Журналистика | Уәлихан Омарұлы публицист

 Журналистика | Уәлихан Омарұлы публицист

Мазмұны

КІРІСПЕ.......................................................................................3


НЕГІЗГІ БӨЛІМ:

1 АЛАШТЫҢ АЗАМАТЫ БОЛҒАН ТҰЛҒА

1.1 Сатқындық салтымыз ба еді?...........................................10

1.2 Алты Алаштың ардақтысы – Уәлихан Омарұлы............15

2 УӘЛИХАН ОМАРҰЛЫ – КӨСЕМСӨЗ ШЕБЕРІ

2.1 Елін білімге шақырған есіл ер.........................................24

2.2 Уәлихан Омарұлының көркем шығармаларындағы публицистикалық белгілер...............................................39



ҚОРЫТЫНДЫ..........................................................................58

СІЛТЕМЕЛЕР.............................................................................62

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР........................................... 65

Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Бүгінде мемлекетіміз тәуелсіздігін алған тұста қоғамымыздың даму тарихында жаңа беттер ашылып, жаңа кезең орнады. Бүкіл тіршілік, тынысымызға жаңа леп соны серпін, бұрын-соңды естіп білмеген басқаша бағыт бағдар әкелді. Еліміздің егемендік алып, төрткүл дүниеге танылуы республиканың қоғамдық-саяси және мәдени- рухани өміріне түбегейлі өзгерістер әкелгені рас. Талай жылдардан бері бір жақты, үстем идеология мүддесі тұрғысында бағаланып келген халықтық қазыналарға жаңаша көзқарас туды. Бұған қазақ мәдениеті мен әдебиетінің даму тарихында елеулі орын алған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дұлатұлы сынды танымал тұлғалардың қызметі мен шығармашылығының саясат құрсауынан азат болуы бірінші кезекте ықпал етті.
Ел өміріндегі осынау өзгеге кіріптарлықтан бостандыққа қарай жасалған алғашқы қадамдар басқа да белгілі қаламгерлердің мол мұрасы шаң басып, қаттаулы қалған небір асыл азаматтарымыздың шығармаларын заман рухына сәйкес қайта зерделеу мен зерттеуге мүмкіндік тудырып отыр.
Қазіргі азат өмір тіл айналымына «демократия», «жариялылық», «жаңару» деген сияқты ұғым, тіркестер енгізді. Өткен өмір, жүрген жол, асқан асуларымызды сын көзбен қайта бір қарап шығуды, бұрмаланған тарихи шындық, болмыс, құбылыстарды қалпына келтіруді, 30-50 жылдардағы қиянатты саяси айыптау мен заңсыздықтардың құрбаны болғандарды ақтауды, өнер өкілдерінің қалдырған қымбат мұраларын халқына қайтаруды, оны ел игілігіне айналдыруды талап етіп тұр.
Бітіру жұмысы тақырыбының өзектілігі: Адамзат тарихының да ерекше бір мырзалық жасап, «ақ түйенің қарнын ақтара салатын», ағыл-тегіл игіліктің астында қалдыратын кездері болады. Өткен ғасырдың аяғы мен осы ғасырдың басы да осындай бір жомарттықтың белгісі ретінде көрінді, ғажап бір дәулетке кенелтті. Халқымыздың атын шығарып, мәртебесін асырар, қиын-қыстау күндерде жол бастап, жаңа өмірге алып шығар ерекше бір ұрпақ берді. Олардың ішінен небір өжет өрендер, қажымас күрескерлер, қарымды қаламгерлер шықты. Бұлар әрі революция жеңісін ұйымдастырған рухани байлық жасаушы зергер жазушы, жалынды журналист болды. Кейінгі бүкіл заман ауырпалығын негізінен солар көтерді.
Бірақ амал не, сол ардақты азаматтар тағдыр тауқыметіне ұшырап, 20-30 жылдардағы жауыздыққа, жалақорлыққа тап болды. Бір сыпырасы ақыл-парасаттан азап шексе, көбі қиястықтың қырына ілінді, қиянаттың құрбаны болды. Төккен қанының, еткен еңбегінің қызығын көрмеді. Өздері үшін есіл ерлердің еңбегі еш кетті.
Қазір сондағы зұлымдықтың бет пердесі сыпырылып, әлеуметтік әділеттілік орнап жатқан кезде, сол сұмдықтың сыры неде, мезгілсіз мерт болған, арманда кеткен аяулы адамдарымыздың қаны кімнің мойнында, олардың көздерінің жаламен жойылуына кім кінәлі деген сұраулар әкімнің көкейіне келіп, жауап күтілуде. Міндетті түрде бұл сұраққа жауап берілу керек. Мұны анықтап алу – даму тарихымыздағы бір «ақтаңдақты» жоюдың әрекеті, сондағыдай жауыздыққа, баскесерлікке жол бермеудің шарасы, әділеттілікті, адамгершілікті, гуманизмді орнықтыру кепілі. Осыны түсінгендер айналасына алақтап қарап, «бір пәлеге қалмас пе екем» деп, сақтана, суыртпақтап өз ойын ортаға салушылар да көріне бастады. Бірақ әлі де батыл айту, ашық айту, кімнің қашан, қалай «сайрағанын» атын ашып айту жоқтың қасы.
Киіз туырлықты, алаш ұранды қазақ ұлтының ел мүддесін өз басынан биік қойған, «қайткенде Алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған» (Сұлтанмахмұт) қайраткерлері - Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дұлатұлы секілді азаматтардың қадірі ғасырдан-ғасыр өткен сайын арта бермек. Бұлардың қатарында Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, Х. Ғаббасов, А. Бірімжанұлы, Ә. Ермекұлы, М. Шоқай, Р. Мәрсеков, Б. Сәрсенұлы сияқты т.б. ұлт ерлерінің есімдері жартысы бүтінделіп, жоғы түгенделген қазіргі тарихымызда лайықты орнын алып, ұмытылмастай жазылып қалды. Ұлт тәуелсіздігін аңсаған бұл топтың зор қызметі өз заманының тасқа басылған тарихы – ғасыр басындағы іргелі басылым – «Қазақ» газетінде айқын көрінгені рас. Осы «Қазақ» газетінің үлгісін көрген Уәлихан Омарұлы да ұлт болашағын ойлап, алаштың рухани жүгін көтеріп, қазақ мәдениетінде мол қазына қалдырған қазақ зиялыларының қатарынан орын алды.
Ұлт зиялыларының қоғамдық қайраткерлігі мен ел үшін еткен қызметін айтпағанда, соңында қалдырған шығармашылық өнері, әсіресе көсемсөздік мұрасының өзі еліміздің мәдениетінің тарихында өзгеше тұрпаттағы, айрықша сипаттағы мирас екенін тәуелсіз ел болған кезімізде анық таныдық. Бұл ретте ешқандай мұрасы зерттеусіз қалған Уәлихан Омарұлының журналистік қызметі мен публицистік еңбектерін ғылыми сүзгіден өткізу қазақ баспасөзі тарихына тереңірек үңіліп, оны кеңінен ашуға септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Қазақ журналистикасының теориясы мен практикасын жетілдіре, үстемелей түсу үшін Уәлихан Омарұлының қазіргі уақытта табылған көсемсөз мұрасы белгілі бір деңгейде өзіндік үлес қоса алатынын жоққа шығаруға болмас. Сонымен бірге ұлт баспасөзі тарихындағы басылымдардың ерекше қолтаңбасы, қазақ публицистикасы жанрларының қалыптасуы және соған ат салысқан Уәлихан Омарұлының кәсіби журналистік шеберлігі, қандай кезеңде болмасын, келешек журналистерге және баспасөз зерттеушілеріне қал-қадерінше үлгі бола алады.
Бітіру жұмысының зерттелу деңгейі: Уәлихан Омарұлының шығармашылығы жөнінде ешқандай пікір-пайымдар мен сын-пікірлер жоқ. Қазіргі уақытта Уәлихан Омарұлының еңбегін түбегейлі зерттеп, бір ізге түсірген еңбектер де жоқ. Сондықтан Уәлиханның Омарұлының есімін сол 20-30 жылдары жарық көрген баспасөз беттерінен ғана іздеп табуға болады. Уәлихан Омарұлының еңбектері ғылыми жүйеге түспеген. Бұл тақырыпты зерттеу барысында Ұлттық кітапхананың сирек қор бөлімінде сақталған «Қазақ» газетінің сақталған бірен-саран нөмірлерінен шығармаларын іздеп таптық. Бұл туындыларының жартысы жыртылып, оқуға келмейтіндей жағдайға жеткен. Сонымен қатар сол заманның әліпбиінде жазылған шығармаларды оқу да қиындық туғызды. Төте жазуынан аударылып талданған қазіргі кездегі қолда бар материалдардың да толыққанды, түпнұсқасында алдық деген дұрыс емес болар еді, өйткені туындылардың түгел мазмұнын толықтай оқып шығу мүмкін емес. Ең алдымен біз зерттеу жұмысын, жүргізу барысында сол кездегі баспасөзді зерттеуден бастадық. Уәлихан сол тұста шығып тұрған бірнеше баспасөзде жарияланып тұрған болатын. Қазіргі кезде жасалған библиографиялық көрсеткіштерге ғана сүйене отырып іздеп таптық.
Бітіру жұмысының мақсаттары мен міндеттері: Бұл еңбекте Уәлихан Омарұлының журналистік қызметі мен бізге мұра етіп қалдырған еңбектеріндегі публицистикалық нышандар, оның публицистикалық шеберлігінің қалыптасу кезеңдері, ерекшеліктері сол замандағы қоғамдық-саяси хал-ахуалдың шындығы аясында, ғылыми тұрғыда қарастырылды. Сонымен қатар сол сұрапыл кездерде елі үшін ерінбей еңбек еткен кісінің шаң басқан мұрағаттарда қатталып жатқан туындыларының қазақ публицистикасы мен баспасөзі тарихында алатын орны мен салмағын көрсетуден ғылыми жұмыстың мақсаты туды. «Қазақ» газетінде бірнеше рет есімі аталған ұстаздың көсемсөз мұрасының өзгешелігін және оның кәсіби шеберлік ерекшелігін айқындау мен саралау үшін мынадай міндеттер келіп шығады:
Біріншіден, сол замандағы саяси хал-ахуалға үңіліп қарап, ұстаздық етіп жүрген кісінің баспасөздің ауыр жүгін арқалауға келгеніне не себеп болғанын түсіну. Олардың алғышарттарына, себеп-салдарына талдау жасау;
Екіншіден, Уәлихан Омарұлының журналистік қызметінің кезеңдерінің және оның қазақ публицистикасының дамуына қосқан үлесін айқындау;
Үшіншіден, Уәлихан Омарұлының баспасөзге алып келген жаңашылдығы, туындыларының ерекшеліктері мен стилін ашып көрсету;
Төртіншіден, Уәлихан Омарұлының «сегіз қырлы бір сырлылығын», яғни Уәлиханның көсемсөз туындыларындағы жанрлық жағынан әрқилығына назар аудару.
Бесіншіден, Уәлихан Омарұлының шығармалары арқылы сол заманның тыныс-тіршілігін, қоғам сырын, хал-ахуалын көру және сол қоғамдағы болып жатқан жағдайларға ұстаз-публицистің өз көзқарасын айқындау;
Бітіру жұмысының ғылыми жаңалығы: Бұл ХХ ғасыр басындағы қазақ публицистикасының дамытуға үлес қосқан ұлт публицисі Уәлихан Омарұлының көсемсөз шығармашылығын арнайы қарастырған тұңғыш ғылыми еңбек. Бұл еңбекте Уәлихан Омарұлының қазіргі кезде табылған туындыларының барлығы шама-шарқынша талданған. Зерттеуде оның мақалалары, сыни мақаласы, үш фельетон әңгімесі, аудармасы бүгінгі көзқарас тұрғысында бағаланды.
Публицистің фельетон әңгімелері, мақалалары сол кезде сана ұйтқысы болған «Қазақ» газетімен қатар, «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Алаш» газеттерінде, «Айқап», «Жаңа мектеп», «Сана» журналдарында жарық көрген.
Бұл бітіру жұмысында келтірілген, талданған, бағаланған туындылары қазақ баспасөзінің бастау тегі мен төл ерекшеліктерін айқындай түсу үшін де өз үлесін қоса алады.
Бітіру жұмысы зерттеуінің тәсілдік негіздері: Бітіру жұмысы Уәлихан Омарұлының туындыларын талдау, фактілер мен деректерді жүйелеп тексеру әдісіне құрылған.
Бітіру жұмысының теориялық және методологиялық негізі: Уәлихан Омарұлының шығармашылығын зерттеу барысында қазақ журналистикасының теориясы мен тәжірибесі және тарихы жайында сүбелі еңбектер жазған ғалымдар А. Байтұрсынұлы, Б. Кенжебаев, Х. Бекхожин, Т. Амандосов, Т. Қожакеев, Ш. Елеукенов, Н. Омашев, М. Барманқұлов, С. Қозыбаев, Қ. Смайылов, Қ. Алдаберген, Б. Жақып, Қ. Сақ. К, Қамзин, А. Мектеп-тегі /1/, сонымен қатар журналистиканың, оның ішінде публицистиканың санқилы мәселелеріне қатысты келелі пікірлер айтқан Е. Прохоров, В. Горохов, В. Ученова, Г.Колосов, М.Черепахов, В. Здоровега, М. Стюфляева, В. Стрельцов /2/ сияқты белгілі ғалымдардың да зерттеулерін негізге алдық. Мұнымен бірге М.Әуезов, М.Қозыбаев, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев, Б.Қойшыбаев, М.Құлкенов, Р.Сыздықова, К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев /3/ тәрізді әдебиетші және тарихшы, жазушы һәм журналистер, ғалымдардың іргелі еңбектеріне сүйеніп, ғылыми дәйектерге иек арттық. Сонымен қатар Уәлихан Омарұлының замандастарының еңбектеріне де сүйендік. Олар: С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» публицистік романы, С. Мұқановтың «Менің мектептерім» еңбегі.
Ғылыми жұмыстың негізгі зерттеу нысаны: Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық кітапханасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының арнайы және сирек қолжазбалар қорларында сақталған Уәлихан Омарұлының публицистикалық шығармалары мен еңбектің жазылуына қатысты түпнұсқа құжаттар мен деректік маңызы бар мәліметтер жұмысымыздың негізі болды. Сонымен қатар Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы архивіндегі Уәлихан Омарұлына жүргізілген сот процесінің материалдарын да қолдандық. Уәлихан Омарұлының нақты айыпталған уақыты жайлы осы 1932 жылғы 20 сәуірдегі қылмыстық істен қараған болатынбыз.
Бітіру жұмысының деректік көзі: Қазақстан Республикасы орталық Ғылым акадамиясының кітапханысы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар қорында сақталған 30- жылдардағы баспасөз өнімдері.
Қорғауға шығарылатын ұсыныстар: 1. Алаш ардақтыларының бірі болған Уәлихан Омарұлының есімін жаңғыртып, публицистикасына назар аудару. 2. Баспасөз тарихына есімін енгізіп, еңбегін бағалау. 3. Өмірі, қызметі мен публицистикасына толық зерттеу жасап, ғылыми айналымға енгізу.
Бітіру жұмысының қолданбалық және тәжірибелік маңызы: Соңғы жылдары тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы кезеңінде қазақ баспасөзі тарихындағы «ақтаңдақтар ақиқаты» ашылып, демократиялық қоғамымыздың тың серпін, жаңа леп әкелген кезеңде ұлттық журналистика тарихы жаңа деректермен, қайта қауышқан есімдермен кеңейе бастағаны белгілі. Сол себептен де баспасөздің дамуы мен қалыптасуы кезеңдерінде идеологиялық және тарихи-методологиялық көзқарастың да жаңарғаны түсінікті жағдай. Дәл осы негізге қазақ баспасөзі тарихының құрамдас бір бөлігі жеке публицистердің шығармашылық шеберлігі мен ерекшелігі, қоғамдық-саяси көзқарасы мен идеялық түсінік пайымы ұлттық құндылық сипатында талдану керектігі заңды құбылыс. Бұл орайда Уәлихан Омарұлының журналистік қызметін, публицистикалық шығармашылығын зерттеудің теориялық және практикалық мәні зор екенін ұғынуға болады. Иә, ұлттың қалам қайраткерлерінің жетпіс жыл аталмай келген асыл мұрасының тұншықтырылуы, олардың қоғамдық ғылым саласында түгелдей мансұқталуы, большевиктердің қатыгез идеологиясының құрбаны болған жеке публицистердің, ұлттық бағыттағы басылымдардың жарыққа шығуына тиым салынуы қазақ баспасөзі тарихын толықтыра зерттеуге қолбайлау болды. Сондықтан бұл зерттеу еңбек қазақ баспасөзінің тарихына қосылған жаңа бет болып табылмақ. Сондай-ақ, ХХ ғасыр басындағы ой-сананың тууы, дамуы, өзгеріске ұшырауының сипатын да, елдің тыныс-тіршілігін де публицистің көсемсөз туындылары анық аңғартады.
Бітіру жұмысындағы ғылыми тұжырымдар мен келтірілген деректерді журналистика факультетінің арнаулы курстар мен «Публицистика өнері», «Қазақ баспасөзінің тарихы» пәндерін оқыту барысында пайдалануға болады. Сонымен бірге, публицистің оқу ісі, білім жүйесі және тіл білімі салаларына арналып жазылған мақалаларын қоғымдық ғылымның осы салаларының өкілдері өздеріне қажетті деген мәліметтерін ала алатынына сенеміз.
Бітіру жұмысының сыннан өтуі: Бұл бітіру жұмысы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика тарихы кафедрасында орындалды. Жұмыстың барысы журналистика факультетінің журналистика тарихы кафедрасында болған алдын-ала қорғау мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Бітіру жұмысының құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден негізгі екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер мен сілтемелерден тұрады.


1 АЛАШТЫҢ АЗАМАТЫ БОЛҒАН ТҰЛҒА

1.1 САТҚЫНДЫҚ САЛТЫМЫЗ БА ЕДІ?
Кіріспеде зерттелетін мәселенің өзектілігі, бітіру жұмысының мақсат-міндеттері, методологиялық негізі, зерттеудің жаңалық сипаты, практикалық мәні, зерттеу нәтижелерінің тәжірибе жүзінде қолданылуы және сыннан өтуі, таңдалған тақырып бойынша жарық көрген еңбектер баяндалды. Бітіру жұмысының алғашқы тарауы «Алаштың азаматы болған тұлға» деп аталады. Оның «Сатқындық салтымыз ба еді?» деген бірінші тақырыпшасында сол қилы заман кезінде қазақ халқының ауыр жағдайы жайлы айта келіп, сол тұстағы зиялы азамттарымызға жала жауып өз қандастары мен туысқандары жаман атақ үшін ұстап бергендері туралы жазылған. Бұл тақырыпша негізінен сол кездегі саяси хал-ахуалды айқын көрсету үшін қолданылған.
«Шапқанда – байдың ұлы, тоқтағанда еске түседі» - деген қазақта астары мол бір мақал бар. Шамасы, ол атқа шапқанда байдың баласындай шалқып, тоқтағанда кедейлігің еске түседі дегенді білдірсе керек. Сол сияқты күні кеше қызыл саясаттың қанатында желпініп жүріп, жадымыздың шайылып, жанымыздың шаншылғанын, зердеміздің мүжіліп, еңсеміздің езілгенін, ой өрісіміздің шектеліп, рухымыздың тапталғанын тіпті сезбей де қалыппыз.
Ғалым Ахмедовтың мына бір сөзінде үлкен мән бар: «Қай халықтың болса да, ең маңызды ескерткіші – оның тарихы» деп жазған ол. Сол тарихымызды әлі күнге дейін дұрыстап тани алмай, біресе олай, біресе бұлай ауытқып, оқушы қауымды шатастырып келген едік, енді ғана ақ-қарамызды айырып, ақтаңдақ қалған жерлерін анықтай бастадық. Елі үшін, жері үшін бар өмірін сарп еткен ел санасын оятқан Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың күресі әлі күнге дейін толық зерттелген жоқ. Әріден басталып аяғы он алтыншы жылға дейін тізбектеліп келетін, одан кешегі желтоқсанға жалғасатын осы оқиғаларды бір ізге салып, дұрыс бағасын бере алмай келеміз. Халық аңыз еткен ер азаматтарымызбен, олар жайындағы тарихи жазбалармен, қиса-аңыздармен оқырман қауымды, әсіресе жастарымызды әлі таныстыра алмай жүрміз. Бұл еңбектердің рухани маңызын бағалай білуіміз керек.
Зерттеуші ғалымдар ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ресейлік билікке қарсы бағытталған Кенесары Қасымұлы бастаған және басқа азаматтық қозғалыстарды Қазақстанды Ресейден бөліп әкетуді көздеген реакциялық «феодалдық-монархиялық» қозғалыстар ретінде бағалауға тиіс болды. Шамамен тура осындай баға ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жүрген Алаш қозғалысына да берілді. Кеңестік тарихнама осы мезгілдегі Қазақстандағы азаттық қозғалысты екі ағымға, яғни халықтық-революциялық және буржуазиялық-ұлтшылдық ағымдарға бөле отырып, ұлттық саяси элитаның қызметін «буржуазиялық-ұлтшылдықтың» көрінісі ретінде сипаттап, оны бірінші ағымға қарсы қойды. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанда да әлемдегі басқа отарлық елдердегідей дағдарысты жағдай қалыптасқан еді. Ресейлік, әскери-монархиялық басқару жүйесінің озбырлығы, қазақ жерін орыс мемлекетінің өз меншігіне айналдырушы, соның салдарынан Ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен құнарлы жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең тоқырауға ұшырауы, ұлттың мәдени өркендеуіне қарсы қойылған түрлі кедергілер – осының бәрі сол ауыр жағдайдың көріністері еді. ХХ ғасырдың сұмдығы мұнымен біте қойған жоқ. Тағы да қазақ халқының басына зобалаң алып келген уақыт Ф.И. Голощекиннің «Кіші Қазан» революциясын жасаған кезі болды /4/.
Иә, тарихымыздың қаралы беттері саналып отырған 37-38 – жылдардағы қуғын-сүргінге кім кінәлі еді. Көбіміз бұған Сталин және оның айтқанын орындап, абырой таппақ болған жандайшаптары кінәлі деп жатырмыз. Сөз жоқ, олар кінәлі. Өйткені өз билігін баянды етіп, тұғырдан түспеу үшін тайталысады-ау, иық тіреседі-ау дегендерді жолдан алу саясатын жүргізген, осы ниетпен қуғынды-сүргінді хал-ахуал туғызып, қайраткерлердің барлығын дерлік жау көрген солар.
Сөйтсе де сол сорақылықтарға кінәліні, біздіңше, өз ішімізден де іздеуіміз керек. Баспасөз беттерінде күн құрғатпай көңілге салқын, көзге жат: «әшкерленген неміс-жапон жансыздары», бет пердесі ашылған үстем топтың өкілдері, «Қазақтың ата жауы-ұлтшыл, алашордашылар» қателерін мойындап өз жазаларын алды деген оғаш хабарлар беріліп жатты. Әрине алдыңғы лекте халқының ақылман ұлдары нақақ жалаға ілікті. Олай дейтініміз орталықтан ешкім – Ежов та, Берия да, «қазақтар, сендер жау ретінде мыналарды ұстаңдар», деп ешкімнің атын атап, түсін түстеп берген жоқ. «Онсыз да зытайын деп тұрған қоянға «айт» деген соң не шара» дегендей, әлгі саясат, нұсқауға елең ете қалғандар, атына міне шапқандар өзімізден табылды. Олар аттандап шыға келді, ұранға айқай қосты. Жоғарыға жағынып, жау табуға жүгінді. Қыза-қыза астананы қойып, ауыл, аудандарды аралап кетті. Қой бағып, жер өңдеп, егін салып жүрген «жауларды» тауып алды. «Донос» жасады, жалған куәлік етті, ұстап берді. Сөйтіп өз еліне, өз жұртына, өз ағайын-туғандарына ата-бабамыздың салтында болмаған сатқындық жасады.
Яғни жұртты жаппай жазалауға, қуғын-сүргінге ұшыратуға өзіміздің кейбір адамдар, баспасөз органдарымыз және туысқан халықтардың жекелеген өкілдері себепші болды. Қазір солардың айтқанын, жазғанын оқып көрсең, жағаңды ұстайсың, жаның түршігеді.
Мұзапаров деген «Ұлтшыл-фашист бандаларын түп-тамырымен құрту керек» деген мақала жариялап, былай деді: «...Есмұхамбетовты қолтықтап көмек беруші адам Қазақстан Жазушылар ұйымында да табылды. Ол – кәдімгі Майлин Бейімбет. 1915-16 екеуі айырылмас дос болған. Халық жауы Есмұхамбетов Бейімбеттің үйінде бірнеше рет қонақта болды. Есмұхамбетов досы Бейімбеттің ұлтшылдық бағытта жазылған өлеңдерін жерге тигізбей мақтап, жастар арасында, колхоздардың жиын жерінде айтып отыратын.... Пролетариаттың заң органдары жоғарғы адамдарды тексеруден өткізу керек. Соның ішінде Есмурзин мен Майлин. Осындай арсыздыққа олар қалай барды, көпке қалай топырақ шашты, аққа қалай күйе жақты деген сұрауларға «бұл саяси сауаттың аздығынан, мәдени деңгейдің төмендігінен болды» дейді. Сонымен қатар сол 1937 жылы 11-12 қазан күндері Жазушылар ұйымының жиналасы ...
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!