Иттің сырттаны

 Иттің сырттаны

Бір жолаушы ұзақ сапар шегіп, әлден уақытта иен далаға шығыпты. Күн төбеден ауып, бесін шамасы болған кезде, соңынан бір қасқыр ілесіпті. Кеш батып, күн ұясына тақай бастағанда, әлгі қасқыр бір-екі рет боздай ұлып, дыбыс берген екен, әп-сәтте жан-жақтан бір үйір қасқыр жиналып қалыпты.

Жолаушы қатердің төнгенін сезеді де айналасына көз тастайды. Қараса, көз ұшынан қарайған ағаштың сұлбасы көрінеді. Қайтсе де соған жетіп алу үшін атына қамшы басады. Аты да құстай ұшады. Сол арынды шабыспен қасқырларға жеткізбей, ағашқа барады да аттан қарғып түсіп, шыбын жанын сақтау үшін өзі ағаштың басына өрмелеп шығып алады.

Арсылдай анталап жеткен қасқырлар ағаш түбінде тұрған атты тарпа бас салып, түте-түтесін шығарып, жеп қояды. Содан кейін бір нән қасқыр ағашты әлсін-әлсін кеудесімен соққылап, ұлып-ұлып жібереді де әрі таман барып жатып алады. Біраздан кейін қайта келіп, ағашты омырауымен сілке соққылайды. Сол кезде басқа қасқырлар ағаштың түбін тырналап, қаза бастайды. Әрі-беріден соң ағаш тамырлары ырсиып-ырсиып көрініп қалады.

Ағаш түбінің босағанын көріп отырған жолаушы жанынан үміт үзіп: «Енді өлмегенде нем қалды. Айдалада қасқырға жем болдым-ау. Сүйегім жапанда шашылып жатады-ау. Ағайын-туысқанымды да көре алмай, ең болмаса, қоштаса да алмай, арманда кеткенім бе? Айдалада тілсіз мақұлықтың қысымына түсіп, ақыры ажалым қасқырдан болғаны ма?» – деп қайғыға батады. Жүрегі мұңға толып, тіршілігінен күдер үзсе де ағаштың басында отыра береді.

Айдалада зарлаған жолаушының даусы алысқа кетеді. Күншілік жерде мал бағып отырған біреудің сырттан иті бар екен. Сол ит түн ішінде иесі итаяғына құйған тамаққа қарамай, құлағын алысқа түреді. Бір-екі рет шалп-шалп еткізіп жалайды да басын қайта көтеріп, құлағын едірейте тың тыңдайды. Түнге қадалып тұра қалады. Ызыңдаған дауысты естіп, бір адамды айдалада қасқырлардың қоршап тұрған дыбысын сезеді. Тамағын да ішпей, далаға жорта жөнеледі. Сырттанның дүбірі жер жаңғыртады екен.

Қара түнді қақ жарып, сырттан иттің аңырата ұмтылып келе жатқанын, жер солқылдатқан дүбірін естіген қасқырлар бет-бетімен бытырап, жан-жаққа қаша бастайды. Жалғыз арлан қасқыр ғана жолаушы отырған ағаштың түбінен жылжымай, жата береді.

Таң сарғайып атып келе жатқан мезгілде сырттан ит те арындай жүгіріп, ағаштың қасына жетеді.

Сырттан ит түн ішінде аулынан шыққанда, бір қатерді сезген малшының баласы бір атты ерттеп міне салып, бір атты жетекке алып, иттің соңынан шапқан екен.

Сол мезетте екі сырттан біріне-бірі бата алмай, екі жерде аңдысып, арбасып жата береді. Бір кезде ағаштың басындағы жолаушы: «Не де болса, жерге түсейін, ит қасқырға шапса, болысайын» – деп, ағаштың басынан төмен сырғып, жылжи бастайды. Жолаушының түсіп келе жатқан сыбдырын естіп, ит бұрылып, оған қарайды. Сол кезде аңдып жатқан арлан қасқыр атып кеп, иттің мойнын бұрап тастайды. Содан кейін адамға да қарамай, өз жөніне кете барады. Астындағы атынан, оның үстіне жанының аман қалуына себепкер болған иттен де айырылып, мұңға батқан жолаушы қатты уайым шегеді. Айдалада мінетін көлігі жоқ. Ішетін асы жоқ, жақын маңда ел де жоқ. Енді өлген жерім осы шығар деп қамығады.

Осылайша қапаланып отырғанда, күн сәскелікке көтерілгенде, көз ұшынан бір атты жетектеп, бір атқа мінген кісі шапқылап келе жатады. Оны көріп жолаушы: «Жалғыз едім, енді маған да серік табылды-ау», – деп қуанады.

Әлгі кісі жолаушының қасына жетіп келеді де иттің өліп жатқанын көріп, әй-шәй жоқ жолаушыны қамшының астына алады. Аздан кейін ашуын басып:

– Сен итке неге «айт!» демедің. «Айт!» десең, бұл қасқырды тарпа бас салып, дода-додасын шығаратын еді, – деп өкінеді. Иттің сырын енді ұққан жолаушы:

–Менің «айт!» демегенім рас, – дейді шынын айтып.

– Болар іс болды, жүр енді, – дейді әлгі кісі.

– Сасқанда адамда ес қала ма? – дейді жолаушы кінәсін мойындап.

Содан кейін екеуі біраз демалып, әңгімелесіп отырады. Бір кезде:

– Не де болса, өткен іс өтті, енді ауылға қайтайық, – дейді, әлгі ат жетектеп келген кісі.

Жолаушыны жетегіндегі атқа мінгізеді. Өзі иттің өлігін далаға тастамай, алдына өңгеріп алады. Араға бір түнеп, келесі күні аулына жетеді. Үйде отырған иттің иесі:

– Сырттан аман ба? – деп сұрайды. Есіктен қарап, итінің өлгенін көреді де ішке қайта кіріп кетеді.

Жолаушы үйге кірген соң, үй иесі жай-жапсарын сұрайды. Жолаушы болған оқиғаны айтады. Тыңдап болған соң: – Менің сырттаным өзі өлсе де сенің жаныңды алып қалды. Енді сен қайдан тапсаң да маған өз итімдей бір сырттан тауып әкеп бер, – дейді үй иесі. Жолаушы уәдесін береді:

– Қайтсем де табамын ондай сырттанды!

– Оны табу оңай емес.

– Ауыл-ауылды кезіп жүріп іздеймін.

Жолаушының шын ниетпен құлшынысын сезген үй иесі оның қолына арлан қасқырдың құйрығын ұстатады.

– Қай ауылға барсаң да осы құйрықты қолыңнан тастама, – деп ескертеді. – Қара байыр ит қаша жөнеледі. Сырттан ит болса, өзі ұмтылып келіп, тістеп алады. Содан айыра білерсің.

Сонымен жолаушының астына ат беріп, сырттан іздеуге шығарып салады. Жолаушы сай-сала мен жалпақ даладағы ауыл-ауылды қыдырады. Қай ауылға барса да иттерінің бәрі арлан қасқырдың құйрығын көре сала, бет-бетімен безіп кетеді.

Сөйтіп жүріп, бір ауылға барса, арланның құйрығын көрген иттердің бәрі қаша жөнелгенде, бір жұдырықтай күшік шәуілдеп ұмтылып келіп, жолаушының қолындағы қасқырдың құйрығын тістелей бастайды. Ырылдап, өршелене жұлқылайды.

Сырттан тұқымын тапқанына қуанған жолаушы сол жерде әлгі күшіктің иесімен достасып, астындағы атын береді де күшікті алып кері қайтады.

Бірнеше күн жол жүріп, баяғы малшының аулына оралады. Күшікті көрген малшы да қуанып, жолаушының уәдесін орындағанына разы болады.

– Мына күшіктің қасиеті менің өлген итімнен он есе артық екен, рақмет саған! – деп, жолаушыға алғыс айтады.

Бірнеше күн сый-сыяпат көрсетеді. Сонан соң астына ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, құрметтеп шығарып салған екен.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 840



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады