Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [VIII-X])

 Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [VIII-X])

X

Мен - қазақпын, мен баймын, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Мен Ленин есімін айта келдім.

Мен - қазақпын, қаныммен, сүйегіммен,
Сән - салтанат, салтымды сүйемін мен.
Бақ орнатам басына моланың да,
Мұрагермін оған да, иемін мен.

Тағдыр мені мирастан арылтпасын,
Тоқтатпасын, тостыртып сарылтпасын.
Ұзын болып аяққа оралмасын,
Тұсау болып адымды тарылтпасын.

Алдан көрген әр таңым арай маған,
Кері баспан, кейінге қарайламан.
Үлгісімен тірілу, тірілтудің,
Маған жаңа модадай қарайды адам.

Қарай берсін, ол маған жарасады.
Қабат көрсін «қалаша», «далашаны».
Тымағы мен қалпағын кезек киіп,
Қутыңдайды қазақтың қара шалы.

Қыз да шашын уақытқа қарап өріп,
Кисе де сәт қамзол мен қамқа бөрік,
О заманнан келді деп сөгуші жоқ,
Жүр оны да модаға бала көріп.

Түбіріндей қайыңның бақта тұрған,
Орындыққа мен алғаш шаққа отырғам.
Театрда, үйде де енді көрсең,
Шіренемін патшадай тақта отырған.

Уақыт - шыңға қолымды артып келем,
Өзгеге ұқсап, өзіме тартып келем.
Ар жағына Айдың да көзім жетті,
Ертеңімді содан да артық көрем.

Қонақ келсе, қымыз да, қазы да бар,
Құсбек болса, бүркіт те, тазы да бар.
Жерге отырса, көрпе мен жастық әзір,
Өзге десе, өзге де қазына бар...

Бірақ мені баяғы түз демесін,
Тіміскілеп «шыл», «шылық» іздемесін.
Менің құлқым емес ол, жала маған,
Көксегендей көктемнен күз елесін.

Әлдекімдер жүрегі сіркелеген
Ұлт атына уларын бүрке берген.
Көргенсіздік, пасықтық, надандығын
«Қазақшылық» дегенмен бүркелеген.

Жоқ, жоқ, маған ондайды жапсырмасын
Еңкеймейді ездікке тақсыр басым.
Жаным ада қараңғы қалтарыстан,
Менен тапқан адалдық ақ сырласын.

Мен көптікпін, жалғыздың елі емеспін,
Мен жақсыға анамын, ене емеспін.
Жүз паспорты болса да «қазақ» деген,
«Шылықшылдар», «шылшылдар» - мен емеспін.

Мен аулақпын бөлексіп бәлденуден.
Үйренбеймін «ұлттықты» әлдекімнен.
«Қазақпын» деп қаңбақтай көшіп жүрмен,
«Мұсылманмын» деп және сәлде кимен.

Мен - қазақпын, жаныммен, жүрегіммен,
Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен.
Алабөтен болмаймын өзгелерден,
Өзгемен бір өзім боп жүремін мен.

«Қазақпын» деп досқа айтам ұғысатын,
Мақтан етсін атақты туысы атын.
«Қазақпын» деп жауға айтам қасақана,
Біліп қойсын, болса ойы жұғысатын.

Мен - қазақпын, адамзат, бір балаңмын.
Кетігіңе кірпіш боп кіл қаландым.
Октябрьде, космостық дәуірде де
Барлаушысы боп жүрмін бұл ғаламның.

Кешір мені, күндеме «тентегіңді»,
Көрдім, рас, көбіңнен ерте күнді.
Әркім, бірақ не ексе, соны орады,
Көсіп алып жатқам жоқ мен тегінді.

Бергені емес құдайдың, бұл ұлықтың,
Тағдырыма патшалық сырын ұқтым.
Бір мүшесі болғаным қандай бақыт
Коммунистік партиядай ұлылықтың!

Сондықтан да биіктеп барады елім,
Барады ұлы Отаным - балалы елім.
Жер бетінде ырысты бір мен болсам,
Бақытсызға өзімді балар едім.

Болмысыңда ешкім жоқ оза туған.
Шыр етіп ол ақ қолын соза туған.
Мен де солай талпынып, қанаттандым,
Барсам барам Айға да өз атыңнан.

Дау - жанжалдың сонда еріп келмесін тек,
Жауыздықты жер - ана жерлесін тек.
Сөйлейін мен төтенше елшіңдей бір,
Адам ұлын мақтан ғып жерлесім деп.

Кешір мені, күндеме «тентегіңді»,
Көсіп алып жатқам жоқ мен тегінді.
Мен туралы дастан да - сен туралы,
Менше көрсең, менше ойлап ертеңіңді.

Мен - қазақпын, жан Отан, бел балаңмын.
Махаббаты сенікі жер - даламның.
Ана сүйсе бір жүрек, менше сүйсін,
Кешір мені, аса айтсам - мен де адаммын.

Құптасаң да, сөксең де сен өзің біл;
Кейде асқақтау сөйлесем мен өзім бір,
Құлағы естіп кенеттен, тілі шыққан
Саңырау - сақау құлқындай мінезім бұл.

Кешір, ана, еркеңді елпілдеген.
Есесі бұл мың жылдың желпінбеген.
Дүр сілкіндім өзіңнің қанатыңмен,
Еркін келем тек сенің еркіңменен.

Тақтар өшті елімді елсінбеген,
Шақтар өшті мендейді менсінбеген.
Атым бар да, жоқ еді фамилиям,
Енді о да бар, оны да сенсің берген.

Қандай дүние жетеді балауына!
Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!
Өз бейнеңдей әлемге түр танылып
Қазақстан гербі де, жалауы да.

Мен - қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске -
Айта бергім келеді, айта бергім!
Беттер:
1 2 3

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді