Биязылық - ұлт құндылығы

 Биязылық - ұлт құндылығы

Жайна Дарибаева, Кентау қаласы, “Дарын” мектебі

Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше. Жастаймыздан жаттап өскен тіл, мәдениет, отаншылдық сияқты бірқатар ұлттық құндылықтарымыз бар. Алайда, мен білетін қазақы мінез - биязылық та біздің ұлттық құндылығымыз. Ия, ия. Биязылықты да маңызы жоғары құндылыққа жатқызуға болады деп ойлаймын. Тіптен, биязылық зиялылықпен үндес құбылыс. Зиялы қауымның біз жақсы білетін өкілдерін еске түсіріп көрейікші. Биязылық - ол қасындағылардың, жора-жолдастарының көңілінен оң орын алу, қоршаған адамдарды, бүкіл қауымды осы мінезімен баурап алу. Қазақ айтады ғой, “мінезге бай” деп. Қазақта ата-бабамыздан келе жатқан жақсы мінездің түрі де көп: өр мінезділік, жігерлілік, намысқойлық және тағысын тағылар. Өкінішке орай, кейінгі кезде осы бір қасиет көзге көрінбей, байқалмай елеусіз қалып бара жатқан сияқты.

Биязылық - қоғам үшін де құнды, қасиетті. Ол тіптен, адамды түрлі жаман әдеттерден сақтайды. Өрекпіп тұрған, мінезі ұр да жық адам өзін де, көпшілікті де жарға ұрындырары хақ. Ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» - деген жоқ па еді? Ал ұлы ақын Абай “Жүректен қозғайтын, әдептен озбайтын" деп, биязылықтың нормасын сақтауды адамдық парыз санаған. Биязылық – мәдениеттіліктің белгісі. Игі әдет, оның әдет-ғұрыпқа айналуы биязылықты қалыптастырады. Биязылық әлеуметтік ортаның талабына бейімделуге жетелейтін тұлғаның қасиеті.

Биязылықтың қоғамның дамуында, жастардың жаман әдеттерден арылуында, тәрбиелік бағытында да рөлі басым. Көзі қарақты, білімді адам ғана биязылыққа бой ұрады. Өмір тәжірибесі мол адамдар биязы, сыпайы келеді. Көпті көрген дана да, ел бастаған көсем де, ақылымен топты жарған шешен де биязы.

Википедияда “биязылық - адамның сыртқы ортамен байланыс жасайтын қарым-қатынастарының ішіндегі сыпайыгершілік, әдептілік жиынтығы. Жағымды мінез бітістерінің бір сипаты” депті. Бұл құндылықтың және екінші бір қыры бар. Ол – қарапайымдылық, сыпайылық. Ол – адамды сабырмен тыңдай білу, көпшілікке орынды жөн сөз айта білу, тыңдата білу, ұйыта білу. Әсіресе, қазіргі заманда қазаққа осы бір мінез керек-ақ.

Биязылық ол томаға-тұйық болу емес. Биязылықты бұйығылықпен әсте шатастыруға болмайды. Көрген түйгені мол адам ғана биязы. Өкінішке орай, менің замандастарымның, тіптен сыныптастарымның ішінде де осы мінезден ада жастардың саны көп-ақ. Олар өзіне де, ата-анасына да, қоғамға да көп опық жегізіп жатады. Жылтырағанға құмартады, қымбат киім киюді тоқтаусыз аңсайды, жылтыраған дүниеге ұмтылады, нәтижесінде өзін өзгелерден жоғары қоя бастайды. Мысалы, мен оқып жатқан “Дарын” мектеп-интернатының өзінде таңдаулы, үздіктер қатарында жүрген құрдастарымның арасында осы биязылыққа мүлдем кереғар мінезімен көзге түсіп, ата-анасына ауыр салмақ салып жүргендері баршылық. Адамдықтың негізгі шарттарының бірі – ар-ұятқа кір келтірмеу. Халық даналығы “жарлы болсаң да, арлы бол” дейді. Ар-ұяты бар кісі ғана биязы, ақжарқын, иманжүзді, инабатты келеді.

Қазақ тарихынан, қазақ әдебиеті тарихынан талай ерен тұлғаларды оқып өстік қой. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйықшы. Алаш зиялыларының әрқайсысы қандай биязы еді! Одан қала берді, Ұлы Отан соғысы жылдары ерекше ерлігімен көзге түскен батыр әпкелеріміз, шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк қандай биязы!

Ұлт данышпаны Абайды аспанға әуелеткен, Абай сияқты асылды әлемге танытқан кемеңгер жазушымыз Мұхтар аға қандай зиялы, қандай биязы!

Кеңес дәуірінде елімізді мінсіз басқарып, сол кездің өзінде Қазақстанда қырық қала салдырған Дінмұхаммед Қонаев қандай зиялы!

Жақында ғана 90 жасқа толған мерейтой иегері, халқымыздың құрметтісі, еңбек ері Бибігіұл Төлегенова анамыз қандай ибалы, биязы десеңші!

Елді танытқан, қазақты әлемге жақсы қырынан танытып, сүйсіндірген әнші Димаш Құдайбергеннің өзі де, мінезі де қандай биязы!

Жас болсам да байқап жүремін, көпшіліктің көңілінен шыққан, ел алғысына бөленген арда азаматтардың әрқайсысының мінезі соншалық биязы.

Батыстан келіп жеткен жахандану әсері қазір осы бір құндылығымызға, қазақы мінезімізге, биязылығымызға көп соққы әкелуде. Ең қастерлі, ең қымбатты ұлттық құндылығымызды сақтап қалуымыз, дамытуымыз, күшейтуіміз - біз үшін өте қажеттілік. Болашақ болмысымызды, кескін-келбетімізді, ұлттық құндылығымызды осы биязылық негізінде сақтасақ жараспай ма?!

Биязылықты әр қазақтың бойынан, мінез-құлқынан көруге ұмтыламын. Қазіргі жастардың бойынан осы жарасымды мінездің, биязылықтың болуын өте қатты құптаймын. Әрбір білімді жас, әр патриоттың бойынан биязылық табылғаны қандай жарасымды. Биязылық - құтымыз. Биязылық - еліміздің ертеңі. Биязылық көшет секілді көгеріп, көбейіп, орманға айналатын, қоғамымызды әрлендіретін, түрлендіретін, Алашымызға ауадай қажет қасиет!

Ахмет Ясауи университетінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, көпшіліктің құрметіне бөленіп келе жатқан, әділдігімен, қарапайымдылығымен көзге түскен әкемнен осы жөнінде бір сұрағаным бар. Осыдан жарты жыл бұрын, жаздың бір қарапайым кешінде емен-жарқын отырғанда, кенет ойымды түлен түртіп, қуланып:

- Көке, биязылық деген не? (әкемді Көке деп атаймын) Сіз өмірде қанша құрметті, сыйлы болсаңыз да, қарапайымсыз. Қанша қиындық көріп, қаржыдан қанша қысылсақ та, осы қарапайым қалпыңыздан танған емессіз. Осы, кейбіреулер айтады ғой, менмендік – екінші бақыт деп (наглость – второе счастье). Неге жұрт сияқты сәл менмендеу болып, жоғарылау тұрмайсыз? Әлде қолыңыздан келмей ме? Биязы болған адам, әлде басқаша бола алмай ма? Әрі менмендеу, бірақ биязы болған да жақсы емес пе? Сіз қалай ойлайсыз? Менмендеу болсаңыз, биязылықтан айрылып қаламын деп қорқасыз ба? - деп қыршыңқылау сұрақ қойдым. Әкем әлдене уақыт үнсіздіктен кейін, “еее” деп басымнан сипап:

- Қызым, сен айтқан биязылық - қарапайымдылықтан туындайды. Ал қарапайымдылық пен менмендіктің екеуінің үш қайнаса да сорпасы қосылған емес. Екеуі екі кереғар дүние. Биязылық - қол жете бермейтін асыл қасиет, ол тіптен атадан балаға қанмен, генмен келетін қасиет. Менмен болу бәлкім әлдекімдер үшін қажет шығар. Мүмкін, заманының қиындығынан қарақан басының қамын ғана ойлайтын кейбір пақырлар үшін туындаған кембағал қасиет шығар. Абай айтқан жоқ па еді, “өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың” - деп. Менмендік пен биязылықты бір адамның басына бірден сиғыза салу мүмкін емес шығар. Биязылықтың туы жоғары, өте биік. Қарапайымдылықтан безіп, менмендік арқылы бақытты болғанның күні құрсын! “Менмендік - екінші бақыт” деп жүргендер осы замандағы қарақан басының күйін күйттеп жүргендер. Саған да биязы болуға кеңес беремін, - деп қатқылдау жауап қатқаны есімде. Екі бетім ду ете қалды. Қойған сұрағыма өзім ыңғайсызданып, жай ғана “кешіріңіз, кешіріңіз” дей беріппін...

Содан бері бұл қасиет, бұл құндылық туралы көп ойда жүрмін. Ойлаған сайын, әкем айтқан құндылықтың нағыз ұлт құндылығы екендігіне шүбам қалмады.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?