Әділетсіздіктен әбден ашынған журналист елбасыдан уәдесінде тұруды сұрады

Әділетсіздіктен әбден ашынған журналист елбасыдан уәдесінде тұруды сұрады

Биыл ақпан айының басында Алматыда өткен жиындардың бірінде сөз сөйлеген мемлекет басшысы орысша талап-арызға қазақ тілінде жауап берген мемқызметкерлерді жұмыстан қуу керектігін айтқан болатын.

Президенттің бұл сөзі артынша әлеуметтік желілерде қызу талқыланды деп жазады skifnews.kz.

Мәселенің өршіп кетуінен сақтанса керек, Ақорданың баспасөз хатшысы дереу түсініктеме беріп, елбасының осынау сөздерін халықтың дұрыс түсінбегенін айтқан еді. Дәурен Абаевтың сөзінше, заң жүзінде талап-арыз қай тілде (қазақ немесе орыс тілдерінде) жазылса, оған жауап та сол тілде берілуі керек. Яғни, тек орысшаға қазақ тілінде жауап бергендер емес, қазақшаға орыс тілінде жауап берген мемқызметкерлер де тиісті жауапкершілікке тартылады деді ол.

Дегенмен, осынау заңның жиі бұзылатынын журналистер де, қоғам белсенділері де айтуындай айтып келеді. Тіпті, қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінде де қазақшаға орыс тілінде жауап беріп, арқадан қағып шығарып салатын мемлекеттік қызметкерлер аз емес екен. Мұны Шымкенттен шығатын "Темірқазық-Ой" газетінің бас редакторы Анаргүл Сүлеева айтып отыр.

Журналист алдағы сайлау науқанында бағын сынау үшін, қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлердің қатарына енген. Кеше ол Шымкент қалалық сайлау комиссиясының басшысына өтініш жазып, кепіл жарна ретінде төлеген 114 мың теңгесін кері қайтаруын сұрапты. Алайда, қазақ тілінде жазылған хатқа комиссия төрағасы Марс Елекеев орысша жауап қайтарған. Мұнан кейін ашынған журналист Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрады.

"Бүгін тағы да тіліме деген сорақылықпен бетпе бет кездестім. Мемлекеттік тіл - байлығымыз. Ана тіліміз ана сүтімен келген бойымыздағы құнды дүниеміз деп жатқанмен ана тіліміздің есіктен сығалап, төрге өрмелей алмай жатқанын бәріміз білеміз... Елбасының қазақ тілінде сұратылған мәлімет сол тілде жауап берілсін деген тапсырмасы тағы да тасада қалды. Нұраға, тапсырмаңыз қашанғы тасада қалады? Орындап жатқан билік бар ма? Менің жетім тілім бүгін тағы жетімсіреді... №19 сайлау округінің, Шымкент қалалық сайлау комиссиясының бассыздығы қашан тиылып, қашан жазаланады?.. Аяқтан шалу бір бөлек, мені жолатпаудың амалын жасап, амалдары іске асты да. Бірақ, қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына қынжыламын", - делінген Сүлееваның жазбасында.

Журналист қазақша өтінімге орыс тілінде жауап берген мемқызметкердің үстінен құзырлы органдарға қосымша шағымданатынын да айтып отыр.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!