Ғафу Қайырбеков (Ата жырау)

 Ғафу Қайырбеков (Ата жырау)

Сонау бір Абылай-замен алыстағы,
Қазақтың қасқа маңдай данышпаны.
Ханы да, батыры да бас шұлғыған
Адамның алтын жалды Арыстаны.
Есіме Бұхар түссе, таңдай қағам,
Дүниеге келген-ау деп мұндай да адам.
Зар болған бір сөзіне өткізе алмай
Байың да бар дәулетін мыңды айдаған.
Бұхардай буып-түйіп айта алар ма
Бір сөзін бүкіл ру тайпаларға,
Тоқтаған қашқан керей, босқан арғын,
Жүре алмай Қыпшақ жүгін тартқан арба.
Түстікте Үйсін-аға, батыста Әлім -
Сөзімен шешкен түйіп шатысқанын,
Жүгінткен Абылайдың алдына әкеп,
Тоқтатқан ағайынның айтыстарын.
Төккенде жыр маржанын түйдек-түйдек,
Жүк болар тарта алмайтын атан сүйреп.
Қазақта қасиет сөздің қазынасы,-
Бұхардай бұл тарихта адам сирек!
Бұл күнде үш жүз жылда жиырма беске
Толғанда, түсер ғасыр ғүмыр еске.
Қазақтың қандай халық болғандығын
Сол Бұхар дәлелдеген - Ұлы емес пе?
Не айтайын Бұхар десе, бұдан басқа,
Бір сөзім бермейтұғын бір алмасқа,-
Тілеймін - тағы да бір Бұхар тусын,
Тағы да ақыл айтар алты алашқа!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады