Ақтамберді Сарыұлының «Күлдір-күлдір кісінетіп», «Балаларыма өсиет» толғаулары. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 14-сабақ


Бекболат Тілеуханның орындауындағы Ақтамберді толғауы «Күлдір – күлдір кісінетіп»

«Күлдір-күлдір кісінетіп» бейнежазбасы: Youtube  03.06.10 Kazak Aktamberdi tolgauy

https://bilimland.kz/kk/courses/qazaq-adebieti/9-synyp/lesson/aqtamberdi-zhyrau-kuldir-kuldir-kisinetip-tolhauy

АҚТАМБЕРДІ ЖЫРАУ

http://temakosan.net/load/referaty_na_kazakhskom/ly_t_l_alar/a_tamberdi_zhyrau/17-1-0-4145

Ақтамберді Сарыұлы (1675 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Қаратау – 1768 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Жүреқадыр мекені) - жырау, қолбасшы, қазақтың көне жыраулық мектебінің өкілі, дипломат. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Ұлы жүздің Ошақты руынан шыққан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар.

Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтамберді: «Дұшпаннан көрген қорлығым сары су болды жүрекке, Он жетіде құрсанып қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп құдай тілекке» деп, өзі айткандай, он жеті-ақ жасында қолына қару алып, ел қорғауға аттанады. Жыраудың акындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып, алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасылық қабілетімен көзге түседі.Сақа батырлар санатына қосылған кезде «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады.

Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады.

Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды да тағы мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтамберді айтарлықтай рөл атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.

Ол қазақ жұртына ертеден танымал талант иесінің бірі, заманының ірі қайраткері, сөз өнерінің көнекөз өкілі Ақтамберді творчествосы көп жылдар бойы жіті зерттелмей, ескерусіз естен шығып қалуға айналған асыл мұралар қатарына жатады.

Ақтамберді Сарыұлы - суырыпсалма сөз өнерінің жетік өкілі. Шығармалары табанасты шығарылып, ауызекі таралып, ел есінде сақталу арқылы жеткендердің бірі. Халық оны жоңғарларға қарсы жорықтар кезінде қол бастап, ерлік көрсеткен батыр, өзінің өжет те өткір сөздерімен қалың қауымға әсері күшті болған жалынды жырау деп санайды. Қысқа да нақыл, шешен сөздердің шебері.

1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болды. 1738-1752 жылдарда қазақ-калмақтың қанды кақтығыстарының барлығына дерлік қатысады. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау.

Ақтамберді - тарихи тұлға. Оның есімі қазақ халқының тарихында аталады, ел аңыздарына сай бағаланады. Революцияға дейін жазылған қазақ тарихы туралы кітаптарында да жырау есімін кездестіреміз. Мысалы, 1911 жылы Қазан баспасынан жарық көрген Құрбанғали Қалидовтың «Тауарих хамса» атты кітабында (250 бет) Ақтамберді туралы қыска мәліметтер кездеседі. Ақтамбердіні кейінгі жыраулар шығармаларынан да ұшыратуға болады. Ел жауына қарсы аттанған батырлар қатарында оны 18 ғасыр жырауы Үмбетей атаған. ХІХ ғасырдың белгілі ақыны Дулат Бабатайұлы өзінің «Ер Еспенбет» дастанында жырлаған. Ақын Ақтамбердінің қартая бастаған тұсын бейнелейді. Оны тәжірибелі қолбасы, батыр, қайтпас ер тұлғасын да танытады.

Ақтамберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болып келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой-арманымен, мақсат-мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір-күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халкының мінез-кұлык ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көзқарастары анық аңғарыларды. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпенділер өміріндегі орны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтамбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды.

Ақтамберді жырларындағы негізгі сарын - ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң-балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен шайқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп біледі.

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айқайлап.

Дұшпаннан көрген қорлықтан,

Жалынды жүрек қан қайнап,

Ел-жұртымды қорғайлап.

Ол - суырыпсалма сөз өнерінің жетік өкілі. Шығармалары табан асты шығарылып, ауызекі таралып, ел есінде сақталу арқылы жеткендердің бірі. Халық оны жоңғарларға қарсы жорықтар кезінде қол бастап, ерлік көрсеткен батыр, өзінің өжет те өткір сөздерімен кауымға әсері күшті болған жалынды жырау деп санайды.

«Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын шығармасы - ақынның алдына қойған арманын танытатын патриоттық туынды. Одан тұлпар мініп ту ұстап, ел шетіне қорған боп ерлік атын шығаруды аңсаған батыр адам үні естіліп тұрады. Ел қамымен автор өз мүддесін бірге ұстайды. Сұлу құшу және батыр деген атаққа ие болу, бұл сайып келгенде, жалаулы найза қолға алып, жау қашыра білуіне, ерлік қимылдарына байланысты немесе жігіттің ерлік көрсетуге даярлығына тәуелді армандар дегісі бар. Автордың ойынша, ел үшін аянбай еңбек етіп көзге түссең дегеніңе жетесің. Ер азаматтың алдына қояр талаптарын ол өзінше термелейді:

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз.

Күрек тісін қасқитып,

Сұлуды құшар ма екенбіз.

Күдеріден бау тағып.

Кіреукеден тон киер ме екенбіз...

Жалаулы найза қолға алып,

Жауға қашырар ма екенбіз.

«Актамберді қолы» деп,

«Жанайдың салған жолы» деп,

Жақсы атанар ма екенбіз.

1973 ж. шықкан «Алдаспан» жинағында осы толғаудың екі нұсқасы басылған. Асылы, олар - әркайсысы әр тұста айтылған өзінше бөлек жырлар. Себебі, қайталау көп кездеспейді (113,117-беттер). Ақтамберді есімін ақын Сара да еске алады. Ол Біржанменен айтысында өз елінің атақты ақыны, аруақты батыры деп мақтан етеді. Белгілі жазушымыз С. Мұқанов жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» толғауын 1942 ж. шыққан «XVIII - XIX ғғ. қазақ әдебиетінің очеркі» кітабында жариялаған-ды. Бұдан кейін «Ерте дәуір әдебиеті нұсқасы» (1967), «Алдаспан» (1973), «Бес ғасыр жырлайды» (1984) жинақтарына енді. «Айқап» баспасынан 1994 ж. басылып шыққан Әзімбай Бижанұлының дастаны бар. Онда Ақтамбердінің біз сөз еткен «Күлдір де күлдір кісінетіп» толғауы тағы жырланып, жыраудың өмір жолы толғанады. Батыр жыраудың ерлік бейнесі жасалады.

М. Мағауиннің «Қобыз сарыны» кітабында да Ақтамберді ақындығы біркелкі сөз болған еді. Аталмыш еңбектерде жырау шығармашылығын толық танытуға белгілі дәрежеде көңіл бөлген.

Ақынның батыр мінер тұлпарды бейнелеген өлеңі оның суреткерлік шеберлігінен де хабар береді. Кей жерлері жоғарыдағы жолдарға үндесіп жатады.

Келбетіне қарасаң,

Омырауы даладай.

Әлпетіне қарасаң,

Сырлап соққан моладай.

Жолбарыстай жон түйген,

Аш күзендей бүгілген.

Ор киіктей жүгірген...

Осы келтірілген жолдар жоғарыдағы «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын өлеңнің жалғасы десе боларлық. Екеуінде де бір идея көрсетілген. Ер азаматтың армандары термеленеді.

Ақтамберді ермін деген жігіттің алдына асқар таудай асыл мұраттар қоя біледі.Соның ең асылы - ерлік. Ел басына қиындық түскен кезде сыналар және елі үшін жанын отқа салуға даяр жігіт қана ер атанбақ. Ақын заманы мұқтаж етіп отырған ер-азаматты үлгі етіп, әр тұста елі үшін ерлік көрсете білуге үндейді.

Балпаң-балпаң басарсың,

Басуға табан шыдаса.

Қызыл алмас жан қияр,

Қызыл талға қынаса.

Мал бітпеске немене,

Жігіт жанын бұласа.

Ел шетіне жау келсе,

Алдына сірә, дау келсе,

Батырсынған жігіттің,

Күшін сонда сынаса.

«Алдаспан» жинағында жарияланған ақын толғаулары өзінің мәні жағынан да, шешендік түрі жағынан да кұнды. Қазақ поэзиясында сүбелі үлес қосқан сөз зергерінің келбетін танытқандай шығармалар. Сөзіміз жалаң болмас үшін ақынның өзі туралы айтқан бір пікірін келтіре кетейік:

Торлаусыз өскен құланмын,

Мезгілсіз жусап өрермін.

Байраққа біткен құрақпын,

Саусағым жерге түсірмен

Жапанға біткен терекпін,

Еңсемнен жел соқса да теңселмен...

Келтірілген жолдар - ақын шабытын танытарлык кесек туынды. Өзін бейнелеуде эпитеттер мен ауыстырудың асқақ та асыл түрлерін орынды қолданып, ер тұлғасын көз алдыңа айқын елестетеді. Бұл үзінді -Махамбеттің әйгілі «Мен, мен едім, мен едімді» дүниеге әкелген оның арғы атасы дерлік туынды. Кейінгі көп ақынға азық болған асыл сөздің үлгісі. Ақынның өзі туралы айткан кейбір сөздері жас шағында жау қорлығын көрген еліне пана болуды арман еткен жетелі жас болғандығын хабарлайды. Ол бір сөзінде 17 жасында-ақ ат арқасында жүріп, жау жағын торығанын айтады.

Дұшпаннан көрген қорлығым

Сары су болды жүрекке,

Он жетіде құрсанып

Қылыш ілдім білекке.

Жауға қарай аттандым

Жеткіз деп кұдай тілекке.

Өзі атадан жалғыз боп, 15-16 жасқа дейін жоқ-жітік көріп, зарлана, шерлене сөз толғап, болашағын ойлап аласұра өседі. Басқа тұстастарынан пысық болғаны да байқалады. Сөйтсе де болашақ батыр ақын мейірімсіз жақын-жуықтар түрткісін көп көріпті.

Жамаулы киім кигенім,

Жарлылық сенен көремін.

Атадан тудым жалқы боп,

Жакыннан көрдім талқы көп.

Жасым жетпей он беске...

«Жақыннан көрдім талқы көп» -десе дағы олардан өш, қастандық не кек алу дегенді ойламаған. Ондай қысқа тапшы мақсаттардан өзін жоғары ұстай білген.

Қорғайтын жан адам жоқ...

Қазір әлсіз болсам да,

Үмітім бар ақырдан...

Он жетіге жас жетті,

Көңілім сонда орнықты.

Жауласуға жау емес,

Жақынға қылман зорлықты.

Ақын өзі ер жетіп, қайраты толған кезде ел-жұрт, қалың қазақ мүддесін ойлауға серт береді, ел тағдырын толғанады. Сырт жаудың көрсетіп жатқан қорлық-зорлықтан елін азат ету - арлы азаматтың абыройлы міндеті екенін түсінеді. Әрине,Ақтамберді тек жалаң ерлікті көксеп, бойындағы күшін қоярға жер таппай аласұрар ақылсыз, мақсатсыз жортуылдың кұмары емес. Ол - ел шетіне қорған, жаудың талап кеткен мал-мүлкін қайырып, халқының кегін алу, «қатын-бала қамы үшін» кылыш сермейтін, мақсаты айқын батыр.

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айқайлап.

Дұшпаннан көрген қорлықтан,

Жалынды жүрек қан қайнап,

Ел-жұртымды қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап.

Жаумен тікелей жауласқан кездерде шығарған өлеңдерінде өз істерінің әділдігін ерекше ескертіп, өз елін жаудан қорғар ердің ісін кұрметтейді. Баса көктеп, ел намысын таптап келген, өзі келіп ұрынған дұшпанды аямады, сазайын тарттыра соққы беру жөн деп санайды. Қазақ елінің ата мекені кең қонысын ен жайлап, жайбаракат жатқан шағын, бейбіт өмірін ардақтайды. Сондай-ақ, басқа екі аяқты пенделер сияқты тіршілік қамын ойлайды. Тірі жан-жануардың бәрі де тіршілік үшін еңбектенбекші. Алдына мал салып ,тең құрбыдан кем қылмай молшылық пен бақ-дәулетті біреулер алақанын аспанға жайып, алла тағаладан сұрап-тілеп алуды ойлап, өзін-өзі алдап ақтаса, екіншісі өз күшіне, талабына, еңбек әрекетіне сенім артып, өмірге белсене араласады. Алдына асқар таудай талап қойып, сол талабын іске асыру үшін аянбай қайрат жұмсайды. Өмір қиыншылығымен алысып, ерінбей еткен еңбегінің жемісін жеп, төккен терінің кызығын көріп, өзіне-өзі бақ-дәулет орнатады. Ақын дүниеге келген тірі жанның осы бір әрекетін өз атынан, лирикалык кейіпкер ретінде, әдемі бейнелейді:

Көк көгершін, көгершін

Көккұтан ұшар жем үшін.

Тем, тем үшін, тем үшін

Тең құрбыдан кем үшін.

Ерлер жортар мал үшін,

Тұтам емшек бие үшін,

Қатын-бала қамы үшін,

Әркім өзі талпынбақ,

Басына бітер бағы үшін.

Ақтамберді қазақ жауынгерлерінің азаттық, кұлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Актамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.

Ақтамберді сөздері - ақыл-нақыл ретінде келетін дидактикалык толғаулар. Ол «Ел аман болсын ләйім»-деп, туған жер, Отан тілегін бірінші орынға қоя білген. Халқының ер азаматы, төре-сұлтандары, бай-батыр, жарлы-жақыбайлары - түгел бір мақсатта болса деп армандайды. Әділетсіз болса биден, рахымсыз болса байдан, катты болса жақыннан ел түңілетінін айтып, әділет жолын нұсқайды.

Рақымсыз жақыннан,

Халқы катты түңілер...

Әділ туған жақсыға,

Екі даугер жүгінсе,

Тізесін қисық бұрмаса

Асылдығы білінер.

Ақын шығармашылығы гуманистік, адамгершілік идеяларды көтеретін, елдегі күйкентай пендешілікті, өзімшілдікті сынайды. Кейбір мал-басы өскен дәулеттілердің ішінен тұмсығын аспанға көтеретін құр кеуде тәкаппарларды - «семіздікті қой көтереді» дегендей, малының буына мас болғандар деп кекетсе, ал ақылсыз алаяқтарды - «жал бітсе, жанына торсық байлатпас» жаман ат сияқты деген ой айтады.

Мал-басы өскен адамның,

Алды-арты бұркан бу болар.

Көтере алмай дәулетін,

Көрінгенге қыр қылар.

Жетім менен жесірге,

Қазары ылғи көр болар.

Онымен жолы болмайды,

Біреуден қайтып қор болар.

Ел арасындағы дау-дамайды қоздырып, күшіне сеніп, өктемдік көрсеткен Абылайды да, Бөгенбайдай батырды да ақын бір түйреп өтеді. Бұлардың сырт жауларды жеңіп алып, енді өздеріне жақпаған руларға тізе батырмақ әрекеттеріне қарсы шығады. Мысалы: «Уа, қарт Бөгенбай!»- деп басталатын толғауы наймандарға көрсеткен арғындар өктемдігіне қарсы дау ретінде айтылады. Желігіп жесір әкеткен, күнәсіз қан төккен арғын бұзықтарын ұстап берудің орнына, Бөгембайлардың оларды тығып отырғанын айтып күш көрсетеді. «Жендетті көрсет көзіме, Желіккен басты кім кеспес!»- деп тапжылмай тұрып алады.

Бөгенбайға айтқан бұл сөздер тек арына шапқан қайсар батырдың тегеурінді сөзін ғана танытып қоймайды, соған қоса ел бастаған төрелерге ел тыныштығын сақтай білу, корлық-зомбылық көргендерге көмек беру, әділет жолында адал қызмет ету деп біледі.

Ақтамберді толғаулары берер ақылының шегі жоқ, бәрінде де адамгершіл пікірлер ұсынылып, жат мінездер сыналады. Адамның артықшылығы жомарт, жайдары мінезде, ақылы мен білімінде - деп атап көрсетеді. Асыл ару, аылды жас, жайдары да білімді, пейілді, өз-өзіне сын көзбен қарай алатын, дандайсымайтын кішіпейіл жүретін ұяты мен ары таза әдІл азаматты ардақтайды.

Аласапыран кезінде туып, шайқас алаңында шыңдалып өскен Ақтамберді жырлары қазақтардың он сегізінші ғасырдағы жаугершілікке толы өмірінің шынайы суреттерін алға тартады.

Ақын шығармашылығы қазіргі кезде қоғамға, әдебиетке үлкен маңызын тигізді.

Сайып келгенде, ол 90 жас жасап, 1752 жылы шамасында дүние салған, өз заманына сай әрі батыр, әрі жырау болған.

Қорыта айтқанда, Ақтамберді мұралары бізге әлі толық жетпегенмен, оның рухани мұрасы өте бай. Оның сөз өнері, дүниеге деген көзкарасы төл әдебиетіміздің, ойлау мәдениетіміздің қалыптасуына, сөз жок, айтарлықтай ықпал етті.

[attachment=28229:aza-debieti_8-synyp_-1-tarau_-14-saba_osymsha-resurs_1-nsa.docx]
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу