Қадишаның жоқтауы (Қазақ ауыз әдебиеті)

 Қадишаның жоқтауы (Қазақ ауыз әдебиеті)

Балуан еді-ау бармағың,
Алашқа мәлім аруағың.
Ата-анамды айтып жылайын,
Тартынбай сөйле, тіл-жағым.
Сөз сөйлейін биссимилла,
Ал, жамағат, сөз тыңда.
Аузымнан қате сөз шықса,
Елім мен жұртым мін қылма.
Қызыл да тілім сынбайын,
Шаршаған жерде тынбайын.
Қорлықпен кетті-ау ата-анам,
Жыламай қайтіп шыдайын!
Биссимилла деген сөз басы-ай,
Таусылмас жылау көз жасы-ай.
Алты қанат ақ ордам,
Талауға түсті мал-басы-ай.
Әкем еді кемеңгер,
Не боламын демеңдер.
Сәрсенбі күні сәскеде,
Ертіп бір келді жемеңгер.
Қара пышақ қынды ма-ай,
Жетесінен сынды ма-ай.
Соңыңа түскен дұшпаның,
Өлтіріп көңілі тынды ма-ай.
Әкекем еді-ау арыстан,
Ақылға сондай данышпан.
Қалың жау басып келгенде,
Бес тал оқпен қарысқан.
Жау келді тауды жағалап,
Жүйріктей атын тағалап.
Қалың жау басып келгенде,
Дауалды торды паналап.
Жалғыз да мылтық, бес тал оқ,
Ақылдасар серік жоқ.
Аяулы қайран, жан әкем,
Арманда кетті-ау, амал жоқ.
Ат айланғысыз ауылым,
Алпыс та бие сауыным.
Қорлықпен өлді-ау, ата-анам,
Елжірейді іші-бауырым.
Ұлужанның жазығы-ай,
Ғұмырын қысқа жазуы-ай.
Ат айланғысыз ауылым,
Дұшпанның болды-ау азығы-ай.
Ауылым түсті талауға,
Жалғыз ағам қамауда.
Ата-анамды ойласам,
Тоқтау жоқ екен ажалға.
Өткелдің аузы тал ма екен?
Жағалай шөккен нар ма екен?
Тұтқында қалды-ау жалғызым,
Сұрайтын жан бар ма екен?
Жалғыз ағам келе ме,
..................................
Зарыққанда бір Құдай,
Көзімнің жасын көрер ме?!
Жылайын, елім, жылайын,
Жыламай қайтып тұрайын.
Жалғызым келер күн болса,
Жыламай тәубе қылайын.
Жылқы ішінде ақ маңдай,
Шешіле сөйлер жез таңдай.
Жыламай қайтып тұрамын,
Талауға түскен үй қандай?!
Талауға түсті үйім-ай,
Кетті ғой менің күйім-ай.
Төрт жастағы Қабиым,
Кескіге түсті күнім-ай.
Қайтейін енді жұртым-ай,
Қандай ек әкем тұсында-ай.
Төрт жастағы Қабиым,
Не істеді екен, шіркін-ай?!
Кескіге түсті-ау анамыз,
....................................
Жалғыздықтың қиыны-ай,
Жоқ болды-ау біздің шарамыз.
Ақ бұлақ бойы қалың ши,
Жиылып сөйлер өңкей би.
Ата-анамды өлтіріп,
Көрсетті-ау, бізге нелер күй.
Қайтемін енді елім-ай,
Орнатқан әкем көлін-ай.
Ауылын, жұртын көргенде,
Айналып түсер белім-ай.
Қыбыладан соққан самалым,
Соқтырған әкем дауалын.
Аяулы әкем тұсында,
Қайтейін қайран заманым.
Қара да күнгей қара жал,
Мұңымды айтам құлақ сал.
Қор болып кетті-ау, ата-анам,
Көкірегімде қайғы бар.
Арманым қатты-ау, дертім зор,
Түскен соң басқа қалың сор.
Сәрсенбі күні сәскеде,
Ауылға келді қара нор.
Ұлужан бойы құрағын,
Мал жайылар пұрағын.
Ата-анам мен Қабиым,
Бір қабір болды-ау тұрағың.
Жаратқан Жаппар ием-ай!
Жасаған салдың жүйеге-ай.
Аяулы, қайран жан әкем,
Артып бір кетті түйеге-ай.
Жиырма күн мөлшері,
Аманат тұрды сүйегі.
Ата-анамды ойласам,
От болып ішім күйеді.
Сөйлей бер тіл мен жағым-ай,
Сөйлерге келді шағым-ай.
Кескіге түсті жан анам,
Шықпады менің жаным-ай!
Сер қарағай мекен-ай,
Сермесем қолым жетер ме-ай?
Кескімен өлген жан анам,
Жалғанда ойдан кетер ме-ай?!
Өзен бір судың жағасы-ай,
Жағалай біткен ағашы-ай.
Әкемді құртқан қара бет,
Болады бізге нағашы-ай.
Өлтіріп беріп жауыздар,
Дұшпанның қанды табасы-ай.
Алашқа шыққан атыңыз,
Асыл бір туған затыңыз.
Аяулы, қайран жан әкем!
Қамауда қалды артыңыз.
Есіктің алды көл дейін,
Ұлужан бойын өрлейін.
Кескімен өлді-ау, жан анам,
Есіме түсіп еңіреймін.
Ана бір таудың биігін,
Бауырына ойнар киігін.
Он төрт жасқа келгенде,
Тарттым ғой әкем күйігін.
Тұрымтай ұшып өтпеген,
Биік бір таудың саласы-ай.
Ығынан боран жүрмеген,
Ағайынның панасы-ай.
Ай туады төбеден,
Күміс те жүген жебеден.
Оқ тиді-ау әкем басынан,
Мұндай да болам демегем.
Қарауыздар жағалап,
Маңдайдан келіп көздеген.
Көзі бір қайтып қиды екен,
Мылтығын алған көлденең.
Кескімен өлді-ау анамыз,
Көкірегінде арман бар.
Қамауда қалды-ау қайтейін,
Артында тірі қалғандар.
Жамандап жүріп жаққаны-ай,
Алтыннан медал таққаны-ай.
Өлтіріп беріп әкемді,
Жаулардың рақат тапқаны-ай.
Тұтқында қалды жалғызым,
Сұрақсыз қинап тастады-ай.
Жазудан екі болмайды,
Жаратқан Алла сақтады-ай.
Мекендей жерім—Ұлужан,
Қара жол болып қазылған.
Ата-анамды жоқтайын,
Қағазға жыр боп жазылған.
Құдіреті күшті Құдай-ау!
Не көрмедім жасымнан.
Жылқы ішінде боз ғана-ай,
Мұңымды айттым аз ғана-ай.
Тоқтатайын осымен,
Қайғыны өткен қозғамай.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?