Ұ. Есдәулет «Біз түркілерміз». Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.
Автор туралы дерек
Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет - қазақтың ақыны, журналист.
1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген.
Әкесі - Есдәулетов Оразбай (1921-1998), ҰОС ардагері, еңбек ардагері, орта мектептің химик-биологы болған.
Анасы - Салықбаева Роза Сейітжанқызы (1929 жылы туған), зейнеткер, филолог-тіл маманы.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1977) журналист мамандығы бойынша, М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін (Мәскеу қаласы, 1985) әдебиетші мамандығы бойынша бітірген. Гуманитарлық ғылымдар академиясының құрметті академигі (2004 жылдан). Қазақстан журналистика академиясының толық академик-мүшесі. М. Әуезов атындағы Семей университетінің құрметті профессоры (2007 жылдан).
«Қанат қақты» (1974), «Жұлдызжарығы» (1977), «Аптайдың алтынтамыры» (1979), «Ұлыстың ұлы күні» (1982), «Ақ керуен» (1985), «Жаратылыс» (1989), «Жүректегі жарылыстар» (1995), «Алтай асулары» (1988), «Заман-ай» (1999), «Киіз кітап» (2001) кітаптарының; «Ахиллестің өкшесі» өлеңдер жинағының (2003); қазақ тіліндегі 5 томдық шығармалар жинағының (2006), «Ынтық зар» (2009), «Әбілхаят» (2009) авторы. «Семей-Невада» қозғалысының әнұраны «Заман-ай» әні сөздерінің авторы.
Ақынның шығармалары шет телдеріне аударылған. Үнді, түрік, фин, африка, алжир, украин, әзірбайжан, қырғыз, абхаз, монғол, саха-якут және басқа халықтардың ақындарының өлеңдерін; сондай-ақ М.Лермонтовтың, А.Блоктың, Д.Кедриннің, Н.Рубцовтың және т.б. бірқата шығармаларын қазақ тіліне аударған. Қазақ, орыс және түрік тілдерін біледі.
Біз - түркілерміз
Біз - түркілерміз... Біз - түркілерміз! Көк аспандай жарқылдап, күркірерміз, Көк аспанның бұлтындай сілкінерміз, Көк бөріден туғанымыз рас болса, Көк тәңірден қуат ап, бір түлерміз. Кеудемізді билеген асқақ арман, Тарихымыз дастан боп таста қалған, Тірсегіміз тілінген кездерде де Жан жүректі жерім жоқ жасқа малған. Жұтып қойған ғасырлар өктем үнін, Айға қарап ұлыған көк бөрімін. Атқа мінсем кетемін аруақтанып, Арасында желік бар ет-терінің. Атқа мінсем кетемін айбаттанып, Қылыш көрсем кетемін қайраттанып. Ғасырлардың бетіне қалқып шыққан, Біздің халық - бұ да бір қаймақ халық! Намысымдай ешкімге таптатпаған, Түркістанның күмбезі асқақтаған. Бабаларым жатыр ғой бата беріп, Аруақтар аманатын ақтап бағам. Көк тәңірден көңілге нұр тілерміз, Көк аспандай әлі де күркірерміз. Көк бөрілі көк байрақ көкке шықса, Қай дұшпанның алдында іркілерміз? Біз - түркілерміз! Біз - түркілерміз!! Біз - түркілерміз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?