4. Қазақ тілі_3-сынып_1-бөлім_Жанды табиғат_№10-сабақ_Мәтін және оның түрл_Әдістемелік нұсқау


Әдістемелік нұсқаулық

Сабақ №10. 1-бөлім. Жанды табиғат.

Сабақ тақырыбы Мәтін және оның түрлері.

Оқу мақсаттары

3.2.4.1.өзбетінше мәтіннің тақырыбын және мұғалімнің қолдауымен негізгі ойды анықтау;

3.2.5.1 берілген тақырып/сұрақ бойынша түрлі дереккөздерден (мәтін/сөздік/сызба/кесте/карта) алынған ақпараттарда кездесетін жаңа сөздердің мағынасын сөздіктер арқылы ашу, жүйелеу, мағлұматтардың маңызды тұстарын анықтау.

Бағалау критерийлері

  • Мәтіннің тақырыбын қояды.
  • Мәтіннің негізгі ойын анықтайды.
  • Таныс емес сөздердің мағынасын түсіндіреді.
  • Мәтіндегі маңызды ақпараттарды анықтайды.

Құндылықтар Жануарларға қамқор болу, оларды қорғау.

Пәнаралық байланыс.Дене шынықтыру, әдебиеттік оқу, дүниетану.

Ресурстар кесте, суреттер, қима қағаздар, маркер, энциклопедия.

Сабақ барысы

1.Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару үшін алдымен, «Қар кесек» ойыны ойналады. Оқушылар қағазды қар кесектері етіп жасап алады да, бір-біріне лақтырады. Мұғалім әуенді тоқтатқанша лақтыра береді. Музыка тоқтағанда алдына түскен қағаз бойынша топқа бөлінеді. «Қар кесектерінде» 1-топ, 2-топ,3-топ,4-топ деп жазулы тұрады.

2.Мұғалімнің басшылығымен оқушылардың сыни ойлау және коммуникативтік дағдыларын дамыту мақсатында «Коллаж әңгіме» стратегиясы бойынша «Ит не деп айтты деп ойлайсың?» тақырыбында жұмыс жүргізіледі. Интеркативті тақтадан иттердің іс-әрекетке құрылған суреттері көрсетіледі.Оқушылар топпен ақылдаса отырып, ит не деп жауап беруі мүмкін? сұрағына топтан бір жауап қабылданады. «Ашық микрофон» әдісі арқылы топ өз жауаптарын ортаға салып, сыныпқа ұсынады.

- Жүр, далаға серуендеп қайтайықшы!

- Жақындамаңдар,әйтпесе қауып аламын!

- Сені танымадым ғой!

- Жеп көреміз бе, иісі мұрнымды жарып барады!

- Мына доптың қаттысын-ай!

- Маған тамақ салуды ұмытып кеттіңдер ме?

3.Сабақ тақырыбы және оқу мақсаттары таныстырылады. Оқушыларға бағалау критерийі айтылады.

4.Оқушылардан, ең алдымен, иттер туралы мәліметті немесе иттер туралы жазылған әңгімелерді қайдан оқып білуге болатындығы сұралады. Тапсырманы «Миға шабуыл» әдісі арқылы жүргізіледі.

Оқушылар ғылыми-танымдық мәтін (ғылыми стиль), көркем мәтін (көркем әдебиет стилі) түрлерін еске түсіреді. Балаларға арналған газет-журналдар, энциклопедия, ертегі, әдеби кітаптар көрсетіледі. Оқушылар иттер туралы мәлімет, әңгіме қайсысында қай стильде берілетіндігі және жанр түрі, мәтін түрін кестеге түсіреді.

Ғылыми стиль ғылыми еңбектерде, баяндамаларда қолданады.Мақсаты заттар мен құбылыстардың жалпы ерекшелігін ашып, мәлімет беру. Ерекшелігі дәлелді, зерттелген.

Көркем әдебиет стилі көркем шығармаларда қолданады. Мақсаты заттар мен құбылыстарды суреттеу, бейнелеу арқылы оқырманның сезіміне әсер ету. Ерекшелігі бейнелі, әсерлі.

5. Оқушылар оқулықтан ит туралы екі мәтінмен танысады. Алдымен, «Ит-жақсы дос» мәтіні оқылады. Түсінгендерін байқау үшін бір-біріне сұрақтар қояды. Оқулықта берілген мәтін соңындағы сұрақтарға жауап береді. Содан соң екінші «Ит» мәтіні іштей оқылады.

- Неліктен иттер жеті қазынаның бірі болып саналады?

Қабілеті жоғары оқушылар мәтін бойынша тірек сөздерді табады.Жұмыстарын топта жариялап, дәлелдеулер жасайды.

- Мәтіннің тақырыбын басқаша қалай қояр едіңдер?

- Мәтіннің негізгі ойы қандай?

Мәтіннің тақырыбы

Мәтіннің негізгі ойы

1-мәтін

2-мәтін

Дескриптор:

- Мәтінге тақырып қояды.

-Мәтіндегі негізгі ойды анықтайды.

«Венн диаграммасы» арқылы берілген екі мәтіннің ұқсастығы мен айырмашылығын анықтап, дәлелдеулер жасайды. Мәтіннің қайсысы ит туралы нақты фактілер берілгенін, қайсысы көркем мәтін екенін анықтап, дәлелдеулер жасап, ой қорытады. Қорытындысын кестеге түсіреді.

Сұрақтар

1-мәтін

2-мәтін

1.Мәтіннің қай түріне жатады?

2. Мәтін қай стильде жазылған?

3. Мәтін қай жанрға жатады?

6. Сергіту сәтінде «Иттер мен күшіктер» ойыны ойналады. Мұғалім «иттер» деген кезде оқушылар жеке дара жүреді де, «күшіктер екеуден» немесе «күшіктер бесеуден» деген кезде екі немесе бес оқушыдан тез арада топтасады. Кім топқа қосыла алмай қалса, сол оқушы бір жануардың (кез келген жануардың атын оқушылар таңдайды) қимылын салып көрсетеді.

7. Оқушылар өз бетімен оқулықтан 39-жаттығуды орындайды. Оқушылар мәтінді қатесіз әрі көркем жазулары тиіс. Сонымен қатар бас әріп пен кіші әріптің биіктігі мен мөлшерін сақтап, оларды байланыстырып көлбеу және таза жазулары қадағаланады.

Қабілеті жоғары оқушылар сөйлемдердің мағынасын өзгертпей көмекші сөздерді қолдана отырып, пайымдау мәтінін құрастырады. Мұғалім бұл жұмыстың орындалуын қадағалайды, ал нәтижесін сабақ соңында жұмыс дәптерлерін жинап алған соң тексереді.

8. Топ оқушылары «Жас зерттеушілер» мүшелері болады. Олар берілген үш ит бойынша (тазы, овчарка, төбет) ақпараттар іздейді.Тапсырма «Жарнама жаса» әдісі арқылы топта орындалады. Оқушылар алдымен берілген таныс емес сөздер иттер туралы мәліметтерді ақпарат көздерінен, сондай-ақ өз тәжірибелері арқылы мағынасын ашады. Сол бойынша жарнама жасалады. Бұл тапсырма арқылы оқушылардың жарнама құрастыра алу дағдылары дамиды, ұсынылған проблема бойынша өз көзқарасын шығармашылық тұрғыдан жеткізе білуге үйретеді, эстетикалық талғамын артады. Топтағы оқушылар «Жас зерттеушілер» мүшелері иттерді таныстыру туралы жарнама қағазын дайындап, ұсынулары тиіс. Оқушыларға жарнама жасау үшін түрлі қағаз, маркерлер беріледі. Жарнаманы мәтін ретінде немесе ұран түрінде, плакатта постер құрастыру арқылы ұсынуға болатындығы айтылады. Жарнама жасаудың тәртібі ескеріледі: ұсынылған жұмыстың сипаты, артықшылығы, пайдасы ескерілуі тиіс. Әр топ жарнама көрсетіп болған соң, әр оқушы оған қалай қатысқанын, не ұсынуға болатынын айтады. Ақпараттарды сынып компьютерінен немесе арнайы энциклопедиялардан іздейді. Қабілеті жоғары оқушылар алынған ақпараттардың маңызды тұстарын анықтайды.

Жарнама сынып бөлмесіндегі граффитиге арналған тақтаға немесе қабырғаға ілінеді. Бұл әдісті қолдану кезінде оқушыларға «Дүниетану» пәнінен алған білімдерін пайдалануға болады. Алдыңғы тапсырмада қолданылған сөздер мен сөз тіркестерін қолдануға болатыны ескертіледі. Жұмыс аяқталғаннан кейін оқушылардан қандай сезімде болғаны сұралады. «Ең сәтті жарнама жасаған қай топ? Неліктен олардың жарнамасы сәтті шықты?» деп кері байланыс жасалады. Әр топ басқа топтың жұмысын стикер арқылы бағалайды.

Мүғалім мынадай нұсқау береді:

1.Ол иттің сыртқы ерекшелігі

2.Мінезі

3. Мекен ету ортасы

4. Қорегін аулауы

Бұл тапсырма қалыптастырушы бағалау тапсырмасы болғандыұтан дескриптормен бағаланады.Оқушылардың стикер арқылы бағалауы да ескеріледі.

Дескриптор:

- жарнама қағазын құрастырады;

- ерекше идея ұсынады.

9. Үй тапсырмасы Оқулықтағы 40-жаттығу орындалады. Екі мәтінді салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығын табу қажет.

10. Сабақ соңында рефлексия жүргізіледі. Сабақты қорытындылау үшін өзін-өзі бағалау кестесі қолданылады.

Бағалау критерийі

Иә

Көмек қажет

Жоқ

Мәтіннің тақырыбын анықтай аламын

Мәтіннің негізгі ойын анықтай аламын.

Таныс емес сөздердің мағынасын түсіну үшін анықтамалық материалдарды пайдалана аламын.

Мәтіндегі маңызды ақпараттарды анықтай аламын.

Көркем жазу қолымнан келеді

Қосымша әдебиеттер

1.Қазақ тілі. Оқу бағдарламасы (орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында). Бастауыш білім беру (2-4 сыныптар)

2.«Назарбаев Зияткерлік Мектептері »ДББҰ. Қазақ тілі.Оқу жоспары.2018-2019 оқу жылы. 3-сынып.

2.«Қазақ тілі» оқулығы 3-сынып. Жұмабаева Ә.Е., Алматы «Атамұра», 2018 ж

3.«Қазақ тілі» оқулық-тест.2007,

4. Н.М.Сламбекова.Тіл дамыту бағдарламасы мен әдістемелік нұсқауы.Аруна,2008

5. Оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер. Әдістемелік кітапша

6. Сын тұрғысынан ойлау білім үрдісінде. Оқу-әдістемелік құрал.

7. «Жануарлар туралы» энциклопедия

8. «Бұл кім?Ол не?» энциклопедиясы.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу