Махаббат пен абырой. М.Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасы. Поэманың көркемдік ерекшелігі. Қазақ әдебиеті, 7 сынып, дидактикалық материал.


1-2-топ тапсырмасы

Зерттеу нысаны: Баянның батырлығын сипаттайтын көркем сөздер және оның образ ашудағы білдіретін мәні.

3-4-топ тапсырмасы

Зерттеу нысаны: Батыр Баянның сезімі мен көңіл күйін сипаттайтын көркем сөздержәне оның образ ашудағы білдіретін мәні.

Шағын жоба жұмысының талдау реті:

1-қадам. Кейіпкердің сипатын ашатын көркем сөздерді теріп алып, түрін ажырат.

2-қадам. Кейіпкер бейнесін танытатын 1 көркемдік қолданысқа 3 аспектіде талдау жүргіз:

  • Көркем сөздің білдіретін (тура) мағынасын анықта.
  • Мәнмәтіндегі мағынасын талдап, кейіпкерге мінездеме бер.
  • автор идеясын жеткізудегі орнына баға бер, идеяға қатысты түйін шығар.

3-қадам. Автордың образ ашудағы қолданған амал-тәсілін анықтап, тұжырым шығар.

Тұжырымда қамтылатын сұрақ:

  • Автор кейіпкер бейнесін сипаттау үшін қай суреттеу құралын көбірек қолданған? Неге?

Тұжырым шығаруда басшылыққа алынатын сұрақтар:

  • Автор кейіпкер бейнесін сипаттау үшін қай суреттеу құралына көбірек қолданған? Неге?

Дескриптор:

  • кейіпкер сипатын ашатын кемінде 6-8 көркемдік қолданысты мәтіннен теріп алып, (эпитет, теңеу, метафора т.б.) түрлерін ажыратады;
  • кейіпкер сипатын танытатын 1 көркемдік қолданысты таңдап алып, 3 аспектіде талдау жүргізеді:
  • 1) білдіретін тура мағынасын анықтайды;
  • 2) мәнмәтіндегі мағынасын талдай отырып, кейіпкерге мінездеме береді;
  • 3)образдың автор идеясын жеткізудегі орнына баға беріп, идеяға қатысты түйін шығарады;
  • автордың образ ашудағы қолданған амал-тәсілін анықтап, тұжырым шығарады.
  • жауаптарын «Кесте» сызбасына түртіп алып, негізінен ауызша талдап, сөйлейді.

Үлгіні шолып өтіңіздер!

Кейіпкерді сипаттайтын көркем сөз

Көркем сөзді 3 аспектіде өзара байланыста талдау

Тура мағынасын анықта

Көп жаудың албастысы, ел еркесі - метафора

«албасты» сөзі - тура мағынасында түркі халықтары фольклорында кездесетін мифологиялық кейіпкер, шайтанжын, пері, марту секілді жағымсыз күш иесі;

«Ел еркесі» - халықтың, көпшіліктің қалаулысы, сүйіктісі

Абылай ханның сөзіндегі «албасты» метафоралық қолданысы мәнмәтінде «жау» сөзімен тіркесіп, 3-жақта тәуелденіп қолданылған. Бұл метафора арқылы автор Батыр Баянның шабуылда күтпеген жерден (сайтандай) оқыс қимылдап, ғайыптан шыққандай табанда әдісқойлық танытып, жауын тырп еткізбей жеңетін тегеурінді батыр, ерекше күш иесі екенін танытқан. Ол – жауына қырғидай тиетін адуынды да қайтпас ер.

Ел мен жерді жаудан қорғауда батырлығымен аянбай еңбек сіңірген батырды халық аялайды, еркелігін көтереді. Ол - халықтың аялайтын аяулысы, әспеттейтін елеулісі, көпшіліктің көзайымына айналған батыр.

«Көп жаудың албастысы, ел еркесі» күрделі метафорасы -Абылай ханның аузынан айтылған, батырға берілген жанама мінездеу. Бұл - автордың батырлықты дәріптеудегі бір амал-тәсілі. Автор метафоралық қолданыстағы жанама мінездеу арқылы басқа емес хан бағалаған батыр Баянның абыройы асқақ, беделі зор батыр екенін танытқан.

Ел қорғаны болған батырлықты дәріптеу арқылы автор отансүйгіштікке шақырады. Түйінді ой

Ел үмітін ер ақтар,

Ер атағын ел сақтар.

Автордың образ ашудағы қолданған амал-тәсілін анықтап, тұжырым ұсыныңыз

Автор батырдың бейнесін сипаттау үшін қай суреттеу құралын көбірек қолданған?

Сіздің көзқарасыңыз бойынша, неге ол суреттеу құралы тиімді болып тұр? Ойыңызды мәтінге сілтеме жасай отырып, дәлелдеп айтыңыз.

Талдау жүргізу үшін «Кесте» сызбасын басшылыққа алыңыздар.

«Кесте» сызбасына негізгі жауаптарыңызды қысқаша түртіп алып, жүйелеп, ауызша сөйлеуге дайындалыңыздар.

Кейіпкерді сипаттайтын көркем сөз

Көркем сөзді 3 аспектіде өзара байланыста талдау

Тура мағынасын анықта

Автордың образ ашудағы қолданған амал-тәсілін анықтап, тұжырым ұсыныңыз

Тұжырымда қарастырылатын сұрақтар:

  • Кейіпкер қандай адам?
  • Автор кейіпкер бейнесін сипаттау үшін қай суреттеу құралын көбірек қолданған?
  • Сіздің ойыңызша, неге ол суреттеу құралы тиімді болып тұр?

Мәтіннен үзінділер

1-2-топ

№1

Қанайым, ойың удай, тілің шаян,

Амал не, келген жоқ қой батыр Баян.

Көп жаудың албастысы, ел еркесі

Баянның батырлығы алашқа аян.

Баянның аруақты құр атынан

Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ қоян?

Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат

Баянсыз қанатымды қалай жаям?!

Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,

Келмесе қандыбалақ батыр Баян!»

№3

Қазақтың батырлары бәрі қыран,

Сонда да бір батыр жоқ Баяндай тап.

* * *

Тілегім – енді жауға аттаналық,

Қан көрсе, қас қыранда шер тұра ма?!» 

* * *

Алашта ертеде өткен екі арыстан:

Ер Көкше, Ер Қосайдай ер бола ма?

Солардың нәсілінен Сары, Баян,

Барыстай ойын салған сар далада.

№2

Жас Баян жауды талай көрмеп пе еді,

Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе еді,

Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,

Сан қолға аш бөрідей кірмеп пе еді?!

Жебесі көбе бұзып, жүректі үзбей,

Найзасын, сірә, шалғай сермеп пе еді?

Бірін айт, бәрін айт та, басқа батыр

Баяндай «алашым!» деп еңіреп пе еді?

Бұл жолы кешігуі жай емес қой,

Тұлпарым кез болды ғой орға, тегі! 

№4

Ол қалды. Жүз жолбарыс майданды ойлап,

Тартады шабуылмен Іле бойлап.

Алдында ақ сұңқардай батыр Баян,

Екпіні қауға тиген өрттей ойнап,

* * *

Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен

Қалың қол ортасында батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян.

* * *

Бұлақтай аспанға атып қан шапшыған

Жараға тығып тұрып бармақ басын,

Қасқиып қан майданда тұрып қалды

Қайран ер, қайсар Баян жолбарысым!

Мәтіннен үзінділер

3-4-топ

№1

Болмасын жас сұлудың білгеннен соң,

Ер Баян қарындас қып, ерік берген.

Алайда ар алысқан жүрегімен

Теңізде алысқандай күшті сеңмен.

Сұм сұлу анадайдан «ағатайлап»,

Баянда жан қоймаған жандырмаған.

Сонда да сыр шығармай батыр Баян,

Жастық қып жанын естен тандырмаған. 

№2

Боз үйде жалғыз қалып Баян енді,

Жаралы жолбарыстай күңіренді.

Ақылға алғыр құстай ашу төнді.

Бір көк сұр түс енгізіп бар денеге,

Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді.

Ақыры ашу ерді билеп кетіп,

Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді.

Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян,

Боз үйден оқ жыландай шыға келді.

Ер Баян сол кеткеннен кете барды,

Белінде жалғыз-ақ бір садақ бар-ды.

Бауырынан Обағанның орғып өтіп,

Арыстан айдалада дүбір салды.

Көрсе де дауыл гүлді – басылмады

Ер Баян арыстандай жаны жара,

Қалшылдап, көзі қан боп, қолын алмай

Байланған садағынан белде сала.

№3

Тәтті бал, балауса тал жас сұлуды

Көр болғыр екі көзім, көрдің неге?

Садақпен жүрегінен тартып кетпей,

Жыландай бауырыма сап келдім неге?

Есалаң жүрекке ерік бердім неге?

Буынып сол боз үйден шықпай өлмей,

Атылып оқ жыландай тұрдым неге?!

* * *

Қайғыдан жарылғандай қайран жүрек,

«Уһ-уһ!» деп үзілгендей есіл өзек.

Қасіреті қара түндей Ер Баянның...

№4

Жапанда жапа-жалғыз еңіретті ерді,

Әлгіде ойды улаған ашу кезеп.

Ашудан бұғып қалған қорқақ ақыл

Күбірлей бастады енді: «Мұның не?» – деп.

Зарланып күңіренді батыр Баян,

Мезгілде күңгірт тартқан кешке таман:

«Кең ақыл, отты қайрат, сырттаным» деп

Ер едім еркелеткен алаш тамам.

Сындырдым азғана Уақ елім белін,

Елімнен кетіп, елді қайдан табам?

Жейтұғын өз күшігін болдым бөрі,

Ісімді мынау ағат немен жабам?

Қарабет болдым алаш баласына,

Ер дер ме енді мені Абылай данам?! 

Ел беті енді маған болсын арам,

Алашым, аттанамын, жауыңда өлем!»

Талдау жүргізу кестесін басшылыққа алыңыздар!

«Кесте» сызбасына негізгі жауаптарыңызды қысқаша түртіп алып, жүйелеп, ауызша сөйлеуге дайындалыңыздар.

Кейіпкерді сипаттайтын көркем сөз

Көркем сөзді 3 аспектіде өзара байланыста талдау

Тура мағынасын анықта

Автордың образ ашудағы қолданған амал-тәсілін анықтап, тұжырым ұсыныңыз. 3 сөйлем

Тұжырымда қарастырылатын сұрақтар:

  • Кейіпкер қандай адам?
  • Автор кейіпкер бейнесін сипаттау үшін қай суреттеу құралын көбірек қолданған?
  • Сіздің ойыңызша, неге ол суреттеу құралы тиімді болып тұр?
[attachment=28127:toptara-tapsyrma.docx]
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу