Анаға хат

 Анаға хат

Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

Мұқағали Мақатаев

«Ана» деген ұғымды қалай түсінесіз деген сұрақ маған қойылған болса, мен сірә жауап бере алмас едім. Неге дерсіз, анашым? Себебі, сіздің кереметтігіңізді сөзбен жеткізу мен үшін, сіздің перзентіңіз үшін мүмкін емес. Сіз – ең ерекше тұлғасыз. Сіз туралы қаншама айбатты аңыздар, жүректі толқынша тербеткен жырлар, әсем әуендер мен тағылымды тарихтар жазылғаны да өтірік емес. Ана атты ұлылыққа мына әлемнің ешбір кереметі жетпеген, жеткен емес, жетпейді де. Неге дерсіз?

Адам баласы мына жарық дүниенің есігін ашқаннан, мына қамшының сабындай ғана тағдырға аяқ басқаннан - ақ күннің жылуынан артық ыстықты, бар әлемнің махаббат атаулы сезімдерін, қамқорлық пен мейірімділікті тек бірақ жаннан алады. Ол – тағы да Ана! Менің дәл қазір осы өмірдің бір кірпіші болып қалануым да, мына тағдырдың кішкене бөлшегі болуымның да басты себепшісі сізсіз. Маған, мына бар әлемге, адамзат атаулының бәріне де өмір сыйлаған, жарық дүниені тарту ете білген Аналар қоғамның ең биік, ең қастерлі, ең құрметті тұлғалары болып қала бермек.

Менің сізді қаншалықты жақсы көретінімді білесіз бе, сезесіз бе, Анашым? Бүкіл ғаламның сезім атаулысы да бала мен ананың арасындағы махаббаттың қасында түкке тұрғысыз, әсте. Дүниеде ананың махаббатынан асқан мықты, асқан құрметті, асқан қасиетті, асқан шебер махаббаттың жоқтығына сенімдімін.

Мен, шындығына келгенде тек сізге емес, әлемнің барша «Ана» атаулы тұлғаларына қызыға қараймын...Кейде, осындай ақ жаулықты аналардың жұдырықтай жүрегінде орналасқан асқан жігер мен талаптылыққа тамсана да, таңдана да қараймын. Сондағы жалғыз ой: «Мұндай керемет жандарға лайық болу, олардың алдындағы парызын өтеу үшін перзент деген адамзат не жасауы керек екен бұл ғаламда?». Бірақ, бұл сұрақтың жауабын өзім де таба алмадым. Неге дерсіз? Себебі, менің ойымша ананың алдындағы борыш, ананың алдындағы қарыз бен парыз ешқашан ешбір іспен өлшенбейді. «Алып анадан туады» деп бекер айтпаған болса керек қазақ халқымыз...Ертеңгі күні сен бай бол, атағыңмен даңқың аспанға жеткен тұлға бол, бәрібір де...Бәрібір де Ананың алдындағы қарызымыз өтелмек емес!

Әлі есімде, кішкентай кезімнен қарапайым құлауларға бола жылап қалатын едім. Сол сәттерде қолтығымнан демеп тұрғызып, перзенті үшін жаны шығатын жандардың бірі сіз болдыңыз, Анашым. Қазір менің жасым он бестің өзіне де келді, бірақ, мен әлі күнге дейін сіздің қасыңызда өзімді балаша сезінемін. Иә, Анасы бар адамдар қартаймайды... Менің алпыс екі тамырымда сіздің берген тәрбиеңіз, сіз берген өнеге мен намысшылдық қызғылт қанмен тіркесе ағып жатыр, менің жұдырықтай жүрегімде сізге деген өлшеусіз, сізге деген шексіз алпауыт махаббат теңіздей толқуда, Анашым.

Әйел адам – табиғаттың ең бір ерекше, ең бір көркем баласы. Мен мұны толық сеніммен айта аламын, себебі дәлелі – сіз. Нәзіктік пен жігерлікті өң бойыңызға қондыра білген, бір шаңырақтың аяулысы болып, жақсылығымызды асырып, жаманымызды жасырған да сізсіз. Қанаттыға қақтырмай , тұмсықтыға шоқтырмай, біз үшін барын берген, бардан бал жасаған сіздей тұлғаның перзенті болу - мен үшін теңдесі жоқ мақтаныш екенін ұмытпағайсыз.

Ананы сыйлау, ананы қадірлеу, ананы құрметтеу миллиардтаған адамдардың ортақ парызы. Тіпті, Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадистерінің өзінде де ең алдымен ананы құрметтеу парыз екендігі айтылады. Хадистерде айтылғандай: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса».

Жұмақтың кілті – ананың табанының астында. Ана әр жүрек үшін, әр жан үшін мейірімі шексіз дос, құрбы, сырлас, махаббат деп есептеймін. Себебі, біздің тал бойымыздағы барлық қасиеттер мен мінездер, дарын мен таланттар ананың ақ сүтімен тұла бойымызға дарыған, ананың ақ сүтімен ойымыз бен жүрегімізге өнеге болып сіңген. Өтірік емес, кей кездері алыстау кеткен қателіктеріммен, ойланбай сөйлеген сөздеріммен сіздің көңіліңізге қаяу түсіріп алып жатамын. Бұл , әрине, менің қателіктерімнің бірі болып табылады. Себебі, Құдайдан кейінге құдірет иесі – сізсіз.

Қазіргі қоғам мәселесінде аналардың рөлі қандай? Заманның ағымына бет бұрамыз деп қазіргі таңда кей жас қауым ата-ананың қадірін ұғына алмай жатады кей сәттерде... Анасын алақанда салып ұстаудың орнына, кірпікше жиырылып, асып кетсе анасына қарсы сөз айтудан жалтармайтын жастарды көргенде , ең бірінші кезекте ашуланатынымыз сөзсіз, ал одан соң – аяймыз. Неге дерсіз? Мына кірпіктің қағысымен, сағаттың жүрісімен–ақ жоқ болар бес күндік фэниде аналарын бағалай алмаған сормаңдайлардың ертеңгі күні тырнақ тістеп, өкініш лебінің жүрегін алаулаған өртке ұласатыны бәрімізге де мәлім. Осындай қызуқанды, жәй тасы басынбаған жастарды көргенде ішімнен ойланып та, күйініп те қаламын. Расында, Анасын құрметтеген жандарды «адам» деп атау дұрыс па? Менің ойымша – жоқ. Мына тағдырды, мына өмірді, өзінің жастық шағы мен қуанышын саған тарту еткен нәзік жанды, ақ жаулықты аналарды құрметтемеу адамзаттың ең төмен дәрежесі деп бағалаймын өз басым... Егер де, қазіргі таңда көптеген мәселені дәл осы «Ана мен бала» тәрбиесіне бұрсақ, онда Қазақстанның болашағы күн нұрынан да жарқын, ай сәулесінен де көркем болар еді...Себебі, Отан – отбасыдан басталады. Ал Отбасының тірегі, ошақ қасы, шаңырақтың ұйытқысы – Ана.

Қазақтың бес арыстарының бірегейлері Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, әдебиетіміздің биік мұзбалағы Мұқағали аталарымыз өз Аналарына емірене жыр арнағанда, менің де қалам тартып сіздей жанға хат жазбауым қателік болар да еді, әсте.

«Мүмкін, ана махаббаты шығар бұл,

Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.»

Арманымның басты кейіпкері бір өзіңіз. Бүгін мен не жасасам да, не нәрсеге талпынсам да, бәрі де сіз бен асқар тау Әкем үшін деп есептеймін. Болашақта өз мамандығымның білгірі болып, сіздерді қуанышқа бөлесем – менің өмірімнің ең тәтті шағы осы болар еді. Ертеңгі күні, «Міне, менің ұлым!»- деп сіз мақтанардай тұлға болу арманым мен мақсатымның шекарасы . Сіздің ақ жаулығыңыз, мені құшақтап , қолдау берген алтын қолдарыңыз, маған мөлдірей қарап, «Құлыным!» деген жанарларыңыз, ешбір жанның сұлулығы тең келмес ақ дидарыңыз, ең бастысы – құлағанда тұруды, қателіктерден сабақ алып, мойымауды үйреткен жүрегіңіз – менің болашағымның кілті деп есептеймін. Сіз берген тәрбие, сіз берген өнеге болашақта мен үшін таптырмас серік боларына сенімім мол.

Қазіргі таңда әлемнің көптеген балалары ана махаббаты мен ана жылуын көріп өспегені баршамызға белгілі. Сондай бір анасыз күн кешіп жүрген бөбектерді ойға алсам, дене бойымнан тоқ жүріп өткендей болады... Сол мезеттерде, сол минуттық сәттерде өзімнің қандай бақытты жан екенімді түсінгендей боламын, расы керек. Шындығында, сізсіз, Анашым, менің өмірім бос. Қай жерге барсам да, жыраққа кеткен болсам да жүрегім сізге қарай тартылып, сізге қарай жете алмай тұрады. Бәлкім, дәл осы сезім баланың анаға деген шексіз махаббаты болып табылар, солай емес пе? Сіз менің жүрегімдесіз, сіз менің ойымдасыз, менің бойымдағы әр бөлшекте сізге деген үлкен орындар тым көп, сенесіз бе? Себебі, сіз – Ұлысыз.

Бауыр еті баласын өзгелерден кем өсірмей, мәпелеп, аялап өсірген балаңызды бірі менмін. Болашақта маған жасаған бар жақсылығыңызды екі еселеп қайтаруға перзентіңіз ретінде, уәде беремін, аяулы да ардақты Анашым. Кеше, бүгін, ертең және мәңгілік. Анаға деген махаббат шексіздіктен құралады, жылдар өтсін, ғасырлар өтсін бұл махаббаттың шекарасы көрінбейді, шегі жоқ екені дәлелдене береді. «Ана» атты ұғым барда, «Ана» атты теңіздей толқыған махаббат барда мына әлем әрқашан жылулықта боларына сенімдімін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні де болады. Менің де жүректен шыққан, лаулаған өрт хатымның түйіні жақындады. Сол түйіннің қорытындысы ретінде айтарым: «Ана – бәрі сенен бас тартқанда, мына әлем сені жалғыз қалдырғанда жаныңда болып, медет болар, демеу болар жалғыз жан. Ана – ол сенің сырласың, сенің досың, сенің өзіндік періштең әрі қазынаң. Оны құрметтемеу - біздің, барлық перзент атаулысының ең үлкен күнәсі болмақ».


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі