Отбасы құндылықтары. Қазақ тілі, 6 сынып, дидактикалық материал.


1-қосымша

 А мәтіні

 Баяғыда бір үлкен отбасы өмір сүріпті. Отбасындағы адамдар саны өте көп екен, бір қауым ел болып, бірге тұрыпты. Ол отбасы ерекше екен, отбасының өзара келісімде, татулықта өмір сүруі елді таң қалдырады. Оларда ұрыс-керіс, дау-жанжал деген атымен болмайды екен. Бұл отбасы жайлы патшаның құлағына да жетеді. Патша естігенінің ақ-қарасын білгісі келіп ауылға келеді. Ауыл тап-таза, барлығы да жеткілікті, тыныштық пен береке қонған. Патшаның көңілі толып, ерекше бір шаттыққа бөленеді. Сыйластығы жарасқан бақытты отбасында қариялардың орны төрде, уайым-қайғысыз, балалары бақытты, мәз-мейрам екен. Бұған патша таң-тамаша болады. Отбасының қалайша бақытты, тату-тәтті өмір сүруінің мәнісін білгісі келеді. Ауыл ақсақалына келіп, отбасындағы татулық пен бірлікке қалай жеткендерін айтуын өтінеді. Қарт үнсіз ғана жүз рет «сүйіспеншілік», жүз рет «кешірім», жүз рет «бірлік» деп мұқият жазып шығады.Үш сөзді оқыған патша таң қалып:

— Осы-ақ па?

— Иә, – деді ақсақал. – Барлық жақсы отбасылары тек осы қасиеттерден құрылады, – деді де, сәл ойланып, «және шыдамдылық» деген сөзді қосып қойды.

 

 Ә мәтіні

 Жаз өтіп, қылышын сүйретіп қыс келді. Кеше әкем келіп кеткен.

 - Жеңеше, - деді Апама, – ертең таңертең сиыршы шал Жүністі жіберем, соғымды сойып береді.

 Жүніс келеді деген күні Апам су жылытып, пышағын, сиырды жығатын арқанды даярлап көп тосты. Келмеді. Шыдамы әбден таусылған соң:

 - Жүр, ұлым, өзіміз-ақ сойып аламыз, - деп, қоңыр сиырды бас жібінен жетелеп қорадан шығарды. Бұдан соң тұмсығына шалып, мүйізінен діңгекке тас қылып байлады; қыл арқанмен сиырдың аяғын іліп-іліп алды да, діңгекке бір рет орап, бар күшімен тартып қалғанда, еңгезердей қоңыр сиыр гүрс етіп құлап түсті. Апам діңгектен шандып алған арқанды сусыта тартып тұяғын серпуге келтірмей буып-ақ тастағаны. Сиыр шоршып болмаған соң, құймышағынан жабысып едім, сонандай жерге ыршыта лақтырып жіберді.

 - Жолама, мертіктіреді! - деді апам. Ал өзі соншалықты көз ілеспес шапшаң қимылмен сиырдың төрт аяғын қазықбаулап байлап жүр. Содан кейін тұмсықтан оралған жіпті соза тартып, сиырдың тамағын керіп тастады да, жез мойын мүйіз сап пышақты маған ұстатты. Шошып кеттім.

 - Қорықпа, ұлым, - деді Апам. - Әйел адам мал бауыздамайды. Сен - азаматсың! Кәне, мықтап ұста.

 Қолым дір-дір етеді. Апам менің кіп-кішкене жұдырығымның сыртынан өзі қарулы тарамыстанған саусақтарымен қапсыра ұстады да, бұлқынуға дәрмені келмей теңкиіп пысылдаған сиырдың тамағынан орып-орып жіберді. Қып-қызыл қан атқылады-ай.

 - Енді былай тұр, бір жеріңе қан тиеді, - деді де, мүйіз сап пышақты жалаңдатып қоңыр сиырдың быт-шытын шығарды. Әп-сәтте терісін сыпырып, бұзып мүшеледі; тұздап, салмаға жайып тастап, астына түтін салды. Мен өкпе-бауырдан қуырдақ қуырып әлекпін. Содан бар шаруаны бітіріп, сиырдың терісіне тұз сеуіп жайып, қар бетіне тамған қан-жынды тазалап, шайға отырғанда, сабақтан жүгіріп әпкелерім, фермадан тепеңдеп Жүніс шал келді. Соғым сойып беруге әкем жіберген сиыршы буы бұрқыраған ыстық қуырдаққа кекіре тойып алды да, аманында ауылына қайтты.

 Апам менің...

О.Бөкейдің «Апамның астауы» әңгімесі

 

 Б мәтіні

 Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен. Әкем дастарқан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?!» - деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассяламалейкум, аталар» деп әр сөзді қадап-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен мені ренжітіп алмау үшін бәрі де бір ауыздан «алейкумсалам!» десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтады. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғастым. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді», − деді.

Әкем маған ата-тегіміздің аты-жөнін үйретуші еді.

- Кімнің баласысың? – деп сұрайтын ол.

- Мен Момыштың ұлымын.

- Момыш кімнің баласы?

- Момыш – Имаштың баласы.

 Осылайша жеті атаға дейін жетелеп отырып санатады. Ал келген қонақ ең алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Елтанудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кім білген?!

Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя»

В мәтіні

 Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түсіп көп ішінен ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:

- Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер!- деді.

 Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар - әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды.

 Құнанбай азғантай уақыт Абайға қарап алып:

- Балам, бойың өсіп, ер жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп білімің де өсті ме?- деді. Кекету ме, жоқ күдік пе? Немесе шынымен жай білгісі келгені ме? Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен:

- Шүкірлік, әке,- деп біраз тұрды да:- ат барған соң, дәріс тәмам болмаса да, қазіреттің рұқсатын, фатихасын алып қайттым,- деді. Баланың бұл ерте әзірлеген жауабы еді.

 Құнанбай Абайға:

- Бар, ана шешелерің жаққа бар, амандас, балам!- деді.

Абайдың күткені де сол еді. Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгіме етіп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда Абай қайтадан өзінің жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды. Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, баурына басып тұрды да, мандайынан иіскеді. Бала осыдан арғыны күтпеуші еді. Бірақ баурына басқанның өзінде де Абайдың жүрегін қатты-қатты соқтырған аса бір езгеше жақындық білінді. Ана құшағы!..

М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Қайтқанда» бөлімі

 

2-қосымша

БАҒАЛАУ ПАРАҒЫ

Бағаланатын оқушының аты-жөні:

Бағалайтын оқушының аты-жөні:

Дескриптор

Оқушының жауабы

Комментарий

1

Мәтіннің мазмұнын қысқаша 3-жақтан баяндайды (3-4 сөйлем: Мәтінде ... туралы айтылды. Автор ... туралы айтқысы келген).

2

Мәтіннің тілдік ерекшеліктеріне (тұрақты сөз тіркесі, антонимдер, эпитет, сұраулы сөйлем) талдау жүргізеді.

3

Тілдік тәсілдердің қолданылу мақсатын түсіндіреді.

4

Мәтіннің стилін анықтайды.

3-қосымша

 Әдеби стильді әдеби шығармалардың деңгейі мен ерекшеліктерін танытатын жазу құралы деуге болады. Бұл стильде ғылыми немесе ресми іс-қағаздар стильдеріндегідей талдау, ресмилік және пікірталас тұдыру секілді ойлар мен жоспарлар мүлде болмайды.

 Кез келген стильде өзіндік бір бейне беретін, тек сол стильге ғана тиесілі элементтер болады. Сәйкесінше, әдеби стильдің көркемдік ерекшелігін танытатын элементтер мыналар:

 - Нақтылай көрсету (дәйектеу)

 - Автордың эмоция мен сезімді оқырманға бере білуі

 - Тұрақты сөз тіркестері

 - Антонимдер

 - Эпитеттер

 - Метафоралар

 - Салыстырулар

 - Аллегориялар

 - Өзге де стильдердің элементтерін қамту

 Аталған элементтердің барлығы дерлік бір әдеби шығармада қамтылмауы мүмкін және ол міндетті емес те. Себебі ешбір шығарма осындай ауқымды әдеби білімге негізделіп жазыла қоймайды. Дегенмен белгілі бір элементтерінің қолданылуы заңды. Онсыз шығарманың әдеби стильге жататынын анықтауға келмейді.

https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/22738/

4-қосымша

Қиындықтар

Себебі

Шешімі



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу