Бейімбет Майлин | Бір суреттің тарихы

  Бейімбет Майлин | Бір суреттің тарихы

Аспан жүзін қаптаған күзгі сұр бұлт оқтын-оқтын қабағын түйгендей тұнжырап, себелеп бүркіп-бүркіп алады. Ысқырған ексімді жел арбиған қу қаңбақты домалатып, ескі апандарға, сай жырасына малша иіріп тыға түседі.

Дала иесіз. Көңілсіз.

Айдабол сайының жол етер кезеңінде бейнеусіз үйілген тезектей қиқайып, құммен көміліп бара жатқан тәрізденіп қараша үй отыр. Жел ішін тартып үйірілте соқса, қараша үйдің киізі қолп-қолп етеді. Үй ортасына жағылған от шалқи жанып, от басына төнгендердің көзінен сорасын ағызып, берекесін тым-ақ алып отырған секілді.

От басында екі әйел отыр. Қатпар бетті қара кемпір жаулығының шетімен көзінің сорасын сүртті де, бақшиып шаңыраққа қарады. Аспан жүзінің түнерген бұлты үрейді ала түсейін дегендей әлденеге түксие қалыпты. Кемпір ауыр күрсініп, аузы күбірлеп, жанында отырған жас әйелге қарады. Жас әйелдің бауырында бесік. Ажарында ауыр қайғының, кейістіктің ізі.

— Ұйықтады ма, сәулем? — деді кемпір.

— Ұйықтады.

Екеуі де үнсіз, отқа телмірумен отырды. Екі ортасында бесік. Іргеден соққан ызғырық жел отпен ойнағандай түтіннің ұйқы-тұйқысын шығарды. Тарамыс саусағы қалтылдап, кемпір бесіктің жабуын қымтай түсті. Бір кезде кемпірдің иегі кемсең қақты:

— Келінжан, не болар екен күніміз?

Жас әйел ақшыл беті сұрғылт тартқан секілденіп, мөлдір қара көзі жаспен көміліп, төменгі ерні әдеттегісінен сәл қымқырыла түскендей боп, үнсіз отырды да қойды...

Жел ызыңы бұрынғысынан да үдеп, жыртық киізді жұлмалап ойнағандай сілкіп-сілкіп қояды.

Ымырт жабылып барады. Аздан кейін әлем жүзін көзден тасалап, қою қараңғылық көмгелі құшағын жайып тұрған секілді. Жапанда қалған жалғыз үйге түн қарашысынан ауыр не бар екен?!

Аш күзендей бүкшиген арық торы атпен салды қапталдата желіп біреу келеді. Көзге түртсе көрінгісіз қараңғылық. Жер мөлшерін жаттап алған адамдай, беті бұрылмастан қасқиып тартумен келеді. Оқтын-оқтын атының басын тежеп, тың тыңдаған адам секілденеді. Әлдеқайда от сәулесі жылт еткендей болды да, қараңғылыққа қайта көміліп, дала иесізденіп меңіреулене қалыпты. Жалғыз-ақ түнгі желдің ызыңы құлаққа маза бермейін дегендей сарнауын үдете түсті. Жүргінші ауыр бір күрсініп, атқа қамшыны басып-басып жіберді. Жақындаған сайын қараша үйдегі от сәулесі айқындала түсіп, үй ішіндегі өмірді сыртқа тасып тұрған тәрізденді.

Ат дүрсіліне елеңдеп келіншек басын көтерді. Бет ажарында қауіп пен шаттық арбасып, қайсысының үстем келерін білмеген дағдарыс.

— Сол болар ма екен?..

Минут өтпей, бұл жас әйел торы атты жүргіншінің шылбырына оралып, қарға ішкен сойылын алып, қараша үйдің белдеуіне қыстырды.

— Тыныштық па, жаным?

Бестек күпісін сүйретіп, қалтылдап қара кемпір шықты үйден. Кәрі көзі қараңғылық пердесіне көмілген секілденіп ешнәрсені көре алар емес. Әйткенмен, жақсылық ырымды жүрек сезгендей боп, жүрегін қуаныш оты жылытты.

— Сенбісің, Шәкіжан?

* * *

Бұдан төрт-бес күн бұрын осы сайдың қабағы сыңсып отырған ауыл еді. Қарақұрым боп жайылған мал еді. Көп үйдің бірі боп осы қараша үй де отыр еді. Жаңағы келген торы атты жүргінші осы үйдің иесі Шәкібай Шаңырақбай ұлы дейтін жігіт еді. Балғын денесі салмақпен қозғалып, есіктен кіргенде, шәукиген қараша үйдің шаңырағына төбесі сәл ғана тимей тұрған секілденді. Кірген ыңғайында бесікті айналдырды.

— Дені сау ма, Медет жанның?

— Сау.

Жасқа толған қара көздің жанарында қуаныш сәулесі ойнай бастаған секілденіп, жас әйел бесіктің екінші жағына отырды. Бесікті қоршаған баласы мен келінін көріп, бар тілегі тап сол минутте орындалған секілденіп, кемпірдің иегі кемсең қақты. Бұл шалқып қуанғандықтың белгісі еді.

— Ешкім көшіріп алмады ма? — деді Шәкібай күрсініп.

— Көлік жіберерміз десіп еді, әлі жоқ...

Шәкібайдың қабағы қатпарлана түсті. Бұл үйдің жұртта қалу тарихы ұзақ сонар оқиғаға байланысты. Жас әйелдің аты Әмине. Сөзге де шебер, ажарға да тәуір. Елдегі тәуір әйелдің бәрін өзімсіну Алданазар ауылнайдың әдеті. Жас әйелдер оны "сұлу мұрт" қайнаға дейді. Жасы қырықты алқындырса да, Алданазардың иегіне сақал бітпей-ақ қойды. Жебелі мұрты аузын түкситіп, әлпетін тым сүйкімді көрсетпейді. Әйтсе де, өз ойынша — өзінен сұлу жан жоқ!..

Осы Алданазардың Әминеден бірінші рет беті қайтып, әлденеден секем алды.

16-жылдың оқиғасы ойламаған жерден кездескендей болды. Ауыл өмірі сынаптай толқыды. Әлдеқайда, әлдекімдерді хан көтеріп, патша әміріне қарсы шапқандардың даңқы жер сілкіндірді. Ауылнай, болыстардың көзіне өлім елестеді. Соның бірі — Алданазар еді. Бірақ бұл ағайын ішінде белділінің бір тұқымнан өрбіген шаңырағының көптігін арқаға таңу ғып, көпшіліктің көзінде именбейтін адамның түрін көрсетті. Бір жағынан уезге переводчик боп інісінің отырғандығын алға тартып, "майданға бір адам жібермеймін!" деген сеніммен елді иықтан басып алғандай болды. "У жесең руыңмен" деп, көпшіліктен жырылып шығудан қиын не бар, осы Шәкібай ақсақал ауқымына маталғанның бірі боп, болашақты бұлдыр болжап, от басынан шыға алмады.

Бірер айға патшадан "кеңшілік" келіп, ұзамай о да бітті. Алданазарға қараған жігіттер приемға түсетін болды. Кімнің қалып, кімдердің айдалатыны алдан әшкереленіп қалған секілді еді. Айдалатынның бірі Шәкібай болды. Қарманар тал қалмаған секілденіп, он шақты жігіт бас қосып, бұлар бір түнде елден шығып кетті. Бет алғандары сонау Торғай даласындағы Аманкелді тобы еді. Көпшіліктен жырылып, тентек атанғанда арттағы қатын-баланың күні не болмақ? Бірақ әлденеден ышқынған жас жан, ойды кернеген ыза-кек ешнәрсені ойлатпай, бұларды атқа мінгізіп еді.

Міне, Шәкібай осы келгенде сол сапардан оралғаны еді. Ел іші қаптаған отряд. Қашқандардың үй ішіне тым қатаң. Арқаға пана болар дейтін Алданазардың сыры өзіне мәлім. Тым болмаса елді енді бір көріп, ақтық рет қоштасқысы келген адамдай, Шәкібай ешкімнің тоқтау айтқан сөзін тыңдамастан Айдабол сайынан бір-ақ келіп шыққаны еді...

* * *

Ысқырған жел бірер минут ішін тартып тына қалған секілденді де, әлдеқайдан жан шошытарлық белгіні әдейі сездіргендей болды. Қара жолдың бойында ат тұяғының тырсылы.. Шәкібай бесікті ашып, от сәулесін жас нәрестенің бетіне ойнатып, енді сүйе берем дегенде, тұлабойы кенет мұздады. Үрейленген көзі Әминеге еріксіз бурылды. Бірер минут үнсіз. Ат дүрсілі айқындала түсті. Жел ысқырып, әлденеге қуанғандай боп па, әлде, қайғырып зарланғандай боп па, ішін тарта-тарта соқты.

— Есітіп отырмысың? — деді Әмине.

— Есітіп отырмын...

Бірер минуттың ішінде көп нәрсені шешіп үлгірген секілденіп, Әмине кенет шіміркенді:

— Атыңа мін... Біз өлмеспіз...

Жел бұрынғысынан да өршеленгендей боп қараша үйді солқ-солқ еткізді. Ызғырық жел жарау торының жүнін үрпитіп, қаңбақша домалатып ыққа қарай қуып бара жатқан секілді. Шәкібай кенет атының басын тартты. Жел аралас шыңғырған дауыс па, әлде ысқырған жел ме, әйтеуір сүйкімсіз бір дыбыс жүректі тырнап өткендей боп, бойын түршіктіріп жіберді.

— Менікі не? Қорғансыз қатын-баланы кімге тастап барам? — деді күбірлеп.

Аузынан шыққан сөзін жел жұлып алып, әлдеқайда уыстап шашып жатқан секілденді. Бұрылып артына қарады. Түнерген қою қараңғылық, атының басын зорға көреді, алды одан да қараңғы...

... Көк жиегі бозарып, бұлдыр сәуле қараңғылықтың шымылдығын серпін ашқан секілденді. Сай қабағында жарбиған жалғыз қараша үй, моланың басындағы там секілді, түсі тым салқын. Маңы қоқсыған ескі мүлік; қирап жатқан аяқ-табақ. Үй ортасындағы от опыр-топыр болғандай әр жерде бір шоғы жылтылдайды.

Шәкібай үйге басын сұға беріп, қайта жұлып алды:

— Әмине! — деді ышқына дауыстап.

Мүлгіп тұрған дала Шәкібайдың дауысымен кенет сілкінген секілденді.

Көкке көтеріліп шырылдаған торғайша шар-р... еткен нәрестенің даусы шықты. Шәкібай ұмтылып үйге кіргенде аяғына былқ етіп бір нәрсе оралды. Сүріне-мүріне бесікке жетті. Жас нәресте адам дыбысын сезгендей боп, жылаудан тоқтады. Даусы қарлыққан, солығын зорға басады, түн бойына жылаған бола ма?

Таң әлдеқашан атты. Сай қабағына көтерілген күн сығыраңдап есіктен қараумен тұр. Есік алдында жатқан кемпірдің өлік денесі күн нұрымен көміліп, нұрсыз беті одан бетер ағарып көрінген секілденді. Әмине төсекте. Беті бүркеулі. Бүркеулі бетін ашқалы Шәкібай неше рет қолын ұмсынып, қайтып алды. Шәкібайдың алдында жас нәресте — Медет: біреуге кіжінгендей жұдырығын құшырлана түйіп, аузына тыға түсіп, солығын әлі баса алмаған секілді.

Естен айрылған адам секілденіп, Шәкібай үнсіз отыр. Кенет көзі ұясынан шыққандай аларып, бір нәрсеге қадала қалды. Әминенің бас жағында бір офицердің суреті қалыпты: екі иығында жарқыраған погон, қылыш, мылтық; мұрты тікірейіп құлағына жеткендей; тікірейген көзі тап сол минутке Шәкібайға тым қадала түскен секілді.

Шәкібай қалтыранған түрмен суретке жақындады.

* * *

35-жылдың жазы еді. Июнь ішінің маужыраған ауасы Қазақстан даласын ерекше еркелеткен секілденіп, адам қарап тойғысыз болып тұрған мезгіл еді. Турксиб жолын бойлап, поезд сырғып келе жатты. Көп жүргіншінің бірі боп, алпамса денелі қара шал да келе жатыр. Шал деп ауыз айтуға болмаса, онша құлап кеткен де кісі емес. Демалысқа бара жатқан жұмысшы жігіт жоғарғы полкеден ырғып түсті де, осы шалмен қатарласа отырды.

— Қай жерге барасыз? — деп сұрады.

Шал күлімсірей түсіп:

— Алматыға барам. Балам кызметте еді, — деді. Осы сөзді айтқанда өзі едәуір көтеріле түскендей боп, маңындағыларды көзімен бір шолып өтті: қарсы алдында түксиген мұртты, ежірейген көзді, бұқа мойын сары орыс отыр еді. Колбаса мен нанды қабаттап аузына сірестіре толтырып, ұртын бұлтылдатып шайнап отыр, шайнап отыр. Көзі әлденеге, бұл кісіге қадала түскен секілді. Тізесінің жанындағы шамаданнан бөтелкенің мойны қылтиып көрініп тұр.

— Сенікі қай ауыл? — деді бұқа мойын бір кезде.

— Менікі бұрынғы Алданазардың ауылы. Алданазарды білесің бе? — деді шал сұрлана түсіп.

Бұл — жоғарғы Шәкібай отағасы еді. Алматыға іздеп келе жатқаны — баяғы бесікте қалатын Медет еді.

Бұқа мойын сары орыс бірер минут ойлана түскендей болды да, басын шайқады:

— Білмеймін...

— Жоқ, білесің!

Бұқа мойынның қабағы тыржиды. Бұлтылдаған ұрты кенет семе бастаған секілденді. Поезд жүйткумен келеді.

Алматының вокзалы ығы-жығы адам. Құнан қойдай кердеңдей басқан семіз бәйбіше бұқа мойынды қарсы алып:

— Саша! — деді.

Бұқа мойын семіз бәйбішемен сүйісіп жатқанда, екінші жағынан біреу келіп, бәсең дауыспен құлағына сыбырлады.

— Саша! Мені танимысың?

Шала кентше киінген, қатқан қара кісі жайраң қағып, жақындай түсті. Бұл баяғы Алданазар еді. Сашаға сыбырлап:

— Қашып жүрмін. Не көмегің бар, — деді.

Саша үрейленіп, көзімен көпшіліктің ішінен әлдекімді іздей берем дегенде, сыпайы киімді жас бала жігіт жанына жетіп келді.

— Господин офицер, мына суретті танисыз ба?

Бірер минуттың ішінде Сашаның көз алдына айсыз қараңғы түн, Айдабол сайының қабағы, жан ұшырып алысқан жас әйел, бесікте шырылдап жылаған жас бала елестеп өткендей болды.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі