Бейімбет Майлин (Тасболат)

 Бейімбет Майлин (Тасболат)

Күн көтеріле қаладан шықтық. Жеккен атымыз Тасболаттікі. Тасболат делбе ұстап келе жатыр.

Күн ызғырық, суық. Ұшпалы сұр бұлт аспан жүзін қаптап, ... оқта-санда қиыршық қар қыламықтап қояды. Тоңа бастадық. Қаладан шыққан ыңғайда желге тура қарап отырсақ та жақ жүніміз үрпиіп, іші-бауырымыз қалтырай бастаған соң, ыққа қарай бет бұрдық. Тасболат әуелгі отырысынан танбады. Белін буған сары тон, үзік баулы елтірі тымақ — қандай ызғырық болса да төтеп беретін секілді. Киімі қорған болмағанмен де, алып болып біткен Тасболаттың денесі, сыртына шығып тұрған қайраты анау-мынау ызғырықты елетер емес.

Қаңыраған дала. Үйілген құм. Шоқ-шоқ болып біткен қурай мен жыңғылдың қалдығы қурап, қатып-сеніп, өзінен-өзі бітіп бара жатқан секілді. Ойпаң жерлерде, көл жиегінде малдың тезегі жатыр; қазылған жер ошақ, төгілген күл, дөңгелектенген үйлердің жұрты көрінді. Ана бір көгал сымақ бір кезде ел қонған ауыл өмірінің қайнаған жері екендігінде шек жоқ.

Қабырғасы ыржаңдаған арық тор ат, белестен ойға қарай түскенде бұл кілт деп жоржан болды. Шолақ шыбыртқымен шып еткізіп, Тасболат оқта-сандаурып та қояды. Адырға кездессе, ысылдаған құмға арбаның тегершігі көміліп, торы ат мимырттап барып тоқтайды. Жол жаман ба, әлде біз ауырмыз ба, әйтеуір тоқтап қалса торы атгың танауы желпілдеп, демі пеішің мұржасынан шыққан түтіндей будақтайды.

— Аттың демін алдырайық, буынып кетіп жүрер, − деп Тас-болат арбадан түсті.

Аттың сырттығын, тамақ бауын қарап болып, бұрылып арбаға қайта келді. Менің тоңып отырғанымды біліп, жел жағыма келіп, арбаға сүйенді. Көзі күлімсірейді. Шоқша сақалды, қыр мұрынды ақ құба кісі; түріне Қарағанда онша кәрі емес секілді; бірақ сақалы бурыл тартып қалыпты.

— Нешеге келдіңіз, отағасы? — деп ем.

— Қырықтың нақ бесеуінде тұрмын, — деп күрсінген тәрізденді.

Күннің суықтығын, арық малдың қолға қарай бастағандығын, ел қолында пішен қорының аздығын бірсыдырғы әңгіме қылып өтіп, бір кезде менің кім екенімді, қай елдің адамы екенімді, жасыма шейін анықтап сұрады.

− Е... Солай еді... «Талсуат» елінің баласы едім де... білуші ем

− Көрген жерім еді... біздің Байжаннан үлкен екенсіз-ау, − деді.

− Байжан дегеніңіз кім?

− Байжан деген менің балам еді, жасы биыл нақ жиырмада.

− Балаңыз қайда: шаруашылық істей ме, әлде оқып жүр ме?

− Анығын өзім де білмеймін, шырағым, әйтеуір тірі деп есітем... Жас кезіңде молдадан оқыды, — деп еді...

Тасболат күрсінді. Шолақ шыбыртқымен торы атты шып еткізіп ұрып қойды. Бір нәрсе есіне түсіп мұңайып қамықты ма, әлде қарсы соққан жел көзінің сорасын ағызды ма, күсті қолын қолғаптан шығарып көз жанарын сүртті.

Тасболаттың соңғы жауабы маған жұмбақ болып көрінді. Байжан баласы болса, жасы қазір жиырмаға жеткен болса, оның неғып жүргенін, қайда жүргенін білмеуі қалай?.. Мен, анығын білгім келіп, қазбалап сұрай бастадым. Бірсыпыра уақытқа шейін менің сұрауыма ұшынан ғана жауап беріп отырды. Жауабы түсініксіз, күңгірт, бүркеулі жатқан бір астардың барлығын еріксіз сездірерлік еді.

— Шырағым, тым қазбалап кеттің-ау. Қысқа берген жауабыма қанағат қылмай отырсың. Оныңды сезем. Бірақ, бұдан арғысын айтуға болмайды ғой, ешкімге айтылмаған сыр еді. Айтпаспыл деуші едім...

Тасболат басын төмен салып, бірсыпыра жерге шейін ойланумен отырды. Ойлаған түріне Қарағанда, жанды жеген ескі жараның аузы ашылып, жүректе қан боп қатқан сырдың мұздай жарылып, сел болып ағып кетуге дайын тұрғандығын сездіргендей еді. Түсі бір қуарып, бір қызарып, мазасы кетумен болды. Бір кезде басын көтеріп, ауыр күрсінді. Бұрылып бетіме қарады. Кез жанарында мөлтілдеген жас тұр еді.

— Ұмытылып кеткен нәрсе еді, шырағым. Әлдеқайдағылардың қозғалып еске түсуін қарашы... Сенің еліңші есіткен соң, «Талболаттың» атын есіткен сол, өткен күн, жастық өмір сағымдай мұнарланып ойымды, жүрегімді тартып алып кетті! Мен қазір елде жүрген сияқты болып отырмын. Ойқой, дәурен! Қара көлдің аңғарында — сіздің ел бар, біздің ел бар қара-құрым болып жайлап отырар еді... Ән салып, сауық құрып, ойын-той андып, сайран салып жүруші едік! Қайран жастық! Енді мынау шал болып отырғанымыз.

Тасболат шынымен қамығып, бүртіктенген жас көз жанарынан домалап, бетінің қобысын қуалай жөнелді.

Тасболаттың басынан қандай қайғының өткенін анық білмесем де, бала сияқтанып еңкілдеп жылаған соң, жаман аядым... ,

Тасболат жылауын тоқтатып, көзін сүртті. Жүрегі жарылғандай болып ауыр күрсінді. Торы атты шыпылдатып шыбыртқымен ұрып қойды. Салалы саусағымен сақал-мұртын сипап өтті.

— Е, солай еді де. Талсуат елінің баласы едім де... білем-білем. Талсуаттың басы талай аунаған жеріміз. Талсуаттың күнбатыс жағында Тәшпай обасы дейтін оба бар еді, әлі бар шығар-ау... Жас күнімізде жиналып алып, сол обаның басында талай асыр салушы едік... Сені де біліп отырмын, шырағым. Сенің әкең Омардың Бермағамбеті ғой. Бермағамбет менен 3-4 жас үлкен еді. Бірге өстік. Мен кеткенде, сен жүгіріп жүрген бала едің. Оны да білем... мен үйіңе барсам «қамшыңды бер» деп әлек салушы едің, оны білесің бе? — деп күлімсіреп бетіме қарады.

— Білмессің. Онда жас едің ғой. Қазірде білуің қиын болар. Мен елден кежелі қашан. Мені тірі дегенге енжім нанбас. Мен елге есепті адаммын ғой... Шынында да құр қарайған түрім болмаса, мен өлікпін ғой. Менің тірі болып осындай жүргенімнен не пайда?!.

Тасболат біртіндеп айта келе сырды шешуге жақындады. Біресе басынан, біресе аяғынан шолып айтып отырып:

— Болмас, бәрібір басталды ғой, саған жұмбақ қыла бергенше, сырдың бәрін ашып алдыңа салайын. Інім екенсің, сен сияқты ініге айтпай сүр қылып сақтағанда не шықпақшы? Ал, тыңда! — деп Тасболат маған қарап бұрылыңқырап отырды. Ашылған омырауын қымтап, тымағының жалбыр жүнді-жақтарын кейін сыпырып қойды. Бірер күрсініп алып, басынан өткен оқиғасын бастады.

«... Білетін шығарсың, шырағым, Талсуаттан 15 шақырым жерде, оң тұс жағында, Берден қопасы дейтін қопа бар. Берден қопасын екі ауыл керей қоныс қылған. Сол керейдің ішінде Әлеке, Талбай дегендер болған. Әлекеден тұқым жоқ, Таңбайдан туған жалғыз бала мен...

... Біздің ауылымызды Әлекенің ауылы дейтін еді. Ұйлыққан он үй шетінен кедей, алдымыздан он қара, артымыздан бір қара зорға шығушы еді. Көрші ауылымыз Қанай шетінен бай. Біздің ауылдың жұмысқа жарағандары Қанай ауылына араласып, көлігін мініп, сауынын сауып, күн көріп жүрді. Қанай ауылы біздің ауылды «қара тобыр» деп атайтын еді...

...Мен — Таңбайдан жалғыз болдым. Мінерлік көлік, сауарлық сиырымыз болды. Әкем шал болған сол, мен жасымнан-ақ жұмысқа кірістім: шөп шаптым, менің жұмыс қылғанымды қуаныш керіп, төбелері кекке екі-ақ елі тимеуші еді...

...Кедейдің баласы болсам да, кемпір-шал еркелеткен соң, адам алаңғасарланып, әуейленіп кетеді екен. Кемпір-шалды арқатану қылып, ойын-күлкі, сауыққа беріліп кетеді екен. Сол қалып менде болды. Болғанда — мықты болды: домбыра үйреніп, ән салдым. Ойын-тойды іздеп жүретін болдым. Бір кетсем, айлар жүріп өлке бойын тегіс аралап шығып қайтатын болдым. Кемпір-шал ұрсуды білмеді, кайта менің соныңды мәртебе көріп жүрді...

...Қанай ауылында Жүсіп деген бар еді. Бай еді. Осы күні қандай екенін сен білегін боларсың. Сол Жүсіптің баласы Амандық, берірек келген соң, мені баулып қолына ұстады. Жүрген жеріне ала жүретін болды. Мен сауыққа, қызыққа, байдың тұрмысына беріліп, үйді ұмытатынды шығардым. Кемпір-шалдың қандай күйде отырғандығын ескермейтінді шығардым... Әй, иманды болғыр әкем-ай, сонда да ренжіп, маған бір ауыз қатты сөз айта білмеді-ау. Бірақ, онысы маған паңда болмады. Сол бетіммен кеткендіктен осындай күйге ұшырап отырмын ғой...

...Амандық байдың баласы. Уайым-қайғы көрмей еркін өскен, көкірек. Ол кімнің қадырын білсін. Айғаншаның сымбатын, мінез-құлқын, тәрбиесін ол көзге ілмеді. Айғаншаны көп әйелдің бірі деп санады. Ашуы келсе, ұратын болды. Боқтап сөгетін болды. Айғанша ренжісе, менің жаным күйзелетін болды. Бірақ, мұңымды өзімнен басқа ешкім сезген жоқ. Керек десе Айғаншаға да сездіре білмедім...

...Құдай құлдың ішінде Үкібас дегеннің ер жеткен қызы болды. Көзі үлкендей, қаны қашқан сұрғылт бетті әйел еді. Бірен саран бозбалалармен жүргені естілді. Соның несіне қызыққанын білмеймін, Амандық соған сөз салды. Қыз құрып қалғыр, неге қалшаланғанын білмеймін, жіберген адамға жауап қайтара білмепті. Амандық қыздан бетінің қайтқанын ар көрді. Қыздан өш алмақшы болды. Оқас дейін көшірі бар еді. О да, мен сияқты, әумесерлеу жігіт еді. «Қыздың киімін ұрлап әкеліңдер!» деп Оқас екеуімізді жұмсады. Біз қыздың бой-басындағы жылтырағын ұрлап алып шығып, жер ошаққа тығып қайттық. Бұл — Амандықтың, Амандыққа ерген біздің қиям пұрыштығымыздың басы еді...

...Талас штат болды. Ел екі жік. Бір жағы Күржікейдің баласын қолға ұстап шықты. Екінші жағы — Жүсіптің баласын көтерді. Амандық ауылнайлыққа бой ұрды. Ауыл күнде жиын. Күндіз-түн демей партия жию... Сойылған мал, мінілген аттың есебі болмай кетті. Адам мүлде әулекіленіп, көтеріліп кетеді екен. Сол сайлау кезінде ұйқы дегенді білмедік. Амандық екеуіміз екі атты жаратып мініп, күндіз-түні жүрдік те отырдық. Амандық партия жию мен бозбалашылығын қатар жүргізді. Қонған, түстенген жерінде ұнамды әйел болса, соған сөз салмай кешейтін болды. Әйелдер де бір сорлы ғой, қалай көніп қалатынын білмеймін...

...Бір күні, ел жатқан кезде, ауылға жалғыз келдім. Атан түсіп жатыр едім, Амандықтың отауының жаныңда біреу қараңдағандай болды. Бұл кім болды екен деп төніп келсем, Айғанша екен...

...Қарсы партия жағына Амандық тісін батыруға ойлайды. Бізбен көрші отыратын Тасқұлақтың аулында Тәпен дейтін атқа мінген жігіт бар еді. Сол, ауылын бастап, Күржікей жағына шығып кетті. Көршілестігін айтып, Жүсіп неше peт адам салса да, Тәпен ықпады. Соған ерегісіп, Амандық Тәпеннің сары бауыр атын ұрлатпақшы болды. Тағы да Оқас екеуімізді жұмсады. Сойылды қарға іліп, алты атарды қойынға тығып, ел жата екеуіміз жүріп кеттік. Түн тастай қараңғы. Көк жиегі бүркеу бұлт. Желсіз, тыншу... азынаған сармаса, әлдеқайда, көк жиегінде бәсеңдеу болып күн жалтылдап тұр.

− Осы жүрісіміз жақсы емес, тек құдай жамандыққа бастамасын! — деп Оқас күрсінді.

Еш нәрседен беті кайтпайтын қайратты Оқастың уайым айтқаны меніңше келіспей тұрды. «Ойға алғанды істемеген жігіт жігіт пе?!» деп ойладым мен... Сары бауыр атты көргенде, Оқастан бұрын аттан түсіп, өзім жүгендедім...

... Сайлау өтті. Ел қалпына келді. Амандық ауылнай болды. Тілегіміз орындалған соң, біз еш нәрсені елегеніміз жоқ. Бірақ, сары бауыр атты, Тәпен Оқас екеуімізден көреді деген сыбыр естіліп жатты. Амандық ауылнай болған соң, болыс өз партиямыздан сайланған соң, біз несіне қаймығайық, айылымызды да жиғамыз жоқ.

Бір күні үйге барып отырып едім, әкем уайым айтты:

− Кемпір-шал болдық. Терімізден көріміз жуық. Мал көбейтіп, енді, байи алмаспыз; бір шүйке басты оң жақ босағама кіргізіп бер деп әжең де мазамды алып жүр... Биыл шөп те шапқыза алғамыз жоқ. Екі-үш қараның басы барда сенің аяғыңды шырмап, міндеттен құтылсам деп отырмын, − деді...

Не айтайын, үндегенім жоқ. Артынша бес обадағы Сағит дегеннің қызын айттырып кайтты деп есіттім. «Қызы бой жеткен екен» десіп жүрді, бірақ қандай екен деп әуестеніп, оған ойым беліне қоймады...

... Айғаншаның бірінші әзілі — менің қалыңдығым туралы болды. Қалқам-ай, мінезі өзгеше еді-ау, күлімсіреп отырып:

− Қайырлы болсын! Келінді алған соң ағаңның өнерін сен де бастап жүрме. Жарамайды, обал болады, — деді.

Соңғы сөзді айтқанда, мұңайып, төмен қарап терең ойға шомғандай болды. Содан былай екеуіміз ашылып сөйлесетін болдық. Оңашада кездесуді тілейтін болдық.

− Осы біздікі не? Біз не қылмақшы болып жүрміз? − деді Айғанша бір күні.

Деді де, шыдай алмай, өзі күлді...

... Қысты күні қалыңдығымды көрмекші болып ұрын бардым. Бойжеткен екен. Қара бұжыр, мыртықтау әйел. Ерні көнтектеу. Бір бастап сөйлесе, сөйлей беретін қалпы көрінді. Мені бірінші көргеннен-ақ, ол ұнатты:

− Сендей жігітке кез болдым — арманым жоқ. Сенің жолыңа жаным құрбан! — деді.

Мен елжіреп бой бермедім. Әкем айттырған соң, санап мал берген соң, амалсыз алатын сияқтандым. Жазға салым үйге алып та келдім...

... Үйде сирек болам. Өмірімнің көбі байдың үйінде өтеді; ел қыдырып, Амандықтың шашбауын көтеріп, сауық құрумен өтеді. Айғанша кейде:

− Үйіңе барсайшы, келінді ренжітпесейші, − дейді.

Айғаншаның сөзі жерде қалмасын деп үйге барам. Бірақ көңілсіз. Өз үйіме өзім сыймаймын. Қатын мені сағынып жүдеп қалған болады. Мені көргенде жылап жібере жаздайды. Бірер жылдан кейін жүкті болып, ұл тапты. Атын Байжан деп қойдық. Сонда туған Байжан еді-ау!..

... Байжан туған жылы қыс кемпір-шал бірден қайтыс болды. Үйде бір-екі-ақ қара қалған. Ішуге тамақ кем. Емшектегі бала, жас қатын өз бетіне отырып күн көре алатын болмады. Менің аяғымды еріксіз байлайтынды шығарды. Қатынға да бұрынғыдан көрі тіл бітіп, бір жаққа барып келсем: «Қайдан келдің? Не қып жүрдіңді?» шығаратын болды. Ол сұраған сайын, тексерген сайын, менің қытығыма тиіп, әлдеқайда, жүрегімнің түкпірінде соған қарсы белгісіз бір ашу бас көтеріп келе жатқан сияқты болушы еді. Бірақ, ашу қысса да, қатынның өзімді артықша сүйетіндігін ойлап, ұрмаушы едім...

... Амандық шақырған соң үйімді көшіріп соның жанына бардым. Көшіп бармасқа болмады, «Тәпең соңыма түсіп, сары бауыр аттың кегін алуға ыңғайланып жүр» деген сыбыр естілді. Амандықтың қасына барсам, анау-мынаудың тісі батпайтындай көрдім. Бірақ, көшіп баруыма қарай тағы бақытсыздыққа ұшырадым. Тәпеңдер таратты ма, әлде ауыл-үйдің өсегі ме мені Айғаншамен жақын деген сөз жайылып кетті. Біреуден біреу естіп, күн сайын қойылта берді. Қатын құлаққа маза беруді қойды. Бара-бара, ол кісі көзінше айтатынды шығарды...

... Іңір әлеті еді. Жұрттың бәрі үйлерінің жанында салқындап отырған. Оқас бар бір сыпыра адам Амандықтың отауының жанына жиналып, мен ән салып отырғам..

− Әй! − деді біреу.

Жалт қарасам, қатын екен. Екі көз жас. Басында жаулығы жоқ. Шашы обырап кеткен. Қанын ішіне тартып, қалш-қалш етті:

− Жетер енді! Салдақының әуселесін бірсыпыра көтеріп болдың ғой. Сенен басқа бозбалаларда жетер, сен үйге жүр, —деді.

Жұрт ажырайысып қалды. Айғанша сұрланып, сөз айта алмай, орнынан тұрып кетті. Үлкен үйден сұрланып, шаптығып, бәйбіше шықты. Жұрт дабыр-дұбыр болып жатыр. Не айтып жатқандарын байқай алмадым. Орнымнан тұрдым. Сосын не істегенімді өзім бұлдыр ғана білем. Көзім қанталап, ашу кернеп, өзімді-өзім ұмытып кетсем керек...

− Өй, жындандың ба? Өлтірдің ғой! — деп біреу иығымнан тартты.

− Е, не болды?

− Не болғаны құрсын, өлтірдің... Өліп қалмаса жарар еді, — деп Оқас біреуге төніп отыр.

− Апырмау, бұл кім? Мен не істедім? Мен қайда тұрмын? — деп өзіме-өзім есеп бере бастадым. Сүйткенше болмай Оқас басын көтеріп:

− Сені құдай атты: мынау өліп қалыпты! — деді.

Шошып кеттім. Жүрегім қалтырап сала берді.

− Кім?.. Кім өлген?

− Кім болушы еді, қатының!

− Не дейд? Оны кім өлтірді?

− Өзің жаңа шашынан сүйреп әкеткен жоқ па едің?! Мен, ұрар да қояр деп ойлап едім. Айғанша бар деген соң келіп едім. Бүйтеріңді білсем, әлгінде айырып алатын едім ғой. Әй, әттеген-ай! — деп, Оқас үйдің ішінде теңселіп жүре берді. Есім кіресілі-шығасылы, кезім бұлдырап, қарауытып кете берді. Не қылып, не қойғанымды әлі өзім анықтап біле алмай тұрмын.

Оқас жаныма келіп:

− Сені құдай атты! Сен адам өлтірдің! Енді қолға түспей тез жоғал. Әзір ешкім хабарланған жоқ. Мен кетем. Жұрт ертең бір-ақ білсін! − деді.

Оқас шығып кетті. Құрым үйдің төрінде жалғыз тұрмын. Құр сүлде. Буыным дірілдеп, құлап кетуге таяу тұрған сияқтымын. Аяғымның астында сұлаған дене жатыр. Ол әйелім!.. Әйелімнің денесі! Мені сүйген, мен үшін қан жұтып күйген әйелімнің сүйегі!.. Өзімді сүйген жүрекке менің тартқан сыйым осы болды ма? Мені не қара басты?!. Бүйткенше, нақа ашуға шыдамасам, көптің көзінше қатынымның сөйлегенін бойыма ар көрсем, өзім-ақ өліп кетсем болмады ма? Бұл сорлыда жазық не еді?!.

... Ойлаған сайын елжірей бердім. Екі көзден ыстық жас ыршып ата берді. Жүгініп отырып, бетін сипадым. Көзін жұмдырдым. «Кеш! Мен қарабет болдым!.. Мен қан ішер атандым!» деген сөз аузымнан еріксіз шығып жатты... Қатаны жаңа ұғынғандай болдым. Бірақ, кеш еді. Іс өтіп кеткен. Егер, нақ сол сағатта қатынның кеудесінде жан болса, мен тізерленіп отырып аяғына бас ұратын едім: «Жаңа білдім. Мен — сендік! Жүрегімді де, жанымды да өзіңе жиып ал!» дейтін едім... Осы. сөзді салқын денені құшақтап отырып көп айттым...

... Біреу басымды сүйеп тұрғызды. Тал бозарып, үйге сәуле кіріп қалыпты. Алдымда әйелімнің денесі жатыр. Оң жақта төсек салулы екен. Төсек жанында бесік. Бесікте Байжан бөлеулі. Байжан шырқырап үйді басына көтеріп жатыр...

− Не ғып отырсың? — деді. ,

Айғанша екен.

− Әй, еркек, еркек! Сендерден осыдан артықты күтуге де, болмайды ғой! — деді.

Төсек үстінде жатқан жаулықты әкеліп қатынның бетін. жапты. Бесіктен Байжанды шешіп қолына алды.

— Міне, көрдің бе? — деді, — осындай болатынын мен сезгем. Сезгендіктен сені бойыма жуытпағам. Егер, бойыма жуытып,» сеніп жүрегіңді осыдан салқындатайын деген қиялға кірсем, осы қанның обалына мен де ортақ болмас па едім? Ісіл жаман! Басқаға лайық болғанмен, саған лайық емес еді. Мен сенен мұндай істі күтпекші емес едім... Ойлағандай болмадың, енді, тұрма, жөнел. Оқас ат әзірлеп жатқан шығар, мін де тарт! Қайтып ел бетін көруші болма!..

... Тәлтіректеп орнымнан тұрдым. Байжан ұйқылы көзімен Айғаншаның омырауын аймалап, емшек іздеп жатыр екен. Баланы аяп, ішім елжіреп, жылайын деп едім, көзімнен жас шықпады. Сүюге бата алмадым. Қарабет болып тұрып, күнәсіз жас нәрестеге аузымды тигізуім — кешірілмес күнә болар дедім. Үйден қалай шыққанымды сезгенім жоқ, әйтеуір атқа мініп кетіппін...»

Тасболат осы жерге келгенде егіліп жылап жіберді. Аузы сөйлеуге келмеді. Көпке шейін солығын баса алмай отырды. .

— Сосын қайттіңіз? — дедім.

— Қайтейін, шыққан бойыммен Ащылының еліне келіп, бауырымды жерге төсеп екі күн жаттым. Үшінші күн көшпелі елге кездесіп, Әлиқұл деген байға жалданып, соның көшімен бірге осы Сырға құладым.

— Содан бері елге барған жоқсыз ба?

— 17-жылы бардым. Туған жер, өскен ел адамды еріксіз тартады екен. Әсіресе Байжанның өлі-тірісін білуге құмар болдым. Бірақ, ел көзіне көріне алмадым. Шеттеп жүріп жерді, көрдім, сағымданған елді көрдім. Жылай-жылай көзім жұмылып кетті. Байжанды нағашысы қолына алған екен. «Дені cay, оқып жүр» деген хабарды бір қойшыдан есіттім.

***


... Ымырт жабыла Тасболаттың тұрған үйіне келдік. Зейнеп деген жесір әйелдің қолында екен. Бір жағынан малай, бір жағынан сол үйдің өз адамының бірі болып сіңісіп кеткен қалпы көрінді. Зейнептің 8-9 жасар ұл баласы бар екен. «Аталап!» Тасболатты шырғалап, соның қасынан шықпай отырды.

— Ата, өлең айт! — деп бала домбыра алып келді. Құлағым елең етіп, мен басымды көтердім.

— Айтсам айтайын, қарағым, қонақта тыңдасын, — деп, Тасболат домбыраның құлағын бұрап алып, безілдетіп тартты.

Бір кезде әнді шырқап жіберді:

«Талсуат, Берден қопа жерім еді, Жаста өскен Керей, Қыжық елім еді. Бұлғаңдап бозбала боп жүргенімде, Бұралып сұлулары күліп еді!..»

Тасболаттың әнін, өлеңін тыңдап отырып, мен елді бастан аяқ кезіп жүрген сияқты болдым...

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады