Жаса мәңгі, тәуелсіздік

 Жаса мәңгі, тәуелсіздік

Жаңабай Темірлан
10 сынып лицеисі, «Арыстан» мамандандырылған лицейі
«Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» Қоғамдық қорының филиалы
Жетекшісі: Шоранова Гульдария Ажикуловна

Тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы – қайратты, халқы – қаһарман
Н.Ә. Назарбаев

Бағзы замандарда бабаларымыз алдағысын байырқалап, келер күннің еншісін қашанда көңіліне түйе жүріп тұрмыс кешкен ғой. Алып аумақта атқа қонып, жұртына жайлы қоныс іздеп жортқанының өзі де елдің ертеңін ойлағандық, келешектің тереңіне бойлағандық емес пе. Ойламаса, Асан қайғы бабамыз Желмаясымен желіп жүріп жер жәннаты Жерұйықты іздеп, әрлі-берлі сабылар ма еді. Құдайға шүкір, сол “күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған” бабалардың тілеуі шығар, тынымсыз тірлігінің арқасы болар, алаш жұрты бүгінде әлемнің тоғызыншы территориясы саналатын алып аумаққа тамырын жайып, Жерұйыққа бергісіз жерде өрісін кеңейтіп, түтінін түтетіп отыр. Ол бүгін солай. Ал оның ар жағында, бұл қазақ жұртының көрмегені жоқ-ты. “Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылған” кезі де аз болмады. Бодандықтың бұғауы жанына қатты батқан кезде ғой Махамбет сынды ақиық ақынның ақыра отырып, көкейдегі күйкіге толы арман-тілегін еріксіз ақтарғаны. “Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім…”, - деген Махамбет сынды өр тұлғалы бабалардың азаттық үшін арпалысының жақсылығын араға ғасырлар салып үрім-бұтағы, ұрпағы көрді. Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана Қазақ елі бодандық бұғауынан құтылды. Қазақ елі.
Осы бір сөзді естісек жүрегіміз лүпілдеп, сонау қиын- қыстау кезеңдерді басынан өткерген еліміз, оқ пен оттың арасында қасықтай қаны қалғанша айқасып, қыршыннан кеткен жастарымыз, тәуелсіз жолында құрбан болған асыл азаматтарымыз еріксіз есімізге түседі. Екі жүз жылдай патшалы Ресейдің отары, жетпіс жылдан астам уақыт Кеңес өкіметінің бұғауында болған Қазақстан бүгінде егеменді ел болды. Тәуелсіздік біздің елімізге оңайлықпен келген жоқ. Осы жолда біздің халқымыз батырлық пен батылдық, қайраттылық пен ержүректілік таныта білді. Өздерінің туған елі үшін жанын пида қылды. Ұлт маңдайының бағына біткен Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай сияқты хандар алмағайып заманда әділдік пен еркіндіктің туын ұстаса, Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты қара қылды қақ жаратын шешен билер, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар сияқты жезтаңдай жыраулар ел намысын биікке көтеріп, Бөгенбай, Наурызбай, Қабанбай сияқты ержүрек батырлар да қажыр- қайратын қазақ халқының елдік мұратына сарқа жұмсады.Талай адамның жүрек жарасын тырнап өткен Ұлы Отан соғысы да есімізде. Жұдырықтай жүректері елім деп елжіреген талай батырлар жауға қарсы шықты. Ерліктің қос шынарына айналған Әлия мен Мәншүк сынды қазақ қыздары, Бауыржан, Талғат, Мәлік, Баубек сияқты асыл азаматтар өшпес ерлік танытты. Өмірдің әр мезеті қымбат тұста жауға Отан үшін, ел үшін ұмтылды. Ұлы Отан соғысы біздің елімізге түскен ауыртпалық болды. Осы сыннан да халқымыз мүдірмей өтті. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы тағы да басынан қиын кезді өткізді. Біздің еліміздің ұлттық ерекшеліктері ескерілмей, құқықтары аяққа басылды. Қазақтарға өз тілін, дінін ұмытып, мәңгүрттену қаупі төнді. Экономикалық жағынан да еліміз өз байлығына өзі ие бола алмады. Осы тұстас елдің еңіреткен азалы күндер жігерлі жастардың жүрегін қайнаған ашуға, кекке толтырды. Бұл 1986 жылғы «Желтоқсан қозғалысы» еді.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудемде әлі сызы жатыр, сол кездегі салқынның,
Айналайын жас қайраты, жас өркені халқымның, - деп Мұхтар Шаханов ағамыз жырлағандай, Орталық Үкіметтің езгісіне шыдамаған қазақ жастары ереуілге шығып, қазақ елі басшысының қазақ азаматы болуын талап етті. Дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі «Желтоқсан оқиғасы» мыңдаған қазақ жастарының өмірін қиған еді. Алаңға шыққан қазақ жастары аяусыз қанға бөктерілді.
«Жастық шақ маған бір- ақ рет беріледі емес пе? Біз, жастар, өмір сүруге асығатын едік, жастық шағымыз мағыналы болсын деуші едік қой?! Міне, сол қымбат шағымызды жауларымыз тонап алғысы келді, балдырғанды бақшаға өрт салғысы келді. Мен соған кектенемін» - деп жастарымыз алаңға шықты. Алайда алаңға шыққан жастарымызды қақаған аязда аямай қинады, көптеген жастарымыз қыршыннан қиылды. Тек төрт - бес жыл өткен соң ғана арнайы комиссия құрылып, «Желтоқсан оқиғасы» жан - жақты тексеріліп, қазақ жастары ақталды.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріндей өр намысты, жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы! - деген Мұхтар ағамыздың өлең шумақтары тағы да есімізге түседі. Осыдан кейін- ақ Кеңес өкіметі ыдырап, 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіз республика болып жарияланды. Бұл күн егеменді еліміздің туған күні деп алтын әріптермен жазылды. Міне, қазақ халқы бабаларымыз армандаған тәуелсіздігіне, азаттығына осындай қиянат, азаптарды басынан өткеріп жетті. Азаттық жолында қазақ халқы қансырады, бірақ қаза болған жоқ, есеңгіреді, бірақ есінен айырылған жоқ, сүрінді, бірақ құлаған жоқ.
Тәуелсіздік бүкілхалықтық мереке, әсіресе қазақтар үшін теңдесі жоқ, аса маңызды тарихи оқиға еді. Біздің халқымыз өзінің ғасырлық аясында қалыптасқан көпшіл, өзге ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарай алатын кең пейіл қасиетімен дараланатын халық. Бүгін де Қазақстан бүкіл әлем мақтанышпен айта алатын мемлекетке айналды. Осы уақыт аясында дербес кеңістік қалыптасып үлгерді, нарықтық қатынас орнығып, әлемдік қауымдастық та бел ала бастады. Тәуелсіз Қазақстанымыздың Ата заңы, мемлекеттік рәміздері, ұлттық теңгесі, ең бастысы-егемендігі бар. Еліміздің болашағын дамытып, ынтымақ пен бірлікті орнатып отырған президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та тәуелсіздік жолында көптеген істер атқарды. Зор мақтанышпен айта алатын еліміздің бас қаласы Астана да күннен күнге гүлденуде. Оған куә алып Бәйтерегіміз, Тәуелсіздік сарайы, салынып жатқан көрме ЭКСПО-2017. Тәуелсіздік қазақстандықтар үшін ізденіс пен ұмтылыс, сенім мен жарасым әкелді.Ендігі жерде тәуелсіздік алып, өз билігіміз өз қолымызға тиген тұста әлемдегі 30 озық елдің қатарынан көрінуге деген ұмтылыс сол байырғы бабалардың арман-аңсарының іс жүзіндегі көрінісі болмақшы. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының өзі де: ”Елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік әрқашан аталарымыздың бойынан табылған. Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек” деген-ді.Бабаларымыздың тірі қалуы үшін жанталасы, сөз жоқ, ұрпағының ірі болуына үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейтіні тағы сөзсіз.
“Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол-тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп,тәуелсіз елімізді “Мәңгілік Ел“етуді мұрат қылдық. “Қазақстан-2050“ Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Иә, сан ғасырлық қайғы- қасіретке толы тарихында, қазақ халқы тағдырдың талай тәлкегіне түсіп, көптеген оқиғаны басынан өткерді. Сол тар жол, тайғақ кешуде арып ашса да, қажып қансыраса да ешқашан өзінің қадір- қасиетін жоғалтпай, ар-намысын, абыройын төкпей бүгінгі Тәуелсіздікке қол жеткізді. Биыл егеменді елімізге - 25 жыл. Ендеше, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі