Тарауих намазы қалай оқылады? (видео)

Тарауих намазы қалай оқылады? (видео)


Тарауих намазы жиырма рәкәғат. Әр екі рәкәғаттан соң сәлем бергенімен, әр төрт рәкәғаттан соң бір сәт демалғаны үшін бұл төрт рәкәғатты «таруиха» деп атайды. Бір тарауих намазында бес таруиха бар. «Таруих» - дем алу деген мағынаны білдіреді. Көпше түрі – тарауих.
Айша анамыз былай дейді: «Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) кешкісін мешітте тарауих намазын оқыды. Мұсылмандар да оған ұйып тарауих намазын бірге орындады. Ертесі күні таң атысымен осы мәселені бір-біріне түсіндіре бастады. Екінші күні кешке мешітке жиналған мұсылмандар саны көбейе бастады. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) мешітке келіп оларға намаз қылдырды. Таң атқаннан кейін жамағат бір-біріне бұны да түсіндіре бастады. Үшінші күні жамағат саны кешегіден де артты. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) кешкісін жамағат алдына шығып намаз өткізді. Төртінші күні кешке мұсылмандардың көбейгені соншалық, мешітке сыймай кетті. Бірақ Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тарауих намазын оқу үшін көпшілік алдына шықпады. Кейбіреулер намаз оқу үшін жиналғандарын ескертуге тырысқанымен, Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) таң намазына дейін олардың алдына шықпады. Таң намазын оқып болғаннан кейін жамағатқа бет бұрып шахадат сөзін айтты да: «Жамағатпен тарауих намазын оқудағы әрекеттеріңізді көрдім. Алдарыңа шығуға кедергі болған нәрсе мынау еді, мен осы намазды өздеріңе парыз етіп қабылдап, бұл намазды өтеуде әлсіздік танытып күнәға бой алдырасыңдар ма деп уайымдадым» деді». [Бухари, Муслим, Ахмед ибн Ханбал]
Тарауих намазы – бес уақыт намазға тәуелді болмағанымен, белгілі бір уақыты бар намаз. Рамазан айында құптан мен таң намазы аралығында оқылатын жиырма рәкәғаттан тұратын бұл құлшылық – мүәккәд сүннет (бекітілген, күшті сүннет) қатарына жатады. Ия, рамазанда тарауих намазын оқу – Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Риуаят бойынша Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала рамазан айында оразаны парыз етті. Мен де тарауих намазын мұсылмандарға сүннет қылдым» деп айтқан. [Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд]
Тарауих намазы еркектер мен әйелдер үшін мүәккәд сүннет. Өйткені, бұл намазды Хз. Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) да әділ халифалар мен қадірменді сахабалар да оқыған. Тарауих намазын жамаатпен оқу – сүннет.
Ханафи мәзхабы тарауих намазының рәкәғат саны мәселесінде Хз.Омардың ұстанымына сүйенеді. Хз.Омар мемлекет басшысы ретінде адамдарға пайғамбар мешітінде халифалығының соңғы жылдарында тарауих намазын жиырма рәкәғат қылып оқытқан. Ол уақытқа дейін адамдар тарауих намазын жеке өз бастарына оқитын. Хз.Омар мешітке келгенде жамағаттың бәрі өз бетінше намаз оқып жатқан болатын. Сондай тәртіпсіздікті байқаған Хз.Омар сол күннен бастап бір имамның артында жиырма рәкәғат тұратын тарауих намазын оқуды бұйырған. Әділ халифалардан кейін тарауихтың жиырма рәкәғат болып жамағатпен оқылуына ешкім қарсы шықпаған. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Менен соң менің сүннетімнен және әділ халифаларымның сүннеттерінен алшақтамаңдар» деп айтқан. [Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжә]
Екіншіден, Ибн Аббастың рамазан айында жамағаттан бөлек тарауих намазын жиырма рәкәғат оқығаны, артынан үш рәкәғат үтір намазын оқығаны риуаят етілген. [Шәуқани ІІІ,53]
Әбу Ханифадан Хз.Омардың істеген бұл ісі туралы сұрағанда былай деп жауап берген: «Тарауих – күшті сүннет. Хз.Омар оны өздігінен шығарған жоқ. Бұл жайлы ешқандай жаңа нәрсе де қоспаған. Ол тек мұны өзі білген дәлелге сүйене отырып орындаған. Алла елшісінен көргенін орындаған».
Тарауих намазының ұнамды, сауабы мол болу мақсатында келесі амалдар орындалса нұр үстіне нұр болары анық:
  • Әр екі немесе төрт рәкәғатта сәлем беру.
  • Әр төрт рәкәғатта сәлем бергеннен кейін, намаздың «тарауих» деп аталуына сай демалу. Демалу уақытында түрлі зікір, дұға етіліп уағыз айтылса, тіпті үндемей отырса да болады. Себебі, жаман сөз айтпай үндемей отырудың өзі – ғибадат. Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұғылдану – жамағаттың ықтиярындағы іс.
  • Тарауих намазында құранды бір рет хатым ету. Негізінде рамазан бойы тарауих намазын оқу барысында Құранды бір рет хатым ету, яғни басынан аяғына дейін оқып шығу – сүннет.
  • Тарауих намазын мешітте оқу. Себебі, жамағатпен оқылатын намаздың абзалы – мешітте оқылған намаз.

Асхат АКМАМБЕТОВ,
«Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы

Тарауих намазын онлайн оқуға бола ма?

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?