Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

 Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

V

Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.

Мен - қазақпын, Россия адамымын.
Ала бардым Неваға дала мұңын.
Мен де естідім шынжыры шылдырлаған
Петропавл түрмесі - қамалы үнін.

Қайран ұлы ел анадай көп балалы,
Тағдырымның бетіне дөп қарады.
- Шеттен таяқ жемессің мен тұрғанда,
Патша - екеңнен болмаса... - деп қалады.

- Жоқ, жоқ, - дедім, - мен оның пендесімін
Сол береді шапағат, ел несібесін.
Ағзамына айтамын арызымды,
Танылады ұлындай енді есімім...

Сәби сенім, ақ үміт желіктірді,
Әлде алдамшы бір сайтан еліктірді.
Шағым етіп, дейінші, мен байғұсың
Қол қусырып сарайға келіп тұрды.

- Қазағыңмын, Алдияр, үмметіңмін,
Еділ, Жайық, Ертістің күн бетімін.
Күн астында күн көру қиындады,
Қуғын шектім, күзендей індетілдім...

- Тоқтат! - деді патшамыз, - қазағы кім?
Қазақ деген жоқ болса, азалы кім?
- Қара қырғыз, Алдияр, онысы бір, -
Деп нөкері көбейтті мазақ үнін.

- Мен - қазақпын, қырғыз ол - туысқаным,
Бірге тартқан тарланның құйысқанын.
Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки,
Бөліп берген егізге уыс нанын.

Ерке Талас, ер Манас - қырғыз деген,
Төскей, төсек, тілегі бір бізбенен.
Ол болуға, Алдияр, арланбаймын,
Ал қай құдай қазақты білгізбеген?..
- Болған емес, болмайды қазақ деген! -
Патша ашулы, шеккендей азап менен.
Әттең, әттең айтқызса өз алдында,
- Ей, Алдияр, ақылың аз-ақ! - деп ем!

Шығысыңда сұр дала сұлап жатқан.
Қазынаң ол, мола емес құлап жатқан;
Бүлкілдеткен ұртыңды бифштекс -
Шопан ата көз жасын бұлап жатқан.

Менен, тақсыр, жерің аз жат сыр алған.
Қызметіңде қалбаңдап қат сыналғам,
Сен білмесең, біледі Наполеон -
Солдатың боп Сенадан ат суарғам.

Сонау орыс мұжығы, қара халық
Көрген емес көршіден дараланып.
Өгіз менен, соқа одан, білік одан,
Ортақ егін саламын, қара барып.

Екі тілде сөйлейді баламыз да,
Екі тілден тояды бал аңызға.
Даламызда жолығып тамыршылап,
Құда түсіп қоямыз қаламызда.

«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он алты - он жетіге келген кезі:
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі:
Дудар-ай дудым,
Бір сен үшін тудым...»

Шеркеулер де, мешіт те былай қалды,
Жерде патша, аспанда құдай қалды.
Бөгеттер мен жасанды шекаралар
Бөле алмады, жалп етіп құлай қалды.

Қазақ атты мал баққан шаруаны
Қастерлейді Пугачев аруағы.
Тағы ерер ек тірілсе, тағы өлер ек
Күл астында тығулы қаруы әлі...

Бір жазықты тым ұқсас тумас еді,
Бір болмаса арманы, тұлға, шебі -
Ер Пугачев - қазақтың Исатайы,
Нар Исатай - орыстың Пугачеві.

Сезем, патшам, тағы бір жақпастығым:
Зәреңді алған жұртыңмен аттастығым.
Мен - қазақпын, ол - казак - қазақ, орыс,
Қынапта құр қос қылыш жатпас бүгін.

Дүбірлес ем дауылмен, мен бірлес ем,
Пушкин білді қазақты, сен білмесең.
Даланы да түрмеге айналдырдың,
Арылмаған аяқтан сен бір кісен.

Пушкин мені алыстан іздеп келді,
Бұғауларды жырымен үзбек те еді.
Өз жанымен жанымды салыстырды,
Көп ұқсастық көзінде тізбектелді.

Көл - көсір ән, кең жазық көсілген ән,
Керуенін заманның көшірген ән,
Қозы менен Баянның сырындай ән,
Күйзелткен ән, көңілді өсірген ән...

Аңсап келді ұлы ақын, ұға келді
Құдіретті ән иесін, құба белді.
Қараң етіп алдынан, күркелерден,
Көлеңкесі Пугачевтың шыға берді.

Шыға берді, дауылды шақтай әлі...
Жаңа жыр боп ақынға бақ таянды...
«Сұлу Баян, - деді ол - Татьянам,
Татьяна - қазақтың ақ Баяны».

Ақ табан боп жатсам да босып - өріп,
Ақын кетті даламның досы болып.
Соның да сен, Алдияр, жендетісің,
Тұратұғын тоятсыз тосып өлік.

Досым еді украин қобзары да,
Қанып еді Жыр - Тарас көп зарыма.
Сен итеріп оны да жібергенсің
Арыстан жал Аралдың көк жарына.

«Танған жоқсың әлі сол бағытыңнан!
Дер еді олар, бір тұрса табытынан, -
Қазақтың да білерсің кім екенін,
Соға қалса өр дауыл тағы тыңнан!..»

Ал әзірге білмесең, білме, патшам,
Болды маған мұжықпен бірге жатсам.
Болды ұқса жанымды солар менің,
Болды соның білігін тілге тартсам.

Білмейсің ғой мен түгіл соларды да,
Халық қамы ойыңа оралды ма?
Жез өкшедей жат тілде шүлдірлейсің,
Күлесің сен орыстың соры алдында.

Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.

Мен - бұл кезде Шоқанмын, Абайлармын,
Оң - солымды туды енді абайлар күн.
Оятқандай даламды дауыстары
«Кім жазықты?» дегенде талайлардың.

Мен өзгердім, көп жіті көз - құлағым.
Бөгде - бөгде жайларды сөз қыламын.
Қилы ертегі шертеді тамыр орыс
Қанжарының бір сипап жез қынабын.

Талай сөзі миымда шегенделді:
«Күрес», «теңдік», «декабрист» дегендері.
Жүрегінде жүн болар орыстардың,
Патшаға да оқталса, егерде елі.

Жалғыз қалсаң, жасисың, әл кетеді,
Жақсы жолдас сүйейді, әлді етеді.
Жырға қосып Стенька Разинді
Орыс, қазақ отырып әндетеді.

Кейде кезі болады «тастап алған»,
Бақыт тілеп, нұр тілеп досқа таңнан.
Ақ шөлмекті құйрықтан бір - ақ қойсаң,
Ақ патшаны табасың тостағаннан...

Ех, Алдияр, шерімді тарқататын
Ащы судай жоқ болды - ау марқабатың.
Саған деген жанымның, жүрегімнің
Арктика жайлады әр қабатын...

Жоқ, жоқ, сенің алдыңа кіре алмадым.
Тыңдайды деп сөзімді тірі алдандым.
Бұл - айтқаным ойымның даусы ғой тек
Өзі ғана еститін бір алланың...

Сол алла не, патша не бірақ маған?
Екі айыпты біреуін бірі ақтаған.
Мен - қазақпын, перзентпін танылмаған,
Сот алдында «әкемді» бір - ақ табам.
Беттер:
1 2 3 4 5 6 7

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?