«Күйеуім ұрады. Бірақ ажыраспаймын…»


Сайтымыздың «Өмірдің өзі…» айдарын қарапайым адамдардың басынан кешкен оқиғалары біреуге сабақ болар, біреуге ой салар деген оймен ашқан болатынбыз. Оқырмандардан хаттар ағыны толассыз ағылуда. Бүгін електен өткен бірін жариялап отырмыз….

«Көңілге көлеңке түсіп, қатты торыққан сәтте әлдебіреуге ақтарылғың келеді. Сырласатын жан таппай сансыраған да жаман екен. Сан жылдар бойы ішімде тұншыққан сырымды сыртқа шығарсам бәлкім жеңілдеп қалармын. Менің өмірім бәлкім біреуге ой салар, сабақ болар…

Ата-анадан алтаумыз. Екі ұл, төрт қыз. Қыздардың үлкені болғасын ба әке-шешем мені тым еркелеткен жоқ. Кейінірек өмірдің өзі де еркелетпейтінін кеш білдім… Үлкен ағамды қатты құрмет тұтатынмын. Біртоға, момындау, өзгеге елпектеп тұрғанымен мінезді-тін. Бәлкім әкемнің қаталдығынан да болар. Кішкентай күнімде білмейді екем, есейе келе әкемнің үлкен ағамды іш тартпайтынын білдім. Ал кіші ағамның ішкені алдында, ішпегені артында, үйдің еркесі. Оны мойнына мінгізіп еркелететін әкем үлкен ағама қатқан қайыстай-тын. Үнемі жекіп, ұрсып сөйлейтін. Мұның сырын кейін білдім.


Бір жолы ағам көршілердің ұлдарымен шекісіп қалды. «Еріп келген бала…» дегенді де алғаш естігенім сол. Ағамның түрі өрт сөндіргендей түтігіп кетті. Әрине көршінің ұлы оңбай таяқ жеді. Бұл сөз ағамның алдынан талай шықты ғой. Бір-бірімен қыз алыспайтын рудан ғана құралған ауылымызда оны түртпектемейтін адам қалмайтын. Сөйтсем ағам анамның алғашқы некесінен екен. Ажырасып, бір баласымен кейіннен менің әкеммен бас құрапты. Әкеміз бөлек, шешеміз бір болғанымен ағам бәрімізді туғанындай тұтты. Анам алғашқы некесі жайлы жақ ашқан емес. Сезуімше дәм-тұзы жараспаса керек. Дегенмен екінші некесінен де шекесі қызды деп айта алмаймын. Әкем қатал болатын. Тілінен бұрын, жұдырығы жүгіретін. «Бірінші бақ бақ, екінші бақтың кері бақ…» екенін шешем ұдайы айтып отыратын да, ауыр күрсінетін. Үлкен ағам Дәулет үйде «отырса опақ, тұрса сопақ» болды. Таяқтың ұшы ең алдымен соған тиетін. Кінәлі болмаса да. Ержетіп есейгенше ағам не көрмеді? Ауылдың еріккен ересектері «әй, кірме…» деп шақыратын. Оның бұл ауылға өгей екенін үнемі есіне салып отыратын. Бұзықтаулары ұрып жіберетін, ең момын дегенінің өзі сөзбен шымшитын. Ал үйде әкемнің таяғын жеп өсті. Мектеп бітіргенше көрген күні күн болған жоқ. «Өгейдің көрген күні күн емес екен ғой» деген санамда сақталып қалыпты. Содан болар, «мен ешқашан да ажыраспаймын» деп өзіме серт бердім…


Бір жолы ауылдың бір топ баласынан таяқ жеген ағам сарайға барып көз жасын төккенін көрдім. Үйленіп, өз алдына отау құрып кеткенше өмірдің ащы таяғы маңдайын осып отырды…


Желкілдеп бойжеткен соң алып қашудың құрбаны болдым. Өзім сүймейтін, өмірімде бір рет те көрмеген адамның табалдырығын аттадым. Армандарым аңырап далада қалды. Қара күйелеш болып, ошақтың үш бұтына қамалған ауылдың қара табан әйеліне айналдым. Жолдасым мінезі жайдары болғанымен ашуы келгенде қара аспанды төндіріп салатын дүлей болып шықты. Сілейтіп салатын. Көз жасымды сығып жүріп тұңғышымды босандым. Басылар деп күттім. Үмітім ақталмады. Одан екіншіміз келді дүниеге. Қоспаса азайтқан жоқ. Таяғын жеп, жүнжіп жүрсем де ажырасу туралы ой келмепті. Ылғи да ағамды ойлаушы едім. Өгейлікпен өмірі өксікке айналған оның бар көрген теперіші тізбектеліп көз алдыма келе қалатын. Балаларымның соның кебін кигенін қаламадым. Кісі есігінде телмеңдегенше, өз елінде еркін жүрсін дедім. Кім білсін, өз қара басымды ойлағанда баяғыда – ақ ірге ажыратар ма едім?! Мені тұсаулаған балаларым. Солардың бақыты үшін таяққа да төздім, барды да көрдім, жоққа да шыдадым. Балаларымның бақытсыздығының қасында бақытты бола алмайтынымды ұқтым.

Бір жолы жиналып, төркініме кетіп те көрдім. Бұрынғы ерке ұл үйленген. Қазымыр әйелі бізді бір күн де сыйдырған жоқ. Үлкен ағамның үйіне бардым қашып. Ағам маңдайымнан сипап отырып, «балаларды әкесінен ажыратпа…» деді. Қайта оралдым. Жайшылықта жайылып түсетін жайдары жолдасым ашуы келгенде ешкім тоқтата алмайтын. Сабырмен отырып, «тату тұрайықшы…» деп талай айттым да. Қайран болмады. Өстіп жүріп төрт балалы болдық. Төркінге баратын жол біржола жабылған.


Әкелері сабап жатқанда балаларым шырылдап ара түседі. Оған қарайтын әке жоқ. Әкесіне деген құрметі өшпесін деп жайшылықта да «әкелеріңді құрметтеңдер» деп үнемі айтып отырамын. Өмірім осылай жалғасып жатты…


Үлкенім ат жалын тартып азамат болып, келінді болдық. Көргенді жердің қызы үйімізге шуақ боп енді. Осыдан бастап өмірім мүлде өзгерді десем де болады. Отағасы ұруын доғарды. Келіннен де ұялса керек. Балаларымның да өңіне қуаныш ұялады…


Бүгінде ойлаймын маған сарқылмайтын сабыр мен таусылмайтын төзім беріп қойған екен де деп. Сол шақта аңғырт ойланып, бәрін де тәрк етіп кетіп қалсам мені ешкім де тоқтата алмас еді. Балаларым жетім, өзім жесір болып кімнің есігінде жүрерімді де кім білген… Шыдамдылық мені бақытқа жетеледі. Бастысы балаларым бақытты. Өз елінде, еркін жүр. Бұл үлкен бақыт қой бастысы….».


Айман, Шымкент қаласы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу

Ілмектер: отбасы, күйеу, ұру, өмір