Мақпал Мыса (Түн ғазалдары....)

 Мақпал Мыса (Түн ғазалдары....)

Түн ғазалдары
Қараңғы түн,
Қап қара түн,
Қап – қара,
Қарайып кеп босағамнан аттама!
Желі үзбеген ойларымның орамы,
Мені іздеген бақ ғана.

Қап қара түн,
Қап қара түн,
Қара түн,
Аспаныңнан жұлдыздарың ағатын.
Қасиеттім,
қадірлім деп білейін –
Қараулықтың қырқып түссең қанатын.

Қара түнде қараңғыға жолығып,
Өз өзімнен отырмайын торығып.
Ай астына Айман болсам
ақмаңдай -
Жұлдыздардың жарығына шомылып.

Қап қара түн,
Қап қара түн,
қараңғы,
Басқан кезде қараңғылық ғаламды.
Жүрегімнің шырағданын жағамын,
Адастырмас құс жолындай адамды.

Жолда қалған жолаушыдай кешеден,
Құс жолына жүрегімді төсегем.
Сені қайда апарады мына өмір,
Мені қайда апарады
осы өлең?..

Қараңғы түн,
Қап қараңғы,
Тымық түн,
Тымық түнде тұмадай боп тұныппын.
Ғалам мына сырсандықтың кілті,
Қараңғыға ашылмайтын құлыппын.

Кейде кейде жасқа толған жанары,
Қараңғы түн -
Хас сұлудай қаралы...
Жыр кеудеме сыймай тұрған шағымда,
Үркер неге үркіп қашып барады?

Қараңғы түн,
Қап қара түн,
Ғашық түн,
Көңілдегі көлдерімді тасыттың.
Тасыттың да
ақ таңдарға асықтың,
Бәлки мен де ғашықпын...

Қараңғы түн,
тылсым едің,
өр едің,
Тылсымыңнан тоқсан өрім өремін.
Үркіп тұрған Үркер жұлдыз емеспін,
Түннің көзін сүртіп берсін Өлеңім.

Қап қара түн,
Қап қара түн,
Қара түн,
Талған жоқ па қанатың?
Қоштасайық кел екеуміз әзірше,
Жарықты аңсап таусылып тұр тағатым.
Қап қара түн,
Қара түн...

Қап қара түн,
Қарағым,
Сені кейде ессіз сүйіп қаламын.
... Менің қара көздеріме үздігіп,
Менің қара шаштарымды тарадың.

Саған айтар сырым бар,
Күнмен,
түнмен ұзарады ғұмырлар.
Қара түннің қанатында қыдыр бар,
Жазылатын жырым бар.

Қап қара түн,
Қап қара түн,
Қара түн,
Аспаныңнан жұлдыздарың ағатын.
Қасиеттім,
қадірлім деп білейін –
Қараулықтың қырқып түсші қанатын,
Айналайын, қара түн...

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?