Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

 Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

VI

Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.

Дүбір дала дабысшыл, дабырашыл,
Ат қосқандай бәйгеге ауыл да асыр.
Көп күркіреп, жалт ойнап жетті түзге
Жиырмасыншы жас ғасыр, дауыл ғасыр.

Миллиондардың үніндей жаңғырығы-ай!
Тарап жатыр өлкеме жан жырындай.
Қапырықта қаһарлы Бесінші жыл
Төгіп өтті жаздың ақ жаңбырындай.

Таң белгісі секілді жел тұрды саф,
Саф самалға шөліркеп ел тұрды аңсап.
Белбеуіндей шығыстың шапанының
Көкжиектен көрінді кемпірқосақ.

О, қызық - ай, қызылы мол ағынан,
Ту желбіреп тұрғандай жолағынан.
Жоқ, әншейін қызылшыл әдетімен
Әлденеге жориды, шолады жан...

Кемпірқосақ шыққан жоқ асылы өзге,
Болған да емес қызылы, жасылы өзге.
Өзгерген тек өзімнің көзім, бәлки,
Самолетті, сауытты ғасыр өзге.

Қой торымен мен бірақ жүрмін әлі,
Кей жағдайда жаяумен бірмін әлі.
Жаңа естідім заводтың гудоктарын,
Өгей бала үніндей үн бұл әлі.

Әлі де одан жүреді үркіп атым.
Жекірігі секілді ол Урквардтың.
Урквардтың қалтасы -
Қарағанды,
Аузына оның Алтай тұр бүркіп алтын.

«О, ақ патшам, саған еш ем қонбады,
Жатқа неге жеріміз жем болғаны?
Мен тіпті жабайы малшы десең,
Орыс қалай өзгеден кем болғаны?

Миллион жылдар адамзат аяқтанды:
Еңбектеді, тәй тұрды, аяқ талды.
Нәрестедей жүруді үйренді әрең,
Жаяулады, арманы жай ақталды.

Көтерілмей бөксесі қара жерден,
Жер тартқандай бабалар қала берген.
Содан бетер мақтаныш орыс ұлы
Аэроплан қанатын ала келген.

Жер - дүниенің эфирден даусын берген,
Қалай ғана Поповтар таусылды елден?
Ломоносов, Ползунов, Менделеев -
Ақыл - ойдың дәуі ғой дәусінбеген.

Сорлы боп па соларды туған халық?
Тегін де емес жатқаны ту қанданып.
Сол жасайды замана заводтарын
Соған қарап далам да тұр қамданып.

Тең бағалап қантамыр жалғасымен,
Ұйықтап жатып санағам мал басын мен,
«Шәйт!» деп енді лақтырсам, ақ таяғым
Табысады жұмысшы балғасымен.

Табысады ту тіккен Нілдімен де,
Кімде қайрат барын да білдім енді.
«Мен - басшымын, сен - қосшы» десе біреу
Ер қасына сойылды ілдім мен де...

Пісіргені көк құрыш көріктердің,
Сарбаздарға сом дойыр өріп бердім.
Қолы аттың жалында тұрған халық,
Баса киіп тымағын, бөріктерін.

Кейде қозып кеткендей делебесі,
Лап береді ел дауы, жер егесі.
Шаңырағы шатырлап ақ ордалар,
Қара күйе болады керегесі.

«Бұл - ойыншық, алда зор насыры әлі,
Ақ патша да аяққа бас ұрады.
Ақау, айдай, ашылар көңіл шайдай!..» -
Деп күбірлеп тұрғандай ғасыр әні..

Дала соны тыңдайды, «ұзын құлақ».
«Ұзын құлақ» әзірге ызың бірақ.
Ызың бірақ маған өр жел бітірді,
Қыран билік алғандай, құзғын құлап.

«Мен - қазақпын» деп қоям батқан күнге,
Көз қысам шығып келе жатқан күнге.
Бәйге күткен тұлпардай жер тарпимын,
Асығамын қиқулы «аттан» күнге.
Беттер:
1 2 3 4 5 6 7

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі