Үй телефоны мен ұялы телефон. Қазақ тілі, 6 сынып, таратпа материал. 23 сабақ
Қанат Әбілқайыр. Телефон
(әзәлгі әңгіме)
Біздің үйде үй телефон бар. Өзі – аппақ, өзі – сүп-сүйкімді, өзі – моп-момақан. Кейде жазу көрсе оқымай тынбайтын ескі әдетіммен қою сұр әріптермен жазылған «Panasonic» деген жазуын ежіктеп қоятыным бар. Әйтпесе, ол телефонның менде, менің онда жұмысым жоқ. Ойыншық көрсе, сындырмай қоймайтын балаларым да бір мәрте қызығып, қолдарына ұстап көрген емес. Бұраңдаған ұзын бауы мен бетіндегі сұсты тетіктерінен жүрексінетін болса керек, әйтеуір телефонға жоламайды. Есесіне менің айфоным оларға ермек. Қош! Әңгіме айфон жайлы емес, телефоным туралы ғой. Сол телефон айына бір рет қана безек қағатын. Ол шыр ете түссе, тағы бір айдың шолтаң етіп түгесілгенін, дереу интернеттің ақшасын төлемесем болмайтынын біле қоямын. Сөйтем де, телефонның тұтқасын көтеріп әуре болмай-ақ (арғы жақта әдемі дауысты бір қыздың интернеттің ақшасын айдың 25-нен кешіктірмей төлеу керектігін, төлемесем, қарызымның өсетінін ескертерін білемін) интернет арқылы «Қазақтелекомға» бес мыңды аудара саламын. Сосын аппақ телефоным тағы бір айға демалуға кетеді. Оның енді мені мазалауға хақы жоқ. Біз осы дағдыға үйренгелі міне, үш жыл. Үш жылдан бері телефон екеуміздің арамыздағы осы салт, осы дәстүр бұзылмап еді.
Өткен айда. Иә, өткен айда өзі – аппақ, өзі – сүп-сүйкімді, өзі – моп-момақан телефоным шыр-шыр етіп қоя бергені. Мезгілсіз шырылдан шошынып, жүрегім тоқтап қала жаздады. «Бір апта бұрын ғана интернеттің ақшасын төлеп едім ғой» дедім өз-өзіме күбірлеп. «Енді мынаған не керек?»...
Безек қаққан телефонның тұтқасын көтеруге батылым жетер емес. Мені іздеген адам қалта телефоным арқылы әп сәтте тауып ала қояды. Туыстардан бұл нөмірді білетін адам жоқ. Туысты қойып, үйімізде үй телефон бар екенін әйелім ұмытып қалғалы қашан?.
Жүрегім атқақтап барады. Арғы жақта кім тұр? Қоңырау шалған адам ба, жоқ әлде...
Қолым дір-дір етеді.
Тұтқаны көтеремін бе, көтермеймін бе? Көтерсем, арғы жақтан бір сұмдық дауыс естілердей қорқып тұрмын. Айына бір рет қана шырылдайтын, ол шырылдың нені қалайтынын көтермей-ақ сезе қоятын мен бейбақ мына мезгілсіз қоңырауды неге жорырымды білмей рас састым.
Өстіп, өң мен түстің ортасында біраз отырып қалсам керек, телефонның үні өшті. Үні өшті дегенім бекер екен, жарты сағаттан кейін тағы да безектеп қоя бергені...
Бұл кім? Тағы да манағы үрей бүкіл тұла бойымды билеп алды. Қолым қалтырап, телефонның тұтқасын көтере алсашы. Маңдайымнан бұршақ-бұршақ тер тамшылап, денем мұздай болып суып кетті. Біраз шырылдап алып, аппақ телефоным «көтермесең, көтерме» дегендей тына қалды. «Panаsonic» деген бетіндегі жазуын оқымақ болып едім, көзім бұлдырап кетті. Сүп-сүйкімді телефоным маған біртүрлі өкпелеп қалған сияқты.
«Телефон шалған кім болды екен?» деген ауыр сұраққа жауап таппай тағы жарты сағат жылжыды. Тура жарты сағат өткеннен кейін тағы шыр ете түсті, о сорлы.
Бар күшімді жиып, «әуп» деп тұтқаны көтеріп алғанымды, қорқыныштан қалтырап «әлө» дегенімді білемін.
Арғы жақтан «Талап па?» деді қоңыр үн.
– Бұл кім екен?, – дедім аяғым қалтырап тұрып.
– Мен Әннас Ағысұлы деген ағаңмын.
– О, ақсақал ассалаумағалейкум, – дедім қуанып кетіп.
Мынау кіп-кішкентай Талапқа қазақтың атан-жілікті жазушысы Әннас Ағысұлы қоңырау шалып тұр. Маған Ғабит Мүсірепов, я Сәбит Мұқанов тіріліп келіп телефон соққандай әсер етті. Өйтпегенде ше, бұ кісі қазіргі жазушы ақсақалдардың ішінде кісілігін жоғалтпаған жалғыз адам. Сексеннен асса да, қолынан қаламын тастамаған ақсақалды құрмет тұтатынымды жасырып қайтемін. Мықты кісі.
– Бар бол, балам! Мен сенің жазғандарыңды оқып тұрамын.
– Сенің «Аждаһалар елінде» деген фантастикалық хикаятыңды оқып шықтым, – деп бастады әңгімесін.
Ақсақал тура бір сағат сөйледі. Мақтауды кім жек көрсін, буын-буыным босап, көзімнің сорасын ағызып отырып тыңдадым. Тыңдадым да, өзімнің сондайлық қара жаяу адам емес екенімді түйсіне бастадым.
Осы менің де адам сүйер қылығым жоқ. Бір-екі кітап жазып, оны ешкімге оқыта алмай қойғандықтан, соңғы жылдары қулық-сұмдықтың жолына түсіп кетіп едім. Құдай өзі кешірсін! Жазушыда да тамақ бар, бала шаға бар? Соларды асырау үшін ел ойламағанды ойлап, ел жасамағанды жасадым.
Біздің ауыл – үлкен ауыл. Сол ауылға барып, әр үйді аралап жүріп, жерлестерімнің өткені мен бүгіні туралы материал жинадым. Алты жыл отырып, алты мың отбасы туралы нән кітап жазып шықтым. Әр отбасының отағасы туралы алты сөйлемнен мақтау сөз қашап, әлгі кітапқа қосып жібердім. Өздері туралы жазылған туындыны жерлестерім сатып алады ғой деген дәмемен мың таралыммен қарызданып жүріп әлгі кітапты басып шығардым.
Басып шығардым да, сатылымға қойдым. Бірінші күні саудагер ауылдасым жетті, алқынып. Кітап сатып алмақ екен. Қуанып кетіп, бір кітапты қолтаңбамды жазып тұрып, сатып жібердім.
Өзі туралы мақтау сөзді тебірене оқыды да, «біз сенімен мақтанамыз» деп бауырына басты.
Мен бұ дүниеге келгелі бүкіл ауылым оқитын кітап жазғаныма масаттанып, құшақтан босай бергенімде саудагер ауылдасым көлігінің есігін ашып жіберіп, ауылдың дамуы, мектептегі оқушылардың игілігі үшін су жаңа ксерокс сатып алғанын көрсетті. Мұндай мәрттікке, елі үшін, жері үшін талмай еңбек етіп жүрген азаматқа қалай риза болмайсың. Қуанып кетіп, сүйіншісіне сатқан кітаптың ақысын беріп, саудагер туысымды разы етіп қайтардым.
Содан кейін бірде бір адам кітап сатып алуға келмеді.
Ешкім кітап сатып алмаған соң, ауылға өзім барайын деп шештім. Ауылға барсам, әр үйдің төрінде менің мақтау сөздерім ілініп тұр. Саудагер жерлесім ауылға келген де, әр отбасыға керекті беттің көшірмесін жасап, оюлы рамкаға салып тұрып сатыпты. Қай үйге кірмейін, төрде менің кітабымның бір бетінің көшірмесі. Халықтың бәрі маған разы, ал саудагер жерлесім болса, қара ксерокстың арқасында Алматыдан үй салып жатыр деседі.
Туған жерден не қуана алмай, не қайғыра алмай қайтып келдім. Қуана алмайтыным, кітабымды ешкім сатып алмайды, енді. Қайғыра алмайтыным, маған елім разы. Сосын, ары ойланып, бері ойланып, жазуды біржолата қояйын деп шештім.
Сөйтіп жазуды қойып кеткен кезімде аппақ телефонымның шыр ете қалғанын, басқа-басқа емес, Әннас Ағысұлының өзі үлкен басын кішірейтіп қоңырау шала қалғанын қарамайсыз ба?
Кітапты қойшы, менің бұрындары айына бір рет қана шырылдайтын телефонға жаным ашыды. Жаным ашыды да, тоғынан ажыратып тастадым.
Қанат Әбілқайыр
15 ақпан 2018 жыл
Оқылым тапсырмасы.
- Мәтін не туралы?
- Осы әңгіме арқылы автор оқырманға нені атқысы келді?
- Жаһандану белгілерін, үй телефонының ығысқандығының белгілерін мәтіннен тауып белгілеңіз
- Эмоционалды-экспересивті сөздерді тауып, автордың қандай мақсатта қолданғанын талдаңыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Грузия қазақстандықтарға білім грантын бөлді
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды