Күләш Ахметова (Бұлбұлмен бірге оянған)

 Күләш Ахметова (Бұлбұлмен бірге оянған)

Шаштарына сәуле түскен күмістен,
Әділетті жақтағанда — үні үстем.
Мүмкін оның, бірнеше күн үй көрмей
Жүруі де қызметпен, жұмыспен.
Ол өмірден талай жұмбақ сырды ұқты,
Сақтамайды көңіліне кір, дақты.
Кім болсаң да, жүрегіңе зер салып,
Кім болсаң да, бетке айтады шындықты.
Түсінеді парасат пен парызды,
Түсі қатал, үңілсеңіз — жаны ізгі,
Түйсігі мол, көзқарасы мейірімді
Жұлдыздардан түскен жарық тәрізді.
Қашпайды ол берекесіз бос күнге.
Сүйе алады тіршілігін кештің де.
Шаршайды ғой, шаршамайды дейсің бе,
Тірлік соны сездірмейді ешкімге.
Ұсақ-түйек сөзге көңіл бөлмейді,
Досың жаман деген сөзге сенбейді.
Ол бар жерде дәрі іздеме, ауырсаң,
Қарапайым қамқорлықпен емдейді.
Іздемейді сәннің ең бір жаңасын,
Әңгіме айтса, бір тағлым табасың.
Дүниенің құныменен өлшемей,
Тіршіліктің біледі шын бағасын.
Ауырлығың жатса да өмір артып көп,
Мойымайды.
Өнегесі — тәртіп тек.
Гауһар тастың мың құлпырған жарқылын
Ойламайды таң нұрынан артық деп.
Бұл әдетін қалай енді қоя алар.
Сылқым емес, көп таранып боянар.
Адамдардың қамын ойлау — басты ісі,
Кеш жатса да бұлбұлдармен оянар.
Мақтанбайды жұрт алдында тасып түк,
Ұнамайды оған жаман жасықтық.
Бұлбұлдармен бірге оятқан күш оны —
Тіршілікке деген нағыз ғашықтық!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?