Шыбық шығарма. 3 сынып


 Шыбық

 

 Март айының орта кезі. Түске қарай үй төбелерінен  қар тамшылары іргеге  сырт-сырт тамып, майда самал жел ағаштардың  сидаң бұтақтарын тербейді. Таң алдында  торғайлар  ағаш бастарына қонып, дүрліге ұшып, көктемнің  көңілді күнін жақындата түскендей болады.

     Осындай күннің бірінде «Өмір» мектебінің 6 «А» класының оқушысы  Бақыт Алмабеков  өзімен бір класта  оқитын Темірдің  үйіне келді. Бұл күні демалыс еді де,  жұрттың бәрі үйлерінде  болатын.  Оның үстіне күн ашық еді.  Аспанда, тіпті үлпілдеген  мақтадай ақша бұлт та көрінбейді.  Күн аспан төрінде еркін жүзіп, күлімдей қарайды

      Бақыт ағаш қақпадан  өтіп, Темір үйінің ауласына  кіргенде ешкімді көре алмады.  Шынжырын сүйретіп, үйдің арғы бұрышынан шыққан Мойнақ  Бақытты танығандай  құйрығын бұлаңдатып қасына келді.  Бақыт оның  мойнынан сипап, үйге кірді.

       Ауызғы бөлмеде ешкім жоқ.  Таңданған Бақыт  төргі бөлмеге  беттеді.  Ол есікті  айқара ашты да, алға аттады.  Бөлме іші жиналған,  ешкім көрінбейді. Аң-таң  болып тұрған кезінде  оң жағындағы  үлкен пештің артынан:

 Апа, сенбісің?– деген дауыс естілді.

 Е, сен мұнда ма едің?– деп Бақыт жайдарлана сөйлеп, пештің артына қарай жүрді.

          Ол шалқасынан түсіп кітап оқып жатқан  Темірді көрді.  Мұның дауысын естігенде Темір  кітапты  жанына тастай бере, екі қолын тік созып, көзін шарт жұмып, аузын  аңқита ашып, бір керіліп алды да, көтеріліп отырды.

 Апа екен десем, сен бе едің?– деді ол әлі есіней.

 Неғып тұрсың, ана орындыққа отырсаңшы..

 Бақыт отырған жоқ.

 Мен саған келдім– деді ол. – Жүр, Көктоғайға  барасың ба?

 Онда не бар?

 Шыбық кесіп әкелеміз. Бүгін күн сондай жақсы. Әрі ашық, әрі жылы.  Егер дәл осы қалпыңнан  жазбай  бір екі күн тұрса, қардың өзі де қалмас.

 Шыбықты қайтеміз? – деді Темір отырған қалпы.

 Отырғызамыз.  Мына үйдің жанына отырғыза қойсаң, тез-ақ өсіп шығады.  Білесің бе, былтыр мен үйдің арғы жағына  бес-алты шыбық  отырғызып ем, тіпті тамаша болып өсті.  Түнеугүні күзде  екеуіміз торғай ұясын  бір талға орнаттық қой.  Сол менің көктемде  өсірген  шыбығым болатын.  Жүр, Темір, бүгін демалыс. Барып қайтайық.

     Темір  тағы бір есінеп алды.  Сонан соң басын шайқады.

 Бармаймын дейсің бе? Түу,  бәрібір босқа отырсың ғой, –  деді Бақыт тізерлей отыра қалып,  Темірдің  иығына қолын салып.

 Жүр, Темір.  Ойнап барып, ойнап қайтамыз.  Жүресің бе, ә?

 Бақыт қаншама қиылып сұрағанымен  Темір көнбеді.

 Босқа шаршағаннан гөрі, кітап оқығаным жақсы емес пе , –  деп қыңырая берді.  Ақыры оның  ілеспесін көрген Бақыт  үйден  ренжіп шықты.

 Шіркін, Көктоғайды жазда көрсе ғой! Нағыз  көк барқыт жамылған құстар сахнасы дерсің. Әсіресе, кешкі мезгілді  жасыл жапырықтары  өріле  төгілген  ағаш бұтақтарына қонып алған түрлі құстардың  шырылы мен дауысы бейне  бір  орман оркестріндей.  Самал желге кеудеңді төсеп,  құстар әніне құлағыңды тосып, жасыл жапырықтарды жамыла,  жұпар иіспен дем алып, шапақтан батқан  күнге  бетің бере  тұрсаң нағыз рақат  сол емес пе!

                 Міне, сол орман тыныс алған тәрізді бұл шақта . Күн қақтап, жел аймалап,  жастық реңін қысқы ызғар сүйген ағаштардың  бұталары да  қара күрең тартыпты.  Жел соқса,  қалтырап дір-дір қағады.  Орман арасындағы қар  әлі бәз қалпында екен. Бақыт белуардан келген  қарға батып жүріп, бір топ жас теректер өскен  жерге келді.  Денесі азадап бусанып,  маңдайынан  тер шығайын деді.  Жеткенше ентікті де.

        Ол  беліне орап алған  кендір жіпті шешіп, қардың үстіне қойды да, екі алақанын  шырт түкіріп ысқылап-ысқылап алып, жұмысқа кірісті.  Балтаның өткір жүзі тиген сайын  жас шыбықтар дір етіп, құлай кетеді.  Әрі-беріден кейін  солқылдақ теректер үйіліп қалды.  Бақыт жіпсіген маңдайын шолақ камзолының жеңімен сүртіп, кесілген  талдардың үстіне  отырды да,  үйден әкелген таба нанды  мүжіп жей бастады.

                 Көп ұзамай-ақ ызғарлы бір жел тұрып, Бақыттың  бойын  тоңазытайын деді.  Ол күнге қарап еді, еңкейіп қалыпты. Көкжиекті кемерлеген қара бұлт аспан төріне  қарай жөңкіле сырғып келеді. 

 « Боран болып, күн жаумаса нетті?» – деп ойлады Бақыт аспаннан көзін алмай, бір пәс қарап  тұрып.

                 Ол кесілген талдарды дереу кендір жіппен шандып байлады да, арқасына салып алып, мықшия көтерді.  Жас талдар иығын  төмен басып барады. Қалың қарға омбылаған сайын, арқадағы салмақ ауырлай түсті.  Бақыт жиі-жиі дем алып, алға қарай ілби баса берді.  Реңі түтігіп, бетін тер жауып кетті.  Жүрегі аттай тулап, алқынып ауызға келеді.  Ерні кеберсіп,  тамағы құрғай берді.  Ол шыдай алмай бір-екі рет  суық қарды уыстап ауызға салды.

       Жел екпіні қатая берді.  Бұлт күн көзін жауып, айнала түнеріп кетті.  Бақыт шаршайын деді.  Орманның шеті жоқ секілді.  Бума сүйреуге де көнбеді, қарға бата берді.  Тастап кетуге  Бақыт арланды.  Ертең манағы Темірдің  өзі-ақ мазақ етпей-ме?

                 Бақыт тағы да тістеніп, буманы арқасына салды.  Оның көз алдына  тілін шығарып келемеждеп тұрған Темір келді.  Намыс сыртқа теуіп, қайрат бергендей болды оған.  Көзін жапқан ащы  терді  жеңімен сүртіп тастап, тағы ілгері аттады.  Жіп иықты  қиып барады.  Арқадағы  тал зіл басқандай,  ал қар аяқты  тартады, жел алдынан қақпалайды.

                  «Бір,екі, үш, төрт...» Бақыт саннан да жаңылды.  Қанша қадам жүрді ол. .. Бәрі бұлыңғырлана берді.

                 Кенет аяғы  қатқылға тиді.  «Жол!»– деген ой  сап ете түсті оған.  Бұл бір түс секілді көрінді.  Ол бумаға арқасын тіреп, сұлқ  отыра кетті.

                  Қанша мерзім өтті, ол оны байқаған жоқ.  Айналаны түн көрпесі жауып, қараңғылық қымтап орады.  Жел екілене соғып, гу-гу етеді.  Жалаңдай ысқырып, жұлқылады.  Бақыт ауыр тартқан денені  әрең қозғалтып, орнынан тұрды.  Буманы тартып көріп еді, қозғалар емес, қатып қалған тәрізді.  Алақаны да жіпті ұстатпайды, қаны шығып ойылып қалыпты. Тыз-тыз етіп, дуылдап барады.

                 Тағы да көз алдына  Темір келді.  Ол мана ілеспей қойып еді, ертең мазақ етер.  Тек Темір ме, басқа балалар ше? Олар әнеубір күні:

 Көктоғайдан  шыбық әкеліп өз ауламызға, көше бойына  отырғызайық,– дегенді күлгенді.

 Босқа әуре болғанша сонау қаладан  көшет әкеліп отырғызу  керек, – деген олар.  Бірақ  Бақыт   өз ойынан таймады. Міне, бүгін демалыс күні сол ойын жүзеге асыруға шыққанды.  Темір ілесе ме  деп еді, о да қалып қойды.

                  Бақыт енді  жас талдарды көтеруден  үзілді-кесілді бас тартты. Ол қабыршықтанып,  көк тайғақтанып қалған жолмен сүйрей бастады.  Жол ұзарып, соңғы әлдің өзі  де кете берді.  Ол тағы да  бума үстіне құлай кетті.

                  Көп жатты ма, аз жатты ма, кім білсін, әлдебір дыбыс еміс-еміс құлағына жетті. Әлдекім  үңілгендей болды оған.  Көзін ашып, көтеріле бере , қайтадан  сұлқ  отыра кеті.  Енді  сөз анық естілді.

 Ей,  мынау Алмабектің Бақыты ғой, –деді біреу

 Ол неғып жүр мұнда?..

  Мына шыбығы несі?...

 Дауыстаған Темірдің әкесі Төленді  Бақыт жазбай таныды. Тағы да тырмыса орнынан көтерілді....

                 Көктем шықты. Дала қырмызы жасыл  кілем жамылып, гүлдерден шашақ тақты.  Арық бойларын мөлдір му қуалап, күн көзімен жылтылдап ойнай бастады.  Жас талдар  бүршік жарып, жапырақ жайды.  Жер гүлденіп, дала түрленді.

                 Бұл күндері  Бақыт  ертелі-кеш  тыным тапқан жоқ.  Әкелген жас шыбықтарды  үйінің тұсындағы  көше бойына, аула ішіне отырғызып, оларды дамылсыз күтіп, баптады.

1-қосымша

Суретке ат қой

2-қосымша

Жаз өтіп, күз түсті. Ауа райы бұзыла бастады. Күн салқындап, жиі-жиі жаңбыр жауады. Ағаштың жапырақтары сарғаяды. Қырдағы жайқалған көк майса сары далаға айналды. Енді күн ұзарып, түн қысқарады. Құстардың соңғы легі жылы жаққа ұшып барады. Жәндіктер де көрінбейді. Астықтар да сап-сары болып пісіп тұр.Адамдар еккен егіндерін жинап алып жатыр. Сондықтан да бұл мезгілді халық «алтын күз» деп атайды.

 Мәтінге сүйеніп кестені толтыр және сипаттап айт.

Күз

Күзгі табиғат

Жан-жануар

Күзгі табиғат



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу