп ойлады. Ол сөйтіп тұрғанда көршісі жетіп келді.
- Көрші, сенің мал соятын өнерің бар еді ғой. Құрбан айт кезі, бір үлкен сек әкелгенмін, соятын қасапшы таппай отырмын. Көмектесіп жіберсейші. Мә, қолыңда керемет кездік тұр ғой. Біздің үйде не көп, пышақ көп, бірақ мынадай алмас емес, - деп бұны қояр да қоймастан ауласына апарды. Аз уақыттың ішінде секті сойып, мүшелеп берді. Көршісінен алғыс алды. Үйінде қонақ болды. Дастархан басында мұның шебер мал союшы екенін естігендер, айттың қалған екі күніне өздеріне шақырып, пышағын әбден сынады, әрі ең жақсы іске жұмсады.

Адамдар алғыспен қоса, қалтасына ақша салды, құрбандыққа шалған малдың етінен ет те бөліп берді. Аз күннің ішінде үй-ішінің әл-ауқаты оңалып, өзгеріп қалды. Содан бұрынғы шебер пышағын ұстап отырып ойланды. "Сен ғой тот басып пәлен жылдан бері аяқ асты жаттың. Мен сені іздемедім. Мен бүліндім. Сені басқан тот мені де оңдырмай басты. Жүрегім қарайды. Бар жақсы қасиетімнен айырылдым, білген өнерім де ұмытыла бастады. Сені қалай тауып алып, таттан тазарттым, сол сәттен бастап сен пайдаға астың. Адамдарға көп пайдаң тиді. Сенің арқаңда мен де жұрттан жақсы сөздер естідім. Мен түсіндім. Мен де тап сен сияқты іші-сыртымдағы таттан тазалануым керек екен" деп адам дұрыс жолға қайтып оралды. Көп уақыт өтпей тұрмысы түзелді. Байыды. Ел-жұрт оны сыйлайтын, құрметтейтін болды. Қас шебердің қолына қайта оралған өткір пышақ осылай иесін жөнге салды, түзу жолға түсуіне себеп болды. Иә, кейде түзу жолынан адасып жүрген адамға біздің бір жылы сөзіміз, алмастай жарқ етпе қылығымыз керек болып тұрады. Жамандыққа жұмсалмайтын өткір пышақ та, жылы құшақ та бола білейік.


Мұнайдар Балмолда


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу

Ілмектер: пышақ, тот