» » » Реферат: Түркістаным тұраным

Реферат: Түркістаным тұраным

Реферат: Түркістаным тұраным казакша Реферат: Түркістаным тұраным на казахском языке
Әлқисса, Түркістанның тарлан шайыры Мағжан ақын жырға қосқан, әлдебір тарихи жазбаларда, яки, сирек кездесетін қолжазбаларда Тұран деп аталған, ер түрік, әр түрік туған, тұрған, өскен, өнген қасиетті қара топырақ сандаған ғасырларды бастан өткеріп, артқа тастап, нешелеген сұрапыл замандарға куә болып, көненің көзіндей, шежіренің өзіндей кейіпте түтінін түтетіп, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа сәлемхаттай жетіп отырған Түркістан топырағы... Қазақтың біртуар ұлдарының бірі, ірі қайраткер Мұстафа Шоқайұлы өзінің «Түркістан» деген мақаласында: «... Түркістан — түркілер елі деген сөз.
Сонау VI ғасырдың өзінде-ақ монғол дәуіріне дейінгі көшпелілер империясын, түркі жұрты қанатын жая қоныстанған кең байтақ аймақты сасонид әулеті кезіндегі (ІІІ-VІ ғ.ғ.) ирандықтар осылай деп атай бастаған екен» деп жазады ғой. Сол үлкен Түркістан аумағы... Ал, доктор Баймырза һайт болса былай деп жазған екен: «... Түркістан термині Иран тілдерінен енген «И» изафеті мен «стан» қосымшасы арқылы «Түркілер жұрты» (елі, өлкесі) мағынасын береді. Қазіргі кезде, әсіресе, 1945-50 жылдардан кейін, әлем түркілерінің бесігі ретінде танылған Түркістан атауын қолдану жөнінде бірнеше пікірлер бар.
Түркістан мен зәулім-зәулім кесенелері мен мұндалаған мына Иассы — Түркістан шәһарынмң әңгімесі де, тарихы да, шежіресі де ұштасып, ұстасып жатқаным ақиқат қой. Екеуін бірінен-бірін бөлуге болар ма! Сол үлкен Тұранның ордасы, кіндігі емес пе бұл Түркістан?! Ендеше, бүгінгі Түркістан қаласының тарихын тілге тиек етсек, жалпы түркі халқының рухани ордасы туралы сөз бастағанымыз деп ұғынар едік. Оның бергі жағында... Қай батыры да, қай биі де, қай сұлтаны мен ханы да қастер тұтқан, қадір тұтқан осы Иассы — Түркістанның асқақ бейнесі, биік келбеті салалы әңгіменің өзегі болуға жарамас па?
Бүкіл түркі тектес халықтардың рухани ордасы, кіндік ордасы болып саналған, саналып та келе жатқан, санала да беретін Иассы шәһары туралы аз жаздық па, жоқ әлде көп жаздық па?.. Кім білген!.. Жауап айту қиын. Өйткені, шындық аулына жүгіне отырып сөйлер болсақ, біз, бүгінгі ұрпақ бұл шәһар туралы, тіпті, аз біледі екенбіз. Қала тарихына қатысты ғылыми негіздемелер өте тапшы. Табан тіреп, сүйене сөйлер деректер тіпті, жоқ деуге болады. «Ер түріктің бесігі» деп, «Ежелгі қазақ хандығының астанасы» деп ауыз толтыра айтқанымызбен, дәйек етер дерегіміз тым сұйық. Көңіл сендіре алар, тап бастырмас жазбалар әлі де аршылып алына қоймапты. Сосын да күні бүгін бір-бірімізге қарап, «осы қаланың пайда болғанына қанша ғасыр екен?» — десіп, әркімдерден жауап күтіп, артынан бас шайқасып, бет-бетімізбен тарасып жатқанымыз рас қой...
Мысалы, «Мунтахаб ат-тауарих Муйни», «Тауарихи гузидаий нусрат нама», «Хатхнама», «Шайбанинама» (барлығы да ХІV-ХV ғасырларда шыққан) т.б.

Иассының тарихы — еліміздің тарихы, өткеніміздің айнасы, елдік бейнеміздің кәусар бұлағы. Керек десеңіз, осы қала арқылы біз кешегіміздің суретін, арғы дәуірдің мәдениетін көз алдымызға әкеле аламыз. Сол сурет, сол мәдениет сіз бен бізге ортақ. Бүкіл ислам әлеміне жақын. Бүкіл түркі жұртына етене.
Фольклоршы ғалым, филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібаев өзінің «Көне астананы қастер тұтсақ...» деген мақаласында былай деп жазды:
«... Ең алдымен, қаланың «жасын» анықтауды әлі де болса нақтылай түскен абзал. Кейбір тарихшылардың пайымдауынша, қазіргі Түркістанның орнындағы ескі кенттер бұдан 2000 жыл, бәлкім, одан да көбірек бұрын пайда болған. Өзінің тарихи, географиялық орны жағынан алып қарағанда, Қазақстанның оңтүстігіндегі кәдімгі Отырар, Испиджаб, Тараз, Түркістан қалалары Орта Азияның Ташкент, Бұқар шаһарларымен тұрғылас мекендер екені кәміл. Қазақстан археологтарының арнаулы еңбектерінде де осыған қарайлас пікір айтылып келген. Әлбетте, қаланың жасын қолдан ұзартудың да, жасартудың да қажеті жоқ. Қалай болған күнде де мамандармен тағы да бір ақылдасып, пысықтап алу артық емес. Бір кезде Қазақстан қалаларының тым «кене» болуы бізді жарылқадық дейтін билеуші халық өкілдеріне ұнамайтын еді. Ендігі жерде ондай «нұсқаулардан» тәуелсіз зерттеу қорытындылары шығарылуы ләзім. Бұл үшін сан жылдарға созылатын қазба жұмыстарын жүргізу зәрулігі болмас деп ойлаймыз, бұрынғы зерттеулерге сүйеніп отырып-ақ белгілі бір байламға келуге мүмкіндік бар тәрізді...»*
Ғалымның айтқандарына қосылмасқа ылажымыз жоқ. Біз Иассы қаласының пайда болуы мен өмір суруі кезеңін неғұрлым тезірек айқыңдасақ, соғұрлым шындыққа да жылдамырақ жақындаймыз. Тіпті, керек десеңіз, беттері ашылмай жатқан сандаған тарихи кезеңдер мен оқиғаларды. асулар мен белестерді одан бетер тани түсуге, біле түсуге мүмкіндік аламыз. Міне, сондықтан да жанашыр ғалымымыз Р. Бердібаевтың:
«Түркістан — әйтеуір көне қаланың бірі емес, қазақ аталған жұрттың тарихындағы барлық елеулі оқиғалардың куәгері. Қазақ мемлекеттігін құрған, қалыптастырған хандардың, билердің, батырлардың бұл қасиетті шаһарда тұрмағаны немесе соғып өтпегені жоқ деуге болады. Демек, Түркістан тарихының әрбір беті қайта оқылуды керек етеді...» — деген пікірін қайталап айтқымыз келеді.
Жалпы Түркістан топырағы деген кең ұғымды біз көне қала — Түркістанға қайта-қайта теліп, сол негізден әңгіме өрбітуіміздің өз сыры бар. Түрік нәсілдес халықтардың ой тоқтатар ортақ үйі, ортақ қаласы, ортақ қасиетті Отаны — осы күнгі көне Түркістан болып саналады екен. Мұны айтып отырған біз емес. Әнебір жылдары, республикамызда тәуелсіздіктің жылымық желі ескен сәтте-ақ Түркия басшысы, бек иманды Тұрғыт Өзал қазақ топырағына табаны тиісімен-ақ әуелгі сөзі Түркістанға, Әзірет сұлтанға бағышталыпты. Соған барғанша, жетіп тәу еткенше асығыпты. Бұның сыры неде? Әрине, қасиетті Иассының — Түркістанның түркі әлеміне соншалық ыстық, соншалық қасиетті екендігі... Мұнан кейін де ат басын тіреген Иранның, Сауд Арабиясының, басқа да мұсылман елдерінің басшылары мен үлкенді-кішілі өкілдері бізге соққанда бұл көне қаланы айналып өткен емес. Ендеше, соңғы кездердегі журналист-тарихшы ағайыңдарымыз қайта-қайта айтып, жазып жүрген «Мұсылманшылықтың алтын діңгегі» деген сөзі де көңілге қонады-ақ. Ал бұл қаланы «екінші Мекке» деген біздің ұрпақ емес, ілгеріден келе жатқан сөз.
Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза өзінің Рәшит Ыбыраевпен бірлесіп жазған «Киелі Түркістан» деген мақаласында былай дейді:
«... Әр елдің, егер ол өз тарихын, өз ұлтын, өз мәдениетін, өз намысын бағалай білетін ел болса, сол елдің пір тұтатын, асыл кие тұтатын бір мекені болады. Мысалы, ол өзбектерде — Самарқанд, Бұхара, орыстарда — Суздаль, Владимир, Иранда — Машхат, Моңғолда, — Қарақорым, т.б.
Біз үшін, қазақтар үшін сондай рухани алып — Түркістан.
Әрине, әулие-әмбие тұтатын киелі мекен әр жерде бар.
Бірақ олардың биігін аласартпай, ешкімнің намысына тимей, бүкіл халық болып мойындайтын піріміз тағы да Түркістан...» деп жазады онда»
Сол Иассы — Түркістан шәһәрі туралы, оның арғы-бергі шежіресі жайлы неге арнаулы зерттеулер жазылмай келеді? Неге осы мәселеге тарихшы ғалымдарымыз тым тартыншақтап барады? Деректер аз ба? Мүмкін. Алайда, қу шөппен ауыз сүрте береміз бе?
Жазушы Сәуірбек Бақбергенов: «... Қазақ жеріндегі шаһарлардың ірге көтеру тарихы ықылым замандар тереңінде жатыр. Түркістан шаһары — солардың бірі...» деп келеді де, енді бір жерінде: «... қазақ жерін ІІІыңғысхан жаулап алған XII ғасырда, Отырар қырғыны кезінде Иассы (Жаса) немесе Түркістан қаласының аты аталмайды» деп жазады. Бірақ жазушы тағы бір жерінде: «... ол шақта бұл қала ірге көтергенімен, тым шағын болса керек» деп түйін жасаған.
Осы жерде айта кетер бір нәрсе — біз осы күнге дейін қазақ қалалары, қала берді Сыр бойындағы қалалар туралы тым аз айтып келе жатыр екенбіз. Отырар, Исфиджаб (қазіргі Сайрам), Сауран, Қарнақ, Өзгент, Сығанақ, Баршынкент, тағы басқа қалалар тарихы егжей-тегжейлі жазылды ма? Жауап айту қиын. Сол сияқты біз бүгін тілге тиек етіп отырған Иассы қаласы да атүсті айтылумен келеді.
Жарайды. Сонда қолға ұстап, тілге тиек етер қандай деректер бар?
Сыр бойындағы қалалар, әсіресе Түркістан туралы мәліметтер 1694 жылдары Түркістанда елші ретінде болған Сібір казактарының Мәскеудегі Сібір приказына берген жазбаларында кездесіп қалады. Мысалы, соның бір жерінде: «... А городы у нихь Тевкихана все сдиланы изь сырого кирпичу, только стины один. А подь владиніемь у него Тевкихана казачьихь городовь двадцать пять, а по послидняго города доизжать оть него Тевкихана вь три дня... и кругь городских стинь земленыхь валов и рвовь щить...» деген жолдар бар.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанның оңтүстігінде тұратын халықтар баяғыдан-ақ кесек құюдың құпиясын жақсы меңгеріпті, олар жұмбаз балшықтан кесек жасап, төзімді, берік қорғандар, сәулеттік ғимараттар тұрғызған.
Жергілікті жердің ауа райы, табиғат ерекшеліктері, ерекше ескеріліп, соған ылайықталып, берік болуы ойластырылып, бекіністер, ғимараттар, зәулім үйлер негізінен шыдамды да арзан, жергілікті шикізат — балшықтан жасалса керек. Шілде күндерінде жауынның, ылғалдың аз болуы, ал балшықтың ыстық кезде тез қатып қалатыны қала салу жұмысының мұндағы жағдайына бейімделе дамуына зор әсер етіп отырған. Бүгін зер сала қарасақ, Түркістан қаласының сыртқы көрінісі ерекше, бұл ғимарат та өзге қалалар секілді кесектен құйылған кірпішті қорғандармен қоршалғаны бірден көзге ұрады. Сондай әдемі де өрнекті қорғандардың орнын қазір де табуға болар еді. Бір таң қаларлығы мұндағы жергілікті халық қазіргі кезде де үй салу, дуал, қоршаулар жасауда, балшық илеп, одан кесек қүю әдісін шебер меңгеріп, соны қолданып келе жатыр. Тарихи деректерде көрсетілгеніндей, сырт бейнесі осындай қазақ хандығының иелігіндегі қалалар саны әрі кеткенде жиырма беспен шектеліп келгенімен, соңғы жылдары жарық көрген зерттеу еңбектерінде 1965 жылдары 30-дың үстіне шыққанын ескертеді.
Ежелгі Түркістан қаласы қазақ топырағындағы сол кездегі кең ауқымды саяси мәселелерді, дау-дамайларды шешу орталығы болғаны аян.
Қала түбіндегі Мәртөбеде (Сайрам жанындағы тау) үш жүздің өкілі ылғи да бас қосып, уәжге келіп отырған. Жер дауы да, жесір дауы да осы арада әңгімеге өзек болған.
Ескі қала — Түркістанның ел басын біріктіріп, бірлікке уағыздауда үлкен рольге ие болғанын дәлелдейтін деректер де кездесіп отырады. В.А.Моисеевтің кітабында былай деп жазылған:
«...Главный июрдъ этих хищников в то время был 8 нынешней Сыр-Дарьинской области, по среднему течению реки Сыр-Дарьи и в окрестностях города Түркестана, где жиль сам «казацкий» или киргизский ханъ Тявка»... деген жолдар Түркістан туралы көп жәйтті мағлұм етсе керек.
Демек, Иассы-Түркістан қаласының тарихы әріде жатқанға ұқсайды. Біз ішінара деректер мен мәліметтер келтіріп отырған кезең —1600 жылдар шамасы болса, бұл кезге дейін қала орнығып, өркендеп, жан-жақты дамып отырғаны аңғарылады. Иассы шәһәрі (ол XVI ғасырдан бастап Түркістан аталды) қатты кезеңде болмасын, гүлдеп, өркен жаюына негізгі себеп — ең алдымен мұндағы діни уағыздың зор болғанымен байланыстырылады. Атақты Әзірет сұлтан кесенесінің салынуы, оған Қожа Ахмет Иассауи секілді ғұлама адамның қабірі қойылуы үлкен мәнге ие. Бұл кесененің алғашқы кішкене үлгісі XII ғасырда-ақ тұрғызылған. «Түркістан — қазақ хандығының астанасы» деген мақалада былай деп жазылған:
«Өте ертеден келе жатқан бұл қаланың қазақ халқының рухани өміріңде алатын орны да ерекше. Мәселен, қазақтар арасында орыс мемлекеті тарапынан христиан дінін, жоңғарлар тарапынан ламаизмді енгізу әрекеті болғаны белгілі. Архив құжаттарында осындай айғақтар деректер кездеседі» дейді.
Тағы бір тарихи құжатта — 1755 жылғы Сыртқы істер коллегиясына берілген мәліметтерде мынадай жазбалар кездеседі:
«... толмачъ Арапов въ Оренбург возвратился и привезъ письмо оной орды оть Аблай Салтана, которымь онъ требуетъ отдачи людей его, которые командор еще Сибирской губернской концелярьи въ прошлых близъ Иртыша захвачены и крешены...»
Міне, ертедегі орыс мемлекетінің жүргізген отарлық саясатының кейбір көріністері осылайша байқалып отырған. Бұған қосар тағы бір дерек — 1691 жылы Қалданның елшілері, тархандар Аюке Кашка мен Очин Кашканың Иркутск воеводасы Л.К.Кислянскиймен болған әңгімесінде жоңғарлардың қазақтармен соғысу себептерін ламаизмды қазақтардың қабылдауымен байланыстыра сөз етеді.
«Сыртқы күштер қазақ елінің санасына енгізуге тырысқан екі діннің де тамыр жайып, өркендей алмауының бірден-бір себебі — рухани орталық Түркістанның бүкіл қазақ жұртына ықпалының зорлығына, одан елге жол тартқан Қожа Ахмет Иассауи — қасиетті Әзірет Сұлтан ілімінің асқақ биіктігіне байланысты болса керек. Исі түркі халықтарының екінші Меккесі атанған Түркістан аумалы-төкпелі заманда елге нық сенім беріп, діни және рухани беріктікті сақтап қалуға көмектескен рухани тазарту орталығы бола алды деп айтуға негіз жеткілікті. Оны қазақ жерінің әр түкпірінен мінәжат етіп келген халық, ауыр қасіреттен, қиындықтан қорғайтын пана деп білген. Белгілі бір діннің ықпалына тез берілмеуде сол ықпалға объектінің беріктігі үлкен рөл атқаратындығы мәлім. Халықта ондай адамды сипаттағанда «діні қатты екен» деп айтады емес пе» деп атап көрсетеді Д.Мұстапаева деген автор өзінің мақаласында.
Рас, Иассы шәһәрі үлкен діни орталық болып келе жатқаны көп дәлелдеуді қажет ете бермейді. Бір ғана Әзірет сұлтан ғимаратының өзі-ақ қаланың даңқын бүкіл әлемге жайды. Құл Қожа Ахмет Иассауидің бар ғұмыры осы қаламен байланысты. Ол тарихтан белгілі болып отырғанындай, сопылық ілімнің негізін қалаушы. Жырлары да осы бағытта туындаған. «Диуани хикметте» (Даналық кітабы) Мұхаммед пайғамбарымыздың ілімі барынша көрініс тапқан.
Бұл қала туралы тағы бір ғалымымыз Ә.Дербісәлиев былай деп жазады:
«...» Ал, Түркістан (Иасы) жайындағы алғашқы деректерді IX ғасырдың жазба мәдениет ескерткіштерінен кездестіруге болады. Ол әуелде Шауғар делінгенімен, кейінірек Иасы деп атала бастаған. XV ғасырдан бастап Түркістан атанған тереңге меңзейтін тарихы, өзіндік аса бай дәстүрлері бар Шауғар-Иасы-Түркістан орта ғасырларда Оңтүстік Қазақстан қалаларының ішінде Отырардан кейінгі екінші дәрежеге көтерілген аса маңызды ғылым мен мәдениет орталығы еді деп бөле-жара айтуға болады.
Жазба әдебиетте Түркістанның аты әсіресе Орта Азия, Таяу және Орта Шығыс жұртын Әмір Темір Көреген (1335-1405) билеген кезде жиірек аталады. Оның өзіндік себептері де бар-тын. Осы бір дала қыраны атанған қаһарлы қолбасшы Тұран мен Иран жерінен жер қайысқан қалың қол жинап (олардың арасында қазақтың қаңлы, қыпшақ, қоңырат, найман тайпаларынан шыққандары да жеткілікті болған), қатаң тәртіп орнатып, кіндік қаласын Самарқан еткен Әмір-Темір, жоғарыда аталған елдерге жеңіс туын желбіреткеннен кейін, XIV ғасырдың соңғы ширегінде Алтын Ордаға, Ресейге қарай мойын бұрған кезде Дешті-Қыпшақ пен Сыр бойын мекендеген елдің көңілін аулау үшін оның қасиетті орталығы Түркістанга назар аудара бастайды. Әзірет Сұлтан қорығы сол кезде тұрғызылған болатын»
Бұл мәселені тап бүгін шешу қажет дегенге біз де бірден қосыла кетуден аулақпыз. Бірақ күндердің күнінде ортақ ойдың өзегі болып жатса, оған тек қолдау көрсетілуі керек.
Иә, Түркістан — қазақ топырағындағы көне қалалардың бірі. Бірақ, кейбір зерттеушілеріміз көрсетіп жүргеніндей, ол Отырардан да көне дей алмаспыз. Әйтсе де, бір нәрсенің басы ашық. Отырар тарихи жазбаларда бар да, өмірде жоқ. Қираған, орны ғана қалған. Ал, Түркістан болса... бәріміздің көз алдымызда. Әсіресе, әйгілі Қожа Ахмет Иассауи кесенесі баға жетпес қазына ғой. Енді сол тарихи қазынаны көзіміздің қарашығындай қорғап, алдағы ғасырларға жеткізуіміз керек емес пе.
Іргелі ел болғымыз келсе, осы жағын естен шығармасақ екен...
XI ғасырдың бас кезінде жарық дүниеге шыр етіп келген жас сәби — бүгіндері аты аңызға айналған әйгілі Қожа Ахмет Иассауи есімі (оның толық аты-жөні — Қожа Ахмет бин Ибраһим бин Махмүд бин Афтихар Иассауи) тек соңғы жылдар бедерінде ғана ерекше назарға алынып, мерзімдік баспасөз беттерінде жан-жақты атала бастады. Ал, оған дейін тек есімі ғана белгілі болған осынау ғұлама туралы енді егжей-тегжейлі зертеулер де жазылмақшы. Осылайша Иассауитану ғылымы да өзінен-өзі туындап келе жатыр?
Иассауи қай жерде туды? Қашан туды? Бұл сұраққа әр кезде әртүрлі жауап беріліп келеді. Ол қазіргі Сыр бойындағы Сайрам қаласында дүниеге келгені рас. Бұны талай тарихшыларымыз бен зерттеушілеріміз жазды да. Алайда... ислам дінінің ізімен сопылық философияның Орта Азияда негізін салған, оның мистикалық бағытын осы аймақта алғаш рет паш еткен ойшыл, ғалым, ақын, дана Қожа Ахмет бин Ибраһим бин Махмұд бин Афтихар Иассауидің өмірбаяны туралы тиісті мәліметтер әлі де толық емес. Оның туған жылы мен қайтыс болған уақыты туралы да белгілі ғалымдарымыз әртүрлі жорамал айтып жүр: 1103-1166 ж. (К.Ераслан, Ә.Нәжіп), 1080 ж. (3.Жандарбеков), 1103-1167 ж. (Н.Нұрмұхамедов), 1104-1167 (Ә.Қоңыратбаев), 1094-1167 ж. (X.Сүйіншәлиев), 1103 ж. туған (С.Санбаев), 1083 ж. (С.Ізтілеуұлы) т.б. Жазушы С.Бақбергеновтің жазбасында Қ.Иссауи 1093 жылы туған делінеді. Оған қоса: «... жер астында он жыл жатып, 73 жасында, шамасы 1167 жылдары дүние салды» деп тұжырым жасаған. Бірақ бұл да жорамал ғой. Ғалым-философтар А.Қасабеков пен Ж.Алтаев: «... Ұлы бабамыздың туған күні мен жылы белгісіз. Өлген жылы — 1166» деп жазады.
Ғұлама ғалым әрі ойшыл азамат туралы тынбай еңбектеніп келе жатқан ғалым, профессор Әбжан Құрышжанов өзінің мақаласында былай деп ой өрбітеді:
«... Қожа Ахмед Иассауидің арғы атасы Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, шәкірті әрі күйеу баласы (Фатиманың күйеуі), белгілі төрт сахабаның бірі Әзіреті Әлінің баласы Мұхаммед Ханифаның бесінші ұрпағы Әбдірахым мен Әбдіжәлилге еріп келіп, Орта Азияны жаулап алуға қатысқан, содан соң осы күнгі Түркістан (ол кездегі Иассы) қаласының маңында қалып қойған Ысқақ баб болып есептеледі.
Осы ғалым тағы бір еңбегінде Иассауидің 1103 жылы дүниеге келіп, 1166 жылы Иассыда (Түркістанда) дүние салғанын жазады.
Осы жерде бізге мынадай ой келеді. Иассауи 63 жасқа келген соң, бұл дүниенің қызығын тәрк етіп, жер астына түсті дейміз. Жер астына түсуі, яғни, қылует етуі — оның бұл дүниемен қоштасуы ма екен? Ғұлама философ жер астында да пәленбай жыл (әзірге осылай дей тұралық) өмір сүргені қайда қалады сонда? Демек, жоғарыдағы мысалға алынған белгілі ғалымдарымыздың жазбаларына қалай қарауымыз керек?.. Біздіңше, күңгірт тұстар баршылық.
Бірқатар тарихи құжаттарға сүйене сөйлер болсақ, оның өмірбаяны мынадай. Ол әуелі сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алады да, кейіннен Бұхардағы Юсуп Хамадани басқарған сопылар қауымына кіріп, дәруіштік мектептен өтеді. 1140 жылы Юсуп Хамадани өліп, кейіннен оның екі мүриті дүние салған соң қауымды Ахмет Иассауи басқарады. Бірақ көп ұзамай-ақ мәртебелі қызметін тастап, өзінің туған өлкесіне біржола қайтып оралады. Софизм идеяларын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, жоқшылықта өмір сүреді. Сондықтан да оны жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп кетеді.
Ахмет Иассауидің дінді уағыздаушы және шайыр ретінде атағы кең жайылып, оның «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы») атты көне түркі тіліндегі діни өлеңдер топтамасы болады. Ол дүниесі жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылғанын тарихи құжаттар айғақтап отыр.
Оның атының елге кең таралуына тікелей себепші болған бұл сияқты уағыздық өлеңдердің философиялық және діни-мистикалық мазмұны, ондағы жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үні, халықтың қайырымдылық сезімін ояту, оны басқа діндегілермен жауласудан сақтандырумен қатар дін иелерінің ашкөздігін, зұлымдығын әшкерелеумен жалғасып жатқандығын қадап айтуымыз керек.
Тағы бір ойға жетелейтін мәселе бар. Біз көп уақытқа дейін Ахметті мистик ақын болды деп, үнемі назардан тыс қалдырып отырдық. Ал, шын мәнінде сол мистика деген сөздің өзі де бір ғылым саласы емес пе. Мистика ежелгі грек тілінде «сыры мол әдет-ғұрыптар» немесе «құпия нәрсе» деген мағына береді екен. Ең бастысы, мистика қағидаларының тұжырымдары барлық дінге ортақ болып кіріге алады. Осы тұрғыдан алғанда, Иассауидің ұстанған бағытын бұрыс деуге бола қоймас. Мәселен, кейбір деректерде философ Платон, ақындар Теннисон мен Тагор, тағы да бірқатар белгілі кісілер мистикалық ғылымның жолында болғанын көзіқарақты оқырман білуі тиіс.
ә) Қылует тарихы немесе Иассауидің екінші өмірі
Әйгілі ғұламаның ғұмыры шартты түрде бөліп қарасақ, екі сатыдан тұрады. Жер бетіндегі өмірі және жер астындағы, яғни, қылуеттегі өмірі... Міне, осы бағытта әркім өз болжауын әртүрлі айтады. Оның 63 жыл өмір сүріп, «пайғамбар жасына» жеткен соң, жер астына түскенін тарихи құжаттар айғақтайды. Бұл айдай анық нәрсе. Ойшыл ақын өзінің «Хикметінде»:
Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім,
Алпью үште «сүндет» деді, — естіп, білдім.
Жер астында жанымды салып құлдық қылдым,
Есітіп, ұғып, жерге кірді құл Қожа Ахмед»
(27 хикмет)
деп келеді де, енді бірде:
Алпыс түнде, алпыс күнде бір-ақ жол тағам (татып),
Таң атқанша намаз оқып, тек табынып,
Алпыс үште ғұмырымның ақыры тамам болды,
Мұстафаға құрмет тұтып, кірдім мен — ә!
(6 хикмет)»
деп жазбаушы ма еді.
Сөйтіп, ірі дін өкілі, сопылық ілімнің қазақ топырағында негізін қалаушы ойшыл 63 жасында жер астына түсті. Қылует қылды. Қылует дегеніміз — жер астындағы үй, жеке жай. Бұл біздің тұжырымымыз. Ал, А.Абуов деген автор өзінің «Қожа Ахмет Иассауи дүниетанымын зерттеудің тарихи-философиялық аспектісі» деген мақаласында: «... Хилует деп софылардың, дәруіштердің жеке қалып бас қосатын, кейде 40 күн оразаларын тұтатын жерін атаған» деп жазыпты*. Қылует (хилует) туралы бұдан басқа да әртүрлі пікірлер бар.
Иассауидің жер астында қанша жыл өмір сүргені туралы пікірлер де күні бүгінге дейін әртүрлі. М.Ф.Көпірілі 120 жас жасады деген тұжырым айтады. Бұл ойды академик В.А.Гордиевский, қазақ жазушысы Ж.Аймауытовтар да қостайды. Ол туралы жазбасында қазақ ғалымы Зікірия Жандарбек те Қожа Ахмет 120 жыл жасады деп тұжырым білдіреді.
Ақынның өзіне жүгінер болсақ, келесі бір хикметі былай дейді:
Жарандардан жақсылық, құдайы рақым ала алмадым,
Жүз жиырма беске кірдім — біле алмадым,
Хақ тағала дегенім қыла алмадым,
Естіп, ұғып, жерге кірді Құл Қожа Ахмед
(27-хикмет).....



Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 30 секунд !!!

Автор: nurgul95 | 142 |


Комментарии для сайта Cackle


Загрузка...

KZ / Рефераттар жинағы, реферат Түркістаным тұраным туралы реферат казакша на казахском акпарат малимет, реферат Түркістаным тұраным на казахском языке скачать бесплатно информация, рефераттар жинағы Тарих жоспарымен, казакша реферат жоспар, Түркістаным тұраным, реферат Түркістаным тұраным туралы реферат казакша на казахском акпарат малимет реферат Түркістаным тұраным на казахском языке скачать бесплатно информация рефераттар жинағы Тарих жоспарымен казакша реферат жоспар Түркістаным тұраным, Реферат: Түркістаным тұраным реферат қазақша жоспар қазақша рефераттар сайты тегін referat-kz.kz қазақша рефераттар сайты)) Қазақша Рефераттар жинағы