4. Қазақ тілі_3-сынып_1-бөлім_Жанды табиғат_№12сабақ_Пайымдау мәтіні_Әдістемелік нұсқау


Әдістемелік нұсқаулық

Сабақ №12. 1-бөлім. Жанды табиғат.

Сабақ тақырыбы Пайымдау мәтіні

Оқу мақсаттары

3.3.1.1 жоспар/сызбаны қолдана отырып, тірек сөздер арқылы әңгімелеу мәтінін, салыстыра сипаттау мәтінін; көмекші сөздер арқылы пайымдау мәтінін құрап жазу.

3.3.5.1 жіберілген пунктуациялық, орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық қателерді мұғалімнің көмегімен тауып, түзету;

Бағалау критерийлері

- Жоспар бойынша пайымдау мәтінін құрастырып жазады.

-Жіберілген қателерді анықтайды және түзетеді.

Құндылықтар Жануарларға қамқорлық жасау, оларды қорғау.

Пәнаралық байланыс.Дене шынықтыру, әдебиеттік оқу, дүниетану.

Ресурстар кесте, суреттер, қима қағаздар, маркер, энциклопедия.

Сабақ барысы

1. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылар жұптасып, бір-біріне қарама-қарсы тұрады (немесе партада отырып та болады). Олардың біреуі қолдарымен, аяқтарымен, денесімен, бет-әлпетімен әртүрлі қимылдар жасайды, ал екінші оқушы оларды айна секілді қайталайды: оңды сол қылады, солды оң жасайды. Бір минуттан кейін оқушылар рөлдерімен алмасады.

2. Оқушыларға «Өзің тап» диктанты жүргізіледі. «Өзің тап» диктанты қазақ тілінен өтіп жатқан  көркем шығармалармен  байланыс негізінде жүргізіледі. Мұғалім диктант мәтінін бір сөйлемнен жазып, тақтадан көрсетеді. Мұғалім әр сөйлемнен бір қате жіберген. Оқушының мақсаты жіберілген қателерді анықтап, түзету, сөйлемді сауатты әрі көркем етіп көшіріп жазу. Мәтін тек көзбен оқылып отырады.

Құндыз

Құндыз – ғажап аң. Оның аты Қызыл кітапқа жазылған. Өйткені құндыздың терісі аса бағалы. Сондықтан оны аулауға тыйым салынған.

«Бұл кім? Ол не?» энциклопедиясынан

Бұл жұмысты мұғалім сабақ соңында оқушылардың жұмыс дәптерлерін жинап алып тексереді.

Дескриптор:

- қате берілген сөздерді түзетіп жазады;

- сөздерді сауатты жазады;

- каллиграфиялық нормаларды сақтайды.

3.Сабақ тақырыбы және оқу мақсаттары таныстырылады. Оқушыларға бағалау критерийі айтылады.

4.45-жаттығу. Оқулықпен жұмыс жүргізіледі. Оқушылар алдымен өлеңді оқып шығады. Қабілеті жоғары оқушылар сөздікпен жұмыс жасайды: өлең мазмұнын түсіну үшін «матады», «малшынды» сөздерінің синонимін табады. Ал қалған оқушылар қаз бен итті салыстырады. Синоним сөздермен оқушылар таныстырады. Содан соң көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып, өлеңді оқып шығады. Өлеңді өз сөздерімен мазмұндайды. Өлеңдегі негізгі ойды анықтайды. Мұғалім сын тұрғысынан ойлануға қосымша сұрақтар қояды.

- Ит неліктен қазды шынжырлады?

- Шынжыр неліктен қаздың мойнын қиды?

- Неліктен ит суға түсіп тоңып қалды?

5. 46-жаттығу орындалады. Оқулықтан өлең мазмұнын ашатын мақалды тауып жазады. Неліктен сол мақалды таңдағанын дәлелдейді (Әлін білмеген әлек)

6. Өлең талданып болған соң «Артық суретті тап» әдісі бойынша жұмыс жүргізіледі. Жұптасқан оқушылар артық суретті сөзбен жазып отырады. Соңында «Ашық микрофон» әдісі арқылы талқыланады. Мұнда артық суретті табудың жауабы оқушылардың ұшқырлығына, қиялына, шығармашылық ойлауына байланысты әр түрлі болуы мүмкін.

Оқушылар жауабын ортаға салады. Мұғалім ойы ұшқыр, тапқыр оқушыларды мадақтайды.

7. Сергіту сәті жүргізіледі.Оқушылар әуен ырғағымен билейді.

8. Оқулықта берілген 47-жаттығу бойынша тапсырма «Менің ең жақсы көретін жануарым» тақырыбына өзгертілді. Мақсат осы тақырыпта пайымдау мәтінін жазу. Мәтінді құрастырмас бұрын, ең алдымен, пайымдау мәтінінің ерекшеліктері еске түсіріледі. Содан кейін мәтін жазуда қойылатын талаптар айтылады. Жоспар құрылады.

Пайымдау мәтіні

Дәлелденетін пікір

Дәлелдеу өйткені... себебі... біріншіден, ....

екіншіден,.... үшіншіден,.......

Қорытынды сол себепті.... сондықтан..... демек.

Жоспар

1. Менің сүйікті жануарым қандай?

2. Неліктен ол жануар саған ұнайды?

3. Ол жануарға сенің көзқарасың қандай?

Бұл тапсырма «Шебер жазушылық» әдісі бойынша жүргізілді. Оқушылар жоспарға сәйкес мәтіннің алғашқы нұсқасын құрастырады. Әр сөйлемнен кейін бір жол қалдырып отырады. Бұл мәтіннің қатесін түзетуге арналған жол болып табылады. Содан соң әр оқушы құрастырған мәтіннің қалай шыққанын тыңдау үшін өз жұмысын жартылай дауыстап, қабырғаға қарап оқиды. Оқушы мәтінді екінші рет толықтырып жазады. Оқушылар жұмысты аяқтаған соң топта мәтінді оқиды. Сыныптастарының сұрақтарына жауап береді,ақыл-кеңестерін тыңдайды. Мұнда оқушылар жұптасып бір-біріне оқуға болады.Осыдан соң оқушылар қалдырып кеткен жолға қатесіз қайтадан жазады. Бұл әдістің ең соңғы сатысы – жариялау. Сынып қабырғасына «Менің ең жақсы көретін жануарым» тақырыбында сурет салып , іліп қояды. Төменгі жағына қорытынды сөйлемін жазып қояды. Оқушылардың жұмыс дәптерлері жинап алынып, дескриптор бойынша бағаланады.

Дескриптор:

-жоспарға сәйкес пайымдау мәтінін құрап жазады;

-көмекші сөздерді орынды қолданады;

-көркем сөздерді қолданады;

-сөйлемдердің құрылымын сақтайды;

-сөйлемдерді сауатты жазады.

9.Үй тапсырмасы оқулықтағы 48-жаттығу:

-мәтінді түсініп оқу;

-мәтін жанрын, түрін, стилін ажырату;

-әдеби кітаптар мен журналдардан осы тақырыпта көркем мәтін тауып жазу.

10. Оқушыларға пайымдау мәтінін құрастыру барсысында рефлексия жүргізіледі. Осылайша, «Қол белгісі» стратегиясы бойынша олардан тақырыпты түсінгендігін немесе түсінбегендігін қол белгілер арқылы көрсетулері сұралады.

Мен ________ түсініп отырмын және түсіндіре аламын (қолдың бас бармағын жоғары көтереді).

Мен ___________ әлі түсінбей отырмын (қолдың бас бармағын бір жанына қарай бұрады).

Мен __________ түсінгеніме сенімді емеспін (қолды бұлғау).

Мұғалім қол белгілеріне қарап оқушыларға көмек береді.

Қосымша әдебиеттер

  • «Қазақ тілі» оқулық-тест.2007
  • Оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер. Әдістемелік кітапша
  • Сын тұрғысынан ойлау білім үрдісінде. Оқу-әдістемелік құрал.
  • «Өсімдіктер туралы» энциклопедия
  • «Бұл кім?Ол не?» энциклопедиясы.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу