Қадыр Мырза Али (Белгілі жәйт)

 Қадыр Мырза Али (Белгілі жәйт)

Белгілі жәйт:
Таныстықтың жемісі —
Шақырған соң,
Қалған едім келісіп,
Мен келгенде
Спектакль — кеште бұл
Алған екен ролін жұрт бөлісіп.
Сарай-залға төселулі таскілем,
Дастарқанда ағыл-тегіл ас кілең.
Алтын толы саусақтарға
Өзара
Қарасады қыздар көздің астымен.
Құс фермада қалмағандай құс тегі,
Иіледі үйрек-қаздан столі.
Болды әңгіме
Соңғы кезде сатуға
Қандай киім,
Қандай мебель түскені.
Жай айтылған қалжыңның да бар мәні.
Жария боп қалды көптің арманы.
Болды әңгіме
Демалыста
Кімдердің
Қай теңізге
Кіммен бірге барғаны.
Болды әңгіме кімнің күні батқаны,
Болды әңгіме кімнің таңы атқаны.
Болды әңгіме
Кімнің қайда ауысып,
Кімнің қайдан үй алғалы жатқаны.
Болды әңгіме әлдекімнің ақылы,
Кімнің-кімге бататыны тақымы.
Болды әңгіме кімнің-кімге алысы,
Болды әңгіме кімнің-кімге жақыны.
Болды әңгіме жиында кім бөскені,
Кімнің жолын кімнің қалай кескені.
Болды әңгіме кімнің қалай құлдырап,
Соңғы кезде кімнің қалай өскені.
Сөздер,
Сөздер...
Рюмкаша шекісті
Біреу көппен,
Біреу бөлек — жеке ішті.
Біреуінен сыр аңғарды біреуі
Біреу жайлы пікір айтып екі ұшты.
Той-томалақ,
Сауық кештен қалмайтын
Сөзшең жеңгей үшін мынау қандай түн!
Қозғалғанда жұмыс жайлы әңгіме,
Кімді-кімнің қолдайтынын қалды айтып.
Саналардың сәл-сәл ашық қақпасы...
Сүрінбейтін тегіс жерді тап басып,
Жеткізсін деп жеткізетін адамы
Жас басшыны қойды өтірік мақтасып.
Осы бір кеш шымбайыма батты анық,
Экранда:
Вертолетпен аттанып,
Машинаның жарығымен
Хирург
Әлдекімнің соқыр ішегін жатты алып!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!