Мерейі өскен әншіні мұқатқысы келетіндер кімдер? » ZHARAR © 2017 | қайрат нұртас туралы соңғы жаңалықтар, қайрат нұртас туралы мәлімет, қайрат нұртас туралы жаңалықтар , последние новости про кайрата нуртаса




  • »

Мерейі өскен әншіні мұқатқысы келетіндер кімдер?

Мерейі өскен әншіні мұқатқысы келетіндер кімдер? казакша Мерейі өскен әншіні мұқатқысы келетіндер кімдер? на казахском языке

«Ассалаумағалейкүм, Қазақ елі!» Қайрат Нұртастың киелі сахнаға шыққандағы халықпен амандасуы әуел бастан осылай қалыптасты. Қайрат – өзге тілден бұрын, өз тілін құрметтейтін, өз елінің мәдениетін өзге мемлекеттерге дәріптей алатын тұлға. Оның шетелге шыққанда тек қазақ тілінде жеке концерт беретіні қайсыбір өнер жұлдыздары үшін үлгі болатындай-ақ дүние.

Бүгінде Қайрат Нұртас тек қазақ тілінде ғана ән айтып жалпақ жұртқа танымал болуға болатынын дәлелдеді. Мәселен, өткен жылы ол Ресейдің Орынборына барып, тек қазақ тілінде жеке концертін берді. Сол кездері Ресейдің БАҚ өкілдері Қайраттың Орынбор халқының жүрегін қазақша әндерімен баурап алып, сахнаны «жарып» жібере жаздағанын жарыса жазды. Бір бұл емес, ол көптеген елдерде қазақтың мәртебесін асырып жүр.

Жалпы, Қайрат Нұртастың өзіндік феномені әлдеқашан қалыптасқан. Санамалап көрсек, ол тек қазақ тілінде сөйлейді, қазақша ойлайды, қазақша ән айтады. Бір сөзбен айтқанда, ол қазаққа бар болмысымен берілген адам. Ал, біз ше? Біз жұдырықтай жүрегі «қазақ» деп соққан осы азаматтың қадірін біліп жүрміз бе? Қазақша білгені үшін, қазақша ойлағаны, тек қазақ тілінде ән айтқаны үшін Қайраттың кейде сынға ілігіп қалатынын қалай бағалаймыз? Біз осы өсер елдің баласымыз ба? Соңғы кездері өзге емес, өз әріптестері неге Қайратты ашықтан-ашық мұқатқысы келеді? Ендеше, бүгін осы жайттарды таразылап көрелік.

Бір қызығы, баспасөз мәслихатында болсын, орыстілді бағдарламаларда болсын тілшілер қойған сауалдарына орыс тілінде жауап беруін бірнеше рет өтінсе де, Қайрат тек қана қазақ тілінде тіл қатып, мемлекеттік тілдің мерейін үстем етеді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін ол заң жүзінде нақты біледі. Сондықтан да, қойылған орыстілді сауалдарға қазақ тілінде жауап беретін әншінің құқығын ешкім таптай алмайды. Бірде оның бұл әрекетіне қатысты тілшілер: «Көп адамдар сізді орыс тілін білмейді» деп сөгіп жатады», – деген сауал қойған еді. Ол: «Мен орыс тілін білемін. Алматыда 20 жыл тұрып қалай орысша білмеуге болады? Кейбір концерттерде орыс тілінде әндер орындаймын. Бірақ, әлдебіреулердің қытығына тию үшін орысша сөйлемеймін. Өз Отанымда ана тілімде ғана сөйлеуді жөн көремін. Әлде бұл ойым дұрыс емес пе? Қазақ тілінде Қазақстанда сөйлемегенде енді қайда сөйлемекпін?» – деп жауап беріп, азаматтығын көрсетті. Жалпы, бұл ретте қазақ тілінің жанашыры, ғалым Жұмаділда Баяхметов былай дейді: «Жас та болса, өз басым, осы баланы сыйлаймын. Орысша ойлап, орысша тіл сындырып, қазақтың бір ауыз сөзін білмей, қазақ сахнасында шүлдірлеп жүргендерден Қайраттың мерейі бірнеше есе үстем». Расымен де солай емес пе? Бірақ, осы баланың мерейі үстем болған сайын оны бұл биікке «қимайтындар» да бар тәрізді.

Жазушы-ғалым Сапабек Әсіп­ұлының «өзім дегенім өзек­ке тебеді» дегені бар еді. Сол тәрізді халықтың ыстық ықыла­сына бөленіп, мерейі артып бара жатқан Қайратты да өзге емес, өз әріптестері реті келсе мінеп қалуға, сынап қалуға тырысып бағуда. Мысалы, өткенде МузТВ тарихында тұңғыш рет қазақтілді ән орындайтын әнші «Жылдың үздік әншісі» атанды. МузТВ-ға қатысқан қазақ әншілерінің дені тілін бұрап ресми тілде сөйлеп жатқанда тек қана Қайрат келіп «Ассалаумағалейкум Қазақ елі! Бұл тек менің ғана емес, барша қазақ­тың жеңісі, сіздердің жеңіс­теріңіз! Екі елдің мәдениетін қосқан МузТВ-ға рахмет! Біздің бейбіт өмірде ән салуымызға мүмкіндік жасаған Елбасына рахмет!» деп делебемізді бір қоздырып тастады. Осы тұста Қайрат тағы да қазақ тілінде сөйлегені үшін әріптестері тарапынан сын естіді.

Біле білсек, МузТВ – іргесі 1996 жылы қаланған Ресейдің музыкалық каналы. Содан бері МузТВ арқылы тарайтын әндердің 30 пайызы Ресей әншілерінің клиптері мен әндері болса, 70 пайызы шетелдік жұлдыздардың әндері мен клиптері. Ал, енді нақ сол әлемік деңгейдегі МузТВ Қазақстанда дүбірлеп өтті. Сол күні қазақ әншілерінің орындаған әндері МузТВ арқылы барлық әлемге таралып жатты. Біздегі шоу бизнес өкілдерінің қайсыбірі мұндай шараның елде өтіп жат­қанына барынша қуанудың орнына бірін-бірі сынаудан алдына жорға салмады. Біреуі мінін терді, біреуі «мәмбеттігін» айтты, енді бірі тіпті МузТВ ұйымдастырушыларын қып-қызыл сөзбен «сойып» тас­тады. Әсіресе «шоу-бизнесі­мізде өзін­дік орны бар» деп жүрген Баян Есентаева ханымның шараны ұйымдастырушы Арман Дәулет­ияров­пен әлеуметтік желі­дегі «айтысы» көпшіліктің назарын аудар­май қоймады. Неге екенін бір өзі біледі, бірақ Баян ханым үздік әншілердің қатарынан Қайрат көрінгеннен-ақ тулады. Әрине, оның бар үміті үкілеп жүрген қызы Жанар Дуғалова екенін білеміз.

Осы жолы да МузТВ-да «Жанар­дың жұлдызын жарқыра­тамын» деп ойласа керек, бірақ, халықтың таңдауына шектеу бар ма? Ел Қайратты таңдады. Ал, таңдаудың біреу ғана екені Есентаева ханымға қатты батқан тәрізді. Ол МузТВ-ны ұйымдастырушылардан бас­тап, оның жүргізушілеріне дейін сынады. Жүргізуші Артем Шалимовтың рок әнінен үзінді келтіріп «Давайте устроим рок в этой дыре» деген сөзінің Есентаева ханым өңін айналдырып, Шалимов Астананы «дыра» деп жатыр деп бір байбалам салды. Одан кейін Арман Дәулетияровқа қарата «МузТВ-ға көңілі толмайтынын» айтып, көпшілік назарын тағы бір өзіне аударды. Мұндайда расымен де екі елдің мәдениетін қосып, бүкіл Ресей әншілерін алды­мызға әкеліп тыңдатып қой­ған ұйымдастырушыларды қолдаудың орына, Есентаева ханым­ның түрлі жел сөздерді сапыр­ғанына еріксіз қынжыласың. Есентаева ханымның сөздері­нен кейін «МузТВ болған күні Астана­да жауынның жауғанына да Дәулетияров кінәлі ме?» деп ойланып қаласың. Бірақ бұл арада Есентаева ханым МузТВ-ның әлемдік деңгейдегі шара екенін, осы шара арқылы қазақтың әндері әлемге тарап жатқанын айтпайды. Бұл шараға Елбасының өзі келіп, шара барысында Президенті­міз Нұрсұлтан Назарбаевқа да «Өнерді өркендетуге қосқан үлесі үшін» премиясы тапсырылғанын ескерсек, МузТВ-ның салмағы қаншалықты басым екенін аңғара­мыз. Осыны аңғарамыз да «нелік­тен біз елімізде әлемдік деңгей­дегі шара өтіп жатқанда осынша ұсақталдық» деген ой туады.

Бұл арада біз төбеден аққан тамшының, Қайрат Нұртастың қазақшасын, жүргізушілердің кемшілігін тізіп, неге сонша ұсақ­талдық? Кемшіліктерді көрдік екен неге оны сауатты түрде шешуге кіріспедік? Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев мырза неліктен мұндай ұсақ-түйек кемшіліктерге назар аудармай қалды? Әр жылдары Мәдениет комитетін басқарып, Мәдениет министрінің орынбасары болған Аманшаев мырза мен Астана қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мәжіғұлов мырза неліктен «Астана аренаның» төбесінен жауын жауғызып қоюға жол берді екен? Ұйымдастырушы ретінде Астананың құбылмалы ауа-райын бұл инстанциялар ескеруі тиіс еді ғой. Шенділер осы жағын ойластырғанда Есентаеваның әжуасына да жол берілмес еді?!

Жалпы, МузТВ биыл Қазақс­танда бірінші жыл өтіп отыр. Ол жыл сайын әр елде өткізіледі. МузТВ-ның Қазақстанда өтіп жатқанына қызыға да қызғана қараған ингуштер мен башқұрттар, тіпті, өзбек эстрадасының жұлдыз­дары да фейсбуктегі парақ­шаларына «МузТВ-ны әлем­нің 100 миллондаған адамы тама­шалайды. Бір күннің ішінде осы шара аясында қазақ әнін бүкіл әлем тыңдап жатыр. Бұл мемлекет үшін үлкен мәртебе» деп жазды. Сонда өзгелер осылай сезініп жатқанда біздің аса білімді шоу бизнес өкілдері мұны неге толық сезінбеді? Осындай салмағы басым шараны ұйымдастырып, ел өркениетін, мәдениетін биіктеткісі келген Арман Дәулетияров мыр­заны неге жағалай сынадық? Ал, сол шарада тек қана қазақша ой­ланатын қазақтың қара баласы Қайрат Нұртас жеңіске жетіп еді тіпті атойлап қуанудың орнына, Қайратқа неге жел сөзді қарша бораттық? Осындайда еріксіз жазушы-ғалым ағамыздың «өзім дегенің өзекке тебеді» дегенімен келіспеске амал да қалмайды екен.

Хош, сонымен, дүбірлетіп жүріп МузТВ-ны өткіздік. Арты­нан іле-шала тұп-тура бір ай салып күні кеше «Астана жұлдызы» өтті. Бұл шараны: Баян Есентаева, Динара Сәтжан, Айгүл Иманбаева, Нұрдәулет Шертім жүргізді. Түсінбегеніміз, әу бастан «Астана жұлдызы» «Қайрат Нұртасты ашық кекету үшін ұйымдастырыл­ды ма» деп қалдық. Жүргізушілер сахнада бір емес, бірнеше мәрте Қайраттың атын атады. Жүр­гізушілердің кекесінмен айтқан сөздерінен көрермендер арасында отырған Қайрат Нұртас өзін қалай сезінгенін қайдам, теледидар алдында қарап отырып өзіміз қатты ұялдық.

Шара басталды, бір мезетте Нұрәулет Шертім көрермендерге қарата «Үсілтеріңізден су ағып тұрған жоқ па, бұл төбеден су ағатын анау-мынау шара емес» деп қалды. Сонда Нұрдәулет Шертім МузТВ мен «Астана жұлдызының» аражігін ажырата алмағаны ма? МузТВ сонда Нұр­дәулеттің ойынша, «анау-мынау» жоба болғаны ғой. Айналайын, Нұрдәулет-ау, МузТВ-ның сал­мақты шара екені санаңа жетпесе, тым құрығанда ғаламторға еніп, Википедиядан оқып алсаң етті. Жарайды делік, бір мезетте Қара­жігітовтер арнайы премияны ұсыну үшін сахнаға шығуы керек болды. Сол мезетте Баян Есентаева Қаражігітовтерге «сіздер үшін жігіттер арасында жылдың үздік әншісі кім?» деп сауал қойды. Бұл сауалға әрине Қаражігітовтер ойланып жауап бергісі келіп еді, Есентаева ханым өзі білетін орыс тілінде «Только не говорите Қайрат Нұртас» деп салды. Оның бұл сөзіне Қаражігітовтердің анасы «мен сіздердің иронияңызды түсінбедім. Неге Қайрат Нұртас емес? Қайрат Нұртас бізге ұнайды» деп жауап берді. Бір бұл емес, «Астана Жұлдызында» тағы бірнеше мәрте Қайраттың аты аталды. «Қайраттың алма толы тәрелкесі бар» деп салды Есентаева орыс тілінде. Ендеше МузТВ-да Елбасыдан бастап, барлығының алғаны «алма толы тәрелке бол­ғаны ғой».

«Қайрат вообще не конкурент» деп қалды Естентаева. Олай болса қаншама жыл шоу бизнесте тер төгіп, Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де танымал болып үлгерген Қайрат Нұртастың еңбегі бәсекеге қабілетсіз болғаны ма? «Биылғы жылдағы ең ірі музыкалық шара «TURKVIZYON-2014» деп қалды тағы сол Есентаева ханым. Жанар Доғалованың осы байқаудан бас жүлде алып келгені бір жыл бойы айтылады да, ал Қайраттың күні кеше МузТВ-дан алған премиясы «алма толы тәрелке» деп бағаланады. Мұндайда еріксіз қарның ашады. Қазақ шоу- бизнесіндегі көрсеқызарлыққа қын­жыласың. Қызды-қыздымен «Астана жұлдызында» Айгүл Иманбаева Айқын Төлепберген номинация алып жатқанда «Қайрат Нұртас сияқты балаларыңның бар екенін жасырып жүр. Сонда елге сүйікті боласың» деді. Бұл «ирониялары» тіпті қызық болды. Сонда Қайраттың жеке басына қатысты дүниелерді ашықтан-ашық сахнада жария етуге Айгүл ханымға Қайрат Нұртас рұқсат берді ме екен?! Бұл арада адам­ның жеке мүлкіне қол сұғуға болмайтыны тәрізді, жеке басына қатысты дүниелерге де араласып, оны ашық түрде көпшілікке жария етуге болмайтынын Айгүл ханым неге ескермеді?!

Бір сөзбен айтқанда, «Астана жұлдызы» біздегі шоу бизнестің бет-бедерін ашып берген жоба болды. Осы жобаны жүргізу арқылы әншілер қауымы «бәйге­ден оза шапқандарды» аяқтан шалып отыратынын ашықтан-ашық көрсетіп алды. Сондай-ақ, «Астана жұлдызында» Қара­қат Әбілдина мен Дильназ Ахмадиевалардың еңбегі сырт қалып, олардан гөрі Жанардың екі бірдей номинацияға ұсынылуы қисынға келмеді. Қанша жерден жол жастардікі, жастар өсіп-өнуі керек дегенімізбен, бұл кеште аға буынның ескерілмей қалуы көңілді өсірмеді. 100 сарапшы жеңімпазды анықтады дейді. Бірақ, сол сарапшылардың ара­сында кімдер болды? Сарап­шылардың тізімі неге ашық көрсетілмеді.

Жалпы, болып жатқан жайт­тарға қатысты пікірлерін білгіміз келіп, біз Баян Естентаева ханым­ға қоңырау шалдық. Ойымыз, шара­ның сценарийінде Қайрат Нұртасты қайта-қайта ауызға алу жазылды ма, жоқ па, шарадағы 100 сарапшының аты-жөндері кім, соны білсек дегенбіз. Бірақ онымен тілдесу мүмкін болмады. Мүмкін, осы мақаланы оқығаннан кейін Баян Есентаева ханым бізге «тіл қатар» деп ойламын.

Рас мен мақаланы таза қазақ тілінде жаздым. Мүмкін, Баян Есентаева менің таза қазақ тілін­де жазған мақаламды оқып «мәм­бетизм» деп лақтыра салатын шығар. Бірақ, менде «мүмкін, осы мақаланы оқығысы келіп Есентаева ханым қазақ тілін үйренуге барын салып кетер» деген үміт те жоқ емес. Баян ханым қазақ шоу- бизнесінің арқасында табысын еселеп жүрген адам ғой. Менің ойымша, қазақтың нарығында жүріп табыс тауып, пайдасын еселеп жүрген адам, сол елдің тілін де, дінін де қадірлей білуі тиіс.

Біздің экономикамызға, мәди­не­­тімізге, дінімізге, тілімізге сырт­тан көз тігіп, арамызға іріткі салғысы келетіндер онсыз да жетіп артылады. Мұндайда біз «өсер елдің баласы» ретінде бір-бірімізді қолпаштап, қолдап отыруымыз керек қой. Ал, біздегі шоу-бизнес өкілдері керісінше бір-бірін жүндеуге даяр тұрады. Бұл сырт көзге көрініп-ақ келеді. Біз рухани құндылықтарымызға көздің қарашығындай қарауымыз қажет. Мәдениеті жоғары елдің рухани баюы да тез әрі нәтижелі болатынын осы салада жүрген Баян ханым бізден гөрі жақсы біледі деп ойлаймын. Ендеше, Естентаева ханым да Қайрат Нұртас тәрізді «Қазақстанда қазақша сөйлемегенде қайда сөйлей­мін?! Өз жерімде өз елімде қазақ­тың тілінде ғана сөйлегім келеді» дейтін деңгейге жетсін деп тілеймін.

Жалпы, адам баласы тірісінде бір-бірінің қадірін білуі керек. Абай бабам айтпақшы, «тірі адамның өсектен аманы жоқ, өлген адамның жаманы жоқ». Сонау Абайдың заманындағы бұл нақылдың ескірмегені сонша, біз қазіргі ақпараттық даму ғасыры – ХХІ ғасырда әлі де тірі адамды өсекке таңудан, ал өлген соң «әй азамат еді-ау» деп өкінген кейіп танытудан танбай келеміз. Сондықтан елдегі әрбір бірегейді қадірлей білейік те...

Телекөрермен: Алтын НҰРОВА, Алматы қаласы, дереккөзі


Санат: KZ портал » Қазақша Жаңалықтар жинағы | | 1 380
Жаңалық айдары: Мәдениет және шоу бизнес, дереккөз
Рейтинг:
(голосов: 0)

.

MixAdvert

MarketGid

Соңғы пікірлер:
. .