Тяран - мызықай мен жалмауыз. түрлі - түсті тастар мен ұсақ жәндіктердің пайда болуы


Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Тяран - мызықай мен жалмауыз. түрлі - түсті тастар мен ұсақ жәндіктердің пайда болуы
Ашулы Еркілік адамдардың жандарынан айырылып қалған соң, енді теңізде Жалмауыз аждаһа (Андалма - Муус) жаратып, оны адамрға айдап салды. Қорқынышты Жалмауыз теңізден сала - құлаш тілін шығарып, адамдарды қармап алып жей берді.
Үлкен Тәңірдің батырлары Маңғышөре, Тяран - Мызықай мен Майтөре аждаһаның жауыздығын көріп, оны өлтірмекке бел байлады. Бірақ Жалмауыз ешкімді де маңайына жақын жолатпайды, тілін жалмаңдатып ұстап алады. Бұған қандай амал табу керек?
Аждаһаның көзін құртудың жолын іздеп, батырлар ұзақ бас қатырды. Алайда, ештеңе ойлап таба алмады. Сонда Тяран - Мызықай тұрып: «Менен күшті ешкім жоқ. Жалмауызды менен басқа ешкім өлтіре алмайды!» - деді. Осы сөздерді айтып, Ерке - Шудюн есімді қыздан туып, адамға айналды. Өзіне Тяма - Тюрун деген ат қойды. Ерке - Шудюн Қыдат руынан шыққан Чуптан мен әйелі Шаадығай - кооның қызы болатын.
Сонымен, Тяма - Тюрун (шын мәнісінде Тяран - Мызықай батыр) кішкентай балғын бала кейпінде теңіз жағасында жүгіріп жүрді. Оны көрген Жалмауыз тілін жалмаңдата созып, Тяранды ұстап алып, басқа құрбандары сияқты өзімен бірге теңізге алып кетпекші болды. Бірақ Тяма - Тюрун оның өзін тілінен шап беріп ұстап алып, тарта бастады. Оның қатты тартқаны соншалық, жер суға батайын деді. Жерді суға батырмас үшін Тяма - Тюрун теңіздің суын сарқып ішіп, төңіректі түгел құрғатып тастады. Жалмауыздың денесі мен аяқтары тыраңдап құрғақта қалды. Тяран аждаһаны аяғынан тартып, теңізден сүйретіп алып шықты да, оны төбесіне көтеріп, бар пәрменімен тасқа ұрды. Аждаһаның ішек - қарны ақтарылып, айналаға қаны атқылап, тастарды қызыл қанмен жуды. Сол шақтан бері тастардың реңі өзгеріп, түрлі - түсті бояуға боялыпты...
Осыдан соң Тяма - Тюрун Жалмауыздың денесін садақ сияқты доғалап иіп, қоқымдарға айналдырып тастады. Осылайша әр түрлі ұсақ жәндіктер: құрт - құмырсқалар, шыбын - шіркейлер, өрмекшілер, шегірткелер, масалар мен басқа да асыранды құстар пайда болыпты.

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу

Келесі мақала ашылудa...