Балқаштық кеңес одағының батырлары


Олег Николаевич Щербаков

Олег Николаевич Щербаков 1925 жылы Украин ССР-інің Винница облысында село мұғалімінің отбасында туды.

Ұлы Отан соғысы алдында Одесса қаласында тұрып, оқу оқыды. Мектеп оқушысы Олег 1941 жылы Балқаш қаласына эвакуацияланып, М. Горький атындағы мектептің 9-10 сыныптарында оқыды. Олег жазғы демалыс кездерінде Балқаш мыс заводының байыту цехында слесарь болып істеді. Ол фашистік басқыншыларға қарсы күреске өз үлесін қосқысы келіп, өзін майданға жөнелту жөнінде Балқаш қалалық әскери комиссариатына бірнеше рет өтініш жасады. Бұл мақсаты да орындалды. Олег 10 сыныпта оқып жүргенде 1943 жылы наурызда Армия қатарына шақырылып, Ташкент қаласындағы танк мектебіне жіберілді. Танк мектебін үздік бітірген соң Ленинград қаласына жіберіліп, мұнда жаңа құрылып жатқан 152-ші Ленинград танк бригадасы құрамына кіріп, Карель мойнағында алғаш рет соғысқа араласты.

Олег Николаевич, әсіресе Кеңестік Эстонияны азат етуде ерекше көзге түсті. «Т-34» танкісінің командирі, кіші лейтенат Щербаков Эстонияда болған бүкіл жорық кезінде өзінің бригадасымен әрдайым барлауда болды. Тарту қаласының солтүстігіндегі жаудың бекінісін бұзғаннан кейін Щербаков өзінің танкісімен 1944 жылы 19 қыркүйекте Каривере елді пунктіне келіп, біздің танкілеріміздің жүруіне кедергі келтіріп тұрған екі зеңбіректі жойды. Мұнан кейін Рействере жолының қиылысына шыққанда «Фердинандты» талқан етті.

Расику станциясы ауданында жаудың қалқанын бұзып, шегіне бастаған обозын баса көктеп басып, Кеңестік Эстонияның астанасы - Таллинге қарай екпіндете жүрді. Таллиннің шетіндегі жаудың екі орудиесін жойып, қалаға бірінші болып кірді. Мұнан соң ол Таллин портына барып, жаудың кеткелі жатқан екі транспортын суға батырды. 1944 жылғы 24 қыркүйектегі Ристи станциясы үшін болған ұрыста жаудың екі орудиесін және эшелонды әкетпек болған паровозды талқандады. Сондай-ақ Олег Хапсалу қаласы мен портына бірінші болып кірді.

Эстониядағы соғыс жорығы кезінде кіші лейтенант Щербаков жаудың «Фердинанд» типті екі өздігінен жүретін орудиесін, екі брочстранспортерін, түрлі калиберлі 8 зеңбірегін, 150 солдаты мен офицерін жойып, әскер мен жүк тиелген екі транспортты суға батырды және бір өзі 50 солдат пен офицерді тұтқынға алды.

Эстония территориясында неміс фашистеріне қарсы ұрыстарда үздік соғыс қимылы үшін, көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін кіші лейтенант Олег Николаевич Щербаковқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Указы бойынша Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді.

Олегтің өмірі Жеңіс күніне дейін жетпеді, ол 1945 жылы наурызда Германия жерінде қаза тапты. Батыр аз өмір сүрсе де Отанымыздың жоғары наградасын алып үлгеріп, өзінің есімін мәңгі есте қалдырды.

Оның есімі Кеңестік Эстонияның астанасы - Таллинде мәңгі сақталған. Мұнда батырдың ерлігіне арналған мемориалдық тақта қойылған. Қалалық мәслихаттың 2000 жылғы 19-қаңтардағы № 3/31 шешімімен Куйбышев тұйық көшесі Олег Щербаков атымен аталды.

Асфандьяров

Закир Лутфрахманович

Асфандьяров Закир Лутфрахманович 1918 жылы Башқұрт АССР-інің Красноуюль ауданындағы Утяк селосында туған. Ұлты - татар, КПСС мүшесі. 1939 жылы ол Омбы әскери училищесінің курсанты болды.Одан кейін Қиыр Шығыста әскери қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде артиллерия орудиесінің командирі ретінде алғы шепте болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 1 шілдесіндегі Указы бойынша Закир Лутфрахмановичқа Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.

Орудие расчетының командирі 3. А. Асфандьяров өзінің жаумен алғаш шайқасуын Мәскеу үшін шайқаста Тихвин қаласы түбінде бастады. Жауға Курск түбінде Днепрде соққы беріп, Винница мен Львов қалаларын жаудан босатты және Висла мен Одерден өтіп, соғысты Берлинде аяқтады.

Сержант Закир Лутфрахманович командир болған танкке қарсы орудиенің расчеты соғыс кезінде фашистердің ондаған танкісін, машиналарын, зеңбіректерін, пулеметтерін және көптеген солдаттары мен офицерлерін жойды. Төрт күнге, яғни, 1943 жылғы 5-9 шілде аралығында оның расчеты Курск шайқасында жаудың тоғыз танкісін қиратып, көптеген жауынгерлерін қырды. Осы ұрыстағы ерлігі мен жауынгерлік шеберлігі үшін ол Қызыл Ту орденімен марапатталды. Закир Лутфрахманович, әсіресе Корсунь-Шевченко операциясында батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті.

Жау 1944 жылы 25 қаңтарда Винница облысының «1 Мая» совхозы жерінде қарсы шабуылға шықты. Жаудың жаяу әскерін көптеген самолеттер мен танктер сүйемелдеді. Асфандьяровтың расчеты жаудың танктеріне қорықпастан қарсы соғысты. Расчет жаудың 10 танкісін және көптеген солдаттарын жойып, олардың шабуылын тойтарды.

Міне, осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 1 шілдедегі Жарлығы бойынша Закир Лутфрахмановичке Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Батыр мұнан кейін де фашистік басқыншыларға қарсы ерлікпен күресті. Львовты азат ету ұрысында шеберлік пен ержүректік көрсеткені үшін ол 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен, Берлинді алуда Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Асфандьяров Польша үшін болған ұрыста да көзге түсіп, «Варшаваны азат еткендігі үшін» медалімен, польшалық «Польшаның азаттығы және тәуелсіздігі үшін» медалімен марапатталды.

Кеңес Армиясы қатарынан батарея старшинасы болып оралды. Соғыстан кейін көп уақыт Балқашта тұрып, Шығыс Қоңырат руднигінің № 6 шахтасында тіреуші, смена мастері, смена бастығы болып істеді. 1977 жылы 4 қаңтарында қайтыс болды. 1975 жылы оған "Балқаш қаласының құрметті азаматы" атағы берілді. Қалалық мәслихаттың 2000 жылғы 19-қаңтардағы № 3/31 шешімімен Жданов тұйық көшесіне Зәкір Асфандяров аты берілді.

Миллер Петр Климентьевич

Петр Климентьевич Миллер 1910 жылы Украинада туды.

Ол 1933 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Кавалерист Петр Миллер 1936 жылы мерзімді әскери қызметін аяқтағаннан кейін Балқаш қаласына келіп, алғашқыда мыс қорыту комбинатын салуға қатысты, одан кейін отражатель пешінде тиеуші болып істеді.

Балқаш қалалық әскери комиссариаты 1942 жылы оны Армия қатарына шақырды. Майданға аттанып, фашистік басқыншыларға соққы беруге оның да кезегі келді.

1943 жылдың күзін Петр Миллер көпті көрген солдат ретінде қарсы алды. Қиындығы мол майдан өмірінің біржарым жылында ол жеңілістің өкінішін де, жеңістің шаттығын да көрді. Ол екі рет жараланды. Жауынгерлік ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.

Аға сержант Петр Миллер емханадан емделіп шыққаннан соң 167-ші гвардиялық дивизия полктарының біріне барды. 167-ші гвардиялық дивизия соғыса отырып, 1943 жылдың күзінде Днепрге шықты.

Днепрден өтуге бұйрық та алынып, 1943 жылдың 26 қазанындағы түнде аға сержант Миллердің взводы дивизияның басқа да бөлімшелерімен бірге өзеннен өте бастады. Фашистер Миллер қызмет ететін бөлімше қайықтарына пулемет пен минометтардан бората оқ жаудырды. Днепрдің оң жағалауына бес қайықтың біреуі ғана жетті, екі адам ғана - Петр Миллер мен жараланған пулеметші Федор Паршин тірі қалды. Батырлар окоп жасап алып, ұрысқа кірісті. Олар өжет те жедел қимылдап, жаудың екі атыс орнын расчеттерімен бірге жойып жіберді және немістердің назарын алаңдатып, өздерінің батальонын өзеннен өтуін қамтамасыз етті.

Келесі күні гвардиялық полк плацдармды кеңейтіп, шабуылға шықты. Гитлершілер де контр атакаға шығып отырды. Соғыс алаңында немістің екі танкісі түтіндеп жатты, үшіншісі орнынан қозғала алмай тұрып гвардеецтердің позициясын атқылады. Петр Миллер темір жолдың үйіндісін тасалап, танкке еңбектеп келіп, гранатпен дәл ұрып экипажды кұртып, полктың контр атакаға шығуына мүмкіндік берді.

Көп кешікпей немістерге көмек келіп, күштің ара салмағы тең болмады. Гвардеецтер Днепрге қарай шегіне бастады. Петр Миллер келе жатып қираған неміс танкісіне кезікті. Ол ойланып жатпай-ақ машинаға шығып, люкке түсіп, фашистерге өз пулеметтарынан оқ жаудырды.

Бұл танктің жанында сұлаған фашистер аз болған жоқ, бірақ оқ бітіп қалды. Бронды тағалы етектерімен тепкілеген немістер: «Орыс, беріл!» дейді. Петр Миллер люкті ашқысы келген немістерді пистолетпен екі рет атты. Үшінші патронды өзіне қалдырды, бұл соңғы патрон...

Бір мезгілде орысша «Ура» деген дауыс жаңғырықты. Бұл Днепрден өтіп, шабуылға шыққан көрші дивизия еді. Немістер сасып шегіне бастады.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 10 қаңтардағы Указы бойынша Днепрден өтудегі бұл ерлігі үшін Петр Климентьевич Миллерге Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді.Петр Миллер мұнан кейін Карпатта соғысып, Жеңіс күнін Чехословакияда қарсы алды.

Соғыстан кейін Петр Климентьевич металлургтік мамандығына оралып, Өскемен қаласындағы Ленин орденді қорғасын-мырыш комбинатында жұмыс істейді.

Жеңістің 20 жылдығын тойлау күндерінде Октябрь Революциясының 50 жылдығы атындағы Балқаш кен-металлургия комбинатының металлургия цехына мемориалдық тақта ілініп, оған: «Кеңес Одағының батыры Миллер П. К. металлургия цехында 1937 жылдан 1942 жылға дейін тиеуші болып істеді» деген сөздер мыспен жазылған. Қалалық мәслихаттың 2000 жылғы 19-қаңтардағы № 3/31 шешімімен Южный тұйық көшесі Петр Миллер атымен атала бастады.

Хоружая

Вера

Захаровна

Хоружая Вера Захаровна 1903 жылы 27 қыркүйекте Белоруссияның Бобруйск қаласында туды. Он жеті жасынан комсомол мүшесі болып, 1921 жылы Коммунистік партияның қатарына өтті. Ол 1924-32 жылдары жасырын істеген Батыс Белоруссия Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің секретары және Польша Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің мүшесі болды. 1941 жылдан Витебщинадағы жасырын партия ұйымы басшыларының бірі болып істеді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1960 жылғы 17 мамырдағы Указы бойынша революциялық қызметке белсене қатысқаны үшін және Ұлы Отан соғысы-жылдарында неміс-фашистері басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсеткені үшін Хоружая Вера Захаровна (қаза тапқаннан кейін) Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.

Батыс Двина жағасында, Витебскінің дәл ортасында тұрған станок жасау заводы алыстан-ақ көзге түседі. Заводтың әкімшілік корпусының астынғы қабатына облыстық, өлкелік музейдің филиалы орналасқан. Бұл подвалда қалыңдығы бір метрден астам қабырғалармен бөлінген аласа да ұзын тас қаптал бар. Олардың бұрыш-бұрыштарындағы қараңғылықты электр шамының жарығы да сейілте алмайды.

Міне, осы, бір тас қапасқа белорус халқының даңқты қызы, ержүрек революционер, алынды Кеңес патриоты Вера Захаровна Хоружая қамалды. Осындағы ондаған адам әркімнің жүрегіне көп жайды сездіретін ажал алдындағы әріптерге үңіле қарайды. Төбеге таяу жерге «Хоруж...» деген сөз жазылған. Көрініп тұрғандай, сөз аяқталмаған. Бәлкім ол жазылып жатқанда жер асты карцерінің жендеттері есік алдына келіп тұрған болар. Адамдар бұл жазудың алдында ұзақ бас иіп тұрып, Вера Захаровнаның және неміс фашистері басқыншыларына қарсы тайсалмай өзімен бірге күрескен оның достарының жарқын бейнелеріне тағзым етеді.

Вера Мозырьдағы әйелдер гимназиясында оқыды. Ақ поляктардың әскері 1920 жылы наурызда Мозырьды басып алды. Сондықтан гимназист Вераға Рогали деревнясындағы диірменшіге батрак болып жалдануына тура келді. Бұл кездегі жағдайды жақсы біліп қалған Вера жастар арасында саяси-үгіт жұмысын жүргізді. Қызыл Армия 1920 жылы маусымда Мозырьды азат еткеннен кейін ол селолық мектепке мұғалім болып орналасты. 1920 жылы Мозырьға оралып, алғашқылардың бірі болып комсомол қатарына өтеді. Оны кітапханашы етіп тағайындайды. Көп уақыт өтпей-ақ Вера комсомол комитетінің мүшелігіне сайланып, саяси ағарту бөлімінің меңгерушілігіне бекітілді. 1921 жылдың көктемінде ол партия мүшелігіне кандидаттыққа өтуге өтініш беріп, желтоқсанда партия қатарына қабылданады.

Вера Захаровнаның ондаған жылдардағы өмірі Белоруссия мен Польша жастарының арасында өтеді. Бұл туралы ол өзінің «Бостандыққа хат» деген кітабында («Молодая гвардия» баспасы, 1931 ж.) жақсы жазған.

Вера Захаровна 1935 жылы Қазақстанға келіп жаңа құрылыс орны - Балқашқа орналасады. Оның Балқашта болған жылдары туралы Балқаш кен-металлургия комбинатын алғашқы салушылардың бірі «ТЭЦстрой» басқармасының бастығы Алексей Тимофеевич Хведанцевич өзінің естелігіне былай деп жазады: «Вераны аудандық партия комитетіне нұсқаушы етіп тағайындады және көп уақыт өтпей-ақ оның есімі ыстық жүректі принципті партия мүшесі, сергек те сезімтал жолдас рөлінде бүкіл «Прибалхашстрой» коллективіне, белгілі болды».

Хоружаяның Балқаш жеріндегі өмірінің тағы бір бетіне тоқталайық. Ол аудандық партия комитетінің 1936 жылғы желтоқсандағы бюро мәжілісінің шешімі. Онда: «Бас механик бөлімі партия ұйымын нығайту мақсатымен В. 3. Хоружая бас механик бөлімі партия комитетінің секретарлығына ұсынылсын» деп жазылған. 1967ж. Кеңес Одағы Батыры В.Хоружаяға арнап бюст орнатылады. Артында Ресейге танымал физик, философ, аудармашы Хоружий Сергей Сергеевич атты ұлы қалды.

Подсадник Николай Георгиевич

Николай Георгиевич Подсадник 1922 жылы Витебск облысында туды. Ұлты - белорус. 1944 жылдан КПСС мүшесі. Армия қатарына шақырылғанға дейін Балқаш қаласының М. Горький атындағы № 1 орта мектебінде оқыды.

Николай 1940 жылы Балқаш қалалық әскери комиссариаты арқылы Армия қатарына шақырылды. Ол авиацияны жастайынан жақсы көрді. Осы мақсат оны Орынбор әскери авиация училищесіне алып келді. Николай осында жүргенде соғыс басталды.

Авиация училищесін 1943 жылы бітірген соң Николай Подсадник майданға аттанды. Ол Киевті, Львовты, Кишиневті, Румынияны, Югославия мен Австрияны азат етуге қатысты.

Көрсеткен ерлігі үшін ол қос Қызыл Ту орденімен, екінші дәрежелі. Отан соғысы орденімен марапатталды, 16 рет жоғарғы командованиенің алғысына ие болды.

Сегіз «ИЛ-2» штурмовик тобының жетекшісі болған "Н. Г. Подсадник 1943 жылы 6 қарашада Житомир жолымен кейін шегінген жау әскерін әуеден соққы беру жөнінде тапсырма алды. Бұл тапсырманы Николай Георгиевич тамаша орындады. Ол өте төмендеп ұшып, 4-5 рет орала отырып, кейін шегінген әскерге соққы берді. Соның нәтижесінде жау адам күшін де, техниканы да көп жоғалтты.

12 «ИЛ-2» самолеттер тобының жетекшісі болған Н. Г. Подсадникке 1944 жылы 16 шілдеде біздің шабуылдағы бөлімшелеріміздің флангісінен кіруді мақсат еткен жаудың топтала жиналған танктеріне соққы беру тапсырылды. Ауа райының тапсырманы орындауға қолайлы болмағанына қарамастан, Николай бастаған штурмовиктер тобы шоғырланған танктерге күшті соққы берді. Сөйтіп, жаудың танк колоннасының біздің шабуылдағы бөлімшелеріміздің флангісінен кіру жөніндегі мақсаты жүзеге аспай қалды. Бұл үшін Н. Г. Подсадниктің тобы жердегі командованиеден алғыс алды.

Н. Г. Подсадниктің бүкіл әскери жолы батырлықтың, ерліктің тамаша үлгілеріне толы. «ИЛ-2» самолетімен 101 рет ұшып, бомба тастауда, барлауда және жаудың адам күші мен техникасын қиратуда тапсырманы ойдағыдай орындағаны және батырлықпен ерлік көрсеткені үшін Н. Г. Подсадник КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 18 тамыздағы Указымен үкіметтік жоғарғы наградасы - Кеңес Одағы Батыры атағына ие болды.

Даңқты жерлесіміздің ерлігін есте қалдыру мақсатында Қалалық мәслихаттың 2000 жылғы 19-қаңтардағы № 3/31 шешімімен Больничная тұйық көшесі батыр-ұшқыш Николай Подсадник атымен аталды. Ерлер есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Спицын

Василий

Петрович

Спицын Василий Петрович 1941 жылы Балқаш қаласына көшіп келіп, мыс қорыту зауытына жұмысқа түскенде, ол келешекте қаламыздың құрметті азаматы атағын алады, оның аты көшелеріміздің біріне беріледі деп ешкім де ойламаған болар. Бірақ оның пешенесіне осылай жазылған болып шықты.

1941 жылы июльде В.П.Спицын Қызыл Армия қатарына шақырылды. Василий Петрович Қазақ КСР-і Ақмола (қазіргі Астана) қаласында құрылған 310-шы атқыштар дивизиясының құрамында жүріп соғысқа кірді. Жауынгерлік жолын Ленинград түбінде бастады. Артиллерия зеңбірегінің нысанашысы болды. Ұлы Отан соғысы кезіндегі оның майдангерлік жолы ұзақ болды. Ол Ленинград қаласын қорғап, Псковты, Новгородты, Прибалтиканы, Польшаны, Пруссианы азат етуге қатысты. 1944 жылғы 31 наурыздан 2 сәуірге дейін Псков облысының Кузьмино және Воронино деревняларды маңындағы жаудың қорғанысын бұзу кезінде 76 миллиметрлік зеңбіректер артиллеристері жаяу әскерлермен бірге ұрысқа шықты. Василий Спицын дәл атып, жаудың бір зеңбірегін, расчетімен екі пулеметін жойды, бақылау пунктін қиратты және жиырмаға жуық жаяу солдаты мен офицерін жер жастандырды. Сөйтіп, жаяу әскердің тапсырмасы ойдағыдай орындалуына көмектесті. Бұл ерлігі үшін дивизия командирі Спицынге үшінші дәрежелі Даңқ орденін тапсырды.

1945 жылы 27 ақпанда Шығыс Померанияның Хаммерштейн қаласының маңайында жаудың ірі күші біздің әскерге тұтқиылдан шабуыл жасады. Жарылған артиллерия снарядтары мен қарша бораған пулеметтердің оқтарының астында қала тұрса да, сержант Спицыннің расчеті батареяда бірінші болып жауға қарсы оқ жаудырды. Бүкіл батареялар олардан үлгі алып, жаудың екі танкісін, бірнеше атыс ұяларын талқандады. Жау шабуылы тоқтатылып, неміс группировкасы ыдыратылып жіберіледі. Осы шайқастағы ерлігі үшін Василий Петрович Спицын екінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. В.П. Спицын ірі өнеркәсіп орталығы әрі порт Гдыня қаласын алудағы ұрыстарда да тайсалмай, батылдықпен қимылдады. Польшаның бұл көне қаласын азат етудегі ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Презедиумының Жарлығы бойынша аға сержант Спицын бірінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды, яғни Кеңес Одағы батырларының қатарынан орын алатын болды.

Василий Петрович Спицын Жеңістен кейін Балқаш қаласына оралып, мыс қорыту зауытында жұмыс істеді. Мұнда ол 30 жылдан астам еңбек етті. Өндіріс озаты ретінде 1971 жылы "Октябрь революциясы" орденімен марапатталды, 1975 жылы оған "Балқаш қаласының құрметті азаматы" деген атақ берілді.

Николай

Павлович

Калмыков

Николай Павлович Калмыков 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Ол Ұлы Отан соғысын Москва түбіңде бастап, Берлинде аяқтады. Н.П.Калмыков Қиыр Шығыста артиллерист болып қызмет атқарды. Манданта 1941 жылы қарашада келіп, Серпухов маңында Ұлы Отанымыздың астанасын қорғады. Қырық бес миллиметрлік зеңбіректер взводы Днепрден өткенде алдыңғы қатардағы отряд құрамында болды. Плацдарм үшін ұрыстың алғашқы сағаттарында нысанашы Николай Калмыков біздің жаяу әскерлерге жақсы көмектесті. Жаудың екінші рет қарсы жасаған шабуылы кезінде взвод пен бөлімше командирлері жараланды. Командирлікті сержант өзіне алды.

Белоруссия операциясы кезінде Кеңес әскері алға жедел жылжыды. Бұл ұрыстарда аға сержант Н.П.Калмыков өзін ерекше көрсетті. Подречье деревнясы жанындағы бір ғана ұрыста ол өзінің зеңбірегімен отызға жуық гитлершілерді, қару-жарақ тиеген автомашинаны жойып жіберді. Бірнеше күннен кейін Николай тағы да айрықша көзге түсті. Оның пушкасы Свилочь елді мекеніндегі қоршаудағы группировканы жоюға ұмтылған біздің жауынгерлердің өзеннен өтуін қамтамасыз етті. Зеңбірек расчеты соңғы снаряды қалғанша жаудың барлық шабуылын табандылықпен тойтарып отырды. Бұл ұрыста көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін коммунист Н.П.Калмыков үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Калмыков бастаған зеңбірек расчеты жойқын ұрыста да болды. Жау қоршаудан шығуға жанталасып жекпе-жек ұрысқа келгенде, зеңбірек командирі бес фашисті жайратып, ержүректік пен батырлықтың үлгісін көрсетті.

1945 жылы 16 сәуірде Кеңес Армиясының бөлімдері Берлинге шабуылға шықты. Гольцов қаласы бағытындағы Одер плацдармы үшін болған бір ұрыста Калмыковтың расчеты жаудың екі дзотын қиратып,үш пулеметті және онға жуық гитлершілерді жойып жіберді. Берлинге барар жол ашылды. Бұл ерлігі және Бобруйск қаласы түбіндегі қоршаудағы жау группировкасы талқандаған Березин өзенінің плацдармын ұстап тұрғаны үшін коммунист Н.П. Калмыков бірінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Бұдан басқа да "Қызыл Жұлдыз" ордені және 9 медальдің иегері болды. Оның Балқаштағы еңбек жолы 1955 жылы басталды. Алғашқы күннен бастап ең қиын да күрделі мамандықты таңдайды. Түсті металл өңдейтін зауытта балқытушы болады.Технологиялық әдістердің сырын тез үйренеді. 1971 жылы жеңілдік берілетін тізім бойынша зейнеткерлікке шықты.Н.П.Калмыковтың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен еңбек майданындағы қажырлы, сапалы жұмыстары ескеріліп, оған 1975 жылы "Балқаш қаласының құрметті азаматы" деген атақ берілді.

Балқаш қалалық әкімдігі 2009 ж. 24 желтоқсан №51/09 Балқаш қалалық мәслихаты 2010 ж. 24 ақпан №28/219 бірлескен қаулы және шешімімен Спортивный тұйық көшесінің атын өзгертіп Н.Калмыковтың атын берді.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу